Максим КУЗИН. РОЛЛАННЫҢ ПОРТРЕТІ

1

Өмірде жолым болғанын айтуым керек… Ылғи да солай – қай нәрседе де, барлық жерде де жолым болғышпын, бірақ ең басты жолым болғаны өмірде кездесетін адамдарға байланысты. Менің ең басты байлығым осы адамдармен адами тұрғыдағы жаймашуақ қарым-қатынасымда жатыр. Осындай жылы қарым-қатынастарым болмаса, мына дүниеде өмір сүріп керегі не? Кім үшін, не үшін? Басқаша айтуға болмас, маған Құдайдың құдіретімен тағдыр жолықтырған сондай адамдардың бірі – Роллан Сейсенбаев. Онымен кездескен сәттен бастап менің өмірім барынша күрт өзгерді. Біздің алғашқы кездесуіміз… Нақты қашан екені есімде жоқ – сірә, ерте көктемде ғой деймін. Мұның еш маңызы да жоқ, ең бастысы – кездескеніміз… Ол кезде Қазақстандық баспасөз клубы «Аспириннің» екінші қабатында болатын; халықтың жалпақ тілінде Стратегиялық жоспарлау жөніндегі агенттік ғимараты осылай аталды; ол әлі күнге дейін ЦУМ-ға қарама-қарсы беттегі ескі алаңда бәз-баяғыша тұр. Мен баспасөз конференциясына келгем. Мұндай баспасөз мәжілістері сол кездерде – Астана Қазақстанның бас қаласы болған алғашқы жылдарда, тура мағынасында, күніне он реттен өткізілетін. Мен ұмытпасам, «Астана Радиосының» тілшісі болып істеймін, ауық-ауық эфирден хабар оқып, репортерлік шаруамен айналысамын, яғни қаланы олай да бұлай шарлап, оқиғадан оқиғаға, жиыннан жиынға үлгеріп жүгірінді болып жүргенім. Кейде кейбір конференциялардың, тіпті, не нәрсеге арналатынын білмей-ақ бара беретінбіз. Ештеңе етпейді, бара көресің дейді редакциядағылар.
Мына баспасөз конференциясы да сол сипаттас болды – әншейін телефон соқты да, уақыты мен орынын айтты. Әлдебір журналдың немесе кітаптар топтамасының тұсаукесері ме екен?.. Қысқасын айтқанда, мен қайда және не үшін екенін өзім де білмей, әйтеуір келе жатырмын. Жиынның басталуына әлі біршама уақыт бар, ашық терезе жанындағы баспалдақта темекі шегіп алуға аялдадым. Темекіні тұтатқаным сол, баспалдақтан әлдебір адам мен тұрған алаңға түсті. Қолындағы жіңішке керім сигаретті шыр айналдырып келеді. Бейтаныстың өтінгенін де күтпестен, өзім қолымды созып, оттығымды шырт еткіздім. Дене бітімі шымыр, дембелше бойлы бейтаныс адам темекісін тұтатып, алғысын айтты. Аз-кем уақыт темекімізді үнсіз тартып, терезеге қарап, дүниенің қысқы ұйқыдан қалай оянып жатқанын тамашаладық. Содан соң бейтаныс менің қайда жұмыс істейтінімді сұрады. Жауап бердім… Сосын ол Астанадағы ауа райын сұрады, тағы да жауап бердім. Бірдеңелер жайында тағы да сөйлестік… Сосын баспалдақтан Шолпан көрінді де, баспасөз конференциясын бастайтын уақыт болғанын айтты. Біз темекімізді соңғы рет сорып, жартылай тартылған сигареттерімізді бір мезгілде дерлік лақтырып, залға бірге кірдік. Тек бейтаныс кітаптар мен журналдар жатқан үстел басына барды да, мен журналист әріптестеріммен бірге залдағы орындыққа отырдым. Ендігі өзіңіз де аңғарған шығарсыз, осынау дембелше бойлы, шымыр тұрпатты адам Роллан Шәкенұлы болып шықты. Алғаш рет біз осылай кездескен едік.
Баспасөз конференциясында ол өзінің жобасы – әлем әдебиетінің республикалық «Аманат» журналы жайлы, ғаламшардың аса көрнекті жазушыларының таңдаулы шығармалары кіретін «Аманат» журналының 200 томдық кітапханасын басып шығаруды көздеген жаңа жобаның басталғаны жайлы әңгімеледі. Бірақ мені селт еткізген басқа жағдай. Роллан Шәкенұлы баспасөз конференциясында жас авторларды іздеп тауып, олардың шығармаларын «Аманат» журналында басатынын айтты. Бұл кезде менің екі хикаятым жазылып болып, казактар әңгімелері топтамасының нобайы жасалып қойылған-ды. Қиындығы көп кішкентай бала сияқты, «94-тің мамыры» атты бір хикаятым үшін жаным әсіресе қатты ауыратын. Сонда оның жасы жетіге толған-ды. Мен оны Мәскеуге апардым, қолтығыма қысып, баспаларды түгендеп шықтым. Георгий Данелияға көрсеттім. Ол оны бір апта оқыды, сосын хатшысы арқылы шығарманың жақсы екенін, бірақ өзі оны ешқашан баспайтынын айтты. Мәскеудің, одан соң Қазақстанның баспалары да маған дәл осылай «ешқашан» деген жауап қайтарды. Өйткені, хикаят бірінші Кавказ соғысында шешендер жағында соғысқан орыс жалдамалылары туралы болатын. Содан менің жаным ауырды, мына бір «ешқашан» деген сөз жанымды күйдіріп күйзелтті… Ішімде бір наразылық өрті өршіп, осы «ешқашанға» қарсы көтерілді. Осы хикаят жарық көргенше бір де жол жазбаймын деп мен өзіме сөз бердім. Ал кеудемде ойлар, болашақ әңгімелердің сюжеттері, образдары буырқанып қайнап жатты, шиыршық атып сыртқа ұмтылды, бірақ мен оларды шығармадым, сондықтан олар менің жанымды өртеп азаптады. Мен ештеңеге сенбейтін халге жеткен едім, Роллан Шәкенұлының сөзіне де тым селқос қарадым.
Дегенмен де, жиын аяқталғасын қасына келіп, сүріне-мүдіре, сондай да сондай хикаятым бар еді, бірақ ол үйде, соны қалай көрсетсем екен дегенді айттым… Баспасөз конференциясынан кейін журналдар мен кітаптарға толы үстелдің жанында, Роллан Шәкенұлының жанында араның ұясындай құжынаған адам; ештеңеге мұршасын келтірер емес, бір мезгілде бірден бірнеше сұраққа жауап беріп, қолтаңба таратып жатыр. Сөйтсе де ол қалың нөпірдің арасынан саңылау тауып, «Турист» (қазір – «Абай») қонақ үйінде, 312-ші нөмірге тоқтағанын және ертең кететінін, егер мен бүгін кешке қолжазбаны әкеліп берсем өте жақсы болатынын айтып үлгерді. Құдайға шүкір, бұл кезде менде әртүрлі сиялармен жазылып, төрт-бес реттен өшіріліп, сызылып, шимайланған емес, «Астана Радиосының» ди-джейі Мәдина Маханованың мейірімділігі арқасында жөнге келтіріліп компьютерде басылған әп-әдемі қолжазба бар еді.
Кешке мен «94-тің мамыры» хикаятының қолжазбасын алып «Турист» қонақ үйінің 312-ші нөміріне алмағайып сезімдермен бет түзедім. Қобалжуымда қауіптену көбірек еді… Ашық түрде болмаса да, «сосын», «кейінірек», «бәлкім», «мүмкін» дейтін уәделермен бүркемеленген қарғыс атқыр «ешқашан» тағы да алдымнан шыға ма деп қауіптендім. Кез-келген жәйтке байланысты және кез-келген жағдаятта «жоқ» деген сөзді есту өте ыңғайсыз. Ал шығармашылық істерде кеудеден кері итеруді білдіретін «жоқ» сөзі мүлдем зорсынып, жан дүниенің терең түкпірлерінде болған ядролық жарылыс зобалаңын бастан кештіреді. Неге бұлай болатынын мен білмеймін. Егер жайшылықтағы өмірде біреу айтқаныңызды істемесе, кеудеңізден итерушіге жауабын келістіріп беріп, бұл ыңғайсыз күйден оп-оңай шығып кетуге болар еді. Ал бірақ өз шығармаңды әлдебіреудің төрелігіне апарған кездегі шегер азапты ешнәрсемен салыстыра алмайсың… Өзіңнің туындың жайында әртүрлі сипаттағы және міндетті түрде сөге жамандаған болмаса да, жалпы кез-келген пікір-пайымды есту өте қиын. Енді, міне, мен де сөйтіп, анасы баласын әкелгендей, өзімнің хикаятымды апара жатырмын. Енді, осындай бала туып қалды, кішкене сылтып басады, бір көзі қылилау және ептеп кекештенеді, дегенмен, туып қалды ғой, енді қайтеміз… Шығарманы қайтадан күзеу-түзеу дегеніңіз өте ауыр тиеді – тірі жүректі паршалап кесумен бірдей… Бірақ мен неде болса маңдайымнан көремін деп келе жаттым, жан-жүрегімде жаңағыдай сезімдер аласұрды.
Нөмірге қалай көтерілгенім, есікті қалай қаққаным есімде жоқ. Есімде қалғаны, Роллан Шәкенұлы үстел басында, бірдеңе жазып отыр, көп шегілген керім темекінің иісі қолқа қабады. Ашық-шашық түйіншектерде қобыраған кітаптар, «Аманат» журналының әртүрлі сандары. Мен ұсынылған орындыққа абдыраулы күйде отыра кеттім де, не істеп, не айтарымды білмей аңтарылып қалдым. Мұнда кісінің қолы бос емес, жұмыспен әуре, ал мен болсам шимай-шатпағымды әкеліп тұрмын. Паһ, Достоевский табылған екен! Менің абдыраған түрімді көрген Роллан Шәкенұлы – сұңғыла адам бірден қысқа қайырып, бұлтартпай сұрады. «Хикаят қайда?» Қолжазбаны алғасын тақырыбы мен бірінші бетіне мұқият қарап, сосын үстел шетіндегі қағаздар бумасының үстіне ұқыптап қойды да, іскерлік райда: «Түнде оқимын» деді. Сосын іле-шала менің «Аманатты» оқыған-оқымағанымды сұрады. «Жоқ» дегенімді естіген соң үстел басынан тұрып, түйіншектерден екі журналды алып, маған берді. Мен оларды алғысымды айтып алып, дереу кетпекші болдым. Роллан Шәкенұлы өзінің ұялы телефонын жазып алуым үшін сәл кідіртті. Үйге жаяу жүріп келдім. Бірақ менің ойларым, өзіме солай көрінгендей, болашағым шешілуге тиісті әлгі қонақ үй нөмірінде болды. Маған, жас авторға шығармам басыла ма, жоқ па – бәрібір еді. Мен үшін маңыздысы басқа – туындымның қандай әсер туғызғанын білу болатын… Өйткені, сол кездегі менің бірден-бір білетінім: кез-келген туындыгер үшін ең бастысы – сенің шығармаңның адамның жүрегіне жетуі. Егер жүрекке жетсе, жанымен үндессе, демек, ол айтуға тұрарлық дүние. Егер жүректі толқытпаса, онда ешбір атақ-даңқына, дабырасына қарамастан, оның түкке тұрғысыз нәрсе болғаны.

2

Осы кездесуден кейін зарықтыра күттірген айлар созалаңдап өтіп жатты. Сірә, Роллан Шәкенұлына қоңырау шалуға үш айдан соң ғана тәуекел еттім ғой деймін… Нөмірді тердім, қоңырау дыбысы шықты, енді бір әзірде: «Алло» деген дауысты естідім. Иә, сізді мазалап тұрған Максим Кузин дедім. Роллан Шәкенұлы қайталап сұрады: «Қандай Максим?» Бірнеше ай бұрын Астанада сізге хикаятымды беріп едім деп жауап қаттым… Әлі есімде, Роллан Шәкенұлының телефондағы дауысы күрт өзгеріп сала берді. Қатқылдау, жартылай ресмиден қуанышты-жаймашуаққа айналып шыға келді. «Айналайын, сен қайда жоғалып кеттің? Біз мұнда сенің дүниеңді екі ай бұрын «Аманатта» шығарып қойдық. Мұндағы сыншылар да жақсы бағалап жатыр… Өзіңнің координаттарыңды маған бермепсің, сені қайдан іздеу керектігін қайдан білейін? Не телефон соғып хабарласпадың… Жә, бауырым, сені алғашқы жарияланыммен құттықтаймын. Сосын, бір кезде маған Василий Макарыч Шукшин айтқандай, саған да айтарым: «Жарайсың, жазуға хақың бар!».
Осы әңгімеден кейін қандай күй кешкенімді айтуым керек пе? Адам бір өмірде бірнеше рет туады дейді ғой. Осылайша мен мына жер-жаһанда тағы бір мәрте дүниеге келдім. Балконға шықтым да, мына әлемнің бір сәтте басқаша болып кеткенін түсіндім – себебі, мен өзім өзгердім. Мен кенеттен қолтығымда қанат өсіп шыққанын, қаласам, кез-келген жаққа ұша алатынымды сезіндім. Бойымды шексіз еркіндік сезімі билеп алды – қалалар, елдер мен құрлықтар ғайып болды – Жер өзінің бетінде адамзат орнатып тастаған шекараларсыз һәм толып жатқан шарттылықтарсыз, біртұтас қалпында көрінді. Сол сәттен бастап мен басқаша өмір сүре бастадым, дәлірек айтқанда, өмірді мүлдем басқаша сезіне бастадым. Ақырында, арман-аңсарым орындалып, жазуға деген құлшынысым қайтадан оянды, соған мүмкіндік туды, сөйтіп, қысқа мерзімде, тіпті, өзім үшін мүлдем күтпеген жағдайда, бірнеше жыл бойы ішімде бұрқылдап қайнап жатқан бір шоғыр шығармалар легі пайда болды. Отта тұрған ыдыстың тар ернеуінен тасып төгілген қайнақ су секілді, ол бір мезетте менің бойымнан өздері лақылдап ағыл-тегіл құйыла жөнелді. Бұдан кейін басқа шығармаларым да жарыққа шығып, жарияланып жатты. Бірақ олардың баспа бетін көруі көңіл күйін дәл мынадай шарықтатпады, олар енді неғұрлым сабырлы қабылданды, келе-келе солай болуға тиісті қалыпты жайтқа айналды. Бірақ сол бір тырнақалды тәжірибе менің жадымда мәңгілік жатталып, бедерленіп қалды. Бұл – алғашқы махаббат сияқты. Алғашқы сезімдер әркез шынайы. Әйелдер өмірде тек бір ғана рет сүйеді дейді емес пе, ал одан кейінгі барлық махаббат сезімдері – өтірік алдарқату. Шығармашылық жолда да осылай, жұмыс кестесіне кіретін кейінгілеріне қарағанда, ең алғашқы сәттіліктер неғұрлым жаныңа жақын, жүрекке ыстық.
Ілгеріде Роллан Шәкенұлына онша сеніңкіремегенімді айтып өттім. Өйткені, бұған дейін шығармаларымды кейін қайтарған жағдайлармен тым жиі ұшырастым. Оның үстіне, құлаққа қанша ерсі естілсе де айтайын, мен оны тексердім. Хикаятымды қолына табыстап берген кезде бұл саясат қой, мұның бізге қажеті қанша дегенді естімес үшін оның не жайында екенін бүгіп қалдым. Іштей Роллан Шәкенұлын сынап тексердім – жариялауға жүрегі дауалар ма екен? Жоқ, ержүрек сайыпқыран болып шықты. Мен көптен күткен сәбиін қолына алған бақытты әке сияқты, ішінде «94-тің мамыры» хикаяты бар «Аманаттың» сол санын кеудеме басқан кезімде Роллан Шәкенұлынан одан жасырып қалған сенімсіздігім үшін ойша кешірім сұрадым. Міне, осы сәтте мен оған бірден құлай сендім, нақ сол сәттен бастап Роллан аға менің өмір жолындағы және әдебиеттегі ұстазыма айналды. Мен оған қалай ықыластансам, ол да менен дәл солай ағалық ақжайлау көңілін ірікпеді. Бірде сыр қылып айтқанындай, ол хикаятты оқыған кезінде бірден мені «көріпті», өйткені, Роллан аға айтқандай, қағаз өтіріктен басқаның бәріне төзе алады. Ақ қағаздың бетінде өзіңнің күйінішіңді, түңіліс-торығу мен қорқынышыңды жасыра алмайсың. Қағаз оны айнадағыдай көрсетіп, қайткенде де білдіріп қояды. Сол себептен де ол маған тек шындықты жаз деген бір ғана аманат жүктеді. Мұнымен өмір бойына көкейіме құйып алдым. Ал егер шындықты жаза алмасаң, одан да мүлде жазба. Мен әркез осы қағиданы сақтауға тырысамын.
Хикаяттың жариялануы және Роллан Шәкенұлымен достық маған тағы бір жақсыны тарту етті. Ол адам – өмірде де, әдебиетте де аға досым болған Марат Қоңыров. Не істесе де, қалай істесе де, мен нақ осы екі адамға еш күмәнсіз сенемін. Мен олардың әркез дұрыстықтан таймайтынын білемін. Өйткені, олар «абырой мен намысты» әрқашан пендешілік мүдделер мен жеке бастың шамшыл өзімшілдігінен жоғары қояды.
Бірде Марат Қоңыров менен Роллан Сейсенбаевты қай тұрғыдан көретінімді сұрады. Шынымды айтсам, жауап беруге қиналдым. Марат дәл осылай ғарышты қай тұрғыдан көресің деп сұрай алар еді. Бұл мен үшін өте қиын сұрақ. Өйткені, Роллан Сейсенбаевтың тұлғалық болмысын, жалпы адамдар үшін, Қазақстанның шығармашыл зиялыларының өскелең ұрпағы үшін, қазақ, орыс һәм әлем әдебиеті үшін мән-маңыздылығын бір сөзбен сипаттап беру мүмкін емес.

3

Әрбір халықта, әрбір ұлтта рухани генетикалық жадты сақтап ілгері апарушы адамдар болады. Олардың бұл өмірдегі миссиясы ерекше, соның маңыздылығы мен мәнін көп адамдар жете түсінбейді. Адамдарды әдепкі өмірде ғасырлар бойы әртүрлі әлеуметтік топтарды бір тұтасқа біріктіріп ұстаған халық рухын – оның ішкі өзегін қалай сақтап қалу керек деген сияқты күрделі сұрақтар толғандырмайды. Ұлы даланың ғаламат кеңістіктерінде – өте жаугершіл сыртқы ортада тіршілік үшін тайталас ұлттың өз беттерінше жан сақтап, әрқайсысы өз арнасын табуға тырысқан ұсақ жылғаларға жіктеліп кетуіне жол бермеген сол алтын арқау емес пе еді. Роллан Шәкенұлымен танысқанға дейін осы ұлт рухы деген ұғымның мағынасы мен мәніне мүлде бойламай, білмей келген екем. Мен қазақтар туралы, қазақ халқы туралы ұлттық мінездің сыртқы белгілері, сондай-ақ, ішінара діни сипаттары бойынша ғана ой түйіппін, ал номадтардың мыңжылдықтар бойы ызылып түзілген аса күрделі, сан қырлы қат-қабат, қатпарлы пәлсафалық һәм өмірлік қағидалары хақында ешқандай түсінігім болмапты. Және бұл жазылмаған қағидалардың Қазақстан тұрғындарының қазіргі буынында әртүрлі формада көрініс тауып отырғанын ескермеппін. Осы қалтқысыз қағиданың негізіне бар болғаны екі іргелі тиянақ – достық пен бірлік алынған. Нақ осы екі сапа көшпелі тайпалардың ұзақ-сонар мыңдаған жылдар көшінде аман қалуына көмектесті. Осы уақыттарда өзінің әскери, экономикалық және саяси қуатымен көршілес мемлекеттер мен халықтарға үрей-қорқыныш ұялатқан алып империялар шаң-тозаңға айналып, ал көшпелі өркениет, ешқандай алмағайыптар мен тарих аласапырандарына қарамастан, өзара бірлесу мен ішкі тығыз байланыстардың арқасында аман қалып, өзінің әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлері мен мәдениетін сақтады. Роллан Сейсенбаевтың шығармаларында, өмірі мен іс-әрекеттерінде ұлттық мінездің нақ осы екі қасиеті жарқын көрініс тапты.
Роллан Сейсенбаев өз бойында және айналасындағы адамдарда мейлі қай жерде, мейлі неше мың шақырымдық алыста, мейлі ғаламшардың басқа қиырында болса да, басқа адамға көмек қолын созып, онымен достаса білу қасиетін тәрбиелеп таратады. Достар басына тауқымет түссе, неге бұлай болды деп сұрамай, әншейін оның қасынан табылу керек – Роллан Шәкенұлы өзінің шәкірттерін осылай үйретеді және өз өмірінің өн бойында осы өнегені ұстанып келеді. Шыңғыс Айтматов бақилық болғанда Роллан Шәкенұлына Қырғызстаннан телефон соғып, былай деді: «Роллан, сен бізге керексің, бізді осы қиын шақта жұбатып, жанымызда бол». Роллан Шәкенұлы осы сәтте Астанадағы «Абай» қонақ үйінің өзіне тиесілі 312-ші нөмірінде болатын. Ол дереу қонақ үйден шықты да, такси жалдап Бішкекке тартты. Жолшыбай көлігі апатқа ұшырады, Роллан Шәкенұлын мәшинеден атып жіберді. Бірақ ол басқа таксиге ауысып отырып Бішкекке жетті, қырғыз халқының ұлы перзентімен қоштасу рәсіміне үлгеріп қатысты. Осылай кім істей алады? Тек Роллан Сейсенбаев қана. Немесе 90-ыншы жылдардың басында Алматыда болған басқа бір жағдай. Роллан Сейсенбаев таң сәріде Лондоннан ұшып келіп, Алматы көшелерінде үйіне бара жатты. Елең-алаңда кенеттен мүлде бос көшенің тротуарынан Әзірбайжан Мәмбетовті көрді. Маэстро тротуарда жай ғана, өзінің аяғына үңіле қарап тұр. Роллан Шәкенұлы ұзақ уақыт шетелде болған, бұл кезде Әзірбайжан Мәмбетовтің тең емес шайқаста бүкіл әлеммен, айналасындағылармен жалғыз айқасып жүргенін білмейді. Әйтеуір бір кәкірді сезіп, мәшинені тоқтатады. Сосын Әзірбайжан Мәдиұлының өмірінде болып жатқан жайларды білген соң Роллан Шәкенұлы оны жаңағы жайсыз әңгімелер басылғанша тыныштықта болсын деп жарты жылға Лондонға жібереді. Міне, мұндай жақсылық жасау жағдайлары толып жатыр.
Дос бола білу – бүтін бір өнер ғана емес, сонымен бірге ауыр еңбек. «Достық дегеніміз – тәулік бойы тыным таптырмайтын ұғым» деп қайталаудан шаршамайды Роллан аға.
Роллан Сейсенбаевтың өзі әрдайым айтатындай ол бір кездері өзінің бабалары Абай мен Шәкәрім қалыптаған қазақ ұлтының ең асқақ мұраттары рухында тәрбиеленген. Сондықтан ол бала кезінен бастап өте жоғары өмірлік өнегелерге бейімделіп, барлық жағдайларда ең терең тұңғиыққа бойлауды, немесе, қажет етілсе, ең шырқау биікке шарықтап самғауды дағды етті.

4

Бірақ сонда да болса мен Роллан Шәкенұлының тұлғасында трагедия­лық сипаттар басымырақ деймін… Себебі, ол өзінің өмірі мен шығармашылы­ғында өз ұстанымын нақ осылай айшықтайды: Жердің бүкіл қасіретін өзіне алу, ғаламшардың және онда өмір сүрушілердің барлығының арқалаған азаптарын жеңілдету. Әділетсіздік атаулының қайсы жерде және қандай түрде көрініс тапқанына қарамастан, оның соған шүйліге түсуге қабілеттілігі мені ылғи қайран қалдырады. Бұған қоса, Роллан Шәкенұлы кімнің тарабына болса да жасалған арсыздық, құрметсіздік, елемеушілік көріністерін дереу тыйып тастай алады.
Жердің барлық тақсырет-тауқыметтерін өз мойнына арту – бұл тек рухтың нағыз алыптарының ғана шамасы келетін айрықша зор міндет. Бұл өте ауыр жүк. Нағыз қиямет-қайым. Адамгершілік тұрғыдан ғана емес, тіптен, тәни тұрғыдан да аса ауыр. Мұндай минуттарда Роллан аға барлығынан оқшаулана баз кешіп, өзіне санаулы адамдарды ғана қатыстырады.
Мені Роллан Шәкенұлының үйреткеніндей, нағыз жазушының бойында туған жері мен халқының күллі қасіретін сіңіріп алатын, соны өзіне, өзінің шығармаларына қотарып салатын күш-қуат пен батылдық болуы тиіс. Жазушы осынау әлем қайғы-қасіреттен, түңіліс-торығыстар мен әділетсіздіктен арылып азат болатындай етіп жазуы керек. Сонда ол өзі де тазарады, арылады.
Марат Қоңыров маған Роллан Шәкенұлымен кездесіп, әңгімелескен сайын жазба жасап отыру керектігін ылғи айтып жүрді. Оларға кейін баға жетпейді дейтін. Мараттың айтуынша, ол мұны өзі істер еді, бірақ Роллан аға оның алдында маған ашылғандай ашылмайды. Мен Роллан Сейсенбаевпен ешқашан пікір таластырмаймын. Өйткені, бір нәрсеге немесе бір кісіге қатысты нақты айқындалған дәлелді көзқарасы бар адам ғана пікір таластыра алмақ. Ал мен Роллан Шәкенұлының тұлғалық ауқымын тамаша сезінемін. Әрі ойлау деңгейіміз бойынша айтарлықтай айырмашылығымыз бар екенін білемін. Сол себептен де біздің әрбір кездесуімізде Роллан Шәкенұлы менің санамды кеңейтуге бағытталған әңгіме тиегін ағытады. Ұстаз заттарға бұрынғы көндіккенімнен гөрі неғұрлым кеңірек қарауға үйретеді. Осындай әңгіме-дүкендерден кейін мен көбіне-көп мына дүниеге мүлдем өзгеше көзбен қарай бастағанымды аңғаратын едім.
Бір ғажабы сол, Роллан Шәкенұлы орта бойлы болғанымен, ол әрқашан тұрпаты жағынан тіпті, ең ұзын бойлы сұхбаттасушыдан да әлдеқайда биік болып тұрғандай әсерде қалатынбыз.
Ол кіммен де болсын ортақ тіл табыса алады. Әрине, егер осыны өзі қаласа. Роллан Шәкенұлы үшін қай жағдайда болсын сұхбаттасының кім екендігінің пәлендей айырмашылығы жоқ: министр ме, шет мемлекеттің елшісі ме, такси жүргізуші немесе вокзалдағы жүк тасушы ма – бәрібір. Бәріне бірдей құрметпен қарайды. Адамдар осыны сезіп, оған жан сырларын ашуға өздері ұмтылады. Әлбетте, кейде көпшіліктің махаббаты мен ілтипат-ықыласы ауырлау соғатын сәттер де болып қалады. Роллан Шәкенұлы Астанаға келген кездегі қайсыбір күндерде оған сәлем берушілердің тасқыны түн ортасына дейін толастамайды. Осы арада мені таң қалдыратыны сол, Роллан Сейсенбаев қонақтардың бәрін қыңқ етпей қалтқысыз қабылдап, кей реттерде олардың бастарына түскен сергелдең-тауқыметтер мен отбасылық келеңсіздіктер жайлы сағаттап тыңдауға мәжбүр. Солардың ішінде шынымен қатар ойдан шығарылған өтіріктері де болмай қалмайды. Адамдар жан түкпірлерін ашып жадырайды, бірақ соған кейде үңіліп қарағың келмейді. Әйткенмен, бұдан қашсаң да құтылмайсың, бұл да үлкен махаббаттың, адамсүйгіш ізгіліктің бір тарауы, сондықтан көнуге, төзуге тура келеді.
Роллан Сейсенбаев бақилық болған ұлы адамдардың өмірінде орын алған тағылымды әрі қызғылықты жайларды көп біледі. Әдетте, Роллан Шәкенұлы Астанаға сапарлап келген күндерінде үнемі әралуан адамдармен кездесіп, жүздесіп, әңгімелесіп дегендей, уақыты мейлінше қауырт, қарбалас болады. Бірақ кейде барлық шаруалар реттеліп, бірнеше сағаттық бос уақыт пайда болғанда біз екеулеп Астана көшелеріне жаяулап қыдырыстаймыз. Міне, әлдебір тыныш қана, шағын мейрамханада Роллан Шәкенұлы өз өмірінің әртүрлі уақиғаларын еске түсіре бастайды. Осы емін-еркін әңгіме – менің өмірімнің ең шуақты сәттері. Бұл әңгімелерде әдебиет пен тарихта із қалдырған жүздеген жарқын тұлғаларға жан бітеді, олардың бейнелері әсерлі қуатпен ажарланып, жаңа бояулармен қаныға түседі. Сөйтіп, әр жолы кезекті әңгімеден кейін өзіме бұрыннан белгілі көп адамдарға мен мүлде басқа көзбен қарай бастаймын. Роллан Шәкенұлынан осы әңгімелерді қағазға түсіруді талай рет өтініп сұрадым. Алайда, ол мұндай ұсыныстан ат-тонын ала қашады – әзірге уақыты жоқ… Ал әңгімелер ғажап-ақ.
Әдебиетші болуға талпынған кейінгі жас толқын – біздер үшін Роллан Сейсенбаевтың қадір-қасиет, құндылығы да осында. Роллан Шәкенұлы – Қазақстанның қазіргі әдебиеті мен бұрынғы буын сөз зергерлері арасындағы алтын көпір, жалғастырушы дәнекер. Бұл өте маңызды әрі қажетті дәнекершілік. Мұнсыз бір парақ қағаз үшін өзінің бостандығын, тіпті, өмірін тәрк еткен қаншама адамдардың табанды еңбегімен ондаған жылдар бойы қалыптасып қанат жайғызған сабақтастық пен дәстүрлер тізбегі, ұрпақтар байланысы шорт үзіліп қалмақ. Мен Роллан Шәкенұлымен қатынасымды қатты бағалаймын. Ол Астанаға келген сайын өзімнің барлық күнделікті шаруаларымды жиып қойып, дәйім қасынан табылуға тырысамын.
Роллан Шәкенұлына Анатолий Киммен таныстырғаны үшін де алғысым зор. Бұл ғажап кездесу осы ғасырымыздың алғашқы жылдарында Астана мейрамханаларының бірінде өтті. Ол сол кезде «Страдивари скрипкасы» деп аталатын, қазіргі атауы басқа. Қыркүйектің аяқ кезі, көшеде қас қарайған мезгіл. Республика даңғылынан мәшинелер заулап өтіп жатыр, бірақ дыбысы терезеден естілмейді. Тек көк шұғылалы іңірде жүйткіген сансыз жарқылдары бас қаланың ең қарбалас көшесіндегі қайнаған өмірдің әлеуетін тап басып көрсеткендей. Мейрамхана ішінде баяу музыка әуені қалықтап, Анатолий Кимнің асықпай баппен сөйлеген сабырлы сөзін келістіре көркемдейді. Ол маған бас-аяғы он бес минуттың ішінде Әдебиет институты және оған қоса, Жоғары әдеби курстар беретін барлық білімді миыма құйып берді. Бұл кездесу менің өмірім мен шығармашылық ғұмырбаяныма бетбұрыс әкелді, ақырында мен нені жазу керектігін және қалай жазу керектігін түсіндім. Өйткені Анатолий Ким орыс әдебиеті және басқа елдер мен халықтар әдебиеттері арасындағы концептуалдық айырмашылық неде жатқанын аз сөзбен ұғындырып берді. Осылайша Роллан Шәкенұлы менің тағдырыма тағы да тікелей араласты, себебі, Анатолий Киммен естен кетпес сол кездесу нақ соның арқасында болған еді.

5

Роллан Сейсенбаевтың тағылым-ғибраттары хақында дербес даралап айтқан жөн. Роллан аға, сайып келгенде, ештеңе үйретпей үйрететін ақылман ұстаз. Біздің таныстығымыздың бас кезінде мен одан өз хикаятым туралы пікірін білмек болғанымда, ол менен: «Осал тұстарыңның қайсы жерлерде екенін өзің сезесің бе?» деп сұрады. Ол кемшіліктерді өзім түзетуім керектігін жай ғана айтты. Бұл, бір қарағанда, түкке тұрмайтын оқиға сияқты. Соған қарамастан, көп нәрсеге, өз-өзіме сын көзбен қарауға, ақырына дейін аянбауға, шексіздікке дейін жақсартып сызуға, әбден мінсіз боп шыққанша тыным таппауға үйретті. Сонымен бірге өз шығармамның тағдыры үшін менің, тек қана менің жауапты екенімді ұқтырды. Жазылуы, жасалуы, көркемделуі, кітап пен журналда шыққанынан бастап сатылып оқырманға жетуіне дейін мен, тек қана мен жауаптымын.
Иә, – дейді Роллан Шәкенұлы, – қазір әдебиет пен әдебиетшілер үшін қиын уақыт. Уақыт қиын болса да, қатал һәм әділетті. Қазір кітап өндірісінің толассыз ырғағы бұзылды, бірақ соның есесіне идеологиялық қысым жойылды, қалам иелеріне еркіндік берілді, сөйтіп, әдебиет кеңестік кезде қаптап кеткен көбік пен қоқыстан тазарды. Қазір әдебиетте жазбаса тұра алмайтын адамдар ғана қалды. Қалам-қағазға өздері тіленіп тұрған, сөздер мен бейнелерді өз ішінде қамап қоюы мүмкін еместер ғана жазатын болды. Біздің бір жолғы әңгіме-дүкенімізде Роллан аға: «Әдебиет қазір жазушы мен ақынды асырамаса да, мына дүниеде әркім басқа кәсіппен айналысып, жан сақтауға тиіс болса да, Қазақстан әдебиетінің болашағы нақ осы кезде қаланып жатқандығына мен сенімдімін. Қазір жасалып жатқан шығармалар адал, шыншыл, әлдебір жағдайларға тәуелсіз. Мен келер ұрпақ заманалардың, жүзжылдықтар мен мыңжылдықтардың тоғысында өмір сүрген біздер туралы нақ сол дүниелер бойынша пайымдап ой түйеді деп білемін» деген болатын. Бұл сөздер біздің таныстығымыз енді басталған кезде, үшінші мыңжылдықтың басында айтылған еді. Бұл – талантты жас жазушылар мен ақындарды іздеп тауып, қамқорласып қолдау Роллан Сейсенбаевтың бүгінгі күнге дейін еш айнымаған өмірлік һәм әдеби ұстанымына айналды. Тіпті, өзінің шығармашылығына зияны тиіп жатқанына да қарамады. Өйткені, ондаған бөтен шығармаларды оқыған кезде өзіңдікімен айналысуға уақыт та қалмайды емес пе. Бұл дегеніңіз шын мәнісінде ғаламат ауыр еңбек. Әлем халықтарының әдебиетін насихаттауға арналған республикалық «Аманат» журналын бар болғаны екі-ақ адам – Роллан Шәкенұлы мен оның жұбайы Клара Төлейқызы Серікбаева редакторлық етіп шығарады. Ол «шіркін-ай, бәріне қолды бір сілтеп бір жаққа кетіп қалып, барлық телефондарды өшіріп, үстел басына отырып алып тек жазсам ғой, жазсам ғой» деп талай рет айтып та жүрді…
Бірақ әр жолы бұл сөздер оның орындалмас арманы болып қалуда. Өйткені, негізінен алғанда, Қазақстанда жас әдебиетшілерді іздеу және шығармаларын жариялау жөніндегі бейнеті көп, рахметі жоқ жұмысты атқаруға басқа ешкімнің белсеніп шыға қоятын түрі көрінбейді. Елдегі әдеби журналдар саусақпен санарлықтай. Солардың өзі жас авторлармен әуреленіп жүруге сонша бір құлық танытпайды. Шынына көшсек, әдебиеттегі тырнақалды қадамын жасаушы талапкер жастардың туындылары көп ретте әлі шикі. Сондықтан, оларды «Аманат» сынды беделді әдеби журналда жариялануға лайықты түр мен пішінге келтіріп көркемдеу үшін редакторлық жұмысқа көптен-көп уақыт жұмсауға тура келеді. Ал Қазақстанда ілкімді әдеби редакторлар табу – үлкен проблема. Бұл арада бас редактор лауазымын редактор атқаруға тиісті жұмыспен (өзі бас редактор бола тұра) шатастырмау керек. Өкінішке орай, біздің нақты өмірімізде адамдар редактор жұмысын істеуден гөрі лауазымын алып жүруді қолай көреді. Мәселе, тіпті, көңілдің қалауында да емес, қажетті біліктілік пен таланттың жоқтығында болып тұр. Өйткені, жақсы редактор болу үшін де талант пен қабілет керек екен…
Нағыз әдеби журналдарда баспа бетін көру мүмкіндігінің жоқтығы жас авторларды өздерінің шығармаларын жарияға шығару үшін басқа тетіктерді пайдалануға құлшындырады. Қазір өз хикаяттарын, әңгімелері мен өлеңдерін орналастыруға болатын интернет желілері үлкен танымалдыққа жетті. Бірақ олардың қолжетімділігі һәм дәлелді де салиқалы сынның жоқтығы жас авторларды жаман үйретеді, оларды кез-келген автордың тырнақалды шығармаларындағы дарындылық деңгейіне қарамастан, әрі тілдік, әрі мағыналық сипатта орын алатын олпы-солпыларға назар аудармауға итермелейді. Ал енді осынау кемшіліктерден автор мен шығарма орайындағы жалпы түсінік пен әсер қалыптасады. Осының өзі уақыт өте келе баяндаудағы салғырттық пен тіл жұтаңдығын жастардың өз стиліне дейін көтеруіне апарып соқтырады. Сөйтіп, оны өзгерту, өз ойын дұрыс жеткізіп жазу көптеген жас авторлар үшін іс жүзінде мүмкін болмай қалады. Бұл бір аяқпен жүруге дағдыланып кетіп, барлық адамдар сияқты, қалыпты – екі аяқпен жүруге қасарыса қарсыласқанмен бірдей. Осынау жағдай қазір қазақстандық әдебиетте үлкен проблемаға айналды. Шығармашыл жастар арасында интернет-жарияланымдар тәжірибесін алған графомандар мен ұйқас құрастырушылар көбейіп кетті, жетіліп жақсаруды мүлде қаламайтын бұларды өздері сияқты графомандар мен ұйқас құрастырушылар мақтап масайратады. Міне, Роллан Шәкенұлының әдебиет пен поэзияға деген нақ осындай көзқарас, қатынаспен күресуіне тура келеді. Ол өз уақытының басым бөлігін Қазақстан әдебиетшілерінің жас буыны арасында қазақ, Қазақстан, кеңес және әлем әдебиетінің классиктеріне айналған ақындар мен жазушылар қалыптастырған мұраттар мен дәстүрлерді жаңғыртып таратуға арнайды.

6

Заманауи авторлар мен классиктер арасындағы дәстүр жалғастығы, ұрпақ байланысы үзілуге тиісті емес. Нақ осы жағдай Роллан Шәкенұлының оқшау кетуіне, өз шығармашылығына алаңсыз бойлауына мұрша бермейді… Бізде халықаралық дәрежеде мойындалған жазушылар мен ақындар өте аз. Ал солардың өзі қызу қанды, кеуделеріне нан піскен шамшыл жастарға уақыттарын бөлгісі келмейді.
Бірақ Роллан Сейсенбаев мектебінен өту бақытын еншілеген санаулы жас жазушылар мен ақындар қазір оны зор мақтанышпен өздерінің Ұстазы деп атайды. Солардың қатарында екенімді мен де мақтан тұтамын.
Көбіне-көп, Роллан Сейсенбаев пен Марат Қоңыровтың сәті түсіп кездескен кездерінде олардың көкіректерінде жиналып қалған шерлі әңгіменің ақтарылуына дәл осы тақырып тұздық болады: шалғай түкпірдегі әлдебір ауылға кетіп қалу, қой бағу, киіз үйде жайланып жатып, тыныш қана сүйікті ісіңмен айналысу, яғни жаңа кейіпкерлердің бейнелерін жасау, оларды мінезбен даралау, сезімдері мен көңіл күйлерін сипаттау, солар үшін тұтас әлемдерді жасақтап-жасандыру, ал сосын, аз-кем үзілістерде биік төбенің басынан зеңгір көкке, кең далаға ұзақ қарап, күннің шығуы мен батуын рахаттана тамашалау… Олар осылай армандап отырады да, сосын бәрі өздерінің орынды-орындарына қайтып оралады. Бәрі баяғыша жалғасады. Марат әлдебір халықаралық кинофестивальға жол жүріп кетеді, ал Роллан Шәкенұлы болса, «Аманаттың» кезекті санын шығару орайындағы жұмысқа, таусылып бітпес іскерлік кездесулерге, қисапсыз адамдармен ұшы-қиырсыз қарым-қатынасқа қосылады.. Сөйтіп, шалғай ауыл, ақтылы қой, таң шапағы мен кешкі арай жайлы армандар олардың келесі кездесуіне дейін мазаламай тұра тұрады.

7

Роллан Шәкенұлының өмір жолында жолыққан адамдарға деген ерекше қатынасын, адами құрметін атап өткен абзал. Роллан Сейсенбаев адамдарды тыңдай біледі, тек содан кейін оларды бағалап, пікірін айтады. Өзінің шәкірттерін де ол адамдарға бір көргеннен баға бермеуге, біліп алмай тұрып ағаш атқа мінгізбеуге үйретеді. «Әрбір адам – ашылмаған кітап сияқты, оны оқи білу керек» дейді Роллан Шәкенұлы.
Роллан аға өте сергек, ілтипатты, бірақ оның ерекше аялы сезіміне бөленген бір адам бар. Ол – немересі Назар. Осы екі адамның: белгілі жазушы мен өспірім баланың өзара қатынасын сырттай бақылау өте қызық-ақ. Мұнда туыстық байланыстармен біріккен барлық адамдарға тән сүйіспеншіліктен басқа, Роллан Шәкенұлы мен Назардың ара қатынасын ерекшелеп айшықтай түсетін сезімдер бар. Бұл – өзара сыйластық және сөйлескен кезде кәдімгідей көзге ұрып тұратын әлдебір ерекше құрмет тұтушылық. Жоқ, бұл ата мен немере арасындағы қатынас емес. Бұл – екі тұлғаның, екі мінездің қатынасы. Олар бір-бірін тағдыр осылай қосып қойғандықтан ғана емес, әбден айқындалып толысқан мінез сипаттары, әрекеттері мен істері үшін құрметтеп, әділ бағалайды. Бұл – ата мен немеренің ара қатынасы емес, нағыз еркектердің достығы. Мұндайды, өкінішке қарай, бүгін таңда сирек көресің, ал туыстар арасынан – мүлдем көрмейсің. Бұл, тағы да, үлкен мен кішінің арасындағы қатынас. Назардың білуге құштар-ынтығы сансыз сұрақтардан көрініп, осы сан қилы сұрақтардың бәріне ерінбей-жалықпай, егжей-тегжейлі һәм байсалды жауап беретін Роллан Шәкенұлының шексіз шыдамымен байыз табады.
Көбіне-көп Роллан Шәкенұлы өзінің ел ішіндегі және әлемді аралаған сапар-саяхаттарында Назарды алып жүреді. Олардың бір-бірін баяғыдан бері сөзсіз-ақ түсінуге үйренгені бірден белгілі. Бірақ, солай бола тұра, олардың қатынастарында ұзақ әрі жақын қатынаста пайда болатын әдептен оза еркінсу мүлде жоқ. Ара қатынасқа осындай үстірт, жеңіл-желпі қылықтарды қоспауға, онымен ауырмауға шыдас беретіндер кемде-кем. Жоқ, туыстық байланысқа, жас айырмашылығына, мінез бен ділдегі, жалпы ой-өрісіндегі өзгешелікке – ешнәрсеге қарамастан, Роллан Шәкенұлы мен Назардың қатынастары бұрынғысынша тереңдігі мен біркелкілігін сақтап келеді.
Роллан Шәкенұлы басқа адамдарға Назар жайлы айтқан кезде әрдәйім ойланып, байсалды тұрғыдан сөйлейді.
Тек бір жолы Роллан аға немересіне неге бұлай қарайтынын айтып беріп еді. «Мен оның бұл өмірді маған әкемнің үйреткеніндей ұғынуын қалаймын. Одан ары әкемді – атам, атамды – бабам үйреткендей. Ұрпақтар байланысы үзілмеуі тиіс. «Су үзілсе де – сүйек үзілмейді» дейді қазақ. Оның өмір жолының қалай қалыптасқаны мен үшін өте маңызды. Ол жазушы бола ма, әлде осы өмірдегі өзгеше өз жолын таңдай ма – мәселе онда емес. Менің міндетім – оның санасына отбасының, халықтың, елдің тағдыры үшін жеке жауапкершілік түсінігін сіңіру. Егер біз өзіміздің елімізді, халқымызды, тарихымыз бен мәдениетімізді сүймесек, онда не болмақ? Біздің еліміз бен мәдениетіміз өзімізден басқа ешкімге керек емес» деген болатын бірде Роллан Шәкенұлы. Тек сонда ғана маған салиқалы жазушы мен өспірім ұл арасындағы қатынастың күллі терең қатпарлары түсінікті болды.

8

Бірақ менің жадымда бәрінен бұрын басқа бір күн жатталып қалды, Және осы күнді өмір-бақи есте сақтаймын, ұмытпаймын деп үміттенемін. Бұл Астананың он жылдығын мерекелеу қарсаңындағы демалыс күндерінің бірі болатын. Роллан Шәкенұлы жас ақын Дархан Біләлов пен мені қалада қыдырыстап қайтуға шақырды. Біз Астана көшелерінде сейілдеп, Есілден көпір арқылы өттік те, саябақ дәмханаларының бірінде ұзақ отырдық. Бірдеңе жайында ұзақ әңгімелестік… Шығармашылық адамдарының шүйіркелесуі ғажап – сайып келгенде, әркім өзін мазалап, қызықтырып, толғандырып жүрген өзінің шерін ғана айтады, бірақ осы кезде қай-қайсысы да әңгіменің ортақ арнасынан әсте шықпайды, ортақ көңіл күйінің ырғағын бұзбайды. Ал біздегі алуан ахуал мынадайтын: демалыс күні, Астананың он жылдығын мерекелеуге дайындықпен өткен кезекті қапыл-құпыл қарбалас апта ақыры аяқталды. Бұл дегеніңіз барлығының әлдебір мәселелер мен істерді шешумен айналысып жүргенін білдіреді. Айтқандай, олардың бәрін бір мезгілде істеуің керек. Ешкім ештеңені жөндеп түсіндірмейді. Өзіңе біреудің назарын аудару үшін, оның өз ісіңнің мән-жайын түсінуі үшін ақ тер, көк тер болып арпалыспасаң болмайды… Әлбетте, мұның бәрі балағат сөзден де, сарыла күту мен күйгелек ашу-ызадан да айналып өтпейді. Бірақ дәл сол жолы Жаратушы иеміз, сірә, адамдарға дем алдыртуды ұйғарған болар, Астанаға сондай жаймашуақ ауа райы мен көркем көңіл күйін сыйлады… Жылы болып тұрды, бірақ ыстық емес. Күн жарқыраса да, шақырайған аптап үрлемейді. Жұрт кішкентай балаларымен қыдырып жүр, ғашықтар қол ұстасқан. Ал біз үшеуіміз дәмханада әңгіме-дүкен құрып отырмыз. Сосын Есіл толқынында катамарандар тербетілген тұстан жағалауға шықтық. Кенет Роллан Шәкенұлының оң жағалауға катамаранмен жеткісі келе қалғаны. Катамаранды жалға беріп тұрған жігіт бізге көмектесіп, бір минуттан кейін өз аяқтарымыздың көмегімен Есілді көктей жүзіп келе жаттық – маған педальдарды айналдыру сеніп тапсырылды… Біз жағалауға шықтық, катамаран келген ізімен кері қайтты. Біз болсақ сол арада Роллан Шәкенұлының ұсынысы бойынша жағалауда жайғасып отырып, айналадағы әсемдікті үнсіз тамашалауға кірістік… Қызыл арай күн халық конус пішіндес мұнарасын «Жүгері» деп атап кеткен «Арман» кешенінің арт жағына баяу батып бара жатты. Бірақ сондағы батып бара жатқан күн шапағына малынған мұнара жүгері собығына мүлде ұқсамайды, күн сәулесі пішінін ұрлап, оларды ертегідегі қамал мұнараларына айналдырып жіберді. Жағалаудың ту сыртында, қапталған қара бөгесіннің аржағында тіршіліктің тыныш ағыны: өтіп бара жатқан адамдардың бейбіт сөйлескені, балалардың шуласқан күлкісі естіледі. Дәл аяғымыздың астында өзен толқындары шолпылдайды. Жағалау беткейіндегі ысыған тақталарда үнсіз отырып темекі шегіп, мына дүниені тамашалау неткен рахат десеңізші. Үш адамның осылай бір-бірімен тым жақсы күй кешуі сирек ұшырасады деп ойладым мен сонда… Сірә, біздің тым сирек кездесетіндігімізден болар, сірә, біздің бір санатта бірдей ойлайтындығымыздан және құндылықтарымыздың бірдейлігінен болар. Біз тым ұзақ үн-түнсіз отырдық. Күн көп қабатты ғимараттардың сыртында жасырынып та үлгергендей. Бізді іңір көлеңкесі баурап басып қалғандай. Сол кезде мен айттым: «Аяқталған күннің жақсы атауы – «Жақсы күннің кеші». Роллан аға мен Дархан күлімсіреп, келіскендей бастарын изеді… Сосын аз-аздап әңгіме тиегі ағытыла бастады, бірақ монолог түрінде: Дархан өлеңдерді еске түсірді, Роллан Шәкенұлы алда істейтін істерін дауыстап санамалап шықты. Мен болсам оларды тыңдай отырып ойладым: бұл сәтті мықтап есте сақтауым керек, өйткені, адамдардың, табиғаттың, жан күйінің мұндай біртұтас үндестігі, бір бүтін болып осылай тоғысуы өте сирек ұшырасады… Өйткені, болмыстың керім-кемелдігін осыншалық дәрежеде сезіну бізде сирек болады – сірә, тек жұмақта ғана осындай жақсы болатын шығар. Дыбыстар, иістер мен сезімдер бір бүтінге бірігіп құйылды, кірігіп қосылды – болмыстың үйлесімі дегеніңіз, міне, осы…

9

Роллан Сейсенбаев жайлы айту қиын. Ал ол жайында бетінен ғана қалқып аз айту маған одан да қиын. Бұл дегеніңіз Ғаламды үш сөзбен бейнелеп беру сияқты ауыр азап. Роллан Сейсенбаевтың қисапсыз басқа таланттарынан бөлек, бір таңғажайып дарыны бар – ол адамдардың жүректерінде лаулатып от жаға алады. Өз жүрегінің, шығармашылығының қызу жалынымен. Роллан Шәкенұлы – менің ұстазым. Жаныма қанат байлап, ұшуға үйреткені үшін оған алғысым шексіз. Ол асықпай, ақырындап қана мені осынау әлем мен әдебиетті түсінуге үйретті. Нағыз ұстаз ретінде Роллан Шәкенұлы маған тек шындықты айтты, қажетсіз алдамшы елестердің шырмауында қалдырмады: «Сенің алдыңдағы ақ парақ – кіршіксіз ар-ождан сияқты. Соған не таңбаланатыны тек саған байланысты. Бірдеңе жазбас бұрын әбден ойланып ал, қағазды босқа шимайлап бүлдіру керек пе? Әдебиет дегеніміз – еңбек, өзің істеген нәрсе үшін ешқашан марапат дәметпе. Кейін бір сөзің үшін де өзің ұялмайтындай болып жаз. Сенің бірден-бір игілік, қазынаң – есім-сойың екенін есіңде тұт. Сен өзіңді сақтай алмай қалуың мүмкін, бірақ әрқашан атыңа кір келтірмеуге, жақсы атыңды сақтауға тиіссің». Осынау сөздер менің жадымда мәңгілік жатталып қалды, мен енді әрқашан әрбір ісімде Ұстазымның ақыл-кеңесін басшылыққа аламын. Ол мені шамшылдығым мен күйінішімді баса білуге үйретті, бұлардың жасалып жатқан шығармаларда әсте оқылмауын ескертті. Ұстазымнан тағы бір анықтағаным сол, оқырманға өз көзқарасымды таңуға ешқандай хақым жоқ, ненің «жақсы», ненің «жаман» екенін оның өзі түсініп алатындай етіп істеуге тиіспін. Оқырманымды сүйіп, оған әркез таңдау құқығын қалдыруға тиіспін. Бір жағдай есімде жақсы сақталған, сол Роллан Сейсенбаевты, оның табиғи болмысын, қоршаған әлемге қатынасын тым тәуір сипаттайтын сияқты. Бірде мен Ұстазға ел бойынша көп сапарлап жүретінін, ал оның жасы ұлғая түскенін, өзін сақтау керектігін айтып, ескерту жасай бастадым (Роллан Шәкенұлы мені жақсы көргендіктен кейде осындай құқық беріп қояды). Ұстаз ештеңе болмағандай сабырлы түрде отырды, тіпті, менің сөзім мүлде әсер етпегендей, бірақ сәлден кейін маған ерекше көз тастап, бұлтартпас бір сөз айтты: «Мен – номадпын. Мен – көшпендімін. Менің өмірім жолдарда жатыр». Басқа ештеңе айтпады. Оның сөздерінің толық әрі терең мағынасын кейінірек ұқтым. Шынында да, күнделікті күйбең тірліктің бітпес ымыртын жарық қылатын жолдардан артық не бар?! Жабырқаған жанды әдепкі өмір ұйқысынан оятатын жолдар. Әнеки, алда тағы да жолдар, кеудеде жүрек тағы да шаттанып соғады, сөйтіп, сен бәрін де, тіпті, өзіңнің атың кім екенін де ұмытасың. Тұрмыстың, әуре-сарсаң істердің күйкі күйбеңіне бой алдырмаудың маңыздылығын мен сонда түсіндім. Мына ұдайы өзгермелі әлемге, ондағы жүріп жатқан үдерістерге айқын көзқарас тек жол үстінде ғана сақталады емес пе. Жол үстіндегі кездесулер жаныңа жаңа білім, көңіл-күй, ойлар мен сюжеттер сыйлайды, бәлкім, Роллан Шәкенұлы саяхаттауды сол себептен ұнататын шығар. Роллан Сейсенбаев табиғатының тереңдігі мен кеңдігі мұхит тектес. Көп адамдар Роллан Шәкенұлының ойлары мен іс-әрекеттерін түсінбейді. Бірақ мұхит та кейде өзінің неге толқитыны, ал кейде құдды бір жайдарман жайбарақаттықта болатыны жөнінде ешкімнің алдында есеп беруге міндетті емес. Мұхиттың мінез-құлқын талқыға салуға айдыны мен айбары соған теңдестер, өзі де сондай өмір сүретіндер ғана хақылы. Қалғандары – сыбыс, өсек-аяң мен аңыздар тарататындар. Менің жолым болды. Мен Роллан Сейсенбаевпен кездестім. Бұл кездесу болмаса, өмір жолымның одан әрі қалай қалыптасарын кім білсін. Әйтеуір ақиқат «менімді» осы кісінің арқасында тапқаным күмәнсіз. Бұл айтқандарға тағы бірдеңе қосу қажет пе? Меніңше, қажет емес…

10

Адамды, шарап сияқты, таңдайға татып тану керек дейді… Одан қандай әсер қалса, демек, ол сондай адам. Роллан Шәкенұлының соңынан әрқашан ештеңемен салыстыруға келмейтін, ерекше жайдары жұпар қалады. Ал жақсы күннің кешінен кейін Есіл жағалауының беткейінде алған әсерлеріңді мен әрқашан бірін-бірі біріге толықтырған, бізге Жаратушы ойластырып жасағандай – кіршіксіз әрі бейкүнә, қайғы-қасіреттен, ынсапсыздықтан және іске аспаған шамшылдықтан адам өмір суретін сыйлайтын дыбыстарға, иістер мен бояуларға толы әлем сияқты – Роллан Шәкенұлымен байланыстыруды қалар едім.
Менде де тура осылай – Роллан Сейсенбаевтың тұлғасын қайткенде жақсырақ суреттеймін деп ойланып-толғанған кезімде әуелде белгілеген ойларым өзгере бастады да, сосын соның жетегіне жай ілестім де отырдым. Содан кейін мынаны ұқтым: Роллан Сейсенбаев туралы әңгіменің соңғы нүктесін қоюға әлі ерте. Ол нүктені мен емес, біздерден кейін өмір сүретін бір бейтаныс қоюы тиіс. Бұған кімнің әл-дәрмені, батылдығы мен ерлігі жетер екен? Ал мен бұл толғамдарымда өзімнен кейін тек көп нүкте ғана қалдыра аламын… Өмір жалғасуда!

Пікір қалдыру