КҮРЕС ЖӘНЕ ХАЛЫҚ МЕЙРАМЫ

                Жоржи Амаду

 

       – Жазумен шұғылданғаныңызға қырық бес жыл болды, жиырма роман жаздыңыз. Кім үшін, не үшін жазасыз?

– Менің өмірім мен шығармашылығым халықтың өмірімен тығыз байланысты. Мен халықтан үйрендім және бүкіл шығармашылығымды түгелімен соған арнадым. 1931 жылы жарық көрген «Карнавал елдері» атты романнан бастап «Соғысудан жалыққан Тереза Батистаға» дейінгі жазғанымның бәрі Бразилия халықтарының, атап айтқанда, Байя халқының арасында өмірге келіп, сонда дамып-өркендеді.

Байя – сиқырлы өлке, Бразилия сол жерден басталады, какаоның әлемдегі ең ауқымды алқабы сонда орналасқан. Мен жас кезімнен жаза бастадым, балалық шағым тым еркін өтті, сол жерде туып-өстім, жазғанымның бәрі сол өңірден тамыр тартып жатыр.

– Әлемнің отыз жеті тіліне аударылған «Байя жазушысы», өзіңіздің әмбебаптығыңызды қалай түсіндірер едіңіз?

– Өз елі мен өз уақытының жазушысы болып, халқының шындығы туралы толғанған адам ғана әмбебап қаламгер бола алады. Әлемнің әр түкпірінде тұратын адамдар Байя халқын танып-білуге қызығушылық танытты. Егер мен, айталық, формашыл-жазушы болсам, олар бүйтіп қызықпас еді. Европада ондаймен айналысатын жазушылар менсіз-ақ толып жатыр.

– Халықаралық деңгейде танылуыңыз өміріңізге қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

– Ешқандай. Мен тек жазған кезде ғана жазушымын, одан басқа ешкім емеспін. Сосын қарапайым өмір сүріп жатқан, өмірді сүйетін кәдуілгі адаммын. Менің достарым көп – барлық жерде бар. 1948 жылдан бастап 1950-інші жылдың соңына дейін Парижде тұрдым, сол кездегі достарым әлі де қасымда. Осыдан жиырма жыл бұрын тамақтанатын мейрамхананың қожайыны үшін мен – жай ғана «кітап жазатын бразилиялық мырзамын». Базарда немесе көшеде кездесіп қалатын Байя халқының өкілдері үшін кәдімгі Жоржимін. Әрине, мені көп адам оқиды, кітаптарым жүздеген мың таралыммен шығып жатыр, бұл рас; мәселе мынада – халық менің кітаптарымнан өзін көреді. Соған қарамастан, жай ғана «Жоржимін».

       – Қаламыңыздан шыққан туындылардың бәрін жинақтай келіп, тағы бір рет көз жіберіңізші, солардың бәрінде «халықтың шындығымен» байланысып тұрған не нәрсе?

– Өз халқымның мінезі жайында жазғанымның бәрі де сол. Біз – қан араласуынан пайда болған халықпыз, ақ нәсілділердің – негізінен, португалдардың, үндістердің және негрлердің қаны араласуынан біз дүниеге келдік. Негрлерден қайрат-қажыр, өмірсүйгіштік пен төзімділік бойымызға сіңген. Кейбір елдердің, мәселен, Мексиканың тұрғындарымен салыстырғанда бізде үндіс қаны аз, сондықтан Бразилия халқы торығуға салынуды білмейді; сосын бізді отарлаған – өлімді көп ойлайтын, сондықтан өміртанымы қасіретке бейім испандар емес, португалдар ғой.

Осындай будандасу, әртүрлі нәсілдер мен қан араласуы – нәсілдік мәселені шешудің таңғажайып үлгісі, кейбір елдерде, мысалы АҚШ-та бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Менің ойымша, Бразилия будандасу арқылы гуманизмді дамытудың әлемдік үрдісіне орасан зор үлес қосты, бұл оның елден ерек таланты мен өмірлік қуатының қайнар көзі. Менің кітаптарым осы бұлақтан бастау алады.

       – Бразилияда билік құрып тұрған әскери режимнің осыдан 12 жыл бұрын орнатқан (Кастелу Бранкудың үкіметі 1964 жылы бірқатар антидемократиялық шаралар қабылдап, соның салдарынан Бразилияда әскери диктатура орнатылды – аудармашы) идеологиялық бақылауы мен қуатты насихат жұмыстарын жүргізуі ел мәдениетін табиғилықтан айыру қатерін төндірмей ме?

– Мәдениетті табиғилықтан айыру, мәдени дамудың жатжұрттық формаларын таңу әрекеттері өзіміз ұлт ретінде қалыптаса бастаған кезден бері жүріп жатыр, бірақ біз ештеңеге қарамастан ұлттық мәдениетімізді өркендетуді жалғастырып келеміз. Ондай қатер бар және аса ауқымды, бірақ мен халқымыздың рухани қайсарлығына сенемін; Бразилия зиялы қауымының қайсарлығы таң қаларлық, тіптен белгілі бір деңгейде қаһармандықпен ұштасып жатыр.

Мәселен, Шико Буарки ди Оланданы (1944 жылы туған бразилиялық музыкант) алайық, танымал композитор, цензура оған қарсы бітіспес күрес ашты, өйткені оның әндерінен халықтың үні есіп тұрады. Менің пайымдауымша, жеке басының ар-намысын қорғау, күрестен тайсалмау, не істеу керектігін анық түсіну тұрғысынан Шико көптеген елдердің зиялы қауымының өкілдері үшін үлгі бола алады. Ол ешқашан торығуға бой алдырмайды, «жағдай қиындаған сайын жақсара түседі» деген өтірікті ешқашан айтпайды; «амалымыз қалмады» деген шарасыздыққа ешқашан ұрынбайды. Бес ән жазса цензура соның бесеуіне де тыйым салады, енді ол алтыншысын, жетіншісін жазады – әйтеуір біреуі жарыққа шығады, цензура қапы қалып, әлгі әнді бүкіл халық айтып жүргенін бір-ақ біледі.

– Менің түсінгенім бойынша, цензура эстрадалық әндерге, теледидар мен радиоға қатал қарайды, бірақ әдебиетке олай емес сияқты. Сонда қалай, әдебиет әлсіз болғаны ма?

– Әдебиет әлсіз емес. Егер тарихи-әдеби үрдісті тұтас қарастырсақ, біз оның аса қуатты қару екеніне көз жеткіземіз. Теледидар мен радио хабарлары – өтпелі дүние. Танымал әндердің ғұмыры ұзағырақ болады. Ал жақсы әдебиет – ғасырлар бойы ұмытылмайды. Бір мың алты жүз бірдеңесінші жылдары жазған Грегорио Матосты (отарлық кезеңдегі бразилиялық сатирик-ақын, 1633-1696 жж.. – аудармашы) алайық – оның өлеңдері әлі де маңызды, ал өзі әлі де наразылықтың ақыны, оның поэзиясы адамдарға бүгін де сұрапыл әсер етеді. Мәселе мынада, тікелей әсер ету тұрғысынан теледидардың мүмкіндігі көп. Жақсы бағдарламаларды 15 миллионннан бастап 20 миллионға дейін адам көреді. Ал кітап, мысалы Калладоның кітабы әр жолы 10 мың данадан үш рет басылып шықты. Әр кітапты бес адам оқыса 150 мың адамнан тұратын оқырмандар аудиториясы пайда болады. 20 миллион телекөрермендермен салыстырғанда бұл түк емес. Сондықтан да цензура бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарын нысанаға алады, ал әдебиет өз мақсатына араға біраз уақыт салып барып жетеді.

– Сізге неге ешқашан цензуралық шектеу қойылмаған?

– Ыңғайсыздау болса да айтайын, цензура кейбір адамдарға тиісе алмайды, өйткені менің атым Бразилияда кең танымал. Сұрағыңызға сұрақпен жауап берейін: Бразилияның (Бразилияның астанасы) жоспарын неліктен әлі де Оскар Нимейер жасап жүр? Өйткені ол әлемдегі ең ұлы сәулетші. Мен, әрине, ұлы жазушы емеспін, Байядан шыққан кішкентай ғана қаламгермін, бірақ халқым мені жақсы көреді, шет елдерде танымалмын, жанжал шығып кетеді деп қауіптенетін болар.

Екінші жағынан, 1971 жылы Бразилияда алдын-ала цензура дегенді енгізбек болғанда өзімнің жақын досым, кейін марқұм болған Эрико Вериссимо (1905-1975 жж.. өмір сүрген бразилиялық жазушы – аудармашы) екеуміз ондай цензура енгізілетін болса кітаптарымызды Бразилияда жариялаудан бас тартамыз деп мәлімдеме жасадық. Біздің мәлімдемемізге Бразилиядағы барлық жазушылар мен суретшілер қосылды, сөйтіп алдын-ала цензура енгізілмей қалды…

– Цензураның қысымына қарамастан, Бразилия әдебиетінде назар аударуға тұрарлық қандай жаңалықтар өмірге келді деп есептейсіз?

– Бұл – Бразилия халқының ең үздік салт-дәстүрімен тығыз байланысып жатқан байыпты әдебиет, басқаша айтқанда, Бразилияның ұлттық тақырыптары мен адамдарын зерттейтін ғылым. Қазір роман саласындағы алуан түрлі тәжірибе жасау үрдіске айналған, мен оны пайдалы деп есептеймін: шығармашылығын жаңғыртуға, жаңа формалар іздеуге әркімнің  де хақы бар.

Атап шығайын ба? Ең алдымен Эрико Вериссимоның, Карлос Друммонд де Андраденің, Виниссиус да Мораэнстің, Аденис Фильенің есімдері ойға оралады. Жастардың арасынан Кампос де Карвальо, Жоан Убальдо Рибейро секілді тамаша романистерді атар едім. Грасилиано Рамос пен Жозе Линс де Рега тәрізді Латын Америкасының классиктері мен өзімнің досым, тілге жаңалық енгізудің аса көрнекті өкілі Гимараэнс Роза туралы айтып та тұрған жоқпын.

– Сізді, Жоржи Амадуды «белгілі бір топтың мүддесін көздейтін жазушы» дейді. Ескі де жаңа мәңгілік тақырып: біреулер «топ мүддесін көздемесе» жақсы әдебиет шықпайды деп есептейді, екіншілері «топ мүддесін көздеу» әдебиеттің түбіне жетеді деп пайымдайды, үшіншілері әдеби шығармашылықпен айналысу дегеннің өзі әу бастан саясаттан бас тарту дегенді білдіреді деп соғады. Сіздің пікіріңіз қандай?

– Менің ойымша, шығармашылығында саясаттан толық тысқары қалған бірде-бір жазушы жоқ – қаншама қашқақтасаң да саясатты айналып өте алмайсың… Өз басым адам ретінде, азамат ретінде осынау буржуазиялық қоғамды қорғаштаған автордың романын көркем туынды ретінде мадақтайтын сөздер табыла қоймас деп ойлаймын.

…Меніңше, «топ мүддесін көздеуден» әдебиет өспейді де, өшпейді де. Әдебиетті көкке көтеретін де, құзға құлататын да жазушының таланты ғана.

Хорхе Луис Борхестің шығармашылығын алыңыз. Саяси тұрғыда одан бойыңды аулақ салуға болады, саяси сенімім бойынша мен оған мүлдем ұқсамаймын, бірақ оның аса көрнекті жазушы екенін қалай жоққа шығарасың? Сол үшін оны қаралаудан қандай пайда бар, жалпы, «топ мүддесін көздегені» үшін жазушыға күйе жағудың керегі жоқ. Толыққанды әдебиет ондай қаралауға қарамастан-ақ өмір сүріп, толыға береді.

Өз басым «топ мүддесін көздеу» арқылы әдебиет жақсара түседі деп есептемеймін, дегенмен жақсы жазушының халықты жақтап, халықтың дұшпандарына, қанаушыларға қарсы шығуына септігін тигізеді деп пайымдаймын.

       – Енді соңғы сұрақ. «Сиқырлы жер» туралы жазғаныңызға қарамастан, сіз реалист жазушысыз. Әдебиеттегі реализм туралы ұстанымыңыз қандай?

– Реализм ешкімге шектеу қоймайды, ал реализмді шектемек болған адам сол арқылы оны жалғандыққа итермелейді… Реализм – күн нұрына бөленіп тұрған, сонымен бір мезгілде қара түнекке шым батып бара жатқан, әрі қарапайым, әрі таңғажайып болмысты көркемдікпен бейнелеу.

– Өлім туралы ойланасыз ба – мен әдеби өлімді айтып тұрмын? Шығармаларыңызды жүз жылдан кейін де оқиды деп есептейсіз бе? – Ол жайында ойлап көрмеппін. Мен тек қолымнан келгенінше еңбек етіп, әдебиетті дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Кейбір жазушыларды көзі тірісінде оқып, өлген соң оқымайды, кейбіреулерді – керісінше. Әдебиетте кімнің тағдыры қандай боларын кім біліпті?

Бір ғана нәрсені айта аламын: жазушының қаны кітаптарында ағып тұрса, онда шынайы өмір бейнеленіп, автордың жүрек соғысы байқалатын болса, шығармаларында халықтық мереке де, күрес те көрсетілсе, ондай кітаптардан әйтеуір бірдеңе қалады.

                                                                                                                             1976 жыл.

Сұхбатты аударған Нұрлан ҚАМИ

 




ПІКІР ЖАЗУ