МҰҚАҒАЛИ АҚЫНМЕН КЕЗДЕСКЕН ЕДІК…

Қараша айының мейрамы күні біздің журналистика факультетінің студенттерін микроаудандағы «Правда» көшесінің бойындағы жатақ­ханадан көшіріп, жаңадан пайдалануға берілген университет қалашығының бірінші жаңа жатақханасына кіргізді. Бір бөлмеге үш бала орналастық. Дәл сол күні қар қиыршықтап жауып тұрды. Жер лайсаң болды. Алатаудың етегін тұман жапты. Қала шетіндегі жері батпақ жаңа жатақханаға әу баста үйрене алмай-ақ қойдық. Күнде таңертең 107-сары автобусқа жабыла мінеміз. Қала орталығындағы оқу корпусына қысыла, қымтырыла зорға жетеміз. Аяғымыз батпақ, үсті-басымыз су-су болып шуылдап аудиторияға кіреміз. Бұл тіршілікке де, оқуға да көп кешікпей үйреніп кеттік.
Жанымыздағы жігіттің біреуінің мінезі қызық еді. Түнімен ұйқы көрмей жұлдыз санайтын бір әулиеге тап болдым. Шашы бұйра, мұрны ұзын, бас тұлғасы ақын Пушкинге ұқсаушы еді оның. Терезені жиі ашады. Кей кездерде сөзге келместен өз-өзінен ашуланып, бұлқан-талқаны шығады. Әзіл сөзді көтермей шытынап, өзі төбелесуге бір қадам жақын тұрады. Аты Жүсіп еді. Ал екіншісі оған мүлдем ұқсамайды. Төр жақтағы төсекте шалқасынан жатқан күйі қалтасына қолын салып жіберіп ауылдан әкесі салған ақшаны алып шығып шытырлатып санап, ақсия күлетін қой көзді, ойлы жанарлы жігіттің есімі Боранбек еді. Боранбек те қызық жігіт.
Келер жылы сәуір айы өте жайлы болды. Ай оңынан туды, ару Алматы ерекше бір құлпырып сала берді. Жатақханамыздың маңайы ал қызыл гүлдерге толып, нағыз Тұманбай ақын жырлайтын шуақты сұлу күн болды. Сезім билеген Сейітқұл он бет өлең жазды. Ал Батықбек болса түс ауа Мұқағалидың «Аққулар ұйқтағанда» атты жаңадан шыққан мұқабасы жұқа келген шағын кітабын «көкбазар» жақтан сатып әкеліпті. Өзі көңілді. Ыңылдап ән салады. Жерге бір түкіріп:
– Ертең Мұкағали ақынды Жәнібек біздің курспен кездесуге алып келеді. Кітабын сатып алыңдар. Арзымайтын тиын. Өлеңі мықты. Оқып шықтым. Бірақ мұқабасы өте нашар екен. Неге екенін білмедім. Маған Мұқағали ақын мектепте сабақ берген. Мамандығы мұғалім. Әкемді таниды. Өзімді ұмытқан болар,– деді. Жасұлан сол күні жатақханаға келмеді.
Қалтамда ақша жоқ еді. Мен жүгіріп Боранбекке бардым. Ол гір көтеріп жатыр екен. Үсті-басы тер. Өзімен өзі әуреге түсіп жатыр.
– Бореке, теңге жағынан қалайсыз, ертең ана Мұқағали ақынмен кездесу болады екен. Кітап сатып алмақпын, – дедім сасқалақтап.
– Өзіңде қанша бар? – деді ол еңкейіп, шалқайып он алты килограмдық қара гірді жүн басқан төсіне қойды.
– Жоқ болып тұрғаны. Қарайласыңыз. Кітап сатып алмақшы едім,– дедім, тағы қайталап.
– Менде көк тиын жоқ. Айдарлыдағы әкемнің бір отар қойына қасқыр шауыпты. Өзім өлең жазбаймын. Денім сау болса болды. Ақындықтың бір тиынға керегі жоқ! – деді даусы зілденіп.
– Өзі аман ба әкеңіздің? – дедім шошып.
Иә, аман, аман. Тек қой қырылған. Түк қалмапты. Жеке меншік отыз бес қой, бір жылқы, төрт құнажын қоса кеткен. Әуезден бір сом алып суға піскен балықты талшық еттім СМУ-15-ке барып. Тамағым ісіп, сүт те іше алмай жүрмін, жұтқыншағыма жақында операция жасатпақпын. Әй, әй, сорлы әкем, мен ауруханаға түскенде жалғыз тайын сатып, ақшасын алып «Боратайымның жаны аман қалғаны үшін» деп сендерді тегіс ресторанға отырғызады әлі. Тамақты сонда ішесіңдер, – деп етпетінен түсіп жаттығуларын үзбеген күйі сөйлеп жатты. Көзім төсектің үстінде жатқан елу сомдық ақшаға түсті. Ыза болдым. Түңіліп бөлмеден шықтым.
– Азын-аулақ майда тиын-тебен болса маған қарастыра жүрерсің, ақын болса өзіне, – деп соңымнан дауыстады ол.
* * *
Ертеңіндегі сағат үшті асыға күттік. Батықбек толқып жүр. Бәрінен бұрын соған қатты батты. Шоқ гүл әкеліп төрге қойды. Бәріміздің көзіміз есікте. Жүрегіміз лүп-лүп етеді. Ақын келеді. Жүздеген көз ұшқын атады. Есік ашылып, ішке доцент Бари Манасбаев ағай кірді.
– О, бәрекелді, көктемнің гүлінің иісі жұпар болады. Қыздарға мың да бір рақмет маған сыйлағандарына, – деп ағай гүлді кұшырлана иіскеді. Денсаулығы нашар ұстазымызды аяп кеттік. Орамалын жан қалтасынан алып тершіген мандайын сүртті. Күрк-күрк жөтеліп, шеткі орындыққа барып отырды. Өңі жүдеу екен.
– Ал, балалар, кәне, сабақты бастайық, – деп жұтына сөйледі.
Студенттердің колында пән кітабы емес, «Аққулар ұйқтағанда» атты Мұқағали Мақатаевтың жаңа жинағы жатты. Жасұлан мұрнын шұқып, Батықбекке қарап қояды. Маған көзін қысты. «Ақын көкесі алдап кетті-ау» деді. Бари ағай селк етті.
Сол сәтте есік айқара ашылып, кең жауырынды, ұзын бойлы, апай төсті, шашын артына қайырып, маңдайы жарқырап ақын Мұқағали Мақатаев кіріп келді. Соңына ілескен екі беті қып-қызыл болып албыраған студент Жәнібек Кәрменов еді.
– Кәрменов, сен сабақтан қашан да қашып жүресің. Деканға дәл бүгін айтамын, – деп ағай оған қатты ренжіді.
– Армысыңдар, қарақтарым. Шақырған екенсіңдер, келдім орталарыңа. Мені іздегендеріңе рақмет. Ризамын сендерге, – деп ақын екпіндей сөйлеп төрге шықты.
Бари ағай жаратылысынан кішкентай адам еді, сасқалақтап кейін шегінді.
– Сәлеметсіз бе, Мұқа. Қазір поэзия кеші емес. Стилистика пәнін өтіп жатыр едік. Бұл қалай болды? – деп сасып ақынға қолын берді.
– Кім десем, Бәкең екен ғой. Бір сағатыңызды бізге қиыңыз. Мені арнайы әнші студентіңіз Жәнібек Кәрменов шақырып келіп отыр. Талантты жігіт ол, – деп оның арқасынан кақты.
– Жаман бала емес, Мұқа. Тек… тек… сабақтан қаша береді. Мақұл… мақұл…– деп Бари ағай шеткі бос орындыққа барып отырды. Жәнібекке қарап басын шайқады.
Менің бүгін Мұқағали ақынды бірінші рет бетпе-бет көруім еді. Көзі мұңданып, бір нәрседен қапа болған жандай болып сезілді маған. Сымбаты көз тоятын жан екен. Даусы ашық. Таңғы шықтан тамған тамшыдай көңілі кандай мөлдір!
– Ағай, қандай ақынды пір тұтасыз? Кімнің өлеңіне табынасыз? – деп Жасұлан бірінші болып тақылдап сұрақ қойды.
– Өте орынды айтылған сөз. Басы Абай бабамнан бастап ана орталарыңда отырған жас ақын Үмбеттің өлеңдеріне дейін оқимын. Бәріне табынып, басымды иемін. Ақын әулетін пір тұтамын. Ақындардың атасы қазіргі уақыттағы Әбділданы әке орнына санаймын. Сүйінбай мен Жамбылды оқып ер жеттім. Дарындыны да, дарынсызды да дос еттім. Әр ақын өз шабысына қарап бәйгеге түседі. Көмбе тым қашық болса оған Ілияс ақын сияқты құлагер ғана жетеді. Орта жолда шаң жұтып шашалып қалатындар да көп кездеседі. Анау мықты, мынау нашар деп салыстыруға болмайды. Бәрібір ақын, – деп қалың қабағы ашылып, ұясынан шығып келе жатқан шуақты күндей күлімдеп сөйледі ол. Қою қара шашын артына қайырып қояды. Саусақтары салалы екен.
– Ағай, сізге екінші сұрақ. Университетте көп ақындармен кездесу кешін өткіздік. Ол кісілер алдағы уақытта ойын торлаған поэмаларын, романдарын қалай жазатындықтарын, Мемлекеттік сыйлық алу үшін қай кітаптарын ұсынатынын осы бастан ашық айтады. Ал, ақындардың ақыны Шығыс елінде Әл Мүтәнәбби екен. Айдай әлемге әйгілі арабтың соқыр ақыны Әл Мағарридың ағасы да, ұстазы да осы Әл Мүтәнәбби болыпты. Ұстазсыз ақын да болмайды. Біздің мықтылар ешкімді мойындамайды, – деп Жасұлан тағы сұрақ қойды.
Ақын ойланып қалды. Жасұланға бір түрлі елжірей қарады.
– Інішегім, мен Әбділда ақынды аттап өтпейтін, ешқайда бармайтын жай ақынмын ғой. Әбділда ақынның баулыған шәкіртімін. Қасым ақынды аға тұттым. Төлеген інім еді. Фариза қарындасым. Мен өлеңді атақ алу үшін жазбаймын, жаным. Ол шіркіннің өзі мойныма мініп алып тепкілеп отырып жаздырады. Жазбасыма қоймайды. Қағаз бен қаламнан басқа досым жоқ. Жансеріктерім солар ғана. Ауруханаға түсіп әл үстінде жатсам да қыр соңымнан қалмайды. Қашсам, бір құдіретті күш аспаннан келіп көзге көрінбей ұстап алып оңаша бөлмеге қамайды. Алдымда не болатынымды маған айтпайды. Нағыз талант қазақтың қара өлеңі ғой. Оған атақ-даңқтың түкке де керегі жоқ. Солай емес пе, інішегім? – деді ақын. Кең кеудесін қозғалтып ары бері жүрді.
– Ағай, өлең оқыңызшы, – деді Батықбек.
Ақын алқына дем алып, жанарын сыртқа беріп тұрды да:
– Адамның ең бақыты бала ғой. Басқаның бәрі бос пендешілік. Бала гүл емес пе, – деп даусы дірілдеп шықты да:
– Қызым менің.
Гүлім менін,
Аяулым.
Жатыр молаң жотасындан қоянның,
Құлпы тастың құны маған бес тиын,
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?
Қойман, ботам.
Керегі не көк тастың?
Қыста ақ қар, жазда шалғын, шөп бассын.
Өзің келген май айында ақ нөсер
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.
Керегі не көк тастың… –
деп күрсіне, күңірене қамығып бір өлең оқыды.
Біздің қабырғамыз қайысып кетті. Жасұланның кірпігіне бір түйір жас үйірілді. Бари ағай жан калтасынан орамалын алып, көзін сүртті. Күрк-күрк жөтелді. Күміс көмей қызыл шырайлы Жәнібектің түрі өзгеріп сұрланып сала берді. Әшір төбеге карап ауыр ойға берілді.
– Өмірмен ерте қоштасқан ботақаным Майгүлге арнағаным еді. Май айы да келе жатыр. Ол сол кезде туған. Папасын сағынып жатқан шығар бір уыс болып, балапаным, – деп өзегін өрт шалған мұңлы ақын көмейінен күбірлеп сөйледі.
– Мұндай ақынды бірінші рет көруім. Өзін-өзі мақтамайды, – деп құлағыма сыбырлай сөйледі Оразай.
– Құдірет екен, – деп артымда отырған Мақұлбек таң қалды.
– Мұқағали аға, «Аққулар ұйықтағандағыны» оқыңызшы, – деді Ұлықбек.
Ақын іні айтқанда ағада жан қала ма. Оқиын. Тыңда, інім, – деді. Ұлықбекке қарап күлімсіреді.
– Өзен де жоқ, сыймаған арнасына,
Жылға да жоқ даламен жалғасуға.
Таста тұнған жаңбырдың тамшысындай,
Қалай біткен мынау көл тау басына? –
деп даусы құзды бұзған асау дүлей толқындай күркірей шықты. Бари ағай аузын ашып орнынан бір тұрып, бір отырып аң-таң болды. Маған ашық аспан астында Алатаудың асқар шың басқан ұшар биігінен найзағай шатырлап, нөсер жауғандай әсер етті. Тау орнынан козғалып, жер сілкінгендей болды. Ақын өлең оқып тұрғанда жер бетіндегі ұсақ пендешілікке лағнет айтқандай өр тұлғасы зорайып тұрды. Жүзінен әжімдері тайып, нұрланып кетті. Көзін жұмып, қолын сермеп, екпіндей түсті де:
– Өшті-ау, сірә, нешеме тағдыр мұнда,
Мен соның бір білтесін жандырдым да,
Тайып тұрдым, көз жасын алып таудың,
Қызғаншақ қызғышына калдырдым да… –
деп даусын сәл баяулатып, бара-бара үні шықпай қалды. Даусы тозып, ентіге дем алды. Көзін ашып бізге қарады. Жүзі сұрланып, қабағын түйіп орындыққа отырып қалды. Сәлден соң барып қалпына келгендей сөйлеп кетті:
– Ақындық жол – жолдың ең ауыры. Жолына бас тігіп, жүректі де дал-дұл еттік. Ойы мен пікірі жоқ, өсекші пенделерден бойымды аулақ ұстап жүрдім. Олар кітабымды қиып, мылжа-мылжасын шығарып, шала үйтілген тауықтай алдыма әкеліп қоя салады. Не жазып, не қойғаныңды білмейсің сонда. Баспадағы мықтылар өлеңімді өзгертіп, сүрлеп, жонып тастайды. Соңғы кезде өлең қадірін білетін оқырмандар азайып барады. Сәкен, Ілияс, Сәбит сияқты асқар ойлы жандар неге ортамыздан шықпайды екен күні бүгінге дейін. Шықса, кәне. Аяғына жығылып, басымды иер едім-ау. Мұңымды айтып, мауқымды басып жаңа бір өлең жазар едім. Мына алдарыңда тұрған мен тіршіліктің тауқыметін арқалап, басымды тау мен тасқа соққылаған ағаларың Мұқағали Мақатаевпын. Азын-аулақ өмірден жинаған қазынам бар еді. Соны ешкімге қиғым келмейді.
– Қазынам бар.
Қисапсыз шектеледі.
Қызғанады біреулер, жек көреді.
Бермеймін де, сатпаймын, керсетпеймін.
Алам десең
Алдымен зертте мені… –
деп соңғы шумақты аяқтап болды да орнынан тұрды.
Студенттер ду қол шапалақтады. Бари ағай бойы ұзын денелі ақынды құшақтады. Біз гүлді ақынға ұсындық. Ақын риза болып алды да кеудесін басып қасында жөтеліп тұрған Бари ағайға сыйлады.
– Мұқа, қолға түсе бермейтін ақын едіңіз. Өлеңді қай мезгілде жазасыз? – деді Бари ағай,
– Мен өзім мезгіл таңдап, таң күтетін данышпандарды жек көремін. Жай Мұқағалимын ғой. Жазу, жазбау өзіме байланысты. Көп ақындар бәсекемен жазысқанды жақсы көреді. Көңілдері нәзік, кінәратшыл келеді. Бірінің жазған өлеңін екіншісі көре алмай, қайтсем басып озамын дейді. Бұл әурешілік. Ашығын айтқанда, пендешілік. Ақын болу үшін көрген-білгенің көп, зердең болуы керек екен. Қазақтың қара өлеңін бала күннен жаттап өскен зерек балалар ғана жақсы ақын болады. Онда да талап емес, талант шіркін санаңа берік қонса. Кітапты жазуын жазамыз-ау, бірақ соны оқитын халық болса. Ақшаға қызығып, мұқабасы қалың кітапты шығарып алып, оны оқушы көзіне ілмей кітап дүкенінде шаң-тозаң сорып жатса ақын үшін азап қой. Тасқа басылған аты-жөніңді тышқан кеміріп жатса қорлық емес пе, – деп ақын мұңая сөйледі.
– Оныңыз рас, Мұқа. Әсіресе, көптеген жас ақын, жазушылар шығармаларын сауатсыз жазады. Стилистикалық қателері көп, – деп Бари ағай ақынды қолдады. Ақындықты мансапқа айналдыратындар бар ма? – деп орта тұстан бір студент тосыннан сұрақ қойды.
– Кім біледі? Мен өзім ондаймен айналыспаймын. Кейбір замандастарым қаланың қиыншылығынан тауқымет тартып, төрде отырған үлкен кісілерге арнап поэма, дастандар жазып, пәтер алып жатқандарын естимін. Бәрі бала-шағаның қамы ғой, – деп ойлаймын. Көптеген ақын жазушылар енді өсіп келе жатқан жастарды өздеріне тартып, рушылдық сияқты зиянды аурудың құрбаны болып, тақ, мансап үшін арпалысып жатқаны. Қолынан келмесе де қамданып қалады. Әдебиет үшін оның түкке керегі жоқ. Ақынға атаққұмарлық жараспайды. Абай бабамыз да болыстықтан бас тартпады ма? Ақынның бар байлығы қалам мен қағаз. Осы екеуі. Жағымпаздық ақынға жараспайды. Ақынға мінез керек. Қайран Сәкен, Ілияс ағаларым менің. Тіріліп келсеңдер қазіргі таңдағы мына сұмдықтан шошыр едіңдер ғой. «Құлагердей» поэмалар әлі жоқ. Онан артық та жазғымыз келеді. Бірақ санамыз жетпейді. Түк өнбегенен соң жауыр болған қысқа өлеңді ұйқастырып ұрғылай береміз. Ол кемшілік өз басымда да бар. Мені бір данышпан ғой дейсіңдер ме?! Жай ақынмын. Арқалы ақын аталарың Әбділда ғой. Жұбан ақынның «Мен қазағы» ең бір күшті поэма. Сырдың бұлағын ашатын Сырбай ақын ше? Қылаң еткенді қағып түсетін қайсар Қадыр ақын емес пе? Бала Мұқтардың «Танакөз» поэмасы ше? Мен солардан үйренемін… – деп тұлғалы ақын күлімсірей сөйледі. Тұлғасы тауға тән, жаратылысы бөлек жанның «Мен солардан үйренемін» деген кішіпейіл даусы сүйкімді естілді. Ол «мен ұлы ақынмын» деп басқалар сияқты ешкімді мойындамай майда пендешілікке бой ұрған жоқ. Бірақ біз ақын бойында бір ұлылықтың барын сезіндік.
Бөлме іші тым-тырыс. Ақынға батып ештеңе айта алмадық. Маңдайы жарқырап, нар тұлғалы ақын жауап күтіп бізге қарап ұзақ тұрды. Кенет ақын көзінен тарамдалып мөлдір жас ақты. Лезде Алатауды торлаған қара бұлттай кабағын түйіп, бозара бастады. Бірдеңеден жиіркенгендей көзінің ағы үлкейіп, үрке қарады. Көңілі түсіп, жасып қалды. Ауыр дем алды. Қатты күрсінді.
– Ағай, қолтаңба беріңізші, – деп Ұлықбек бірінші болып орнынан тұрды.
– А-а, келе ғой, қарағым, – деп ақын қайғы бұлтынан арылып, лезде жібіп сала берді.
Студенттер «Аққулар ұйықтағанда» атты кішкентай кітапқа жабыла-тармаса қолтаңба қойдырып жатты.
– Аққулар таң ата ұйықтайды. Оның тәтті ұйқысын ешқашан бұзуға болмайды, – деді ақын.
Мен, неге екенін білмеймін, ақыннан қашығырақ тұрдым. Кітапты ұстаған қалпым оған еш жақындай алмадым. Бір түрлі ақынның мысы басты. Боранбек қасыма келіп:
– Кітабыңды маған сыйлашы. Шал ақша салса мұның онын сатып алып беремін. Менің пірім жазушы Дулат Исабеков еді. Ақыннан енді Мұқағали болды. Өлеңін оқымаған екенмін. Мықты екен. Қалтамның түбінде қалған аздаған майда тиын-тебенге жаңа ғана буфетке барып айран сатып іштім. Мына тамағым көрдің бе, ісік қой,– деп топ-толық бұғағын бауырсақтай бас бармағымен маған басып көрсетті.
– «Ұятсыз-ай!» деп ішімнен ренжідім. Тамақ десе жанын береді.
Сонда да кітапты бергім келмей, кейін қарай шегіншектей бердім. Ол қарулы қолымен бүйірімнен бір қойып:
– Қуан сияқты қыңыраймай әкел бері. Іи-и, әулие-ай, әлі күнің маған түседі ғой. Көп жігіттерге ұрғызбай қорғап едім. Ұмыттың ба, кешкі тамақ менен болсын, – деп мейірімді жанарымен өтірік езу тартып, күле қарады. Сәлден соң танауы пысылдап көзін ежірейтті. Түсі суып кетіпті. Қорыққанымнан:
Мә, – деп бере салдым. Бір жағы «танзелит» деген дерті күшті ауруы есіме түсті. Бермесең, кешкісін ұрады.
Ақын бәріне өз қолтаңбасын беріп жатты. Кенет көзі оқшау сорайып тұрған маған түсіп:
– Жәнібек, қарашы, ана бала бірдеңеге өкпелегендей неге бізге жақындамайды, – деді.
Мен қатты қысылдым. Сасқанымнан:
– Ағай, кітабыңыз таусылып қалыпты. Магазинде жоқ екен, – дедім.
– А, солай ма? Ішіне емес, атына қызыққан ғой, балалар, – деп рақаттана күлді.
– Ілияс Жансүгіровтің немере інілері, – деді Жәнібек мені таныстырып.
– Ақсудан екен ғой. Қуат Терібаев шыққан ол өңірден. Ақын Құдаш Мұқашевқа ілесіп бір кезде барған едім. Ал, інім, маған Ілияс ақынның «Күйші» поэмасынан үзінді оқышы, – деді.
Қатты ыңғайсыздандым, аузыма сөз түспеді.
– Айтсаңшы ұялмай, – деді Ұлықбек демеп.
Бір түрлі дереу өз-өзіме келіп, әруақты ақынның жырын бастадым.
Көкке күй өрт жалындай шалқып жатты,
Көк тасы Самарханның балқып жатты.
Көк дауыл айдын көлді көкке шашып
Оқ тиген аққу құсы сұлап жатты, –
деп поэмадан бір шумақ оқып бердім. Қысылып терлеп кеттім. Ақын жанарынан от ұшқындады.
Ілекем поэзияның пірі ғой. Ол қазақ совет поэзиясының Құлагері. Әттең, жастай қыршын кетті. Атаңа нәлет отыз сегізінші жыл. Қазандағы сүттің қаймағын сыпырып әкетіп, көк сүтті ғана қалдырып кеттің ғой. Сол сүтке күні бүгінге дейін қалың қаймақ түскен жоқ. Шөміштеп суды көп құятын болу керек. Бәрібір іріп кетеді. «Көк тасы Самарханның балқып жатты» дейді ғой менің Ілияс ағам. АқсақТемір балқыта алмаған көктасты Ілекем тілімен балқытты. Неткен құдірет десеңші. Ілекеңнің жаратылысы жөргекте жатқаннан бөлек болған екен ғой. Поэзияның іргетасын көк таспен мызғымайтын берік етіп қалады да кете берді ғой Сәкен, Бейімбет үшеуі. Олар сол кезде мына менің жасымда болыпты. Ал осы мен не бітірдім? Төс қалтамдағы жалғыз қызыл билетімді де беделі мықты данышпандар тартып алды ғой. Қарсылық жасай алмадым. Ілекемдер тірі болғанда мұндай күйге душар болмас едім. Өлең қадірін солардан үйренер едік. Жалықпас едім. Оқ тиген аққу құстай қанатымды сабалап қаңқылдап жүрмес едім – деп мұң қойнауына кірді.
Түрінен шаршағандық сезіледі. Қапалық бар. Бари ағай күрк-күрк жөтелді. Орамалымен аузын сүртті.
– Інішек, өлең жазасың ба? – деп тосыннан сұрақ қойды айбатты ақын.
– Жоқ, тек жаттаймын. Тұманбай ақынды көп оқимын. Өздігімнен өлең шығара алмаймын,– дедім күмілжіп.
– Қолдан келмесе өлеңді шатып қор ете көрмеңдер, інім. Ол сәби ғой, нашар болса жылайды, – Ал Тұманбай ағаң махаббаттың жыршысы ғой, – деп ақын арқамнан қағып, есікке бет алды. Артына соңғы рет бұрылып студенттермен қоштасты.
Біз үн-түнсіз қалдық. Жасұлан қабағын түйіп ойланып, ауыр күрсінді. Боранбектің толық тамағы бүлк етті.
– Жолы болмай жүрген ақын. Шақырғандарың өте орынды болған екен. Жақсы болды. Көрдіңдер ме, кеудесі өсіп, көңілденіп кетті. Дарынсыз мықтылар әбден тізесін батырып, шеттетіп жіберген. Бірақ Мұқағали халықтың ақыны. Осы сөзімді ұғыңдар. Ол бәрінен мықты. Ұлы ақындар қарапайым болады, – деді Бари ағай.
Ақын гүлді алмай ұстазымызға сыйлағандай тастап кетті. Бари ағайға гүлді сыйладық.
– Рақмет, балалар. Ақылдарың бар ғой, тек Мұқағалиды мұңайтпаңдар. Ол жалғыз. Мұқағали ақындардың ағасы емес, ол ақындардың ақыны. Сөздері інжу-маржандай төгіліп жатыр. Әлі жас, келешегі алда. Елуге дейін талай тың дүниелерді еңсеріп тастайды. Сөзі ойлы, өзі ақылды адам ғой, – деді ұстазымыз жөтеле сөйлеп.
Келесі сабақ профессор атайдікі еді. Сол күні мен ештеңеге қызықпадым. Лекциядан қашып далаға шықтым. Артымнан Жасұлан да ілесті.
– Сабаққа зауқым соқпай тұр, – деп күмілжіді ол. Қабағы сынық.
Екеуміз қыр жақтағы Абай атындағы опера театрының қасындағы Жамбыл ескерткішінің түбіндегі саябақтың ішінде бір топ жастардың ортасында әңгіме айтып тұрған тұлғалы ақын Мұқағалиды көрдік. Арасында біздің курстан Ұлықбек пен Жәнібек бар. Екеуі де лекциядан қашыпты.
– Басым ауырып тұр, – деді Жасұлан аяғы алға тартпай.
– Менің де, – дедім мен ұнжырғам түсіп.
– Қайттық жатақханаға, – деп Жасұлан күрсіне сөйледі. Бұл жолы ол әдебиет туралы ештеңе айтпады.
Біз орталық почтаның алдына келгенде:
– Жігіттер, Мұқағали ақынды көрдіңдер ме? – деп он шақты жігіт екеумізді қоршап алды. Қолдарында «Аққулар ұйықтағанда» атты кітап бар.
– Қайдан келесіздер өздеріңіз? – деді Жасұлан оларды қазбалап.
Мен бөлініп шетке шықтым.
– Төртеуміз Қарақалпақстаннан, алтаумыз Жызақ облысынанбыз Өзбекстанның. Мұқағали ақынға өлең оқып бермекші едік. Жазушылар Одағындағы бір ақын ағайдан сұрасақ «Еш жерде жұмыс жасамайды. Қаңғып көшеде жүреді», – деді. Намысымызға тиді. Солай деп ақынды қорлауға бола ма? Жер түбінен Мұқағалиды көруге ғана келдік. Өлең қадірін білетін ақын деп іздейміз. Кітабы шығыпты. Көңілі жомарт, жаны таза ізгі жан дейді. Бізге сол ақынды тауып беріңдерші, – деп қиылды олар. Тілдері сәл бөлек екен. Мен тауып беремін, – деді Жасұлан…
Жатақханаға кешкісін бір-ақ бардым. Боранбек рақаттанып айран ішіп отыр екен. Батықбек екі езуі екі кұлағында:
– Сәке, жігіт екенсің. Мұқағали ақынға Ілиястың өлеңін оқып бердің. «Күйшісін» білмей масқара бола ма деп едім. Ана ақымақ Жасұлан Мұқағалидың өлеңдерін оқымаған ғой. Ол поэзияның құдіретті ақынын енді көзімен көрді, – деді.
– Дұрыс айтасың. Жасұлан қазір Мұқағали ақынмен бірге жүр, – дедім.
– Рас па? – деп таңданды Батықбек.
Мен басымды изедім. Шындықтан ауытқып шыға алмадым.

* * *
Содан бері көп жыл өтті. Мұқағали ақын өмірден кетті. Қабірін қыста қар, жазда шалғын шөп басты. Нөсер жаңбыр көз жасын қиды. Алатаудың көк тұманы бауырына басты. Мен өткен жылы Сайрамдағы сексенге келген Серікбай шалдың немересінің тойында болдым. Бір құлағының мүкісі бар шал көк шайды сораптап ішіп анда-санда майға піскен палауды аузына салып қылғына жұтады.
– Құлағым жөнді естімейді. Тісім жоқ. Қызыл иек атандым. Көзімнің алдын шел торлап келеді, а, а – деді.
– Ата, Қазығұрт тауы нешеде? – дедім.
– А, а, тауды айтасың ба? Ол бабамның бабасымен жасты. Бірақ қартаймайды жарықтық. Жылым қоян. Өзім сексеннен астым, – деді.
Кенет терезесі ашық төргі көрші бөлмеден ән қалықтады. Келіншектің әсем, майда қоңыр үні шықты.
…Кұс та болғым келмейді
Қанатым бар.
Қанатым бар күмістен жаратылған,
Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған, – деп түн қойнауындағы мыңдаған жұлдыздар жымыңдаған мөлдір аспан астында толықсыған айдай албыраған сұлу келіншек домбырамен ән салып отыр екен. Шіркін, даусы-ай!
– Балам, ән салып жатыр ма? – деді керең шал мені таяғымен түртіп.
– Аға, тыныш отырыңызшы сөйлемей. Ән тыңдайық. Мұқағалидың әні. Сіз танымайсыз ол ақынды, – деп шай құйып беріп отырған жас жігіт әкесіне жақтырмай қарады.
– Сөйлепсің, малғұн. Мен Мұқағалиды білмейді дейсің бе? Білемін. Ылғи телевизорден мына Қайнарбұлақтағы Оразбайдың Алматыдағы әртіс баласы Сәбит оның өлеңдерін домбыраға салып айтады. О, ақымақ… Немене, мені тас керең дейсіңдер ме, түгі. Сәбит өлең айтқанда сенің шешең телевізердің даусын қатты шығарып қояды. Мені саңырау деп кім айтты саған, – деп шал бар даусымен айғайлады.
Әнді жөнді тыңдай алмадық. Жабылып қарт адамнан кешірім сұрадық.
– Мұқағалидың әкесі соғыста өліпті. Өзі жетім екен. Әкесінің аялы алақанын көрмеген бала көңілшек болады. Ал сен ақшаның күшімен оқу бітірдің. Сен үшін мал оқыды. Жетімнің не екенін білмейсің. Ақымақсың… Сорлы баланың сорын қайнатыпты ана Алматыдағы ақымақтар. Қуғынға ұшыратып жұмыстан шығарыпты. Жетімегім Қазығұртқа неге ғана көшіп келмеді екен?! Ортамызда тірі жүретін еді осы күндері. Мүмкін, мен оның әкесімен соғыста бірге болған шығармын. Алатаудан Қазығұрттың жасы үлкен емес пе? Бұл жерден Төле би шыққан, – деп шал көсіле сөйледі.
Біз ұялып қалдық.
– Немене, мені қор санап. Байқамай мына палау жеп отырған балаға айтып салып едім «құлағым естімейді» деп. Керек болса ана Қасқасудан шыққан ақын бала Мұқтарды да білемін. Ол да жетім дейді. Ел айтады. Ал, жетімнен шыққан ұландарым, сендер аман болыңдар. Мен де жетім өсіп, әкемнен айрылып, табанымды тас тесіп, маңдайымнан күн өткен. Сендер не білесіңдер, түгі. Жетімді қудалап қорлағандар жер басып жүрмесін. Төлеби бабамның әруағы ұрсын оларды. Жетімдер жетілсін. Әмин! – деп зарлауық шал сақалын сипады.
Ашуға булыққан кәрі шалдың сақалы таңғы желге желпілдеді. Менің денем шымырлап, басым айналды… Көкірегімді ащы өксік қысты. Сол сәтте Мұқағали ақынды ойладым…

Серік ЖАНӘБІЛ

Пікір қалдыру