МҰҒАЛІМ – МЕКТЕП ЖҮРЕГІ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Мұғалім. Бұл жеңіл-желпі айтыла салатын қатардағы көп сөздің бірі емес. Біздің мұғалім дегенде көз алдымызға жан-жақты білімді, ішкі субьективтік және сыртқы обьективтік факторлары тең, педагогикалық қызметіне адал, мінез-құлқы, жеке мәдениеті, іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті, мейірімділік пен жанашырлық қасиеттері, шығармашылық еңбегі мен жаңашылдық ізденістері айшықталып тұрған ұлт зиялысы келеді. Сондықтан да оларды ардақтаймыз, құрметтейміз, әрі-беріден соң басымызды иеміз. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен артық, өйткені мұғалім-мектептің жүрегі» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин текке айтқан жоқ. Ал, сол мектеп жүрегінің бүгінгі ахуалдары, қоғамға көзқарастары, көпшілік алдында өздерін ұстаулары, білімдері қай деңгейде?
Сараптап көрелік. Тоқсаныншы жылдары күнкөріс қамымен көптеген мұғалімдер басқа салаға ауысып кетті. Мектепте тек өз мамандығын шексіз сүйетіндер ғана қалды. Бос орындарға бұрын ауылдық кеңесті, кеңшарды басқарғандар, зоотехниктер, агрономдар,инженерлер, бухгалтерлер келді. Мектепті басқаруды ауыл әкіміне жүктеді. Біраз мұғалім ала қапшық сүйретіп, базар жағалады. Сірә, табысы жақсы болды-ау шамасы, солардың мектепке қайта оралғандары шамалы. Ал, агрономдар мен зоотехниктер-биологиядан, бухгалтерлер-математика мен геометриядан, тамақ өнеркәсібі мамандары-химиядан, инженерлер-физикадан көзін шығарып, басын жарып сабақ өтіп жатты. «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанұлының) «Сана менсапа» атты мақаласында «Соңғы он жылда қазақ мектептерінде сабақ беретін ұстаздардың саны да өсуде. 2018-2019 оқу жылында барлық мектепте 338775 оқытушы жұмыс істеді, ал 2008-2009 оқу жылында бұл көрсеткіш 279982 болған. Демек, он жылда мұғалімдердің саны 58793-ке жеткен. Осы орайда бізді алаңдататын бір жағдай, кейінгі уақытта ұстаздар арасында білім саласынан кету деректерінің көбеюі. 2016-2017 оқу жылы 11704 оқытушы кетсе, 2017-2018 оқу жылында бұл көрсеткіш 12154-ке жеткен. Сонда он жылдың ішінде орта есеппен 100 мыңнан астам ұстаз білім саласынан басқа қызметке ауысқан» дей келе, мұның себебін жалақының төмендігінен, қазіргі таңда бұл бағытта қабылданып жатқан түрлі іс-шаралардың қауқарсыздығынан іздейді. Иә, жүрек қалауымен ұстаздықты таңдаған жан мамандығын тастап кетпес еді-ау.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекеменшік оқу орындары жауыннан соңғы саңырауқұлақтардай қаптап шыға келді. Қолынан келгендердің біршамасы институт, университет ашып тастады. Қолы қысқалаулары колледж ұйымдастырды. Қазір айтулы институттардың қосымша колледждері бар. Бұған енді кешегі күнге дейін сабақтасып келген «сырттан оқу» дегенді қосыңыз. Жаппай нарыққа көшу кезіндегі осы үрдістен соң арзан оқу ақысымен білім алған мұғалімдер мектептерге жұмысқа кіріп жатты. Менің өзім университетті сырттай бітірген бір туысты жұмысқа орналастырғаным бар. Ол ағылшын тілінің маманы еді. Бір күні директор хабарласып тұр. «Ренжіме, ана балаңыз ағылшын тілі тұрмақ әріптерін де білмейді ғой» дейді. Бетті бастым. Ағайынға қызмет жасап болмайтынын сонда түсіндім. Тағы бір мысал. Кеше ғана тойдан қайттым. Такси жүргізушісі Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының студенті екен. «Күндіз оқып, түнде табыс табады екенсің. Жақсы ғой» деп әңгімеге тарттым. «Ой, ағай! Қазір теңгең болмаса оқытушылар сынақ алмайды. Содан ғой түнделетіп жүргеніміз» дейді. Бұл жағдай бесенеден белгілі. Ақшаның күшімен «оқу» бітіргендер жарытып бала оқытады ма? «Орташа» деңгейдегі мұғалімнен орташа деңгейдегі шәкірт тәрбиеленеді емес пе? Ал, оқытушысына пара беріп, баға алған студенттен ертең қандай маман шығады?Осының өзі мұғалім беделінің төмендеп кетуіне әсер етіп жатқаны жасырын ба? Әлде мұны да жоққа шығарарсыз.
Қазір жастар ең оңай мамандық-мұғалімдік деп ойлайтын сыңайлы. Бұған техникалық мамандықтардан гөрі гуманитарлық, яғни мұғалімдік оқуға құжат тапсырып жатқандардың көптігіне қарап кепіл бола аламыз. Шалғай аудандардағы мектептерде химия, математика, физика, ағылшын тілі пәндері мұғалімдері жетіспейді. Неге? Өйткені, бүгінгі жастардың мұндай қиын сабақтарға тісі бата бермейді. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлердің төменгі балл жинағандары амалсыздан мұғалімдік мамандықтарды таңдайтыны да содан. Ал, ата-ана болса «баламыз жоғары оқу орынын бітірсе болды» деген принцип ұстанады. Оларға ертең балалары қолтығына папка ұстап мектепке барып-келіп жүрсе болғаны. Тіпті, осы мұғалімдік сатыдан балаларын әкімдікке, құрып кеткенде мектеп директорлығына сүйрейтіндер де табылмай қалмайды. Осыдан барып бәсекеге толы дүрбелең кезеңде мұғалімдік қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналып отыр.Мұны жасырып-жабулай алмайсыз.
Жалақының аздығынан, жағдайдың төмендігінен (пәтерге қол жеткізе алмаушылық, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктердің жоқтығы, тағы басқалар), жүктемелердің көптігінен мектептерде ер мұғалімдердің үлес салмағы азайып кеткенін ешнәрсемен бүркемелей алмайсыз. Ал, бірыңғай қыз-келіншектер жүрген жерде тәрбие тұсауланатынын ғалымдар жазудай-ақ жазып келеді. Мәселен, кілең әйел тәрбиесіндегі баланың жасық болып өсетіні тәжірибеде дәлелденген. Ресей ғалымдары әскерге шақырылған жастарға тәжірибе жасап көргенде шешесінің тәрбиесінде өскендер өздігінен шешім қабылдай алмайтынын, бойларында батылдық атаулы семіп қалғанын анықтаған. Ал, әке тәрбиесінде өскендер автоматты тез меңгерген, жер де қазған, техника тілін де аз ғана уақытта үйреніп алған. Шеше тәрбиесіндегілер ыдыс жууға, еден сыпыруға, жалпы, жеңіл-желпі жұмыстарға сұранған. Мектепте қыз-келіншектердің шамадан тыс көбейіп кетуі ұл тәрбиесіне, болашақ ер-азаматтың мінез-құлқын қалыптастыруға, олардың жігерлі болып өсулеріне кері әсерін тигізетіні айтылып та, жазылып та жүр. Осының барлығы сайып келгенде мұғалім беделінің төмендеуіне апаратын фактор .
«Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңның тиімді тұстары қандай болмақ деген заңды сұрақ туады. Рас, жаңа Заңда әлеуметтік кепілдікке басымдық беріліп отыр. Ендігі жерде бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие бойынша тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, қызметтік тұрғын үй және жатақхана иеленуге мүмкіндік қарастырылған. Ендігі тұста мұғалімдердің әлеуметтік жағдайларына қатысты жергілікті әкімдіктерге құқық беру мәселесі шешілмек. Айталық, әкімдер мұғалімдерге сыйақы, жергілікті бюджеттен пәтер бере алады. Мұғалімдердің балалары балалар бақшаларына кезексіз орналастырылады. Ауылға барған мұғалімдер жер учаскелерін алып, тұрғын үй салып алуларына да жол ашылмақ.
Мұғалім атаулыға аса ұнап отырған, жаңа заңдағы жаңалық-жергілікті органдардың өкілдері мұғалімдерді өздерінің қызметтеріне сәйкес келмейтін жұмыстарды орындауға мәжбүрлеуі. Келісуге болатын сияқты. Бірақ…
Ұстаз! Мұғалімнің қоғамдағы екінші атауы-ұстаз. Ұстаз деп біз кімді айтамыз? Әрине, ол бәріне де үйретуші,жол көрсетуші, жоба сілтеуші, мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мықты насихатшысы-Ұлық адам! Ол өзінің жүріс-тұрысымен де, сөзімен де, ішкі, сыртқы мәдениетімен де қоғамда Тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Қазақстанның Еңбек Ері, ұлағатты ұстаз Аягүл Миразова: «Сыртқы обьективтік факторларға, біріншіден, мектеп ішінде мұғалімнің дұрыс еңбектенуіне жасалынатын оқу-материалдық, оқу-әдістемелік, әкімшілік-ұйымдастырушылық жағдайлар мен мектепішілік психологиялық- педагогтық ахуал, т.б. көздер жатса, екіншіден, мектептен тыс факторлар деп мұғалімнің жалақысы, мұғалімдік істі марапаттау, мұғалімдерге мемлекеттік атқару органдарының жан-жақты қолдау көрсетуі, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілетін үлгі насихаттар, ата-аналардың көзқарасы, т.б. айтамыз» деп жазды. Аякөз апайдың аялы ой-пікіріне қылаудай қарсы ой айтқалы отырғанымыз жоқ. Ұлағатты ұстаз өте орынды айтып отыр. Үлгі насихаттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізу керектігін орынды еске салып отыр. Ал, біздің мұғалімдер не дейді? Қит етсе болды «бізге газет-журналдарды күштеп жаздырады» деп қарсы дау айтып шыға келеді. Жарайды делік. Сонда ұстаздар жаңа формацияға лайық білімді қайдан алады? Мемлекет басшысының, Үкіметтің, Білім және ғылым министрлігінің жаңа тапсырмалары мен міндеттерін қайдан оқымақ? Мемлекет басшысы жыл сайын отандастарға Жолдау арнайды, жаңа міндеттер қояды. Осы маңызды құжаттармен қай жерде таныспақ? Интернеттерден бе? Ал, сол заманымыздың ең мықты деген құралы мұғалім іздеген деректі толыққанды бере ала ма? (Бұл жерде әлеуметтік желілердің қитұрқыларын айтпай-ақ қоялық) Ұстазды мемлекеттің өркениетті даму саясатының насихатшысы дедік. Ал, газет,журнал оқымаған жан қалай насихатшы бола алады? Олар сол мемлекеттен еңбек жалақы алады, әлеуметтік көмектер талап етеді. Ал, Отанға, Туған жеріне тер сіңіруге келгенде неге қашқақтайды?
Бір мысал айтайық. Былтыр, 2019 ж. республикалық газетте мұғалімдер мен оқушылар арасында өтетін конкурс ережесі жарияланды. Көптеген мұғалімдер «хабарсыз қалдық» деп таудай өкпесін айтты. Егер қырағы мұғалім газетті мұқият қарап отырса, сол конкурс жайлы білетін еді ғой. Газетті мұқият қараған бір ғана мұғалім арқылы басқалары да хабардар болмас па? Бұл жерде мұғалімдер жаппай газет оқымайды деп айтқымыз жоқ. Алайда, газет оқымайтын, журнал парақтамайтын ұстаздың көбейіп бара жатқаны қынжылтады.
Мұғалім сенбілікке қатыспасын дейміз. Ау, ағайындар-ау, ұстаз деген барлық игілік атаулының алдында жүрмес пе? Мәселен, мұғалім сенбілікке шықпаған соң, оқушылар да қолына күрек алмайды. Сонда біз кімді тәрбиелеп жатырмыз? Қоғамға түк те пайдасы тимейтін жатыпішерді ме? Осы жерде Ұстаз өнеге көрсетіп жүрсе, оқушы біткен еңбекке тәрбиеленбейді ме? Ұстаздың өзі үйінде шіреніп жатып алса, шәкірттерін отансүйгіштікке, патриотизмге, еңбексүйгіштікке, ұйымшылдыққа кім тәрбиелейді? Жол көрсететін, жол бастайтын Ұстаз осы тұста бұғып қалса, басқасынан не сұрарсың?
Концерттерге, спектакльдерге бармаңдар деп үйретіп жатырмыз. Рухани мешел мұғалім оқушысына қандай тәрбие береді? «Өзі мал, өзгені шошқа деп біледі» деген осы жерден келіп шықпайды ма? Абайды, Фарабиді, Мұхтарды, Сәкенді, Сәбитті, Бейімбетті, тағы басқаларын білмеген ұстаздан ұлық адам шыға ма? Жарайды, аталған тұлғаларды бірсыдырғы білсің-ақ, бірақ, өнер, мәдениет, спорт әлеміндегі соңғы жаңалықтар мен табыстардан мақұрым мұғалім кімге үлгі бола алады? Шәкірттерімен бірге театрларда, стадиондарда, клубтарда отырған ұстаз нағыз ұстаз емес пе? Тарих немесе өлкетану пәнінің мұғалімі шәкірттерін тарихи, киелі де көрікті жерлерге бастап бара жатса, мұның өзі тәрбие көзі емес пе?
Сайлау кезінде көше аралап, үгіт-насихат жүргізбе дейміз. Сонда саяси науқандардан хабарсыз ұстаз кім болмақ? Қазір көшемен көше аралап, оқушыларының ата-аналарымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып жүрген класс жетекшілерін де сирек көреміз. Осындай бір қолайлы сәтте өзің тұратын шағын аудан тұрғындарымен етене танысу да керек-ақ. Содан соң сайлау науқаны жыл сайын қайталана бермейтінін де ұмытпалық. Зәуімен бір келген науқанды тиімді пайдаланып қал. Өзіңді таныт. Жұртты таны. «Міне, біздің балаларды оқытып жүрген осылар» деп сырттай мақтанып отырайық. Жұртқа көрінбей, мектепте тығылып жүрген жаннан жақсы тәрбиеші шықпайды. Ежелгі грек ғұламалары «Патша қанша жерден ақымақ болса да баласының ұстазының алдын кеспейді» деген екен. Өнеге,үлгі көрсетіп, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беріп жүрген Ұстаз алдын кім кесер?!
Қазақстанды Мәңгілік Ел ететін бүгінгі ұрпақ. Мемлекет мұғалім беделін көтерген сайын, қоғамда мұғалім беделі де биіктей түседі. Өз мамандығына адал, қоғамға пайдалы іс жасап жүрген, еліміздің тарихы, мәдениеті мен өнері сынды құндылықтарымызды насихаттап жүрген әрі ұлт болашағын тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымынан ештеңені де аяғымыз жоқ. Егер осы жакапкершіліктің үдәбарасынан табыла білсе, халқымыздың даңқты перзенттерінің бірі Мағжан Жұмабаев айтқандай «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын-ұстаздікі».
Ұстаздардың азаматтық ұжданы, беделі мен біліктілігі дегенде айтпағымыз осылар еді. Жә, көш басында үлгі-өнеге көрсетер мақтаулы мұғалімнің «бізге анау керек емес, мынау керек емес» деп маңғазси бермегені жөн сияқты. Сен де қоғамның бір қозғаушы белсенді күшісің. Олай болса, сырт қалма, сол қоғамның алдыңғы легінде, Көш басынан көрін!

Пікір қалдыру