«КІШКЕНТАЙ» – АСТАРЫ МОЛ ШЫҒАРМА
Өмірінің соңғы он шақты жылында аса көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2010 ж.) Жұмекен Нәжімеденов өлең мен прозалық шығармаларды қатар жазған қаламгер. Зайыбы Нәсіп Мұстахқызының айтуынша ол үш романын («Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт») Мәскеу қаласындағы А.М.Горький атындағы Әдебиет институтының жанындағы Жоғарғы әдеби курста оқып жүргенде (1971-1973) жазған. Және арасына уақыт салмай бірінен соң бірін дүниеге әкелгенін романдардың сабақтасып жатқан желісінен айқын аңғаруға болады. Біздің ойымызша Мәскеудегі екі жыл ақынның жан-жақты ізденіске толы, шығармашылық өрлеу кезеңі сияқты. Бұл пікірімізді Нәсіп апайдың: «Жұмекен Мәскеуден адам ретінде де, ақын ретінде де мүлдем өзгеріп келді», – деген сөзі растай түседі. Аса дарынды ақын жоғары әдеби курста оқып жүргенде әр күнін бос жібермей көп оқып, көп ізденгені сөзсіз. Жаңа әдеби орта, оқымысты ұстаздар дәрісі талантты ақынның таным көкжиегін кеңейте түскендей. Ақын прозалық шығармалар жазуға ұзақ дайындалған және үнемі жазып жүрген сияқты. Өйткені үш романға дейін де, кейін де ақын бірнеше әңгімелер мен повестер жазған.
Үш шығарманың үшеуіне де, әсіресе «Ақ шағыл» мен «Кішкентайдың» негізгі желісіне ақынның балалық шағы мен жастық шағы арқау болған. Өйткені осы екі романда да соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі кезеңдегі қазақ ауылының ауыр тұрмыс-тірлігі суреттеледі.
Талантты ақынның 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы (бұрынғы Теңіз ауданы) Ашақ елді мекенінде дүниеге келгенін ескерсек, француздың ұлы жазушысы Флобердің «Бовари қаным – менің өзім» деген әйгілі сөзі еске түседі. Әкесі Сабыреден Нәжімеденұлы 1940 жылы Фин соғысына аттанғанда Жұмекен бес жаста еді…
«Ақ шағыл» мен «Кішкентайдағы» бала Идаяттың тағдыры ақын Жұмекеннің балалық шағына өте ұқсас. Бірақ ақын өз тағдырын сол күйі романға көшіре салмайды. Екі романдағы Идаят кейіпкердің өмірі арқылы сол соғыс жылдарындағы әкесі майданға аттанып жартылай жетім қалған балалардың жиынтық образын жасайды. Ал туған ата күлдігі – Қошалақ құмын осы екі шығармасының нақты фонына айналдырады. Сондықтан да екі романдағы сөз болатын басты оқиғалар мен суреттелетін кейіпкерлердің барлығы да Қошалақ құмындағы Ашақ, Дыңғызыл елді мекендерінде өмір сүреді.
Жазушы «Кішкентай» романында соғыстан кейінгі қазақ ауылындағы қоңырқай өмірді әсерлі суреттей отырып сол кездегі адамдардың (бүгінгі адамдарға мүлдем ұқсамайтын) жан-дүниесіне терең үңіліп, күрделі философиялық ойларға меңзейді. Ол романдарында бас кейіпкерді даралауға саналы түрде тырыспайды, керісінше шығармадағы кейіпкерлердің жазушы үшін бастысы, қосалқысы жоқ – аянышты да күрделі тағдырлар ғана бар. Қаламгердің басты кейіпкері – Қошалақ құмы мен сол құмды жайлаған ауылдарда ғұмыр кешіп жүрген, басқаша айтқанда романның өн бойында оқырманымен қауышатын кейіпкерлер. О бастан өте күрделі әрі терең ақын болып танылып оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген аса дарынды қаламгердің прозалық шығармалары да 70-80-жылдары соғыс тақырыбына жазылған қазақ романдарынан стилі мен көркемдік қуаты жағынан мүлдем бөлек, оқ бойы алда тұрған қуатты дүниелер. Қаламгердің өзі соңыра: «сюжеттері пышыраған, мен де жаздым үш роман» деп әзілдеуінің астарында үлкен шындық жатыр. Өкініштісі жетпісінші жылдары жарық көрген ақын жазған тамаша романдарға биік баға беруге сол кездегі социалистік реализммен қаруланған сыншылардың өресі жетпеді. Қайта олар Ж. Нәжімеденовтің прозаларындағы терең де астарлы идеяларға түсінбеді. Керісінше романдардың ішкі мүмкіндігін дұрыс аңғармаған, бәлкім аңғарғысы келмеген кейбір сыншы сымақтар ақынның қаламынан туындаған романдарға әділетсіз сын-ескертпелер айтып, талантты дүниелердің беделіне нұқсан келтіруге тырысты.
Күні бүгінге дейін бұл үш шығарма әдеби сыншылар тарапынан әділ бағасын алған жоқ. Ақынның көп томдығына кіргені болмаса, жылдар бойы жарық көрмей ұмыт болуға айналған романдар оқырмандарын енді табуға тиіс. Өйткені ақын романдарының көркемдік деңгейі мен жазу стилі бірігіп, талантты шығармаларға сусап отырған оқырмандарды бей-жай қалдырмайтынына сенімдіміз.
Кезінде автор «Даңқ пен дақпыртқа» қарсы жазылған рецензияға жауап ретінде көркем шығарма туралы мынадай ой айтқан еді:
«Әдебиет өз азығын өмірден, болмыстан алады, содан табады, бірақ, пісіп-түскен дайын күйінде емес, бұрыш-қыры, олқы-ортасы мол, ешқандай жүйе-жүлгеге түспеген шикізат күйінде алады. Қанша бай болғанымен, көркем туынды үшін дап-дайын сюжет-оқиға, не бір характерді өмірдің өзі де бере бермейді. Қандай материалды болмасын автор өз елегінен өткізіп қана қоймай, өз идеясы, өз мақсатына қарай бұрып, белгілі бір жүйеге, бағытқа салғанда барып әдебиетке айналады. (Бұл қағида сыншы-әдебиетшілердің бәріне дерлік ұнайды, өйткені, атамзаманнан бар, әлдеқашан аксиомаға айналып кеткен қағида). Әйткенмен өңдеу-сырлаудың, бұру-бағыттаудың шегі бар екенін де әркім мойындайды. Ал, осы өңдеу-сырлау, бұру-бағыттау деген не? Бұған бір сөзбен жауап беру қиын, дегенмен біздің ойымызша, әйтеуір өтірік айту емес. Өтірікті үлде мен бүлдеге қанша орап, алаөкпе сөздермен қанша қыздырып, қызылдандырғаныңмен, бәрібір, өтірік. Өзің өмір сүріп отырған ортада, өзіңнің бүгініңнен өтіріктің көмегінсіз көркем шығарма тудырудың қиындығы – көпке мәлім. Күні бүгін тәуір аталып жүрген шығармалар, түгел дерлік, өткен өміріміз, тарихқа айналып үлгерген тақырыптарға жазылғаны мәлім. Біздің қай тақырыпта болмасы, шығарма түзелгенде сондай туындылардан басқа үлгі, өнеге тұтар ештеңеміз жоқ. Болса – ол өмірдің, болмыстың өзі ғана…»1
Ал енді Жұмекен Нәжімеденов романдары несімен ерекшеленеді деген заңды сұраққа жауап іздеп көрейік. Әрине ең алдымен ақынның прозалық шығармаларының стиль ерекшелігінде. Автор қазақ романдарына тән монолог баяндаулар мен оқиғалы сюжеттерден саналы түрде бас тартады. Сондықтан да жазушының прозалық шығармаларының бәрі дерлік шағын-шағын новеллалар түрінде жазылып, бірін-бірі толықтырып, байытып отырады. Шығармадағы үлкенді-кішілі оқиғалар мен кейіпкерлерді жазушы өз алдына жеке туынды есебінде жазады және сол мақсатына қиналмай жетеді. Осы орайда тағы да ақынның пікіріне жүгінейік:
«…Мен қара сөзбен жазылған кітаптарымда (әсіресе «Даңқ пен дақпыртта») осы, өзімше, адам санасына әсер еткен дәуір, уақыт белгісін тек өз құралыммен көрсетуге тырыстым. Атап айтқанда, бұ кітапта ашық айқас жоқ, бірінен-бірі туындап, иір-қиыр дамып жатқан оқиға-сюжет жоқ. Есесіне, деталь бар. Деталь көп. Оқиға-сюжет ойлап таба алмағандықтан, не бұрынғы, классикалық романдардың моделін білмегендіктен емес, қайта солардан, мүмкіндігінше қашқандықтан, көп жүкті детальға арқалатуға ниеттеніп ем. Кейіпкерлердің ішкі дүниесін ашуда да, мен үшін, детальдің рөлі үлкен. Ұзақ-ұзақ монолог-баяндаулардан гөрі (әдетте, көп оқушы оқиға мен монологты қуып оқиды) деталь тілі қысқа, ұтымды көрінеді…»2
Деталь демекші «Кішкентайдың» өн бойы детальдан тұрады. Роман Қарашаштың күні кеше ұзатылған қызы Талжібектің үйден кеткеніне өкінішін суреттеуден басталады.
– Әжеке-ай, қайт дейсің? Жалғыз қалдым ғой, жалғыз!3 – осы шолақ диалог арқылы автор жұрттың қаңқу сөзінен қашып, сүймеген жанға ұзатылған қыз анасы Қарашаштың көкірегі қарс айырылған өкінішін ғана емес, сол үлкен талант иесі өнерлі қыздың бүкіл тағдыр талайының өзек күйдірген трагедиямен аяқталатынын аңғартады. Кейін бір үйдің салиқалы келініне айналып, сәби сүйген Талжібектің дәулескер күйші ретінде атағы шыға бастағанда, ауыл әйелдерінің өсегіне қалып, жан жарасына ем таба алмай, ар-ұяттың құрбаны болып суға кетуі шын өнер адамдары тағдырының өте қиын әрі қайғылы екендігін бұлтартпас дәлелдейді. Романның Талжібектің ұзатылуымен басталып, аса дарынды қыздың ар алдында дәрменсіз күйінде суға кетуімен аяқталуы шығарманың шырқау шегі. Шығармадағы орталық кейіпкер – өнер адамының, талантты қазақ қызының қайғылы тағдыры арқылы автор ерекше жаратылған жандардың пендәуи өмірдегі тағдырының бақытсыз, бақсыз, талайсыз болатынын шынайы суреттейді.
Өнер атаулының барлығын, соның ішінде әсіресе көркем әдебиетті уысында ұстаған Коммунистік идеологияның билік құрған шағы жетпісінші жылдары жазылған «Кішкентай» романының өн бойындағы батылдық пен тоталитарлық режимге ашық қарсылық жазушының астарлы ойларды керемет шеберлікпен әдіптеуінің арқасында қатал цензураның қырағы көзінен аман-есен өтіп кетті. Көлемі шағын болғанымен ауқымы кең, айтары мол тамаша шығарма дәл бүгін де өз мәнін жоймаған, өміршең роман.
«Ақ шағылдан» басталып, «Кішкентайда» жалғасатын соғыс тақырыбын жазушы Жұмекен Нәжімеденов қалай береді? Табиғатынан аңқау, екіесті, алаңғасар, сақау Сейсіметтің майданнан оралу сәтін суреттеу арқылы талайды жетім, жесір қалдырған соғыстың қарапайым халық үшін мәнсіз, мағынасыз қолдан жасалған идеология екенін қазақ әдебиетінде батыл айтқан бірде-бір жазушы Жұмекен Нәжімеденов екенін мойындайтын уақыт жетті.
Шығарманың тағы да бір өзекті тұсына назар аударалық. Жазушы «Кішкентайда» кеңес үкіметінің оп-оңай өзіне керек жауды қолдан жасап алатын «қасиетін» елге қайдан келгені белгісіз ғайыптан кіріп кеткен «бандитті» қуған милициялардың іс-әрекетімен тамаша суреттеген. Романдағы милициялар қуып келе жатқан «банданың» кім екенімен, нені бүлдіріп, кімді өлтіргенімен шаруасы жоқ. Бар мақсаттары сол беймәлім «банданы» қуып жетіп тұтқындау немесе өлтіру. Автор аудан орталығынан шыққан қызыл жағалылардың тұрлаусыз іс-әрекетін сырттай бақылайды. Олардың іс-қимылын суреттеу арқылы тоталитарлық тәртіпті жеңіл юмормен мысқылдайды:
«…Қалекеңнің ептеген ескі оқуын айтпағанда, есейіңкіреп алған екі кластық білімі бар. Өз айтуынша, милиция қатарында қызмет атқарғанына жиырма бес жылдан асыпты. Осы күнге шейін аузында «бай», «кулак» сықылды мағынасы әлдеқашан ескірген сөздер жүреді. Қылмысты адамды: қашқын-пысқын, ұры-қарыны ата жауы санайды. Қырға шыққанда, еркелік, еркіндігі де болар, ептеп қорқытып, қатын-қалаштан қой жейтінінен бөтен залалы жоқ. Ал кейде ақ көздігі мен надандығы арқасында ақ-қараны айырмай, асыра сілтеп кететіні болады. Сонысын кешірсең, Қали нағыз керек адам.»4
Жалпы романда коммунистік идеологияға, тоталитарлық жүйеге деген қарсылық керемет шеберлікпен берілген. Әжімгерей қарт жалғыздан қалған жалғызды мектепке береді. Бір үйдің алақанына салған еркесі сотталып кеткен Темірәлінің үйінде жатып оқиды. Әжімгерей атасын құдайдай сыйлайтын Қызбала Идаятқа құрақ ұшып, барын аузына тосқан соң еркелік бұрынғыдан да өрши түседі. Ауылда Еділхан ағасының арқасында әріптерді жаттап, жүгіртіп оқып, жүзге дейін санай білетін зерек балаға оқу қызық емес. Ол басқа балаларды менсінбей шекесінен қарайды. Оның үстіне «Бәйге бала» деген атағы тағы бар. Сөйтіп жүрген ерке бала сыныптастарымен ерегісіп қалады. Бұны мазаққа айналдырған шыңылтыр сары баламен төбелеседі. Сол майданның үстіне мектеп меңгерушісі, Идаяттың жақсы көретін ағайы, күнде кешке екеуі «ханжаппай» ойнайтын аға-досы Қанағат келіп қалады да екі айыпты баланы жазалауға ұйғарады.
Әрі қарай жазушы осы бір сәтті былай суреттейді:
«…Құмның мектептерінде тәртіп бұзған оқушыға қолданылатын жазаның түрі онша көп болмайтын. Сол аздың бірі, ер балалар үшін ең бастысы, «по пластунски марш!» деген жаза.
Мектеп меңгерушісі ойынды сырттан бақылаған бір қыздан табанда жауап алды, қалған балаларды кластарына босатып, мына екеуін қаз-қатар қойды. Сонсоң:
– Па пластунски марш! – деп шаңқ етті. Сары бала жер бауырлап, жорғалай жөнелді. Садықжанов жаңадан тігілген көк бешпетінің шинелден қырқып қадаған жез түймелерін шұқылап тұра берді. Не істейді дейсің, жәй, көз қылғаны шығар. Өзімен күнде «ханжаппай» ойнап жүрген кісінің қаталдығы қайда апарады?
– Па пластунски марш! һарш! һарш! – Қанағаттың езуі жыртылып кетіп, содан аузы үлкейген тәрізді, ақсаңдап, түпкі аузына шейін көрінді. Идаят тұңғыш рет ұстазын ұнатпай қалғанын сезінді. Аузын осынша ырсаңдатып, арсылдайтындай, бұлардың қиратқандары шамалы емес пе? Өшігетіндей не жазды? Шынымен еңбектеткісі кеп тұр ма?
– Жатпайым, үстім ылас болады! – Мұны қалай айтып қойғанын өзі аңғарған жоқ, үстінен, киімінен бөтен сылтау да жетер еді.
Мұғалім де дәл бұ сықылды жауапты жақсы көретін шәкіртінен күтпегенді, қапелімде тіліне түк ілінбей, таңданғаннан тағы да аузын ашты: А-аа? – деді. Кенет жүгіріп кеп, Идаятты желкесінен бүре, итеріп жіберді, етпетінен түсірді. Жаңа от алған көне тракторша қалшылдады:
– Па пластунски марш! харш! – Ана бала еңбектеп, алты-сегіз қадамдай барып қалған-ды. Бұл бауырын жерге тигізбей, төрт аяқтап, ебедейсіз ілгерілей берген, Қанағат қалошты етігінің табанымен дәл шонданайының үстіне басып-басып жіберді.
– Парш! Харш!
Саған осы жарамаған ба? Сенің-ақ әмірің болсыншы секілді немкетті ниетпен қара бала онсыз да өзіне қатал көрінген бұйрыққа әзер бойсұнып еді, мынадан кейін қырсығып, табандап жатып алды. Іші-бауырына дереу біліне бастаған сызды елегісі келмеді. Мұғалім қанша күйіп-піскенмен ештеңе өндіріп жарытпады. Қасындағы, көнбіс сарыны, он-он бес метрдей жорғалатты да, тұрғызып әкетті. Мынау жатыр, жылжымайды. Қанағат әрі-бері ақырып, қозғай алмаған соң, қолды бір сілтеп, кетіп отырды. Ренжіп, түңіліп кетті.
«Жатпайды, үсті ылас болды?»5
Жазушы кішкентай Идаят арқылы сол кездегі қатаң тәртіпке қарсылық білдіреді. Үлкен түгіл баланың өзін қатаң заңмен қалыпқа түсіретін тәртіпке ендігі жерде кейінгі ұрпақ қарсы тұрып, көнбейтінін жазушы дәл әрі дәлелді суреттейді. Екі ұрпақтың арасындағы елеулі айырмашылықты автор қандай тапқырлықпен берген десеңізші. Мына қорлыққа шыдамаған Идаят түннің ішінде Ашаққа, атасының үйіне қашып келеді. Әрі қарай жазушы былай әңгімелейді:
«…Қара баланың, алғаш қашып келгенін естігенде қарт мықтап қапаланды. Отырған орнында олай-бұлай қопарылып, көпке дейін өзіне-өзі келмей, дөңбекшіп бітті.
– Шәкіртін жазаламайтын ұстаз бола ма, – деп толғанды бір кезде. – Шәкіртін түземесе, жазаламаса… оның несі ұстаз! Бағы жылдары молданың шыбықпен бір мәрте шықпыртқанынан түскен таңба арқаңнан айлар бойы өшпейтін. Құлақтан қалай бұраушы еді?!…»6
Бұл атасы Әжімгерейдің айтқаны.
Жазушы бұл өзекті мәселеге бала мен ақсақалдың жеке-жеке көзқарасымен қарау арқылы жетпісінші жылдары мүлдем айтыла бермейтін ақиқат туралы әңгіме қозғайды. Бұдан былай кейінгі жас ұрпақ әділетсіз қатаң тәртіпке көнбейді, қарсы тұрады. Ал алдыңғы толқын аға ұрпақ сол қатаң тәртіпке әбден мойынсұнып бағынғанымен қоймай, кейінгі толқын жас ұрпаққа ақыл айтып, өздері сөзсіз көнген тәртіптен шығарғысы келмейді. Автор екі ұрпақтың бір-біріне кереғар мінез-құлқы арқылы әділетсіз тәртіпке көнбейтін жас ұрпақтың күндердің күнінде өсіп жетілетінін меңзейді. Бұл дағы жетпісінші жылдары роман жазған ақынның болашақты болжаған сұңғұлалығын аңғартса керек.
Қаламгердің романда суреттеп отырған Қошалақ құмы Азғыр полигонының маңы. Соғыс жылдарында полигон маңында тұратын көптеген ауыл тұрғындарын Оңтүстік аймақтарға көшіріп те жіберген. Әрине жетпісінші жылдары Азғыр полигонының елге, жерге, халыққа тигізіп отырған зардабы туралы жақ ашуға болмайтын аса құпия мәселе болатын. Полигонның зардабын Жұмекеннің отбасы әбден тартқан. Ақынның анасы Мүсілима «ақ қан» сырқатына шалдыққан. Анасына арнаған «Қан» деген өлеңінде ол былайша мұңға бөленеді.
«Жылдан жылға сөніп барад, түрі, үні –
Шешем сорлы сауықпайды-ау ғұмыры?
Кеңсе жақтан кеміп келсең кешқұрым,
Қанайды да отырады мұрыны.
Келін баптап ақ көрпесін жапқанға
«Мені ерекше күтеді» деп мақтанба:
Жерде – маған,
Аспанда анау Айға анық –
Байғұс қартым, бара жатыр айналып,
Қызыл қаның – ақ қанға…»
«…Қаны тыйылмайтын неткен кесел бұл,
қан төккені аз болып па ед осы елдің?!
Ұялсам да жарығынан Күн, Айдың
мен де кейде солқылдап кеп жылаймын.
Жас ақпайды, сонда көзден,
Бұ да аса,
арзандықтан болмайтыны рас, ә?
Жаспен емес, қанмен ғана жылайды
көзің емес,
көкірегің жыласа…»7
Кім біледі ұлы ақынның 50 жасқа да жете алмай кенеттен қайтыс болуының бір сыры осы Азғыр полигонына да қатысты болуы әбден мүмкін ғой.
Жазушы «Кішкентай» романында жетпісінші жылдары аса құпия полигон мәселесін сырт көзге елеусіздеу, алайда өте дәл суреттей білген. Сөз зергерінің шеберлігі сол – туған жердің жазылмас дертіне, мәңгілік қасіретіне айналған «Азғыр» полигонын аса нәзік шеберлікпен Әжімгерей қарт пен Сатымның диалогы арқылы береді:
«Ашақ шошағының үстінде қой жабағысының пұшпағындай көкшулан бұлт жатыр. Бұлт төмен, көкжиекте. Сондықтан, шағылдың биік жар қабағына ілініп қалған сынды, кете алмайды. Күнбатыс жағы қызара түсті де, кенет, көк сұрлана қойды, Әжімгерей:
– Көктеп үлгермей қурап бітті ғой, – деді.
– Шөпке індет келді, Әжеке, індет, – деді Сатым.
– Сондай бірдеңе жайлады әйтеуір. Құрт дейін десең – жорғаламайды, шыбын дейін десең – ұшпайды. Әнеугүні осы қоңырдан қой айдап келіп ем, кебісімді бірдеме тұтып қапты. Қақсам кетпейді. Шүберекпен сүрткенде білдім: бозарып жұққанның бәрі ұп-ұсақ жәндік екен, қырып салыппын. Мына жусанды үзген малдың пысқырып қоя беретіні содан болды. Қой байғұсқа, әсіресе, қиын, өзі де шығынсыз тұрмайтын қасқа еді. Шөпке ғана емес, шаруашылыққа, бүкіл басшылыққа түскен құрт қой бұл.
– Көктемде күншығыстан, есіңде ме, боп-боз шаң соқты, жел жоқ болатын. Дауылда да ондай шаң байқаған емен.
– Апыр-ай дейсің. Сейсенбі күні сәскеде көтерілген, содан – қарт саусақтарын бір-бірлеп бүгіп санай бастайды. – Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма. Төрт күн, төрт түн. Құданың құдіреті, айдап кететін самал да еспей қойды-ау. Боз шаң өзінен-өзі көтерілді де, ұйып тұрып алды. Шөпке, жерге шөгіп таусылды ғой ақыры. Жуып, не айдап әкеткен ештеңе жоқ.
– Шөпті еміп қойды-ау, еміп қойды, – деді Сатым күйзеліп, – Жусан мен алаботаның өзі пайдасыз.
– Қой қырылатын шығар биыл.
– Әйтеуір қой сорлы-ақ ұшырайды да жатады. Қар жауса – қой, шаң жауса – қой, қонақ келсе – қой, қасқыр шапса – қой. Бәрі қойдың ажалы!»8
«Кішкентай» романындағы оқырманын бей-жай қалдырмайтын трагокомедиялық тұлға – Сейсімет сақау. Бір қарағанда «көйлегімен туғандай» көрінетін Сейсіметтің соғыстан денесіне бірде-бір сызат түспей аман-есен оралғаннан кейінгі өмірі отбасылық трагедияға толы. «Ақ шағылда» суреттелген оның соғыс туралы әңгімесін тыңдаған адам еріксіз күледі. Өйткені ол соғысып жарытпаған, әңгімесінің бәрі күлкілі, тіпті кейде соның фашистті көргеніне де күмәнданасың. Құдай ақыл бермесе де қара күшті аямаған Сейсімет майданда бір орыстан таяқ жейді. Өйткені тұла бойы тұнған қара күш болғанымен, азаматтың бойына жігер дарымаған, жан күйзелерліктей рухсыз. Ал ер-азаматтың бойкүйез, намыссыз болуы әрине оның отбасына кері әсер етеді. Табиғатынан ақкөңіл, аңқылдақ жігіттің өзінің отбасын сақтап қалуға шамасы жетпейді. Ал құдай қосқан қосағы Мәруә оның бәтуәсіз, боркемік мінезін менсінбейді. Сейсіметтің мінез-құлқын ашатын романда бір деталь бар. Оның жалғыз жездесі Ғұмар ит терісін басына қаптап әбден ұрысып қайрап-қайрап жібереді. Өздігінен біреуге тіке қарап сөз айта алмайтын Сейсімет жездесінің айдап салғанына ереді.
«…Бір күні Сейсімет жылқыдан түтеп оралды. Атынан домалай түсіп, есік алдында жүрген Мәруәға тап берді. – Тап атаңның аузын ұйайын, сенің ана баламен бійдемең бай дейді гой, айт жаның байында, бай ма, а, бай ма? – деп тістеп жұлып тастайтындай келіншегінің көгістеу ерніне төнді. Әйел тайынбады, әлдеқашаннан осыны күтіп жүргендей шабынып, шап-шап етті:
– А, бар! Бар дегесін бар! Кесіп ал, ал! Ақымақ, ана құрт түскен миыңа жаңа жетті ме, ал! Қылып ал! – Осыны айта екі бүйірін таянып, тұрып алды. Сейсімет дәл мына секілді бетсіздікті күтпеген еді. Қанша құтырғанымен көңілі қалтқысыз сенетін. Көзі тірі, бұ секілді азаматы тұрғанда Мәруә бөтен біреуге ауалана ма? Ақылға сыймайтын сықылданған. Келіншегінің мына сөзі төбесінен жай түсірді. Кіршіксіз адал, ақ жанын «бар, бар» – «дар дар» дегізіп, айырып-айырып тастағандай еді. Бірден жасып, езіліп қалды. Сөлпиіп, кейін шегінді де, анадай барып есін жиды:
– А, Құдай, – даусы тарғылданып шықты, – А, Құдай бай болсаң, мен Айыстанов Сейсімет Қайыпқали қызы Мәйуәны талақ тастадым, талақ! Талақ! – Сөйдеді де, атына мініп, айдалаға шауып кете барды…»1
Шаңырағы ортасына түскен отбасының трагедиясын жазушы Сейсіметтің төрт көз қара итінің көңіл күйі арқылы береді.
«…Со күні, Мәруә кететін күні, қара ит түкке түсіне алмады. Анау әлдеқайдан шауып келді, мынау қылқиып алдынан шықты. Екеуі біріне-бірі қарап, тістерін ақсаң-ақсаң еткізді. «Арсылдасып жатқаны шығар» – деп ойлап, бұл інінің аузына екі-үш мезет ұмтылып қарап қойған. Шілденің ерке шыбындары көзі-басына қонып, маза бермеді. Қара ит сонымен әуре-сарсаңды. Бір кезде алыстап бара жатқан ат дүбірін құлағы шалды. Үй жақтан жағымсыздау дауыс тағы естілді. «Бұлар да ұлиды екен-ау, шамасы». Өзінің де ұлығысы келді. Неге екені белгісіз, жүрегі езіліп, шыдатар болмады. Көзін жетім боп ашқандікі ме, Төрткөздің ондайда жаны төзбейтін. Үйшігінен шыға алдымен біраз үріп, аяғын ұлып бітірді. Құлағын салып байқап еді, сыбыс жоқ, тек шыбындардың ызыңы мен түйе сонаның даңылы ғана. Тыныштықта шыбынның даусынан зор дауыс бар ма?! Сонымен ертеңіне түске дейін удай аш, бүгіліп жатты да қалды. Итаяғына талай барып қайтты. Құйылған дәнеңе жоқ, қаңсып қапты. Құдыққа жеткенше тіліне әрең иелік етті, салақтап түсіп кете береді, қанша жинаса аузына сыймайды. Астауды жылқылар тепкілеп, қисайтып тастапты, қауғада ортан белінен төменірек су бар екен, жылып кеткеніне қарамай сылпытып тұрып соғып алды, сонсоң, құдықтың жарын қазып-қазып, дымқыл топыраққа бауырын төсіп біраз жатты. Біреу-міреу келер деген, ешкім жоламады…»9
Сақау Сейсімет бейнесі қазақ әдебиеті үшін жаңалық. Жазушының үлкен табысы, «Кішкентай» романын терең әлеуметтік шығарма деңгейіне көтеріп тұрған соны образ. Сейсіметтің аянышты тағдырына соғыстың да қатысы бар екенін автор айтпайды, бірақ оқырман өз түйсігімен сезінеді. Егер қарғыс атқыр соғыс болмағанда сүттей ұйыған отбасына осынша қасірет келер ме еді. Күйеуі соғысқа кеткен жас келіншектің бұла организмі жан ұшыра басқаны іздер ме еді?! Соғыс туралы қаламгер былайша толғанады:
«…Соғыстың елден жұтқаны, алғаны көп еді. Қаулап тұрған жыңғылдай-жыңғылдай азаматты қырықты. Ойын, күлкіден, сауық-сайраннан айырды. Қыз ұзату, келін түсіру тойын жоғалтты. Қырық бірінші жылдан бері бірде-бір шілдехана өткен жоқ. Қырық екі, қырық үш, қырық төртте дүниеге сәби келтірген аса сирек аналар жақын білетін адамға болмаса, басқаға күдік туғызды, не тура қарабет атанды. Бүкіл жалпақ қырда осы төрт қыс бойына бірде-бір нәрестенің іңгәлаған үні естілмеді. Жылаған – үлкендер ғана…»10
Жазушы соғыстан кейінгі ауыл өмірінің кем-кетігін мол қамти отырып сол кездегі тоталитарлық тәртіпке үнемі қарсылық білдіріп, жан түршігерлік детальдармен көркем суреттейді: мына бір қысқа үзіндіні оқиықшы:
«…Құм елі әр кезде, шыбыннан өзгенің бәріне мұқтаж болды. Киім, кәмпит, шай, қонақ… ең аяғы: айыр, күрек саптайтын ағашпен бітуші еді. Соғыс басылып, ел ес жиғалы молда жоғалды. Дұға, бата сықылды, бұ жұрт үшін дін емес, үме салу құсаған науқандық қана жиында бастары қосылғанда қарттардың көбі «ағоз» тарта алмайды. «Сен білесің, сен оқы», «жоқ, жасырма, сен, өзің оқы» десіп, бірін-бірі түрткі- леп әуре…»11
Қаламгер дінсізденіп бара жатқан елін құтқарып қалу жолын іздеп, жаны қыдырады, елде ушығып кеткен әлеуметтік проблемаларды шешу жолдарын жанталаса іздейді.
«Кішкентай» романы осындай ірілі-ұсақты қарсылықтардан тұрады. Жазушы соғыстан кейінгі қазақ ауылдарында өмір сүріп жатқан адамдардың мінез-құлқының, тағдырының үлкен галереясын жасайды. Романды оқып отырып 40-50-жылдардағы адамдардың адал да ақкөңіл мінездерін сағынасың. Романдағыдай нағыз қазақи мінездерді қазір күндіз шам жағып іздеп табу қиын. «Ақ шағыл», «Кішкентай» романдарын кейде қазақи мінез-құлықтың музейі ме деп қаласың.
«Кішкентай» алуан-алуан тағдырларды суреттеген әсем сезімді әңгімелер жинағы сияқты оқылады. Автор үлкенді-кішілі тағдырлар арқылы соғыстан кейінгі ауыл өмірінің үлкен понарамасын бейнелеген. Ол шын мәніндегі дарынды суреткер ретінде қарапайым адамдардың қимыл-әрекеті, өмірге деген адал махаббаты арқылы ұрпақ жалғастығының мәңгілік екенін көрсете білген.
Қаламгердің қаламынан туған үш роман да жан-жақты зерттеуге, ерекше бағалауға әрі мақтануға тұрарлық терең де ойлы шығармалар.
1Даңқ пен дақпырт, «Өлке» баспасы, Алматы, 2015, 368-б.
2 Бұл да сонда, 369-б.
3 Кішкентай, «Өлке» баспасы, Алматы, 2015, 5-б.
4Бұл да сонда, 37-б.
5Бұл да сонда, 149-б.
6Бұл да сонда, 156-б.
7Бұл да сонда, 257-б.
8 Бұл да сонда, 68-б.
9Бұл да сонда, 82-б.
10Бұл да сонда, 180-б.
11Бұл да сонда, 84-б.
Мереке Құлкенов





