КЕҢ АРНАЛЫ, КЕЛІСТІ ШЫҒАРМА
Көркем әдебиет – кілең қиялдан қиыстырылып, жасампаздық фантазияға сүйеніп туатын дүние емес. Оның өзегінде тулап жатқан ағынды өмір, алаулаған шындық бар. Қоғам, адам өмірінің шындықтары уақыт таразысында екшеле келе көрнектілері тарихи шындыққа айналып, келешекке жол тартады. Заманның тарихи шындығын көркем шындыққа айналдыра отырып жеткізу міндеті – көбінесе тарихи көркем шығарманың еншісінде болады. Бұл кезде жазушы оқырманға тарихи шындықты боямалап, бұрмалап көрсетуден сақтана отырып, өзінің көркем идеяларын ұсынады. Көрнекті жазушы Зейнолла Сәнікұлының «Сергелдең» атты тарихи романы – қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұрып жатқан қазақтардың 1850-шы жылдардан 1920-шы жылдар аралығындағы қоғамдық-әлеуметтік өмірінен сыр шертеді. Жазушы романға арқау болып отырған оқиғаны тарихи романның жинақтаушылық сипатына сүйене отырып, күрделі әлеуметтік оқиғаларды көпке аты мәшһүр жеке тұлғаның басына, айналасына жинақтап жеткізеді. Романның сюжеттік фабуласы арғы аталарынан тартып би болған текті әулеттің ұрпағы Төлебайдың күрделі тағдыры мен өмір жолындағы елеулі оқиғалар арқылы кең масштабта баяндалады.
«Сергелдең» романында жазушының баяндау стилі, шығарманың жазылуында тарихи тұлға образын сомдаған өзге романдардан парықты жақтары, өзгешеліктері мол. Біріншіден, романда тарихи кейіпкердің тұлғасын көрнектілендіретін жасанды деталь, ойдан қиыстырылған оқиға жоқтың қасы. Екіншіден, шығарманың идеялық-көркемдік жүйесін құрайтын сюжеттер дерлік нақтылыққа құрылып, боямасыз көрсетіледі. Үшіншіден, романдағы кейіпкерлер бейнесінде шындыққа жанаспайтын жасандылық жоқ. Бәрі дерлік тарихи адамдар болғандықтан да, жазушы қоғамдық өмірдің шындығын, заманның сан құбылған кескінін нақты мәліметтермен көрсетіп баяндайды. Әрбір оқиғаға байланысты қаншалаған тарихи адамдардың есімдері аталады. Мұның өзі жазушының шығарманың жанрлық стиліне мән беруі, сондай-ақ, тарихи фактілерге адал бола отырып оқиғаны баяндаудағы бір ерекшелігін көрсетеді. Жазушы стилі, жазу мәнері оның дарын қуатына, суреткерлік ерекшелігіне қарай қалыптасып орнығады. «Сергелдең» романынан тарихи деректерді баяндаудың бір сипатын, яғни тарихи деректі романның жанрлық ерекшелігін танимыз.
Романның бас кейіпкері Төлебай Мошқаұлы (1845-1917) Тарбағатайдың Құлыстай атты таулы мекенінде туылып, Санжы, Манас, Мори өңірінде өмір сүрген тарихи тұлға. Автор романда баяндалатын негізгі сюжетті бас кейіпкер Төлебайды көріп, бірге істес болған көнекөз қариялар мен оның ұрпақтарының, туыс-туғандарының ауызынан жазып алып, көркем әдебиеттің компоненттеріне сай көркемдік сүзгіден өткізіп, шырайлы шығармаға айналдырады. Әдетте талантты жазушылар алға қойған идеялық мақсатқа орай ойдан оқиға құрайды, яғни сюжет жасақтайды. Ал «Сергелдең» романы одан бөлек. Мұнда жазушы көбінесе нақты деректерге арқа сүйейді. Оқырман қауымға ертегілік дүниеге қарағанда, тарихи шежірелерді білу маңызды әрі оның тартымдылығы да біршама жоғары болып келеді. Роман үш жетімнің (Бәшке, Төлебай, Әлкембай) өз айналасындағы зорекерлерден қорлық көріп алыс сапарға аттануынан басталып, оның тұтас өмір жолы, тұлғасы тарау сайын біртіндеп биіктеп айқындала түседі.
Романның бас кейіпкерлері Бәшке, Төлебай және Әлкембайлар арысын айтсақ үш жүзге ұран болған әйгілі Қабанбай батырдың, берісін айтсақ орта жүзді аузына қаратқан Отыншы би мен Әлібек батырдың ұрпақтары. Аумалы-төкпелі заманда іргелі елдің ырысы шайқалып, берекесі бұзылады. Бас қалқасы әке-шешесінен, жақын қормалдарынан айырылып, жетімдіктің ауыр тақсыретін тартады. Тістегеннің тісіне, ұстағанның қатыгез уысына түсіп, туған ауылынан тепершік көріп өз жерінен қуылған аңдай босып, бойын алшақтатуға мәжбүр болады. Өз кезінде шалқыған бай, текті әулеттің тұқымдарын құбыла соққан заман желі бүгінгідей әркімге бір телмеңдеткен жетімдік халге түсірді. Сол тұста Қытай үкіметі Шыңжаңды тыныштандыру үшін тағайындап жіберген жергілікті ұлықтары халыққа зорекерлік жасап бұлап-талаумен айналысты, енді бір жағынан Төлебайдің аталары Отыншы би, Әлібек, Қоңыр батыр сияқты ел ағаларын «Еженханның қолтығына кірдің» деп Ақпатшаның адамдары тұтқындап қанды шеңгелін салып бүре түсті. Осындай қысым мен қырғында талай халық қасірет шекті. Дәл сондай күйге ұшырап зәбір көргендердің бірі – «Үш жетім» болатын.
Роман үш жетімнің ағайыннан қорлық көріп туған жерінен алыс кетуімен басталады. Бірі он үш, бірі он жастағы екі бала күні үшін туысы Нарынбайдың қозысын, кіші әкесі Бәшке қойын бағатын. Бір күні момын Бәшкенің қулауыт жамағайыны Қырбек оның аңқаулығын пайдаланып, көз бояп жалғаннан мал қосқан болады. Ертесі «қоспағын» алмақ болып барып, бейкүнә қойшыға жала жауып, айыпкер етеді де жемқор Жұмақан зәңгіге билік айтқызады. Мұнысы ауыл зәңгісі өзінің жеке ішараздығы үшін алдын ала әдейілеп құрған қақпан еді. Қолғанатқа жарымай жүрген Жұмақанның бүйеніне қулық кіріп, көптен көкейін тескен Бәшкені дауға жығып екі баласын өзіне тегіннен-тегін құлақкесті құл ету үшін жала жауып зорлыққа басады. Амалы таусылған сүйенішсіз жетімдер сонау Боғда тауының етегінде тұратын нағашысы Нұрбикені тауып соларды пана түту бекіміне келеді де, жаяу-жалпылы қашып кетеді.
Ауылдан ұзап шығып көрмеген олар үшін мүлде бейтаныс алыс жолға тәуекел ету оңай болған жоқ. Әйтеуір бағытын туралап алып тоқтаусыз алға тарта береді. Бірер апта жүріп жол азығы таусылған жетімдер Тәйтеке, Бәкей қашқан атты иен қыстауларды мекендеп біраз күн табандарын суытады. Осы кезде Әлкембайды жылан шағады, оның уытын сорып арылытпақ болып Төлебай да заһарланады. Бәшке мұқтаждық өмір үйреткен тәжірибесімен оларды емдеп сауықтырады. Ендігі күн көрістерінің қамын ойлаған үш жетім жолда кездескен ауылдардың қара жұмысына жегіліп, ептеп күнін көреді. Алғашында Әбдікәрім атты ұйғырға жалданып, ол арадан күйістері кете бастайды. Ауыздары асқа жарымайды. Үй иесі Әбдікәрім құмар ойнап, қойын бағатын Бәшкені құмарға тігіп ұттырып жібереді. Бас бостандықтарынан айырыларын білген соң түнделетіп байдың қорадағы семіз аттарынан екеуін мініп қашады. Әбден ұзап кеткен соң мініп қашқан аттарын ноқта-жүгенін сыпырып қоя беріп, көздеген бағыттарына қарай жаяулап тарта береді. Ұзақ жүріске шыдамаған Бәшке сырқаттанып, жүруге әл-дәрмені қалмайды. Кенезесі түтеп орнынан тұра алмай жатқан Бәшкеге жейтін азық, ішер су іздеп кетеді. Төлебай мен Әлкембай қолдарына ештеңе ілінбей құр қол тарығып келе жатқанда, күре жолда машинаға май құйып тұрған солдаттарға суық қолдық істейміз деп тұтқынға түседі. Екі баланы жалынып жылағанына қарамай солдаттар алып кетеді де, ай далада қаңырығы түтеп Бәшке жалғыз қалады. Сәтіне салғанда кейін екі бала бұғаудан қашып шығып, қала жағалап тірлік кешіреді. Жол жағасындағы Ма Иүнчи атты дүңгеннің ашқан асханасына даяшы болып жұмысқа тұрады. Елпектігімен қожайынның қолайына жағып, осында бірер жылдарын да өткереді. Әрі көз жазып қалған кіші әкесі Бәшкені сұрастырып іздеумен болады.
Бәшке болса айдалада адасып қалып, ауырып жатқан жерінен Құсыман байдың Бейсен деген қойшысы тауып алып құтқарып қалады. Оның көмегімен Асқарбек қарттың үйінде тұратын болып шешеді. Қарияға басынан кешкен азаптарын айтып мұңын шағады. Кісілігі мол қария аяғы жеткен жердің бәріне хабарлай жүріп, Бәшкенің бауырларының қайда екендігінің жіпұшын тауып береді. Қуанышты хабарды естіген қамкөңіл Бәшке аялдауға тағат қылмай, ақсақалдың ақ батасын алып аттанады. Әркімнен бір сұрай жүріп, екеуін асханада істеп жүрген жерлерінен тауып, көңілдері сәтке болса да алаңнан арылады. Бұлар ес жиып тыныққаннан кейін, әуелгі беталыстары бойынша Санжыға келіп жетеді. Бір жағынан нағашы апайы Нұрбикені іздесе, енді бір жағынан әбден орныққанша жұмыс істеу үшін базар төңіректей келе өзбек саудагері Сәлімге көмекші болып жұмысқа орналасады. Бай мен оның байбшесі Зұһыра ханым ұрымтал жерлерге тыйын-тебендер тастап, бұлардың алажіп аттамайтын адалдығын сынайды. Атпал азаматтардың қолдарының кіршіксіздігіне көзі жеткен Сәлім Төлебайды қырдағы саудаға шығарып, Әлкембайды отбасындағы күнделікті күйбеңге қолғабысқа қалдырады. Тар қапаста тотыдай ширыққан, оның үстіне шау тартқан шалының төсек рахатынан тойымын таба алмаған байдың сұлу тоқалының көңіліне сайтан еніп, жолбарыс жонды жас жігітке енді нәпсі құрығын тастайды. Бұлардың сезікті әрекеттерін байқаған күндесі Зұһыра Әлкембайды бір шаруаға жұмсап, ауылдың әпербақан содырларын айтақтап, Әлкембайды өлімші етіп сойылға жықтырады. Бағына қарай су ішерлігі болып, төрткүл дүниені тінтіп таба алмаған апайы Нұрбикеге жолығып, жаны аман қалады. Нағашы жездесі Тары тәйжі бұл екеуін үйлендіріп, бастарына отау тігіп, еншісін бөліп ел қатарына қосады. Еті тірі қырпулы жігіттер еңбегімен ел көзіне түсіп, Төлебай Еренқабырға елінің билік тізгінін қолына алады.
Бұл кезде бір мезгіл Сәлім байдың үш жүз түйелік сауда керуенін тартқан Төлебай тіршіліктің әр қырынан мол тәжірибе топтап, әбден толысқан еді. Жәке би, Лақ билермен бірге ел билеп, халықтың мұң-мұқтажына ортақтасып, елді жақсы тұрмысқа жетелейді. Айталық, Төлебай жетілдірген ұзын кірпікті түйе бұл күнде жұртқа аты мәлім. Төлебай халыққа дәстүрлі малшаруашылығымен ғана шұғылданбай, отырақтанып сауда істеп, егін салуды дәріптейді, әрі өзі бас болып кірісіп жұртқа үлгі болады.
Жазушы үш жетімнің басынан өткен қилы күндерді тартымды тілмен баяндай отырып, ғасырлар қойнауында қалып өшкіндеп бара жатқан тарихтың белгісіз беттерін қайта тірілтеді. Шет шекара жайлап, тарыдай шашыраған қазақ өмірінің бір қыры көрсетіледі. Ондағы ел өмірінің алуан шындығы қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға байланыстыра кең қамтып суреттеледі. Көркем әдебиет қоғамдық ойдың туындысы болғандықтан сол ортаның шындығынан алынады. Роман жазып отырған автор шығармасына қажетті материалды немесе идеялық деталдарды өзі өмір сүрген, қаныққан ортадан алады. «Сергелдең» романының авторы Зейнолла Сәнікұлы да аталған тарихи романының тұтас оқиғалық діңін қытайдың Шыңжаң өлкесін мекендеген қазақтар өмірін және сол замандағы басқарушы билік өкілдерінің ықпал жасап отырған қоғамдық-әлеуметтік, саяси мәселелерін суреттеуге құрады. Әрине тарихи романның бәрінде жазушы идеялық мақсатына орай суреттеп отырған оқиға арқылы қаламгерлік шеберлік танытып, дәуірдің суретін сызады. Халық өмірінің беймәлім қырларын көрсетіп, оқырманға ой тастап терең таным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Міне, осы мәселеге сыйғыза талдау жасайтын болсақ, Зейнолла Сәнікұлының «Сергелдең» романы тарихи шындықтарды өмір фактілеріне сүйеніп, қытайда өмір сүрген қазақтардың бір ғасырлық өмірінің бір қырын тарихи кейіпкер – Бәшке, Төлебай, Әлкембайлардың өмірі арқылы кең қамтып жеткізеді.
Романда бастан-аяқ оқиғаға қатысып, тарихи-көркем тұлғасы айқындалған кейіпкер –Төлебай. Ол өз ортасында беделді азамат, халыққа қамқор болған тарихи тұлға. Оның қайраткерлік тұлғасы ел билігіне араласқан кезінде көбірек айқындалса, азаматтық бейнесі қоғамдық-әлеуметтік жағдайға көзқарасы мен айналасындағы адамдармен болған қарым- қатынасы тұсында көрнектіленеді. Романда бас кейіпкерлерден сырт, жетпістей жанама кейіпкерлер аталады. Мәселен, Бор батыр, Әділбек батыр, Отыншы би, Қоңыз батыр, Тары тәйжі, Көкше әулие, Есейбұқа, Кештік ана, Мамырбек төре, Қотырақ, Жәнібек батыр, Жәке би, Лақ би, Ожырай шешен, ақын Жанұзақ, күйші Қайрақбай, Арғынбек ақын, Досжан би, Арпабай ақын, Әлен уаң, Шәріпхан қатарлылар. Мұның біразы тарихи тұлғалар, елге танымал ақындар мен би-шешендер, аруақты батырлар.
Көркем шығарманың идеясы оқиғамен жеткізіледі. Оқиғалар шындығын ашатын маңызды құрал – көркем образ яғни кейіпкерлермен ашылатыны анық. Өмір шындығының күрделі қайшылығын ашуда қарама-қарсы бейнедегі әр алуан адамдар өмірі барынша шындыққа жанасымды түрде суреттеледі. Ақиқат өмірде ізгі ниетті халықшыл адамдарға қарсы қара күштердің, қатыгез зорекерлердің де өмір сүруі табиғи заңдылық. Шығарманың негізгі идеясын бейнелеп жеткізу үшін сомдалып отырған тарихи кейіпкерлер белгілі мөлшерде жазушының субъективтік көзқарасы, эстетикалық танымы бойынша дәуірлік шындықтың алға қойған талап, тәртібі негізінде қайта тұлғаланады. Шығарма идеясын толықтай түсудің немесе оқиғалық баяндаудың қажеті, тарихи кейіпкердің образын кемел көрсету үшін ойдан қиыстырылған көркемдік детальдар мен ойтума кейіпкерлер де жасалады. «Сергелдең» романында Нұрбике, Сәлім саудагер, Жұмақан зәңгі секілді ойтума, жиынтық (типтік) кейіпкерлер шығарманың көркемдік желісінде маңызды рөл атқарып тұрғаны байқалады. Романда Нұрбикенің адамгершілгі, мейірбандығы мадақталса, Жұмақанның әлсіздерді басынатын әпербақандығы, надандығы мен қорқаулығы айыпталады, ал Сәлім сияқты саудагерлердің дүниеқорлығы, өз пайдасы жолында барлығын құрбандыққа шалуға даяр тұратын ойламсыздығы сюжет тартысын шиленіске түсіріп, тартымдылық қосқан.
Кейіпкер дегеніміз қоғамдық өмірдегі шын адамның көркем туындыға көшірілген бейнесі, образды суреті, әсерлі бейнесі. Қоғамдық өмірден бір-бірімен тығыз қатынаста, тіршілік үшін күрес-тартыста болады. Күрделі қарым-қатынас, тартыс барысындағы оқиғаға қатысты барлық адамдарды немесе өмірдің түгел көрінісін түптеп көрсету бір шығармада мүлде мүмкін емес. Сондықтан жазушы өзінің шығармасының идеялық мақсатына орай өмір құбылысының маңызды кезеңдерінің бір бөлек оқиғаларын алып, соған қатысты орталық тұлғалы кейіпкерді жинақтап сомдап шығады. Жазушы өмірдің тартысқа толы күрделі шындықтарын адамдар араларындағы қарым-қатынас, күрес-тартыстарға құрып баяндайды. Қарама-қарсы көзқарастағы адамдардың харекеттері оларды екі топқа айырып, бір-біріне қарсы қояды. Олардың осындай іс-әрекет, амал-қылықтарына қарай ұнамды, ұнамсыз топтарға айырылады. Шығармада адам баласын үнемі жақсылыққа үндеп, отан тағдыры, халық өмірі жолына өзін арнаған өр рухтағы жандар жарқын бейнедегі жағымды кейіпкер ретінде суреттелсе, ал олардың ізгілікті істеріне бөгет жасайтын жауыз, зұлым күштер жағымысыз кейіпте көрсетіледі. Қоғамдық-әлеуметтік өмірдің шындығын күрделі тартысқа құрып жеткізуде кейіпкерлерді қарама-қарсы топқа бөліп даралау – өмір шындығына барынша жақындатып, туындының шынайылығын арттыра түседі.
Қорытып айтқанда, Зейнолла Сәнікұлының «Сергелдең» шығармасы тарихи романның көптеген компоненттеріне дерлік жауап бере алатын көркем туынды. Онда тарихи романға тән жинақтаушылық сипат та, тарихи оқиғаны дәуірлік тұрғыдан сараптай білетін парасаттылық та, шебер суреткерге тән ұтқырлық та бар. Нақтылап айтқанда жазушы көркемдік ой ұсынуда тарихи фактілерден ажырап қалмай қадағалап отырады, және әрдайым өмірлік шындықты жасампаздықпен шебер жинақтап саралай біледі. Тарихи романда қадағаланатын басты ерекшеліктердің бірі – тарихилық яғни деректілік мәнін сақтауы болса, енді бірі, жинақтаушылық, келесі бір маңызды сипат – уақыт пен кеңістік мәселесінің ауқымдылығы жағынан бөлекшеленеді. Жазушы тарихи оқиғаларды суреттеуде уақыт пен кеңістік шеңберінде шектелмей, ғасырлар қойнауына қиялмен сүңгиді. Уақыт пен кеңістік – көркем туындыға кең өрістілік беретін, бір тұтастыққа айналдыратын маңызды бөліктердің қатарында тұрады. Уақыт пен кеңістікті үйлесімді орналастыра білу – жазушы шеберлігін айқындайды. Автор аталған романында міне осы мәселелердің барлығына мұқият көңіл жығады. Уақыт пен кеңістік кез келген көркем шығармаға қарағанда тарихи туындыда кең аумақты келеді. Жазушы халық өмірінің белгілі кезеңдегі тарихи әлеуметтік жағдайларының шындығын, халық өмірінің ерте кездегі күрделі құбылыстарын суреттеп жазуда, уақыт пен кеңістік шектемесіне мәлім тұрғыдан ұшырайды. Алайда мұны жазушы көркем қиял арқылы шешеді. «Сергелдең» романындағы тарихи тұлғаларға қатысты баяндалатын тараулар осы жайды еске салады.
Талдаубек ҚАДЫЛ