КӨКТЕМ ДЕ КҮРСІНЕДІ
«Қамбарбек сонау 1960 жылдардың бел ортасында салдырған үйін бұздыртып жатқанда кірпіштердің арасынан қазына тауып алыпты» деген сөз бүкіл ауылды аспаннан алтын жауғаннан да қатты таңырқатты.
– Қандай қазына екен?
– Сол жылдары ауыл іргесіндегі көне кент жұртын археологтар келіп қазып жүр еді. Соларға көмектескен болып жүріп табылған қазынаның бір бөлігін жымқырған ғой.
– Айтпақшы, Қамбарбек шетелдерге шыққыш болып алып еді. Қаракөл елтірісі алтынға бағаланатын. Есебін тапқан екен де…
– Осындай заман болатынын білген екен ғой.
– Япырай, соншама жыл ішіне қалай сыйып келген?
– «Алтынның буы ұрады» деуші еді. Жынданып кетпей қалай жүрген?
Ауыл адамдары осылай десіп қалып еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәлтіректеп, «шықпа жаным, шықпамен» отырған қазақтар уақыт өте келе өзбек ағайындардың өзін шаң қаптырып кетті. Сайтанның өзін көзін байлап, есекке теріс мінгізіп жіберетін айлакер саудагерге айналып шыға келді. Бұл жерде «өзбек байыса үй салады, қазақ байыса қатын алады» деген бағзыдан келе жатқан мәтел адасып адыра қалды. Ел еңсесін тіктеп, қолындағы бір малын екеу етіп, егізін сегізге айналдырып, бүйірлері шыға бастағанда шәрі көріп келгендері ескі баспаналарын сүріп тастап, орнына жаңа, жаңа болғанда да соңғы үлгідегі үйлер сала бастап еді. Қамбарбек те қатардан қалғысы келмеген. Сол түні ол түс көріп шықты. Алтын сарайдың ішінде жүр екен. Кенет алтын сарайдың бір бөлмесінен тал шыбықтай бұралған, аршын төс, бұраң бел, аспан түсті көзді, айдай сұлу ару шыға келді де сағымға сіңіп кетті.
Қамбарбек бұл түнді шала ұйқылы өткізді.
* * *
Қысқы соғымнан сыбаға сақтап отыратын ауыл адамдары күн көзі жылт етіп, жер дегди бастағаннан алыстан арқаланып ағайыны келетіндей жол қарағыштап мазасыздана түседі. Әсіресе, жастар жағы шыдамсызданып, күйгелек бір әрі-сәрі күйге енеді. Олар кімді күтеді? Неге дегдірсізденеді? Мұнда бір гәп бар. Асықпаңыз. Барлығын рет-ретімен айтып беремін.
Ежелгі таудың теріскейін мекен еткен осы ауылдың да өзіне тән қоңыртөбел тіршілігі бар. Кеңшар қаракөл қой шаруашылығымен айналысады. Төрт түліктен түйе, жылқы, сиыр бар. Шаруалар осы мал үшін жаздай мал азығын дайындайды.
Одақ басшылығына Н.С. Хрущев келіп, әр отбасыда бес қой, екі сиырдан артық мал болмасын деген қасаң қағида шыққалы ауыл адамдары еңсесін тіктей алмай қалған. Өзінің парықсыз пиғылына көрінді ме, төбел таздың билігі қамшының сабындай шолақ болды. Одан соң билік басына келген Л.И. Брежнев халыққа жайлы еді. Қораларына мал біткен, мойындарына жал біткен еті тірілер баяғы қоржын тамдарын қомсынып, іргетасы таспен өрілген, қабырғалары қам қышпен қаланған, шатыры шифер еңселі үйлер салдыра бастап еді. Міне, сонда бойжетіп келе жатқан қыздардай гүл біткен қылтиып көрінісімен алыстан Сүлейман аға отбасымен сары автобустан түсе-түсе қалатын.
Сүлейман ағаның әр келгені ауыл үшін үлкен той. Әуелі олар кезегімен күтіп отырған қариялардың үйлерінде жағалай қонақ болып шығады. Тамара апамыздың қоржыны сиқырлы ма дерсіз, олар қай үйге барса да ежелгі дәстүрмен тарту-таралғысын, сый-сияпатын ала барады. Сонда осыншама зат қоржынның қай жеріне сия берген? Қазақ «көңіл сыйған жерге бәрі сияды» демеуші ме еді? Ақеділ жандардың қоржындары да кең болады екен ғой.
Жә, қойшы, Сүлейман ағаның тал шыбықтай бұралған, көздері танадай, аршын төс, қаз омырау, бота тірсек, шие ерінді қарындасы Фариданың өзі неге тұрады? Біздің қоңыр күзден көгілдір көктемге дейін сағыныштан сарғайып күтетініміз сол Фарида емес пе? Әңгімені сол Фаридадан бастауым керек еді ғой. Бірақ, оны ағасы ертіп келмесе, біз Фариданы қайдан көрер едік? Сондықтан әуелі Сүлейман ағаны суреттеп берейін.
Иә, сол жылдары біздің ауылдың ауқатты адамдары жаппай шатырлы үй салдыруды бастады. Бастады деу аздық етеді. Жарияланбаған жарысқа түсті. Күз келісімен үй салдыруды ойлаған отбасы өздерінен артылған азын-аулақ малын бордақылап сатып, ақшасын тастүйін етіп сандыққа басушы еді. Қолы жеткендер малын қаладағы базарға апарып сатып келеді. Ай сайын бір қарасын жығып, етінің ақшасын келесі айдың жалақысынан күтіп отыратындар да бар. Бұл қаржыға болашақ баспананың есік-терезесі, шифері, еденге төсейтін ағашы, басқа да керек-жарағы алынады. Қаржының қалған бөлігі Сүлейман ағаның қол еңбегі үшін беріледі.
Ой, несін айтасыз, Сүлейман аға шебер десе шебер еді ғой. Таңертең бозторғайдан бұрын тұрып, кешке су құйып бастырып кеткен лайды илеуге кіріседі. Әлден соң әйелі, балалары шүпірлеп жанынан табыла кетеді. Әбден иі қанып, дайын болған жұмбазды баласының бірі жіңішке күрегімен кертіп алып, білегін түрініп дайын тұрған Сүлейман ағаға қарай аса бір ептілікпен лақтырып жібереді. Лай ағаның қолына қарлығаштай қалықтап келіп дөп түсе қалады. Оны қаланып келе жатқан қабырғаның кетігіне жапсыра қояды. Бір кереметі осы жұмбаздап қаланған қабырғаға шеге өтпеуші еді. Біреулер кесек құйдырады. Қам кірпіш берік болып шығуы үшін кейде Сүлейман ағаның өзі білек түрініп жұмысқа кірісіп кетеді. Оның кесек қаласының өзі бір сурет. Балалары лақтырған қам кірпішті асқан бір ептілікпен қағып алып, қаланып келе жатқан қабырғаға дәлме-дәл қоя салады. Қазіргі құрылысшылар әуелі жіп керіп, соның бойымен кірпіш қалап жатады ғой. Бірақ біз шебердің жіп керіп, соның бойымен кірпіш қалап жатқанын көргеніміз жоқ. Көзмөлшермен-ақ қабырғаларды оқтай түзу етіп қалап шығады.
Осы қызу еңбек шаңқай түске дейін жалғасады. Ағаның өзі де, әйелі де, балалары да қыңқ деп дауыс шығармайды. Әркім өз міндетін жақсы біледі. Бірін-бірі ыммен түсінісіп, шаршамай-шалдықпай тер төгіп жатқан оларды көргенде комбайн есіме түсетін еді. Ол кезде зауыт дегенді кім көрген? Өзі орып, өзі дәнін бір бөлек, сабанын бір бөлек шығарып кетіп бара жатқан комбайн ынтымақтың ырысы, татулықтың төресі емес пе? Сүлейман ағаның отбасы да маған комбайнның көшірмесі болып елестейді.
Расында, олардың отбасы ынтымағы, татулығы, бірін-бірі айтқызбай түсінетіні біздің ауылдағыларға үлгі болды. Бұрын-соңды отбасылық мұндай татулықты көріп, білмегендіктен бе, кейбіреулердің тіпті ауызы ашылып қалды. Негізі, ауыл адамдарының қалай болса солай киініп, сол киімдеріне сай қалай болса солай ерсі сөйлеп, ерсі қылық көрсететіндері рас қой. Мәселен, менің Таужан ағам таңертең тұра салып, жеңешемді бір сыбап алмаса көңілі көншімейді. Ал, Тәңірберген тәтемнің аузынан насыбаймен бірге боқтық сөз бұрқырап шығып тұрады. Есжан ағамыздың көйлегінің бір етегі ышқырында, бір етегі сыртта салбырап жүреді. Жағасы жайлауда, көңілі көкте, көшеде келе жатып небір анайы сөздерді бұрқыратса да «осыным ұят-ау» деген ой шақшадай басына кіріп-шықпайтын алаңғасар ағаларым жеткілікті. Жағасының кірі кетпейтін, жыртық-жамау киім киюді ар көрмейтін, бір көйлектің үстіне бір көйлек киіп жүретін көкелер де көп еді ғой, көп. Арақ ішіп алып жанжалдасып, бірінің басын бірі жаратын, ал ертесіне түк болмағандай ауыз жаласып, дүкеннің бұрышына барып бас жазып тұратын ағалар да баршылық еді. Е, біздің ауылдан ескіліктің, ерсіліктің небір сорақы түрлері кездесетін және солар қалыпты жағдай сияқты көрінетін.
Азанымен айқай шықты. Бұл кәдімгі Кендірбай көкеміз еді. Балалары тал түске дейін талықсып жатып ұйықтаса, айқайламағанда қайтеді?
– Жұрттың сендей баласы жұмыс істеп, мал тауып жүр. Бұлардың бірнәрсені қиратып келгендей жатыстарын қара! Әлде менің малымды бағып келдіңдер ме? Директордың баласы ма едің, түске дейін шалжиып жататын? Не жатыс бұл?! – дейді де Кендірбай көкем ашудан қалш-қалш етіп.
Шындығында, Кендірбай көкемнің кежегесі кейін кеткен ұлдары түске дейін ұйықтауды ар көрмейтін. Енді міне, Сүлейман ағаның балалары таңертеңнен тұрып, әрекет жасап жатқандарын көріп, көкеміздің де саңылауына сәуле жүгіргендей. Тұр-тұрдан хабар келген соң ұйқыдан маза кетпейді ме? Көкемнің кержалқау ізбасарлары бірінен соң бірі орындарынан созалаңдап тұрып жатты.
Көкемнің ашуы мұнымен де тарқамады. Манаурап жатқан ұлдарын мұрындарынан сүйреп құрылысы жүріп жатқан үйге әкелді. Ұйқыларын аша алмай мең-зең болып тұрған ұлдары ештеңені түсініп тұрған жоқ. Үсті-бастары айғыз-айғыз, киімдерінің түймелерін жүре салған олардың мына тұрыстары сайқымазақты еске түсіреді. Тап осы кезде үйден жарқ етіп Фарида шыға келді.
Шіркін, Фариданың бір көзін сығырайтып тұрып жымиысын айтсаңшы. Үстіндегі қызыл көйлегі құлын мүсінін айқындап, өзіне соншалықты жараса қалған. Қарлығаштың қанатындай қасын керіп, езуіне күлкі үйіріліп айбақ-сайбақ, қалай болса солай үстеріне лыпа іле салған жігіттерге қарады-ай келіп. Әуелі Мәндірбай есін жинап алды. Содан соң Жаңбырбай желкесін қасиды. Жып-жинақы, мұнтаздай таза сұлу бойжеткеннің мысы оларды жаншып тастаған еді.
– Әй, иттер-ау, мына балалардай тырбаңдап жұмыс істесеңдер, қолдарың күлдіреп қалмайды ғой. Табыс табасыңдар. Ертең мектепке барғанда шыттай болып киініп барасыңдар. Менің айлығым қайсыбіреуіңе жетеді?
Кендірбай көкем әлі күйініп тұр. Кенет оның көзі сәмбі талдай бұралып тұрған Фаридаға түсті. Сол замат жым болды. Мәндірбай мен Жаңбырбай осы тыныштықты күтіп тұрғандай зып беріп үйлеріне қарай безіп барады. Мұны көріп күлмеген жан қалмады. Бірақ, сол күннен бастап ағайынды екеуі жинақы жүретін болды.
Күн жексенбі еді. Бұл күні құрылысшыларды қазақтар кезекпен кешкі дәмге шақырады. Сонда бір таңырқайтыным, күні бойы лай, балшық арасында жүретін Сүлейман да, жұбайы да кіршіксіз таза киімдерімен тойға баратындай жасанып, жайнап келеді. Қай уақытта жуынып-шайынып алатындарын білмедім, әйтеуір үсті-бастарынан қыл екеш қыл да таппайсыз. Соларды көріп, біздің ауылдың қариялары да жинақылана бастады.
Біздің ауылда мандолинші ілуде бір кездессе, домбырашылар әр үйден табылады. Оқтауды домбыра етіп, баласын уататын отағасылары да бар. Сүлейман отбасымен қонаққа келгенде кәдеге жарайтындар солар. Әңгімені әр тараптан тарата келіп, саясаттан шаршағанда әу деп жіберетіндер де жеткілікті. Қонағы бар үйдің қуанышы қатар жүреді. Тек табақ босатып, тер сүртіп қана кетуді мін көретіндер бар. Сондықтан қара домбыраға қол созатындар көп. Сиқырлы аспап күмбірлеп ала жөнелгенде отырғандар бір ырғалып қалады. Алайда, домбыраны жатық тартатындар да, шатып тартатындар да кездеседі. Әңгіме желісіне еліткендер мұны жорта байқамағансиды. Ұлты шешен бола тұра Сүлейман күйдің кейбір кібіртек тұсын қалт жібермейді. Ол қазақтың күйлерінің бірқатарын жақсы біледі. Домбыраны қолға ұстап көрмесе де, Құрманғазы, Дәулеткерей, Ықылас, Сүгір, Төлеген күйлерін зердесіне құйған. Күйді жатық тартатындарға жақындай түсіп, елтіп тыңдайтыны бар. Тіршіліктің қызығы мен қуанышы, қасіреті мен өкініші күй сарынымен келіп кеуделерге құйылады. Домбыра үні күмбірлеп барып, оқыс күңіреңгенде діңкені құртып, жүйкені жұқартады.
Күй құдіретін қаншалықты түсінетіні белгісіз, Сүлейман аға домбыра десе ішкен асын жерге қоятын жан еді. Ол күй ырғағымен бірде ширығып, бірде қызарып, кейде ауызынан жалын ата күрсініп отырады. Ал, домбыра еркелей сыңқылдап, жанға жайлы сиқырлы сыр төккенде қанатын қомдаған бүркіт тәрізденіп кетеді. Біз оның алабұртқан жүзіне қарап, шешен ұлтынан екеніне сенбегендей рай танытатын едік.
Сүлейман ұстаның жұмыс ырғағы да қалыпқа құйғандай айнымайды. Ол бір үйдің қабырғасын он үш қатар етіп өреді де, екіншісіне ауысып кетеді. Мұның сыры қабырғалар әбден беки түссін дегені екенін ол кезде біз қайдан білеміз. Екінші үйдің қабырғасын он үш қатар етіп өріп келгенде алдыңғысы болаттай берік қалыпқа түседі.
Сіз қарлығаштардың ұя салып жатқанын көріп пе едіңіз? Құс екеш құстың өзі ұясын жайлы да берік етіп салуға ұмтылады емес пе? Сүлейман ұстаның қимылы мен ниеті сол қарлығаштардан аумайды. Ұстаның осы ниетінен бе екен, әлде көктемде келіп, күзде қараша қаздармен ілесіп туған жеріне кететіндігінен бе екен, біздің ауылдың үлкендері оны «Қарлығаш» деп атаушы еді.
Қарлығаш десе, қарлығаш еді-ау. Көктің басы қылтиысымен отбасын ертіп келіп тұратын. Ешкіммен жүз шайысып ұрсысып көрмеген, қашанда жылы жымиып қана жүретін, ұлты бөлек болса да ауылдағылардың барлығымен бауыр, туыс болып кеткен оны бүгінгілер іздемейді. Өйткені, қазір кешегі бауырмалдықтың ізі де қалмаған. Замана көші алға екпіндей жылжыған сайын талап та, талғам да өзгерді. Кешегі қам кірпіштен тұрғызылған үйлерді бүгінгілер менсінбейді. Барлығының заманауи үлгідегі евростильдегі үйлерде тұрғысы бар. Қол жеткізіп те келеді. Ал, зәулім тас үйлерге ие болған сайын тасбауырланып бара жатқандаймыз. Біреудің есігінен біреу қарамайтын күнге де жеттік. Кешегі бірін-бірі көрмесе отыра алмайтын бауырмал қазақ қайда кетті?
Япырай, сол жылдары ауылдың әр кеші қызықты өтетін еді ғой. Шау тартып қалдық па, әлде тасқамалдарға тығылған тасбауыр туыстардан мейірім-шапағат кетіп, ызғар шашып тұрады ма, ымырт түссе-ақ болды бойымды үрей билейді. Кеш түссе-ақ індеріне тығылып алып шықпай қоятын тышқандардай тырп етпейді-ау, тырп етпейді. Иә, бүгінгінің қазағы басқа. Ауылда тұрып-ақ қорасына бейнебақылау қойып, малының ұры-қарының қолында кетпеуін түкпірдегі бөлмеде жатып-ақ бақылайды. Осылайша ит екеш итке де жұмыс қалдырмай барады.
Шіркін, сол бір шырын шақтар-ай! Жүрек бұлқынып, көңіл толқиды. Сол бір барқыт кештерді ойласам, көңіл жайлауым ел көшкендей құлазып сала береді.
Ай толықсып туды. Шағын ғана ауылдың көгілдір аспанын ән кернеді. Ауыл іргесіндегі өзен сарыны жаңғырып шығып, жастар әнімен жарысып, ерекше бір әсем әуен үстемеледі. Желкөрікті жастардың жүректері барабан сияқты дүрс-дүрс етеді. Айлы түн ерке ұлдарына сәулесін молырақ төккісі келгендей Жерге жақындай түсіпті. Жоқ әлде сауықшыл ұл-қыздардың еркін ойнап-күлгендерін жақыннан көргісі келді ме екен? Жастардың жарасымды әндерін жақыннан тыңдағысы келген болар? Әйтеуір күміс нұрын аямай шашып тұрды. Осы бір қымбат та қимас сәтті қалт жібергісі келмегендей жастар ақсүйек ойнағансып, жықпыл-жықпылға жасырынады. Топ-топқа бөлініп, волейбол ойнады. Бір тобы домбыра тартып, ән салды. Балғын балалық шақ базарлы-ау қашанда, мына бір топ саябақ ішіне кіріп алып, жасырынбақ ойнап жүр. Күйеулеріне сөзі өтімді сылқым жеңгелер қайынсіңлілерін аңди шыққан ба, әлде өздерінің де желігі басыла қоймаған ба, қайныларымен қайтпай қалжыңдасады. Осынау бір базарлы да ажарлы айлы түн бозбаланың да, бойжеткеннің де нәзік сезімдерін қытықтап, алғашқы махаббат бүр жарып келе жатқан еді.
Сауық-сайранның барынша қызып, ыссы бір толқын жүрек тербеген сәтінде Қамбарбек пен Фатима топтан сытылып шығып, ауыл сыртындағы жұпар иісті көк шалғынның үстіне ұмар-жұмар құлай кеткен. От құшақтар көпке дейін ажырамаған. Бал еріннен нәр алған жігіт мас еді. Мынадай тегеурінді күшті бұрын-соңды басынан өткермеген бойжеткен де тылсым бір тұңғиыққа шым-шым батып кеткендей, өн бойын икемге келтіре алмай, жігіттің ырқына берілді.
Олар ауылға таңға жуық оралды. Бұл кезде көктегі жұлдыздар да сиреп, көкжиек бозамықтанып келе жатыр еді. Ағасынан именетін Фатима жігітті үйіне жетпей кері қайтарып жіберді де туфлиін шешіп, жалаңаяқ сыбдырын білдірмей жүріп отырып, бөлмесіне келіп, төсегіне қисайды. Оның көпке дейін көзі ілінбеді.
Фатима волейболды жақсы ойнаушы еді. Ауылдың барлық үмітті жігіттері онымен волейбол ойнау үшін ғана емес, сұңғақ бойлы сұлудың талшыбықтай нәзік тұлғасына тамсана қарау үшін де келеді. Фатиманың допты орнынан көтеріліп барып ұрысының өзі қайталанбас сурет еді. Ол допты әуелете соғу үшін тізесін бүге беріп жылдам көтерілгенде жарқ ете қалатын балтыры судан шоршып шығып тереңдерге қайта сүңгіп кететін алтын балықтай жарқ ете қалады. Осы бір ғана мезет. Өздерін жігітпін деп санап жүргендердің барлығының өн бойында отты бір ағыс жүгіріп өтетін. Сол сұмдық сұрапыл ағыстың күшімен бозбалалар мен жігіттер өлген-тірілгендеріне қарамастан бірінен-бірі асып түспекке, яғни қыз алдында жақсы бір қырынан көрініп қалмаққа жандарын салатын. Мұндайда тым әуелеп ұшып келе жатқан допты қағып алмақ болып мұрнымен жер сүзе құлағандар да ауырсынғандарын білдіргісі келмей, орындарынан ыржалаңдап көтеріліп жатады. Езді де, есерді де батыр етіп жіберетін сұлулықтың құдіреті-ай десеңші!
Ойын үстінде командадағы қыз-жігіттер татуласып, біріне бірі қамқор болып шыға келмейді ме? Осындайда Фатима жақтастарына өзімсіне тіл қатады, дем береді. Кейде ойын үстінде допқа таласып жігіттердің қыз денесімен жанаса кететіні бар. Фатиманың балғын денесінен шыққан хош иіс бас айналдырады. Осының өзі көп жігітті мас етеді. Батырсынған жігіттер де, боркеміктеу үміткер де ойынның осы бір қайталанбас қымбат шағы үшін жиналады. Барлығы да шешен қызының хас шебердің қолынан шыққандай құлын мүсініне көз қиықтарымен таңырқай да тамсана қарағыштайды. «Шіркін-ай! Менің жарым болар ма еді?» деген ынтық сезім әр жүректі таудай тулатар еді. Бірақ, арада тастан да берік бөгет бар. Ол Фатиманың ағасы – Махмуд еді. Қарулы да қайсар, бірбеткей жігітке ауылдың менмін деген талай жігіті бата алмаған. Онымен ерегісіп, марқадам таппайсың, сіңіріңді созып, қабырғаларынды күйретіп, жүйкеңді жүндей түтіп жібереді. Сондықтан жігіттер ойын үстінде ғана ебін тауып жанасып, амал іздеп санасқаны болмаса, былайғыда Фатимаға тіл қата алмайды. Тіл қатып көрсін, Махмудтан көресіні көреді.
Жұдырықтай ғана болып алып Фатиманы Садықбек те жақсы көреді. Өскенде дәл осындай жар сүйгісі келеді. Шешен қызына оны-мұны апарып бергенсіп жүріп, онымен дос болып алған. Апасының пісте өсіретіні болушы еді. Ал Фатима пісте шаққанды жақсы көретіні мұндай жақсы болар ма? «Садықбек! Апаңа пісте қуыртып әкеле қойшы» дейді оған өзімсініп. Оның осы бір өзімсінгені Садықбекке майдай жағады. Жанына жақын отырып алып пістені қырт-қырт шаққанда Садықбек оның асқан сүйкімділігіне ғана емес, үстінен уыздай болып шығып тұратын хош иісіне де елтиді. Мұндай жұпарды ол әлі ешбір жерден сезген емес. Шіркін, осындай да хош иіс болады екен-ау!
– Садықбек!
– Ау!
– Ағаң көрінбей кетті ғой.
Садықбек селк ете қалды. Қаршадай болып алып, қайдағы-жайдағыны білетін еді. Фатиманың Қамбарбек ағасын сұрап отырғанын біліп, қуанып кетті. Ішінен «Фатимадай ақ жеңгем бар. Мен бақытты баламын ғой» деп ойлады.
Ауылдағы барлық аналар Фатиманы келін етіп алып қалғысы келетін. Сүйкімді де қылықты Фатима әр үйдің туған қызындай болып кеткен. Қамбарбектің анасы Рабия да үйіне келгіштей беретін шешен қызын іш тартып, ұнатып қалған еді.
Көктем шуағы жер бүйірін қыздыра бастаған шақта ауыл адамдары да бір сілкініп қалады. Қозы-лақтар тынбай секіріп, құлын-тайлар асыр салып жаңа күннің келгеніне қуанады. Аспанды айқұш-ұйқыш тілгілеп, ирек-ирек із тастап от шашып ағатын, соңында күркіреп барып басылатын найзағай да Жер бетіне қуаныш нұрын себетіндей. Қарттар шелектеп жауған нөсерді Құдайдың бізге берген несібесі деп отырушы еді. Көгілдір көктемдегі әрбір құбылыс сезімдердің сілкінісіндей сәулелі болатын.
Алайда биылғы көктем кешіге берді. Отбасымен бірге автобустан дөңгеленіп түсіп жататын осы ауылдың төл қарлығашы – Сүлейман аға да көрінбейді. Адамдардың көңіл тебіреністеріндей ауа райы да мың құбылды. Бұрын найзағайдың күн құрғатпай жиі от шашып ойнайтын күркірін де, өзеннің арнасынан тасуын да, аспанның көбесі сөгіліп кеткендей толассыз жауатын нөсерін де жақсылыққа жорып отыратын ауыл адамдары бұйығыланып, жоқтан өзгеге ашуланғыш болып алған.
Көктемнің әрбір құбылмалы сәті, кейбір қиындықтары болғанымен, қуаныш хабаршысы емес пе еді? Көктем күнінің ыстық демі ұйықтап қалған табиғатты түртіп оятатын. Жаңбырдан соң алуан бояулы гүл шығады, Фатиманың балғын денесінен бұрқырап шығып тұратын жұпардай даланы керемет хош иіс жайлайды, құстар құйқылжыта сайрайды, төрткүл төңірек сұлулыққа малынады. Бауырларымен алыс ауылға асыға жететін Фариданың күлімдеген көгілдір көзінде балалық үркектікпен қоса өмірге деген құштарлық, бойжеткендерге ғана тән нәзік те уытты сезім от шашып тұратын. Биылғы көктем сол қуаныштардың бірін де ертіп келмеді. Кешіккенімен қоймай бүкіл ауыл болып елеңдеп күтіп отыратын Сүлейман ағаның отбасын ілестіре келмегеніне кінәлідей жабырқау ғана кіріп келе жатты. Сол жылы көктемнің күрсінгенін бүкіл ауыл тұрғындары анық сезінді.
* * *
Қандай ғана тылсым күш сездірді екен, тап осы күні Қамбарбек ескі үйді бұзып жатқандарға көмек беруге екі білегін түрініп кіріскен еді. Кенет кірпіштер арасына мұқият жасырынған кішкене ғана қобдиша шыға келмесі бар ма. Көзіне оттай басылды. Сол ғой, сол! Фатима осы қобдишаны қолынан тастамайтын. Үнді шайының жылтыр қағазына оралған екен. Мұндай да ғажап болады екен-ау, қағаз қаракүреңітіп кеткенімен, қобдиша сол күйінде.
Қамбарбек қобдишаны жайлап қана қолына алып, қақпағын ашты. Ішінен бүктетілген қағаз шықты. Қағазды жазып қарағанда ішінен сусып бір уыс шаш шықты. Фатиманың шашы! Жұпар иіс мұрынын жарып жібергендей болды. Оны Қамбарбек құшырлана иіскеді. Баяғы көк шалғынның үстіндегі жұпар иіс мұрнына келіп, шала мас болып көзін жұмды. Сәлден соң қағаздағы жазуға үңілді.
«Қамбарбек!
Осы хатты тауып алғанда сен шал, мен кемпір болармын. Бәлкім, тауып ала алмассың да. Кім біледі? Бірақ саған деген мөлдір махаббатым мәңгі маздайды. Біздегі дәстүр солай, ағам мені саған бермейді. Ауылда бір жігіт қайта-қайта әкесін жіберіп, маған құда түсіп жүр еді. Соған ұзататын шығар.
Қызығым! Қуанышым! Жүрегіме алғаш шоқ түсірген өзің едің. Қайтемін…
Бәлкім о дүниеде жолығармыз. Мен сені қай жерде де күтемін.
Хош, махаббатым!»
Хатты оқып шыққан Қамбарбек тізерлеп отыра кетті. Жұбана алмай ұзақ жылады.
Бұдан кейін күйбің тіршілікте Қамбарбектің ісі болмады. Меңіреу адамдай өз ойына өзі елітіп, үй айналып жүреді де қояды. Соңғы кезде оның құлағына талып бір әуен келетін болған. Сол әуен оны құладүз далаға шақырады. Үлкендерден: «ақырзаман боларда жердің жүзінен сиқырлы ән жүріп өтеді» дегенді есітуші еді. «Ақырзаман болмағанда несі қалды? Енді мына жарық жалғанда мен жұбанарлық не бар?» деген ой оны тұңғиыққа батыра берді.
Сол көктемде бұрын-соңғы ел естімеген төтенше оқиға болды. Ай толықсып туған бір түні Қамбарбек үйден шығып кетіп, қайта оралмады. Біреулер оны «перінің қыздары алып кетіпті» деседі. «Қаусаған шалды қайтеді? Жынданып кеткен ғой» деп екінші тарап дау айтады. «Үйін бұзып жатқанда тығулы қазына тауып алған екен. Алтынның буы ұрған ғой» деп күңкілдеседі қыңыр шалдар. Ал, балалары «Әкеміз үйге түнде келеді. Күрсініп жүреді де қояды» дейді.
Дүниенің құрыс-тырысы түгел жазылып, жадырап жатқан жаймашуақ сол күні ойламаған жерден көкте бір түйір бұлт пайда бола кетті де әп-сәтте көлемін жайып сала берді. Қасқырдан қашқан қойлардай бұлттар жан-жақтан зымырап келіп қосылып жатыр. Күн күркіреді. Найзағай шартылдады.
Батыс жақ түнере түсті. Аспан әлемінде ойнақ салып жүрген қарлығаштар ұяларына келіп паналады. Отты жасынның күркірі аспанды қақ айырғандай еді. Ауыл үстін көңілсіздік бұлты тұмшалады. Тіршілік атаулының тамырына нәр беретін, жанды-жансызы болып асыға күтетін көктем күрсініп тұр еді…
Сабырбек ОЛЖАБАЙ