Картада жоқ ауыл

 

 

«Қалам әрі оның жазған нәрселеріне серт»

Қалам сүресінен.

 Жұмақтың есігі

(Алғысөз орнына) 

 Бұл кітапты жазсам деген идеяның туғанына да 7 жылдан асыпты…

Қожа Ахмет Иассауи «жұмақтың сегізінші есігі – сағыныш», – дейді. Рас шығар. Жетпіс сегізінші жылдың тамыз айының соңы болса керек. Сол жылы жер қуаңшылық болды ма, әйтеуір Байғали пермінің пәрменімен біздің үйді Үйтасқа көшірді. Совхоздың қара қойының қамы ғой, шағылысқа күйлі түссін деген ойы шығар. Осылайша күнге күйіп шапқылап жүргенімізде кенеттен абыр-сабыр бола қалды. «Ертең балдарды жинайды екен», – дегенді құлағым шалды. Қайда жинайды, кім жинайды, не үшін жинайды, ол жағы мен үшін жұмбақ. Жуындырып-шайындыра бастағандарына қарағанда жинайтын балдардың арасында өзім де бар шығармын. Содан түстен кейін-ау деймін, кім екені есімнен шығыпты, кузовты ГАЗ-53 шаңдатып келе қалды. Санамның түкпірінде осы көлікпен мені де алып кетеді деген ой қылаң берді. Арқандаулы ботасына өрістен боздап келе жататын қара маяны, құдықтың басында шыбындап тұратын тұсаулы кер шолақ пен күніне үш-төрт қатынап, су таситын водовозды да аяқ асты жақсы көріп, біртүрлі қимас сезім бойымды билеп алды. Ауық-ауық Халипа әжемнің етегіне оралып, тығыла түсемін. Кузовтың алдыңғы жағында тұрып, зырғытып бара жатқан сәтті сезіну шаттығын аңсағаннан болар, кузовқа ытқып мінгенім сол екен, ГАЗ-53 орнынан қозғалды. Қарала төбет Алыпсоқ тілі салаңдап, бірталайға дейін қалмай, қапталдасып отырды. Енді бірде артыма қарасам, сағымға оранған екі ағаш үй көз ұшында бұлдырап қалып бара жатыр. Жаулығы желбіреген әжем көзін көлегейлеп, соңымыздан қарап тұр екен. Көліктің соңынан адымдап жүріп келе жатқандай елестеп кетті. Неге екенін білмеймін, сол сәтте кеуде тұсым шым ете түскендей болды. Көзіме кілкілдеп жас келгендей ме…

Содан бастап жалғызсырып қалған қос ағаш үйді, айналып-толғанып отыратын әжемді аласұрып, іздей бастадым. Сол іздеудің өмір бойына созылатынын пермінің ескілеу көлігінің кузовында, Сағыздағы интернатқа шаңдатып кетіп бара жатқанда қайдан білейін. Сол іздеуім кейіннен ауылдан жырақтай бастағанда тіптен ұлғайып, сап-сары сағынышқа айналып үлгергенін сездім. Сол сағынышы құрғыр интернатта талай түн дөңбекшітіп, Сағыздан бар болғаны жиырма бес шақырым жердегі Аққұдықты ойлатып, бірталайға дейін кемсеңдетпеп пе еді. Дегбірді қашырып, мазаны алған сол сағыныш кейіннен аузын ашса жүрегі көрінетін Аққұдықтың аңқылдаған адамдарын аңсауға ұласыпты. Совхоздың конторы жақтан сары плащының етегін жел қағып, жан баласын жатырқамай самбырлап келе жатқан солардың төбесін көрсем жүгіріп барып амандасқаныма мәз болатынмын. Жер бетіндегі жақсы адамдардың бәрі Аққұдықта түтін түтетіп отырғандай елестейтін маған. Каникулдағы санаулы күндер өте шыққасын ескілеу көлікпен интернатқа алып бара жатқанда да  жусанды қырдан асқанша артыма қарайлай беруші ем. Жел қағып, аяз сорып бет-жүздері домбықса да аузынан шүкірі, тілінен тәубасы кетпеген Аққұдықтың адамдары түгілі анадайдан көзіңе жылы ұшырайтын қоянжонданған әр дөңіне дейін көз алдымнан көлбеңдеп кетпейтін. Күні бүгінге дейін елге келгенде Борекең, Боранбай ағам міндетті түрде ауылға алып барады. Желпініп жеткен көңілім құлазып қалады. Баяғы аласұра сағынтқан алақандай ауылдың орнында қалған жалғызсыраған жұрты мұңайып қарсы алып, қимай шығарып салатындай. Туған үйіңнің орны шап-шағын төбешік боп қалған. Оның да жыл өткен сайын аласарып, жұқарып бара жатқанын көріп дел-сал боласың. Кіндік қаным тамған құтты мекенімнің дөңбек боп жатқан үйіндісінің шетіне отырып қайдағы-жайдағы ойларға берілемін. «Кешегі асыр салған балалық шақ қайда, бір отарды өрістен қаптата жайып келе жататын қарқарадай әкең қайда, аңғал-саңғал болмыстарынан ірілік пен жұлын-жүйкеңе дейін әсер ететін сәуірдің шуағындай жылылық есіп тұратын ақжүрек ағаларың мен бейнеттен белі бүгіліп жүрсе де қабақ шытудың не екенін білмейтін жайсаң жеңгелеріміз қайда?» Көз көргендердің қатары сиреп бара жатқаны мен өзімнің де жер ортасынан асқанымды ойласам, жаным аласұрады. Неге? Неге сол жампоз жандарды ұмыта алмай келемін? Неге тағдыр мені туған жерден жыраққа жетелеп ала жөнелді? Қолыма қалам ұстатқан не күш? Ес кіргелі алғаш көрген, жаныма жақындау сол аяулылардың ғазиз есімдерін ақ параққа кестелеп, жұдырықтай жүректің төріне жамбастап жатып алған қастерлі құбыла, қасиетті мекен – туған жерге деген мауқымды осылайша баспасам, одан басқа қолымнан не келеді? Арғы жағалауда қол бұлғап қалған қамсыз балалықтың алтын ұясы – айналайын туған жердің маңдайынан бір сипауға жарасақ ол да жаныңа жұбаныш екен.

       Бүгіндері картадан сызылған сол ауыл жүрегіміздтен қалайша өшіріледі? Сіз бұған не дейсіз?.. Тас қопарып, тау бұзбаса да Аққұдықтың мехнаты мол жандары тіршіліктің дәнін маңдай тері сорғалап жүріп терді. Адал бейнетке армансыз жегілсе де ешкімге алақан жайып, кішіреймеді. Әйкәпір атанғаны жоқ. Арына кір жұқтырмай, ұрпағын адалынан тәрбиелеп келе жатқан солардың сыртынан тілеуін тілеп, жақсы атын естігеніме әлі күнге дейін мәз боламын. Кейде сүріндіріп, кейде құлатып, мігір тапқызбай дедектетіп бара жатқан мына аласапыран тіршілікте кереқарыс романның кейіпкері болуға сұранып-ақ тұрған соларды мен іздемегенде кім іздейді, олар жайлы мен жазбағанда кім жазады? Осы ойлар толғандырып, кешіктіріп болса да қолыма қалам алдым.

P.S. Осы кіріспені жазғаныма да екі жылдай уақыт зырылдап өте шығыпты. Көп жылдардан бері ой-санамның түкпірінен бой көтеріп, талай түн ұйқымды ұрлап, дөңбекшіткен идеяның соңғы нүктесін қоюға да жақындадым. Туған жер жайлы қолдарыңыздағы кітапты «жазсаң қалай болар екен» деп ешкім қолқалаған жоқ. Жылдар өте өмірге, айналаңа деген құндылықтардың өзгере бастайтыны рас болып шықты. Басқа да қатарларым сынды арман қуып, Алматығы келдік. «Еліміздегі ең жоғарғы оқу орнына түссем, кейіннен кітап жазып, әкемді қуантсам» деген бала қиял нақты іс-әрекеттен құралған өз әлемімде қал-қадерімше тырбаңдап келе жатқан мені ғұмыр бойы қамшылап, анау көкжиектен ауық-ауық қол бұлғайтын кіршіксіз ақжал арман, ізгілікке толы алдағы күндерге қарай жетелеген үстіне жетелеп келеді. Дүниетанымым қалыптасып, азамат болып қатарға тұруыма әкемнің ұсақталып көрмеген ірі болмысы қалай әсер етсе, ес кіргелі алғаш көрген ауылдастарымның сабыр мен қанағаттан тұратын титімдей жасандылығы жоқ адал бейнесі де соншалықты ықпал етті деп санаймын. Жан баласымен бәсекелеспей, қоңыртөбел тіршілік кешкен аядай ғана ауылдың тұрғылықты халқына мыңғырған мал бітпесе де атар таңы мен батар күніне шүкіршілік еткен, сүйегі асыл қарапайым жандар еді. Олардың көбі мәңгілік сапарына бет түзеген. Көзім көрген аға-жеңгелерімнің алды немере-шөберелерін иіскеп отыр. Аспан асты, жер үстінде мәңгілік не бар дейсің? Өзіме үлпілдеген үмітпен қараған солардың сенімін ақтау үшін көктегі шексіз құдірет иесі құйттайымнан ақ қағаз бен киелі қаламға құштар қылған болар… Ой-санамыздың, миымыздың күші жете бермейтін, бізге белгісіз қаншама құпиялардың сыры ашылмай жатыр?

Қажыр-қайратым жеткенше ауылдастардың бәрін қамтуға тырыстым. Белгісіз себептермен әке-шешесі жөніндегі ақпараттарды жібермегендер де бар. Бір қолымды екі ете алмай шапқылап жүргенде алтын уақытымды бөлгізіп, қолдарыңыздағы кітапты жазуға жігер беріп, талаптандырған Құдай Тағалаға мың мәрте мадақ. Аққұдығыма деген ондаған жылдарға созылған сағынышым, мауқым сәл де болса басылған сияқты. Соған шүкірлік етемін. Ерік-жігерімді жанып, бар ынтам мен күшімді сарқа жұмсаған қолдарыңыздағы шағындау еңбекке көздеріңіздің жақсысымен қарап, асықпай оқысаңыздар — соның өзі маған үлкен демеу болар еді.

Шуағы мол шаттыққа толы күндерде кездесе берейік!

 

Жалы биік жақсы аға

 Бала күнімнен атын көбірек естіген бір адамым болса, ол Қожекең, кәдімгі Қожық Әлшенов. Мен ес білген кездегі Аққұдыққа билік жүргізген бірінші пермі. Өкіметтің жұмысын өз жұмысынан артық жасап, атан түйенің белі шыдамас бейнетке аянбай жегілгенін жоғары жақ білсе де бағалағысы келмеген, бірақ қарамағындағы нөпір халық әркез «ой, Қожекеңнің еңбегін айтсаңшы», — деп басын шайқап, риза болатын бейнетқор Қожекең, кәдімгі Қожық Әлшенов. Папамның қары нағашысы болғасын әзіл-қалжыңдары мен аяқ-табақтарына дейін аралас еді. Аққұдықтың ең шеткі үйі пермінікі. Біздің қыстаққа жақын болғандықтан көбірек араласамыз. Етжеңділеу келген Қаным әже таяқ тастам жердегі біздікіне төрт-бес мәрте демалып, теңселіп отырып жететін. Аққалаға жетер-жетпестен әжем екеуі амандасып, шұрқырасып жатар еді. Күнара кездессе де сол кемпірлердің әңгімесі таусылмайтын. Кімді еске алып, нені әңгіме қылады екен?

Тығыншықтай денесі өзіне жарасып-ақ тұратын өткір көзді Қожекеңнің тілін тауып, сөйлете білсең көп нәрседен хабардар екенін ұғасың. Талайды көріп, көңілге тоқығаны, одан да көбірек адамның молырақ білуі заңды да болар. Аққұдықтың қалыптасуына Қожекеңнің сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Біреулер «дүние бөліс хан талапайға түсіп, жекешелендіру басталғанда кей жылпостар көбірек қармап қалды, әттең Қожекеңдерге түк тимеді», – дегенді айтады. Дұрыс пікір. «Қожекеңдер түлкінің терісіндей құбылған мына дүниеге алу үшін емес, беру үшін келді ғой» деген ойға кейінірек табан тіредім. Қожекең бейнет кешіп жүріп, басқаларға адал еңбек етудің баға жетпес абырой екендігін ұқтырды. Өзіңе сенім артқандарды ешқашан жерге қаратпау, олардың мұң-мұқтажымен санасып, қиындықтарды қолдан келгенше шеше білу-сынды басшыға ауадай қажет қасиеттерді іс-әрекетімен көрсетті. Ондаған жылдарға созылған Қожекеңнің ақ-адал еңбегінің бағалануы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысы кезіндегі тылдағы еңбегі үшін» медалдарын кеудесіне жарқырата тағуы арқылы көрініс тапты. Оны жақын білетіндердің шын көңілімен сыйлап, төрін ұсынуы мемлекеттік марапаты болғандығы үшін емес. Сыйлығы көп болса да сыйы жоқ жандарды да көріп жүрміз. Қарапайым адамның жан-дүниесін түсініп, соларды қиын шақта қолдағаны үшін, адам атына кір келтірмей тіп-тік қалпында ғұмыр кешкені үшін де риясыз құрметтеді. Пенде шіркінге бұдан артық нендей марапат керек?

2010 жылы папамның жыл садақасына орай көз көрген замандастарының естелігін құрастырып «Кірлетпей кеткен жүрегін» атты кітап шығарғанмын. Осы еңбекте Қожық ағамыздың «Қатар жүрген достарым» деген шынайы тебіреністен туған көлемді мақаласы бар. Бұл еңбекте Сәтмағамбет, Лекер, Бошай кәкелеріміздің Түрікпенстаннан қалай көшіп келгені, жалпы біздің әулеттің Жанақ ағайындармен арадағы жекжаттық қарым-қатынасы  әсерлі баяндалған. Кей шіркіндер бақырып бастық болғанына, қарамағындағыларға әкіреңдегеніне мәз. Ой, бұл екі аяқтыға үш күн тізгін ұстатсаң кім екендігін өзі-ақ көрсетеді. Ал Қожекеңнің үлкен жүректі азамат екендігіне әлгі мақаланы оқып отырып, көзім жете түскен. Күніне қырық мәрте жолығып жүрген көзтаныс пенденің жарқылдаған жүзіне қарап төрт құбыласы түгел екен деп ойлауың мүмкін. Ал оның кеудесінде бүлкілдеп жатқан жұдырықтай жүрегінің түбінде қандай мұң, қандай уәйім жасырынып жатқанын қайдан білейін деп едің? Адам жанының тебіренісін, ішкі-жан дүниесінің қалтарыс-бұлтарысын алдыңа жайып салатын озық медициналық аппарат қолданысқа енген күні жер беті жұмаққа айналатын шығар?

Қожық ағамызбен бір жолы кездескенімізде әлі күнге дейін айрықша әсер қалдырған төмендегі әңгімені айтқан болатын. «Тұмекеңдер Түрікпенстаннан ұбап-шұбап көшіп келген соң алпыс үштің қоянын Қошабайда қарсы алды. Қошабайдың жері жақсы, малға жайлы болғанымен қысы қаттылау. Қысы ертерек келгенімен, жамбастап жатып алады. Алпыс үштің қояны талайды састырды. Аққұдықтың пермісі болып тағайындалғаныма көп бола қоймап еді. Техника тапшы. Алай-дүлей бораны алақаншықтанып тұрған түу Қошабайда көрген немересін Сәтекең «Боранбай» деп атапты деген хабар естілді. Қарбалас шақтың бірінде мал доғдыр Алманияз екеуміз алыстағы отардың жағдайын білейік әрі шалдың немересіне құтты болсын айтайық деп түс қайта Қошабайға жеттік. Сәтекең мал жақта қардан аққала соғып жүр екен. Нағашылы-жиендігімді алға тартып, ол шалмен қалжыңдаса беретінбіз.

– Ассалаумағалейкум, Сәтеке. Қазақстан қалай екен? – дедім жымыңдап.

– Қазақстан дегенше азапстан десейші! – деп аларып қарады да қойды.

Шаруаның жәйін сұрап, немересіне құтты болсын айтып жатырмыз. Кешке дастархан жайылды. Сәтекеңмен нағашылы-жиенді әзіл әңгіме жүріп жатыр. Тұманбай елдің салтына қарай келген қонаққа арақ бергісі келеді, бірақ әкесінен қорқып, маған қарай береді. Ойын түсініп «Сәтеке, біз борандатып тоңып келдік. Өзімізбен ала келген бір шөлмегіміз бар, соны ішуге батпай отырмыз», – деп тамырын басып көрдім. Шалың «рұхсат жоқ» деп ақырып жіберді. Жым бола қалдық. Шәй ішіп жайланып, арқасының құрысқаны тарады-ау деймін, біраздан кейін барып «Қазақстанның қай азабына көнбей жатырмыз, бір уақыт орыс та болып көрелік, ішіңдер, қарақтарым», – деді. «Атаң көніп жатса, сырттағы ат дорбадан екі шөлмекті алып келесің» деп Ақзияға айтып қойғанмын. Сол бойда Ақзия барып әлгілерді әкеліп, Тұманбайдың қолына ұстатты. Шөлмектің сыртына тоң болып комбикорм жабысып қалған. Сәтекең «мыналарың арақ емес, жем ғой» деді. «Дүкеннен шөлмекті алып, жылы күйінде ат дорбаға жемге тыққанбыз. Содан қатып қалған ғой» деп ақталғандай болдым», – деген Қожекең жастық шағындағы бір жағдайды еске алып.

       Қожекеңді ойлаған сайын жаныңа жылуын себетін осы әңгіме ойыма орала кетеді. Талай теперішті көрсе де сағы сынбаған Сәтмағамбет кәкемнің бір жағынан қайсарлығы, екіншіден қазаққа қырын қарап, тізесін батырған сары орысқа деген ішкі реніші, сосын нағашы мен жиеннің, әке мен баланың арасындағы былайғы ел көп түсіне бермейтін шынайы сыйластықты аңғаратынмын. Өздеріне қолайсыз болса да ұрпағының қамы үшін атамекенге ертерек қоныс аударған кәкеңнің көзін көрген, әке-шешеңмен сыйласып ғұмыр кешкен жарықтық Қожық ағамыз бен Жидебай жеңгеміздің қараңғы дүниедегі жүздері жарық болып, ұрпағы өсіп-өнсін.

       Ел аузындағы бір әңгіме бойынша, Өскенбайдың Қатпасы өлмей бітпейтін шаруа жан-жақтан қамалап, ашуына ерік бергенде «Қошабайдан не өліп қайтамын, не пенсияға шығып қайтамын», – депті. Аты естілсе сағынышыңды маздатып қоя беретін сол Қошабайдың абалаған боранында шар етіп өмірге келген Боранбай ағамыздың өзі зейнет жасына жақындап қалды. Өмір дегеннің ырық бермей зулап өтіп жатқаны осы емес пе?

Қошабайда Төрткүл деген биік жал бар. Бала күнімізде тау дейтін едік. Оның басына шықсаң айналаның бәрі алақандағыдай анық көрінеді. Төрткүлдің биік жалы Төбеқұдықтан аса бере сонадайдан көзіңе мұнартып шалынатын. Бертінге дейін Қошабайдың Төрткүлінен биік нәрсе болмайтын шығар деп ойлайтынмын. Қошабайдың Төрткүлінің басына шығып, жан-жағыңа рахаттана көз тастамағалы қай заман?

Несін айтасың, Қожекең марқұм, кәдімгі Қожық Әлшенов  Қошабайдың Төрткүліндей жалы биік жақсы аға еді-ау…

                                                                   ПЕРМІ

 Бәкеңе пермі болған жарасатын. №2 ферманың меңгерушісі болған Байғали Досымбаевты айтамын. Басында Хрущевтің қалпағына келетіндей кенеп қалпағы, қолтығына қысқан папкасы бар, таң атпастан конторға қарай адымдап бара жататын. Зоотехнигі, мал дәрігері, бригадир сынды ауылдың атқа мінерлерімен конторға кірмей, есіктің алдында шұғыл жиналыс өткізіп жібереді. «Сағыздың жолы ашық па екен, ауданның өкілі қатысады деген жиналысқа кім барады, одан шыққасын интернатқа соғып, ауылдың балдарын жинап әкелуді Амангелдіге мықтап тапсыру керек, елдің шетіндегі Төбеқұдықта отырған Тоқымбайға жемді кім жеткізеді, оған Нұрмұхан қораның үстімен барған жөн бе, құдықтың моторының бензині таусылған, Әбділдә неге бензинді кешіктіріп құяды», міне осындай сан қабат шаруаны ұйымдастыру – пермі Байғалидың атқаратын күнделікті жұмысы. Қысы-жазы осы. Жазда жұмыс дегенің тіпті көбейеді. Шөп шабу науқанының өзі талай жүйкені жұқартып-ақ жібереді. Қарамурзин Оңдасын, Өскінбаев Зинадин, Лекеров Есен водовозымен тасып әкелген суды сіміріп, жайлауда алаңсыз жайылып жүрген 12 отар қой ертең қыста шөп сұрап, маңырай жөнелгенде таңертеңгі есіңнің түске таман қайда қашып кеткенін білмей дал боласың. Шөп шабу басталмай жатып, бірінен соң бірі сынып жатқан темір-терсек, оны іздеп Сағызға шапқылап бара жатқан бригадир Аманбай мен шопыр Табылдыны көре қалсаң бас изеп амандасуға уақыты жоқ. Шөп шабылғаннан кейінгі қыстақтарға кезек-кезегімен шаңдатып тасудың жыры – ол бөлек әңгіме. ГАЗ-53-дің кабинасына отырып, шоқалаққа соғылмай, шаңға көмілмей Сағызға жету – пермінің көрер қуанышы сияқты. Әлшенов Қожық, Байғали Досымбаев, Бақтықожа Иманов, сосын Нұрғожа Молдашев. Осы ағалар Аққұдықтың пермісі атанып, сырт көзге азды-көпті билік жүргізді. Тек сырт көзге ғана. Шынтуайттап келгенде пермі болу дегенің – мал доғдыр, тракторист, қойшы, сушы, заправщик сынды әр фермада болуға тиісті мамандықты тереңінен білетін әрі соларды дер кезінде алмастыра алатын бесаспап деген сөз. Әйтпесе «мен пермімін» деп шірене алмайсың. Шірендірмейді. Пермі басқару дегенің жылы кабинет жайлы орынтақта отырып, совхоз басқару емес. Лаулаған оттың ортасына еш ойланбастан қойып кететін өрт сөндірушіні көр де біздің ауылдың пермілерін көр. Жоғарыдағы аттары аталған пермілерді сөйлетсең жылап қоя бергендей әсер қалдырады. Шынтуайтында олай емес. Олар біз біле бермеген көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет кездесіп, соларды ретін тауып шеше білді. Қаптай жайылған бір отардың жанында қиялға беріліп тұрған тымақты қойшының да, күпәйкесі май-май болып, қара суықта трактордың сұп-суық кабинасында секектеп келе жатқан трактористің де, біркелкі қоңыр төбел тіршілігіне мәз боп отырған бүкіл ауылдың да тілін тапты. Қарағым-ау, бұл оңай деймісің.

«1977 жылдың желтоқсанында №2 фермаға меңгеруші болып келдім. Жері қатқыл, жайылымы басқа фермаларға қарағанда өте тар. Даласында ақтығы жоқ, кіл жусан. Бұрын мал шаруашылығында жұмыс істемеген маған алғашқы кезде қиынға соқты. Өскенбаев Таңбай секілді ақылшы ағаларым болды. Солар көп көмектесті. Кейде қызбалыққа салынып кетсем басу айтатын. Тұманбай, Тоқымбай, Нұрберген, Жақсылық, Беген, Асқан секілді бар рахатты еңбектен тапқан асыл ағалар қой бағудың қыр-сырын, қоныс таңдау, оған қай уақытта орналасу керектігін айтып, бағыт сілтейтін. Осындай қарапайым еңбек адамдарымен бірге жүру, олардың тәжірибесінен үйрену – болашағыма үлкен септігін тигізді. Қызметке келген кезде Аққұдықта бар болғаны 10-нан асатын үй болған. Совхоз әкімшілігіне мәселе көтеріп, олар қоштап, көптеген әлеуметтік нысандар тұрғызылды. Қосымша 4 үй салынды. Медициналық пункт, кітапхана, клуб, ферма конторы, техника жөндейтін гараж, тоққа қосылған жағар май құю үйі, құдықты тоққа қосу осы сынды шағын нысандар тұрғызылды. Ауылдың кіре берісіне «Аққұдық ауылы» деп жазылған белгі орнаттық. Осының барлығы шағын ауылдың күнделікті тіршілігіне шырай кіргізген жағдайлар еді. Тек жұмыс-жұмыс деп шапқылай бермей, мереке күндерін барынша көңілді өткізетінбіз. Ат шабыс жасап, бәйгеде топ жарғандарға жүлде үлестіретінбіз. Күреске қатысқан жігіттер де сыйлықсыз қалмайтын. Аққұдық деген берекесі мен ынтымағы жарасқан ауыл еді ғой», – деп өткен кезеңнің нұрлы сәттерін еске алады Байғали аға пермі.

Жылыойлық қаламгер Қонаш Қалдыоразұлының «Менің құрдастарым – қимастарым» атты эсселер жинағы бар. Осы кітаптағы «Бақыты биік Байғали» атты очеркте біздің пермінің балалық шағы, ата-бабасы, есею кезеңі мен қызмет атқарған жылдары, бірге жұмыс жасаған әріптестері туралы кеңірек қамтылған. Автор Бәкеңнің өмір жолына шолу жасай келіп «Уақыт өте келе заман өзгерді, қоғам өзгерді. Кешегі құлаған Кеңес үкіметінің нысандары ойрандалып, көптеген кеңшар, ферма орталықтары жермен-жексен болды. Соның бірі Байғали басқарған ферма орталығы Аққұдық елдімекені. Көз салып, көңіл сүзгісінен өткізсеңіз Аққұдықтағы үйлер мен әлеуметтік нысандардың үйінділері ғана қалған. Бес-он отар қой суарылатын құдықтар қаңырап бос қалған. Аққұдық тұрғындары түгелдей көшіп кеткен. Бәрі де барып Сағызға қоныстанып, мекен етіп отыр. Бұл да Байғали ақсақалдың егде тартқан жанын мазалап, ойға қалдырады», – деп ой түйіндейді. Аққұдық халқының жан-жаққа қоныстануы, кешегі гүлдей құлпырған ауылдың жермен-жексен болуы Байғали пермінің ғана емес, барша ауылдастардың да қабырғасына қатты батты.

Байғали аға мен Үміт жеңгей бүгіндері Сағызда, ағайынның арасында тұрып жатыр. Немере-жиендерін иіскеп, өткен өмір белестеріне ойша шомып қояды. Бәріне шүкір етеді. Елге барғанда кездесіп тұрамыз. Соңғы рет өткен жылдың күзінде Қызылқоға ауданының 80 жылдық мерейтойында жолықтық. Кей азаматтар басшы болса аяқ асты өзгеріп, жан-жағына менсінбей қарап, жоқ жерден паңдана қалар еді. Пермі Бәкең, Байғали Досымбаев сол баяғы аңқылдаған қалпы. Жарықтық Аққұдықтың топырағын басып, ауасын жұтып, суын сімірген адам о бастағы табиғи қалпынан көп өзгере қоймайды. Біздің түйсігіміз жете бермейтін туған жердің сондай бір ғажап  қасиеті бар-ау…

 

Қайран Мырзекең…

 Мырзабай кәке жайлы ойлай бастасам мына жағдай еріксіз ойыма оралады. 4-5 жасар кезім, қыс айы. Үйдің сыртындағы аққаланың үстіне шығып, Аққұдық жаққа қарап тұрсам керек. Кімді күтіп тұрмын, не үшін қарап тұрмын, есімде жоқ. Бір кезде ауылдың шет жағынан бір жаяу адам шықты да біздің үйге қарай туралап тартты. Жақындағанда өзіне тән жүрісінен тани кеттім, Мырзабай кәке екен. Ол кісінің жабырқаңқы көңіл күйі үнемі күлімдеп жүретін жанарына жасырына қалатындай. Қасымнан күлімдеген күйі зу ете шыққанынан-ақ асығыс екені білінді. Бір кезде Таңбай құданың үйі жақтан бір атты шығып, жортып келе жатты. Жақындағанда таныдым, Қатпа шалдың баласы Самат. Ол да аққаладан бастырмалата өтіп, үйдің жанына барып тақымындағы терге малшынған аттың жүгенін тартты. Бір уақта үйге кірсем, абыр-сабыр болып жатыр. Дастархан төрінде күлімдеп Мырзекең отыр. Папамның да езуіне күлкі үйіріліп, жымың-жымың етеді. «Күрең апа жеңілдеді», – деген хабарды ести сала Мырзекең сүйінші сұрап жеткен бойы екен. Ал құда бала Самат атын ерттеп, жаңа туған нәрестенің нағашыларына жетем дегенше Мырзабай шал папамнан бір қойды сүйіншіге алып, терлеп-тепшіп құла шайды сіміріп отыр. Жарықтық Мырзабай шал туралы алғаш көріп-білгенім осы еді. Аздап тілінің мүкісі бар, сөйлегенде қолы білінер-білінбес дірілдейтін осы қарияның тұла бойы тұнып тұрған мейірім секілді елестейтін. Мырзекең Аққұдықтың талай баласын бауырына тартып, маңдайынан иіскеген болар. Әйтеуір, бала атаулыны көрсе елжіреп сала беретін. Денсаулығына байланысты жазда шөп бригадасында қайрақшы, одан қалса қойшылардың қыстағына түсірілген шөпті қарауылдайтын қарапайым шаруаларды атқарып, ел қатарлы күн кешкен Мырзабай шалдың бейіті Аққұдықтың басында. Осы қорымда Мырзекеңнің күйеу баласы Сайлау аға да мәңгілікке тыныстап жатыр. Адам ұрпағымен мың жасайды ғой. Артыңда қисайған құрығыңды көтеруге жарайтын ұрпағың қалса, онда өлмегенің. Өткен жазда Жаңаөзенде тұратын Әлібек ағағамен кездесіп, дастарханынан дәм таттым. Өткен-кеткеннен бірталай әңгіме айтылды.

«Біз мырзат шоңай боламыз. Әкем Екібаев Мырзабай Көбегенұлы 1916 жылы дүниеге келген. Өзінің айтуы бойынша, №211 мұнай айдау бекеті маңында көшіп-қонып жүрген кезде қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келсе керек. Тіршілік ету қай кезде де оңай болмаған ғой. Ұлы Отан соғысы басталған кезде әкем қылшылдаған жиырма бестегі жігіт. Ол кездері мұнай өндірісі саласында бұрғышының көмекшісі болып жұмыс жасаған. Үкіметтің Қаулысымен мұнай өндірісінде жұмыс жасайтындар броньмен елде қалған. Әйтпеген жағдайда әкем алғашқылардың бірі болып соғысқа алынар еді. Соғысқа алынған жағдайда елге аман-есен орала ма, жоқ па – ол жағы бір Аллаға ғана аян. Содан күні-түні «мұнайшылар мұнай бер, соны сенен сұрайды ел», – деген ұранды желеулетіп жанығып жұмыс жасап жүрген кезде аяқ астынан апатты жағдай орын алады. Әкем верховой екен. Бұрғылау мұнарасының ұшар шыңында жұмыс жасайды. Ол жылдары қазіргідей темір кабина жоқ. Ағашпен қапталған бұрғылау кабинасы өрт құшағына оранады. Қапелімде мұндай апат орын алады деп мүлдем күтпеген әкеміз алғашында абдырап қалған. Өз күшімен өртті сөндірмек болады. Бірақ, нәтиже шықпайды. Ұйытқып соққан жел де өрттің жалынын одан сайын лаулата түседі. Өмір мен өлім айқасқан сын сағатында қайткен күнде де тірі қалу керек дегенді ойлап үлгерген әкем 30 метрлік биіктіктегі бұрғылау мұнарасынан жерге секіріпті. Одан басқа тірі қалудың жолын таппай, осындай ауыр шешім қабылдауға мәжбүр болады. Отқа оранған кабинада әлгіндей шешім қабылдаған әкеміз соның салдарынан мүгедек болып қалады. Құдайдың басқа салайын дегені осы болар. Кейіннен Қуаналықызы Алуамен бас қосып, өмірге біз келіппіз. Үйдің тұңғышы Тілектес апам 1942 жылғы, Ақілес апам 1957 жылғы, мен 1962 жылы Аққұдықта өмірге келіппін. Әкем марқұм көп сөйлемейтін, аузы күзетті адам еді ғой. Мен білетін бар тарихы осы», — деп Әлібек аға көпке дейін үнсіз қалған.

Мырзекең шалдың жалғыз ұлы Әлібек ағаның осы әңгімесінен кейін бірталайға дейін ондаған метр биіктікте ағаш кабинаның ішінде отқа оранып, аласұрып жатқан Мырзабай шалдың жаны шырқыраған бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Мырзекең 1916 жылғы. Оқиға менің пайымдауымша елуінші жылдары орын алса керек. Ол кезде Мырзекең күш-жігері бойына сыймай қылшылдаған отыздан асқан жігіт. Оның да өзіне ғана аян талай арман-мақсаты болған болар. Діңкеңді құртып, сілекпеңді шығаратын бұрғышының ауыр кәсібіне жігіттің жігіті ғана шыдайды. Осындай ауыр бейнетке жегіліп жүрсе де келешектегі көрер қызығын, баянды болашағын кіндігінен тарар балдарымен байланыстырған болар. «Мен көрген бейнетті солар көрмесе екен», – деп қысы-жазы мидай далада, бұрғылау мұнарасы басында маңдай терін сығып жүріп жұмыс жасаған сол азаматтың дер шағында әлгіндей апатқа ұшырауы – сезіне білген жанға қандай ауыр десеңші. Бірақ маңдайға жазған тағдырмен тістесіп ғұмыр кешкен Мырзекең Құдайдан үмітін үзбепті. Бүкіл ауыл-аймақ «Жиекең» деп қадір тұтқан Жиенбай ақсақалдың жалғыз қарындасы Алуа апаймен түтін түтетіп, жұрт қатарлы өмір сүрді. Болар-болмашыға қуанған жандармен бірге жайраңдады, басына іс түсіп, мұңайғандарды барынша жұбатты. Ғұмырдың әр сәтін қадірлеп, соны бағалауға асыққан сияқты. Тіршілікті мейірім деп ұққан Мырзабай атаның шіліңгір шілдеде асыр салып ойнап жүрген ауылдың қара сирақтарын бауырына тартып, елжіреуі – оның болмысы тек қана мейірімнен жаралғанын айғақтап тұрғандай. Қазіргі тым қатыгезденіп кеткен мына аласапыран қоғамға Мырзабай ата сынды мейірімді, қайырымды жандар жетіспейді. Алқынып-жұлқынып атақ дәметіп, түбі опа тапқызбас дәулет пен байлыққа қызығып, сол жолда өлген-тірілгеніне қарамай жанталасып, жан-жағымен жағаласып жүргендерге қарап жан баласына қиянат жасамай, қарапайым тіршілік кешкен Мырзабай ата-сынды жандар қандай бақытты еді деген ойға  қаламын. Өмірдің әр сәтін барынша бағалауды, айналаңа жақсылықтың сәулесін шашып жүруді Мырзекең сынды Аққұдықтың қарапайым адамдарынан үйрену керек екен ғой…

 Тәуелсіздік табалдырығымыздан озып, биік мінберлерден «сәл шыдаңдар, біз ертең Кувейттен де басып озамыз, бақыттан басы айналған ел боламыз», – деген құрғақ уәденің күмпілдеп тұрған ырду-дырду заманында… Аққұдықтың басынан бақ ұшады деп кім ойлапты… Иә, ақиқаты осы еді. Айрандай ұйып, түтін түтетіп отырған азғана ауылдың бас-аяғы бірнеше жылдың ішінде тоз-тозы шықты. Балапан басына, тұрымтай тұсына безген заман болды. Сондай бір жан жабырқатқан кезеңде Әлібек аға мен Айсұлу апа шиеттей бала-шағасын жетектеп, Жаңаөзенге қоныс аударды. Баяғыда марқұм әкесі, Мырзабай шалды айтамын, сол кісі: «жан-жақтан анталап жау келіп қалғандай болған соғыстың өршіп тұрған кезінің өзінде жарықтық мұнайдың арқасында қарнымыз тоқ болды ғой», – деп отырады екен. Әкенің елеусіздеу айтқан осы сөзі алдағы өміріне темірқазық болды. Жаңаөзендегі мен деген ірі мұнай-сервис компанияларында жүргізуші болып жұмыс істеді. Аққұдықтың ақтүтек бораны мен шіліңгір шілдесінде тракторды ұршықша үйірген Әлекеңе мерзімді уақытта барып, мерзімді мезгілінде қайтатын мұнай мекемесіндегі жүргізушілік деген не ол, тәйірі. Бір қызығы, Әлібек мектепте үздік оқып, қатарының алды болған. Жетінші сыныпқа дейін келесі класқа емтихансыз көшіп отырған. «Қатарым секілді арман қуып, институтқа түсіп, дипломды маман атанамын дегеннен гөрі ертерек жұмыс жасап, әке-шешемді қуантқым келді», – дейді ол. Ал, әке-шешені қуанту –адам баласына шексіз ләззат сыйлап қана қоймай, келешекке ұмтылуға айлапат жігер беретін айрықша мотиваторлық күшке ие екендігі белгілі.

Бүгіндері еліміздегі ең ірі мұнай-сервис мекемесі саналатын «Бұрғылау» компаниясында американдық Кенворд көлігін жүргізетін Әлібек Екібаев ұжымның мақтаныштарының бірінен саналады. Аққұдықтың ақ шаңдағында бой жеткен Айсұлу Сүлейменқызы «Теңге» біріккен кәсіпорнының зертханашысы. Кіндігі Аққұдықта кесілген тұңғыштары Гүлмаржан заң саласының қызметкері, бала күнгі айқайлары Аққұдықтың ана шетіне естілетін Мұратбек пен Болатбек те мұнай компанияларының тәжірибелі мамандары. Мырзекеңнің шөберелері Аққұдық туралы әңгімені анда-санда естігені болмаса, ол жаққа жылына реті келіп жатса үлкендерге еріп, бір-ақ мезгіл барады.  Бірақ атасы мен әжесінің адыраспан мен боз жусан басқан қу даланы соншалықты емірене еске алып, жанары жасаурап отыратыны неден екенін Жаңаөзенде туған бұлар түсіне бермейді.

Қай бір жылы Зинадин құда: «Мырзекең қайтқан 85-тің қысы өте қатты болды. Мәңгілік қорымын ауылдың іргесінен қаздық. Бүкіл ауылдың азаматтары ала боранға қарамай Мырзекеңнің асыл сүйегін іргедегі бейітке көтеріп апардық», – деп еді.

Иә, Мырзекең сынды өмірдің өзіндей адал, өмірдің өзіндей бауырмал жанға қандай құрмет көрсетсең де жарасады… Ауылға жылына бір рет болса да барып тұрамын. Аққұдықтың жалғызсыраған жұртына ие болып, қалқайып тұрған бес-алты молаға тізе бүгіп, білген аятымды оқимын. Арасында бәрімізді маңдайымыздан сипап, бауырына басқан жарықтық Мырзабай атаның қара тастан қаланған бейіті бар. Кіндігі туған жерге әбден байланған жаннан бақытты адам бар ма екен бұл өмірде? Қайран Мырзекең-ай…

Еділбайдың Қалампыры-ау, қайдасың…

 Біз олармен көрші отырдық. Еділбай ағаның №2 ферманың веттехнигі екенін, Қалампыр апа папамның көмекшісі болғанын кейін білдім. Ол кезде 4-5 жастамын, олардың қандай жұмыс жасайтынын білмеуші едім. Білетінім, бір үйдің адамдарындай болып, жұмыс біткеннің бәрін жабыла атқаратын. Тамақты да бір дастарханның басында отырып ішетінбіз. Ол кездің адамдарының пейілі аста-төк еді ғой. Сенікі-менікі дейтінді білмейтін. Бала болсақ та арғы атымыз пенде емес пе, ойын үстінде болмашыға шекісіп қалып жатсақ бөлектенуді бастап кеп жіберетінбіз. Менен бір жас үлкендігі бар Кідірсін деген қызы болды. Райхан, Оңайхан, Ақнұрдан кейін бұрымды қыздар кідіре тұрсын деп жаңа туған шақалаққа Кідірсін деген ат қойыпты. Осы Кідірсінмен ойын үстінде тіресіп қалсақ жынымызға тигісі келгендей «біздің үйде бір картон пшина бар», – деп көзін алартады. Жоқ жерден жалымды күдірейтіп «ал біздің үйде кроваттың астында 2 картон пшина тұр» деймін. Кідірсіннің мысын өзімше басқан түрім. Оған сасатын Кідір қайда, «кеше төрт картон пшинаны апым әдемілеп жинап қойды» деп дереу қойып қалады. Тап осы жолы аузыма құм құйылады. Қаз-қатар жинаулы тұрған төрт картон пшинаны көз алдыма елестете алмай, үнім лезде өшеді. Бұл жеңілдің деген сөз. Кідірсін көп ешкімнен қаймықпайтын, намысына тисең жұдырығын ала жөнелетін нағыз өжет. Осы Кідірсіннің өкшесін басып бой жеткен Оразкүлден кейін зарықтырып көрінген Бітімбайдың  ойнағанынан аңырағаны көп еді. Иә, Еділбай аға мен Қалампыр апаның қыдыр ұя салған шаңырағында асыр салып, балалық шақты бірге өткізген ұяластарымды әлі күнге дейін ойлаймын. Ойлаймын дегеннен шығады-ау, осыдан 7 жылдай бұрын Жаңаөзеннің іргесіндегі Құландыға ұзатылған, көрмегеніме 30 жылдан асқан Оразкүл қарындасыма іссапарлатып жүріп телефон соққаным бар. Аты-жөнімді айтқаннан кейін барып «Тұманбай папаның баласы емессің бе» дегенде ішім жылып қоя берді. Қанша жерден қапылып жүрсем де, ретін тауып шаңырағына бас сұқтым. Кенже Марат Сарыев көлігімен алып барған еді. Күйеу бала жұмыста екен. Әңгіме арасында «Алматыдан беретін хабарларды анда-санда қарайтынымыз бар. Көрінбейсіз ғой», – дейді. Бала күнімізде бірге ойнаған, тұлымшағы желбіреген қарындасымның сыртымнан тілеуімді тілейтінін білгенде іштей қуандым. Қайран балалық-ай, мен сені сол үшін де сағынамын ғой…

Еділбай ағамыздың мінезі тіктеу еді. Жақтырмағанын көзінің астымен сыздана қарап сездіретін. Бала болсам да папамды ерекше сыйлайтынын аңғаратынмын. Қазір зерделесем, жұмыстан басқа ештеңеге бас қатырмаған, үкіметтің тапсырмасын орындағанын үлкен дәреже санаған таза адам екен. Едақаңның әкесі Әбдікәрім атамыз өте қажырлы адам болған дейді. Соғыстың қызып тұрған шағында Мәскеудегі басшылар қайткен күнде мұнай өндірісін бәсеңдетпеуді көздеп, Гурьевтен Қандыағашқа мұнай құбырын тарту керек деп шешіпті. Қолына қару ұстауға жарайды деген зіңгіттей азаматтар майданға алынған. Қазіргідей бір өзі бірнеше жұмысты атқаруға арналған техника ол кезде түсіңе де кірмейді. Сонда 50-ден асып 60-қа жақындаған Жағалбай, Дүйсенбі деген қара күшіне сенген кәкелерімізді жинап, жүздеген шақырым қашықтыққа созылатын мұнай құбырын қолмен қаздырады. Өкіметтің құрығы ұзын, талабы күшті. Жұмысты ауырсынып қипақтап көр, жазасы дайын. Мұнай құбырын қолмен қазған топтың ішінде мая Әбдікәрім де болған. Осы Әбдікәрім атамыз ақпанның аязында омырауын ашып жіберіп, 3 жасар көк серкенің ащы айранға илеген терісінен тігілген қауғамен Аққұдықтың шыңырауынан су тартып, 4 отар қойды бір өзі суарады екен. Әзіл-қалжыңы аралас құрдастары «пай-пай, Әбекеңнің қайратын-ай» деп сырттай тамсанған сайын ақкөңіл Әбдікәрім кәкеміз анда-санда маңдайын жеңімен сүртіп жіберіп, ұйытқи соққан ызғырық желмен жағаласып, қауғамен алыса беретін көрінеді. Неткен қайрат десеңші. Кешегі №211-ші нептекачка, бүгінгі «КазТрансОйл» компаниясының өндірістік нысанының қасынан өтсем, тік күрекпен ұзындығы жүздеген шақырым мұнай құбырын қолмен қазған, қайраты бойына сыймай бұлқынып өткен әлгі кәкелерімді ойлаймын. Жеңісті жақындатып, жалпақ жұртты қуантуға бар күшін бұлдамай қосқан, сол үшін ешкімнен атақ пен абырой дәметпей, қарапайым табиғи қалпында ғұмыр кешкен қайран кәкелер-ай… Сөз реті келгесін айта кетелік, Әбдікәрім ата мен жаңайдың қызы Әспен әжеміздің соңынан Сұлтан, Мәткәрім, Еділбай деген үш ер бала еріпті. Құдайға шүкір, олардың да ұрпақтары өсіп-өнген. Әспен әжеміз дәулескер күйші Мұрат Өскенбаевтың немере апасы. Әжеміз қолына домбыра ұстап күй шертті ме, ол жағын білмедім.

Еділбай аға мен Қалампыр апа 1960 жылы отау көтерген. Ақшелектің іргесіндегі Тасқора деген қыстақта Әбдікәрім қарт пен Әспен әже етегіне сүрініп жүріп, құнан қойды құрбандыққа шалып, айналадағы жұрттың басын қосып той жасаған дейді. Таңның атысы, күннің батысы бейнетке жегіліп жүрсе де қонағын қабақ шытпай қарсы алған Қалампыр апамыз Құдайдың бере салған 10 құрсағын көтеріп, бәрін құтты орнына қондырды. Қалампыр апаның шешем Ақзиямен жақын құрбысындай араласқанын бәрі айтады. Елге соққан кезде ретін тауып Қалампыр апаға барамын. «Ой, Кенжебегім, келдің бе» деп аңқылдап алдымнан шығады. Маңдайымнан иіскейді. Өткен-кеткеннен суыртпақтап, әңгіме сұраймын. «Ой, қарағым-ау, апаң қартайыңқырап жүр. Менде не әңгіме қалды дейсің» деп отырып, көңілінің қошы келіп отырса ой бір көсілетіні бар. Мына әңгімені сондай көңілді отырған кезіне тап болғанымда айтып еді.

«Соғыстың қызып тұрған кезі, 1942 жылы дүние есігін ашыппын. Ойыл жақтың қызымын ғой. Ғабиден Мұстафиннің «Шығанақ» романы кейіпкерлерінің бірі Шәңгерей деген бар. Сол менің әкем Шаңқаланың прототипі. Әкем марқұм колхоз басқармасы болған. Тарылы өңір Ойылдың Шығанақ Берсиев совхозынан бұл жаққа бертінде көшіп келдік. Ағаңмен отау көтергесін 1977 жылға дейін Аққұдықта сіздің үймен көрші тұрдық. Сенің шешең Ақзия қандай адам еді. Ол кезде «бала туып едім» деп жылы пешке арқаңды сүйеп отыра алмайсың. Бүгін босансақ, бір аптадан кейін жұмысқа шығамыз. Қой төлдету, шөп тасу секілді еркектер жасайтын жұмысты қыңқ демей атқара беретінбіз. Дорды, Нұрберген, Кемал ағалар да көмекші шопан болды. Бәріміз санаспай жұмысты жапырып жасайтынбыз. Осы Ақзия Қажбанға жүкті, менің Ақнұрға аяғым ауыр. Аққұдықтың дүкенінен кептірілген шикі балық алдық, жерік деген бар ғой. Түйе шанамен шөпке барып, тау болып үйілген іскірттің ығында әлгі кептірілген балықты жеп отырмыз. Бұлар неге кешікті деп папаң іскірттің үстіне шығып қараса балық жеп отырған бізді көріпті. «Әй» деген дауысын естігенде сасқанымнан қолымдағы балықты анадай жерде телміре қарап тұрған итке лақтырып жіберіппін. Қазір ойласам, соның өзі арамыздағы шынайы сыйластықтан екен ғой. Тіпті біздің отағасыға дейін папаңның алдынан өтпейтін. Көрші отырған екі үй осылайша аяқ-табағымызға дейін араластық. Сенің папаң «Қалампыр етке тойса күші көбейеді» деп мені қолпаштап қояды. Ақзия марқұмға 10 бала тудың деп «Батыр ана» деген медаль берді. Аққұдықтың шағын дүкеніне сол кездің сәніне келіңкірейтін әдемілеу костюм түсті. Соны сатып алғанмен отағасыға көрсетуге ыңғайсызданды ма, әлгі костюм біздің үйде 3 күн тұрды. Қасқаның иығына ілген соңғы жаңа киімі сол костюм шығар. Ақзия ауруханаға кетерінде: «Кенжебегім есікті аша алмай құлап қалып жүрмесін, қарап қой», – деп  маған тапсырып еді. «Өліні айтса тірінің берекеті кетеді», – деген бар ғой. Бүгінгілердің кейбір берекетсіз қылықтарын көрсем сол жақсыларды ойлаймын», – деп мұңайып еді Қалампыр апа.

Едақаңдар 1977 жылы көршілес Қоңыраулыға қоныс аударып, «Алау» комсомол-жастар бригадасына басшылық жасады. Күндіз өрімдей жастарға мал бағудың қыр-сырын үйретіп, түнде қой күзетті. Совхоз малының басын кеміткен жоқ. Ауырып жатқан қойды да бауыздатпаған. «Бұл Үкіметтің малы, сұрауы болады», – деп жауапкершілік танытып, адал жүріп, нәпақасын адал тауып, бала-шағасын адалынан асыраған қайран Едақаңдар-ай. Ол кісі үнемі абырой биігінен көріне білді. Республикалық деңгейдегі жиналыстарға қатысты. «Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» деген мәртебелі атаққа қол жеткізді. 1985 жылы маңдайымыздан сипап, еркелеткен ортамыз ғой деп Аққұдыққа қайыра көшіп келді. Пенденің ала жібін аттамай, алқынбай-ақ тіршілік кешкен Еділбай аға осындай жан еді.

Біздің үйдегі Қалампыр апамның ғұмыры қысқа болды. 48 жасында кетті. Екі үйдің Қалампырын шатыстырып алмайық деп, әдейілеп Еділбайдың Қалампыры деп атайтынбыз. «Ол жерге Еділбайдың Қалампыры отырады, Еділбайдың Қалампырын шақырыңдар», – деген дауыс ес кіргендегі алғаш естіген, әлі де естігім кеп тұратын, көңіл түкпірінде бұғып жатқан сағынышты қозғайтын ғажап сөз еді ғой. Осы шағын дүниені «Еділбайдың Қалампыры» деп атағанымның бір сыры осы.

Анамның сыйлас жан құрбысы Еділбайдың Қалампыры-ау, қайдасың?.. Қайда болсаңыз да аман жүріңізші…

P.S. Пенденің қай арманы орындалды дерсің… Өмірдің талай бұралаңында адамшылығына көлеңке түсірмеген Еділбайдың Қалампырының басынан да бұл дүние аунап кетті. Қақаған қыстың ортасында Алланың дәргейіне бет бұрды. «Жақсы адам ба еді?» деген имамның сауалына жамыраса жауап бергендердің арасында мен де тұрдым. Күн барынша шақырайғанымен, қаңтардың аты қаңтар. Жаназа намазына қатысқандарды қатты аяз бүрсеңдетіп жіберді. Бірде қуанышыңа ортақтасып жадырап жүрсе, енді бірде сенімен қосылып күңіренетін Еділбайдың Қалампырының болмысы секілді еді сол күнгі ауа-райы. «Табиғат пен адамдардың мінезінің арасында бір байланыс бар», — деген рас-ау, осы…

…Бала күнімізде бір жас үлкендігін бұлдаудан танбайтын Кідірсін аңырағаннан қолы босамайтын Бітімбай екеумізді көп төмпештеп еді. Папамды арқа сүйеп, бізге шүйліге түсетін. Осы жақында аңырауық сол Бітімбай телефон соғып, аңқылдап бар жаңалығын айтты. Жазда екінші қызын анау Хобда жаққа ұзататынына дейін ақтарып салды. Сосын «ағам ауырып жатқанда Боранбай ағам мен папам көңілін сұрай келді. Папам төсек тартып жатқан ағамның қолын ұстап отырып, жарты сағат жылады» деді. Бір өксік кеуде тұсымды кернеп ала жөнелді…

Адам жылап туады, жатады жұрт жұбатып,

Және жылап өледі, өзгені де жылатып.

Жылайтыны туарда – жамандар бар қинайтын,

Жылайтыны өлерде – жақсылар бар қимайтын.

Сөз гроссмейстрі атанған Қадыр ақын шынымен де ғажап қой, ғажап…

Қаққан қазық

        Жағалбаев Беген әкеміз менің әкемнің сырлас достарының бірі еді. Біздің жақта әкесімен құрдас адамды аға демейді, көке демейді, әке деп атайды. Бұл біріншіден әкеңе көрсеткен құрметің, екіншіден өзің әке деп іш тарта сөйлеген жанның өзіңе өзгелерден жақындау екенін сездіру. Сонымен, қазіргі әңгіме Беген әкеміз жөнінде өрбімек.

Міне, менің қолымда кезінде аудандық «Коммунизм туы» газетінде жарияланған шағын ғана суреттеме. Ұқыпты түрде қиылып, сурет альбомына жапсырылған. «Өз ісіне нық сенімді» деген тақырыбының өзі мен мұндалап тұр. Еріксіз газет қиындысына көз жүгірттік.

«Ленин атындағы совхоздың №2 фермасының алдыңғы қатарлы малшыларының бірі Беген Жағалбаев. Ол көп жылдардан бері қой бағудың қыры мен сырын жете меңгерген. Беген тоғызыншы бесжылдықтың үшінші, шешуші жылының тапсырмасын орындауда мал басын өсіріп, мемлекетке мал шаруашылығы өнімдерін тапсыруда бірқатар табыстарға қолы жетті. Қазір ол мал қыстату науқанын сәтті өткізуде. Бағымындағы отар түгелдей қоңды, оны зоотехникалық талапқа сай бағып, күтуде. «Қыс мезгілінде малдан бірде бір бас шығын бермеймін, ол үшін қолдан келгеннің бәрін де жасауға тырысамын» дейді өз ісіне сенімді аға шопан».

Бір-ақ абзац осы сөйлемнен Беген әкеміздің шаруашылығын ұршықша үйіріп отырғанын аңғарып, «Өз ісіне нық сенімді» деген тақырыптың тауып қойылғанына разы боласың. «Жоспарды мерзімінен бұрын орында», — деп үстел тоқпақтаған заманның басты талабы – шаруашылығынан шашау шығармай, «коммунистік еңбектің екпіндісі» атанып, «социалистік жарыстың жеңімпазы» деген анадайдан көзге оттай басылатын значокты кеудеге қадау болатын. Беген әкеміздің бала күнінен көрген бейнеті мен адамды адам жеген ашаршылықтағы бастан кешкен сойқаны, шиеттей бала-шағаны жеткізудегі жанкешті тіршілігі құйтақандай аудандық газеттің шағын бетіне қайдан сыйсын.

Аузын ашса жүрегі көрінетін Беген әкеміз шынашақтай болса да алған бетінен қайтпайтын, жұмысын тындырымды атқаратын сол заманның барша адамдары тәрізді нағыз еңбекқор жан болатын. Аққұдықтың шалғай нүктесі саналатын Алтықұдық, Үйтас, Қошабай жағында жаз жайлауда отырып, күзге таман шағылысқа Сартөбе, Райға құлайды. Аққұдықтан бар болғаны 3 шақырым жердегі Демен байдың қыстағында Беген әкеміз ұзақ жыл қыстап отырды. Былай қарасаң, жылдың төрт мезгілінде бірінен соң бірі қайталанып келе беретін кәдуілгі жұмыс. Бірақ өзіне сеніп тапсырылған совхоздың бір отар қойын қаңтар мен ақпанның ақтүтегінен аман-есен алып шығу жолында Беген шал қаншама шала ұйқылы түндерді өткізді десеңші. Одан қалды №2 ферманың шалғайдағы Алтықұдық, Қошабайында бір отарды түні бойы түнетіп, одан қалды ит-құстан қорып, баласындай бағып-қаққан Беген Жағалбаев сынды қойшы қауымының мігір таппай жүріп жасаған ақ-адал еңбегінің бағасын қашан берер екенбіз?

Аңқылдаған Беген әкеміздің өзінен айнымай қалған ұлдарының бірі – Наурызбай Ақтауда тұрып жатыр. Тоқсаныншы жылдардағы топалаңда Аққұдықтағы елдің алды болып, жұмыс табылар деген үмітпен Ақтауды паналаған. «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының тәжірибелі маманы. Осы Наурызбай айтады: «Әкем 1926 жылы Ақшелек, Буракөл маңайында дүние есігін ашқан. Ел ішінде ашаршылық құтырынып тұрған 1933 жылы Жағалбай кәкеміз артельдің егінінде қорықшы болып жұмыс жасаған көрінеді. Орылған тары кем болып, оған кім кінәлі дегенде жан баласына зияны жоқ Жағалбай кәкемізді айыпты етіп шығарады. Содан істі болады. Рәзия әжеміз бес баласын бағып-қағып, бір Құдайға сыйынып шалының жолын тосып, ағайынның арасында жылап-сықтап қала беріпті. Жығылғанға жұдырық демекші, ел ішін жайлаған шешек індеті жазықсыз жапа шегіп, жыл арқалап кеткен Жағалбайдың 4 баласын кемпірімен қоса жалмап түсіреді. Құдайдың құдіретімен індеттен аман қалған әкемізді Тәкіл деген ағайыны паналатады. Жазасын өтеп ағайынның ортасына қосылған кәкеміз жалғыз ұлын құшақтап «бұл Құдайға не жаздым» деп күңіренсе керек. Құдайдың рахымы түсіп, кейіннен шекесі торсықтай Сүлеймен ағамыз бен Сәуле апамыз дүниеге келді».

Көріп отырғанымыздай, бесіктен белі шықпай жатып әкесінің жазықсыз айдалып кеткені аз болғандай, ақ сүтін берген анасы мен бірге туған бауырларын түгел шешек жалмап, жалғыз қалған бала Бегенді Құдайына қараған Тәкіл қамқорлаған. Тағдырдың осындай ауыртпашылығын бала күнінен көріп өскен Беген әкеміз былайғы өмірде тек бір Құдайдан жәрдем тілеп, өзінің адал бейнетіне ғана арқа сүйеу керектігін бар болмысымен ұқты. Өңмеңдеп алға ұмтылғаннан қолдағы барына қанағат етуді, Жаратқан ие берген ұл-қыздарын құтты орнына қондырғанды нағыз бақыт деп білді. Ешкімге кіріптар болмай, жан баласына қарыз болмай ғұмыр кешсем деп Құдайдан тілеген болар. Шүкіршілік пен қанағатты кеудесіндегі бүлкілдеген жүректің төріне мықтап тұсаған қайран біздің ауылдың адамдары-ай…

1949-1953 жылдары Беген Жағалбаев Сібірдің ну орманында темірдей тәртіпке арқа сүйеген Кеңес әскерінің сапында қызмет атқарады. Елге келе жатып жолшыбай Шымкенттің түбіндегі Леңгірде көліктің дөңгелегін жасайтын зауытта тағы 4 жылдай жұмыс жасаса керек. Орда бұзар отызға жетпей ағайынның арасынан алыстау жердегі үлкен зауытқа жұмысқа тұрып, жаңа ортаға тастай батып, судай сіңгенінің өзі Беген Жағалбаевтың өз бетінше тіршілік жасауға талаптанып, азамат болып қалыптасқандығын дәлелдемей ме? Кейіннен туған елге оралып, жиырмадан жаңа ғана асқан Айтжан Жайлыбайқызымен отау көтереді. Ахмет, Махамбет, Мұқаш, Наурызбай, Дәулетбай, Ақзираш, Ақсұлу, Ақжарқын есімді ұлдары мен қыздарын сүйеді. Құдайдың мол қылып берген нығметі деген осы емес пе? Жеті жасында әкесі әділетсіз үкімге іліккенде «ертеңгі күніміз не болар екен» деп жәутеңдеп қалғаны, анасы мен бар бауырын шешек жалмап, тоқал тамда жападан жалғыз шошайып отырғаны, осы күнге дейінгі көрген азды-көпті бейнетінің барлығы сотқалдай ұлдары мен бұрымды қыздарын анадайдан көргенде мүлдем ұмыт болмай ма! Құдай Тағаланың өзі сынақты көтере алатын пендеме беремін дейтіні бар емес пе? Ал Аққұдықтың ана шеті мен мына шетіндегі жайлауда ысқырып қой жайып жүргенінің өзін Құдайдың бергені деп түсінген Беген шал осы бір бақытты қалпында, аңқылдаған кейпінде 74 жасында о дүниеге аттанып жүре берген екен.

Жұрттың ең соңынан Аққұдықтан көшкен Қажекең, Қажбан ағам бір жолғы әңгімесінде Беген шалға байланысты бір әңгіменің тізгінін қағып еді. «Тоқсаныншы жылдардың ортасы. Беген әкеміз екеуміз құла айғырдың үйірін қарап, жаңбырлы күзде жолға шықтық. Бегеннің тақымында Сүлеймен ағамыздың Cұркөжегі. Мен құла атты ерттеп міндім. Содан таң құланиектене ауылдан шығып Бұзаубақ, Үйтас, Алтықұдық айналып Қопаның маңын бір сүздік. Беген әкеміз «шаппа, тек желіп отыр», — дегесін бір қалыпты сар желіспен түстікке көршілес Байғанин ауданының Терекбайындағы жылқылы ауылға құладық. Күн қызарып батуға сәл қалғанда Аққұдықтың қарасы көрінді. Қазір есептесем, сол жолы таң атқаннан кеш батқанға дейін жетпіс шақырымдай жол жүріппіз. 60-тан асқан Беген шал ауық-ауық жан-жағына қарап елеңдеп отырғаны болмаса Cұркөжекке қаққан қазықтай болып қатты да қалды. Не деген шыдамдылық десеңші». Тағдыр шіркіннің талай тар жолынан дін аман өткен Беген шал шыдамды болмағанда кім шыдамды болушы еді…

Беген әкемізді соңғы сапарына шығарып саларында папамның көз жасына ерік бергенін көп адамдардан естідім. Теперішті көп көрсе де сағы сынбай, қаққан қазықтай тіп-тік қалпында ғұмыр кешкен Беген досымен бақұлдаса алмағанына өкінді ме екен…

Қарағайға қарсы біткен бұтақ

Тымағына адалдықтың терісі сіңген, болмысынан қанағат пен сабырдың иісі аңқитын кешегі мәрт шалдардың соңғы көзіндей болып елестейтін Таңбай Өскенбайұлы туралы қалам тербеу – үлкен жауапкершілік. Расы осы. Себебі, бұл кісінің тағдыры өзгешелеу.  Таңбай ақсақал туралы көп айтуға болады. Тағдырдың талай тар жол, тайғақ кешуінен өтсе де сағы сынбаған, қарағайға қарсы біткен бұтақтай болған Таңбай құда туралы өткен шақпен сөйлеуге басында үйрене алмадық. Үш күннен кейін көрге де бауыр басқан пенде бәріне көндігер-ау.

       Арғы әкесі Тәпен Қарақұлұлы адал бейнетінің арқасында алды мыңғырған малға толған, біздің өңірдегі атаққа шыққан көп абыздың бірі болыпты. Бай менен молдаға қамшысын үйіре келген Қызыл өкіметтің кәмпескесіне Тәпен байдың 4 мыңдай ақтылы қойы мен 500 түйесі іліккен көрінеді. Бала-шағамның пайдасына асар деп жинаған бір дорба алтыны да сол сапырылыста қолды болған. Бейнетқор Тәпен жарықтықтар адал еңбегімен байыған біздің елдің алғашқы капиталистері екен-ау. Ал оның ізінен ерген Өскенбайы Уфадағы «Ғалия» медресесін алғашқылардың бірі болып бітірген, Абдолла хазіреттің «Көк мешітінде» жеткіншектерді хақ дінімізге баулып, елдің алғысын алған таупиықты жан болған. «Ақшелек» колхозын өз қолымен құрған Өскенбай ақсақал кешегі Отан соғысында екінші ұлы Қатпа екеуі еңбек армиясының сапында Свердловскідегі қару-жарақ зауытында қара жұмысқа жегіліпті. Тәпеннің әулеті жиырмасыншы ғасырдың басындағы аласапыранның барлығын көрді. Өскенбайдың бір ұлы Таңатар қан майданға өз еркімен аттанып, асыл сүйегі Польшаның ну орманында қалған деседі. Аузынан Алласы, қолынан таспиығы түспеген Өскенбайдай пірәдардың тәрбиесін көрген Таңбайдың балалық шағы майданның ауыр кезеңіне тап келді. Колхоздың қара жұмысына жегіліп, бейнеттің дәмін бала кезден татқан. 19 жасында омырауына алғашқы марапат – «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалін тақты. Алматыдан жоғарғы оқу орнын бітіріп, аудан көлеміндегі талай шаруашылықты дөңгелете басқарды. Қай бір жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауылшаруашылық академиясында кәсіби білімін жетілдіру курсында оқып, іс-тәжірибені Санкт-Петербургтың ғылыми-зерттеу институтында өткізген сауатты маман болатын. Айта берсең Таңбай құданың көп қатарластары жете алмаған биік белесті бағындырғанын дәлелдеудің қажеті де шамалы.

Келмеске кеткен Кеңес өкіметінің кемшіліктерін жарыса айтып та, жазып та жатырмыз. Олардың барлығымен келісуге болады. Қасаң идеологияның жемісінің нәтижесі болар, ең бастысы — адамдардың ойы шектелді. Алдын ала сызылып, мақұлданған шеңбердің ішінде ғана әрекет еттік. Жеке дара ойланып, әрекет ету қатаң түрде бақыланды. Былайша айтқанда, сенің бүкіл болмысыңа, ағзаңа, іс-әрекетіңе, тіпті тағдырыңа  жауап беретін басты мүше миыңа алдын ала сызылған төрт бұрышты қалыптың ішінде ғана ойлануға рұхсат. Артық ойлануға да болмайтын кезең еді ол. Бүкіл проблема осыдан басталды. Екінші ойым, ол кездегі идеологияның ба әлде ата-бабаның тегінен дарыған тәрбиенің әсері болар, адамдар ұқыптылау болатын. Өтірік айтпау, ұрлық жасамау деген ізгі қасиеттер Кеңес одағының нанын жеген адамдардың бойында ғана сақталып қалғандай әсер қалдыратыны да жасырын емес. Өмірді тек қана қара бояу түрінде қабылдап, кінәні бір жақтан іздеу  – ақиқаттан алыстатады.

Иә, Таңбай құда мың-миллион жандар сынды кешегі идеологияның озық тәрбиесін бойына мықтап сіңірген. Ол өкіметтің дүние-мүлкін өзінікіндей көріп, артық ештеңе дәметпей тіршілік етті. Немере інісі Зинадин Қатпаұлы Тәкеңнің кісі қызығар кей қасиеттері жөнінде былай дейді. «Папамнан бір тақтай сұрап барсаң да өкіметтің заты тимеңдер дейтін. Қолында болса да оңды-солды таратпайтын. Жауапкершілік дегеннің қандай болатынын ол кісіден үйрендік. Баяғыда папам «Қызыл Ту» совхозының Дәулетиман деген фермасына басшылық жасады. Ұштап мамам кейінгі кезде папам туралы қызық әңгіме айтып еді. Орталықтан фермаға деп он шақты қысқа тон бөлінген. Папамыз оны әр жұмысшыға бөліп тізімдеген. Дәулетиманда үлкен жездеміз Мақсот «ДТ-75» шынжыр табанды тракторын айдайды. Қысқа тонға иелік ететін тізімнің арасында Мақсоттың фамилиясы жоқ. Ұштап мамам «ана күйеу балаң да осы ферманың жұмысшысы. Қу кабинаның ішінде жаурап отыр ғой. Соған да біреуін берсейші десе, папам ойланып-ойланып «оған берілмейді» депті». Міне, өкіметтің мүлкін ешқандай тамыр-таныссыз, бұра тартпай әділ бөлу деген осы емес пе.

Саналы өмірі Аққұдықта өткен Таңбай құда құрметті еңбек демалысына шыққасын 17 жыл бойы табан аудармастан Сағыздағы «Абдолла хазірет» атындағы мешітте бас имам болып, ауыл тұрғындарын имандылыққа шақырды. Талай жылағанды жұбатты, сүрінгенді демеді, қиналғанды қолдады. Өскенбай пірәдардың алдын көрген Таңбай шалдың айтқан әр уағызын, нақты дәлелін халық ұйып тыңдайтын. Әсіресе, бір жағына тартсаң екінші жағы көрінетін қысылтаяңдау кезде ысырапшылдыққа жол бермеу турасында айтқан әңгімелері қандай шынайы еді.

Жан-жары Ұштап Қожанқызы екеуі Құдай берген Әбділда, Әбіш, Әділ, Мереке, Абат есімді ұлдары ұясына, Әсима, Әлия, Әмина, Шынар атты қыздарын құтты орнына қондырды. Тәкең шөбересінің қолынан су ішті. Бауырында өскен тұңғыш немересі Гүлнафис Таңбаева атасының атына кір келтірмей шапқылап жүрген білікті маман. Ақтөбе медицина институтының түлегі. Атырау медицинасының өркендеуіне үлкен үлес қосқан ол облыстық денсаулық сақтау басқармасына да басшылық жасады. Бүгіндері қаладағы ең ірі емхананың бас дәрігері, Атырау қалалық мәслихатының депутаты ретінде сайлаушылардың аманатын адал атқарсам деп жанығып жүргені.

       Тасбауырлау тертеге жегілген қаталдау кезеңнің екпіні мен ызғары да, жоқ жерден жалыңды күдірейтуге құштар мансап та, пенде байғұсқа зарықтырып барып қонатын кірпияздау дәулет пен қос өкпеден қысқысы кеп, алақанын ысқылап тұратын таршылық та, тіпті мына мың құбылған ызы-қиқы заманның райы да, ұзақ та мәнді ғұмыр жасаған Таңбай Өскенбайұлы сынды текті туған жанның о бастағы адами болмысына көлеңке түсіре алмады. Жарықтықтың табиғи таза қалпында, қасиетті ораза айында Жаратқан Жаппар иенің дәргейіне бет бұрғанын естіп, тілегі ақ екен, Құдай Тағала ниетіне жеткізген ғой дедік.

       P.S. Бүкіл өмір қарым-қатынастан құралады. Мемлекеттердің арасындағы дипломатиялық, сауда-саттық қарым-қатынасы, бизнестегі әріптестердің арасындағы тең дәрежелі қарым-қатынас, ағайын-туманың арасындағы туысқандық қарым-қатынас, тіпті доспын деп жүргендердің арасындағы достық қарым-қатынас. Осылай түзе беруге болады. 

Ең нәзік, ең шетін мәселе – бұл құдалардың арасындағы жекжаттық қарым-қатынас. Шаңырақ көтерген екі жастың алдағы өмірлері қос құданың адами қарым-қатынасының сапасына да тікелей байланысты.  Қазір ойласам, құда болу – үлкен дипломатия, ғажап өнер. Былайғы жұрт папаммен Таңбай құданың арасындағы шынайы сыйластыққа қарап, дос-жарандар деп ойлар еді. «Кірлетпей кеткен жүрегін» деген кітапта «Көңіл қимас дос едік», – деген Таңбай құданың әсерлі мақаласы жарияланды. Аталған мақала адамды шынайы бағалаудың ғажап үлгісіндей әсер қалдырды маған. Соны қайыра бір оқып, Таңбай мен Тұманбайдың арасындағы шынайы сыйластыққа ішім жылып қоя берді. Жапырақтай ғұмырдың миссиясы жарқырап алдыңнан шыға келеді. Пенделікке салынып, болмашы нәрсе үшін ұсақталмаған, қандай жағдай болмасын адамдық атына кір келтірмей, ізгі  ірілікке, терең парасатқа ұмтылған қос құданың табиғи болмысын кеңдеу, биіктеу, тереңдеу етіп жаратқан Алла Тағаланың құдіретіне шексіз разы боласың.

       Адаммен адамның түсінісіп, тіл табысып, сыйласа білгенінен артық ештеңе жоқ екен…      

Жалғасы бар

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

 




ПІКІР ЖАЗУ