МҰРАТАНУ АҚИЫҒЫ

 

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ

Ғажайып күндер еді-ау ол. Өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарының бастау тұсындағы екінші жыл. Жоғары оқу орнынан білім алуға жаңа келіп, дәрісханада отырған көген көз студенттерміз. Кезекті сабақ. Енді қай оқытушы келеді екен? Күттік. Есікті еппен ашып келіп, мөп-мөлдір қара көзі күлім қағып алдымызға шыққан кең маңдайлы, биязы өңді, жылы шырайлы, үстіңгі жағы үшкірлеу келісті қасты, түр-әлпеті құдды Сәкен Сейфуллиннің кескін-келбетіндей сәні келіскен, сұлу бітімді оқытушымыз өзін «Қазақ әдебиеті» пәнінен дәріс оқитын Қабиболла Сыдиықов деген ағайларың боламын» деп таныстырды. Аты-жөндерімізді жеке-жеке сұрап алып, біліскеннен соң дәрісті баппен бастап кетті. Дауыс ырғағында өрекпу жоқ, жұп-жұмсақ, тартымды, тыңдармандарын баурап, өзіне сиқырдай тартып алатын мәнерлі, нақышты қоңыр үндінің өзі. Құлағымыз түрік. Айтары көл-көсір екендігі алғашқы сөз саптау барысынан-ақ ап-айқын көрініс берді. Тақырып аясын кең қамтып, жүректерімізге құюдай-ақ құя бастады. Аузынан шыққанды алдымыздағы дәптерімізге үлгергенімізше жазып алып жатырмыз. Сол тыңдап, жазғандарымыздың өзі-ақ бастапқы семестрдегі емтиханда айна-катесіз кәдеге асып, өз басыма ең жоғары баға алуға мүмкіндік туғызды.

Студенттердің өздеріне ең жақын тартатын ұстазына айналып үлгерген Қабиболла ағайымыз оқытушылығы өз алдына, жауһар жырларымен баурап алатын сыршыл ақын болып шықты. Біздерді, өлең, әңгіме жазуға икемі барларды оқу орнымыздың жанынан құрылған «Жас дәурен» шығармашылық бірлестігіне тартты. Бірлестік тізгінін Атырау аймағындағы поэзия төңірегіне топтасқандардың көшбасшысына айналған жыр дүлдүлі, облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің бөлім меңгерушісі Меңдекеш Сатыбалдиев екеуі тең ұстап, қаламымыздан шыққан әдеби дүниелерді талдап, талқылаудан өткізіп барып, баспасөз беттеріне ұсынатын. Оқу орнымыздың «Әдебиетші» қабырға газетін шығаруға мұрындық болды. Қала берді Жайық өзенінің оң жақ жағалауындағы екі қатарлы қарағай үйдің төменгі қабатында қоныс тепкен Қазақстан Жазушылар одағының Батыс бөлімшесінің жетекшісі, жазушы Берқайыр Аманшин отыратын бөлмеге қарай жетелейтін. Онда белгілі бір күндерде сол кездегі әдеби әлемде еңселерін тіктеп үлгерген Берік Қорқытов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Жүсіп, Хисмет Табылдиев, Жәрдем Тоғашев, Нұралы Әжіғалиев, Қазданбай Қосжановтарға ілесе жоғары курс студенттері Көпжасар Осмағамбетов, Жалғас Сағындықов, Шора Тәжімғалиев, Сайком Еділханов, Шабаз Иманалиев, Амангелді Жылқышиев, Күзембай Әміров, Дүйсенбай Хасанов, Нұрдәулет Ақназаров, Қаржаубай Сұлтанғалиев, Зұлқарнай Дабылов, Қырықбай Бекбаев, Қабази Ғұбашевтер келіп, институт табалдырығынан жаңа аттаған Аманқос Ершуов, Зәмза Қалауова, Мінайдар Нәбиев және өзім де (Төлеген Жаңабайұлы) барып қатар түзеп отыратынбыз. Біз, сапқа енді ғана қосылғандар жағы ұстазымыз Қабиболла Сыдиықұлының аузына қарайтынбыз. Ол асықпай, майда қоңыр үнмен әрбіреуімізді таныстырып шығып, өлең оқуға кезек бергізетін. Содан кейін бар ғой, ой-й, айтпаңыз, жағалай отырғандар оқыған жырымызды жонынан жосылта тіліп сынайтын. Ауыз толарлықтай дүниелерің болса оны әрине, келістіріп мақтайтын. Кейде бір шумақ төңірегінде қызыл өңеш болып, өзара айтысатынбыз. Тіпті өлеңнің бір жолы, бір сөзі жөнінде пікір алуандығы туындайтын. Сондай шақта Берқайыр, Меңдекештермен қатар Қабиболла Сыдиықұлы да орайлы тоқтам айтып, аялы ақыл-кеңес беріп, жөні түзу бағытқа сілтеудің, дұрыстыққа иландырудың кәнігі шебері екендігін танытушы еді-ау. Талдау, талқылаудың ақтық мәресінде өлеңіміздің өрісі кеңейіп, тынысы ашылатын. Кезекті бір бас қосуда ағайымыз:

Өмірде өрге шықсам қуанамын,
Көңілімді рахатқа суарамын.
Жанында бір жеңістің жайлап қалмай,
Арманның ақ толқынын қуаладым,–
деп тек бір өзіне ғана емес, өзге шәкіртеріне де, күллі оқырмандарына да рухани күш-қуат беретін, ілгері жетелеп жігерлендіретін ойлы өлең шумағын оқығаны көз алдымда. Кейін осынау тебіреніс алғашқы жыр жинағында жарияланды.
Иә, ол дұрыс пайымдапты. Бір орында тоқтап қалмай, арманның ақ толқынын қуалап, ілкімді ізденісті, алға ұштасқан ұмтылысты жанына серік етті. Бәріміздің ең қадірменді, ең сыйлы ұстазымызға, ақылшымызға айналып, өзімізбен біте қайнасып, етене жақын болып кеткен зиялы жан Қабиболла Сыдиықұлының бізден басқа да төңірегінде топтасқандардың, таныс, біліс болып сыралғы сыйласқандардың бәрі оған еркінсіп, мейірімді көзқараспен Қаби аға десетінбіз. Бойымыздан титтей болса да ұшқын көрсе үрлеп жандандырып, алаулатуға бар білік – білімін, қабілет-қарымын жұмсаудан танбайтын ұстазымыз бізге тәлім-тәрбие берумен қатар осы тұста өзі де біржола ғылыми жолға түсті.
Қанат етіп арманды,
Шығам шарлап бар маңды.
Мүмкін жолда мекенім,
Мүмкін шыңға жетемін.
Ентелеймін тағы да,
Сол асқарды сағына,– дей отырып, облыстық, республикалық баспасөз беттерінен өткен кезеңдерде өмір сүрген, оқта-текте бір аты-жөндері ғана аталып жүрген ақын-жыраулар жайлы кең ауқымды зерттеу мақалаларымен көрінуді жиілетті. «Өлең туралы ой», «Әңгіме және өмір талабы», «Өлең – жан азығы», «Әдеби мұра – халық игілігіне», «Бір шоқ гүл: Қыршын кеткен ақынның бір шоғыр жыры» және тағы да басқа өлең-жырларға саралау жасаған, тұщымды пікірлер айтқан мақалалары бірінен кейін бірі облыс, өлке, республика баспасөздерінде жарық көре бастады. Бақсақ, ол кезең Қабиболла Сыдиықұлының шаң басып көзден қағаста қалған қаншама көне мұраларды қайта тірілтіп, әдеби әлемдегі соны іздерді айқындауға шындап бет бұрған тұсы екен. Әуелде бірен-саран ғылыми мақалаларымен көзге түссе, енді келіп Қашаубай, Қашаған сынды ақын, жыраулардың кім екендігін індете зерттеп, айдай әлемге әйгіледі. Бұлардан соң жыршы-термешілер Мұрат Өскенбайұлы, Құмар Жүсіпов және Аралбай Оңғарбекұлының шығармашылықтарына ендеп кірді. Қазақ жырларындағы халықтық дәстүр хақында ғылыми дәреже алу үшін диссертация қорғап, филолог-ғалым атанды. Ара-арасында орыс пен қазақтың атақты қаламгерлерінің қолдарынан шыққан еңбектерді таныстырып, зерделеген эсселерді, ғылыми-публицистикалық топтамаларын жазды. Әйтсе де, бәрінен бұрын маңғыстаулық ақын Қашаған Күржіманұлының мұраларын тәптіштеп зерттеуге беріле ден қойғаны бесенеден белгілі болды. Бұл тақырыпқа қайта-қайта айналып соғуын үдетті.


Алпысыншы жылдардың аяқ шенінде Қабиболла Сыдиықұлы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ғылыми қызметкерлік жұмысқа ауысты. Нағыз іздеген ортасына барды. Пайымдап қарасақ, алғашқы қалам тербеулері, Қашаған ақынмен бірге Абыл, Жібек, Сәттіғұл, Есенбақ ақындардың шығармашылықтарын зерделеп, зерттеулері үлкен жолдың бастауындағы үдемелі серпіліс көрінеді. Фольклорлық экпедициямен Маңқыстау, Атырау аймақтарын түгел шарлады. Әрі қарай Қабекең Орал, Ақтөбе, Тарбағатай, Зайсан өңірлерін аралап, олардан да әрі асып, қайда бармады десеңізші?! Қазақ жерінен тысқары аймақтар: Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей елдеріндегі әдеби, мәдени мұраларды түгендеп, жинауға көшті. Шалғай ел-жұрттарды, тау-тастарды, сүрлеу-соқпақтарды кезіп, көне көз қарияларды іздеп барып, тілдерін тауып сарымайдан қыл суырғандай баппен сөйлесіп, қажетті мағлұматтарын ала білген ғалым, «Жоқ іздеген жігіт» атанған бірегей.

1960 жылғы наурыздың 31-інде «Қазақ әдебиеті» газеті қазақтың атақты ақыны Қалижан Бекқожиннің сәт сапар айтуымен Қабиболла Сыдиықұлының бір топ өлеңдерін жариялады. Қалижан ағасы жас дарынның өршіл, сыршыл өлеңдерінен романтикалық асқақ үн, сырбаздық леп есетінін қуана паш етті. Сонымен қатар «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта кестелі поэзиялық шығармалары басылып, шабыт тұғырына көтерілген Қабекеңнің оған ілесе өлеңдері мен дастаны топтасқан «Теңіз лебі» атты жинағы 1968 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көріп, қуанышын одан әрі еселеді. Сахнада тыңдарманын баураған атыраулық композитор Самат Мәдиевтің әуендеріне жазылған «Қаһармандар», «Ақ сәуле» деген әндері шырқалды. «Кейде» деген бір өлеңінде:
Шыққан күн аңға сайланып,
Аң болмай ыза қылады.
Мылтықсыз жүрсең жайланып,
Алдыңда қашпай тұрады.

Өлең де келмес іздесең,
Желпінбес ой мен қиялың.
Ойда жоқ бейқам кезде сен,
Селдетіп келіп құяды,–
деп өзі айтқанындай жырдың ақпа-төкпе нөсерін әрі қарай осылайша селдетіп, көлдетіп туындата берсе поэзияның шырқау зеңгіріне шығары кәміл еді-ау. Бірақ осыған дейін ақындық пен ғалымдықты егіз қозыдай бірінен-бірін айырмай қоса атқарып келген ол енді ғылымның қия шыңына қарай дараланып өрлеуін жеделдете түсті. Бұл қазақ ғылымы үшін ділгір сала екенін ұқты. Жиған-тергендерін, көрген-білгендерін сарсыла саралап, иінін қандырып ғылыми жүйеге түсіру барысында мігір көрмеді. Соның нәтижесінде «Ғылым» баспасынан 1974 жылы жарық көрген «Ақын, жыраулар» атты монографиясында Қабиболла Сыдиықұлы ілкіде аты аталған сөз зергерлерімен қатар Абыл Өтембетұлы, Шынияз Шанайұлы, Сүгір жырау Мырзалыұлы, Қашқынбай Қожамбетұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Сәттіғұл Жанғабыловтардың шығармашылық әлеуеттерін кеңінен талдай отырып, ақын Ығылман Шөрекұлының, Мұрын жырау Сеңгірбайұлының өмірдеректері мен ақындық, жыршылық жолдарын да қысқаша қамтып өтті.
Ғылымның қатпар-қатпар қыртыстарын ақтару, оларды жүйелеу сынды машақаты бастан асатын ғылыми жұмыстарды толассыз атқарып жүрсе де, қанша қиындықтар кездессе де жастайынан серік болған өлең шіркіннен іргесін ажыратпай «Үш Қиян» атты поэзиялық жинақты тағы дүниеге әкелді. «Шапақ шашып» атты өлеңінің бір шумағында:
Өзін емес, өзгені ойлап,
Ел іргесін қымтап жауып,
Іс артынан бір іс туып,
Жата алмайды тағат тауып,–
дегенінде маған ақын Қабиболла Сыдиықұлы өзінің сан қырлы, тынымсыз тірлігінен хабар бергендей әсер етті. Өлең-жырға ғашықтық дағдысын өзіне оқта-текте оралтқанымен әдеби, ғылыми салалар үшін өте-мөте керекті бес ғасырлық көне мұраларды тірнектеп жинап, зерттеп, қайта тірілтуді мақсат етіп тыным-тыныштық көруді қойды. Көбі қолдың ұшы да тигізілмеген, беті ашылмаған көмбе күйінде жатқан еді. Ақын Насихат Сүгірұлы туралы жазған зерттеу еңбегінде Қабиболла Сыдиықұлының: «Қағаз бетіне түскен өлең, толғаулары тәркіленді. Қымбатты қазынасындай көріп, жаттап айтып жүргендер жұмған аузын аша алмай, қолындағы ақын өлеңдері жазылған қағаздарын сұқ көзге түсірмей құртуға, жыртуға мәжбүр болды» («Бес ғасыр сөйлейді». «Арыс» баспасы. 2014. 351-бет) деуі тегін емес болатын, ол кешегі кеңестік әпербақан саясаттың жасаған зорлығы, ащы шындық. Бұл жалғыз Насихат шығармаларының ғана басына үйірілген қара бұлт емес, ақтаңдақ болған көне мұра иелерінің бәріне ортақ төнген қордаланған қауіп. Сол бүркеулі жатқан, көзден қағас қалған, біржолата жоғалу қаупі төнген қымбат қазыналардың бәрін көмбеден аршып алу, теріс пиғылдан арашалап қалу, әрине, оңайға соқпасы хақ. Оны жақсы білсе де, зерделі зерттеуші халықтық мүдде үшін басын бәйгеге тігіп, нар тәуекелге барды.

Астанадан алшақтап 1982-1984 жылдары Форт-Шевченко қаласындағы Т.Г.Шевченконың мемориалды музейі кешенінің директоры қызметін атқарған кезеңінде де Қабиболла Сыдиықұлы теңіздің жанға шипа ауасын жұтып түбекте жатып алмай, байырғы кәсібін жалғастырып, жиған-терген мұралардың, қолжазбалардың бас-аяғын түгендеп, ғылыми жүйеге түсіріп мігір көрмеген жан. 1984 жылдан бастап Алматыдағы бұрынғы институтына аға жетекші – ғылыми қызметкер болып қайта оралған ғалым сексенінші жылдардың ортасынан аса Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдеби һәм музыкалық мұралар жинау жөніндегі екі бірдей экспедициясына ғылыми жетекшілік етіп, көршілес республикалардағы аяқ жетер ауыл-аймақтарды қалдырмай аралап, қыруар көне қазынаның бетін ашты. Біз, алдынан білім алған шәкірттері алыста жүрсек те Қаби ұстазымыздың осылайша шалғай аймақтарда, бірде ана өңірде, бірде мына өңірде ғылыми сапарларда жүргендігін естіп, сол тынымсыз, тағылымды ізденістерінің нәтижелерімен баспасөз жүзінде жарияланып жатқан еңбектерін, баспадан шыққан кітаптарын көріп, оқып, «КСРО халықтары әдебиеті мамандығы бойынша аға ғылыми қызметкер» атағына ие болғанына куә болып аса зор ризалық сезімге бөленіп, мерейімізді өсіргенбіз. «Біздің ұстазымызды Мәскеудің өзі мойындады» деп бөркімізді аспанға ата қуанғанбыз. «Ақын, жыраулар» монографиясынан кейін «Дала жыршылары», «Сарқылмас қазына», «Халқымен қайта табысқандар» және тағы да басқа әдеби зерттеу, тарихи публицистикалық еңбектерді бірінен кейін бірін баспадан шығарып, барша оқырмандарына, ғылыми ортаға табыстады, өлмес мұраға айналдырды.

ҚазМУ-де оқып жүргенінде ғұлама Мұқтар Әуезовтің өз ауызынан Абайтану курсын тыңдаған студент Қабиболла Сыдиықұлы курстың семинарлық сабақтарында «Ақын, ақындық жөніндегі Абай ойлары хақында» деген тақырыпта баяндама жасайды. Кейін бізге, Атырау пединститутында осы тақырып негізінде «XV-XIX ғасыр. Қазақ әдебиеті және Абай шығармашылығы» туралы дәріс оқыды. Кең де мазмұнды бұл тақырып одан әрі байытылып, кітабының бір тарауына енгізілді. Өз еңбектерінде, сондай-ақ, ақындар Махамбет, Мұрат, Шәлгез, Қашаған, Ақтандар туралы деректер қорын молайтумен қатар Сәттіғұл, Қарасақал Ерімбет, Елбай, Шынияз, Насихат, Бала Ораз, Досы, Кердері Әубекір, Түмен, Қалнияз, Досжан, Қайып және өзге де ондаған ақын, жыраулардың кім екендіктерін, артындағы мұраларын іздеп тауып, тынымсыз жинап, баспадан шығарып бүкілхалықтық әдеби, ғылыми, мәдени айналымға қосты, өз қолымен орталық ғылыми қорға сенімді сақтауға тапсырды. Сөйтіп Қабиболла Сыдиықұлының толассыз ізденісі, қалам құдіреті бес ғасырды бірдей қамтыған көне мұраларды сөйлетіп, қазақтың ауыз әдебиеті әлеуетін байытып, ғылымға баға жетпес орасан зор үлес қосты.

Бір ғажабы, Қабиболла Сыдиықұлы алыс-жақындағы бұқаралық ақпарат құралдарының қай түрінен де қол үзбей тұрақты байланыс жасап, өзі тапқан көне мұраларды, кешелі-бүгінгі әдеби ортаны талдап, таразылап жазып, жариялау үшін ұсынудан, насихаттаудан жалыққан емес. Атырау облыстық телерадиоком­пания­сында қызмет істеп жүр­генімде Қабекең ағай­ымнан екі рет хат алдым. Біріншісін 1992 жылғы желтоқсанның 22-сінде жіберіпті. Хат­тың өн бойынан ­ кішіпейілдіктің лебі есіп тұр. Өзінен он жас кіші шәкіртімен сәлемдесуді үлкен басы­мен «Қадірлі…» деп бастап, әрі қарай атымды атап барып, айтарын айтқан. Сөзінде шәкіртім ғой деп міндетсінудің, бәлсінудің кішкентай болса да ізі болсайшы! Мұны кәдуілгі қарапайымдылықтың, инабаттылықтың көкесі демеске болар ма, сірә?! Амандық-саулық сұрағаннан кейін:

«…жазу, жариялау ескі дерт қой. Сіздерге екі нәрсе жолдап отырмын: 1) Мұрат хақында. Өлеңдерін оқуға керек болар дедім. 2) «Ақкиізтоғайдан қанат қаққандар»… Эфирден берілгенін де жөн көрдім… Хабарласып тұр. Ағаң Қабиболла. Алматы» деп түйіндепті. Ара-арасында аз-мұз қысқартылған жері болмаса хаттың негізгі мәтіні осы. Әуелі дикторымыз Орынша Қапанқызына эфирден оқу үшін дайындап беруге «Ақкиіз тоғайдан қанат қаққандар» атты толғанысты қолға алып едім. Оқи бастағанда-ақ мазмұнының көкейге қонымдылығымен, тартымдылығымен өзіне еріктен тыс тарта жөнелді. Сюжеті, композициясы, тұтастай фабуласы неткен керемет! Тілі қандай шұрайлы, иірімді, төгіліп тұр-ау, төгіліп тұр?! Әдеби өрімге қатыстыны «Төрт аяғы тең жорға» деп дәріптегенде дәу де болса осындайды айтсақ керек.

«Ақкиізтоғай! Осы сөзді естісем-ақ жүрегім жылып қоя береді… Дүниенің шартарабына тарап кеткен осы бір аядай ауылдың ақ қанат көгершіндері алыс аймақтан адаспай, шалдықпай, шаршамай самғай келіп, бір көріп, алтын топырағына бір аунап кеткенде бір жасап қалмай ма?! Шіркін, барлық өмірің бастау алған Туған Ауыл! – деп тебіреніп алып Қабиболла ағамыз туған ауылының төрт құбыласын түгендейді. – Түстігі – Сарықұмақ қырқалары, шығысы – Жәлеке, Омартоғай мен Жыңғылтоғай, терістігі – Көлқұдық жайлауы, батыс беті – Жиенай, Қараш белестері, солардың дәл ортасында – Жем өзенінің «бетегеден биік, жусаннан аласа» бір қабағына орналасқан Ақкиізтоғай!». Осылайша шалқып барып бір тоқтап, әрмен қарай аялы ауылының сан қилы тірліктерін, әдемі көріністерін аузына алып, балалықтың бал шырынын терген мезеттерін, мектеп қабырғасындағы жарқын да жайдары шақтарын ой елегінен өткізеді. Соған жалғас Ақкиізтоғай перзенттері Меңдекеш, Аманқос, Өтеген, Айтуар және басқалардың ақындық асуларына барлау жасайды. Әсіресе, Меңдекеш Сатыбалдиевке деген ықылас, ниеті шалқар. «Меңдекеш жүзі де, жаны да нұрлы адам еді, сөйлескен, пікірлескен, сырласқан, тіпті алғашқы кездескен кісінің өзін де баурап, ықыласты әңгімелесетін. Бауырмал, сезімтал, рухы биік, кісілігі мол жан еді… – деп өмірден кеткен адуын ақынды өткен шақпен еске алып, кітаптарын атай келіп, – …Бәрі де зергер қолынан шыққан әдемі мүсіндердей мөлдіреп тұр» деген аталы сөз айтады. Толғаныстың қорытынды бөлігінде: «…Көз алдымда – Ақкиізтоғай, аса арындамай сыздықтай, сылдырап ғана ағып жатқан Жем жүлгесі де, жел тербеген жасыл қияғы да, тоғай-тоғайлықтардағы, қойнау-сайлардағы өсімдік біткеннің бәрі-бәрі де ән салып, жыр толғап, күй жебеп тұрғандай…» деп тебіреніспен толғанады. Керемет публицистикалық шалқыма.
Екінші хатын Қабиболла Сыдиықұлы бізге, Өтепберген Әлімгерейұлы екеумізге 1994 жылғы ақпанның 22-сінде жолдапты. «Кеше ғана анау қырда жоқ еді, қайдан шықты боз ат мінген отыз жас» дегендей, отыз емес, алпыс деген ақсақалдықтың өзі төбе көрсетті…» дей отырып бұл жолы ғалым Ғұбайдолла Ахметұлына қатысты материалды және өзінің бір топ өлеңдерін электронды БАҚ-тарға оқу үшін жіберген.

Бұл Қабиболла Сыдиықұлының бізге жазған хаттарының бірді-екілісі ғана. Мұндай хаттарды ол талай тұрғыластарына, жүздеген мекемелерге, ондаған ғылыми орындарға, билік өкілдеріне жолдап отырған. Ерекше таңғаларлық жәйт – сол хаттардың көшірмелерін, келген жауаптардың бәрін ерінбей-жалықпай рет-ретімен текшелеп тігіп, сөресінде сақтауға қоюы. Мақалалары, эсселері мен очерктері, өлеңдері, өзге де материалдары жарияланған газет-журналдарды да мұқияттап жинап, мұқабалап, шүйдесіне қай басылым екендігі, жылдары жазылып қойылғандығы да қызықтырмай қоймайды. Не деген ұқыптылық деймін-ау?! Оның шет жағасын алпысыншы жылдары Қаби ағайымыз Атырау қаласында тұрған шағында ақын Аманқос Ершуов екеуміз үйіне бір барғанымызда көріп, таң-тамаша болып кеткенбіз. Бертінде Қабекеңнің мерейтойына орай Алматыдағы үйінен республикалық телеарна түсірген телехабарды көргенімізде біздің баяғы көзайым болған көрінісіміз қазіргі жаңадан көргенімізге қарағанда ойнап қалғанын байқадық. Тігінділер қаз-қатар сап түзеп, байытылып, көлемі ұлғайтылып, отбасылық аумақты мұрағатқа айналғандығын көз көріп, көңіл сергіді.

Отбасылық осынша ауқымды мұрағаттық дүниелерді, сирек жәдігерлерді сақтап, ұстап-тұту, күту, халық қадесіне жарату оңай шаруа емес. Оның үстінде энциклопедияларға енген, қазақ әдебиеті тарихына, ерте дәуірдегі қазақ әдебиетіне, қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуіне, ХІХ және ХХ ғасырлардың ақындарына, қазақ әдебиетіне қатысты еңбектері қаншама?! «Маңғыстау» энциклопедиясын жасақтауға сіңірген еңбегі тағы ересен. Мұрағаттардағы шаң басқан жәдігер-қолжазбаларды дүйім жұрттың игілігіне жаратты. Қырымның қырық батырын түгендеді. Батырлардың санына қатысты әуелгі айтылып келген әртүрлі пікірлерді ғылыми тұрғыда тиянақтап: «Шындығында, «Қырық батыр» қырық бір батырды қамтитын отыз алты жырдан тұрады» (Қабиболла Сыдиықұлы. Көптомдық. 5-том. 25-бет) деп нақтылады. Қаншама ақын-жыраулар мұраларын баспаға даярлауға қатысты, қаншама сөз сүлейлерінің кітаптарын көз майын тауысып, сарсыла құрастырып, жарыққа шығарды? Түптеп келгенде, осылардың бәрі-бәріне ерік-жігер, күш-қуат қайдан табылған деп ойламасқа әддің қалмайды. Бұл сауалдарға қайтарылатын жауаптардың түп төркініне үңілгенде, әрине, ғалымның өзімен қатар оның рухын көтеруші, дем беруші, шынайы қолдаушы, қолтығына алып қолпаштаушы, бар мұрасын көздің қарашығындай сақтап, жинақтап, жарыққа шығарушы жан жары Гүлшат Омарқызы болғандығына имандай сенесің. Ұлан-ғайыр ұлағат иесі Қаби ағаға бірден-бір лайықты перизат осы Гүлшат сұлу болғаны қандай ғанибет?!. Иә, қателескен жоқпын, дәл өзі – Гүлшат сұлу, Гүлшат ару! Солай болды да! Бір кезде біз Қаби аға мен Гүлшат сұлудың махаббаттарына, бас қосып, үй болуларына қатысты қызықты, шым-шытырық хикаяларды республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің беттерінен оқып, олармен Алматыда қатарлас оқыған әріптесім Әнуарбек Қосанұлының ауызынан естіп, таң-тамаша қалғанбыз. «Жетісудың аққуы ол» деп қояды Әнуарбек. Дәл осы жайтқа байланысты эпизодтың бір ұшын Қабекеңнің Гүлшат ханымға арнаған өз жырының бір шумағынан да кездестірдік:
Ғашық болдым өлердей-ақ құмартып,
Сен де сондай бір мінезді шығардың.
Жол торыды Бекежан мен Қодарлар,
Бұл заманда болмаса да шығар түк… –
деп келтіріпті-ау. Өте орынды толғаныс, айдай айқын шындық. Бір өзінде құдай берген қабілет пен дарын бар, талант пен білім бар, өн бойында сырбаздық пен жайсаңдық бар, қасында өмірлік серігі, сұңғыла сұлу Гүлшаты бар Қаби аға тірлігінде бақытты ғұмыр кешті. Оны көз көріп, жүрекпен сезіндік.

Қаби ағайымызды соңғы рет 1993 жылғы жазда Ақкиізтоғайда ақын Аманқос Ершуовтың мерейтойында көргенмін. Жерлес шәкіртіне арнал­ған салтанатты жиында шалқи сөйлеп, ақтарыла ақ тілегін арнаған. Ерте­ңін­де жиені Аман Жанкеевтің үйінде дәмдес болғанбыз. Бұл ақырғы дидарласуымыз екен. Бізге кейінгі жазған хаттарында денсаулығының ояздау екендігін сөз арасына қосып кеткен еді. Сол ояз денсаулық ақыры 2001 жылғы наурыздың 23-інде бұ дүниемен қоштастырып тыныпты ғой. Дегенмен өзінің жібек мінезімен, мақпал үнімен, терең білімдарлығымен ерекшеленген, дүниетаным аясы кең, бітімі бөлек тұлға біздің де, барша қауымның да жүректерімізде мәңгілікке қонақтап қалды. Сөзсіз, ол – дара дегдар. Өмірден өтер шағына дейінгі Қабиболла Сыдиықұлының бітірген шаруасы, қазақ ғылымына қосқан үлесі ұлан-ғайыр. Оның бұл тірліктерін тұрғыластары «Бір өзі бір академияның қызметтерін атқарды» деп те бағалады. Еліне, жеріне, ғылымға сіңірген жемісті еңбектеріне қарай алған абырой-атақтары да аз болмады. Қызмет еткен аймақтары қадірлеп Форт-Шевченко қаласының, Жылыой ауданының, сондай-ақ, Ақшымырау-Қызан, Ақкиізтоғай ауылдарының Құрметті Азаматы сынды ресми атақтармен ұлығылады. Ие болған өзге де марапаттары тағы бір төбе. Қаби аға бұ дүниеден өткеннен соң да тұғырлы тұлғаға деген құрмет жалғасын тауып келеді. Атырау, Ақтау, Құлсары қалаларында және тағы да басқа жерлерде ізгілікті шаралар легі өткізілді. Солардың басы-қастарында Гүлшат апамен бірге ұл-қыздары Оспан, Манас, Інжу, Маржан, немерелері жүрді. Ақ жүректерін айқара ашып жүрген дос-жарандары да, ағайын-туыстары да жетерлік?! Маңқыстау облыстық ғылыми әмбебап кітапханаға, Құлсары кентіндегі шағын ауданға оның есімі беріліп, Жылыой ауданының орталығында ескерткіш мүсіні орнатылды. Көшелерге атау беріліп, тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Енді міне, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес пен ғалымның жары Гүлшат Омарқызының құрастыруымен Алматыдағы «Қазақ кітабы» баспасынан Қабиболла Сыдиықұлының көптомдық шығармалары мен еңбектерінің он томы жарық көріп, қолға тигізілді. Бұлар қазақтың әдеби қорына, ғылымына қосылған үлкен олжа. Иә, дәл солай! Сөз жоқ, үлкен олжа!
Әмбебап ғалым, айтулы ақын, мұра тану ақиығы Қабиболла Сыдиықұлы­ның жүріп өткен жолы біле білсек, ғибратпен астасқан, шынайы шежіремен шендескен сара жол. Ол жол, даусыз, нағыз өнеге өрісі, ғылым жолын қуғандарға бағдар тұтар темірқазық.




ПІКІР ЖАЗУ