Мағзұмның үйі

 Мағзұмның үйі

Мағзұм Қосшыдан үй салып алған. Астанаға тиіп тұрған қаладан үй салып алған қуанады ғой. Кірген жылы туыс-туған, жора-жолдастың бәрін үйіне шақырды. Сенбі-жексенбі сайын ет асылды.

Негізі Мағзұмның Астанада туысы жоқ. Тек қайын жұрт жағынан болмаса. Олай болатын себебі, өзі шеттен көшіп келген жігіт. Қызды осы Астанаға көршілес облыстан алып отыр.

Шынын айтқанда, әлгі сенбі-жексенбі сайын асылатын ет те сол қайын жұрт жақтан келетін. Мағзұм әйелі Ақмаралды ғана емес, атасы мен енесін де жақсы көретін жігіт еді. Жас күнінде осы Ақмаралға ғашық боп, біреу-міреу алып қашып кетпей тұрғанда немесе әке-шешесі біреуге ұзатып жібермей тұрғанда қолына қондыру үшін өзі құда түсіп барғанын қалай есінен шығарсын. Әке-шешесі алыста, шекараның ар жағында, өзі үйдің үлкені, келіп-кетіп жүретін інілері құда боп баруға жарамайды. Қазақстанға кеп, болашақ қайын жұрты тұратын қалаға оқуға түсіп, төрт жыл оқығанда тапқан аға-достарын ертіп барып еді, жеме-жемге келгенде олар ауыздарына құм құйылып, жоралғыны атқара алмай қалған соң, амалсыздан мән-жайды өзі түсіндіріп еді. Сонда болашақ қайын атасы мен енесі шеттен келдің-ау, ешкімің жоқ-ау демей, қызымыз келісіп тұрса, біз де қарсы болмаймыз дегенде бұл жылап жібере жаздамап па еді?!

Мағзұм болашақта өсіп жатсақ  тарлық қылмайтындай болсын деп, үйді төрт бөлмелі етіп салған. Әзірге әйелі, бір ұлы мен бір қызы – төрт жан болып тұрып жатқан. Балалары бір-бір бөлмеден меншіктеп, әйелі екеуі жатын бөлмені жайлап, соның өзінде қонақ күтетін бөлме бос қалып, оған жатар алдында Мағзұм кіріп, шамын жағып бір қарап ап, өзіне өзі тамсанып жүрген.

Бұлар осы үйде екінші рет қыстаймыз деп, отын-суын дайындап отырғанда қайын жұрт жағынан бір отбасы көшіп келсін.

Мағзұмның қайын атасының туған інісі Құсайын Астанадағы үйін жаздан бері жөндетіп жатқан, сол жөндеуі созылып кетіп, ақыр-аяғында тездетіп бітіру үшін өздері біржола шығып, құрылысшыларға беретін болған екен. Басында пәтер жалдап тұрамыз депті де, бірақ әрі кетсе бір айда жөнделіп бітіп қалар, соған бола шығындалып қайтеміз деп, бұларға келген соң Мағзұмдар бас тарта алмаған. Сөйтіп елуге таяп қалған Құсекең өзінен төрт-бес жас кіші Жанар деген бәйбішесімен, жоғарғы сыныпта оқитын екі баласымен, бастауышта оқитын және екі баласымен – бас-аяғы алты жан болып көшіп келген.

Алғашқы күндері ақкөңіл Мағзұм «Өз үйлеріңізде жүргендей жүре беріңіздер», «Қысылмаңыздар», «Келіңіздер, төрге шығыңыздар», «Ештеңеге әуре болмаңыздар» деп бәйек болып жүрді. Қонақтары да риза болып, рахметтерін айтысып, қомпаңдап қалатын секілді еді. Көп өтпей, Мағзұмның осындай лебіздерін жақтырмайтындарын байқатты. Құсайын «иә, отырамын ғой» деп міңгір етсе, Жанар сәл қабағын шытып, Мағзұмның сөзін толық тыңдамастан басқа әңгіме айтып кететінді шығарды.

Басында Құсайындарға қонақ бөлмені және балалар жатып жүрген екі бөлменің біреуін босатып берген. Олар ыңғайсызданып, аз уақытта осы бір бөлмеде тұра берейік деп, заттарын да түгел сол қонақ бөлмеге жинап, өздері де балаларымен сол жаққа жатып жүрген. Бірақ уақыт өте келе үлкен балаларын ана бөлмеге шығаруға қарсы емес екендерін жеткізді. Бірақ олардың үлкендері біреуі ұл бала, біреуі қыз бала еді. Екеуін бір бөлмеге жатқызған ыңғайсыз болар, біздің балалар кішкентай ғой, өзімізбен жатса да ештеңе етпейді деп, Мағзұм екі баласын жатын бөлмеге көшіріп, ана екі бөлмені де босатып берді. Сөйтіп Құсайындар үш бөлмені, Мағзұмдар бір бөлмені иемденіп қалды.

Мағзұм өздері тұратын кезде жұмыстан келгенде ішке «Ассалаумағалейкөөөм» деп әндете амандасып кіретін әдеті бар еді. Өзінің үйге келгенін, әрі көңіл күйі жақсы екенін солай сездіретін. Құсайындар көшіп келген соң да ол әдетін бірден қойған жоқ. Қоямын-ау деп ойламаған да еді. Бір күні Жанар Ақмаралға: «Осы күйеубаланікі кіріп-шыққан сайын амандаса беретін не әдет, өзі уахабист боп кеткеннен сау ма?» – депті. Ақмарал осыны айтқанда Мағзұм күлген де қойған. Бірақ Ақмарал күлмеген еді.

Ақмаралдың күлмейтіні, екі әйелге бір ас үй қашанда тарлық етеді ғой. Жанар ыдысты басқаша жинап, азық-түлікті де өзінше пайдаланып, Ақмаралдың істеген шаруаларын ұнатпай, күн өткен сайын билігін күшейте берген. Соның буымен Мағзұмның айқайлай амандасып кіретінін де жақтырмай, онысын Ақмаралға батырыңқырап айтып жіберген ғой.

Бір күні Мағзұм тура солай амандасып кіріп келгенде бірдеңе салдыр ете қалды. Жанар жуып тұрған темір шарасын түсіріп алған адамша тастай салыпты. Ақмарал оны анық байқаған. Түнде балалары ұйықтап, күйеуі екеуі оңашаланып сөйлескенде айтып берді. «Құрсын, мына кісілер кеткенше айқайлап амандаспай-ақ қойшы», – деді сосын.

Мағзұмның балаларына да қиын соға бастады. Құсайынның балаларымен ойнаса, Құсайын мен Жанар екеуі екі жақтап, «Әй анау өйтті», «Өй мынау баламды құлатады», «Бір жерін ауыртады» деп, абыр-дабыр қылады. Бала деген сезімтал келеді ғой, уақыт өте келе Мағзұмның балалары Құсайынның балаларынан қашқақтап, тездетіп жатын бөлмеге кіріп кеткісі кеп тұратын болды.

Құсайынның пәтері жөнделуі қиын пәтер болды. Құсайын мен Жанар аптасын екі-үш рет сол үйге барады, барған сайын ашуланып келеді. Өздері де жетісіп жүрген жоқ қой деп Мағзұм мен Ақмарал олардың көңіліне қарайды. Олар болса құрылысшыларды сырттарынан сыбап, бар ашуларын дастархан басында шығарады. Ешкім-ешкіммен ұрсыспаса да, кешке қарай үйдің берекесі қашады. Бір айға жетпей жөндеп бітіреді дегендері бекер болды. Осы үйге көшіп келгендеріне тура отыз күн өткенде құрылысшылар жұмыстың жартысына да жетпегені белгілі болды.

Мағзұм жұмыстан кеш келуге тырысатын әдет тапты. Демалыс күндері бала-шағасын алып достарының үйіне қонып қалғанды тәуір көретін болды. Мереке мен демалыс күндері қатар келсе, алыс болса да қайын-жұртына тартып кетіп жүрді.

Бір күні кешкі астан кейін сыртқа шығып оңашаланып тұрды да, оқыстан келген бір ойына өзі күліп жіберді. «Ішетін де әдетім жоқ, әйтпесе ретін келтіріп өтірік мас боп кеп қуып шығып, артынан кешірім сұрап құтылар ма едім» деген. Осы ойын түнде әйеліне де айтты. Ренжіп қала ма деп қипақтап, әрең айтып еді, Ақмарал аузын көрпемен жауып ап сықылықтап кеп күлсін.

Мағзұм демалыс күндері Құсайынның пәтеріне барып, құрылысшыларға көмектісі кеп кететін. Бірақ онысын айтса, Құсайын мен Жанар шарт кете ме деп, бата алмады.

Былтыр қыста үйіне кеп ет жеген достарының ешқайсын шақыра алмады. Есесіне қайын жұрты бірі қалмай осы үйден дәм татты. Көбі бір емес, бірнеше реттен келді. Қонақ келген күндері Құсайын да, Жанар да жадырап, басқа адамға айнала қалатын. Тек кісі кетіп, жуылмаған ыдыс, жартылай желінген тамақтар қалғанда ғана алдымен Жанар, одан соң Құсайын тырысқан қалыпқа, ал Мағзұмдар аяғының ұшымен жүретін күйге қайта түсетін.

Өстіп жүргенде көктем келді. Құсайындар жөнделіп жатқан пәтерлері туралы тіпті айтпауға көшті. Мағзұмдар Құсайындар тамақ ішіп болған соң ғана дастарханға келетін әдет тапты. Өздеріне солай ыңғайлы еді. Құсайындар да бұлардан жалыққан адамша өздері ішіп алған соң ыдыстарын кейде жуып, кейде жумай бөлмелеріне кіріп-кіріп кететін болған.

«Мына кісілер пәтерлерін жөндетіп болып, біреулерге жалға беріп қойған жоқ па өзі», – деп қалжыңдады бір күні Мағзұм. Ақмарал күлді. Бірақ бұрынғыдай сықылықтап күлген жоқ. Құсайындар бұл үйден ешқашан кетпей қоюы мүмкін деген ой оны қорқытып жібергендей еді. «Әлде өзіміз пәтер жалдап шығып кетсек пе екен?» – деді бір күні Мағзұм. Бұған екеуі де күлді.

Бір күні Құсайындар заттарын жинай бастады. Бұл уақытта олар Мағзұмдармен ренжісіп жүрген адамдарша көп сөйлеспейтін болып алған еді. Көшіп кететіндерін айтуға да лайық көрмеген болуы керек. Үнсіз көшті.

Тура кетерінде Құсайын: «Жақсы, хабарласып тұрамыз ғой», – деді. Жанар да: «Үйге келесіңдер ғой», – деді. Рахмет дегенге ұқсас сөз ауыздарынан шыққан жоқ. Есесіне Мағзұм мен Ақмарал, тіпті екі баласы қонақтарға кеткені үшін рахмет айта жаздады.

Алғаш осы үйге кіргенде бұлай қуанбаған шығар. Мына төрт бөлме өздеріне қайта тигеніне өздері сене алмай, мәз болды. Түнде балалары өздерінің бөлмелеріне кетіп, бұлар күндегіден ерте оңаша қалды. Осының өзі керемет дүние екен ғой. Түннің бір уағына дейін шыдап, балаларының әбден ұйқыға кеткенін күтіп, содан келесі күні мең-зең боп оянып, қыс бойы содан да шаршап жүрген екен.

– Саған рахмет, – деді Ақмарал күйеуіне жақынырақ жатып. – Бір қабағыңды шытпадың ғой.

            Даусы жыламсырай шықты.

– Мен осы елге көшіп келгеніме, балаларым осы елде туғанына, аман-есен өсіп келе жатқанына шүкір етемін, өзің білесің ғой, – деді Мағзұм. – Сендер үшін ғана алаңдап жүрдім, әйтпесе мен осы күнге жетемін деп қиындықтың не түрін көрген адам емеспін бе, етім өліп кеткен.

* * *

            Сол қыстан кейін Құсайындар Мағзұмдарға сирек хабарласатын болды. Мағзұмдар Құсайындардың жөнделген пәтерін келесі жылы көктемде бір-ақ көрді. Оның өзінде Ақмаралдың әке-шешесі келгенде бірге барған. Обалы нешік, ол жолы Құсайын мен Жанар құрақ ұшып қарсы алып, жандары қалмай күтті, енді.

Астана, 16 ақпан, 2024 жыл

   Нұрым

(Бейімбетше)

Нұрым сымбатты жігіт. Бірінші көрген адамның өзі «мына жігіт кім екен» деп қарап қалатындай.

Нұрымның атасы біраз тәрбиелеп бақса да бұдан онша үміт күтпегенге ұқсайды. Бірақ әкесі қатты сенді. Үй әперіп, өзін отау қылып шығарды.

Бұлар отау боп шыққанда күн енді суып, әлсін-әлсін жауын жауа бастаған уақыт еді. Нұрымның әйелі алғашқы жауында-ақ, ауыз үйдің төбесінен су тамшылайды екен деп шағым айтты. Ержетіп қалған үлкені де мен жататын іргеден суық соғады деді. Ортаншысы қыз бала еді, жаңа үйіміздің иісі жаман, терезе дұрыс ашылмайды, ашылып-жабатындай етіп берсеңіз деді. Кішісінің бойы қол жуғышқа жетпейді екен, әйелі кеп оған да не орындық қойып бер, не тағы бір шағын қолжуғыш әкеп бер деді. Нұрым сырттың жұмыстарынан шаршап келген кісісініп, кешке бұның бәрін жүре тыңдап, күнін өткізе берді.

Қара күз келіп, күн біржола суыды. Ауыз үйден шелек кетпейтін болды. Іргеден соққан суық та күшейді. Жанған от бықсып, күлімсі иіске түтін араласты. Үй дұрыс жылымай жүрді. Кішкентай ұл да кір-қожалақ боп жүруге үйрене бастады. Басқалары Нұрымға шағымын айтқанда сол ғана әкесінің алдынан күліп шығып, ойнағысы кеп тұрады.

Нұрым бір күні сырттан шаршаған кісіше ырғалып келгенде әйелі, үлкен ұлы, қызы – үшеуі үш жақтан төбеден аққан тамшыны, іргеден соққан суықты, көзді ашытатын, жүректі айнытатын иісті айта бастап еді, Нұрым шарт кетті. Қабағын түйіп, өзіне қарасты жамағатқа тура қарап тұрып былай деді:

            – Бүгіннен бастап мына үш мәселе айтылмасын: төбеден тамшылаған су, іргеден соққан жел, үйдің ішіндегі иіс. Түсіндіңдер ме?

            Әйелі, үлкен ұлы мен қызы бастарын изеді. Кішкентайы жүгіріп кеп, бұны құшақтап алды. Нұрым мейірленіп оны көтеріп алды. Бетінен сүйейін деді де, ол ойынан тез айнып, бастары салбырап тұрған әлгі үшеуге қарап:

– Мына бала бойы жетпесе, сендер кезек-кезек көтеріп бетін жуа салмайсыңдар ма? – деді.

Нұрым сымбатты жігіт. Нұрымның күші де көп. Бірақ Нұрымда ми жоқ.

Арман ӘЛМЕНБЕТ




ПІКІР ЖАЗУ