ХХІ ғасырда адамзаттың ортақ игілігіне айналған ең үлкен жетістіктердің бірі – интернет екенін бәріміз де мойындаймыз. Әлемдегі барлық тілдерде жазылған кітаптар мен түсірілген фильмдер, осы уақытқа дейін жинақталған мәдени мұра атаулы түгелімен сонда. Интернетке кір-дағы қалаған дүниеңді тауып алып пайдалана бер. Оқырман мен көрермен иен-тегін байлыққа кенеліп-ақ қалды.
Оқырманмен қатар жазарман қауым да шексіз мүмкіндікке ие болды, алдынан бұрын-соңды өңі түгіл түсіне кірмеген шалқар кеңістік ашылды – бұдан былай жазғаныңды газет-журналға бастырамын, кітап қылып шығарамын деп әуреленбесең де болады, үйде отырып-ақ қалағаныңды жазып, білгеніңді айта бер. Әрине, Жұмекен айтқандай, «неше түрлі қырсық пен қырсаудың» да жолы ашылды, бірақ көзі қарақты оқырман шөп пен шөңгені өзі-ақ ажыратып алары сөзсіз.
Интернеттегі Ютуб арнасынан Айбек А. деген автордың «Тарихтың көзімен» («Глазами истории») деп аталатын арнасында жарық көрген мақалаларды алғаш оқығанда таңырқап қалдық. Автор халқымыздың өткені мен бүгініне қатысты ресми тарихи еңбектерде айтыла бермейтін біраз жәйттердің бетін ашыпты. Редакция ұжымы сол материалдармен оқырманды да таныстырмақ болып, орыс тіліндегі түпнұсқаның сәл-пәл ықшамдап аударылған нұсқаларын жариялауды қолға алып отыр. Бұл мақалаларда келтірілген деректердің анық-қанығын маман тарихшылар мен кәсіпқой филологтар анықтай жатар (керек деп тапса, әрине), біздің міндетіміз – оқырманға ой тастау, тарихқа тың көзқараспен таныстыру. Ескерте кетерлік бір жәйт – автордың мамандығы тарихшы емес, өзінің айтуынша, қарапайым инженер. Бірақ адамзаттың жүріп өткен өмір жолын шыншылдықпен суреттеп, әділдіктен айнымай, болған жәйтті бұрмаламай көрсетуге тиісті, сондықтан атының өзі бас әріппен жазылатын Тарих ғылымы ешкімнің де жеке меншігі еместігін, оны зерттеуге, сол еңбегінің қорытындысы ретінде пікір айтып, тұжырым жасауға әркім де хақылы екенін ұмытпауды өтінеміз.
Тахир әл-Марвази
Түркілерден ойсырай жеңілген «орыстардың» біржола сағы сынды. Ауқымды жерлерінен айырылған рустар 982 жылдан кейін өздерінің бұрынғы қожайыны – Хазар Қағанатынан көргенін жасап, өздерін «қаған» деп атауға енді қайтып батылдық ете алмады. Князь Владимирдің рустарды мұсылман дініне өткізуді өтініп «Хорезмге» Бұлғар арқылы «орыс» елшілігін жібергеннен басқа амалы қалмады.
Тарих – идеологиялық ғылым, биліктегі аристократия оны қол астындағы халқының санасын жаулап алып, өздерінің қасына топтастыру үшін пайдаланады, сөйтіп өз билігін және өздеріне қызмет ететін дінбасылардың үстемдігін нығайта түседі. Ал егер тарих беттерінде өздері үшін қолайсыз жәйттер болса ше? Бір ізге түсірілген білім беру жүйесі мен әбден пысықталып-шыңдалған идеологияға қайшы келетін тарихи фактіні қарамағындағыларға қалай түсіндіреді? Ресей, әсіресе Кеңес Одағы «орыс» тарихын жазған кезде бұл жайында ештеңе айтпай, ұмыттырып жіберуге тырысты, кейде тіпті жылнаманың өзін де өзгертіп жіберетін.
КСРО-ның академиялық ғылымы амалсыздан келісуге мәжбүр болған алғашқы факт – «рустардың» скандинавиялық тайпа болғаны. Дәлірек айтсақ, олар шведтер еді. Бірақ Ресей мен кеңестік ғылым князь Владимир мен оның рустары ислам дінін қабылдағанын мойындамай қойды. Оның қалай болғанын 2-ші суреттен көруге болады. 8-ші — 10-шы ғасырларда бүкіл Евразия құрылығында Түркі мемлекеттері дәуірлеп тұрған. Европада гұндардың ұрпақтары — бұлғарлар,
аварлар, хазарлар билік жүргізсе, алыс шығыста жатқан «Қытайды» түркі династиясы Табғаштар биледі, кейіннен Таң әулетін түркі әміршісі Ань Лушань (Раушан хан) құлатты, оңтүстікте бүкіл ислам әлемі 8-ші ғасырдан бастап түркілердің әскери аристократиясының бақылауына өтті. Египеттегі Тулунидтар, Аббасидтар мен Саманидтар түркілердің әскеріне бағынышты болатын, ал Оғыз Қағанаты мен Бұлғарлар жақында ғана мұсылмандықты қабылдаған.
Еділ бойы мен Европада ислам дінін қабылдамаған жалғыз-ақ түркілер – хазарлар қалды. Көп ұзамай олардың арасында кескілескен шайқас басталып, мұсылман түркілердің біріккен күші Хазар Қағанатының тас-талқанын шығарды. Скандинавиядан шығып, өзенді бойлап түсіп келе жатқан, өздерін «рус» (ескекші) деп атайтын шведтердің жалдамалы әскері хазарлардың әлсірегенін пайдаланып, славян тайпаларын басып алды. Рус-шведтер славяндарды аяусыз қырып-жойып, өлтіріп, тірілей өртеген, бұл жайында кейіннен жазылған Ольганың (Хельга), Олегтің (Хельг), Игорьдің (Ингемор) жорықтары туралы жылнамаларда ашық айтылады. Славяндардың көтерілісін басып-жаншыған рус-шведтер Хазар Қағанатының «қанға бөгіп жатқанын» көріп, түркіаралық соғысқа килікпек болады.
Хазар Қағанатын қиратқан аққұба өңді сүйкімді жігіт Святославтың суретін интернеттің шалқар кеңістігінен талай адам көрген шығар. Тарихи кезеңнің жалпы көрінісінен кесіп алып, оқшауландырылған сәт дегеніміз осы. Іс жүзінде Святослав (швед Свендослав) мұсылман түркілерінің жалдамалы жендеті болатын. Хазар Қағанатын құлатқаннан кейін Түркі мұсылмандары империяларының бірлестігі арқасын кеңге салып, жайбарақат жатқан, олар шведтердің қарақшы рустарын көңіл аударуға тұрмайды деп есептеді… Бірақ рус-шведтер түркі-хазарлардың мұсылман түркілерден күйрей жеңіліп, босып кеткенін, бұрынғы алынбас кедергінің жойылғанын пайдаланып, Хазар Қағанатына тиесілі аумақта өз ықпалын жүргізе бастады. Бұл әрекеттің ақыры мақаланың басында айтылған оқиғаға апарып бір-ақ тіреді. Түркілердің әскери аристократиясының (Саманидтар, Аббасидтар, Ғазнауилар) өкілі Алып-Тегін рустардың озбырлығы шектен шығып, мұсылмандардың Каспий теңізінің жағасындағы порт-қалаларына шабуыл жасауға дәті барғанына төзе алмай, келімсектерді сабасына түсіруді қолға алады. Бұл шайқас ұзаққа созылмайды, Бұлғария мен Оғыздар рустарды күйрете жеңіп, біржола басып тастайды.
Орыстардың насихат құралдары одан әрі не болғанын айтудан жалтарады – князь Владимир уысынан шығып бара жатқан жерлерден айырылғысы келмей, «Хорезмнің» мұсылман түркілеріне (Ғазнауилар, Аббасидтар, Саманидтар) бас ұрып, рустарды ислам дініне өткізуді өтінеді (бірінші суретте: рустардың ислам дінін қабылдағанын дәлелдейтін жәдігер – варягтардың дирхем ақшасы). Святославтың ұлы, орыс тарихында «Қызыл Күн» деген лақап аты қоса айтылатын Владимирдің бас сүйегінен печенег түркілері қымыз ішетін тостаған жасады. Корсунь қаласын басып алып, қала басқарушысының қызын әке-шешесінің көзінше зорлаған, содан кейін әлгі қыздың көз алдында ата-анасының басын шапқан тап осы Владимир болатын. Рогнеданы зорлап, содан кейін «оның әкесі Рогволод пен екі ағасын өлтірген». Түсінген шығарсыз, славян тайпаларының қыздарын зорлап, өздерін шоқындырған, соған қарамастан, түркі мұсылмандарына жалынып-жалбарынып, шведтердің Русін талқандамауды сұрайтын, соның өтеуі ретінде мұсылман дініне өтуге уәде берген Владимир деген сабазымыз осы.
«Олар Хорезмнің әміршісіне елші жібермек болып, патша нөкерлерінің арасынан төрт адамды аттандырды, олар өздерінің патшасын Владимир деп атайтын, түркілердің патшасы Қаған деп аталатыны сияқты […] Елшілер Хорезмге келіп, өздеріне жүктелген тапсырманы айтты. Хорезмшах олардың ислам дінін қабылдамақ болғанына қуанып, ислам заңдарын үйрететін адамдар жіберді. Сөйтіп олар ислам дініне өтті» – Әл Марвази.
Шараф әз-Заман Тахир әл-Марвази – ғалым дәрігер, энциклопедист, тарихшы, зоолог, Селжүк түркілері империясында өмір сүрген жазушы. Көбінесе рустардың ислам дінін қабылдағаны туралы жазған тарихшы ретінде еске алынады. Бірақ ғылымда «Табаи әл-хайуан» — «Хайуандардың табиғаты» деп аталатын трактат жазып қалдырған биолог ретінде көбірек танымал. Бұл еңбек бес бөлімнен тұрады:
Адамдардың табиғаты туралы.
Үй жануарлары мен жабайы төртаяқты жануарлар жайында.
Құрғақтағы және су құстары туралы.
Улы мақұлықтар туралы.
Теңіз жануарлары жайында.
Селжүк ғалымы дәрігер ретінде паразит құрттарды жікке бөліп, Европа ғылымынан көп бұрын өсімдіктер энциклопедиясын жасаумен айналысты… Кеңестік мектеп бағдарламасында ғылымның дамуындағы 1500 жылға созылып жатқан ақтаңдақтар бар екенін байқаған шығарсыз? Оқулықтарда Ежелгі Египет, Рим, Греция туралы айтылып келеді де кенеттен бір жарым мың жылды бір-ақ аттап, Европадағы ренессанс – қайта өрлеу дәуіріне өте шығады, адамзат тарихында олардан басқа ешкім болмағандай-ақ бірден Дарвин, Линней, Ломоносов, Менделеев, Коперник, Галилей тәрізді европалық ғалымдарға ауысып кетеді…
Бұның бәрі Ғазнауилар, Селжүктер, Хорезмшахтар, Тимуридтар, Хулагуидтар, Мәмүліктер билеген елдер мен басқа да түркі империяларынан шыққан ғалымдар туралы жақ ашпау үшін әдейі істелген. Сөйтіп ұмытшақтыққа салынған кеңестік европоцентристік жүйе ғылыми жетістік атаулының бәрін Европа халықтарынан шыққан ғалымдар ашқан дегенді КСРО халықтарының санасына сіңіруге тырысып бақты. Ньютонның басына алма құлап кетіп, ағылшын ғалымы соның әсерінен Жердің тартылыс күші туралы заңды ашты деген кеңестік мектептердегі аңызды ұмытпаған шығарсыз? Мәселе мынада, «жердің тартылыс күші» заңын Ньютоннан 500 жыл бұрын Түркілердің Селжүк империясынан шыққан ғалым Әл-Хазини ашқан болатын (суретті қараңыз). Ол – Европа және Ресей насихат құралдарына ыңғайсыздық тудыратын Түркі империясынан шыққан тағы бір ғалым.
Ресей мен Европа насихаты бұл жайында ештеңе айтпайды, егер айта қалса «түркі халықтарының жабайы варвар болғаны туралы аңыздың» күл-талқаны шығар еді.
Әлішер Науаи және «өзбек әдебиеті»
«Отырықшы диқандардың» бірі интернеттегі менің ролигімнің астына «Қысықкөз жабайылар мұнда ешқашан билік құрған жоқ. Бұл өзбектің жері… Қырғыздар, қарақытайлар, қырғыз-қайсақтар түркі халықтары емес» – деп жазыпты.
«Кішкентай кезімде бірдеңе бүлдіріп қойсам әке-шешем маған қазақ (қозақ) болып кеттің бе деп ұрсатын» – деп жазады Шавкат Халилов деген тағы біреуі. Интернетте ондай антиқазақтық жазбалар толып жүр. Өзбек интернетінде осыдан сәл бұрын Өзбекстанның танымал саясаткері Расул Көшербаевтың сұхбаты жарық көрді, онда ол жалпы халықтың құрметіне бөленген адам бола тұра абыроймен атқарып жүрген қызметінен амалсыздан кетуге мәжбүр болғанын өзбек тілінде түсіндіріп беріпті. Бар пәле оның қазақ болғандығында екен, өзбектердің ұлтшылдығы қозып кеткенге ұқсайды. Тұрмыстық ұлтшылдық барлық халықтарда бар, дегенмен егер сіз Өзбекстанда тұратын қазақ болсаңыз «қысықкөз қазақ» деген мазаққа жиі ұшырайсыз, басқа елдер жайына қалады. Бала кезімде неге мені Ташкенттің «орыстары» «чурка», «қаракөтен» деп атайды, ал өзбектерге барсам «топас қозақ» болып шығамын деп шешемнен сұрайтынмын. Бұл өмірде бәрінің, тіптен осындай ерсі қылықтардың да ғылыми негізі, тарихи алғышарттары бар.
Өзбекстанда тұрғандар ұмытпаған шығар, жергілікті этнографиялық топтың арасында айтылатын «қозақ» деген сөз орыстың «чукчасына» парапар болатын. Бұл ұғым отырықшы диқандардың санасына мықтап орнығып алған, жергілікті махаллада тұратын кез-келген әйел тентек болған баласын «қазақсың» деп жазғыратын. Олардың ойынша, «қазақ» деген – адамды масқаралайтын сөз. Бұл қалай, біз деген ағайындас түркі халықтары емеспіз бе, жек көру мен жиіркену халықтың қанына тұрмыстық деңгейде сіңіп кеткен бе?
Суретті қараңыз – қарлұқ тілді түркілердің отырықшылыққа бейімделген бөлігі орналасқан жерлер көк сиямен қоршалған. Ғылыми тілде оларға қатысты «сарттар» деген экзоэтноним қолданылатын. 1897 жылғы халық санағы бойынша сарттардың саны 968 мың адам, мәдени және рухани жағынан олар тәжіктерге жақын. Көріп тұрғанымыздай, қазақтардың саны ол кезде 4 миллионнан асып жығылады. Өзбектер небәрі 726 мың болыпты. Олар – Шәйбани әулетінің қарамағында болған, тілі мен мәдениеті бойынша қазақтарға жақын қыпшақ тілді түркілер.
КСРО құрыларда Мәскеудің көмегімен билікке келген Ташкент сарттары өздерін құлаққа жағымды әрі мақтан етуге тұрарлық есіммен «өзбек» деп атай бастады, қыпшақ тілді шәйбанилық өзбектерді өзімізге сіңіріп аламыз деп пайымдады. Бұл үшін әлгі өзбектердің санасына «ж» дыбысын жиі қолданатын өз тілінің жұтаңдығы туралы жалған пікірді сіңіріп, қарлұқтарға тән «й» дыбысына көшуді зорлап таңу керек. 1932-33 жылдары Сталин қазақтарды қырғынға ұшыратып, геноцид жүргізді. Бір кездегі ең ірі түркі халқы жойылып кетуге сәл-ақ қалды. 1936 жылы сарт-өзбектер Сталиннен Қарақалпақстанды өздеріне қосып беруді сұрады, «ұлы көсем» өзі қолдан жасаған ұлттың меселін қайтарған жоқ. Өзбекстанның қазіргі аумағы осылай түзілді. Адам болып жаралғалы өз алдына дербес ел болып, өздеріне тиесілі аумаққа алғаш рет иелік етіп отырғаны оларға аздық етіпті, енді екі бөлек нәсілді біріктіріп жіберетін қуатты идеология керек болды: сөйлегенде «ж» дыбысын жиі қолданатын қыпшақ тілді түркілер өз тілінен жиреніп, оның орнына «й» дыбысын пайдаланатын сарттардың тіліне көшуге тиіс. Қазақтардың топастығы туралы намысқа тиетін ұлтшылдық сарындағы әңгімелер («қозақ») осы мақсатта ойдан шығарылды, оған қоса орта ғасырлық әдебиет үлгілерін Қарлұқ-шігіл диалектісімен қайта жазып шығу арқылы қарлұқ диалектісін дәріптеу қолға алынды.
Бірақ Науаи, Бабыр, Хумаюн, Темірлан тәрізді қайраткерлер бейнеленген суреттерде (жоғарыдағы суретті қараңыз) олардың бәрі моңғол тектес болғаны ап-анық көрініп тұр. Басқаша айтқанда, олар – «қысықкөз қозақтар»!
Оның үстіне, орта ғасырлық өзбек әдебиетінің түпнұсқасы қарлұқ тілінен гөрі қыпшақ тіліне жақын. Әлішер Науаи өзінің жазбаларында қазіргі қазақтарға, қарақалпақтарға, шәйбанилықтарға тән «ж» дыбысын қолданған. Мемлекеттік тіл қарлұқ диалектісі (бұрынғы сарттардың тілі) болып тұрған қазіргі Өзбекстанда бұл туралы ешкім аузын ашпайды.
Өзбек КСР Ғылым академиясы 1975 жылы басып шығарған «Ж» дыбысын қолданатын (қыпшақтарға тән) диалектілерді өзбектің әдеби тілімен салыстыра зерттеу тәжірибесі» деп аталатын ғылыми лингвистикалық басылымды қараңыз.
…Өзбектің әдеби тілін қалыптастыру мен дамытуда қыпшақ диалекті аса зор міндет атқарды. Ежелгі өзбек әдеби тілін (шағатай тілі) зерттеп жүрген ғалымдардың бәрі дерлік онда ұйғыр және оғыз тілдерінің элементтері кездесетініне баса назар аударады. Ондағы қыпшақ тілінің элементтерін алғаш рет 1930 жылы Самойлович көрсетті. Ол қазіргі «й» дыбысының орнына сөздің басында «ж» дыбысы қолданылғанын нұсқаған.
…Қыпшақ тілінің элементтері өзбек әдеби тілінің қазіргі нұсқаларының да, ежелгі нұсқаларының да фонетикасы мен лексикасында және морфологиясы мен синтаксисінде өте жиі кездеседі. Оны өзбек әдебиетінің Лутфи, Әлішер Науаи, Мұхаммед Салих және басқалар тәрізді классиктерінің шығармаларынан анық көруге болады. (16 бет.)
…Мұхаммед Салихтың «Шәйбани-намасында» сөздің басындағы «й» дыбысының орнына қыпшақ тіліне тән элемент – «ж» дыбысы қолданылған.
Әлішер Науаидың шығармаларында қыпшақ тілінің элементтері одан да көп. (17 бет.)
Қарлұқ тілді сарттар тарихтан белгілі кезеңдердің бәрінде отырықшы диқан болған, олардың өмір салты тәжіктерге жақын. Ресей Ғылым академиясының «Нәсілдер мен халықтар» («Расы и народы») деп аталатын еңбегінің 12-ші бетінде былай деп жазылыпты:
«Ферғаналық сарт-өзбектер дәстүр бойынша тек өз арасында немесе тәжіктермен ғана некеге тұрады, өзбек-қыпшақтарды өздерінің арасына ешқашан қоспайды.
Қазақтар, өзбек-қыпшақтар, қарақалпақтар және қырғыздар ежелден келе жатқан көшпелі түркі халықтары. Темірланның империясын, Алтын Орданы, Қоқан, Бұқар және Хиуа хандықтарын солар құрған. Тәжіктермен араласып кеткен отырықшы сарттарда ешқашан саяси немесе әскери күш болған емес, аталмыш мемлекеттерде олар тілмаш болып қызмет еткен, қолөнерші болған және диқаншылықпен айналысқан».
Сарттардың бізді – қазақтарды, қарақалпақтарды және шәйбани өзбектерін жек көретін себебі осы. Сондықтан, күндердің күнінде отырықшы диқандар тарапынан «қысықкөз қозақ» дегенді естіп жатсаңыз таң қалмаңыз. Бала кезімде ондай мұқатуды күн сайын еститінмін.
Ал Әлішер Науаи 1441 жылы 9-шы ақпанда туып, 1501 жылы 3-ші қаңтарда дүние салған.
…Жоғарыда аталған шығармалар сол дәуірде қазіргі Орта Азия аумағын, Шығыс Түркістанды, Жетісу өңірін мекендеген барлық халықтарға ортақ. Демек олар өзбектердің, ұйғырлардың, қарақалпақтардың, қазақтардың, түрікпендердің ортақ игілігі. Науаидың тілі – ежелгі өзбек әдеби тілінің ұшар шыңы. 33-ші бет.
…Кейбір баспагерлер халықтың эпикалық шығармаларын баспаға дайындағанда олардың тілін заманауи әдеби тілге сәйкестікке келтіруге тырысқан. 70-ші бет.
Қысқасы, кеңестік кезеңде Науаидың шығармалары мен «ж» дыбысы қолданылатын ежелгі өзбек тілінде жазылған эпостарды сарттардың «й» дыбысы қолданылатын қарлұқ тіліне әдейі көшірген. Сөйтіп осы аударманы әдеби тіл деп ұсынған.
Сеунчи
«Генвардың 3-і күні [1615 жылғы] Бүкіл Ресейдің патша ағзамы әрі ұлы князь Михаил Федоровичқа Торопецтің түбінен әскербасы Ондрей Палицын жазған, гетман Корсак пен поляктарды және литвалықтарды қырып салдық, Ондрей осыны жазады, Ондрейдің өзі де сол кезде қару-жарағын асынып майдан даласында болған, осы шайқастан кейін Ондрей атаман Федор Патрекеев пен атаман Онох Марковты және әр түрлі станицалардан шыққан 11 адамды сеунчи сұрау үшін патшаға жіберді. Сеунчи ретінде патша атамандарға Үлкен олжадан он рубльден ақша беріп, Қазына есебінен әр аршыны бір рубль жиырма сегіз алтын тұратын мауытыдан төрт аршын, ал казактарға Үлкен олжадан әр адамға екі рубльден ақша беруге әмір етті» («Сеунчи кітабы» 1613–1619).
1615 жылы 3-ші қаңтарда Московияда елеулі оқиға болыпты, солай емес пе? Михаил Федоровичтың қолбасылары поляктар мен литвалықтарды қырып салған, «Сеунчи кітабы» деп аталатын құжатта осы оқиға туралы айтылады.
Сол да елеулі оқиға ма деп таңырқауыңыз мүмкін, құрметті оқырман. Московиттар поляктарды қырғынға ұшыратыпты, біздің – түркілердің онда не жұмысымыз бар?
Мәселе мынада: Московия мемлекетінде соғысқа байланысты қуанышты хабарды «сеунчи» деп атапты. «Сеунчи кітабы» осындай хабарлардан, баяндаулардан құралған. Ондай қызықты да маңызды мемлекеттік құжаттама жасауды московиттарға кім үйретті?
«Сеунчи» – түркі сөзі. Сүйінші – қуанышты хабар, сондай хабарды жеткізген адамға берілетін сыйлық. Бұл сөздің түркі тілдеріндегі мағынасы сондай.
Ресей (Московия) мемлекеті енді-енді пайда бола бастаған кезде Ордадан қашқан түркі халықтарынан шыққан аристократтар «орыстардың» мемлекет құруына көмектесті. Тіптен қуанышты хабарларды тіркеу де Московияға Ордадан әкелінген.
Осылай, шағын-шағын деректерден тұтас картина түзіледі, сөйтіп кімнің кімге мемлекет құрып бергенін көруге болады.
Сайын Болат
«Мәскеуге патша қылып Симеон Бекбулатовичты отырғызды, басына патшаның тәжін кигізді, өзін Иван Московский деп атап, қаланың сыртындағы Петровкада тұрды; өзінің бүкіл атақ-дәрежесін Симеонға беріп, өзі қарапайым боярин тәрізді арбамен жүрді»…
1575 жылы Московия патшасы Иван Грозный патша тағынан ресми бас тартып, өзінің орнына Ресейдің аумағында орналасқан шағындау Қасым хандығының әміршісі, Шыңғыс әулетінен шыққан Сайын Болатты отырғызды. Ресей тарихының жағымсыз парақтарын ақтарсақ, 16-шы ғасырдың екінші жартысында «орыс» мемлекетінің басына түркі ханының келгені ең бір «түсініксіз» жәйт болар еді. Оқырман таң қалуы мүмкін. «Бұл қалай? – деп сұрайды ол. – Иван Грозный деген орыс тарихнамасындағы ең жарқын әрі дара тұлға емес пе? Қазанды да, Астраханды да сол басып алған!»
Іс жүзінде Московия тарихын Ресей идеологтары біржақты көрсетіп келеді. Өздеріне тиімді болса – айтады, тиімсіз немесе ұятты жәйттер туралы үндемей қоя салады. Ресей идеологтары сонау Карамзин дәуірінен бері Сайын Болатты не істерін білмей дал болып жүр…
Московияда төменгі тапқа жататын адамдарды кішірейтіп көрсету мақсатында оларға немесе олар өздерінен жоғары тұрғандарға сөйлеген кезде толық есімін емес, соның жарым-жартысын ғана айтатын. Шыңғысханның ұрпағы, «Бүкіл Ресейдің ұлы князі Сайын Болат – Симеон Бекбулатовичтың алдында Иван Грозный өзін «Ивашка» деп кішірейте атап, маңдайын жерге тигізіп, тізерлеп жорғалап, тақтан бас тартады – осы әрекетін ақтап алу үшін Ресей тарихшылары оны «саяси маскарад» деп атаған.
Шынтуайттап келгенде мұны оп-оңай түсіндіруге болады. Бұл үшін Ресей идеологтары еске алғысы келмейтін қарапайым фактіні келтірейік — Московия ол кезде тәуелсіз мемлекет емес, іс жүзінде Түркі империясының бір ұлысы болатын және Қырым хандығына алым-салық төлеп тұрған.
1561 жылы Константинополь қаласындағы Жоғарғы дінбасы Мәскеуге жалған грамота жолдап, Иван Васильевичті Византия императорларының тікелей ұрпағы деп жариялады. Іс жүзінде бұл Мәскеу шіркеуі қолдан жасаған жалған құжат немесе батыс ғылымы жорамалдағандай, оны Бүкіләлемдік қасиетті соборға білдірмей Константинопольде әлдебір алаяқтардан сатып алған. Бір нәрсені ескерте кетейік, Константинопольдегі православие шіркеуінің гректері ол кезде жүз жылдан астам уақыттан бері Осман империясының бақылауында болатын. Қазір бұл жайсыз қалжың сияқты көрінуі мүмкін, бірақ орта ғасырларда Иванның ежелгі Византия кесарьларына тиесілі атақты иемденбек болғаны Қырым ханы Дәулеткерейдің шамына тигенге ұқсайды. Ол Московияны өзіне бағынышты ұлыс, ал Иванды вассалым деп санайтын. Түптеп келгенде бұл Қырым ханының 1571 жылы сепаратистердің астанасы Мәскеу қаласын өртеп жіберуіне әкеп соқтырды. Ондайда московиттер князі не істейтін еді – Иван Грозный да соны істеп, Ярославль қаласына қашып тығылды. Ол жақтан түк болмағандай мүләйімсіп өзінің қожайыны Дәулеткерейге шабарман жіберіп «Ұлы ханның денсаулығы қалай?» – деп сұрапты.
Хан сепаратистке былай жауап берген: «Басыңды тәжіңмен бірге қағып алайын деп сені барлық жерден: Серпуховтан да, Мәскеудің өзінен де іздедім. Бірақ сен Серпуховтан да, Мәскеуден де қашып кеттің – енді келіп өзіңнің ұлылығыңды айтып мақтанасың ба? Еркектік намыстан да, ұяттан да жұрдай екенсің… Қазан мен Астрахань үшін ғана Мәскеу ұлысын өртеп жіберемін. Менің талаптарымды орындамай, өзің үшін, балаларың үшін, немерелерің үшін ант етіп, грамота тапсырмасаң тағы да іздеп барамын…»
Қырымның федералдық әскері бұл жолы Московияға сепаратист «Иван тик-ток Грозныйды» бағынғысы келмей, лауазымдық қызметін асыра пайдаланғаны үшін жазалауға келген болатын.
Иван Грозный жағдайының қиындап кеткенін түсініп, Қырым ханына қарсы түруға шамасы жетпейтін болғандықтан 1575 жылы Шыңғысханның ұрпағы Сайын Болатқа ант ету хатын жазып, өзін ақылсыз Ивашка деп атайды, тақтан бас тартып, Московияның патшасы Сайын Болат болуын сұрап жалбарынады.
Қасым хандығының билеушісі, Шыңғысханның тікелей ұрпағы Сайын Болатқа Осман империясы да, Қырым хандығы да қарсылық білдірмейді. Сөйтіп Мәскеу ұлысының әкімі Иван Василичтің «тентектігі» кешірілді. Ал Иван Грозный іс жүзінде айықпас ауруға шалдыққан болатын. Төртінші Иванды 1584 жылы түркі тұқымдас Борис Годунов өлтірді, патша тағына Иван Грозныйдың ақылы кем баласын отырғызып, шындығында мемлекетті басқару ісін өз қолына алды.
Суретте – Иван Грозныйдың әйелі Көшеней ханымның жиені, Ресей тарихшылары атын айтудан қашқақтайтын Сайын Болат. («The first mention of Simeon in the sources is a reference to a certain Sail-Bulat in the Supplement to the Nikon Chronicle under 1561 as being in the entourage of his aunt, Princess Kochenei, when she married Ivan IV»).
Яғни Сайын Болаттың нағашы апайы әрі Иван Грозныйдың әйелі – орыс википедиясында айтылғандай, кабарданың қызы емес, түркі тұқымынан шыққан.
Суретте Сайын Болаттың оң жағында бейнеленген, қазаққа ұқсас адам – Борис Годунов. Түркілердің Шета руынан шыққан «орыс» патшасы.
Сайын Болат ұзақ өмір сүріп, «орыстардың» жеті патшасын – Иван Грозныйды, Федор Иванычты, Борис Годуновты, Федор Годуновты, 1-ші Лжедмитрийді, Василий Шуйскийді, 2-ші Лжедмитрийді көрді. 1616 жылы 5-ші қаңтарда, Московияны поляк патшасы 3-ші Сигизмунд басып алған кезде дүниеден өтті.
Шах-Жаһан
«Мектепте оқып жүргенде мені жидтің қызы деп мазақтайтын. Мен үшін содан өткен қорлық жоқ еді. Сол сөзді естігенде ылғи жылайтынмын», – деді осыдан бірер жыл бұрын Гордееваға берген сұхбатында Ресейдің белгілі әншісі Лариса Долина. Ларисаның фамилиясы Кудельман болатын. Әкесі — Александр Маркусович, шешесі – Галина Израилевна. Еврей қызы Лариса Кудельман есейген соң фамилиясын өзгертіп, орыстардың құлағына жағымды естілетін Долина болып шыға келді. Андрей Менакер сол себепті Андрей Мироновқа, Лазарь Вайсбейн – Леонид Утесовқа айналып кетті.
Мектепте аз ұлттың өкілдерін мазақ қылудың ақыры идеологиялық тұрғыдан әлі жетіле қоймаған жасөспірімді паспорт аларда өзінің ұлттық аты-жөнінен бас тартуға итермелейді. Кеңестік билік тұсында ондай кемсітуге еврейлерден басқалар да ұшыраған. Менің туған әпкем сабақтан жылап келетін. «Қайдағы жаман атты қайдан тауып қойғансыңдар маған! Қазақ болғым келмейді! Сыныптастарымның бәрі мазақ қылады мені»!..
Мектептегі күлкі-келемеш баланың түптің түбінде айналадағы ортаға қосылу-қосылмауына ықпал етеді. Өзбекстанда қалған қазақ туыстарымыздың бәрі дерлік Боходир, Бахром, Шерзод, Равшан, Джамшид, Нилюфар, Әлішер секілді тәжік-парсы есіміне ие болып шыға келді… Түркі текті көршілерімізде түркілік есім бірер ғасырдан бері онша құрметтелмейді, сондықтан парсы және араб есімдерімен салыстырғанда сирек кездеседі.
Парсылар, жалпы, ұлттық идеологиясы өте мықты халық. Олар өздерінің мәдениетін шын сүйеді, тарихын мақтан тұтады. Тәжікстанда 10 жылдан бері ел президенті Эмомали Рахмонның нұсқауымен жаңа туған балаларға тәжіктің (парсының) есімін беру, сөйтіп түркілік ономастикадан арылу жүзеге асырылып келеді. Көршілеріміздің топонимикасы да осы жолға түсері сөзсіз. Әзірбайжанның телеграм-арналарын қарасаңыз, соңғы жүз жылдың ішінде Иран елі де тарихи түркілік мұралардан арылуды белсене жүргізіп жатқанына көз жеткізесіз. Иранда тұратын әзірбайжандардың түркі тектес есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында ресми деңгейде мазаққа ұшырайды, парсылар елінде түркі мәдениетіне карикатура жасалады. Иранда тұратын байырғы түркі халықтары парсылануға ұшырап, өздерінің түркілік есімдерінен біржола айырылып жатыр. Бір халықты екіншісінің сіңіріп алуы ең алдымен адам аттарын өзгертуден басталады.
Түркілік есімдер тарихшылардың ежелгі мемлекеттерді түркілік деп тануына септігін тигізді. Ғұндарға тән Аттилла, Баламбер, Юлдуз, Блед, Тулдил, Октар тәрізді есімдер Ғұн империясын түркілік мұраларға жатқызуға жол ашты.
Эфталиттердің ұлы ханы «Михирақұл» мен оның әкесі Тораманның есімдері қосарласқан сөздерден тұратыны сонау 530 жылы қазіргі Ираннан бастап Үндістанға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты жаулап алған Ақ ғұндарды түркі тектес деп есептеуге негіз болды. Михири – иранизм, құл – түркизм. Тораман – таза түркизм. Геродот жазып кеткен Тарғытай мен Қолақсай тәрізді скиф есімдерінің түркі тектес болуы кеңестік жарамсақ-тарихшы Василий Абаевтың скифтерді ирандықтарға жатқызуына едәуір қиындық келтірді. Хазар және Авар қағандарының есім-сойы туралы да осыны айтуға болады. Қысқасы, түркі тарихын түркілік есімдер сақтап келеді. Бірақ бұл түркілік есімдердің өздері сақталса ғана мүмкін болатын жәйт.
Біз бүгін түркі және парсы тарихының Таяу Шығыс пен Үндістанға қатысты 10-шы – 20-шы ғасырлардың аралығында болған оқиғалар жайындағы күрделі де шиеленісті тақырыптарды қозғамақпыз. Ол кезде түркі халықтарының билеуші әулеттері – Селжүктер, Ғазнауилар, Хорезмшахтар, Сефевидтер, Қаджарлар, Афшаридтар, Елханидтар парсы поэзиясына шектен тыс құмартып, бір кезде өздері жаулап алған халыққа біртіндеп сіңіп бара жатқанын аңғармай қалып еді. Соның бәрі парсылық есімдерден басталды. Оның салдары қайда апарып тірегенін төмендегі мысалдан көре аласыз.
Орыстың, ағылшынның википедиясынан Ұлы Моғолдардың аса көрнекті өкілі, әлемдік архитектураның жауһары болып саналатын Тәж-Махалды салдырған Шах-Жаһанға қатысты мақалаларды оқысаңыз түркілер туралы бір сөз таппайсыз. Есесіне әр абзацта кездесетін «парсы», «парсылық», «Персия» деген сөздерге көзіңіз сүрінеді. Сол мақалаларды оқыған адам осынау ұлы империя парсылар мен үнділерге тиесілі, оған түркілердің еш қатысы жоқ деп ойлары сөзсіз. Ал олардың насихаттарының мақсаты да осы!
13-ші ғасырда құрылып, едәуір дәуірлеген түркілік Дели Сұлтандығының әміршілеріндей емес, Үндістанды 16-шы ғасырда жаулап алған Тимуридтар түгел дерлік парсы есімін алды. Хумаюн, Әкбар, Жаһангер, Шах-Жаһан – Үндістанды билеген түркі әміршілеріне қатысты тарих парақтарында олардың түркі екендігі туралы бір сөз айтылмайды. Барлық жерде жақшаның ішіне парсы, араб, хинди деп жазылған. Өйткені олардың есімдері парсыша! Өздерінің туа бітті түркілік есімдерінен бас тартқан Тимуридтар өздері құрған мемлекетті 19-шы – 20-шы ғасырлардың идеологтары парсыларға сыйлай салуына жол ашып берді. Сөйтіп біз – түркілер – өзіміздің тарихи идеологиялық іргетасымыздан айырылып қалдық.
Шах-Жаһан туралы оқысаңыз оның Тәж-Махалды қалай тұрғызғаны туралы ғана емес, сонымен қатар «Персиямен» соғысқаны туралы жәйттерге де қанығасыз. Қарапайым оқырман соған да сенеді.
16-шы ғасырда қайдағы «Персия»? Ұлы Моғолдар Империясы ол кезде Сефевидтер империясымен соғысты. Екеуі де түркілер! Екі мемлекеттің де түркілік атауы болды. Ұлы Моғолдар Империясы – Тимуридтар мемлекеті, ал Сефевидтер өздерін Қызылбас деп атаған.
Суреттегі оң жақтағы адам – Бабырдың ұлы Хумаюн. Үндістанның билеушісі, антропологиясының түркілерге тән екені айқын байқалады, сақалының сиректігі де қазақтарға тән. Сол жақтағы – оның шөбересі Шах-Жаһан, анасы мен әжесі үнді тектес. Нәтижесі ап-анық көрініп тұр. Ал атасы мен шөбересінің арасы небәрі тоқсан-ақ жыл!
Ежелден бері түркілердің әскері мықты, билігі бекем болып келді. Тарихқа жүгінсек, түркілердің жаулап алған жерлеріндей аумақты ешқандай басқа халық билеп көрмеген. Қытай мен Үндістаннан бастап Франциядағы Каталаун алқабы мен Солтүстік Африкаға дейінгі ұлан-ғайыр жерлерді тек түркілер ғана билеп тұрған! Түркі халықтары өздерінің бұрынғы империялық ұлылығын мақтан етпесін деп түркі халықтарының дұшпандары «пантюркизм» терминін әдейі ойлап тапты. Соның салдарынан соңғы мыңжылдықта Үндістаннан бастап Иранға дейін созылып жатқан түркі мұрасы іс жүзінде түгел дерлік парсыларға телініп кетті.
Түркілердің өз балаларын парсы-тәжік есімдерімен атауы дұрыс па, жоқ па – өзіңіз білесіз. Тек ұлттық есімінен айырылу сол этностың басқа халықтарға жұтылып кетуінің бастапқы қадамы екенін естен шығармасаңыз болды.
Бабыр әулетінде 1592 жылы 5-ші қаңтарда туған ұлды түркілерге емес, парсыларға тән есіммен Шах-Жаһан деп атады. Арабтар да, парсылар да, тәжіктер де өз балаларына түркі есімін қоймайды. Біз неге өйтеміз?
Әскері қаншалықты күшті болғанымен идеологиясы әлсіз халықтың болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді. Жер бетінен біржола жойылып кетпеу үшін көршіңнің емес – өзіңнің тіліңді, мәдениетіңді, ата-бабаңнан мирас боп қалған есім-сойыңды шын жүректен жақсы көріп, дамытып, тарата беруің керек…
Тоғай бей, Хмельницкий
Бұл күндері орыс және украин халықтарының бірлігіне дәнекер етуге жарарлық ештеңе қалмағандай болып көрінеді. 2-ші Екатеринадан бастап қазіргі Ресей депутаттарына дейінгі ресми тұлғалардың сөздеріне бақсақ және тарихтың сабақтарын бағамдасақ, украин халқы мен оның тілінің сақталып қалуы «православие дініндегі туысқан славяндардың» жоспарына ешқашан енбеген сияқты.
Украин халқының мемлекеттігі Богдан Хмельницкийден басталады. Бұл туралы Украинаның орталық баспасөз құралдарының өздері жазады:
«Богдан Хмельницкий украин мемлекеттігінің негізін қалаушы. Богдан Хмельницийдің кезінде Украина мемлекеттіктің барлық белгілеріне ие болды. Хмельницкий украин мемлекетіне қызмет ететін құрылымдарды алғаш рет өмірге әкелді. Еліміздің қарулы күштері, кедендік, қаржылық, почта, сот қызметі, ішкі және сыртқы сауда».
Бір қызығы, осы тарихи тұлғаға Ресейдің ақпарат құралдары да оң көзімен қарайды. Мысалы, RT арнасы бір кезде Богдан Хмельницкий жүргізген соғысты «азаттық жолындағы күрес» деп атады.
Бұл қалай, украиналық саяси қайраткерді орыстар не үшін жақтайды және суреттегі түр-келбеті қазаққа ұқсайтын адамның оған қандай қатысы бар?
Богдан Хмельницкий 1596 жылы 6-шы қаңтарда Польша корольдігі – Речь Посполитаяның құрамына кіретін Киев воеводствосында дүниеге келген. 17-ші ғасырдың басында Польша империясы дәуірлеп тұрған болатын. Ресейде «Бүліншілік жылдары» («Смутное время») деп аталатын бұл кезеңде Польша королі 3-ші Сигизмунд Московия патшалығын іс жүзінде құлатып тынды. Богданның балалық шағы мен бозбала кезі осы жылдарға сәйкес келеді. Әкесі Михаил Хмельницкий поляк қолбасшысы Жолкевскийдің қарамағындағы Черкасск полкының атаманы, шешесі «орыс казагының» — түп-төркіні түркілерге барып тірелетін этнографиялық топтың өкілінің қызы. Казактар мен қазақтар – мағынасы бірдей этнонимдер, қашқын славяндар оны түркі тіліндегі «казна» (қазына), «хоругвь» (қару), «атаман» (атайман) тәрізді көптеген сөздермен бірге өз тілінде қолданып кетті.
17-ші ғасырдың басында Украинаның қазіргі аумағы Осман империясына қарасты Қырым хандығы мен Польша Корольдігі – Речь Посполитаяның құрамында болатын. Жас кезінде Богдан Хмельницкий әкесімен бірге поляктардың жағында Осман империясына қарсы соғысып, 1621 жылы Цецора түбіндегі шайқаста тұтқынға түседі. Ноғайлар мен қырымдықтардың көмегімен Поляк әскерін күйрете жеңген османдар Волынь мен Краков қалаларын қоршайды. Бір кезде Московия орыстарының зәресін ұшырып, іс жүзінде Василий Шуйскийді тұтқынға алған атақты поляк қолбасшысы Жолкевский мен Богданның әкесі Михаил Хмельницкий осы шайқаста қаза табады.
Тұтқынға түскен поляк жауынгері Богдан Хмельницкий екі жыл бойы түрік галерасында ескекші болады, түрік және қырым-қыпшақ тілдерін жете меңгеріп алады. Тұтқыннан оралған соң Богдан поляк әскерінің құрамында Түркияға қарсы, кейін Польша королі Владислав Вазаның тұсында Московияға қарсы соғысады. Поляктардың көзқарасы бойынша, 1632-1633 жылдардағы соғысты олар орыс сепаратизміне қарсы жүргізіпті. Өйткені Шуйскийлер поляктарға адал қызмет етуге ант еткен!
Сөйтіп Польша туы астында Түркияға және Московияға қарсы соғыстарға қатысқан Хмельницкий әскери қызметкер ретінде мол тәжірибе жинақтайды. Бұл кезде Запорожье казактары дербес этнографиялық топ ретінде тәуелсіздікке қол жеткізуді ойластыра бастаған. 1647 жылы көктемде Хмельницкийдің үйіне поляк ротмистрі Чаплинскийдің басып кіруі көтеріліс шығуына түрткі болады. Поляктар Богданның ұлын соққыға жығып, Хмельницкийдің әйелін тартып әкетеді, Чаплинский оған үйленіп алады.
Бұл қорлыққа шыдамаған казак «Тарих-и Ислам Герай хан» хроникасына сәйкес, Қырым ханы Ислам Гирейден көмек сұрап, 1651 жылы қол астындағы «украиндарымен» бірге ислам дінін қабылдауға уәде етеді (үшінші сурет). Қырым ханы оған жанашырлық танытып, өзінің қолбасшысы Тоғай-бейге казактардың поляктарға қарсы күресіне қолдау көрсетуді бұйырады.
10-шы ғасырда рус-шведтерге Бұлғар және Оғыз қағанаттары күйрете соққы берген кезде олардың «князь Владимир»» деп аталатын басшысы да Аббасидтар Халифатының түркілерінен көмек сұрап, ислам дінін қабылдауға уәде еткен. Ол кезде Аббасидтарды да, Саманидтарды да, Ғазнауиларды да іс жүзінде түркі мұсылмандарының әскери аристократиясы тікелей бақылауда ұстайтын. Бір сөзбен айтқанда, кейбір халықтар қиындыққа тап болған кезде «исламға өтуге уәде беру» саясатын жүргізуге бейім. Бірақ мұсылман түркілерден керекті көмегін алып, мақсатына жеткен соң әлгі уәделерін ұмытып кете береді.
Қырым хандығының қолбасшысы Тоғай-бей қазақтың арғын руынан шыққан. Бірінші суретте бейнеленген – сол. Поляк суретшісі Ян Мотейконың «1648 жылы Львовты қоршауға алу» деп аталатын суретіндегі қақ ортада тұрған екі салтаттының біреуі Богдан Хмельницкий, оның оң жағындағы ақ киімді – Тоғай-бей.
«Қырым татары», шындығында қазақ Тоғай-Бей арғын, қыпшақ, маңғыт, найман, керей және басқа қазақ руларынан құралған 20 мың әскерімен поляктарға қарсы жорыққа аттанады. Европа тарихнамасында «Хмельницкий көтерілісі» деп аталып жүрген қарулы қақтығыс осылай басталды. Бұл оқиғаға түркілердің көзімен қарасақ, Қырым ханы өзінің вассалы Запорожье Сечін басқыншылардан – Польша Корольдігінен қорғаған, ол да Қырым ханына алым-салық төлеп тұруға тиіс болатын. Ал егер одан да әрірек қамтитын болсақ, бұл – Осман империясының поляк сепаратистеріне қарсы күресі. Түркі империясының логикасына салсақ, Запорожье казактары да, Речь Посполитая да, Московия да Қырым ханының вассалдары, оған тәуелді елдер болатын.
Богдан Хмельницкиймен бірге Львовты қоршауға алған Тоғай-бей көп ұзамай әбден әлсіреген поляктардан 300 мың алтын ақша мөлшерінде алым-салық алып, қоршауды ашады. Оның алдында Тоғай-Бей бастаған түркі әскері Запорожье казактарымен бірлесіп Сарысу түбіндегі шайқаста поляк әскерін қырып салған, орыс википедиясында бұл туралы «Запорожье казактары жеңіске жетті» деп жазылыпты. 1648 жылы мамыр айында Тоғай-Бейдің әскері мен Хмельницкийдің казактары Корсунь маңындағы шайқаста поляктарды тағы да тас-талқан қылып жеңеді. Орыс википедиясы бұл жеңісті де түгелдей казактарға сыйлай салған. Қыркүйектің 23-інде Қырым әскері мен Запорождықтар «Пилявцы түбіндегі шайқаста» поляк әскерін тағы да күйрете жеңеді. Польша әскері осылай жеңіле бергеніне байланысты жаңа король Ян Казимир таққа отырады. Қырым түркілерінің әскері мен Хмельницкйдің запорождықтары енді поляктардың Замосць қамалын қоршайды, ол құласа, Варшаваға барар жол ашылады…
1649 жылы Қырым әскері мен запорождықтар Зборов шайқасында Ян Казимирдің армиясын талқандайды, содан кейін поляктар бітім сұрап, Қырым ханы Ислам Гиреймен келіссөз жүргізуді қолға алады. Речь Посполитая бұдан былай Қырым хандығына қайтадан 200 мың талер ақша төлеп тұратын болады және түркі әскерінің кері қайтуы үшін қомақты ақы төлейді. Саяси жеңіске қол жеткізген Ислам Гирей содан кейін Зборов бейбіт келісіміне қол қояды.
Назар салыңыз: кеңестік сыңарезу тарих ғылымы мен соның салып кеткен сара жолынан айнымайтын қазіргі Ресей және Украина тарихшылары осы оқиғаны «татарлардың опасыздығы» деп атайды! Сюзерен өзінің вассалына қалай опасыздық жасайды?! Хмельницкий бастаған Запорожье казактары Қырым хандығының вассалы болатын, Тоғай-Бейдің поляктарға қарсы соғысуының себебі де осы. Зборов бейбіт келісіміне сәйкес, Тоғай-Бей бастаған түркі әскерінің қысымымен поляктар үш воеводстводан — Киев, Брацлав және Чернигов воеводстволарынан тұратын «Казак автономиясын» мойындауға мәжбүр болды. Бірақ кейіннен ес жиып, күшейген соң келісімді бұзып, «украиналықтардың» аумағына баса-көктеп кіре беріп, ақыр түбінде казак автономиясына қарсы қайтадан соғыс ашты. Украин халқының (запорождық казактардың) жағдайы қиындап кеткен соң Богдан Хмельницкий амалсыздан Константинопольдағы түрік сұлтанынан көмек сұрап, Ждановичті елшілікке аттандырды. Осман империясына адал қызмет етуге уәде еткен Хмельницкий Осман империясының регенті Турхан-сұлтан ханымды запорождық казактарға көмектесуге көндірді. 1-ші Ибрагим сұлтан таяуда өмірден өтіп, мұрагері 4-ші Мехмед әлі жас болғандықтан бір кезде мұнда күң ретінде келген славян қызы Турхан Хатидже-сұлтан уақытша Осман империясының регенті болып отырған. Ол Қырым ханына өзінің украиналық вассалдарын қорғауға әмір етеді, сосын запорождықтарды қорғау үшін Тоғай-бей 40 мың сарбаздан тұратын әскерін бастап Қырымнан шығады.
Екі қол 1651 жылы 19-шы маусым күні мұсылмандардың Құрбан Айт мейрамында Берестецк шайқасында бетпе-бет келеді. 27-28-ші маусымда «татарлар» поляк әскерін қуып шығып, селоны басып алады. 29-шы маусымда Хмельницкий поляк және неміс әскерлерінің Запорожье казактарына бірлесе жасаған шабуылына тойтарыс береді. 30-шы маусымда запорождық казактар үшін орны толмас ауыр оқиға болады – үнемі әскерінің алдында жүретін Тоғай-бейге поляктың қаңғыған жебесі қадалып, қаза табады. Қазақтың арғын, қыпшақ, маңғыт, ноғай руларынан құралған Қырым әскері аза тұту үшін майдан даласын тастап шығады, сүйікті қолбасшысының мәйітін киізге орап ала кетеді. Бұл оқиға неге «запорождық казактар үшін орны толмас ауыр қаза» болды? Өйткені түркі әскерінің қолдауынсыз қалған запорождық казактар (украиндар) бұл жолы ойсырай жеңіледі. Содан кейін тек келесі жылы, 1652 жылғы 2-ші маусымда ғана Нұреддин сұлтан мен Хмельницкийдің бірлескен әскері Батог түбіндегі шайқаста поляктарға қарсы соғыстағы ең соңғы жеңістердің біріне қол жеткізеді.
Көздеріңіз жеткен шығар, «Хмельницкийдің көтерілісі» деп аталатын оқиға шын мәнісінде Қырым хандығының өз қарамағындағы поляк сепаратистерімен соғысы, ал оның пайдасын ең алдымен Московия көрді. Тоғай-бейдің әскері Хмельницкийдің казактарымен бірге Ян Казимир бастаған поляк әскерімен шайқасып жүргенде Московия поляк басқыншылығынан құтылып, есін жинап, нығайып алды.
Іс жүзінде, қазақ қолбасшысы Тоғай-бей поляктармен соғысып қана қойған жоқ, Московияны да құтқарып қалды. Бірақ оны орыстар ешқашан мойындамайды. Қырым хандығы мен Польша мемлекетінің арасындағы осы соғыстарды орыс және украин тарихшылары Запорожье Сечі «славяндарының» жеңісі деп көрсетіп жүр. Илья Репиннің «Запорождықтардың түрік сұлтанына хат жазуы» деп аталатын суреті осындай насихаттың нәтижесі.
Бір кезде өздерін құтқарып қалғандарды Ресей мен Украина бұл күндері «опасыз», дұшпан қылып көрсетеді. Тоғай-бейдің қаза тапқанын естігенде Хмельницкий қара жерді құшақтап: «Тоғай-бей, бауырым, жан-жүрегім!..» («…Тугай-бей блiзкi мне, ён мой брат, мая душа»…) деп еңіреген. Өйткені Богдан Хмельницкий қазақ қолбасшысының қаза табуының салдары өз халқы үшін қандай боларын түсінген. Қуатты түркілік одақтасынан айырылған соң Запорожье гетманы 1654 жылы өзінің халқымен бірге кімге бағынамыз – Польша католиктарына ма, Осман мұсылмандарына ма әлде православтық Московияға ма деген таңдау жасап, ақыры соңғысына тоқталады…
Сондықтан да кеңестік-ресейлік идеология Хмельницкийді қиын-қыстау кезеңде «орыстардан» көмек сұраған жағымды тарихи кейіпкер ретінде қарастырады. Алайда Ресей империясының, КСРО-ның, қазіргі Ресейдің шын келбеті қандай екенін украиндар ендігі түсінген шығар. Бірақ олар «православтық туысқан-орыстар» мен «жағымсыз кейіпкер» – Ордалық түркі-қазақтардың айырмасы қандай екенін бағамдай қояр ма екен?
Түркілік көзқарас тұрғысынан бұл оқиғалар дәл осылай қарастырылуға тиіс. Өйткені, бөтен халықтың тарихын оқып өскен халықтың болашағы жоқ. Богдан Хмельницкийдің Киевтегі ескерткіші Ресей империясының кезінде тұрғызылған. Ондай ескерткіш Ульяновск, Белгород және басқа Ресей мен Украина қалаларында тұр. Бірақ олар сол жеңістерге Тоғай-бейдің арқасында қол жеткізгендеріне қарамастан ешқашан оған ескерткіш қоймайды…
АЙБЕК. А.
Жалғасы бар.