Харон қайықшының 1001 күні

                                                 Негізгі кейіпкерлер:

Харон қайықшы – грек мифологиясы бойынша о дүниелік болған адамдардың жанын Жерасты патшалығындағы Стикс өзені арқылы Ақиретке жеткізетін кейіпкер.

Геродот – Галикарнастан шыққан әйгілі тарихшы, Цицеронның айтуы бойынша «тарихтың атасы», шамамен б.з.б. 484-425 жж.

Крез – Лидияның заманындағы ең дәулетті патшасы, б.з.б. 595-547 жж. («Бай болсаң, Крездей бол» деген нақыл сөз бар).

Кир Кир II, «Құрыш», Ахеменидтер әулетінен шыққан парсы патшасы. Туған жылы белгісіз, – б.з.б. 530 ж.

Солон – Афинаның саяси қайраткері, философ, реформатор. б.з.б. 640-559 жж. Ежелгі Грекияның «Жеті данышпанының» бірі.

Гигес – Крездің бесінші бабасы, Мермнадтар әулетінен тараған Лидияның тұңғыш билеушісі.

КандавлГераклдың тұқымынан тараған Сарды қаласының соңғы билеушісі. Лидия патшалығы. Шамамен, б.з.б. VIII-ғасыр.

Ниса патшайым – Кандавлдың жұбайы.

Астиаг Мидия елінің билеушісі, б.з.б. 585-550 жж. патшалық құрған.

ГарпагКир әскерінің қолбасшысы, Мидия шонжары.

Күзет бастығы – Астиагтың уәзірі.

Набонид – Жаңа Вавилонның (шумер тілінде «Тәңір қақпасы» – Бабыл) соңғы патшасы, шамамен б.з.б. 618-522 жж.  

Жаршы – Кирдің жарлығын оқушы.

Зэрубавель – Вавилон (Бабыл) тұтқынынан босанған иудейлердің көсемі, II-Иерусалим храмының негізін қалаушы.

Сақ елшісі

Спаргапис – ханзада, Томиристің ұлы.

Томирис (Тұмар) сақ тайпаларының бір бұтағын құрайтын массагеттердің ханшайымы, б.з.б. VI-ғасыр.

Олимптегі кеңес мүшелері:

Зевс, Гермес, Гера, Афродита, Аполлон, Афина, Гефест т.б.. – ежелгі грек мифологиясы бойынша Олимп билеушілерінің есімдері.

Киаксар – Мидия патшасы, шамамен б.з.б. 625-585 жж. патшалық құрған.

Мадий – сақтардың патшасы, б.з.б. 654-625 жж. патшалық құрған.

Зарина патшайым – сақтардың патшайымы, Мадийдің жұбайы.

Шегем – парсыларда қызметте жүрген сақ тайпасының өкілі.

Аттила (Еділ)әйгілі ғұн патшасы, 434-453 жж. патшалық құрған.

Бледа – Аттиланың бауыры.

Хор

Жалпы топта:

Шонжарлар, уәзірлер, кеңесшілер, қолбасшылар,

күтуші қызметкерлер, аспаздар, әнші, бишілер.

                    

  Шығармаға әйгілі грек тарихшысы Геродоттың «Тарихнамасы» және басқа да деректер арқау болды

 

                          Харон қайықшының 1001 күні

                 (20 көріністен тұратын Драма-әфсана)       

 

                                           Iкөрініс

Жер асты патшалығы. Ақирет алаңына апаратын Стикс өзенінің бір сағасы. Харон өткелдегі қайығын жағалауға тіреп, келушілердің жаңа легін қарсы алуда.

Хор:   –  Қара түнек, қою түн патшалары –

Эреб пен Нюктаның құрсағынан,

әу баста ерекше іске жаратылған,

Харон-ғой бұл, қар жауған қабағынан!

Жер астының меңіреу патшалығы –

Ақиреттің міз бақпас құзырына –

Дүниеден өткендердің жанын тасып,

бір уақыт тыныс алып, дамылдаған!

Өліараның арпылдаған дүр сақшысы –

Жерасты төріндегі Бесөзеннен –

Пенделердің жандарын алып өтіп,

Ақиреттің сотына табыстаған!

Шаршайтын, немесе сәл мызғитын,

Уақыты жоқ, бір мезгіл дем алатын.

Бір обол* төлемақы – бар алғаны!

Мүрденің тілі астында сақталынған.

Мінуге қайығына таласады:

Патшалар, бай-шонжарлар, дәулеттілер,

Атағы асқан, бағы жанған әулеттілер,

Қарапайым, орташа, жағалылар,

Шен-шекпенді, ақындар, саналылар.

Баукеспе қылмыскерлер, шынжырбалақ,

Көпестер, сауда қылған тиын санап,

Бәрі-бәрі, тұр міне, уақыты озып,

Пәс көңілмен Келместің кезегінде.

Харон болса, жасқайды ескегімен:

Жолатпай, әрі қуып, маңыңа алмай.

 

Дәуірі жүріп тұр-ғой, қысылмайды,

«Мен үшін бәрің бір» деп, пысқырмайды.

Ақиреттің таразысы – күтіп тұрған,

Тозақ па, жұмақ па екен, ол неғайбіл!

Сондықтан, әлгілердің көңілдері –

күпті бүгін. Салынғаны – сары уайым!

Ғажабы, ешқайсысы ойланбаған,

Қамданып, жинақталып, сақтанбаған.

Мәңгілік жерді басып жүретіндей,

Сұм ажал оны айналып өтетіндей.

Ауру-сырқау, көлденең апаттардан,

Бәле-жала, кесапат, жаманаттан,

заманалық нәубетті сынақтардан –

аман өтіп, мың ғасыр жасайтындай!

Бейуақта, дәм таусылар шақ келгенде,

Құдайларын еске алып, шарқ ұрады-ай!

Оу, қайықшы! Қатыгез Харон деген,

атың бар, оған сәйкес затың да бар!

Білгеніңді жасап қал, шамаң барда,

Кім біледі, сенің де уақытың кеп,

Бір күні аттанарсың сапарларға!

Осы кезде қайғы-қасірет жамылған келесі топ көрінеді. Харонның қайығына сұранып, кезек күткен жандар онсыз да көп еді. Қатары келгендермен толығып, қалыңдай түсуде.

 

                    Хор:

– Бұл қай жанкешті, дүниемен

тым азалы қоштасқан?

Айналасы жылау, сықтау,

қайғылы жұрт топтасқан?

– Лидияның билеушісі әйгілі!

Крез патша, топ басында көрінді.

Әскер жиып, талай елді жаулаған,

Дүниенің бар байлығын жинаған.

Патшалығын нығайтам деп бас ұрып.

Қазынасын толтырам деп шарқ ұрып,

Жүрген кезде, «өзінен де зор шығып»,

Ата жауы салған екен, қан-ойран!

 

Харон қайықшы: – Естуім бар. Крез! Кел, жарықтық! Сенің де дәм-тұзың таусылып, алдыма жеткен екенсің-ғой!

Ақиреттің тарқолтық алаңқайы – бұл да бір үйің.

Бұл патшалыққа Жер бетінен ауған көш-керуеннің қатары ешқашан сиреген емес. Өйткені, Жерасты мен Жерүсті әлемдеріндегі арасалмақ тең болуы керек. Әйтпесе, үйлесім бұзылып, дүние шайқалады.

Мен үшін бәрің бірдейсіңдер.

Бірақ, мұндағы тәртіп басқаша.

Жер бетіндегі тірліктерің әдірем қалып,

басқа әлемге аяқ бастыңдар.

Бұрынғы ұстанымдарың енді жүрмейді.

Сонымен, Ақиреттің сотына дайынсыңдар ма?

 

Хор:

– Жалғанды жалпағынан басып,

атақ-даңқы жер жарған айбынды патша!

– Қаһарлы әскері дүйім елді қорқыныштан қалтыратқан Лидия елінің билеушісі Крез!

– Міне, бүгін Харон қайықшының алдыңда тізе бүгіп отыр.

Харон: – Крез! Сенің бұл патшалықта бірен-саран  жақтастарың бар. Жауларың да жеткілікті. Тіпті, сарғая күтіп жүрген етбауыр жақындарың да жоқ емес.

Крез: – Жауларым дейсің бе? Імм… осында торып жүр екен-ғой?! Енді құтылдым ба десем?

Харон: – Әсіресе, Гигес бабаң тағатсыздана тосуда.

Крез: – Құдайым-ай, Ақиретте алғаш кездестіретін жаным – Гигес болғаны ма?

Харон: – Міне, мәселе сонда. Енді кездеспеймін дегенмен жиі кездесуің мүмкін. Ал, дидарлассам деп ынтыққан жанмен жүздесуің екіталай.

– Жә, әңгімені доғарып, қайыққа отырыңдар. Қасиетті Стикс өзенінен өткіземін. Алдымен төлемімді алайын. Содан кейін Ақиреттің ақтық соты өтетін алаңқайға жеткіземін. Сол жерде көп мәселенің беті ашылады.

Кел, жайғас, Крез! Басқалар бүгін сенің сотыңа куәгер болады.

(Харон ескегімен қақпақылдап, келгендерді тілдерінің астында сақталған өзіне тиесілі бір обол төлемін алып, қайығына жайғастырады).

Харон: – Ал тарттық, Ақирет жолына!

 

                                  II-көрініс

                             Крездің бабасы Гигес

Ақирет қақпасының кіреберісіндегі алаңқай. Айналада асау толқындары өрекпіген Жерасты патшалығының Бесөзені*. Әлгі алаңқай осы өзендердің  ортасында. Құдды сумен қоршалған сахна секілді. Үлкен қақпаның алдында құбыжық тектес күзетші ит Цербердің* сұлбасы көрінеді.

Харон Крез бен жанындағыларды қайығынан түсіреді. Олар алаңқайды айнала орналасып жатыр.

Сол-ақ екен, азалы дабыл қағылады. Алаң ортасына тарихшы Геродот шығады.

Геродот: – Ақирет алаңына аттаған қадамдарыңыз баянды болғай! Бұдан былайғы тәлімгерлеріңіз – мен Геродот және Харон қайықшы екеуміз боламыз.

Жер асты патшалығына енгеннен кейін енді Сіздердің уақыттарыңыз бітті. Сағаттарыңыз тоқтады.

Жандарың жай табатын Жұмақ төріне барасыңдар ма, әлде, Жаһаннамның тозақ отына жол тартасыңдар ма, бәрі осы алаңда шешіледі.

Харон қайықшы: – Қорқатын дәнеңе жоқ.

Тәртіп қарапайым. Ешкімнің ала жібін аттамай әділ, мейіріммен өмір сүрген болсаңдар, тура осы жерден Жұмаққа тартасыңдар!

Жаманшылықпен дос болып, өшпенділікпен Жер ауанын лайлаған болсаңдар, Тозақ отына шыжғырыласыңдар.

Ал, бірде құдайдың, бірде шайтанның жолында екіұдай  ғұмыр кешіп, ешбір жанға пайдаларың тимей қаңғалақтап өткен болсаңдар – осы Жолайрықта қаласыңдар! Маған серік боласыңдар!

Иә, тағдыры әрі-сәрі, енжар ғұмыр кешкендердің мәңгі тұрағы – осы Жолайырық. Құсамен уақыт оздыратын осы кептеліс.

Геродот: – Бір ескертетін жәйт – дүние тұнығын лайлаған ылаң істерің көп болған сайын – шырмауықтай  ширатылып, қапелімде тез тарқатыла қоймайды. Тағдырларыңның шешімін ұзақ күтесіңдер! Уайым-қайғының қалыңын сонда көресіңдер!

(Геродот алаңқай төріне қажетті кейіпкерлердің сұлба-мүсіндерін біртіндеп әкеле бастайды. Олар Геродот саусағын нұсқап таныстыра бастаған сәтте жанданып, қозғалысқа енеді).

Харон қайықшы: – Ал, Геродот тарихшы! Әңгіменің тоқетеріне көшелік! Бүгінгі кейіпкеріміз – Крез патша!

Геродот: – Крез тағдырының Әлқиссасы көнеден, ғасырлар тереңінен бастау алады…

 

             Лидия патшалығы. Шамамен, VIIIғасыр.

Геродот: – Мынау Кандавл, Геракл мен Иардананың  тұқымынан тараған Сарды қаласының соңғы билеушісі.

(Кандавлдың мүсінін кіргізеді).

– Гераклидтер әулеті – Лидия елін 22 ұрпақ бойы бес ғасырдай билеген.

(Сахнада Кандавл патша мен оның сенімді уәзірі Гигес екеуі).

Кандавл: – Гигес! Сен менің ең сенімді оққағар жауынгерімсің. Аса қиын шаруаларды саған тапсырамын. Тірі жанға айтпайтын сырларымды саған айтамын. Меселімді бір қайтарған емессің. Ризамын. Сол себепті жаныма жақын тартам. Уәзір ретінде құрметтеймін.

Гигес: – Айтқаныңызға құлдық! Әміршім, не тапсырсаңыз да орындауға әзірмін. Сіз үшін әзиз жанымды құрбандыққа шалуға да дайынмын.

Кандавл: – Жә, сенің жаныңның маған түкке керегі жоқ. Әңгіме басқада. Есіңде ме, Ниса патшайым жөнінде бір сырымды айтып едім-ғой.

Осы өмірімде талай елдерді аралап, талай адамдарды жолықтырдым. Бірақ, менің нақсүйер жұбайымнан асқан сұлуды көрген емеспін. Кейде көркіне, сылқым  қылықтарына тәнті болатыным соншалық, бақыт буына мас болып, есімнен тана жаздаймын. Неткен ғажайып сұлулық, неткен мүсін?!

Содан осы сұлулықтың қожайыны шынында да мен бе деп таңырқап, өз-өзіме қимағандай болам.

Гигес: – Таңқаларлық жай екен.

Кандавл: – Шіркін, оның сұлу мүсінін көзіңнің қиыршығымен болса да бір сәт көрсең-ғой!

Гигес: – Атай көрмеңіз. Сөзіңізге сенемін. Патшайымымыз рас, аса сұлу жаратылған әйелдердің санатында. Бірақ, шын сыйласаңыз, мұндай абыройсыз іске итермелемеңіз!

Кандавл: – Өрекпи бермей, сабырға кел Гигес! Осы іс үшін менен де, патшайымнан да саған еш жамандық болмайды.

Мұқият тыңдап ал. Бәрін өзім ұйымдастырамын. Жатар мезгілде ұйықтайтын бөлмедегі шығар есіктің артынан саған ыңғайлы орын таңдап қоямын. Кіргеннен кейін Ниса патшайым әлгі есікке жақын тұрған орындыққа киімдерін бір-бірлеп шешіп, іле бастайды. Содан кейін менің жаныма келіп жатады. Сол кезде сен тасадан оның сұлулығына тамсанып үлгересің. Ес-түсіңнен айырыла жаздап мас боласың. Көзіңмен болса да ләззат алып, шын сұлулықтың дүниеде, дүниеде болғанда менің отауымда қонақтағанына куәгер боласың. Оған бәс тігемін.

Гигес: – О не дегеніңіз? Мен үшін бұл аса ауыр күнә. Патшайымыздың алдында масқара ұят. Содан кейін оның бетіне қалай қарамақпын?

Кандавл: – Мәссаған, мен сені түсінігі басқа уәзірлерімнен биік деп бағалап жүрсем, оным қате екен-ғой! Содан кейін, осыншама құпия тілегімді саған айтып алып орындата алмасам, құным қаншалықты қымбат болмақ? Ал сенің бөтен біреулерге жария етпейтіндігіңе  кім кепіл?

Олай болса, табаныңды жалтырат! Түйсіксіз неме! Қаңғытып жіберейін мен сені! Әлде, бірден зынданға тоғытайын ба?

Гигес: – Ойбай-ау, істің ақыры насырға шауып барады-ғой. Мендегі мақсат – сіздің алдыңыздағы кіршіксіз тазалығымды дәлелдеу болған! Көндім, көндім! Ләппай, тақсыр! Дегеніңіз болсын!

Кандавл: – Мынауың енді жөн сөз. Дайындал.

Ал енді жаңағы айтқан сөздерімді  қайталаймын. Жадыңа әбден сақтап ал.

– Жатар мезгілде ұйықтайтын бөлмедегі шығар есіктің артынан ыңғайлы орын таңдап қоямын. Біз кіргеннен кейін Ниса патшайым әлгі есікке жақын тұрған орындыққа киімдерін бір-бірлеп шешіп, іле бастайды. Содан кейін менің жаныма келіп жатады. Сол кезде сен тасадан оның сұлулығына тамсанып үлгересің. Ес-түсіңнен айырыла жаздап мас боласың. Көзіңмен болса да ләззат алып, һас сұлулықтың менің отауымда қонақтағанына куә боласың.

(Кандавл патшаның айтып жатқан әңгімесі сахнада тура сол күйі орындалып жатады. Іс біткеннен кейін Гигес байқатпай есіктен шығып кетеді).

 

III-көрініс

Келесі күн. Гигес екі қолын өкпесіне алып, әлденеге қатты алаңдап келеді.

Гигес: – Япырмай, Ниса патшайым аяқ астынан неге шақыртты екен? Кеше бәрі ың-шыңсыз өткендей болып еді. Еш сыбдырсыз мұқият сытылып шыққан жоқпын ба?

(Сахна төріне өтеді. Ортада – орынтағына жайғасқан Ниса патшайым. Айналасында төрт-бес күтуші қыздары. Біреулері шашын тарап жинақтап, біреулері көйлектерін түзетуде. Есікке жақын тұста мұздай қаруланған бес-алты жасақ. Гигестің зәре-құты қашып кетеді. Гигестің кіргенін көрген Ниса патшайым ишарат білдіріп, күтуші қыздарын шығарып жібереді. Сөйтеді де, әлгі жасақтарға ыммен белгі береді. Сол-ақ екен, олар лезде Гигесті қоршауға алып, бүкіл қаруларын сыпырып алады. Патшайымның алдына сүйреп әкеліп, тізерлете жүгіндіреді.

Гигес: – Құдіретті Ниса патшайым, не жаздым? Не кінәм бар, алдыңда? Адал қызметімнен басқа ешбір оғаш ісім болмап еді, мына қатігездікке не себеп?

Ниса патшайым: – Қысқасы, былай болсын! Мен түндегі тірліктеріңнің бәрін көрдім. Ақталып жату артық іс.

Сондықтан, ендігі жерде сенің алдыңда екі жол тұр. Қайсысын таңдайсың – өз еркің. Біріншісі – мені осыншама ұятқа қалдырып, намысымды таптап, масқаралаған Кандавл патшаны өлтіріп, маған үйленесің. Лидияны бірге билейміз. Екіншісі –  Кандавлдың айтқан сөзін жерге тастамайтын бұралқы иті ретінде – лайықсыз істерді тағы қайталамауың үшін тұрған жеріңде басыңды шапқызам!

Үкім осы! Екеуіңнің бірің ажал құшасыңдар. Осындай берекесіз, масқара істі ойлап тауып, оған сені көндірген Кандавл қандай күнәһар болса, айтқанына мойынсұнып, жалаңаш қалпымды көрген сенің қылмысың да батпандай ауыр!

Гигес: – Ниса патшайым, қылша мойным талша! Обалыма қала көрмеуіңді өтінемін! Жалынамын, жалбарынамын! Патшаның өктем айтқан бұйрығына  лажсыздан көніп едім! Кешіре көр, мені!

(Ниса патшайым жендеттерге белгі бергені сол-ақ екен, әлгілер Гигесті дөңгелентіп апарып басын шабуға ыңғайлай береді. Гигестің жан даусы шығады. Жанына сауға сұрап, аласұрып жатыр. Ақыры, Ниса патшайымның райынан қайтпайтынын түсінеді.)

Гигес: – Көндім, көндім! Айтқаныңызға құлдық! Тоқтаңдар! Ниса патшайым!

(Жендеттер Гигесті қайтадан патшайымның алдына әкеледі.)

Гигес: – Түсінем, алдыңда қайтпас күнәға баттым! Кешіре гөр! Істегенімді мойындап, ақталуға мұрсат бер!

Ниса патшайым: – Олай болса, тыңдап ал. Іс бітпейінше осы бөлмеден шықпайсың.

Содан кейін: кешегі тірліктеріңді тура сол қалпында  қайталаймыз. Сен есіктің тасасына тығыласың. Кандавл ұйқыға кеткен сәтте шығып, бауыздап өлтіресің.

Гигес: – Қорқыныштан қолым қалтырап кетті-ғой! Айтқаның болсын!

(Оқиға барысы әрі қарай Ниса патшайымның айтқаны бойынша өрбиді. Гигес алдын-ала келісілген жоспар бойынша, өз төсегінде алаңсыз ұйқыға кеткен Кандавлды өлтіреді.)

Геродот: – Осылайша, Лидия патшалығын бес ғасыр басқарып келген Гераклдың ұрпақтары тақтан тайып, Мермнадтар әулеті билік басына келді.

Алайда, істің ақыры насырға шаба жаздады. Патшаларының қастандықпен өлтірілгендігін сезген Лидия халқы ереуілге шығады. Гигестің басы сауғаға түскен шақта, Ниса патшайымның адамдары ара түседі. Олар патшалықтың тағдырын біржолата шешу үшін Дельфілік сәуегейлердің құзырына жүгінуді ұсынады.

Сол тұста Дельфі сәуегейі Пифия Гигестің патшалыққа таласын заңды деп жариялайды. «Оның құзіреттілігін құдай қолдап отыр» деген сәуегейлік таратады. Мойынсынуға шақырады.

Әлқисса, Лидия тарихындағы Мермнадтар ұрпақтарының дәуірі осылайша қанқұйлы қастандықпен басталады.

(Сахнадағы Гигес пен көрермендердің арасындағы Крез бір-бірін танып, шұрқыраса табысады).

Харон қайықшы: – Бәсе, бәсе! Мына Гигестің соңғы күндері шыдамы таусылып, ұрпағын әбігерлене күткенінің себебі бар екен-ғой!

Бәрекелде, қалған үрім-бұтағыңның мән-жәйін енді Крезден асықпай сұрап білерсің! Әйтсе де, Крез қаншасыншы ұрпағың болып саналады?

Гигес: – Менен бастайтын болсақ, бесінші буын.

(Осы мезгілде Жерасты патшалығы жер сілкінгендей дүңк етеді. Айналаның бәрі бір шайқалып өтеді. Гигес мән бермей, сөзін жалғастыра береді.)

Гигес: – Мермнадтардың бұл бесінші бұтағы. Мен, менен Ардис, одан Садиатт. Садиаттан Алиатт, одан осы Крез.

(Әлгі дүмпу қайталанады).

Геродот: – Міне, Гигес! Сол жолы да дәл қазіргідей сәуегей Пифияның сөзіне тиесілі мән бермеп едің. Қамсыздығың бүкіл ұрпағыңа сор болып жабысты.

Гигес: – Не айтып тұрсың?

Геродот: – Пифия Кандавлдың басына құн сұрап барған Геракл ұрпақтарын тосын сәуегеймен тоқтатқан-тұғын.

Гигес: – Япырмай, мен Пифияға қолдау көрсеткені үшін қаншама қазына-байлық  сыйладым. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Геродот: – Сорлы Гигес! Сәуегей Пифия – Кандавлды қастандықпен өлтіргенің үшін – сенің бесінші ұрпағыңа адам баласы көрмеген ауыр нәубеттер келетінін айтқан болатын. Бірақ, оған мән берген жоқсың!

Крез: – Бар бәле сізден тараған екен-ғой!

(Гигес, Крез азан-қазан дау шығарып, бір-бірін жұлқылап әлек. Харон қайықшы оларды ескегімен қақпақылдап, сабаларына түсіруде).

Харон қайықшы: – Мен өткелде тұрып ескерткен болатынмын. Жер асты патшалығы – сіздер «О дүние» деп атайтын мекен! Барша сұрақтарыңа жауапты осы жерде табасыңдар. Осы Жолайрықта шын мағыналарыңды табасыңдар.

Геродот: – Шынында, бұл дүниенің сыры қарапайым.

 

                           Хор (сыбырмен):  

Әлқисса, Жаратылыста артық ештеңе жоқ.

Көкзеңгір Аспан, Жерүсті, Жерасты – тұтас.

Болған, болып жатқан, болатын оқиғалар –

Бірі бірінен туындайды.

Бірі біріне арқау болып, замандарға жалғасады.

 

Харон қайықшы: – Оу, бұл әулеттің тіршілігі мұнымен бітпейтін болды ғой? Тағы кімдерді тосамыз?

Геродот: – Жоқ, бітпейді.

Әр пенде қамшының сабындай қысқа ғұмырында тіршілік алаңын өзі құрады. Біреулермен төс қағыстырып достасады. Біреулермен жауласады.

Біреулердің жақсылық істеуге жаны үйір. Ал, енді біреулердің табиғаты ылаң іске бейім.

Жақсы іс пен мейірім – тек дүниенің құт-берекесін толтырып қана қоймайды, өз иесін де нығметке бөлейді. Жолын сәулелендіреді.

Ал, зұлымдықтың жүгі ауыр.

Зұлымдық дүние бесігін шайқалтады.

Шынтуайтқа келгенде, пенде баласының зұлымдық ісінен Жаратылысқа аса көп қатер жоқ: бірақ, оның өзі үшін қауіпті. Өйткені, алаңына еккен зұлымдық дәнегі өсіп-өнгеннен кейін апат өрісіне айналады.

(Гигес, Крез басқа да жиналғандар аң-таң).

Харон қайықшы: – Оу, шіркін, мен сені тарихшы ма десем, философ болып кетіпсің ғой!

Геродот: – Мына жолайрықта әуейі жынды болып кетпес үшін не амалға бармайсың? Не ой ойламайсың? Оған таң қалуға болмас, сірә!

Харон қайықшы: – Жә, жарар! Бұл аңыздың жалғасын ертең тыңдалық.

 

                 IV-көрініс

                                        Крез

Келесі оқиғалар желісі де Ақирет алаңында өтеді. Алаң – құдды айналмалы сахна секілді. Кез келген оқиға, кейіпкерлер сол алаңда өмір сүріп жатқандай.

 

Хор: – Жалғанды жалпағынан басқан,

атақ-даңқы жер жарған

қаһарлы патша Крез!

Мұз құрсанған әскері

дүниені тітіреткен

Лидияның билеушісі!

Бүгін басын қасірет шалып,

көкірегі қарс айрылып, аһ ұруда.

Күні кеше ғана қоршауда қалған

елінің астанасы – Сарды қаласын

өзімен бірге жан аямай қорғасқан

жолбарыс жүректі он төрт жауынгері –

енді өзімен бірге қадаудай-қадаудай

он төрт бағанға байланып,

тірідей өртке шарпылып,

шыбын жандары шырқырауда.

 

Харон қайықшы: Мынау не ойран?

Геродот: Өкінішке орай, адамзат тарихы – негізінен қантөгіс соғыстар мен атыс-шабыс, жаулап алулар, бітіп болмайтын дау-жанжалдардан құралған.

Ал, мына Крездің түбіне жеткен – аталарынан мұра болған сәуегейлік, шешуші сәттерде нақты жағдайларға емес, көріпкелдерге жүгінетін надан ырымшылдық.

Харон қайықшы: Қалайша?

Геродот: Жалпы, бұл дерт талай  билеушілердің түбіне жеткен.

Харон қайықшы: Рас шығар.

      Геродот: Олай болса, әңгімемді таратып айтайын.

Заманында бүкіл Азия құрлығында ең құдіретті Ассирия, Мидия, Лидия, Вавилон, Египет секілді бес алпауыт мемлекет болса, соның бірегейінің патшасы болған атышулы Крез бұл! Қашан да асығы алшасынан түсіп, есебі жоқ мол қазынаға кенеліп, күн түстес күмбездері аспанмен астасқан сарайлар салғызған, алтын, күмістен бұрын-соңды болмаған теңге-тиындар шығарып, ел ішіндегі, қала берді, бүкіл құрлықтағы басты-басты керуен жолдарының бойында ақылы қонақ үйлер ашып, баж салығын тағайындаған, сөйтіп, байлығы еселеп артып, абыройы да атақ-даңқы да шартарапқа тараған сайыпқыран Крез, міне, енді өзінің де, сол патшалығының да күйреу шағын басынан кешіріп тұр.

– Кінәлі кім? Алтын көрсе естерінен таятын Дельфінің алдамшы көріпкелдері ме, әлде солардың далбаса жорамалына сенген ақымақ басы ма?

Ұшан-теңіз байлық: саф алтын, таза күмістен құйылған ыдыс-аяқтар, сәнді бұйымдар, асыл тастардан қашалған әшекейлер, қыруар қазына сыйласа да, Дельфінің сәуегейі Пифия Крездің санын соқтырып кетпеді ме?

Содан, Парсыларға қарайтын Каппадокияның айналасындағы елді мекендерге қырғын салып, құт-берекетін қашыра бастаған.

Кир да қарап қалмай, қалың әскерімен суыт жетіп, Крездің әскерімен бетпе бет кездесті. Крездің сенгені – атышулы атты кавалериясы. Қабат-қабат темір-сауыт жасанған, сабы ұзын сумаңдаған найзаларын көз ілеспес жылдамдықпен ұршықтай үйіріп, қарсы келгенді мысымен де, сұсымен де қалтырататын атты әскер еді.

Алайда, Кир айласын асырып кетті. Әскерінің барша азық-түлігі мен жасау-саймандарын артып, соңынан үнемі еріп жүретін бура сан, қара нар түйелерін жүктерінен босатып, үстеріне жауынгерлерін отырғызып, алдыңғы шебіне қойды. Олардың соңынан жаяу әскерін, атты әскерін, басқа да жасақтарын сапқа тұрғызып жауға лап қойды. Құйрықтарына байланған шыбықтары лаулай жанып жандарын қусырып, боздап буырқанған, тапырақтап келіп қалған түйелерді көрген лидиялық атты әскер, қапелімде олардың ащы айқайынан, асау арынынан шошынып, бетпе-бет килігуден шегіне қашқақтаған кезде артқы лектегі өз жаяу әскерімен соқтығысып, оларды баса-көктей таптап, нағыз сергелдеңге түсті. Кирдің әскері болса, осы оңтайлы сәтті ұтымды пайдаланып, аңтарылған жаудың есін жиғызбай лек-легімен шабуылдап, лидиялықтарды бірталай қырғынға ұшыратты. Лидиялықтардың атақты темір құрсаулы атты әскері майданға шешуші бетбұрыс әкелмек түгілі, бастығырылып, опат бола жаздады.

Содан ба, Крез түлен түрткендей бұзылып, Кирдің әскері сан жағынан да сапа жағынан да өзінен басым түсті деген үрейдің желеуімен соғысты одан әрі жалғастырудан бас тартып, келесі күні кенеттен еліне тартып отырды.

Мұндайды күтпеген Кир, лидиялықтардың басты күші – атты әскерінің талқан болған түрін көрген соң, енді ақтық жеңіске жеткенше тоқтамауға бел буды. Сөйтіп, бір түнде үдере көшкен Крездің соңына түсіп, ақыры, Лидияның астанасы – Сарды қаласының іргесінен бір-ақ шықты.

Крез, өзінің кешірілмес бейқамдығынан Кирдің қақпанына мықтап түскенін кеш түсінді. Сөйтіп, Сарды қаласының алдындағы шөбі аздау алаңқайға асығыс-үсігіс жинақтаған әскер қолын өзі бастап шықты. Жақында ғана екеуара сұрапыл соғыста көл-көсір төгілген қанның иісі әлі мұрындарынан кете қоймаған, нартәуекелге бел буған Кирдің қаныпезер әскері ақтық ұрысқа сақадай сай дайын-тұғын. Аласапыран шайқастың тағдыры тез шешілді. Кирдің әскері Крездің бас аяғы шашыраңқы құру-шұру әскерінің әп-сәтте тас-талқанын шығарды. Лидиялықтар ойсырай жеңіліп, жансауғалаумен шегіне қашқан кезде, парсылар қанды сойқанды сала отырып, қалаға олармен бірге кірді.

Крездің жағдайы осы! Міне, Кир оның бала-шағасын көз алдында қырып салып, енді өзін тірідей отқа жағып жатыр.

Харон қайықшы: Е, қара басына бар бәлені өзі тілеп алған екен-ғой!

(Крездің табанының астына кестелене төселген ағаш отынның жұқа жаңқалары желдің үрлеуімен түтіндене бықсып, жана бастаған. Әп-сәтте тұтанған жалынның сумаңдаған қызыл тілі лаулаған отқа ұласады.)

Крез: – Өңім бе, мынау түсім бе? О, сұм дүние! Қайран дәурен! Дәл осылай абыройсыз аяқталарыңды біліп пе едім?

– Талай-талай қиын-қыстауларда демеп, үмітсіз тығырықтардан аман алып шыққан Аполлон, теріс айналып кеткенің бе? Не жаздым, саған?

(Алаулап жанған аждаһа оттың ыстық лебі денесін қарып, Крездің жан даусы шықты.)

– Қайран елім, көз алдымда қан жоса қырғынға ұшырап, қынадай қырылғаның ба? Қайран бала-шағам, үрім-бұтақ, түп-тұқияным, қандыбалақ Кирдің пышағынан баудай түсіп, бауыздалып кете барғаның ба? Сарды, салтанатым, берекем! Әр кірпішін ыждаһатпен өзім қалаған, мәуелі бау-бақтары мен көгілдір майса гүлзарларын армансыз аралаған еңселі астанам! Талан-таражға түсіп, осылайша күл-талқан күйрегенің бе? О, құдайлар! О, Аполлон, не жаздым сендерге?

(Қабырғаларына қаланған әрбір кірпіші, көшелеріне төселген әр тасы өзіне ерекше ыстық көрінетін Лидия патшалығының айбарлы да салтанатты елордасы – Сарды шаһары міне, Крездің көз алдында жермен-жексен күйреп жатыр.

Қаланың төменгі сағасындағы жыпырлаған жатаған үйлер от жалынға бөгіп, лаулап жануда. Жоғарғы тұстағы Акрополь да аспандата тұтанып, үгітіле құлап жатыр. Айналаның бәрі қара қошқыл аралас қызыл өрт, көк түтін, қаусай қиратылған үйлер, ғимараттар, қан-жоса қырғын. Көшелерде таудай үйілген өліктер, ыңырсыған шала-жансар денелер).

                             Vкөрініс

Сарды қаласындағы Крездің сарайы.

Кеше ғана Крез патшаның салтанатты сарайының айрықша сәні болған алтындатылған мәрмәр тақта бүгін Кир отыр. Әлгі жантүршігерлік ойрандарды ол міз бақпастан үнсіз бақылап отыр.

Айналасында – жапа-тармағай жайғасқан әскер басылары, шенді-шекпенділер, уәзір, кеңесшілер, қару асынған жасақ, күзетшілер.

Жанымен арпалысқан Крездің ешкіммен жұмысы жоқ. От жалын құшып, пышырлап жанып жатқан айналасындағы он төрт жауынгерінің қайғысы басып кеткен. Әлгі балғын бозбалалар ажал құшып, жан-тәсілім берерінің алдында жан төзбес, естуге құлақ шыдамас ащы айқайға басып, шырылдап жылап жатыр. Жандарына сауға сұрай құдайларына жалбарынып, отпен арпалысуда. Сөйтіп, Крездің қасіретін одан сайын тереңдете түсуде.

Крез: – Қайран дүние! Көзден бұл-бұл ұштың ба? Қадіріңді білмеп пе едім?

– Солон! Данышпан екенсің ғой? Бәрін алдын ала болжап, емеурінмен білдірген екенсің ғой! Қайран, Солон! Құдіретіңе сенбеген екенмін! Астамшылдықпен мойындамаған екенмін! Тәкаппар мен-мендік адастырған екен, менің сорлы басымды! Бәле түртіп, ордамнан қуып шыққандай болмап па ем?

(Желдің екпіні анық жеткізген Крездің соңғы сөздері Кирді елең еткізді).

Кир: – Анау не деп сандырақтап жатыр?

(Айналасындағылар дүрліге жорғалап кетті. Бірақ, адуын желдің екпінімен үдей бастаған от-жалын беттерін шарпып, жақындатар емес. Тіпті, Крездің айқайымен ұласып, өрши түскендей. Айтқанын істетіп үйренген Кир ақыра бұйырды).

Кир: – Өшір отты! Тоқтат! Жабылыңдар! Шығарыңдар, жұлып алыңдар ана сорлыны сумақай ажалдың құшағынан!

(Алайда, отқа аласұра шүйлігіп, жапа-тармағай өшірмек болған жасақтардың істері еш кетті. От одан сайын лаулап, Крездің жанын бұрынғыдан бетер шыжғыра түсті).

Крез (жанұшыра ышқынып, ащы айқайға басты): – О, құдайым! О, Аполлон, құтқара гөр, мына тажалдан!  Мұндай азапқа салғанша, жанымды дереу ала гөр!

(Кенет, Крездің жан дауысын көкзеңгір аспан естігендей аяқ астынан ала жел құйындап, аласуан дауыл гуілдеп, шатыр-шұтыр найзағай ойнап, ағыл-тегіл жаңбыр жауды. Арты нөсерге ұласып, лаулаған отты әп-сәтте сөндіріп тастады).

Кир: – Қане, алып кел, алдыма! Көйлекпен туған ер екен!

(Лезде жандайшаптары дырылдатып сүйреп, Крезді Кирдің алдына жүгіндірді).

  • Ал, Крез, шыбын жаның бір ажалдан аман қалды! Дәм-тұзың әлі таусылмаған екен! Жалбарынған құдайларың араша түсті! Дегенмен, әлгінде қызыл өртке қақталған тұсыңда, басыңа сауға сұрап кімді есіңе алдың? Ащы айқайыңның жартысын естісек, қалған жартысын жел ұшырып әкетті. Кімге жалбарынып, кімнен араша сұрадың? Бөліс бізбен! Жалбарынған құдайың жаныңа араша түсті. Пышағын жалаңдатып төбеңнен төнген қасапшы ажалдың шеңгелінен құтылып шықтың. Көңілің бір уақ орнына түссе, сырыңды ақтар!

(Крез маңайында тұрған сақшыдан су сұрап, оны қақала-шашала сіміре жұтып, ұзақсонар әңгімеге көшер сыңай танытты).

Крез: – Е, жұлдызың оңынан туған Кир патша! Сұм ажалдың ала сырық құрығынан кім құтылған дейсің? Талай дүниені тітіреткен жанкешті патшалар да, замана аужайын айнытпай болжаған ақылгөй даналар да уақыт құйынымен қаңбақ боп ұшып, келмеске кеткен жоқ па? Сен де, мен де бір күні сүйтеміз!

(Осы кезде қырғынға ұшырап, қиратылып жатқан қаланың Акрополь жағынан – опырыла құлаған кезекті ғимараттың, шыңғыра жасқанған халықтың айқай-шуы естілді).

Крез (селк етіп, шошына сөйлейді): – О, құдіретті, жарты әлемнің билеушісі Кир патша! Көздеріне қан құйылған мына қаныпезер жауынгерлерің не масқара істеп жатыр?

Кир: – Қалай не істеп жатыр? Менің жеңімпаз баһадүрлерім сенің атышулы астанаң Сарды қаласын күл-талқан қиратып, дәулет-ырысыңды шайқалтып жатыр. «Дүние – алма кезек» деген осы!

Крез: – Жоқ, Кир патша! Олар ендігі жерде сенің ырзығыңды шайқалтып, сенің дәулетіңді талан-таражға салып жатыр!

Кир: – Ажал жаршысын қоян-қолтық құшқаннан кейін ақылыңнан алжаса бастаған екенсің! Ей, талайсыз сорлы, көзіңді аш! Мынау сенің астанаң Сарды қаласы! Анау қырылған халық – сенің халқың!

Крез: – Қателесесің, Кир патша! Бүгін сен жеңдің! Асығың алшасынан түсті. Ырысты елімді бодандап, ризығымды шайқалттың! Олай болса, ендігі жерде Лидия мемлекетінің басты пұшпағы, мынау Сарды шаһары – сенің ордаң! Ал оның тұрғындары қарамағыңа көшкен сенің халқың! Сондықтан, анау ойрандалып жатқан менің емес, алдымен, сенің ошағың! Шайқалып жатқан сенің дәулетің! Таланып жатқан сенің жұртың! Пышақ үстінен үлестіріліп жатқан сенің қазынаң! Ал, олай емес деп көрші!

(Кир қапелімде не айтарын білмей қалды. Айналасына қызараңдай шаншылып, ашу үстіне мінді. Бірақ, Крездің айтқанын жоққа шығара алмады. Оған қоса, осы уақытқа дейін Крездің де бақуатты ел басқарған айбынды патша, атақ-абыройы дүйім елге жайылған даңқты билеуші екендігін есіне алып, сабасына түсті. Оның да түп-тамыры терең, осал еместігін мойындап, ашуын ақылға жеңгізіп, іштей мәмлеге келді.

Сөйтті де, қаһарынан сескенсе де жанында міз бақпай қас-қабағын  аңдып тұрған қолбасшысы Гарпагқа гүр етіп бұйрық берді).

Кир: – Гарпаг, тоқтат анау ойранды! Әскерлер қанжығасына осы байлағанын қанағат тұтсын! Доғарсын талан-таражды! Сабаларына түссін! Қостарына қайтар!

(Гарпак бастаған бірнеше қолбасшы әскерлерімен дүрліге көтеріліп, шаба жөнелді. Кир орнынан шалт қимылмен көтерілді).

Кир: – Байқаймын, мынау сен қаламаған ойран жаныңа батқан сыңайлы! Ойсырай жеңілгеніңді мойындамасқа шараң жоқ! Мамыражай заманың, сайран салған күндерің келмеске кетті! Ендігі тағдырың менің қолымда! Мен шешемін, қалған дәм-тұзыңның мөлшерін!

Жә, бүгінге осы да жетер! Апарып қамаңдар, Крез патшаны! Бірақ, дәрежесіне сай болсын! Ертең жалғастырамыз, қалған әңгіме төркінін!

(Кир кілт бұрылып, сарай төріне кете барды. Жасақшылар қолы бұғаулы Крезді қамауға алып кетеді).

 

                                VIкөрініс

Келесі күн. Патша сарайының мәжіліс залы. Төрде – таққа жайғасқан Кир. Қолбасшылар, уәзір-кеңесшілер, бай-шонжарлар, басқа да шенді-шекпенділер айнала шоғырлануда. Бірнеше сақшы қол-аяғы кісендеулі Крезді жетектеп алып келіп, хан тағының алдына тізе бүктіреді.

Кир: – Ал, мәртебелі Крез, сөйле! Мынау бас шаһарыңды кейуана еліңмен қосақтап жер-топырақпен тегістеп жібере жаздап, ақыры, аман қалдырдық. Оған өзің де шырылдап ара түстің.

– Жә делік, тумысынан тіл-құлағы кеміс, сақау балаңның да қысылтаяңда тілі шығыпты деп естіп жатырмын. Оған да шүкір де! Ал қабырға бәйбішеңді қорғай алмағаның, өзіңе серт! Он төрт күн бойы қаланың бар қақпасын қымтап алып, пүшәйман тағдырларына мойынсұнбай, өлермендей қарсыласқан халқыңның кінәсі де бес елі. Әрине, алдымен, оларды сондай берекесіз тірлікке жетектеген сен кінәлісің!

Ұзақсонар текетірестен кейін қаланың бас қақпасын бел ортасынан қақ айырып, шаһар ішіне лап қойған сарбаздар жолындағыны таудан құлаған тасқын судай жайпайды. Ешкімді таңдап, талғап жатпайды. Қайсысы бай-шонжар, қайсысы ханның әйелі, құл-құтан – оларға бәрі бір. Кездескенін баудай түсіріп, бауыздай салады. Не зорлық-зомбылық жасайды. Сондықтан, қатын-қалаш, бәйбішең бе, әлде, құл-құтан күзетшің бе, ашынған жауынгерлерімнің қолынан қаза тапса, ол – бұлтартпас соғыс заңы. Мәнісі саған таныс. Талай қан майдандарда өзің де сөйткенсің.

– Ал, мен сенің жаныңды алмайтын болдым. Түні бойы қабырғаммен кеңесіп, сондай шешімге келдім. Қасымда ұстаймын. Кеңесшім боласың. Кеңестеріңе құлақ асамын ба, аспаймын ба, менің шаруам. Әзірге осы сарайдан бір жәй табармыз, содан кейін бірге жүресің. Сен үшін алтыннан арнайы кілетке жасатып, соған салам да, бұралқы иттің күшігіндей мойныңа қарғыбау салып, қайда барсам да жетектеп алып жүремін. Бұған не дейсің?

Крез: – Не дейтіні бар? Қалған ғұмырымда мынадай дүние-тозақта тіршілік кешу маған да оңай болмас. Маңдайыма жазылғаны сол болса, көнемін де! Біресе жүзін, біресе түзін көрсететін сайқымазақ тағдырдың дегені болады да… Дүние алма кезек, Кир! Оны сен де ұмытпағайсың!

Ал істің мәнісіне келсек, мені соғысқа жетелеген көп себептердің бірі – бабаларымыздың игі дәстүріне қол салдың. Кезінде аталарымыз ежелгі салтпен бір-біріне ант беріп, оны қасиетті бұлақтан су ішіп бекіткен туысқандығымыздың тамырына балта шаптың!

Сенің нағашы әжең Ариенис – менің әпкем, ал, тақтан тайдырған нағашы атаң Астиагтың – маған жезде болып келетінін білмейтін бе едің? Бабаларымыз Алиатт пен Киаксардың: Лидия мен Мидияның арасындағы 11-жылдық қантөгісті тоқтату үшін жасаған сол бауырластық қадамын сен аяққа таптадың.

Сұрапыл жылдары аталарымыз қиыннан қиыстырып жол тауып, әкем Алиатт қызы Ариенисті Киаксардың ұлы Астиагқа атастырған болатын. Ал, сен сол дәстүрді мансұқ етіп, өз атаң Астиагқа майдан аштың! Бұл жаратылыстың қай заңына сәйкес келеді екен?

(Кир кенеттен қарқылдап күліп жіберді. Айналасындағылар қапелімде не болғанын түсінбесе де, қосыла күліп жатыр).

Кир: – Қарай гөр, далбасасын! Қол-аяғы кісендеулі болса да, айбат шегеді-ай, бәтшағар! Ашық майданда ойсырай жеңілгеніңді де бабаларыңның жолына жабайын дедің бе? Саған дауа жоқ екен!

Қыл үстінде тұрған тағдырыңның Аполлонның емес, мына менің қолымда екендігін ұмытпағайсың, Крез! Ашуыма тие берсең, өзің шығарған қара бақырыңа да татымас шыбын жаныңды мәңгілік серуенге аттандырып жіберермін, әлі! Соны есіңнен шығарма! Әйтпесе, бақ тайған анау сормаңдай басыңды шауып алып, астанаңның бас қақпасының маңдайына қағып қоярмын, әлі!

(Кир ашуға басты. Крез міз баққан жоқ).

Крез: – Не істесең де, ерік өзіңде. Кешегі ата жауыңның басыбайлы құлына айналғаннан асқан не қасірет бар дейсің?

(Крез мұрнының астынан бірдеңелерді міңгірлеп, айналада болып жатқан оқиғалардың өзіне түк қатысы жоқтай, селсоқ тұра берді).

Кир: – Иә, Крез! Кердеңдей бермей, жөніңе кел! Жездең Астиагтың құнын даулап келдім дейсің-ғой! Тыныш жатқан елімнің шетіне бықпырттай тигеніңнің себебі сол ма еді?

– Жә делік! Сол туысқаныңның менің, әулетімнің басына қандай зобалаң салғанын білмейді екенсің-ғой? Бейуақта көрген бір түсіне бола өз перзенті, анам Мандананы үрім-бұтағымен қырып жібере жаздаған жоқ па? Ал, айналасында адал қызмет істеп жүрген туысқаны, ақылшысы мына Гарпагқа не істегенін білесің бе?

 

                                       VII-көрініс

 Астиаг

Хор:   –  Түс көрді, Астиаг патша бір күндері –

Өз қызы Мандананың жатырынан,

Алып жүзім ағашы өсіп шығып,

бұтақтары дүниені көмкереді.

Шошынып, балгерлерге жорытады.

Жөнелтіп әскерлерін Персияға.

Сондағы өз перзенті Мандананы,

күйеуі Камбис пенен жаңа туған

нәрестесін – Сарайына алдыртады.

Әрине, өз бас қамы ойлағаны.

Балгерлер әлгі түсті жорытқанда,

Патшаға жаман хабар таратады.

«Өскесін, немересі қыздан туған,

Атасын тақтан зорлап тайдырады».

 

Харон қайықшы: – Байқаймын, оқиға барысы тың бағытқа бұрылғандай.

Геродот: – Астиаг – заманындағы алпауыт елдердің бірі саналған Мидияның патшасы. Кирдің анасы Мандананың әкесі, яки, оның нағашы атасы. Кезінде дүниені   қаһарымен де, қулық-сұмдығымен де ұршықтай үйірген Киаксар патшаның ұлы. Алайда, жүздеген жылдар тарихы бар Мидияның күйреуі осы Астиагтан, атап айтқанда, оның бейуақтағы осы түсінен басталды.

Иә, елінің сорына жаратылған патша деген осы!

 

(Мидияның патшасы Астиаг пен оның бас уәзірі, әрі туысқаны Гарпаг. Әріректе бірнеше жауынгер көкала қойдай сабалған, бет-аузы ісік Митрадат бақташыны ұстап тұр. Гарпагтың қорқыныштан тұла бойы түршігіп, денесі дірілдейді).

Астиаг (дауысында қорғасындай зіл бар):

– Гарпаг! Мен саған бір де бір адам баласына сеніп тапсырмайтын шаруаны тапсырып едім!

Гарпаг: – Уа, патшам! Менде жазық жоқ. Шамамның келгенінше бұйрығыңды бұлжытпай орындауға тырыстым.

Рас, жаңа туған нәрестенің денесін қолыма алғаннан кейін қалың ойға түстім. Ертеңгі күнім не болмақ? Ашуың тарқап, сабаңа түскеннен кейін: «мынау Гарпаг жетесіз қанішер екен. Қызуқандылықпен берген бұйрығыма бола, ойланбастан немеремді жайрата салды. Сөйтіп, тамырыма балта шауып, алдымда кешірусіз күнәға батты. Тіпті, алда-жалда ұлдарынан ұрпақ тарамаса, қыз перзентінің төл түлегі ретінде таққа мұрагер сайлауы мүмкін-ғой?» деген ой да миына кіріп шықпапты? Бұл ақымақты жаныма бекер ұстап жүр екенмін. Көзін құртайын!» – деп, өзіме шүйліксең қайтпекпін?

Содан мына бақташыны шақыртып бұйрығыңды жеткіздім. Алыстағы, адам аяғы басып бармайтын тауға денесін қалдырып кет дедім. Нәресте тау тағысы, не құзғын құсқа жем болғанша күзетіп, өлгесін маған хабар бер дедім. Әйтпесе, басың кетеді деп ескерттім.

Бір уақытта ажалы туралы хабар келгесін, ең сенімді қызметшілерімді жіберіп, сол тау ішінде жерлеттім.

Бар хабарым осы, құдіретті билеушім!

Астиаг: – Енді мені тыңда! Аса маңызды шаруаны орындау үшін жалдаған мынау бақташы Митрадатың не істеді дейсің-ғой?

Нәрестені алып үйіне жетсе, айы-күні толып, босанғалы отырған бәйбішесі Спако өлі перзент туады. Содан, бұл антұрғандар үлде мен бүлдеге оранып жатқан маңдайы торсықтай немеремді өлі туған баласымен ауыстырып, бәрімізді ту талақай алдап кетіпті. Бұған не дейсің?

Гарпаг: – Менен жазық жоқ, уа патшам! Әлгіндегідей оқиғалардың болғанынан мүлдем бейхабармын. Бұйрығыңды бұлжытпай орындағанмын.

(Патшаның алдына жығылып, жанына сауға сұрайды).

Астиаг: – Жә жетер! Болар іс болды, бояуы сіңді! Шынымды айтсам, соңғы кездері әбден мазам қашқан. Қанша дегенмен, төл немерем ғой. Қызым Мандана болса етегі жасқа толып, өшпенділікпен қарайтын болды. Бауыр етің балаңның мұндай қылығына қалай шыдарсың?

Иә, тағдырдың жазғаны осылай болды. Мен де сабама түсіп, демімді алайын. Немереммен қайта табысып, көңілім жай табатын шығар. Уайымнан сарғайып жүрген қызыма да хабар берейін. Оны да перзентімен табыстырайын. Ал, не тұрыс?! Ана бақташыны жөніне жіберіңдер!

Гарпаг (аяғына жығылады): – Әміріңе құлдық, билеушім! Мәңгі-бақи құлың боп өтейін!

(Баршасы тарай бастайды).

Астиаг: – Гарпаг! Қайта табысқан немеремнің құрметіне дастархан жайып, салтанат құрамын. Сен қазір ұлыңды осында, менің сарайыма жібер. Немереммен бірге болсын. Кешке өзің де келіп, қонағым бол!

Гарпаг: – Айтқаныңа құлдық, әз патшам! Қазір жөнелтемін!

(Кетеді).

Астиаг жалғыз қалады. Қалың ой үстінде. Жанында тұрған күзет бастығын ымдап шақырып алады.

Астиаг: – Ел арасына бөтен әңгіме тарап кетпесін. Әлгі бақташыны кемпірімен қоса көздерін құрт!

Күзет бастығы: – Құп болады, тақсыр! (Асыға шығып кетеді).

 

                              VIII-көрініс

Астиагтың сарайы. Салтанатты зал қонақтарға лық толы. Төрде Астиаг, айналасында уәзірлері, кеңесшілері, тағысын тағылар. Гарпагқа басқалардан гөрі оқшаулау орын берілген.

Хор: –  Сорлы Гарпаг, алаңсыз бейқам отыр.

Ал Астиаг зұлымдық сайлап отыр.

Он үштегі Гарпагтың жалғыз ұлын,

Мал секілді тірідей бауыздатып,

Аспаздарға тағам ғып дайындатып,

Әкесінің алдына тосқалы отыр.

Патша сарайындағы кешкі қабылдау қызу жүріп жатыр. Аспаздар тобы тағамдарды бірінен соң бірін әкелуде. Даяшылар жүзім шараптарына толы құмыраларын  қолтықтап зыр жүгіреді.

Әр түрлі аспаптармен әсем саз ойнаған өнерпаздар. Дөңгелене билеген биші қыздар.

Кенет Астиаг қолын көтеріп, белгі береді. Лезде бәрі тып-тыныш бола қалды.

Астиаг: – Қымбатты туысым, сенімді серігім Гарпаг! Бүгін өзіңе арнап аспаздарға бір ас дайындаттым. Таттың ба, дәмін?

Гарпаг: – Мәртебелі патшам! Әрине, таттым. Дәмі тіл үйіргендей екен. Мың да бір рахмет! Жасай бер, билеушім!

Астиаг: – Олай болса, ұнатқан сол дәміңнен қалағаныңша алып кетуіңе рұқсат етемін! Саған деген ерекше сыйымның белгісі болсын!

(Сол-ақ екен, аспаздар аузы қара жібекпен жабылған себетті Гарпагтың жанына қояды. Гарпаг жібек жамылғыны ашып, ішіне көз жібереді. Кенет, денесі қалш-қалш етіп, шайқалып кетеді. Себеттің ішіне қадалып қарап қалған).

Хор:   – Сорлы Гарпаг, мән-жайды түсінгендей,

Астиагтан мұндайды күтпеп еді.

Жан түршігер зұлымдығын көзбен көріп,

Аһ ұрып, іштегі өрттен күйінді енді.

Алайда, дұшпанына сырын бермей,

Тез жинап ақыл-есін, бойын билей.

Сау қалған ұлының мүшелерін,

Себетімен бірге алып кете берді.

Алдына дәл сол күні мақсат қойды, –

Тірі болса, Астиагтан кек алуға.

Парсы Кирге қайткенде көмектесіп,

Зұлымды алтын тақтан тайдыруға.

(Гарпаг үнсіз орнынан тұрып, әлгі себетті алып шығып кетеді. Сарайдағы думан жалғаса береді).

Харон қайықшы: – Мына патшалардың тірліктері қатыгез шытырманға ұласып барады.

Ал, аңызшы, аяқтамаймыз ба? Тағдырларының түйіні  шешілсе, аждаһа ит Цербер Ақиреттің қақпасын айқара ашып, тозақ отына тоғытуға дайын тұр.

Геродот: – Болмайды. Бұлардың тарихы әлі шешілген жоқ. Өмір жолдарында зұлымдық та, қиянат та көп. Сондықтан, асықпалық.

Харон қайықшы: – Түсінікті. Талай оқиғалар әлі алда екен-ғой. Олай болса, жалғасын ертең тыңдармыз.

 

                IX-көрініс

                   Гарпаг

        Хор:  –  Гарпаг уәзір дегеніне жетіп тынды,

Кек алмаққа сарп етіп бар өмірін.

Астиагқа қарсы қойып, өштендірді –

Мидияның ақсүйек, батырларын.

Содан соң Кирге хабар жеткіздіріп,

Атасымен арасын ушықтырды.

Жауының арасынан қолдау тауып,

Кир-дағы, үміттеніп, дүр сілкінді.

Барша ел, жауынгерін жасақтап ап,

Бодандықтан құтылуға ынтықтырды.

Астиагтың алтын тағын қанжығалап,

Ұлылығын дәлелдеуге бек ұмтылды.

 

Сол баяғы Астиагтың сарайы. Салтанатты зал ығай мен сығайға толы. Қолбасшылар, уәзірлер. Кирдің оң жағындағы құрметті орында Гарпаг отыр. Алдында қос жауынгердің бақылауындағы кісендеулі Астиаг.

Кир: – Ал, Астиаг патша! Сен бүгін жеңілдің. Мен жеңдім. Құдайың түсіңде аян беріп, түбі болатын істі алдын ала баяндаған екен. Оған мойынсұнбадың. Бесіктен белім шықпай тұрған шағымда «болашақта тағымды тартып алады» деген желеумен мына Гарпагқа көзімді жой деп бұйрық бердің. Құдайым қолдап аман қалдым.

Астиаг: – Иә, осы сұмырай сатқынның арқасында жеңдің.

Кир: – Гарпагтан басқа қандай іс күттің? Бұйрығымды орындамадың деп үкілеп отырған жалғыз ұлын малша бауыздап, одан арнайы ас жасатып, алдына тосқан жоқсың ба, сен қанішер! Бұдан асқан қандай зұлымдық бар?

Гарпаг: – Астиаг, сенің байбалам салатын еш жөнің жоқ. Жалғыз ұлымның етінен тағам жасатып, алдыма қойғаның бір бөлек. Құрметтедім деп алдап, содан дәм татқызғаныңды, сөйтіп, мәңгі құсаға ұшыратқаныңды қалай кешірмекпін?

Білемін, кезінде скифтердің патшасы Мадийдің адамдары әкең Киаксардың аманатқа берген бір ұлын, яки, сенің бауырыңды дәл солай бауыздап өлтіріп, алдына ас қып тартқан. Бірақ, сен сол ойраннан теріс қорытынды жасаған екенсің!

Астиаг: – Ақымақ, енді маған ақыл үйреткенің қалып еді!

Гарпаг: – Өзің ше? Ақыл-естен адаса бастаған шағыңда 35 жыл отырған тағыңнан айрылып, енді кімге үкім айтпақсың? Алжасқаныңның белгісі емес пе, Кирге қарсы соғысқа шығып, әскеріңе мені бас қолбасшы сайлағаның?!

Менен не күттің? Жауыңды жеңіп береді дедің бе? Күндіз-түні кек алуды армандап жүрген кезімде бар әскеріңнің тізгінін қолыма ұстатып, мақсатыма жетуіме өзің көмектеспедің бе?

Оған мен де, Кир патша да дайын болатын. Алдын ала хабарласып қойғанбыз. Оңтайлы сәт туғанда әскеріңді көп шығынсыз Кирдің қол астына өткізіп бердім. Сөйтіп, тауыңды шағып, сені де қасіретке батырдым.  Бұған не дейсің?

Бүкіл Азия құрылығын 128 жыл билеген Мидияның мерейлі күнін тауысып, оның күйреуінің бас себепшісі болған бақ-талайың бар болсын, кейуана!

Астиаг: – Табала мені, табала! Жетесіз сорлы! Осы айтқандарың рас болса… Ел ішіндегі ақсүйек, қарасүйектерді маған қастандық жасауға көндіріп қойған болсаң… Кирге астыртын хабар беріп, тұтқиылдан шабуыл жасатсаң… Тіпті, әскерімді беріле салуға бұйрық беруге шамаң жетсе…

О, ақымақ! Құдіретің шарықтап жатса, ұлы империяның тағын өзің басып алмадың ба? Енді сол миғұлалығыңның кесірінен Мидия елін қан қақсатып, Персияның бодандығына салып отырсың! Топас!

Кир (күледі): – Оу, мидиялықтар! Араларыңдағы бітпес кикілжіңді енді менің алдымда жалғастырайын дедіңдер ме? Басқа орын таппадыңдар ма? Қане, алып кетіңдер, Астиагты! Қол аяғын шынжыр бұғаудан босатып, жөніне жіберіңдер. Болсын осы маңайда. Жүрсін айналамда.

(Астиаг пен Гарпаг бір-біріне кіжінеді. Бұғауда ұстап тұрған қос жауынгер Астиагты алып кетеді).

Кир: – Осымен жиын тәмам. Тараңдар!

 

Хор:   – Әлқисса, бір ежелгі іс еске алынды,

Киаксар – Мадийлерден таратылған.

Ол кезде бүкіл Шығыс құрлығында

Скифтер жиырма бес жыл ойран салған.

Ал, Киаксар Мидияның дүр патшасы.

Ұлдарын скифтерге аманаттап,

Садақ тарту ісіне машықтаған.

Бір кикілжің тұсында ашуланған

Скифтер Киаксардың екінші ұлын.

Құрбан қылып, алдына ас қып тартқан.

Содан соң Лидияда бой тасалап,

Екі ел құн сұрасып, араздасқан.

Лидияның патшасы Алиатт дүр,

Киаксарға қайтармай қашқындарды,

Екі жақ алты жылдай көп жауласқан.

Ақыры, бір күндері күн тұтылып,

Табиғаттың бұл ісінен жан түршігіп,

Тоқтатып, сол соғысты, мәмлемен,

Қыз беріп, құда болып, тек тарқасқан.

Астиаг пен Крездің туыстығы,

сол заманнан Кирге дейін кеп жалғасқан.

 

Харон қайықшы: – Байқаймын, бұл әңгіме де бүгін аяқталмайды.

Геродот: – Жоқ, Харон, бұл тарих әлі біте қоймас. Байқаған шығарсың, оқиғаға жаңа кейіпкерлер тартылып жатыр.

Харон қайықшы: – Уақыты келгесін оны да  көрерміз. Дегенмен, Крездің әңгімесін тәмамдап, баратын жағына жіберсек қайтеді?

Геродот: – О не дегенің? Крездің әңгімесі енді қызып келе жатыр.

Харон: – Олай болса, не тұрыс? Сәл тыныстап, әрі қарай қозғалайық.

                                       X-көрініс

                                          Солон

Келесі күн. Сарды қаласы. Крез патшаның сарайы. Мәжіліс залы. Төрде Кир. Әдеттегіше қолбасшылар, ақсүйек, уәзір, кеңесшілер айнала шоғырланған. Бірнеше сақшы қол-аяғы кісендеулі Крезді алып келіп, Кирдің алдына тізе бүктіреді.

Кир: – Ал, Крез, сабаңа түссең, әңгіме төркінін басқа арнаға бұрайын. Жездеңнің жәйін баяндадық. Гарпагтың қасіретін жария еттік. Әрі беріден соң, сол зұлмат оқиға болмағанда онымен табысар ма едік, табыспас па едік? Сенің атышулы жеңімпаз атты әскеріңді тым-тырақай қашыртқан осы Гарпагтың айласы. Қосымыздағы барша түйелерді қамыт-жүктерінен босатып, боздата тапырақтатып атты әскеріңе салған кезде… Қорқыныштан дүрлігіп, үстеріндегі әскерлеріңді тастай қашқан жоқ па еді?

Крез: – Астиагтың да, менің де түбіме жеткен сатқын осы екен-ғой?!

Кир: – Жайырақ сөйле, Крез! Гарпаг – менің ең беделді ақылшыларымның бірі. Күнің түсіп жүрмесін? Ал егер аптығыңды бассаң, саған қоятын сауалым бар.

Крез: – Қойып көр. Ақылым жетсе, жауап беруге тырысайын.

Кир: – Өткенде, лаулаған отқа тірідей қақталып, жаның шырқыраған шақта Аполлонға қосақтап тағы біреуді шақырып едің! Ол кім? Ажалмен арпалысқан сұрапыл шақта жанұшыра еске алғаның кім? Мен білмейтін ол қай құдай? Соның жәйін айтшы!

(Манағыдан өткен өмірін саралап, ой құрсауында теңселіп тұрған Крез селк етті).

Геродот: – Крездің атақ-абыройы шартарапты жайлап,  дәулескер жаугершілігіне қоса шексіз байлығы жөнінде де алуан аңыздар тараған. Сол тұста дақпырты жер жарған ырысты Лидия еліне жан-жақтан жаңа табыс көзін іздеген саудагер-алыпсатарлардың есепсіз керуендері көш түзей бастады. «Жақсыны көрмекке» демекші,  дүниенің түкпір-түкпірінен, әсіресе, атышулы Эллададан әйгілі ойшыл, ғұламалар, сайыпқыран саяхатшылар да қатынай бастады.

Крез: – Сондай айтулы жаһангерлердің бірі – заманындағы Грекияның «Жеті данышпанының» бірі саналатын Солон болатын.

Рас, бастапқыда Солонды жылы қабылдадым. Атақ-даңқына сай сый-сияпат көрсеттім. Еліммен таныстырдым. Жетістіктеріммен бөлістім. Тіпті, уәзірлеріме арнайы тапсырма беріп, қазына сарайымның да есігін аштырдым. Олар тау-тау боп жиналған есепсіз байлық: інжу-маржан, алтын-күміс, асылтастарды көрсетіп бақты.

 

XIкөрініс

Крездің салтанат сарайы. Крез Солонды арнайы қонақ қылып, ас беріп отыр.

Крез: – Ал, қадірлі Солон! Сенің атақ-даңқың жер жарады деп естимін. Іргелі қайраткер, беделді заңгер, оның бер жағында ғұлама ойшыл ретінде Афинаға, оның халқына істеген қызметің ұшан-теңіз деседі. Халық айтса, әрине, қалт айтпайды. Соңғы жылдары жаһангерлік талабың ашылып, дүние шарлап жүрген көрінесің. Талай елді араладың, қисапсыз жандармен дидарластың. Көргені көп, өнегесі мол даналардың санатындасың. Олай болса, айтшы – бұл дүниеде сәулетіне дәулеті сай, абыройына даңқы астасқан бақытты жан бар ма? Болса, кімді атар едің?

Солон: – Иә, патшам, ондай адамдар бар. Менің топшылауымша, солардың бірі – афиналық Телл.

(Крез қапелімде күтпеген жауаптан абдырап қалды).

Крез: – Ал, айта отыр. Неге әлгі Теллді дүниедегі ең бақытты жан деп атадың?

Солон: – Мен еске алған Телл өз елінің шынайы марқасқаларының бірі еді. Афинаның ырысты шағында дүниеге келсе де, ғұмырында небір аумалы-төкпелі замандарды басынан кешірді. Соған қарамастан, көппен бірге шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі болды. Іргесі кең, құтты шаңырақ құрды. Өмірінің береке-ырысына айналған қабырғалы әулетін, барша ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қатарын шашау шығармай замананың асау толқындарынан аман алып шығып, баянды өмір сүрді. Отаны Афинаның жарқын болашағына өзі де, бүткіл үрім-бұтағы да табысты қызмет істеп, сыйлы, қадірлі әулет иесі атанды. Тіпті, Афинаның Элевсин бағытына жасаған әскери жорығында қол бастап, айрықша көзге түсті. Жауды тықсыра отырып, ұлы мұрат жолындағы сол шайқаста қаза тапты. Афина халқы оның елге істеген қызметіне ризашылығын білдіре отырып, үлкен құрметпен, мемлекеттік деңгейде ақ жауып, арулап шығарып салды. Сөйтіп, Телл мырза – өзін қадір тұтқан қабырғалы елінің, төрт көзі түгел үбірлі-шүбірлі әулетінің алдында абыроймен мәңгілік мекеніне жол тартты.

(Мұны естіген Крездің делбезесі бұрынғыдан бетер қозды).

Крез: – Ал, жақсы, солай-ақ болсын делік! Теллден кейін кімді атар едің?

Солон: – Теллден кейін ең бақытты жандар деп Клеобис пен Битонды атар едім. Аргостың осы қос тумасы шама-шарқыларынша дәулетті тұрмыс құрды. Ағайынды екеуі қара өгіздей қайратты, сұрапыл күш иелері еді. Маусым сайын өтетін айтулы атлеттік жарыстарда тірі жанға дес бермей, жүлденің бәрін жеңіп алатын.

– Сол тұста Аргостықтар жыл сайын Гера құдайына бағыштап мейрам өткізетін. Әлгі қос ноянның аналары Гера құдайдың құрметіне салынан храмның беделді дәруіштерінің бірі болғандықтан, оны мейрам кезінде храмға пәуескемен алып бару – қалыптасқан дәстүр болатын. Ал, сол күні егістікте жер жыртып жүрген қара-ала өгіздері уақытысында үйлеріне қайтпай қалады. Содан әлгі екі жігіт аналарын пәуескеге отырғызып, күйменің барша ноқта-қамыт, саймандарын өздерінің иықтарына артып, храмға жаяу әкелген екен. Аргостықтар олардың бұл тірлігіне әбден риза болып, аналарынының құрметіне арнайы дұға бағыштап, осындай сәулелі перзенттерді дүниеге әкелгеніне алғыстарын жаудырыпты. Өле-өлгенше ыстық ықыластарымен бөлісіп, бұйырған дәм-тұздарын алдына тартып өтеді. Ал, ағайынды Клеобис пен Битонды қасиетті Дельфінің әулиелерінің санатына кіргізіп, қалаларында ескерткіш  орнатыпты.

(Бағанадан бері Солонның ұзақсонар әңгімесін зорға тыңдап отырған Крез бұл жолы көкейіндегі өкпе-назын шыдамай ақтара салды).

Крез: – Солон! Қанша күннен бері сый-сияпатымды көрсетіп, құшақ жая қарсы алып жатырмын. Өзіңді көпті көрген дана, дүниенің қыр-сырын таныған сұңғыла ойшыл, ысқаяқ саясаткер деп естуші едім. Апырмай-ау, сонда мына менің пақыр басымды – жаңағы өзің мадақтаған қарапайым жандардың қатарына қосуға жарамағаның ба? Құрығанда солармен теңгермегенің бе? Бұл не жұмбақ? Бұл не сыр?

Солон: – Крез! Өкінішке орай, біз бір-бірімізбен түсінісе алмай отырған сияқтымыз. Рас, құдай қолдап, замананың талай аласапыран белестерінен сүрінбей өтіп келе жатырмын. Оған Афина халқына аз да болса жасаған адал еңбегім, шын ықыласпен төккен маңдай терім себеп шығар. Адам нені болса да пиғылынан таппай ма?

Ал, мына дүние – шыркөбелек, өзгерімпаз емес пе? Адам баласының бір ғұмыры түгілі, замана ағысының өзі сан құбылып тұрмай ма? Мынау аумалы-төкпелі заманда абыроймен өмір сүріп, шама-шарқыңша еліңе қызмет істеу, үбірлі-шүбірлі әулет құрып, ұрпаққа өнегелі мұра қалдыру – сірә, екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақ болса  керек. Ол үшін: қорғасындай салмақты, иірімі терең ақыл ғана емес, таза ынсап, сабыр, қанағат та керек-ау.

Сен жалпы тіршіліктің баянын емес, өз бақ-талайыңның бағасын сұрадың! Олай болса, айтайын. Менің пайымдауынша, адамның басы – жаратқанның қақпақыл добы.

Иә, есепсіз мол қазынаңды көрдім. Қараса қиырынан көз талатын патшалығыңның көлемін де байқадым. Алдыңда құрақ ұшқан мың сан халықтардың көңіл-көкейін де сездім. Алайда, осы береке-байлықтың барлығын, әсіресе, тақымыңдағы билік тізгінін өміріңнің соңына дейін аман сақтап, игілігіңе толық жарата алатыныңа кәміл сенімдісің бе?

– Менің топшылауымша, қай пенденің болмасын тіршілігіне, мейлі, ол қарапайым жан болсын, тіпті, дүниені тітіреткен патша болсын, ғұмырының соңғы күніне дейін баға беруге болмайды. Соңғы демі таусылып, жалғанмен қоштасарда ғана оның тағдырының толық ақиқаты ашылады. Яки, баяндылығы не бақытсыздығы әйгілі болады. Талай-талай қаһарынан қан тамған айбынды патшалар, бай-бақуатты шонжарлар, сайыпқыран жаһангерлер уақыты келген кезде – аптапта ала құйын айдаған қаңбақтай өте шыққан жоқ па?

  • Алдамшы тағдырдың кейде адам-пенденің қауақтай басын қалай қаңғалақтатанын өзің де көріп жүрсің. Қас-қағым, өлшеулі тірлікте таудай бақ, өлшеусіз байлық-қазына сыйлап, кейіннен соның бәрін бір сәтте-ақ тып-типыл қылып – құсадан жер жастандыратынын да жоққа шығармайтын шығарсың?! Сондықтан, мынау ырысың асып-тасқан шағыңда мен сенің бақытыңның баянына баға бере алмаймын.

Тек, замана ағыстарынан солардың бәрін аман-есен, төрт көзін түгел алып шығуыңа тілектестік білдіремін!

(Солон әңгімесін тәмамдайды. Крезге Солонның бұл сөздері ұнамай қалады. Одан әрі сұхбаттасудың жөнін таппай қол алысып, салқын да салғырт қоштасады).

 

XII-көрініс

Крез патшаның сарайы. Мәжіліс залы. Төрде Кир. Әдеттегіше, қолбасшылар, ақсүйек, уәзір-кеңесшілер айнала шоғырланған. Ортада Крез сөйлеп тұр.

Крез: – Солонның сол әңгімесі маған ұнамаған болатын.  Сұхбатымызды тез қайырып, шығарып салдым. Салқын қоштастық.

Сөйтсем, қайран Солон, дана екенсің ғой! Шіркін-ай, жаһанды жалпағынан басып жүрген жер жүзіндегі патшалардың барлығы, сенімен бір ауық әңгіме-дүкен құрып, ақылыңа құлақ асса-ғой! Дүние-жалған дәл осылай ойрандалмай, бүтіндеу болар ма еді?!

Кир: – Ал, Крез, кейінгі тарихың бізге мәлім. Басыңнан не жәй өтсе-дағы, оған алдымен өзің кінәлісің!

Крез: – Расында кінәлі кім? Алтын көрсе жолдарынан таятын Дельфінің сәуегей көріпкелдері ме? Әлде солардың далбаса жорамалына сенген менің ырымшыл ақымақ басым ба? Саф алтыннан, таза күмістен құйылған ыдыс-аяқтар, сәнді бұйымдар, асыл тастардан қашалған әшекейлер, қысқасы, қыруар қазына сыйласам да Дельфінің сәуегейі Пифия санымды соқтырып кеткен жоқ па? Көріпкелдік қасиетіне кінәратсыз сеніп едім-ғой! Алдап соғып, қасіретке батырғанына не себеп?

(Крездің санасы ынты-шынтысымен өткенге ауған. Көз алдынан қас-қағым сәтте бұлбұл боп ұшқан базарлы ғұмыры өткен сайын көкірегі қарс айрылады. Бірақ, келмеске кеткенді қайтаруға дәрмені жоқ).

Кир: – Япырау десеңші! Кінәліні әлі күнге дейін іздегеніңе қарағанда тиісті сабақ алмаған болдың ғой?!

Крез: – Иә, бәріне өзім кінәлі, ырымшыл аңғалдығым кінәлі. Әлде, Дельфі көріпкелінің айтқан жорамалын бұрыс түсіндім бе? Ақиқатын дұрыс парықтамай қара басты ма, мені?! «Егер соғыс ашсаң, ұлы империяны қиратасың» деп хабар бермеп пе еді, көріпкел Пифия?! Иә, сондай сәуегейлік айтқан. Мен бұл хабарды алғасын соғысқа дайындала бастадым. Сөйтсем, «қиратасың» деп сенің еліңді емес, өзімнің Лидиямды айтқан екен-ғой! Соны тәптіштеп сұрап алуға жарамағанымды қайтерсің!

Иә, бәріне өзім кінәлімін!

Кир: – Оған ешкімді менсінбейтін, басқа жұртты ел санатына қоспайтын менменшіл тәкаппарлығыңды тіркеп қой!

Жә, доғарайық бұл әңгімені! Алдымызда келелі істер күтіп тұр. Соның жайын қаужайық. Сен де тынығып ал! Жуық арада мәслихат шақырамын.

(Кир орнынан орнынан қағілез тұрып, шығып кетеді. Бәрі тарайды).

Харон қайықшы: – Иә, әңгіме қыза түскен секілді. Алда не күтіп тұр екен? Ол неғылған келелі іс?

(Осы кезде Харонның қайығына міну үшін жаңа бір лек келеді. Олар бірін-бірі итермелеп, қайсыбіреулері көршілерін ығыстыра қайыққа жармасып, әрі-сәрі болуда. Ашуына мінген Харон оларды ескегімен жасқап, жөнге келтіруде).

 

XIIIкөрініс

      Бабыл (Вавилон) қаласы. Әріректе Этеменанки мұнарасының, Эсагила храмының, Иштар қақпасының сұлбалары көрінеді. Кир Навуходоносордан мұра боп қалған патша сарайында. Нығыздалып отыр. Алдында – иығы төмен салбыраған Вавилонның патшасы Набонид.

Кир: – Набонид, сен Вавилонды ұзақ басқардың. Шама-шарқыңша патшалық құрдың. Міне, бүгін құдай қолдап, мен Вавилонның билеушісіне айналдым. Екеуміз адал майданда, еш бүкпесіз соғыстық. Сен жеңілдің. Бабыл қаласын қорғауға қойған ұлың Вальтасар ұрыста қаза тапты.

Мен Вавилон халқын жаулап алу үшін келген жоқпын. Құтқару үшін келдім. Бодандықтан босату үшін келдім. Сендер Вавилон халқына көп қасірет әкелдіңдер! Мардук құдайға, Эсагил храмына жасаған қысастықтарың бір төбе.

Бірақ, Набонид, сені тірі қалдырамын. Кармания өлкесінің билеушісі етіп тағайындаймын. Қалған ғұмырыңды сонда өткізесің.

Мен бүгін барша Вавилон халықтарына қатысты жарлық қабылдадым.

(Патшаның жарлықтарын оқитын Жаршы алға шығып, Кирдің Жарлық-Манифесін оқиды).

Жаршы: – «Мен – Кир (Құрыш), халықтардың ұлы да құдіретті патшасы, Бабылдың, Шумердің, Аккадтың, дүниенің төрт бұрышының билеушісі, Аншанның ұлы патшасы Камбистің ұлы, Теисптің ұрпағы, Бэл мен Набу құдайларының қолдауына ие болған сүйіктісі – барша бодандықта болған халықтарды құлдықтан босатып, елдеріне қайтардым. Иеліктеріне бұрынғы жерлерін қайтарып бердім!».

(Тақтың алдында ошарылып тұрған бірнеше халықтардың өкілдері тізелерін бүгіп, Кирге ризашылықтарын білдіріп жатыр).

– Мен Набонидтің қалыптастырған аспан асты – жер үсті заңдылықтарының бәрін жойдым. Әсіресе, Мардук құдайдың беделіне күмән келтіріп, Бабылдың жебеушісі Ай құдайы Син болады деген қате шешімін өзгерттім.

– Кезінде Навуходоносор Иерусалим шаһарын жермен жексен қиратып, жүздеген жылдар қызмет істеп тұрған Сүлейменнің храмын талқандағанын білесіңдер. Ал халқын Бабылға құлдыққа алып кеткен болатын. Мен сол иудей халқын 70 жылғы бодандықтан босатып, алдыңғы легін отандарына қайтаруға пәрмен бердім.

Сол топқа Дәуіт пен Сүлейменнің тұқымдарынан тараған Зэрубавельді басшы қылып сайладым. Енді уақыт оздырмай, елдеріңе қайтыңдар. Аман-есен жетіп, тіршіліктеріңді жалғастырыңдар. Кезінде Навуходоносор тонаған шіркеудің асылтастары, қасиетті бұйым-ыдыстары қайтарылып берілсін! Шамаларың келсе, әлгі Сүлейменнің храмын жаңғыртуға күш салыңдар! Жолдарың болсын!

Зэрубавель: – О, Әміршім! Сен әділ де мейірбан патшасың! Бабыл елінің бодандығынан босатқан барша халықтардың әкесі де, әміршісі де өзіңсің! Абыройың асқақтай берсін!

Біз бүгін 70 жыл көкейімізде ұялаған арманымызды арқалап, ұзақ сапарға шығамыз. Қасиетті Иерусалим топырағына жетпей тоқтамаймыз! Осындай ұлы күнге жеткізген саған мың алғыс! Менімен бірге қасиетті Иерусалимге ұзын-ырғасы 40 мыңнан астам халық аттанбақ.

Есімізді жиғаннан кейін Сүлейменнің шіркеуін қайта жаңғыртуға бар күшімізді саламыз деп уәдемді беремін. Оған өзің қайтарған асыл бұйымдардың да септігі тиетіні сөзсіз! Олай болса, амандықта болайық! Қош-есен бол, мәртебелім!

Кир: – Қош болыңдар!

(Бірте-бірте сарайға жиналған қауым тарай бастайды. Кир жалғыз қалады). 

Кир (жалғыз): – Бүгінде, бұл құрлықта маған бағынбаған ел қалмады. Енді Элладаға қарай жол тартсам ба екен? Басқа мәдениет, басқа салт-дәстүр. Бөтен ұстанымдар. Бірақ, ұшан-теңіз байлық көздері де соларда. Тәуекел етуге тұрады.

Әйтсе де, мына шығыс шекараларымыз мазасыз. Шетте отырған елімді қайта-қайта аш қасқырдай талап, тұрғындарын құлдыққа алып кетіп жүрген сақ тайпаларын не істемекпін? Батысқа жол тартсам, тұтқиылдан тылымда ойран салып жатса қайтпекпін? Қой, одан да алдымен осы көшпенділерді жөнге салайын. Тәубелеріне келтірейін. Шығыс жағымдағы іргемді бекітіп алайын. Содан кейін батысқа түрен салармын!

Кезінде бұл сақтардың бабалары Мадий бүкіл Азия құрлығын ойрандап, 28 жыл ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған жоқ па еді?

Атақты Бабыл, Мидия, Лидияның патшалары, Мысырдың фараоны Псамметихтің өзі – сол Мадийдің алдында бүгежектеп, алым+салығын еселеп төлеген. Көшпенділердің құтырғаны соншалық, әлгі алпауыт елдерді бір-біріне шағыстырып, кезек-кезек тонап, ойларына келгенін істеген жоқ па?

Сол Мадийдің түбіне жеткен – менің нағашы бабам Киаксар емес пе еді?! Иә, тарих шығыршығының шыр айналып, ендігі жеткен ұрымтал тұсы осы біздің заманымыз болып тұр-ау?!

Қазір сақтардың үлкен бұтағы массагеттерді сол Мадийдің немересі Томирис басқаратын көрінеді. Ел арасында тараған аңыздарға жүгінсек, сұлулығына батырлығы жарасқан ерекше жанға ұқсайды. Алдымен Елші жіберіп, тамырларын басып көрейін. Олармен санаспаса да болмас.

 

XIV-көрініс

Хор:   – Аңсары енді Кирдің далаға ауды,

Томирис – әйел патша қалағаны.

Массагет тайпасының билеушісі.

Елшілерін жіберіп, хабар салды.

«Екеуміз соғыспай-ақ, келіселік.

Үйленіп, отау құрып, теңеселік.

Тілегімді қабыл ал, мен дайынмын,

Екі елдің қос тізгінін билеселік».

Сақтардың ханшайымы беріспеді.

Амалына Құрыштың келіспеді.

Өзі емес, ел тізігінін көксегенін,

Бетіне айтып, қайтарды Кир меселін.

 

Харон қайықшы: – Кир патшаның да тарихы жуық арада таусылар емес-қой, сірә?!

Геродот: – Сабыр, сабыр! Аңызымыздың бет-алысы енді саралана бастады.  

Харон қайықшы: – Шынында, адамзат тағдыры кілең қантөгіс майдандардан құралған ба?

Геродот: – Олай емес, әрине! Әңгімемізге арқау болып отырған уақыт аса күрделі кезең болатын. Шығыс пен Батысты жалғастырып жатқан аса маңызды керуен жолдарын бақылап отырған көшпелі сақ тайпалары мен Ахемендердің Парсы патшалығы арасындағы қақтығыстар қыза түскен. Кир көрші Лидия, Вавилон, Кіші Азия елдерін жаулап алып, Египет сірә, бұрыннан бодандығында, енді назарын қанат жая бастаған бүкіл эллиндік өркениетке, Афиныға бұрған болатын.

Бірақ, іргесінде қиғалақ салған массагеттерден сескенді. Сондықтан, ат басын шығысқа бұруға мәжбүр болды.

Әлқисса, Томиристің алдында – тек қана өз елін, жазира даласын ғана емес, сонымен бірге, демократияның бесігі атанған бүкіл эллиндік өркениетті қорғап қалу миссиясы тұрған еді. Осы тұрғыдан келгенде, Томирис өз заманындағы жаһандық үдерістердің бел ортасында жүрді, әрі шешуші роль атқарды.

Өйткені, Кир сақтарды жеңген жағдайда, ендігі кезекте афин демократиясының ордасын талқандайтын еді.

Бірақ, тауарих жолы басқа сүрлеуге түсті.

Харон қайықшы: – Жарайды, бұл әңгімені ертең жалғастырайық.

 

Пасаргады* қаласы. Кирдің патша сарайы. Төрдегі тақта  Кир жайғасқан. Айналасында қолбасшылар, уәзір-кеңесшілер, бай-шонжарлар, басқа да шенді-шекпенділер шоғырланған.

Кир: – Әлеумет! Білесіңдер, мына шығыс шекараларымызға іргелес жайғасқан сақ тайпалары бар. Әсіресе, массагеттер соңғы жылдары елеулі қауымдастыққа айналды. Бұл көршілер әлсін-әлсін шалғайдағы елімізді шауып, ойран салып кетеді. Тонайтынын тонап, қалғанын құлдыққа алып кетіп жатыр. Соларға тойтарыс беретін уақыт жетті. Мен Батыс елдеріне жасайтын ұлы жорығымның алдында сол көшпенділерді жөнге салайын деп шештім. Өйткені, батыс елдерін жаулап жатқанда, бабалары Мадийдің қулығын пайдаланып, қараусыз қалған іргемді шауып жатса, не қылмақпын?

Сол себепті, массагеттердің патшайымы Томириске арнайы елшімді жіберген болатынмын. «Екеуміз бір-бірімізбен соғыспайық. Мәмлеге келейік. Сен күйеуіңнен айрылып жесір қалдың, басың бос. Үйленейік, бірге билейік» – деп. Алайда, ол көнбеді.

Содан кейін бұйрық беріп, Окс өзенінің Гиркан теңізіне құятын бір өткеліне құрама көпір салдыра бастадым.

Сөйтсем, әлгі Томирис патшайым маған арнайы хабаршысын жіберіпті. Енді соны тыңдалық.

Сақ елшісі: – Мидияның билеушісі Құрыш! Алдымен маған «қатын бол» деп хабарластың. Көнбедім. Өйткені, саған керегі мен емес, салқар далаға кеңқолтық жайғасқан елім екендігі бесенеден белгілі.

Енді өзен арқылы құранды көпір салғызып жатырсың. Ол игілігіңе жарай ма, әлде сорыңа салдырып жатырсың ба, білмейсің! Ақыры соғыспақ екенсің, сөзімді тыңда! Біз еркін халықпыз. Ешкімнің несібесіне таласып жатқан жоқпыз. Сондықтан, бұл масқараңды тоқтат. Шын соғысқың келсе, жан-жағыңа алаңдамай бар әскеріңмен ыңғайлы өткелден өтіп ал. Біз жағалаудан үш күндік қашықтыққа ығысамыз. Содан кейін майдандасып көрелік.

Ал, бергі бетке өтпеймін десең, оған құдіретің жетпесе, дәл сондай үш күндік жерге ығыс. Сен өтпеген өткелдерден біз өтіп, жеріңде соғысайық!

Кир: – Ал, елші, сен міндетіңнен құтылдың. Хабарыңды жеткіздің. Енді жүре бер. Біз өзара кеңесіп, шешімін жеткізерміз.

(Елші шығып кетеді. Кеңес басталады).

Кеңесшілер: – Уа, ұлы әміршім! Егер күштері тасып бара жатса, келсін! Көрейік әуселесін! Парсы қаруының құдіретін танытайық, ол жабайыларға!

  • Астамсыған көшпенділерді ішке кіргізіп ап, қораға қамаған мал секілді бауыздайық!
  • Уа, ұлы билеуші! Халықтардың патшасы! Массагеттердің құлазыған қу даласына әскеріңді апарып не әбүйір таппақсың? Одан да кіргізіп алып, аз күшпен-ақ талқандап, мерейімізді асырайық!
  • Осы уақытқа дейін төрткүл дүниені жаулаған әскеріңнің сағы сынған жері жоқ!
  • Ұлы патша Құрыш! Сен ешқашан жеңілістің ащы дәмін татқан емессің! Құдіретті Мардук құдай қолдап, барша сұрапыл соғыстарда маңдайың жарқырап жеңіске жетіп келесің! Қашан да солай болғай!
  • Келсін, кірсін! Сазайын берейік!

Кир: – Жарайды! Сендердің пікірлерің түсінікті болды. Бірауыздан шықты. Басқа қандай пайым бар? Ал, кеңесшім Крез, сен не дейсің?

Крез: – Тыңдайтын болсаң, айтайын! Менің пікірім басқа. Мына уәзірлерің, кеңесшілеріңнің пайымына мүлдем қарама-қайшы!

Кир: – Иә, Крез сөйле! Сен де сол кеңесшілердің бірісің!

Крез: – Егерәки аш қасқырдай қаптаған сақтардың әскерін еліміздің ішіне кіргізетін болсақ, қандай қауіптер күтіп тұруы мүмкін:

біріншіден, ұлы билеуші, құдіретті Камбистің ұрпағы, сандаған ұлыстар мен халықтардың патшасы Құрыш – көшпенділердің патшайымы Томиристің ыңғайына жығылып, әскерімен ішке кіргізіпті деген жаман атаққа қалатының анық. Сөйтіп, соғыс басталмай тұрып-ақ, елдің де, одақтастардың да теріс ықыласына тап боласың;

екіншіден, жауыңды кіргізіп ап өз жеріңде жеңіп жатсаң, одан тапқан абыройың – сақтардың жеріне кіріп талқандағаныңнан гөрі тым пәстеу болмай ма? Әрі дүниені жайлаған жауынгерлік даңқыңа көлеңке түсірмей ме?

Содан кейін, «жаман айтпай, жақсы жоқ», Томирис ертең қалың әскерімен елдің ішіне кіріп алғаннан соң қапелімде жеңіске жетіп жатса, патшалығыңды аш қасқырдай ойрандамай ма? Бір кіргеннен кейін ата жауымыз, тез шыға қоя ма?

Сондықтан, менде мынадай ұсыныс бар.

Кир: – Оны да айт. Тыңдап көрелік!

Крез: – Айтайын. Естуімше, сақтар өте қарапайым, ат үстінде өмір сүреді. Үлде мен бүлдеге орану, тамақтың түр-түрін пісіріп, дастархан мәзірін байыту деген оларға мүлдем жат нәрсе. Әсіресе, жүзім шараптарына деген әуестігі аңыз боп тараған.

Сондықтан, алдымен Томириске елші жіберіп, арғы бетке өтетінімізді хабарлайық. Уәделескендей үш күндік жерге ығыссын. Содан кейін, бір-екі күндік қашықтыққа ақшаңқан шатырлар тігіп, кішігірім қала қосын жасайық. Оның ішін үлде мен бүлдеге оранған күтуші қызметкерлермен толтырайық. Көшпенділердің көздерінің жауын алатындай тағамдардың алуан түрін қояйық. Естерінен тандыратындай көл көсір шараптар дайындайық. Ал, ол қалашықты күзетуге әрі жаудың алғашқы легін күтіп алуға шағындау әскер қолын қалдырайық. Негізгі күштерімізді құпия ұстайық.

Содан екпінмен келіп соғысқа киліккен сақ әскері әлгі әскеріміздің бір жұрнағымен шайқасып, жеңіске жетсін делік. Жеңістің буына қызып, әрі қорғаусыз қалған қалашықтағы көл көсір тағамдарды, шарап толған жаюлы дастархандарды көріп, олар тойлауға кіріспей ме? Кіріссін! У-шу боп мейрамдап, әбден тойынып мас болған оңтайлы сәтте қырып салмаймыз ба?

Уа, Құрыш патша! Сенің нағашы бабаң Киаксар кезінде осы Томирис патшайымның атасы – ұлы Мадийді бүкіл ет жақын, үрім-бұтағымен, қолбасшы, уәзірлерімен бір түнде-ақ жайратып салмап па едіт?..

Кир: – Тоқтат, Крез! Емеурініңді түсіндік!

Крез (кібіртіктеп): – Енді, бабасының істегенін шөбересі қайталаса, несі айып?

Кир: – Жә жетер! Аракідік тіліңмен у шашып отырмасаң, сен Крез боласың ба? Тереңге бармай-ақ қоялық! Дегенмен, айтқан кеңесің құлақ асатындай-ақ екен. Сөзіңде жан бар сияқты. Олай болса, осыған тоқталық! Соғысқа дайындалыңдар! Жолға қамданыңдар! Әлгі елшіге біздің ұйғарымымызды жеткізіңдер! Іске сәт! Ұлы Мардук қолдасын!

(Кеңес аяқталады. Барша қауым үнсіз тарасады).

 

XV–көрініс

Хор:  –  Кир Крездің құлақ асты байыбына,

              бұрынғы қас жауының пайымына.

Сақтардың отанына аттанады,

көпір салып өтеді дариядан.

Бір күндік қашықтыққа қос тігеді,

Ақшаңқан шатырлардан қала жасап.

Ішінде той-думанның мәзірлері,

Күтуші, жүзім-шарап, ас-тағамдар.

Қос-қаланы күзеткен парсы әскері,

Массагеттің шабуылына тап болады.

Кескілескен қантөгіс тез бітеді,

Сақ әскері Кир жасағын талқандайды.

Жауларын жеңгеннен соң, массагеттер,

Қалашыққа басып кіріп, ойрандайды.

Арнайы дайындалған ас-тағамды,

Местер толы жүзімнің шараптарын,

Тез арада тауысып, сайрандайды.

Күн бата, ішіп-жемге тойғандары,

Масайып, қалбалақтап, тайраңдайды.

Қалың ұйқы қысқандары сұлай кетіп,

Сол жерде-ақ, қисайып, қорылдайды.

Тасада аңдып тұрған парсылықтар,

Қалғып кеткен сақтарды бауыздайды.

Тұтқындап, қарғы-бау сап, масаяды.

Сақтардың қолбасшысы – Спаргапис,

Томирис патшайымның төл баласы,

Осылайша, тұтқын болды, сор маңдайлы!

Парсы әскерінің арнайы тіккен ақ шатырлы қос-қаласы. Жартылай соғыстың зардабын шегіп құлаған, қисайған  тұстары көрінеді. Алдыңғы қатарда – қолбасшы, уәзірлерімен дабырласқан Кир. Олардың артын ала парсы әскерінің бір тобы.

Алдарында қол-аяқтары байланған тұтқындар. Массагеттердің қолбасшысы Спаргапис басын төмен салбыратып, қапаланып тұр.

Спаргапис: – Парсы патшасы Құрыш! Сен ашық соғысқа шықпай, қапияда аярлықпен қолға түсірдің! Бұл жер жарған атағыңа жараспайтын тірлік болды. Кешегі жасағыңмен біз майдан алаңында кездестік. Жеңдік. Бірақ, сенің мынадай түлкібұлаң опасыздыққа баратының біз үшін күтпеген жәй болды. Дала заңына мүлдем керағар тірлігіңді көрдік. Егер абыройыңның қалған пұшпағын сақтағың келсе, бізді босат! Тұратын жеріңді айт! Ашық майданда соғысайық.

Соғыс деген біз үшін киелі ұғым. Оның қалыптасқан заңдары бар.

Кир: – Жас жауынгер Спаргапис! Қулық, айла деген де соғыс амалдарының бір құрамдас бөлігі. Сондықтан, тұтқынға түскендеріңнің себебін өздеріңнің ашқарақ құлқындарыңнан іздегендерің дұрыс болады.

Ал, ақиқатына жүгінетін болсақ, мен шешең Томириске бірнеше рет хабар жібердім. Қосылайық, екі елді бірге билейік дедім, көнбеді. Түбіміз бір, атакүлдік мекеніміз ортақ халықтармыз. Соғыспайық, қайта туысайық дедім, болмады. Амал жоқ, міне, сендердің топырақтарыңа аяқ бастық. Әлде де бейбіт келісімге келейік. Сен сол игі іске мұрындық бол. Шешеңмен сөйлес, ымыраға келтір!

Спаргапис: – Е, енді мені шешеме елші қып жіберейін дедің бе? Тұтқын болған масқара күйімді бопсалайын дегенің бе, бұл? Қош, қолымды босат онда!

Кир (үміттеніп қалады): – Сөйтіп, жөніңе келгенің дұрыс болар. Әлде де кеш емес. Босатыңдар ханзаданы!

(Кирдің жасақтары Спаргапистің қарғыбау, тұзақтарын шеше бастайды. Қолы босаған Спаргапис көз ілеспес жылдамдықпен бұғауын шешіп жатқан парсы жауынгерінің беліндегі қанжарын жұлып алады да, өзінің жүрегіне қадайды).

Спаргапис: – Тапқан екенсің бопсалайтын адамды! Саған елші болғанша, абыройымның құрбаны болайын!

(Қанға бөккен бойы жан тапсырады. Мұндайды күтпеген Кир де, айналасындағылар да абдырап қалады).

Кир: – Қап, мұнысы бекер болды. Қызбалыққа салынды. Әттеген-ай! Бекерге жазым болды-ау! Ханзаданың денесін дәрежесіне сай құрметпен шешесіне жеткізіңдер! Оны өлтіру біздің пиғылымызда болмағандығын қоса айтып барыңдар! Қош, жас ноян!

(Барша жұрт қайғылы азамен тарасады).

Харон қайықшы: – Иә, оқиға одан сайын шиеленісе түсті. Осы адамдар түсініксіз әлем. Біреулері әр сәті үшін қалтырап-дірілдеп, жанаярлық жасайды. Күнін санайды. Ал екінші біреулері еш қиналмастан өз еркімен өмірмен қоштаса салады. Түсінсем бұйырмасын!

Егер мынау жолайрықта бір күн тұрса… Көрер ме еді, сезер ме еді, тіршіліктің қаншалықты тәттілігін?! Ақирет алаңы тұрғындарының – жер бетіндегі бір күндік ғұмыр емес-ау, бір сәттік мезетін аңсайтынын білмейді-ау?!

Геродот: – Ал, қош делік. Шамасы, жаңа тағдырлар Аидтың қақпасын қағып тұрғандай! Көрелік.

 

XVI-көрініс

               Хор (пантомима):

                    – Алапат соғыс басталды,

Бұрын соңды болмаған.

Кезек кезек күш алды,

Екі жақ та қаумалап.

Парсы менен массагет,

Тайпалары майданда.

Тұрып алып, қарсы бет,

Оқ жаудырды сайлап ап.

Жақын келіп, бетпе бет,

Сүңгілесті найзалар!

Бірін-бірі ала алмай,

Кескілескен шайқаста.

Жалпақ дала – қан майдан!

Тарихта бұрын болмаған.

Тау-тау өлік жиналған,

Ыңырсыған, аһ ұрған,

Жаралылар мыңдаған.

Ақырында жеңілді,

Парсы әскері тас-талқан.

Амазонкалар* килікті,

Шешуші кезде тасадан.

Жауын қанға бөктірді,

Томиристің жасағы.

Кир әскері талқан боп,

Кері қарай қашады.

Сай-сайға жан тасалап.

Парсыларды қудалап,

Сақтар әбден қызынды.

Ешкімді сау жібермей,

Қырып-жойды сан мыңды.

 

Кең жазық дала – майдан алаңы. Кир мен Томирис қарама-қарсы бетте. Өз қостарынан соғыс ретін басқаруда. Кескілескен шайқас. Екі жақ біресе бір-біріне садақтан оқ жаудырып, біресе, қоян-қолтық шабуылға көшіп беріспеуде.

Шешуші сәтте тасадан сақ амазанколарының қаһарлы әскері тұтқиылдан килігіп, соғыс тағдырын шешіп кетеді.

Парсылар шегіне-шегіне, бір-біріне соқтығысып қырғынға ұшырайды.

Бір мезгілде сақ әскерінің қалың нөпірі Кирдің құрған шатырына жетіп, кескілескен шайқаста басқару қосын құлатады. Қарақұрым қаптаған сақ әскерлері мұхиттың асау толқындарындай жолындағылардың барлығын жайпап, жоқ қылады.

Томирис: – Міне, Құрыш, дегеніңе жеттің! Жалпақ далада бейбіт күнін көріп жатқан еліме ойран салғың келді. Кезінде ата-бабаларымыздың бір-біріне жасаған озбырлығын жандандырам деп келіп, осы далада өзің жер жастандың! Масқара боп, ойсырай жеңілдің!

Алғашында, қаруыңның күшімен емес, шарабыңның қызуымен алдап соғып, менің әскерімнің үштен бірін жусатып кетіп едің! Онымен қоймай, перзентім Спаргаписті қапыда қолға түсіріп, өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүр еттің! Балғын жүрек нояным намыстан жарылып, құрбан боп кетті! Сөйтіп, қайтпас қасіретке шалдырдың!

Мен – Томирис, массагеттердің патшайымы – Күн құдайымның атынан ант бергенмін. Соғыс іздеп келсең, басыңды қанға бөктірем деп. Енді сол уәдемді орындаймын!

Уа, қолбасшыларым! Бұйрығымды тыңда! Мынау тау-тау үйілген өліктердің ішінен бар болса Құрыштың денесін табыңдар! Тірі болса, тірідей жеткізіңдер!

(Томиристің жанында тұрған жауынгерлер бірнеше топқа бөлініп, жан-жаққа тарайды. Мақсаттары – патшайымның бұйрығын орындау. Құрыштың денесін табу).

Харон қайықшы: – Қырылған сан мыңдаған жауынгерлердің арасынан Құрыштың денесін табу оңай болмайды-ау?

Геродот: – Жалпы, тарихта сақ патшайымы Томиристің –  Құрыштың басын кесіп алып, қанға толы торсыққа батырғаны жөнінде аңыз бар. Дегенмен, Құрыштың мәйіті өз астанасы Пасаргадыда жерленген деген дерек те жоқ емес.

Қаншама дегенмен, тарихшы деген атым бар-ғой. Адалын айтуға тырысайын.

Сақтар да, парсылар да түбі бір арийлік тайпалар-ғой. Бәлкім, ортақ мәмлеге келіп, Құрыштың  аруағына бабалар заңына сәйкес құрмет көрсеткен болуы да мүмкін. Қайткен күнде де, Құрыштың – ұлы Еуразия түбегінен, яки, арийлік ортадан шыққан өз заманының дәулескер билеушісі болғандығы күмән туғызбайды.

Харон қайықшы: – Сонымен, Құрыш, Крез, Томиристердің тағдырлары біте қайнаса тоғысып, таратыла созылып, шым-шытырық аңыздарының тәмамдалатын уақыты да таяп қалды-ау деймін!

Геродот: – Иә, соған ұқсайды. Алайда, осы тоғысулар мен шарпысуларды туғызған кіндік оқиғаға енді келдік. Ол оқиға әлгі аталған Құрыш, Томирис, Крездердің аталарының заманынан бастау алады.

Көрмейсің бе, тауарихтың қатпарлы қара топырағына бір кездері себілген зұлымдық дәні ақыры жер қойнауын жарып шығып, дүниенің діңгегін шайқалтпады ма? Әрі ұрпақтарына зобалаң боп жабыспады ма?

Харон қайықшы: – Бұл ертеңгі әңгіменің өзегі болсын.

 

XVII-көрініс

       Олимптегі Ареопагтар кеңесі. Төрде – Зевс. Оның айналасына: Гермес, Гера, Афродита, Аполлон, Афина, Гефест т.б. жайғасқан. Әлденені қызу талқылап жатыр.

Афродита: – Бір мәселені ортаға салайын деп едім. Әлгі Стикс өзені арқылы өлген адамдардың жанын Ақирет жолына апаратын қайықшы бар емес пе?..

Гермес: – Харон-ғой, оның есімі Харон!

Афродита: – Иә, Харон! Өзі біртүрлі, арсын – гүрсіндеу ме деп қалдым… Естуімше, кейде аяқ астынан көңілі айрандай бұзылып, кейде себепсіз жайнаң қағып, айналасындағылардың есін шығарады дейді… Ал, ашуға мінген кезде ешбір жанды қайығына жолатпай, ескектерімен жасқайтын көрінеді.

Гермес: – Расында, Харонды көпшілік – қаһарынан қан тамған, қаратүнек мінезді деп бағалайды.

Аполлон: – Қайдам, оның мойнындағы қызметтің қиямет-қайымына төзу үшін де күніне мың құбылып тұрмаса болмайды-ау?

Гермес: – Қара тастай қатыгездігіне көңілшектігі сай екендігі рас. Афродитаның айтқан сөзінде жан бар! Мен онымен жиі жүздесіп тұрамын.

Аполлон: (Гермеске) – Аңғал жандарға бүйрегі бұрыңқырайды-ау деймін.

Гермес: – Ондай мінезі де бар.

Зевс: – Әйтсе де, өзіне жүктелген міндетті осы уақытқа дейін бір де бір рет уақытылы атқармай қалған кезі жоқ.

Біз Харонға арнайы пәрмен бергенбіз. Егерәки, дәм-тұзы таусылған пенде лайықты түрде жерленбесе – оған ең алдымен – әруағына құрмет көрсетер ұрпақ тәрбиелемеген өз басы кінәлі. Не арулап көмуге жарамаған туған-туысқандары мен ет жақындарының шикілігі. Бұл ретте соңында қалдырған мұрасының сапасы мен көлемі де маңызды. Харон ондай пенденің жанын Аид патшалығына өткізбейді.

Ал, қызметі үшін төлемақы алуына рұқсат бергенбіз.

Қалыптасқан дәстүр бойынша, жерленген адамның тілінің астына Харон қайықшыға тиесілі бір обол төлем салынуы керек.

Афина: – Айтпақшы, сол Харон қайықшының «Аид патшалығының романтигі» деген де лақап аты барға ұқсайды.

Гермес: – Мүмкін, әбден мүмкін. Пәнилік дүниемен қоштасатын адамның жанын Ақиретке жөнелту оңай емес. Оған зіл батпан мінезбен бірге айла да, ақыл да керек-ау.

Харон қайықшы жөнінде шынында әңгіме көп. Асыра мадақтаулар да, қарғыс-қаралау сөздер де айтылып жатады. Қайткен күнде де, артық әңгіме қызметіне нұқсан келтірмесе болды.

Гера: Қосыламын. Ондай жауапты қызметке мінез-тұрпаты біртоға орнықты, ерсі қылығы жоқ, салмақты жанды таңдаған дұрыс. Жөнсіз дақпырттың не керегі бар?

Зевс: – Жә, асығыс шешім қабылдамайық. Қызметін кінәратсыз атқарып жүрген жанды кенеттен шетке итеріп тастау еш қисынға қонбайды.

Ажал шеңгелі тек төбесінен төнгенде ғана есін жиятын адам баласы тіршілікке жармасу үшін не істемейді? Не айтпайды? Не амал жасамайды дейсің!? Бесенеден белгілі-ғой! Сондықтан, тағы бір сынап көрелік. Егер алдағы уақытта қызметінен кінәрат тауып, тірліктеріне риза болмай жатсаңдар, ауыстыру жайын да қарастырармыз.

Афродита: – Менің айтпағым басқа еді.

Бәрі: – Иә, сөйле, Афродита!

Афродита: – Соңғы кезде сол Харонымыз бөтен мінез көрсетіп жүргенге ұқсайды. Қасына Геродот тарихшыны ақылшы қып ұстап, екеуі ойларына келгенін істейтін болыпты. Ақирет жолына келген жандарды топ-топқа сұрыптап, Жер бетінде болған кикілжіңдерін жіпке тізіп, «тағдырларыңның шын сыры осы жерде ашылады» деп сәуегейлік жасайтын көрінеді. Ақиреттен аса алмай, жолайрықта қыстырылып қалған жандарды бір-бірімен шарпыстырып, жер асты патшалығының заңдылықтарын өз еріктерімен құрамақ көрінеді. Сөйтіп, өз пайымдары бойынша билеп-төстемек сыңайлары бар.

Гермес: – Олай болса, екеуінің арасын ажыратайық.

Бәрі: – Қалайша?

Гермес: – Шын мәнінде, тарихшы Геродоттың миссиясы толық орындалды деуге негіз бар. Атқарған қызметін ескере отырып, басқа ендіктерде жаңғыртайық.

Гера: Олай болса, алдымен сана-есін тазартатын Лето өзеніне бір малындырып алайық… Әрі бұл амалымыз Харон қайықшыға жасаған ескертуіміз болсын!

Гермес: – Менің білуімше, дәл қазір сол екеуі – жер бетінде бітпеген даулардың бір парасын тудырған кіндік оқиғаны жария еткелі жатыр.

Афродита: – Оған жол беруге болмайды. Тағдырдың ақтық сырын ашу – пенде баласының құзырына жатпайтын тірлік.

Зевс: – Келісілді.

 

XVIIIкөрініс

                  Киаксардың қастандығы

Сахнаның көкжиегінде – Мидияның астанасы Экбатана шаһарының сұлбасы көрінеді. Әсіресе, Анахита храмының колонналары ерекше көз тартады.

Киаксар патша қаланың бас қақпасынан шығып, далаға беттейді. Айналасында шенді-шекпенділері, уәзір, кеңесшілері, қолбасшылары.

Мидиялықтар дала төсіне көшпенділердің киіз үйлеріне ұқсас ақ шаңқан шатырларды қаз-қатар тігіп тастаған. Қалашықта үлде мен бүлдеге оранған күтуші қызметкерлер әрлі-берлі шапқылап, шатырларларға ас-тағам мәзірлерін, шараптар толы құмыраларды тасуда. Әр шатырдың жанында думанды ән шырқап, шыр-көбелек би билеушілердің әлем-жәлем киімдері көлбеңдейді.

Киаксар (жанындағы уәзіріне): – Қонақтар келіп қалды. Тас-түйін дайын болыңдар. Мадий мен оның ет жақындары менің жанымда болады. Қалған қонақтарды сұрыптап, шатыр-шатырға орналастырыңдар. Жандарына дәреже-шеніне сай біздің сарбаздарымызды  қосыңдар. Әр шатырда болып жатқан істерді жіті бақылап отыратын адамдарыңды сайла. Олардың бір-бірімен байланысы сергек болсын. Күдік туғызар адамдарды шатырларға жолатпа.

Белгі-ишаратты өзім беремін. Әбден шарапқа тойып, масайып қызғаннан кейін көп ұзамай буындары босап, қалжырай бастар. Денелері балбырап, көздерін ұйқы қысқан шақта бас салу керек. Аяушылық болмасын. Тым-тырыс, асқан жылдамдықпен тындыру қажет.

Уәзір: – Ляппай, тақсыр! Айтқаныңыз болады.

(Осы кезде Мадий патша бастаған бір топ сақ шонжарлары, қолбасы, уәзірлері Киаксар тобына қарсы келіп, шұрқырай табысып, амандасады).

Киаксар: – Уа, қымбатты қонағым Мадий патша, қош келдің! Зарина патшайым, барша қауым! Өздеріңнің құрметтеріңе салған мынау кішігірім қалашығымызға кірген қадамдарыңыз құтты болсын!

Бүгінгі күнді думанды қызықпен бірге өткізейік! Көңіл қошын көтеріп, пейіл құшағын айқара ашайық! Қонақжай дастарханымыз жаюлы!

Мадий: – Киаксар патша! Қошемет-көңіліңе ризамын. Шақыруыңды қабыл алып, бәйбішем Зарина патшайымнан бастап, барша қолбасшы, уәзірлерімді түгел алып келдім. Біраз жылдардан бері тізе қосып бірге келеміз. Талай асулардан өтіп, талай қамалдарды бірге алдық. Алда да үлкен мақсаттар тұр!

(Осы кезде мидиялық жауынгер ерекше сұлу жаратылған сәйгүлікті көлденең тартады. Барша қауым әлгі жылқының бітіміне таңғалып, сұқтана қарап қалған. Киаксар аттың тізгінін қолына алып, оны Мадийге тарту етеді)

Киаксар: – Қадірлі қонағым, Мадий патша! Мынау ғажап сәйгүлікті арамыздағы мызғымас достықтың белгісі ретінде тарту етуге рұқсат ет!

(Бәрі гу-гу етіп, ризашылық көңілдерін тамсана білдіріп жатыр).

Мадий: – Пай, пай, жарықтық! Сирек жаратылатын сәйгүліктердің сойынан екен. Мың да бір алғыс! Қарыздармын алдыңда, Киаксар патша!

Киаксар: – Оқасы жоқ, достым! Өзіңе деген ерекше құрметімнің бір сәулесі деп қабылдарсың! Бұл сәйгүлік тек қана сұлу мүсінімен емес, шабандоз жүйріктігімен де танымал. Жуырда Бабылда өткен айтулы бәйге сайысында оқ бойы суырылып, алдына жан салмай келді.

– Құрметті қонақтар, ал енді не тұрыс бар? Алыс жолдан шаршап-шалдығып жеткен боларсыңдар!  Қош келдіңдер! Жайғасайық!

(Сәйгүлікті сақ жауынгері алып кетеді. Киаксар мен Мадий, бір топ қолбасшы, уәзірлер, сақтар мен мидиялықтар аралас, бас шатырға кіреді. Әйелдер жағына бөлек жай дайындалған екен. Зарина патшайым қасындағы жас бүлдіршінімен бірге оқшау тұрған шатырға беттейді.

Сөйтіп, барша қонақтар орын-орындарына жайғасып, той-думан басталып кетеді. Ағыл-тегіл төгілген ас-тағам, құйылған шарап, мың бұрала билеген хор қыздарындай сұлулар. Шырқалған ән).

Той думан күні бойы жалғасып, түн батқанға дейін ұласады. Ақыры, қонақтардың басым көпшілігі мастықтан қалжырап, ұйқыға кеткен мезгілде Киаксардың ишарат-белгісімен дабыл қағылады. Мидиялықтардың тәулік бойы тасада тас-түйін отырған жауынгерлері барша қонақтарды – сақ қолбасшыларын, шенді-шекпенділерін әп-сәтте қырып салады.

Киаксар масаң тартып, көзі ілініп кеткен Мадийді өз қолымен бауыздап өлтіреді.

Осы кезде қарбаласты пайдаланып, мидиялықтарда шарап құюшы қызметін атқарып жүрген сақ тұқымы Шегем Зарина мен оның бүлдіршінін шатырдан аман алып шығады. Жүгендеулі атқа қондырып, оған тағы бір атты жетектетіп, түн қараңғылығымен қашырып жібереді.

 

XIX-көрініс

Жер асты патшалығы. Харон өткелдегі қайығын жағалауға тіреп, келушілердің жаңа легін қарсы алып жатыр.

Хор:  –   Қара түнек, қою түн патшалары –

Эреб пен Нюктаның құрсағынан,

Әу баста ерекше іске жаратылған,

Харон-ғой бұл, қар жауған қабағынан!

Жер астының меңіреу патшалығы –

Ақиреттің міз бақпас құзырына –

Дүниеден өткендердің жанын тасып,

бір уақыт дамыл көрмей, қимылдаған!

Харон қайықшы: – Ақирет алдында жауап берушілердің жаңа бір легі келді. Кімдер болды екен?

– Геродот серігім із-түзсіз жоғалып кетті. Ғасырлар ауысып жатыр, еш хабар жоқ. Зым-зия.

 

Хор:  – Бұл жолғы қонағымыз – Аттила хан.

Дүр сілкінген дүние қаһарынан.

Дәм-тұзы таусылғасын келіп тұр ол,

Орын алмақ Харонның қайығынан.

Оны да күтіп жүрген жан бар, мұнда.

Күн санап, өткел санап, мазаланған.

Төл бауыры Аттиланың – Бледа ол,

Қоятын сауалы көп, ағасына.

Жерасты патшалығы қайта-қайта сілкініп, дүмпулер көбейеді.

Харон қайықшы: – Кел, кел, жарықтық!

Ақиреттің тарқолтық алаңқайы – ендігі мекенің.

Жер бетіндегі тірліктерің әдірем қалып, басқа әлемге аяқ бастыңдар. Бұрынғы ұстанымдарың мұнда  жүрмейді.

– Сонымен, Ақиреттің сотына дайынсыңдар ма?

(Харон қайықшы сөйлеп тұрып, жан-жағына қарағыштайды. Құдды, біреуді күткендей. Құдды біреуді іздегендей).

Харон қайықшы (қаһарына қайта мініп):

– Ал енді әңгімені доғарып, қайыққа отырыңдар. Қатерлі Стикс өзенінен өткіземін. Алдымен төлемімді аламын. Содан кейін Ақиреттің ақтық соты өтетін алаңқайға апарамын.

(Харон ескегімен қақпақылдап, келгендердің тілдерінің астында сақталатын өзіне тиесілі бір обол төлемін алып, қайығына жайғастырады).

Харон: – Ал тарттық, Ақирет жолына!

 

 XX-көрініс

2020-жыл. Әлемдік мегаполистердің бірі. ЮНЕСКО-ның халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Мінберде – медициналық маска киген Геродот. Залда бірен-саран халық, барлығы маска тағынған.

Геродот: – Жаратылыста артық ештеңе жоқ. Аспан әлемі, Жерүсті, Жерасты дүниелері, жалпы Ғалам біртұтас. Ал, пенде өмірі – сол Жаратылыс тіршілігінің құрамдас бөлігі.

Адамзат тіршілік тынысына көп ойран кіргізіп алды. Оның бәрінен тазаруымыз қажет. Әйтпесе, өркениет қайта жаңғырулардың шеңберінен шыға алмай қалады.

Оған қоса, Жаһандық тіршіліктің опатты  заңдылықтары жүзеге аса бастайды. Оның аяғы алапат дағдарыстарға апармасына кім кепіл?

Уайымдайтыным, әу баста өмір сүруге қолайлы деп таңдалған Жер бетін Ақирет алаңына айналдырып жібермесек болар еді!?

 

Салтанатты залды үнсіздік кернейді. Медициналық маска киген тыңдаушылар құдды жансыз қуыршақтарға айналғандай…

Сәлден кейін сол үнсіздік мегаполистің күнделікті дабыра шуына ұласады. Ерсілі-қарсылы жөңкілген маска киген адамдар, көлік түрлері, олардың ышқына шығарған дауыстары, шулары…

Сахнаның төр жағында – алыстан мұнартқан биік тау сілемдерінің көрінісі. Қарлы шыңдар. Құдды мызғымас, мәңгі Тіршіліктің үнсіз куәгерлері іспетті…

 

Соңы

 

  • Бесөзен – грек аңыздары бойынша Жерасты патшалығында бес өзен бар: Стикс, Лето, Ахерон, Коцит, Флегетон

 

  • Цербер – грек аңыздары бойынша Жерасты патшалығының күзетшісі, үшбасты аждаһа ит

 

  • Пасаргады қаласы – ежелгі парсы шаһары, Ахеменидтер империясының алғашқы астанасы

 

  • Амазонкалар – грек аңыздары бойынша әйел патшайымға ғана бағынатын жауынгер әйелдер

 

                                                                            Ермек Аманшаев




ПІКІР ЖАЗУ