КҮЙЕУҚАШҚАН

Сүріне-қабынып, тоғызыншы қабаттан түскенінше өкпесі өшіп, тамтығы қалмады. Қырсыққанда, лифті де істемей қалған екен. Кей қабатта жарық та жоқ.

Қараңғыда саты жақтауына сүйеніп, емпелеңдеп келе жатқанында бір-екі мәрте сүрініп, омақаса құлай жаздаған. Табаны тайып, шоңқия бір отырып қалған сәтінде төпілиінің биік өкшесі жұлынды ма деп еді, аман секілді…

Өкшесі де бар болсын, бетон тепкіштің қырына құйымшақ тұсымен соғылғанда қатты ауырсынып, жан дауысы шықты:

– І-и-й, жаным-ай! Қараң қағыр-р!..

Жандәрмен қарманған кезінде алақанын да темір жырып кеткендей. Бірақ ештеңеге қарауға мұрша жоқ, қайтадан атып түрегеліп, ентіге басқан күйі алдыға қарай ышқына берді.

Екі кештің арасында ғайып болып кеткен күйеуін іштей сыбап келеді. Жаңа ғана жанында тұрған сияқты еді, байғұсты жер жұтты ма… Телефонын да өшіріп тастапты…

Міне, енді жаныға ұмтылып, соның соңынан жүгіре шыққан беті.

– Бір ауыз айтып кетсе неғылады-ей! О-о, сорлы!..

Есі түзу елдің қатыны қашушы еді, бұның байы қашады. Бірақ осының өзіне де обал жоқ. Аяқ астынан өкпелетіп алады да, артынан өкініп, өбектеп қайта жалынады.

Албарда ұшырасқан біреулерді қаға-маға, жұлқынып далаға шықса, көз байлануға айналыпты. Бір жақсысы, кешкі Алматы қызыл-жасыл шамы жарқырап, құлпыра түсетін әдеті. Қарсы беттегі мейрамхана жақтан әлдекімдердің шат күлкісі мен үзіп-талып жеткен саксофон үні қисапсыз жарнама бояуымен астасып, әлдебір сиқырлы күйге бөлейтіндей. Дегенмен, күн ызғарлы екен.

Жүйткіген автомобиль нөпірі мен жол айрығында ерсілі-қарсылы жөңкілген жұрт қарбалас қала тіршілігін одан сайын ширата түседі. Жан-жағына алақтай қараған Күләйша олардың арасынан күйеуі Ораздың қарасын көре алмады. Одан табаны жалтылдап, аялдамаға қарай дедектей жөнелген.

Бұлар тұратын «Төле би» және «Бауыржан Момышұлы» көшелерінің қиылысында автобустар бірінен кейін бірі зауылдап, ерсілі-қарсылы ағылып жатады. Аялдамаға желе-жорта жетіп, қай жаққа жүретініне де қарамастан, келіп тоқтай қалған солардың бостау біреуіне отыра салған.

Мінген көлігі зулай екпіндеп, аспалы көпірмен жоғары көтерілген кезде бір сәт өзін ұшақта отырғандай сезінгені. Көкке көтеріліп бара жатқандай әсер билейді. «Е-е, піссіміллә! Оңғара гөр!» деді сасқанынан. Есінің шыққаны-ай. Қайта төмендегенде әуежайға қонғалы келеді екенбіз деп тағы ойлап қалды. Сол сәт, жолдасын атақты «Саин» көшесінің бойынан іздегісі келгенін біліп, бірінші аялдамадан түсті де, артқа қарай қайта қайырылып, жер асты өткелінен өтті. Сөйтіп, оңтүстік бағытқа қарай өрлей салды. Ертеректе осында «түнгі көбелектер» қаздай тізіліп, самсап тұрушы еді. Қазір, әрине, олардың көзі құрыған. Әйткенмен, бірен-сараны секиіп әлі күнге дейін тұратынын естіп қалады. Неге екенін, Оразды солардың қасында жүр ме деп күдіктеніпті…

Күйеуінің үйден «қашуы» жалғыз бұл емес-ті. Алдыңғы жылы жолдастарының біріне кетіп қалып, түн ортасында зорға деп алып келгені бар. Онда да кінәлі Күләйшаның өзі. Кейде сәл көзінен тайса-ақ қайда жүрсің, қайда тұрсың деп қысып жібереді. Және кімнен «жұқтырғанын» білмейді, оны «Ай, сорлы-ай!», «О, байғұс» деп кемсітіп сөйлейтін әдетін қоя алмады. Өстиді де, о жазғанды кім көрінгеннен қызғанады. Сол жолы айт-ұйт жоқ:

– Осы, кімдермен сөйлесе бересің сен?! – деп күйеуінің қолынан телефонын жұлып алып, тексеріп әлекке салды. ­­– Мына қатының кім?! Мына бір жәлеп қайдан жүр?!.

Дігірлеп, екі аяғын бір етікке тыққан әйеліне не дерін білмеген Ораз:

– Ой, бөтен кіммен сөйлесуші ем! Кластас қыздар ғой бәрі. Ал мынау ауылдағы өзің білетін немере қарындасым, ­– дейді абдырап.

Оған сене қалатын Күләйша бар ма, айт-айттың астына алып, есін шығарды. Дау-дамайдан алыс жүретін Ораз бейшара дәрменсіз. Айтарға сөз таппай, көзін ажырайтып, бас шайқайды. Содан, ылғи бүлік шығаруға әуес әйелінің осындай «ауруынан» запы болса керек, ызаланып:

– Әй, нанбасаң қойшы, айналайын! Саған әрбір нәрсе үшін есеп беріп отыратын жайым жоқ, –­ деп қолды бір сілтеп, кетті де қалды.

Сабылып іздеп, ақыры жалынып-жалпайып әрең алып қайтып еді…

Тағы бірде жұмысқа кеткен Ораздың түннің бір мезгіліне дейін кешіккені есіне түсті. Сонда бір үрейленген. Дәл сол күні екеуі ұлдары Қанатты ертіп қонаққа бармақшы-тын. Тықыршып сағатқа қарағыштап, нөмірін терсе, телефоны өшірулі. Арақ-шарапқа құмар емес. Бірақ не сайтан түртетінін қайдан білесің, бұл жолы да достарының үйіне қонып, келмей қалуды ұйғарғаннан сау ма деп санасы сан-саққа жүгіреді.

Әлден мезгілде өзі хабарласқан. Милицияда тұрмын дейді. Мән-жайын мәлімдеп, мекеменің адресін айту үшін бір қоңырауға рұқсат беретін көрінеді.

– Бәсе! – деген сонда барып. ­– Әй, оңбаған неме-ай! Айттым ғой!..

Ішкендігі анық болды. Қанатқа: «Алаңдамай отыра тұр. Әкеңе барып қайтайын. Әлдебір шаруамен бөгеліп жатқан секілді» – деді де, құстай ұшып жетті. Барса, Оразы үрпиіп, кіре берістегі темір тор ішінде отыр. Сап-сау. Дәлізде сақшылардан бөлек бес-алты адам жүр. Сөйтсе, күйеуіне әлдебір келіншекті зорламақшы болды деген айып тағылмақшы екен. Әлгі кісілер сол әйелдің туған-туысы мен куәгерлер секілді. Мұны естігенде, екі көзі тас төбесіне шығып, талып қала жаздағаны рас.

Бір тәуірі, полиция қызметкері екеуінің тілдесуіне бөгет жасай қойған жоқ.

Күйеуі күмілжіп, ахуалды баяндаған. Жұмыстан қайтып келе жатқанында бұл алдындағы орындыққа жайғасқан жиырма бестердегі әйелдің алқым тұсында жүгіріп бара жатқан қандаланы көріп қалады. Өзі соның тұсында түрегеліп тұрыпты. Бәтшағардың тамағы да аппақ екен дейді; қолын созып, титтей қара ноқатқа ұқсап жорғалаған жәндікті шымшып жұлып алуға әрекеттенбей ме. Дәл сол мезет жүйткіген көлік кілт тоқтай қалғанда тепе-теңдікті сақтай алмай қалған Ораз шайқалақтап барып, келіншекті құшақтай құлайды. Ал ол аттан салыпты:

– Не деген арсыз адамсыз?! Кетіңіз кәне! Оңбаған! Ұятсыз!..

Мұның игі ниетін ұғатындай емес, түкке түсінбейтін тікбақай біреу екен, бас салып, сүймекші болды деп ойласа керек; салонды басына көтеріп бірталайға дейін тепсінгендей.

– Жо-о… қарындасым… Мен жай ғана… Қандаланы алып тастамақшы едім… ­

– Қайдағы қандала, мамбет! Колхоз! Жоғал бар!

Жап-жас болып, көкбеттігі сұмдық сияқты. Автобус ішінен әлгіні қолдаушылар да табыла кетіп, бәрі жан-жақтан шуылдап, жазғыра жөнеледі. Мұндай сұмдықты кім көрген.

Содан әлдекім полиция шақыртады. Олар да дереу жетіп келіп, келіншек екеуімен қоса екі-үш куәні көліктеріне отырғызып алып кетеді. Қысқасы, іс насырға шапқан.

Одан полиция бөлімшесіне салып ұрып, әйелдің інісі, күйеуі мен қайынатасы жетіпті. Екі жігіт кіжініп, мұны, тіпті, соққыға жықпақшы болып тап-тап бергендей…

«Бақсам, бақа екен» демекші, әңгіме төркініне қараса, бұ байғұстың қандала деп жүргені – әйелдің туабітті меңі екен ғой! Оны өзі де соңынан аңғарыпты. Күләйша осыны естігенде:

– Әй, сорлы-ай, біреудің денесіндегі «құрт-құмырсқада» нең бар?! Құрттап неге кетпейді құрттап кеткір! Өз жаныңды бағып жайыңа жүрмейсің бе?! – деді қатты күйініп.

Бірақ Ораздың осы жәйін бір ұқса Күләйша ұқсын. Баяғыда алғаш қосылған күндерінде жалдаған пәтерлерінде қандала көп болып шығып, екеуі түн ортасында атып тұрып, соларды өлтірумен жүруші еді. Содан қалып қойған әдеті де…

Жағдайды Күләйша түсінгенмен, тәртіп сақшылары түсінбеді:

– Өй, бауырым, кімді ақымақ санайсың?! Қаңғыған қайдағы қандала?! Бүрге десең бір жөн! Қоғамдық көлікте өз бетімен отырған адамды тападай-тал түсте тарпа бас салып аймалау деген не масқара! – деп сенбестік танытады. Бұл көзі ежірейе, екі алақанын жайып, қарғанады:

– Ой, не деген адамсыңдар сөз ұқпайтын! Қандала екен деп қалдым. Оллаһи-билләхи! Өтірік айтсам, өліп кетейін!

Бәрібір хаттама толтырылды. Полиция қызметкерлері мұншалықты безбүйрек болар ма, «жәбірленушіге» арызыңызды жазыңыз, бастапқы сөзіңізден қайтпаңыз, әйтпесе, өзіңізге қиын тиеді деп жағдайды ширықтыра түсіпті.

Құдай қарасқанда, әлгі сұлудың қайынатасы, тілеуіңді бергір, ұстамды, байырқалы адам екен; мән-жайға қаныққан соң балаларын оңаша апарып ақылдасып, дауды доғарыңдар, бұл бізге де абырой әперетін жағдай емес, ел-жұрттан ұят деп істі тоқтатты. Әйтпегенде, Оразға, сотты болмағанмен, қыруар айыппұл төлеп құтылуға тура келер еді.

Әлден уақытта ерлі-зайыпты екеуі ақсақалға алғыстарын жаудырып, бөлімшеден қолтықтасып шықты-ау. ­

Мизамшуақ кезі-тін.

Едәуір ұзап, тұңғиық түн құшағына ене берген шақта Күләйша сақылдап күлген:

– Ах-ха-ха-а-а! Әй-и, Ораз ит-ай! Қанды іштің-ау, паразит-ай-и!

Күйеуі аңтарыла қарайды. Аңғал, аңғырт жігіт аузы ашылып қалыпты:

– Өй, ақын болып кетіпсің ғой! Өзің шығардың ба жаңағыны?! – дейді.

– Әрине, өзім шығардым! Сен ғой деп пе едің! Маньяк!

Дегенімен, Күләйша әлгі ұйқастың аузынан қалай шығып кеткенін өзі де байқамай қалған-ды. Енді қосыла күлген екеудің жарқын дауысы аспан астын жаңғырықтырған. Кейбіреу қалада өздері ғана жүргендей мыналарды жын қаққан ба деп состия қарап бара жатқандай. Сол сәт екеуінің ессіздігіне түнгі Алматының өзі жымиғандай болғаны есінде.

Ал бұл жолғы жағдай күлетіндей емес еді. Күйеуінен дерек жоқ. Қайда жоғалып кетті ақымақ…

Күләйша шамдары жарқыраған кең даңғылға томсырая қарады.

Алты қатарға тізіліп ерсілі-қарсы жөңкілген көлік ағыны буырқана тасыған алып дарияны елестетті. Үздіксіз сырылдаған дыбыстан құлақ тұнады.

Сол машина нөпірінің арасында селтиген біреуді Ораз емес пе екен деп жалт қараған. Жоқ, оған мүлде ұқсамайды. Елегзігенде адамның басына неше қилы қиял келе береді екен-ау. Әрбір көлік иесіне кезек-кезек алақан жайып, қайыр сұрап жүрген міскін секілді. «Байғұс біреуі қағып кетсе қайтеді. Не деген өлермен?!» – деп ойлады.

Жапырақ жайраған қоңыр күздің ызғары тоңдырып та жіберді. Тіпті, жылтылдаған қар ұшқыны байқалып қалады. Қатар-қатар тізілген биік қарағаштың ұшар басындағы бүршіктері сыбдыр-сыбдыр етіп, дірдек қағысып тұр. Күләйша қалың, ұзын көйлек пен табаны жайдақ бәтіңке киетін кездің әлдеқашан жеткенін аңдайды. Көз алдынан тымпиып, пеш түбінде марқұм әжесінің құшағында отыратын бейғам балалық шақтың елестері зулап өтті. Сол үлкен шешесінің: «Ай, сенің атаңның да көрсетпегені жоқ-тын жас шағымда. Толғатып жатсам, ашуланып, көшті жөндемейсің бе деп дырау қамшымен бір тартып кетті» деген әңгімесі ойына оралды. Ал Ораз мұны сөйтсе қайтер еді?! Ойбай, ондай жәйтті елестетудің өзі мүмкін емес қой. Қарап тұрса, «жуас түйе жүндеуге жақсы» дегендей, тықақтап, әрбір қадамын аңдып, оның өзін әбден басынып, илеп, еңсеріп алғанын түйсінді. Соған көрсеткен кейдегі шектен тыс озбырлығын алғаш рет аңдағандай қатты таңырқады.

Әуелде өзі сол Оразға әжептәуір ынтыққан. Ал тұрмыс құрған соң үйренісе келе оған біртіндеп, қалай болса солай, жекеменшік мүлкіндей қарайтынды шығарыпты…

Күйеуі, ойлап тұрса, сүп-сүйкімді-ақ адам. Ортадан жоғарылау бойы бар, қызылшырайлы жігіт. Қашанда жарқылдап, күліп жүретін жайдары жан. Тек шашы ертерек ағара бастаған-ды. Қырыққа енді ғана келді емес пе… Бірақ сонысы өзіне үйлесіп те тұрады…

Таныстары екеуіне жарасымды жұп ретінде сырттай қызыға қарайтынын да біледі. Өзі де талдырмаш қана әйел ғой. Әйтеуір, сүйегі жеңіл. Сол елпілдектіктің арқасы шығар, үйден шыққалы осы межеге дейін, кемінде, үш шақырымдай жерді лезде жүгіре басып өткенін ойлап, сырт жағына қайырыла бір қарап қойды.

 Екеуі, расында, қайда барса да, қолұстасып алып, сартылдап жүре беруші еді. Баяғыда «бал» айының екі-үш күнін тау бөктерінде, Алма-арасан шатқалында өткізгенін ұмытпайды. Алматыдан жиырма шақырымнан аса жоғарыда жатқан жер… Тамыз айының орта шені еді. Ұйықтайтын екі кісілік қап пен шағын шатыр жалдап алды да, ыдыс-аяқ, оны-мұныларын арқалап алып, жаяу тартқан. Қалың шырша арасында долана мен таңқурайы, итмұрыны сыңсыған жасыл қойнауды армансыз шарлады. Шіркін, мөлдіреген табиғат қойнауында ішкен астың дәмі қандай; жас жұбайлар ауасының тазалығы бас айналдыратын оңаша бір бөктерді тауып алып, аунап-қунады. Бірақ шатқал арасында күн батқаннан-ақ көзге түрткісіз қараңғылық орнайтын көрінеді. Лаулаған от қасында екеуден-екеуі ғана күбірлесіп отырғанда қарсы беттегі «Өткел» асулары тұсынан біреулер алау ұстаған қолдарын ұзақ бұлғаған. Бастапқыда «бұл не нәрсе, тау қарақшылары емес пе, әлде қар адамы ма» деп зәресі ұшқан мұны Ораз: «Ой, қорықпа, бізге сәлем жолдап, белгі беріп тұрған орманшы жігіттер ғой» деп әрең тыныштандырды. Тау қойнауындағы ұйқы да ерекше; таңертеңіне рахаттанып оянса, төңіректі тұтастай қырбық қар басып қалыпты. Шәркеймен жүрген екеуі қатты састы. Сол мезетте-ақ бұлардың жағдайын түсінген әлгі жігіттер екі атпен келіп, мінгестіріп, жүк-мүгімен қала шетіне жеткізіп салғаны бар. «Сонда атпен зорға түскенде, теңіз деңгейінен төрт мың метрдей биікке жаяу қалай өрлеп кеткенбіз, қайран, жастық-ай!» деп таңданды…

Ораздың мамандығы – газбен дәнекерлеуші. Сантехник. Алматыға Қарағанды жақтан оқуға келіп, осында қалып қойған бала ғой. Би алаңдарының бірінде кездейсоқ танысып, достасып еді. Сол достық үлкен сезімге ұласқанын өздері де аңдамай қалғандай…

Күләйша болса, Қаскелеңнің қызы. Алматы технология университетін түгескен. Мүмкін, күйеуін өзінен сәл төмендеу санауы сол «артықшылығынан» басталуы да ғажап емес…

Шынында да, тұңғыш рет жолдасын «менсінбеушілігі» сырын іздеді. Ондай күпірлікке бара да қоймаған секілді; бірақ бертінде әлдекімдермен салыстыратыны өтірік емес-ті. Күйеулері кәсіпкер құрбылары бар. Әттең, солардай емес деген пендешілігі болғаны рас. Бұдан гөрі көріктілеу, бұған қарағанда дәулеттірек әрі жасырақ біреулерге көңілі кеткен сәттері де кездесіпті. Өзін іштей солармен «сәйкестіріп» көрген кездері ұшырасыпты. Қаншалықты ауыр болса да, оны да үнсіз мойындап, қатты қысылды. Ораз мұндай ниетін сезбей қалуы мүмкін емес қой…

Ендігі жүрісі ­мынау. Әрі өткен-бері өткен еркек атаулыға емініп, діңкесі құрып, солардың бірі өз күйеуім Ораз болып шықса екен деп армандап…

Ол үйден шыға жөнелетін сәтте әлгі құрбыларының бірі телефон соға қалғаны. Күйеуі ірі өндіріс орнын ұстап тұрған «алпауыттың» әйелі еді. Ораз екеуін алда өтетін жоғары деңгейлі бір отырысқа, ресторанға шақырған.

– Ай, білмедім. Бұ байғұс ондай ортада отыра алар ма екен, – деді Күләйша телефонмен сөйлесіп тұрған күйі өз күйеуіне бастан-аяқ сынай қарап. – Мүмкін өзім барармын. Жарайды, хабарын кейінірек айтайын, көрерміз….

Сөзін аяқтағанда қараса – Оразы жоқ! Тағы қатты ренжіткенін білді. Тайып тұрыпты. Тағы да ар-намысына тиіп, қорлағанын білді. Қап!..

Удай ашыған алақанына қараса – қанапты. Бағана сатыдан тайып жығылғанда сырып алғаны жері. «Жеңіл шығып еді, тоңып қалмады ма» деп күзгі каникулға нағашысының үйіне кеткен ұлдары Қанатты ойлады. Ол да он беске келді. Ол да ержетті, күні ертең оның да өз сыңарын табатыны аян. «Қандай жан кездеседі?! Мына өзі сияқты баласының ерік-жігерін жасытып, өктемдігін жүргізетін біреу болып шықпай ма?.. Жо-о… Ондайға жол бере қоймас. Еркіндігінен айырылған жігіттен ерлік шығады дегенге кім сенеді»…

– Қой, қайтайық, – деп өз-өзіне дауыстай тіл қатқанда қатты күрсінді. – Жолдастарды телефон арқылы үйге барып түгендерміз…

Қалың оймен ілбіп басып, үйге қалай жеткенін де аңғармай қалыпты. Бірінші қабатта шағын кафесымақ бар еді; неге екенін, соған бұрылғысы келді. Кірсе… Оразы төрде жападан-жалғыз өзі сыра ішіп отыр…

Қуанғаны-ай! Ол да мұны көріп селт етті:

– Қанатпен хабарластың ба? Мен сөйлескім келіп еді, телефонымның қуаты бітіп қалыпты, – деді салған беттен. Ойында дәнеңе жоқ. – Далаға шығып келейік десем, тыңдамай тұрып алдың ғой… Телефонмен қайдағы бір әйелдермен өсек соғып… Сыра ішкім келіп кетті…

Ұялғаннан ба, әлде ызғардан ба екен, Күләйшаның қаны жүзіне тепкен.

– Әкел, маған да алдыршы сыраның бір бокалын! – деді күбір етіп.

У ішсем де, осымен бірге ішіп өлейінші деп ойлап еді.

Күйеуі «мынау шын айтып тұр ма» дегендей әйеліне көзі бақырайып, аңырая қарап қалыпты.

КӨГЕРШІНДЕР ҚАЙДА ПАНАЛАЙДЫ

Автокөлік әйнегінен зәулім үйдің алтыншы қабатына қарай-қарай мойным талды. Балконына ешкім шығар емес. Терезеден де қыбыр еткен жан баласы көрінбеді.

Шақырған досым-тын. Екі кештің арасында хабарласып: ­

– Ертең демалыс қой. Ұйқыны әбден қандырған соң түс ауа кел, біраз серуендеп, бой жазайық, ­– деп есімді шығарған.

Енді, міне, келіскен мұғдарда таксилетіп жетіп, қоңырау шалсам телефонын алмайды. Тым-тырыс. Аман ба өзі…

Жоғарыға шығудан тартынамын. Баса-көктеп есігін қағып, әйеліне: «Күйеуің қайда жүр, ол екеуіміз кафеге бармақшы едік» десем не ойламақшы.

Таксиді жібермей ұстап отырмын. Жолдасым жауап бере қалса, дереу отырғызып алып, әрі қарай зауламақпыз.

Тыста ию-қию ғимараттары сірескен алып қаланы көгілдір нұрға малындырып қар жауып тұр. Анығырағы, қар аралас жаңбыр десе дұрысырақ па екен… Әйтеуір, түйдек-түйдегімен жапалақтаған ақ ұлпа өте дымқыл, ауыр сияқтанады – жағалай тізілген қарағай бұтақтары қатты салбырап, зілдей салмаққа зорға шыдайтындай. Машинаның терезе тазалайтын сыпырғышы да тыр-тыр етіп, қинала қимылдайды. Түсе салып ери жөнелетін жылбысқы – жүргіншілер аяғына тұсау. Ыбылжытып ұзақ жалдайсың. Әйтсе де, үйренген адам кей-кейде Алматының осындай жабысқақ қарының өзін аңсар еді…

Тоғыз қабат үй тұсындағы жол жиегіне аялдай қалғанбыз; арттан ағылып, жүйткіп келгенде күтпеген кедергіден кібіртіктеп, кілт бұрылуға мәжбүр болатын автокөліктің көбі: «Өй, мынаның сонша ыңғайсыз жерге тоқтағанын қарашы!» дегендей сигналын ызалана бажылдатады. Жүргізуші де қабаржып, қабағы түксиіп:

– Тү-у, жіпсіз байладыңыз ғой, аға. Жаңа мұндайды білгенде бірден бордюрден асып, кішкене оңға қарай шығыңқырап тұратын едім. Тез болсаңыздаршы! ­– деп күңкілдеп қояды.

Ауа райы бұлыңғырлау, қысылтаяң шақта ұзақ бөгелумен қатар, шынымен, апатты жағдай туғызып отырғанымызды өзім де аңдап, жаным ышқынды:  ­

– Қазір… Қазір… Сәл шыдайықшы. Шығып қалар…

Биік қарағаштың ыпыр-жыпыр бұтасы саңлауынан көкке қарай тағы емінемін. Тырс еткен қозғалыс жоқ.

Таксист әрбір бес минут сайын «ставкасын» көтере-көтере жолақысын үш еседей арттырып үлгерді. Мұныкі де дұрыс. Кетіп жатқан уақыты… жанармайы бар…

– Қап, әбігерге салғаның-ай! ­– деп іштей мен де үн қатпаған досыма күйінемін.

Әлгінде асығып жүріп машина маркасына да қарамаппын; руліндегі белгісіне, капотына көз салсам, қоңыркүрең «Мазда» екен. Көк тоқыма телпегін милығына баса киіп, түнеріп отырған мына отыздар шамасындағы иесінен бірер жас қана кіші-ау.

Осындайда жеке көлігің болмағанына өкінетіндей екенсің. Жо-о… Болған менде де машина… Осы жасымда үшеуін ауыстырыппын. Кейін бәрін де кезегімен сатқанмын. Шығыны, әуресі көбірек секілденді. Және автоәуесқой емеспін. Неліктен екенін, осыған махаббатым оянбапты. Мұны да бір, әйеліңді аялағандай айрықша көңіл бөліп, мәпелеп күтуге тиіссің. Қоятын жер керек. Қысқы, жазғы дөңгелекті ауыстыру, ана бөлшекті, мына тетікті реттеу дегендей күйбеңмен күллі өмірің өтетін секілді. Жаңасын алу біздейлердің түсіне ғана кіруі мүмкін. Алда-жалда ондайға қол жетсе, тіпті, жарық дүниеге соны қызықтау үшін келгендей, кешке дейін сипалақтап, қасынан шықпай қоясың ба деп қорқамын. Сөйтіп барлық шаруаң жайына қалмай ма… Жұмысты қашан істейсің. Қысқасы, қала ішінен көп ұзамайтын кісіге автобус пен троллейбус тиімді ме деп қалдым. Ал мынандай жағдайда таксиің тыныш…

­ Әлден мезгілде төзімі таусылған жүргізуші әңгіменің тоқ етерін айтты:

– Ағасы, ренжімеңіз, енді күте алмаймын.

Тұнжырап біраз отырдым.

– Мейлің… Жарайды. Көп рахмет.

Күрсінгеннен өзге лаж кәне. Хабарсыз кеткен достан күдер үзіп, шопыр балаға тиынын төледім де, сыртқа шықтым.

Ух-х, шіркін… Жауып тұрған қардың демі қандай! Өкпе-қолқаны қарыған саф ауаның өзінен тылсым құдырет сезіледі.

Ұйыңқырап қалған аяқты кезек-кезек сілкілеп, құлшына керіліп арқамды жазамын. Ұзай бере, баяу қалықтап, төңіректегі дүниенің бәріне үлбірей қонақтаған аппақ қар құшағындағы қарағаш бұтақтарының ұсақ сабағына тағы бір шола қарадым. Қыс айы әлдеқашан жетсе де жапырағы со күйі тұр. Тіпті, кей тұсы әлі жап-жасыл.

Бұрқырап, шашырай қалықтаған ақ мамық лезде менің де жалаң басымды сулай бастады. Шашты қос алақанмен бір-бір қағып, жеңіл қара пәлтенің жағасын көтердім де, сонадайдағы дәмханаға беттедім. Әлгі досқа келгіштеп жүргенде, екі-үш мәрте соққанбыз-ды. Қарсы бетінде көгершін қонатын алаңқайы бар бір қабатты шағын орын. Сол жерге кіріп шығуға көңіл құлайды. Шашылығы татымды. Сырасы мол…

Рас, сәл кірлеу сияқтанып еді. Терезесі де жоқ. Бірақ екі тұстан ілінген люстрасы жарқырап тұратынын байқағанмын.

Есігін ақырын ашып кірсем, сол баяғыға ұқсас көрініс: белгілі тәртіппен орналасқан оншақты үстелді жағалай, ері-әйелі аралас жиырма-отыз адам отыр. Үйме-жүйме. У-гу. Қызмет көрсетіп жүрген екі даяшы қыздың бірі жасамыс, ақ бас адамға ескерту жасайды:

– Ата, далаға шығып тартыңыз темекіні…

Қария сөзді ести қойған жоқ. Алдындағы сыраны сораптап қойып, өзі құралпылас серігіне сөйлеген күйі түтінді бұрқырата берді.

– Оу-у, ата деймін!..

– Ә-ә?!. ­– Сол кезде ғана көзі алайып, қатты шыққан дауыс жаққа аңтарыла қарайды… – Не дейсің, қызым?

– Шылым шегуге болмайды мұнда!

 – Өй, әкем, мен үйде де тарта беремін темекіні…

– Онда үйіңізге барып тартыңыз…

Шал түрі әлем-тапырық болып қабағын түйіп, шылымын салфеткаға мыжғылап сөндірді.

Осы кезде серейген үш жігіт тура орта тұстағы орынды босатып, шығуға ыңғайланған. Бірталайдан бері отырған секілді. Дереу барып жайғаса кеттім. Мұндай ыңғайлы жер табыла қоймас…

Оғанша сонау даяшылардың бірі де жетіп келген. Сұлулығы қайран қалдырады. Жиырмаларда. Кісіге мойылдай көзін төңкеріп, сүзіле қарайтын сынды.

– Не қалайсыз, аға?

Әріптесі қараторылау көрініп еді, мынау бидай өңді екен. Сұңғақ бойлы. Ұзын қолаң шашын тымпита тарап, желкесіне түйіп алыпты. Униформа ретінде өздері тіккізіп алған болу керек, сұр көйлектің үстінен таққан қою қызыл алжапқышы да құйып қойғандай керемет жарасады. Көзіме бір сәт әуе лайнерлерінде жұмыс істейтін жіптіктей стюардессалар елестеді.

Мұндай көріністі күтпегендіктен, сәл абдырап, бақырайыңқырап қалдым ба, алма жүзі алаулап әнтек жымиды:

– Иә, не тапсырыс бересіз…

– Е-е… Маған бір істік кәуап әкелші, қызым.

– Тауық еті… Қой еті… Бауыр…

– Қой еті болса тіптен тамаша.

– Сусыннан?.. Сыра, арақ, шарап…

– Әзірге бір шыныаяқ шай бере тұр. Сүтпен… Қалғанын сосын көре жатармыз.

Кері бұрылған даяшының сыртынан қарап қалғанда атақты күйші Әбікен Хасеновтің Сейфолланың Сәкені туралы бір естелігі еске түседі. Әбекең: «­Карл Маркс пен Гоголь көшесінің қиылысқан жеріндегі сырахана тұсынан өтіп, жұмысқа асығып бара жатамын. Анда-санда бір саптыаяқ сусынын ұстаған Сәкен ағамды байқаймын. Ақын бұл жерді неге айналсоқтап жүр екен? Сәті келгенде өзінен сұрамасқа амалым қалмады:

– Сәке, сіз осы ылғи шөлдеп жүресіз бе… Үнемі осы маңнан шықпайтын болыпсыз?

Шаһбаз ағам күлді:

– Сен сондағы сатушы әйелдің қолына қарашы! Сыра құйғанда насосты жылдамдата басқан әсем саусақтары күміс көлдегі бірін-бірі қуалап ойнаған ақ шабақтай жарқылдайды-ау! Әне, сол жұмыр білекке біткен бал бармақты көруге құмартамын. Тіпті, арбап алғандай. Қол – адамның жан әлемінің жалғасы. Сүйрік саусақтар кісінің жан сұлулығын пәш етпекші. Білдіңіз бе… Хе-хе…» – депті.

Мен де үріп ауызға салғандай осынау тартымды жанның мынандай жерде қор болып жүргеніне таңырқадым. Дегенмен, көпшілікке қызмет көрсетіп қоғамға пайдасын тигізеді ғой деп және ойлайсың. Мұнда мәңгілік байланып қалмас.

Бұлар өстіп жүріп-ақ лайықты ұрпақ таратады. Әр қазақтың бас-басына инженер, ғалым немесе жазушы болуы шарт емес шығар. Тек қандастарыңның белгілі мамандық иесі болғанын тілейсің, әрине. Өзіміз бір-ақ уыс жұртпыз…

Дәмхана меймандарының далада жүргендей түгел дерлік самбырлап сөйлейтінін аңдап, күлкім келді. Көкірегін жел өтіне тосқан дархан қазақтың мінезі ме…

Шәпеті денелі қосағын құшақтап, қолтығына қыса кірген еңгезердей бауырымыздың мейлінше мәдениетті көрінуге тырысқаны да қызық көрінді: ­

– Девушка, где тут у вас туалет? – деді ол кірген бойда даяшыға                                                                                                                                                                    дауысын құбылта сөйлеп. Өзінің орысшаға онша жүйрік еместігі, табиғатының дөкірлеулігі анадайдан-ақ байқалып тұр. Сонау қара қыз түкпірдегі әжетхананы нұсқады:

– Вон там!

Зайыбы зәр қысты ма екен, жан-жағына алақтап бір қарап алып, бірден солай қарай жүгіреді.

Өзі ақшасының көп екенін көрсеткісі келгендей қолақпандай әмиянын үстел үстіне лақтырыңқырай тастап, тапсырыс беруге кірісті. Шіркін, көңіл-ай, кейде әлдекімдерге ұқсап, дүниені шайқап, шалқып-тасығың келмей ме…

Бесті айғырдай кеуделі-ақ жігіт. Ақыл-парасатының деңгейін кім білсін, екі иығына екі кісі мінгендей зор тұлғасына көз тояды.

Қолына «қарға тышқан» соң әйелі екеуі жақсылап «жууды» ұйғарып кірген беті секілді. Келіншегі, тіпті, бір жапырақ. Қалбалақтаған жақсы адам екені аңғарылады. Ер мен әйел қатар кіріп-шығып жатқан есігі ілгексіз дәретханадан келген бойда күйеуіне қарап:

– Мә-ә… Ана ағаның бір жерін көріп қойдым! – деп тілін шығарып, бетін шымшыды.

Жұбайы, әлбетте, зайыбының нені меңзейтінін бірден түсініп, шаншыла қарайды. Тіпті, қанын ішіне тартып, түсі бұзылып кетті. Одан ызбарлана күлді:

– Һе-е… Ақыры байқаған екенсің… Сен де есеңді жібермей, көрсете салмадың ба барыңды!

Тұзы жеңіл әйел бейшара аңғалдығын кеш аңғарып, көзі жәутеңдеп, қипақтап қалады.

Сонадай жерде әкесі мен шолақ бұрымы екі жаққа шошайған алты-жеті жасар қызы бір істік шашлықты тәлеңкеге салып, шұқылап бөліп жеп отыр. Бүлдіршін қыз қырықтар шамасындағы масаңдықтан ұйқылы-ояу күйде басы салбыраған әкесіне сүйене түседі. Қалың қара шашы дудыраған еркектің кигені ­– ескі помази көйлек мен қолдан тіккен сырмалы желетке. Ағал-сағал шалбарының өтек көрмегеніне қырық жыл өткендей. Өзі рәзіңке тәпішкемен жүр. Әйтеуір, шұлығы қалыңдау. «Өзек жалғаған» ұсқыны бөлек бұл бауырымыздың қай планетадан түскені белгісіз. Әйелі қайда екен…

– Ассалаумағалейкум, ата! Мен ­– Қызылтастың баласымын ғой.

Әлгі «темекіші» ақсақалға ішке енді бас сұққан әлдебір жас қос қолдап сәлем берді.

– Ә, айналайын! Сенбісің бұл? Қал жақсы ма… Үй алдың ба?

Шалдың сұрағын ана жігіттің қалай қабылдағанын білмедім, менің жүрегім зырқ ете түсті. Пәтер ­­– жанға бататын мәселе.

– Жоқ, ата. Алып қалармыз…

Сөз ыңғайына қарағанда, жігіт біразырақта үйленген. Бірақ баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Қарт соның жөнін сұрап отыр…

Осы, қазекең, бет-жүзге қарамай, ұдайы ең осал тұстан ұруға неге құмар?! Жан жарасын тырнауға неге ынтық? Үйді алмайын деп жүрген жоқ шығар бұ бала…

Бір кезде буы бұрқырап менің де шашылығым келіп қалған. Сұлу даяшы қызым титтей ғана тағамды сәндеуге бар өнерін салғандай. Көкөніспен әрлеп, пиязын да дөңгелетіп, шақпақ қанттай төртбұрыштап тураған нанымен қоса сопақ фарфор табақшаға салып әкелді. Исі мұрын жарып, тәбет ашады.

«Шашлық» ұғымы түркілердің шишлик – істік, шанышқы деген сөзінен шыққан деседі. Ал қазақ тіліне ғарыш, балмұздақ, өркениет дегендей көптеген атауларды енгізген Ісләм Жарылғапов әкеміз мұны «шыжғырық» деп аударыпты. Бірақ ел соны аса қабылдай қоймады білем. Өзіміз кейінде кәуап – кебаб дей бастаппыз. Қаншалықты сәтті екеніне көзім жетпейді…

Осы кезде тура қасымдағы ұзын үстелге дабырлап, бес-алты әйел келіп жайғасқан. Солғындау, күнқақты түрлері мен киім мәнері түкпірдегі ел адамдары екенін әйгілейді. Қолдарына теңките ұстаған ала сөмкелерінен Алматының көтерме базарларынан тауар таситын саудагерлер ме деп топшылайсың. Көліктері белгілі уақытта осы орыннан алып кететін сықылды. Оғанша ауқаттанып, бой жылытып үлгермекші.

Қу тіршілік, қу бейнет тоздырғанымен, сергектігі, ширақтығы аңғарылады. Дүкен ұстаушыларға тән өктемдік, өткірлік бар. Ара-тұра сақылдап күліп қояды. Өздері ыстық тамаққа қоса шөлмегімен арақ алдырды.

Көп ұзамай алқа-қотан жиынды бастап, тост көтеруге кіріскен:

– Ал, ісіміз оңғарылсын! Бір теңгеміз екеу болсын… Екі қозымыз төртеу болсын. Бәріміз де бала-шаға қамымен жүрміз. Денсаулыққа, байлыққа и… келесі айлыққа! ­– деді алғашқысы.

– Ха-ха-ха!

– Және көп-көп шайлыққа…

– Ха… Жарайсың-ей, тауып кеттің. Кәне, кел!

Екі-үшеуі сыңғырлатып стақан соғыстырса да, ішімдіктен ауыз тиіп қана шектелді.

– Іш-ей, қатын!

– Сен немене қарсысың ба тілекке? Мынауың не…

– Мен мүлдем татпаймын ғой!

– Қой, сөзді доғар! Ертең балаңды үйлендіргелі жатырсың, құда-құдағиыңмен бәрібір тойлатпай тынбайсың!..

Қазақтың өңкей тілді, есепке жүйрік бір топ әйелінің отырысы ауанынан бүкіл ел тынысын сезінгендей күй кешесің. Айлас қатын – мұңдас демекші, ара-арасында:

– Ойбай-й, білесіңдер ме-ей, – деп бас түйістіріп, сыбырға көше қалады. ­

Одан бәрін басқарып отырған жалақ ерін жас әйел құрбыларына тағы да екі-үш қайтара сөз ұсынған. Әлден уақытта қызыңқыраған біреуі жылады. Оны жұбатып, қалғандарының да көңілі босайды.

 Мұңы басым халық екеніміз рас. Тұрмыс тауқыметі титықтатпай қойсын ба. Бізді өнеркәсібі дамымаған мешеу елдер қатарына жатқызып, кемсітуге бейім кейбір мемлекеттер кезінде қазақтың екі жүз отыз жылдай     жоңғармен шайқасқанын ескермейді-ау. Қалмақпен тартысып, аттың жалы, түйенің қомында… оқ пен оттың ортасында өткен екі ғасырлық есіл уақыттың есесін қайтаратын бағдарлама жасалды ма екен… Кім құнттап жүр осыны. Сол үргін-сүргіннен әлі күнге дейін ес жыя алмай жатқандаймыз…

Ал мынау аядай «аралға» күніне мен секілді жанын жылытып, сағалай тұруға жүздеген адам кіретін шығар. Әрқайсының қаншама тағдыры, көкірегін шалған дерті, уайым-қайғы… көңілін жүдеткен құса-шер, жүрек жарақаты бар… Кеудесін кернеген қуанышы, шаттығы… Әрқайсының асқақ арманы, өле-өлгенше кісі баласына ашпайтын аяулы сыры бар.

Күні кеше жан беріп, жан алысып Москваны қорғап, Берлинге ту тіккен ержүрек халықтың ұрпақтары – міне осылар. Небір болашақ ғарышкерлердің, атақты спортшылардың ата-анасы да осында отыр. Мәселен, анау қос бұрымы шошайған кішкене қыз күні ертең елдің абыройын асыратын мұғалім, дәрігер немесе әнші болуы ғажап емес…

Далаға шыққан соң бос жатқан көгершін алаңына көз тастаймын. Солар қыстың көзі қырауда қайда қонақтайды екен; тамақты қалай тауып жейді? Қазір қалада баяғыдай шиферлі шатырлар да жоқтың қасы.

О байғұстарды да аяқ астынан сұңқарға айналмадың деп сөге бастадық. Өзі, құс атаулыдан қырандық мінез іздейтініміз қаншалықты қисынды…

Көңілді мұң тербейді. Оңашада торығып алудың да өзіндік рахаты жоқ емес, бірер сағат жаяу жүрейін деп ұйғардым.

Кеше әлгі дос тым сөзуарланып, көсіліп, көсемсіп кетіп еді. Оның көбіне ішкен кезде хабарласатыны енді ғана есіме түсті. Қалай аңғармағанмын – ерекше «энтузиазм» сыры сонда екен.

Ойыма Жұматай ақынның: «Әй, ит-ай, деп қайтамын мен үйіме, әлемдегі ең мұңды әнді ысқырып» деген екі жол өлеңі оралады.

Досым ашылып, ақтарылғысы келіпті. Жүрек түбіндегі армандарымен алғаусыз бөліскісі келіпті. Ал бүгін ес жиғанда тайынып, өз қылығы үшін қатты қысылған. Онысы да жөн шығар…

  Қар әлі жауып тұр.

  ЕСКІ ТРАМВАЙ

 Таң алдында жер сілкінді.

Көрпеш әдетінше тез оянған. Алақ-жұлақ етіп, сықыр еткен терезе мен ақырын тербеліп тұрған шамға кезек қарап үлгерді. Жастықтан басын көтеруге де мұршасы келмей қалып еді. Бір жақсысы, дүмпу тез басылғандай. Дегенмен, люстра сылдырлауына қарағанда, толқыныс күші бірталай сияқты. Кемінде, төрт-бес балл бар-ау…

Көрші бөлмедегі немересі еске түскенде бір жұлқынып, атып тұрмаққа оқталды да, тартынды. (Үлкен ұлдың баласы Қанат қой. Оны кішкентайынан бауырына басқан. Алтыншы сыныпта оқиды). Өзі екі күннен бері белінен шойырылып, қозғала алмай жатқан-тын. Және балам аман шығар деген. ­– «Әжептәуір жігіт болып қалды ғой ол да. Сескене қоймас. Әй, әуелі, сол сезді ме екен-ей жаңағы дірілді?!».

Екі қолын қусырына, үрпиіп, көз қиығымен қасындағы әйелі Мәрияға қарайды. Алакөлеңкеде ашық қалған иығы ағараңдап, аузы аңқиған күйі, ештеңеден қаперсіз жатыр. Қыбыр етер емес. «Аллау, не деген адамдар! Арам өле ме! – деп ежірейіп, тіксініңкірей қадалды да, дереу сабасына түсті. – Байғұс қайтсін, шаршап жүр ғой»…

Алматының арагідік тербеліп тұратын «мінезі» ертеден мәлім. Ай, бірақ, осыған бой үйрете алмайды екенсің. Қорқасоқтайсың кәдімгіше… Бәрібір, осынау шұғылалы шаһардан жеріне алмайтынын да жақсы біледі. «Ғашықпын жауыныңа» демекші, қары мен жаңбырының өзі көктен төгілетін ғажайып бір нұр емес пе! Тіпті, анда-санда ауыр ойдан тебіренгендей терең тыныстап, қозғалақтап қоятын әлгіндей дағдысында да тылсым сыр бар ма екен…

Көрпеш еппен ғана қимылдап, зайыбының көрпесін қымтап, өзі де ыңғайлана жатып, бақырайып, төбеге тесілді. Одан терезеге жаққа тағы бір қайырылған. Сыртта – суық. Аяз. Ұйытқып, жел соққан секілденді. Ұшқындап, қар қылаулай бастағандай. Дірдек қағып, ағаш күркені паналаған сабалақ сары дүрегейін де аяп, жеңіл күрсінді. Санада «Ай, ит тірлік! Шыдамасқа және лаж жоқ» деген тіркес зу етті. Көз алдынан өмір елестері заулап өтті. Алып шыңдарын шарбы бұлттар бүркеген басы – бәтес, бауыры торқа Алатау бөктерін мекендегелі де елу жылға таяғанын ойлады. Он жеті жасында келіпті. «Арман арқалап» дегендей, баяғыда ана-оу алыстағы Арқа даласынан жетіп еді. Оқуға…

Әрине, «оқу-у» деп әуесектейтін де дәнеңесі жоқ; сабаққа аса алғыр едім дей алмайды. Орта мектепті ілініп-салыныңқырап бітірген соң көпшілік дүрмекке ілесіп жеткен бала ғой. Әйтпесе, дәл осы Көрпешті ғылым-білім айналасынан іздеу қисынға келе қоймас. Алайда аса ессіз де жігіт емес-ті. Алғашқы сынақтан-ақ мұрттай түскен соң, недәуір толғанып жүріп, өзі секілді жолдастарымен қалада қалып қойды. Дәнекерлеушілер курсын түгескен. О кезде «СМУ-13», «СМУ-15» аталатын құрылыс-монтаж басқармалары көп, соның біріне жұмысқа орналасты. Рас, арасында екі жыл әскер қатарында болып қайтты. Содан ­– осында…

Мәрия да өз «тағдырласы» еді. Армиядан оралған соң жұмысшы жастар жатақханасында танысты. Сылақшы көрінеді. Қарапайым ғана, орта бойлы, аққұбаша, қолаңшаш қызды бір көргеннен-ақ ұнатты. Дала баласының көк аспанды, күнді, желді сүйгеніндей, осы жанға көңілі қалтқысыз құлапты. Ұзамай-ақ шаңырақ тікті. Өсті-өнді. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеген…

Ісіне тыңғылықты азамат ақырындап жоғары санатты дәнекерлеуші-монтажшы деңгейіне көтерілді. Мәрия да өз кәсібінің шебері-тін. Қанаттаса еңбектеніп, кезек жеткенде үш бөлмелі үй алды.

Бұйырған жайлары трамвай депосының тура қасында екен. Үйден шыққан бойда осы көліктің кез келгеніне отыра қалып, қажетті межеге «дү-дү-дүк-к-х, дү-дү-дүк-х-х, дү-дү-дүк-к-к-х» деп сатыр-сұтыр, шақұр-шұқыр еткен дөңгелектер әуенімен тербеліп, жөнеп бара жатады.

Алматының көп құрылысын салған – осылардың қатарластары. Небір зәулім ғимараттарда жолдасы екеуінің де қолтаңбасы бар.

Негізі, қосағының шын есімі Гүлмәрия еді. Алматыға алғаш келгенде аттарын «редакциялаған» кейбір құрбыларынша «Гүлді» алып тастап «Мәриясын» қалдыруды ұйғарған сияқты. Базбір дос-жаран әлі күнге дейін солай атайды. Көрпеш «Гүлекені» қолай көрген. Кейде «Мәкен» дейді. Ал ашуланған сәттерінде: «Әй, Гүлмәрия!» – деп гүр ете түседі. Әйелі күйеуінің көңіл күйін осыдан-ақ байқар-ау.

Табыстары жаман емес-ті. Шама келгенше, күні бүгінге дейін ауылдағы ағайынның да той-томалақ, өлім-жітіміне осылар қарайласады. Бірде жетіп, бірде жетпей, тірнектеп, тырмыса жүріп, балаларын да үйледі. Зейнетке шығар қарсаңда орталықтағы шаңырақты сәтті сатып, екінші ұл мен қызға жай әперген. Тұңғыштары үйді үкіметтен алып үлгерген-ді. Ал өздері қала шетінен оймақтай ғана төрт бөлмелі там салып алды. Екеуі де құрылысшы адамдар, баспана сәулеті жаман болған жоқ. Ауласы да кең. Мұқтаждық туындап жатса, тағы бір үй тұрғызуға жер молынан жетеді…

Көрпеш кейде рельс ырғағымен шайқалып келе жатқанында жаңадан бой көтерген бес қабат, алты қабат ғимараттарды көріп: «Шіркін, осында ауылдағы туыстардың бәрін көшіріп әкеліп орналастырсам! – деп қиялдар-ды. Соңынан: – Бірақ сондай жағдай туған күнде олар өзі тату тұра ала ма… Жоқ па… Әй, қайдам-ау! Екі айдан кейін-ақ әрі отыр, бері отырға салып, ырың-жырыңды тағы бастайтыны анық» деп түйеді.

Жарқылдаған жастық шақты бұлар да өткерген. Заманындағы модамен киінді. Мәрия екеуі қолұстасып жүріп, би кештерінің де көрігін қыздырып бағыпты. Көрпештің сол алаңдарда әлдекімдермен қақтығысқан, алысқан-жұлысқан… жұдырықтасқан кездері де жоқ емес. Керітарпа жүйе сондай мінезге өзі итермелейтін. Жастық албырттық, елдік ар-намыс қойдан жуас қыла қоймапты. Бүгіндері сол өр мінезден жұрнақ қалды ма, қалмады ма?! Уақыт шіркін небір асауларыңның өзін ақырындап езіп, жаншып, илеуге салып, жынын алдырған бақсыдай қылады екен-ау. Әй, бірақ, осы Көрпешті момын деуге және келмес…

Мына аузы ашылып, ақырын пысылдаған кемпірі баяғыда салтанатты сарайлар, кино… драма театрларындағы жаңа қойылымдарға құмар-ақ еді-ей! Қалт етсе, күйеуін де сонда тартқылайтын. Жас жұп бір-екі мәрте кәсіподақ комитетінің жолдамасымен кішкене ұлдарын ертіп Қырымға, Чехословакияға дейін саяхаттап барып, тыныққан кездері бар. Келешекте осыны салтқа айналдырып, өрісті кеңейтсек деп армандайтын кездерін ұмытпапты. Бірақ кейін тұрмыс қиындап, қысқа жіп күрмеуге келмей кетті. Қу бейнет адым аштырмайды екен. Сөйтіп жүріп, әне-міне дегенше жастың ұлғайғанын да сезбегендей. Алатаудың ақбас құздарындай мұның да шашы буырыл тартты. Кешегі көз жасындай мөлдіреген жан серігі де біртіндеп қартайды. Уақыт өз үкіміне бағындырмай қоймайтын көрінеді.

Әсілі, кәрілік деген де бірден сап ете түспей, ақырындап, аяңдап жететін кезең екенін аңдап қалатын. Қоғамдық көлікке кіргеніңде бұрын елп етіп орын ұсына қоймайтын жастар енді сені көрген бойда атып тұратын болса, халім мүшкіл екен дей бер. Ал кейбір қыз-жігіт қозғала қоймаса, е, мыналар мені әлі де жасырақ санайды-ау деп елеңдеп, насаттанып тұрасың. Көрпеш, шыны керек, әзірге қарттықты мойындағысы жоқ.

Кейбір құрдастары анда-санда:

– Оу, шал! – деп қоңырау шалады. Сыраға шақырады.

Сонда осынау сөзге аздап шамданатыны рас. Кәдуілгіше қызарақтайды.

– Өй, «шалың» не, ағатайдың баласы?! Қартайсаң өзің-ақ қартая бермейсің бе? Елде нең бар, – деп қитығады.

Бірер саптыаяқ сырадан кетәрі емес. Арагідік баяғы дулы ортасын аңсап, елегзімей ме. Тұрмыстың тауқыметінен жеңілейіп, желпінуге, серпілуге ұмтылмай ма.

Әлдебір ақынның «Мен неге арақ ішем?! Қалтамдағы ақшамды санап ішем…» деп басталатын өлең жолдары есіне түсті. Әйткенмен, осының қай шайырдың жыры екенін анықтай алмай-ақ қойды. Соны, бір, білетіндерден нақты сұрап, толық жазып алуы керек екен… Сол айтқандайын, бұл да тапқан-таянғанын әуелден үйге тасуға, бала-шағасының аузына тосуға дағдыланыпты. Мәселен, анау Қанаттың әрбір «бесі» – ­бес жүз теңге. Өзі тағайындаған «стипендия». Ол да аса үздік болмағанмен, аптасына «бестің» екі-үшеуін әкеліп, күнделігін алдына тосып тұрады. Сонда атасының есі шығып қуанғанын көрсеңіз! Жолдастарына:

– Өй, мынау қағып алды тағы да бес жүз теңгемді! – деп мәз болғанын көрсеңіз…

Кейінде тақия киюді әдет қыла бастаған. Өмірдің өзі егделікке, салиқалылыққа бас игізбей тынбайды екен.

Әлбетте, зейнеткер екенініңді теріске қалай шығарарсың. Қанша жасырғанмен, күн сайын жасарып бара жатқан жоқсың, бәрі бадырайып көрініп те тұрады ғой. Хе-е!

Есепшотына ай сайын тура бір жүз он бес мың теңге түседі. Бұған да шүкір. Мәрияға да бұйырғаны – тоқсан мыңдай. Ол бұған қосымша жақын маңдағы кеңсенің еденін жуып, отыз бес мың теңгені және тауып жүр. Осыны білген елдегі ағайын бұлар күреп алып жатыр дегендей алақандарына қарап, дәметеді де отырады. Расын айтқанда, шылқып жүрмегені өздеріне ғана аян, қалада бәрі сатулы емес пе. Әлдеқашан жеке үй болып кеткен балалар да қазірге дейін осыларға иек артады. Әсіресе, кіші ұлдың ақша сұрауы жиі. Оның бір жақсы жері, жағдайды күнібұрын ескертіп, қалта телефонына: «Әке, алдағы айда бір шаруаға төрт жүз мың теңгедей қаражат керек еді, соның бір, жетпіс мыңдайына көмектесе аласың ба? Сосын қайтарамын ғой» деп хат жазады.

Іштей қынжылатын. Әйткенмен, дәл бүгін әкел деп алқымнан алмайтынына қуанатын еді. Бетінен қаққан емес. Ретін қарастырып, ылғи береді. Ол ақшаның оралмайтынын да жақсы біледі. Балаңа: «Әй, анадағы қарызды қашан қайтарасың?» – деп жүрмесің белгілі.

Енді бірде трамвайда келе жатқанында ауылдағы шөбере інісі қоңыраулатты. Ертеректе алғашқы әйелімен ажырасып, кейін басқа адаммен тұрмыс құрған жігіт-тін. Жасы қырықтарда.

– Аға, жағдайды білесіз ғой. Баяғы оңбаған әйел сотқа беріпті. Алимент төлемесем пәлеге ұшыратпақшы. Бірнеше жылға қамататын түрі бар. Ақшаның ауқымды бөлігін таптым. Енді өзіңіз бүгін-ертең екі жүз елу мың теңгедей қарыз берсеңіз. Сізден өзге арқа сүйейтіндей кімім бар, – дейді.  ­

Көрпештің жон арқасын тер жуып кетті. Мұнша қиналмас. Буынсыз жерден пышақ ұрды деген осы болар. Сол сәт дөңгелектер дүрсілі де «аға-а-а, екі жүз елу-у мың-ң теңге-е тап-п қайткенде-е, екі жүз-з елу мың-ң-ң теңге-е-е тап-п-п» деп шекесін шыңылдатқаны есінде.

– Жарайды, енді. Ойласайық. Сәл ертерек айтып қоймаған екенсің, – деді бауырына телефоннан күмілжіп.

Ертеңіне Мәриямен ақылдаса келіп, әлгі қаражатты тауып жіберді ғой. Ондай ақшаның да қайтпайтыны түсінікті…

Бұлар да елмен қатар небір қиын кезеңдерді кешкен. Күйбең тірлік  титықтатып, қажып жүрген кездерінде Көрпеш өзін қаншалықты тозғанымен, сартылдап, қаусағанша тоқтамайтын ескі трамвайға ұқсатушы еді. Сондайда көз алдына сүйретіліп, қыбырлап бара жататын жаралы қоңыз немесе мертіккен құмырсқа суреті де елестеп өтеді. Бала кезде ондай көріністер талай кездесті. Бұл да ауыр жұмыстан кейін шаңырағына қас қарая салп-салп етіп, сүріне-қабына жететін-ді.

Қалада келе-келе машина нөпірі көбейді. Қаптаған жеңіл автокөлік трамвай алдына түсіп алып сумаң қағатын кез жетті. Десе де, бір сәт, теміржол маршруттарының да дәуірі жүрген. Трамвайлар да аспалы көпірлер үстімен жүйткіді.

Бірақ тіршілік ырғағының осылайша күрт ауысуы, ығы-жығы қозғалыстың ширауы да сан алуан сауалдың шешуін таппай дағдарған жасамыс адамның жүйкесіне салмақ салып, діңкелетіп, тығырыққа тірейтін тәрізді. Сондағы жалғыз сүйеушісі Мәрия ғана. Бірақ, неге екенін, барлық ашу-ызасын тек осыдан алғысы келгендей бұған кейде бостан-бос зекіп ұрсатынын ойлады. Қит етсе әрбір ісінен кемшілік іздеп, мысалы, моншаға барғанында:

 – Өй, мына қатын дені дұрыс жөке де салмапты ғой! – деп кіжінетінін ойлады.

Қаншалықты қоқиланғанмен, дәрменсіз жас баладай, соның қамқорлығына зәру екенін естен шығаратынын ойлады.

 Қаладағы дос-жаранның да түрлі шараларына араласасың.

Бірде мейрамхана алдында әйеліне күңкілдеп ұрысып тұрды:

– Өй, сен де бір! Тағы да екі қыр салып қойыпсың ғой мына шалбарға! Қырық жыл қатын болғанда өмірі бір үйрене алмай қойдың-ау, осы, киім өтектеуді!

Мәрия жүдеп, жәутеңдей қарайды:

– Шығарда қарай салмадың ба енді жаңа өзің?..

– Қайдан білейін! Е, жарайды, мұны қойшы. Бірдеңе қылып көлегейлей тұрармын. Онан да тойға қанша береміз, соны айтшы! Отыз мың жете ме?

– Білмедім. Жетіп қалатын шығар сол.

– Тағы бір бес мың теңге қос. Қаршадайдан қатар өскен ит еді. Баласы күнде үйленіп жатқан жоқ…

Сөйткен жалғыз сырласы, жанашыры кеше кешке қарай көзі ілініп кеткен сәтте ақырын түртіп оятты:

­­– Екі күннен бері нәр сызбадың ғой. Ең болмаса бір кесе ыстық сорпа ішші кәне! – дейді.

Үнсіз бас изеді. Ыдысты ала бергенде Мәрияның қолына қолы тиіп, тура, темір ұстағандай болғаны. Алақаны көң болып қатып кеткендей. Әйеліне жанының ашыған-ай!

Іштей бұдан былай осыған босқа жеки бермейінші деп түйген.

Кейде түс көреді. Түсіне өзі туып-өскен ескі қоңыр үй кіреді. Көбіне шешесімен сөйлесіп жүрер-ді. Неге екенін, әкесінің кіруі сирек. Қазір екеуі де жоқ…

Депоға жақын тұрып, ғұмыр бойы теміржол қатынасын пайдаланғандықтан ба, ара-арасында құлағына вагонеткалар дөңгелегінің дүбірі келеді.

  Міне, енді сонау ескі трамвайлар секілді өзі де екі-үш күннен бері салдырап, «шашылудың» аз-ақ алдында жатыр. Белі жүргізбейді. Тұла бойы зілбатпан. Одан тұмауратты. Алпыс алты жас деген де оңай емес-ау. Жас ұлғайған сайын түрлі-ауру-сырқау да айналдыра бастайтын сияқты. «Олай-былай болсақ, сүйегіме кім түсер екен. Қайда жерлейді» деген де ойлар жалт етеді.

Қарап тұрсаң, арсыз ажалдан қорықтың не, қорықпадың не, жетіп келсе не дей алғандайсың! «Әй, әйткенмен, өлімді әзірге қоя тұрайық. Бітіретін біраз шаруалар бар» деп іштей мырс етті. Көз алдынан тіркескен трамвайлар елесі жөңкіле жосыды.

Қазір, өзі, Алматыда олардың да жүрісті тоқтатқанына талай болыпты-ау. Әнегүні сыртынан көрді, депо ауласында ескісін қойып, жаңалары да үймелеп, қаңтарулы тұр…

Қайтадан қалғып кеткен екен. Көзін ашқанда балбырап терлеп жатқанын аңғарды. Рахаттана оянған. Дәл бүгін Қанаттың мектебіне, ата-аналар жиналысына баруы керек екені еске түсті. Осы күнді көптен асыға күткені еске түсті. Ұмытып кете жаздапты.

Терезеге жалт етіп қарады. Күн арқан бойы көтерілген секілді. Үйдің іші жап-жарық. Белінің ауырғаны да кілт тыйылғанын білді. Өзін анадан жаңа туғандай жеп-жеңіл сезінді. Тұмаудан да құлан-таза айыққанын аңдайды. Дүр сілкініп, орнынан атып түрегелді.

Елеңдеп, сыртқа құлақ түрген. Алыстан трамвай доңғалақтарының дыбысы талып жететіндей.

Құлтөлеу МҰҚАШ

 

 




ПІКІР ЖАЗУ