Мақсұтқан Дәлейұлы. Аялдашы, сағым дәурен…

БАҚЫТ ЕКЕУ БОЛМАЙДЫ

Әр кімнің бар әр қияда таңдауы,
Аңсатады арман атты тау жалы.
Тоғанақ та топанымен өлшенбес,
Қаңбақтың да болар сәрі салмағы.

(Еңку-өрлі еңістің бар қайқаңы,)
Адамның да саңлағы бар, сайтаны.
Болжамы да аусай кетіп дананың,
Кейде келер сандырақтың байқамы…

Әр кеудеге бір кіреді зарлық мұң,
Әр пендені бір соғады тағдыр – түн.
Жер шарыны күнде тегіс құша алмас,
Гүлге құйған сусыны да жаңбырдың…

Бағын тіле,достың, мейлі, қастың да!
Бақыт кейде табаныңның астында.
«Жыртық үйдің тәңірі бар» дегендей,
Кейде арманы келіп жатар мастың да…

Бай шалқыса лағы төлдеп егізден,
Бая жүрер балық таппай теңізден.
Кейде жаяу бөктереді бәйгені,
Сайгүліктен өте шығып өгізбен…

Кейде мылқау аузын бөгеп шешеннің,
Тақыс мінер төрде тағын көсемнің.
Өмір – базар, есіңді алып ескеуіл,
Есегіне айырбастар есердің.

Деме әсте жақтаушым жоқ жартымын.
(Кемін берер, алған тағдыр артығын).
Кейде байдың мың тайының ішінен,
Бөрі тарар жабағысын жарлының.

Тас лақтырма көпке ортақ көпірге!
Жетімге кеп желкөрікше көпірме!
Дүниенің, міне солай, қызығы,
Наполион да ғашық болған кемпірге…

Кейде төрде екі билік сүзісіп,
Шетінесе шекелері қызысып,
Солар үшін халық жікке бөлініп,
Жер-әлемді өрт жалмайды,мұз ысып…

Сойқанды да қанды мылтық оқтатқан,
Жалғыз ауыз ата сөзі тоқтатқан.
Айырылмастай бірге туған ағаны,
Тымырсық бар тиын үшін соттатқан…

Бет жыртыспа, берілгенде қызыққа,
Тек құрыспа, көмілгенде суыққа!
Қайран өмір шая салар қадірін,
Тоқтамасаң ұят деген сызыққа.

Бар қадірін сезінбесең – сол қайғы,
Көр көңілге көл құйсаң да толмайды.
Құшағыңда жеті қатын жатса да,
Алла бермей бақыт екеу болмайды.

 

… КІМ БІЛСІН?!

Кекес пенен кереңді,
Міңгірінен мың білсін.
Телегей мен тереңді,
Теңіз кешпей кім білсін?!

Тасқа соқпай кемесін,
Таяздықты кім білсін?!
Құшпай улы жебесін,
Аярлықты кім білсін?!

Ұстағанда жалынан,
Жылқы сипап тұр дейді-ау.
Құтылмасын соғымнан,
Қайран тұлпар білмейді-ау.

Шомды түйе қомында,
Кебежеде өскенбіз…
Періштелер тобында,
Түскеміз жоқ көктен біз…

Балалықтан баршындап,
Даналыққа барарсың.
Атың тұрмас аршындап,
Ғибратқа қанарсың…

Бәз біреулер аш жүріп,
Тастан тайып құлайды.
Бәз біреулер асқынып,
Тақтан тайып құлайды.

Біреу жүрер өкпелеп,
Құл болуға жарамай.
Біреу жүрер төтелеп,
Көкте күнге барардай.

Біреу жүрер тайлағын,
Тау көтерер нар көріп.
Біреу жүрер аймағын –
Туған жұртын жау көріп.

Жекен сулы өңірге,
Жетеріңді кім білсін?!
Жеті жаннат өмірге,
Енеріңді кім білсін?!

Арман-түлкі қуғында,
Нетеріңді кім білсін?!
Қайсы күні құрдымға,
Кетеріңді кім білсін?!

 

ҰМЫТПАН

Қуанышым мәңгілік таусылмасын!
Таусылмасын, жалыны басылмасын!
Бірақ, жаным, ұмытпан әкеміздің,
Жау қылышы қиғанын асыл басын.

Қазың бақыт көлінде мамырласын!
Жаның қайтып қайғыдан ауырмасын!
Бірақ, жаным, ұмытпан, итжеккенде,
Мұз құшқанын көмусіз бауырласым!

Тауелсіздік мәңгіге тарылмасын!
Әр күніміз күлкіден арылмасын!
Бірақ, жаным, ұмытпан,
Ат жалында,
Жат қолында кеткенін қарындасым!

Мынау, дербес таға алман өмірге мін,
Көк ту мәңгі көгімде желбірегін!
Бірақ, жаным, ұмытпан, бұған дейін,
Ғазез қаны бабамның төгілгенін,
Қабырғасы анамның сөгілгенін…

 

ОЙ-ХОЙ, ДӘУРЕН…

Ой-хой дәурен зымырамай аялда!
Келе жатыр аттыға еріп жаяу да.
Ақсақ та бар, тоқсақ та бар қатарда,
Бәрі де бар өмір атты сапарда…

Қанатыңды неге сонша тездеттің?
Дауылдаттың, жаңбырлаттың, желдеттің?
Біреу жүрсе емін іздеп өлместің,
Біреулерді ауруға меңдеттің…

Бәз біреулер шалқып толса теңіздей,
Ал, біреулер күйсіз көлік өгіздей.
Бірі-біріне теңелсінші, жетсінші!
Аялдашы, жаңбыр-дәурен өткінші!

Елу асқан, өшкіндеген жанары,
Анау ағам үйлене алмай барады.
Армандарын құшсын бәрі көзжазған,
Аялдашы, сағым дәурен – боз жалған.

Қырық асқан қынай белді гүл қыздар,
Демегейсің балғын жүрек мұңсыздар.
Арман жұбын тауып алсын оларда,
Ой-хой дәурен, аялдасаң боларма?!.

Құрғамаған көз жасы бар жетімнің,
Қурап солған құмары бар жесірдің.
Бәрі-бәрі де аңсау шөлін қандырсын,
Аялдашы, ерке дәурен-есіл күн!

Көре алмаған жарығындай соқырдың,
Емін әлі тапқамыз жоқ обырдың.
Талай қыршын кетіп қалды мезгілсіз,
Келте қылдың күнін неге өмірдің…

Біреу асық немересін көруге,
Риза емес көрмей оны сөнуге.
Дәурен сенің тездігіңнен зулаған,
Пенде жоқ-ау от құшпаған өмірде?!

Көрген, түйген кеменгерден, кесірден,
Ғибраттар-менің де өмір кешірмем.
Үлгергенше жүрегімнің сазын сап,
Ой-хой дәурен, аялдашы байыздап!!!

Мақсұтқан Дәлейұлы

Пікір қалдыру