КӨҢІЛДЕН ТАЛАЙ ЖЫЛДЫҢ КӨШТІ СЕҢІ…

 

Жолымда орлар қанша, заңғар қанша,

Жылдар қанша, шіркін-ай, арман қанша!

Кім бар, кім жоқ дүние, байқамайсың

Төрт құлаш өрмек жүзін аударғанша!

 

Алдар ма мына ғұмыр, Тазша ма екен,

Қай жерден құпиясын қазсам екен.

Өмірдің «Өрмек» атты картинасын

Қай тұсын қай түспенен жазсам екен?

 

Бұл жалған шыныменен бекер ме екен,

Бұйырғаны тұз ба екен, шекер ме екен.

Қызыл-жасыл сәттерін суреттеуге

Бояуы қылқаламның жетер ме екен?

 

Өрнегі ою ма екен, гүлді ме екен,

Шаршылап, шебер төккен үлгі ме екен.

Арқауына аппақ жіп төккен анам

Кейін дақ түсетінін білді ме екен?

 

Ауылы арман шәрдің алыс па екен,

Ұйқасы теріс пе екен, шалыс па екен.

Бояуы солғын ба екен, қанық па екен,

Өлшемі құлаш па екен, қарыс па екен?

01.11.24ж

 

Қатпарында қалғыған қағанаттар,

көне күннен жеткізер саған ақпар:

Құсмұрын — ол жай ғана жүзік емес,

Атан белі қайысар аманаттар!

 

Қырмызы бел қыжымын қызықтап таң,

Анаң саған жастығын үзіп таққан,

Өз жұртына ұзатып қыз ғұмырды

«Аман жүр» деп құсмұрын жүзік таққан.

 

Көктем келсе көшетін гүлге реңі

Қыз — өмір ғой: жасайды, түрленеді.

Саусағына жүзікті оң тағып жүрсе,

Жат жұртта жыламай жүр дегені…

 

Мазалайды бұл сұрақ жиі мені,

Тар маңдайға қанша бақ сыйып еді?!

Бір жүзіктің бедері — бар ғұмыры —

Қыз тағдыры не деген қиын еді!

 

Жүзіңді күн, теліген көркіңді айға,

Көл тыңдай ма, мұңыңды жел тыңдай ма?..

Қанша қыздың қолында сол жүзік жүр

Аманатын іздейтін төркін қайда?!.

17.12.2024

 

Ақ жол інім, сайлаған көш көлігін,

Біраз жайттар түсіп тұр еске бүгін,

Сен өзіңмен бірге алып бара жатсың

Менің бала күнімнің естелігін….

 

Ол — менің желіп көшкен құлын күнім,

Ол тым қымбат, сен соны ұғын күнім!

Ағаңның бұғалықсыз асау шағын

Жеңгеңнің желбіреген шымылдығын!

 

Маңдайын жылжып өткен жыл қақтаған,

Уақыттың күймесімен зырлап барам,

Толтырып төрін әке-шешем өткен

Ескі үйдің әрбір тасы қымбат маған.

 

Шақырған мен мұндалап түтіні алдан,

Еңселі, төрт құбыласы бүтін ордам,

Алдағы арманыма шығарып сап,

Алыстан оралғанда күтіп алған,

 

Алтын көпір жалғаған Ойдағы елмен,

Сағыныш — сазым мәңгі бойдан өрген,

Ырысы сарқылмаған қазанында

Бұл — алтын босағам ед тойға келген!

 

Жарығын жанған шолпан қақпайлаған,

Отында ырыс ұйып, бақ қайнаған,

Керегеде ілулі құранды ері

Ол — әкемнің қазығы ед, ат байлаған!

 

Жүректегі ең қымбат күйіңді  арнай

жүр жаным, жаңа қоныс сыйың болғай!

Табалдырық дегенің таудай биік

Ауылдан көшу деген қиын қандай!

 

Татысын тағдырыңның шекері бал,

Келері бар бұл күнің кетері бар….

Сонау қырдың басында желеп-жебер

Мәңгі тілекшілерімнің мекені бар!

31.08.24ж

 

Бір ініме

 

Өмір – жалған. Періште кім, пенде кім?

Мүңкір-Нәңкір — есікте кім, төрде кім?

Мендік жүрек – сезімдердің моласы,

«Дос» деп сенген көп адамды жерледім.

 

Інім, сен де осы жерден орын ал,

Жүрегім кең, бәріңе орын табылар.

Тек бұрынғы ақ көңіл жоқ сағынар,

Ақ сенім жоқ шағынар…

 

Өлік қой ол, қойсын сірә ол не дей

(Бұл күйімді басқа ешкімге бермегей!).

Жер қойнына тапсыруға қимадым,

Оң жаққа сап үш күн күттім жерлемей.

 

Сол жерге жат, осы сенің мекенің,

Анау құрбым, бетерден де бетерім.

Арагідік әнін естіп қалғанда

Қолым жайып, бетім сипап өтемін.

 

Мынау – бейбақ, басында құр бөрік ед,

Пара, жала, наламенен серік ед,

Өмір сүріп үлгермей-ақ бейшара,

Тірлігінде өлік ед…

 

Мынау – асау, салдырмаған бұғалық,

Адамды өлім алаламас, ұғалық.

Өз-өзіммен күбірлесіп отырам,

Жалғыз өзім жаназасын шығарып…

 

Мынау бейіт – моласы бір ақынның,

Есек миын өсек жеген пақырдың.

Әр досымды жерлеймін деп кеудеме

Мен өзім де тас боп бара жатырмын.

***

Жанарым, сен айтшы:

Өткен күн — бәрі де бекерін,

Тілімнің татпаған шекерін,

Уақыттың тозаңы қонса да,

Жанымның мөп-мөлдір екенін,

 

Жамалым, сен айтшы:

Жүздегі уақыттың іздерін,

Өткен жыл үмітті үзгенін,

Қанша рет шығарып салдым мен

Қайтқан құс, тырналар тізбегін.

 

Жүрегім, сен айтшы:

Жұп-жұмсақ құндағым,

Жылдардың шешпеген жұмбағын,

Қиялым жетпеген шың барын,

Өкініш, салмағы мың батпан,

Жанымда зіл барын…

 

Тағдырым, сен айтшы:

(Көнбеймін деп қанша туладым),

Батқанын қорғасын мұңдарың,

Сен айтшы,

Мен қайдан білейін,

қандай күн

Маңдайда жазулы тұрғанын…

БІЛТЕ ШАМНЫҢ ЖАРЫҒЫ

Әр кеудеде айтпаған ән бар ұлы,

Естелік бар дәмі бал, арда мұңы.

Еркелік бар жүргізген ханға әмірін

Кеудесінде білтелі шам жарығы!

 

Жылу тарап, жайдағы салқынды алып

Көлеңке суреттейтін қалпымды анық.

Қараңғылық жәйменен сейілетін

Шамнан сәуле тарайтын жалқынданып.

 

Сұлу еді сол шақтың түні, таңы,

Оны қалай жүрегің ұмытады?

Көңіліңді кіреуке мұнарласа

Сол әлсіз сәуле ғана жылытады.

 

Қоңыр үй сияқты еді күркесі әннің,

Жанарға тұнған шықты ірке салдым.

Көркеуделер, көңірсіп жүргендер көп

Түспегендер жарығы білте шамның.

 

Алаңсыз арнасынан тасып күнім,

Алдағы арманына асықты мың.

Сол шамның жарығына қарап ұққам,

Табалдырықтан төрдің қашықтығын.

***

Өткен күн-домбыраның ескі шегі,

Көңілден талай жылдың көшті сеңі,

Жүректе бала күннен қалған саз бар

Сол әуен-естір әннің естісі еді.

 

Сағағы сары жіптен тоқылатын,

Сар желген сағыныштың оқып атын,

Оймағын бармағына іліп шешем

Әндетіп жабу тігіп отыратын.

 

Сол күнге қайта апарар кім бар мені

Шалғайға әкетіпті-ау жылдар легі

Мұңлы әуен сақталыпты жүрегімде

Сол әуен есімде әлі…

тым зарлы еді…

 

Кең жайып дүниеге қос қанатын

Сығалап терезеден кеш қонатын

Алакөбең әлемге жарық төгіп

Сәулесі жылт-жылт етіп, пеш жанатын.

 

Көңілдің бояулары көшті күрең

Сол кезден қалған саз да ескі білем

Елітіп әуеніне қалғи кетсең….

Жайлы жер бар ма екен сол пеш түбінен!

 

Өткен күн-домбыраның ескі шегі,

Көңілден талай жылдың көшті сеңі…

Аспан сұр түбіт тартса, есіме сол

Түбінде анам отырған пеш түседі…

БОТАМ МЕНІҢ, БҰРЫМЫҢДЫ ҚИМАШЫ!

Арманымның бейнесіндей аппақ əн,

Сенен сұлу, сенен артық жоқ маған!

Басқаларға қона алмаған ерен бақ –

Мен сендегі қолаң шашпен мақтанам!

 

Ән жүректі, саз көңілді, күй атты

Арды аялап, биік қойған ұятты,

Ерке шағы еліктірген бойыңды

Бұла күнің – балалығың сияқты!

 

Ерке еліктің жанарындай жанарың,

Құйттайыңнан кекіліңді тарадым!

Бұрым деген – баға жетпес байлық ол,

Қиям десең, қиналамын, қарағым…

Қолаң шашпен ұят бірге үзілер

(Киелі деп құр айтпайды, қызым, ел)…

Ойларыңның орманындай қалың да,

Өміріңнің жолдарындай ұзын ол!

 

Жаны мөлдір, қасы қара, қиғашым,

Жаныңа өмір жақсыларды жинасын!

Тағдырыңның жолы сынды бұралған,

Ботам менің, бұрымыңды қимашы!

ШӘЙ ІШЕЙІК, ЖҮРШІ, АПА!

Күнікейі көш-кенттің

Көзіңдегі күн керім.

Сен зерлеген бешпенттің

Мен қадайын ілгегін!

 

Əуен бөлек əн десем,

Өрілгенде өлеңің.

Сəукелеңді сəндесең

Мен ұстайын желегін!

 

Ақбоз тартқан күймеңнің

Төмендетпей иегін.

Алтын шайған түймеңнің

Күмістейін жиегін.

Сəуле болып тарайын

Жанарыңнан жайнаған.

Айналаға қарайын

Сен қараған айнадан.

 

Жырдан құрақ құрайын

Сырларымды үзіп мың.

Көзі болып тұрайын

Қолыңдағы жүзіктің.

 

Армандары айқара

Барады өтіп қанша күн.

Жаулығыңның қарқара

Мен түзейін моншағын.

 

Көктем күйін ойнатып,

Жамыласың гүл шапан.

Сексеуілге қайнатып,

Шəй ішейік, жүрші, апа!

 

Қарагөзге

 

Бас білмейтін асауға тұрады ұқсап,

Уақытты ұстай алмайсың бұғалық сап.

Біздің көңіл әйтеуір абыр-сабыр –

Көктемдерді күтіп ап, шығарып сап.

 

Селт еткізбей серінің арнау әні,

Сезім дейтін серігің марғау әлі.

Біздің көктем «Қар қызын» еске салып,

Арасында борайды, қар жауады.

 

Үн естілді қырқадан, көшкін бе екен,

Сылдыратып шашбауың шештің бе екен?

Бейсенбі – қыс, жексенбі жаз шығады,

Аумалы-төкпелі өмір бес күн бе екен?!

 

Сәулелі сәттерімді санап қалған,

Сыры ұшқан сандығымды сан ақтарғам.

Бұл көктем де жаңбырдың тамшысындай

Көз ұшында бұлдырап барады, қарғам…

 

Ақ көйлек ем…..

Жанарын нұр, жүрегін жыр тербеген,

Салтанаты көз тартатын кермеден,

Ақ торғыннан төгілдіріп тіктірген

Ардай таза ақ көйлек ем – мен деген!

 

Ақ көйлек ем, армандардан тіктірген,

Анам берген иісі аппақ сүт сіңген.

Ақ жанымды алақанда аялар,

Аяр күннен ардағымды күттім мен.

 

Ақ көйлек ем, аққу салған арман əн,

Армандарын армандарға жалғаған.

Көлеңкені көлегейлеп жабам деп,

Сол көйлектің… сау-тамтығы қалмаған.

 

Бір кездері базарда үстем бағасы,

(«Алтын жіппен əдіптеулі жағасы»),

Жағасы жоқ, етегі жоқ, жеңі жоқ,

Сəн құрайтын қалмаған еш шамасы.

 

Ақ бояумен кестелі гүл теріппін,

Ақ көйлекті мен еді «ең көріктің».

Өз жарамды өзім таңып, жазам деп

Етегінен кесіп ала беріппін…

Жағасынан жыртып ала беріппін…

 

Күн күлмесе болсын қайдан өң нұрлы,

Жылдар озып, бояуымды оңдырды.

Жағасының жыртығынан жел гулеп

Менің жетім жүрегімді тоңдырды.

 

Ақ сəуледен алыстатып таңымды

Құр сүлдерім… қапас түнге таңылды.

Ақ көйлектің орнында бөз шүберек

Жасырып тұр шұрқ тесік жанымды…

                                                              Нұргүл МАУЛИНА

 

 

 

 

 

 

 




ПІКІР ЖАЗУ