Марат Мәжитов. ТӨРЕМҰРАТ

Әйгілі өнерпаз, арқалы күйші Шәміл Әбілтаевқа

Ақшат тау аппақ болып, көз тартады,
Тарихқа терең бойлап, сөз тартады.
«Ғасырларды көрдім», деп кеуде кермей,
Белес-белес жайларды қозғалтады.

Сан құбылып жаныңды шымшылайды,
Сирек-сирек айтады, тылсым жайды,
«Сан ғасырлар жыландар ордасы боп,
Келгенімді апыр-ау, кім сұрайды»,
деп өбектеп аспаннан бұлт шақырып,
Етек-жеңін жинақтап қымсынбайды.

Өмір солай, бірде бар, бірде жоқты,
Өмір солай, бірде аз, бірде тоқты.
Үйір-үйір жыландар мекендеген,
Қайда кетті, айта алмас ешкім нақты.
Қаптап жүрген жыланның орындарын,
Қаптап өсіп, бетеге бетін жапты.

Ақшат тау бетегемен сырласады,
Кей-кейде аппақ жүзін мұң басады.
Теріскей бетіндегі көкпек, жусан,
Бір-бірін қымтап қойып, жымдасады.
Солай, солай, таң атып, түн қашады.

Жалғыз қыран көк жүзін көркемдейді,
«Туып-өскен осы ара өлкем» дейді.
Анда-санда шаңқ етіп, қанат қағып,
«Қызық-шыжық, әлде де көрсем» дейді.
Екі ғасыр шамасы өмір кешті,
Екі топшы тым берік теңселмейді.
Бір кездері Ақшат тау гүлдеп тұрды,
Самал ауа қойнына тездеп кірді.
Жұпар иісі аңқыған Жер-Ананың,
Төсін жайлап, жезкиік желдеп келді.
Құйрығымен шаншылған жыландармен
оюланып, Ақшат тау өрнектелді.

Жылан билеп күн шыға ойнақ салды,
Бір-бірінің үн-сөзін тыңдап та алды.
Бір-біріне шұбырып, үйір-үйір,
Өздерінше ысылдап жырлап та алды.
Сахна ғып, апырай, тау етегін,
Алып жатты, ұйысып бір қапталды…

* * *

Шілденің күйіп тұрған күндері еді,
Ал бұлттар бір кетеді, бір келеді.
Аңызақ жел қуалап, бұлт біткенді,
Жердің бетін қуартып түрген еді.
Сірә, сірә, пайда жоқ ағып жатқан,
Жіңішкелеу өзеннен іргедегі.

Ақшат тау бойын түзеп бұлт шақырды,
Ашуы аңызақтың тарқатылды.
Айдың бетін жапты да қалың бұлт кеп,
Құйған жауын шелектеп бал татыды.
Қалың жылан дір етіп жылжып кетті,
Жатқан еді, «құшақтап» үш батырды.

Төремұрат, Өтен мен Нарынбай-ды,
Жауды көрсе жарқылдап, жалындайды.
Он екі ата Байұлы – руы Таз,
Кұмда өскен үшеуі – қайыңдай-ды,
Үшеуінің есімін естісе жау,
Мүжгілейді, езгілеп, жанын қайғы…

Үшеуі таң сәріде дүр сілкінді,
Итеріп тастағандай, тылсым түнді.
Қойнындағы бүркіттің балапанын,
Төремұрат аялап үнсіз күлді.
«Ал, жігіттер, қонайық ер үстіне»,
дегенінен Өтеннің түн серпілді.

Сайда тұрған ертеулі аттарына,
Тақым салды, мінгендей бақ тағына.
Аттың басын күншығыс бетке бұрып,
Бағыттады, Біріктің шатқалына.
Тілегендей бір тілек қалың жылан,
Үн шығарды ысылдап ақтарыла.

Жортып кетті, үшеуі жортып кетті,
Ана қыран үнсіз қап толқып кетті.
Балапанын батырға қиғанменен,
Сезім оты жалындай шалқып кетті.
Шаңқ еткізіп бір дыбыс шығарды да,
Айдын көкке қалықтап қалқып кетті.

Ақшат тау кербезденіп бойын керді,
Шаңқ еткен қыран үні ойын бөлді.
Самал жел тауды сыйпап аймалады,
Жер-Ана күн көзіне төрін берді.
Күн көзі шұғыласын шашыратып,
Ай, жұлдыз, айдын көкте көрінбеді.

Ат басын ірікпестен желіп кетті,
Үшеуі өзді-өзіне сеніп кетті.
Данай сұлу елестеп көз алдына,
Төремұрат бір ойға еніп кетті.
Жүрек қылын шерткендей ғашығының,
Сезімі мен көңілін көрікті етті.

«Айдай аппақ сұлуым», деді батыр аспандап,
«Мәңгілікке ғашықпын», деді батыр астарлап.
«Періштесің, періштем, Алла маған жіберген
сен бар жерде ұшпайды, ешқашан да бастан бақ»,
деп сыбырлап, батырың жан-жағына қарады,
Өтен менен Нарынбай озыңқырап барады.
Ақ арғымақ тұқыртып ауыздығын шайнады,
Шығарсам деп күш-қайрат қайнап тұрған бойдағы…

* * *

Жылдар жылжып, алыс-жақын теңселді,
Уақыт шіркін күн мен айды еңсерді.
Данай сұлу Төремұрат жары боп,
Қос ғашыққа ауыл түгіл ел сенді.
Төремұрат десе жұртың сүйсініп,
Қолға ұстайды, алмас қылыш семсерді.

Жолы түсіп, Құрманғазы кеп қалды,
Күйлері оның көкіректе жатталды.
«Адай» күйі асқақтады, әуелеп,
Теңіз толқып, ақ көбігін ақтарды.
Кұрекеңе басын иіп күллі адай,
Өз тарихын күйден оқып, шаттанды.

Төремұрат мәртебелеп қонақты,
Шат-шадыман түндер өтіп, таң атты.
Сапарлады, алыс-жақын жерлерді,
Ұлы күйші күймен елді оятты.
«Төремұрат» күйін арнап батырға,
Ел ішіне сыйлық етіп таратты.
Шанағынан домбыра сөйлеп кетті,
Құдай берген құдырет өрлеп кетті.
«Тас астау» мен «Тас дере» күй төресі,
Ақ жаңбырдай себелеп селдеп кетті.
Оған қоса «Төремұраттың ақ арғымағы»,
Кермесінен босанып, желдеп кетті.

Ойпырм-ай, ұлы күйші бабында екен,
Алла берген сом алтын тағында екен!
Қорлық көріп заманнан жүрсе-дағы,
Кешегі жиырма бестей шағында екен!
Тәңірге табынғандай ел табынды,
«Апырай, ұстапты-ау, деп бағын бекем!»

* * *

…Сар дала сағым жортқан жайнап жатыр,
Ел іші көктем тойын тойлап жатыр.
Тігілген ақбоз үйлер қаз-қатарлап,
Әйтеуір, сән-салтанат орнап жатыр.
Күлкісі сыңғырлаған қыз-келіншек,
Желіге бота, құлын байлап жатыр.

Әңшілер ән салады, өрістетіп,
Күйшілер күй тартады, келісті етіп.
Кермеде ақ арғымақ тыпыршиды,
Бауырын жазатындай кеңіске өтіп.
Қаз, үйрек айдын көкте тізіледі.
Былтыр күз ұшып кеткен теріске өтіп.

…Әлімнің жігіттері қолқалады,
Ал сөйтіп Құрекеңді ортаға алды.
Амалсыз ұлы күйші атқа мініп,
Жөнелді, дуылдатып сар даланы.
Қимай-қимай қоштасты қалың қауым,
Сондағы Данай сұлу салған әні:
Аха-ау,
…Ағатайым, өнердің шыңы екенсіз-ай,
Жарқыраған жұлдыздың бірі екенсіз, ай, ау!
Ытқып шыққан жүректен мархабатты,
Ұлы дарын иесі сіз екенсіз, ай, ау!
Ой, шіркін-ай!
Өмір, өмір, шырқалды,
Ерттеп міндік тұлпарды.
Жүрегіміз жылап тұр,
Қимай сіздей сұңқарды,
Беу, дүние-ай!
Аха-ау!
Шартарап сізді тыңдап масаттанды-ай,
Кәрі, жас күйіңізбен жасап қалды, ай, ау!
Күймен шашып шашуды маржан тердік,
Сізге ұмсынып, Ай, Жұлдыз қосақталды, ай, ау!
Ой, шіркін-ай!
Ағатайым, армансың,
Сіз деп дүние толғансың!
Өнеріңмен ағатай,
Адамзатқа қорғансың,
Беу, дүние-ай!
Ән тыңдап, ұлы күйші тұра қалды,
Жым-жырт боп сол төңірек тына қалды.
Қолына домбырасын алды-дағы,
Екі шертіп шанақты сынап алды.
Сонан соң сылқылдады-ау, сал домбыра,
Көңіл босап, көзден жас домаланды.

Ойпырм-ай, күйші қандай, күйі қандай,
Мазмұны, әуен-сазы, түрі қандай?!
Құлақтың қандырды-ау бір құрыштарын,
Аспаннан ағып түскен зымырандай.
Тыңдаған адам түгіл табиғатты,
Ұйытып, таңғалдыра сынағандай!

Аңызда күйдің аты «Айналайын»,
дейді ғой, алыс-жақын сол маңайым.
Қалдырып осы атауды Шәміл салға,
Мен енді алға қарай толғанайын!

* * *

Сол кезде Адай, Түрікмен алакөзді,
Жанжал мен ұрыс, керіс дала кезді.
Найза кіріп, кеудеге қан төгіліп,
Қарсыластан қағынған – сана безді.
Жарқыраған өмірді өрнектемей,
Жоқ боп кетті, жүректен өнеге ізгі.

Болып жатты сол кезде ала шапқын,
Ширек қадам жер үшін таласатын.
Талай боздақ қалды ғой қанға бөгіп,
Жасампаздық ойы жоқ санасатын.
Сұрақ та жоқ, жауап жоқ, ашкөзденіп,
Ойларына кірмейді, Болашақ кім?!

Апырай, неге солай кектеседі,
Қарсы келсе, етінен ет кеседі.
Қанды қолды Түрікмен екіленіп,
Өзді-өзді боп, дауласып серттеседі.
Жауласпаса атақты Қармыс батыр,
Қапияда өмірден өтпес еді.

Қайран дала көтерді бәрін соның,
Ән шырқалды сонда да керім-салым!
Жыраларға сырылдап қан ақсада,
Көлбеңдейді, көкжиек ұлы сағым.
Тарқатылып шежіре аңыз қалды,
Боямауға шындықты тырысамын!
Жан берісіп, жан алған ұрыстарда,
Ұрыс барда сірә да тұрыс бар ма!
Атқа мінген Адайдың талай ері,
Көк найзамен дем беріп қылыштарға.
Күні-түні тынбастан жортады екен,
Қозы қарын су байлап құйысқанға.

Төлеп батыр сұр жебе мергені екен,
Талай-талай айқасты көрген екен!
Жүрегінің түгі бар батыр бопты,
Жауар бұлттай жауына төнген екен!
Найзағайдай шатырлап ұрандасып,
Жеңеріне қас жауын сенген бекем.

* * *

Бір мың сегіз жүз алпыс үштің көктемі еді,
Жер жасарып, көкпектер көктеп еді.
Сай-салаға қар суы ылғал беріп,
Шұғыласын күн көзі сепкен еді.
Тау бөктерлеп салт атты келе жатты,
Алдын кесіп, ақбөкен өткен еді.

Оң иыққа қыран құс қонақтаған,
Алыс пенен жақынды сараптаған.
«Жіберші» деп талпынды иесіне,
Ақбөкенді бүрсем деп талаптанған.
Томағасын сыпырып бауын шешті, –
Аяқ жібін жинап-ап салақтаған.

Көтеріліп аспанға шаңқылдады,
Дыбысы өзге, бір нәрсе айқындады.
Түйіліп кеп жанынан зу етті де,
Тұрағына қонуға талпынбады.
Пысқырды кеп арғымақ қайта-қайта,
Үрей кіріп бойына арқырады.

Төремұрат ал сонда жалт қарады,
Күйкен шыңы ілікті асқаралы.
Жанарында жалт етіп, шіркін өмір,
Кәне, кәне, кімнен бұл жасқанады.
Алдаспанын суырып қынабынан,
Қайрат жинап бойына сұстанады.

Оң жағынан шапқылап жау көрінді,
Сол жағынан шапқылап жау көрінді.
Топ-тобымен қоршады, айқай салып,
Артқа-алға, әйтеуір, тең бөлінді.
«Қолға, қолға, батырым түстің бе», деп,
Дауыстары шыңғырып жерге кірді.

Төремұрат саспады, бой түзеді,
Сынай қарап, сыналап ой түзеді.
Құтылмасын сезген соң денесіне,
Машһар күтіп тұрғанын сездіреді.
Ата аруағын шақырып, жауға кіріп,
Қарсыласты күшіктей үргізеді.

Жарып өтті, бір топты жарып өтті,
Алдаспанды сілтелеп, салып өтті.
Аттарынан ұшырып төрт-бесеуін,
Қызыл қанға мерейі қанып өтті.
Қарсы келген екеуді қақыратып,
Көк найзамен шанышты: жаны кетті.

«Я, Бабам қолдай гөр», деді – дағы,
Сұр жебені суырып, тағы да алды.
Бірінен соң жіберді, бірін тартып,
Екі жебе – екеудің жанын алды.
Ат үстінде сақалды түрікменнің
жаны шығып, былқылдап тәні қалды.

Ақ арғымақ ашынып қарғыды кеп,
Тұрғандарды жапырып жолды бөгеп.
Төрт тұяқтан сарт еткен ауыр соққы,
Төрт адамның өлуіне болды себеп.
Аласапыран күй кешті жау дегенің,
Қалды дейсің біразы – есеңкіреп …

Ал кетті, ақ арғымақ зуылдады,
Жазылып сіңірі мен буындары.
Аузын ашып, аңырып топ қалғанда, –
Төрт-бес жебе батырды қуғындады.
Қадалды қанды жебе жаурынынан,
Жолы болған сұм жебе жымыңдады.

Шаужайлап қос тізгінді тұрып қалды,
Жауыз жебе қадалып ырықты алды.
Төремұрат аһ ұрып теңселді де,
Ат үстінде сілейіп сұлқ қалды…
Жанамалап келген бір қара «шекпен»,
Маңдайынан сойылмен ұрып қалды.

Ат үстінен батырың ауып түсті,
Ажал сұм қас батырды алып түсті.
Жарық дүние сөнді де қас-қағымда,
Қасқа жол о дүниеге анық түсті.
Арманда кетті-ау, шіркін, Төремұрат,
Жалғанда жасай алмай, байыпты істі.

«Хош бол, елім» дегенді айта алмады,
«Хош бол, Данай» дегені байқалмады.
Армандары көп еді, іске аспады,
Қапияда өмірдің шайқалғаны,
Осы болды-ау, көргені, білгені де,
Тағдыр шіркін, аямай талқандады.

Кері кеткен заманы кесір болды,
Сол заманда батырың өсіп-өнді.
Өрнектелген өмірі болмаған соң,
Кімнен қалай алады, өшін енді.
Қырқасына қырықтың шыққан кезде,
Сұм ажал сүйреп кетті, есіл ерді…

Соңғы сөз

Шәміл сал аңыратшы жойқын күйді,
Тыңдауға көп көңілі талпынды енді.
Тереңнен маржан терген «Төремұрат»
екенін сен арқылы халқың білді.

Па, шіркін, шанақ сөйлеп, перне ойнап,
Қойғандай арғымаққа керме байлап.
Бірде дыбыс айналып, қыран үнге,
Бірде дыбыс сыбырлар «жеңгетайлап».

Он саусақ кезек-кезек құйқылжиды,
Сиқырлап тастағандай сылқым биді.
Сыбызғы сыздырады алыстардан,
Аққу үн толастап бір іркілмейді.

Қызыл жел құбыладан соққандай ма,
Сарқырап таудан тасқын аққандай ма!
Әлде бір аспан көктен түнерген бұлт,
Түйісіп, бір-бірімен жатқандай ма!

Сергектік әрқашанда сезімталдық,
Қайтарар қалың ойды қарымта ғып.
Өнердің биік шыңын бағындырдың,
Сан ғасыр қозғалмайтын жанартау ғып!

– «Шәміл сал өнердегі құлагерсің,
Мінгенде сәйгүлікке ұлан ерсің.
Алла берген қазаққа бір сыйы ғой,
Күй атасы Құрекеңе мұрагерсің!»

Қали аға осылай толғаныпты,1
Әспеттеп домбырасын қолға алыпты.
– «Төремұрат», «Адайды» Шәміл тартсын,
деген сөзбен сәлемі жолданыпты…




ПІКІР ЖАЗУ