Виктор Гюго «Париждегі Құдай-ана соборы» романының соңғы жолын жазып болып: «Ә, сия сауыт ішіндегі не десем осы екен ғой!» – депті.
* * *
Қаламгер әр құбылыс алдында мембрана сияқты бір тербеліске, тебіреніске түспей қалмайды. Әр құбылыс оның жүрек пернесін бір дың еткізбей бос өтпейді де!
* * *
Бұл маған дейін жазылып қойған деп қорғаншақтау – таланттың тәжірибесіздігінен туатын нәрсе не өз күш-құдіретін бағалай алмаудан туатын нәрсе.
Сырбай Мәуленовтің сонау 50-жылдарда әзіл ғып айтып жүретін бір сөзі бар еді. (Ал әр әзілде ақиқаттың ұшығы бар емес пе?) Сырағаң:
– Мен өлең жазып отырғанда өзімнен асқан ақын болған емес, болған да жоқ, болмайды да деген сенімдемін, – дей беретін. Осы сезім бәрімізге керек.
* * *
Творчестволық жолының ұзына бойында кілең гүлге көмілген жазушы табыла қояр ма екен? Классиктердің өзінің де стол тартпасынан шықпай тұншыққан туындылары болған-ақ шығар. Баспалардың тақырыптық жоспарларында белгіленіп, атымен жарық көрмей қалатын шығармалар да кезігеді. Дәме мен дәрменнің арасы жер мен көктей болған соң амалың бар ма? Уәде ниет қалпында қалады. Бәрібір жазушы ізденіс үстінде болады, сәтсіздікке ұшыраған шығарма келесі сәттілікке баспалдақ боп елеусіз қызмет атқарып барып өледі. Әлбетте, оқырмандар үшін бұл процесс – кілті жоқ құпия.
* * *
Әдебиетке жаңа жазушы не ақын келді десек жаңаша шеберліктің бір түрі пайда болды деген сөз.
* * *
Сөздердің тағдыры әрқилы әрі қызық. Сөздің о басындағы өз қалыбын өзінің туған тілінде сақтамай, өзге тілде сақтайтыны да кездеседі екен. Аңшының әмбеге белгілі бір қаруы – қақпан. Қақпанның бүгінгі қалыбына қарасаң, сөз түбірі «қағу» екен ғой деп те қаласың. Бірақ бұл логикаға келмейді. Жерде жатқан қару аңды қаға алмайды. Ол өзінің құрбандығын қауып барып, алады. Бұл сөздің ендеше әу бастағы бітімі «қапқан». Бұл түрі орыс тіліне ертеде біздің, түркі тілдерінен ауысқан қалпында сақталыпты. Ал өз тілімізде «п» мен «қ» дыбыстары айтуға оңтайлы болғандықтан орнын алмастырған-ау тегі.
Тіліміздегі төркіні мен тегі, мән-мазмұны бимәлім атаулардың сырын өз ауламыздан ғана іздестірмей, көршілес халықтардан қарастырған жөн сияқты және осы жол жеміссіз де емес.
* * *
Қазақ ССР Ғылым Академиясының ғылыми қолжазба қорында батырлар жырының өзі ғана 257-ден асады екен. Эпостарымыздың ұзын ырғасы 300-дей. Міне, байлық! Солар қалың оқырманның қолына қашан түгелдей тиер екен?!
* * *
Әр сыншының ғана емес, әр ақынның, әр жазушының сөз өнері сан салалы, сансыз мәселелері хақында өзінің қалыптасқан, әр кез толыға жаңарып отыратын, өзі берік ұстанатын төл қисыны бар. Сол қисыны қағазға түспей-ақ көкірегінде жазулы жүруі ықтимал. Ол өзіне дейінгі қағидалармен үйлес, орайлас болуы да мүмкін. Өзіндік даралығы бар түйіндер болуы да мүмкін. Мәселен, аударма, поэзия аудармасын алайық.
Біреулер: «Лермонтовты аудардың екен: соның ырғақ, ұйқас, шумақ өлшемдерін, әр үтіріне дейін сақта – бұл заң болуы тиіс», – деседі. Мен де осы талапты негізінен қуаттаймын, қолдаймын. Сөйте тұра, жаңағы жалпы алғанда жаны бар, жақсы да әділ талапты қолдай отыра, аударма азабын қырық жылдай арқалағандардың, әлі де арқалаушылардың бірі болғандығымнан соны бірыңғай заңға айналдыруға қарсымын, оған тәжірибенің өзі де көнбейді, көндірмейді. Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін орысшаға аударған Лермонтов нұсқасындағыдай алты және бес буынды ырғақпен қазақшалаймын деген кісі қатты қателескен болар еді. Өйтсе оның өлеңдік сәні де қалмас еді. Бұл тұста сегіз буынға сескенбей барған Абайдікі мың да бір дұрыс.
* * *
Бүгінгі кейбір кенеусіз жазушының кебек шығармаларына уақытымды зая кетіргенше бұрынғының кемел жазушының романын бірнеше рет қайталып оқығанды артық көрем.
«Абай жолының» кейбір томын төрт рет оқыдым. Алғашқыда жалпы ұзын-ырғасын білмекке апыл-ғұпыл, аузыма ұсынған асымды әлдебіреу қағып кететіндей асығыс оқыдым. Алғашқы томын әскерде жүріп, соғыс жылында оқыдым. Екінші томын армиядан ауылға оралған соң. Үшінші, төртінші томы жазылғанда мен автормен бір қаладамын. Баспасөз бетінде көрінген әр үзігін қолма-қол қақшып оқыдық.
Екіншілей оқуым – тілдік қорымды байытып, сөз байлау тәсілін аңдағым келді. Әр сөзді тексере, маған бейтаныс, тосын, жаңа тіркестердің, атаулардың астын сыза отыра оқыдым. Тілдік қорды байытуға арналған менің 5-6 қалың дәптерім бар. Солардың ішінде сүбелі бір орын М.Әуезовтікі.
Үшінші рет қайталап қараудағы ниетім – көркем образдар сомдауы қалай, қазақ тарихын көркемдік айнасына түсіруін, өмір шындығымен көркемдік шындықтың ара қатынасын тану.
Төртінші рет, анығырақ айтсам, үзіп-жұлып, әлсін-әлсін оқуым шығармашылық құпия, сөз жасау, сөз байламдарын жаңаша құру, композиция түзіліміне бойлау, творчество адамын көркем әдебиетте бейнелеу проблемасы…
* * *
Дүние қызық: өзім болған елдер, өзім жүрген жерлер, аралаған қалаларым, дәмін татқан далаларым жайында өзгелердің жазған естелік-әсерлерін, жол жазбаларын үңіле оқимын. Бұнда екі түрлі мақсат бар ғой деймін.
Біріншіден, анау автор менен терең түйсінді ме, тайыз тамсанды ма, яғни өз алғырлығыңды салыстырып бағалау; екіншіден, ұмытқаныңды еске түсіру яғни екінші рет ләззаттану. Таңдаған тақырыпқа шығармалар жазу да осы салыстырмаға ұқсас.
Өз бағаңды озықтармен салыстырғанда ғана білесің.
* * *
Өзін-өзі алдаған, өзін-өзі алдарқатқан ақын, жазушы үлкен өнер биігіне көтеріле алмайды. Өзіне, қолы жеткеніне ешқашан көңіл көншімеуі – қаламгердің талантын жалынша лаулатады.
* * *
Бұрынғысының да, бүгінгісінің де бүкіл асылын сақтай білетін, жаңаны, жақсыны жатсынбайтын тілдердің бірі – біздің тіл болар. Икемді, оралымды, өрнекті тіл. Байлығы ұланғайыр…
Сонымен бірге, саздылығын алсақ, қатқылдау да тіл.
* * *
Поэзиядағы, прозадағы көпірме сөзге, қысыр сөзге, кеуек сөзге қарсы күрес ашу әрбір адал қаламгердің парызы болса керек. Жан анаңды сағынып, алыстан хат жазсаң малтаңды езіп, мағынасыз сөздерді тіркеп, тізбектей берер ме едің? Сүйген қызыңа көңіліңді білдіріп өлең жазсаң, сүреңсіз сөзді жинар ма едің, жүрегіңнің отына орап, есіл-дертіңді алған асыл сезімді аз сөзбен әдемі айтпас па едің? Әр сөз түгіл, әр үтіріне әр-көрік іздегендей сарылып, салмақтап айтпас па едің?! Ақын бүкіл поэзиясын осындай үздігуімен не өшпенділікпен жазуы тиіс.
Айтпасыңа амал жоқта айт! Не көңілің тасығанда сөйле, не жаның ашынғанда сөйле!
Жаман өлең жазғанша жақсы ақынның жырын оқы!
* * *
Шығармаға идея таба алмай сандалып, оңайдан оқиға іздеп, жоқтан-бардан сюжет құрастырып, сабылып, рәсуасы шығатындарды түсіне алмай келемін.
Жеті қат жер астынан, не орысша айтсақ, үйдің төбе тақтайынан жыр қағыстырып тыпырлау, алаңғасар әурешілік, жеміссіз жеңілойлылық, әдеби бейғамдық екен ғой. Бәрі өз қасыңда, жақын маңда, жаныңда, ішінде, досыңның ішінде, қасыңның ішінде, көршіңнің ішінде, бейтаныстың ішінде екен! Халқыңның өткені мен бүгінгісінде, ертеңге ұмтылысында екен ғой поэзия! Айналадағыңды айдаладан іздеме! Өлеңді ғарыштан іздеме, қара жердің бетінен тап! Өзіме де, өзге әріптестеріме де бүгінгі айтарым осы.
* * *
Өзің өзгеден көретін қысастығың өзгеге істеген қиянатына тепе-тең. Жазатын шығармаңа қаншалық жеңіл қарасаң ол да соншалық ауыр ұятқа қалдырады.
* * *
Әдеби сын, шығармаға айтылған пікір атаулы соттың үкімі, ханның кесімі емес. Бір шығарма төңірегінде олай да, бұлай да пікірлер бола беруі ықтимал. Керек десеңіз, сол пікір алалығынан әділ баға даналығы тууы ықтимал.
* * *
– Мұқа, Абай поэзиясын осы күнде де кейбір білгіштеріміз терең бойлап, түптеп түсіне де алмай, түбегейлі түсіндіре де алмай жүр… Сонда ақынның көзі барында замандастары қайткен екен?! – деп сұрадым ұлы жазушымыздан үлкен ақсақалымыз Ғабиден Мұстафиннің көзінше.
– Ғабиден, мына бала қызықты-қызғылықты сауал қойып отыр…
Қарағым, өз тұсында Абай сөздерін абайламақ түгілі, сыншыл көзбен қарап, ақыл қосқан жандар да болған. Абай да аспаннан түскен жоқ. Ал өзгелерден ақыл-парасатымен оза шауып, суырылып алға шығандауы – өзгеше мәселе, оқшау тағдыр, – деп түйді сөзін Мұхтар Әуезов.
Бұл әңгіме Талдықорған сапарында болған-ды.
* * *
Джек Лондон: «Ұлы ақындардың бірде-бір жолын тастамау керек», – депті. Біз «бишаралардың» бір жолын емес, мың жолын лақтырсаң да ештеңе ойсырамайтын кезі де табылар. Құнсыздан құтылу – құт орнағанмен бірдей. Халыққа масыл болар қадырсыз-қасиетсіз сүйретінді сөздерді, татымал жырсымақтарды азайту да, ондайдан ада-арылу да – абыройлы іс. Әр қаламгер өзі көзі барында арзанын алалап, маржанын саралап берсе ғой.
* * *
Біліктілердің былайғылардан бір артықшылығы – бұрынырақ бұрын айтқанының өзі бүгін айтылғандай лайықты, орынды, көңілге қонымды, әлденені – тереңдегіні және қиядағыны, қияндағыны аңдатып, бар-жоғыңды барлатып, барыңды місе тұттырмай, әлі өз қолың жетпеген асылдарды іздеттіретіні ғой.
* * *
Жыр неғұрлым көнерек, неғұрлым ертерек жазылған болса соғұрлым соны оқуға ынтықпын.
«Уақыт сынынан қалай өткен екен?» – тегі, мені қызықтыратын осынысы болар.
«Әрі өз заманының иісін, үнін, бояуын қалай сіңірді екен?» – екінші сұрағым осы шығар.
* * *
Қолыңа алған кезекті шығармаңды қағазға түсіріп болып, өз ішіңе үңілсең төңкеріліп, ішіндегісі түгелімен сарқылған ыдыстай сезінесің. Ертеңіне бір тамшы нәрің қалмай, әбден таусылып біткендейсің. Жоқ, ол өткінші де өтірік сезім. Іздеген еш сарқылмайды екен.
…Түрікменстанға барып қайтқанда Мақтұмқұлыға деген халқының махаббат өресін біліп қайттым, одан бұрын да жорамалдайтынмын. Жетпістегі дана да, жетідегі бала да Мақтұмқұлысыз сөз сөйлегенін көрмейсің… Сол шайырдың өлеңдегі – ендеше өмірдегі орнын романтикалық сарынмен асқақ айтқым келді, мейлінше мығым айтқым келді. Оған құдіретім жетті ме, жетпеді ме – білмеймін.
* * *
Қаламгер өз өмірбаянын қалай білсе халық тарихын, халық тіршілігін, ел тыныс-демін де солай білуі тиіс.
* * *
Брюллов суретшілерге «Кеңірек, кеңірек көсіліңдер. Миниатюршыл-дыққа бой алдырмаңдар», – деп кеңес берген екен. Тегінде «ұсақшылдыққа бой алдырмаңдар» дегені болса керек.
Кеңірек көсілуге де біраз уақыт қажет шығар. Бірден дастан жазған да, бірден роман жазғандар да жанрға тән қиындықтарға асу белдей ауыртпалыққа жеткендей малтығады. Малтықпай қоймайды. Қаламгерліктің қара жұмысын қайта бастайды, басынан өткермей аттап өте алмайды.
* * *
Редактор – кітап авторының қит етсе қиналысқа салатын қиянатшысы емес, қымбат асылын қадір тұтар, жаңсақтау кеткен жерлерін түзеттірер, олқысын толтырар шын жанашыры, ақылгөй кеңесшісі болуға тиіс.
Жазушы мен редактор бір-біріне қилап-қырбай пенделер емес немесе бірін-бірі жөнді-жөнсіз қолпаштайтын көңілшек доссымақтар да емес, сонау мыңдаған, одан асса миллиондаған оқырмандардың алдында азаматтық борышы мен жауапкершілігін бір сәтке ұмытпайтын творчестволық екі тұлға.
* * *
Поэзия өзіңнің таңдануың мен өзгені таңдандырудың екі аралығында жатады. Мұның мәнісі яғни, әдебиет таңдана білуден басталып, талайды таң қалдыруға тіреледі білем.
* * *
Сезімнің өткірлігі мен драматизм поэмаға да, миниатюраға да қажет. Қарама-қарсылықтың бірлігі мен күресі болмыстың барша құбылысында болса, жырда да өз көрінісін табуы шарт. Шыншыл жырда да солай! Жалпы поэзияда да солай!
Жеті кетті жүгіріп,
Жетпіс қалды сүрініп.
(Қасым Аманжолов)
Екі-ақ жол жыр! Осында қанша шындық бар! Құлындай құлдыраңдаған балалық! Бейғам балалық! Құстай ұщқан құштарлық!
Қарға адым жерді қиынсынған кәрілік, қадам сайын қалтыраған аяғын қарғаған кәрілік!
* * *
Жазушы өзіне жаратылыс сыйлаған сирек талантымен, жанын қинап жастан терген жан-жақты білімімен, кейде заман ағымын болжағыштығымен де өз замандастарынан, қауымнан озып кетуге хақылы, одан ешкімге залал келмейді де, ал тек қолына қалам ұстағандығын сідет тұтып, өзін қоғамнан жоғары қоймаққа кердеңдеген ақынсымақ не жазушысымақ қарабет, арсыз атанар еді…
* * *
Ешбір ұстаз, ешқандай әдебиетші ауызбен айтып, тілмен баяндап, ақылмен талдап бере алмайтын әдебиеттің өнерлік құпиясы бар. Ол құпияның сырын ашатын болашақ қаламгердің өзі, оның серіктесі қатал да сараң жылдар. Сол құпияны бір-ақ күнде ашқан, бір жылда бүтіндей атқарған бірде-бір ақын, бірде-бір жазушы, бірде-бір сыншы жер бетінде әлі жоқ болар. Сол құпияны түптеп түгел ашқаны да жоқ шығар.
Поэзиялық құпияның қақпасын анық ашатын жалғыз-дара алтын кілт – күнделікті тәжірибе, үздіксіз жазу, толассыз творчество, қызу еңбек.
Білсем деп ынтыққан әдеби еңбектің құпясын мен де құштарлы құлшыныс арқылы бір-бірлеп, айлап, жылдап аша бастадым. Әлі де ашып келемін. Бұл процесс өмір жолы таусылғанда ғана тоқталатын шығар.
* * *
Виссарион Белинский атақты «Гогольге хатын» бір отырыста-ақ жазыпты.
Халыққа деген қаншама қамқорлық, досқа деген қаншама жанашырлық, ашыған удай әділ ашу!
Жүректің қанымен жазылған деген сөздер осындай-ақ болар!
* * *
Садриддин Айни «Естеліктер» атты ең үлкен кітабын алпыс тоғыз жасында бастапты. Күні еңкейген шағы болған соң үлгірмей қалам ба дегендей қызу қарқынмен жазған. Жұмыс күні таңғы 3-4-терде басталған. Сағат сегізде таңғы тамағын ішеді екен. Сегіз жарымда жазуға қайта отырады. Түскі асқа жарты-ақ сағат уақытын қиған. Содан сағат кешкі беске дейін қағаздан бас алмаған. Кешкі асқа дейінгі, одан кейінгі уақытын газет-журналдар оқуға арнаған. Ол аз болса оқып отырған шығармаларының тілдік, стилистикалық кедір-бұдырларын жол-жөнекей жонып, тегістейді екен.
Кәдімгі шәкірт қаламымен жазыпты, дәуітке қаламын әлсін-әлсін малғанды ұнатқан: автоқаламды қалам екен деп есептемеген.
Ол алдын-ала қарадай жорамал ойлар жазуды немесе жоспар сызуды әдет етпеген. Жетпіс жыл бұрынғыны да, жеті күн кейіндегіні де жады-зердесінде сақтаған.
* * *
Әдебиетшілер ортасында «Екінші кітап проблемасы» деген ұғым бар. Автордың алғашқы жинағы әлеумет көңілінен шығады, ал кейде, кейде ғана емес-ау, екінші кітаптың деңгейі тұңғыштың қарасын да көре алмай қалатыны бар.
Ендеше екінші кітапқа да, одан кейінгіге де самарқау қарап, салқын жазу – кешірілмес кінә ғана емес, күнә болар еді.
* * *
Талантты тану – қиынның қиыны. Таныған соң тәрбиелеу одан да қиын… Дарын иесіне дәл баға бергісі келетіндер өздеріне риясыздық пен жанашырлықты серік етіп алғаны жөн. Жас талапкерлердің бірді-екілі өлеңін оқи сала:
– Пәленнен майға бөлесең де мән шықпас!
– Түген туасы талант! – деген сияқты ұшқары пікірлер кейін әттеген-айларға соқтыратынын көріп те келеміз.
* * *
Кез келген ақын-жазушыға: «Өзіңді өзің қанша іздедің? Қашан таптың?» деп сауал қоя қалсаң солардың салихалы жауап берерлері санаулы-ақ.
Шығармашылық жолына қайырыла бұрылып, көз тігіп, түйінді пікірлер айта алмайтындарын аз жолықтырғаным жоқ, көп ұшыраттым.
Артына қайырылып қарамай, асыға-үсіге шапқылап бара жатқан жандар көзге елестейді. Соңымнан келе жатқандар керегін өздері теріп алсын дегендей үрдіс, ұмтылыс.
* * *
Жазғанда мен қиналмасам, оқығанда сен қиналасың, оқырман! Сені азаптамайын, қинамайын деп өзімнің ақсорпамды шығаратынымды құлағыңа сыбырлап қояйын.
* * *
«Қайткенде жақсырақ жазар екем?» деген сауалға жазушы жауап іздеген сайын. «Осы қазір қалай жазып жүрмін? Қай деңгейдемін?» – деген сұрауларды да алдына көлденең тартар болар. Ендеше әр қаламгер өз творчествосына шығармашылық шытырман машығына үңіле, өткен жолдарын шиырлай шолуы заңды. Өзгелердің тәжірибесі өзің басыңнан кешкендей қайдан болсын! Өзгенің өнегесі мен өкінішін жоққа шығару емес бұл…
Рас, творчестволық лаборатория сырын ашу қалам қайраты сарқылғаннан кейін жасалатын соңғы қорытынды емес, өрлеу үстінде анықталатын өнер құпиялары болса керек. Бұл ізденген үстіне ізденуге саюы тиіс. Игілікті ізденіс болуы абзал!
* * *
«Алатау» санаторийі. Кеш. Дем алушылар Алматы телевидениесінен берілген «Поэзия кеші» деген хабарды тамашалап отырған. Әп сәтте ожарлау бір жігіт ұшып түрегеліп:
– Футболға кезек берелік! – деп телевизор тұтқасын бұрап, басқа каналға ауыстырып жіберді.
– Жігітім, бұл не қылған көргенсіздік! Поэзияны футболға айырбастағанды қайдан көрдің?! – деп әйгілі журналист Әбдуәли Қарақұлов тыйып тастады. Анау әдепсіз де, допқұмар өзге ағайындар да жым болды!
Иә, поэзияға сый-құрмет керек, жолдастар!
* * *
Н.Гоголь «Осыншама тіл байлығын қайдан аласыз, мынандай керемет стильге қолыңыз қалай жетті?» деген сауалға, «Түтіннен, – деп жауап беріпті. – Жазамын да, жазғанымды өртеймін. Содан қайта жазамын». Осыған ұқсас жауап Гогольден бұрын өткен Карамзинда да бар екен.
* * *
Ауыз әдебиетін айналып өтіп, атақ-абырой алған ақын-жазушы болған екен дегенді естіген де емеспін, әдебиет тану ғылымынан да кездестірген де емеспін.
Халқынан үйренбей қаламгер атанбас. Бұл бұлжымас қағида. Ауыз әдебиетінің асылдарын тере келе, тәжірибе жинақтай жүре, ақынның неғұрлым халықтық нұсқаға жақындай түсуі ғажап емес. Мәселен, мына бір егіз жол өлең:
«Алтынды қақтасаң да жез болмайды,
Жібекті таптасаң да бөз болмайды».
Аксиомалық ақиқат – асыл азбайды, әр кез қымбат қасиетін сақтайды. Туындының идеялық тұрғысын төмен дей алмаймын. Ал көркемдігі ше? Бұнда да қасиеті бар сияқты. Шендестіруге құрылған өлең. Кереғар бейнелер. Біріне-бірі қарсы алынған асыл мен жасық: алтын мен жез, жібек пен бөз. Осы бір екі жол өлеңде төрт бірдей ұйқастың түзілім құрауы («таптасаң да» мен «қақтасаң да» және «жез» бен «бөз») құлаққа жағымды естіледі. Әрі мына сөздің басы артық дерлігі жоқ. Шын бар дүниенің барлығын айтудың ағаттығы да болмас. Әлгі екі жолды менің түсінуім осындай.
* * *
Әдебиет әлемінде эксперимент жасауға әр қаламгердің хақы бар. Жаңашылдық атаулының бәрі сол эксперименттен басталады. Эксперимент еріккеннің ермегі, жалықпастың жаттықпасы емес. Таза творчестволық тірлік.
Өз поэзиямызда осындай ырғақтық не шумақтық түрлер болса қайтер еді деген ниеттен гөрі, жазайын деген өлеңімнің көңіл-күйінен келіп өзінен-өзі туған өлшемдер менде де іздегенге табылып қалатын сияқты. Мәселен, ақын Әбділда Тәжібаев бастап, өзгеміз қостағандықтан қазір біржола поэзияда орныққан он үш буынды өлең де о баста бірден қолдау таба қоймаған болып шықты! Жаңашылға жамағаттың алғыс айтатыны содан.