МҰҒАЛІМ – МЕРДИАН
Ұстаз, өлкетанушы-қаламгер, «Қазақстанның құрметті ұстазы» төсбелгісінің иегері Мақсұтхан Ақыштегінің журналымызда жарияланып отырған мақаласында бүгінгі білім беру саласындағы озық үлгілер, жетістіктер, ғылыми-техникалық прогресс жайы кеңінен баяндалған. Автор сондай-ақ, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша елімізде ірге көтерген оқу орындары туралы, тіл саясаты, оқу мәдениеті мен білімге ұмтылу, педагог кәсібінің беделі хақында тың ойлар айтады.
«Бүгінгі мұғалім тек қана білім беруші емес. Ұстаз – шабыт сыйлаушы, ынталандырушы, зерттеуші, сонымен қатар, жаңашыл – ұлы тұлға. XXI ғасыр мұғалімі, әсілінде, дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен үйлестіруші дәріскер» дейді автор.
Жаңалық атаулыны қоғамның әуелде жатсына қабылдайтыны бар. Қазіргі жаңалық – жасанды интеллект немесе жасанды зерде. «ЖИ оқушылардың жадын ұрлайды, жалқаулыққа үйретеді, мұғалімнің мектептегі ролін төмендетеді» деген пікірлер осы күндері көп айтылады. Расында ол солай ма? Ал, біздің авторымыз болса, «Жасанды интеллект мұғалімнің мектептегі ролін төмендетпейді, – дейді, – керісінше, оның адамдық қырына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік тудырады. Қағаз-құжатқа, мәтінді қайта-қайта теруге, кесте құруға кететін уақытты ЖИ-ге тапсырып, мұғалім оқушыға тікелей қарым-қатынасқа, жеке әңгімеге, психологиялық қолдауға, шабыт сыйлайтын мысалдар айтуға жұмсай алады. Шәкірттің жан-дүниесін түсіну қабілетін айқын тану, әлеуетін ашу – ешбір алгоритім атқара алмайтын, тек мұғалімге тән миссия. ЖИ осы миссияны әлсіретпейді, қайта оған оң жағдай жасап, даңғыл, сара жол ашады».
«Цифрлық ресурстар – мұғалімнің қолындағы сиқырлы таяқшаға өте ұқсайды, – дейді ұзақ жылдар білім саласында жемісті, нәтижелі еңбек еткен ұстаз Мақсұтхан ақсақал. – Ол күрделі тақырыптарды бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар арқылы түрлендіріп, оқушылардың көңіл-күйін жұлдыздай жарқыратады. Мысалы, виртуалды зертханалар арқылы физикалық-химиялық құбылыстарды қауіпсіз әрі көрнекі базисте бақылауға болады. Бұл – теориялық білімнің құрғақ қаңқасын шынайы өмірдің жанды тынысымен толтыру деген қағида. «Адамға білім берсең, бір күн тояды. Оған өз бетімен білім іздеудің құралын берсең, өмір бойы тоқ жүреді» деген даналық осы тұста айқын көрініс табады».
Білім беру саласындағы бүгінгі озық үлгілерді қалыптастырып жатқан платформаларды атай келіп авторымыз, «Бұл құралдар арқылы білімді тексеру – қызықты жарысқа ұқсайды» дейді. Авторға жүгінсек: «Kahootl және Quizizz сынды интерактивті платформалар – жанды от тәрізді. Олар балалардың сана-зейінін жалықтырмайтын ойынға айналдырып, оқушылардың білімге деген құлшынысын арттырады. Бұл құралдар арқылы білімді тексеру – қызықты жарысқа ұқсайды».
«PhET lnteractive Simulatiations – бұл сиқырлы айна іспетті. Ол физика мен химияның құрғақ формулаларын шынайы, сандық зертханаға енгізеді. Оқушылар тәжрибелер мен зерттеулерді қауіпсіз жасап, теорияның қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көреді».
Біз бәріміз «Келешек мектептері» ұлттық жобасына көз тігіп отырмыз. Осы жоба аясында жас ұрпақ кемел білім алып, келешегіміздің көш-керуенін өркениеттер өлкесіне бастап барады деп үміттенеміз. Автордың деректеріне үңілсек, «былтырғы өткен жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған халықаралық стандартқа сай 217 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бұл инновациялық білім ордасының бұрынғы типтік мектептерден көлемі 15 – 20%-ке үлкен, техникалық жабдықтау деңгейі 4 есе жоғары. Барлық «Келешек мектебі» физика, химия, биология, еңбекке баулу, музыка, хореография залы, STEM-зертханалары мен роботтехника сыныптары, коворкинг және спорт залдарымен жабдықталған».
«Сонымен қатар, «Qazaq Digital Mektebi» жобасы аясында да бірқатар іс-шаралар кешені жүзеге асырылмақ. Пилоттық өңірлер ретінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары анықталды. Жоба аясында мектептер үшін жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы негізгі пәндерді сапалы оқыту үшін цифрлық платформа дайындалады» деген мәліметтер келтіреді мақала авторы.
Қазақ тілінің дамуы мен болашағы – ғылым мен техникада. Әрине, тіл қай салада көп қолданылса, сол саладағы тілдік қордың базасы мықты қалыптасады. Бұл ретте мақала авторы былай дейді:
«Тіл қоғамдық өмірдің қай саласында қолданылса, сол салаға қатысты мәтіндер корпусы әзірленеді. Сөйлеу стилі өз алдына, корпуста психологиялық, педагогикалық, экономикалық, саяси, мәдени, экологиялық, ғылыми т.б. дискрустағы барлық кітаби стиль жанрларындағы мәтіндер болуы қажет.
ChatCPT-дің «ақылды» болуына Тіл білімі институтының қосқан үлесі зор. Мұнда ғалымдардың көзге көрінбейтін қажырлы еңбектері жасырынған. Нейрожүйеде кез келген дереккөздегі мәтінді қолданатынына дәлел қажет емес. Корпусқа (qazcorpus.kz) таза тілтанымдық ілім-білім шоғырланған».
Енді мақаланың толық нұсқасымен танысайық, құрметті оқырман!
Ұстаз – архетип, ұстаз – дастан
Адам баласының өмір жолында кездесетін тұлғалардың бәрі бірдей жүрекке із, жанға шуақ, елге өнеге бере алмасы белгілі. Асылында, мұғалім – әр шәкірттің, әр елдің санасында, жүрегінде, сондай-ақ, бүкіл болмысында еш уақытта да өшпейтін тәрбиенің тұнығын, білімнің бұлағын, ғылымның ғаламатын қалыптастыратын тұлға. Сондықтан біздің халық мектеп оқытушысы – мұғалімді аса қадірлеп, оның мәртебесін ұлықтап, «ұстаз» дейді.
Ұстаз – архетип! Ұстаз – жасыл түсті бағдаршам тәрізді, жол көрсетуші! Халық ұғымындағы ұстаз – тас-қараңғыдан аппақ жарыққа шығаратын шам-шырақ! Ұстаз өзінің білгенін ғана емес, өзі сенгенді үйретеді. Сенім – адамды алға жетелейтін күш, қуат, энергия.
Мектеп табалдырығын аттаған кез келген «балапанның» қолынан жетектеп, тентегін тыйып, момынын мәпелеп, алғырын алаулатып, өз жолын айна-қатесіз көруге себепкер болатын ұлы тұлға – Ұстаз! Ұстаз – жай ғана дәріс беріп қана қоймайды, ол өзінің сән-сипатымен адамды тәрбиелейді, тағдырды қалыптастырады, мінезді шыңдайды, патриот пендені мейлінше мүсіндейді!
Қазақ: «Ұстаздық – ұлы қызмет!» дейді. Ұстаз тәлім берген, тәрбиелеген, оқытқан, ғылым-білімге жетелеген шәкірттердің санасы мен санатында ғибраттың ғаламаты мен мұндалайды, күн күлімдейді, жұлдыз жымыңдайды. Ұстаз шәкірттеріне ата дәстүрді сыйлауды, үлкенді құметтеуді, кішіге қамқор болуды, түрлі-түсті халықтарға қызмет қылуды зор бақытқа балауды үйретіп, ұғындырады.
Дүниеде баланың әлеміне үңіліп, жан-дүниесін терең түсінгенге не жетсін? Бүгінгі, яки, келешек ұрпақ цифрлық ортада өсіп келеді, өсе де береді. Жаспен шынайы дос болудың, деңгейлесіп сөйлесудің маңызы өте зор. Оларды тиянақты тыңдау аса маңызды.
Ұстаз. Шәкірт. Жасанды зият
Бүгінгі мұғалім тек қана білім беруші емес. Ұстаз – шабыт сыйлаушы, ынталандырушы, зерттеуші, сонымен қатар, жаңашыл – ұлы тұлға. XXI ғасыр мұғалімі, әсілінде, дәстүрлі құндылықтарды заманауи тәсілдермен үйлестіруші дәріскер. Қазіргі заманғы оқытудың тәсіл-формалары, интерактивті тапсырмалар, ЖИ-ді қолдану және деңгей-деңгейлі ойын әдістемелері сабақтың танымдық тұрғыдан тартымды өтуіне орай туғызады. Балалардың бәрі де сабаққа ықыласты қатысып, пікірлерінің маңыздылығын және тұлға ретінде әділ бағаланатындарын сезінеді. Оқушыларға үздік тұлғасымен адамгершіліктің нағыз өнеге-үлгісі болу, ұстазға абыройлы мақсат-міндет. Міне, осындай мұғалім, ұлағатты ұстаз заманауи балалармен шынайы, өміршең қарым-қатынас құрып, шәкірттеріне мызғымас тірек тәрізді тұғырға айналары күмәнсіз. Бұл – аксиома. Ал, ол дәлелдеуді ешбір қажетсінбейді.
Жасанды интеллект жай ғана су-жаңа технология емес, ол – қазіргі білім берудің мазмұнын тереңдетіп өзгертудегі қарқынды құбылыс, қуаты қомақты драйвер. Бұрын оқытушы оқушыға ақпаратты түсіндіру, жаттату, қайталаумен тәрбие-білім берсек, қазір сол ақпаратпен жұмыс істеуді, оны саралап-сараптап, сүзгіден өткізіп, лайықтап қолдануды үйреткеніміз ұтымды.
Көрнекілік – пәндердегі, пәндердің арасындағы байланыста маңызды құралдардың бірі екені белгілі. Көптеген құндылықтарды, құрылымдарды, құбылыстарды құрғақ сөзбен түсіндіру күмәнді, құлақпен естіп, көзбен көріп, қолмен ұстап бейнелі түрде қабылдау қомақты құнға ие. Мысалы. ЖИ-де жасушаның құрлысын, фотосинтездің сатыларын, экожүйедегі қоректік тізбектерді, адамның қан айналымы жолдарын көрнекі схема, инфографика, тіпті, шартты 3D үлгіде дайындап алу мүмкін шаруа.
STEM бағытында жүргізілетін сабақтарда жасанды интеллектінің тағы да бір артықшылығы бар. Балалар Arduino, датчиктер, қарапайым роботтехника элементтерімен жұмыс істеп, экологиялық жобаларды жасай алады. Әр жобаның өз техникалық, ғылыми, зерттеушілік бөлігі болады. Ғылыми ізденіс жолында талпынған оқушылар кейде ойларын ғылыми тілмен жеткізе алмай қиналады. Осындайда ЖИ-ден «Осы жобаның мақсатын ғылыми стильде, бірақ 8-9-сынып оқушыларына лайық деңгейде жазып бер» деп, көмек сұрауға болады. Содан кейін дайын мәтінді бірге қарап, қателерін түзетіп, өз ойларымен әдіпті толықтырады. Яғни, жасанды интеллект олардың орнына жазып беретін «дайын шешім» емес, ойларын жүйелеуге көмектесетін «редактор», «кеңесші», «ақылшы» міндетін атқарады.
Жасанды интеллект мұғалімнің мектептегі ролін төмендетпейді, керісінше, оның адамдық қырына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік тудырады. Қағаз-құжатқа, мәтінді қайта-қайта теруге, кесте құруға кететін уақытты ЖИ-ге тапсырып, мұғалім оқушыға тікелей қарым-қатынасқа, жеке әңгімеге, психологиялық қолдауға, шабыт сыйлайтын мысалдар айтуға жұмсай алады. Шәкірттің жан-дүниесін түсіну қабілетін айқын тану, әлеуетін ашу – ешбір алгоритім атқара алмайтын, тек мұғалімге тән миссия. ЖИ осы миссияны әлсіретпейді, қайта оған оң жағдай жасап, даңғыл, сара жол ашады.
ЖИ-ді тиімді тұрғыда қолдану – жай ғана цифрлық дағды емес, ол мұғалімнің кәсіби мәдениетінің керекті бір бөлігіне айналғаны. Замана-заңғардың дамуымен, ел-жұрт өзгеріп, үздік үлгілерді үйренгендері дұрыс. Егерде педагог жаңа технологиядан тартынбай, керісінше, заманауи техника-технологияны өзінің тәжрибесіне ақыл-парасатпен пайдалана алса, ұстаздық еңбектің киелі жемісіне қол жеткізіп, тәтті табыстың ләззатын түйсінеді. Бұдан оқытушы да, оқушы да, жалпы білім жүйесі де ұтыстың ыстық құшағына бөленіп, ерен ерлік еңбектің нәтижесінде қара орман халықтың мамық-жұмсақ алқақанында ұлықталады. Бұл – мінезі майда мұғалімнің, ұтқыр ұстанымды ұстаздың, пәрмен-пайымы парасатқа толымды педагогтың ұстаздық парызының мүлтіксіз, мінсіз, мамыражайлық мақсат-мұратында, озық абыроймен орындалғаны.
Ұстаздық ұлағаттың үш деңгейі
Мұғалімдік, Ұстаздық, Педагогтік мамандықтың тарихи дамуын үш деңгейлі сатыға қойып қарастырайық:
1.Адам-зият (адам-интеллект).
2.Жасанды зият (жасанды интеллект).
3.Адам-зият пен жасанды зияттың бір мұрат-мақсаттылығы.
1. Адамның зият кеңістігіндегі бүкіл өмір ғұмыры ағынды судай, мөлдір бұлақтай, иірімді өзендей, өзінің арнасымен, кейде жуас, кейде асау өрнек-өрімде өтті, өтуде, өте де бермек.
Мұғалімдік мамандық маңдайыма жазылған елу жылдық өмір-өркенім педагогтік саламен байланыста болды. Бұл уақыт ұзынындағы ең басты мұрат, мақсат, арманым – шәкірттерге тәлім-тәрбие мен білім-ғылымды негізінен сөз құдіреті арқылы жанарларында жарқыратып, құлақтарында толқындатып, олардың ой-зерде әлеміндегі, сана-сандығындағы аппақ сәулені нұр-шуаққа мәпелеп-құндақтап, жүрек жылумен бөлеу болды.
Сана – әлеуметтік тіршілік иесінің, адамның рухани белсенділігінің ең жоғарғы, алтын сатының биік баспалдығы. Бұл белсенділікке тән ерекшелік – адамның тәжірибелік іс-әрекеттерінен бұрын болады және осы іс-әрекеттерде мұрат-мақсатқа лайықтылық көрініс табады. Объективтік дүние, кісіге әсер етіп, елестетулер, түсініктер, ойлар және сана мазмұнын құрайтын басқа да рухани феномендер түрінде бейнеленеді, сондай-ақ, мәдениет өнімдерінде мөрленеді.
Сана – адам-интеллектінің, яғни, адам-зияттың қозғаушы тетігі, білім көкжиегін гүлдендіретін сәуле, ғылым кеңістігін кеңейтетін, ғарыштан жерге жететін нұр, адамның ақылына ақыл қосатын, сансыз мәрте құбылатын ой-өріс. Осы сәулені, осы нұрды, сансыз-шексіз құбылыстарға толы толқын-өрістерді адамзатқа тарту ететін мәуелі кісі – мәңгілік мұғалім, ұлағатты ұстаз, парасат-пайымы ғарышпен байланысқан ғалым-педагог.
Іс-әрекеттердің барлығы да адам санасының бағыт-бағамдауымен, мидың мүлтіксіз мүмкіндігінің меңзеуімен жан иелері, Адам-Ата балалары қилы-қилы қызметтерді ізгілікті ниетте жүзеге асырып, өмір-тіршіліктің алғы шарттарын том-томды, орам-орамды ойларымен орындап отырады – адал еңбектің жемісіне қол жеткізіп, аңсарлы армандарға қарай қозғала береді, салиқалы сапарды ұстанады. Арман – азаймайды, ортаймайды, таусылмайды.
2. Жасанды-зият әлемінде адам-зияттың, адам-интеллектінің, кісі мүмкіндігінің шексіздігін көрсететін нақты көрініс – адам баласының ми қабілеттілігінің қом-қом, құшақ-құшақ қуаты жасырынып жатыр.
Бүгінгі цифр дәуірінде мектеп қабырғасы – бұрынғыдай тек тақта мен бордың патшалығы емес, жаңа тахника-технологиялардың қайнар көзіне айналған. «Цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану жолдары» тақырыбы – бұл жай ғана техника-технологиялық тренд емес, ол – білім сапасын мүлде жаңа сапа-сатыға көтеретін стратегиялық зор қадам. Бұл жол – біздің ұлт болашағын, яғни, әрбір оқушының тағдырын айқындайтын өткел көпір тәрізді.
Цифрлық ресурстар – мұғалімнің қолындағы сиқырлы таяқшаға өте ұқсайды. Ол күрделі тақырыптарды бейнематериалдар, интерактивті тапсырмалар арқылы түрлендіріп, оқушылардың көңіл-күйін жұлдыздай жарқыратады. Мысалы, виртуалды зертханалар арқылы физикалық-химиялық құбылыстарды қауіпсіз әрі көрнекі базисте бақылауға болады. Бұл – теориялық білімнің құрғақ қаңқасын шынайы өмірдің жанды тынысымен толтыру деген қағида. «Адамға білім берсең, бір күн тояды. Оған өз бетімен білім іздеудің құралын берсең, өмір бойы тоқ жүреді» деген даналық осы тұста айқын көрініс табады.
Цифрлық құралдар – оқушыны дайын ақпаратты пайдаланушыдан білім-ғылымның меруерт-маржандарын, қор-қазыналарын іздеушісіне айналдырады. Тиімді пайдалану дегеніміз – тек құралдарды қолдану ғана емес, сонымен қатар, оны педагогикалық мақсатқа орайлы, орынды және жүйелі түрде мұғалімнің тәжрибесіне сіңістіру, енгізу, шығармашылық шабыттың қос қанатымен кеңістікте шарықтау. Цифрлық платформалар оқушының қарқынына, қабілетіне, алғырлығына сай келетін тапсырмаларды ұсынып, жасырынып жатқан білімді жеке талғам мен қажеттілікке сай құлпырған, саялы баққа айналдырады. Әлсіз оқушыға қосымша жаттығулар – қолдаудың қайрат-қуаты болса, талантты тұлғаға тереңдетілген тақырыптар – шабыттың қайнар бұлағы болып табылады. Тестілеу мен тапсырмалардың нәтижелерін жеделдету арқылы, оқушы кеткен қатесін уақытында түзетіп, білімін темір-болаттай шыңдайды. Мұғалім қағаз бастылықпен әуреленбей, шығармашылық шабыт шыңына беттеп шарықтайды. Бір мысал: ең үздік лекциялар мен оқулықтар барлығына ашық қақпа арқылы ішке кіруге мүмкіндік береді.
3. Адам интеллект пен жасанды зияттың мақсаты мен бағыты бір.
Moodle, Gooqle Classoom, Canvas сияқты LMS (оқуды басқару жүйелері) – бұл білім-ғылымның, тәлім-тәрбиенің бетондай берік фундаменті, іргетасы! Олар барлық оқу материалдарын, тапсырмаларды және бағалау нәтижелерін бір шеңберге, бір нүктеге тоғыстырып, сиғыза шоғырландырып, мұғалім мен шәкірттің арасындағы болаттай бекем байланыстың базасын қалыптастырады.
Kahootl және Quizizz сынды интерактивті платформалар – жанды от тәрізді. Олар балалардың сана-зейінін жалықтырмайтын ойынға айналдырып, оқушылардың білімге деген құлшынысын арттырады. Бұл құралдар арқылы білімді тексеру – қызықты жарысқа ұқсайды.
Ал, Zoom немесе Gooqle Meet секілді бейнеконференция құралдары – уақыт пен кеңістіктегі біріктіруші, аспалы көпірге ұқсайды. Олар қашықтықтағы оқушыларға да сапалы білім алуға ашық есікті ұсынады, ешбір кедергісіз, сабаққа қатысуға мүмкіндік береді.
YouTube, Education және TED Ed сияқты бейне-контент платформалары – білім-ғылымның шексіз қайнар бұлағы. Олар ең күрделі тақырыптарды көркем-көрнекі суреттермен, тартымды-тартымды анимациялармен жеткізіп, оқушы-шәкірттердің көңіл-көзін ашады.
PhET lnteractive Simulatiations – бұл сиқырлы айна іспетті. Ол физика мен химияның құрғақ формулаларын шынайы, сандық зертханаға енгізеді. Оқушылар тәжірибелер мен зерттеулерді қауіпсіз жасап, теорияның қалай жұмыс істейтінін өз көздерімен көреді.
Scratch және Codeorg – болашаққа апарар жолдың алғашқы соқпағы. Олар балаларға бағдарламалаудың логикалық ойлау қабілетін ойын арқылы үйретеді, ерте жастан бастап цифрлық әлемнің тілін меңгеруге көмектеседі.
Бұл құралдардың әрқайсысы – мұғалімнің қолындағы киелі кілт, оны дұрыс қолдана білгенде ғана оқушылардың білім сапасы өрге басып, жаңа биіктерді бағындырады. Әрине бұл «екі жүзді қылыш» тәрізді. Егер оны сауатсыз қолдансақ, ол – уақыт ұрлаушы, назарды бөлгіш, қауіпті құралға айналуы мүмкін. Сондықтан, мұғалімдерді цифрлық құзыреттілікке үйрету – негізгі міндет. «Ақпараттық топанан», «алтын дәнді» ажырата білу – қазіргі оқытушы мен оқушының өмірлік дағдысы болғаны игі.
Қортындылай келе, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану – мектептегі білімнің сапасын күннен-күнге өрге бастыратын, тау шыңына жетелейтін, оқушының XXI ғасыр талаптарына сай тұлға болып қалыптасуына құйылған қомақты құйма. Бұл – жай ғана оқу әдісі емес, бұл – болашаққа жасалған ұлы инвестиция!
Сонымен, мұғалімдіктің, яғни, ұстаздық ұлағаттың үш деңгейі: ұстаз-зият – 30%; жасанды-зият – 30%; ұстаз-зият пен жасанды зият – 40% шамасындағы өзара үндестік.
Келешек мектептері және заманауи техника-технологиялар
Былтырғы өткен жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған халықаралық стандартқа сай 217 жаңа мектеп қолданысқа берілді. Бұл инновациялық білім ордасының бұрынғы типтік мектептерден көлемі 15 – 20%-ке үлкен, техникалық жабдықтау деңгейі 4 есе жоғары. Барлық «Келешек мектебі» физика, химия, биология, еңбекке баулу, музыка, хореография залы, STEM-зертханалары мен роботтехника сыныптары, коворкинг және спорт залдарымен жабдықталған.
Қазіргі жаһандық бәсеке дәуірінде ғылым мен технологияның дамуы халықтың, мемлекеттің экономикалық қуаты мен халықаралық беделдің басты көрсеткішіне айналды. Жас буынның заманауи технологияларды үдемелі қарқында меңгеріп, әрбір салада нәтижелі қызмет қылуы, алға қарай адымдаудың, адам-капиталдың жақсаруының күнтізбелік кепілі.
Жасанды интеллект пен роботтехника саласындағы серпінді өзгерістер мемлекеттер арасындағы даму драйверін қайыра қарастырды. Осындай отандық жаңашыл бастамалардың алдыңғы шебінде тұрған өңірлердің бірі – Қарағанды облысы. Өңір кейінгі жылдары роботтехника кеңістігінде еліміз бойынша көш бастауда.
Өңір оқушыларының халықаралық олимпиадалар мен дүниежүзілік деңгейдегі бәсекелестіктерде көрсеткен жоғары нәтижелері Қарағандының бұл саладағы әлеует-мүмкіндігін айғақтайды. Роботтехника – балалардың инженерлік ойлау қабілетін дамытумен қатар, олардың ғылыми зерттеуге деген құштарлығын арттырып, шығармашылықпен жұмыс жасауына кең кеңістік ашады. Жасөспірімдер мектеп қабырғасында жүріп-ақ, инновациялық жобалар құрастырып, стартаптар жасауға машықтануда. Бұл дегеніміз – еліміздің техника-технологиялық болашағына құйылған қомақты инвестиция.
Қарағанды облысында роботтехникаға қызығушылық мектептен емес, балабақшадан басталады. Бірқатар мектепке дейінгі ұйымдарда роботтехника бұрыштары мен құрастырушы жинақтар ұйымдастырылған. Бұл – баланың кеңістікті қабылдауын, логикалық ойлауын, ұқыптылық пен жүйелілікке үйренуін қалыптастыратын әдіс.
Мектептер мен колледждерде заманауи жабдықталған робототехника сыныбы жұмыс жасайды. 3D-принтерлер, микроконтроллерлер, сенсорлар, дрондар мен инженерлік жиынтықтарды қолдану балалардың техника-технологиялық зерде-танымын кеңейтіп, оларды теорияны тәжірибемен ұштастыруға ынталандырады. Мұндай ортада өскен жас-жеткіншектер хакатондарға, олимпиадалар мен түрлі деңгейлердегі жарыстарға белсенді қатысып, республикалық және халықаралық сайыстарда үздіктер қатарынан көрінуде.
Мектептер арасында тәжірибе алмасу ұдайы жүргізіледі: шеберлік сабақтары, бірлескен жобалар, ортақ құрастыру орталықтары – осының бәрі, бәрі де облыстағы робототехника жүйесін сәтті қалыптастыруда.
Жасанды интеллект дәуірінде адам-интеллект мен роботтехниканы өзара даралап қарастыруға болмайды. Егер, робот бір формадағы дене болса, ЖИ – оның ақыл-есі, ой-зердесі. Екі сала біріккенде ғана интеллектуалды, автономды жүйелерді жасай алады.
Қазақстан былтыр роботтехника саласында тарихи жетістікке қол жеткізді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен «FIRST World Champioship – 2025» интеллектуалды сайысында еліміздің атынан қатысқан 7 ұжым ең жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Еліміздегі көптеген жоғары оқу орындары шетелдік таңдаулы университеттермен бірлесіп, ауқымды-ауқымды оқу-ғылым жобаларын жүзеге асырып келеді. LMS электронды оқу жүйесі жұмыс істейді. PhD – сымсыз желілер саласына жатады. Қандай желі болса да, нендей жоба болса-дағы нақты өмірге қолдануға, түйткілді мәселелерді шешуге бағытталғаны басымдықта. «IoT» атты жаңа жүйе жүзеге асырылуда – бұл теориялық зерттеулерді физикалық әлеммен ұштастыруға зор мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмыстары негізінен компьютерлік желілер мен бағдарламалық жасақтамаға бағытталған. Оқу жүйесі веб-жүйелер мен архитектура құру қабілетін күшейтеді. PhD-де жұмыс істегенде, сымсыз желілердің тиімді байланыс механизімдері зерттеледі. «PhD» дамыған сайын, сенсорлардан түсетін үлкен мәліметтерді өңдеуге арналған ауқымды веб-архитектуралар, стриминг, деректерді талдау бағыттарына көңіл бөлінеді. Жобаларда осы тәжірибелерді қолданып, «PhD» жүйелері арқылы цифрлық трансформация шешімдермен тұрақты орта қалыптасады. Осы эволюция теориялық білімді нақты дерекке негізделген шешімдермен біріктіруге даңғыл жолды көрсетеді.
Биыл орта білім стандарттарына жасанды интеллект элементтерін енгізу, құзіреттілікке негізделген тәсілдерді пайдалану және STEM бағыттарын интеграциялау жұмыстары басталды. Соның аясында жаңа оқу жылынан бастап оқу үрдісіне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңмен енгізіле бастады. 1-4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», 5-11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» пәндеріне трансформациялануда. Осы пәндердің оқу бағдарламалары қазіргі таңда сараптамадан өтуде. Орта білім жүйесінде жасанды зердені қолданудың этикалық стандарты да бекітілді.
Осы уақытта Астана қаласындағы №107 мектепте жасанды интеллект негізіндегі мектеп моделін енгізу бойынша қанат қақты жоба жүзеге асуда. Мектеп әзірге «Alaqan», «Protector Al», «Al Mektep», «Al Kitap», «Roqed» тәрізді жүйелермен жұмыс жасайды. Математика мен қазақ тілі пәндерінің 5 сыныптағы мазмұны жасанды интеллектіге сәйкес зерделенуде. Жасанды интеллект мұғалімдерге әдістемелік құрал дайындауға да көмектеседі. Бұл бағытқа байланысты ұсыныстар көп.
Келер шақта жоғары сапалы цифрлық оқу материалдарын, онлайын курстары және білім платформаларын жасау ісі үдемелі қарқын алды. Ұстаздарға қажетті дағдыларды беру үрдісі де кешеуілдемеуі керек. Осы мақсатта жасанды интеллект көмегімен оқыту генеративті модельдер және «промт-инжиниринг өнері» атты онлайын-курс дайындалды. Бұл курс – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық оралығы акционерлік қоғамы мен ЮНЕСКО-ның бірлескен өнімі.
Мектептегі оқу-тәрбие үрдісіне жасанды интеллектіні кіргізу мұнымен шектелмейді. Цифрлық ресурстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында оқу-ағарту министірлігі жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, қажетті стартап жобаларды жан-жақты саралайды. Ұсынылатын стартап жобалар қауіпсіздік және білім ұйымдарының әкімшілік-басқарушылық үдерісін оңтайландыру шешімдеріне сәйкес іріктеледі.
Сонымен қатар, «Qazaq Digital Mektebi» жобасы аясында да бірқатар іс-шаралар кешені жүзеге асырылмақ. Пилоттық өңірлер ретінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары анықталды. Жоба аясында мектептер үшін жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардағы негізгі пәндерді сапалы оқыту үшін цифрлық платформа дайындалады. Оқу үрдісі жасанды интеллект тәрбиешілермен қоян-қолтықта жүзеге асады. Ол үшін шағын жинақталған мектептер тиісті жабдықтармен және интернет желісімен толықтай қамтылады. Жобаны іске асыруды 2026-2027 оқу жылынан бастау көзделген.
Қазақ тілі – монолитті тіл!
Өткен ғасырдың соңында қолданбалы лингвистика саласында компьютерлік лингвистика, статолингвистика, тілді формальды модельдеу, түркі тілдері статистикасы бойынша зерттеулер жүргізілді. Қазақ мәтіндерін автоматты танудың алғашқы ғылыми негіздері жарияланды. 1996 жылы қазақ мәтінін автоматты түрде тану үрдісі ел-жұрт арасына таратыла бастады. Қазақ сөздігінің автоматты жүйесі жасалды. Бір сөз арқылы алуан түрлі сөздікте берілетін ақпаратты бір терезеден алу қажеттілігі ұсынылды. Шет елдер лингвистикасында тілді автоматты тану бойынша мәселелер көтеріліп жатқанда, қазақстанда инженерлік, математикалық лингвистика дамыды. Түркі тілдері ішіндегі лингвостатикалық зерттеулерді, мәтінді автоматты талдаудың ғылыми негіздерін бірінші болып жасап шығарған қазақ тілі бөлімінің ғалымдары ауқымды ұлттық тілдік корпусты да алғашқы болап әзірледі.
Қазіргі кезде ғалымдардың алдында тілімізді әрі тілтанымдық сапалы ғылыми контентті виртуалды кеңістікке көшіру міндеті тұр. Егер түп нұсқа мәтіндерді, қолжазба деректерді цифрландырып, тілтанымдық талдауымен бірге электрондық базаға салу мәселесі кешеуілдесе, онда тіліміздің цифрлық дәуірдегі өміршеңдігі күрт төмендеп кетеді.
Тіл қоғамдық өмірдің қай саласында қолданылса, сол салаға қатысты мәтіндер корпусы әзірленеді. Сөйлеу стилі өз алдына, корпуста психологиялық, педагогикалық, экономикалық, саяси, мәдени, экологиялық, ғылыми т.б. дискрустағы барлық кітаби стиль жанрларындағы мәтіндер болуы қажет. Сонда ғана ол ұлттық сипатқа қанығады. Ендеше оның бір талабы – теңгерімділігі. Қазақ тілі қай салада көбірек қолданылса, корпуста сол сала мәтініндері көптеп жинақталады. Ең мол қолданылатын – публицистикалық дискурс мәтіндері. Бұл дәстүрлі және виртуальды кеңістіктегі публицистика болып бөлінеді.
Түркілік тамырын, тазалығын сақтап қалған моналитті тіл – қазақ тілі! Көптеген империя құрған ұлттың әдеби тілінің негізі – жазба тіл! Мысалы, Қытайдың оңтүстігі мен солтүстігіндегі, батысы мен шығысындағы халықтардың ауызша сөз арқылы түсінісуі қиын. Оларды біріктіріп тұрған – жазба тілі. Орыс әдеби тілінің негізі – Мәскеу диалектісіне сүйенген жазба тіл. Түркия түріктері әдеби тілінің негізі – Ыстанбұл диалектісіне сүйенген жазба тіл. Қазақ әдеби тілінің негізі – ел-жұрттық, жалпыхалықтық ауызша тіл! Бұл бізді ұлт қылып қалыптастырған, үлкен империялар құрған тарихи, этно-мәдени қауымдастық ішкі азаматтық институттарының ұлттық бірегейлікке жұмыс атқарғанын айғақтайды. Сол себепті ұлттық корпустағы диалектілік ішкорпус атауы шартты атау, дұрысы – говорлық! Қазіргі кезде кездесетін азынаулақ лексикалық бірліктер сол аумаққа көршілес отырған субстрат тілдердің әсері ғана, ішкорпуста солар туралы деректер беріледі.
Корпуста поэтикалық 2 ішкорпус бар. Оның бірі – тарихи поэтикалық ішкорпус, жыр жанрында жазылған поэзиялық ескі шығармалардан тұрады. Ал заманауи поэзия ішкорпусында қазіргі заманғы ақындар өлеңінің просодикалық құрлысы, ырғағы, тармағы, бунағы талданып көрсетілген. Поэзия – халықтың эмоционалдық интеллектісін көрсететін өте гүл-нәзік көркемдік жанр. Қазақ тіл иелмені поэзиядан қол үзіп, қазақ сөзінің сұлу да сырлы әуезін, әуені мен сазын түсінуден қалып барады. Мұнда өлең мәтіндер қазақ орфоэпиясы нормасын сақтайтын, өлең ырғағын сезіне алатын мамандарға оқытылып, аудиосымен бірге жүктелген. Бұл 300 мың сөз-қолданыстан тұратын қазақ өлеңдерінің электрондық базасы. Сонымен қатар ауызша мәтіндер ішкорпусында ауызша сұхбат, видеофильмдер жүктелген. Жарнама мәтіндер ішкорпусының да ерекше қызметі бар. Ең алғашқы жарнама «Қазақ» газетінде жарық көрді. Олардың авторы – Ахмет Байтұрсынұлы, демек тұңғыш қазақ копирайтері де Ахмет Байтұрсынұлы деп айтамыз. Ішкорпуста төте жазудағы алғашқы қазақ жарнамасы кирилше берілді. Параллель корпус – қазақ-орыс тіліндегі теңескен мәтіндер қоры, мұнда орыс мәтіндері бірліктері орыс тілінің грамматикасы бойынша талданады. Сондай-ақ, алты тілді параллель корпус бар. Базадағы контекст алты тілде берілген. Бұл тілдер Оксфордта оқытылады.
Қазақ сөзін тіркеуді алғаш 1930 жылдары А.Байтұрсынұлы бастады. Ғалымның картотекалық қоры репрессия жылдарында жойылды. Кейіннен қимақағазға сөз контексін жинау ісі 1940 жылдан бері институтта жүргізіле бастады. Қазіргі кезде 4,5 млннан астам қимақағаз қоры толығымен цифрланып, «tbikartoteka. kz» сайтында қолданушылардың игілігіне берілді. Бұл – қазақ тілінің бай сөздік қоры. Онда әр сөздің қолданылған контексі дереккөзі ретті көрсетілген. Тілтанымның тәртібі бойынша ешқандай шешім эмпирикалық базаға сүйенбей жасалмайды. Алдағы уақытта кез келген қол жазуды, қолжазбаны автоматты түрде тірі мәтінге Word-қа ауыстыратын бағдарлама әзірлеу үрдісі қолға алынбақ.
ChatCPT-дің «ақылды» болуына Тіл білімі институтының қосқан үлесі зор. Мұнда ғалымдардың көзге көрінбейтін қажырлы еңбектері жасырынған. Нейрожүйеде кез келген дереккөздегі мәтінді қолданатынына дәлел қажет емес. Корпусқа (qazcorpus.kz) таза тілтанымдық ілім-білім шоғырланған. Дегенмен «ChatCPT» әлі де көптеген тілдік бірліктің ұлттық мәдени-сематикалық мағынасын дәл көрсете алмайды. Бұл бағытта Ғылым және жоғары білім министірлігі іске қосқан жасанды интеллект «Al-Sana» бағдарламасының Назарбаев университеті «ISSAI» орталығы жасаған «KazLLM» моделінің ерекшелігін атауға тиіспіз. Жақында министірліктің қолдауымен ғылыми-зерттеу бағдарламасы аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бас мекеме болып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы, Ақпараттық және есептеу технологиялары институты, «ISSAI» және «ChatCPT» компанияларымен бірлесіп, қазақ тілін және технологиялық үрдісті қолға алу үшін үлкен тілдік модель (LLM) әзірленді. Қазіргі кезде ұлттық, ғылыми білімнің цифрланбай жатқан тұстары бар. Тілтанымдық цифрлық ресурсы бар тілдердің жасанды интеллектідегі сапасы да жоғары екенін тәжірибелер айғақтауда.
Мұғалім – мердиан мұрат-мұрағаты толысқан соң, педагогтікке табанын тірейді, мүмкіндігі мен мәртебе-мансабы өседі. Ілім-білім-ғылым ғалқиясы Жер шарына сыймай, Күн жүйесін қамтитындай салыстырмаға сәйкестенеді. Мұны бірінші болып шәкірттер сезінеді. Балауса сезімді алдай алмайсың. Мамандығына бел шеше берілген педагогпен не бір тұлғамен қоян-қолтықта қызмет атқаратын өзге жан мұғалім-педагогтармен деңгейлесіп, ұстаздыққа қол жеткізеді – кез келген ұқыпты ұста тәрізді төске түскен, қып-қызыл темірді балғасымен олай-бұлай аудармалап-ұрғыштап, өнерін өрнектеп, таң-тамаша туындыны көзге көрсетеді, ел-жұрт қажетті бұйымды өз кәдесіне жаратып, ғажайып шығармашылыққа тәнтілік танытып, бақыттың ыстық та, кең де құшағында масаттанады да, масайрайды да, марқаяды да. Ұстаз – өте кең ауқымды түсінік, термин, ұғым. Мысалы, мектеп ұстазы, адамзат ұстазы, ғалам ұстазы …
Оқытудағы теория мен практиканың байланысы, теориялық білімнің іс жүзінде білім, дағды, шеберлік тұрғысынан көрініс табуы – оқушыларды нақты іс-әрекетке үйретеді, тиісті әрекетке бейімделуге икемдейді.
Оқытудағы үлгілеу:
1.Оқушылар меңгеруі қажет мазмұн ретіндегі үлгілеу;
2.Онысыз толыққанды оқыту болмайтын оқу әрекеті, құралы ретіндегі компьютерлік, цифрлық, роботтық үлгілеу;
3.Оқуды үлгілеу арқылы зерттелетін күрделіні – қарапайымға, көзге көрінбейтінді, сезілмейтінді – көрнектіге, сезілетінге, бейтанысты – танысқа келтіру, яғни кез келген күрделі объектіні мұқият және жан-жақты зерттеуге қол жеткізерліктей жасауға тырысу, жасанды интеллектінің, супер компьютердің көмегіне жүгіну үлгісі болып табылады.
Зманауи технология – тұлға-зият – адами капитал мемлекеттің мықтылығының көрсеткіші, мемлекет дамуының драйвері, алға қарай сүйрейтін күш-қуаттың шексіз локамативі.
Заманауи техника-технологияның адамзатқа тигізер қауіп-қатері көп деп дәуір драйверінен шеттеп, шегіншектеп, қорқақтап қалу – ел-жұртымызды құрдымның құдығына құлатады. Сондықтан да, тұлға зият пен жасанды зияттың оң мақсаттылығын, бір мұраттылығын ұстанып, жан-жақты жетілудің жолын жасампаздыққа балаймыз. Жанұя капиталы, ел-жұрт капиталы, мемлекет капиталы ілім-білім-ғылымнан құралып, идеяны, саясатты, экономиканы қанаттандырады, биікке самғатады – әлеуметтік әлеуетті әдемі де әсем әдіптеп, халықтың тұрмысын түзейді, байлықтың базисін байыптайды, рухын Күн шуағындай рауандатып, Жер шарын Жұмаққа ұқсатады.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға…» деген қарапайым сөйлемнің тамыр-жайылымы өте тереңде – сөз жетпейтін сұрақ-слемдерде жасырынған. Бар ғибрат-ғылым ғаламаты ғалым-ұстазда, парасатты педагогтан, мейірбанды мұғалімнен мердиандалады!
Мақсұтхан Ақыштегі,
ұстаз, ҚР еңбек сіңірген қайраткері





