Решт келісім-шарты, Бірінші Петр, «Персия»
«1732 жылы 1-ші ақпанда Решт қаласында Ресей мен Персия арасында Осман империясына қарсы бірлескен әскери қимылдар туралы шарт жасалды. Шартқа сәйкес 1723 жылғы Ресей – Персия келісім-шарты бойынша (Бірінші Петрдің парсы жорықтары нәтижесінде жасалған) Ресейдің меншігіне өткен Каспий жағалауындағы Астрабад, Гилян және Мазендеран провинциялары қайтадан Персияға қарайтын болды. Аталмыш провинцияларда орналасқан орыс әскерлері Ресей мен Персияның арасындағы Кавказ арқылы өтетін шекара деп жарияланған Кура өзенінің бергі бетіне әкетілді. Шартқа сәйкес Ресей бұдан былай Персиямен алым-салықсыз сауда жасау құқығына ие болды», – деп жазады орыс тілді википедия мен европалық насихат құралдары.
Тарих пен этнологияны біле бермейтін қарапайым адам бұл жерде ешқандай парсы жоқтығын, әңгіме түркілер туралы екенін түсінбеуі мүмкін.
Алдымен мына жәйтті жадыңызға тоқып алыңыз – 10-шы ғасырдың аяғынан бастап 20-шы ғасырдың басына дейін ешқандай «Персия», ешқандай «парсы мемлекеті» болған жоқ. Мыңдаған жылдар бойы Таяу Шығысты түркілер билеп тұрды. 18-ші – 19-шы ғасырларда дилетанттыққа бой алдырған европалық және ресейлік тарихнама географиялық тұрғыдан Иранның аумағында орналасқан түркі державаларының бәрін «Персияға» жатқыза салды, қазір бұл бақырайып көрініп тұрған антитүркілік насихаттан басқа ештеңе емес.
«Решт келісім-шарты» Анна Иоанновна билеп тұрған кезде енді ғана күш алып келе жатқан жас Ресей империясы мен түркілердің «Сефевидтер мемлекеті» деп аталатын тозғындап бара жатқан Қызылбастар империясының арасында жасалған.
Ресейдің насихат құралдары «Парсы жорықтары» деп дәріптейтін оқиғалар Бірінші Петрдің шапқыншылық әрекеттері болатын. Сол қарақшылық шабуылдардың салдарынан құмықтардың Эндирей князьдігі құлатылды, бір кезде Кавказды билеп тұрған құмық этносы саны аз, жойылып бара жатқан шағын ұлысқа айналып кетті.
Бұл жорыққа шығуға Бірінші Петр тек Қызылбастар мемлекетінде азамат соғысы жүріп жатқандықтан ғана тәуекел етті, осы аймақты билеп тұрған түркі мемлекеттері ол кезде солтүстік шекараларда болып жатқан оқиғаларға мойын бұра алмайтын.
Қызылбас түркілері ол кезде Осман империясымен және діни себептерге байланысты көтеріліс ашқан белудждерге қарсы соғысып жатқан, соңғысын шииттер мен сүнниттердің қақтығысы деуге болады. Петрдің «парсы жорықтарының» табысты болғаны сондықтан ғана.
1732 жылы 1-ші ақпанда күйреудің алдында тұрған Севевид түркілер империясы Тахмасп II-нің кезінде «Решт келісім-шартына» қол қойды. Суретте – Тахмасп II шығарған ақша. Жоғарыдағы суретте Тахмаспқа қарсы он жыл соғысып, ақыры жеңіп шыққан Сефевидтер әскерінің қолбасшысы Нәдір шах бейнеленген. Көшпелі түрікпен халқынан шыққан Нәдір шах 1736 жылы Сефевидтер әулетін тақтан тайдырып, Афшаридтар түркі империясын құрды. Ол жаңа Афшаридтар мемлекетін парсылық элементтерден тазартты. Қызылбастар армиясында қызмет еткен парсы-ирандарды сенімсіз элемент ретінде қырып тастады. Европалық және ресейлік насихат құралдарының Афшаридтар империясын содан кейін де «Персия» деп атайтыны таң қаларлық!
Соның бәрінің бір ғана себебі бар – түркілердің тарихын жоққа шығару керек. Шыңғысхан империясын халхаларға бере салды, Сефевидтер, Қаджарлар, Афшаридтар империяларын парсыларға теліді, Қағанаттар туралы жұмған ауыздарын ашпайды. Біздер – түркілер үшін тарихымызды бөтен біреулер осылай жазады.
Түркі халықтарының тарихын өздеріне қайтару керек. 11-20 ғасырлардың арасындағы «Персия» деген ұғымды тарихнамадан біржола алып тастаған дұрыс. Ал «Решт келісім-шарты» шамамен былай жазылуға тиіс:
«1732 жылы 1-ші ақпанда Решт қаласында Ресей империясы мен Қызылбастар мемлекетінің арасында «Решт келісім-шарты» жасалды». Ал Қызылбастар империясының құрамына түрікпендер, әзербайжандар, осы аймақтағы басқа да түркі халықтары кіреді.
Вениамин Юдин
Төмендегі сурет талай адамды таң қалдыруы мүмкін, біразы шоршып түсетін шығар. Қазіргі Қазақстан аумағында бір кезде Өзбекстан деп аталатын алып мемлекет болыпты, ал Қазақстан оңтүстік жақтағы шағын ғана аймақты алып жатқан. Алтын Орда ыдырап, қыпшақ тілді бірнеше түркі хандықтары пайда болғанын білмейтін адам «Қазақстанның орнында Өзбекстан болғаны қалай?!» – деп шамдануы да ықтимал. Саяси төзімділік деген ұғым бар, соған сәйкес бұл тақырыпты қазақтар да, өзбектер де айналып өтуге тырысады. Бірақ түйеқұс секілді басыңды құмға қанша тықсаң да күндердің күнінде бұл әңгіме қозғалары сөзсіз, өйткені тарихи шындықты қалпына келтірмесе болмайды.
Солтүстіктегі көршілеріміз «қазақ деген халық мүлдем болған емес, оларды Ленин ойлап тапқан» деп соғады. Халық болмаса оның мемлекеті де болмайды, мәдениеті туралы айтудың өзі артық. Кез-келген басқыншының мақсаты жаулап алған халыққа қорлық көрсетіп, мазақ қылып, жас ұрпақты түп-тамырынан бездіріп, өз-өзінен жиренетіндей ету, сонда олар өз халқына жоғарыдан қарап, өздерін империяшыл ұлттың бір бөлігі ретінде сезінетін болады.
1936 жылға дейін орыс тарихшылары бізді біресе «қырғыз», біресе «қырғыз-қайсақ», біресе «татар» деп атап келді. Оның бәрі экзоэтноним, халық өзін ешқашан олай атамаған.
Экзоэтноним өзгере береді, өйткені бөтен халықтардың этнографтары басқа атау ойлап табуы мүмкін. Халыққа оның ешқандай әсері жоқ. Бірақ халықтың атауын сол халықты билеушілердің өздері де өзгертуі мүмкін. Көбінесе оның саяси астары болады.
КСРО-да жүргізілген халық санағын қарасаңыз, ондағы ең саны көп халық орыстар болып шығады. Ресей империясындағы халық санағын қараңыз – бірде-бір орыс таппайсыз. Бұл қалай, әлде оларды да Ленин ойлап тапты ма?
Ресей империясының ассимиляциялық саясатына байланысты Гольштейн-Готторп әулетінен шыққан неміс текті императорлар орыстарды «великоросс» деп атаған. Украиндар – «малоросс». Өз халқының атауынан жерінген «ұялшақтар» құлаққа жағымды естілетін «великоросс» болып жазылады! Ульянов-Лениннің бойында чуваштың да, қалмақтың да, еврейдің де қаны бар, бірақ ол өзін чувашқа да, еврейге де жатқызған емес. Ол – великоросс! Ассимиляция саясаты дегеніміз осы.
13-ші ғасырда алып мемлекет құрған Шыңғысхан «моңғол» деген этникалық термин ойлап тапты, ал оның мемлекетінің құрамындағы халықтың 90%-ын түркілер, тек 10%-ға жуығын ғана қазіргі моңғол тектес халықтар құрайтын. 13-ші ғасырдағы «моңғолдар» түркі тілінде сөйлеген, 17-ші – 20-шы ғасырлардың аралығында түркі мемлекеттігі тозғындауға ұшыраған соң бұрын «халха» болып келген шағын халық өздерін «моңғолмыз» деп атап, Шыңғысхан империясының бірден-бір мұрагері болып шыға келді, тіптен өздерінің мемлекетін «Моңғолия» деп атады!
14-ші ғасырда билік құрған Алтын Орданың ханы Өзбектің қарамағындағы қыпшақ тілді түркі халықтары «өзбектер» деп аталды. Бұл саяси этноним қағаз жүзінде сақталып қалды, кейіннен парсы тілді дерек көздерінде Орданың өзін Өзбекстан деп, ондағы «ж» әрпін қолданатын түркілерді «өзбектер» деп атады. Сөйтіп өздерін «қазақ» деп атайтын түркілер Шыңғысханның кезінде – «моңғол», Өзбек ханның тұсында – «өзбек» деп аталатын болды. Орыстардың КСРО кезінде «орыс», патша заманында «великоросс» болғаны сияқты.
Енді қазіргі билік қазақ мемлекеттігінің бастауы деп санап жүрген, Керей мен Жәнібектің 15-ші ғасырда Әбілқайырдан бөлініп кеткен сәтіне тоқталайық. Қазақтар этнос ретінде де, мемлекет ретінде де 15-ші ғасырда аспаннан түскен жоқ, тек бұрынғы «өзбек» деген саяси этноним «қазақ» болып өзгерді. Адамдар да, салт-дәстүр де, тіл де сол күйі өзгерместен қалды. Суретте Қазақстанның кішкентай, Өзбекстанның үлкен болып көрсетілгені нақ сол сәт. Ол кезде оларды «өзбек-қазақ» деп те атаған. Тіптен КСРО-да «Дешті Қыпшақтың көшпелі өзбектері» деген термин енгізілді.
Осы жерде тарихта этникалық мимикрия деп аталатын құбылыс болатынын ескерте кетейік. Қазіргі македониялық славяндар мен Александр Македонскийдің гректерінің арасында ешқандай байланыс жоқ. «Македониялық» деген әдемі атау, олар содан айырылғысы келмейді, бұл гректердің шамына тиеді. Түркілердің «Хунгари» деген этнонимін иемденіп алған қазіргі венгрлердің де ғұндарға еш қатысы жоқ. Бірақ бұл мимикрия 19-шы – 20-шы ғасырларда осы халықтың өздерін Аттила басқарған ғұндардың ұрпағымыз деп санауына жол ашып берді. Қазіргі славян болгарлар түркілердің «бұлғар» этнонимін иемденіп кетті. Ал халхалар «Моңғол империясының» бүкіл атақ-даңқын жеке иемденіп отыр, оған қандай да бір қатысы болса бұл небәрі 10%-дан аспауы керек еді. Империяны құрған – түркілер, ал оның қызығын халхалар көріп отыр. Мимикрия сәтті өтті!
Керей мен Жәнібектің өзбек-қазақтары Әбілқайырдың өзбек-қазақтарымен соғысып, Шейбани-хан бастаған Әбілқайыр жағындағылар жеңіліп қалды да Орта Азияға қарай ығысып кетті. Сөйтіп Тимуридтардың иелігін басып алған «ж» дыбысын қолданатын шейбанидтік өзбектер өз этнонимін жергілікті тұрғындарға сыйлады. «Й» дыбысын қолданатын қарлұқ тілді отырықшы түркілер де «өзбек» деп аталуға ұмтылды, әдемі әрі саяси тұрғыдан сәнге айналып тұрған атауды неге пайдаланбасқа! Бір қызығы, әлде тарихтың тәлкегі ме – сан ғасырлар бойы «ж» дыбысын қолданып келген қыпшақ тілді өзбектер КСРО кезінде «й» дыбысын қолданатын қарлұқ тілді түркілерге айналып кетті.
Бұл тақырып Қазақстан үшін де, Өзбекстан үшін де тым шетін, сондықтан екі елдің ғалымдары оны әлі күнге дейін қозғауға батпайды. Оны алғаш рет кеңестік тарихшы әрі лингвист Вениамин Юдин жан-жақты сипаттап берді.
Вениамин бұл күндері Волгоград, 2-ші дүниежүзілік соғыс кезінде Сталинград, патша заманында Царицын, түркілер дәуірінде Сарысу деп аталған қалада 1928 жылы 1-ші ақпанда туған. Дыбыстық калька бойынша Сарысу деген атау Царицын болып кеткен.
Вениамин Юдин 1950 жылы Мәскеу шығыстану институтын ұйғыр филологиясы бойынша тәмамдап, жалпы ұйғыртану мамандығын алып шығады. Кафедра басқарып, ұйғыр тілін оқытады. «Шыңғыснама», «Тарих-и Шайбани», «Зийа әл-кулуб» және басқа шығармаларды аударады. Біз оның «XIV-XVIII ғасырлардағы Орталық Азияға шығыстанушының көзімен қарағанда» атты жүйелі еңбегін қарастырмақпыз.
«Тарихи кереғарлықты қараңыз – қазақ даласын мекендейтін өзбек халқының басым көпшілігі «қазақ» деп аталып кеткен соң өздерін «өзбек» демейтін болды, ал Орта Азияның өзбектерге жатпайтын тұрғындары Шығыс Дешті Қыпшақтан келген аз ғана өзбектерді өздерінің құрамына қосып алып, 1917 жылдан бері өзбек деп аталып жүр».
«Қазақ» термині «өзбек» терминін қолданыстан шығарып тастады. Бұл күндері халықтың жадында өздерін бір кезде «өзбек» деп атағаны туралы еш дерек қалмаған.
Вениамин Юдин «өзбек» пен «қазақ» этнонимдерінен бөлек, ұйғыр тілінің маманы ретінде Моғолстанның моғолдары қыпшақ тілді болғанын, олардың арасындағы басты-басты бірлестіктер қазақтың қазіргі қаңлы, дулат, керей, қарлауыт рулары екенін атап көрсетеді. «Моғолдар саяси тұрғыдан ұйғырларға үстемдік етті, бірақ сан жағынан олардан анағұрлым аз болды. Сондықтан моғол-ұйғыр этникалық қарым-қатынасы моғолдардың ұйғырларға ассимиляциялануы бағытында жүрді. Моғолдар өздерінің қыпшақ тілді түркілік қасиетінен айырылып, қарлұқ тілді жаңа ұйғырларға сіңіп кетті. Олар мәдени тұрғыдан да ассимилияцияға ұшырап, көшпенді өмірден отырықшылыққа көшті».
Демек Алтын Орда, Тимуридтар державасы, Моғолстан, Үндістандағы Ұлы Моғолдар империясы тәрізді тарихи мемлекеттерді қыпшақ тілді көшпенді түркілер құрған. Қыпшақ тілді түркілердің саяси үстемдігіне қарамастан, тереңнен ойланып жасалған ассимиляциялық идеологияның болмауы осы түркілердің уақыт өте келе қарлұқ тілді және парсы тілді отырықшы халықтарға сіңіп кетіп, түптің түбінде өздерінің империялық тарихын сол отырықшы халықтарға сыйлай салуына әкеп соқтырды. Алтын Орда, Хазария, Ғұн мемлекеттерінің славян, герман, грек тайпаларынан шыққан вассалдарымен қарым-қатынасы туралы да соны айтуға болады. Түркілердің ең басты стратегиялық, тарихи қателігі сол – олар европалық отырықшы халықтарды жаулап алып, жүздеген жылдар бойы билеп келгенімен, оларды түркілендіруді ойламаған. Бұл қателіктің салдары қандай болғаны түркі халықтары үшін қан-қасап қасірет әкелген 19-шы – 20-шы ғасырлардағы оқиғалардан белгілі.
Мәскеуді алу, Бату
«Татарлар Мәскеу қаласының түбіне келіп, қақпасын тарсылдатып қағып тұрып алды. Қолбасшы Филип Нянскин оларды көре салып атына мінді де Мәскеудің қақпасын ашып, татарларға қарсы аттанды. Батый патшаның әскері көп еді, бәрі жабылып, қолбасшыны тірілей ұстап алды. Денесін бөлшектеп, майдан даласына шашып тастады, Мәскеу қаласын тонап, өртеп жіберді»…
1238 жылы 2-ші ақпанда түркі ханы Батудың әскері Мәскеуді ұлтшылдардан тазартып, қарусыздандырды. 13-ші ғасырдағы бейбітшілікке мәжбүрлеу оқиғасы «солтүстіктегі көршілеріміздің» шамына тиетіні соншалық, олардың қазіргі идеологтары сол кездегі «татар-моңғолдар» қазіргі халха-моңғолдардың ата-бабалары деген аңызды ойлап тапты. Жеңілістің кермек дәмі мен өткеннің өкініші сонда ғана психологиялық тұрғыдан жеңілдейтін болса керек. Әйтеуір түркілер емес, қазақтар мен ноғайлар, башқұрттар болмасын. Қазіргі көршілері бір кезде бұларды вассалдық тәуелділікке түсіріпті деген не масқара! Ұят қой! 13-ші ғасырдағы жеңілісті алыста жатқан, саны аз, мән-маңызы болымсыз халыққа ғана телуге болады, бұл үшін халхалардан артық ешкім жоқ. Бір ғана жәйт қолайсыздық туғызады – «орыстардың» тарихнамасынан басқа да жылнамалар, батыс ғылымы дегендер бар. Олардың айтуынша, Шыңғысханның «татарларының» 90%-ы түркілер, тек 10%-ы ғана моңғол тілді халықтар болыпты. Оның үстіне, әлгі 10% қалған 90%-дан ешқашан үстем тұрмаған, өйткені Шыңғысханның өзі қолбасшылық жолын түркі ханы Тоғырылдың вассалы ретінде бастапты. Бату ханның кезінде «татар-моңғол» әскерінің 99%-ы түркілерден тұрған. Бұл туралы француз тарихшысы Жан Поль Ру жазған. Сондықтан, Қасиетті кітапта айтылғандай, «шошқалардың алдына моншақ шашпайық».
Сүбедей мен Батудың әскері Рязаньды басып алып, содан кейін Мәскеуді бес күннің ішінде алды. Коломнаны қарусыздандыру кезінде Шыңғысханның ұлы Күлхан қаза тапты. Қарашар екеуі бір анадан туған, қоңыраттың қызы Бөртенің перзенттері Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле секілді төрт ұлдың бір әкеден туған бауыры. Адам аттары да, ру атаулары да түркіше. Халхаларға жуымайды да. «Моңғол» деген сөзбен Вася мен Петяны алдауға болар, бірақ Шыңғысханның империясын өз қолымен құрған қазақтарды алдай алмайсың.
Коломна құлаған соң мәскеулік бұзықтардың көсемі, қарақшы Владимир Юрьевич Мәскеуге қашты, оның соңынан інісі Всеволод Юрьевич те сонда жылыстады. Мен бұл жерде ресейлік идеологтардың Кенесарыға немесе Дудаевтың чешендеріне қарсы соғыста қолданған сөздерін алып отырмын. Мәскеуді алған кезде дамудың жоғары деңгейінде тұрған түркі әлеміне қосылуды қош көрмеген Владимир Юрьевич тұтқынға түсті. «Татарлар» – қазақтар мен башқұрттар, ноғайлар мен халхалардың аз ғана ата-бабасы ағайынды екеуге ойланып, өз еркімен беріліп, артта қалған отырықшы халыққа озық өркениетті көшпенді түркі мәдениетін – тіс шөткесін, қазынаны, теңгені, поштаны, шалбарды, малақайды, қарындашты, домбыраны, өтекті, башмақты, шойынды, шашлықты, паршаны, балықты, сандықты, кітапты, тауарды, атласты, алмасты, інжуді, түрмені, базарды, безбенді, болатты, фарфорды, шоланды, шардақты, аяқ киімнің өкшесін, халық санағын, самауырды қабыл алуды ұсынды. Осының бәрін артта қалған славян тайпалары дамудың жоғарғы деңгейіндегі Ордадан алған. Бірақ ағайынды бандиттер шабатамен жүрген славяндарға түркінің етігін, жыртық-жамау киімнің орнына сарафан кигізіп, толастауды білмейтін өзара қырқысты қойғызып, бостандық беруді қаламады.
Амал жоқ, Бату хан Сүбедейге егер бұлар бейбіт өмірді қаламаса, езгіге түскен орыс халқын азат етуге тура келеді деді. «Біз түркілерміз, Құдай біздің жағымызда» – деп жауап берді Сүбедей. Сөйтіп қазақтар мен башқұрттарды, татарлар мен өзбектерді, ноғайлар мен азын-шұғын халхаларды бастап жабайы отырықшы халықтарды азат етуге аттанды. Дамудың жоғарғы деңгейіндегі түркі өркениетіне Владимир, Переславль-Залесский, Тверь, Торжок, Козельск, Вщиж, Путивль, Глухов, Вырь, Рыльск, Гомель, Мозырь, Любеч, Могилёв, Ладыжин, Каменец, Галич, Киев, Берестье тәрізді елді мекендер осылай «өз еркімен» қосылды…
Шыңғысханның түркілері орыс жерін көктей өтіп, «Европаға терезе ашты» – поляктар мен венгрлерді, гректерді алым-салық төлеп тұруға мәжбүр етіп, Жерорта теңізіне (Адриатика) дейін барды да Италияға екі-ақ қадам қалғанда кері қайтты. Өйткені Ұлы хан Үгедей дүние салып, жаңа хан сайлау үшін құрылтай өткізілуге тиіс болатын. Сөйтіп Римді басып алған түркі әміршісі Одоакрдың немесе бүкіл Батыс Европаны бағындырған Атилланың ерлігін қайталаудың сәті түспеді, Бату қайтып оралып, түркілердің Моңғол империясының астанасы Қарақорымға сапар шекті.
Сондықтан 2-ші ақпанды «Мәскеуді алған күн» ретінде тойлауға болады, бұл біздің – түркілердің бұл күндері ұмытылып кеткен жеңісіміз.
Сергей Корсаков
«Сасық Русь бізге билігін жүргізе алмайды! – деп үйретеді «Тынық Дон» романының кейіпкері Пантелей Мелехов ұлына. – Казак сол күйі казак болып қала береді». 19-шы ғасырда казактардың орыстарға көзқарасы осындай болатын. Олар орыс (великоросс) этносына ешқандай қатысы жоғын үнемі атап көрсететін, казактардай емес, орыстар ол кезде крепостной құл еді, өмір салты да басқа. Бұл орайда генерал Лавр Корниловты мысалға келтірейік, әкесі казак, шешесі қазақ қызы болған бұл офицер құжаттарындағы великоросс (орыс) деген сөзді әдейі сызып тастап, орнына «казак» деп жазып қоятын. Шолоховтың «Тынық Дон» романы Лавр Корниловтың көтеріліс ашуынан басталады.
Орыстардың ассимилияциясына ұшыраған қазіргі казактар «Русь», «Ресей», тіптен «КСРО» дегенді естісе болды, патриоттық делебесі қозып шыға келеді, ал бір кезде казактар үшін Русь сасық болатын. Соның мысалы ретінде 19-шы ғасырдағы ай сайын шығатын тарихи журналдын 1885 жылы мамыр айындағы санынан үзінді келтірейік, 354-ші бет. Мақала «Бұрынғы заманда адамдарды ағаштың қабығына қалай отырғызған» деп аталады.
«Бұл ғұрыпты түсіндіруден бұрын, көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Тірі адамды оның жақындары, тіптен туған балалары немесе немерелері аштан өлуге мәжбүр етті дегенге кім сенеді? Әлдебір кінәсі болса екен, бар болғаны қартайып қалған – және соны өшпенділіктен немесе бір сәттік ашуға берілгендіктен емес, селолық қауымда есте жоқ ерте кездерден бері сақталып келе жатқан ғұрып бойынша жасайды. Бұл ғұрып бәріміздің туып-өскен жерлерімізде бар, көпшілігіміз оны ұмыта қойған жоқпыз. Қартайып, өзіне де, өзгеге де ауыртпалық түсіре бастаған адамды қыстың күні терең сайға лақтырып тастайды, сайдың түбіне жеткенше жарақаттанып немесе әлдебір бұтаға ілініп қалмауы үшін шанаға отырғызғандай етіп ағаштың қабығына (лубок) отырғызады, сонда сайдың түбіне аман жетеді. «Сажать на лубок», «пора на лубок» (қабыққа отырғызу, қабыққа отырғызатын уақыт келіпті ғой) деген сөз тіркестері содан шыққан. Бұл ғұрыптың «бос күбіге салып пештің үстіне қою, апанға тастау секілді неғұрлым жеңіл түрлері де бар».
Геронтоцид – қартайып, әлі құрыған, ауруға шалдығып, ешкімге пайдасы тимейтін жағдайға жеткен, жастарға артық салмақ болатын адамдарды өлтіріп тастау адамзат тарихында тас ғасырынан бері белгілі. Кейбір халықтарда ол бертінге дейін сақталып келіпті, көріп отырсыздар, отырықшы шығыс славян тайпаларында бұл ғұрып 19-шы ғасырда да сақталған! Бұл аз десеңіз «снохачество» (келінпаздық) деген ғұрыпты алайық – крепостной құлдардың әулет басшысы өзінің үйленген ұлдары үйде жоқ кезде келіндерімен жақындасады екен. Ресей империясында 19-шы ғасырда да сақталып келген осындай анайы ғұрыптарды қазір ешкім еске алғысы келмейді. Пантелей Мелехов тәрізді казактардың олардан жиіркенетіні, олардың тәртібіне бағынғысы келмеуі бекер емес қой.
Бұл мысалдарды мен өзге ұлттардан шығып, амалсыздан орыс болып кеткендерге қатысты «олар өздерін орыспыз деп есептейді» деп кесіп сөйлейтіндерге жауап ретінде келтіріп отырмын. Олай емес. Менделеев өзінің ата-бабасы қазақтардан шыққанын мақтан еткен, Булгаков бастапқы кезде өз шығармаларына Князь Тоғай деп қол қойған, Циолковскийді түркі халқынан шыққан анасы жалғыз өзі тәрбиелепті, демек оның бойына сіңген қасиеттер орыстарға емес, нағашыларына тән. Сондықтан 18-ші – 20-шы ғасырлардағы түркі, неміс, дат халықтарынан шыққан орыс ағартушылары «орыс» (великоросс) болуға соншалықты ұмтыла қоймаса керек. Орыс халқы, Ресей елі, соларды билеген неміс патшалары туралы жағымсыз пікір білдірген «орыс» ақындары мен жазушыларын Радищевтен бастап Салтыков-Щедрин мен Достоевскийге дейін шетінен соттап, жер аударғаны да тегін емес.
1854 жылы 3-ші ақпанда Гусь-Мальцевск селосында тұратын ақсүйектер әулетінде Сергей Корсаков деген бала өмірге келді, кейін ол Мәскеу ғылыми психиатрия мектебінің және психиатриядағы нозологиялық бағыттың негізін салушылардың бірі болды. «Корсаков синдромы» және «Верник-Корсаков синдромы» деген терминдер осы ғалымның құрметіне солай аталған. Басқа Корсаковтар (Семен Корсаков – Ресей кибернетикасының атасы), (композитор Римский-Корсаков) тәрізді ол да Алтын Орда ақсүйектерінен тамыр тартады. Оларды өз фамилияларын ұмытып, артта қалған крепостной құлдардан тұратын, 20-шы ғасырға дейін аяғына шабата киіп, «келінпаздықпен» айналысып, қарттарын ағаштың қабығына отырғызған «великоростарға» қосылуға ұмтылды деу қиын. Сасық Русьтан жиіркенетін казактар да, орыс тілін менсінбей, француз тілінде сөйлеген ақсүйектер де қазіргі ұрпақтары өздерін жердің кіндігіміз деп мұрнын шүйіретін крепостной құлдарға қосылғысы келмегені анық.
Сонымен, Сергей Корсаков – психиатрия ғылымындағы нозологиялық бағыттың негізін қалаған түркі тектес ғалым. «Онда тұрған не бар? – деп сұрауы мүмкін әсіре толерантты кейбір оқырман. – Кім кімнен тарамай жатыр, ұсақ-түйек қой бұл!» Үлкен нәрсенің бәрі, соның арасында біздің санамызға сыймастай ауқымды да даңқты Түркі халықтарының тарихы да сондай ұсақ-түйектен тұрады. Еш нәрсеге де астамшылықпен қарамау керек.
Ормизд, Бахрам Чубин
Қазақ қалай біздің таққа отырмақ?
Халық оған патшамыз деп бас ұрмақ!
Нағашысы Қаған оның, қас дұшпан –
Оны тапқан анасы да сол тұстан!
Ресей империясының 1897 жылы жүргізген халық санағының қорытындысымен танысқан адам білуге тиіс, ол кезде түркі халықтарының арасындағы ең саны көбі қазақтар болатын. Қырғыздармен салыстырғанда 20 есе (4084139 / 201682 = 20,25), түрікпендерден 14 есе (4084139 / 281357 = 14,5), өзбек-сарттардан 4 есе (4084139 / 968655 = 4,21), ноғайлардан 63 есе (4084139 / 64080 = 63,73) артық болыппыз. Және бұл іс жүзінде қазақтардан айырып алғысыз шейбанид өзбектерін қоспағанда. Ал 16-шы ғасырдағы қазақтардың саны 17-ші ғасырдағы орыстардан 2 есе көп болған. Бұл деректерді кейбіреулердің «түркі халықтарына ортақ тарихты қазақтар өздеріне телімек болады» деп байбалам салуына қарсылық ретінде келтіріп отырмын.
Қазақтардың мақсаты түркілердің ортақ тарихын өздеріне телу емес, ортақ тарихымызды көпшілікке тарату ғана. КСРО тарағанға дейін біздің тарихымызды өзгелер жазып келді. Мәскеулік басқыншылар үш мың жылдық тарихымызды жұп-жұқа оқулыққа сыйғызып жіберді, жаңа қоғам құрамыз деген сылтаумен быт-шытымызды шығарып бөлшектеп жіберген туысқан халықтарды түгелімен «жас халықтарға» жатқыза салды.
Кеңестік тарих оқулықтарында бізді «оңбаған половецтер», «жабайы көшпенділер», «татар-моңғол варварлары», «арамтамақ хазарлар», «жексұрын бұсырмандар» деп атайтын. Орыстарда «Киев Русі» болыпты, ал сонда қазақтар қайда жүрген? Әлде крепостной құлдардың бүгінгі ұрпақтары айтып жүргендей Ленин атамыздың әмірімен аспаннан салбырап түстік пе?
Біз осы бағытта іздендік, кітапханалардан Карамзин, Соловьев, Татищев, Ключевский, Гумилев тәрізді орыс тарихшыларының еңбектерін оқыдық. Кеңес Одағы ыдыраған соң Вернадский мен Пархоменконың шығармалары қолымызға түсті. Сол авторлардың бірде-бірі түркі мемлекеттерін хронологиялық тізбекте қарастырып көрмепті.
Кеңес Одағында бұл тақырыпқа тыйым салынған болатын. 2012 жылы түркілердің 46 империясы мен мемлекетін картаға түсіріп, жарияладым. 2014 жылы соңғы 3000 жылдықтағы (ғұндар туралы алғашқы мәлімет б.з.д. 823 жыл деп көрсетілген) түркі империяларының бәрін әр ғасырға сай орналастырып шықтым. Сіздер көріп жүрген «түркі мемлекеттерінің жасыл картасы» солай өмірге келді. Қазір интернетте ондай карталар көп және оларды тарихқа қатысы жоқ романтиктер жасайды, бір әттегенайы – бұл орайда тарихи дұшпандарымыздың саяси насихат жүйесі ескеріле бермейді.
Орыс википедиясындағы Түркі Қағанатының картасына көз жіберсеңіз, қазіргі Қазақстан мен Моңғолияның аумағын ғана қамтитын елді көресіз. Европалық және ресейлік тарихшылар мұны түркілер солай орналасқан деп түсіндіреді. Міне, сізге өз тарихына өзге тарихшылардың көзімен қараған халықтың келешегі жоқтығы туралы қағиданың жарқын көрінісі!
Ал егер 19-шы ғасырдағы Ресей империясының шекарасын орыстардың орналасуына қарай сызсақ не болады? Мәскеуден Владивостокқа дейін созылып жатқан жіңішке жолақты ғана көрер едіңіз. Чукотка да, Якутия да, Қазақстан да ол картаға енбес еді. Бұдан шығатын қорытынды – империялық этностың орналасуы мен империяға енетін аумақ дегеніміз екі түрлі түсінік.
Егер белгілі бір халықты екінші халық жаулап алып, өзіне бағынышты қылып, одан ресми алым алып тұрса, онда әлгі халық тұратын аумақ түгелімен сюзереннің территориясына қосылуға тиіс. Қазақ хандығының аумағы 18-ші – 19-шы ғасырларда Ресей империясының территориясына осылай қосылды. Бұған ешкім дау айтпайды.
Онда неге Түркі Қағанатының құрамына Қытай мен Иран, Ауғанстан мен Сібірдің солтүстік бөлігі енгізілмеген? Түркілер іс жүзінде Қытайды билеп тұрған Ци әулетін тақтан тайдырып, Алдыңғы және Оңтүстік Азияда үстемдік құрған Ақ Ғұндарды талқандап, Хосроу I басқаратын Сасанидтік Иранды алым төлеп тұруға мәжбүр етті, Византияның Қырымдағы әскерін қарусыздандырды. Бөтен елдердің тарихшылары алдап жүрген жоқ па бізді? Түркілердің өз тарихын білгені парсыларға да, орыстарға да, қытайлар мен гректерге де тиімсіз. Сондықтан да олар бізді үнемі сынап-мінеп келеді.
Түркі халықтарының арасындағы саны жағынан ең көбі қазақтар болғандықтан өз мақалаларымда түркі дегеннің орнына кейде қазақ деген терминді қолданамын, бұл үшін айып етпессіздер.
Тереңнен тартайық:
Біздің заманымызға дейінгі 3-ші ғасырда әлемнің саяси картасындағы Парфия мемлекетінің орнында Сасанидтер әулеті билейтін жаңа парсы мемлекеті пайда болды. 459-шы жылы өздерін Ақ Ғұндар деп атайтын Орта Азия түркілері Бірінші Пероз басқаратын Сасанидтік парсы мемлекеті мен Үндістандағы Гупттар мемлекетін бағындырып, алпауыт империя құрды. 6-шы ғасырда түркілердің өзге тайпалары Ақ Ғұндарды талқандап, Түрік Қағанаты өмірге келді. Эфталит түркілерін жеңген Истеми Қаған бұл кезде Хосроу I билеп тұрған сасанидтер мемлекетін алым төлеп тұруға мәжбүр етті. Түркілердің қолдауына жүгінбесе болмайтынын түсінген Хосроу І сосын Истеми Қағанның қызы, Тараз маңында туған Тұқым ханшаға үйленді. Хосроу I-нің парсылары православие дініндегі гректердің Византиясымен бітіспес идеологиялық күрес жүргізіп жатқан. Зороастризм дінін ұстанатын Бірінші Хосроу өз дінінен христиандыққа өткен парсыларды қатаң жазалауды көздейтін жарлық шығарды.
Түркілерге бағынып, оларға алым төлеп тұрған, сонымен қатар, түркі әскерінің арқасында бұрынғыдан да күшейіп алған Бірінші Хосроу парсылардың зороастризм дінін сақтап қалып, византиялықтардың парсыларды христиан қылып жіберуіне жол бермеді. 540-шы жылы Хосроудың әйелі, Истеми Қағанның қызы ұл тауып, тарихқа ол Төртінші Ормизд деген атпен енді. Суреттің оң жағындағы қыз – сасанидтердің шахы Ормиздтің анасы, Тараз қаласы маңында өмірге келген Тұқым. Сол жақта – Түркі Қағанатының вассалы Бірінші Хосроу. Ортада – екеуінің перзенті, жартылай парсы, жартылай түркі Ормизд шахзада.
Парсы тағының мұрагері анасына тартса керек, жүзіндегі түркілік сипат ап-анық көрініп тұрған. Кейін түркілердің Ғазнауилар империясының парсы тілді ақыны Фирдоуси әйгілі «Шахнама» дастанында былай деп жазады:
Түркі қалай біздің таққа отырмақ?
Халық оған патшамыз деп бас ұрмақ!
Нағашысы Қаған оның, қас дұшпан –
Оны тапқан анасы да сол тұстан!
Сыртқы кейпі түркілерге ұқсайтын Ормизд өзінің әкесі Бірінші Хосроудың ісін әрі қарай жалғастырып, Византияға қарсы күресті табандылықпен жүргізеді, ал 576 жылы нағашы атасы Истеми Қаған дүние салған соң екіге бөлініп кеткен Түркі Қағанатына бағынудан да, алым төлеуден де бас тартады.
Сасанидтік Иран мен Түркі Қағанатының арасындағы тайталас сол кезде басталды. Іс жүзінде бұл Сасанидтердің Түркі Қағанатынан тәуелсіздік алу жолындағы күресі болатын. Тағдырдың тәлкегін қараңыз, бұл күресті түркі қағанының туған жиені, Иранның шахы Ормизд бастап берді.
Бұған жауап ретінде Батыс Түркі Қағанатының әміршісі Қара-Шорын бұрынғы вассалын бағыныштылыққа мәжбүр ету мақсатында Сасанидтік Иранға басып кіреді. Бірақ қарсыласын жете бағаламай, Герат түбінде сасанидтік қолбасшы Бахрам Чубиннан жеңіліп қалады. Бұл кезде сасанидтер билеушісі Ормиздтің әскерінің құрамында отырықшы халықтардың өкілдері ғана емес, түркілер де бар болатын.
Халқының тарихи дұшпанынан үстем түскен Бахрам Чубин азат етуші ретінде даңқы шығып, парсылардың құрметіне бөленеді, сосын өзінің шахы Ормиздке қарсы шығады. Сөйтіп 590-шы жылы 6-шы ақпанда жартылай түркі, жартылай парсы Төртінші Ормизд тақтан тайдырылып, узурпатор Бахром Чубиннің жақтастары шахтың екі көзін ойып алып, өлтіріп тастайды. Халықтың арасында құрметі арта түскенмен, Бахрам Чубиннің салықты көбейткенін, меншікті қайта бөлгенін жақтырмаған парсылардың ақсүйектері оны жек көретін.
Бұл кезде Ормиздтің ұлы, Истеми Қағанның жиеншары, семиттердің кедей әулетінен шыққан христиан қызға ғашық Екінші Хосроу қазіргі Әзербайжанның таулы өлкесі Ардебилдің алан-шахы яғни билеушісі болып тұрған. Парсы тағының мұрагері ондай қызға үйлене алмайды, бірақ сол кезде төңкеріс жасалып, әмірші тақтан құлаған кез. Екінші Хосроу сүйіктісі, семит қызы Шырынмен бірге Византияға қашады. Гректердің императорына қазіргі Армения мен Грузияның жерін Византияға беруге уәде етіп, қашқын шахзада Иранға 40 мың жауынгерден тұратын грек әскерін бастап қайтып келеді.
Урмия көлінің жағасында орналасқан Ганзак қаласының түбінде Екінші Хосроу узурпатор Бахрам Чубиннің әскерін қирата жеңеді. Бұл жолы Бахрамда түркі әскері де, парсылардан тұратын жаяу әскердің басым көпшілігі де жоқ еді. Парсы генералы Бахрам қашып отырып… Батыс Түркі Қағанатынан бір-ақ шығады! Қалған өмірін сонда өткізіпті.
Иран шахының тағын қайтарып алған соң Екінші Хосроу қоғамда үстемдік құрып тұрған зороастризм қағидаларын белден басып, арамейлік христиандар әулетінен шыққан кедей қызы Шырынға үйленеді. Кейін Фирдоуси өзінің «Шахнамасында» былай деп жазады:
Әміршінің әйелі қаратабан болса егер,
Қалай одан туады ел билейтін мұрагер?!
Екінші Хосроу 38 жыл бойы Иран шахының тағында отырып, 628-ші жылы 28-ші ақпанда өмірден өтті. Содан кейін 13 жылдан соң Араб Халифаты Сасанидтік Иранды біржолата жойып жіберді.
Жүздеген жылдардан кейін Екінші Хосроу мен семит қызы Шырынның махаббатын жырлаған «Хосроу мен Шырын», «Ләйлі-Мәжнүн», «Тахир мен Зухра», «Сухейл мен Гүлдұрсын» тәрізді ғашықтық дастандар пайда болды. Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасы» түркі және парсы поэзиясының осындай жауһарларының негізінде дүниеге келген.
Бұл оқиға туралы европалық немесе кеңестік тарихнамада бір сөз айтылмайды.
Бір кездері қазіргі Иран, Ауғанстан, Пәкістан елдерінің аумағы түгелімен, Қытай аумағының басым бөлігі Түркі Қағанатының құрамына кірген. Сол дәуірлерге қатысты карталарда соның бәрі анық көрсетілуге тиіс. Көрші елдердің тарихшылары сызған карталарға сене бермеңіздер. Өз пікіріңіз болғаны жөн.
Жалғасы бар.
Айбек А.