Алтын орда және Қазақ тарихы жазба деректерде
Ислам Жеменей, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтай жиынында байтақ тарихымызға байыпты көзқарас керек екендігін айта келіп: «Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Жошы әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал етті. Ұлан-ғайыр аумақта біртұтас өркениет құруға ұмтылды. Жошы ұлысы Ұлы даланы мекен еткен халықтардың сан ғасырлық даму бағдарын айқындап отырды. Ұлық ұлыс мемлекетті басқару ісін жаңа деңгейге көтерді», – деген болатын. Сонда Орталық Еуразияның тағдырына тікелей ықпал еткен Жошы ұлысы мен «Алтын Орда» мемлекеті қандай территорияны алып жатты?
– «Алтын орда» мемлекеті – Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының ұрпағы Батый (Бату) хан 1242 жылы құрған ұлы империяның бір бөлігі болды. Алтын Орданың территориясы қазіргі Қазақстан, Ресей және Украина елдерінің басым бөлігін алып, батысында Днепр өзенінің шығыс жағалауына дейінгі, шығыс жақтан Сібірге дейінгі аумаққа терең бойлап еніп жатты. Ал шарықтау кезінде Шығыс Европаның көп бөлігінен Аралға дейінгі жерді қамтып, оңтүстікте Қара теңізбен, Кавказ тауларымен, моңғол империясының бір бөлігі – Құлағу хан билеп тұрған Иранның Елхан патшалығымен (1253-1336) шектескен. Елхан патшалығы Қарақұрымдағы қағанға бағынышты болғандықтан осылай аталған. «Алтын Орда» хандығы XV ғасырдың бірінші жартысынан бастап біртіндеп бөлшектене берді де бірнеше шағын хандыққа бөлініп кетті. Қырым хандығы, Қазан хандығы, Сібір хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай Ордасы, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығы, міне бұл аталған мемлекеттердің бәрі – Жошы Ұлысының немесе Алтын Орданың шекпенінен шыққан мемлекеттер, Алтын Ордадағы мемлекеттік дәстүрді одан әрі жалғастырушы. Бір өкінішті жәйт – кейін оның территориясының басым бөлігін патшалық Ресей жаулап алды. Қалған бөлігі қазақ, өзбек, қырғыз тәрізді түркі халықтарының еншісіне тиді. Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды. Бұл мемлекетті біраз жұрт Түркістан деп атаған. Бірақ ол XX ғасырда бұрынғы Түркістан атынан айырылып, Орталық Азиядағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан тәрізді бес республикаға бөлініп кетті.
«АЛТЫН ОРДА» ТАРИХЫНЫҢ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРІ
– Шыңғысхан мен оның ержүрек ұрпақтары туралы біз көркем шығармалардан оқып өстік. Кейін қытай сияқты үлкен киноиндустриясы бар елдер көп сериялы фильмдер де түсіре бастады. Әйтсе де Ұлы қаған мен «Алтын Орда» жайында тарихи деректер не дейді? Әңгімемізді осы тарапта жалғастырайықшы.
– Шыңғысхан мен оның ұрпақтары және моңғолдар мен түркілер туралы парсы, араб, түркі тілінде көптеген тарихнамалар жазылды. Солардың арасындағы ең маңызды жазба деректер мыналар:
1. Әта Мәлік Жовейнидің «Әлемді жаулаушының тарихы» кітабы. Бұл еңбек 1258-1260 жылдар аралығында парсы тілінде жазылған тұңғыш шығарма.
2. Рашидеддин Фәзылолланың (1247-1318) «Жамеһ-әт-тауарих» (Жалпы тарих) шығармасы – моңғол мен түркі тарихын парсыша қаламға алған кітап. Ол 1300-1310 жылдар аралығында жазылып, аяқталды.
3. Шарафеддин Абдолла Ширази (1264-1327) – Шираз қаласында дүниеге келген әдебиетші-тарихшы ғалым. Ол әкесі Фәзлолла сияқты Фарс өлкесіне билік еткен Шыңғысханның ұрпақтары – «елхандардың» хан сарайында қызмет еткен. Парсы және араб тілдерінде шығармалары бар. Ол тарихшы ретінде Әта Мәлік Жовейнидің «Әлемді жаулаушының тарихы» шығармасының ізімен моңғолдар тарихы туралы 1309-1328 жылдарда «Вассаф тарихы», «Қалалардың жайылуы мен ғасырлардың бөлінуі», – атты еңбегін жазды. Оның тарихнамасы да құнды деректер қатарында өзінен кейінгі тарихшылардың кәдесіне жараған. Ол Әта Мәлік Жовейнидің «Әлемді жаулаушының тарихы» кітабын басшылыққа алып пайдаланғандықтан моңғолдар мен түркілер тарихын зерттеуде аса қажетті дүние болып саналады. Олардың түпнұсқаларын пайдаланып, айналымға салған жағдайда адамдар мен жер-су аттарының түрленіп жазылғанына тереңірек зер салуға мүмкіндік туады. Сондай-ақ «Алтын Орда» тарихын ауқымды түрде зерттеуге септігі тиеді.
Вассаф тарихы 656-728 һижра жылдары (1258-1328) аралығында Иран және Алтын Орда мемлекеттерінде Шыңғысхан ұрпақтары құрған патшалықтардың тарихын баяндаған құнды жазба деректердің қатарына жатады.
Сондай-ақ Алтын орда тарихына қатысты құнды жазба деректердің бірі – Сириялық тарихшы Ибн Фәзлолла Орамидің (1301-1341) жиырма жеті томнан тұратын «Жолдар мен елдер» атты кітабы, бұл да өзінен кейінгі тарихшылар пайдаланған маңызды шығарма.
Сонымен бірге мысырлық тарихшы Аһмет Қайырлық Кәлқәшәдидің (1353-1418) араб тілінде жазылған «Күңгірт тартқан таң» атты еңбегін айта аламыз.
4. Мырза Қайдар Мұхаммед Дұғлаттың (1499-1551) 1542-1546 жылдары Кашмирде парсы тілінде жазған «Тарих-и-Рашиди» кітабына а) өз көзімен көріп куә болған оқиғалар; ә) сенімді қариялардан естіген әңгімелер; б) Әта Мәлік Жовейнидің «Жаһангошай тарихы» (Әлемді жаулаушының тарихы), Рашидеддин Фәзылолланың «Жамеһ-әт-тауарих», Шарафеддин Әлі Йәздидің «Зафарнама» шығармаларының негізінде жазылған деректер енгізілген, бұл шығарма өткен тарихнамалардың тарихи жалғасы іспеттес, оларда айтылған оқиғаларды түгендейді. «Алтын Орда» хандығын билеген ең соңғы ірі саяси тұлға – Тоқтамыс хан 1395 жылғы Терек шайқасында Әмір Темірден жеңіліп, тарихтың саяси сахнасынан біржолата кетеді де 1406 жылы Сібірдің Түмен қаласында өмірден өтеді. Тоқтамыс «Алтын Орданың» империялық қуатының соңғы қоңырауы болды. Ол туралы деректер Әмір Темірдің атынан жазылған «Зафарнама» (жеңіснама) кітабында келтірілген. Бұл зерттеуде жоғарыда аталған ортағасырлық еңбектер негізге алынып, Шыңғысханның шығу тегі, тайпасы, саяси тарихының бастапқы кезеңі, отбасылық ахуалы және аттары әлемге танылған төрт ұлының жалпы саяси сипаты баян етіледі.
Өз басым осы бағытта жазылған, түркі халықтары мен қазақ тарихына, мәдениетіне қатысты тарихнамаларды түпнұсқадан қазақ тіліне аударуды жалғастырып келемін. Негізгі мақсат – өз тарихымызға өз көзімізбен қарап, өз санамыздың сүзгісінен өткізу. Шыңғысханның ұрпағы – Жошы әулетінен тараған әміршілер «Алтын Орда» хандығын қалай құрғанын және оның «Қазақ хандығына» қалай ұласқанын ұғып, сол кездегі саяси-қоғамдық-тарихи кеңістікті көре білу үшін түпнұсқа жазба деректерге жүгінгеніміз жөн.
Түркі және Алтын Орда тарихына қатысты парсы, араб және түркі тілдеріндегі жазба деректерді қазақ тіліне түпнұсқадан аудару үшін парсы, түркі, араб тілдерімен бірге сол халықтардың дүниетанымын және ислам тарихын терең білу керек. Сонда ғана өткен тарихымызға өз көзімізбен қарап, өз шындығымызға зер сала аламыз. Өйткені жазба деректер, археология және фольклор саласындағы зерттеу қорытындыларын ұштастырып, салыстырып зерделемей тұрып тарих шындығына бір табан жақындау мүмкін емес. Қазақ ғалымдары араб, парсы, түркі, қытай тағы басқа тілдерде жазылған түпнұсқа деректерді көбірек зерттеуі керек. Осы орайда екі-үш мысал келтірейік: 1. Тараз қаласының 2000 жылдық тарихын негізге алып, мерейтойын өткізерде ұйымдастыру комитеті оған дәйек болып, сүйенер бірде-бір дерекке қол жеткізе алмады. Біздің ғалымдар шығыстану әсіресе түркітану мен Түркістан өлкесін тануда Василий Владимирұлы Бартольд (1869-1930) пен Василий Василийұлы Радлов (1837-1918) екеуін пір тұтып келді. Бұл рас. Аталмыш екі шығыстанушы ғалым түркі тарихы мен Түркістан жайлы араб, парсы, түркі тілдеріндегі жазба деректерді ауқымды түрде әрі терең білген. Және кез келген ізденушіге өнеге бола алады. Бірақ олардың шығысты зерттеуде өзіндік мақсаты болды. Сол үшін Тараздың 2000 жылдық мерейтойында олардың зерттеу жұмыстарынан Тараз қаласы туралы мардымды дерек табылмады. Содан Тараз туралы парсы тіліндегі жазбаларда келтірілген деректерді анықтау үшін амалсыздан маған өтініш білдірді. Соның арқасында: а) «Тараз – парсы ақындарының жыр шумақтарында» ә) «Көне Тараз» атты екі ғылыми еңбек жарық көрді. 2. Қазақ хандығының құрылуына қатысты деректердің негізгі көзі парсы тілінде жазылған болса да ұдайы өзге ғалымдардың орыс тіліндегі қорытынды сөздерін негізге алып, көлеңкесі іспетті қайталап келдік. Өйткені түпнұсқаға қолымыз жетпей жүрді. Еліміз тәуелсіздік алуының арқасында қазақ хандығының 1465 жылы құрылғанын жазған Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлаттың «Тарих-и-Рашиди» еңбегін парсы тілінен үш рет аударып, соңында толық аудармасын жасадым. Анығын айтқанда, бүгінге дейін «Тарих-и-Рашиди» еңбегін үш рет аударып, текстологиясын жасап, толық нұсқасы басылып шықты. Соңғы толық нұсқасын «Халықаралық Түркі академиясы» 2022 жылы жарыққа шығарды. Және «Дарын» баспасынан 2023 жылы жарық көрді. Аталған басылымда бұл еңбектің тарихи, әдеби, мәдени, тілдік, тағы басқа қырларына тараулар арнап, түсіндірме жаздым. 3. «Тарих-и-Рашиди» еңбегіндегі бүгін қазақ тілінде қолданылып келе жатқан ежелгі түркі сөздерін анықтап, ондаған сөздің түсіндірме сөздігін жасадым. Жазба деректердің түпнұсқасынан тікелей аударғанда жер-су, адам есімдерін орысша транскрипция жасаудан құтылып, қазақша транскрипциялау арқылы тіліміздің әуенін, дыбыстық үндестігін қалпына келтіре аламыз. Мәселен: Хасан дегеннің орнына Асан немесе Қасен деп, Хусаин деген сөздің орнына Үсен немесе Үсейін түріндегі қазақша айтылуын қолданысқа енгізсек құба-құп болар еді.
Осы тұста араб жазба деректерінің түпнұсқасынан Алтын Орда мен Мәмлүк патшалығы арасындағы қарым-қатынастарды зерттеп, зерделеген Бақытты Батыршаұлының «Сұлтан Бейбарыс мемлекетінің Қыпшақ даласымен байланысы» атты еңбегі түпнұсқа жазбаларды негізге ала отырып жазылған, отандық ғылымға тың мәліметтер берген аса құнды жұмыс болғанын айту керек. Бұл – Тәуелсіз Еліміздің тарихын тәуелсіз тарихи санамен пайымдау тұрғысындағы алғашқы қарлығаштардың бірі. Қазақтың ежелгі және ортағасырлық тарихын түпнұсқалық жазба деректерден қазақшалап айналымға енгізіп зерделеу, саралау арқылы қазақтың ұлттық және мемлекеттік көзқарасы қалыптасады. Қазақ тарихын түпнұсқалық жазба деректерге сүйене отырып қазақ тарихшылары мен шығыстанушы ғалымдар ғана жасай алады.
– Бұрмаланбаған, уақыт пен идеологияға иілмеген тарих – шын тарих. Сіз жоғарыда тарихқа табан тіреп сөйлеген ғалымдар турасында мысалдар келтірдіңіз. Осы арада «Әлемді жаулаушының тарихы» атты кітап жазған Әта Мәлік Жовейни жайынан әңгіме айтыңызшы?
– Шыңғысханның (1162-1227) өмір жолы мен саяси тарихын алғаш рет қағазға түсірген – иран тарихшысы Әта Мәлік Жовейни (1226-1283). Ол 1258-1260 жылдар аралығында «Әлемді жаулаушының тарихы» атты көлемді кітабын парсы тілінде жазып шықты. Әта Мәлік жастайынан патша сарайында қызмет еткен білімді шенеунік. Жасы жиырмаға толмай-ақ Шыңғысханның үшінші ұлы Үгедей қағанның (1229-1241) тағайындауымен Хорасан өлкесінің әмірі болған Арғынның сарайында хатшы қызметін атқарған. Әта Мәліктің атасы Шәмседдин Иранда 1199-1220 жылдар аралығында билік құрған Мұхаммед Харезмшаһтың сарайында мемлекеттік қазынаның бастығы болған. Ал әкесі өз заманының белгілі ғалымы болумен бірге отыз бес жыл бойы Үгедей қаған тағайындаған әмірлердің сарайында лауазымды шенеунік болып келген. Әта Мәлік те ата жолын жалғастырып, әмір Арғынның сарайында мәртебелі қызметкер болды. Әмір Арғын 1243-1256 жылдар аралығында, Құлағу хан Иранды толық жаулап алғанға дейін Хорасан, Мазандаран, Үндістанның бір бөлігі, Ирак, Фарс, Керман, Лур, Арран, Әзірбайжан, Гүржістан, Маусыл, Хәләб (Һәләб) өлкелерін басқарды. Әта Мәлік он бес жыл Арғынның жанында қызмет атқарды. Кейін Құлағу Иран тағына отырған соң оның әмірлері қатарында қызметін жалғастырды. Әта Мәлік осы жылдары әмір Арғынның жанында есепші және хатшысы болып, мемлекет басшысына жылдық есеп беру үшін Моңғолстанның астанасы Қарақұрымға әмір Арғынмен бірге сапарға шыққан, көптеген моңғол басшыларымен, ақсақалдарымен танысып, сұхбаттас болған. Соның арқасында моңғол қауымдарының тарихы туралы көптеген әңгіме тыңдап, құнды мәліметтерге ие болған. Әрине автордың он жыл бойы моңғол өлкелеріне сапары және Мауереннәһр, Түркістан, Ұйғыр, Моңғолстан, Шын-Машын шекараларына жасаған саяхаттары оның моңғол және түркі тайпалары мен олар құрған бірлестіктерді жақын танып, білуіне мүмкіндік берді. Құлағу Иран елін жаулап алғаннан кейін Әта Мәлік оның қызметінде болып, исмаилийе ағымының ең мықты қорғаны «әл-Маут» қамалын күйретуге қатысты. Біраз керекті кітаптарды өртенуден алып қалды. Кейін 1258 жылы Бағдат қаласын жаулап алған Құлағу қосынының да сапында болды. Бағдат алынған соң қаланың әкімі болып тағайындалды. Сонымен автор 1258 жылдан бастап, қайтыс болған 1283 жылға дейін жиырма төрт жыл бойы Құлағу құрған мемлекетте лауазымды қызмет атқарды. Өмірінің алты жылында Құлағу ханның, он жеті жылында Абаға ханның, бір жылдай Тегідердің құзырында қызмет етті. Осы жылдар аралығында жұмыс бабымен Бағдаттан Түркістанға, одан Моңғолияға талай рет барып-келіп моңғолдар мен түркілердің өмірі мен тарихына жақыннан куә болып, зерделеуге мүмкіндік алды. Сол себептен оның үш томдық «Әлемді жаулаушының тарихы» атты көлемді кітабы өте құнды тарихнама.
Әта Мәліктің өлімі өкінішті жағдайда болды. Құлағудың кенже ұлы Тегідердің билікке отыру мерзімі 1282-1284 жылдар аралында бар-жоғы екі-ақ жылға созылды. Осы аралықта ол мұсылман дініне өтіп, атын Тегідерден «Ахмет» деп өзгертті. Таққа отырғанда түркі сөзі «хан» атауының орнына араб сөзі «сұлтан» атауын қабылдап «Сұлтан Ахмет» атанды. Мысырдағы мұсылман түркілер құрған мәмлүк патшалығымен жауласуды тоқтатты. Осындай өзгерістер оның таққа таласып жүрген бәсекелесі, Абағаның тағы бір ұлы Арғынның қарсы әрекет жасауына сылтау болды. Арғын моңғол ақсүйектерінің қарсылығын пайдаланып бүлік шығарды, моңғолдың мәртебелі шенеуніктері мен әмірлерінің қолдауымен ата салтынан адасқан деп Тегідерді кінәлі санап соттатып, өлім жазасына бұйырды. Сонымен құрылтайдың шешіміне сүйенген болып 1284 жылдың 10-тамызында Тегідердің белін сындыртып өлтіртті. Өйткені моңғолдардың арасында ханзадалардың қанын төгуге тыйым салынған. Осылайша билік тізгінін Арғын қолға алды. Арғын хан Әта Мәлік пен оның бауыры Шәмседдинді Тегідерге қызмет жасағаны үшін жек көретін. Әсіресе әкесі Абағаның жақын-жуығының өліміне себепкер болды, Абағаға у беріп өлтірді деп Шәмседдинді кінәлі санайтын. Сондықтан Арғын патша 1283 жылы қыстап шығу үшін Хорасан өлкесінен Бағдатқа бара жатқан Әта Мәлік Аллаеддиннің қаладағы барлық мүлкі мен байлығын кезінде әкемнен алған деген желеумен тәркіледі. Таяуда ғана қайтыс болған Нәжмеддин Асқар атты қызметкердің мәйітін Әта Мәлікке адал қызмет еткені үшін қабірінен шығарып, жол жиегіне лақтыртып тастады. Бұндай сұмдық хабарды естіген Әта Мәлік Аллаеддин Жовейни уайым-құсадан жол-жөнекей дүние салды. Жанындағылар оның мәйітін Каспийдің батысындағы Иран мен Әзірбайжан арасын бөліп жатқан Мұған жазығынан Тәбриз қаласына апарып жерледі.
Әта Мәліктің «Әлемді жаулаушының тарихы» кітабы Шыңғысхан мен моңғолдар туралы жазылған. Ислам тарихының басталуынан кейінгі дәуірдегі саяси тарихтың ең маңызды оқиғасы моңғолдардың жорықтары болды. Олар отыз-қырық жылда жаулап алған елдердің саяси-мәдени тарихы мүлдем өзгеріп кетті. Мәселен Түркістандағы Отырар сынды үлкен мәдени-экономикалық ірі қаланың күл-талқаны шықты. Иран елінде көптеген қала ойрандалып, миллиондаған адам қырғынға ұшырады. Бірақ тарихи шығармалар жазу қарқындап дамыды. Оны бастап берген де Әта Мәлік Аллаеддин Жовейнидің 1258-1260 жылдар аралығында жазылған «Әлемді жаулаушының тарихы» атты көлемді кітабы. Бұл тарихнама парсы тілінде жазылып, моңғол мен түркі тайпалары, Хорезм патшалығы, исмаилийе ағымы және басқалар тәрізді сол кезеңдегі маңызды тарихи оқиғаларды қамтыған аса құнды жазба дерек ретінде ғылыми айналымға түскен. Сондай-ақ сол заманның экономикалық, әлеуметтік, қалалардың құрылымы, атаулары және жағрафиялық ахуалы туралы өте маңызды мәліметтер береді.
«Әлемді жаулаушының тарихы» үш том құрайды. Бірінші томы көлемді кіріспеден және ежелгі моңғолдардың салт-дәстүрі мен Шыңғысхан шығарған «Ясы» (Жосық) заңнамасынан тұрады. Ясы — Шыңғысхан империясының әскери-құқықтық заңдар жинағы. Шамамен Шыңғысхан ұлы хан тағына отырғаннан кейін (1206) құрастырылған. Жосық заңы ежелгі түркі қағандары мен 10-12 ғасырларда өмір сүрген түркі ұлыстарының әскер құру тәртібі, ел билеу жүйесі және тұрмыс-салт заңдары негізінде пайда болған, Шыңғысханның мұрагерлері оны бұлжытпай орындап отырды. Жосықта 33 заң тармағы мен Шыңғысхан айтты деген қосымша сөздер сақталған. Жосық ережелерінде, негізінен, әскерді ұйымдастыру, басқару, жауынгерлер мен әскербасылар (нояндар) және хандар арасындағы қарым-қатынас мәселелері, сондай-ақ, әкімшілік-құқықтық ережелер баяндалған. Шыңғысхан империясы ыдырағаннан кейін құрылған түркі мемлекеттерінде, соның ішінде Қазақ хандығында Жосық заңы сақталып қалды. 16-18 ғасырларда осы заңның негізінде Қазақ хандығында Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті Жарғы тәрізді жаңа заңдар жасалды. (Укипедия-ашық энциклопедия). Сондай-ақ ұйғыр қауымдарының салт-дәстүрі, сенімдері жайында мәлімет берілген. Одан кейін Шыңғысханның Мауереннәһрдағы, Ирандағы жеңістері, Харезмшаһ мемлекетін күйретіп, жаулап алғаны, басқа да оның ұрпақтарының оқиғалары және Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле хандар туралы жазылған. Осы жерде «Мауереннәһр» атауы «Жейһун немесе Амудария», «Сейһун немесе Сырдария» атты екі өзен арасындағы кеңістікке қатысты айтылатынын айта кетейік. Өйткені ирандықтар Түркістанның бір бөлігін Амударияның аржағы деп атаған. Түркістан тұрғындары үшін бұл «Екі өзеннің арасы» дегенді білдірсе, арабтар мен парсылар үшін Мауера=аржағы+нәһр= өзен мағынасындағы екі сөзден тұрады. Сол үшін өз тілімізге орай Мауереннәһр атауын «Екі өзен арасы» деп өзгертсек мақұл болады. Ирак елінде Дижле мен Эфрат өзендер арасындағы кеңістік «Бейін-әл-нәһрейн» (екі өзен арасы) деп аталады. Және парсы деректерінде Шыңғысханды «моғол» деп жазып, солай айтады. Ал қазақша «моңғол», «моңғұл» дейді, тағы басқа түрлерін жаза береді. Неге?
Кітаптың екінші томында Харезмшаһ патшалығының түгелдей тарихи оқиғаларын жазғаннан кейін тоқсан бес жылда, 512 – 607 һижра (1116 – 1211) жылдары аралығында Мауереннәһр мен Шығыс Түркістандағы Кашғар, Баласағұн және Хотән маңында билік құрған қарақытай, гурхан патшалықтары туралы әңгіме етілген. Бұдан басқа саманид патшалығын жеңіп, екі жүз жылдан аса Мауереннәһр мен Түркістанда үкімет құрған Афрасибия, Хания деп аталған түрлі түркі тайпаларының патшалығы жайында жазылған. (Афрасибия патшалығы тарихта Қараханид патшалығы деп те танылған). Олар біраз уақыт Харезмшаһ патшаларының бірнешеуін бағындырып, салық төлетіп тұрған. Сондықтан да бұл бөлімнің ерекше орны бар, түркілердің саяси-мәдени тарихын білу тұрғысынан өте маңызды. Осы томның соңында моңғолдың таңдаулы билеушілері Өгедей (Оқтай) заманында Құлағудың Иранды жаулап, билік құрған (626-653) жылдары әңгіме болып, Шынтемір, Носал, Гөркөз, Әмір Арғын туралы мол мәлімет беріледі. Кітаптың үшінші томында – 649 жылғы Шыңғысханның немересі, Төле ханның ұлы Меңгі қағанның хан тағына отырғаны және оған қатысты сол кездегі орын алған оқиғалар баяндалады. Сондай-ақ 653 жылы (1255) Құлағудың Иран жаққа аттануы, Ирандағы исмаилийе ағымын күйретуі толық баяндалған. Бұл томның соңы Құлағудың 655 һижра жылы (1257) исмаилийенің әл-Маут тауындағы патшалығын тұтастай жойып жібергенімен аяқталады. Шыңғысханның ата-тегі және оның саяси алаңға шығуы, жеңістері жайында 1-томда молынан мәлімет берілген. Қорытып айтқанда:
1.Шыңғысханның шыққан тегі: «Моңғол тайпа-рулары көп болған. Бірақ олардың арасында тектілігі мен ұлықтығы арқылы бәрінің алды болып, даңқы шыққаны Қият тайпасы еді. Шыңғысханның аталары содан шығып, сол тайпаның басшысы болған. Шыңғысханның аты әу баста Теміршін болған. Ол кезде керейіт пен сақыз тайпаларының басшысы Унг хан өзге тайпаларға қарағанда ең қуатты, салтанатты күйде болатын. Олар сан жағынан да, қару-сайман жағынан да үстем болғандықтан моңғол тайпалары оларға тең келмейтін». (Әлемді жаулаушының тарихы, 1-том, 25-26 беттер). Осы тарауда көңіл бөлетін жайт, автор Шыңғысханның шыққан тегі «моғол» тайпасы, «қият» руы екенін жазған. Осы тұста айтарымыз «моғол» есімінің жазылуы мен айтылуына қатысты. Парсы жазбаларында Шыңғысхан мен оның Шағатай, Жошы ұрпақтарын бір сөзбен «моғол» деп атаған. Парсыша түрінде жазылып, айтылады. Ал қазақ тіліндегі жазбаларда екі түрлі жазылып, айтылады. Олар: «моңғол» және «моғол» сөздері. Тіпті кейде «моңғұл» деп те жазылып жүр. Осы түрленіп жазылудың сыры неде екен? Мәселен, тарихшы ғалым Зардыхан Қинаятұлы (1940-2016) «Моңғол үстіртін мекен еткен соңғы түркі тайпалары: IX-XII ғасыр» атты кітабында қазіргі Моңғолия мемлекетінің тұрғындарын «моңғол» деп атаған. Сондай-ақ Лувсанданзан тарихшының XVII ғасырда жазған «Алтын шежіре» атты еңбегінде «Шыңғысхан қағанатының көне түркі-моңғол тайпаларының тарихы» кітабында аудармашы Абай Мауқараұлы «моңғол» деп жазған. Ал XII-XIII ғасырларда жазылған көшпенділер туралы «Моңғолдың құпия шежіресі» кітабында «моңғол» деп жазылуы моңғол тайпасына тән айтылғанын аңғарамыз. Сондықтан Әта Мәлік Жовейнидің «Әлемді жаулаушының тарихы» атты еңбегінде айтылатын осы «моғол» тайпасы қазақша моңғол деп жазылып, айтылуының сыры неде? Моңғол дегенде қазіргі Монғолия елінің халқын меңзейтінін білеміз. Бірақ парсы тіліндегі «моғол» сөзін Түркия тарихшылары да сол күйі «моғол=moğol» түрінде қолданады. Ал ағылшын тілінде «mongol» түрінде, орысша «монгол» сөзі қолданыста. Қазақ тілінде «моңғол» атауымен бірге «моғол» да қолданылып келеді. Осыған орай Моңғолия елін моңғол десек, Мауереннаһр мен Қазақ елінің оңтүстігінде түркіленіп кеткен шағатай ұрпақтарын «моғол» деп атаймыз. Бұл жайында реті келгенде тарихшылар бір мәмілеге келгені жөн болар. Ал моңғол мен түркілердің арасында жер мен көктей айырма бар. Бұл жайында моңғолдардың астанасы болған Қарақұрымға саяхат жасаған европалық миссионерлердің саяхатнама жазбаларынан оқып біле аламыз. Оның бірі италияндық Жованни Плано Карпини (1182-1252) миссионерлік қызметпен моңғол елін жақыннан танып, моңғол арасында христиан дінін насихаттау мақсатында 1245 жылы Моңғолияға аттандырылады. Карпини деген екінші италиян Өгедейұлы (Оқтайұлы) Күйік ханның 1246 жылы таққа отырған салтанатына қатысқан. Аталған сапарында жазған саяхатнамасында Карпини моңғолдар туралы былай дейді: «Олар тамақ талдамайды, барлық жарамды нәрсені жей береді. Мәселен олар иттің, қасқырдың, түлкінің және аттың етін жейді. Ал қажетсінген жағдайда адам етімен де қоректенеді. Тіпті биелер туған кезде төлінен шыққан нәжісін де жейді. Бұлармен шектелмей, битті де азық етеді. Бұл үшін: «Оларды неге жемеске, олар менің сәбилерімнің етін жеп, қанын ішіп жүргенде», – деп уәж айтады. Сондай-ақ мен олардың тышқан жеп жатқанын өз көзіммен көргенмін», – деп жазған. (The Mongol Empire-16-бет). Сондай-ақ француз патшасы христиан дінін дәріптеп, Моңғолия елін жақыннан танып, зерттеу үшін жіберген миссионер Вильям Де Рубрук (1220-1270) моңғол еліне сапарының қорытындысы ретінде жазған саяхатнамасында моңғолдардың күнделікті тіршілігі мен дүниетанымы жайында пікір білдірген. Онда: «Олар ешқашан киім-кешектерін жумайды, өйткені бұл іс жаратушыны ашуландырады екен. Сондықтан жуған киімдерді кептіруге іліп қойғанда қаһарланып, найзағай ойнатады. Олар кімде-кім киімін жуса оны сабап, өздерінің жанынан қуып жібереді. Олар найзағайдан қатты қорқады. Сол себепті найзағай ойнағанда үйіндегі өзге кісілерді шығарып жібереді де өздері қара киізге оранып, найзағай аяқталғанша жасырынып, бұғып жатады», – деп жазған. (The Mongol Empire-20-бет). Европалық миссионерлер өздерінің осындай жазбаларында моңғолдардың тіршілігі мен наным-сенімі жайында айта келіп, моңғолдар мен түркілердің арасында көшпенділер салты бойынша атқа құштарлық, қымыз, май-құрт сынды тағамдар тәрізді ортақ ұстанымдар бола тұра жалпы тіршілік салты мен нанымдарының арасында айтарлықтай айырма бар екенін байқатады. Түркілердің тіршілігі мен нанымдары жайындағы әңгіме бөлек.
«Моңғолдың құпия шежіресі» атты моңғолдар һәм Шыңғысхан жайындағы тұңғыш кітапты да ескеру керек. Бұл орайда Рашидеддин Фәзлолланың (1247-1318) «Жамеһ-әт-тауарих» атты көлемді тарихи шығармасын, Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайдың «Құпия шежіренің» құпиясы», Мағауия Сұлтанұлы моңғол тілінен қазақшаға аударған «Моңғолдың құпия шежіресі», моңғол тілінен Абай Мауқараұлы аударған Лувсанданзанның «Алтын шежіре» тәрізді еңбектерді зер сала оқып, салыстыра отырып моңғолдар мен Шыңғысханның құпиясын зерделеуге болар деп үміттенеміз.
2. Шыңғысханнан бұрынғы моңғолдардың жай-күйі жайында: «Моңғол тайпалары Шыңғысхан мен оның ұрпақтары бақыт даңғырасын ұрмай тұрғанда олардың тіршілігі қалай өтіп жатқан еді? Ал енді олардың мұрат арығынан бақыт суы ағып жатқандағы өмірі қалай болып тұр? Өмірдің әр белесінде залым патшалар өзара жауласу арқылы бейнет пен азап шектірген бұл тайпалар келешегі мен замананы уысында ұстап, тұтқындап тұр. Сондықтан әлемнің өзі әміршінің тұтқыны болғанда ол әмірдің тұтқындалуы «Алла үшін шынымен де оп-оңай» (сүре:22, аят:70) екен. (Әлемді жаулаушының тарихы, 1-том, 14-15 беттер). Осы тұста Әта Мәлік Жовейнидің моңғолдар туралы айтқан уәждерін европалық Карпини мен Рубрук тәрізді екі миссионердің мәліметтерімен салыстырғанда Шыңғысхан билікке келген соң моңғолдардың тіршілігі қаншама жақсарғанын аңғаруға болады.
«Татарлардың қонысы, шыққан және туған жері шексіз кең дала, ұзындығы мен ені бір-бірінен алшақ, жеті-сегіз айлық жол… Шыңғысханнан бұрын олардың басшысы, әкімі болмаған. Әр тайпа бірді-екілі бөлек-бөлек тұрған, бір-бірімен бірігу былай тұрсын, олардың арасында ұдайы жауластық пен қастандық орын алып, кейбіреулері ұрлық, зорлық, сұрқиялық, пасықтықты ерлік пен бірлік деп санайтын. Хәтай ханы қалаған нәрсесін олардан сұрап алатын. Киімдері ит пен тышқанның терісінен тігілген, ауқаты түрлі өліктердің етінен, сусындары төрт түліктің сүтінен, дәмдеуіштері шырша тұқымдас фәсұқ ағашының жемісінен болған. Аталған ағаштан басқа жемісті ағаш өспейді, ол да кейбір тауларда ғана өседі, өйткені күннің суықтығы мен табиғаттың қаталдығынан басқа нәрсе шықпаған. Ұлы әмірдің белдігі, атының үзенгісі темірден жасалған, басқа да әшекей бұйымдары осы тәрізді болған. Осыған орай ауыр хал, бақытсыз, сорлы күйде өмір сүрген. Шыңғысханның дәулет туы желбіреп, халқы тауқыметті ауыртпалықтан мол нығметті өмір сүруге көшті. Түрмеден гүлзарға, пақырлық даласынан көңілді сәкіге, азапты қоныстан берекет ұжмағына, киімі зерлі мата мен жібекке, ауқаты – жеміс-жидегі мен құс етіне ауысты. «Көңілдері сүйген алуан түрлі құс еттерін» (сүре:56, аят:21), «сондай-ақ өздері қалап, таңдап жейтін жеміс-жидектің түр-түрі» (сүре: 56, аят:20), «ішілген соң түбінен хош иісі аңқиды» (сүре: 83, аят: 26) Осыдан шын мәнінде бұл қауым үшін дүние бейішке айналды. Батыс өлкелерден әкелінетін сауда тауарларын олардың алдына алып келетін. Шығыстың алыс жерлерінен тиелген заттар олардың шаңырағында ашылатын. Табақтар мен дорбалар олардың қазынасын толтыратын. Бәрінің киімдері алтынмен сәнделіп, зерленген. Базарлар олардың қоныс тұрағы болып, гауһар таспен және өзге маталармен жаңартылып, жарқырап тұратын. Егер оны кенінен алып келсе, оның құны бірден екі есеге артып жататын. Ал бұл мекенге Керман қаласынан арнайы өсімдігінен жасалған мата сарқытқа әкелінетін. Омман теңізінің мөлдір суынан кімде-кім егін салып, белгілі егістігін жасағанда мол жемісі болатын. Ал сусындар болса Жейһун өзенінің суындай ағылып жататын. Бұнның бәрі мүбарак Шыңғысхан мен оның ұрпақтарының күн сайын артқан дәулеті мен сән-салтанатынан түскен көлеңкесінің арқасында моңғол тіршілігі сондай тауқымет пен таршылықтан осындай кеңшілік пен игілікке жеткен. Және басқа да тайпалардың тіршілігі жүйеге түсіп, өмірі тәртіпке келді», – деп жазған. (Әлемді жаулаушының тарихы, 1-том, 15-16). Осы тарауда көңіл бөлетін мәселенің бірі – Әта Мәлік Жовейни әңгіменің басында Шыңғысханның шыққан тайпасы моңғол, қият руынан екенін жазған да одан әрі: «Татарлардың қонысы, шыққан және туған жері өлшеусіз кең дала, ұзындығы мен ені бір-бірінен алшақ, жеті-сегіз айлық жол. Шығыс жағы Қытай уалаяты, батыс жағы Ұйғыр, солтүстік жағы Қырғыз, Селенкай, оңтүстік жағы Тәнкұт, Тибетпен шектесіп жатыр», – деп жалғастырғанда моңғол сөзінің орнына «Татар» атауын қолданған. Бұл екі ұшты есімде қандай мән бар? Сонда моңғол даласындағы көшпенділерді кемсітіп «татар» деп атаған ба? Әлде моңғол тайпаларынан өзгені татар дегені ме? Осындай сұрақтар туындайды. Ендігі бір жайт «қытай ханы» және ұрық сөздерінің қолданысы тілдік тұрғыдан өзіндік мәнге ие екенін айтқан жөн.
1.Шыңғысхан таққа отырған соң моңғолдарды және өздері бағындырған тайпаларды тәртіпке салу үшін «яса» деп аталатын жаңа заң қабылдап, жарлығын жария етті. Әта Мәлік өзінің кітабында ясаны түсіндіруге бір тарау арнаған. Ол «Шыңғысхан таққа отырғаннан кейін яса тармақтарына енгізуге бұйырған баптар жайында әңгіме», – деп аталады. (1-том:16-бет) Онда: «Хақ тағала Шыңғысханның ақыл-парасатын жақын-жуық, құрбы-құрдастарынан өзгешелеу артық қылғандықтан зеректігі мен үстемдігі әлем патшаларынан биік тұрды. Оған айғақ – айбыны асқан патшалардың ұстанған салттарын білгісі келген перғауындар, қайсарлар (рим патшаларының атауы) бұрынғы жазылған заңдарды оқып, хабардар болуға мәжбүр болатын. Ал Шыңғысхан оқып әуре болмады, қиналмады, өзгенің жазған заңын оқып еліктемеді. Ол жаулап алған елдердің жағдайына қарап, оларды құлдық бұғаудан босатып, салтанатты еркіндік мәртебесін қайтарып берді. Ол Шыңғысханның ішкі шабытының жыры мен көңіл қалауынан туған «яса» болатын. Мәселен Ескендір өз заманында армандаған мақсатына жету жолындағы қиындықтарды шешу үшін көптеген сиқыр ойлап тауып, бар айла-амалын, ақыл-парасатын жұмсап жүріп, қамалдарды жаулады. Осы әрбір сиқырдың мақсаты жауды бағындыру мен мойындату болатын. Ал Шыңғысхан қалың әскері бар, мықты қарулы жауларын, өз заманының сән-салтанатты императорларына жеке-даралығымен, аз әскер, аз қарумен қарсы шығып, ондай кеуде қаққандарын шығыстан батысқа дейінгі аралықта түгел жеңіп, тізе бүктірді. Ондай жеңіске «яса» заңы бойынша қол жеткізді. Өйткені яса заңына қарсы тұрғандарға өлім жазасы міндетті болды. Ясаның үкімі бойынша бағынбаған адамның ағайын, жекжат, әулет-заузатын түгел қырып, тұрған не иелік етіп отырған қала, аймағын да жоқ қылып жіберу міндетті еді. Осы жайтқа арнап айтылған бір хадис бар. Онда: «Олар топтасқан аттылар, бағынбағандарды бірге жазалайды», – депті. Бұл күмәнсіз осы Шыңғысханның дүлей қауымын меңзейді. Бұл қауым дүниенің барлық топтағы жұртшылығына оның сән-салтанатын мойындап, оған бағынғанша: «Тәңірінің бас салып азаптауы, шүбәсіз, өте жаман», – (85 сүре, 12 аят) дегендей өздерінің байлығына немесе билік пен шеніне арқа сүйеп, оны мойындаудан бас тартса, әсіресе ислам елдері, Түркістан шекарасынан Шам өңіріне дейінгі барлық патшалар, қала әкімдері қарсы шыққан жағдайда олардың отбасы мүшелерін, ағайын-туысын, жекжат-жұрағаттарын, тіпті руы бөтен қоныстастарын да жойып отырған. Бұл орайда бұрын жүз мың халық тұрған жерде жүз кісідей-ақ қалғанын айтуға болады. Бұл жайттардың болған уақыты мен жері тіркеліп келген. Ол әр істі заңдастырып, өзі дұрыс деп санаған істерді дәстүрге негіздеп, әрі қылмысқа шек қоюдың орайын келтіріп отырған. Бірақ татарларда жазу болмаған. Сол үшін моңғолдар ұйғыр балаларынан хат үйреніп, аталған яса мен үкімдерді қағаз беттеріне түсіріп оны «Ұлы ясанама», – деп атаған. Оны беделді шаһзадалардың қазынасында сақтап, бір хан тақта отырғанда немесе қалың әскери қолға басшылық еткенде, мемлекеттің мүддесі қорғалу үшін шаһзадалар жиналыс ашқанда аталған ясаны негізге алып, жұмыстарды реттейтін болған. Сондай-ақ әскерді орнату немесе қалаларды күйрету де ясаға сәйкес жүзеге асырылған. Бастапқы кезде моңғол тайпалары Шыңғысханға қосылып жатқанда оларда қалыптасқан ұнамсыз салттар болды. Әуелі олардың арасындағы бұрынғы дәстүрді жойды, сосын ақылға қонымды жарасымды әдет-ғұрыптарды орнықтырды. Ондай салтқа қатысты үкімдер көп болды, олар шариғатқа да сай болған. Жұртты бағынышты болуға шақыру үшін жан-жаққа ханның жарлығын жібергенде диктаторлар сияқты қалың қол келіп, ұрысып қорқытпастан қысқа жазатын: «Егер ел болып бағынбаған жағдайда біз қайдан білеміз, қадым тәңірі біледі», – деп нұсқайтын. Осы сөздің мән-мағынасын тереңнен ойлап, тәңіріге тәуекел еткендер Алла Тағала: «Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе оған бір Алла жеткілікті», – (сүре-65, аят-3) деген дейді. Сондықтан көңілінде қандай арман болса да оған қол жеткізіп, барлық қалауына жетеді. Олар ешбір дінге, ешбір ұлтқа бағынышты болмағандықтан бір ұлтты өзге ұлттан үстем санап, жақтамайтын. Біреуді өзге біреуден жоғары қоюдан аулақ болатын. Әр тайпаның ғалымдары мен жақсыларын құрметтеп, ізет көрсетіп, ұлықтап, оларды хақ тағаланың дәнекері деп білетін. Сондықтан мұсылмандарға құрметпен қарайтын, кейбір христиандарды, пұтқа табынушыларды да құрмет тұтатын. Шыңғысханның әулет-заузаттарының кейбірі көңіл бөлген бір мәзһабты ұстанатын. Кейбірі исламды ұстанған, кейбірі христиан дініне кірген, кейбірі пұтқа табынған. Ал кейбірі бұрынғы ата-баба салтымен ешбір жаққа бет бұрмаған, бірақ олардың саны аз қалған. Шыңғысханның ясасы бойынша барлық тайпаларды бірдей деп танып, бірінің өзгесінен айырмасы жоқ деген ұстанымнан ауытқымайтын. Олардың әдеті ақылға қонымды, билік иелерінің әдет-ғұрпы бойынша, бір кісі хан тағына отырғанда оған хан немесе қаған атағын қосып, артық ешнәрсе тіркемей жазатын. Оның ұлдары, бауырлары дүниеге келгенде солай аталып кететін. Сондықтан біреуге немесе көпшілікке арналған хатта тек қана хан аты жазылып бекітіледі. Ондайда сұлтан мен тобыр арасында айырма болмастан әңгіменің мақсат-мұраты айтылып, жазылады. Онда артық атақ не мадақтау сөз жоқ. Шыңғысхан аң аулау істеріне аса ыждаһатты болған. Ол: «жануарларды аулау әскери әмірлерге өте лайық іс», – деген. Қару иелеріне, жауынгерлерге аңшылықты үйрену уәжіб саналған. Өйткені аңшылар аң аулағанда қалай сап түзеген дұрыс болатынын, аңшылардың саны аз-көп болуына байланысты қандай тәсіл қолдану керектігін ортаға салады. Аңға шыққанда ерлердің талпынысына орай аңның түрлері, ауланған аңдардың саны аз не көп болуын анықтайды. Әскери жұмыстардан қолы бос болғанда ұдайы аңға шығуға ынталы болып, әскерлерді оған қызықтырып отыру керек. Ондағы мақсат тек қана аңға шығу емес, бәлкім оған құмартушылығын туғызу арқылы садақ атуға машықтандыру, қиындыққа дағдыландыру көзделетін болса керек. Хан аңға шығуға ниеттенген уақытын қысқы маусымның бастапқы кезеңі деп бекіткен. Сол уақытта аңға шығуға дайындалып, әскерлерді топтастырып, орда тігуге пәрмен беріледі. Содан аңға шығуға қажетті құрал-жабдықтардың шоғырландыратын мекен ордағыларға ыңғайлы жерде болуға тиіс. Оның орайын келтіруге он кісіден топтасып, аңның жүретін жеріне лайықты қару-жабдықтар мен өзге де құралдарды сайлап, оңнан-солдан және ортадан жасалатын бағыттарды ұлы әмірлерге тапсырып, хандар мен әскерлерге азық-түлік пен сусын жөнелтуді қолға алады. Аңшылық мерзімі бір ай, екі ай немесе үш айға есептеліп, аңдарды біртіндеп, ақырын айдап отырады. Қосындағылар түгелімен семсер сілтеудің шебері, мерген, найзагер болады, олардың бәрі керек кезде сақадай сай тұруға тиіс; жауларға қарсы әрекет жасағанда немесе асау қарсыластарды басып-жаншуға керекті шараларды жүзеге асыруға әрқашан дайын тұрады. Ондай жағдайда қажет болатын сан түрлі қару-жарақ, ту, байрақ, ине-жіп, ат-көлік, құрал-жабдық сияқты заттарды алдын-ала белгілеп, ондық, жүздік топтардың қажетіне сай реттеп қояды әрі соғыс жағдайында тіршілікке керекті қаржыны есептеп қою да ескеріледі. Сондай-ақ, еркектің орнына үйде қалған әйелдер күнделікті істелетін шаруаларды тындыру міндетін өз мойнына алады. Қосынды әскердің санына қарап ретке келтіргенде оларды он-оннан топтастырып, тоғызының басына бір әмір қойып ондық тобын құрады, жүздік топқа жүзбасын, мыңдыққа – мыңбасын, он мыңдыққа түменбасын тағайындайды. Қолбасшы түмен әмірінен сұрайды. Түмен әмірі мыңдық әмірден, ол жүзбасыдан талап етеді, одан әрі ондық әмірге дейін жалғасады. Өйткені капелімде қосынға қажеттік болып қалса, жарлық берілгенде пәлен күні пәлен жерге кел дегенде мыңдаған әскер дайын болып тұруы керек. Сонда: «Олар оны бір сәтке болсын кейінге шегере де алмайды, тездете де алмайды» (сүре:10, аят: 49), – дегендей кез-келген сәтте алға шығуға не артқа шегінуге болады. Қолбасшы мен ханның арасындағы байланыс мінсіз ұйымдастырылып, бір атты шабарман жеткізген бұйрық дереу орындалуға тиіс, бүкіл әскер жұмылып, тиісті әрекетке кіріседі. Олар кейбір елдердің патшалары сияқты алтын беріп, сатып алған құлдарына арқа сүйемейді. Құлдың қорасында он жылқысы болған жағдайда ойланып, тартынып қалуы мүмкін. Байлығына арқа сүйеп, бас көтеріп, асаулық жасауы да ықтимал. Сондықтан ондай елге жаулары жорық жасай қалса немесе өздері шабуылға аттанар кезде қосынды әзірлеу үшін айлар, жылдар керек болады. Өйткені оларға ақы төлеп, жеке мүліктерін қорғап, сақтандыру үшін мол қазына қажет. Сондай кезде мал санын анықтауға кіріскенде есепші айтқан: «бірнеше қой қалды», – дегенде әкім: «қайдан» деп сұраса: «есепте жоқ» деп жауап берген. Бұл шындық мысал. Өйткені әмірдің тойымсыздығы арта түседі. Сол себепті есеп бергенде бір-бірін алдап, бәрі дұрыс деп саналып жатады. Ясаның тағы бір тармағы бойынша мыңдық, жүздік не ондық қатарында болған ешбір жауынгер өзге жерге кете алмайды, немесе өзге жерден баспана сұрай алмайды. Сондай-ақ өзге біреу оған жол бере алмайды. Сондықтан кімде-кім үкімге қарсы шығып, іс жасаса, оны жұрттың көз алдында өлім жазасына тартады. Оған пана берген кісі қатаң жазаланады. Сол себепті ешкімнің өзгеге пана беруге батылы жетпейді. Мәселен: «Егер падишазада ешкімге пана бермесе ешкім де бір әмірді оған тапсыруды қаперіне алып, дәнекерлік жасауға кіріспейді. Ясаның енді бір бабы – кез келген жерде қосында сұлу қыздар болса ондайларды топтастырып, ондықтан жүздікке жөнелтіп, онда қалағанын таңдап, түмен әмірге жөнелтеді, онда әмір таңдағанын алып, ханға немесе ханзадаларға аттандырады. Ол жерде де таңдалып, лайық көріп, көзге түскенін: «Ер адам әйеліне бір немесе екі мәрте талақ айтқаннан кейін оны өзіне жар етіп алып қалады», – оны некелейді (сүре: 2, аят: 229). Немесе қалған әйелдердің: «көңілін тауып, жақсылықпен қоя береді» (сүре: 2, аят: 229). Кейде ханшайымдардың қызметшісі болады, ханшайымның қалауы бойынша босатылады немесе оның қызметінде қалады. Сондай-ақ батыстан шығысқа, шығыстың ең алыс шетінен батысқа қарай тауардың тасымал істерін оңайлату шараларын жүзеге асыру үшін қалалардың ұзындығы мен көлденеңіне қарай шабармандарды және олардың аттарын тынықтыруға арналған аялдау бекеттері құрылды. Олардың керекті жабдықтары тиісінше қамтамасыз етіліп, жауапты адам, төрт түлік, ішетін сусын, жейтін ауқат тағы басқа құралдар дайын тұратын. Түмендерге арнап екі түменге бір бекет белгіленіп, атқаратын міндеттері өзара бөліп берілген елшілер мен жаушылар арасында тікелей байланыс орнатылып, өзге қызметкерлер мен әскерлер ондай шаруаға алаңдамауы қарастырылған. Жыл сайын бекеттердің саны артырылып, кемшіліктері түзетіліп, жетпейтіні толықтырылып отырған. Жаңа елдерді бағындырғанда сол тәртіп бойынша санын көбейтіп, ондық, жүздік, мыңдық негізінде ат қойып, әскер шығарып, бекеттер тұрғызып, қаражат бөліп, жем-шөп шығындарға алым-салық белгілейді. Тағы бір дәстүр бар. Онда бір кәсіп иесі немесе қызметкер қайтыс болғанда одан мұраға қалған дүние аз болса да, көп болса да ешкім оған тиісе алмайды. Мұрагері болмаған жағдайда мал-мүлкі шәкіртіне немесе нөкеріне табыс етіледі. Өлген кісінің мал-мүлкі мемлекеттік қазынаға алынбайды, өйткені оны жақсы ырым деп санамайды. (Тарих жаһангошай, 1-том: 16.17,18,19,20,21,22,23,24,25-беттер). Осы тараудағы ең маңызды жайт – моңғол тайпаларының тіршілік мәдениеті ел болып қалыптасуға мүлдем жанаспайтынын түсінген Шыңғысхан жазу-оқу қажеттілігін сезіп, түркілердің ұйғыр жазуын үйренуіне бұйрық беріп, моңғол қауымының сауатын ашуға әрекет еткен. Екіншіден, өмірлік тәжірибесіне жүгініп, моңғолдардың тозған әдеттері мен қатып қалған қағидаларын жаңаша қатаң заңмен ғана өзгертуге болатынын біліп, елдік мүдде мақсатында яса заңнамасын дүниеге әкеліп, жүзеге асырған. Осылайша заң негізінде белгілі ережелерді іске асыра білген жағдайда тиісті өзгеріске қол жеткізілетінін айғақтап берді. Өйткені ол халықтың жағдайына қарап, яса үкімдерін шығарып отырған. Сол үшін өз заманының бірегей билеушісі ретінде тарихта қалды.
2.«Шыңғысханның шығуы және билігінің құрылуының бастамасы, әлемге патшалығы жайында қысқаша әңгіме». Моңғолдың тайпа-рулары көптеп саналады. Соның ішінде тектілігімен және ұлылығымен танылып, өзге тайпалардың басында тұрған қият тайпасы. Бұл тайпаны Шыңғысханның ата-бабасы басқарып келген. Шыңғысханның аты «Теміршін» болған. Бұл есім ол тағдырдың жазуымен әлемнің төрттен бір бөлігінде «Бол, ендеше болды» (сүре:2.аят:117) бойынша үстемдік құрғанша қолданылып келді. Оның үстемдік құруына жол ашқан керейіт және сақыз тайпаларының басшысы Унг хан болатын. Өйткені олардың басқа тайпалардан күші де сән-салтанаты да артық болған және сан жағынан, қару-жарақ, құрал-сайман жағынан да басым болған. Сол кезде моңғол тайпалары оларға сай келмейтұғын, әрі бір-біріне бағынбайтұғын. Шыңғысхан сәбилік шағынан өтіп, ер жеткен соң айбыны айбатты арыстандай, қақтығыста кескір семсердей болған. Жаулармен алысқанда батыл болған. Оның саясатының да дәмі удай болған. Кез келген билік иесінің айбатын басып тастауға айбыны мен қаһары жететін ол замана тағдырындай болған. Шыңғысханның қарамағындағы аймақ Унг ханның өлкесімен көрші болғанына байланысты олардың арасында жер дауы туындайтын. Унг хан оның ақылдылығы, көрегендігі, батырлығы тәрізді қасиеттері мен сән-салтанатын, айбарын көріп, ширақтығы мен ер жүректігіне таң қалып жүретін. Содан оған ілтипат-құрмет көрсетуде аса жомарттық танытатын. Оның күн өткен сайын мәртебесі асқақтап, территориясы кеңейе беріп, жақсылықтан үміт күткен халықтың көңілі соған ауды. Содан Унг ханның ұлдары, ағайындары, сарай шенеуніктері оның мәртебесі мен беделін қызғанып, арам пиғылын жүзеге асыруға ыңғайлы уақытты күтіп жүрді. Олардың оңаша қалғанда оған қарсы болып, үстемдік құруға бекініп жүргендері Унг ханның да көңіліне қорқыныш пен үрей ұялатып, қарсы шығу пиғылын орнықтырды. Осыдан онымен шайқаспай болмайтыны анық болған соң одан құтылу үшін айла-шарғы іздеп, хақ тағала берген қуаттан жұрдай кезде – таңсәріде тәтті ұйқыда жатқанда, ел тыныш кезде тұтқиылдан шабуыл жасап, шаруасын тындыруға ұжым болып келісті. Олар бұл істің ыңғайын тапқандай болғанда Шыңғысханға құдай жар болып, олардың кеңесінде болған екі бозбала Унг ханнан қашып шықты. Бірінің аты Келік, екіншісі Баде болған. Олар Шыңғысханды әлгілердің сұрқия ойы мен арам айласынан хабардар етті. Шыңғысхан дер кезінде отбасы мүшелері мен қауымын басқа жаққа жөнелтті. Үйлерін орнынан жылжытып көшірді. Жаулары уәделескендей таңсәріде шабуылдағанда үйлердің бос қалғанын көрді. Бұл оқиға жайында түрлі әңгіме айтылған. Мәселен бір әңгімеде осы оқиғадан кейін кері қайтып кеткен десе басқа әңгімеде Унг хан қалың қауымымен оның ізіне түсті делінеді. Шыңғысханның шағын қауымы болған. Екі жақ «Балжүне» бұлақ басында бір-бірімен кездесіп, шайқасқа түседі. Соңында Шыңыс ханның шағын әскері Унг ханның қалың қолын күйретіп, көптеген олжаға қол жеткізеді. Бұл оқиға бес жүз тоқсан тоғызыншы (1202) һижра жылы болған. Сол күні достық қатынаста болған әр адамды мейлі оңбаған не ұлық, әмір не құл, қызметкер не малшы, түркі не тәжік яки үнді болса да барлығының аты-жөні жазылып, тіркелді. Аталған екі жеткіншекке «тархан» атағы берілді. Олар тархан бола-сала алым-салықтан босатылды. Әрі кез келген шайқастан түскен олжадан өз үлесін алатын. Сондай-ақ рұқсатсыз, бұйрықсыз хан сарайына кіре алатын еді. Және оларға өздеріне тиісті қосын мен жауынгерлер берілді. Ал төрт түлік малдан, жиһаздардан тарту етілген дүниелердің есебі жоқ мол болды. Һәмде олардан қателікпен кінәлі болған жағдайда ешқандай тергелмейтіні, осы артықшылықтар тоғыз ұрпағына дейін сақталатыны жария етілді. Қазіргі кезде ол екеуінен көптеген ұрпақ өрбіген. Олардың барлығы да мемлекеттерде түгелдей құрметке бөленіп, патшалардың қызметінде ізетпен өмір кешіп келеді. Қызметкерлері де, түйешілері де ғажап дәрежеге қол жеткізді. Тіпті кейбіреулері өз кезеңінің патшаcы болды, кейбірі биік мансапқа жетіп, заманының танымал тұлғалары қатарына қосылды.
Шыңғысханның әскери қуаты артқан соң Унг ханның қайтадан күшейіп кетуіне жол бермеу үшін оның ізіне қосын жөнелтіп, тағы да екі рет шайқасты, екеуінде де жеңіске жетіп, Унг ханды біржолата күйретті. Ең соңында оның әулеттері, әйелдері мен қыздары тұтқынға алынып, Унг ханның өзі қаза тапты. Шыңғысханның жұмысы алға басып, жұлдызы биіктеген соң басқа да тайпаларға жаушы жіберіп, бағынуға шақырды. Содан ойрат, қоңырат тайпалары Шыңғысханның әмірлері мен қызметкерлері қатарына енді. Сөйтіп оның тәрбиесі мен ілтипатының назарына ілінді. Кімде-кім асаулық жасап, бағынбаған жағдайда дүре соғылып немесе семсердің жойқын күшімен өмірден безіп кететұғын. Осылайша барлық тайпалар біркелкі ізге түсіп, оның бұйрығына бағынды, жаңа салт қаланды, әділеттің аясы кеңейіп, кіріспеде айтылып кеткендей ұрлық-қарлық, ойнас сынды теріс әдеттер жойыла бастады. Осындай жайттар болып жатқанда моңғолдың беделді адамдарынан естігенім бар: бір кісі ортаға шығып, сол аймақтың қатал суығында жалаңаш бірнеше күн бойы қыр мен жазыққа шарқ ұрып, барып-келіп, құдаймен тілдесіп: «Жер жүзін түгелдей Теміршінге және оның балаларына бердім. Оны Шыңғысхан атадым», – деді деп айтты (Тарих жаһангошай, 1-том:25,26,27,28-беттер).
Осы тарауда Шыңғысханның есімі басында «Теміршін» және «Темірші» тағы басқа нұсқада «Темушын» болған деп жазған. Бұл жайт та зерделеуді қажет етеді. Сондай-ақ Шыңғысханның тайпасына көрші һәм бәсекелес болған Унг хан керейіт және сақыз тайпаларының басшысы болғанын жазады. Ал тарихшылар Gabriel Joseph edgard Blochet (1870-1937) деген француз шығыстанушысының пайымына сүйеніп, Унг ханды найман тайпасының ханы деп қабылдаған. Аталған ғалым өз пікірін: «Сақыз тайпасы әлгі атақты найман тайпасы. Ал сақыз сөзі түркі тілінде сегіз деген санды білдіреді. Сондай-ақ найман сөзі моңғолша да осы мағынада. Сондықтан бұл тайпаның сегіз тармағы болған шығар», – деп қорытындылаған. (1/ 26-бет). Сондай-ақ Келік пен Баде атты екі жасөспірім Унг ханның жасырын жиналысында болып, оның тұтқиылдан Шыңғысханның тұрағына шабуыл жасап, оны өлтірмек болған жоспарын естіген соң олардан қашып Шыңғысханның ордасына барып, жасырын қастандық хабарын жеткізеді. Соның арқасында Шыңғысхан аман қалып, Унг ханды түгелдей жеңіліске ұшыратады. Сол себепті аталған екі балаға тархан атағын берген. Бұл орайда айтатұғын жайт Келік пен Баденің аттары Жамеһ-әт-таруарих кітабында Қышлық және Бадай деп жазылған. Парсы жазба деректерінде екі қолайсыз жайт бар. Олар: араб графикасында дауысты дыбыстарға таңбаның жоқтығы және Әта Мәлік пен Рашидеддин Фәзлолланың түркі тілін білмеуі салдарынан парсы жазбаларында түркі сөздері мен есімдерін оқуда қателіктер орын алып жатады. Сондықтан адам не жер-су аттарын мұқият зерделеген жөн. Өйткені әрбір сөз тарихтың бір құпиясын ашуға септігін тигізеді деген үміт бар.
– Сөзіңізді бөлмей, әңгімеңізді ыждахатпен тыңдадым. Ал ендігі әңгімеңіз Шыңғысханның ұрпақтары туралы болса деймін.
– Шыңғысханның ұрпақтары жайында әңгіме: «Шыңғысханның қатындарынан көптеген ұл-қызы болған. Бәйбішесі Есінжін Бегі болды. Моңғол салты бойынша бір әкеден туған балалардың артықшылығы мен мәртебесі оның бәйбішеден дүниеге келуіне байланысты. Аталған қатыннан төрт ұл туған. Олар мемлекеттің аса маңызды істеріне араласып, үлкен қатермен бетпе-бет келгенде хан ордасының төрт іргесіндей һәм хан тағының төрт тірегіндей бола білген. Шыңғысхан олардың әрқайсысын арнайы бір шаруаға жұмсап отыратын. Олардың үлкені Тушыны аңшылыққа қатысты жұмыстарды басқаруға бекіткен, өйткені олар үшін аңға шығу керемет ұнамды жұмыс болып саналады. Шағатай яса заңын орындауға, жазалауға, міндеттеуге, тергеуге жауапты болып бекітілді. Өгедей (Оқтай) мемлекеттің ақылманы ретінде іс-шараларды ұйымдастырып отыруға тағайындалды. Төле болса әскери істері мен құрал-саймандарын реттеп отыруға мақұлданып бекітілді. Шыңғысханның Унг ханға қатысты істерден қолы босаған соң моңғол тайпаларының, руларының бір бөлігі өз еркімен, енді бір бөлігі күштеу арқылы амалсыздан оның бұйрығына бағынып, үкіміне көнді. Шыңғысхан тайпаларды, моңғол қауымдарын, наймандарды және барлық қосындарды аталған балаларына бөліп берді. Ал басқа да кіші балалары, бауырлары мен ағайындарының әрқайсысына қосыннан несібе тағайындады. Содан кейін балалары мен бауырларының өзара ынтымақ пен достық қағидаларын ұстануға шабыттануын, бірлігі нығая беруін, үйлесімнің іргесін қалауын көздейтін болды. Және ұдайы балаларының, бауырларының, ағайындарының жүрегіне ынтымақ пен бірлік дәнін сеуіп жүрді. Осылайша олардың жүректерінде бір-біріне жәрдемдесу мен қолдау өрнегін нақыштады. Сол сияқты бірлескен істер мен аталған достық қағидаларын нығайта берді. Бір күні ұлдарын жинап, қорамсақтан бір жебе шығарып, оны сындырды, сосын екеуін алып сындырды. Осылай оқтың санын көбейтіп, сындара беріп, саны әбден көбейген соң қосылған жебелерді сындыра алмайтын дәрежеге жетті. Сонда жебелерді сындыруға шамасы жетпеген соң ұлдарына қарап, айтты: «Сендер сияқты. Жалғыз жебе әлсіз, көбейген сайын бір-біріне арқа болып, сындырушыларға қарсы күшейе бастап, олардың сындыруға қуаты жетпей қалады. Сондықтан қашан да бірлікте болып, бір-біріңе жәрдемдесіңдер, бір-біріңді қолдап, көмектесіп жүрсеңдер қарсыластарың қаншама күшті және сән-салтанатты болса да сендерді жеңе алмайды. Араларңда бір кісі басшы болып, басқа бауырлар, әулеттер, дос-жарандар және мүшелер оның шешімі мен пәрменіне бағынбайтын болса, неше басты жыланға ұқсап кетеді. Ондай жылан бір түнде қатты суық түскенде інге кіріп, суықтан қорғана алмайды. Өйткені бір басы інге кірер болғанда өзге бастары таласып, бір-біріне кедергі жасап, бәрі жойылып кетер еді. Ал жыланның бір басы болғанда оның денесі түгелдей інге бірден кіріп, барлық мүшелері інге жайғасып, суықтан аман-есен құтылады. Осындай мысалдарды көптеп айтып, үгіт-насихат сөздерді олардың бойына сіңірді. Осы уақыттан кейін аталған дәстүрге бағыну міндетті болды. Содан жай көрініс болса да мемлекетте бір кісі хан атауымен үкім жүргізетін еді. Бірақ шын мәнісінде барлық әулет-зәузаттар, туған ағайындар мал-мүлікке ортақ болатын. Мәңгі қаған екінші құрылтайда әлем патшасы болып, барлық елдерге иелік еткеннің өзінде барлық ұл-қыздар, бауырлар мен ағайындар арасына бөліп бергені бұған дәлел болмақ. Шыңғысхан заманында жауланған мемлекеттердің ауқымы кеңейе түскенде әр кісіге қоныстанатын «жұрт» деп аталатын мекен тағайындалды. Бауыры болған Өтеген ноян мен басқа да ағайын жамағатқа Хытай өңірін белгіледі. Үлкен ұлы Тушыға Қиялық маңынан Харезмді, Сақсин, Бұлғар, одан әрі татардың тұлпарының тұяғы жеткен жерге дейінгі аралықты тапсырды. Шағатайға ұйғыр өңірінен Самарқанд, Бұхараға дейігі өлкені тапсырды. Шағатайдың қонысы Қанаста Алмалық шегінде болатын. Ханның орынбасары Өгедейдің (Оқтай) жұртының астанасы әкесінің тірі кезінде Еміл мен Қонақ маңы болған. Хандық таққа отырған соң негізгі мекені Хытай мен ұйғыр аймағы арасында орналасқан жұртына ауысты. Бұрынғы қоныс орнын өз баласы Күйікке берді. Ол мекендер бөлек түрде аталып тіркелген. Төле де оған көршілес жерде болды. Шын мәнінде ол өлке олардың мемлекеттерін байланыстыратын орталығы іспеттес дәнекер аймақ еді. Жоғарыда айтылған әңгіме Шыңғысханның әулеттері мен ағайын-туыстары жайында қысқаша баян болатын. Олардың саны он мыңнан көбірек болды. Олардың әрбірінің жеке-дара шені, жұрты, әскері және жамағаты болатын. Олардың бәрін тіркеу де, жазып алу да мүмкін емес-тұғын. Бұл жазбадағы мақсат өзге патшалықтарда болып жатқан бірге туған бауырлардың бір-біріне қастандық жасауы, баланың әкеге қарсы шығуы, жеңілгенше шайқасу сияқты үкіметті жойып, құртып жіберетін келеңсіздіктер емес. Мақсат – Шыңғысхан әулетінің үйлесіммен өмір сүріп, өзара жәрдемдесіп, жауларын қандай тәсілмен күйретіп, бүкіл әлемді билегенін айғақтап, тарихын жазу болды. Осы тәжірибеге сүйенбей-ақ осындай әңгімелерді оқып та үйренуге болады. («Тарих жаһангошай», 1-том:29,30,31,32-беттер).
– Шыңғысханның бәйбішесінің есімі Бөрте емес пе? Жоғарыда сіз келтірген тарауда Бөрте есімі «Есінжін» деп қайталаныпты. Әлде біз тарихтың ауызша нұсқасында жаңылысып, Бөртені қағанның бәйбішесі, Жошы бастаған төрт ұлдың алтын құрсақ анасы деп жүрміз бе?
– Бұл тараудың мазмұнына назар аударсақ – Шыңғысханның бәйбішесінің аты «Есінжін» деп жазылған. Бірақ «жамеһ–әт-таруарих» кітабында «Бөрте Фужын» деп жазылады. Француз шығыстанушысы Gabriel Joseph edgard Blochet (1870-1937) бұл жайында «Есінжін» сөзі сұлу, көрікті мағынасында болғандықтан Шыңғысханның бәйбішесінің лақап есімі болуы мүмкін, ал «Бөрте Фужын» оның шын есімі шығар деген пікір білдірген. (1-том: 29-бет). Осында Шыңғысханның үлкен баласының «Жошы» деген есімін «Тушы» деп жазған. Сондықтан Шыңғысханның өзі, моңғолдар, түркі тайпалары туралы жазылған алғашқы жазба деректі түпнұсқадан қарастырып, жаңаша пайымдап, зерттеп-зерделеу қажет. Осы орайда көңіл бөлетін жайт: қазақ ғалымдары Шыңғысхан тайпасын екі түрде жазып келеді. Олар: 1. моңғол 2. моғол. Оның себебі, бәлкім, Моңғолиядағы негізгі моңғолдар мен Орталық Азиядағы түркіленіп кеткен Шағатай моңғолдарын «моғол» деп атаған шығар. Өйткені Иранда билік құрған моңғолдардың билеушісін Қарақұрымға бағынышты болғаны үшін «елхан» деп атайды. Бұл тараудағы ең маңызды тұстардың бірі – Шыңғысхан саяси психологияға мұқият қараған. Ол ру-руға бөлініп бытырап жүрген моңғол тайпалары мен өзге түркі тайпаларын бір билеушіге бағындырып, басқаруға барынша күш жұмсаған. Әрі өзінің өмір тәжірибесіне негізделген мысалдарға, хикаяларға жүгініп, өз әулеті мен ағайын-туыстарына түсіндіру жұмыстарын байыпты жүргізгенін көреміз. Сондай-ақ қоғамдық психологияның адамзат үшін жеңіске апарар жолы ынтымақ пен бірлікте екенін айқын мысалдар арқылы түсіндіріп, қауымдастығының бірлік-ынтымағын қамтамасыз еткені аса маңызды тарихи сабақ екенін автордың өзі ескерген. Демек Шыңғысхан ұлы хандық – империя құру үшін қол астына алатын моңғол және өзге тайпалардың ынтымақта болып, орталық билікке бағынуға, өзінің саяси және қоғамдық танымына сүйеніп, тиісті саяси және қоғамдық психологияның тәрбиелену заңдылықтарына сай заңнамалар жасап, жүзеге асуына қатаң талап қойып, іс жүзінде табысты болуын қамтамасыз етті. Шыңғысханның бұндай айырықша саяси-психологиялық негіздер қалағаны оның кейінгі жеңістеріне іргетас болғанын естен шығармай, оның маңыздылығын ескеріп, адамзат қоғамының бірлігі миуалы болуы тұстарына назар аударып отыру керектігін мойындау қажет. Осы тарауда тағы бір көңіл аударуға тиіс жайт: Шыңғысханның бала-шаға, ағайын, жекжаттарының саны жайында «олардың саны он мыңнан көбірек болатын», – деп жазылған. (1-том, 32 б.). Автордың мәліметіне қарағанда, Шыңғысхан әскерінің басым бөлігі найман және татар деп аталып кеткен түркі тайпалары болғанын пайымдау қиын емес. Сондай-ақ, Шыңғысхан саяси сахнада толық күш-қуатқа ие болмай тұрғанда моңғолдармен көрші-қолаң болған керейіт пен сақыз тайпаларының саны моңғолдардан әлдеқайда басым болғаны да жазылған. Онда: «Шыңғысхан үстемдік құрған кезде керейіт және сақыз тайпаларының басшысы Унг хан болатын. Олардың басқа тайпалардан күші мен сән-салтанаты, саны, қару-жарағы, құрал-сайманы жағынан да басым болған», – делінген. Соған қарағанда, моңғол емес тайпалар яғни түркі тайпалары қай жағынан да үстем болған. Бірақ моңғолдар мен барлық өзге де тайпалар Шыңғысханның саяси парасатының өрісінен шыға алмай, оған бағынған.
– Жоғарыдағы әңгімеден енді Жошы жайына ойыссақ. Бұл әңгімеміз әріқарай Ұлық ұлыстың тарихына, «Алтын Орда» империясына ұласады деп ойлаймын.
– Иә, аталған хикаяттың «Тушының (Жошы) ахуалы және оның орнына Батыйдың таққа отыруы» тарауында: «Үлкен ұлы Тушы (Жошы) Құлан Тасыда Шыңғысханның құзырында болып, уәделескен мерзім аяқталған соң ол жерден қайта оралды. Оның: Бұмал, Ерді, Батый (Бату), Шибқан, Тұңғұт, Берке және Беркежар деген жеті ұлы болған. Олардың әрқайсысы ретімен тәуелсіздікке жеткен. Батый (Бату) әкесінің орынбасары болып, мемлекет пен бауырларын басқарды. Қаған мемлекеттің тағына отырған соң сол аумақ пен төңірегін түгелдей қыпшақ, алан, ас, орыс, және басқа бұлғар, мелс (мәшку) елдері, тағы басқаларын толықтай бағындырып, азат етті. Батый (Бату) Еділ маңындағы өзінің ордасына қоныстанды. Сонда Сарай деп атаған қала тұрғызды. Оның үкімі мемлекеттің барлық өңіріне жүретұғын. Ол ешбір дінді немесе мәзһабты жақтамайтын. Ұстанымы сол тәңіршілдік жолы болатын. Сондай-ақ бірде-бір ұлт пен дінге табынған емес. Оның жомарттығы пен берегендігінде шек болмаған. Дарқандығы мен мырзалығын санап бітіру мүмкін емес. Айналасындағы елдер мен төңірегіндегі көршілер және басқалардың әрқайсысы оның құзырына барғанда олардың алып келген сый-сияпаттары замананың қазынасы іспеттес болғандықтан үкімет қазынасына тапсырмастан бұрын моңғолдар мен мұсылмандарға және жиынға қатысқан басқа адамдарға таратып беретұғын. Және оның көп немесе аз болғандығына көңіл бөлмейтін. Саудагерлерлер оның алдына түрлі тауарларды жан-жақтан алып келетін, қандай тауар болса да бәрін алып, тауарлардың құнын еселеп төлеп отыратын. Рұм мен Шам патшаларына, басқа да елдердің басшыларына кешірім жасап, оның құзырына келген кімде-кім арманда қалмасын деп жарлық берген. Күйік хан хандық таққа отырған соң Батый (Бату) оның сұрауы бойынша жолға шығып Балақмаққа жеткенде Күйік ханның өлген хабары жетті. Сондықтан сонда аялдады. Сонда жан-жақтан шаһзадалар оның құзырына келді. Сол арада хандық тақ Мәңгі қағанға бекітілген еді. Батый (Бату) сол жерден қайта оралып, өз ордасына келіп, көңіл көтеріп, демалуға кірісті. Ал әскери қажеттілік болғанда уақыттың орайына қарап, жақын-жуық, әмірлерден әскер жіберіп тұратын. 1255 жылы Мәңгі қаған тағы да құрылтай өткізуге бұйрық берді. Батый (Бату) Сартақ ұлын Мәңгі қағанның құзырына жіберді. Сартақ христиан дінін ұстанатын. Сартақ барар жеріне жетпей жатып, хақтың пәрменімен (Батый) кенеттен сол жылы дүние салды. Сартақ Мәңгі қағанның құзырына жеткенде оны аса құрметпен қарсы алып, туыстыққа тән түрлі ілтипатқа бөлеп, патшалық мейірге лайық мол сый-сияпатқа кенелтіп, шығарып салды. Сартақ та өз ордасына жетпей, Ақсу мекені маңында әкесінің артынан аттанып кетті. Мәңгі қаған оның әйелдері мен бауырларына қамқорлық көрсетсін деп әмірлерін сол жаққа жөнелтті. Сондай-ақ Сартақтың бәйбішесі Барақшынға Сартақтың ұлы Олақшыны ержетіп, әкесінің орнына отырғанша тәрбиелеу керек деген үкімін орындауын бұйырды. Бірақ тағдыр қаламады. Олақшы да сол жылы қайтыс болды». (Тарих жаһангошай, 1-том:231,232,233 –беттер).
Осы тараудағы адамдар мен жер-су аттарын өзге дерекнамалармен салыстыра отырып анығына көз жеткізу үшін тіл ғалымдарының зерттеуге кіріскені жөн болар еді. Мәселен: Тушының ұлы Бұмаһалдың атын Фәзлолла Рашидеддин «Жамеһ-ат-тауарих» кітабында Бұвал және Бұқал (9/33 бет) түрінде берген. Шибқан атын Фәзлолла Рашидеддин «Жамеһ-ат-тауарих» кітабында «Шейбан Жошы ханның бесінші ұлы», – деп жазған.
(Фәзлолла Рашидеддин 742-бет) және Шарафеддин Әлі Йәздидің «Зафарнама» кітабында «Шейбан Жошыұлы», – деп жазылған (Зафарнама 144-бет). Кейін Мауереннәһрде құрылған хандық осы Шейбанның атымен аталып кеткен. Фәзлолла Рашидеддин «Жамеһ-ат-тауарих» кітабында «Шыңғысханның қатындары мен балалары жайындағы әңгіме» тарауында: «Шыңғысханның бес жүзге жуық қатыны мен күңі болған. Әрқайсысын әр түрлі ру-тайпадан алған. Кейбірін моңғол салты бойынша некелеген, олардың көпшілігі елдер мен ұлыстарды жеңіп, жаулап, тонағанда олжаланған. Бірақ ұлықтап алған қатындарының арасынан айтарлықтай беделге ие болғаны бесеуі ғана. Олар: бірінші қатыны Бөрте Фужын қоңырат қауымының басшысы Дай ноянның қызы болған. Ол барлық қатындардың арасындағы ең үлкені және беделдісі әрі төрт ұл мен бес қыздың анасы еді. Қыпшақ даласының барлық патшалары мен шаһзадалары оның үлкен ұлы Жошының ұрпағы болған. (9: 299-бет). «Шыңғысханның бастапқы ахуалында, әлемді билеу жолындағы қадамдары мен игі істері замана парақтарында әлі көріне қоймаған кезде оның Бөрте Фужын бәйбішісі Жошыға жүкті болған. Сол арада мергіт қауымы ретін тауып Шыңғысханның үйін тонап, жүкті қатынын ұрлап әкеткен. Бұл қауым осыдан біраз бұрын керейіт патшасы Унг ханмен дұшпан болатын, бірақ сол кезде олар достасқан еді. Сол себепті Бөрте Фужынды Унг ханның жанына жібереді. Унг хан Шыңғысханның әкесімен анттас болғандықтан Шыңғысханды өз баласындай санап, оны құрмет тұтып, Бөртені келін деп бағалады. Және бөтен адамдардан қорғап жүрді. Ол (Бөрте) аса пәк және дарынды болғандықтан Унг ханның әмірлері бір-біріне «неге Унг хан Бөрте Фужынды алмайды» деп айтатын. Хан «Ол менің келінім іспеттес, ол бізге аманат, оған қиянат көзбен қарау мәрттікке жатпайды», – дейтұғын. Шыңғысхан ол жағдайдан хабардар болған соң жалайыр қауымынан Сартақ ноянның атасы Үңқұттың Саба атты бір әмірін Бөрте Фужынды өтініш жасап алып келсін деп Унг ханның жанына жіберді. Өйткені Саба Арғын ханның сәбилік шағында Абаға ханның жарлығы бойынша орда әмірі болып, Хорасан мен Мазандаранға әкім еді. Унг хан қағып-күтіп Бөртені құрметпен Сабамен бірге жөнелтті. Бөрте жол-жөнекей дүниеге бір ұл әкелді. Тосын жағдайда дүниеге келгені үшін атын Жошы деп қойды. Сенімді кісілердің айтуынша, Жошының қырыққа жуық ұлы болған. Олардан көптеген немере-шөберелер тараған. Бірақ қоныстарының ара қашықтығы ұзақ болып, бір-бірімен хабарласып тұруға жағдай болмағандықтан ұрпақтарының түгелінің анық хабарын білу мүмкін болмады. Дегенмен аты шыққан ұлдары мен немерелерінің анығы кеңірек жазылады. (9: 708, 709, 710-б…). Сондай-ақ «Батыйдың (Бату) әкесінің орнына таққа отыру хикаясы және патшалық кезіндегі оның ахуалы жайындағы әңгіме» тарауында: «Жошы қайтыс болған соң оның екінші ұлы Батый (Бату) әкесінің орынбасары болып өз ұлысында хандық таққа отырды. Бауырлары оны мойындап, оған бағынды. Үгедей (Оқтай) кезінде ол және бауырлары, басқа да шаһзадалар одақтасып, оның бұйрығы бойынша солтүстік уалаяттардың көптеген бөлігін жаулап алды. Мәңгі қаған мен Күйік ханның шаһзадалары бауырларымен қайта оралған соң уалаяттардың қалған бөлігін жаулап, азат етті (9: 734-б). Осыдан: «Батый (Бату) 1255 жылы Еділ өзенінің жағалауындағы Сарайда қайтыс болды. Ол қырық сегіз жасында еді», – (9: 796-б) деп жазған. Демек Әта Мәлік Жовейни бастаған Шыңғысхан және оның ұрпақтары туралы тарихи мәлімет Фәзлолла Рашидеддинның «Жамеһ-әт-тауарих» атты еңбегінде жалғасын тапты. Сондықтан аталған екі тарихи дерекнаманы бірге зерттеп, зерделеген жөн. Оны тарих, әдебиет, тіл тағы басқа тұрғыдан қарастырған дұрыс болмақ.
Ал араб тарихшысы Ибн Бәтуте (1304-1377) «Ибн Бәтуте сапарнамасы» шығармасында Сарай жайында мәлімет берген. Ол кім? Мұхаммед ибн Абдолла ибн Мұхаммед ибн Бәтуте тарихта Ибн Бәтуте яғни Бәтутеұлы атымен танымал саяхатшы. Ол 1304 жылы Марокконың батысында орналасқан Танжер қаласында дүниеге келді. 1326 жылы Мекке сапарына шықты. Содан Мысыр, Шам, Палестина, Хижаз, Ирак, Иран, Иемен, Бәһрейн, Түркістан, Бейн-әл-нәһрейн (Ирактағы Екі өзен арасы мағынасында. Дижле мен Эфрат), Үндістан, Қытай, Жавеһ елдерінің бір бөлігі, Шығыс Европа; Шығыс Африкаға 1325-1352 жылдар аралығында жиырма жеті жыл бойы саяхаттап, туған елі Мароккоға қайтып оралды. Туған қаласы Танжерге аяқ басқан 1352 жылы қайтыс болып, сонда жерленді. Ибн Бәтуте тарихта ең ұзақ қашықтыққа сапар шеккен саяхатшы. Оның Түркістанға сапарында түркілердің салт-дәстүрі мен Сара қаласы жайында біраз мәліметтер берілген. Сонда: «Қажы Тархан қаласында сұлтан Өзбекпен қоштасқан едік, сонда жеткенімізде сұлтан Өзбек ол жерден өзінің астанасына кетіп қалғаны белгілі болды. Біз астанаға жету үшін үш күн бойы Еділ өзенінің жанынан ағып жатқан өзендердің үстімен жүріп отырдық. Бұл өзендерде мұз қатып қалатын. Су қажет болғанда мұздың бір паршасын сындырып, ерітіп ішіп, тамақ пісіруге пайдаланатын едік. Соңында Сара қаласы, Берке Сара деп те аталатын сұлтан Өзбектің астанасына жетіп, сұлтанмен дидарластық. Сұлтан Өзбек сапардың қалай болғанын және Рұм елінің жағдайын, оның патшасы жайында сұрады. Сосын бізге біраз қаржы беруге бұйырып, қоналқамызды белгілеп берді. Сара әлем қалаларының арасындағы ең көркемі және ең үлкені екен, жазықта орналасқан. Халқының саны көп болғандықтан қаланың өзі қаншама үлкен болса да тар болып көрінеді. Сарайдың жақсы базарлары, кең көшелері бар. Бір күні қаланың бір беделді тұрғынымен қаланың көлемін білейін ден көлікке отырып, қаланы айналып шықтық. Біздің үй қаланың бір шетінде болатын. Тәңертең жолға шығып, күн ауа қаланың ендігі бір шетіне жеттік. Бесін намазынан кейін түскі ас ішкен соң ана жақтан жолға шығып, күн батқан мезгілде үйге жеттік. Сонда қаланың екінші шетіне барып-қайтуға түгелдей бір күн кетті. Аталған аралықта бірінен соң бірі жалғаса салынған үйлерден өтеді. Онда үйлердің бұзылып, құлағаны мүлдем байқалмайды. Және жол бойында бақ – гүлзар да жоқ. Сарада жұма намаз оқу үшін он үш үлкен мешіт салынған. Олардың бірі – сұнни шафиһи мәзһабына арналған. Ал өзге мешіттердің саны өте көп. Бұл қаланың тұрғындары түрлі тайпалардан құралған. Ал оның негізгі тұрғындары моғолдар және үкімет тізгіні солардың қолында. Олардың кейбірі ислам дінін қабылдаған. Бұл қалада басқа да тайпалар тұрады. Атап айтқанда: асылар, олар мұсылман. Қыпшақтар, шеркестер, орыстар және рұмдықтар барлығы христиан болған. Әр тайпа бөлек ықшамауданда тұрады, әрқайсысының бөлектенген базары мен дүкендері бар. Саудагерлер, жат жұрттықтар Ирактың араб және парсы өлкелерінен келген. Мысыр, Шам тағы басқа жерлерден келгендер қаланың төңірегін қоршаған бөлек ықшамауданда қоныстанған. Осы қалада сұлтанның сарайын «алтын тас» деп атайды. Қаладағы ең жақсы қазылардың бірі Бәдреддин болған. Бұл қалада шафиһи мәзһабының оқытушысы Сәдреддин Сүлейман Ләкзиді кездестірдім. Ол данышпандар қатарынан саналады. Малики бағытындағы оқытушы мысырлық Шәмседдинге діни қағидалар бойынша қарсылық көрсетіп, даттап келген. Қажы Низамеддиннің ғибадатханасы осы қалада орналасқан. Ол бізді қонақ етіп, аса жоғары құрмет көрсетті. Сондай-ақ харезмдік шариғат ілімінің данышпаны имам Жамаледдиннің ғибадатханасы да сонда. Ол жақсы шейхтердің қатарына жатады, өте жомарт, жұмсақ мінезді, қарапайым жан, дүниеқорларға қарсылық тұрғысында асқан қатал. Өзбек сұлтан жұма күндері онымен кездесуге баратын. Бірақ ол сұлтанды қарсы алуға шықпайтұғын. Оның алдында орнынан да тұрмайтын. Сұлтан барынша жұмсақтық танытып, қарапайым шейхпен әңгіме құрса да шейх ханға салмақты ұстамдылық көрсететін. Бірақ шейх кедей-кепшіктерге, басқа қалалардан келген қонақтарға аса қарапайым, жұмсақ, мейірімді мінез көрсететін. Мәселен маған ерекше ілтипат жасады. Бір түрік құл сыйлады. Мен өзім одан бір ғажайып іс көрдім. Ол шейхтың көрегендігі еді. Мен Харезм сапарына шығарда мәселені шейхқа айтқам, ол: «Бірнеше күн аялдай тұр, сосын кетерсің», – деді. Өз ойымша, қасымда бір топ сапарласым бар. Олардың бірнешеуі саудагер таныстарым және олармен бірге жүреміз деп келіскенбіз. Осы мәселе турасында шейхқа айтқам. Сонда ол: «Жоқ. Тіпті бармайсың», – деді. Оған қарамастан өзімше шешім қабылдап, жолға шықпақ едім. Осы арада бір құлым қашып кетіп, амалсыздан қалада біраз аялдауыма тура келді. Содан қалаған күнімде жолға шыға алмадым. Бұл шейхтан көрген айқын керемет болатын. Үш күннен кейін менің бір адамым әлгі құлды Қажы Тархан қаласынан тауып, алып келді. Сосын Харезмге қарай жолға шықтым. Сарадан Харезмге дейін шөлейт арқылы қырық күндік жол. Бірақ жол бойы жайлау аз болғандықтан аттар бұл жолшылыққа төзе алмайды, сондықтан арбаларға түйе жегуге тура келеді. Содан жолға шығып, он күннен кейін Сарайшық қаласына жеттік. «Шық» сөзі кішкентай деген мағынада айтылады яғни Сарайшық – кішкентай сарай. Сарайшық қаласы суы мол үлкен Орал өзенінің жағалауында орналасқан. «Ұлы су» (Орал) – үлкен өзен мағынасын білдіреді. Бұл өзеннің үстіне Ирактағы көпір сияқты қайықтан жылжымалы көпір салынған. Осы жерге дейін арбаларды атқа жегіп келгенбіз. Бұл қалада аттарды саттық. Жылқы бұл қалада өте арзан екен. Біз әрбір атты төрт күміс динарына, бәлкім одан да арзандау бағаға саттық. Бұл қалада «Ата» атты бір қайырымды түркі қарияның ғибадатханасы болды. Ол бізді қонағасына шақырып, батасын берді. Сондай-ақ қала қазысы, атын ұмытып қалыппын, бізге сый-сияпат жіберді. Сарайщықтан кейін тұрақты түрде отыз күн бойы жол жүрумен болдық. Күндіз де бар-жоғы екі сағат түсте және күн батар мезгілде аялдап демалып, сүт көже пісіріп ішетіндей уақытқа тоқтайтын едік. Өйткені сүт көже бір қайнаумен піседі. Оған майда туралған ет қосып, үстіне сүт құяды. Жолаушылар өздерінің арбаларында отырып тамақтанады, ал керуен үздіксіз жылжи береді. Мен үш күңіммен бір арбада болдым. Бұл шөлейт далада жылдам жүріп отыру керек. Өйткені онда шөп тапшы. Сондықтан кейде түйелер де өліп қалады. Сапардан аман шыққан түйелер бір жыл бойы демалып, семіріп, сауығуы керек. Су елді мекендерде табылады, олардың арасы екі-үш күндік қашықтықта жатыр. Онда жаңбырдан жиналған су немесе құдығы бар жерлер болады. Айтқанымыздай бұл шөлейтті де басып өтіп, Харезм қаласына жеттік» (17: 402, 403, 404, 405-беттер). Ибн Бәттуте Батый (Бату) салдырған Сарай қаласына қатысты дүниежүзінің ең үлкен бес өзенін таныстырғанда: «Еділ өзені қыпшақ даласында – оның жағалауында Сарай қаласы орналасқан», – деп (17: 34-б) жазған. Ибн Бәттуте сапарнамасына қарағанда үш қаланың аты аталып, тарихилығы тілге тиек болады. Олар: 1. Батый (Бату) салдырған Сарай қаласы. «Батый (Бату) 1255 жылы Еділ өзенінің жағалауындағы Сарайда қайтыс болды. Ол қырық сегіз жасында еді». 2. Берке хан салдырған Сара (Беркесара) қаласы. «Сара қаласы Берке Сарай деп те аталатын» 3. Батый (Бату) заманында негізі қаланған ірі сауда орталығы болған қала. «Сара қаласынан – жолға шығып, он күннен кейін Сарайшық қаласына жеттік. «Шық» кішкентай деген мағынада, Сарайшық яғни кішкентай сарай. Сарайшық қаласы суы мол үлкен Орал өзенінің жағалауында орналасқан. «Ұлы су» (Орал) – үлкен өзен мағынасын білдіреді». Демек Жошы хандығында ұрпақтары салдырған үш саяси-экономикалық маңызға ие үш қаланың мәліметі осы жазба деректе анық көрініс тапқан. Олар: Сарай, Сара (Беркесара) және Сарайшық қалалары. Сондай-ақ Жошы хандығының «Алтын орда» аталуының сыры Ибн Бәттуте осы жазбасында: «Бұл қалада сұлтанның сарайын «алтын тас» деп атайды», – деген. Алтын Орда атауының сыры әлгі «алтын тас» атымен байланысып жатқан болуы мүмкін.
Енді бір жазба дерек Шарафеддин Әлі Йәзди 1424-1425 жылдары жазған «Зафарнама» кітабы. Онда Жошы хандығы қыпшақ даласына толық билік жүргізгені егжей-тегжейлі жазылған. Шарафеддин Әлі Йәзди кім? Ол Иранның Йәзд уалаятының оңтүстік батысында қазіргі Йәзд қаласынан он шақырымдай жердегі шағын Тәфт қаласында дүниеге келіп, сонда 1454 жылы қайтыс болған, сонда жерленген. Туған жылы нақты емес, зерттеушілер 1415-1435 жылдар аралығында туған шығар деп болжайды. Шарафеддиннің әкесі шейх қажы Йәзди оқымысты адам болған. Сондықтан баласы білім мен ғылымға қызығып өсіп, кеңінен білім алып, келешекте философия, астрономия, әдебиет және сопылық мәселелерінің теоригі болған. Одан да басқа көптеген салаларды игерген, оның аты «Зафарнама» атты тарихи еңбегімен шықты. Өйткені бұл шығарма ұзақ жылдардан бері терең зерттеліп келе жатқан шығарма. Автор бұл еңбекті жазуда түркі және парсы тілдеріндегі көптеген мемлекеттік құжаттарды, естеліктерді және Әмір Темір жайындағы күнделіктер мен тарихи-әдеби еңбектерді жан-жақтан жинап, өз еңбегін жазуда тиімді пайдаланған. «Зафарнама» (Жеңіс кітабы) екі бөлімнен тұрады. 1. Бірінші бөлімі кіріспе іспеттес. Ол Әмір Темірдің шежіресіне арналған. Және түркі тайпаларының тарихы әрі төрт ұлысқа билік еткен Шыңғысханның ұлдары туралы жазылған. 2. Бұл бөлім Әмір Темірдің өз тарихы жайында.
– Шыңғысханнан кейін оның ұрпақтары қаған әкенің ісін қалай жалғады? Жошы кім болды? Үгедей ше? «Алтын Орданың» кейінгі тағдырына Әмір-Темір қандай ықпал етті? Темірдің шөпшегі Бабыр туралы не айтасыз?
– «Зафарнама» кітабында Жошының қыпшақ даласын иемденіп, хандық құрғаны айтылады. «Қыпшақ даласына патшалық еткен хандардың аттары жайындағы әңгімеде»: «Шыңғыстың ұрпақтарынан қыпшақ даласын күні бүгінге дейін билеп келген патшалардың саны отыз екі болған. Әкесінің үкімі бойынша Харезм, Хәзәр даласы, Бұлғар, Алан және сол маңай Жошыға тиесілі деп тапсырылды», – (19: 65-б) деп жазды. «Шыңғысхан қайтыс болған соң Үгедей (Оқтай) қаған болды, ол өзінің және бірге туған бауырлары Жошы, Шағатай, Төленің балаларын қосып, әкесі жаулап алған ас, орыс, шеркеш, қырым, азық, бұлғар, мажар сынды елдерді қайтадан бағындырып, екі жүз жетпіс мың адамды қырып салды. Кейін орыс, қыпшақ, аландардың ісін бірыңғай етіп, көздеген барлық мақсатына қол жеткізді. Содан кейін: «Батый (Бату) Өгедей (Оқтай) қағанның бұйрығымен қыпшақ даласында таққа отырып, қайтып келген соң Сарай қаласын тұрғызды, ұлу жылы (1255 жылы) қайтыс болды. Сосын оның бауыры Берке хан, Сайын хан, Есенмәңгі, Тоқия хан, Өзбек хан және Жәнібек хан таққа отырды» (19: 66 а, 66 б-беттер). Сондай-ақ «Зафарнама» кітабындағы «Әмір Темірдің Қажы Тархан мен Сарайға шабуыл жасауға бұйрық бергені» тарауында: «Жеңімпаздың қосыны мұз қатқан Еділ өзенінің үстімен өтіп, Сарайды жаулап алған соң қаланы өртеп, күйретті. Және сол маңайдың көшпенділерінің төрт түлік малын түгелдей тонап алып кетті» (19: 280 б) деп көрсетілген. «Зафарнама» кітабының мәліметіне қарағанда, Жошы ханнан мұра боп қалған аймақ яғни қыпшақ даласы Харезм мен Хәзәр (Каспий) теңізінің аралығындағы кең даланы қамтыған. Бұл қыпшақ даласының аты кейінгі кезеңдерде саяси тарихтың заңды сабақтасы болып жалғасып «қазақ даласы» болып өзгерді.
«Зафарнамада» жазылған тарихи оқиғалардың әңгімесі «Бабырнама», «Тарих-и-Рашиди» тәрізді еңбектерде жалғасын тапты. Бабыр кім? Бабырнама қандай шығарма? Бабыр – Әмір Темірдің (1336-1405) ұрпағы яғни шөпшегі, 1494-1500 жылдары Ферғана әмірі болған Омар Шейх мырзаның ұлы Заһиреддин Мұхаммед Бабыр (1483-1530). Ол Үндістандағы Бабыр патшалығының (1526-1857) негізін салды. Ол ұлы саяси көсем, ақын, әдебиетші, тарихшы, қаламгер, «Бабырнама» кітабының авторы. Оның шығармалары әлемдік мәдениет тарихынан өзгеше орын алған. «Бабырнама» шығармасының басты ерекшелігі түркі тілінде жазылғандығы. Кітапта 1493-1529 жылдар аралығындағы тарихи оқиғалар қамтылған. Ғұмырнамалық бұл шығарма Мұхаммед Бабырдың таққа отырған кезінен бастап қайтыс болған жылына дейінгі аралықтағы оқиғаларды қамтиды. Кітапта Түркістан, Ауғанстан, Үндістан елдерінің саяси, тарихи, жағрафиялық, табиғаттық, этнографиялық һәм ғылыми-әдеби ахуалынан хабардар етеді. Кітаптың тілі жеңіл, берген мәліметтері аса мәнді, қарапайым сөздермен терең ойларды бере білген шығарма. Еңбек түркі тілінен парсы, ағылшын, орыс, француз, ұрду, араб, қазақ тағы басқа ондаған тілдерге тәржімаланған. Онда қазақ хандары туралы да біраз мәлімет берілген. Сондай-ақ тіл ғалымдары үшін түркі тілінің ортағасырлық тамаша үлгісі ретінде зерттеп, зерделеуде маңызы зор шығарма. Қазақ сөздерінің этимологиясына зер салып, түп-тамырын табуға көмек бола алатын ерекше бағалы еңбек. Әрі қазақ хандарының және олардың өзара қоғамдық қарым-қатынастары туралы әжептәуір мәлімет береді. Мәселен, Қасым хан жайында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында ешкім ол ұлысты Қасым хандай берік қолға алып билеген емес. Ерікті әскері үш жүз мыңға жуық болған» (20: 14-бет), – деп жазған. Бабыр қазақ хандарының әрі Алтын Орда хандығының ахуалын жақсы білгендіктен осылай салыстыра баға беріп отыр.
Жошы хан мен ұрпақтары қыпшақ даласында толықтай билік жүргізгенін жоғарыда атап өттік. Бұл туралы жазба деректерде анық жазылған. Кейінгі кезде Алтын Орда мемлекеті тоз-тозы шығып ыдырап: Қырым хандығы, Қазан хандығы, Сібір хандығы, Астрахан хандығы, Ноғай ордасы, Ақ орда, Әбілқайыр хандығы тәрізді бірнеше хандыққа бөліне бастағанда оның күйреген күлінің астынан Қазақ хандығы бой көтерді. Алтын Орданың ыдырау кезеңімен тұспа-тұс келген саяси дағдарыс кезінде оның саяси тарихының жалғасы ретінде өзінің саяси өмірін Жошы хандығының мұрагері ретінде бастаған бірден-бір мемлекет – Қазақ хандығы болғанын өз шығармасына арқау еткен жалғыз тарихнама Мырза Қайдар Дұғлаттың «Тарих-и-Рашиди» шығармасы. Мырза Қайдар кім? «Тарих-и-Рашиди» қандай шығарма? Мырза Қайдар 1499 жылында Өретөбеде дүниеге келген. Әкесі Мұхаммед Үсейін сол аймақтың әкімі болатын. Ол өзінің толық аты Мырза Мұхаммед Қайдар деп туған атасының атын алған. Атасымен шатасырып алмау үшін достары оны Мырза Қайдар деп атап келген. Оның өлгенінен кейін елу жыл өткен соң тарихшы Ахмет Тәтәви оған «Дұғлат» деген лақап есім берді. Содан кейін зерттеуші тарихшылар оның толық аты-жөнін: Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат деп атап кетті. Ол Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың туған бөлесі. Тоғыз жасында жетім қалып, бірнеше жыл Бабырдың ыстық ықыласына бөленіп, сарайында тәрбие алып, сауат ашқан. Кейін сол Бабырдың «Бабырнама» еңбегінің үлгісімен өзінің «Тарих-и-Рашиди» еңбегін жазды. Бабырдан кейін жиырма төрт жыл бойы нағашы атасы Саид ханның қамқорлығында терең білім алып, мемлекет басқару жосығын үйренді, әскери білімін жетілдіріп, әдіс-айла түрлерін меңгерді. Саид хан қайтыс болған 1533 жылға дейін оның қызметінде жүріп, көптеген ғазауаттарға қатысты. Сондай жорықтарда Саид хан Тибет тауында тұңшығып өлген соң күншілдердің күндеуінің кесірінен Саид ханның орнына отырған Рашид ханның қаһарына ұшырап, Үндістанда Бабырдың баласы Құмаюн патшаны паналауға мәжбүр болды. Сосын Құмаюнның атымен Кашмирді жаулап алды. Содан 1541 жылынан 1551 жылға дейін Кашмирді Құмаюн патшаның атынан билеп тұрды. Кашмирде «Тарих-и-Рашиди» еңбегін 1542-1546 жылдары парсы тілінде жазып аяқтады.
Бұл еңбекте Шыңғысханның ұрпақтары Тоғылықтемір ханнан Рашид ханға дейін жалғасын тапқан екі ғасырлық яғни XIV ғасырдың бірінші жартысынан XVI ғасырдың бірінші жартысына дейінгі тарих жазылған. Алтын Орданың қалдықтары, Жошы хан мен Шағатай ханнан тараған ұрпақтарының саяси тағдыры көрініс тапқан. Жошы әулетінен тарап, қазақ хандығын құрған хандардың да тарихи бейнесі сомдалған. «Тарих-и-Рашиди» шығармасы қазақ хандығының 1465 жылы құрылғанын жазып мұраға қалдырған жалғыз-ақ жазба дерек. Онда: «Сол заманда Әбілқайыр хан қыпшақ даласына түгелдей билігін жүргізіп тұрды. Жошы ұрпақтарының сұлтандарына тиісе бергендіктен Жәнібек хан мен Керей хан одан қашып, Моғолстанға кетіп қалды. Есенбұға хан оларды құрметпен қарсы алып, Шу маңы мен Қозыбасын бөліп берді. Ол аймақ Моғолстанның батыс шеті еді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрді. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында көп келіспеушілік туды. Олардың көбісі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына көшіп келді Халқының саны екі жүз мыңға жетті. Олар өзбек-қазақ деп аталды. Алғашқы қазақ сұлтандарының үкіметі 870 жылы (1465) құрылды. «Алла біледі». 940 жылға (1533) дейін қазақтар толықтай билік тізгінін ұстап тұрды. Өзбекстанның басым бөлігін Керей ханнан кейін Бұрындық хан басқарды. Одан соң Жәнібек ханның ұлы Қасым хан басқарып, қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскері мың мыңнан (миллион) көбірек еді. Жошы ханнан кейін сол жұртта одан ұлы хан болмаған. Қасым ханнан кейін оның ұлы Мамаш хан биледі. Одан соң немере бауыры Таһир хан биледі. Таһир хан заманында қазақ жойылып кете жаздады. Одан кейін бауыры Бойдаш хан билікті қолға алды. Қазақ Бойдаш хан кезінде жиырма мың болып қалған еді.» (29: 199-бет). «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің берген мәліметі бұрынғы тарихнамалардың ізімен Жошы хан билеген Қыпшақ даласы ең соңында түгелдей Қазақ хандығының үлесіне тиесілі болғанын нақтылап жазған. Бұл тарихнама қазақ тарихы үшін бірегей дерек болғандығы үшін құнды.
– Ислам мырза, сіз жоғарыда тарихшы ғалым ретінде тарихи деректерді сөйлеткен кітаптар мен кітап авторлары, кейіпкерлері жайында тағылымды әңгіме айттыңыз. Енді екеуара сұхбатымызды жинақтап, қортынды әңгімеге көшсек деймін.
– Қорытынды әңгімеге көшсек, Әта Мәлік Жовейнидің 1260 жылы парсы тілінде жазылған «Әлемді жаулаушының тарихы» Шыңғысханның туып-өсіп, алып империя құрғанын баяндап берген тарихнама деп қабылдасақ, одан кейігі Фәзлолла Рашидеддин Хамаданидің 1310 жылы парсы тілінде жазылған «Жамеһ-ат-Тауарих» («Жалпы тарих») атты шығармасы Шыңғысханның тарих сахнасындағы орнын, ұлы саяси империя құрғанын Әта Мәліктің ізімен құптап жазған тарихнама. Одан кейін Шарафеддин Әли Йәздидің 1424-1425 жылдары парсы тілінде жазған «Зафарнама» кітабы Шыңғысхан құрған империяның ыдырай бастағанын баян еткен. Ең соңында Шыңғысхан ұрпағының империясы аяқталған соң қайтадан бой көтерген «Қазақ Хандығы» мемлекетін бейнелеген шығарма Мырза Мұхаммед Қайдар Дұғлат тарапынан 1542-1546 жылдары парсы тілінде жазылған «Тарих-и-Рашиди» атты шығарма болды. Аталған төрт еңбек тарихи сабақтастығы бар түркі-моңғол тарихының тізбектері болып бір-бірінің ізін қуалап келіп, соңғы нүктесін «Қазақ Хандығы» қойған біртұтас тарихи роман болып аяқталған.
Парсы тілінде жазылған жоғарыда аталған еңбектердің кемшілігі, біріншіден – ең басты мәселе ретінде араб графикасымен жазылған жазбалардың дұрыс оқылмауын айтуға болады. Бұл моңғол және түркі тарихы мен әдебиеті туралы жазылғанда анық байқалады. Мысалы қазақтың ы, і, ң, ә, ү, ұ сынды таңбаларының дыбыстарын араб графикасымен таңбалап беру қиын. Себебі әлгі тарихнамаларды ең басында Еуропа және орыс ғалымдары зерттеп хатқа түсірді. Сондықтан барлық адам аттары мен жер-су аттары Еуропа және орыс тілінде транскрипцияланып жазылды. Қазақ ғалымдары амалсыз солай жазып келді. Ал араб, парсы, түркі тіліндегі тарихи жазба деректерді әу баста қазақ ғалымдары зерттеп, ғылыми айналымға түсірсе, олардың айтылуы мен жазылуы мүлдем өзгеше болар еді. Сондықтан «ештен кеш жақсы» дегендей біз әлі де болса түркі тарихына қатысты ежелгі және ортағасырлық жазба деректерді түпнұсқадан қазақ тіліне аударған абзал деп есептеуміз және соны жүйелі түрде жүзеге асырып келеміз. Бұған мемлекеттің материалдық және психологиялық қолдауы қажет.
Ал ортағасырдағы парсы, түркі жазбалары араб әліппесімен жазалғандықтан, түркілердің адам және жер-су аттарын толықтай дұрыс оқып, айту оңай шаруа емес. Ол үшін түркілердің ежелгі, ортасырлық және жаңа дәуірінің тілдік қорымен таныс болу керек. Мәселен осы «Жаһангошай тарихында» «Құлантасы» мекеннің аты түрінде жазылған. Немесе Еділ түрінде таңбаланып «Итил» деп оқылады. Осы кітап қазіргі Волга өзені бұрын «Еділ» аталғанының дерегі. Ал түркіше және бүгінгі қазақша білмейтін маман аталған мекен атын дұрыс оқуы мүмкін емес. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сондықтан түркі ғалымдары түркі тарихын араб, парсы, түркі және қытай тілдерінен зерттегенде түпнұсқадан өз тілдеріне өздерінің ұлттық аудармашы мамандарға аудартып, талқыға салуы шарт. Әйтпесе дәнекер тіл арқылы тарихи жазба деректерді пайлануда көптеген тарихи шындықтарды жоғалтып аламыз. Екіншіден – парсы тілінде Шыңғысхан, моңғол және түркі тайпалары туралы жазылған тұңғыш шығарма – Әта Мәлік Жовейнидің «Жаһангошай тарихы» («Әлемді жаулаушының тарихы») атты еңбегі екенін назарда ұстау керек.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
«Жұлдыз» журналы