КҮМІС ЖАЛДЫ КҮРЕҢ ҚАЙДА КЕШЕГІ?

 

Қазақ әуелі өзін тануы үшін жылқыны тануы керек. Өйткені, қазақ тарихы мен жылқы тарихы әуел бастан бірге дамып, біте қайнап, бірігіп кеткен. Осы ретте қазақсыз жылқы тарихы, жылқысыз қазақ тарихы ілгерілеп, өрбімейтінін аңғарамыз. Бұған біздің заманымызға дейінгі ІV-VІІ ғасырлардан жеткен Берел қорымынан табылған мәртебесі жоғары адамдармен бірге қосып көмілген жылқылар да дәлел бола алады.
Ес жиғалы санамызға сіңген Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы қиын-қыстау кездері иелеріне демеу болып, құтқарып қалмайтын ба еді? Одан берідегі Ақан серінің Құлагері де ел ауызында мифтендіріліп, жүйріктің қанаты бар екен деген аңызға айналды.

Осы ретте қазақ әдебиетінде жылқы бейнесі қалай суреттеліп жүр деген сауал алдымыздан шығатыны белгілі. Бұл орайда соны көзқарас, жаңа форма, жаңа бағыт қай деңгейде деген де ой туындайды. Бұл ретте әуелі қазақ әдебиетіндегі осы бір өзекті тақырыпқа қалам тербеген Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Тәкен Әлімқұлов, Сәкен Жүнісов, тағы басқалардың шығармаларына тоқтала кету керек-ақ. Қазақ прозасының тақырыптық аясы мен идеялық-көркемдік өрісі өткен ғасырда соны образдармен, айшықты тілдік қолданыстармен, жаңа формамен толыға түсті. Жаңа дәуірдің жаңа талаптары қаншалдықты иіріміне тартып бара жатыр дегенімізбен, қазақ кешегісінен қол үзе алмаса керек. Қазақы дүниетанымда тіршіліктің барлық тарамдары мен толғаулары төрт түліктің ішіндегі бекзат болмысты жылқымен қатар өріліп отырады. Өміріміздің сан тарау жолдары мен әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін қарастырғанда да салт-санамызбен серіктесіп жылқы образы алдымыздан шығады. Осы ретте Тәкен Әлімқұловтың Ақбозаты мен Абсенті, Әбіш Кекілбаевтың Бәйгеторысы, Сәкен Жүнісовтің Құлагері, Шерхан Мұртазаның «Көкемарал гүлдегенде» әңгімесіндегі Шұбары еске түседі. Сонымен қатар, Тұрысбек Сәукетаевтың «Ақ қанатты арғымақ» әңгімесі қазақ әдебиетіндегі жылқы образын суреттеудегі тың жаңалық. Нұрғали Ораз, Айзат Рақыш, Есболат Айдабосын сынды танымал қаламгерлер де тұлпарлар тағдыры туралы толымды дүниелер берді. Нұрғали Ораздың «Жылқының көз жасы» атты әңгімесінде Абат қарт пен қасқа биенің арасындағы қимастық сезім сәтті суреттелген. Қасқа бие алыстан сағым болып көрінеді де оның құлын кезіндегі дәурені жақсы сомдалған. Автор осы ретте адам өмірінің соңғы сәттері мен жылқының қазіргі күйін қатар келтіріп, өзіндік ой түйеді. Тіршілік атаулыда Жаратқанның өзі кесіп-пішіп берген өлшеулі ғұмыры болады. Абат қарт та еңкіш тартты. Қасқа бие болса да пышаққа іліккелі тұр. Осы кезде қарияның құрдасы келіп жылқы арам қатпай тұрғанда адалдап сойып алу керек деген ақылын айтып кеткен. Осыларды ойлағандықтан ба, Абат қарт түсінен шошып оянады. Өмірінің өлшеулі кезеңін бірге өткізген қимас серігін ол пышаққа қалай қияды? Ол жылқысынан айырылғанда бауырынан айырылғандай күй кешеді. Соңғы демін алып жатқан қасқа биені жас балаша жұбатқысы келеді.
Күні бойы қораны айналшықтап, үйіне кіріп шайын ішіп шыққан қарт көзінен тарам-тарам жас ағып тұрған биесін көреді. Дағдарып қалған ол сасқалақтап кейін шегіне береді. Сосын қасқа биені сипап: «Жануарым-ай! Жануарым-ай!» деп сипағанда дауысы дірілдеп кетеді. «Мұның не? Саған жәбір көрсеткен жеріміз жоқ еді ғой» деп ақталмақ болғаны да шарасыздығы еді. Қасқа биенің аяғын соңғы рет тебініп жатқан сәті қарияның да дүниеден қоштасар кезі жақындап қалғанын меңзейді.
Шын мәнінде оқиға ядролық сынақтар өткен жын жайлаған меңіреу далада өтеді. Адамдарға да, малға да кеселдің нешеме атасы осы ластанған жерден келіп еді. Абат қар соңымыздағы ұрпақ бізге жабысқан кеселден аулақ болса екен деп тілейді. Алайда, жын жайлаған меңіреу дала ұрпаққа уын шашуды тоқтата ма? Талай бала жетім, талай уыздай келіншек жесір қалса, Абат шал көрінде тыныш жата ала ма?
Абат қарт полигон зардабынан құтылудың жалғыз жолы саумал ішу деп түсінеді. Қарттың тілегі орындалып, қасқа бие сондай сұлу құлын туады. Құлынның қызыл күрең мап-майда түгі күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етіп тұрады. Осы бір сүйкімді құлынмен таласып, қасқа биенің бір емшегін Абат та емеді. Кемпіріне биені саудырып, қымыз ашытып, оны да ішті.
Ал, осы өңірдің қалған жұртшылығы радиацияға қарсы екен деп жынды су ішіп, айқұлақтанып жүрді. Бірақ, саумал ішкен, қымыз ішкен Абат қарттың денсаулығы жастарға қарағанда мықтырақ еді.
Айзат Рақыштың «Көк биенің киесі» атты әңгімесі де жылқының мінезіндегі ерекшеліктерді қамтиды. Бірін-бірі қайталамайтын екі әңгімеде де ұлттық, этнографиялық мәселелер оқиға желісімен қатар өріліп, оқырмандарға ой салады.
Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жүйрік» атты хикаяты классикалық үлгіде жазылған шығарма. Қазақ әдебиетіндегі жылқы бейнесіне қатысты бұл шығарма шегіністерден тұрады. Оқиғаның желісін, автордың айтпақ болғанын шығарманың соңына қарай пайымдайсыз. Хикаятта Нарқызыл атты жүйріктің тағдыры суреттеледі. Кезінде хас жүйрік болған Нарқызыл базарлы күндерін артқа тастаған. Бәйгеде жүйріктердің алдын бермейтін сәйгүлік енді Семей қаласындағы ет комбинатына айдалып барады. Қайран жүйрік кезінде жайылымда да жылқылардың алдына түсіп алып, басқа жануарлардың тісі тимеген шөптердің құнарлысын таңдап жеуші еді. Ол сондай-ақ үйірде де жылқылардың соңында қалмайтын. Бұл ретте жазушының әлем әдебиетіндегі жылқы түлігі туралы еңбектерді мейлінше көп қарағаны аңғарылады. Ғалымдардың дерегінше, жылқы малының төрт мың жылдық тарихы бар. Әрине, тереңнен толғап, сәйгүліктің сырын ашу біраз тер төгуді қажет етеді.
Қазақы болмыста, даңғайыр дүниетанымында жылқы күнкөріс құралы ғана емес, адамдармен біте қайнасқан, күнделікті тіршілігіне егіздің сыңарындай кіріккен сенімді серігі де. Халқымызда жылқыға байланысты мақал-мәтелдер мыңнан асып жығылады. Суреткер қазақ біреуді бейнелегісі келсе «жылқы мінезді», «ат жақты», «ат ерінді», «жылқыдай жүйрік» деп көрегендік танытады. Сүйікті баласын «құлыным, құлыншағым» деп еркелетеді.
Ал, қазақ ақындары жылқының қадір-қасиетін барлық сымбатымен қоса жырлады. Бұған қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Аттың сыны», жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы» дәлел.
Жығылмай әм сүрінбей жүрсе көсем,
Иек қағып, еліріп басса әсем.
Шапша жүйрік, мінсе берік жуан, жуас,
Разы емен осындай ат мінбесем, – деп Абай неге толғанды?
Жүрсе де жаздай құры болмайды тоқ,
Кез жарым кесер баста кесім ет жоқ.
Қақпан бел, қалбаңайлы, үңгір сағақ,
Шапса – жел, мінсе – жайсаң, тұрса – селсоқ, – деп Құлагердің тұлғасын дәл суреттеген Ілияс ақынның таным-талғамына қалай сүйсінбейсіз?
Иә, қазақ жылқының қадірі мен қасиетін ежелден білген. Атқа мінген адамның бойында өр рух пайда болады. Бүгінгінің ғалымдары атқа міну қан айналымын жақсартып, жүрек ауруына жол бермейтінін айтып жүр. Мұны бағзы бабаларымыз әлімсақтан жақсы біледі. Білмесе, өмірін жылқымен байланыстырмас еді.
Жылқы жайлы жан-жақты толғанған ақындарымыздың бірі Есенғали Раушанов еді. Оның «Қаракөк айғыр туралы баллада» атты өлеңінде жылқының жаратылысы туралы кеңінен толғайды. Ақынның метафоралық-символдық тәсілмен бейнелеулері оқырмандарды еріксіз елеңдетеді. Сонымен қатар, «Көкмойнақтың үйірі» атты өлеңі де жаңа сипатқа ие. Мұнда ол Адай жылқысының тағдырына терең тоқталады. Ақын жылқы тұқымы туралы айта отырып, қазақ халқының жеті ата жөніндегі танымының тұңғиыққа батып бара жатқанына алаңдайды. Қан тазалығы туралы тереңнен толғап отырғанын көзіқарақты оқырман түсінеді.
Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен дараланып келе жатқан Маралтай Райымбекұлының «Кентавр» поэмасы да шоқтығы биік шығарма. Сонымен қатар, Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржан, Сәт Есенбайұлы, Нұржан Қуантайұлы, Ұларбек Нұрғалым шығармаларында жылқы бейнесі поэтикалық сарында әсем де әсерлі суреттеледі.
Төрт түліктің төресі саналатын жылқыны басқа да халықтардың ақындары жырларына арқау еткен. Айталық, авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатов таулықтардың өршіл рухын тамаша жырлай келе, «Жандарыңа ең жағымды дыбысты айтыңдаршы?» деген сұраққа жауап іздейді. Сонда таулықтар:
– Күмістің сыңғыры.
– Аттың кісінеуі.
– Сүйген жардың үні.
– Тасқа тиген тағаның дыбысы! – деп жауап қатады.
Неткен шеберлік! Неткен дәлдік! Расында, аттың кісінеуінен, тасқа тиген тағаның дыбысынан артық қандай керемет үн бар? Бұл адам бойындағы қанды тулататын, рухты оятатын үн! Күллі Дешті Қыпшақ жұртының тұрғындары ат дүбірінен қуат алды, рухтанды! Сол ұлы рух еліміздің ұлан-байтақ жерін жаудан аман алып қалды!
Ал, бүгінде Қамбар ата тұқымына деген қазақтардың көзқарасы қандай? Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылдағы қазақтың үйінде бір-бір жылқы тұратын. Байлауда тұрған жылқыны мініс ат деп атаушы едік. Осы мініс атпен сыртта, жайылымда жүрген жылқыларды қарайтын, қайыратын. Түгелдейтін. Ауылға қадірлі кісі келгенде немесе қысқы соғым кезінде тебіндеп жатқан жылқының бірін қайырып әкеліп, қажетіне жарататын.
Қазір ше? Мүлде басқа көрініске тап боласыз. Атқа мініп, мал қайыру тұрмақ, қой кезегінің өзіне машина мініп баратындар көп. Жылқыны қарауға да машина не мотоцикл пайдаланады. Тіпті, дрон арқылы малын түгендеп, үйінде шалқасынан түсіп жататындар көбейген заман. Бүгінгі малшы ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді әдетке айналдырып алған патша көңілді қауым.
Атқа мінудің пайдасын бұрынғылар жақсы білген. Қарлы боранда жүрген адамның ат үстінде тоңбау себебі жылқының қалыпты температурасы кісінің дене қызуымен бір жарым есеге жоғары болатынында. Ал, кешегі жаугершілік заманда ат адамның қанаты, қорғанышы ғана емес, сенімді серігі де болды.
Бүгінде жылқыны соғым үшін ғана бағатындар жеткілікті. Рас, бие байлап, қымыз ашытатындар да бар. Бүгінде көкпар, бәйге әр ауданда өтіп тұрады. Алайда, жылқы қадірін білетіндер ауылда азайып бара жатқанын көнекөздер де, мамандар да жиі айтады. Кешегідей асауға құрық тастап, басбілдіртіп жатқан шымыр да ширақ жеткіншектерді көрмейсіз. Осы жерде тағы бір айта кетер жәйт, қораға ат ұстап, мініс ат ретінде пайдаланғысы келгенімен, жылқының жағдайын жасау қазір қиын болып тұр. Жем-шөптің бағасы аспандап тұрған мына уақытта қораңызға үш-төрт жылқы ұстап көріңіз. Балаңызға нан тауып бере алмай отырғанда қорадағы бес-он тұяққа қаржыны қайдан табасыз?
Жылқыдан қадір қашқан аласапырандай кезеңде қазақ әдебиеті де бұл тақырыпқа келгенде тосылыңқырап қалғандай. Соңғы жылдары текті тұлпар туралы толымды да тартымды шығармаларды сирек көреміз. Тіптен көзге шалынбайды. Соңғы буын жасанды интеллект төңірегінде тентіреп жүргендей әсерге қаламыз. Шетел қаламгерлеріне солықтап жүргендерді де көріп қаламыз. Қазақ жазушысы қазаққа тән, қазақ ұғымына лайық шығармалар жазса деген де ой қылаңытады.
Міне, Жылқы жылы төрімізден аттады. Қазақтың бар қазынасы арасындағы қымбаттысы, түп тамырымыздан тартқанда сенімді серігіміз әрі бағымыз, Рухымыздың аттангері, Елтаңбамызда Тұлпар болып таңбаланған еркіндіктің, қайсарлықтың, сергектіктің символы – Жылқы жылы елімізге құт болып келсін! Дешті Қыпшақ жері ат дүбірінен тағы бір сілкінсін!

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ