МҰҢЛЫ ҚОҢЫР

(«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы
аясында жарық көрген «Дегелең» кітабынан үзінді)

 

«..Бес болыс тобықтының отыз екі мың халқынан қырқыншы жылдарға

небары үш жарым мыңы ғана ілініп-салынумен әрең дегенде аман ілініпті».
Қайым Мұхаметханов

Осы қоңыр мекенде ауыл болған деседі,
Қауым болған деседі
қоңыр ғана күн кешкен…

Жолдар ұзап әкеткен,
жылдар ұзап әкеткен
Қайырыла кеп соғыпты мұңлы қоңыр бір бала,
Қоңыр төбе басында ұлылықпен тілдескен.

Апаратын жолдардың барлығы да орнында,
тау-қыры да орнында,
қалып кеткен қалпында.
Бәрі бар да, өзі жоқ, өзегі жоқ тек қана.
Көшкен жұрттан із қалар жеткізетін жетектеп,
Өшкен жұрттың орнында –
көп елес пен көп мола…

Көп елес пен көп мола – мұңлы қоңыр сағыныш,
қоңыр қозы балалық,
қоңыр күндер қорымы.
Сөгітілген ел іші, үгітілген қабырға.
Туған үйдің шам түспес терезесі ешқашан –
суырылған жүректің үңірейген орыны.

Қоңыр төбе үстінде ауыл болған деседі,
Қауым болған деседі
қоңыр ғана тірлігі…
Бұйығы іңір басқанда әлдеқайдан жетеді,
әлдеқайдан еседі қобыз үнді қоңыр жел –
айтылмаған ақтаңдақ өткен күннің шындығы.

Қоңыр бала туған үй – қазір ашық жәдігер,
Түтін де бар он-шақты,
тірлік кешкен жері – осы.

…Мұңлы қоңыр төбені кезіп жүрер кешқұрым
Қобыз үнді қоңыр жел,
қоңыр ауыл елесі.

ҚҰРҚҰДЫҚ
Құрқұдық – біздің көкірек…

Көмусіз қалған қаншама шер мен нала бар,
Жасыра салған қаншама сызат,
жара бар.
Табуға оны тағы бір ғасыр керек-ау,
Шығару үшін қатепті неше қара нар…

Суалған, кепкен,
жанардай мәңгі құрғаған,
Құрдымдай кейпі төңіректің көркін ұрлаған
құдықтан осы,
шұңқырдан осы бір кезде
Тұнық су шыққан дегенге сенбес бір де адам.

Қозғауға қайта қорыққан,
мүмкін ұмытқан,
Шындық бар мұнда шырылдай алмай құмыққан.
Дәл сондай құдық кез келген көңіл көмбеден
шығуы мүмкін
кез келген бұрылыс-бұрыштан.

Аруланбаған нала мен шердің кеселі –
жоғалмайды да,
оңалмайды да,
Көшеді.
Құрқұдық – біздің шерменде, көрдей көкірек,
Көмусіз қалған мұң менен зардың мекені.

СЕМЕЙ
Өз өртіне өзі ғана өртеніп,
Өз мұңына өзі ғана тұншығып,
Сыр білдірмей, жаны сірі үмітпен
тілімделген, тыртық-тыртық қос қолын,
келер күнге,
келешекке ұмсынып

күткен қала.
Бәлкім, түк те күтпеген.
Өкпесі жоқ, ешкіммен жоқ қақ-соғы.
Қара нардай мөлдіреген көзінен
қатарласып сорғалаған бақ-соры

шерлі қала.

Шетсіз-шексіз шыдамы,
рухын таптап тастай алмас тақсырет.
Қамқа тоны өрім-өрім бекзада,
Аппақ жүзі шұңқыр-шұңқыр ақсүйек.

Өзі жырлап,
өзі тыңдап өз зарын,
Өз жасына өзі ғана булыққан
Тағдырының берген уын қасқайып
Мыңқ етпестен маңғаздана қылғытқан

сабаз қала.

Айқайға жоқ, сөзге жоқ,
ісі де жоқ даңғаза мен дүрмекте.
Саған барам,
саған соғам айналып,
Болмысыма үңілмекке, білмекке

кім болғанмын?
қандай едім?
қандаймын? –
сансыз сұрақ мазаласа кейде осы.
Сен – қазақтың дәл бір ғасыр бұрынғы
көмескілеу,
бұлдыр-бұлдыр бейнесі.

Тілімделген, тыртық-тыртық қос қолын,
келер күнге,
келешекке ұмсынар,
Азаптаған, атқанға да өлмеген
сенде Алаштың оянбаған рухы бар.

* * *
Дүниедегі ең аяулы дүние –
естеліктер,
Аяусызы да – дәл солар.
Жанталасып жармасасың жібермей,
Қасірет боп жабысса да қанша олар.

Көшіресің
әнге,
өлеңге,
басқаға
Сурет қылып сақтайсың.
Жүрегіңді жатқанменен паршалап,
Өзің оны паршалауға батпайсың.

Одан асқан жоқ жылу,
Одан асқан жоқ ызғар да,
жоқ суық.
Олар мәңгі ізім-ғайым жоғалса,
Өзің қоса жоғалардай аптығып,

көзің қимай,
көкірегің жібермей,
оралардай,
сезім кешіп не түрлі.
Лақтыруға қимай қалған қоқыстай,
Ең сүйікті тозған жейдең секілді.

Жүрегің бос қалатындай,
құтылсаң,
Жаның қоса кететіндей,
тастасаң.
Сен оларды аяулы деп ойлайсың,
Олар сені аямаған ешқашан.

* * *
Шеңберден шыға алмай қалудан қорықпа,
себебі,
сен одан бәрібір шықпайсың.
Тағы да жаттанды мысал сол –
от пенен көбелек,
дәл соған ұқсайсың.

Шеңберден шыға алмай қалам деп қамықпа,
өйткені
жоқ одан шығар жол.
Болса да,
тағы бір дәл сондай шеңбердің ішінде қаласың
сыртынан қоршаған.

Ал оның сыртында тағы бір қоршау бар.
Кім білген, бәлкім ол төртбұрыш пішіндес,
бәрібір аумайтын бастапқы шеңберден
өзгеше түкте жоқ ішінде еш.

Дейінгі – есте жоқ,
кейінгі – беймәлім,
Біз бәлкім тіпті де қамауда емеспіз,
бәлкім тек уақытша қамалдық.
Бәлкім біз осынау шеңбердің ішінде
асықпай,
жанықпай.
жай өмір сүруге жаралдық.

Ділдә УӘЛИБЕК




ПІКІР ЖАЗУ