КҮНДЕЛІКТЕН АЛЫНҒАН ҮЗІНДІЛЕР
«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің бұл жолғы қонағы – 1902-1956 жылдары өмір сүрген даниялық ақын әрі сыншы Поль ля Кур. Ақын табиғатты, жаратылыстың мінсіз де нәзік үйлесімін жырлап, өткен дәуірді, сол кездегі адамдардың бойындағы кір шалмаған асыл қасиеттерді аңсаумен өткен. Даниялық көркемсөз шебері поэзиядағы байыптылықты жоққа шығарып, бейнелілік пен көркемдікті алдыңғы орынға қойған, өнер туындысы жасалмайды, туады деген көзқарасты ұстанған. Мектептің кезекті дәрісі – ақынның эстетикалық көзқарастары баяндалған күнделігінен алынған үзінділер.
Поль ля Кур
Жоқ, менің ізденісім ешқашан тоқталмайды, мінсіздікке жете алмай қойдым. Жасым ұлғайған сайын өз-өзіме сенімім азайып барады, күмәнім көбейіп, толқи беретін болдым, бірақ ізденуден жалыққан жоқпын. Бұрынғы тапқан шығармашылық формалардың бірде-біріне қанағаттана алар емеспін. Олардың бәрі бұрын болған, бірақ ешқашан түгелдей өзімдікі деп меншіктене алмайтын ішкі шындығынан айырылып қалған. Ендігі айтқым келгені әлгі формаларға сыймайды, олар бұрынғы қағидалардың арасындағы сенуге тұрарлық, көңіл тоқтатар жалғыз-ақ ұстын бола алмай діңкені құртып тұр. Әлде бұған форма атаулыны түгел тәрк етіп, бәріміздің түбімізге жеткелі жүрген стереотипті ойлану тәрізді құбыжыққа қасқайып қарсы шығуды керек қылмайтын, дүниеге олардан да, қорқыныш атаулының бәрінен де бұрын келген жалаңаш та қорғансыз, жас сәбидей таза әрі турашыл поэзияны армандауым себеп болып жүр ме? Қатып қалған қасаң қағидаларға қарсы қолдана алатын бірден-бір қуатты қаруымыз сол ғана ғой.
Осы арманымды ауыздықтап, біржола басып-ақ тастағым келеді, бірақ ақи-тақи арыла алмадым. Оның мәнін Рене Шар (1907-1988 жж.. өмір сүрген француз ақыны – ауд.) өзінің «Ыдыраған өлең» деп аталатын жинағының атауында келтірген, оның айтқысы келгені – өлеңнің поэтикалық мазмұнын еркіндікке шығару үшін сыртқы формасын бұзу керек. Бұл өте жауапты да биік миссия. Адам мен әлемді поэзия ғана құтқарады, ал өлеңнің еш мәні қалған жоқ…
…Қазіргі ең маңызды нәрсе – әдеби нормалар кешені деп мойындалған өлең мен поэзияның ара-жігін ажыратып алу. Тілдің поэтикалық сезімдерді өзгелерге жеткізетін айырықша тәсілі ретінде қолданылатын неғұрлым өміршең форманы анықтайтын ережелерді қалыптастыру үшін қанша ғасыр уақыт керек болды!..
…Әдебиеттегі поэзия сөз арқылы көрініс береді. Демек поэтикалық шығарманың нақты да дәл анықтамасы ретінде қарастырсақ, поэзия сөздердің белгілі бір тізбегі арқылы пайда болады. Олай болса алдымыздан шетсіз-шексіз мүмкіндік ашылады.
Мен қазір поэзия туралы айтып тұрмын, бірақ оны түсіндіруге тырыспаймын. Мен оны сезінемін, алуан түрлі қырларының бәрін танып қоймауымыз үшін ол бізден жүзін жасырып жүр. Сондықтан да суреткердің міндеті – ішкі мазмұнынан өзі де бейхабар әлдебір құдіретті жолдауды өзгелерге жеткізу. Ал өзі поэзияның жалпы сұлбасын ғана шамалай алады, толық сипатын білу оның да қолынан келмейді.
Поэзияның мәнін ешкім түсіндіріп бере алмайды. Біз құпияның өзі туралы емес, оның сыртқы киімі жайында айтып жүрміз. Мен сені қолыңнан жетектеп соған апарғым келеді. Міне, қара!
Сен-Савендегі фрескаларды немесе Мюнхендегі «Дарамүйізді аулау» деп аталатын гобеленді тамашалаған кезде өзім армандап жүрген өлең қандай болатыны жарқ етіп көз алдыма келді. Стилі қарапайым, еркін әрі жанды, жұмсақтығы мен қатқылдығы тепе-тең, сонысымен-ақ ашық та таңғажайып. Бәйтеректің әр жапырағы ұсақ натурализм қағидаларына емес, өнердің асқақ шындығына сәйкес бейнеленген.
Көкке бой созып, сағыныш пен өршілдіктің көзге көрінбес рәмізіндей сәуле ұшар басын нұрландырып тұрған, сәл ғана шашырай түзілгенімен түп-түзу дерлік тіндерден тұратын бұл бәйтерек саған да, маған да ұқсайды.
Көп нәрсе айтылмаған, өзің табуың керек. Бірден назар аудармауың мүмкін, бірақ жақыннан қарағанда ұлылық салтанат құрып тұрған ғажайып әлемге тап боласың. Рәміздер арқылы бейнеленген осынау нұрлы әлем ой-санаңды түгел баурап алады.
Бәйтеректің пішінін көргенде көкейімде бір ғана ұғым оянды: еркіндікке ұмтылған адам!
Өлеңді құлдықтан сол құтқарады. Сондықтан адамның еркіндікке ұмтылуы үшін жаз, жаза бер! Жоғалтып алған адамыңды сонда табасың!
Есіңде болсын, ұлы суреткер әрқашан шындықты айтады. Бәріміз қыбыр-жыбыр тіршілік етіп жүрген алдамшы әлемде суреткер ғана – егер ол осы атқа лайық болса – өмір сүруіміздің негізін салып, іргетасын қалайды. Сондықтан да оның әрбір ұсақ-түйегіне дейін алғаусыз сенуің керек.
Боннардың (Пьер Боннар, 1867-1947 жж.. аралығында өмір сүрген француз суретшісі – ауд.) көрмесіне қойылған «Бұқа мен бала» деп аталатын ауқымды картинада бұқа қызғылт түспен бейнеленіпті, мойны мен кеудесінде сарғыш-жасыл теңбілдері бар, арасында қызыл және көкшіл-жасыл жолақтар да кездесіп қалады. Картинаны алғаш көргенде қызғылт бұқа болмайды деп ойлағанмын, бірақ суреттен шыншылдықтың лебі есіп тұр. Боннар бұқаның сондай болуы ықтимал екендігін, осынау ғажайыпты, жоғары поэтикалық шындықты кейіптеген.
Арада біраз уақыт өткен соң далада қыдырып келе жатып анадай жерде жайылып жүрген сиырларды көрдім. Ымырт үйіріле бастаған, күннің сарғыш сәулесі біртіндеп қызара түсіпті. Кенет сиырлардың бірі маған бұрылып қарады, сол мезет оның түсі Боннардың картинасындағы бұқаның түсіне ұқсап кетті. Қызғылт түс! Боннар бұқаның түсі ертегідегідей таңғажайып бояуға ауысатын жалғыз-ақ сәтті дөп басыпты, жануардың суреттегі бейнесі жан дүниеңді қуанышқа бөлейтіні содан болып шықты. Теңдесі жоқ шындық! Поэзиядағы ондай әуенді Лорканың сары далада жайылып жүрген екі қызғылт өгіз туралы үшінші сары балладасынан табамыз. Өлеңнің басталуы тамаша: өгіздердің қимыл-қозғалысы көне қоңыраудың сыңғырының ырғағымен үндеседі, ал көзі – құстың көзі сияқты.
Мұндағы сұлулықтың табиғаты қандай? Риториканың әр түрлі формасы ретінде көрініс беретін басқа өлеңдерден, сюрреалистердің шыққан шыңы – антипоэзиядан ерекшелігі неде? Өгіздің көзі құстың көзіне ұқсамайтыны белгілі. Алайда қатып қалған қағидалар мен қасаңдықтарды серпіп тастап, тербеліп тұрған көне қоңыраулар тәрізді шайқалып-найқалып келе жатқан, көзі құстың көзіне ұқсайтын екі өгізді көз алдыңа елестетші – бұл сурет дереу қиялыңды баурап алады, сұлулықтың жаңа қырына, жаңа шындыққа куә боласың.
Осыдан бірер жыл бұрын менің де сиырым болған. Кешкісін қорадан шығарып, суатқа апарғанда бұлақ суын ұзақ сіміретін, тұмсығын көтеріп сәл тұрады да қайтадан суға бас қояды. Бірде ол баяу да еркін қозғалып, басын көтерген сәтте бойынан ормандағы туысы – бұғыны көрдім. Қарны қампиған ірі денесіндегі әсемдік пен кербездікке, еркіндікке қанат бітірер жеңілдікке тәнті болдым. Қартайып, денесі ауырлаған кемпірлердің бойынан кейде жас арудың нәзіктігі сезіліп тұрады, талай байқадым оны. Астрид Ноактың (1888-1954 жж.. өмір сүрген даниялық суретші әрі мүсінші әйел – ауд.) қылқаламынан шыққан кемпірдің портретінен таң қаларлық шыншылдықты көруіміздің сыры осында, суретші адамның бойына әу баста жасырылған құпияны аңдаусызда байқатып қоятын білінер-білінбес қозғалысты, адамның еркін әрі өміршең табиғатын бейнелеген.
Лорканың өгізі жаратылысына опасыздық жасаған жоқ. Лорка адамға тән заңдылықтарды барша тіршілік иелеріне қолдана береді. Біз – бұғымыз. Жан дүниеміз жер бауырлап еңбектеу үшін емес, көк жүзінде самғау үшін жаралған.
Өлеңді қағазға түсіру – түк емес, ең бастысы, оның жан дүниеңде өмірге келуі. Делакруа (Эжен Делакруа, 1798-1863 жж.. өмір сүрген француз суретшісі – ауд.) күнделігіне «сурет салу үшін жүйке тамырың болаттай берік болуы керек» деп жазыпты. Ал бойына біткен перзентін – өлеңді өмірге әкелу үшін ақынның жүрегі құрыштан құйылған болуы шарт. Меніңше, табиғатпен оңаша қалып, жаюлы тұрған кенепті қылқаламмен оңды-солды шимайлап, көркемдік құралдарды қалай пайдалануға болатынын меңгеретін, сөйтіп шеберлігін жетілдіре түсетін суретшідей емес, ақынға көп жазудың керегі жоқ. Бірі болмаса бірі сәтті шығып қалар деген үмітпен бұрқыратып жаза беретін ақын өз-өзіне талап қою қабілетінен айырылып қалады, ең бастысы, енді оны көркемлік түйсігі алдайтын болады. Ақынның бар күш-жігерін жұмсауын талап ететін дайындық жұмыстары қағаз жүзінде жүргізілмейді, оның өз бойында, өмірінде жүріп жатады. Өлеңі сөзге айналмай тұрып әрқайсысы өзін жарыққа шығаруды талап ететін мыңдаған дауыстардың арасынан біреуін таңдап алуға тиіс және сол таңдауының дұрыстығын өзінің өмірі арқылы тексеруге міндетті. Әйтпесе жазған өлеңі поэзия болмай шығады.
Кеше «жаңғырық көкейімде қатып қалды, жаныма төзімділік ұя салды» деген екі жол өлең жаздым. Осы образ жаз бойы қалай жұмыс істегенімді дәл бейнелеп тұр. Өзімді сабырлы болуға үйреткім келіп, көбінесе шабытпен шатастырып алатын бір сәттік серпіліске еріп кетпеуге тырыстым, шабыт емес ол, қандай да бір туынды берсем деген атаққұмарлық қана.
Егер шынымен сабырлы болып, ұзақ уақыт бойы үн-түнсіз күтуге ерлігің жетсе күндердің күнінде көкірегің алуан қилы дауыстардың ұясына айналады. Әу бастағы ақиқатты түсінуге барар жол осы.
Өлең сені өзі таңдамаса бар еңбегің еш кетеді. Үнсіздік сақта. Өлең үнсіздікті ғана естиді.
Әлдебір ережелер арқылы өз-өзімізді шектемеуіміз керек, өйткені біздің өлеңдеріміз күнделікті өмірден, әрбір іс-әрекетімізден туындайды. Бірде-бір өлеңді жазған жоқпыз біз, олар өмірдің өзінен туындады. Мен «іс-әрекетіміз» дедім. Бәлкім сен ұлы жазушылар күнделікті өмірде әлсіз, жігерсіз болған, кейде шектен шығып кетеді екен деп қарсылық білдірерсің. Мен мәселенің моральдық жағын емес, шынайылықты айтып тұрмын, өлең қарамайды оған. Жан дүниеңді түгел көрсететін, көп адамға зиянын тигізген табиғи әрекетің ізгілік жасасам деген енжарлау ниетіңмен салыстырғанда анағұрлым шынайы әрі жемісті болады. Сондықтан қамқор тұлға болып көрінуге ұмтылмай-ақ қой, оның астамшылыққа ұласып жатады, шыншылдыққа ұмтыл. Биікке самғасаң да, құрдымға құлдырасаң да өлең тек қана шынайылықты таңдайды. Өлең жұпыны үйге құштар.
Өмірде екі-ақ құндылық бар: махаббат және поэтикалық сезімге шарпылған сәттер. Сен соған тап болдың. Поэзия қандай еңбек сіңіргеніңе қарамайды, ол өзін шын сүйесің бе, жоқ па – соны білгісі келеді.
Сабырлылық – өлең үшін төленетін құн, мәңгілікке созылатын әлсіздік, соған шыдауға тиіссің.
Мықтылардың әлсіздігін білуге, таңдаулылардың тағы да таңдаулы болсақ деп жанталаса шыңғыруын естуге, бәрін иемденгендердің жалғыздығын, жомарттардың жарлылығын түсінуге тырыспа. Ешкім де өз қалпында болған емес. Олардың бәрі жалғыздықтан құтқаршы деп жалынған.
Ерлік пе? Өлең жазу үшін сарқылмас ерлік керек. Бірақ бұл ерліктің табиғаты өзгеше.
Қарапайым түсінікпен қарағанда, ерлік деген жастардың еншісі. Бомбалаушы ұшақтың ұшқышының жасы әдетте жиырмадан аспайды: оны өмірмен байланыстырып тұрған тіндердің саны мейлінше аз болуға тиіс. Рухани өмірде бәрі керісінше: жастар сақ болады, ерлікті ақыл-ойы толысқандар жасайды.
Көптеген суреткерлер алғашында батыл қимылдайды, сосын біртіндеп үйреншікті қалыпқа түседі. Осы жерде өз-өзімді жоққа шығарып тұрған жоқпын ба? Жоқ, олардың ерлігі ұшқыштың ерлігіне парапар, оны тағдырға қыр көрсету деуге болады. Кекірліктің де ұшқыны бар. Бірақ менің айтып тұрғаным басқа ерлік, балалар мен аса ірі, бірақ қартайып қалған суреткерлерге тән табиғи, біртіндеп ұмытылып қалатын ерлік, оның қайнар көзі – адамның жан дүниесі, әрқашан және кез-келген жағдайда өзінің жаратылысынан айнымайтын, сол күйі қала беретін ерлік.
Мансабым өссе деген ойды біржола ұмытып, келісім мен қарсылықтың түкке тұрғысыздығын білгеніңде, атаққұмарлығың басылып, замандастарыңның кінә тағуын елемейтін болғаныңда, сәуегейдің міндетін атқаруды емес, көкірегіңді кернеген нәрселерді сыртқа шығаруды ғана армандайтын жасқа жеткеніңде табиғи ерліктің уақыты келгені. Енді жас балаша сүйсініспен жазасың немесе суретті солай саласың, әсемдікті өмірге әкеліп жатырсың, қайтадан бала болып кеттің. Бәрі ап-анық көрініп тұр. Поэтикалық ережелерді ұмытқансың, көркемсурет заңдары есіңде жоқ, өзіңнің шынайы табиғатыңмен бетпе-бет келесің, сөйтіп өзіңнің әу бастағы образыңды асқан шынайылықпен бейнелейсің. Жинақтаған тәжірибеңнен арыласың. Өмірдің еш кінәсі жоқ және таңғажайып.
Күндердің бір күні адалдықтың кез-келген батылдықтың өзі үнсіз қалып, күйкі тірлік болып көрінетін ең жоғарғы дәрежесі – табиғи ерлікке мен де қол жеткіземін деген ой жілік майыңа дейін сіңіп кетсін.
Осы жазғанымның бәрі рас, бір ғана қосарым бар – ғұмыры қысқа болатыны пешенесіне жазылған жастар да табиғи ерлікке қол жеткізуі мүмкін. Олар тез қалыптасып, жарқырап көрінеді де аққан жұлдыздай өте шығады, біз олардың өмірден ерте кетпегенін, толыққанды өмір сүргенін аңғармай да қаламыз. Мысалы, Эдит Седергран (1882-1923 жж.. өмір сүріп, өлеңдерін швед тілінде жазған фин халқының әйел ақыны – ауд.). Өмірмен жастай қоштасқандар көп нәрсе тындырып кетеді, олардың өміріндегі басты жұмбақ осы. Олардың күйкі тірлікпен айналысуға да, мансап туралы ойлауға да уақыты жоқ. Олар ғұмырлары қысқа болатынын, өз сөзін тезірек айтып кетуге тиіс екендігін білген сияқты. Олар қартайған жоқ, аңғалдау жастық шақтың мәңгілік өкілдері болып қала береді. Жастық бізді де еліктіреді, жас жапырақ – өмірлік күштің буырқанған көрінісі.
Жылдар өткен сайын біртіндеп салқындай бересің немесе ішкі әлеміңнің терең түкпірінде жатқан жалын бұрқ етіп көтеріліп, бұрын байқалмаған өмірлік қуаныш сыйлайды. Сен тағдырыңның қожайынысың.
Дегенмен басымызды иіп, кәріліктің ызғарынан сақтай көр деп жалбарынамыз. «Жастығымды қайтаршы маған!» – дегенде Гете басқаны емес, нақ осыны айтпақ болған…
…Толысып, кемеліңе келуің – қатаң тәртіп пен қарапайымдықтың арқасы, ал өзіндік ерекшелігің – мейлінше қарапайым болудан туындайды.
Мен жақсы өлең жазсам деп тілемеймін, шындықтың ауылы алыс маған, мен тек әлдебір болмысқа жан бітірсем деп жалбарынамын.
Поэзия деген – ашық шынайылық.
Сезімді шынайы жеткізудің қасында ең жоғары шеберлік те түкке тұрғысыз.
Бір ғажабы, айту үшін жаралған өлең тыңдай да алады.
Оның ұлылығы нені тыңдағанына байланысты.
Ақынның жанына жақын өзекті сөздер бар деседі, осы сөздер оның қиялындағы бейнелердің пайда болуына әсер етіп, сол бейнелерден өзін және өзінің армандарын көреді. Оның бар болмысы сол сөздерден тұрады, үміті мен шырқап шығар шыңы да сол сөздер. Сен оны осы сөздер арқылы танисың.
Әр өлеңнің өзекті сөзі бар. Ондай сөздің бойына өлеңнің тыңдауға дайын екені автордың еркінен тыс жасырылған. Бұл сөзді сезімің ғана айтып бере алады, әйтпесе өлеңнің құрылымын түсінуің мүмкін, бірақ сөздің бойындағы поэзия саған ешқашан ашылмақ емес.
Ақын өледі, бірақ ол өмірге әкелген сөз мәңгі жасайды.
Мен үшін сөздің маңызы шамалы, мен олардың бойындағы әуезді тыныштықты тыңдаймын.
Қасиетті де кепиетті үнсіз бұлқынысты бейнелеуге жарамды сөз іздеп, дыбыстарға құлақ түремін.
Өлең – бір мезгілде әрі сөз, әрі тыңдау. Ол сені баурап алғанда «дымыңды шығарма!» деп бұйырасың.
Өзің үндеме деп еркелете бұйырған өлеңдерден ұлы ештеңе жоқ.
Өлеңнің де өзіндік әлсіздігі бар. Ол – автордың сәл де болса көрініс беруі, сен соған үндеме деп тұрсың. Бірақ поэзиямен автордың көмегі арқылы табысасың. Поэзияны сол туғызды, енді көзге көрінбей, қарасын батыруы керек. Енді ол керек емес саған. Өлең өзін сақтап қалады да автордың көзін жойып отырады.
Сондықтан өзіңнің өзекті сөздеріңді әкел, шумақтардың арасындағы бос жерлерге де қолтаңбаңды қалдыр. Өлеңнің өз өмірі бар. Ол енді сенікі емес.
Алғашқы өлеңдерім жарияланғанда бір сыншы ондағы образдар өлеңдерді ауырлатып жіберіпті, ойды анық жеткізе алмаған деп жазыпты. Сынағаны дұрыс, бірақ сынды дұрыс негіздей алмаған.
Образдың қызметін түсінбеу деген осы және бұл кең таралған құбылыс. Сондықтан поэзия адамдар үшін өлді, олар өлеңді логикалық ойлаудың бояуы қанық, сәл-пәл сұйытылған, бірақ неғұрлым түсінуге қолайлы көрінісі деп біледі.
Ал егер образдың бойында адамның ойы жетпейтін нәрселер болса ше? Бәлкім образ деген саған берілген білімнің неғұрлым биік те маңызды сатысы шығар? Бұл — адамның ойы да бойламайтын, өмірдің біртұтастығы туралы білім. Сен одан ешқандай байланыс көре алмайсың, ал ақын бәрінің өзара байланысып жатқанын анық түсінеді.
Поэтикалық образ қайшылықтардан тұрады, бірақ сол қайшылықтар тұтаса келіп бір-біріне сәулесін түсіреді және барлық заттардың өзара байланысып жатқанын, өмірдің біртұтастығын көрсетеді. Образ көрсететін байланыс неғұрлым білінбей тұрса соғұрлым әсері мықтырақ болады. Образ шашырап жатқан нәрселерді біріктіріп, сол тұтастықтың қарапайымдығы мен ашықтығын көрсетеді. Өмірің сусыма құмға жұтылып бара жатыр еді, әлгі құм енді тастай берік топыраққа айналып кетті.
Заттардың өзара байланысы мен тұтастығына негізделген өлең жазуың керек делік. «Менің пайымдауымша, бұл осылай болады!» – деп саусағыңды шошайтасың. Немесе әлемдегі ең ауқымды екі қайшылықты біріктіріп, олардың туыстығын көрсеткің келеді. Ондайда сөздің керегі жоқ. Ештеңе айтпайсың – бәрі айтылып тұр.
Ақынның терең ішкі білімі – туыстық қатынастарды білу. Тастар да, ағаштар да, бос жатқан жерлер де, ұрық та – бәрі сенің туыстарың.
Образ ешқашан ақынның ойынан туған емес, ол оның лүпілдеген жүрегінен шығады.
Образды міндетті түрде жүрегіңнің сүзгісінен өткіз. Ол сенде қалып қоймауға тиіс.
Халық оны әсемдігі үшін емес, шындықты, ойды дәл жеткізгені үшін қабыл алады.
Суреткер образ жасағанда салыстырумен, шендестірумен шектеліп қалмайды, ненің де болса ішкі мәнін ашуға тырысады.
Кейде жақсырақ көру үшін көзіңді жұмуға тура келеді.
Соқырдың қолы, жұмулы көз, жабылған ауыз – өмір бойы іздегеніңді солар ғана көреді, сезеді, айтып береді.
Элюар (Поль Элюар, 1895-1952 жж.. өмір сүрген француз ақыны – ауд.) бір өлеңінде қайда қонарын білмей жүрген «желден де үлкен құстар» туралы айтады. «Бос сөз! – дер еді педант. – Желден де үлкен құс болмайды».
Дұрыс айтасың. Бірақ осы өлеңді он рет оқышы, сосын тағы да он рет оқы. Ертесіне ақынның сен туралы, адам мен табиғаттың дүлей күштерінің арасындағы күрес, табиғаттың құпиясын ашуға талпыныс жайында жаңаша әрі таң қаларлықтай табиғи түрде айтып бергенін ұғасың.
Желден де үлкен құстар… Сен де, сенің қанатың да кішкентай болса біздің ізіміз жер бетінен баяғыда өшіп кетер еді.
Құстар туралы ғажайып образды айту арқылы ол сенің рухыңды шыңдады. Тағдырыңды нұсқап, бұл өмірге не үшін келгеніңді көрсетті. Бұл образда сенің ар-намысың бейнеленген.
Ақ жол тілеймін саған, өлең, сенің бұлыңғырлығың айқын, ал айқындығың жұмбақ. Қозғалысың білінбейді сенің. Сен тірісің.
Әлгі өлеңде қазіргі адамның жалғыздығы туралы, санамыздың ыдырап бара жатқаны, дағдарыста тұрғанымыз айтылады.
Ту сыртымнан көзім менің жұмылды,
Жарық түгел жанып кетті, түннің басы шабылды.
Желден де үлкен құстар ұшып барады,
Білмейді олар қайда барып қонарын.
Қиналғанда әжімделіп бет-ауызым күлкіден,
Іздемеспін жаны жақын пендені.
Өмір солғын, көз алдым да бұлыңғыр.
Тәрк еткендер бәрін бірдей, соңғы сөзін айтыпты,
Жолықпайды енді олар ешқашан, танымайды бір-бірін.
Мен жалғызбын, мүлдем жалғыз, мен ғана,
Өзгермеппін сонда-дағы ешқашан.
Алғаш оқығанда таң қаласың, өлеңді сол күйі сіміріп алғың келеді, бірақ суреткердің ойларының кейбір элементтерін ғана қабылдайсың.
Ту сыртымнан көзім менің жұмылды,
Жарық түгел жанып кетті, түннің басы шабылды.
Желден де үлкен құстар ұшып барады,
Білмейді олар қайда барып қонарын.
Мен жалғызбын, мүлдем жалғыз, мен ғана,
Өзгермеппін сонда-дағы ешқашан.
Осы жолдарда да, басқаларында да образдың бойына сыймайтын ештеңе жоқ және әу бастан солай. Тұтас алғанда бұл өлеңді осы образдың тақырыбына арналған жұмсақ та мейлінше шыншыл әрі ашық музыкалық әуендердің тұтас қатары деуге болады. Немесе, дұрысы да сол, өлеңнің өзі образдан шашырай тараған, тыныштықта жарқырай көрініп тұрған ұшқындардың сәулесімен нұрланған.
Өлеңнің өзін ұмытып қалсаң да желден үлкен, жолдан адасып, қайда қонарын білмей жүрген құстарды ешқашан ұмытпайсың. Бұл образда сенің өзің және тұманды күмән-күдігің ашып көрсетілген…
Өмірден қаншалықты қашықтап кетсе де шын ақынның бойындағы халықтың рухы ешқашан сарқылмайды. Өмірдің өзі қарапайымдықтан бастау алады.
Марсель Прусттың (1871-1922 жж.. өмір сүрген француз жазушысы – ауд.) стиль метафора арқылы мәңгі өмір сүреді деген пікірінің мәнін ақыры сен де түсіне бастадың.
Образ – әрқашан, тіптен тілдің өзі пайда болмай тұрғанда болған және кез-келген тілден де ұзақ өмір сүретін болмыстың алдында басын иетін талқандалған сөзден тұратын бірден-бір тілдік құрылым.
Тек образ ғана ешқашан алдаған емес.
Элизабет Браунингтің (Элизабет Баррет Браунинг, 1806-1861 жж.. өмір сүрген ағылшын ақыны, Роберт Браунингтің әйелі – ауд.) айтуынша, ақын неғұрлым мәнді нәрселерді ғана айтады. Ол қателескен. Әдемі айтылған әрі ұлылықпен ұштасып жатқан пікір, бірақ ондай анықтама тым тайыз болатынын ескермепті.
Егер ақын мәнді нәрселерді ғана айтуға ұмтылса ешқашан тереңіне бойламас еді. Олай болса оған ерекше қабілетті болудың қажеті жоқ. Оның міндеті мәнді нәрселерді бейнелеу ғана емес, одан да биік, ол оның нақты мазмұнын бейнелеуге тиіс, осыны ұмытпа. Сипаттау мен анықтама беру аздық етеді. Ол өз туындысына өмір сыйлайды, бұл жаңа болмыс бұрынғылардан мұра боп қалған айналадағы ортаны да, алдағы болмысты да әрдайым өзгертіп отырады.
Өлең қандай да бір болмысты дүниеге әкелсе ғана оны туғызуға кеткен уақыт бекер жұмсалмағаны.
Мәселе формада емес. Барлық заттар да, олардың формалары да өтпелі. Мәселе сезімнің шынайылығы мен ойдың айқындығында да емес. Ең терең сезімдер де иіс секілді сейіліп кетеді, ой атаулының бәрі таскерең. Мәселе бірігуде, тұтастықта.
Тіршіліктің жаралуының құпиясын ашып берген өлең ғана болмысты бейнелей алады.
Шынайы болмысты аңыздардан табасың. Аңыздардың бастапқы формасы — образ, жаңа өмірді дүниеге әкелген сөздің өзі сол тамшының тұңғиығына сіңіп жоғалады. Енді сол өмір дүниеге енеді. Жаңа өмір үшін дүние – ғажайып әлем.
Аңыздың бәрі көрнекілікке негізделген. Олар образ түрінде өмірге келген және қайтадан образ формасына көшуге ұмтылады. Аңыз шағын аумақта пайда болады. Ол үйіне қайтып бара жатыр.
Желден де үлкен құстар қайда қонарын білмей жүр – бұл қазіргі адам туралы ең қысқа аңыз.
Мәселе образдың көптігінде емес, сен қолданып отырған образдың аңызда бар-жоғында.
Өзің зерттеп отырған нәрсені сипаттау – оны қайталау, оған сүрініп кету. Салыстыру деген де сипаттаудың бір түрі, уақытты бекерге кетіру. Әлде сенің міндетің айналаңдағы нәрселердің тізімін жасау ма?
Поның (Эдгар Аллан По, Америка жазушысы, ақын, теоретик, 1809-1849 жж.. өмір сүрген – ауд.) «әлдебір таңғажайып жолмен тепе-теңдік бұзылмайынша мінсіз сұлулыққа қол жеткізе алмайсың» деген қағидасын Бодлер (Шарль Бодлер, 1821-1867 жж.. өмір сүрген француз ақыны – ауд.) қысқа да нұсқа түрде «сұлулық әрқашан таңғажайып» деп өзгертті. Бұл жерде сұлулықтың бойында әрқашан беймәлім, бейтаныс жәйттер болатынын, заттардың құпия сыры ашылатынын айтып тұр. Жаңалықтар ашылмаса болмыстың өзі де болмас еді.
Бірақ құпия деген сенің түсіндіруіңмен емес, образ арқылы ашылады.
Өнер атаулының анасы – адамның жады дейді, дұрыс айтылған. Бірақ жаңаша өмір сүріп, жаңадан сезіну үшін кеше, бір сағат бұрын өзіңнің қандай болғаныңды ұмытуың керек, бұл – өнер атаулының әкесі. Былай тұр! Ақиқатты көлегейлей берме.
Ақиқатты көруімізге өзіміз туралы ойлап шығарған ертегілерге сөзсіз сенуіміз кедергі келтіріп жүр. Өзінің кім екенін ұмытып, өмірге қайта келген адам ғана көре алады.
Әрі образға, әрі болмысқа айналған әлемде тек сол ғана жалғыз өзі өмір сүреді.
1948 ж.