КӨЗІМ КӨРГЕН КЕЛЕМЕЖ

 Танысым Тырнайберген

– Жол қысқарсын, бір әңгіме айта отыршы, – деді бір ағамыз жолаушылап келе жатқанда.

– Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?

– Е, естігенді әркім сан саққа жүгіртіп жалғанын араластырып соға береді, көзбен көргенге не жетсін.

Осы сәтте менің көз алдыма бірінің бойы аласа, бірінің бойы сырықтай ұзын екі таныс елестеп кетті. Бірін тамыз айында ойда, бірін қыркүйекте қырда кезіктірген едім. Сенесіз бе, екеуінің күрт өзгеріп кеткен қылығы, жүріс-тұрысы қоянның көжегіндей ұқсас болды да шықты. Соларды суыртпақтағым келіп:

– Құп болады, ендеше өз көзіммен көргенімді айтайын. Жаңылмасам, әлгі екеудің бірінің есімі Тырнайберген, екіншісі – Көңілжақ. Тырнайбергенмен ертеректен таныс едім.

«Сенің атыңды қалайша Тырнайберген қойған?» дегенімде:

– Мен ана құрсағында тоғыз ай жатқанның өзінде тынымсыз болған болуым керек, шамасы, содан әкем Тырнайберген деп атапты, – деді.

– Е, есімде не тұр, тәйірі. Қазір есейіп, ержеттің. Енді тырнай бермесең болғаны, – деп әзілдегем. Ол күрек тісін ақситып:

– Қойыңызшы, Сіздің бір жеріңізді тырнап тұрмын ба, ха-ха! – деп қалжыңдаған.

Айтпақшы, Тырнайберген талантты сахна шебері боп ширыға берді. Жо…ға, о не дегеніңіз, мен Тырнайберген туралы тырнақ астынан кір іздейін немесе мұқатайын деп отырғаным жоқ. Ол, шынында да, нағыз дарын иесі. Алла Тағала алшысынан үйіріп бере салған. Қолыңнан келсе Тырнайбергендей дүйім жұртты көзіне жас шығара күлдіріп, алақандарынан от шашырата соқтырып көрші бәлем, әй, келмейді-ау, келмейді… Ендеше сөзімді бөлмей, тыңдай бергін.

Иә, тамыздың тамылжыған бір күнінде ұлан-асыр тойға сапар шектік. Аппақ шағаладай киіз үйлер қалашыққа айналып кетіпті. Бізге бөлінген алты қанат киіз үйді де таптық-ау. Күннің аптабынан шаршап-шалдығып, шөлдеп дегендей, келе сала кесе қымызды төңкеріп тастағанбыз.

– Тише… Әне, Тырнекең келе жатыр! – деп ескертті үй иесі. Біз дабдырымызды азайтып жым болдық.

– Ол қай Тырнекең? –  деп едік.

– Қойсаңызшы, әне есікке таяп қалды! – деп және ескертті.

Әне-міне дегенше орта бойлы, төртпақтау келген кәдімгі көзіміз талай көрген Тырнекең табалдырықтан аттай берді.

– Жоғары шығыңыз, Тырнеке!

– Төрлетіңіз, Тырнеке!

– Апырай, байқаңызшы, сүрініп кетіп жүрмеңіз, үй іші ығы-жығы, – деп үй иесі қолтығынан көтере кіргізді.

Сізге өтірік, маған шын, біз бұрын білетін Тырнайберген бір басқа да, мына Тырнайберген бір басқа іспетті.

Жүзі ашулы секілді. Еш пендемен амандаспайды. Басқан әрбір ізіне ақы алатындай үнсіз қалпында төрдің төбесіне кеп отыра кетті.

– Ау, кеп қапты ортамызға Тырнайберген, Көркімен осы тойға шырай берген, – деп өлеңдете жөнелмесім бар ма! Сонша мақтап қай сайтаным түрткенін білмедім.

– Бәрекелді! – деп өзге жұрт қолпаштаған болып еді. Тырнекең тырп етер емес. Мән бермек тұрмақ «Мына майда-шүйделер қайдан келген» дегендей жаратпаған кейіппен біз жаққа бір қарады да қойды. Онсыз да келте мұрнын шүйіріп көкке көтергенде, жалпақ беттің қай тұсына жоғалып кеткенін білмей қалдық.

Тойдың құрметіне осы ауыл азаматтарының атына жақсы сөздер айтып, жік-жапар болып-ақ жатырмыз. Атамаңыз деймін…

Тырнекең тырп етпейді. Кесе толы қымызды сылқ еткізеді де жұртты жаратпаған қалпын өзгертпейді-ау, өзгертпейді. Әншейінде ауыз жаппас, Тырнекең той дегенде түк таппас болып қалған.

– Әу, Тырнеке, мынау той құрметіне, үй иесінің атына дегендей, бір тілек білдірсеңіз қайтеді, ел адамысыз, өнер тарландарының бірісіз, – деп көпшік қойып-ақ жатырмыз. Жо-ға, Тырнекең тырп етпейді, естісе де естімегендей, көрсе де көрмегендей. Бет әлпеті сызданып алған. Шолақ танауы онан сайын жоғалып, түбіне қарай кіріп барады. Ал керек болса… «Медальдың екі жағы болады» дегенді жиі естуші едім. Осы сәтте сол ойыма оралып отыр.

– Жұрттың жазғанын жаттап алып күлдірмей-ақ қойыңыз, тіс жарып мына көпшіліктің құрметіне бірдеме десеңізші? – деп жалынып та көрдік.

Тырнекең тырп етпейді.

Тырнекең бұндай емес еді ғой күні кеше… Не пәле болды екен? – деген ойға қалдым.

Сол сәтте «семіздікті қой ғана көтереді» деген мақал ойыма оралды. Тауып айтқан. Халық айтса қалт айтпайды ғой.

Бұл пәтшағар да жұмыр басты пенде ғой, не гәп болды екен, ә… Қай бабын таба алмай отырмыз? Қайтсек «мырза» Тырнекең бізбен бірауыз тілге келер екен? Қанша бас ауыртып, жүрек сыздатсақ та шешілмес жұмбақ болды да қойды.

– Бұрын мұндай емес еді, адам аяқ астынан өзгереді екен-ау, – деп маған сыбырлады қасымда отырған ақын інім. Сөйтті де ол:

– Әй, Мәке, мына жұрттың көңілін көтеріп қолға домбыра алыңызшы, – деп қолқа салды.

Өз басымда кеуде керу, тәкаппарлану деген болмайтынын ішім сезеді. Сол қалпыммен домбыраны шерте жөнелдім.

– Бәрекелді, бас, бас домбыраға!

– Және бір тастап жіберіңізші! – деген дауыстарды естігенде қамшы басқаңдай қайраттана, көңілдене түскен сияқтымын.

Күн кешкірген сәтте біз арнайы автобусқа жайғасып үйімізге оралатын болдық. Осы сәтте Тырнекең зайыбымен жеңіл машинасына жайғаса берді. Кабинаға отырар алдында келте танауын көкке бір көтеріп, табиғаттың өзін жаратпай аттанып бара жатқандай әсер қалдырды. Мен үйге келген соң да ұзақ уақыт ұйықтай алмай дал болдым. Екі жамбасыма кезек аунай беремін. Оқыс өзгерген Тырнекең енді менің жүйке тамырымды тырналап жатқандай.

– Неге бұлай? Е… ақымақ басым, ойыма жаңа түсті. Тырнекен кейбіреулердің қолы жетпей жүрген орынға отырып, мансап қуған сабаз екен ғой. Ау, қайта көппен тіл табысу, көппен бірге болып оның жоғын жоқтаушы болу керек емес пе? Тырнекеңнің неге танау шүйіргенін енді ғана түсінгендеймін. Содан соң дереу ұйқыға кеттім.

Көзбен көргенімнің бірінші сериясы аяқталды, еңді екінші сериясына көшейін.

 

Көз көрген Көңілжақ

 Тырнекеңді бір тойда, ойда көрсем, Көңілжақты қырда, қаланың іргесінде кезіктірдім. Тырнекең орта бойлы болса, Көңілжақ ұзын бойлы. Мен Көңілжақты осыдан отыз жыл бұрын ығы-жығына дейін жақсы білетінмін. Ғалымдық жолға бекем түскен азамат. Обалы не керек, бой десең бойы, ой десең ойы бар інілеріміздің бірі. Жасырып-жабары жоқ, соңғы он жыл сыңайында онымен сирек жолығысып жүрдік. Үй ішіміз араласпасақ та амандығымыз түзу болатын. Алыстан кездессек бас шұлғысып, жақын ұшырассақ қол алысып дегендей амандығымыз түзу болатын. Ал керек болса, «Жерден жік шықсын, екі құлағы тік шықсын».

Мен жуырда сауықтыру орнына келе қалдым. Бас дәрігерге жолығатын шаруам болып тоса тұруға тура келді. Шипажай фойесінде отырғанмын. Аяқ астынан кезігіп қалған жүзі таныс пенделер жарқылдай амандасып өтіп жатыр.

– Қашан келдіңіз? – деген тонның ішкі бауындай жақын жамағаттар да ұшырасып қалды.

 Бір сәтте ұзын бойлы, таңқыш танаулы Көңілжақ келе жатты. Жұмсақ креслоға жайғасып үнсіз отырған маған тесірейе қарады. Амандаспады. Мен мән бермедім. «Мүмкін байқамаған шығар» деп ойладым. Тегінде, пенделердің бір-біріне кешірімді болғандарына не жетсін. Қызық болғанда, менің палатам Көңілжақтың палатасына көрші болып шықты. Е, енді дұрыстап амандасатын шығар деп ойладым. Айтпақшы, Көңілжақтың анау-мынауды көрмегенсуінің гәбі де байқала бастады. Оның палатасы – люкс екен. Ұйықтау бөлмесі өз алдына, өз залы, өз алдына ваннасы, тоңазытқышы дегеңдей… бәрі бар.

Арада бірер күн өтті. Дәрігердің ұйғаруымен арасан сулы ваннаны қабылдаған соң, тынығу бөлмесіне келгенім әлгінде ғана еді. Кешікпей сол бөлмеден буы бұрқырап Көңілжақ келді. Амандық та, саулық та жайына қалған. Танауын шүйіре келді де оқшаулау креслоға жайғасты.

– Әу, жасың кіші ғой, амандығыңды сатамысың? – дедім.

Ол естімеген болды. Мен әлгі сөзді қаттырақ айттым. Мән бермеді.

– Әлде құлағыңның мүкісі бар ма, онда кешір, – дедім.

– Мүкісі де, сайтаны да жоқ! – деп дөрекі қайырып тастады.

– Сен өзің тұрпайы сөйлейтін болыпсың ғой?

– Онда шаруаң болмасын!

– Шаруаңыз деу керек…

Көңілжақ танауын шүйірген қалпында шығып кетті. Арада екі-үш күн өткен соң шипажайдың екінші қабатында фойеде отырған едік. Көңілжақ келе жатыр екен.

– Осы бір жігіт тым бюрократ! – деп қалды бір әйел.

– Неге олай дейсіз?

– Сәлем алмайды да, сәлемдеспейді және біздің үстелімізге көрші болып келгенін көрмеймісің. Ас ішкенде «тәбетіңіз ашылсын, ас тәтті болсын» деген іспетті сөздер айту керек емес пе. Тіке жүріп келіп отырады да, тіке кетеді. Өзінен басқа ешкімді ұнатпайды. Өзі де, әйелі де солай, – деп әлгі келіншек ашуланып кетті.

– Қой, кейімеңіз, адам аласы ішінде, мал аласы сыртында, – дей салдым.

Көңілжақ сол қалпынан айныған жоқ. Өзінен басқа жан жоқтай көкті төбесімен тірегендей болды да жүрді. Мейлі, оған біздің неміз кетеді десек те, адамның күрт өзгергеніне қайран қаласың. Кешікпей менің ойыма Көңілжақтың бүгінгі дәрежеге жету үшін бір мықты ғалымның жеңінен кіріп, желкесінен шығып жүрген кездері көз алдыма келді. Мынадай өлең жолдарын жаздым:

Оқта-текте тыныққанда Күбек кеп,

Қыр соңынан қалмаушы едің сүмектеп.

Бір қолыңмен аузын ашып қисайған

Шарабыңды құюшы едің шүмектеп.

Ой, байғұсым, неменеге ісіндің?

Е, байлықтың буы екен ғой, түсіндім.

Болмаған соң жағынатын бір мықты,

Өзің «ноян» боп қалыпсың, пұшығым!

 

Шотмаңдай

 Шыр етіп жерге түскеннен-ақ жазған шіркіннің маңдайы шаппа шоттай қайқайып шыққаннан ба екен, кім білсін, әйтеуір Шотмаңдайдың аты да затына сай пенде екеніне куәгерміз. Бой десең бойы бар, ой десең (астапыралла, кешіре көріңіздер, олай дей алмаймын)… Олай дейтініміз осы ой жағының олқылығынан да Шотмаңдай Шуылбаев өзінің отыз жылдық қарекетінде отызға тарта мекеменің табалдырығын тоздырып, жүздеген пенделердің жүйке тамырларын қоздырды.

О басында аяғын мысықша жайлап басып, жымия келген Шотмаңдайды өзі бір иман жүзді адам болмасын деген алдамшы үмітке де бой алдыруымыз ғажап емес. Асықпаңыз! Шотмаңдай Шуылбаевтың шатағы мен шуылына көзіңіз жетіп, төбе шашыңыз тік тұратын болады. Ә, дегенде түксіз жыланды інінен шығаратындай «жылы сөздерімен» іші-бауырыңа кіріп алатын Шотмаңдай алғашқы аптада-ақ кеңсірігі сезгіш иісшіл иттей кімнің қандай екеніне көз жүгіртіп, көңіліне түйіп алады. «Шотеке, Шотеке» деп жатып жастық, иіліп төсек бола кетіп жеңінен кіріп, желкесінен шығып жүрген Жөкеңнің жөн жұмысын да, жөн емес жұмысын да жұрттың көзінше сыпыра мақтап келіп Шотекең: – Хо-хо… oһo… міне, осылай істеу керек. Жөкенше, жолдастар тсс… сөзімді бөлмеңіз, – деп қара қасын қайқы шот маңдайына қарай жиыра көтеріп қойды.

– Кәне, кімде сөз бар? – деп Шотекең көзілдірігінің бір жақ сабының ұшын әлдеқашан сарғайып таусылуға айналған қиқы-жиқы күрек тістеріне әлсін-әлсін тигізе кісімси қарап қалып еді.

– Маған сөз беріңізші, – деді жасы егделеу, осы мекемеде табан аудармай көп жыл істеп, ыстығы мен суығын бастан кешкен Дәулетов.

– Сөз Дәулетовке… тише, товарыщтар, – деп Шотекең сәл кірбің тартқандай сырықтай салалы саусақтарымен көкшіл сеңсең бөріктей бұйралау шашын бір сипап қойды.

– Шотмаңдай Шуылбаевич, екі сөзіңіздің бірінде «Жөкенше», «Жөкенше», деп жарлық айтқаныңыз жанымызға батып барады, – дей беріп еді Дәулетов.

– Немене, немене? – деп Шотекең шатыр-шұтыр еткен нажағайдай шабаланып алды. – Әу, не жарлық, қандай жарлық? Дәулетов, өзің не шатып тұрсың? Смотри, смотри…

– Өзіңіз деп сөйлеңіз…

– Өзің… Ал не қыласың маған?

– Не қылғанды кейін көрерсіз. Сөзімді бөлмеңіз, Шуылбаев жолдас, меңгеруші екенмін деп танау шүйірмеңіз, осы жасқа келгенше көргенбіз танаулардың талайын, – деп Дәулетов ашуға булығып барып сөзін әрі жалғастырып кетті.

– Енді кім сөйлейді?

– Мен, – деді Майқы Шайқыбаев.

– Сөз Шайқыбаевқа.

– Дәулетовтің айтқанына мен де қосыламын, – деп бастады Майқы. – Себебі…

– Шайқыбаев, қысқарта сөйлеңіз, – деп Шуылбаев көзілдірігін құлағының үстіне қарай бір жылжытып қойды.

– Сөзімді бөлмеуіңізді өтінемін, Шуылбаев жолдас, осы мекемеде меңгеруші болып келгендердің көбісін бастан кешірген едім, тап сіздей алақолдыны көрсем, көзім шықсын!

– Немене, алақолың не ей? – Шуылбаев жұдырығын тастай ғып түйіп алып, аумақты үстелін тоқ еткізіп салып қалды.

– Алақол дейтінім, ала қойды бөле қырқатыныңызды айтамын, неменеге «Жөкен», «Жөкен» деп жыпылдайсыз, өзгеміз шошқа тағалап жүр ме екенбіз, табелін былықтырып, бір жазған анықтамасын қайта жазып, әркімнен бір сұрап жүретін Жөкеніңізді жар құлағыңыз жастыққа тимей неге мақтай бересіз.

– Е, мақтамай… Ал айтшы білсең!

– Астыңыздағы машинаға Жөкеннен басқа ешкім мінбейді – бір деп қойыңыз. Сол машинаның кузовына қой мен қарбызды, қауын мен жүзімді толтырып беріп жүретін де Жөкен екенін жасыра алмаймыз, мұны екі деп қойыңыз…

Бұдан әрі жалғастыруға Шотмаңдайдың да шыдамы таусылды білем:

– Жә, жетеді, қайдағы Дәулетов пен Шайқыбаевтардың бұл жапқан жалаларына сайтан болмаса адам сенбейді.

– Сөзімді неге бөлесіз? – деп Шайқыбаев та шарт ете қалды.

– Сөзді доғар! – деп күрек тістерін күдірейте маңдайын қайқита қалды Шуылбаев.

Көп ұзамай-ақ Дәулетов те, Майқы Шайқыбаев та Шотмаңдайдың жүйке қоздыратын қорлығына шыдай алмай мекемеден кетуге мәжбүр болды.

Ал Шотмаңдай ше? Ол қанша екі иығын жұлып жеп «Жөкен, Жөкен, Жөкенше» деп, жіліктің майындай жылпылдағанымен, жолы болған жоқ. Жағымпаз «Жөкесі» де, сағымпаз көкесі де табандарын жалтыратып отырды.

Мыңбай РӘШ




ПІКІР ЖАЗУ