Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ. КЕБЕНЕК КИГЕН КЕЛЕДІ

Сол күні әдеттегідей сауын фермасынан кеш оралдым. Күн батып, қас қарайысымен-ақ желтоқсанның сары шұнақ аязы күшіне мінді. Үйге келсем, Мырзағұл жоқ. Енем Сұлуқас: «Таңертең нағашымды поейыға шығарып саламын да қайтамын деп кетіп еді. Келмей жатыр», − деді әлденеге алаңдаған жандай көңілсіздеу үнмен. Өзімнің аяғым ауыр. Құрсағымда жеті айлық балам бар. Енді бір он күннен соң декреттік демалысқа шығамын. Мырзағұлды әне келеді, міне келеді деп күтумен біраз уақыт та өтті. Ол келе қоймады. Фермадағы күні бойғы тынымсыз жұмыстан әбден діңкәлап, шаршап шалдығыппын. Енеме кешкі асын беріп, төсегіме жатып қалдым.
Ертеңгісін таң қараңғысынан тұрып, жұмысқа кеттім. Неге екенін қайдам, күн ұзаққа әлдеқандай қимасын жоғалтқан жандай көңіл-күйсіз жүрдім. Кешеден бері сауыншылар да бір-біріне әзіл-қалжың айтудан қалған. «Алматыда жастар Колбин деген біреудің республикаға жаңа басшы болып сайлануына наразылықтарын білдіріп, көтеріліп жатыр», «Алаңға жианалған жастарды әскер күшімен зорға таратыпты» деген суық хабарлар дүмпуі үрейлендіріп, еңсемізді басып тастаған. Содан ба қайдам, әйтеуір күн ұзаққа көңілімнің қошы болмады. Салым суға кеткендей жұмыстан қас қарайғанда оралдым. Ауызғы бөлмеде сырт киімдерімді шешіп жатқанда, ішкі бөлмеден енем шығып: «Балам, Мырзағұл бүгін де келмеді. Бір бәлеге ұрынып қалмаса жарар еді», − деп күмілжіп, мазасыздана сөйледі. Уайымнан жұқа өңі бозарып, жүдеп-жадап қалыпты. Қайын сіңлім Бағдагүлдің де жүзі жабырқау. Қанша шаршап-шалдықсам да оны жаныма ертіп, мына тұрған Алматыға барып, Мырзағұлдың неге кешігіп жатқанын біліп қайтпақшы болып, қайта киіне бастағанымда, үйдің алдына қос жарығы көзді қарып, шағын автобус екпіндей келіп, кілт тоқтады. Терезеден аңтарылып қарап тұрғанымда автобустан бес-алты бейтаныс біреулер түсті. Жүрістері суыт, үйдің сыртқы есігін жұлқи ашып, ішке ентелей кірді. Екеуі − орыс, қалғандары − қазақ. Түстері суық, қабақтары қату. Жүрек құрғыр бір сұмдықтың болғанын сезді ме, атқақтай соғып, аузыма тығылды. Ұзын бойлы еңгезердей мұрттысы маған едірейіп:
− Әбдіқұловтың үйі осы ма? − деп жуан дауысымен гүж етті. Сұстарынан сескеніп сасып қалсам керек, «Сіздер кімсіздер?» деп жөн сұрауға аузым бармай:
− Иә, − деп басымды изедім. Мұртты ай-шайға қарамай үйге кіріп келді.
− Күйеуіңнің қару-жарақтары қайда? Тыққан жерін өзің көрсетесің бе, әлде біз…
Мен сонда ғана есімді жиып, сөзін бөліп жібердім.
− Қайдағы қаруды айтып тұрсыз? Түкке түсінсем бұйырмасын… – Оның жүзіне тіке қарап. – Сіздер өзі кім боласыздар? Жөн-жосықтарыңызды айтыңыздаршы.
Ол сөзімді құлағына қыстырған жоқ. Алдында тұрған мені әлеуетті қолымен кеудемнен бір жақ қапталға қарай ысыра итеріп жіберді де, жанындағыларға бұйырды.
− Обыскать!
Олар үйдің әп-сәтте астаң-кестеңін шығарды. Төрт баламның шошынғаны соншалық көген көздері шарасынан шығып, ұлардай шулап, не болып жатқанын түсіне алмай есі шығып, состиып тұрған енемнің етегіне тығылды. Үйдегі көне жиһаздар аударылып, төңкеріліп көрпе-төсектер еденде шашылып жатыр. Жігіттерінің тіміскілеп қарамаған жері қалмады. Сырттағы сарайды да тінтіп келді. Шегір көз, жылтыр сары мұрттысы басын шайқады. Олар түк таппаған соң мұртты неме маған жалт бұрылып, сұқ саусағын кеудеме қадап:
− Сен бізбен бірге қалаға жүресің, − деді бетін тыржитып, ызалы үнмен.
Айтқанына көбесем, күшке салар түрі бар. Бағдагүлді қасыма алып, автобусқа отырдым. Олар жол бойы ләм деп тіл қатқан жоқ. Автобус қаланың Карл Маркс көшесіндегі еңселі ғимараттың алдына келіп тоқтады. Есігінің қапталынан «прокуратура» деген жазуды көзім шалып қалды.
Шағын бөлмеде жас шамасы қырықты алқымдап қалған біреу отыр. Безерген өң-басы − өрт сөндіргендей сұп-сұр. Бізді ертіп келген әлгі мұрттының сөзінен оның тергеуші екенін білдік. Иегімен алдындағы бос орындықты меңзеді. Үстел үстінде қалыңдау екі кітап және бірнеше парақ қағаздар жатыр. Қолындағы шылымының көк түтінін құмарта сорып, бізге қабағының астымен тесіле қарады. Сескенсем де сыр бермей отырмын. Бағдагүлде рең жоқ. Тұла бойын қорқыныш билеп алған. Бөлменің қабырғасына ілінген сағаттың қысқа тілі түнгі он жарымнан асып қалыпты. Тергеуші шылымын шегіп болғанша, бір-бірімізбен арбасып, біраз отырдық. Шылым тұқылын күлсалғыш сауытқа салды да, астындағы орындықты сықырлатып тұрды. Қарсы алдыма келіп, оқты көзімен атып жіберді. Мені тұқыртып алғысы келді ме, бірден ақыра сөйлеп, сұрақтарын үсті-үстіне төпелете жаудырды.
− Күйеуің қашаннан бері есірткі тартады?.. Бұзақылығы үшін бұрын қанша рет қамауға алынған?.. Кеше Алматыға қандай мақсатпен келді?.. Жастарды ереуілге неге үгіттеді?.. Ереуілден соң орыс жігітін жазым еткенін қалай түсіндіресің?..
Оның зіркілдеген ащы дауысынан әдепкіде сасып қалдым.
− Мырзағұл есірткі тартпайды… Есірткі түгілі шылым да шекпейді… Төрт баланың әкесі… Үйде жетпістен асқан анасы бар… Қарапайым қара жұмысшы… Қалаға нағашысын шығарып салуға келген… − Ойымды жинақтай алмай тұтығып, аузыма түскенін айтып жатырмын.
− Сен жаныңды жалдама. Бұл жанкешті сөздеріңмен күйеуіңді қылмысынан ақтап қала алмайсың. Ол кешегі өзі сияқты бұзақыларды алаңға алып шығып, Колбинге қарсы болғандардың бірі. Бізге солардың басшысы ғана керек. Оны саған күйеуіңнің айтпауы мүмкін емес. Ол кім? Сен бізге соның кім екенін айтсаң болды, сені ұстамаймыз.
− Күйеуімнің де, менің де жоғары біліміміз жоқ. Біздей қарапайым жұмысшылардан қандай ұйымдастырушы шығады?
Тергеуші үстімнен төніп тұрып, мені жеп қоярдай бақшия қарап, сөзден жаңылдырғысы келгендей өктем үнмен сұрақтарын дамылсыз қайталай берді. Сонда да болса ол кідіріп қалған бір сәтте:
− Менің күйеуім қайда қазір? Ол соншалық не істеп, не бүлдіріпті? – дедім. Тергеуші тағы да қабаған иттей арс етті:
− Бұл жерде сұрақты сен емес, саған мына мен қоямын. Ал сен жауап беруге тиіссің. – Терезе алдына барып, шамдары самаладай жанған көшеге қарап тұрып, қалтасынан шылымын алып, тұтатты. Көк түтін аузы-мұрнынан будақтап шығуда. Бөлменің ауасы тарылып, ащы түтін қолқамды қапты. Тыныс алуым қиындай түсті. Шылымын шегіп болған соң терезе алдындағы графиннен бір стақан су ішіп, тамағын кенеп, сұрақтарына қайта кірісті. Қойшы әйтеуір, бір сұрағын жүз рет қайталап қойып, басымызды әбден қатырды. Түнгі сағат 3-те оны басқа бір тергеуші ауыстырды. Ол анадан да өткен дөрекі екен. Орнынан атып тұрып, басып кетердей тап-тап беріп, ақырып-бақырып, әлгіндей сұрақтармен таңғы 5-ке дейін зықымызды шығарды. Таң бозында ғана үйге көліктерімен жеткізіп тастады.
Түнімен тергеуден өткен жанда не күй болсын?! Басым мең-зең. Шелегімді білегіме іліп, сүлдемді сүйретіп, мас адамдай аяғымды шалыс басып, сауын гурдына бардым. Сауыншы әйелдермен селқос амандасып, іске кірісіп те кеттім. Күндегідей сиырлардың сауырын, тырсиған желіндерін сылап-сипап, мәпелеу қайда. Зіл батпан ой еңсемді езіп, құрсауынан бойымды тіктеп шыға алсамшы. Не істеп, не қойғанын білмеген делқұлы жандай тұла бойым дел-сал. Солай күн ұзаққа өзіме-өзім келе алмадым. Кешкі сауынды да сондай көңілсіз күймен өткіздім-ау әйтеуір. Неге екенін қайдам, ішімдегі бір қорқыныш үйге қарай тартып барады. Аяқ асты тапталған қарға тайғанақтап үйге де жеттім. Шарбақтың сыртында «Уаз» автокөлігі тұр. Жүрегім зу етіп көтеріліп, тұла бойым мұздап кетті. Жанынан өтіп, аулаға кіре бергенім сол еді, кабинадан екі жігіт түсіп дауыстады.
− Абдықұлова, біз сені ұзақ күтіп қалдық. Машинаға отырыңыз. – Ұзын бойлысы «Уаздың» ашық тұрған есігін қолымен көрсетті.
Үй алдында тұрған енем:
− Шырақтарым, келінім суықтан тоңып келді. Тым болмаса, бір кесе шәй ішіп, бойын жылытып алсын, − деп еді, аналар құлақ аспай мені кабинаға кіргізді де қалаға қарай тартты.
Кешегі жағдай тағы қайталанды. Тергеушілер кезектесіп келіп, бірде ақырып, бірде бақырып таусылмайтын гөй-гөйіне басты. Жан алатын әзірейілдей төбемнен төніп келіп, бетіме бақшия қарап, сұрақтарына боқтық сөздерін араластырып жатыр. Ішімдегі балам болмағанда, ұрып-соғудан да тайынар емес. Қайталама парықсыз сұрақтары мезі етіп, басым зеңгіп, көз алдым тұманданып барады. Шылымның көкала түтіні бөлме ішін тұмшалап, тынысым тарылып, екі иінімнен әзер дем алудамын. Анау маған жалт қарап, жемтік көрген қасқырдай жаныма жетіп келді. Сол кезде оның айқайлаған қайталама сұрақтарынан құлағым тұнып, көзімнің алды қарауытып, дүние шыр көбелек айналып бара жатты. Арғысын білмеймін. Есімді жисам, қабырғаға тақап қойған орындықта отыр екенмін. Бетіме су бүріккен болуы керек, сырт киімімнің омырау тұсы ылғалданып қалыпты. Бөлменің есігін ашып қойыпты. Дәлізден салқын есіп, ауасы әлгіндегі көкала түтіннен тазарған. Сол сәтте сұр жыландардай сумаңдап екі тергеуші кіріп келді. Екеуі екі жағымнан тағы да сұрақтарының астына алды. Біреуін бірінші рет көріп тұрмын. Ат жақты, қыр мұрынды орыс. Екіншісі − мені кешеден бері тергеп жатқан жалпақ бет қазақ. Жауаптарыма көңілдері көншір емес. Ақыры болмаған соң қазақ тергеуші:
− 17-18-і күндердегі ереуілді ұйымдастырған сенің күйеуің екен. Оны тергеу кезінде өзі де мойындады. Енді сен бізге оның кім болғанын, кімдермен кездесіп тұрғанын, мына қағазға жазып бер. Біз сонда ғана сені тергеуден босатамыз, − деп үстелге ауыстырып отырғызды.
Бірнеше парақ сарғыш түсті қағаздар мен қаламсапты алдыма қойды. Оның алғашқы бетінің жоғары жағындағы жазуға көзім түсті. «Куәгерді тергеу хаттамасы. Алматы қаласы 21 желтоқсан 1986 жыл. Алматы қаласы Москва аудандық прокуратурасының тергеушісі Ноздрин В.В. Соның астыңғы жағына Базарбаева Қазнагүл. 26.05.54. Арал ауданы Бөген елдімекені. Жұмысы: «КИЗ-дің тәжірибе шаруашылығына қарасты «МТФ -1». Сауыншы. Қаскелең ауданы Стаханов елдімекені, Колхозшы көшесі 14 үй. Абдықұлов М.Т. әйелі». Ең соңына «Тергеуші В.В.Ноздрин», − деп жазыпты.
Тергеу қағазының астыңғы арба жол сызықтарын қуалай жаза бастадым.
«Мен М.Т.Әбдіқұловпен 1973 жылдан бері заңды некеде тұрамын. Екеуміздің төрт ұл-қызымыз бар. Ұлым Артур 1978 жылы дүниеге келді. Темір 1980, Алмагүл 1982, Зейнұр 1985 жылдары туылды. Қазіргі кезде ішімде 7 айлық балам бар. Біз бұрын Қызылорда облысының Арал ауданында тұрдық. Аудан орталығының Тоқтаров көшесіндегі 23-үй біраз жыл мекеніміз болды. 1977 жылы маусым айында Алматы облысының Қаскелең қаласына қоныс аудардық. Алғашқыда қаланың Бөрібаев көшесіндегі 113 үйде тұратын досымыз Жомарттікінде біраз уақыт тұрдық. Күйеуім «Прямой путь» елді мекенінің шеберханасына фотоға түсіруші болып жұмысқа қабылданды. Ол сол жұмысын 1979 жылға дейін атқарды. Мен сол шеберханада тігінші болып жұмыс істедім. Күйеуім Алматыдағы Қазақстан Компартиясы ОК-нің баспаханасына жұмысшы болып ауысты. Біз 1978 жылдан 1982 жылға дейін Қаскелең ауданының Абай елді мекеніндегі Орталық көшесіндегі бір үйде пәтер жалдап тұрдық. Қазір үйдің нөмірі есімде жоқ. Менің күйеуім М.Т.Әбдіқұлов сол жұмысында 1979 жылдан 1983 жылға дейін істеп, сол жылы Қаскелең ауданының Стаханов елді мекеніне қоныс аудардық. Мен сондағы «МТФ-1» сауыншы болып орналастым. Ал күйеуім Қаскелең ауданаралық газ мекемесінде дәнекерлеуші болды. Ол 1986 жылы желтоқсанның басында жұмысынан босап, Шамалған стансасындағы «АТП»-ның жүргізушілер дайындайтын курсына түсті. Стахановтан қатынап оқыды. Мен сауыншы жұмысымды жалғастырдым. Күйеуім Әбдықұловтың мінезі орнықты. Бірақ жиі ауырады. Асқазаны мен бас ауруы бар. Біз шағын үйде тұрдық. Бізбен бірге күйеуімнің 1913 жылы туылған анасы Әбдықұлова Сұлуқас пен 1964 жылы туылған қарындасы Әбдықұлова Бағдагүл бірге тұрды.
1987 жылы 17 желтоқсанда Қызылорда облысынан күйеуімнің жездесі Қаналиев Әділ Алматыға келді. Жасы 47-де. Ол Қапал-Арасан шипажайына жолдамамен демалып, емделмекші екен. Сол күні Әбдіқұлова Бағдагүл Алматыға барғанда Қаналиев оған өзінің көңіл күйінің болмай тұрғанын айтып, біздің үйге алып баруын өтінген. Күйеуімнің қарындасы Әбдіқұлова ертең келіп алып кетуге уәде береді. 1986 жылдың 19 желтоқсаны күні менің күйеуім М.Т.Әбдіқұлов пен қарындасы Б.Әбдіқұлова кешкі сағат 5 шамасында Қаналиевті алып келуге Алматыға жүріп кеткен. 20 желтоқсан күні үйге Б.Әбдіқұлова жалғыз оралып, менің күйеуімді милициялардың ұстап қалғанын жеткізді. Ол сондай-ақ Алматыдағы Орталық автобекетке барған кезде Кіші станицаға жету үшін 110 бағыттағы жолаушылар автобусына мінгендерін, сонда тұратын немере әпкесі Мереке Жұмабекқызы Әбдіқұлованы ертіп алып, содан соң А. Қаналиевқа бармақшы болған. Бірақ олар «Саяхат» автобекетіне жеткен кезде жүргізуші мен оның жанындағы жолдасы жолаушылардың бәрін түсіріп жіберіп, менің күйеуім мен оның қарындасын ұстап қалған. Қарындасының айтуына қарағанда олар барлық қазақтарды жөн-жосықсыз мал деп балағаттаған. Жүргізушінің жолдасы менің күйеуімді тұншықтыра бастаған. Күйеуім оны сілкіп жіберіп босанған да қарындасы екеуі автобустан түсіп, қашқан. Күйеуімнің артынан жүргізуші қуып бара жатып, жұртқа: «Ананы ұстаңдар, ол адам өлтірді», − деп айқайлаған. Менің күйеуімді ұстаған. Бұдан басқа ештеңе білмеймін». Мәтін астына «21 желтоқсан, 1986 жыл» деп жазып, қолымды қойдым.
Сұрақ: 1986 жылы 19 желтоқсан күні сіздің күйеуіңіз Стаханов елді мекенінен Алматыға бара жатқанда өзімен бірге қандай да бір қару ала кетіп пе еді?
Жауап: Мен білмеймін. Күйеуім М.Т.Әбдіқұловтан мен ешқашан да ешқандай қаруды көрген емеспін. Сол күні де оның қандай да бір қару ала кеткенін көрген жоқпын.
Сұрақ: Сіз күйеуіңіздің мінез-құлқын қалай айтар едіңіз?
Жауап: Күйеуім Әбдіқұлов мінезі орнықты. Біреулермен ұрысып, төбелескен емес. Жиі ауырады. Көбіне асқазаны мен басы ауратын. Ол 1977 жылы Совет Армиясы қатарынан оралған соң басының ауыра беретінін айтқан. Тіпті оның сол ауруы жөнінде анықтамасы да болған. Ал онда не жазылғанына мен назар салмаппын. Әскери борышынан кейін ол шылым да шекпейтін, ішімдік те ішпейтін. Оның бірде маған 20 жасында біреулердің басынан соққыға жыққанын, сол жарақатын дәрігерлердің тігіп бергенін айтқан еді. Ол менімен бірге тұрған кезде дәрігерлерге бас ауруы туралы көрінетін. Дәрігерлер оған басына қан құйылғанын айтқан көрінеді. Оның бас ауруы сондықтан болады екен. Жүйке аурулары диспансерінде есепте тұрмайды. Оның мінез-құлқынан ешқандай да оғаштық көрген емеспін.
Қосымша. Қарындасы Б.Т.Әбдіқұлованың айтуына қарағанда жүргізушінің жолдасының қолында ұзындығы 80 сантиметрдей темір құбыр болған. Жүргізушінің жолдасы менің күйеуімді шығар есік алдында тамағынан қысып ұстап, тұншықтырып, демалуына мүмкіндік бермей қойған. Сол уақытта автобус ішінде олардан басқа ешкім болмапты. Олардың бәрі сыртқа шығып кеткен.
Сұрақ: Сіздің күйеуіңіз М.Т.Әбдіқұловтың Ерлан немесе Әсет атты достары не таныстары болды ма?
Жауап: Ерлан мен Әсет атты таныстарының болғанын мен білмеймін. Күйеуім олар туралы маған айтқан емес. (1том 48-49 беттер).
Қазақ тергеуші хаттаманы тағы бір қайталап оқып шықты.
Мен:
− Менің күйеуім Мырзағұл қарапайым жұмысшы. Жоғары білімі жоқ. Ереуіл ұйымдастыру оның қолынан келмейді. Отбасында кәрі анасы мен төрт балалсынан басқа түгі жоқ. Арақ ішпейді, наша шекпейді. Бөтен біреулермен кездескенін көрген емеспін, − дедім ағымнан жарылып.
Тергеуші миығынан мырс етті де, хаттаманы үстел үстіне тастап, лезде өңін өзгертті.
− Сенің қасарысқаныңнан түк те шықпайды. Сендер 37-жылы да осындай болғансыңдар. Олар ақталмақ болып қанша тырысса да «халық жауы» ретінде атылып кетті. Колбинге қарсы шыққаны үшін сенің күйеуің де солардың кебін киеді. Сендерге енді ешкім де болыспайды, − Ол кіжіне сөйледі. «Тыржиған бетіне түкірер ме едім».
Тергеуші:
− Сендер кінәларыңды мойындап, Колбиннен кешірім сұрасаңдар ғана жазаларың жеңілдейді. Мына тергеу хаттамасына қолыңды қой, − деп өздері толтырған парақты алдыма қойды. Оқып шықтым. Қып-қызыл өтірік. Онда мен Мырзағұлды қаралаған екенмін.
Қаным басыма тепті.
− Жазғандарың жала! Басымды кессеңдер де қол қоймаймын, − деп қасарысқаным соншалық одан әрі тіс жарып, жақ ашпадым. Олар аш қасқырдай ентелеп, сұрақтарымен ары сілкілеп, бері сілкілеп менен артық ауыз сөз ести алмай жатқанда, ішке жас шамасы отыздардағы тағы бір ашаң өңді тергеуші кірді. Ол аналардың тергеу хаттамасын оқып шығып:
− Адам тағдырына бұлай өрескел қарауға болмайды, − деді ренішті сыңай танытып. Аналар оған жалт қарады. Атарға оқтары жоқтай көздері ақшиып кетті. – Тергеу хаттамасына болған жайдың өңін тап осылай айналдырып, жазуға бола ма?
Орыс тергеуші:
− Александр Владимирович, бұл іс саған емес, бізге тапсырылған, − деді жұлып алғандай қатқыл үнмен.
Қазақ тергеуші:
− Ноздрин жолдас, біздің жұмысымызға кедергі келтірмегенің жөн болар, − деп есік жақты иегімен меңзеді.
Александр бөлмеден шығып кетті. Екеуі мені өз дегендеріне көндіре алмай, таңертең амалсыз үйге қайтарды.
Үшінші күні де кешкі сауыннан соң тергеушілердің шабармандары мені тағы да қалаға алып келді. Сол екеуі түн ортасына дейін сұрақ-жауаппен әбден діңкәлатты. Үш күн бойына ұйқы көрмеген жанда нендей әл-дәрмен болсын. Көк түтін тұмшалаған тар бөлмеде тағы да ауа жетпей есімнен тандым. Көзімді ашсам, бөлмеде жалғыз екенмін. Еденде жатқан орамалымды алып, басыма тарттым. Ашық тұрған есіктің арғы жағынан бір бейтаныс егде кісі көрінді. Ол жан-жағына сақтана қарап алып, ішке енді. Жүзі жылы екен. Стақанға су құйып берді де, маған ақырын сыбырлай сөйлеп: «Қарындасым, бұрын мұндай тергеу орындарында болып па едің, жоқ әлде бірінші рет пе?» − деді жанашыр үнмен. Судан ұрттап, кепкен таңдайымды жібіттім. Содан соң ол кісіге бұрын мұндай сұмдықты көрмегенімді, қулық-сұмдықты білмейтіндігімнен өз ойымды тіке айтатынымды, оларға ағымнан жарылып отырғанымды, үйде бала-шағамның бар екенін, Құдай қосқан адал жарыма тергеушілердің сөзіне еріп, көпе-көрінеу жала жаба алмайтынымды айттым. Ол тыңдап алды да: «Намысың бар жан екенсің, айналайын! Бұл аудан бізге қарайды. Сені мен кешелі бері сыртыңнан бақылап жүрмін. Бұлардың есіңнен айырып, құлатқанын да көрдім. Сонда да бір сөзіңнен таңған жоқсын. Енді не істесе де алған бетіңнен қайтпа. Олардың күйеуің мойындады дегенінің бәрі өтірік», − деп есікке қарай беттей берді. Мен: «Бұл мекемеде өңшең жаман адамдар жұмыс істей ме десем, жақсы жан да бар екен ғой. Аты-жөніңізді айтыңызшы», − деп өтіндім. Ол артына бұрыла қарап, ілкім сәт кідіріп тұрды да: «Бақтыбаев деген ағаң боламын, шырағым», − деп есіктен шығып кетті.
Ішім бүріп ауыратын секілді. Құрсағымдағы нәрестеге алақанымның жылуын бермек болып, сипалап жатырмын. Бұрын әрі-бері аунақшып тұратын нәрестеден ондай қозғалысты сезе алмадым. Қабырғадағы сағат тілі түнгі 3-ті көрсетіп тұрды.
Сәлден соң есіктен ұзын бойлы, ашық өңді орыс жігіті кірді де, қолындағы жұқа папкасын үстел үстіне тастай салды. Үстелдің бір жақ бұрышына жамбастай отырып, шылымын тұтатты. Содан соң маған тесіле қарап, өзін «Тергеуші Чуприлин» деп таныстырды. Бұдан былай істі өзі жүргізетінін айта келіп:
− Если ты будешь лгать, я тебя из гавна конфет сделаю, − деп зілді үнмен ескерту жасап, жендеттік жұмысына көшті. Алдыңғылар секілді бұл да ақырып, солардың сұрақтарын қайталап, әбден мезі етті. Мен:
− Күйеуім Мырзағұл туралы бар білгенімді кеше қағазға жазып бергенмін. Содан басқа қосып айтарым жоқ», − дегенім сол еді, ол орнынан ұшып тұрып, шарт кетті. Мені түтіп жердей төніп келіп, отырған орындықтың бір жақ арқалық басын сол қолымен қыса ұстап, оң қолының сұқ саусағын безеп, тістене сөйледі:
− Егер сен маған бар шындықты қайта жазып бермесең, Стахановтан сенің күйеуіңді айыптайтын куәгерлер тауып, соттан заңның ең қатал бабымен жазалауды талап етемін. Сонда сен өкініштен өмір бойы бармағыңды шайнап, мені ешқашан да ұмытпайтын боласың. − Шегір көкшіл көздері өңменімнен өтіп кетердей ызғар шашты. Үш күннен бергі көрген қорлығым, көкірегімде кекті жалынға айналған. Сұрланып жыбырлаған жүзіне тайсалмай тура қарадым.
− Сіз менен не талап етіп отырсыз? Күйеуімді көпе-көрінеу қаралап, жалған жазуым керек пе? Кешіріңіз, ондай иттікке қолым бармайды. Және ондайды мен жазып береді деп күтпеңіз.
Ол ашу-ызадан жынданып кете жаздады.
− Ты, такая боевая казашка. Но я тебе так сделаю, что ты еще пожалеешь.
Осылай тағы бір ауыр түн өтіп, сазарып барып таң атты. Бұл жолы олар мені Стахановка дейін апарып салған жоқ. Прокуратура ғимаратынан шықтым. Кеудемде шықпаған шыбын жаным ғана. Ауыр тас байланғандай зіл тартқан аяқтарымды сүйрете басып, көшемен аяңдап келемін. Көлденең жатқан көше бұрылысында әйнектері сынық телефон будкасы бар екен. Марк ағамның үйіне телефон шалдым. Бастан өткен жайды қысқа ғана баяндап, тұрған жерімді айттым. Жеңгей келіп, көнектей болып ісіп кеткен бетіме шошына қарады. Орталық ауруханаға алып барды да, оңаша палатаға жатқызып, таныс дәрігеріне қаратты. Ол медбикеге күш беретін дәрі-дәрмектер алдырып, бірнеше рет ине шаныштырды. Аздап әл бітіп, өзіме өзім келгендей болдым. Сәлден соң медбикелер арбамен ес-түссіз жатқан бір өрімдей қызды алып келіп, жанымдағы бос төсекке жатқызды. Жас қыз он сегіз, он тоғыздар шамасында. Қысқа шашы ұйпа-тұйпа. Бет-ауызы көгеріп, ісіп кеткен. Пальтосының жағасы жыртылып, жеңінің тігістері сөгіліпті. Салбыраған жалғыз түймесінің жібі де үзілгелі тұр. Қатты соққыдан жығылғаны айдан анық. Медбикелер пальтосын шешіп, кереуеттің аяқ жақ басына арта салды. Көкшіл көз дәрігер келіп, қызға жирене қарады да жұмылған кірпіктерін ашып, жанарына үңілді. Тонометрмен жүрек соғысын тыңдап, медбикеге тапсырма берді. Ол қолының көк тамырына ине шаншып, тамшылатып дәрі жіберді. Біраздан соң көзін ашты. Ұзын кірпіктерінің арғы жағындағы мөлдіреген қарақаттай жанарлары-ай. Қиығымен палата ішіне, содан соң маған қарады. Денесін сәл қозғап еді ауырсынып ыңырсып кетті. Аздан соң маған: «Сіз де алаңда болып па едіңіз?» − деді әлсіз үнмен. Мен басымды шайқап: «Болмасам да тергеушілер мені болғандай етті, жаным», − дедім. Тамшы дәрі біткен кезде әлгі дәрігер тағы келіп, ерсілі-қарсылы қозғаған қолының ыңғайымен қыздың көзінің қарашығын ары-бері жүгіртті де: «Бәрі жақсы», − деп палатадан шығып кетті. Сол бойда екі милиция кіріп келді. Қыр мұрынды сержант қызға қатқыл үнмен: «Тұр!» − деп жеки бұйырды. Денесі соққыдан ауырлап жатқан қыз бірден қайдан тұра қойсын. Тықыр мұртты милиция ақиланып: «Әкеңнің үйінде жатқан жоқсын, тұр!» − деп қолынан шап беріп, жұлқи тартты. Қыз денесін төсектен зорға көтеріп, пальтосын қолына алып, екеуіне өшпенді көзбен қарап: «Мен әкемнің үйінде жатпасам да өз жерімдемін», − деді ызғарлы үнмен. Олар палатадан шығып кеткенде: «Қап, мына жендеттер аты-жөнін сұрап қалуға да мүмкіндік бермеді-ау», − деп өкіндім. Сол қыздың қарақаттай жанары әлі күнге көз алдымда. Қанша азапты көрсе де қайтпас қайсарлығына іштей тәнті болдым.
Ағай ішкі істер бөліміндегі таныстарымен астыртын хабарласып, Мырзағұлдың дерегін біліпті. Оны 18 желтоқсанның түніндегі оқиғада Аристов Андрей деген біреуге пышақ сілтеп жазым еткені үшін түрмеге отырғызған екен. «Өздігінен ешкімге ұрына қоймайтын Мырзағұлдың оны жазым етсе, бір себебі болған шығар».
Ішім жан шыдатпай ауырып, перзентханаға түстім. Ішімдегі нәрестені мерзімінен бұрын босандым. Бірақ іңгәлаған дауысын ести алмадым. Қызыл шақа өмірге шалажансар келді. Дәрігерлер көріп көзі жетсін деді ме, дене мүшелері семіп, қураған бұта сияқты қатып қалған міскінді көрсеткенде өзегім өртеніп, көз жасыма ерік бердім. Оның өмірі төрт-ақ күнге жетті. Жеті ай бойына учаскелік дәрігерлердің бақылауында болып, құрсағымда қалыпты жетіліп келген нәресте үш күнгі азабымнан жарық дүниені көрмей жатып, солай жан тәсілім етті. Дәрігерлер «Нәресте анасының қатты күйінішінен семіп қалған» деп анықтама жазып берді. Мына алмағайып уақытта кімге барып, жанымды жегідей жеген күйінішімді айтып, кімге шағынайын?.. Мендей пақырдың сөзін кім тыңдайды?.. Нәрестемнің обалын тергеушілерге таңсам, тән ала ма?..
Арада екі-үш күн өтті ме, өтпеді ме, Чуприлин тергеуге қайта шақырды. Ішкі құрылысым қатты ауырып тұрса да, көйлек ішінен белімді буып бардым. Ол мені қалайда айтқанына көндіріп, Мырзағұлды қаралатқысы келді. Енді маған тайынатын не бар?.. Ерегіскенде мен де қаншырдай қатып, бұрынға жауабымнан танбадым. Қанша ақырып, бақырса да жалған сөйлеуге бармай, шырылдаған шындығымды айтумен болдым. Чуприлин мені солай бір ай бойына сүйреді. Қорлыққа көнудің де, шыдамның да шегі бар ғой. Оның үстіне ең қымбаттым нәрестемнен айырылған күйінішім ішімді от-жалындай жалап, жанымды қоярға жер тапқызар емес. Сондай күйініштен Чуприлинге:
− Сендердің мені әуре-сарсаңға салғандарыңа бір айдың жүзі болды. Құрсағымдағы жеті айлық нәрестемнен айырып тындыңдар. Күнара келіп, үйдегі балаларымның үрейін аласыңдар. Осыдан сол балаларым жетім болып қалса, мен де сендерге өзімді ұмытпастай етемін, − дедім қатты дауыстап. Ол маған жирене қарап, миығынан мырс етті.
Чуприлин әккі әрі айлакер. Маған айтқанын істеді. Ауылдастарымнан жалған сөйлейтін куәгерлерді тауыпты. О тоба! Өзің күнде көріп, сәлемдесіп, дәмдес болып жүрген жандар басыңа іс түскенде жанашырлық танытып болысудың орнына жалт бергені былай тұрсын, басыңнан тебеді деп кім ойлаған. «Адам аласы ішінде» деген осы екен ғой. Стахановта аудандық Кеңеске депутат бір белсенді әйел бар еді. Сол Чуприлинге: «Мырзағұл Әбдіқұлов маскүнем. Ауылда одан өткен көкірек, бұзық жоқ. Жүрген жері лаң. Басқаларды да жаман жолға салып жүрген жындысүрейдің нақ өзі. Оның әйелі Қазнагүл де сондай. Кім болса соған, аузына келгенін аталайды. Олар отбасымен бұзылған жандар», − деп қара аспанды су алдырып, түсінік жазып беріпті. Қазір ғой сол әйел мені көшеде көріп қалса, алыстан айналып қашады. Сәлемдесуге беті жоқ. Ал Фасх деген ауылдасым өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай етіп жазыпты. Харченконың жазғанын оқығанда, жағамды ұстадым. «Әбдіқұлов нағыз ұлтшылдың өзі. Оның Алматыдағы ереуілді ұйымдастырушылардың бірі болғанына менің еш күмәнім жоқ. Тіптен сол ереуілге әйелі Қазынагүлдің қатысқанын да білемін», − дегеніне жылайсың ба, күлесің бе? Мырзағұлмен күнде үйге келіп, жағдайын айтып, ауру балаларына сүт сұрап алып кететін Иван ше. «Мырзағұлдың мінезі ұр да жық, жындының нақ өзі. Қазаққа біреу қарсы сөйлесе болды, ай-шайға қарамай ұрып жығады. Өзіне қарсы келгендердің аяқ-қолын сындырып, мүгедек етуден де тайынбайды». Ал керек болса! Мұндай да жәдігөйлік болады екен-ау. Осындағы мектеп директоры Фарх та сол тақылеттес мазмұнда жазған. Кезекті тергеуде Чуприлин мені қарсы алдына отырғызып, олардың сол жазғандарын бірінен соң бірін оқып берді. Тергеушінің өзі жазған дейін десем, қолтаңбалар таныс. Тайға таңба басқандай солардікі. Чуприлин жымысқы көзінің қиығымен маған сынай қарап:
− Ауылдастарыңның сендер туралы пікірлері осылай. Ал енді бұларға не айтасың? – деді. Мен:
− Бәрі де жалған, өтірік. Әдейі ұйымдастырылған, − дедім. Бұл Чуприлиннің түлкі бұлаң қитұрқы ісі екенінде еш күмәнім жоқ. Әйтсе де, бір ауылда тұрып, бір құдықтан су ішіп, шәй десіп сөзге келмей жүргендердің қапияда енді өмір бойы көрместей биік жардан құлама құзға итеріп кеткендері қандай қиын. Бұл маған талмау тұстан тиген ауыр соққы еді. Жанымды ауыртты. Өмірдің әділетсіздігінен түңілдім.
Мырзағұлды қорғауға адвокат жалдадық. Есімі − Райымжан. Жас шамасы біразға барып қалған. Бүгінде қартайған шығар. Сол кісі арқылы Мырзағұлдан хат алдық. Өзіне қатысты оқиғаның қалай болғанын, қасақана кісі өлтірмегенін, автобуста қорғанбағанда үш орыстың өзін жазым ететінін, тергеудің күндіз-түні жүріп жатқанын жазыпты. Біз арашаға түсіп, ақтап алмасақ, соттың ең ауыр жаза қолдануы мүмкін екенін сездік. Бірақ кімге барып көмек сұраймыз? Ауылдастарымыздың өздері орға итеріп жатқанда кім бізге қол ұшын береді? Жанашыр жанды қайдан табамыз? Қалың соқыр тұманда жол таппай жүрген жандардай сенделумен болдық. Алматыдағы ағайлар қолдарында билігі бар жандармен жасырын сөйлесіп көріп еді, бәрі де ат тондарын ала қашты.
Қоғамда КОКП ОК Бас секретары Михаил Горбачевтың жариялылық саясаты күш ала бастаған шағы. Теледидардан жазушылар елдің жоғын жоқтап, мұңын жоғары басшылыққа ашына айтып жатты. Сол кезде ойыма соларға барып шағыну орала кетті. Үмітсіз шайтан деген. Сәрсенбінің сәтті күнін көңілге медеу тұтып, жасы жетпістегі енемді жетелеп, кіші баламды көтеріп, Алматыдағы Жазушылар одағы үйін бетке алдым. Мақсатым − КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Жазушылар одағының Төрағасы Олжас Сүлейменовпен кездесіп, жағдайымызды айтып, көмек сұрау. Қабылдауында кісілер көп екен. Хатшы әйел оның қалалық комитеттің жиынында отырғанын, біраздан соң келетінін айтып, қабылдау жұрналына кезекке жазды. Сәлден соң сырттан Олжас аға кірді. Ұзын қара шашы желкесін жапқан, бойшаң атақты ақынды көзбе-көз көріп тұрғаным сол. Жұрт жапа-тармағай амандасып жатқанда енем екеуміз орнымыздан қозғала қойған жоқпыз. Ол ішке кіріп кетті. Сәлден соң қоңырау шырылдады. Хатшы әйел есіктен кірді де, қайта шықты. Бізге: «Сіздерді кірсін деп жатыр», − деді.
Еңселі кеңсеге енгенімізде төр жақтағы әйдік үстел басынан Олжас аға орнынан тұрып, бізге қарай жүрді. Енемнің алға созған тарғыл тарамыс қолынан алып, амандасқан бойда қапталдағы тізілген орындықтардың біріне жайғастырды. Содан соң өзі орнына отырып, келген шаруамызды сұрады. Сөзді енем бастады. Арғы жағын мен жалғастырып, мән-жайды түгел баяндадым. Қанша өзімді-өзім ұстамақшы болсам да, бастан кешкен тағдыр тауқыметін айтып шығудың өзі оңай болған жоқ. Әлсін әлі көзімнен парлап шығып кеткен жасты орамалымның ұшымен сүртіп, өрекпи соққан жүрегімді басамын да, үзілген сөзімді қайта жалғаймын. Ол мұқият тыңдады. Енеме:
− Қария, көп уайымдай бермеңіз. Сабыр етіңіз. Балаңыздың ісімен танысайын. Қолымнан келген көмегімді аянып қалмаспын, − деді. Жазған өтінішімізді алып, есікке дейін шығарып салды.
Ақын Мұхтар Шахановтың да қабылдауында болдық. Ол бізді күйініп отырып тыңдады. Қол ұшын беретін болды. Екеуі де қазақтың нар тұлғалы азаматтары ғой. Шын жанашыр пейілдеріне көңіліміз толды. Олар сөздерінде тұрды. Өз аттарынан Жоғарғы сотқа арнайы хат жазып, істің ақ-қарасын әділ шешулерін өтінді. Чуприлин: «Сендерге ешкім де болыспайды», − деген еді. Қатты қателесіпті.
* * *
Сүргіндеп жүріп, уақыттың қалай өтіп жатқанын сезбеппіз. Қар еріп, көктем шықты. Күн жылып, ағаштар қайта бүршік жарды. Жаның жабырқау болған соң, шуақты күннің жылуын да сезінбейді екенсің. Ауылдың балалары ертелі-кеш көгалда доп теуіп ойнайды. Менің балаларымда ондай көңіл-күй жоқ. Мектептен келген соң бұйығып, үйден шықпайды. Құдайы көрші-қолаңдардың да бізге деген көзқарастары бұрынғыдай жайдары емес. Мүлдем өзгерген. Байқамаған сыңай танытып, амандасуға ыңғай бермей жанымнан өте шығады.
Алматы қаласындағы түрмелердің бастығы Жүнісбеков деген кісі екен. Шені жоғары жан қалалық ішкі істер бөліміндегі №17 кеңседе отырады деген соң сонда бардық. Сол барғаннан іс бітпеді. «Мырзағұлды тергеу ісі біткен жоқ» деп кездесуге рұқсат бермеді. Қылмыстық істің тәртібі солай болған соң, амал қанша. Сарылып отырып уақытты күтуге тура келді.
Мырзағұлдың ісін 1987 жылы 2 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы соты қарады. Енем немерелері Артур, Алмагүл және Тимурды жетелеп, мен бір жарым жастан асқан сәбиімді көтеріп, сотқа бардық. Екі солдат залдың бір жақ қапталындағы темір торға Мырзағұлды кісендеулі қолымен әкеп отырғызды. Өңі оңған шүберектей құп-қу. Еті қашқаннан ба, сұңғақ бойлы тұлғасы шөгіп, құр сүлдері қалған. Балаларым: «Папа!.. Папа!..» − деп жамырай дауыстап жіберді. Үлкенім орнынан тұрып ұмтыла бергенде, қолынан ұстап қалдым. Әкесін бес айдан бері көргендері ғой. Сарыла күттірген сағыныш-ай! Жүрегім сыздады. Балаларыма көрсетпей көз жасымды сүрттім. Еңсені езіп, жүйкені жеген сот жұмысы төрт күнге созылды. Үміт пен күдік арпалысқанда жаныңды қоярға жер таппайды екенсің.
Істі Жоғарғы соттың мүшесі Өтепбек Ихсанов жүргізді. Республиканың бас прокуроры Ғалым Елемесов қатысып отырды. Сот төрағасы: «№29868 іс бойынша Қазақ КСР Қылмыстық істер кодексінің 60, 65, 88 бабының 1-тармағы және 173-1, 202-3 бөліктері бойынша айыпталған Мырзағұл Тәжіғұлұлы Әбдіқұловтың қылмыстық ісі қаралады», − деп жариялады. Мемлекеттік айыптаушы Қазақ КСР прокуратурасы тергеу басқармасы бастығының орынбасары В.С.Волтунов ұзақ сөз сөйлей келіп, тергеу нәтижесінде Мырзағұл Әбдіқұлов Алматыда 17-18 желтоқсанда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысып, адам өлтірген бұзақы деген қорытынды жасады. Залға куәгерлер шақырылды.
Стахановтан алдырған әлгі куәгерлер тергеуші Чуприлинге Мырзағұл туралы қандай түсінік жазып берсе, сот алдында соны қайталады. Мырзағұл олардан мұндай сорақылықты күтпеген еді. Орнынан қарғып тұрып, олардың жалған сөйлеп, жала жауып жатқандарын айта бастап еді, сот төрағасы өктем үнмен: «Айыпкер Әбдіқұлов, жап аузыңды, сенің оларға қарсы сөйлеуге құқың жоқ», − деп тыйып тастады. Ол біреу төбесінен шоқпармен қойып қалғандай сылқ етіп отыра кетті. Қос қолымен темір торды сығымдай ұстап, тістеніп ашуға булығып, іштен тынғаннан басқа амалы қалмады. Ызадан қанталаған көзі, түйілген қабағының астынан оларға оқтай қадала қарағанда, жәдігөйлер ақиқатты белден басқан куәлік сөздерін айтып болысымен залда отыруға дәттері бармай, бірінен соң бірі бүгежектеп шыға берді. Олардың бойында бір мысқалдай болса да адами қасиеттің қалмағанынан түңілдім.
Қайдан келгенін қайдам, куәгер мінберіне милиция формасындағы біреу көтеріліп, өзін Илахунов деп таныстырды. «Мен 17 желтоқсан күні Әбдіқұловты алаңнан қашып келе жатқан жерінен ұстадым», − деді міз бақпай. Шыдамның да шегі бар. Мырзағұл тағы да орнынан атып тұрып, жан дауысымен: «Жолдас сот, мынау жалған куәгер. Айтып тұрғаны өтірік. Мен 17 желтоқсан күні Стаханов ауылында болдым. Алдыңызда тұрған сержантты бұрын көрген де, кездескен де емеспін», − деп еді залда отырғандар дүрлігіп кетті. Төраға балғасымен столды тықылдатты. Жұрттың абыр-дабыры басылған сәтте Мырзағұлды ала көзімен атып: «Айыпкер Әбдіқұлов, тағы да ескертемін, саған сөз берілген жоқ. Тәртіпті бұзушы болма. Кімдікі шын, кімдікі өтірік екенін анықтаймыз әлі», − деді зілді үнмен. Төраға капитанға бұрылып: «Әбдіқұловты қай көшеде ұстадыңыз? Соны нақтылап айтыңыз», − деді. Илахунов мүдіріп барып, кібіртіктене жауап берді. «Коммунистер мен Шевченко көшелерінің қиылысында». − Үні жарқыншақтанып шықты. Төраға: «Әбдіқұловты ұстаған бойда неге тиісті орынға апарып қаматпадыңыз?» − деді. Ол қипақтап: «Мен сол кезде жалғыз едім. Қалталарын тексере бергенімде қолын сілкіп жіберіп, қаша жөнелді. Соңынан екі-үш көшені кесіп өткенше қудым. Жеткізбей қараңғылыққа сіңіп кетті», − деді шімірікпей. Неге екенін қайдам, темір торды сығымдай ұстап, қаны қарайып, өзінен көз айырмай ызғар шашып қарап тұрған Мырзағұлға қара қошқыл жүзін бір рет те бұрмады. Жүзіқараның бұлтиған бүйрек беті бүлк етсейші. Кесіп алса − қан шықпайтынның нақ өзі екен. Сол сәтте бір жақ шеттегі Чипрулинді көзім шалып қалды. Езуінде кекесін бар. Қос қолын алдына айқастыра ұстап, Илахуновтың жауабына айызы қанған жандай ыржиып, орындықта шалқалап отыр. Қаным басыма шауып, өзімді-өзім әзер тоқтаттым.
Үміт артқан адвокатымыз Райымжан Мырзағұлды қорғап-ақ бақты. Бірақ төраға оның сөзіне құлақ асқан да жоқ. Екі жақ қапталында отырған заседательдерге алма-кезек жорта мойынын бұрып, әлденелерді айтып жатты. Мырзағұлдың жазықсыздығын барын салып дәлелдесе де, енжар құлық, тыңдар құлақ болмаған соң бос әурешілік екен. Алда есіл еңбек-ай!.. Оны атүсті тыңдаған төраға прокурорлардың ыңғайында болды.
Ертеңіне сот іс қарардан бұрын Олжас Сүлейменовке бардым. Ол сотта Илахуновтың көпе-көрінеу Мырзағұлға жала жапқанын естіген бойда Алматы қалалық ішкі істер басқармасының бастығына телефон шалып, оның сөзінде қаншалықты шындық барын анықтап беруін өтінді. Ал айтқандары өтірік болған жағдайда, жаза қолдануды талап етті.
Сол күні сот хатшысы: «Куәгер Базарбаева Қазынагүл жауапқа шақырылады», − деп хабарлаған соң жалған сөйлемеуге ант беріп, мінберге көтерілдім. Әдепкіде көңілім босап, сөзімді бытыраған сынаптай жүйесіз айтып, ойымды жеткізе алмай қаламын ба деп қобалжыдым. Әйтсе де өзімді-өзім қолға алып, сөзімді жұптап алдым да, сот төрағасына:
− Біреу ұлтына тіл тигізіп, ғайбаттап қорласа, кім намысқа шаппайды? Ал сіздер менің күйеуім Мырзағұлды қасақана адам өлтірді деп айыптап отырсыздар. Оның себебіне неге мән бермейсіздер? Болған жайдың әділіне жүгінсек, ол біреудің қанын мойнына жүктеу үшін емес, өзін-өзі қорғау үшін Аристовке амалсыз қару жұмсаған. Солай қорғанбаған жағдайда қолдарына білектей сым темір ұстаған үш бірдей тентектен оның аман қалуы мүмкін емес еді. Қайын сіңлім Бағдагүл де №110 автобуста Мырзағұлмен бірге болған. Ол: «Аристов автобуста Мырзағұлға «Кеше алаңда сендей калбиттердің бастарын осындай арматурамен ұрып жарғанбыз. Сен сол жазадан қалай құтылып кеттің? Бүгін құтыла алмайсың. Торға түстің. Енді өлсең сұрауың жоқ», − деп айтқанын естіген. Алаңда Аристов секілділердің осындай суық қарудан қаншама ұл-қыздардың бастары жарылып, естерінен танғанын мен айтпасам да сіздер жақсы білесіздер. Олардың жастарды ұрған-соққанын былай қойғанда, «калбит» деп бүкіл бір ұлтты қорлағаны намысқа тие ме, тимей ме? Қазақ: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деп неге айтқан? Ез болмаса, ер азамат шыдап тұрар сөз бе? Әркім намысының құлы емес пе? Тіптен, сіздердің тергеушілеріңіз де адам өлтіріп отыр ғой. Менің құрсағымдағы жеті айлық нәрестенің жазығы не? Мен оны тергеушілер қасақана өлтірді деп білемін. Оған толық дәлелім бар, − деп сот алдына дәрігердің анықтамасын қойдым. – Осы зұлымдық ісі үшін тергеушілер неге заң алдында жауапқа тартылмайды? Айтыңызшы, әлде менің шағымдануға қақым жоқ па? − дедім қатқыл үнмен.
Сот төрағасының маған тіке қарауға дәті бармады-ау деймін, тағы да екі жағындағы қаздиған заседательдерге алмакезек бұрылып, кеңескендей сыңай танытып, дәрігер анықтамасын Мырзағұлдың тергеу ісі түптелген жуан томның арасына сала салды. Ту желке тұсымнан Чуприлиннің мені атарға оғы болмай отырғанын да сездім. Төрағаның анықтаманы елеусіз қалдырғанынан, істі бір жақты қараған сыңайынан менікі де бос әуре екенін түсіндім.
Кешкісін сотқа Октябрь аудандық Ішкі істер бөлімінен анықтама келіп түсті. Онда Илахуновтың сотта жалған ақпарат бергені үшін, қызметінен босатылғаны айтылыпты. Төраға оны залда отырғандарға жария етпеді. Мен оны Олжас Сүлейменовтен естідім. Аристов қаланың №5-ші жолаушылар тасымалы автопаркінің шеберханасында мотор жөндеушінің көмекшісі болып жұмыс істепті. Автопарк бастығының орынбасары А.И.Гончаренко мен кәсіподақ қомитетінің төрағасы Р.Х Сарсеновтің тергеушілерге берген анықтамасында Арестовтың соңғы кездері еңбек тәртібін жиі-жиі бұзуына байланысты мәселесі бригада кеңесінде қаралғаны туралы айтылып, қайғылы оқиғаға дейін үйінде ауырып жатқанын ескерткен. Ал автопарктің инженері Александр Дьяковтың тергеушілерге берген түсініктемесінде оның 17-18 желтоқсан күндері алаңда болып, қазақ жастарының орыстарды ұрып-соғып жатқанының арасында болғаны туралы айтқан. Алайда инженер оның денесінен еш жарақатты көрмегені туралы да жазыпты. Сот төрағасы бұларға жорта мән бермеді.
Үшінші күні сот іс қарар алдында Аристовтың әкесі мен шешесі маған тұлданып, басып, жаншып кетердей екпінмен тап берді. «Сенің күйеуің қанішер. Енді біз де оған жер басып жүргізбейміз. Күйеуіңе сот ауыр жаза бермейінше, біз тыныш жата алмаймыз», − деп қауып алатын қасқырдай төніп келіп, мені сескендіріп алмақшы болды. Боқтық сөз араласқан ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатты. Мен де тартынып қалғаным жоқ. Ақиланған әкесіне: «Ал сенің балаң менің күйеуімді жазым етсе ше. Судан таза, сүттен ақ болар ма еді? Егер менің күйеуім өзін-өзі қорғамағанда олар қолдарындағы темірмен ұрып өлтірер еді ғой. Сіздерге сол керек пе еді?» − дедім ашынып.
Уақыт емші дейді ғой. Бірақ соттың соңғы күні жанымызға жазылмастай жара салды. Бұл сол 1987 жылдың 6-шы сәуірі еді. Сот төрағасы мен прокурор Мырзағұлды алма кезек сұрақтың астына алып, екі жақтап қысты. Ес жиғызар емес. Қалайда сөзден жаңылдыру. Ол қанша жанын салып, жөнін айтып ақталғанымен, олар қырына да ілмеді. Тағдыр талайы сотқа дейін-ақ шешіліп қойса қайтсін.
Мемлекеттік айыптаушы болған жайды бұрмалап, бар кінәні Мырзағұлға артып, Аристов Андрейді қасақана қастандықпен өлтірген деп, соттан ең ауыр жазаның бабын сұрады. Жүрегімнің қатты соққан дүрсілі екі құлағымды тұндырып, көз алдым тұманданып кетті.
Төраға тек қаралап, сот үкімін шығарып жатқанда Мырзағұлдың күйінгені соншалық, түскі сағат 12-де есінен танып құлады. Солдаттар екі жақ қарынан көтере ұстап, тезек толы қап сүйреткендей сыртқа ала жөнелді. Сүйретілген аяқтары еденді сызып барады. Олар кешкі сағат 5-те Мырзағұлды қолына кісен салған күйі сот залына өз аяғымен алып келді. Сынық өңінде қан-сөл жоқ, құп-қу. Түнгі сағат 10-да сот үкім шығарып, Мырзағұлға Қылмыстық кодекстің ең ауыр бабымен ату жазасын кесті. Үкімнің қайта шағымдануға жатпайтынын ескертті.
Ашық күнде төбемізден жай түскендей есімізден танып, жігеріміз құм болып, бір сәт қаққан қазықтай сілейіп тұрып қалдық. Мырзағұлдың жан дауысы шықты.
− Апа, менің жазығым жоқ! Ақ сүтіңді кеш! − Темір торды қос қолымен сығымдай ұстап, жұлып алардай жұлқылып жатқанда ғана селт етіп, аза бойымыз қазадан арылып, есімізді жиғандай болдық. Енем байғұс ақ жаулығы басынан сыпырыла, сүрініп-қабынып, ұлына қарай тұра ұмтылды.
− Қазағым деп жаныңды да аямаушы едің, балам! Сол қазағың түбіңе жетті ме, балам! Қазағыңның емес, қу басыңның қамын ойлап тіршілік еткеніңде осындай күйге түсер ме едің сорлы, балам? Ұлтым деп сау басыңа сақина салып алған сор маңдай болған балам-ай! Қанатымнан қайырылып, қабырғамнан қайысып, сенен айырылғаным ба, құлыным! Жер жастанар жасқа келгенде мені алдыңа салып, көріме көміп кетпей, артыңа салып тірі өлік қылып кеттің бе, жаным балам! – Ботасынан айырылған інгендей боздап ащы үнімен аңырағанда сай-сүйегіміз сырқырап, бала-шағамызбен ұлардай шуладық. Сол сәтте төраға солдаттарға бақшия қарап, қатты жекіді.
− Ананы шешесінің зарын естірте бермей алып кетіңдер!
Сырттан тағы бір солдат ішке жүгіріп келіп, енеме темір тордан қолын созып еңіреп тұрған ұлына жеткізбей ұстап қалды. Екі солдат жалма-жан тор ішіне кіріп, Мырзағұлды бас салды. Оның бар күшімен бұлқынып, тартынғанына дес бермей, қолдарын артына қайырып, кісен салды. Оны тордан енді шығарайын деп жатқанда, бойыма нендей күш пайда болғанын қайдам, бұл дүниенің осынау астаң-кестеңінен бейхабар сәбиімді көтеріп алып, топты жара мен де Мырзағұлға қарай ышқына ұмтылдым. Енемді ұстап тұрған солдатты айналып өтіп, оған қапталдай жанай бердім де:
− Мырзағұл, мына балаңды соңғы рет сүйіп кетші. Бетінде ерініңнің табы қалсын, − дедім өксігімді баса алмай, тұтыға сөйлеп. Оның әжімді жүзін шерлі көзінен аққан сорасы жуып кеткен. Ет бауыры езіліп, баласына қарай мойнын соза беріп еді, беті безеріп тұрған төрағаның көздері шатынап, солдаттарға жекірген бұйрықты үні саңқ етті.
− Көрсетпеңдер баласын! Қылмыскерді тез алып кетіңдер!
Олар Мырзағұлдың желкесіне тұқырта ұстап, еңкейткен күйі сыртқа дедектетіп ала жөнелді. Қас пен көздің арасында дүниенің астаң-кестеңі шықты. Тағдыр-ай десейші. Мырзағұлға мұншалық қатал болар ма еді. Тым болмаса сәбиінің бетінен бір рет сүйіп қалуды да жазбады-ау. Көкірегім күйіктен қарс айырылып, отыра қалып еңіреп, көз жасыма ерік бердім. Енемнің солдаттың қолынан босанбақ болып жұлқынып жатқанында ақ жаулығы жерге түсіп, ақ шашының қос өрімі тарқатылып, қобырап кетті. Аш бүйірін таянып, теңселіп, егіліп тұрып төрағаға:
− Әй, сот, сені де мен секілді бір бейбақ ана тапқан шығар. Сен қылмыскер деген Мырзағұлды дүниеге әкелген − мен. Туғаным үшін мен-ақ кінәлі болайын! Баламның орнына мені ат, баламды босат! – деп іштегі бар запыранын шығара аңырады. Төраға бәле көргендей тыжырына бір қарап, қолын бір сілтеді де, залдан шығып кетті. Енемнің әбден тынысы тарылып әлсірегені соншалық, сырылдаған өкпесінен қорланған үні қарлығып, қырылдап болар-болмас естіліп барып басылды.
Іштегі шерімді шығарып, жан-жағыма көз салсам, залда бізден басқа жан адам қалмапты. Еденде бұл дүниеден баз кешіп сұлқ отырған енемді қолтығынан демеп тұрғыздым да, жалбыраған шашын жинап, жерде аяқ асты тапталып қалған ақ жаулығын қағып, сілкіп басына тарттым. Өксіктен ықылық атқан сәбиімді көкірегіме қыса ұстап, өзгелерін жетекке алдым. Біз ілбіп басып сыртқа шықтық. Есіктің алдында Чуприлин қос қолымен бүйірін ұстап, шірене шекесінен қарап, бізді күтіп тұр екен. Сұрланған кескінінде кекесін бар.
− Сен ары ізденіп, бері ізденіп, не таптың? Шындыққа жетіп, шырайын шығарғаның қане? Бәрібір сен далада қалдың. Біліп қой, қай кезде де шындық күштінің жағында, мына біздің қолымызда, − деп кер көкірегін қақты. – Күйеуің ақымақ болмаса бізбен қасарыспай, айтқанға көніп, айдағанға жүргенде, жазасын жеңілдете алар еді. Енді сен мені өмір бойы ұмытпайсың. Әлі талай жыл түсіңде көріп, шырт ұйқыңнан шошып оянатын боласың. – Миығынан мырс етті.
«Жағаңнан алып, буындырып өшімді алар ма едім сен иттен. Әттең…». Кіжінгенім болмаса, табан астында аузыма сөз түспей табалағанына күйіп кеттім. Маңдайым тасқа тиіп, отқа түсіп, шоқ басып есімнен танып, мәңгіріп тұрғанда не дей қояйын. «Жығылғанға жұдырық» дегенің, сірә, осы шығар. Іштен тынған өкінішім өзегімді өртеді. Чуприлин шырт түкіріп, шұғыл бұрылды да, өзін тосып тұрған жеңіл көлікке мініп жүре берді.
«Әділдік қайда?.. Зорлық неге жеңеді?.. Шынымен-ақ, Мырзағұл екеуміздің арман-мақсатымызды соттың осы бір әділетсіз шешімі тас-талқан еткені ме?.. Мына кең дүние бізге келгенде неге тарылып кетті?..». Анталаған қым-қуыт ащы ойлардан ашу-ызам қозып, тұла бойым дір-р, дір-р етеді. Кімге барып кеудемді күйдіріп-жандырған құсамды айтып, ішімді қыз-қыз қайнатқан шерлі шерімді тарқатайын?.. Дала тас қараңғы. Менің жетімсіреген көңілім де түк көрінбес түн-түнекте қарманып қалғандай. Біреу байлап қойғандай бір орнымда жан дүнием құлазып қанша уақыт тұрғанымды білмеймін. Тимурым: «Мама… Мама…» − деп қолымнан тартқанда ғана есімді жидым. Көшеден көлік жалдап, түн ортасынан ауғанда Стахановтағы қаңыраған үйге де жеттік-ау.
Жоғары соттың төрағасы Томас Айтмұхамбетов сот үкімін бекітіпті.
Ұйқысыз түндер есеңгіретпей қойсын ба?! Үш күн бойына сең ұрған балықтай есімізді жия алсақшы. Қолым ауырлап, ештеңеге барар емес. Тамаққа тәбет қайдан болсын. Ішіме шоқ түсіп кеткендей жан далбасамен байыз тауып отыра алар емеспін. Енемнің жақ сүйегі суалып, әбден жүдеген. Пеш түбінде қушық басын еті қашқан қос қолымен мытып ұстап, күн ұзаққа меңдуана жегендей мең-зең отырғанын көрсең тірі аруақ дерсің. Енеме бауыр еті баласынан, маған Құдай қосқан адал жарымнан айырылу оңай болды ма? Екеумізде әлсін-әлі ауыр күрсінгеннен басқа үн жоқ. Балаларымның да ойын күлкіден тиылғаны қашан. Аш қозылардай үйіріліп, жанымнан шықпайды. Мырзағұл олардың арқасүйер әкесі, менің бар сүйенішім мен тірегім еді ғой. Ол жанымда жүргенде жоқ, барды сезбеген екенмін. Төрт құбылам түгел секілді, көңілім тоқ жүруші еді. Енді міне, дүниенің бар қызығын суық қолды біреу тонап, бізді құрдымға жібергендей, бос кеудем ғана қаңырап қалды. Небәрі отыз екі жасымда базарым тарқап, бұл дүниеден көрер қызығым таусылғандай күй кештім. Мағынасыз, мәнсіз тірлікке малданып, бір бұлыңғыр бұлдыр тұманды елестің арасында адасып жүргендеймін. Балаларым ауық-ауық етегімнен тартып қыңқылдап, тамақ сұрағанда ғана, селт етіп есім кіргендей болады. «Ау, осылай отыра бересіңдер ме? Тірі адам тіршілігін қылмай ма?» − деп есігімізді ашып, басын сұққан жан адам болсайшы. Қайта ауылда бастары түйісе қалғандар біз туралы өрт тиген қаудай қаңқу сөздерді талай саққа жүгіртіп, бірден бірге өршітіп жатты. Солай көзге шыққан сүйел біз болдық. Ет-бауыр шын жанашырың болмаса, кімнің қайғысы, кімге жүк болады дейсің. Тас та түскен жеріне ауырлық етпей ме?! Қайтейін, қара жер көтере алмаған зіл батпан қайғы-қасіретті басына салып, баз кешкен біз секілді адам ғана көтереді екен.
Төртінші тәулікте есімді жиып, шиеттей бала-шағам үшін тіршілікке бетімді бұрып, белімді будым. Ертеңгісін оларды тамақтандырдым да енеме:
− Апа, қалаға барып, Мырзағұлдың киімдерін алып келейін. Тым болмаса артында қалған мына балалары көзіндей көріп, иісін иіскеп жүрсін, − дедім көңілсіз үнмен. Торыққан енем салыңқы қабақпен басын изеді де қойды.
Мырзағұлдың киімдерін судья Ихсановтан сұрамақ болып, жұмыс орнына бардым. Ол кеңсесінде жұмсақ орындыққа шалқалап отырып, телефонмен әлдекімдермен маңғаздана сөйлесуде. Сөз арасында ара-тұра ыржиып, керілген езуінің арасынан тізілген алтын тістерін жарқырата көрсетіп, қарқ-қарқ күліп қояды. Менің өн бойымды жымысқы көздерімен тіміскілей қарап алды да, столдың қарсы бетіне отыр дегендей иегімен ишарат етті. Көрсеткен орындығына тізе бүктім. Ол телефон тұтқасын тұғырына қойды. Мен келген шаруамды айттым. Телефонмен көмекшісін шақырып, киімдерді алып келуге тапсырды. Байқаймын көздері қызыл көрген түлкідей күлмің қағып, мені ішіп-жеп барады. Сонда да жымысқылығына мән бермедім.
− Айтыңызшы, күйеуім Мырзағұлды өлім жазасынан құтқарудың жолы бар ма? − дедім үмітпен.
Судья қуақы үнмен басқаша сайрады.
− Өзің бір үріп ауызға салғандай келісті келіншек екенсің. Мынандай түр сымбатыңмен енді оны іздеп қайтесің? Ол сенің жанашырлығыңа тұрмайды. Сотта әділ жазасын алды. Қайта ондай бұзақыдан құтылғаныңа қуан да, мына менімен көңіліңді қос. Төрт балаңмен бірге, өзім бағамын. Басыңда үй, үстіңде әйел біткен қызығатын сәнді киімдерің, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда болады. Айтқаныма көніп, еркіңді маған беріп, етегімнен ұстасаң, қолыңды жылы суға малып, сыланып, сипанып ұзатылатын қыздай болып отырасың.
«Мына қақпас не деп отыр? Желтоқсаннан кейін қалың ел қайғыдан қан жұтып отырғанда мынанікі не есірік?»… Ашу қысып, маңдайымнан мұздай тер бұрқ етті. Былшиған бетіне түкіре жаздап барып, өзімді-өзім әзер ұстап қалдым. «Жымыңдаған нысапсыз көзіне құм құяр ма еді шіркіннің». Өңменінен өтердей етіп өш билеген оқты көзіммен ата қарап:
− Мені басқа біреулермен шатастырмаңыз. Мен күйеуіме адал жанмын, − дедім тістене сөйлеп.
Сол кезде көмекшісі кіріп келіп, Мырзағұлдың киімдерін қолыма ұстатты да, қайта шығып кетті. Есікке қарай беттей бергенімде ту сыртымнан ол:
− Әбдіқұлова, ойланыңыз… Ақымақ болмаңыз… Күйеуіңнен күдеріңді үз де менің айтқаныммен келіс. Қор болмайсың. Енді оның қылмысы ешқашан да кешірілмейді, − деді дауыстап. Артыма бұрылмай сәл кідіріп тұрдым да, есігін тарс жаптым.
Біреуге бас қайғы, біреуге ашқарақ нәпсіні таңсық етіп қойған қылыштың жүзіндей алмағайып заман-ай. Ихсановтың қорлығы жаныма батып, тынысым тарылып барады. Көкірегім кернеген ыза-кектен жарылып кетердей. «Күйеуіме ату жазасын беріп, енді маған білгеніңді істемекшісің ғой. Оның бола қоймас, қақбас». Сол бойда қаладағы журналист ағам Тыныбаев Мырзаханның пәтеріне соқтым. Ихсановтың намысымды таптамақшы болған қорлығын айтып, ішіме беріштей қатқан бар мұңымды көз жасымды көлдетіп отырып шақтым. Ағамның өңі тұлданып, ашуға булығып, орнынан бір отырып, бір тұрды.
− Есірген екен есуастар… Қазынагүл, жасыма! Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын. Оны тәубесіне түсірмей тынбаспын, − деп кіжінді. Ағай солай істеді де. Орталық Комитеттегі таныстарына қайта-қайта кіріп, оның соңынан шам алып түсті. Ол өзіне тықыр таянып, қызметтен қуылатынын білді-ау деймін, шеткері облыстардың біріне қарай жылыстап кете барды.
Құрбандыққа шалынып жатқан қой да бауыздалып жатқанда соңғы рет тұяғын серіппей ме… Мен де сот үкімінің орындалуын күтпей, Мырзағұлды қалайда қорғап қалудың қарекетіне жанталаса кірістім. Енемді соңымнан ертіп, тағы да Олжастың қабылдауына бардым.
Олжас аға:
− Жоқ, біз Мырзағұлды өлімге қолдан бере қоймаспыз. Ұлттың намысы үшін бәріне басын тіккен жігітті қорғамағанда кімді қорғаймыз?! Қазақ мұндайда не деуші еді, Қазынагүл? «Шешінген судан тайынбас» демей ме? Біз бұлармен соңына дейін күресейік, − деп қалам мен қағазды қолына алды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде өзінің және енем мен менің атымнан КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Андрей Андреевич Громыкоға, КСРО Одақтық әйелдер кеңесінің төрағасы Валентина Терешковаға, сондай-ақ жоғары қызметтегі Наталья Пуховаға арнайы хаттар жазды. Мәтіндерін қайта-қайта оқып, өзі әбден қаныққанша кейбір сөйлемдері мен сөздерін бірнеше рет өзгертіп, пысықтаумен болды.
Олжас ағаның бұл жанашырлығы қайғы-қасіреттен қабырғамыз қайысқан біз үшін жанға шипа, дәтке қуат еді. Қараңғы түнекте абдырап жол таба алмай тұрған біздей мұңлыққа көз ұшынан жол көрсеткен жарықтай әсер беріп, үміт оты қайта жанды. Оның сол жақсылығын еш уақытта ұмытпаспын. Енем байғұс қайтып келе жатқанда:
− Аллаға мың да бір тәуба! Елде біз секілді пақырдың мұңына құлақ асып, шын ықыласымен болысатын қайырымды азамат та бар екен ғой, − деп жеңіл күрсінді.
Араға аз ғана күн салып, енем екеуміз Мәскеуге сапар шектік. Жол қаражатымды төркінімдегі өз тумаларым көтерді. Әйел ғой, жан дүниемізді басқадан артық түсінер деп әуелі Терешковаға бардық. Бірақ үмітіміз ақталмады. Алданған екенбіз. Ол әлдеқайда асыққан сыңай танытып, біздің сөзімізді үстірт тыңдады. Өтініш хаттарымызға көз жүгіртті де қойды. Содан соң маған мүсіркей қарап, жанашырлық танытқандай сөз айтты.
− Сен әлі жассың. Ондай бұзақыны іздеп қайтесің. Бар өмірің алдыңда. Оған алаңдап әуре-сарсаңға түспей, өзіңді бақытты етер жанды іздегенің жөн. Сот дұрыс үкім шығарған. Бұл қайта қаратуға жатпайтын іс. – Сөз саптасы осы болды. Өтінішімізге солай деп бұрыштама жазып, қолын қойды да алдындағы мұқабасы қатырма қызыл түсті пәпкінің арасына сала салды. Атақты әйелдің айтқан ақылы мен ісі осы болса не шара?! Ат шаптырымдай үлкен кеңсесінен жігеріміз құм болып шықтық. Терешковадан жүрегіміз шайлығып, бетіміз қайтып қалса да алыс жерден ердей келген соң қабылдауын төрт-бес күн күтіп, Пухованың да есігін аштық. Ол да Терешкованың айтқанын қайталап, өтінішімізге солай деп жазды. Олар енем мен менің жан дүниемізді, қайғы-қасіретімізді түсінген жоқ. Өз тұрғыларынан немкеттілеу сыңайда қарады. Ал Громыконың қабылдауын жұрт айлап жатып күтеді екен. Тауымыз шағылып, елге салымыз суға кеткендей еңсеміз түсіп оралдық. «Шынымен-ақ біз үшін әділеттіліктің болмағаны ма? Кеңес өкіметі тек әділеттілікті қолдайды дегендері қайда? Сонда бәрі де сөз жүзінде ме?..».
Соттан соң түрме бастығы Жүнісбековтің есігін екінші рет аштық. Мырзағұлмен жүздесудің сәті түсті. Қаланың Сейфуллин мен Октябрьдің 50 жылдығы атындағы даңғылдарының қиылысындағы түрменің алды біз секілді пенделерге толы екен. Мырзағұлмен кездесуді тағатсыздана күттік. Түрме қызметкерлері құжаттарымызды ретке келтіргенше шыдамымыз таусылып барады. Бір кезде солардың бірі бізді арматуралармен шандып торланған тар дәліздерден өткізіп, ұзынша бөлмеге кіргізді. Қақ ортамызды қалың шынымен бөлген тар кабинаның арғы жағында Мырзағұл, бергі жағында біз. Енем, балаларым және мен. Екі жақты сөзіміз телефон тұтқасы арқылы жүрді. Мырзағұл бізді, біз оны көріп, бір сәт көз жасымызға ерік беріп, мауқымызды бастық. Оның күн сәулесін көрмеген өңі оңған шүберектей боп-боз. Уайым-қайғы әжімдерін тереңдетіп, өндіршегін зорая шығарып, мүлдем аздырып жіберген. Баяғы ер мінезді, ер көңілді Мырзағұлым емес, қарсы алдымда соның әбден жүдеп-жадаған қайыстай қатқан елесі отырған сияқты. Әуелі Мырзағұл жан жүрегі езіліп, өксігін баса алмай солқ-солқ жылап отырған енеммен сөйлесті. Кезек маған келген кезде ол ұйыққа батып бара жатқандай түнеріп:
− Қазынагүл, енді сен маған арқа сүйемей-ақ қой. Сот үкімінің қашан орындалатынын білмеймін. Қалай айтқанда да, көрер жарық дүнием санаулы ғана күндерден соң бітер. Анамды, балаларымды өзіңе тапсырдым. Аз ғана жылдар бірге ғұмыр кештік. Ер азамат басымды сыйладың. Саған ризамын! Егер пендешілікке беріліп, ет қызумен артық-ауыз сөз айтқан болсам, кеш! − деді өксік қысқан үнімен үзік-үзік сөйлеп. Мен сорғалаған көзжасымды қайта-қайта сүртіп отырып:
− Мырзағұл, өмірден күдеріңді үзбе. Сені қорғап қалудың жолын қарастырып жатырмыз. Құдай қолдаса, өлім жазасынан да құтыларсың, − деп көңіліне медет тұтар жұбаныш сөздер айтумен болдым. Сөзіме сенбеді-ау деймін, қос жанарынан ұшқындаған үміт отын көре алмадым. Иә, тағдырың қыл үстінде тұрған шақта құдайы көршілерің көпе-көрінеу жала жапса, сот тек қаралаушылар жағында болып, әділеттілікті белден басып ең ауыр үкім шығарса, онда үміт қайдан болсын. Кездесудің шектеулі уақыты бітіп, түрме қызметкерлері оны алып кеткенде, бүкіл жан дүнием сонымен бірге кеткендей өкініштен ішім әлем-жәлем болып, тағы да ағыл-тегіл көз жасыма ерік беріп, дел-сал күй кештім.
Енемді жаныма алып, пойызбен Мәскеуге жол тарттым. Бұл жолы КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Андрей Андреевич Громыконың қабылдауында болу. Кезекке жазылатын мекемесі Кремльден тысқары орналасқан екен. Бірақ қанша тырыссақ та, әрекетімізден ештеңе шықпады. Жеке бастың шаруасымен жүрген тек біз ғана емес. Одақтың барлық республикаларынан келген адамның көптігі соншалық мекеме қызметкерлері бізді келесі айға кезекке жазды. Олар сонда да төрағаның қабылдауына кепілдік берген жоқ. Қанжығасы майланбаған аңшыдай еңсеміз түсіп, елге қайттық.
Тағдыр бізді тағы да кездесуге жазыпты. Арада екі ай өткенде Мырзағұлмен екінші рет жүздестік. Сол жолы соттан ату жазасын алған Қайрат Рысқұлбековты да көрдім. Біз өзімізге берілген кабинаға қарай кетіп бара жатқанымызда ол іргелес кабинада отырып, анасымен сөйлесіп жатты. Анасының арқа тұсынан өте бергенімде ол мені байқап қалып, жаңа ғана жасы төгілген көзімен болар-болмас жымиғандай рең танытып, маған сәлемдескендей қолын бұлғады. Бозбаладай албырт жігітке қарап, аяныштан ет жүрегім елжіреп кетті. «Айналайын-ай, қызылды-жасылды мына өмірдің бар қызығын тәрк етіп, кетіп бара жатырсың-ау. Ғайыптан Мырзағұл екеуіңді бұл жазадан құтқарар күн болар ма екен?..». Ол Мырзағұлмен бір камерада отырды ғой. Оның мені сабырға шақырып, Мырзағұлмен бауыр басып қалғаны жөнінде жазған бірнеше хаттары бар еді. Сол хаттарындағы сөздері әлі есімде. «Қазынагүл тәте, мен сіздердің болашақтарыңызға сенемін. Сіз ерік-жігері мықты жансыз. Мәскеуге де екі рет барып-келгеніңізді Мырзағұл ағамнан естідім. Бұл дүниеде жарға адал жан болса, сірә, сіздей-ақ болар. Сіздей жар сүйген Мырзағұл ағамда арман жоқ. Артында балапандары мен сіз бар. Ал маған мұндай бақыт бұйырмапты. Алдым көз көрмес қалың тұман тәрізді. Шынымды айтсам тағдыр талайымнан қорқамын. Ал сіз түбінде бәрін де жеңесіз. Соған менің көзім анық жетеді». – Қайраттың мұндай жүрек жарды сөздерін қалай ұмытарсың. Айналайын-ай, тірі қалғанда елге тұлға болайын деп-ақ тұрған өндірдей бозбала жігіт еді. Қайтейік, тағдырдың жазуы солай болса амал қанша. Қыршын кетті. Оның сол хаттарын кезінде адвокат Райымжан алып, кейін жоғалтып жіберді.
Алматыдағы жастардың Желтоқсан көтерілісі әлемді дүр сілкіндіріп жатты. Әлемдік қауымдастық КСРО басшыларына арнайы хат жолдап, жастарды жазадан босатуды талап етумен болды. Соған байланысты Балтық жағалауы елдерінен тәуелсіз комиссия құрылып, 1987 жылы тамыз айында сот шешімімен жазаланғандардың ісімен танысқан. Олар Мырзағұлдың да қылмыстық ісін ақтарып, Жоғары сот шешіміне кінә артыпты. Олар Мырзағұл Әбдіқұловтың қылмыстық ісін жәй бұзақыға жатқызған сот шешімімен келіспейтіндерін, Әбдіқұловтың ісі тікелей желтоқсан көтерілісіне байланысты екенін дәлелдеп, сол үшін бұл жәй бұзақылық емес, саяси қылмысқа жататынын өз анықтамаларында нақты жазған. Комиссия қортындысына байланысты Қазақ КСР Жоғары соты Мырзағұлдың ісін қайта қарап, желтоқсан оқиғасына қатысты саяси қылмыскерге жатқызып, жіберген қателерін түзеген. Ақпарат құралдары арқылы желтоқсан көтерілісі кезінде адам өліміне апарған ауыр қылмысы үшін Әбдіқұлов Мырзағұл сот шешімімен ату жазасан алғанын жария етті.
1987 жылдың соңына қарай Мәскеуге үшінші рет тәуекелмен жолға шықтым. Бұл жолы қасыма енемді емес, орыс тілін жетік білетін таныс әйелді жолдас еттім. Қонақ үйлердің біразына бардық. Бос орын жоқ. «Россия» қонақ үйінің ауызғы залындағы жұмсақ орындықтарға екі күн түнеп шығуға тура келді. Үшінші күні еден сыпырушы Таня деген қайырымды әйел екен. Жағдайымызды түсініп, өзінің пәтеріне жайғастырды.
Громыконың көмекшісіне сол пәтердің телефон номерін қалдырып, шақыруын күтумен күндерді өткізудеміз. «Осы жолы Громыконың қабылдауына түсе аламыз ба, жоқ па? Ол қабылдаған күнде Мырзағұлдың мәселесін қалай шешеді? Әлде Терешкова мен Пухова секілді меселімізді босқа қайтара ма?». Күн ұзаққа осындай жауабы белгісіз сұрақ жаныңды жеп, байыз таптырсайшы. Кейде терезеден телміріп, сыртқа ұзақ қараймын. Тамаққа тәбет те тартпайды. Телефон шылдыр етсе жүрегім атқақтай соғып, тұра ұмтыламын. Әлдекімдер пәтер иесін сұрайды. Алып ұшқан көңілім су сепкендей басылады. Зарыға күтумен аптаның жұмасына да жеттік-ау. Таңертең телефон безек қақты. Тұтқасын үй иесінен бұрын мен көтердім. Кремльден екен. Көмекші бұл жолы Громыконың тек жалғыз адамды қабылдайтынын, сол жалғыз жан өзіне түсіп тұрғанын айта келіп, кешкі бесте қабылдауға келуімді ескертті.
Кремльдегі Андрей Громыконың кеңсесіне жеткенше бұрылыстары көп бірнеше ұзын дәліздерді бойлап жүріп келемін. Әр бұрылыста қалшиып милиция қызметкері тұр. Ол мен жанына жеткен сәтте сәл ғана кідіртіп, көздерімен тұла бойымды тінте қарады. Мен әрі қарай жылжи бергенімде қолындағы байланыс құралымен келесі бұрылыстағы өзі секілді сақшыға «Женщина из Казахстана» деп қысқа хабарлап жатты. Жақындаған сайын «Шынымен-ақ Громыко мені қабылдағаны ма? Ия Алла ісімді оңынан келтіріп, Мырзағұлдың жазасын жеңілдете гөр!» деп Жаратушы иемізге жалынып келемін. Оның кеңсесіне жақындаған сайын жүрегім аузымнан шығып кетердей бұлқына тулауда. Өз ойыммен арпалысып, жеттім-ау әйтеуір.
Қабылдау бөлмесіндегі кеңесшісі кездесуге бес минут қана уақыт бөлінгенін, бар айтар ойымды жинақтап, қысқа сөйлеу керектігін ескертті. Андрей Громыконың үлкен кеңсесіне жүрексініп, имене басып кірдім. Өйткені Мырзағұлдың тағдыры шешілетін бұл менің ең соңғы үмітім. Громыко жиырма метрдей төрдегі көлдей столдың арғы жағында отыр. Амандасып едім, көзілдірігінен күлімсірей қарап, столдың бергі бетіндегі орындықты қолымен меңзеді. Өрекпи соққан жүрегімді басып, Алматыдағы сот шешімімен келісе алмайтынымды білдіріп, Олжас Сүлейменовтің, енемнің, өзімнің өзіне жазған хаттарымызды ұсындым. Үшеуін де оқып шықты. Басын кеудесінен көтеріп, менің қайғы мен қасіреттен қажыған түр-тұрпатыма бір сәтке көз салды. Өңінен біртүрлі жылылықты көрдім. Қоңырқай жұмсақ үнмен:
− Молодец, дочка! Я вам помогу. У вас будущее есть, − деп мейірімге толы жүзбен қарап, басын изегенде жанарымнан моншақтай жастың қалай ыршып шыққанын сезбей қалдым. Ішкі жан дүниемді бір жып-жылы мейірім шуағы желпіп өткендей болды. Көп жасап, көпті көріп, талайдың тағдырына араша түскен жан ғой. Ол менің барлық қасіретімді, көрген азабымды, әділдік іздеп табанымнан тозғанымды шерменде болған күйімнен айтқызбай-ақ сезгендей.
− Не переживай, все будет хорошо! – Үш хаттың да бұрыштарына қиғаштап жазып, қолтаңбасын қойып жатыр. Мен көз жасымды тия алар емеспін. Қолындағы қаламын сауытқа салды.
− Дочка, он долго не будет сидеть. Со временам все меняется. – Қолын қапталына созып, столдың қырындағы кнопканы басты. Ішке кірген көмекшісіне хаттарды ұстатып, Алматыға өзінің атынан жеделхат жолдауын тапсырды да маған басын бұрып. – Будьте счастливы! − деді.
Көмекші бұрыштамаларға көз жүгіртті де, маған басымен есік жақты меңзеді. Оның ақ батадай ақ тілегінен жүрегім жарыла жаздап, есім шығып кеткені соншалық кеңсесінен шығып, абажадай есігі жабылған кезде «Спасибо, Андрей Андреевич!», − дедім. Көмекшісі толқып кеткен жан дүниемді түсінді-ау деймін, жымиып күліп: «Громыко есіктің арғы жағында», − деді иегімен меңзеп. Сонда ғана өзімнің қайда тұрғанымды біліп, ұялғаннан өңім өрттей қызарып, қатты ысып кетті. Көмекші Громыканың хаттарға жазған бұрыштамаларын оқып берді. Соттың өлім жазасын жиырма жыл түрмеге ауыстырыпты. Мен үшін Мырзағұлдың жаны олжа! Өшкенім қайта жанды! Оның үстіне Громыконың: «Дочка, он долго не будет сидеть» деген сөзі көңіліме қанат бітіргендей. Енем мен балаларымды қуанту үшін елге жеделхат жолдадым. Сол күні ғана көңілім тыншып, алаңсыз ұйықтадым. Ал Громыконың «Жедел хаты» сот үкімі орындалатын күні таңертең жетіпті.
Мырзағұлды жазасын өтеуге Сібірге этаппен айдады. Көп кешікпей Свердловскідегі Лозьво түрмесінен хат жазды. Келер жылдың тамызында балаларымды ертіп артынан бардым. Лозьво түрмесі ит байласа тұрғысыз екен. Мырзағұлдың жанында үш күн болдық. Ол балаларын құшып, сағыныштан сартап болған мауқын басып, көңілі сергіді. Мырзағұлдан мұнда Брежневтің күйеу баласы Чурбанов пен Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Құдайбердиевтің де жазаларын өтеп жатқанын естідім. Арада бір жыл өткен соң біз сол түрмеде тағы кездестік. Бесінші баламды сонда көтердім.
1991 жылы Кеңестер Одағы тарай бастады. Еліміз сол жылы 16 желтоқсанда барша әлемге Тәуелсіздігін жариялады. КСРО халық депутаты Мұхтар Шаханов басқарған комиссия «Желтоқсан көтерілісі» ақиқатына жету үшін жұмбағы көп үлкен мәселені қайта қозғап, жазықсыз жазаланғандарды ақтауға ықпал етіп жатты. Біздің Үкіметтің сұрау салуымен Ресей басшылары Мырзағұлды Өскеменнің түрмесіне ауыстырды. Күйіктен ауыр дертке шалдыққан енем баласының ақ дидарынан өбіп, бауырына баса алмай дүниеден арманда өтті.
Саясаткер Бірғаным Әйтімова мен Желтоқсан көтерілісінің жанашыры Қайым-Мұнар Тәбей Өскеменге арнайы барып, Мырзағұлдың жағдайымен танысыпты. Оған анасының бақилық болғанын, менің аман-есен босанғанымды, қылмыстық ісінің Жоғары сотта қайта қаралып, жиырма жылдық кесімі жеті жылға дейін шегерілгенін жеткізген. Мен етек-жеңімді қолға алысымен Тыныбаев ағам жол бастап, Өскеменге біз де бардық. Қолымда жеті айлық нәрестем бар. Үлкен ұлым Артур жаныма жолдас. Қай түрменің оңғаны бар дейсіз. Дегенмен мұндағысы Лозьводағыға қарағанда жанға жайлылау көрінді.
Эпостық жырларда «Өлмеген құлға, Құдай-ау, Болып та қапты міне жаз» деген жыр жолдары бар емес пе?! Күтумен жеті жыл да өтті. Мырзағұл от басы − Отанына, бала-шағасына қайта оралып, жоғымыз түгелденді. Байқаймын денсаулығы сыр берген. Намысқа тырысып, онысын білдірмеуге талпынуда. Республика Президентінің жарлығына байланысты Жоғарғы сот Мырзағұлды 2002 жылдың басында толық ақтады. Бұл хабарды күткеніміз қашан. Жоғарғы соттың қарауында бірнеше жылдар бойына сазарып жатып алып, бізді сарғайтып жетті-ау, әйтеуір. «Ештен кеш жақсы» емес пе. Кеш жетсе де Мырзағұлдың ел алдында ар-ожданының ақталғанын айтсайшы.
«Адамның айтқаны емес, Алланың бұйрығы болады». Тергеуші Чуприлиннің: «Шындық күштінің жағында. Мына біздің жақта. Сендерге енді ешкім де көмектесе алмайды», сот төрағасы Ихсановтың: «Енді оның қылмысы ешқашан да кешірілмейді», − деп табалағандарын қалай ұмытуға болады? Чуприлиннің: «Мені әлі талай жыл түсіңде көріп, шырт ұйқыңнан шошып оянасың», Ихсановтың: «Күйеуіңді ұмыт та, менің етегімнен ұста», − деп намысымды қорлағандары ше? Етімнен өтіп, сүйегіме жеткен жоқ па? Қалай кек тұтпайын? Әйтпесе, ұзында өшім, қысқада кегім жоқ жәй жүрген жан едім ғой. Кек менің намысымды қамшылады. Затым әйел болсам да арымның тазалығы үшін, күйеуім Мырзағұлдың кінәсіздігі үшін, күресуге белімді будым. Иә, «Шындықтың жолы − шырғалаң» екен. Соған жеткенше қиямет қайымдай болған қаншама азапты айларды бастан кештім. Олар заңның баптарын бұрмалап, уақытша ғана жеңіске жетті. Сол кездерде жәбір мен жападан қабырғам қайысып, майыссам да, бірақ қайыңдай морт сынғаным жоқ. Жаудан беті қайтпаған Әлия мен Мәншүктің сіңлісі емеспін бе… Қала берді, желтоқсандағы қыздардың ерлік істерімен рухтанып, еңсемді қайта тіктеп, күресімді жалғастырдым. Олардың жымысқы ойлары толық жүзеге асқан жоқ. Құдай қосқан жарым Мырзағұл екеумізді ажыратып, от басы − Отанымызды ойран ете алмады. Шындық пен жалған, әділет пен зорлық жолындағы күресте Чуприлин мен Ихсанов емес, біз жеңдік! Біз тағдырдың қатал сынынан өттік.

Пікір қалдыру