МҰСТАФА АҒАЙДЫҢ АРМЕНИЯҒА САПАРЫ

 Мұстафа Шәмбілұлы Ысмағұлов 1914 жылы 7 қарашада Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылында дүниеге келген. 1930 жылы бастауыш мектепті аяқтап, Қазақ орман техникумына түседі. Бірақ I курсын ғана тәмамдап, денсаулығына байланысты оқуын тастайды. Кейін Қызылорда сауда техникумына түсіп, 1934 жылы есепші-бухгалтер мамандығы бойынша бітіреді.

Сол жылы қыркүйекте Қазақ Өлкелік комитеті комсомолының жолдамасымен Балқаш өңірі құрылысына шақырылып, онда бастапқыда есепші, кейін сельхозкомбинаттың материалдық бөлігі бойынша бухгалтері қызметін атқарады. 1936 жылы Тынық мұхит флотына жедел қызметке шақыртылып, Владивосток маңындағы авиамектепте оқиды. Денсаулығының жарамсыздығына байланысты одан 1937 жылдың қыркүйегінде шығып кеткен. 1937 жылғы желтоқсаннан 1939 жылдың қараша айына дейін Қарағанды осоавиахим мекемесі облыстық кеңесінің төрағасы міндетін атқарады. 1942 жылы Алматыдағы барлаушылар мектебін бітірген. 1954 жылға дейін НКВД саласында жедел уәкіл болған.

Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті органынан босаған соң Мұстафа Ысмағұлов білімін толықтыру үшін ҚазМУ-дың журналистика бөліміне түсіп, 1960 жылы аяқтады. Қазақстан ҒА-ның философия және құқық институтында 1957 жылдың шілде айынан бастап жұмыс істеді. Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды деректер жинаған. Әсіресе, Боғда, Еспай, Сейтек, Зәмзәм Есжанова, т.б. күйлерін таспаға жаздырған. 1982 жылдан Махамбеттің «Шашақты найза, шалқар күй» атты жинағын шығаруға атсалысты және оның домбырасын тауып, республикалық халық аспаптары музейіне тапсырды.

Ол Батыс Қазақстан өлкесінің өткен кезеңдері, тарихи тұлғалары туралы құнды деректерді, архивтік материалдар мен фотосуреттерді, 120 күйдің пленкасы мен Махамбет пен Дальдің достығы туралы жазылып бітпей қалған романның қолжазбасын, түркі, араб, парсы тілінде жазылған көне кітаптар туралы мәліметтерді Астрахан, Москва, Ленинград, Саратов, Омбы, Орынбор архивтерінен тірнектеп жинаған.

М.Ысмағұлов қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев, алғашқы қазақ журналистерінің бірі Елеусін Бұйрин, ойшыл ақын, қоғам қайраткері Ғұмар Қараш туралы зерттеп, зерделеді. Аталмыш тұлғаларды зерттеген М.Ысмағұловтың деректері мен қолжазбалары Атырау және Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.

Мұстафа Ысмағұлов ел ішіндегі көне деректерді, тарихи оқиға куәгерлерін іздеп, түрлі іссапарға жиі шыққан. Солардың бірі 1979 жылы 6 маусымнан 29 шілдесіне дейінгі экспедиция. Маусым айының 6-сы күні Алматыдан аттанған Мұстафа Шәмбілұлы РФ Волгоград облысының Красный-кут қаласында, бірнеше ауылда қазақтармен жолығып, Бөкей Ордасының тарихына қатысты көптеген мәлімет, жазба дерек жинайды, Ленинградтағы Шығыстану институтының бөлімінде қазақ тарихына қатысты көптеген құжат көшірмесін алады. Мәскеу қаласында Тамимдар Сафиев пен Мұхамед-Хафи Мырзағалиевтің үйінде болып, құнды суреттер мен жазбаларды сатып алады. Батыс Қазақстан облысының Фурманов ауданының Көктерек, Жұлдыз ауылдарында қазақтың тұңғыш драматургі Ишанғали Меңдіхановтың ұрпақтарымен жолығады. Жымпиты ауданының Бұлдырты ауылында қарт ұстаз Хасан Дабаровқа іздеп барып, ол кісі жинаған құнды кітапхана жайлы ақпарат алады. Осы сапарында Арменияға, Ереван қаласына да барып, көне қыпшақ тілінде жазылған ескерткіштермен танысады. Төменде ғалымның осы экспедиция жөнінде жазылған есебінің Армения кезеңін орыс тілінен аударып беріп отырмыз (Бұл құнды құжатты ғалымның әріптесі, профессор Қабдеш Ыдырысов сақтап қалған). Және сол жылы қараша айында «Қазақстан мұғалімі» газетінде жарияланған «1581 жылғы Қыпшақ (қазақ) грамматикасы туралы» атты мақаласын да ұсынамыз.

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

ҚЫСҚАША ЕСЕП

Қазақ КСР Мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының Әдебиет және жазба мұралар секциясы ұйымдастырған 1979 жылғы 6 маусым мен 29 шілде аралығындағы экспедиция кезінде жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижелері туралы

І.

1979 жылғы 6 маусымда Алматыдан экспедицияға аттандым…

1979 жылғы 18 маусымда Мәскеуге келдім және сол күні-ақ №55 жедел пойызға (Москва-Ереван бағыты) билет алдым. 21 маусым күні таңертең Ереван стансасына жетіп, бірден Армян КСР-інің Мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамына бардым. Бұл қоғамның басшыларынан қонақ үйге орналасуға көмек сұрадым.

Армян КСР Мәдени ескерткіштерін қорғау қоғамының Орталық Кеңесі басшылары – Арутюнян мен Элларян жолдастар тарапынан маған көрсетілген ізетті және жылы қарым-қатынасты атап өту орынды әрі лайық деп санаймын. Олар мені Матенадаран кітапханасына жақын тұрған «Ани» қонақ үйіне орналастырды. Сонымен қатар, Арутюнян мен Элларян Ленинградқа ұшу үшін жоспарланған экспедиция тапсырмасын орындау мақсатында «ТУ-154» ұшағына алдын ала орын брондап беруге де қамқорлық танытты.

Арутюнян жолдас телефон арқылы Армян КСР Ғылым академиясының академигі, Матенадаран кітапханасының директоры жолдас Л.С.Хачикянмен байланысып, маған көмек көрсетуін өтінді. Атап айтқанда, қазақ халқына, әсіресе қыпшақ тайпасына қатысты мәліметтері бар көне кітаптар мен қолжазба дереккөздерімен танысу үшін жеке қолдау көрсетуін сұрады.

Арутюнян, Элларян және академик Хачикян жолдастардың тарапынан көрсетілген қамқорлық пен көмек маған Матенадаран қорында қазақтарға қатысты сақталған және орталық залда көрмеге қойылған кітаптар мен қолжазба материалдардың мазмұнымен танысуға мүмкіндік берді.

Әйгілі Матенадаранда болғанымда Элларян жолдас маған былай деді:

«Мұнда қазақтар жайлы мәліметтері бар кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Олар армян мен қазақ халқы арасында осыдан 600 жыл бұрын мәдениет, тіл және халық медицинасында байланыс болғанын және дамығанын дәлелдейді. Мен өзім бұрын «Дилижан-Эдживан» деп аталған, қазір «Қазақ ауданы» деп аталатын тарихи өңірдің тумасымын. Ол Армян, Әзербайжан және ішінара Грузин КСР-інің шекаралық түйіскен жері. XIV ғасырда, 1332-1336 жылдары моңғол шапқыншылығынан кейін бұл өңірге қыпшақтар (половецтер) қоныстанған екен. Мен Армения Компартиясы Қазақ аудандық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы ретінде мұны жақсы білемін. Ол қыпшақтар кейін XIV-XV ғасырларда Ақ Қойлы мен Қара Қойлы деп аталған».

Элларян жолдастың ежелгі кезеңдерде-ақ армян-қазақ қатынастары болғаны туралы айтқан дерегі Матенадаран қорында сақталған кітаптар мен қолжазбалардағы түпнұсқа дереккөздер арқылы расталды.

Осы дереккөздермен таныстыру үшін Матенадаран директоры, академик Л.С.Хачикьян маған көне жазбалар жөніндегі терең білімді, жасы үлкен ғалым О.С.Еганянды бекітіп берді. Ол мені кітап сақтау қоймасына және көрме залдарына ертіп апарды. Сол жерде ол маған кітаптар мен қолжазбалардың атауларын оқып берді, олардың барлығы армян әріптерімен жазылған, бірақ армяндардың өздері «қыпшақ тілі» деп атайтын тілде, яғни қазіргі қазақ тіліне жақын тілде жазылған еді.

Атап айтқанда:

  1. Армян-қыпшақ сөздіктері;
  2. Армян-қыпшақ мәтіндері, оның ішінде:

а) Грамматика – қыпшақ тілінің құрылымын сипаттайтын ережелер жинағы;

б) Армян және армян-қыпшақ тілдерінің тарихы – ежелгі ғалым Лусиктің түсіндірмелері мен талдауы арқылы берілген;

в) Сол Лусик құрастырған түсініксіз сөздер мен тіркестерге арналған сөздік – «Исалтыра» және басқа еңбектер.

  1. Христостың дүниеге келу тарихы – діни мазмұндағы қолжазба, қыпшақ тілінде.
  2. Ұзақ өмір дәрісі және басқа да жазбалар.

Бұл кітаптар мен қолжазбалардың ғылыми маңызы өте зор, осыдан 600 жыл бұрын армян-қазақ арасында байланыс құралы болған тіл мен мәдениетті зерттеу өте пайдалы болар еді. Бұл тақырып қазақ филологтарын, қазақ тарихшылары мен басқа да қоғамдық ғылым мамандарының зерттеуін күтіп жатыр. О.С.Еганян жолдастың айтуынша, бұндай кітаптар мен қолжазбалар бұрын Батыс Еуропада — Варшавада, Львовта, Ленинградта, Венцияда да кең таралған, қазіргі кезде олардың бірнеше данасы табылған. Біз үшін маңыздысы – қыпшақ тілі деп аталған тіл, шын мәнінде, қазақ тілі, ол ежелгі кезде ұлтаралық қатынас тілі ретінде қызмет еткен. Міне, мені ерекше қызықтырып, Ереванға баруға мәжбүр еткен де дәл осы нәрсе болатын.

Армян ғалымдары «біздің көне кітаптар мен жазбалардың тілі – қазақ тілі, ал жазу белгілері – көне армян әріптері. Біз кез келген мәтінді оқи аламыз, бірақ қазақ сөздерін түсінбейміз, ал қазақтар көне армян әліппесін білмегендіктен, өз тілінде жазылған мәтінді оқи алмайды» дейді. Сондықтан да бұл аса құнды дереккөздер жеткілікті зерттелмей, қорларда жарияланбай жатыр.

Бұл мәселені шешу үшін Қазақстан университеттерінің 4 және 5 курс студенттерінен құралған арнайы топты Арменияға жіберіп, көне армян әріптері мен қазіргі армян жазуын зерттеуге болар еді. Олардың славян және қазіргі орыс әріптерінен айырмасы бар. Қазақстанда гуманитарлық ғылым салалары үшін мамандар даярлау мәселесін Қазақ КСР үкіметінің алдына қою қажет деп ойлаймын. Бұл ғылыми мәселе бойынша филологтар, тарихшылар, медициналық зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары арасында пікір алмасу ұйымдастырылса тиімді болар еді.

Келешекке сәуегейлік жасағым келмейді, алайда ортағасырлық қазына – армян мен қазақ халықтарының бай мұрасын терең әрі мақсатты түрде зерттеу біздің білімімізді молайтып, ғылымның жеке салаларын дамытуға үлес қосары анық. Осы тұрғыда, ғалым О.С.Еганян былай дейді: «Сипатталған грамматикалық құрал (авторы Лусик Саркавак деп болжануда – М.И.) – армян-қыпшақ тілінің түрлі уақыт формаларын жүйелі түрде көрсететін ерекше тізім. Бұл құралда бірдей реттілікпен 184 етістікке 7 уақыт формасы беріледі.» О.С.Еганян әрі қарай түсіндіреді: «Бізді қызықтыратын «грамматика» курсивпен бір бағанда жазылған, әр бетінде 28-34 жол бар». Ал «Ұзақ өмір дәрісі» еңбегінде не бар? Бұл туралы армян ғалымдары, соның ішінде О.С.Еганян да ештеңе жазбаған, себебі олар қазақ тілін білмейді.

Менің ойымша, көне ғылымның қыр-сырын меңгеру – болашақта өте маңызды әрі қажетті іс. Онымен батыл әрі табанды түрде айналысу керек.

1979 жылғы 24 маусымда Ереваннан Ленинградқа ұшып келдім…»

Қазақ КСР Мәдениет ескерткіштерін қорғау Орталық Кеңесінің Әдебиет және жазба бөлімі бюросының мүшесі

(Мұстафа Исмағұлов)

1979 жылғы 5 тамыз, 

Алматы қаласы, Заводская көшессі, № 21 үй

1581 жылғы Қыпшақ (қазақ) грамматикасы туралы

Биыл Қазақ ССР Мәдениет ескерткіштерін қоғау қоғамының Орталық Советі ұйымдастырған әкспедициямен Ереван қаласына бардым. Ондағы архивтерден қазақ халқының орта ғасырлар дәуіріндегі еленбей келе жатқан әдеби мұраларын іздестірдім. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын Армян ССР-ның мәдениет қайраткерлерінің бір тобы Алматыға келгенде Армения Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Р.Г.Хачатрянның «Армян халқы мен қазақ халқы достығының тарихи тамырлары ерте замандардан басталады» деген сөзі есімде еді.

Ереван қаласында Армян ССР Мәдениет ескерткіштерін қоғау қоғамы Орталық Советінің бастығы Арутюнян Вараздат Мартировичпен және Элларян Искандер Барсеголовичпен кездестім. Оған неге келгенімді айттым. Бір кезде Арутюнян телефонмен біреумен сөйлесті де: «Ани» қонақ үйінен сізге бір бөлме берілетін болды. Документтеріңізді даярлаңыз. Бүгін көп сырластық, ертең тағы да пікірлесерміз. Тынығыңыз» деді.

Келесі күні В.М.Арутюнянмен қайтадан кездестім. Бұл жолы ол: «Армения, Грузия және Әзірбайжан шекараларында Қазақ ауданы бар. Мен ондағы елдің көне тарихынан хабардармын. 1332-1334 жылдары Шыңғыс хан басқыншылары осы жерді жаулап алғанда Аққойлы және Қарақойлы деген екі руы болыпты. Солармен армян халқының қарым-қатынасы жақсы болғаны тарихтан белгілі» – деді.

– Дұрыс айтасыз, осы екі рудың аттары, халқымыздың жыраулары мен ақындарының жырларында кездеседі.

– Солай ма?

– Иә.

– Қыпшақ деген ел бар ма?

– Ол халқымыздың бір руы. Одан шыққан Қобыланды батырды мақтан етеміз.

– Олардың тілі қандай?

– Қазіргі қазақ тілі.

– Солай ма?

Ол телефонмен біреулермен сөйлесті де маған қарап: «Сізді әлемге әйгілі Матенадаран кітапханасының директорына жолықтырайын. Ол білімдар ғалым, әйгілі академигіміз» деді.

– Рахмет.

Кітапхананың директоры академик Л.С.Хачикян ақжарқын жан екен. Танысқан соң:

– Осыдан бір ай бұрын хат жазған сіз екенсіз ғой? Онда армян тілін, емлесін білмейтініңізді ескерткен екенсіз. Оған көмектесеміз.

Осы кезде директордың кабинетіне қарт кісі өз тілінде сөйлей кірді. Директор екеумізді таныстырған соң:

«Бізде көп болмаса да, кейбір қолжазбалар бар. Олар армянның көне әліппесімен қыпшақ, яғни қазақ тілінде жазылғандар» деді.

О.С.Еганян екеуіміз кітапхананың қолжазба қорына келгенде алдымыздан жас әйел қарсы алып, көрме залына апарды. Сом емен ағаштан жасаған столдың үстіне жатқан армян әліппесімен жазылған қолжазбаларды, кітаптарды үстінен әйнекпен жауып қойыпты.

– 2267 номерлі қолжазбаға назар аударыңыз, – деді О.С.Еганян. Мұндай қолжазбаның саны – сегіз, – деп түсіндірді ол. Солардың ішінде сізге қажеттілері:

  1. Армян-қыпшақ (яғни қазақ) грамматикасы.
  2. Армян-қыпшақ (яғни қазақ) тілдерінің тарихы.

3.Ұзақ өмір сүргізетін дәрі.

Қалғандары – христиан діні туралы. Бәрінің авторы – Лусик Саркават.

– Қай жылы жазылған?

– Қазіргі жыл санау бойынша 1581 жылы.

Ескі Армян және қыпшақ (қазақ) грамматикасында етістіктің жеті түрлі септелулері бар. Оларға 184 мысал келтірілген. Оған қоса 500-дей зат есімдер мен сын есімдер бар. Сондықтан бұлардың бәрі де тіл ғылымын зертеуші мамандардың назарын аударуы тиісті.

О.С.Еганянның айтуынша «Армян-қыпшақ, (қазақ) грамматикасының тілі» — кәдімгі қазақ тілі. Осы кезде қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазып жүргеніміздей сонау 1581 жылы армян халқының көне әріптерімен қазақ тілінің грамматикасы жазылған.

Көне армян әріптерінің саны отызға жетпейді. Сондықтан оларды бір-екі айда үйреніп, қолжазба кітаптарды еркін оқуға болады.

Тағы да көңіл бөлетін мәселе – армян мен қыпшақ (қазақ) тілдерінде жазылған қолжазба кітаптар Киевте, Львовта, Варшавада, Венецияда, Лондонда бар екенін де О.С.Еганяннан естідік. Сондай-ақ осы кітапханада сақталған қолжазбалардың жетпіс проценттен астамында әлі де түсініктеме жазылмапты. Олай болса солардың арасында жоғарғыдағыдай қолжазбалардың болуы да мүмкін екендігіне О.С.Еганян көп назар аударды.

Сөз түйіні – ғылым тарихы тынбай ізденуді, ерінбей еңбектенуді қажет етеді десек, Ереван қаласындағы кітапханадан көргендерімізді түбегейлі зерттеу В.М.Арутюнян, И.Б.Элларян, О.С.Еганян сияқты білімпаздардан естігендерімізді ерінбей іздестіру – біздің де ортақ ісіміз болуға тиісті.

Мұстафа Ысмағұлов,

Қазақ ССР Ғылым академиясының

Философия және право институтының

ғылыми қызметкері

«Қазақстан мұғалімі» газеті, 1979 жыл 16-қараша, №46




ПІКІР ЖАЗУ