Ілияс Есенберлин тағлымдары
Есенберлиннің кітаптары қазақ хандықтарының бес ғасырға жуық өмірін қамтиды. Ол ұлттық әдебиетімізде осынша көлемді жол салып, тарихтың шешуші кезеңдерін ой елегінен өткізді және өз кітаптарында көркем бейнеледі. Халық өз тәуелсіздігін қайтарып алып, оны нығайтуға ұмтылып жатқан қазіргі кезде ол салған соқпақпен жазушылардың басқа, неғұрлым жас ұрпағы жүріп келеді. Олар тарихты көркем бейнелеуде өз жолын, өз бояуларын іздеуде, мүмкін, олардың біреулері мейлінше жарқын полотнолар жасар, бірақ I.Есенберлин ұлттық мәдениет пен әдебиеттің тарихында күрделі де қатерлі кезде әлі жан баспаған соқпаққа түскен тыңнан жол салушы ретінде қала береді.
Қазірдің өзінде-ақ Ілияс Есенберлинсіз қазақ әдебиетін көзге елестету мүмкін емес, ал оның романдарының беттеріне мұқият үңілмейінше, ұлттың сан ғасырлық тарихына талдау жасау мен ой жүгірту мүмкін емес және толымды болмайды, ал ол романдардан оның жазушы ретіндегі зерттеулерінің, шығармашылық ізденістерінің нысаналылығын, ойлау негізінің өзі ғана емес, сонымен қатар оның түпкі нәтижелері, оның өмірлік тұжырымдамалары да жемісті болғанын аңғармау мүмкін емес. Шыңғыстың тікелей ұрпақтары – он бесінші ғасырда қазақ мемлекеттігін құрған Бірінші Әбілқайыр хан мен одан кейінгі қазақ хандары өмірінің мысалында Ілияс Есенберлин «билік пен халық», «әмірші мен тобыр», «жауыздық пен өнер» ұғымдары жөнінде өзінің философиялық нобайларын жасайды. Дешті-Қыпшақтан бастап Абылай хан мен Кенесары Қасымов заманына дейінгі Ұлы даланың сан ғасырлық тарихы оқиғаларына талдау жасай келіп, жазушы өзінің тұжырымдамасын жасап, көп жағынан даулы билік моралын негіздейді. Біз бүгінде, қайтадан тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін өзіміздің алдымызға қойып отырған: ұлттық бірлік идеяларын білдіруші болуға кім және қандай іс-әрекеттерімен моральдық құқылы деген сұрақтардың жауабын іздестірдік…
Өз мемлекетін қалай және қайда бастау керек?
Бірінші Әбілқайырдың, Қасым хан мен Хақназардың, даңқты Тәукенің, Абылай хан мен Кенесарының өмірлері мен ерліктерінің тағлымы – бұл тағлымдар қазақтарға не берді, жоңғарларға қарсы, ал одан соң орыс отаршылдарына да қарсы үздіксіз шайқастар қазақтарды неге үйретті /1798 жылдан 1930 жылға дейін жүзден астам ірі-ірі қарулы көтерілістер мен бүліктер болған, олар аңызға айналған Сырым Датұлының, Исатай мен Махамбеттің көтерлістерінен басталып, Аманкелді Имановтың көтерлісі мен отызыншы жылдардағы мейірімсіз, жоспарланған геноцидке қарсы ашыққандардың бүліктері мен көтерлістеріне дейін жетеді де, қазақ жастары Мәскеудің және оның Қазақстандағы ең соңғы қолжаулығының өктемдігіне ашық қарсы шыққан 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларымен аяқталды/.
Дала өңірінде ұлт-азаттық қозғалыс ешқашан тоқталған емес. Бұрынғы көшпенділер өздерін ержүрек жауынгер ретінде көрсете білді. Мұны өткен заман тарихшылары Геродот пен Страбон растайды. Қазақтар өздерін өткен дүниежүзілік соғыста да тамаша жауынгерлер ретінде көрсетті. Бірақ өз қару-жарғы болмаған олар он тоғызыншы және жиырмасыншы ғасырдағы генерал Черняев сияқтылардың жазалау экспедицияларына қарсы тұра алмады…
Иә, біз соғысуды үйрендік, ал тәуелсіз болу үшін оның үстіне құрылыс сала білу – заводтар мен фабрикалар салуды машиналар мен компьютерлер жасауды білу, корейлер мен малайзиялықтар, жапондар мен тайлықтар сияқты жасай білу керек…
Патшалық Ресей мен тоталитарлық режимнің ұлт ретінде, халық ретінде станоктар мен техникадан өте шеберлікпен және жымысқылықпен аулақ ұстағаны рас. Орыстандыру толық қарқынмен жүріп жатса да, бізді техникалық, ғарыш, құрылыс мамандықтарынан шеттетті, дипломатиядан аулақ ұстады, саясатшылар да, мемлекет қызметкерлерін де, әскери мамандар да даярламады. Тіпті қазақ тіліндегі мектептер жабылып тасталды және қазақ тілінде оқытылатын бірде-бір орта және жоғарғы оқу орны болмады. Біздің жеріміз де, халқымыз да бір-ақ рольді атқаруға: Ресейдің – әуелі отаршыл Ресейдің, ал содан соң тоталитарлық режимнің шикізаттық шылауы болып қалуға тиіс болды. Бұл жөнінде Тұрар Рысқұлов пен Мұстафа Шоқай өз еңбектерінде көз жеткізетін фактілерге сүйене отырып жазды. Тұрар Рысқұловтың айтуына қарағанда, «Қазан төңкерісінің еңбек сіңірген басшыларының» бірі Иван Тоболин 1920 жылы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің мәжілісінде қазақтар «марксистердің көзқарасынан экономикалық әлсіз адамдар ретінде бәрібір құрып бітуге тиіс…» деп ашық мәлімдеген. Сөйтіп бізді тура 1938 жылға дейін қырды. Миллиондаған адамдар қаза тапты. Қасақана жасалған аштықтан, қазақтың барын – киіз үйі мен атын күштеп тартып алудан қырылды – оған қарапайым медициналық көмек көрсетуден де бас тартылды. Бірақ бүкіл халықты өлтіру мүмкін емес. Оның үстіне бақташылар, шопандар, арзан жұмыс күші керек болды…
1990 жылдың басына қарай Одақ ыдырай бастады, бұрынғы, күшпен біріктірілген республикалар өздерінің тәуелсіздігін жариялап жатты. Міне сол кезде кенеттен «Казахстанская правданың» беттерінен, 1990 жылғы 28 қарашада, жұмысшы қозғалысының тағы бір «еңбек сіңірген» көшбасының аузынан: «… біз: міне сендерге резервация, сонымен іс бітті деп мәселе қойып отырған жоқпыз. Жоқ, біз қазаққа досым дейміз!» – деген сөз шықты.
Міне, сөйтіп қазақтарды бақытқа бөледі де тастады. Ақырында, қаһары тыйылып, мейірім көрсетті. Бұл енді Тоболиннің айтқанынан басқаша естіледі. Әйтпесе мен, аңғалдығымнан американ ізгілігі мен демократиясына сеніп, екі рет жетпісінші жылдардың ортасы мен сексенінші жылдардың ортасында үндістер резервациясында бір аптадан тұрғаным бар. Соңғы ретінде Нью-Мексика штатында, Санта фе қалашығына жақын маңайдағы тау-тасты, төбелі шөл далада болдым. Бұл азапты өмір, айтар болсам, айдаудағы өмір. Ал бізді әзірші ондай резервацияларға қуып тықпағаны жақсы екен…
Ұлттың жүйкесіне тию газет беттерінде «еңбек сіңіргендердің» айтуымен ғана жалғастырылып отырған жоқ…
Тәуелсіздікті қайтарып алған біз құралақан қалдық: біздің жер қойнауының байлықтары бұрынғысы сияқты, бірақ енді біздің халық қасіретінен баю жолына түскен жаңа саясатшыларымыздың ықтиярымен әлі де әкетіліп жатыр. Бізде ұқсатушы өнеркәсіп жоқ. Өзіміздің мұнайымыз, газымыз бола отырып, бензин мен газды басқалардан сатып аламыз. Бізде бәрі болса да, ешнәрсе жоқ.
Біз мұнайға, темір мен көмірге, асыл металдарға, астыққа малынып отырған қайыршылармыз. Біз небәрі малшылармыз… Тоталитарлық режимнің сөзсіз орындауды талап ететін тұрақты ұраны: «Қазақ жастары, шопан болыңдар!» еді. Сондықтан да біз қалайша «экономикалық күшті» болмақ едік?
Біз науқастар ұлтымыз, өйткені барлық әзәзілдік қарулар – ядролық та, химиялық та, бактериологиялық та қарулар – әуеде де, жерде де, жер астында да, демек, біздің өзімізге де сынақтан өткізілді. Қазір Ресейге тиесілі болған қарулардың бәрі сыналды. Біздің жеріміз де, адамдарымыз да уланған, есеңгіретілген… Біз Қазақияға бұрынғысынша шегені де, инені де, тіпті жіпті де сырттан әкелудеміз…
Ендеше, қазақ мемлекеттілігі «бола ма, жоқ па», «Қазақтар еңсесін көтеріп, қадір-қасиетке бөленіп, басқалардың, қамқоршылығынан құтылып, дүние жүзілік өркениеттің дамуына өз үлесін қосып отырған халықтармен бір қатарға тұра ма?», «Қазақияның және барлық Түркістан өлкесі халықтарының сыртқы және ішкі саясатының геосаяси жақтары қандай болуға тиіс?»; Біз Түркістан мемлекеттері конфедерациясы немесе Түркістан халықтары одағы идеясын бір жола жауып тастаймыз ба?.. деген сұрақтардың бәрі көкейкесті сұрақтар.
Әрине, мұндай идеяларды таратушылардың ешбір қол сұқпай, тек экономикалық одақ қана емес, өзін өзі қорғау үшін /қазір қайтадан Ресей бағып-күтіп, қолпаштап отырған казактардан болса да әскери одақ болуын көздейді. Бірақ мұндай Одақ, әлбетте, Ресейдің ғана емес ұлыдержавалық ашу-ызасын туғызады. Өйткені шағын елдердің бөлшектенуі Ұлы державалардың бөлшектеп алып, билей беруіне» оңай ғой… – міне Ілияс Есенберлиннің көптеген елдердің тілдеріне аударылған атақты «Көшпенділер» трилогиясын оқыған кезде талай рет тікелей де, жанама түрде де пайда болатын немесе онда астарлап қозғалатын осы мәселелердің бәрі біз үшін қазір бұрынғы қай кездегіден гөрі көкейкесті және өмірлік маңызды болып отыр. Бізге тамаша жазушы азамат таныстарған тағлымынан алатын ғибрат мол.
Әнуар ӘЛІМЖАНОВ