КЕЗ КЕЛДІ АҚИҚАТТЫ АЙҚЫНДАЙТЫН…

Бақтықожа Ізмұхамбет

 

Шумақтар

Шумақтар, бәйгідегі құлагерім,
Байланған, бала жастан, тұмар едің,
Құйылып, кештеу көрген, бойымдағы,
Бәлки, жүрген байлығым шығар менің.

Болмасам да, белгілі, тамаша ақын,
Біраз ән, жыр жолдарын шумақтадым,
Ой електен өткізіп, өмір жігін,
Тарихтан, талай бір сыр ақтардым.

Арман қуып, кей сәттер биіктедім,
Қиялдың нәзік гүлін жиып тердім,
Жанымның жалауындай, шумақтарды,
Жүрегіммен жылытып, сый ғып бердім.

Жазбасам да, жырларды арындаған,
Жыр сандығын қиыпты, тәңір маған,
Жүрмін кіріп, шабыттың шатқалына,
Шумақтар көп әлі де жазылмаған.

Кетеді, кейде көңіл тым алысқа,
Менен соң, орын тиіп, бұрылыста,
Ізім боп қалып жатқан шумақтарда,
Болмағай деп тілеймін, ғұмыр қысқа.

Шындық

Шындық бар ма дүниеде деген сұрақ,
Талай елді, халықты жүр мазалап,
Салыстырмалы пікір депті көбі,
Айтыңызшы, кім берген шын бағалап?
Әйгілі Пушкин депті, жоқ ол жерде,
(Ол кезінде шындықтан түңілген бе?)
Шындықты айту азабы дүниенің,
Мүсірепов Ғабит те деген неге?

Кейде өтірік адамды өрге сүйреп,
Шындық емес, керегін елге сөйлеп,
Ал, ақиқат адамды көрге тығад,
Айтқан ақын ағамыз неге бүй деп?

Шаханов Мұхтар аға бұл туралы,
Тереңірек ойланып, көп толғанды,
Білмеймін, ол да солай ойлады ма,
Болғаны ма шындықты жоқтағаны.

Біреуге ұнағанмен турашылдық,
Бағаланбай кей сәттер тура шындық,
Болады екен кездер тұратығын,
Жауабын табу қиын сұрақ шығып.

Тым кеш білді

Гейне ақын жазыпты жырда бәрін,
Күн, айдың бір-біріне ынтызарын,
Екеуінің теңдессіз махаббаты,
Туғызған екен көктің жұлдыздарын.

Бір кездер қызғаншақтар сол жақтағы,
Ортасына күн, айдың от жаққан-ды,
Осылайша айрылып аралары,
Алыстап, бір-бірінен алшақтады.

Ай қуалап, артынан ілессе де,
Күн айға жақын енді емес мүлде,
Ай тоқта деп, қаншама жалынса да,
Бұрылмапты айына күн ешбір де.

Уақыт жойып, өкпені арадағы,
Екеуі де жалғыз боп, дара қалды,
Ай іздесе кеш болса күнін көктен,
Күндіз күнге айы да табылмады.

Жүреді екен енді бірін бірі,
Аңсаумен, көре алмай күндіз түні,
Өсектің, екеуі де, бір кездегі,
Құрбаны болғандарын тым кеш білді.

Абыз сөзін өлеңнің жолдарында
Тумасам да жерінде Маңғыстаудың,
Келмейді ағайыннан алыс қалғым,
Сыйынып Бекет ата бабамызға,
Жүрмін теріп есімін арыстардың.
Әулиелер елінен болмасам да,
Кіремін сол аталар жалғасына,
Қатысқанмын тарихқа, қайта оралып,
«Отпан тау» ашылғанда тау басында.

Абыз Әбіш ағаға жүрдім жақын,
Қалың қазақ білетін, пір тұтатын,
Алыбы-ды халқының бір туатын,
Қалдырған аңыздай ғып ұлтқа атын.

Жүрмейтін жиірек көп кездестіріп,
Бір бөлек дегендерін еске түсіріп,
Жаздым аға сөздерін тауып теріп,
Айтпаған өзі жайлы, көп көсіліп.

Әдебиет ішінен шыққандардың,
Бірімін саясатқа бет бұрғанның,
Әдебиет жасалған тұлғалармен,
Ал, саясат мүддесі тек қоғамның.

Кетемін ұшып

Кездерім болса жетпеген,
Межеге қойған алдағы,
Мойыман бірақ текке мен,
Межелер алда бар әлі.

Өткелдің өттім талайын,
Өзімді өзім қайраумен,
Болса да қиын талай күн,
Іркіліп, тоқтап қалмап ем.

Сенімнің мініп қайығын,
Ескегін есіп үміттің,
Арманның кезіп айдынын,
Елестер қуып жүріппін.

Белестер әлі көп алда,
Жолдардан өтіп көптеген,
Өрмелеп шығып жоғарға,
Кетемін ұшып көкке мен.

Қазақ деген бір ұлт бар

Қазақ деген елі бар бір ұлт барын,
Ұмытпаған халқының алыптарын,
Таныды, жақынырақ таныр әлі,
Қояды өз орнына уақыт бәрін.
Кездер өтті тарихқа үңілтпеген,
Жібермеген оқуға, біліп терең,
Сан ғасыр қорғап келген байтақ жерін,
Қазақ емей, ал сонда, кімдер дер ең?

Ертеде дей-түркіден бастау алған,
Арғықазақ іздері таста қалған,
Бастапқы, орта, соңғы дәуір кешіп,
Өтіппіз «қыпшақ», «оғыз», «қарлықтардан».

Әнес аға қалдырған «Көк түріктер»,
Келтірген тарихтағы көп деректер,
Ашылар әлі талай еңбектерден,
Шындықтан бұрмаланған өзгеліктер.

Бір шындық бар, халықпыз көне кезден,
Жер сақтаған ерлікпен көз көрмеген,
Тағдыр қанша ғасырлар сынаса да,
Тілі, діні сақталып, өзгермеген.

Түркістан, Кавказ, алыс Анадолы,
Бәріне ортақ болған Алла жолы,
Еділ бойы сақалар, татар, башқұрт,
Жерінде мұсылмандық болған еді.

Исламдық дәстүрмен дүниетаным
Қалыптасты, оқылып Құран Кәрім,
Ру-тайпа, хандық боп, бас қосылып,
Қазақтың, ту астына, жиған бәрін.

Білемін деп айтуға тәнтіміз бе,
Жазып жүр мың тарихты әркім өзге.
Мұхтар аға Мағауин деген екен,
Шыңғыс ханнан басталған хандық бізде.

Бұрын да жазған едім, айтам тағы,
Тарихқа еніп жалған қай-қайдағы,
Парсыдан аударғанда кетіп қате,
Біліп, білмей біреулер пайдаланды.

Жеті жүз жыл бұрында жазған екен,
Аса құнды тарихты Рашид ад-Дин,
Табылды нағыз шындық аударғанда
Қазақшаға «Жамиғ ат-Тауарихтен».

Жүз жыл кейін жазылған «Зафар нама»
Шыңғыс хан, Әмір Темір ұрпағына
Арнапты Шараф ад-Дин Али Йазди,
Көрсетіп туыстығын, тармағын да.

Жамиғ ат-Тауарихтың себептермен,
Көп сөзі мүлдем басқа деректерден,
Парсыдан аударғанда кейбір тілге,
Өзгеріп, түп нұсқадан бөлек келген.

Парсыдан аударылып біраз тілге,
Күй кешкен кей деректер мүлдем өзге,
Соның бірі, моғолды моңғол қылып,
Көршілер тәржімалап берген бізге.

Осылай түрік мұғұл ұрпағынан,
Шыққан Шыңғыс, өзгеріп, моңғол болған,
Әрі қарай жалғасып кір саясат,
Тарихқа талай бір толған жалған.

Кеткен соң бұл қателік бастамадан,
Шыңғыс ханды моңғол деу бастау алған,
Ян, Кычанов секілді қаламгерлер,
Болмаған, көп атауды қосқан оған.

Түркінің Алынша хан ұрпағынан,
Егіз боп, Татар, Мұғұл ұлдар туған,
Бертін келе, осыны біліп, білмей,
Татар-моңғол дегені қолданылған.

«Қарақұрым» деген жер алғашында,
Алатау мен Қаратау жалғасында,
Болыпты қыстау аты Абулжанның,
Нұх пайғамбар, ұлының арқасында.

Алтыншы Шыңғыс ханға ата болған,
«Зафар нама», «Жамиғ ат-Тауарихтан»
Табасыз тура дерек, қоныстану
Басталғанын, Ертісте Қайду аттан.

Ертіске құяр жерін Бұқтырманың
Атын қойып, қайтадан ұмытқандарын,
Жазықтық аталыпты «Қарақұрым»,
Екі кітап осының айтқан бәрін.

Шыңғыс ханның әкесі Есугей де,
Өзі де туған екен осы жерде,
«Жамиғ ат-Тауарихта» жазылыпты,
Аталып осы кезде екі өзен де.

Ертіс аты көресіз сақталғанын,
Ұнан-ескі атауы Бұқтырманың,
Неге сонша шатасып, осы жердің,
Шығарған атауларын сыртқа бәрін?

Жиырмасыншы ғасырда бізге жеткен,
«Қарақұрым» атымен уез еткен,
Жазықтың үстін басып су қоймасы,
Бұл аймақ, тұнған тарих суға кеткен.

Моңғолда ешбір заман хан болмаған,
Тарихта қателер көп қордаланған,
Шыңғыс ханға бір кезде бұл атақты
Қарақұрым жерінде берген оған.

Тарихын Шыңғыс ханның ең көп жазған,
Жалғастырып ұрпағын, Василий Ян,
Терең зерттеп, іздеген болса керек,
Дерек көп, келтірілген,басқалардан.

«Батый» атты кітаптан аңғарасыз,
Сөздерін, айтқан оның аудармасыз,
«Бәрекелді» дегенді жиі айтқан,
Оқыңыз, талайына таң қаласыз.

Кітаптарын Ян жазған алсаң қолға,
Тақырыпты бұрғанмен моңғолдарға,
Қаған емес, хан болған ел басқарған,
Қазақ атын көресің әр жолдарда.

Не үшін қайталадым айтып бәрін?
Кез келді ақиқатын айқындайтын,
Оқымай ма, білмей ме, жетегінде
Жүр әлі кейбір адам жалған жәйттің.

Келтірдім нағыз дерек бұлтартпайтын,
Асыл қазына-қос кітап, бұл таппайтын,
Алам-ау деп, біреуді ренжітіп,
Негіз жоқ күмәндәніп, жалтақтайтын.

Алыспын деуден таптым дұрыстықты,
Тарихшы көп, бірінен бірі мықты,
Әділдігін өздері айтар әлі,
Мен көрдім қос кітаптан дін шындықты.

Тарихты тартқылаумен оймен басқа,
Кей шындық кете жаздап оралмасқа,
Жылнама, мұражайлар келген сақтап,
Жоғалтпай сан ғасырлар беттер таспа.

Біздерді «Дешті-қыпшақ» деп атапты,
«Қырғыз-қайсақ» дегенді тағы тапты,
Әр түрлі айтылып жүр шыққандығы
Халық боп қалыптасқан қазақ аты.

Ұнамай «Қайсақ» сөзі ес білгелі,
Құлаққа түрпідей боп естіледі,
Оқығаным есіме түсті кейде,
Папуас, Маклайды, ескі кезді.

Бастасақ сонау өткен Күлтегіннен,
Түрікке сауаттылық ерте келген,
Қытай, табғаш, түріктің тілдерінде,
Табылды тарихымыз кеп көнеден.

Білеміз Томсен деген дат ғалымын,
Орхон жазуларын ол тапқандығын,
Он бес ғасыр өткенде, тасқа жазған,
Ашылды ертетүрік аттарының.

Екі мың жылдан астам мұнан бұрын,
Бекұстұн жазбасында болғандығын,
Олжас ақын, халықтың касах атты,
Көрсетіп, мақалада қолданылғын.

Алған ғой осы сөзді шатастырып,
Қазақты қайсақпенен аттас қылып,
Әдейілеп ойлаған шығар бәлкім,
Жібермек боп тарихтан адастырып.

Мың жыл бұрын Түріктің қағанатын,
Аймақта он рудан таралатын,
Арабтық саяхатшы Абу-Дулеф,
Жазыпты, беріп оған «Казлаг» атын.

Византия ертерек білген екен,
Болғанын, «Казахия» елді мекен,
Тимейін скиф, сақтың тарихына,
Жүздеген жыл бір бөлек билік еткен.

Отырар, Баласағұн, Йасы,Сауран,
Шаш, Сығанақ, Сарайшық атын алған,
Халықпыз, тегіміз бар тым ертеде,
Бүгінде ізі қалған қала салған.

Ғасырлар жүз ру боп бөлінгенмен,
Алла бізге тағдыр бір өмір берген,
Халықпыз талай ғасыр арпалысып,
Өлмесек те, өлімнің көрін көрген.

Сан ғасырлар алысқан халықпыз біз,
Қырылып, талай аман қалыппыз біз,
Кең байтақ жерімізбен әлемдегі,
Тоғызыншы орынды алып тұрмыз.

Қазақпыз, ескі сонау дәуірденбіз,
Белгіліміз тарихта әуелден біз,
Қазсаңыз, біраз ғасыр бұдан бұрын,
Қазақтың сыртында да жүр ізіміз.

Көп халықтың ежелгі біріненбіз,
Тараймыз көк түріктің жігінен біз,
Жұбан ақын жырлаған, мәңгілікке,
Мың бір өліп, қайта тірілгенбіз.

Елденбіз Шыңғыс, Жошы аты қалған,
Бейбарысы Мысырда даңқын алған,
Біліміміз басталған әл-Фараби,
Қожа Ахмет Яссауи бабалардан.

Азайсақ та қырылып, жоңғарлардан,
Тарылмай, қазақ жері аман қалған.
Ұрпағымыз білекті батырлардың,
Қаймықпаған қаптаған сан ажалдан.

Ойменен елді, жерді бөлшектеген,
Көп болды дос еместер, көктеп кірген,
Ақтабан-шұбырынды жылдарда да,
Шыдаппыз шабуылға төкпектеген.

Біз халықпыз ешкімге ұрынбаған,
Кезіміз жоқ біреудің жібін алған.
Қазаққа бергей ғұмыр ниетіне,
Осыны тілейміз біз бір Алладан.

Ойланып, оқығаным, айтқандарым,
Табасың тарих бетін ашсаң бәрін,
Мәңгілік көру жазғай қазағыма,
Тәуелсіз ел үстінде атқан таңын.

Басынан шыбын жаны шырылдаған,
Қазақта өтті талай зұлым заман,
Сеніммен аттап алға, аяқ басып,
Күтейік болашақты бұзылмаған!

Жақсылық

Жақсылықтың қадірін білмес те ек,
Жақсылардың соңына ілеспесек.
Ойлайтын айналасын, өзгеге де,
Жүретін жасап әр кез бір іс бөлек.

Сөз бен ісің қабысса бір бағытта,
Өзің үшін шек қойсаң қанағатқа.
Жолын кесіп жүрмесең өзгелердің,
Ілінбейсің, ең азы, жаман атқа.
Ойланбай, қамқорлайтын табиғыны,
Жақсы дейді жандарды қайырымды,
Жұбатып жүретұғын жылағанды,
Өмірде кездесетін, жаны мұңлы.

Аттамай арамдықтың ала жібін,
Көрініп, тұрса сырттан, адалдығың.
Жақсысың сен үйіне жолдасыңның,
Ақ ниетпен аттасаң табалдырығын.

Күле жүріп, артынан сынамасаң,
Уәдеңе, берген жұртқа, тұра қалсаң.
Белгісі, бұл да бойда, жақсылықтың,
Ұмытпағын, адамға сөз сын әрқашан.

Көрсетпесек, байқалар, жаман қылық,
Қиындықта сақтасаң табандылық,
Іштарлықсыз, кеңпейіл қасиеттер,
Көрсетеді жақсы бір адам қылып.

Орынсыз, жүріп кетпей бүгежектеп,
Шалқаймай, бұл өмірде көрдім көп деп.
Басу аяқ ілгері, талайға сын,
Жақсылар жүріп өткен жолмен ептеп.

Жақсы сөз – жарым ырыс, дегендейін,
Өзгенің көтермелеп, көңіл-күйін,
Сөйлей білу – жасаған жақсылығың,
Айналып өзіңе де келер кейін.

Ортада, асқақтамай, әдеп сақтап,
Қала бермей, жоқ жерде сасқалақтап,
Жүрген жақсы өзіңе сеніп әр кез,
Ұялмай, кетпеген соң ардан аттап.

Жақсы дейді адамды, жүзден озған,
Жасаған еңбегімен із қалдырған.
Жақсысың, ашу қысқан кей сәттерде,
Мінезге бой бермесең қызбаланған.

Жақсылық – сүйе білу жүрегіңмен,
Бақытты бірге көру жұбыңменен.
Қызықты, қиындықты кешіп қатар,
Татулық сақтап өту бұл өмірден.

Кездескенде көңілің күлімдейтін,
Жақсылық көп өмірде, біз іздейтін.
Ұмтылсаң қол жетеді талайына,
Бойыңда болғай үміт үзілмейтін!

Пікір қалдыру