Қиссадағы мақсат:
одан сабақ алмақ; әйтпесе,
мұның бәрі саған
құр хикая айтып беру үшін емес.
Мәулана РУМИ
БІРІНШІ ТАРАУ
ХҰСНИ ХАНЫМҒА БАРАР ЖОЛДА
Ақылы ауруханадағы алғашқы аптаның соңына таман серуендеуге айналдық.
Ішкі аула гүлге оранып тұрыпты. Бірімен бірі жарыса құлпырады. Алуан айшықты. Түрлі-түсті. Гүлдер. Субұрқақтың өзі қоланың қымбат сұрпынан оймышталған. Әлдебір әдемі әлемнен қырық құбыла қайнап шығатын триллион тозаң-тамшы аспан астында күн сәулесімен сүйісіп, гүлзарға ойнап оралатындай. Арзиды. Ақшасына. Жұмаққа бергісіз жасылды-қызылды, дүрри-гауһар дүние. Ем-домы мен ем-дәмі де өзгеше. Ақылының аты ақылы ғой, әрине. Сүлесоқ селқостық құрсап қоңыраятын, тегін хақылы сұрқай сырқатханаға жыл сайын жататынбыз. Төрт қабатты түнеріңкі үйден оныншы күні құлазыған күйіңде қуылып шыққандай кете баратынсың. Кілдірей тырмысып, жұрттың ізіне ілесіп үлгермесең, тірмізік тіршілік жол шетіне ысырып тастар.
Ал, ақылы ауруханада қалтаңа қарай қанша уақыт жатсаң да ерікті екенсің. Күтпеген жерден демеуші табылып, алғашқыда ыңғайсызданыңқырап, бірсін-бірсін бойымыз үйренген. Ойымыз орныққан. Дендеген дерттеріміздің бірталайы бірден-ақ шегінгендей көрінген.
Енді, міне, курорттағыдай көңілденіп те үлгергендейміз. Аса қымбат ағаштан өрілген оюлы орындықта кітап оқып отырған жүдеу әйел кенет басын көтеріп, жылуарлы сәлемдесті. Жұқалтаңдана ағарған шашын қоңырқайлау түске бояп алған екен. Ара-арасынан ақшылтым құйқасы ағараңдайды. Үстіндегі жасыл желеңі жүдеулігін жасыратындай жарасымды. Омырау тұсына оншалықты қарай алмадық. Әлденелермен әдіптей буып, әлденешелеп орап тастағандай.
Әйел өзінен-өзі бір шетке ысырылып, жанына жайғасуымызды өтінгендей ишарат танытты. Өзіміз оқыңқырайтын имамдардың имамы ғұлама Ғазалиыңыз зейіндіге бір сөз, зерделіге ишара жетер-дүр деген ғой. Отырдық. Жанына. Қырым еті жоқ қараторылау әйелдің жанары біз күткендегіден әлдеқайда салқын, тіпті сұп-суық екенін тез аңғардық. Таңғалдық. Сонда жаңағы жылуарлық қайда? Бас-аяғына байқатпай ғана назар жығамыз-ай. Бүкіл болмыс-бітімінде зияткерлік тұнып-ақ тұрыпты. Тал бойынан талдырмаштардың таңғажайып тартымдысы болғаны білінеді. Әттең-ай, әттең… Аурудың азабынан жүдеген. Талай да талай оталар жасатып, жадаған. Уақтысында уыстарына симай, сусып-тасып бұлғаңдайтын бұрымдарынан тамтық қалмағанына қиналғандайсың.
– Біраз-біраз байқап, зерттеп үлгердіңіз бе, аға? – деді әйел.
– Басыңызды шашыңыз қалың кездегідей сілкіп қоятыныңыз керемет жарасады екен, – дедік біз.
Суық жанары сіреспе үстейтіндей сұрша бетінде лып ете қалған қызғылт арай сырғасыз құлақтарына сіңіп жоғалған.
– Сіздің де шашыңыз осыдан он бес жылдай бұрынырақта қап-қара, қап-қалың, сәл-пәл бұйралау көрінетін. Он бес есе азайып, түгел гүлдепті ғой, – деді.
– Есеп теңелді. Бір де бір, – дейміз. – Өзімізге де обал жоқ.
– Мен сізді жан-жақты, жап-жақсы білемін, аға. Барлық кітаптарыңызды оқығам. Оқып та жүрмін. Он бес жыл бұрын бір кездесуіңізге қатысқанмын.
– Апырай-а?!
– Ең соңғы оқыған әңгімем «Белесебет пен байлық». Стиліңіз сәл қатқылданған. Жаңағы сөзіңіз секілді. Бұрынғы шығармаларыңызда кейіпкерлеріңізді қатты аяп, мәпелейтін сияқты едіңіз. Соңғы кездері төпелейтінге айналғандайсыз ба, қалай?
– Апырай, а? Шынымен бе?
– Бәрібір, юморыңызды ұмытпағайсыз, аға. Сіздің стиліңіздің сүйкімі сонда.
Уа, қадірдан оқырман, омырауын қатты ауырсынатын осынау қарындасымыздың атын атап айтпай-ақ қояйыншы. Ақылы аурухананың ауласында, көркем гүлдер көмкерген алаңқайдағы айрықша орындықта өзімсіне танысып, сырласа сөйлескен сұрша келіншекті Әдебиетші әйел деп алайықшы.
Әдебиетші әйел деген ат аса жарасымды секілді. Бұл жаратылысқа.
Күн сайын дерлік әлденеше мәрте жолығысамыз. Әдебиетші әйелмен. Бізді бұрыннан-ақ біледі екен. Оқиды екен. Өзі бірден білдірді. Байқадыңыз оны.
Ш. шаһарындағы атағы шыға бастаған ақылы ауруханаға Алматы қаласынан келген. Бұрынғы астананың байырғы университетінде шетел әдебиетінен сабақ береді. Бизнесі бар. Жоғары оқу орнын, яки қара шаңырақты, студенттер мен аудиторияларды қимайтын көрінеді. Қия алмайтын да шығар. Бизнесін түгелдей дерлік жалғыз қызына өткізген. Үйреткен. Баулыған. Қызы Америка Құрама Штаттарында білімденіпті. Бірер жыл Техас штатында жұмыс атқарыпты. Толық сенеді. Іскер. Ізденгіш. Дөңгелетіп әкетіпті. Шешесінің кәсіпкерлігін. Абай даңғылындағы алып маркеттің иесіне айналып үлгерген. Тек тұрмысқа шыққысы келмейтінін мазмұндағаны жанына бататынын білдік.
Әдебиетші әйелдің ең сүйікті шығармасы Гюстав Флобердің «Бовари ханымы» екен.
– Әйелдің мөлдір махаббатын, еркекке деген шынайы сүйіспеншілігін Флобер дейін шебер бейнелеген жазушылар онша көп емес, – деді бірде Әдебиетші әйел. – Шіркін, Шарль Бовариді де аяйсың. Алайда, Эмма Бовари ханым о бастан-ақ оған сүймей қосылды. Тіпті титімдей де, тарыдай да сезім болмаған. Жүрегі жылымады. Жылымаған күйі, жаны жылап өтті де кетті өмірден. Есесіне Эмма байқұс Леонды қалай сүйді?! Родольфті қайтіп естен тана жақсы көрді?! Десеңізші! Ал, олар ше?! Еркектер ше?! Эмма дайын сүйе алған жоқ қой! Жалпы, аға, осы еркектер әйелдерше ғашық бола ала ма? Әйелдер дейін шын сүйе ала ма? Деп те қиналысқа қамалып, булыға буылатыным бар. Мына менің. Бовари ханым ше? Эмма сұлу… Ақырында Леон да, Родольф те үкілеген үмітінің үдесінен шығуға жарамады. Аққудың қанатындай ардақ тұтқан сезімі мен сенімін ақтай алмады. Эмма дайын махаббаттан ғана жаралған жанның. Махаббатты ғана өмірдің асыл арқауы, тіршіліктің маңызы һәм мазмұны деп түсінетін ханымның. Әйелдің. Үміті үзілді. Эмма ханым ақырында у ішіп, өзін-өзі адам баласы төзбестей тозақы азапқа салып, өзін-өзі өлтіріп тынды.
Ол кенет Гюстав Флобердің ең басты, ең қымбат, ең шебер шығармасындағы Эмма ханымға айна-қатесіз ұқсап кетті.
Күндердің күнінде, кешкі серуенге шыққанда Әдебиетші әйел тек тері мен сүйектен ғана тұратындай оң қолын біздің қолтығымыздан сәл төмендеу тұсқа қыстырған күйі өзінің өмір тарихынан қысқа-қысқа, үзік-үзік сыр ақтарыңқырады.
Қазақстаныңыздың күнгей аудандарының бірінде дүниеге келген. Үш жасында анасынан айырылған. Әкесі екінші әйелге үйленген. Жылына жетпей-ақ. Бұл өзінің шешесін аңсап, жиі-жиі жабығып жылай берген.
Жылаған сайын ұрады екен. Өгей шешесі. Алғаш езіле егіледі. Мүжіледі. Кейіннен кектенеді. Өшпенділігі өршиді. Жаны қатқылданып, жүрегі қатыгезденіп өседі. Әкесі мен өгей шешесінен ертерек алыстауға тырысады. Тырмысады. Өз бетінше тірлік істейді. Өз күшімен Алматыға барып, үлкен университетке түседі.
Жаппай жекешелендіру жүріп кеп-кеп бергенде, әкесі мен өгей шешесінің шақыртуымен келгенде сол күнгей ауданның бірден байып үлгерген жігіті алып қашады. Айналасы ат шаптырым аулада қамап ұстайды. Анаша саудасын, алтын бұйымдардың айналымын қыз-қыз қайнатады. Күйеуі.
Тірліктері күдік-күмәнға толы серіктестерінің бәрі арамзалар мен аярлар болатын. Шетінен шыртия шіреніп, бүйідейін бұткермелене бүлініп, жауыздықпен қылмыс жасайтын топқа айналады. Күн сәулесі түспейтін аулада күң есебінде ұсталған бұл сұлуыңыз семіп, сола бастаған. Уыстарына симай бұлғаңдайтын бұрымдары жидіп, қалың қолаң шашы деп-демде селдір тартқан. Жайнаңдап тұратын жанарларынан жылу жоғалған. Жыл өткенде шалалау туған жалғыз қызын өлтіріп алмақтан қауіптеніп, аласұрған.
Күйеуінің қатты байығаны баршаға бас шұлғытқан. Ауданның ғана емес, уәлаяттың, алыстағы астаналардың орталықтарынан ойып-ойып орын тепкен. Үйлер алған. Ғимараттар салған. Арамзалық қылықтары үдей берген. Қыз-қырқындардың анарларын тістелеп ләззат алатын бағланның басынғаны соншалықты, Әдебиетші әйелдің көзінше түрлі ұлттардың қыздарын ойнаққа әкеле беретінге айналған.
Жүздеген жүйрік темір көліктері, түрлі де түрлі техникасы, көкпар аттары, бәйге сәйгүліктері, қаладан-қалаға, елден-елге жөңкіліп, науадан құйғандай табыс түсіретін кәнігі кәсіпкер күйеуінің күн түспейтін ауласында жүріп, айықпас ауруларды жамай беріпті. Жатырын алдыруға тура келген. Әуелгідегі әп-әдемі, шошайып-ақ көрінетін қос емшегін қайта-қайта кескілеген. Оташы дәрігерлер.
Әйел ретінде өмір-тіршіліктің түк те қызығы қалмаған. Бұл үшін. Сонда-дағы түңілмеген. Баяғыда әкесі мен өгей шешесінен қашып құтылғанындай, күйеуінен де жырақтай жылыстаған. Университетіне қайта түскен. Бизнесті әліппесінен бастаған. Күні-түні кітап оқыған. Әсіресе, әдебиетті бөтенше бағалап, төтенше сүйген. Жалғыз қызын жалықпай бағып-қаққан. Үйлі-жайлы болған. Кәсіптері өрге домалаған. Бірнеше бөлмесіне кітап толып кеткен. Өзі оқыған, тынымсыздықпен тәмамдаған университет оқытушылыққа қалдырған. Ұстаздық пен бизнестік еңбекті егіз-қатар ту етіп ұстай білген Әдебиетші әйел ағылшын, француз тілдерін һәм емін-еркін меңгеріп үлгерген.
Әттең-ай, әттең. Денсаулығы жиі-жиі сыр береді. Келешегін кесіп тастардай кедергі жасайды. Алматысынан осы Ш.шаһарына келіп, ақылы ауруханада қос емшегін бірдей алдырған. Кеуде сүйектеріне дейін тықырлап. Омырауы айқыш-ұйқыш тігілген. Таңылған.
Әдебиетші әйелмен әңгімеміз жиіледі. Ашық-жарқын айта береміз. Бәрін. Әлсін-әлсін Флобердің «Бовари ханымына» оралады-ай. Кейбір тұстарын жатқа оқиды. Бірде күні бойы Мопассанды мәністеді. Оюлы орындықта тебірене тербелді.
Мопассанның бір әңгімесі бар ғой. Пруссия әскерлері Францияны басып алған. Құтырынған неміс офицерлері кезекті басқыншылық шабуылға шығар күнді күте-күте әбден ерігеді. Зерігеді. Кенет бір капитан ұтырлы ұсыныс жасайды. Алысырақтағы қаладан бес жезөкше әкелінеді. Бес офицер бөліп-бөліп иемденеді. Ойнақ басталады. Офицерлер де, жезөкшелер де желөкпеленген. Ішкен. Әбден. Капитан еліріп: «Жүректерді жаулап алуымыз үшін!» – дейді бокалын биікке көтеріп. Келесісі: «Францияны жеделдете жаулап бітіруіміз үшін!» – дейді. Сол бір сәтте жезөкшелер мастығы тарап кеткендей күй кешеді. Салғыласу мен егесу біразға созылады. «Барлық француздар, бүкіл Франция, оның ормандары мен егістіктері, күллі құнарлы жері – мына біздікі!» – деседі неміс офицерлері. Кенет жезөкшелердің ең жасы: «Оттапсыңдар, оңбағандар!» – дейді. «Францияның барлық әйелдері біздікі!» – дейді және бір офицер. «Жоқ, сендердікі сандырақ! Францияның әйелдері сендердікі болмайды!» – дейді әлгі әйел. «Ал, онда сен неге келдің мұнда, көгершінім?!» – деп мазақтайды офицер. Сонда әлгі жезөкше бүй дейді: «Не мен?! Мен – әйел емеспін, жәлеппін! Ал, біздің әйелдер сендерге қорлана қоймас!». Офицер жезөкшені оңдырмай ұрады. Жезөкше үстел үстіндегі пышақты әлгінің кеңірдегі түбіне тереңдете сұғып кеп-кеп жібереді. Құтырынған басқыншы қорылдай құлайды.
Өзге офицерлер мен олардың аймаласқандары не болып, не қойғанын аңғара алмай тұрғанда, адам өлтірген жас әйел терезеден шырттай қараңғыға қарғып кетеді. Командирлер жүздеген жауынгерлерін жұмылдырады. Іздеуге. Түні бойы ит әуреге түседі. Пруссиялық басқыншылар. Өзді-өздері атысып, бір- қатары оққа ұшады, бірталайы жараланады. Қалашықтың әрбір үйі тінтіледі. Тіміскіленбеген түк қалмайды. Бәрібір, табылмайды. Қашқын жезөкше.
Ол шіркеудің шырқау биігіндегі елеусіз бөлмеге, қоңыраудың қасына жабыса жасырынған екен. Священник пен пономарь қашқынды абайлап асырап, қамқорлық жасап жүріпті. Басқыншылар біржолата кеткен соң ғана шіркеушінің үлкені келіншектің маңдайынан сүйсіне сүйіп, құрметпен қоштасады. Арада айлар аунағанда, бір парасаты биік, патриоттығы нық еркек сол патриот деп танылған жезөкшеге шын ғашық болып, үйленеді. Осылайша әлгі әйел әйдік ханымға айналады. Әдебиетші әйел әңгімені Мопассаныңыз емес, өзі өрнектегендей өзгеше жеткізеді.
– Мопассаның мұндай шығармалары өте көп және қай-қайсысын да құмарта оқисыз. Терең тебіреністерге түсесіз. Шеберлікте шек болмайды деген рас шығар, аға.
– Мықты Мопассантанушы екенсіз!
– Мамандығыма байланысты біраз-біраз біліңкіреуім керек шығар, аға. Қайбір Мопассантанушы дейсіз. Қойыңызшы.
– Әйел мәселесі, әйел махаббаты, жезөкшеліктің жағдаяттары туралы жазғанда Мопассаныңыз Флоберіңізден кем соқпайтындай-ау?! Екі жүз жылға жуық уақыт бұрынғы француз қоғамындағы кейбір кесел-кесапаттар қазақ қоғамында да қайталанып жатқан жоқ па осы? Қалай ойлайсыз?
– Қазақ қоғамындағы дендеп бара жатқан дерттерді Мопассандай мәністейтін жазушылар жоқтың қасы ғой. Бізде. Көңілдеріңізге келмесін, аға, – деді Әдебиетші әйел. – Мысал үшін француз классигінің «Жезөкше еркек» деген әңгімесін алайықшы. Мопассаныңыздың бұл әңгімесінде журналистиканың жіптері де жоқ емес. Моральдық тақырыптағы мақалаға тым ұқсаңқырап кететін, қайта-қайта қайып тігетіндейін түйткілді түйіндеулері де баршылық. Мен бұл әңгіменің де әр жерінен жатқа үзінді оқи аламын, аға. Мәселен, мынадай түрпілеу топшылаулар кездеседі: «Жезөкше еркектер – біздің елдің жан жарасы». «Біздің депутатар палатасы жезөкше еркектерге толы. Олар сүйкімді оппортунистердің ең үлкен партиясын құрайды. Бәрі де тәп-тәтті уәде береді. Тартымды сөйлейді. Кім-кімнің де қолын бар ықыластарымен қысып, баурап алады». «Газеттердің бәрінде жезөкше еркектер жыртылып-айырылады. Шынтуайтына келсек, журналистердің көбі жалдаптанып біткен…» Міне, көрдіңіз бе?! Алайда, қанша түйткілді, түрпілеу дегенімізбен, сол кездегі шындық қой.
– Париж жақтың жазушыларын жатқа жырлайтыныңыздан ба, сіз француз әйелінен айнымайтын сияқты сезілесіз, – дедік біз одан бетер еркінсіп. – Қай-қай жақтарыңыздан қарағанда да.
– Сіздің сүйікті суреткеріңіз, Созақтың Сүлейменові Азияның француздары – қазақтар, ал Еуропаның қазақтары – француздар демеп пе еді?
– Сілейтіп саласыз, әйтеуір… Тағы да жеңдіңіз!
– Мен қисап қуып, ұпай есептеп отырған жоқпын. Сөз ретіне қарай пікір білдіргенім ғой, аға. Шеберлігінің шырындығына көңіл қойсаңыз, кей-кей кептер мен гәптерде Асқар ағаңызды французыңыздың феномен қаламгерлерінің біразы маңайлай алмас.
– Талғамыңызға тәнтімін! Рахатқа бөлегеніңізге рақмет! Париж бен Лондонға, арғы жағындағы американ елдеріне тамсана бермей, қазекеме қарата жақындасаңызшы!
– Қазақтан қашып қайда барады дейсіз. Флобердің бір шығармасынан да парламент депутаттары туралы қатал соттың үкіміндей пікірлерді оқып, таңырқағам, аға.
– Апырай-а?! Тағы да Еуропаға кеттік пе? Не дейді сонда «Бовари ханым, ол – менің өзім» дейтін бейбағыңыз.
– Француз әдебиеті тығырыққа тіреліп, француз қоғамында бықсыған бәле-бәтірлер қат-қабат қалыңдай бастағанда, нейрохирург-қаламгерлер тұйықтардан жол тапты емес пе? Солардың ең тереңі «Бовари ханымның» авторы ғой. Балаңдау шағындағы шағын шығармасында Флоберіңіз: «Депутаттар – былғаныш, сатқын адамдардың ластанған тобыры. Түпкі тілектері – тек қана пайдакүнемдік; осы мақсаттарының жолында олар қаскүнемдіктен де тайынбас; аярлық-арамзалықтарынан ешқашан да тартынбас», деп мағлұмдаған. Ал, егделеніп, ерен шығармашылығының ең шырқау шегіне жеткен шағында «Бовари ханымымен» күллі қоғамды қалтыратты. Саналарды селк еткізді. Сотқа тартылды. Сабазыңыз. Әрең дегенде әлсірей құтылды. Ал, «Бовари ханымы» әлемдік әдебиеттің аспанын шығандай шарлап, қалықтай көктеп кете барды…
– Гюстав мырзаға ғашықтығыңыз ғаламат! Одан сайын французданып барасыз. Тіріліп, қайта оралған Бовари ханым сіз емессіз бе?!
– Әңгімені қоздатқан да, қоздырған да өзіңіз. Қазақтың қазіргі қоғамы мен екі жүз жылға тарта уақыт бұрынғы француз қоғамын салыстыра сұрақ қойдыңыз ба? Қойдыңыз. Әліме қарамай, әлденелерді әнтек қоңырсытып жіберсем, кешірім өтінемін, аға!
– Сіз мені кешіріңіз қайта. Университеттің аудиториясында ардың ісінен ашық сабақ алғандаймын, айналайын.
– Сонымен аға, екі жүз жылға жуық уақыт ілгерідегі іркілістер, солардың қоғамындағы қасіреттер қазіргі қазақ қоғамында да қалың екені мәлім бе? Әбден-ақ мәлім. Сіздерге де, біздерге де. Жалпы жұртыңызға да. Ұлтыңызға да. Дәл Франция, Англия, Америкадағыдай, тап сол ғасырлардағыдай емес, әрине. Мұқым бөлек. Мүлде басқаша. Бірақ, көп-көп жақтарынан жақын екені рас. Өте-мөте ұқсас құбылыстар қаншама! Қайран қалдырады. Сондықтан, аға, Флобер мен Мопассандар, нейро-оташы жазушылар аса керек-дүр. Алашыңызға. Қайран қазағыңызға.
– Мұнарландыра меңзей бермей, нақтылай түссеңізші. Болар іс боп жатыпты ғой, ақыры.
– Тым тереңдемей-ақ әлгі әзірдегі Мопассаныңыздың «жезөкше еркектерін», «депуттатар палатасын», «жалдаптанып біткен журналистерін» бағамдаңыздар. Флоберіңіздің де «депутатар – сатқын адамдардың ластанған тобыры» деген қатыгез қорытындысын байқаңыздар. Бағамдамай, байқамай жүрген жоқсыздар. Бұрыннан-ақ бәрін білесіздер. Шет жағалап жазыңқырайсыздар. Әттең, кеселдердің күретамырларын күтірлете үзіп, кесапаттарды аяусыз кескілей алмай келесіздер. Сіздер.
– Сіз өтіп кеткен ғасырлардағы шеберлердің маңдайларынан шертіп мәністейсіз. Бұрынғы ғасырда біздің әдебиетте һәм таңғажайып титан тұлғалар болған. Парижіңізде де көзі тірі кемеңгерлер көп емес-ау?! Қазір.
Әдебиетші әйел омырауын қатты ауырсынып, қос анарының орнына қос қолын апарып, алақандарымен абайлап аялады. Аса аянышты көрінгісі келмей, қырым етсіз денесімен дүр сілкінгендей, тез тіктеліп отырды.
– Аға, ашуланыңқырап қалғаныңызды мойындаңыз. Біздің ақын-жазушылар сын көтере алмайды.
– Сынға Гюстав ғашығыңыз да тызылдап жауап қататын болған. Мопассан төбелесуге дейін барған.
– Ал енді осы заманғы Парижде көзі тірі мықтылар аз дегенді тұспалдадыңыз ғой. Бернар Вербердің «Біз – құдайлармыз» деген дүниесі де әлемді дүр сілкіндіргендей әсер етті емес пе? Бүгіннің өзінде.
– Философиясына да, энциклопедиясына да терең бойлау мүмкін еместей көрінді. Данышпандығы кім-кімді де мойындатар. Бірақ, бұл құбылысыңыз да, сайып келгенде, сексуалдық әдіс-тәсілдерді стиліне орап сіңіріп, оқырманымен ойнай тайраңдайды-ау.
– Өйтпесе, солай сілтемесе, стиль құбылтпаса, өзіндігі өзеурей суырылып шыға алмас еді. Әбіш ағатайымыз оймыштай ой қозғағандай, «үңгіме психологизм мен қазбалама талдаудың» қазынасына қол жеткізе қоймас еді. «Сүңгуір сипаттас суреткердің» биігіне көтерілмес еді.
– Еді. Еді. Еді. Дейсіз ғой. Осы ақылы ауруханада әдебиетші қарындасымның арнаулы курсын да табысты түрде тауыс-тәмам етердей бақытқа ие болдым-ау!
– Көптен бері көсілмей де шешілмей, тұнжыр тұншығысқа буылған басым өзіңізге еркелеп бұлғақтайды-дағы, аға.
– Ойлап отырсам ше, қарындасым, оралып тағы, күрсініп қайта, бір аптадан бермен қарата миымызды мазалаған Мопассаныңызды айтайықшы. Атақты әңгімесі арқылы жезөкше әйелдің өзін шынайы патриоттықтың шыңына шығарды емес пе?! Осы әңгімеден кейін француз қоғамы дүр сілкініп: «Француз патриотизмін көркем әдебиет құтқарып қалды. Сақтайтын да сол әдебиет», деді. Ал, біздің әдебиет осындай тақырыптарды түптей түбірлеп айтпайды-ау. Жезөкшенің өзін жөндеп жаза алмаймыз. Біздің қоғамда жезөкшелік жоқ деп, көрге апарып көме салғымыз келеді. Көрді де жөндеп қаза алмаймыз. Мұныма не дейсіз, қарындасым?
– Мұныңыз – мұңыңыз ғой, аға. Қазақ жазушылары үшін қиын-қилы тақырыптар баршылық. Жезөкшеліктің жан шошынарлықтай өршіп бара жатқанын мемлекетіңіздің мойындағысы келмейді. Жазушылар біраз-біраз жазыңқырайды. Бірақ, бәрі бір сарындас. Схемалас. Негізінен сауналарды суреттейді. Көптеген кейіпкерлер – ауылдан келіп, оқуға түсе алмай, кері қайтуға жалған намыстары жібермей, қалада күнін көре алмай, алдау мен арбауға алданып, ақырында саунадан бір-ақ шығатын қазақтың қаракөздері. Сөйтіп жүріп, сол саунада бұрынғы етене танысымен, тіпті ет жақынымен бетпе-бет ұшырасады. Сюжеттер ұқсас. Түйіндер түбірлес.
Әдебиетші әйел күрсінді.
– Отыра береміз бе? Сәл-пәл серуендеп қайтайықшы, аға, — деді ол орнынан тұрып, қолтықтаспаққа ықыластанып. – Ақылы ауруханаңыздағы ақырғы түн бүгін.
– Жүріңіз, – деп, жүдеу жүзіне қайталай қарамақтан қашқақтадық.
Тері мен сіңір және сүйектен ғана тұрса-дағы, таңғаларлық тартымдылығы бүйір жылытар оң қолын қолтығыма қысыңқырап қоямын-ай.
– Қызық. Бәрібір қазақ әдебиеті керемет қызық, – деді ол.
– Мопассандардың әсерінен әлі арылатын емеспін. Мені сіз французша сиқырлап тастадыңыз, – дедік біз. – Мына қызыққа қараңызшы. Әлеміңізге әйгілі колумбиялық классик, «Жүз жылдық жалғыздықты» жаратқан Габриэль Гарсиа Маркесіңіз де өмірінің соңына таман жезөкшелікті тәптіштеп әуреленді. Өкінішке қарай, өзге дүниелерінен дәмсіз шығып, солғындығы сағын сындырды. Тоқсаннан асқан шалды он төрттегі жезөкше қызға ғашық қылып қойғаны қынжылтты. Миллиондаған оқырмандарын. Олар сүйікті суреткерін кешірді. Маркестің сол шығармасы да дүние жүзінің жүздеген елдерін еркін кезіп кете барды. Алыбыңыз ақшаға алданды ма, атақ-даңқын әдейілеп малданды ма, кім біледі? Пауло Коэлье дейтұғын пысығыңыз һәм «Он бір минөт» романына жаңағыдай жағдаяттарды арқау етіп, алты құрлығыңыздан арқан тартып, алақандарын алтынмен ысқылады. Бүгінде ең көп оқылатын жапондық мәшһүріңіз Мураками дарын даңқымен дүние-әлемді мойындатып үлгерген соң, ұят-аятты жиып қойып, жезөкшеліктің жаргондарымен жазатынға айналды-ау.
– Аға! Маркесіңізді көптеген сыншылар ақтап алды ғой. Махаббат туралы жазған деп. Муракамиіңізді де мадақ тұтатындар басым.
– Қайдам-ау, қайдам…
Ғажайып гүлдердің иістері бас айналдырады. Кешкі серуенге шыққандар көбейе бастаған. Субұрқаққа ай сәулесі басқаша бояулар үстейді.
– Осы ауланың атмосферасын осылай ойластырған, үкідейін үйлестірген адам шығармашылықтың шын шебері екен, – деді Әдебиетші әйел. – Қазақта дарынды дизайнерлер көбейді. Шүкіршілік.
– Дарынды ақын-жазушылар да көбейер, неғыпты сонша, – дедік әзілдемекке тырысып.
– Өзіңіз пір тұтатын тірілердің ірісі Дулат Исабековіңіз айтпап па еді, аға: «Дәл қазір «Абай жолындай» шығарма жазылып, Әуезовтей жазушы шыға қалса да, қазақ қоғамы селт етпейтін секілді», – деп.
– Сіз апта бойғы айтқан пікірлеріңіздің кейбіреулеріне кері сөйлей бастаған жоқсыз ба?
– Қолым мұздады, аға. Аздап қысыңқырап қойыңызшы.
Әдебиетші әйелдің қолын сипалай қысып, жылытпаққа әректтендік. Біз.
– Дулат көкеміздің досы, қатты қалжыңдасатын құрдасы Бексұлтан Нұржекеев «Әй, дүние-ай» атты роман берді. Мойындалғаны шығар, Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қорғансыз қазақ қырғынының қалың қасіретін аяусыз ашып көрсетті. Он алтыншы жылыңыздың сырын ұқтырды-ау ақыры. Ұлтыңызға. Бірақ, бәрібір селқос, сүлесоқ қала берді. Қазақ қоғамы.
– Осы Бексұлтаныңыз қатты ұнайды, аға. Әсіресе, әйелдің, қазақ әйелінің жанын, жүрек құпиясын жырлауда алдына жазушы салмайды. «Әй, дүние-айында» да әйелдерді шебер ашады-ай. «Әйел жанының зерлі зергері», «Сезім суреткері», «Әйел құпиясының терең білгірі», «Махаббат жыршысы» деп жазатындар Бексұлтан туралы бек дұрыс баға береді. Бұл шеберіңіз әйел мәселесін, еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынастың қырларын қалам құдіретімен бөлекше бейнелейді. Қазақтың басқа жазушылары сияқты тым ұяңдықпен, тым ұялшақтықпен шідерленбейді.
– «Қазақтың Мопассаны» дейді ғой бәзбіреулер.
– Өз басым «Қазақтың Пушкині», «Қазақтың Чеховы», «Хемингуэйі…» дегендерге қарсымын. Нұржекеев Мопассан емес. Алайда, одан кем де емес. Ешкімнің ешкімі емес. Қазақтың Бексұлтаны. Сүлейменовше сүйірлендіре ерін шүйірсек, «емес-емес-емес». Қазақтың небір-небір талантты жазушылары ұялшақтау келетіні рас. Бәлкім, бұл біздің артықшылығымыз шығар. Кемеңгер суреткеріңіз Мұхтар Әуезов кімнің артықшылығы неде болса, кемшілігі де сол төңіректен табылар дегенді меңзеген ғой. Дулаттың «Қарғын» романы саналарды серпілтті. Сол Дулат көкеңіздің өзі бір сұхбатында: «Мен «Қарғын» романымдағы «Жасын Бағиланың астыңғы ернінен бір сүйді, содан соң үстіңгі ернінен бір сүйді, одан кейін екі ернін қосып тағы сүйді» деген жолдар үшін өз балаларымның алдында ұялғанмын», дейді. Әрине, Дулат ағаңыздың тап осылайша сызыла қалғанына өзгелер сенсе-дағы, Бексұлтан құрдасы сене қоймас. Солай емес пе?
– Сенбейді, әрине! Себебі, Бекең бұндай тақырыптарды бейнелеуде көп аса ұяла бермейді.
– Аға! Мен тек Мопассанды, Флоберді, Верберлерді ғана емес, қазақтың да бірқатар жазушыларын жатқа оқимын. Бексұлтанның «Бір еркектің құпиясы» деген әңгімесінен үзінді. Тыңдаңыз, аға. «Уһ! Жаным! – дедім өз жалыныма өзім жанып кете жаздап. Көзіңнен, қасыңнан, мұрныңнан, самай шашыңнан жағалата шөп-шөп сүйіп келіп, ерніңді қадала сордым. Өзің тостың ба, әлде еркіңнен тыс солай болды ма, бір кезде тіліңнің ұшы тілімді тапты. Сол-ақ екен, бүкіл тұла бойым сені жаншып, ішіңе жарып кірердей ентеледі. ..» Бұл – көркем әңгімесінен. Енді сұхбатынан сыр тартайық. Бекең бүй дейді: «Төсек мәселесін тәптіштейді деп әлдекімдерге тыжырынған боламыз. Еркек пен әйел үшін төсек дегенің тап бір ең сүйкімсіз орын секілді сөйлейміз. Ал, шындығында солай ма? Қайта екеуінің бір-біріне ең еркелейтін жері сол емес пе? Ал, қалай еркелеуді, қалай еркелетуді бәріміз туа меңгеріп аламыз ба? Жыныстық қатынасты жиіркенішті, жазуға да, айтуға да тұрмайтын нәрседей мінеп жатамыз. Бірақ, шын мәнінде, ол соншалық түкке тұрмайтындай нәрсе ме? Құдай-ау, еркек әйелді ұнатқанда, ғашық боп күйіп-жанғанда, қолым неге жетсе екен деп ынтығады? Соны да жасырып-жабу мәдениеттілік пе? Әлде мәдениеттімсу ме?»
– Қалай жаттап алғансыз?! Жадыңызда қайтіп сақтайсыз?! Мен жаттай алмаймын. Алайда, Нұржекеевтің әйелдер хақындағы қайталанбас қағидалы ойларын жап-жақсы білетіндеймін. Сол кісі мәністегендей, шынында да адамды, адами затты сыйлайтын асыл қасиеттің ең шыңы – әйелді түсіну шығар. «Тауды жылатқан түн» деген әңгімесін білесіз. Жұбаныш дейтұғын жазушымен айнадайын саф таза Айна қыздың арасындағы ғашықтық жөнінде ғой. Жазушы Жұбаныш ауырып қалады. Талғарадайын талантты залымға, талантты зұлымға, қыздың өзі айтқандай, «суайт талантқа» сол Айна сұлу Жұбаныштан бұрын бұйырды. Тіпті ойлануға да, тартынуға да тағат бермеді. Тағат бермеу жағынан да талантты боп шықты Талғара. Қырық күн ауруханада жатып, онша сауыға қоймаған Жұбаныштайын шын дарынды Айнадайын аруыңыз айналып келіп қайта табады. Жылаған тау да жұбанады. Оқырман да опынып барып, өкінішін ішке жұтқан күйі шынайы жазушыға тілеулестік танытады.
Әдебиетші әйел ақылы ауруханамыздың арнайыланған палатасында жататын еді. Екінші қабатқа қолтықтасқан күйі көтерілгенбіз.
– Біздің бөлмеден шәй ішіңіз, – деді ол. Қаншама уақыттан бері бақылап, зерттеп жүргенімізбен, ең-ең-ең басты даралығы даусында екенін енді ғана ұғынғандаймыз. Жылуарлығы да үнінен есіле елбірейтін сирек сәттерін зердеміз зерлей қоймапты да.
– Омырауымды онша ауырсынбайтын болдым. Соған да қуанамын, аға, – деді Әдебиетші әйел дастарқан жасап жүріп, бүкіл денесін еркелей бұрғысы келіп. – Соңғы деміме дейін арпалысып бағармын. Аурумен. Мойымаспын. «Адамдақтың рәмізі шүкіршілік» дейді ғой хадисте. Бәріне шүкір деймін, аға. Аудиторияда жәудірей қарайтын жастарға шетел әдебиетінен, жалпы әдебиеттен әңгіме әдіптемектен артық бақыт жоқ. Мен үшін. Өзіңіз жазатындай, біз пақырыңыз үшін.
– Шәйнек ұстасынан, шәй құйысынан, кесе ұсынысынан, жүріс-тұрысынан қазақы құнар мен француздық мәнер үйлесімі мәнзелдес мәніс аңғарылады.
– Ертең қайтамын, аға, – деді Әдебиетші әйел. – Қызым әкетеді. Мәшинені әдемі жүргізеді. Үкідейін үлпілдеп отырып, әңгімені де әзілге орап айтады. Занеем соллл! Сағындым өзін…
– Сізбен сұхбат құрған қымбат күндер қимастай болды, айналайын. Өзіңіз бір аяулы жан екенсіз. Қарсы болмасаңыз, хабарласып тұрайық.
– Әлбетте, аға! Хабарласпай қойсаңыз, өкпелеймін. Сізге еркелегім келеді кейде. Өте-мөте ұяң, ұялшақ жазушысыз ғой сіз. Бұрыннан білемін. Әйел жаны, әйел жүрегі, әйел қылығы мен құлығы туралы жазыңқырайсыз. Алайда, тартына бересіз. Бекеңдейін бекемдемейсіз. Мәселен, «Машаттағы махаббатыңызда» ше? Санжар мен Сая соншалықты күйіп сүйіп, ынтызар болысты. Бір-біріне. Иландырасыз-ау. Бірақ, хикаяттың соңында мектептегі бала ғашықтардай біріне-бірі жөндеп жолай да алмай қала береді. Көп оқырмандарыңыздың өкпелегенін білемін, аға. Дулат Исабековіңіз мүлде басқашалап бітірер еді. Нұржекеевіңіз түйткіл-түйіндерді эротикалық ерекшеліктермен шебер шешер еді. Повесіңіз кейіпкерлеріңіздің аяласуымен ғана аяқталады. «Сізді сүйген қыз едім» дейтін әңгімеңізде де бас кейіпкеріңіз жазушы-журналист өзіне өлердей ғашық балғын бойжеткеннің сезіміне селт етпейді. Кітабын аймалап-сүйіп, жастанып жататын жас қыз шыдамы таусылып, алдына барғанда, сұстана сазарып, қолтаңбасын әзер қияды. «Асқазаны ауыратын адамдардағы» Нәзия қанша мәрте іздеп келді, обал-ай! Ондағы бас кейіпкер өзге емес, өзіңізсіз ғой. «Оқу залы» дейтұғын дүниеңізде Айкенжедейін аруды аймалай құшуға мүмкіндігі бола тұра бас кейіпкеріңіз оны өзгеге қияды. Өз еркімен.
– Ондай жағдай өмірде болмайды демексіз бе сонда? Сендірмей ме әлде?
– Кім білсін, болатын да шығар. Сендіреді. Стиліңіз сендірмеске қоймас. Бірақ, мәселе онда емес, аға. Мәселе сіздің махаббат мәселесін үнемі ұяңдау мәнерлейтініңізде. Ал, қазіргі оқырман шексіз ұяңдықты қабылдай қоймайды.
– Сызылуды қойып, бұзылыңыз дейсіз бе?
– Сіз бұзылмай-ақ қойыңыз. Бұзыла да алмайсыз, аға.
– Өзіңіз туралы әңгіме жазсам, қалай қарайсыз?
Әдебиетші әйел кілт бұрылып, біртүрлі көз тастады. Өшпенділікпен қарағандай көрініп кетті. Жауырыным мен маңдайым тершіп сала берді.
– Мен сіздің көркем әңгімеңізге арқау бола алмаймын, – деді ол шәй жабдықтарын жинастыруға кірісіп.
– Неге?
– Осындай сұрағыңыз үшін ренжіп қалады деп ойламайсыз ба? – деп теріс айналды.
– Кешіріңіз, айналайын, – деп, өзіме бұрыңқырадым.
– Аңғалдығыңыз басымырақ. Шығармаларыңыздан да сезіледі. Жатыры баяғыда-ақ алынып тасталған, енді екі емшегі бірдей сүйегіне дейін сылынып кесілген келіншек көркем дүниеге кейіпкер боп жарыта ма? Пәнер тақтай секілді әйел оқырманды да тартпас.
Біз пақырыңыз басымызға бігіз сұққылағандай буындық. Қиналысқа қылғындық.
– Азаптанбай-ақ қойыңыз, аға, – деді Әдебиетші әйел. – Мен өз халімді өзім білемін. Тағдырыма түсіністікпен, шүкіршілікпен қараймын. Бұған дейін де айтыңқырадым. Мен сізді аяймын. Сіздің де аялағыңыз келетінін сезінемін. Оншақты күннен бері соншалықты шынайы ықыласпен, шын жүрегіңізбен, беріле тыңдап жүрсіз. Мені. Аяғандықтан да мен сізге басқаша бір кейіпкер ұсынбақпын, аға…
– А-а-а… Не дейсі-і-із? Түсінбедім.
– Аға! Соңғы кездері қатты ойландым. Сол келіншек сіздің стиліңізге үйлеседі. Ақыры сіз Мопассанды маңайлай алмайсыз. Ұяңдығыңыз жібермейді. Флобердің шеберлігі шенейлетпес. Ренжімессіз мұныма.
– Айналайын, неге ренжуім керек? Пушкин де: «Әркім өзінің әділ соты» демеп пе еді?
– Рақмет, аға. Дулат піріңізше «біраз-біраз бейзабыраз» болу да, Бексұлтан көкеңізше төсекті тәптіштей түсіндіріп, «бұзылмақ» та болмысыңызға келмейді. Сондықтан, сол бір бөлекше сұлуды кейіпкер етіп көрсеңіз демекпін.
– Шынымен-ақ соншалықты сұлу ма?! – деп әзілдемекке ойыстық.
– Нұржекеевіңіз не деген, аға? Еркек әйелді тек ақылы мен біліміне бола сүйеді десек, ол – өтірік айтқанымыз. Сұлулығы мен нәзіктігіне ғана байланысты десек те, біржақты. Еркек әйелге көбінесе әуелі сұлулығына, жанының нәзіктігіне қарап көңіл аударатыны, тек содан соң ғана ақылы мен біліміне зейін қоятыны рас. Дегенін жақсы білесіз.
– Сіз ұсынып отырған келіншек-кейіпкердің сұлулығы мен жан нәзіктігі қандай сонда?
– Оның жан-жүрек нәзіктігі мен хас сұлулығы ұсыныс иесін ұятқа қалдыра қоймас. Сол сұлулықты сипаттап жеткізе алуыңыз қалай болар екен? Қиналып қалмайсыз ба, аға? Қазақстанды қайдам, Ш. шаһарындағы ең-ең-ең сұлу ханым – сол! Әзілім де, шыным да – осы!
– Апырай-а?! Жүдә сұлу ма?!
– Жүдә шыли көркем әлем ғой ол! Хұсни ханым…
– Хұсни ханым?! Аты ғажайып екен!
– Аты затына сай, аға!
– Қайтіп, қалай, қайдан табамын?!
– Қалай екен, ә-ә-ә? Шыдамсыздана бастадыңыз ба?! Хұсни ханым сізден қырық жастай кіші.
– Айналайын-ау, мен оны кейіпкер ретінде ғана көрмекке асыққанымды айып етпеңізші.
– Білемін ғой. Сіз ұяңсыз, ұяласыз. Мен де тек кейіпкер ретінде ұсынып отырмын. Кейіпкер ретінде ғана!
Әдебиетші әйел әдеттегіше емшектері түбірімен түгел кесілген кеудесін қос қолымен баса қатты күрсінді. Күрсінісі палатаны тітіретті.
– Хұсни ханым да – тағдырлы қыз. Жап-жас келіншек. Сәл болмағанда, ол-дағы менің кебіме ұшырайтын еді. Кебін киіп кетуі де бек бәлкімтұғын. Әуелі Құдай, сонсоң мына мен сақтап қалдық. Ол сұлуды. Сол көркемді. Сұлулығына ақылы мен білімі сай, жарасымды жаратылыс ол! Аға, мен оған ештеңе де білдірмеймін. Жазушының жолығатынын, жазатынын сездірмеймін. Тек қана координаттарын беремін. Ары қарай іздеп табасыз ба? Барасыз ба? Бармайыз ба? Жазасыз ба? Жазбайсыз ба? Еркіңізде. Стиліңізге келіңкірейді деп бекер айтып отырмағанымды ұмытпағайсыз. Ойланып жүргейсіз. Мүмкін болса, іздеп тапқайсыз. Кейіпкер еткейсіз.
Әдебиетші әйел арық қолдарымен мойнымнан құшақтап, бетін бетіме тигізді. Жүдеген жүзі жылуарланғандай. Сұрша беті ысыңқырағандай. Сезілді. Сол бір сәтте. Сұйқылтым шашынан сипағымыз келгендей. Батылдана алмадық.
Әйел рухының мықтылығы жеңбейтін жауыздық жоқ шығар-ау, сірә.
Көз алдымызға күнгей аудандардың біріндегі күн сәулесі түспейтін, анаша саудасының жасырын орталығы саналатын аула елестеді.
– Қош боп тұрыңыз, аға! – деді Әдебиетші әйел өзінің һәм Хұсни ханымның телефондары тарыдай тізіліп, майдалай мәнерленген тілдей ғана қағазды алақанымызға салып. Қолымызды қысып. – Ертең елең-алаңнан жолға шығып кетеміз. Уәде – уәде. Хабарласып тұрмасаңыз, өкпелейтінімді қайталай ескертемін. Бұрын бір кісідейін оқырманыңыз едім. Енді жақсы ағаның тілеулес қарындасымын. Деп санаймын, аға…
ЕКІНШІ ТАРАУ
ХҰСНИ ХАНЫММЕН ЖОЛЫҒУДЫҢ СӘТІ
Әдебиетші әйелмен хабарласып тұрдық. Апта аралатпай сөйлесу үйреншікті әдетке айналған. Денсаулығы жаман емес көрінеді. Алматыға барған соң біраз уақыт демалыпты. Аудиторияларымен аңсай сағынып табысыпты. Студенттерге шет елдер әдебиетінен сабақ беруге құмбыл кірісіпті. «Менен бақытты адам жоқтай сезінемін, аға», деп қояды.
Қызы бизнесін қыз-қыз қайнатып жүріпті. Күндіз-түні тыным таппайды екен. Күйеуге шығу туралы бұрынғыша әлі ләм-мим сөз қозғамайды. Дейді. Әдебиетші әйел.
Үш айға дейін ол Хұсни ханым хақында тіс жармады. Мұнысы, бір жағынан, бізді қатты таңғалдырып жүрді. Екінші жағынан, сұлулығын өзі өзеурей суреттеп, сырттай тамсандырған келіншек туралы ұзақ уақыт сұрамағанына іштей ризалық білдіретін едік.
Жасырып не керегі бар. Біз пақырыңыз Әдебиетші әйел сипаттаған, кейіпкер етуді аманаттағандай көрінген Хұсни ханым жөнінде жиі ойлайтынбыз. Түр-тұрпатын, сыр-сымбатын кәдімгідей-ақ елестетуге тырысатынбыз. «Ш. шаһарындағы ең-ең-ең сұлу ханым – сол. Жүдә шыли көркем әлем ғой ол. Хұсни ханым… Ол сізден қырық жастай кіші, аға. Тек кейіпкер ретінде ғана ұсынып отырмын… Стиліңізге келіңікірейді… Ойланып жүргейсіз… Мүмкін болса, іздеп тапқайсыз… Кейіпкер еткейсіз». Деп еді-ау! Әдебиетші әйел.
Үш ай бойы Ш. қаласының көшелерінде айналаға алаңдап жүретін ахуалды бастан кешуліміз. Алаңдау алақтауға айналар. Кей-кей кездерде. Өзімізді әзерлей басып, әзілге жеңдіреміз көбінесе. Түрлі жиын-жиналыстардан қашқақтайтын едік. Енді ұмтылыс басымданған. Реңдірек қыз-келіншектерге ұрлана жасырынып көз қиықтаймыз. Театрларда тып-тыныш, тым-тырыс отыратын жуас басымыз енді тұла бойымызбен қосыла жан-жаққа бұрыла береді-ай.
Ш. шаһарында тойхана мен той көп. Той демекші, осыдан оншақты жыл бұрынырақта Дулат Исабековіңіз келген. Төрт жүз адамдық тойға. Ашып берген. Келесі аптада Алматысынан және жеткен. Бес жүз кісілік үйлену кешіне. Той ортасынан ауған шақта есіне-е-еп отырып, дара драматургіңіз: «Той түк те ұнамай бара жатса, не істеу керек? Білесіңдер ме?» деп, сауал тастаған. Қайдан білейік біз оны. Иық қиқаңдатып, миық жиырдық. «Бүйту керек, – деді Исабеков және есінеп қойып. – Мына бес жүз адамның ішінен ең сұлу қызды, әйтпесе ең әдемі әйелді іздеп тауып алыңдар да, армансы-ы-ыз қара-а-ап отыра беріңдер. Бақыраймай, білдірмей ғана». Қасында Қасымхан Бегманов дейтұғын арқалы ақын бауырымыз бартұғын. Сол ініміз екеуміз сыбырласа келісіп алып, көркем жаратылыстарды шұғыл шолмаққа кірістік. Сұлулар аз емес секілді. Біресе түк те жоқ сияқты. Шетінен шертіп келеміз. Бесеуін іріктеп, ішінен біреуіне тоқтағанбыз. Тағы да талқылап-талдап алып, ағамызға алқына бұрылдық. Бұрынырақ тіл қатпаққа аптыққан Қасымхан: «Дулат аға! Таптық! Ең сұлу қыз анау отыр!» – деді даусын баса алмай, екпіндей елпіл қағып. «И-и, не болды саған?! Жайырақ сөйле, – деді Дүкең дыбыссыздау күлетін әдетімен. – Кәне? Қай үстелде? Қайсысы?» Қасымхан екеуміз таласа-тармаса: «Әне-әне! Анау үстелдің төр жағында, екі шал мен бір кемпірдің ортасында мұңай-ы-ып отыр ғой», – дедік. Қасымханыңыз қаттырақ толқыса, көңілі босап кететін ақкөңіл ақын ғой. «Айналалайын-ай! Аппағым-ай!» деп, жанарлары жасаурап, жылай жаздаған. «Кәне-кәне? Қай үстелде? Анау кондиционердің қасындағы ма? Кемпірге шәй құйып отырған ба-а-а?!» – деді Дулат Исабековіңіз базардан байтал таңдағандай байыппен баптанып. «Иә-иә, дәл сол!» – деді тамағына көз жасы тығылғандай булыға сөйлеген шайырыңыз. Пауза пайда болған.
Прозашыңыздың паузасы бір минөттей уақытқа созылған. Әуелгіде аздап жымиған. Сонсоң салқын тартқан. Жүзі. Сонсоң табан астынан түсін суытып: «Талғамдарыңа болайын. Шешесінің жатырында жатқанда жылан сорып тастағандай сұп-сұр қызды да сұлуларға қосып…» Деді. Дулатыңыз.
Қасымхан кенет қасынды. Аллергиясы қозды ғой, шамасы. Біз бұғыңқыраумен құтылғандаймыз. Теңеуге таңырқаймыз-ай.
«Әне-әне! – деді кенет Исабековіңіз «шешесінің жатырында жатқанда жылан сорып тастаған қыздың» бергі жағындағы үстелді иегімен ғана ишаралап. – Әне, анау отыр! Қараңдар. Байқатпай. Бақыраймай. Міне, бес жүз кісінің ішіндегі көркемі сол!»
«Аға, әркімнің талғамы әртүрлі ғой», – деді Бегмановыңыз бұртия өкпелеп.
Содан бермен қарата сусып-зырлап он жылдай уақыт өтіпті де кетіпті. Жауһар жазушыңыздың айтқан ақылы әр той сайын ойға оралады. Тойыңыз қызықсызданып, тіпті ығыр етіп бара жатса, сол Дүкеңнің ізіне түсіп, жарқын жаратылыстарды іздей бастаймыз. Зайыбымызға ризамыз біз. Осы қылығымызға қызу қосылып, ең сұлу қызды, немесе ең көркем келіншекті таласа таңдасатынға әбден үйреніп алған. Қызғанбайды. Қызығады қайта. Өзінің мойындауы осылай, әйтеуір. Мың да бір рақмет. Қатын атаулының қолынан келе бермес қасиет. Деп бағалаймыз. Айта-айта жүретініміз ақиқат. Біреу сенер, екеу сенбес. Таңданысар талайлар. Үш айдың ағымында алуан-алуан тойханалардан, түрлі-түрлі тойлардан табылып қалатындай болғаны да рас. Хұсниыңыз. Төртінші айдың басында Әдебиетші әйелмен әдеттегіше, түнгі ұйқының алдындағы сейіл-серуен кезінде сөйлестік.
– Рақмет, аға! Апта аралатпай хабарласып тұрасыз. Сыр бөлісеміз. Түрлі тақырыптарды талқылаймыз. Жан баласы жолай бермейтін әдебиеттің әңгімесін қоздырамыз. Сізбен сұхбаттасу рақа-а-ат қой, аға! – деп, көңіл-күйінің кенет көтеріліп кеткенін аңғартты. – Айтпақшы, аға! – деді сонсоң даусын салтанатты түрде бәсеңдетіп. – Үш ай өтіп, төртінші айға кетіп барады. Хұсни туралы ештеңе айтпайтыныңызға. Аң-таңмын. Сұрауға батылым бармайды. Әзер-әзер шыдап, тілімді тістеймін. Әлде… Әлде мүлде бас тарттыңыз ба? Іздеуден? Жолығудан? Кейіпкер етпектен? Кешіріңізші, аға! Бүгін шыдай алмадым.
– Сіз… Өзіңіз… Хабарласып тұрасыз ба?
– Даусыңыз, аға, біртүрлі… Дірілдеп тұр ма?
– Мен… Мен… Оны үш айдан бері іздеп жүрмін. Жиналыстардан. Театрлардан. Ш. шаһарының көшелерінен. Саябақтардан. Көліктерден де. Аялдамалардан да. Тойлардың бәрінен…
Әдебиетші әйел бірер секунд үнсізденді.
– Аға! – деді сонсоң. – Хұснидың бір емес, бірнеше телефонын жазып беріп едім ғой! Жоғалтып алдыңыз ба, немене? – деді дегбірсізденіп.
– Сіздің де даусыңыз өзгеріп кетті, – дедік біз әзілге бұрмақты көздеп. Әлімізге қарамай. – Сіз… Сіз сөйлесіп жүрсіз бе? Хұсни ханыммен? Хабарласып тұрасыз ба?
– Иә-иә. Әр аптаның ақырында ұза-а-ақ сырласамыз. Міндетті түрде.
– Өте керемет екен онда! – дедік. Біз. Шынымен-ақ шаттанып. Хұсни ханыммен өзіміз тілдескендей рақаттанып.
– Телефондарын жазып аласыз ба? – деді Әдебиетші әйел елпілдеп.
– Рақмет. Телефондарын жоғалтқан жоқпын.
– Онда соншама сандалып, әуреленіп жүргеніңізге жол болсын, аға?
– Жолым болмай жүр ғой…
– Түсініксіз. Түк түсінбедім. Жұмбақ. Біртүрлісіз, аға.
– Кейіпкерім күтпеген жерден жарқ етіп шыға келетін сияқты, айналайын, – дедік Әдебиетші әйелге ағымыздан жарылып. – Кездейсоқ кездесетіндей болады да тұрады, әйтеуір. Әзілім де, шыным да осы. Қалай шыдап жүргенімізге қайранбыз, қарындасым. Телефонын теріп-теріп жібереміз де, табан астынан өшіреміз. Бәріне сіз кінәлісіз.
– Қалайша?! Мен неге кінәлімін, аға?!
– Сол сұлудың сипатымен сиқырлап кете бардыңыз.
– Әзіліңізді қабылдаймын, аға. Сонымен не істемексіз енді? Осылайша күтіп жүре бермексіз бе? Үш ай – аз уақыт емес.
– Иә, емес-емес-емес.
– Мен ойлағам…
– Не деп ойладыңыз?
– Тауып. Тілдесіп. Зерттеп. Зерделеп. Үлгерген шығар. Зерлеп. Бедерлеп. Жасырып. Жазып жүрген болар. Екеуі… Екеуіңіз маған білдірмеуге келіскен шығарсыздар. Деп.
– Шынымен-ақ үш айым түсім секілді. Есім енді кіргендей.
– Бүйтіп, қиял қуып жүре берсеңіз, үш жылда да таба алмассыз.
– Қандай ақыл қосасыз?
– Мен сізге көмектесемін, аға.
– Қайтіп? Бір ғасыр өтсе де, тікеей телефон соққым жоқ. Журналистерше іздеп бара салу түк те ұнамайды. Миымда шегеленіп қалды ма, неге екенін түсінбеймін… Іздеймін де жүремін. Кенет кездессе деп…
– Былай етелік. Іздеп табуыңызды, кездейсоқ кездесуіңізді сәл де болса жеңілдетейік.
– Қалай сонда?
– Былай, аға. Хұснидың біраз белгілерін тағы да миыңызға шегелейік.
– Құлағымыз сізде, – деп күлген болдық.
– Ол ұзын бойлы. Сұңғақ. Айрықша ақ келіншек. Жасы отызда. Бальзак байқұстың бәдіздейтініндей. Қап-қара, қалың шашын көбінше бос жібереді. Келіншектерге емес, қыздарға ұқсайды. Тіп-тік, ұп-ұзын қос балтыры топ-толық. Аппақ-ау, аппақ. Ондай балтыр сіз жүріп жатқан уәлаятта жоқ.
– Хұсни ханымдай сұлу Ш. қаласында жоқ дегенсіз.
– Уәлаятыңызда да. Балтыры да. Қолы да. Саусақтары да. Солай. Көрсеңіз, бірден біле қоясыз, аға. Әдейілеп тәптіштеп жатқаным сондықтан.
– Рақмет, айналайын. Түр-тұлғасы көз алдымда мүсінделіп, биіктеп барады. Одан сайын сиқырладыңыз.
– Егер сізбен сәлемдесе қалса, жазбай танисыз. Сізге өтірік, маған шын, сәл ғана күлімсіреп бір қараса, еркек атаулының бәрі бірден ғашық боп қалады.
– Әйел бола тұра сіз де ғашықсыз-ау? Әдейі әсірелеп, ағаңызды мазақтай бастаған жоқсыз ба?
– Аға, сізді мазақтап маған не көрініпті? Кейіпкерін тезірек тапса деймін-дағы.
– Жарайды, жалғастырасыз ба? Жете ме?
– Ең керек жерін енді айтамын. Мұқият тыңдаңыз. Оң құлағының сәл астында, ойпаңдау тұстан шашына қарата қап-қара, тарыдай ғана меңі бар. Екі-үш елідей төменірек, мойнына қарата тағы да тарыдан үлкендеу мең. Тойда ма, театрда ма, жиналыста ма, жақындау, әсіресе артқы жағында отыру бақыты бұйыра қалса, тез танисыз. Дөңгелек алтын, кейде күміс сырға тағады. Кіші шеңберлі сырғаның ортасынан құлақ түбіндегі меңі керемет көрінеді. Егер үлкен шеңберлісін тақса, мойнындағы меңі де сырға ортасында ырғалар.
– Күшті суреттейсіз. Менің емес, сіздің жазғаныңыз әлдеқайда мықты болар еді-ау, қарындасым.
– Айтпақшы, аға, ол сізді өте жақсы біледі. Кітаптарыңыздың көбін оқыған. Талай пікірлескенбіз. Шығармаларыңыз туралы. Бірақ, сізге ол жөнінде жазыңыз, кейіпкер етіңіз дегенімді титімдей де сездірген емен.
– Шынымен бе?! Біле ме?! Бізді?! – деп, өрекпіп кетсек керек-дүр.
– Не болды сонша? Сізді оқитындар баршылық қой, — деді Әдебиетші әйел.
– Рақмет-рақмет.
– Ал, енді, аға, іске сәт! Сіз де ғашық болып қалмаңыз. Әдейі сақтандырып қояйын. Қиындап кетеді жағдайыңыз… Әзілдесуге әбден үйрендік-ә-ә?! Сізбенен.
– Түсініскенге, қалжыңдасқанға не жетер.
– Бәрін былай ысырып тастап, дәл осы сәтте ұялы телефонын ұялмай-ақ теріп жіберсеңіз қайтер еді?
– Жоқ, қарындасым. Алған беттен қайтпайын.
– Менен көмек керек болса, тартынбаңыз. Ұяң аға!
– Бопты-бопты, айналайын.
– Аға! Аға! Тоқтай тұрыңызшы. Хұснидың мәшинесі бар. Бірақ, көбінесе автобуспен жүреді. Алпыс тоғызыншы автобуспен. «Самал» жақтан орталыққа баратын алтынсары автобус.
Осылайша алпыс тоғызыншы автобуспен жүре бастадық. Біз. Арада аптадан аса уақыт өткен.
Алдымыздағы орындықта айдай толықсып Хұсниыңыз отырды. Хұсни ханымның дәл өзі ғой! Өзі! Ол болмауы мүмкін емес! Мүлде. Жүрек шіркін атқақтай жөнелді. Алқым қылғынды. Кеудеміз темір ұсталардың көрігінше бір көтеріліп, бір басылады. Ұзақ іздегендіктен шығар. Күдік оянды. Кейіпкерлікке көнбесе ше? Неге сонша алқынамыз? Біз. Тоқта-тоқта. Сабыр-сабыр. Әбден анық көз жеткізіп, алдын-ала дайындалып алған абзал. Ал, келесі аялдамадан түсіп кетсе ше? Жо-жоқ, жайбарақат отыр. Түспейді әзірше. Қараймыз-ай. Қаймықпай. Артындағы орындықта отырып. Қаймықпау қайда-а-а? Ұяламыз. Қайта-қайта көзімізді тайдырып әкете береміз. Ыңғайсыз ғой. Біреулер байқап, бақылап отырса ше? Мынадай мұнтаз-мұмтаз жаратылысқа жалғыз біз ғана қарағыштап отырған жоқ шығармыз. Сола-а-ай, кейіпкер іздеген, күдерін үзбеген үміткер. Абайла енді. Әдебиетші әйел ескерткендей. Иә-иә, Әдебиетші әйел сипаттағандай, автобуста отырғанның өзінде сұңғақтығы, аппақтығы анық аңғарылып келеді. Қап-қара, қалың шашын бос жіберген. Бальзак бейбақ қатты қызығатын қайран жаста екені белгілі. Бізге. Бірақ, балғын көрінері анық. Жиырмадан жаңа-жаңа асқандай. Бұл белгілердің бәрі бұлтартпас дәлелдерге жатар.
Алтынсары, алпыс тоғызыншы автобус «Алаш аруы» аялдамасына тоқтады. Түспеді. Темір көлік тағы жылжыған. Ол Ш. шаһарының шаңқан шаңырағы – жоғары оқу орны жаққа қарай қатты бұрылған. Қайта-қайта қадала қараған. Осында оқыған-ау. Дерліктей дәйекті тіркедік. Жадымызға.
Хұсниыңыз оқу орнына бар болмыс-бітімімен қарап, беріле бұрылғанда, алтын шеңбер сырғаның ортасынан құлақ түбіндегі тарыдай ғана мең мөлт еткен. Мең де мөлдірейді екен-ау! Дегенбіз. Ішімізден. Аппақ, жұп-жұмыр мойнындағы тарыдан сәл-пәл ірілеу меңі алтын шеңберлі сырғаның біресе астынан, біресе ортасынан сәл ғана төмендеу тұстан мөлдіреген.
Оң иығы ашық екен. Енді байқағандаймыз. Сол иығын шашы жауып тұрыпты. Қайталай көз қиықтауға қаймығып, ұялыс таптық. Сыртқа сенделттік. Көзімізді. Қайта оралттық. Еріксіз. Хұсни ханымыңыз осы ғой. Осы! Таптық-ау, ақырында… Табылды-ы-ы!
Көнер ме екен? Кейіпкерлікке. Күмән көбейді. Алайда, жүректегі жып-жылы, тәп-тәтті, «түм-түп, түм-түп, түм-түп» соққан сыралғы лағыл-лүпіл сәттілік сездіретіндей.
– Кешіріңіз, сіз Хұсни ханым емессіз бе? – дедік. Біз. Күтпеген жерден. Өзімізге-өзіміз бағынбай. Шыдамымыз таусыла.
Ол баяу ғана бұрылған.
Бұрылмас бұрын сол иығын тұтас жауып тұрған қап-қара қолаң шашын сол қолымен жинай уыстаңқырап, омырауына түсіріңкіреген.
Бұрыла бере жымиған. «Хұснидың жымиысындай жымиыс жоқ, аға. Содан ғой, сізге өтірік, маған шын, сәл ғана күлімсіреп, бір қараса, еркек атаулының бәрі бірден ғашық боп қалады», деп, Әдебиетші әйелдің алдын-ала ескерткенін енді түсіндік.
– Ой, ағай! Сәлеметсіз бе? Сіз екенсіз ғой! – деп, сәл сасқалақтап, орнынан тұрды ол. Автобус кенет зірк ете түскендіктен, еріксіз қайта отырды.
Шашын бөлекше күйде бір сілкіп, күлімдей бұрылған. Бізге.
– Кешіріңіз, ағай, құлап қала жаздадым ғой сізді көріп.
Әзілі әдемі шықты. Екеулеп күлдік. Күлімсіреуін сипаттаған Әдебиетші әйел толыққанды күлгенін кейіптемеген еді. Еркектеріңізді естен тандырары рас-ау. Хұсниыңыздың күлкісі. Естен танбасақ та, аузымызды ашып қалыппыз. Біз-дағы. Өзі құтқарды.
– Иә, ағай. Хұснимын, — деді ол. Сөйтіп. Күлді ғой тағы да. – Сіз мені қайдан білесіз? – деді таңырқағанын жасырмай.
– Білмесек, енді білгіміз келеді. Сізді іздегенімізге төрт айдың жүзі болды.
Хұсниыңыз омырауына төгілген қап-қара, қалың шашын термелей уыстап, артына қарата аударды. Бұрынғыдан бетер бұрылды. Орындықтың жиегіндегі аппақ оң қолы мен тырнақтарын сүйріктеп боятқан саусақтары Әдебиетші әйел суреттегендей. Автобус салонының алдыңғы жағындағы жарқын жарқылдар артқы жаққа аунап түскендей. Сәулелер ойнап қоя берді.
– Шынымен бе, ағай? Сіздей жазушы мына мені төрт ай бойы іздеп жүр дегенге кім сенеді?! Сенбейді! Мен де сеніп отырған жоқпын, – деді ол. Емін-еркін, еркелей сөйлеп.
– Сендіру үшін не істемек керек?
Ол Әдебиетші әйел әдіптегендей жымия қарады-ай.
– Келесі аялдамадан менімен бірге түсуіңіз керек-дүр, ағай. «Дүр» деп жиі жазасыз ғой шығармаларыңызда.
Әдебиетші әйел Хұсниыңыздың үн ерекшелігін ескертпеген екен дә. Қаншама қасиеттеріне қоса дауыс әуезін де Жаратқан ие әуелете әндетіп әкеліп, орната салған екен де. Көмейіне. Нұр құйғандай.
– Үндемей қалдыңыз ғой, ағай? – деді Хұсниыңыз кербез күлімсіреп. Бүкіл болмысына маңғаздау маңыз үстеп. Мазмұн аңдатып.
Ауыз аңқайта аң-таңданғанымызды кешірек аңғардық. Біз. Бірден баурап алғанын байқады. Қыз. Хұсниыңыз. Қыз демеске де келмес. Келіншек.
Бірлесе түстік. Алпыс тоғызыншы, алтынсары автобусыңыздан. Ілесе жүрдік. Қарай бермек бейбәлкім. Қашқақтай тыңдаймыз. Қайта Хұсниыңыздың еркіндігі басымырақ. Еркелігімен өзімсіне жақындатып барады-ай.
– Ағай, өкінішке қарай, бес минөттен соң қызмет бабы қызып жөнеледі. Мен мынау тұрған жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемеде бастықтың орынбасарымын. Әттең, өзіңізбен әңгімелесіп, еркін сырласар едім, – деді Хұсни ханым. Келес терісінен келісті тігілген аппақ сөмкесін тізесінен төмендеу ұстап. Аз ғана тербеп.
– Түскі үзілісіңіз бар шығар. Бірге шәй ішейік, – дедік біз.
Хұсни ханым өзге қыз-келіншектерде кездеспес күміс күлкісімен сыңғырлап, айнала-төңіректегі жас қайыңдарды өзіне қосып ала жөнелген.
– Кешіріңіз, ағай, – деді ол күлкісін кенет кілт тиып. – Маған ғашық болатындардың бәрі «шәй ішейіктен» бастайды. Соларға күлдім. Сізге күлген жоқпын. Кешіріңіз.
– Сонымен…
– Сізбен шәй ішуге әрқашанда әзірмін! – деп, баяғының пионерлерінше сүйрік саусақты аппақ қолын ақша маңдайына апарды. Сағат түскі бірде тап осы жерге шығамын. Телефон алмасамыз ба?
– Сіздің телефондарыңыз түгел бар менде.
– Қайдан, кімнен алып жүрсіз, ағай?! – деді еркелей түсіп.
– Шәй ішіп отырғанда айтып берем ғой, – деп, ұсынған қолын аялай қысып, Бальзак байқұсыңыздың қызығатын қызына күздің қырауынан гөрі қыстың қылауы көмгендей қарлы басымызды ықыласпен иіп қоштастық.
Көктем мен қыстың бір-біріне соншалықты сызыла иіліскеніне балауса ақ қайыңдарыңыз аң-таң. Қарт қарағайлар қайран.
Түсте «Стамбул» атты кафеңізде шәй ішіп отырдық. Екінші қабатында. Саябақтың жартысы жанарларға толық ілігер жағында.
– Кейде өте-мөте ашық сөйлескенді жақсы көрем, ағай, – деді ол ерке-еркін көңіл-күйден айнымай. – Бүгін сондай жағдайдамын.
– Жарайды, ашық болайық.
– Сіз де маған ғашықсыз ба, ағай? Шыныңызды ашық айтыңыз.
– Ғашық емеспін десем ше?
– Ғашық емессіз, ағай. Басқа – басқа. Сіз ғашық емессіз.
– Неге?
– Ғашық болар ма едіңіз, болмас па едіңіз, қайдам-ау, қайдам. Бірақ, сіздің адамдық сезіміңізді жазушылық төзіміңіз басып тұр. Мына маған келгенде.
– Апырай-а?! – деп әзілдемекке тырыстық. Әдетімізше.
– Ашығына келсек, сіз осы өміріңізде, жасап келе жатқан жасыңызда, көп болмаса-дағы, біраз-біраз қыз-келіншектерге ғашық болғансыз, ағай.
– Апырай-а-а-а…
– Оны осы түр-тұрпатыңыздан, әсіресе, шығармаларыңыздан жақсы білеміз.
– Қандайларынан? Қайсыларынан?
– Мысал үшін. «Машаттағы махаббат» повесіңізден. «Сізді сүйген қызыңыз» бар. «Ақ шымылдық»… Көп қой, ағай.
– Дәл қазіргі кезде кітап оқып жүрсіз бе?
– Неге оқымайды екенмін, ағай? Сіздер ылғи осы күнгі жастар кітап оқымайды, өйтпейді, бүйтпейді дейсіздер. Оқитындар бар. Көбейіңкіреп келе жатыр.
– Кімді, нені оқып жүрсіз?
– Сомерсет Моэмнің «Ай мен ақшасын» қайталап оқып жатырмын.
– Неге қайталап?
– Ағай, қайталай оқымақтың қадірін ақымақтар ғана сезінбейді деп, Сайын Мұратбеков ағаңыз айтқан. Сіздің былтырғы, «Жас Алаштағы» қызық сұхбатыңызға да күліп қоямын. Қайталап.
– Неге?
– Әлем бойынша бет-жүзінде шимай сызықтары көп екі-ақ жазушы бар. Біреуі – Сомерсет Моэм, екіншісі – мен. Депсіз. Темірхан Медетбек құрдасыңыз Тынымбай Нұрмағамбетов екеуіңіздің беттеріңізді тасбақаның қарнына теңейтінін де жасырмапсыз ғой, жүдә. Өзгелер ондай-ондайын жасырар еді. Күлетінім осы. Кейде.
– Күлесіз,ә? Кейде. Ал кейде емес кезде ше?
– Аяймын, ағай. Сізді.
– Неліктен?
– Көбінесе көңілсіз жүресіз. Мұңайы-ы-ып. Тек әзілдегенде ғана рақаттана күлімдейсіз.
– Оны қайдан білесіз?
– Теледидардан байқаймын. Бағанағы алпыс тоғызыншы автобустан да көретінмін. Сыртыңыздан. Қара-а-ап қоятынмын.
– Апырай-а-а-а? Сәлемдесе салсаңыз қайтеді сондайда?
– Қайдан білейік, ағай. Қорқатынбыз. Сәлемімізді алмай қойсаңыз, қиын ғой. Ондай қорлықты көтере алмайтын кербез келіншекпіз дә-ә-ә. «Дә-ә-ә» деп жазасыз ғой сіз.
– Ай, қайдам. Өзі бірінші боп сәлемдессін деген боларсыз, сірә.
– Ол да мүмкін. Осы уақытқа дейін маған қанша еркектің ғашық болғанын білгіңіз келе ме?
– Е, әрине! Соны білу үшін төрт айдан бері сарыла іздеп жүрген жоқпыз ба?
– Ойпырай-а?! Ағай, телефондарымды түгендеп беріп жүрген кім?
– Бір әйел.
– Қандай әйел? Аты-жөнін айтпайсыз ба?
– Әдебиетші әйел.
– Ойпырай-а? Ол қайсысы болды екен? Жаңылмасам, мен сырласатын әдебиетші әйелдер үшеу-төртеу.
– Келесі кездескенде айтамын, айналайын. Бәрін бірден біліп алсаңыз, қызықсыз боп қалуымыз мүмкін. Қорқамыз.
– Е-е! Қорқа-қорқа сөйлейтініңіз, ұяла-ұяла жазатыныңыз бұрыннан аян, ағай.
– Апырай-а?! Құрттыңыз ғой тіпті. Хұсни ханым хақында батылырақ жазбаққа жәрдемдессеңіз.
– Ол біздің қолдан келе қояр ма екен?
– Сіздің қолыңыздан бәрі келетін сияқты.
– Ойпырай-а-а? – деп селк етті. Қатқылдау қарады.
Біз артық айтқанымызды кештеу аңғардық. Өкіндік.
– Бұл сөзіңізді қалай қабылдайық? – деді Хұсниыңыз шынымен-ақ сынай көз қиықтап. – Қалжыңға қосып жіберсек, жұтып қоюға болар. Әзіл ретінде әдемі. Әйтпесе, қиындау ғой, ағай…
– Кешіріңіз-кешіріңіз, айналайын! Кешігіп тіл тістедік. Тіліміздің ұшы кесілді-ау. Кешіріңізші…
Ол сәл-пәл жұмсарғандай болған. Көп кешікпей, күлімсіреген.
– Терлеп кеттіңіз. Ғафу өтінгеніңіз шын екен. Жарайды, қайғырмаңыз, – деді қоңырау даусындай сыңғыр үніне қағытпа әуен үстеп.
Үнсіз қалғанбыз. Біз. Жуып-шаймақ ыңғайсыз. Мына жасымызда. Осы жағдайымызда. Хұсни ханымыңыз соның баршасын біліп келе жатты. Өзін-өзі өзгертті. Қиыла қарап, наздана күлді. Ш. шаһары тұтас тамылжығандай. Түгел ерігендей.
– Ағай, біздің қолдан бірдеңелер келер деп сенсеңіз, ертең кешке қарай кездесейік. Жұмыстан кейін екі-үш сағат кешігіп қайтқанымды кешіріп үйренген.
– Кім?
– Күйеуім және бала-шағам. – Қолын ұсынған. Ол. Қалбалақ қағып қысқанбыз. Біз.
– Телефондар түгел бар. Дедіңіз. Өзіңіз.
– Бар-бар. Кездескенше! – дедік күрсініп.
– Ертеңге дейін, – деді ол. – Тұнжырамаңызшы, ағай.
Тұнжыр еместей едік. Солай сезіліппіз дә. Хұсни ханымыңызға. Амал нешік.
ҮШІНШІ ТАРАУ
ХҰСНИ ХАНЫМЫҢЫЗ – БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ
Екінші кездесуіміздегі әңгіме әуелден-ақ Әдебиетші әйелге арналған. Хұсниыңыз оны өз әпкелерінен әлдеқайда артық көреді екен. Әпке дейді екен. Әдебиетші әйел туралы біз бірдеңелер айта бастасақ та, өзі там-тұмдап сыр шертсе де, басқашаланып кететіндей.
«Стамбул» кафесінде шәй ішіп отырып, әпкесін біресе күлім қаға, біресе мұңайыңқы тарта көз алдына елестеткен. Естелік шерткен. Ақырында кейіпкер болуға келіскенін мағлұм еткен. Түні бойы Алматыдағы Әдебиетші әйелмен сөйлесіпті. Екеуі де, ұялы телефондары да ұйқы көрмепті.
– Айтпақшы, «Ай мен ақшаны» қайталай оқып жатырмын деп едіңіз. Қай жеріне жеттіңіз?
– Бітірдім. Бүгін, – деді ол. – Жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемемізде, түскі үзіліс кезінде ғана кітап оқуға мүмкіндік бар. Чарлз Стрикленд – менің ең жақсы көретін кейіпкерім. Сомерсет Моэм – ең-ең-ең сүйікті жазушым.
– Стрикленд тағдырынан, суретшінің өмірінен не түйдіңіз?
– Мейлі суретші, мейлі ақын-жазушы, мейлі композитор болсын, шын дарын үшін не өнер, не әйел – бірін ғана таңдамақ ләзім-дүр деп тұр ғой, ағай. Өзіңізше өрнектеп, «дүрге» түрлентсек.
– Қиын екен.
– Бұрын білмеуші ме едіңіз?
– Білем ғой. Бірақ, бізде әлгі екеудің әуелгісін ғана таңдап, шыңына шыққандар бар ма екен? Ойланар гәп.
– Менің Стриклендім де өлерінде ғана түсінді емес пе?
– Ажал алдында болса-дағы, әйтеуір ұғынып, ұлы туындысын жаратып үлгерді ғой.
– Ұлы туындысын ұғынар халқын айтсаңызшы.
– Сіздің сүйіктіңіз Сомерсет Моэмнің шынайылығынан да шығар.
– Иә, ағай. Шынайы өнердің, әсіресе, әдебиеттің ғажаптары ғажайып қой!
– Өкінішке қарай, ғажайыпты түйсінетіндер жыл өткен сайын азайып барады-ау. Хұсниыңыз «Стамбул» кафесінен саябақ емендеріне қарады. Орындықтарда отырған ғашықтарға көз тоқтатты. Күрсінді.
– Сізге күрсінген жараспайды, – дедік біз.
– Күрсініп барып, күлген ше? – деді ол. Сөйтіп, тағы да күрсін кернеген кеудесін кере терең дем алды. – Әдебиеттің әсері туралы толғанып отырмын. Іштей. Жатыры жұлып алынған, қос анары сылып алынған сырласыңызды сақтап қалған сол ғой. Сол. Көркем әдебиет кітаптарын көп оқығандығы. Әпкетайымның. Әдебиетші әпкем сізді қатты құрмет тұтады. Бұрыннан-ақ. Оқитын. Айтатын. Ал, ақылы ауруханадан соң… Ғашық боп қалған-ау, шамасы. Екі сөзінің бірі сіз жөнінде.
– Апырай-а-а?
– Әпкем: «Сені, сіңлім, сол кісіге кейіпкерлікке қидым. Бас тартып жүрме», деді. Маған.
– Бас тартпайсыз ғой енді?
– Жоқ, ағай.
– Әпкеңізге қарыздармыз.
– Бізге ше?
– Әрине. Сізге де.
– Мопассантанушы депсіз. Әпкемді.
– Мопассанның, Флобердің дүниелерін талдағанына таңғаласың. Үзінделерін үнемі жатқа оқиды екен. Жаттап алған!
– Білесіз ғой, ағай. Мені өмірге қайта әкелген әуелі Алла тағала, сосын әпкем. Үшінші, әрине, әдебиет. Көркем әдеби кітаптар.
– Бәрекелді! Бұлай демекке де Сомерсет Моэмдер керек-дүр. Әлбетте, алдымен Абай.
– Кейіпкерлікке көндірдіңіздер. Әпкем екеуіңіз. Алайда, ағай, өзіңізге қоятын шарттарым шығып қалуы мүмкін.
– Мәселенки?
– Әпкемнің тағдырын қайталаудан қалайша аман қалғанымды және жұбайыма байланысты жұмбақтарым жөнінде жазбағаныңыз жөн. Өте-мөте өтінерім – осы.
– Дүниедегі ешқашан шешілмейтін үш жұмбақтың бірі – әйел жұмбағы. Жарайды, айналайын. Басқа құпияларыңызды қисаңыз да аз болмас. Жаз дегеніңізді жазайық. Жазба дегеніңізді жазбайық.
– Сіз, әпкетайым әдіптегендей, жұмсақ екенсіз. «Ұяң ағаң» дегені жүдә рас боп тұрыпты. Жаз дегенді жазып, жазба дегенді жазбаған соң…. Қиналар-ау қаламгер. Жазушылардың көбі жаңағыдай жарайды дей салмас еді.
– Дедік. Біз Мопассан емеспіз. Флобер шеберлігінің шенейіне жолай алмайтынымызды әпкеңізден естідік. Көндік те. Сонсоң.
– Дулат Исабеков пен Бексұлтан Нұржекеевті де тырнақтарына дейін талдаушы еді ғой. Әпкем. Асқар Сүлейменовіңізді сыналап отырып.
– Ойбай, оларға қарай жоламай-ақ, жолдан қайталықшы.
– Неге?
– Сіз де соларға беріліп кетіп, біз айдалада қалармыз деп қорқамыз.
– Ағай, аптасына екі, кейде тіпті үш күндей жұмыстан кейінгі екі-үш сағатымды сізге арнасам. Кейіпкерлік парызымды өтемекке екі ай жете ме? Қалай ойлайсыз?
– Әлбетте-әлбетте! Жетіп қалар, айналайын.
Қиыла қарап, наздана күлуіне ие болмақтың ләззаты бөлек қой. Бөлек. Тұп-тура өзіңе ғана арнағандай аңғарылары таңғажайып. Қыстың көктемеге күрсініп қызығатынындай күйдесің. Бірақ, бұл келіншектің кербез һәм кіршіксіз күлімсіреуі кім-кімдерді есінен адастырып, жадынан жаңылдырмады. Дейсің. Әдебиетші әйел ескерткендей.
Хұсниыңыз уәдесінде тұрды. Әр аптаның сәрсенбісі мен бейсенбісінде, кейде жұмасын қоса кездесетінбіз. Көбінесе орташалау деңгейлердегі кафелердің қарапайымдау, бірақ, оңашалау, жеке бөлмелерінде шәй ішетінбіз. Бір-екі рет кітапханаларда сырластық. Екі мәрте саябақтың шет-шелшеңдеу бұрышындағы екі жүз жылдық емендер мен талшындырдың түбіндегі орындықтарда да отырдық.
Жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары. Хұсни ханымыңыз. Жұмысына берілген. Айтуынша, мекемелерінде кереғарлық көп. Жекешелендірмектің екінші кезеңінде кезек күтулі көрінеді. Мекеменің де, онда қызмет ететін жүзшақты жанның да мінез-құлықтары құбылып-ақ тұрыпты. Жекеменшікке икемделген жасырындау жосықтарын бірінші бастық жайбағыстап жүріпті. Мемлекеттік мәністегі әлжуаз тартып, бірсін-бірсін жұтылуға айналыңқыраған жіптерін жалғап, бұл әуре. Екен-дүр. Бұл жағындағы тірліктермен айналысатын адамдарыңызды бойкүйездік билеген. Қиюы қашқан, қайыршының қалтасындай шұрық тесіктенген бірдеңе, әйтеуір. Орынбасар ретінде күрмеулі түйіндерді түгелімен шешіп тастамаса-дағы, түңілмектен талайларды сақтауға септеседі. Мемлекеттік шылбырлардың жекеменшік шынжырларға ұласуында көп аса ауыртпалықтардың болмуына бар күшін жұмсап-ақ бағады.
Қиналғанын білдірмейді. Мекемесіндегі мұң қабыздаған қиындықтардың өзін әзілге орап әңгімелейді.
Төртінші жолығысудан бастап, Хұсни ханымыңыз Әдебиетші әйел меңзеген тақырыпқа тікелей көшті.
– Әпкем кейіпкерлікке қиып отыр ғой, ағай. Түкті түсінбейтіндей пенде емен. Бәрін жәй-ла-ап, шәй ішіп отыр-е-еп еске түсірейін енді. Елестетерсіз. Керегін кеузеп көрерсіз. Қаламыңыз бен қойын дәптеріңізді алдыңызға қоймақтан қаймықпағайсыз, Ұяң ағай.
Біз қойын дәптерімізді үстел үстіне шығардық. Қаламымызды үш саусағымызбен қыса ұстадық. Мығымдап.
– Әпкемнің Мопассаны мен Флобері кескілей кескіндеген депутаттарыңызды, бай-бағландарыңыз бен байшыкеш-бишікештеріңізді, әкімқараларыңыз бен журналистеріңізді, ақындарыңызды айта бастайын, ағай. Жүйкеге жүк түседі, амал қанша… Автор менен артық нәрсе күтпегей.
– Жазбақ та жеңілге түспейтіні аян-дүр, айналайын. Жұмбақтарыңыз екеу еді. Еселеніп кетпегей.
– Екі жүз жылдай уақыт бұрынғы француз, ағылшын, американ қоғамдарындағы құныққандық құбылыстары бүгінгі қазекем қоғамында құмықтырып тұрғанын қинала қайталайды әпкем. Үмітін ақтай алмасам, әпкем айып етпегей.
– Оқырмандарымның ойынан шықпасам, жүндей түтіп сөкпегей.
– Әр аптада ең кемінде екі-үш еркек сөз айтады, қайтейін. Қайсыбірін айтайын…
– Шәй ішпекке шақырады… Барасыз…
– Осы жасқа келгенімше «ғашықпын» деп аһ ұрғандар әлденеше жүз болар. Мүмкін… Мүмкін, мың болар. Он адамның біреуіне амалсыздан илігіп, дәм татпаққа көнесіз. Шәй ішпекке барасыз.
Хұсниыңызбен бірге біраз-біраз Асқар Сүлейменовшелеп, «ақ өлеңдер» де алмастық.
– Ағай, қазірге дейін солай. Мінезім қалай? Аз-аздап аңғарып жүрсіз. Адами затыңызға күлімсіремей сөйлей алмаймын. Жаратқан ие солай жаратқан шығар. Сәл жымиып тіл қатсам, бітті. «Ғашықтар» қатары қалыңдап кете барады. Қоғамнан ба, адамнан ба? Біз кінәліміз бе, сіз кінәлісіз бе? Білмедім. Абай айтпай ма, «Ел бұзылса, табады шайтан өрмек; Періште төменшіктеп, қайғы жемек», деп. Періште емеспіз.
– Хадис шәрібіңізде: «Қайбір қасиеттері жағынан кейбір кісілер періштелерге жақындайды» дегендейін қағидаттар бар. Сіздің күлкіңіз бен үніңіз, кейбір қимыл-қозғалыстарыңыз періштелердің айналасынан табылардай сезіледі, айналайын.
– Абайлаңызшы, ағай. Әпкем әбден-ақ ескертпеп пе еді, тек кейіпкерлікке ғана қиямын деп.
– Әзілдегенде ғана жүзіңіз жылиды. Тұнжырамаңыз. Деген кім? Юморыңызды ұмытсаңыз, сіз – сіз болудан қаласыз. Деген. Әпкеңіз де.
– Шегіндім, ағай. Жеңілдім. Сақтандырып жатқандығым-дағы. Жазыңыз енді. Басынан бастайын. Бала кезден. Қысқа-қысқа. Хроника түрінде. Бірте-біртелеп, бүгінге жетерміз. Жарай ма, ағай?
– Жарамайды дей алмаспыз. Көнерміз.
ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ЕС БІЛГЕННЕН ЕСТІГЕНІ – «СҰЛУ ҚЫЗ»
Нағашы атасы мен әжесінің қолында есін білді. Ең алғаш ерекшелеу естігені сол «Сұлу қыз» деген сөз шығар, сірә. Нағашы атасы намазын оқып болып, қарағыштап қасында тұратын мұны мұрнының ұшынан шымшыңқырап, маңдайынан иіскейтін. Алдына отырғызып, бозғылт желеңінің қалтасынан кәмпит беретін. Кәмпитті оң қолымен жып еткізіп ала қоятын қызының қылығына қызығып, сол қолының саусақтарын жазып-бүгіп, бүгіп-жазып қарайтын. Атасы. Сүп-сүйкімді аузын күлімдей ашып, титімдей тілінің үстіне қызылала тәттіні тастап кеп-кеп жібергенде, нағашы атасы мейірлене төгілетін.
– Атасы-ы-ы, атасының жер жүзінде жоқ сұлу қызы-ы-ы! Шәй ішейік! – деп шақыратын әжесі.
– Жүр-жүр, жаным! «Арпа ішінде бір бидайым». Бір сұлуым. Бір ғана сұлуым менің! – дейтін нағашы атасы. Мейірбан үнінен, елбіреген демі мен елжіреген жүзінен шуағын шашып. Шуақты, әрине, ойлай қоймас. Ол кезде. Төрт жасында. Санасыз түрде сезінер, әлбетте.
Бес-алты жасынан-ақ әжесі сүрелерді үйрететін еді. Өзі айтып отырып, табан астынан, өп-өтірік «ұмытып» қалатын. «Ал, атасының бір сұлуы! Сен айтып жіберші. Есіме түспей тұрғаны», деп жалынатын. Бұл: «Құл ағузу бираббил фәлах. Мин шарри мәхалақ. Уә, мин шәрри нәфәссати фил ғуқад. Уә, мин шәрри хасидин изә хасә-ә-әд», деп сайрай жөнелетін. Тілінің келгенінше.
Әжесі атасынан бетер айналып-үйіріліп, қап-қара, қап-қалың боп өсіп келе жатқан шашын айранмен жууға құмбыл кірісетін. Күнара жуатын. Айранмен.
Мектепте еститіні де сол. «Сұлу қыз». Еді. Бірінші класстан-ақ. Ол жылдары «сынып» демейтін. Ұл балалар айналшықтайды. Аппақ қызыңызды. Алыстай алмайды. Қыз балалардың қызғаныңқырайтынын, қызарақтайтынын тым-тым ерте байқаған. Бүкіл бастауыш көз тігетін. Бұған.
Үйреншікті ғадетке айналған. Осындай-осындайлар. Бесінші класта балалар қап-қалың, қап-қара қос бұрымын тартқылап кетуден кілт тиылған. Біртүрлі қарасатынға көшкен. Кластастары тұрмақ, кейбір ағайлары Хұсниыңыздың партасы жанында ұзақ аялдап, ұзақ-ұзақ сабақ түсіндіретін.
Жетіншіге жеткенде қазақ тілі мен әдебиетінен суырылып алға шықты. Абай мен Шәкәрім оқуларынан алғаш алыстағы ауданында, артынша уәлаят орталығында бас жүлдені жеңіп алды. Енді бәзбір ағайлары Хұсниыңыздың партасы жанында сабақтарынан жаңылып, сұлулық тақырыбын тебірене қозғайтын сырқатқа шалдыққан.
Семей шаһарында республикалық Абай-Шәкәрім оқулары өткен. Онда да облыстардың бәрінен озып, «Еңлік сұлу» аталымын иеленген. Бүкіл аудандерлік алдынан шығып, қарсы алған.
Қатардағы мұғалім ағайларын айтып та айтпай не керек-ай, енді мектеп директорының өзі Хұсниыңыздың партасы қасында көбірек кідіретінге кеткен. Жоғары сыныпта жүріп, «Аудан аруы», одан соң «Аймақ аруы» атанды. Әттең-ай, әттең. Астанаға бара алмады. Аяқ астынан ауырды. Алғаш рет. Тіл тиді десті. Көз өтті десті. Аппақ аруыңызға.
Қалай ауырғаны өзіне ғана аян еді. Оқытушылар ойлайды-ау. Оқушылар көп нәрсені білмейді деп. Балалар бәрін біледі. Хұсниыңыздың сыныптастары сұлу қызыңызды мұғалім ағайларынан қызғанатын болған.
Бұл өзінің сұлу екеніне, үлкендердің де, қатарластарының да, кішілердің де мойындайтынына, сұлу екендігі күн сайын жүз мәрте, мүмкін мың мәрте айтылатынына әбден үйреніп кеткен. Мектеп директорынан бастап, ондаған ағайлары мен апайларының «арпа ішіндегі бір бидайға» ашықтан-ашық көз тігіп, нағашы атасы мен нағашы әжесіне де, әкесі мен анасына да ойларын білдіретін. Болашақта келін еткілері келетіндер көбейген.
Күн сайын кем дегенде бес-алты бозбала сөз салар еді. Ойларын білдірер еді. Өздері тікелей айтатындары табылатын. Бірқатары баяғы замандардағыдай хат жазатын. Қағазға. Ал, басым көпшілігі ұялы телефонның түрлі-түрлі тәсілдеріне жүгінетін. Кластас ер балалардан, жоғары сыныптардан, аудан орталығындағы қос колледжден ұсыныстар жаңбырдай жауған шақтарда қап-қара, қап-қалың шашы жалт-жұлт етіп тұратын самай тұсы шекесімен қоса шыңылдап кететін. Сабақтан қайтарда ше, кей-кейде әжептеуір қалың әскер қоршағандай күй кешетін. Хаттар тапсырылатын. Оларды оқымай-ақ, иелерінің көздерінше жыртып-жыртып, лақтырып жіберетін.
Сыныптастарының арасынан аққұба, сұңғақ бойлы бозбаланы қалаңқырады. Жүздеген жүректерді қиналтып, қыдыратын болды. Екеуі. Математика мен физикадан жауап айтқанда мұғалімдерден асып түсетін алғыр еді. Физикадан сабақ беретін апайларына: «Параллель партадағы Хұсни сұлумен арамыздағы тартылыс заңын түсіндіріңізші. Екеумізді парталас етсеңіз, түсінгеніңіз сол болар еді», деп ашық айтып, рұқсатын алған.
Сол бозбала тым тапқыртұғын. Еркіндігі мен еркелігі ерекше жарасатын. Аудан түгілім, аймақ аумағындағы алғашқы кәсіпкер, биікке ұмтылып, бірталай асуларды бағындырып үлгерген әкесі һәм дүйім жұртты мойындатқан. Аудан орталығында мейрамханасы, бірнеше кафесі, ақша айырбастайтын орындары, шағын зауыттары болатын. Мұғалімдеріне еркін сөйлеп, еркелей қарым-қатынас жасағанымен, мастанбады. Сол бозбалаңыз. Бүкіл мектеп аузына қарағанымен, дөрекіленбеді. Хұсниыңызды қорғаштап, қанатынаң астына алған бала бүркітіңізді бұл-дағы ұнатқан. Бойлары бірдей, ойлары алшақ емес. Сыныптас. Парталас. Темір көлігінен түсірмес. Сабақты одан күштірек оқитын оқушы табылмас. Есептерді ағайлары мен апайларынан бұрын шығарар. Түр-тұрпаты бай мінезіне сай. Мұның бәрі әуелгіде еді, әрине. Өзгерді. Кейін.
Сол жас бүркітіңіз бен Хұснидайын көркеміңіздің арасы кенет салқын тартқан. «Астана аруы» байқауына барар қарсаңда қара бұлт үйірілген. Қос ғашықтың ашық аспанында. Содан бұл қатты ауырып қалған. Қайсысы қалай сыр берді? Нендей нәрседен шегіністі? Алып-ұшқан көңілдеріне кірбің қайдан түсті? Мектеп шәкірттерінің шырқау биікке шығандаған көшбасшысы аудан аумағында да қалықтай қанат қаққан-ды. Хұсни аруыңыз болса, орташалау, алайда, аса ақжарқын, қанағатшыл әулеттентұғын. Әлеуеті тым асқақтап бара жатқан бала бүркіттің әлдебір әрекеттерінен тартыншақтады ма, кім білсін-ай, кім білсін. Бертініректе таразылап талдаса, бозбалаңыз байлықтан, Хұсниыңыз сұлулықтан сәл-пәл мастаныңқырап, бірін-бірі менсініңкіремей, бір-бірлеріне иілгісі келмей, біртүрлілеу әсер еткендей ме, әйтеуір бірдеңеден кетіскен екен.
Өкініш болмады емес. Екеуінде де. Қимастық қалып қойған. Бірақ, бір-біріне сол күйі иілмеген. Іштей иілгілері келген шығар. Алайда, мойындауға мойындары жар бермеген.
Өштеспеді, әйтеуір. Дос болғансып көрінді. Алғаш. Кейін шынымен-ақ достасқандай күй кешісті. Кетіспеді біржола.
Сөз салатындар, хат жазатындар, әке-шешелерін, жақын-жуықтарын жіберетіндер қайта қабыздаған. Хұсниыңыз бар-баршасына мазақтаңқырай қарап, менсініңкіремей күліп, жүріп жатқан. Сондай күндердің бірінде бұзақылау біреу алып қашқан. Үйіне апарып, есігінің алдында темір көліктен түсірмек болған. Бұл заң-зәкүнмен қорқытып баққан. Қыңбады. Қиқар жігіт. Жылап-еңіреген. Ешқашан көне алмайтынын мағлұмдаған. Ақ орамал жағын қамдап, жүгіріп жеткен жігіттің жеңгесі кенет Хұсниыңызға қарап, келбет-көркіне қайранданған. «Ойбай, қайным, әуре болма. Әйелі сұлу еркектің соры бар деген. Өзіңе қара! Мынадай қыз саған қатын, сен бұндайға бай болып жарытпассыңдар. Қайтара сал қызды», деген. Құдай солай құтқарған.
Ш. шаһарының жоғары оқу орнына оп-оңай түсті. Хұсниыңыздың Абай-Шәкәрім оқуларында бас бәйгелер алғаны, «Еңлік сұлу» екені аян-ды. Аймаққа. Сол бір жылғы қыркүйек айында жоо-ның ауласында студенттік билеттер тапсырылды. Қаншама факультеттердің бірінші курстықтары арасында жүздеген үйректер мен қаздардың ортасындағы аққудай болып, ұзын бойлы, тікбалтыр, талдырмаш, тарыдай-тарыдай мойыл қара қос меңі бар, ақ маңдай мен алтын нұрлы жүзіне қап-қара, қап-қалың шашы жарасқан жаратылыс жарқыл шашып, оқшаулана шалынған. Мыңдаған көздерге.
Жоо-ның студенттерін былай қойғанда, ондаған оқытушылар ой білдіре бастады. Көп ұзамай-ақ. Күніне екеу-үшеуі тесіліп қарасады. Жақындай жанасады. Әзіл тастайды. Бұл да қашпайды. Қалжыңнан. Әдеттеніп кеткен. Сұлусың-сұлусың. Сұлусың-сұлусың. Керемет көркемсің. Десетіндерге. Бойына, мойнына, шашына таңғалатындарға. Сөз салатындарға. Қайта-қайта ғашық болатындарға.
Қиыла қарап, наздана күліп, одан сайын от жағуға да. Әдеттенген. Әбден. От жағамын деп ойламайды-ау. Жалын өзінен-өзі от болар. Басқа ештеңе істей алмайды-ау. Ашуланып та көрген. Ұрсып та байқаған. Түнеріп те жүрген. Жүйкесі жұқарып, жүрегі ауырып, өңі өзгерген. Ешқайда бармастан, үйден шықпастан, жан адамға көрінбестен, қамалып отырмаса, басқа амал жоқтығына анық көзі жеткен.
Ақырында айқындады. Қалай жүріп-тұрмақты. Қандай қалып ұстамақты. Қалжыңға қалжыңмен, қылжаққа қылжақпен жедел жауап қатып, жылдам өтіп кетеді. Кім-кім болса да. Бірақ, өткізбейтіндер, кеткізбейтіндер табылды. Оқу орнының бір оқытушысы солай етті. Алғашқы семестрдің бастапқы тұсынан-ақ тиісті. Одан басқа да бірталай доценттер мен профессорлар қадалатын. Сұқтанатын. Алайда, әлгі ғылым кандидаты олардың бәрін былай қалдырды. Ығыстырып шығарды. Өз жолынан. Өзеуреген мінезімен. Өзімшіл өжеңдігімен.
Қайта-қайта бірге қыдырмаққа шақырды. Хұсниыңыз қалжыңмен және кісі өлтіретіндей күлімсіреуімен құтылып кетіп жүрді. Күндердің күнінде көшеде кетіп бара жатып, соңынан ілескенін байқады. Бұралаң бұрылыстарға түсіп, өкпесі өше жүгірді. Көп оза алмады. Қуып жетті. Кандидат.
– Сен қыз менен құтыла алмайсың, – деді. – Такси ұстаймыз. Шаһар шетінде керемет бір кафе бар. Шәй ішеміз.
– Ағатай, келесі жолы шақырсаңыз, шәй ішуге міндетті түрде барамын. Бүгін ауылдан анам келіп еді, асығып жүгіргенім сондықтан. Ауруханаға жатқызуым керек.
– Өтірік айтып тұрсың.
– Жоқ, ағай. Сенбесеңіз, бірге орналастырайық ауруханаға. Ағайымыз жәрдемдесуге келді деймін.
– Жарайды. Келесі жолы шәй ішеміз. Уәде – уәде.
Екінші ретте ғылым кандидаты – әдеміше, әйдік оқытушыңыз жұрт аяғы басылған кезде Хұсниыңыздың жеке кетер жолын аңдып, шие түбінен шыға сала сол қолына жармасқан. Оң қолын қоса қысып:
– Сұлу қыз, сен менен қорықпа, – деген.
– Неге қорқуым керек? – деді студенті.
– Өткенде өтірік айтып, қашып кеттің. Қорықтың.
– Өтірікке жоқпын, ағай. Қазір ауруханадағы анама тамақ істеп апарамын. Таңертеңнен бері аш жатыр.
– Бүгінде шәй ішпейміз бе екеуміз?! – деп ашуланған ағайы.
– Үшінші рет шақырсаңыз неге ішпеске? Шәйіңізді.
– Сұлу қыз-ай, сұлу қыз! Осы күлкің мен осы даусың ғой сенің! Адамды шейіт кетіретін…
– Шейіт кетпей-ақ қойыңыз, ағай. Ш. шаһарында бейіттен жер алудың бағасы шырқап тұр деседі ғой.
– Ай, сұлу қыз-ай, сұлу қыз! Құрбан қыласың ғой өстіп. Әзіліңмен-ақ. Есіңе тұтып ал, сұлуым. Үшінші жолы тек мені тыңдайсың!
– Тыңдауға тырысамыз, ағай. Арзитын нәрсе айтсаңыз.
Осылайша оқытушысын тұтықтырған. Хұсниыңыз. Бұл кезде бұл қызыңыз құлпыра қунаған. Алыстағы ауданнан келгендегісінен сәл ғана жүдеңкіреген. Талдырмаштана түскен. Күздің әсерінен бе, аппақ жүзі аздап бозғылтым тартқан. Жымиысы жылуарлықтан жырақтамаса-дағы, әлдебір сырлы сиқырмен нығайған. Үстіңгі ерніндегі меңі үлкейген. Әр күні әлденеше бозжігіттің жұтына көз қадап, терең күрсінетініне, талай да талайының таныса қуанып, қыдыруға немесе кафеге шақыратынына үйренген.
Үшінші мәртеде оқытушысымен бірге шәй ішуден бас тартпақ мүлде мүмкін емес-ті. Ш. шаһарының шығысындағы күрделілеу кешенге кіргізді. Күңгірттенген дәліздерден ұзақ өтісті. Түкпіргі, оңаша бөлмеде дастарқан жайнап тұрыпты.
– Коньяктан бастайық, – деді кандидат.
– Ішпеймін, ағай. Қорқамын.
– Қорықпайтыныңызды мәлімдегенсіз, сұлу қыз.
– Сізден қорықпаймын, ағай. Коньяктан.
– Шарап ішесіз бе? Арақ алдырайын.
– Жоқ, ағай, рақмет. Мүлде ішпеймін. Ішпей-ақ көңілді отыра аламын.
– Е, бопты онда. Мен мына үрімкені толтырып, сенің денсаулығың үшін көтеріп қояйын. Одан кейін ішпеймін, жарай ма?
– Өзіңіз біліңіз, ағай. Ішпейтін ауыз ішетін ауызды байламасын деуші еді бір ағамыз.
– Қандай ағаңыз ол?
– Ол ағамыз да маған ғашық болған.
– Ғашықтарың көп шығар, сұлу қыз?
– Ой, ағай, оларға сан жетпейді. Күніне демей-ақ қояйын, аптасына ең кемі екі-үш еркек ғашықпын дейді.
– Ал, мына мен саған шын ғашықпын, сұлу қыз.
Осыны айтқан оқытушы Хұсниыңыздың саусақтарын уысына қысып, сүюге кірісті. Қызыңыз қолын кері тарта қоймады. Бұған масаттанған ғылым кандидатының дүрдиіңкі, қалың еріндері оң қолдың әр саусағын бөліп өбе бастады. Шынашақты тістеп ала жаздап, кідіре берді. Кандидатыңыз. Аласұра, алабұрта студентінің бет-жүзіне қараған. Жып-жылы жымиып отырыпты. Хұсниыңыз.
– Сол қолымды сүймейсіз бе? Ренжиді ғой, – деді сықылықтап.
Оқытушыңыз одан сайын ынтызарлана ышқынған.
– Жаным! Жаным! – деген. – Енді ерніңнен бір рет сүйейінші, жаным…
Хұсниыңыз тез тартынып, тікірейе қалған. Түнеріп барып, қайтажылыды. Жүзі. Кандидатыңыздың екпіні аздап төмендеген. Тағы да жарты үрімке коньякты төңкеріп тастаған.
– Сүйгізші, сұлу қыз, – деді сонсоң. – Сүйейінші сені…
– Бірінші кездескеннен, бірден екі қол мен он саусақ. Аз емес, ағай, – деген Хұсниыңыз. – Қанағат қайда?
– Мынадай еріннен сүймей жіберу мүмкін емес қой, жаным-ау! – деген кандидатыңыз жыларман күйде.
Хұсниыңыз сыңқ ете күліп, тотайлана назданған. Оқытушысының жүрегі тоқтап қала жаздаған.
– «Жасын Бағиланың астыңғы ернінен бір сүйді, содан соң үстіңгі ернінен бір сүйді, одан кейін екі ернін қосып тағы сүйді…» Мұны кім жазған, ағай? Айтыңызшы, – деген Хұсни сұлуыңыз.
Ғылым кандидаты білмейтін болып шықты. Оқымапты ол кітапты.
– Былай етейік, ағай, – деді студент қызыңыз. – Осы сөйлемнің кімдікі екенін біліп, жауабын берерсіз. Студенттердің көбі біледі ол жазушыны. Ал, енді қайтайық. Осы тойғанымызбен.
– Бәлкім… Жаным, саунаға барармыз, а-а-а? Мен тоймай отырмын, – деген кандидат Хұсниыңызды еркелетпек ыңғаймен. Тағы да бір үрімкені босатып.
– Саунаға жиі барасыз ба, ағай? Шыныңызды айта аласыз ба, ағай? – деді Хұсниыңыз әдейі ойнақыланып.
– Бүгінде шындық айтыла ма, өзі, сұлу қыз?
– Бұл сұлу студентіңіз кімнің шын, кімнің жалған сөйлегенін сезіп қояды, ағай. Өтірікті жаным жақтырмайды.
– Жаның жақтырмаса, жаным, шынымды айтайын. Тек менің жаным болшы, жарай ма?!
– Оны уақыт көрсетеді. Сұраққа жауап бересіз бе? Жоқ па?
– Жаным! Сен менің жаным болсаң, жаныма айналсаң, бұдан былай бармаймын саунаға. Бұл заманда, бұл қоғамда саунаға бармайтын тәуір еркек жоқ шығар, сірә.
– Рақмет, шынайылығыңызға. Мұныңыз маған ұнады.
– Ұнадым ба? Ұнай түсейінші, жаным! Сен үшін, сенің сұлулығыңа толық ие болу үшін бәріне де дайынмын, Хұсни! Хұсниым менің!
Осыны даусы дірілдей жеткізген оқытушы кезекті үрімкені аузына төңкерді. Көгілдір ковролан еденнің үстіне тізерлей отырып, жыламсырай жалынды. Тізерлеген күйі студентіне жақындаған. Балтырын сүйе бастады. Кандидаттың оқу орнындағы, аудиториялардағы шікірейген, шіренген, отырғандағы шаниған кейіптерінен түк қалмады. Көгілдірлеу көзі ағараңдап, алақтады-ай.
– Хұсниым менің! Сұлуым менің! Келісесің ғой,ә-ә-ә? Жоо-мызға оп-оңай, жеп-жеңіл түстің. Төрт жыл бойы солай болады. Түсіндің бе? Титімдей де қиналмайсың. Бәрін бір өзім атқарамын. Жүйкеңе қауырсындай салмақ түспейді.
– Аға-а-ай! – деді Хұсниыңыз. – Сізге тізерлеген, студенттің аяғына жығылған жараса ма? Жалап-жұқтағанды доғарыңыз.
– Жарасад-жарасад-жарасад! – деп өршелене өрекпіді кандидат. – Жалаймын-жалаймын-жалаймын! Тек уәдеңді берші, Хұснижан! Сенікімін деші, сұлуым! Деші-деші-деші…
– Ел бар, жұрт бар, ағай. Сіздермен біздерді жоғары оқу орны дейді. Масқара емес пе мынауыңыз?! Тұрыңыз, ағай…
Оқытушы орнынан тұрды. Біраз уақыт тым-тырыстанды. Есі кіргендей еді. Пауза ұзады. Әлденуақта:
– Мүмкін мейманхана ұнайтын шығар? – деді есінеп. – Бұндай күнді бағалау керек, сұлу қыз.
– Сомерсет Моэм деген жазушыны білесіз бе, ағай? – деді Хұсниыңыз кенет.
– Бағанағы жазушы емес, әйтеуір. Ол қазақ еді ғой. Бағила деген қыз есімде қапты. Мынауыңның аты-жөніне адамның тілі келмейді екен. Кім дедің?
– Моэм. Фамилиясы. Аты Сомерсет.
– Жапон жазушысы шығар?
– Жоқ. Ағылшынның аймүйізі ғой, ағай.
– Кім боса, о босын. Ол не жазыпты?
– «Театр» деген романы ойыма түсіп отыр. Шекспиріңіз: «Бүкіл әлеміңіз – театр, ал адамдарыңыз – актерлер», деген ғой. Моэміңіз соны әлгі романымен ғажап дәлелдеп берген.
– Бағанағы Бағиланың астыңғы ерні мен үстіңгі ернін бөлек-бөлек, одан соң біріктіріп сүйген жазушың қандай бақытты? Бәле екен өзі.
– Жазушының өзі емес, Жасын деген бас кейіпкері, ағай.
– Сонымен, саунаға да, мейманханаға да бармайсың ба?
– Жоқ, ағай. Қайтайық.
– Өкінбейсің бе?
– Неге?
– Жарайды, Хұсни. Мен жаңағымның бәрін жорта жасағам жоқ. Шын ойымды білдірдім. Шынайы аңсарымды айттым. Аяғыңа жығылдым. Бүгін сенің дегеніңді орындайық. Ойлан, бірақ. Әйтпесе, өкінесің.
– Не үшін өкінуім керек? Түсінбедім.
– Түсініп тұрсың. Түсінбесең, түсінуге тырыс. Ойға сал, сұлуым. Шәй ішіп тұрамыз әлі.
Бірер апта алыстап, қашқақтап бақты. Хұсниыңыз. Оқытушыдан. Ғашықтығын ашықтан-ашық баян етушілер көбейе түсті. Тұспалдаушылар мен астарлаушылар аз емес-ті. Ашық кететіндерге әзіл-күлкісін сыйлап, жасырындау жеткізетіндерге жымиысын тарту етіп жүріп жатты. Хұсниыңыз.
Семестрдің соңында сүріндірді. Сөз салған доценттеріңіз бен профессорларыңыздың бірнешеуі. Қайта тапсырмаққа тырысты. Сынақтар мен емтихандарды комиссиямен қабылдаса да, өтетіндігіне сенімдітұғын. Ойланыңқырап жүргенде, шәйға шақырғыш кандидат ағайы өз бетінше көмектесті. Сүріндіргендер өздері шақырып, қайта қойып берді. «Жақсы» және «өте жақсы» деген бағаларын.
– Сұлуым, Бағиланың екі ернін бөлек-бөлек, кейіннен қосып сүйген Жасынды жазған жазушыны оқыдым. Дулат Исабеков екен ғой, – деді бірде пединституттың қараңғы коридорында кездескен кандидат. – Шәй ішпекке қалайсыз? Айтпақшы, рақметің қайда, сұлу қыз? Қанша пәннен қойғызып бердім. Тым-тырыссың. Тымпиып жоламайсың жүдә.
– Рақмет, ағай. Бірақ, мен сізден көмек сұраған жоқ едім…
– Слушай, сұлу-у-у! – деді оқытушы ағайы тістеніп, Хұсниыңыздың иығын ауырта қысып жіберіп. – Менің мейірбандығым мәңгілік емес. Біліп қой! Білім жетілдіруге, оқуға кетем. Екі айдан соң оралам. Ойлан. Сендей сұлуға крыша керек. Әйтпесе, тоз-тозың шығады. Не институттан шығасың. Келген күні мен сені шәйға шақырамын.
– Аға-а-ай! Иығым көгеріп, тіпті қарайып қалатын болды, – деп күлді қызыңыз.
– Мен оқудан келгенше жазылады, – деді оқытушы. – Ай, бәлекетім-ай! Күлкіңе құрбан етесің-ау, бәрібір. Мен сені ешкімге бермеймін. Агенттерім әрбір қадамыңды бақылайды. Абайлағын, аппағым. Аман жүр.
– Жақсы оқып, жетіліп қайтыңыз, ағай, – деді студент қызыңыз даусын әдейілеп әуендете. Әзілдеп.
– Үнін қарашы бұның! Үні-і-ін-н-н! – деді кандидат ағайы. Күрсініп. – Жан-жақты жетілген адаммын мен! Біліп қойғын.
Бұдан әрі кідірсе, байланып қалардай, жылдам бұрылып, тез-тез адымдап, алыстай берген. Кандидат.
БЕСІНШІ ТАРАУ
ЖҰБАЙЛАРЫ ЖҰМБАҚ ӘЙЕЛДЕР
Хұсниыңыз хабарсыз кетті. Телефонын да көтермейтін күндер тым ұзаңқырап, уәдесі орындалмауға айналды. Лажсыз Әдебиетші әйелге мағлұмдамаққа мәжбүрлендік. Жасырмай-жаппай, жағдаяттардың біразын бипаздай баян еттік.
Әдебиетші әйелдің денсаулығы сыр беріп жүрген. Сонда-дағы көңіл-күйінің кірбеңін сездірмейтін. Денсаулығының жағдайына қарамастан, жадыраңқы жауап қатпаққа күш жұмсағанын аңғардық. Ұялы телефоннан.
– Хұсни сұлуыңыз жұбайы жайындағы құпияларды ашқысы келмей жүрген шығар, – деді Әдебиетші әйел. – Қазіргі кезде маған да онша шешілмейді.
– Ерлі-зайыптылық, жұбайлық жақтарын жұмбақ күйінде қалдыруға, жазбауға келіскенбіз, – дедік біз.
– Дәл сол мәселелерге байланысты бірдеңелер болып жатыр-ау. Әйтпесе, сізбен хабарласпай қоюы, телефонын көтермеуі мүмкін емес.
– Соңғы мәрте сізбен қашан, қалай сөйлесіп еді өзі?
– Аға! Өзіңіз тіпті дегбірсізденіп тұрсыз ә-ә-ә?! Күйеуі кейде бұрынғы қылықтарын қайталап, әуейіленетіні бар. Хұсни сіңлім сондайда қатты азаптанып, қайғы шегеді. Кешіре алмай қиналады. Күтесіз біраз.
– Күтеміз, әрине. Жұбайлары жұмбақ әйелдерді…
– Пәлендей жұмбақтығымыз да жоқ-ау, аға. Менің жағдайым тәптіштемей-ақ түсінікті. Хұсниыңыздың құпиясы да бас қатыратындай емес сияқты. Оқу орнына түскеннен кейін сіңліме ғашық болушылар бұрынғыдан бетер көбейген. Білесіз оны. Бәрін тойтарып тастау беймүмкін. Жайбарақат күйде шыдас беру жеңілге соқпайды. Сезесіз мұны. Түсінесіз сіз. Әсіресе, бір ғылым кандидаты, аса пысық оқытушы соңына мықтап түсіп, тұзақ құрып, торға қамап, біржолата қаратып алмақ мақсатта бар айласын жұмсап бағады. Сондай күндердің бірінде Хұсни қызға осы жұбайы жолығды. Басқалардан басқашалау көрінеді. Өзгелердің шегінуі үшін алғаш әдейілеп бірге қыдыра бастайды. Бірте-бірте бойлары үйренеді. Ойлары үлескендей сезініседі. Ұзын сөздің қысқасы, аға, көркем жаратылысыңыз қалайынша тұрмысқа шығуға мәжбүрленгенін анық аңғармай да қалады.
– Апырай-а-а… Сонсоң не болады?
– Әне, аға, жұмбақтың бір шетін ғана шығарып едім, біржолата жібін тарқатып тарта бермексіз.
– Әншейін әуестік қой біздікі.
– Әуелгіде бәрі дұрыс секілді көрінеді. Бір жылға жетер-жетпесте қызғаныштың қызыл иті шабаланып шыға келеді. Күйеуі мүлде өзгереді. Келіншегінен «кек қайтаруды» ойлап, апталап, айлап алыстап кететін ауруға ұшырайды. Бұл, әрине, қаншама жылдардан бері нешеме жүздеген еркектер естерінен танып, жадыларынан жаңылып, ғашықтықтарын білдірген, мыңдаған жігіттер көз тіккен көркеміңізге аса ауыр соғады. Кенеттен күрт сынып, жүдеп-жадап, өмірден біржолата баз кешпекке бел байлайды.
– Сіз тап сондай кезінде кезіктіңіз….
– Иә, аға. Хұсниыңызды қайта оралту оңайға соқпады. Мына өмірге. Жаратушы иеге, сонсоң көркем әдебиетке рақмет. Қысқаша қайырғанда осы, аға. Уайымдамаңыз. Кейіпкеріңіз кешегі келіншек емес. Түңілмес. Бүгінде Хұсниыңыз бұрынғыдан бетер, керемет көркем. Алайда, жұбайының «ауруы» ұстағанда, жабығып, жатып қалатыны рас. Қорықпаңыз. Хабарласады.
– Кім біледі… Телефонын көтермейді. Хабар-ошарсыз…
– Кейіпкеріңізге бауыр басып үлгеріпсіз ғой, аға, – деді Әдебиетші әйел. Ауруын ұмытқандай сергектене әзілдеп.
– Сіңліңіз Сомерсет Моэмді сүйеді екен, – дедік біз. – Сіз Мопассан мен Флоберді қалай жақсы көрсеңіз, Хұсниыңыз Моэмді солай ұнататынын білдік.
– Иә-иә, аға, «Ай мен ақшаны», «Театрды» талдағанда, таң-тамаша боламын. Алайда, менің сұлу сіңлім Абайды бәрінен де биік сүйеді.
– Биік сүйеді дейсіз ә? Биік сүю дегенді бірінші рет естіп отырмын.
– Кейіпкеріңіз керемет көретін Сомерсет Моэмнің жазушы мен әйел туралы ойларын оқыған шығарсыз?
– Жазушылар – нағыз эгоистер дегендейін пікірлері есімде. Басқа жағын қайдам. Мен адамдарға көбінесе жазуыма қажетті материал ретінде қараймын дейтіндей астамшылығы да бар.
– Жазушының эгоистігі шексіз, бұл өзі дәл осылай болуы керек, себебі бүкіл әлеміңіз жазушы шығармашылығының объектісі ретінде ғана жаралған дейді.
– Күшті кеткен екен, – дейміз біз. – Артықтау айтыпты.
– Өзі жазушы ғой, қаламгерді, жалпы шынайы өнер иелерін шырқау биікке көтереді. Жазушы – шебер актер әрі әмбебеп бақылаушы, дейді Моэміңіз, сондықтан, көбісінің кейбір ойлары ойнамалы, пікірлері айнымалы, сезімі тұрақсыздау сияқты сезіледі. Дейді. Ал, енді, аға, жазушылар мен әйелдер хақында не айтқаны есіңізге түскен жоқ па?
– Жоқ. Түспей тұр.
– Әйелдер жазушыларға сезіктене қарайды, сезімдерін сақтыққа жеңдіреді. Шығармашылығына шырмалса, жазушыға магнитке арбалғандай тартылады. Бірақ, әйел оны ешқашан да өзіне толығымен бағындырып, түгел қарата алмайтынынын, қаншама азаптанып бақса-дағы, әлгі шығармашылығы сусыта суырып әкете беретінін сезеді. Өнер иелерінің ішіндегі ең ұлы ойнасшыл Гетенің өзі ғажайып өлеңдерін көңілдес келіншектерінің құшағында өрнектеген. Ең таңғажайыбы сол, сондай сәттерде, яғни аруларының аппақ нұрлы арқаларын саусақтарымен шерте жыбырлатқанда, шайырыңыз әйелді емес, әуезді өлең сөздерінің әуенді ырғақтары мен ұйқастарын ойлап, іштей рақаттана құрастырып, жадында жаттап жататын болған. Дейді. Сомерсетіңіз.
– Апырай, а-а-а?! – дейміз біз. Ш. шаһарындағы ақылы аурухананың ауласында, сиқырлы субұрқақтың жанында серуендеп жүргендегі күндерді жадымызда жаңғыртып.
– Сіз өзіңіздің эгоистігіңізді қандай деңгейде деп ойлайсыз, аға?
– Біз ең-ең-ең эгоист еместерден сияқтымыз ғой, байқасаңыз. Әйелдер жағына да жуықтай жүретіндерден емес екенімізді білесіз.
– Емес-емес-емес. Деп, Созақтың Сүлейменові бәдіздегендей ғой?
– Иә-иә, эгоистігіміз де, әйелшілдігіміз де шамалы-ау, әсте. Мүмкін, қаламгерлікте онша мықты еместігіміз де осы себептерден.
– Бәрібір, қаламгерлігіңіз қалайда эгоистікке жетелейді. Жетелеуге көнбесе, желкелейді. Әйел мәселесі де сол төңіректен табылар.
– Апырай, а-а-а?!
– Эгоизмге бой алдырмасаңыз, жазушы ретіндегі өзіндігіңіз әлсірейді. Ал, тым әйелшіл емес-емес-емес болғанның өзінде еміс-еміс зерттеуге мәжбүрсіз.
– Апырай, а…
– Мысал дайын. Менің өмірімдегі шындықты түбірлей түскіңіз келді ме? Келді. Ақылы ауруханада. Енді Хұсни ханымның да сырын сарқып ашқыңыз бар ма? Ба-а-ар. Қазып жазып, оқырмандарыңыздың көңілінен шықпаққа құлшынасыз ба? Құлшынғанда қандай!
– Мұныңыз рас.
– Рас болғанда, аға, менен жасырмасаңызшы.
– Нені?
– Хұсни ханым сізге жұбайым жұмбақ күйінде қалсын, оны жазбайсыз деді ме? Деді. Сіз келістіңіз бе? Келістіңіз. Бірақ, сол құпиясының өзінде қазбалай ашып, бәрін біліп, бейнелей жеткізгіңіз келеді. Іштей ылғи ындыныңыз қалап-ақ тұрады. Осыны. Солай емес пе?
– Емес-емес-емес. Дей алмаймын. Айналайын.
– Сіз сол құпияларға қызықпай-ақ қойыңызшы. Уәдеңізде тұрыңызшы, аға.
– Жарайды. Тұрайық.
– Бақылап, байқап жүрсіз ғой, Хұсниыңыз да сол жағын уайымдайды.
– Уайымдамай-ақ қойсын. Уәдемізді бұзбаймыз.
– Менің аңғаруымша, аға, сіз тек Хұсни ханымның хроникасын ғана қысқаша хикаяттамақ секілді едіңіз?
– Шамамен солай, айналайын.
– Ал, жаңағы жұбайлық жұмбақтарды жан-жақты жеткіземін десеңіз, онда роман жазуыңыз керек қой. Солай емес пе?
– Біз роман жағына жоқпыз. Сіз оны жақсы білесіз.
– Міне-міне, сондықтан жұбайлары жұмбақ әйелдерді де, өзіңізді де қинамаңыз. Қысқаша хроникаңыз қанағат, аға.
– Оқырмандарды қайтеміз? Қапаланбас па екен? Әйел кейіпкерлер онша ашылмай қалған деп?
– Ойға батсын олар. Сүлейменовіңіз сездірмеп пе еді? Қиналсын оқырман. Буылсын азапқа. Түссін тозаққа. Деп.
Әдебиетші әйел рақаттана күлді. Біз күрсіндік. Түсіндік. Дүн-дүниедегі түбегейлі түрде шешілмейтін үш жұмбақтың біреуі, әрине, әйел. Бағзыдағы білімпаздар бәдіздегендей.
Үш күннен кейін хабарласты. Хұсниыңыз. Жүдеңкі тартыпты. Білдірмеген болады. Әйтпесе, біршама өзгерістер бар. Болмысында.
– Біраз күн жұмысқа шыға алмай, ауырып қалдым, ағай. Қай жеріне жетіп едік өзі? Хрониканың? – деді әуендете үн қатып, әнге бөлеп. Наздана күліп. Қиыла қарап. Айтпақшы, Алматыдағы әпкетайыммен сөйлесіп, сырласқан секілдісіз?
– Иә-иә, сіз үн-түнсіз кеткен соң, улана уайым шектік. Не істерімізді білмей, әпкеңізді әуреледік.
– Қойыңызшы. Менсіз де ол кісімен жиі-жиі хабарласып тұратыныңызды сезем ғой, Ұяң ағай!
– Дәл бұл жолы Ұяң ағайыңыз ұялмай-ақ шарқ ұра іздеді сізді.
– Жазуыңыздың жайы ғой бәрі…
– Тап осы орайда сіздің қамыңызды қаттырақ ойлаған сияқтымыз. Жазуымыздан гөрі.
– Сізге «осы орайда» деп сөйлеген онша жараспайды екен, ағай. «Орайдалар» газеттің тілі ғой.
– Апырай-а-а-а?!
Кенет Хұсни ханымыңыз кілт мұңая қалған. Үстіңгі ернінің үстіңгі тұсындағы меңі бір дір етіп барып тыншыған. Сәл-пәл теріңкіреп, қара қаламмен бояп қоятын қастары әлгі әзірдегі меңінің дірілінен үріккендей үрпиіскен. Жанарларындағы жарқын жарқыл бірден бәсең тартқан. Газеттің тілін мінеңкірегендегі мысқыл аралас мақпал жымиысы жылыстай жасырынған. Біз отырған кафедегі бөденелер бытпылдығынан басқалай дауыс та, дыбыс та тыным тапқан.
Осылайша ұзақ отырдық.
– Ағай, мені жағымсыз кейіпкер етесіз ғой?! Иә ма? – деді Хұсни әлденуақта әлдебір алыс түкпірден, бөденелердің шеткі торы ілінген тұстан сөйлегендей, әлсіреңкі үнмен. – Айтыңызшы. Жасырмай.
– Әдебиетші әпкеңіз көркем дүниедегі жағымды және жағымсыз, ұнамды немесе ұнамсыз бейнелер дегенді онша жаратпайды емес пе?
– Әпкем, ол – әпкем ғой. Сіздің қалай қарайтыныңызды қайдан білейін.
– Біз-дағы Әдебиетші әпкеңіз жағындамыз. Сіз сүйетін Сомерсет Моэмнің өзіңіз өзгеше бағалайтын «Театр» романында жағымды кейіпкер бар ма? Жоқ қой, жоқ!
– Иә-иә, жоқ екені рас, ағай. Әлемге әйгілі, аса сұлу актриса Джулия ханым мен оның көркем кербез күйеуі, жігіттің сұлтанындай саналатын Майкл – басты геройлар. Екеуінің де жағымсыз жақтары, жиіркенішті әрекеттері әлдеқайда басым.
– «Театр» туындысынан тәлім-тәрбиеге татырлық бір бейне таба алмай, пұшайман боласыз. Бірақ Моэміңіздің осы романы ұлы жазушының ең ерекше, аса атақты және басты шығармасы саналады.
– Ағай, солайы солай ғой. Алайда, өз басым «Театр» романынан гөрі «Ай мен ақшаны» жоғарырақ қоямын. Суретші Стриклендтің тағдыры қаншама қасіретті, шығармашылық жолы шырғалаң, өмір сүру салты сұрықсыз болғанымен, өз бейнесі, мақсат-мүддесі, пейіл-пиғылы ұнамдырақ.
– Сіз сонда әдебиеттің білгірі әпкеңіздің көркем дүниелер турасындағы көзқарасына қарсысыз ба?
– Қарсылығым жоқ, ағай. Десек те, біздің оқырмандар мен сыншылар жағымды бейнелерсіз, ұнамды тұлғаларсыз туындыларды бағалай бермес. Қабылдай қоймас.
– Бағаламастар мен қабылдамастар өздері білер. Өнердің қай-қандай түрінің де негізгі қасиеті сұлулықты сезіндірмек. Сырласпаққа һәм мұңдаспаққа қол жеткізбек емес пе? Тәлім-тәрбие тек ұнамды кейіпкерлер арқылы ғана жүзеленбейтін шығар?
– Мейлі, мені ұнамсыз-ақ етіп жаза беріңіз, Ұяң ағай. Ұнамдымын дей алман. Көбінесе өзімнен өзім жиіркенемін. Өзгелерден де шошынар кездерім көп. Жұрттың бәрі сұлусың, сұлусың, сұлусың деуден жалықпайды. Мына мен де жалығуды қойғанмын. Сұқтанатындардың да, қызғанатындардың да, қараптан-қарап жүріп-ақ қиямпұрыс қылық көрсететіндердің де аз еместігін айтыңқырадық қой, ағай. Бүкіл өмірім осылай өтіп келеді. Қызығатындар жоқ емес. Ғашық болатындардың жүздеп, тіпті мыңдап саналатынын жазып алғансыз. Дәптеріңізге. Сіз меңзеп-мәністегендей, қиыла қарап, наздана күліп, әуендете үн қатып жүріп жатыппыз. Өйтпеске лаж жоқ. Сіз біразырақ біліп, түсініп қалдыңыз ғой, ағай. Иә ма? Ұяң ағай…
Хұсниыңыздың наздана қиылуы теңдессіз құбылыс екеніне тағы да, таңырқап, күрсін кернеген кеудемізді үнсіз тұншықтыруға мәжбүрлендік. «Стамбул» кафесінің төрт тұсында торға қамалып, әлдебір әдемі матамен көмкерілген ұя-үйшіктерден бөденелер кезек-кезек бытпылдықтады. Көз алдымызға алыстағы ауылымыз, бөденелер бөлекше еркелеп ұшып-қонатын көгілдір жоңышқалықтар келді. Күрсініс күшейді. Жүрек сыздап қоя берді.
– Мұңайып қалдыңыз ғой, Ұяң ағай, – деді Хұсниыңыз еркелей әуендетіп. – Мені аяп отырсыз ба, әлде өзіңізді ме?
– Әрине, сізді.
– Мені аямай-ақ қойыңыз, ағай. Жағымсыз кейіпкерлерді жазушылар аямайды ғой.
– Сізді жағымсыз дей алмаймын, айналайын.
– Жағымды да дей алмайсыз. Жарайды, ағай, – деді Хұсниыңыз «Стамбулдан» сырттағы саябаққа қарап. – Сонымен, күйеуге де шықтық. Ол жақтың құпиясын ашып айтпауға, жұмбағын шешіп жазбауға келіскенбіз. Солай ғой, Ұяң ағай?
– Солай-солай. Әдебиетші әпкеңіз де қайта-қайта пысықтаған.
– Тұрмыс құрдық. Жалпы алғанда, жұбайым жаман жігіт емес. Бірақ, білесіз ғой. Мыңдаған адам ғашық боп жүретін, тыныштық бермейтін әйелмен өмір сүру оңай дейсіз бе? Азап шығар. Жарайды, арғы жағын айтпаймын, ішіңіз білсін, әлуай… Қиындықтарға шыдаудайын шыдап-шыдап жүреді де, кенет сыр береді… Өзге жағын жұмбақ күйінде жауып тастаймыз енді. Ғылым кандидаты, аса пысықай ағайымыз, бәрібір, соңымнан қалмаған. Ол оқуынан оралған күні біздің үйлену тойымыз өтіп жатқан. Жынданып кете жаздапты. Өзінің айтуы солай. «Тұрмысқа шықтым, енді тыныш жүріңіз», дедім. «Тыныш жүре алмаймын. Мен тыныш тапқаныммен, сенің сұлулығың ешқашан да, ешкімді де тыныш қалдырмайды. Одан да менімен бол. Сонда басқалар мазалауын қояды», деуге дейін барды. Сөйтіп жүргенде, Астанадағы аса абыройлы оқу орнына шақырылып, шынымен-ақ жоғарылап кете барған. Әлі күнге дейін әлсін-әлсін ұялы телефонның тынышын алады. Өлеңдетіп хат жазады. Астанаға шақырады.
– Мына жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік меншіктегі мекеме басшысының орынбасары қызметіне дейін не істедіңіз?
– Жоо-ны бітірген соң біраз жыл мұғалім болдым ғой, ағай, – деді Хұсни ханымыңыз. – Алғашқыда алыстағы ауылда тұрдық. Бес-алты сиыр саудық. Қойдың жүнін қырқып, топан тасыдық. Қызанақ пен қияр өсіріп, жүгері кетпендедік.
– Ондай-ондай қара жұмыстар атқарған адамға онша ұқсай қоймайсыз-ау?! Сол кезеңдерде де ғашық болатындар тиылмады ма?
– Азаймады, ағай.
– Алыстағы ауылда да ма?
– Ауылымыз Ш. шаһарынан шалғайда жатқанымен, аудан орталығына жақынтұғын. Ал, ол орталықтың қырық мыңға тарта тұрғыны бар. Байлары бар. Оны айтасыз, өзіне тән олигархтары да жетерліктей.
– Латифундистері ше?
– Әрине, ағай. Мейрамханалары, мейманханалары мен тойханалары, кәсіптік орындары мен коттедждері, өзге де үй-жайлары жағынан, тіршілік-тыныстары жөнінен Ш. шаһарынан кем түспейді. Мен мұны несіне айтып отырмын, ағай? Өзіңіз өте жақсы білесіз ғой бәрін.
– Көрмегелі көп болды-ау, айналайын. Сол ауданды. Сол кентті.
– Жаман мұғалім емес едім. Өз пәнімді өлердей сүйдім. Шәкірттерім өте жақсы көретін.
– Шәкірттеріңіз шетінен ғашық…
– Мәселе онда емес қой, ағай. Абайды, Абайыңызды ойлап отырмын. Сабақ беріп тұрып, Абайды жатқа оқитын жылдарым-ай… Шәкірт бозбалалардың ғашық болғанында не тұр дейсіз… Қайта олар мұғалім апайларын жақсы көрген сайын сабақтарына құныға түседі. Ауыл мен ауданның арасында өсек борады-ау сол кездері. Абайыңыз айтпай ма: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға да қолы тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп ұқпай тынбайтыны қалай?» Деп. «Терең ой, терең ғылым іздемейді; Өтірік пен өсекті жүндей сабап». Деп. «Тасыса өсек; Ысқыртса кесек – Құмардан әбден шыққаны». Деп. «Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады». Деп.
Абайыңызды жатқа оқудан жалықпайды екен. Хұсни ханымыңыз. Жүздеген, мыңдаған ғашықтарды, оның ішінде осы күнге дейін Астана жақтан мазалайтын оқытушысы – кандидатты да түсінуге болатындай. Абай хақындағы ойларын білдіргенде де, үстіңгі ернінің үстіңгі тұсындағы меңі дірілдеңкірей жатқа оқығанда да, дауыс әуезі, саз уызы бәр-бәрінен алға шығады екен де. Оқта-текте «Стамбул» кафесінен сырттағы талшындар мен шынарларға қарағанда, алтын сырғасының шеңбері ортасынан және бір меңі бір түйір қара тары мәнзелдес дөңгелейді екен-ей. Үніндегі үлпіл-лүпіл әуенге елтімеу мүмкін емес-ті.
– Оқи берейін бе, ағай? – деді Хұсниыңыз еркелей әндетіп.
– Иә-иә, айналайын… оқыңызшы…
– Абайыңыз тағы бүй деген: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма? Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса еді демек, бұл – жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады».
– Айналайын-ай, Абайды да кез-келген ауыз айта бермеуі керек екен ғой… Сіздің тіліңізбен, үніңізбен жеткені қандай?!
– Асыра сілтемеңіз, Ұяң ағай. Мұхтар Әуезовтен тыңдаңыз енді. «Оны мұқатуға, жазықсыз жапа шектіруге, жазалап, қор етуге тырысты. Надандар Абайдың адамшылығын, халық сүйетін адал атағын, абыройын өлердей күндеді».
– Иә-иә, айналайын. Надандар жауыздықпен жауықты ғой. Абай хакіміңізге. Сол жауыздық ақыныңыздың көркем ойын күндеді. Күйінді. Көркемдікке күншілдік, ізгілікке іштарлық жауығады да жүреді ғой, әйтеуір. Мына заманда да өсек пен өтірік өршіп, ғайбат қағынып тұр-ау. Бықсыма өсек пен былапыт өтірік өртше өршитін кездер көбейді. Ең шошытары сол, өтірік пен өсекке бықсық пен ғайбатқа иланатындар еселенді. Жағымпаздық пен жандайшаптық белең алды.
– Ұяң ағай-ау! Мұң шаққалы, сыр төккелі келген мен сияқты едім. Әлде сіз бе едіңіз?
– Үніңіздегі әуенге ме, сіздің аузыңыздан шыққан Абайға ма, арбалып қалғандаймыз, қарағым.
– Міне, көрдіңіз бе?! Сондықтан да мен мұғалім боп қала беруім керек еді! Әттең-ай, әттең…
– Біз-дағы солай ойлаймыз. «Тәжірибелі мұғалім үйретеді, талантты мұғалім шабыттандырады» деген бар ғой. Қаншама шәкірттерді шабыттандырып, қанаттандырып жүрер едіңіз. Қайран-ай… Әдебиет пәнін көкке көтеретін көркем жаратылыстан айырған өсек пен өтірік пе? Іштарлық пен қызғаныш па, әлде? Жауыздық пен ғайбат шығар мүмкін?
– Иә-ә-ә, Ұяң ағай, мені қойыңызшы. Мына сіз, сіздер ғайбатталмаңыздаршы. Сіздерге күйе жағылмасыншы.
– Ай, айналайын-ай! Өзіңізден гөрі біздей пақырларыңызға жүрек ауыртып, жан қинайтын қазақ аруларына құрсанбыз ғой…
– «Құрсан» деген сөз Сүлейменовіңізде ғана кездесіңкірейді. Сыншылдардың ескертпесін естіп жүрмегейсіз.
– Сіз күлмегейсіз. Сол жетеді. Бізге.
– Уайымдай бермегейсіз. Өсектер мен өтіріктерге сенбегейсіз, ағай. Бәрібір, көркем мінез, мейірім мен рақым – мәңгілік. Себебі, олар ең әуелі Жаратқан иемізге тән. Жаратушымыз Жер-Анаңызды, Айыңыз бен Күніңізді, күллі ғарышыңызды негізінен мейірбан, адал, алдау қоспай бейнеттенер абзалдар, ізгілікпен ізденер ғалымдар, Хақ жолындағы хакімдер, әділетті әкімдер үшін ұстап тұрыпты.
– Үш өлеңінің бірінде ғалым-ғылым дейтұғын, қара сөздеріне һәм көбінесе ғылым ғажайыптарын арқау ететұғын Абайыңыз кенет күңіреніске түсіп: «Мұңдасып шер тарқатар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік!» деп, аспандағы әспетін жерге бір-ақ соғады.
– Абайыңыздың өзі жалғыз қалғанда, кісідегі жүректі, жүректегі жылуарлық пен риясыз рақымды көксеп өткенде, жай, қатардағы пенделерге шүкіршілік керек шығар, Ұяң ағай.
– Мұңая бермеңіз. Қартайып кетерсіз. Дейсіз ғой?
– Сол себептен бағанағы сауалдарыңызға оралайық.
Хұсни ханымыңыз қатты күрсінді. Бізді мұнарлай бастаған мұңды өзіне қарата тұтас аударып алғандай терең күрсінді. Қастарының арасына қос сызық бірден бүлік салды. Ақша маңдайын әлдебір кірбің шалды. Танауы қусырылды. Қиналыстары қалыңдап, жанар жарқылын жұта бастағанын білдірмей, бөденелерге бұрылған болды.
– Оралсақ, оралайық, айналайын, – дедік біз.
– Алты жылдай уақытты артқа тастап, шәкірттерімді жылатып-еңіретіп, алыстағы ауданнан уәлаятыңыздың орталығына көштік. Сіз Әдебиетші әйел атап кеткен әпкеміз соның алдында ғана мені жарық дүниеге қайта келгендей жаңғырта оралтқан.
– Хабарымыз бар. Әпкеңіз әңгімелеген.
– Қалада не үй жоқ, не жұмыс жоқ, қатты қиналдық. Мені мұғалімдіктен, мектептейін әлемнен айырған қызғаныштың қызыл иті Ш. шаһарында да шәуілдеуінен танбаған. Оқу орындарына бармағам. Осылайша әйел басқаратын, жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мына мекеменің ең төменгі, айлығы аз жұмысына әзер іліктім.Бірте-бірте бағаланып, бірсін-бірсін сатылап көтеріле бастадым. Мекеме басшысының орынбасары болғаныма да бірер жыл өтіп үлегеріпті. Уақыт жылдам жылжиды ғой мына заманда, ағай.
– Біраз күн жұмысқа шықпадыңыз. Сәл өзгергенсіз бе, қалай? – дедік ыңғайсызданып. Хұсниыңыздың құбылыңқырап отырған жүзі төменшік тартқандай.
– Қайдам, ағай. Бұрынғыдай сияқтымын, – деді ол сыр берместен, қайта күлімсіреп, айнала-төңірегіне шұғыла шашып. – Хроникаңызға көшеміз бе?
– Көшсек, көшейік, – дейміз біз шұғылалы сәулелерге қайрандана.
– Ш. шаһарына орнығып, мына мекеменің жұмысына үйрендік. Маған көп кешікпей-ақ бірнеше журналист бірден ғашық болды. Мен мына жартылай мемлекеттік, жартылай жекеменшік мекеме басшысының орынбасарымын дедім ғой. Қызметіме байланысты мемлекеттіктен жекеменшіктікке көшердегі «өтпелі кезең» хақында кеңес беріңкірейміз. Сол кезеңге бейімделуге әуелгі көмек көрсету басты міндетімізге кіреді. БАҚ түрлерімен тығыз байланыста болуымыз керектігін түсінесіз. Мінекиіңіз. Сөйтіп жүргенде, біраз журналист «махаббат майданына» белсеніп шыға келді. Мопассанның жүз елу жылдай бұрынғы француз журналистері жөнінде жазғанын еске түсірерсіз, Ұяң ағай.
Ол күлімсіреді. Күлкіге ұласты. Жымиысы. «Кімді, кімдерді елестетті екен?» Деп күрсіндік. Ішімізден. Мына біз.
– Француз жазушысы жазған журналистерді әпкеңізбен бірге ақылы аурухананың көркем гүлдер көмкерген ауласында әбден талдағанбыз. Мопассаныңыз: «Француз газеттерінің бәрінде жезөкше еркек журналистердің жыртылып-айырылатынын», «журналистер қауымының түгел дерлік жалдаптанып біткенін» қоғамның бетіне шыжғырып басқан ғой. Сізге ғашықтығын білдіргендер біздің қоғамның қандай-қандай қаламгерлері болды екен? – деп қозғалақ қаққанымызды қалқалай алмадық. – Шынайылары да кездескен шығар?
– Өзіңіз безбендерсіз, хроникаңызға керегін аларсыз, ағай, – деді Хұсни сұлу тіке қарап, қастарының арасындағы қос сызықтың бүліншілігін басқысы келгендей, сүп-сүйрік сұқ саусағымен сипалап. – Мен бастан өткерген жағдайларды қысқаша ғана баян етейін.
Хұсни ханымыңыз «қысқаша ғана баян етейін» деген төрт сөзді тіпті оп-оңай айтып, жеп-жеңіл жеткізе салғанымен, жүрек жанталасынан туған жан қиналысы қатпарланып шыға келгендей, қастарының арасындағы сызықтар қайта тереңдей түсті. Ұялыстан тершіген тәмпіктеу танауының ұшын қайта-қайта қысты. Саумалай сығымдап.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ХҰСНИ ХАНЫМЫҢЫЗ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТЕРІҢІЗ
Бірінші журналистің ғашықтығы Хұсниыңыздың даусына байланысты еді.
Үнін естіген сәттен-ақ сабырынан айырылып, аузын аңқайтқан. Абыржыған.
– Ғажап! – деген аппақ келіншектің аузына қарап, қайта-қайта жұтынып. – Өңімде естіп тұрмын ба, түсімде тыңдап тұрмын ба? Мынадай ән-үнді, үн-әнді?!
Бұл журналисіңіз әжептеуір-ақ абыройлы басылымдатұғын. Ежелден еңбек етеді екен. Сол редакцияда. Сұхбат алмаққа келетінін телефонмен мағлұмдаған. Тақырыбының аясын аңдатқан. Сұрақтарының шамасын байқатқан. Жекешелендірмек саясаттың екінші кезеңі жөнінен жанығып жатқандар көп екен. Жайбағыстамақ жайындатапсырма алған көрінеді.
Келген. Кірген. Хұсни ханымыңыз күлімсіреп қарсы алады ғой әлбетте. Күлімсіреуінің өзі кідірткен. Тілшіңізді. Елуден асқан секілді. Журналисіңіз. Бірақ, қырық жасын қиғысы келмейтіні, алпысқа қарата аяңдағанына көнгісі жоқтығы аңғарылып тұрыпты. Киім киісінен де, жүріс-тұрысынан да.
Хұсни ханымыңыздың даусына қайран қалған. Абыржығанын аппақ келіншек «түсіне алмаған». Мақта гүлді кесеге көк шәй құйып ұсынған. Шаһарда шілдетұғын. Шіліңгір дейтұғындай. Түскі үзілістен кейінгі шақ еді. Жүйкелер жайбарақаттау тартатын мезгіл.
– Кешіріңіз, – деді журналист. – Даусыңыз ғажап екен. Ән-үніңіздің, үн-әніңіздің әсерінен әлі арыла алмай отырмын. Жалпы, сіз өзіңіз жекешелендіруге қалай қарайсыз? О бастағы тарихынан әңгіме айта аласыз ба? Бірақ, ол кезде сіз тым жүдә балғын, балдырған шығарсыз. Мектепте оқып жүрген болуыңыз керек? – деді. – Әлде, қазіргі, екінші кезеңнің ерекшеліктерінен бастай бересіз бе? Бірден.
– Аға, – деді ханымыңыз. «Аға» деген сөз әндете-әуендете шыққан ақ келіншектің аузына біраз уақыт тесіле телмірген тілшіңіздің таңданысы күшейе түскен. Үстіңгі еріннің үстіндегі тарыдай ғана қап-қара мең-дағы меңірейткендей.
– Аға! Кемеңгер суреткер, теңдесі жоқ ойшыл Әбіш Кекілбаевтың кітаптарын көбірек оқимын. «Заманмен сұхбат» жинағында біздің елдегі жекешелендірудің жай-жапсарын жан-жақты жазған ғой. Пәлсапалық-публицистикалық тұрғыдан.
Журналист ағайы мұндай тұжырым күтпеген екен. Тұқырына қипақ қақты. Әбіш Кекілбаевтың ондай кітабын оқымағаны білініп, қатты қызарақтады.
– Иә, қалай па-па-пайымдапты? – деді тұтығыңқырай тіл қатып.
– Әлеуметтік жіктелудің үдеп кеткенін жекшелендірудің жалаң экономизмге негізделгенінен көреді ол кісі. Меншікті мемлекет иелігінен алуда жергілікті жағдайлар, көркемниетті қазақ ұлтының айрықшалықтары ескерілмеді, мүлік теңсіздігі тарихи түрде қалыптасқан қоғамдарға тән аукциондық әдіс үрдіске үстемелей ендірілді. Дейді.
– Ойпырай, ойыңыз қандай, қарындас?! Сөзіңіз қандай?! Үніңіз қандай?! – деді тілші ағасы. – Ғажап қой!
– Аға, – деді тағы да Хұсни ханым. – Бұлар тіпті де менің ойларым емес, менің сөздерім емес. Суреткер қаламгердің ойлары мен сөздері.
– Мейлі ғой, мейлі! Алайда, үн-әуен сіздікі ғой, қарында-а-ас…
Сұхбат басылымда жарияланды. Біраз-біраз мамандар пікірлерін білдірді. Бағаласты. Журналист ағасы басылымның бірнеше данасын және жаз айларында Ш. шаһарының арнайы сауда орындарында көбейіп кететін гүлдерден емес, айрықша аппақ, ірі-ірі бадана түрінен бір будасын әкелді.
– Сұхбатымыз лездемеде айрықша аталып өтті, оқырмандар арасында да айтарлықтай резонанс тудырды, – деді шынымен қуанып. – Сізге мың мәртебе рақмет, қарындасым!
– Аға-а-а! Сіз маған емес, мен сізге алғыс білдіруім керек еді – деді қарындасы қиыла қарап, наздана күліп. – Сіз алдымды орап кеттіңіз ғой!
– Шынымен де ризасыз ба? – деді күрт күрсінген тілші кісіңіз.
– Иә-иә, аға! Бүгін кешке дейін бір хабарласамын деп жоспарлағам. Қол тимей кетті, әйтеуір.
– Рас па осы сөзіңіз?! – деді тілші. Толқынысын жасырмай.
– Аға, бар шынымды жеткізіп отырмын, – деген үн-ән, ән-үн бөлекше бөлме ішінде аппақ гүлдің иісімен араласа әуелеген.
– Хұснижан! Онда бірге шәй ішуден бас тартпаңызшы… Жарай ма? – деді журналист. Даусы дірілдеңкіреп. Батылдықты буып-түюдің қаншалықты қиналысқа түскені білініп. – Мен… мен сізді шәйға шақырамын. Бүгін… Жұмыстан соң…
Хұсниыңыз күлімсіреді. Жалпы, қай-қандай адамға да жауап қатардың алдында жылуарлы ғана жымиюынан жаңылған емес қой ханымыңыз. Дәл осылай жымиюының әсері қалай болатұғынын, жалғасы нендей-нендей, қандай-қандай жағдаяттарға апарып соғуы мүмкін екенін сезінбейді емес. Білмейді емес. Алайда, бәрібір, күлімсіреуінен тана алмайды. Жаратылысынан осылай шығар. Не амал?!
– Жарайды, аға, – деді күлімдеген кейіпте. Хұсниыңыз.
– Рақмет! – деді тілші тыпыршып. – Кешке… Күтем… Жұмысыңыздан соң… Өзім… келіп… Алып кетем… Керемет бір кафеге…
Хұсниыңыз тағы да жымиып, қап-қара шашын сәл сілкіп, алдына қарай икемдеді.
Екеуі де түрегеп тұрған еді. Хұсниыңыздың үстінде қызғылтым көйлек. Жұп-жұқа. Соңғы кездердегі сән үлгісімен, қолдан тігілген. Омырауы онша ашық емес. Қайта тұйықтала, ұп-ұзын, жұп-жұмыр, аппақ мойнына қарата биіктей түскен. «Шіркін-ай, кеуде тұсы сәл-пәл ашығырақ болғанда ғой», дейтіндей. Кез-келген еркегіңіз. Бұл – журналист күрсінісінің бір ғана себебітұғын.
– Бірақ, бүгін емес, аға, – деді Хұсни ханым. – Жұмыс өте-мөте көп боп тұр. Реті келген, сәті түскен бір күні сізді мен шақырайын шәй ішуге.
– Жо-жоқ! Жо-жоқ! Мен бұрын жасадым. Ұсынысты. Ретін ертерек келтіріп, сәтін тезірек түсіргейсіз. Бәрі сізге байланысты, Хұсни! Ай-ай-айналайын… Даусыңыздан айналайын… Хабарласып тұрамын. Уақытыңызды алмайын… Қайтайын енді… Ай-ай-айналайын…
Хабарласып тұрды. Күн сайын. Түске дейін бір рет. Кешке қарай бірнеше мәрте.
Арада апта өткенде сәті икемделді. Хұсниыңыздың да уақыты иіліңкіреді. Бас тартуға ұялған. Баспасөз құралдарымен белсенді түрде, жалықпай жұмыс жасап, тығыз байланыста болмақ – басты борыштары. Жоспарлы, жүйелі түрде мақалалар, сұхбаттар, мәліметтер, ақпараттар ағыл-тегіл жарияланып жатпағы ләзім-дүр. БАҚ жөніндегі шаруалардың баршасына тікелей жауапты болып белгіленген ғой. Осы Хұсни ханымыңыз.
Арша ағаштарынан өрнектеле өрілген кафенің бір бөлмесінде шәй ішілген. Елулердегі дейтұғындай журналисіңіз жастарша жасана киініпті. Бурылданған, самайларына қарата ағы басымданған шашын жалтырата майлап қойыпты. Елпілдей қызметкөрсетті. Екпіндей сөйледі. Негізінен басылымдарындағы көтерілетін мәселелерді мәністеп, әріптестерінің әрекеттеріне шолу жасады. Өзінің кәсібіне ризалығы аңғарылады. Бірте-бірте газет-журналдардың шектен тыс көбейіп кеткендігіне, не боса соны сенсациялап жазатынына, жолбике журналистердің сауатсыздығына ренжитінін жасырмады. Ара-арасында сұрақ қойып, сауал тастап, Хұсни ханымды әңгімеге тартады.
– Кешіріңіз, Хұсни! – деді шәй ішпек шараның ортасынан ауыңқыраған тұсында. – Мен мезілдендіріп жіберсем керек. Айналып келіп журналистердің тірлігін тәптіштей беріппін ғой.Кешіріңіз.
– Жо-о-оқ, аға! – деді Хұсни ханым еріндерін еркелей шүйіріңкіреп қоятын қылығын өз еркінен тыс қайталай қайымдап. – Журналистердің өмірі мені қатты қызықтырады. Мектеп бітірерде мен де осы мамандықты таңдағым келген. Қыз балаға жараспайды деп ұрысқан туысқандарым айнытқан. Бәрібір, өкініш қалып қойды. Журналист десе, елең ететін әдетім бар…
– Көп оқиды екенсіз. Әбіштейін ғұламаның біз білмейтін дүниесінен мысал келтіргенде ше, кірерге тесік таппадым. Іздеп тауып, сұхбатымызды жазардың алдында қайта-қайта оқыдым. Әбіш ағамыз әлеуметтік мінездің бұзылуын қалай ғажап көрсеткен! Жекешелендіру шынында да жөнді жүргізілмеді ғой. Бізде. Қолынан келгендер қармап, жырғап жүргендер жалмап. Дегендей.
– Басқаша болуы да қиын еді ғой, аға. Асыра сілтеушіліктер асқынды. Құнығушылық қабынды. Бәрібір, біздің елдің жағдайында жекешелендірмек дәл сол кезде жүргізілмегенде, бұдан да қиындап кетер ме еді? Шүкіршілік дейікші.
– Кешіріңіз, Хұсни. Жекешелендіру тақырыбын қозғап нем бар еді, тағы да миыңызды қатырдым білем.
– Біздің қызметіміздің қызықты тақырыбы осы ғой, аға, – деді Хұсни. – Ең қиыны, елдің көбі әлі күнге дейін психологиялық кедергілерді жеңе алмай келеді. Уақыт керек шығар.
Әрине, Хұсни ханымыңыздың тым ұзақ шәйланбаққа мүмкіндігі жоқ қой. «Арша» кафесінің айналасына ымырт қараңғылығы үйіріліп, байырғы шынарлар мен алып емендердің етектерінен бастарына қарай қоюлана өрмелеген шақта журналист ағасымен қоштасқан.
Содан кейін әр апта сайынғы сәрсенбіде, түскі үзіліске таман аппақ бадана гүлдің бір бумасы қызмет бөлмесінің алдындағы текшеде тұратынға айналды. Қашан, қалай, кім әкеледі? Белгісіз. Әлбетте, басылымында бір ғана сұхбат жариялап, бір мәрте бірге шәй ішкен журналист кісіден келетіні аянтұғын. Алғашқы, аппақ, бадана гүл будасынан айнымайтын еді. Кейінгілері де.
Күн сайын, бірнеше мәрте ұялы телефонымен тілек-хат жазытынды шығарды. Тілші ағасы. Хұсниыңыз ыңғайсызданып, кейде жауап қататын.
Сары жапырақтар қалтырай жапалақтап жауатын кемпіршуақ күздің бір сәрсенбісінде аппақ бадана гүлдің будасы арасынан тілші ағасының тілдей қағазын көзі шалған. «Хұсни ханым! Қарындасым! Үн-әніңізді, ән-үніңізді сағындық қой! Мен сізді бүгін кешке, жұмыстан кейін Т. және С. көшелерінің қиылысындағы «Риза» кафесінде күтемін. Көп уақытыңызды алмаймын. Тек жүзбе-жүз отырып, бір сырымды бөліскім бар. Бір-біржарым сағатыңызды қиыңыз. Келмей қалмаңызшы…»
БАҚ өкілдерін ренжітуге болмас. Ұялы телефонмен қоңырау шалмай, SMS-пен немесе WhatsApp-пен хат жазбай, аппақ гүлдің арасындағы ақ қағазбен хабарласуына қарағанда, басқашалау бірдеңе болатындай сезілген. Әуестік те жоқ емес-ті. Хұсниыңыздың көкорай көкейінде.
Барған. Аяған. Ағасын. «Риза» кафесінің күншығыс түбінде тұрыпты. Тілші ағасы. Мазасызданыңқырап, жүдеңкіреп жүргені бірден білінген. Самайларындағы ақшылтым шаш көлемі һәм ұлғая түскендей. Қалбалақ қаға қарсы алған.
– Рақмет! Рақ-ме-е-ет келгеніңізге! – деп, кафенің түкпіргі төріндегі оңаша бөлмеге бастаған. – Міне, Хұсни, айналайын, жайғасыңыз.
Алдын-ала дайындық жасалғаны дастарқаннан көрініп тұрыпты. Тілшіңіздің тілі тағы да күрмеліңкі тартып, шешіле алмай әбігерленген.
– Алыңыз-алыңыз. Ұялмаңыз. Жұмыстан шықтыңыз. Әлденіңкіреп барып әңгімелесейік, – деді төменшіктей толқып. Өзі де ашыққан секілді. Асыға-аптыға жеуге кірісті. Көкөніс түрлерінен бастап тиісіп.
Сәлден соң есін жиғандай болып, қымбат коньяктан құйды.
– Сіздің денсаулығыңыз үшін, үніңіз үшін, үніңіздегі әуен үшін алып қоямыз! – деді өзгеше көңілденген күй танытып.
Хұсниыңыз коньяктың осы түрінен аздап-аздап байқап көретін еді. Үрімкені жартылай ішті. Аяды. Ағасын. Батылдансыншы. Деді. Ішінен.
Журналист те баяғы, жоғары оқу орнындағы кандидат ағайынша үрімкені төңкере түгесіп, батылдана бастаған. Әуелі жұдырығына жөткірінген. Жөтеліңкіреген кейіп көрсеткен. Қайтадан қиналыңқыраған. Ұялыңқыраған. Хұсни ханымыңыз ойлаған. «Қазір ғашық боп жүргенін айтатын шығар», деп. Еркінен тыс тап осындай топшылаудың топ ете түсетініне әбден-ақ әдеттенген дә-ә-ә.
– Кешіріңіз, – деді журналист ағасы. – Мінекиіңіз. Бір сағат зу етіп өте шығыпты. Уәдем бар. Мен сізді көп ұстамаймын, айналайын. Осы елуден асып, алпысқа аяңдаған жасыма дейін сіздей сұлу келіншекті, әдемі әйелді көрген емеспін. Мен сізге ғашықпын, Хұсни ханым! Әсіресе, даусыңыз алғаш естігеннен-ақ есімнен тандырды. Ән-үн, үн-ән дейтінім сондықтан. Ұялы телефонның өзінен-ақ өліп қала жаздағанмын. Сіздің үніңіз басқа бір әйелдің даусына ұқсап кеткен. Жастайымнан бір қызды сүйгем. Сұлулығы сіздей дей алмаспын. Алайда, үн-әуені… Айнымайды! Әншілігі бартұғын. Бірақ, ән айтқандағысынан гөрі жай ғана сөйлегендегі ән-үні, үн-әні ғажап еді! Әттең-ай, әттең! Сол қыз маған емес, досыма бұйырды. Мені емес, қиыспас, қымбат досымды қалады. Бәрібір, сезімімді ішімде тұншықтырып, төбесін көріп жүрудің өзін теңдессіз бақыт санадым. Екеуінің жап-жақсы, жарасымды басталған ерлі-зайыптылық өміріне өзімше қуандым, қарындасым. Ш. шаһарында жұртқа жаппай жер бөлініп беріле бастағанда ше, өзімнен бұрын соларға болсыншы деп, алдымен сол екеуіне телім рәсімдеттім. Сонсоң ғана жандарынан өз отбасыма жер алдым. Көрші тұрсақ, күнде көріп, үн-әнін естіп жүремін ғой деп жұбанатынмын. Қатты қуанатынмын. Күніне бір рет емес, екі рет емес, жүз мәртелеп даусын естігім, елтігім келе беретін. Келе беретін. Күйеуінен, бірге оқыған жан досымнан титей де қызғанбайтынмын. Жан досыма емес, жырақ жақтардағы, алыс ауылдардағы, тіпті қиян қалалардағы жат біреуге кете барғанда не болар едім?! Тірі жүре алар ма едім?! Де-е-еп, егіле ойлайтынмын, Хұснижан! Осылайша ондаған жылдар жылжып-сусып кетіпті.
Журналист ағасы жастау көрінгісі келетін кейпінен жаңылып, жасаураған көздерін сүртті. Шал-шауқандар секілденіп. Хұсниыңыз бар ықыласымен төгіле тыңдап отырыпты.
– Күндердің күнінде, – деп күрсіне жалғастырды журналист ағасы. – Менің сол күн дидарлы көркемім деп санайтын қымбаттымның ән-үні, үн-әні күрт өзгерді. Даусы бірден айныды. Қайырымсызданып, қабыршақтанып, қарлығыңқы тартты. Сөйтсе-е-ек, қайдағы бір қауіпті сектаның қармағына ілігіп, тұзағына түсіпті. Мына шаштың жартысы сонда ағарған, Хұснижан! Барлық тірліктен баз кешіп, жұмыс атаулыны жиып қойып, қасиетті санайтын сормаңдай сұлуымның бетін бері қаратпаққа ышқындым. Үш жыл әурелендім… Болмады ғой, болмады, қарағым-қарындасым… Ақырында, күтпеген жерден қайтыс болды. «Ажал айла таптырмас» деген сол екен… Сектасына сәйкес, басқа бір діннің талаптары бойынша, бөтен зиратқа, бөгде рәсімдермен жерленді ғой менің жаным… Қаншама діндарлардан, нешеме имамдардан, бірталай білімпаздардан өлердей жалынып, өтіндім. Ештеңе келмеді. Қолымнан. Осы күнге дейін бір кездердегі мөлдіреген махаббатымның мәйітін қазып алып, тазалап жуып, арулап, аялап… Асыл сүйегін өзіміздің мазаратымызға қайта қойғым келеді де тұрады. Кейде тап өңімдегідей-ақ осы мақсатымды жүзелеп жатқаным түсіме кіреді. Шіркін-ай, арулап, аялап… Қайта жерлесем, ана жайда анық кезедсер едік қой деп армандаймын. О дүниеде хор қыздарының біреуіне де назар жықпай, сол мөлдір махаббатыммен маһшарда мейірлене бір табысқым келеді. Сөйткенде ғана оның үн-әні, ән-үні өзіне кері оралатын шығар… Мен… Мен сол дауысты ғана тыңдасам деймін…
Тілші кісі тебірене тоқтаңқыраған. Хұсни ханымыңыз қалтырап кетіп, коньяк құйылған хрусталь үрімкені аузына апарған. Бір-екі рет жұтқан. Журналист әңгімесін жалғаған.
– Мен сізге ғашық екенімді жасырмаймын, – деді одан әрі ол кісіңіз. – Бұл пәни жалғанда жалғызымнан басқа бір жанға құламаспын деуші едім. Құладым, Хұснижан, сізге. Өзіңіздей өзгеше, жарасымды жаратылыс жоқ шығар, сірә. Бірақ, менен қорықпаңыз. Басқа біреулер секілді соңыңызға түспеймін. Әуре-сарсаңға сала алмаспын. Ұят пен аятты, обал мен сауапты білетіндердің бірімін. «Әр адамның Құдайы – өзінің ары», дейді бір данышпан. Хұсни ханым! Жаным! Тағы да қайталайын. Мен сізді сүйіп қалдым. Ғашықпын! Алайда, өзге еркектердей емес, бөтеншелеу өтініш білдірмекпін. Мені түсініп, ұғына алатыныңызға үміт артамын және сенемін. Айта берейін бе?
Беделді басылымыңыздың белгілі журналисі мүлде өзгеріп алған еді. Бурыл шашының бір уыстайы тершіген маңдайына түсіп, жартысы жабысыңқыраған. Өзін-өзі ұмытқандай, жасандылау көрінетін кейбір қылықтарынан, кафеге кірердегі кібіртіктеген, төменшік тартқан тұрпатынан арылған, емін-еркіндігі еселенген.
– Айтыңыз, аға, айта беріңіз, – деді Хұсни ханымыңыз.
– Әрбір сәрсенбі сайын сізге аппақ, бадана гүлдің бір будасы барып тұрады. Бұл – бірінші өтінішім. Қабылдайсыз ба? Өтінішімді? Хұснижан?!
– Өзіңізге ауыр соқпаса, мейліңіз, – деді ханымыңыз қысылыңқырай ыңғайсызданып.
– Екінші өтінішім мынадай. Уақыт пен мүмкіндігіңізге қарай, оқта-текте осылайша бірге шәй ішіп тұрсақ. Бірақ, үш ай сайын бір реттен кем емес. Жиірек болса, жүдә жақсы… Шынымды айтайын, айналайын… Сіздің ән – үніңізді, үн-әніңізді бүгінгідей, бір сағат па, бір жарым сағат па… Тыңдасам, сол жетеді маған… Хұснижан…
Журналист ағасы жылап қоя берген.
Ебіл де дебіл жылады-ай…
Хұсни ханымыңыз жұбата алмай қиналған.
Жасыратын не қалды? Хұсниыңызға ғашық журналистеріңіз аз емес көрінеді. Үшеу-төртеуі Мопассанның тұсындағы француз қоғамының қалам иелері секілді сезіліпті. Ги де Мопассаныңыздың заманында ғана солай бұзылып кетті ме, кім білген. Әйтеуір, әртүрлі әйелдер жайында жалықпай жазған жазушыңыз жезөкше еркек журналистердің жандайшаптана жылпостанып, жалдаптанып, басылымдардың бәрін дерлік жаулап, жайлап алғанын аямай бейнелеген ғой.
Ал, хош делікші. Енді мына бүгінгі сіздің қоғамыңыздағы қалам ұстаған қауымыңыз қандай? Хұсни ханым секілді сіз-дағы шет-жағасын біліңкірейсіз, әрине. Құдайға шүкір, Мопассандайын ғажайып, шынайы шеберіңіз ғұмыр кешкен ғасырдың кезенейлі кезеңдеріндегі журналистердей жаппай жалдаптанып, жезөкшеленіп кетпеген шығар. Неғыпты сонша?!
Ұзын сөзді қысқартыңқырап, хроникалауға тырысайық енді. Хұсни ханымға қаттырақ құмартқан тілші-журналистердің тізімі біразға барар. Солардың және біреуіне ғана аздап аял жасайықшы.
Бұл тілшіңіз де жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемеге жалпылдап кеп тұрған. Мақалалар жариялаған. Хұсни ханымға кіріп, қадала қарап отырған. Талай рет. Бірнеше мақала шығарған соң, соларын міндетсініп, мекемеге соғуын жиілеткен. Хұсниыңызға өлең арнай бастаған. Ғашықтық жырларын қағазға жазып апарып, шәй ішіп отырып оқиды екен. Оңаша қыдырмаққа шақыратынға жеткен.
Хұсниыңыз жып-жылы жымиып, әзілмен құтылады, әрине. Кісіге түнеріп қарай алмас. Журналист жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемеден хабар-ошар, іс-шараларынан кеңейтілген ақпараттар немесе сұхбаттар жариялап, іле-шала соларды алып, жетіп келетінді әдетке сіңістірген.
Күлімсірейтін. Хұсни ханым. Ақындығының арғы жақ, бергі жақтарын айқын аңғарған, анық таныған. «Мен жайлы не дер жүрегің? Жарлының тапшы бір емін. Жанарыңды сүйем құнығып; Өзіңді, жаным, сағынатұғын; Бір жанның барын жүр ұғып». Міне, алты-жеті жинақ щығарған ақын әрі журналистің арнау жырлары осындайтұғын. Бара-бара ашық айтатынға көшті. «Сағынып жазған жырыма неге жауап жоқ?» деді. Ол. Бақырая қарап отырып. «Асқар Сүлейменовті оқисыз ба?» Деді. Бұл. «Неге оқымайды екем?» Деді. Ол. «Сол Сүлеменовіңіз «Сорпаның сорпасының сорпасы» деген». Деді. Бұл. «Менікі сорпаның оригиналы емес пе?» деді. Журналист әрі ақын. Өзіне өзі сүйсініп. Жауабына сүйініп. «Қайдам-ау, қайдам». Деді. Хұсниыңыз. Кісі өлтіретіндей күлкісімен қарап. Тілшіңіз тірі қалып, түк те түсінбегендей кейіпте кеткен.
Хұсни ханым осы «оригинал» тілшіңіз қызмет істейтін басылымдағы таныс апайына болған жағдайдың шет-жағасын шертіңкіреген.
Апайы шошыңқырай бір қарап алып, ағара бастаған самай шашын құлақ сыртына жиыра жинады. Сыбырлай сөйледі:
– Бұрқыратып жазады. Обалы не керек. Газет деген комбайн. Ол ағаңыз – айрықша, таптырмайтын қалам иелері қатарынан. Ұтқыр да тұтқыр. Тіміскілеп таппайтыны жоқ. Бәле өзі. Пысық. Бірақ, бықсытпай жүре алмайды. Өсек тұтатып, ғайбат қаулатады. Абайлаңдаршы, айналайындарым…
Тағы да кіріп келсін. Хұсниыңыз күлімсіреп қарсы алсын. Шәй әзірлесін. Журналист-ақыныңыз қоқырая қарасын. Мақта гүлді кеседен көк шәй сораптасын. Танауы тершігенде барып, бүй десін:
– Мен мына мекемелерің туралы отыз мақала жариялаппын. Үш жылға жетпейтін уақытта. Біліп отырсыңдарма? А?
– Көп-көп рақмет, аға! – деді Хұсни ханым. – Жүз жасаңыз. Неге білмейміз? Бәрін білеміз. Бағалаймыз, аға.
– Мәймөңке мінез жақсы ғой, – деді журналист һәм ақыныңыз. – Үш жыл шыдадым. Мейманханаға барайық. Қайсысын қалайсың? Соны айтып, сайрашы. Күлімдей түсші!
– Сайрайын… Мен қалайтын мейманхана Ш. шаһарында жоқ боп тұр ғой, аға, – деді Хұсниыңыз әдейілеп қиыла қарап, наздана күліп.
– Онда пәтер таңдайық.
– Таңдасақ, таңдайық. Шынымен әпересіз бе?
– Мен бірер сағаттық пәтерді айтамын, – деді қалам иесі қарауытыңқырап.
– Ой, аға! Оныңыз қалай?! Мен уақытша емес, мәңгілік махаббаттың мекенін меңзедім емес пе? Үш ұлым мен қызымды алып, біржолата көшіп бармаймын ба?
– Күйеуіңмен ажырассаң, несі бар, әперуге де болады екен-ей! Кеш ойланатын бәлем бар менің.
– Бастаған өзіңіз, аға. Ойланғайсыз. Біздің талғам биіктеу де қиындау, бірақ.
– Сиқырлысың, сұлуым! Қай сөзің шын, қай сөзің өтірік екенін білдірмейсің бұлықсып.
– Бұлықситын біз, үш жылға жуық уақыттан бері талықситын сіз. Деп па-а-а-а…
– Ешкіммен жүрмегендей, ешкімге көнбегендей кейіп көрсетесің, көріктім! Күлісіңнің өзі жүрісіңді айғақтап қоятынын біз байқамайды деп ойлайсың ба? Қателесесің, қалқатай!
– Қайтеді-ай, қалам иесі?! Қаттырақ кетіп қалған жоқпысыз, журналист аға? Ақын көке?
– Қиялилықты қоялық, қарындасым, қарлығашым. Үш жылға жеткен шыдам тағы да біразға созыла тұрар. Мен «Сарысу» шипажайында емделіп, демделмекшімін. Артымнан іздеп бармасаң, біржолата өкпелеймін. Мекемелеріңді мендей насихаттайтын адамды таба алмайсыңдар, – деді. Бақырая қараған күйінде.
Хұсни ханымыңыздың жаратылысынан қабақ шыта алмайтыны анық қой. Шыдады. Абайсызда шырт етсе, шыныдайын быт-шыт болатұғынын біледі. Астыңғы ернін тістелеп барып, назданар күлкісін тапқан.
– Ойланайық, аға, – деді ханымыңыз. – Бәлкім, бірінші басшымызбен бірге барып та қалармыз.
Қаншама мәрте қоңыраулатты. Ұялы телефонға тыным таптырмады. Қайта-қайта хат жазды. SMS-пен және WhatsApp-пен. Қолы тимеді. Хұсниыңыздың. Бірінші басшы Астанаға апталық оқуға шақыртылған.
Шипажайдан қайтуына бір ғана күн қалғанда: «Күте-күте көз талды, шаш ағарды…» деп бастап, екі шумақ өлең жолдаған. «Баруға да болар еді-ау, мен, бірақ, сізден қорқамын», деп жауап жазуға мәжбүрленді. «Неге қорқасың, құбыжық емеспін ғой, жаным!» Деп жазды. Ол. «Құбыжықтан Құдай сақтасын. Әйтеуір, сізден қорқатыным рас». Деп жазды. Бұл. «Сен мені білмейсің ғой. Білсең егер, құбыжығым деп құлар едің құшағыма» деп бастап, бірер шумақ арнады. Ол.
Журналист әрі ақын аталатын, алты-жеті жинақтың авторы саналатын ағасы, бәрібір, бұрынғыдай төбе көрсетіп тұрады. Шақырады. Мейманханаға. Пәтерге. Мейрамханаға. «Баруға да болар ма еді… Қорқамын…» Дейді. Хұсниыңыз. Қиыла қарап. Наздана күліп.
Ақын һәм журналист болып есептелетін ағасымен бір мезгілдерде басқа да бірқанша басылымдардың өкілдері өлеңдерін өрнектеп, әлсін-әлсін келгіштеп, ғашықтықтарын паш етіп, қатты құмартар еді. Сондай-сондайлардың баршасына бой алдырмай, ой талдырмай, жүйке шіркінін жұқартпастан, титімдей де түнермей, төтеп бермек, күлімсіреумен һәм әзілмен, жұмсақ қана жымиып құтылмақ қиынның қиынының қиыны шығар-ау, сірә.
– Ойланбадың ба, әлі? Аямайсың ба ақын ағаңды? – деді кезекті келгенінде алты-жеті кітаптың авторы.
– Әйелдер ақындардың махаббатына ешқашан қанағаттанбайды екен ғой, аға! – деп тосыннан тиісті Хұсниыңыз. – Қашанғы ғасырлардан бері солай көрінеді.
Шоршып түсіп, таңырқады тілші кісі. Тап осылайша таңғалғанын көрмеген-ді көркеміңіз.
– Оны қайдан білесің?! Білген соң айтып отырсың-ау, жарқыным! – деді ағасы.
– Аға, бұны басқа біреу жазған. Әлемге әйгілі, классик қаламгер.
– Кім болды екен-ей?
– Сол прозашыны тапсаңыз, мен сізді шәйға шақырайын, аға.
Алты-жеті кітаптың авторы ағылшынның атақты жазушысын, дара драматургін әлі күнге дейін таба алмай жүрген көрінеді. Әйтпесе, шәйдан бас тартар шамасы жоқ жемсаулы жан ғой. Деседі. Білетіндер.
ЖЕТІНШІ ТАРАУ
КӘСІПКЕРЛЕРІҢІЗ БЕН ӘКІМДЕРІҢІЗ
Ақша шіркіннің есеп-қисабын шығарып болып, ентігіске елітіп барып, ләззатшылдықтың аспанында қалықтай қанат қағатын сәтінде сұлулар тізіліп өтер еді. Кәнігі кәсіпкеріңіздің көз алдынан.
Жекешелендіру кезінде қалың-қою қаймақтардан қалқып ішкендердің қатарында бола алмаған. Жерді ғана місе тұтып, жақтастарды жұмыскерлерден жасақтаған. Бейнеттері жанған. Шаһардағы жерлерін сақтаныңқырап сатқан. Тұтастай айырылып қалудан қорыққаны қандай сәтті болған. Десеңізші. Қалаға жақын ауданнан қарастырған егістіктері мен тегістіктері де толқын-толқын табыстарды тасытқан.
Әуелгіде масаттана ләззаттанған. Мастанған. Аса биік деңгейдегі адамдардан таныстар тауып, матап-байлап тастағаннан кейін тасына түскен. Ш. шаһарының шат-шадыман сауналарын шетінен сүзіп-сүзгілеп шыққан. Үйір-үйірімен үймелесе шүпірлеген, жап-жас қыздардың арасынан бұраңбел сұлуларын таңдап-тексертіп, талғап құшқан. Қазақтың қаншама қыздары, қалада туып-өскендері бар, аудандар мен ауылдардан келгендері бар, жезөкшеліктің қан майданында жүздеп жүзіп жүріпті. Мүмкін, мыңдап та саналар. Қоғам шіркініңізде жезөкшелік жоқ деп есептелетіндей. Солай ма өзі?! Деп, іштей ышқынған.
Екі жылға жетер-жетпесте есін жиған кәнігі кәсіпкеріңіз намазға жығылған. Шөпке тышар бай-бағландарыңыздың, бизнесмендеріңіздің, алуан түрлі деңгейдегі депутаттарыңыз бен әркелкі әкімдеріңіздің басым көпшілігі жасырына жағалайтын сауналарға сұғынбасқа серт еткен. Шыдамағыңыз азаптан ауыр, тозақтан бетер екен-дүр. Өзінің керім келіншегі липоксациядан бүлінген. Сырт жақтан сұлу іздейтін сырттандығын сол себептен ақтайтын. Ақталмаққа тырысатын.
Шыдамады ақыры. Шыдас таба алмады. Шат-шадыман сауналарға бет бұрмады, бәрібір. Сұлуларды басқашалау айлалармен айналдыратынға айналды. Екінші әйел алды. Екі-үш жылдай тыншыды. Үшінші жылы үйлесім бұзылған. Жас қатын Ақша-Құдайға табынып, басқа Құдайды былай қалдырды. Ләззат бере алмастай безбүйректікке өтті де кетті. Сырттаныңыз сұлуды сырттан іздеді. Қайтадан. Сөйтіп жүріп, кәнігі кәсіпкеріңіз де Ш. шаһарының орталық көшелерінің біріндегі жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемеден Хұсни ханымыңызды көрді. Айналақтады да қалды. Көзін айыра алмады. Келе берді. Келе берді. Апта бойы айналшықтап шықпады. Ұялы телефонмен Абайдың һәм Мұқағалидың өлеңдерін оқыды. Алтын күз мерекесітұғын. Сол бір күні. Аққайыңдардың алтынсары жапырақтары қалтырай үзіліп түсіп жатқан. Емендердің ирек жиекті жарғақтары жартылай күреңдеген. Кәнігі кәсіпкер Хұсни ханымның бастығынан бастап, бүкіл ұжымын Ш. шаһарындағы ең жоғары дәрежелі, мәртебелі мейрамханаға шақырды. Банкет залы жүз адамдық екен. Бес-алты ғана орын бос қалды.
Құстың сүтіне дейін қойылған шығар-ау, сірә. Сол бір күнгі отырысты Хұсни ханымның ұжымындағылар үш-төрт жылдай жырлап жүрген еді. Бірінші басшының өзі де: «Елу беске келген жасымда өңім түгілі түсімде де көрмеген тағамдар мен бұдан былайғы жерде де шаңына ілестірмес шараптардан дәм таттық қой», – деп тамсанатын. Талайға дейін.
Оңаша шақырып, тағы отырғызды. Сол, өзінің мейрамханасына. Өмірбаянын бүге-шігелей шертіп әңгімеледі. Әйелінің бет-жүзі мен көз айналасына липоксация жасатамын деп керім көркінен мақұрымданғанын айтты. Екінші келіншегінің қу дүниеге құнығып, ақша санаудан басқаға қызықпай, көгереңдеген көк долыға айналғанын айтты. Ш. шаһарының сауналарынан сау-тамтық қоймай сүзгілегенін де жасырмады. Қазақ қыздарының жүздеп-мыңдап жезөкшелерге айналып жатқанына жаны ауыратынын жеткізді.
Енді, екі-үш жылдан бермен қарата, бизнесінің тың тыныстарын ашып, қаладағы мейрамханаларын да, шағын зауыттарын да, шаһар маңайындағы бау-бақшалары мен жүзім плантацияларын да, Астана мен Алматыдағы жүк көлік фирмаларын да жорғалата жолға қойып алғанын айтты. Айтпағаны қалмағандай.
– Тек бір ғана жағдай жетіспейді, – деді кәнігі кәсіпкеріңіз, кеудесін күрсін кернеп.
Хұсни ханымыңыз күлімсіреген. Қастарын керіп. Құлақтарындағы алтын сырғалар дөңгелей ырғалып. Бір дөңгелек шеңбердің ортасынан тарыдай ғана, қап-қара меңі біресе жақындап, біресе алыстап. Мұнартып.
Бес уақыт намаз оқиды екен. Әлгі әзірде меңзеген, жетіспейтін жағдайы тап осы, қарсы алдында отырған Хұсниыңыздайын «ақылына көркі сай, алаштың аруы» екен. Тура осылай деген.
– Ұялы телефонмен күндіз де, түнде де сөйлесе бересіз. Қатты қуанам, – деді. – Соған қарағанда…
Хұсниыңыз ой түйеді ғой, әлбетте. Бұл ірі де іргелі бизнестің иесіне, осы өңірдегі олигархқа айнала бастаған тұлғаға ханымыңыздың күйеуі жоқ секілді сезілген дә-ә-ә. Сол-ла-ай.
– Соған қарағанда… Дедіңіз. Кідіріп қалдыңыз, – деді Хұсниыңыз қап-қара шашын алдынан алып, артына тастаңқырап, алтын сырғалары ырғала, үстіңгі ернінің үстіндегі түйір меңін сүйріктей шынашақ саусағымен жеп-жеңіл ғана сүйкеңкіреп.
– Сіз сұлусыз! Кинолардан да көрмеген көркемсіз! – деді кәсіпкеріңіз. Үздігіп.
– Менің сұрағыма жауап бермедіңіз.
– Қорқамын. Қатты қорқамын…
– Қорқатындай құбыжық емеспін ғой, – деп жымиды ханымыңыз журналист әрі ақын ағасы есіне түсіп. Есінеп.
– Сіз ғажайып жұмбақсыз, – деді ірі бизнес иесі.
– Қайдам-ау, қайдам, – деді Хұсниыңыз.
– Сырыңызды шеше алмай әуреленем.
– Шешу үшін қандай көмек керек? Біз тараптан?
– Күйеуім бар деп қалар ма екен деп қорқамын ғой…
– Жоқ деп жүрсіз бе?
– Иә-иә. Түнде телефондасам да, емін-еркін сөйлесесіз. Мүмкін емес. Сіздің күйеуіңіз жоқ.
– Құдайға шүкір. Бар.
– Түнде қайда болады? Қызық…
– Вахтада.
– Сенбеймін! Сенгім келмейді! Егер маған тұрмысқа шықсаңыз бар ғой, бір минөт те ажырамай, жаныма жансерік етіп ертіп жүрер едім! Бұл маған мәртебенің ең биігі болар еді! Арманым осы! «Күйеуім жоқ. Көндім» деңізші… Өтінем… Өкінбейсіз…
– Бар күйеуімді қалай жоқ деймін, аға?! Күйеуім бар. Оған қоса үш ұлым мен бір қызым бар.
– Жо-жоқ! Сенбеймін! Сене алмаймын! – деген кәнігі кәсіпкеріңіз орнынан ұшып тұрды. – Сенгім келмейді! Мүмкін емес! Күйеуіңіз жоқ! Көп болса бір балаңыз… Бар шығар! – деп, орнына отыра қоймаған.
– Мүмкін боп тұрғой. Өтірік айтып отыр дейсіз бе? Сабыр сақтаңыз, аға. Отырыңызшы.
– Күйеуіңіз жоқ қой! Жоқ! Маған тисеңіз бар ғой, ә?! Қызметіңізді көтеремін.. Ертеңнен бастап. Ш. шаһарындағы қалаған коттеджіңізді алып беремін. Мұнда тұрмаймын десеңіз, Алматыдан! Әйтпесе, Астанадан! Шетелден!
Ш. шаһарындағы аса жоғары дәрежелі мейрамхананың ең-ең-ең құрметті, бөлекше бөлмесінде біраз уақыт тым-тырыс тыныштық орнаған. Бүкіл дүние жүзі тыншып қалғандайтұғын.
– Кешіріңіз, – деді әлденуақта Хұсни ханымыңыз. – Күйеуім де, балаларым да бар. Осы кезге дейін сіз сұрамадыңыз. Мен айта қоймадым… Қайтайық енді.
Кәнігі кәсіпкеріңіз тағы да тұрып кетті. Орнынан. Тау табиғатын тұтастай орната салған сәулетті аулаға қарады. Терезеден. Кілт бұрылды.
– Жаным шығып кеткенше жаныма ертіп жүрсем деп ем! Амал қанша, – деп, қойын қалтасынан көк конверт шығарып, ханымның алдына қойды. – Сұлулығыңыздың садақасы кетсін қу дүние! Бүкіл дүние! Алмасаңыз, ренжимін. Сырғаның ең жақсысын алыңыз. Сыртыңыздан көріп жүрермін… Аман болыңыз.
Бұл бизнесменіңіз біздің кейіпкерімізге, көркем жаратылысыңызға жан-жүрегін ұсынып, аһілеп-уһілеген бес-алты кәсіпкеріңіздің бірегейітұғын.
Әркелкі дегендейін әкімқараларыңыздың да іштерінен іріктеп, бірін ғана қысқаша хроникалайық.
Менмендеу еді. Алыстағы ауданның әкімі. Түнере тістеніп сөйлейтін. Қатқылдығымен ықтырып басқарғысы келетіндердің сұрпынантұғын. Сұлу әйелге ғашық болады-ау деп те ешкім ойлай қоймас. Ол-дағы иілді ғой, несін жасырайық. Хұсниыңызға.
Кейде қызмет бабына сәйкес ауыл-аймақтарға іссапарға шығуы тиіс қой. Ханымыңыз. Сол ауданның басшысы орынбасарсыз қалып, тікелей өзі қабылдауға мәжбүрленген. Хұсниыңыз күлімсіреп кірген. Назданыңқырап қолын ұсынған. Қап-қара, қап-қалың шашылған шашын жинақтай сілкіп, иығынан асырған. Әкіміңіз жұтынып барып, жауап қатқан. Көзін қадаған. Тумысынан түнермес, тістенбес жаратылыстай жайылып сала берген. Сұлу келіншектің жұмысын жылдам бітірмектің қам-қарекетін қарастырған. Түске дейін Хұсни ханымыңыздың мекемесіне азды-көпті қатысы бар жерлерді түгел аралатқан.
Түскі тамақты Сырдарияның бойындағы бойшаң тораңғыл мен қою жыңғыл қоршаған сазды алаңқайда ұйымдастырған. Аудан орталығынан екі келіншенк пен бір жігіт құрақ ұша қызмет еткен. Дарияның балығынан алуан түрлі тағамдар жасатқан. Тіл үйірер дәмді сорпадан бастап. Қымбат коньяктан біраз-біраз тостар көтерілген. Сылқым келіншектер сыралғылары, жұлқына құлшынған жігіт сенімдісі секілді. Хұсниыңыздың жүргізуші ағасы аудан басында қалдырылған.
Балыққа балқып болған соң бой жазыспақ басталған. Жұлымырлау жігіт жым-жыластанған. Қос келіншек сықылықтасып, Сыр ойпаңындағы сылқым көлшікке қарата кеткен.
Екеуі ғана қалған.
Сүймек болған. Әкімқараңыз. Бірден-ақ. Хұсниыңыз аса салмақты түрде алақанының сыртын тосқан. Қарауытыңқырап тұратын еріндерге. Аудан басшысы қайта ұмтылған. Тағы да алақанның сыртынан қайтқан. Қос қолынан ұстай қайырған. Ол. Бұлқынып, босатып алған. Бұл. Орнынан түрегелген.
– Әуреленбесеңізші. Сырдарияның сұлулығын тамашалайық та біраз. Бәріне рақмет. Қайтатын кез де таянды, – деді Хұсни ханым.
– Сырдың сұлулығы сіздің сұлулығыңыздан садаға! – деді әкімқара.
– Сырдария – елдің анасы. Дегенді естіп пе едіңіз? Сіз бен біз Табиғат-ананың титімдей ғана түйірлеріміз.
– Шіркін-ай, екеуміз бір ғана түйірге айналып кетсек деп үміттеніп ем…
– Осындай үлкен ауданның басшысына ақыл тауып айта алмаспын. Анау көркем көлшік бұрыннан бар ма?
– Шомыламыз ба? Баяғыдан келе жатқан шипалы су ғой ол.
– Қос келіншек қос аққудай боп еркін еркелесінші. Сәл демалып, жолға шығайық.
– Дарияның шетінде жағажай бар. Құмы ыстық. Сонда барайық.
– Жо-жоқ! Рақмет, аға!
– Әкімнен бас тартқан әдеміні бірінші рет көріп тұрмын, – дедеі кенет ауданбасы. Тістерін қышырлата түнеріп. Қабарып.
Хұсниыңыз шошынып барып, сабырын шақырды. Сәл-пәл ғана жымиыс тапты.
– Сұлусыңдар! Сылқымсыңдар! – деді әкімқара қарауытқан күйінен арыла алмай қалшылдап. – Тоқсыңдар. Мастанасыңдар.
– Ашуланған жараспас, аға. Аудан басқаратын адамға.
Пауза пайда болған.
– Ол жағын сұлу әйелдерден сұрамаспыз, – деді сабасына түсіңкіреп, түсін жылытыңқыраған әкіміңіз. – Мүмкін, облыс орталығында орындалар ойымыз? А-а-а?
– Қандай ой екенін қайдан білейік?
– Мынадай ой! Мынадай! – деп, қыстыға кіжінген аудан басшысы кенет құшақтай алып, көкорайы қалыңдау, қиялау беткейге бірге құлады.
Алыспақ біразға созылды. Хұсни ханымыңыз, әлбетте, әлсіз әйелдердің сұрпынан емес-ті. Мектеп қабырғасынан-ақ спортыңыздың кейбір түрлерімен айналысқан. Фитнес залдарына да баратын. «Егер әйелдің өзі босаңдық танытпаса, еркектердің көбі дегеніне зорлап жете алмайды», дегенді дүрдей бір жазушының романынан оқығаны жадында жаңғырды.
Тістенісі қатайған, дірілге буылған әкіміңіз Хұсниыңыздың омырауына қолы іліне бере қалай ұшып түскенін түсініп те үлгермеді.
– Бәрібір, бір көндіремін! Шаһарға іздеп барамын! – деді ырсылдап тұрып. Ырылдағысы келгенін жасыра алмай.
– Асқар Сүлейменовті оқып көргенсіз бе? – деді Хұсниыңыз күлім қаға қағытыңқырап.
– Оныңыз кім еді тағы да? Қазақ па, қырғыз ба? Актер сияқты еді ғой? – деді ауданбасы әлі де ентіккен күйінде. Күйіне әрі күле сұрап.
– Адамзатқа ортақ жазушы. Сіз оны Сүйменқұл Чокморовпен шатастырып тұрсыз. Сол Сүлейменовіңіз жазады: «Өлімге берер жаным бар, пендеге берер арым жоқ». Деп. Түсіндіңіз бе?
Сырдария жақтан жел ұйытқыды. Көкорай желкілдеді. Тораңғылдар теңселді. Жыңғылдар желпілдеді.
Әкіміңіз үнсізденді.
Түсінді ме, түсінбеді ме, кім білсін. Әйтеуір, тым-тырыстанып, өңмең-өжеңі өшкеніне қанағаттанды. Хұсниыңыз.
Аудан орталығынан шығарып саларда сыбырлап: «Ұстай алмадым. Өзімді-өзім. Бір білместік кетті. Тісіңізден шықпасына сенемін. Шаһарға барғанда кешірім шәйға шақырамын», — деді. Әкіміңіз.
Жол-жөнекей ханымыңыз: «Шәй-шәй-шәй… Бәрі де шәйға шақырғыш. Мына заман қай заман… Мына қоғам қандай қоғам… Адамдар-ай, адамдар…» Деп әуендетті. Бірталайдан бері жүргізуші боп келе жатқан жуас ағасына:
– Ағатай, шәй-шәй-шәй… Шәй-пәй бермектің нендей түрлерін білесіз осы, а-а-а? – деген. Сықылықтай, сыңғырлай күліп. Еркелеп.
Жүргізуші ағасының жазық маңдайы жиырылып-жазылды, жазылып-жиырылды. Ойланғаны ғой. Ықыласпен.
– Тәтті шәй… Шүкір шәй… Кешірім шәй, – деп шұбырта жөнелді.
Жүргізуші ағасы кідіріңкіреген кезде ханымыңыз күлкісін бұрынғыдан да бетер күшейтіп:
– Аға! Осы сіз неге маған ғашық болмайсыз? – деді.
– Садағаң кетейін-ау! Кім айтты мені саған ғашық емес деп?! – деді ағасы аңқылдап. – Мен сені туған қарындасымдай жақсы көремін ғой, қарағым.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
СОТЫҢЫЗ БЕН ДЕПУТАТЫҢЫЗ ҺӘМ БАСҚАЛАР
Хұсни ханымыңызға сотыңыз да сөз салған. Соңынан қалмаған. Жарты жылдай. Білек сыбана. Белсенген. Алдын-ала жан-жақты һәм түбегейлі зерттеген. Соншалықты сұлу келіншектен үміттеніп, үздігіп, қайткенде де нәтиже шығатынына кәміл сенген. Күмәнсіз кіріскен. Алайда…
Сотыңыз ханымыңызға әлі күнге дейін хабарласып тұрады. Ұялы телефонмен. Үздіге сөйлемейді, әрине. Оңаша жолыққандағы жағдайдың жөні бөлек, жосығы ерек-дүр. Ал, ұялы телефон арқылы абайламақ хақ. Сотыңыз аса сақ. Телефоны тыңдалады дә.
– Маған ренжіп жүрген жоқсыз ба-а-а? – дейді елжірей сөйлеп.
– Жо-оқ, неге ренжимін, – дейді Хұсниыңыз да сотыңыздың созылыңқы сазына елтіген кейіппен.
Айналдырғаны былай болған.
Жартылай жекеменшік, жартылай мемлекттік мекемені әлсін-әлсін сотқа беретіндер табылады. Осы сотыңыз Ш. шаһарындағы бес ауданның бірінде төрағатұғын. Мекеменің өкілі ретінде Хұсни ханым сол бір процеске қатысқан. Төрағаның өзі жүргізген. Алдын-ала шақырылған. Хұсниыңыз. Өзге еркектер секілді бірден ғашық боп қалған жоқ. Сотыңыз. Сыр білдірмеді. Сыпайы ғана сөйлеп, сауалдар тастады. Екінші рет және жүздесті. Сырты салқын көрінгенмен, іші уылжып отырғанын сездірді. Сотыңыз. Сезді. Ханымыңыз.
Хұсни ханымыңыз еркек атаулының аса сұлу әйелдерді көргенде неліктен өзгеретінін, не ойлай бастайтынын, қалай құбылатынын білмейтіндей келіншек емес қой. Бәрін біліп қоятыны қиын дә-ә-ә. Өзіне де, өзгеге де. Аудандық сот төрағасының кең, томпақтау маңдайы, бұйралау шашы сүйкімсіз емес. Аясы айқын, сәл бадырайыңқыраған көздері жылуарлық сездіреді. Екінші жолыққанда есікке дейін шығарып салып, қолының сыртынан сипай сүйді. Жан-дүниесінің жанығып, бүкіл болмысымен қатты құмартқанын сот басымен білдіріп қойды.
Сот процесі үстінде де төраға Хұсни ханымнан көз алмаған. Ұзаққа созбай, ширақ жүргізген. Үдерісті. Шешенсу емес, шешімді сөз; көсемсу емес, кесімді шешім керексінген ханымыңызға сот төрағасының стилі қатты ұнаған. Сол процесс Хұсни мекемесінің пайдасына шешілген.
Алғашқыда ұялы телефонмен хабарласып тұрды. Артық сөзі жоқ. Ұнасымды, ұстамды түрде ғана хал-ахуал сұрасатын. Сегізінші наурыз мерекесінің қарсаңында шәйға шақырды. «Түсіністікпен қараған жөн шығар. Бармай қоймақ ыңғайсыз-ау». Деп ойлаған. Хұсниыңыз.
Сүлік қара «Тойота» дейтін темір көліктің төре түрімен төраға сот түсініксіздеу бағытқа тартқан. Хұсни ханым Ш. шаһарында бірқанша жылдан бермен қарата өмір сүріп, қызмет істеп келе жатқанымен, ондай-ондай олигархиялық жазира-жұмақты мұқым-мүлде байқамаған. Осындай-осындай аялы аумақтар болатынын ойламаған да. Біреулер айтса, сенбес еді.
Сотыңыздың мәшинесі еңсесі биік қақпаға жақындай бергенде, ол айқара ашылған. Өзінен-өзі. Өзгеше бір әлемге, таңғажайып табиғат саясына «Тойота» жүріп емес, жүзіп пе, ұшып па кіргендей сезілген.
Төрағаның толықтау денесі тез қимылдайды екен-ай. Көзді ашып-жұмғанша темір көліктен секіріп түсіп, жартылай айналып үлгеріп, ханымыңыздың есігінен емірене қарап, еліте күліп тұрды. Кең, томпақтау маңдайы, қарашығынан ағы басымдау көздері сотыңызды қытайларға ұқсатыңқырайды екен. Иіліңкірей ишаралап, салтанаты шалқыған, шаңқан ғимаратқа қарай бастағанда ше, Шанхайдың тұлға-тұрғынындай көрініп кетті.
Хұсни ханымыңыз да сыр білдірмейтіндердің сұрпынан ғой. Жып-жылы жымиысынан, наздана күлуінен, қиыла қарауынан танбаған. Әуелгіде. Ән-үніне үлпіл үстеген. Алайда, адам тілімен айтып жеткізе алмастай, небір-небір бөлмелерді, жауһар жиһаздарды, классикалық картиналарды, алтынмен апталып, күміспен күптелген ыдыс-аяқтарды көргенде, әйелдік әуестігі жеңіп, өзін-өзі ұмыта жаздады.
– Аз ғана бөлігін аралап өттік, анау жақта сауна-спа кешені бассейнімен бар. Қарсы бетінде қонақжайлар, арғы ауласында гүлзар, газон, әуіз бен субұрқақ… Берегіректе бес-алты құстың түрі тынымсыз сайрайды. Мынау, міне, аквариумдардағы алтын балықтар… Кез-келген тілегіңізді орындауға әзір. Әзірше тамақтанып алайық, жарай ма?
Дастарқан жасалған бөлмеге кіргенде Хұсниыңыз аһ ұра жаздаған.
Төраға екеуі төрге жайғасқан.
– Хұснижан, ұялмай, емін-еркін, емен-жарқын отырғайсыз, жаным, – деді сотыңыз. «Жаным» дегенді айрықшалап.
Хұсниыңыз есін тез жинамаққа жанталасқан.
– Жоқ, жоқ… Ұялып отырған жоқпын, – деді даусы дірілдеңкіреп.
– Не ішесіз? Виски? – деді сотыңыз.
– Жоқ. Ештеңе де ішпеймін, – деді Хұсниыңыз денесінің қалтырағанын білдірмеуге тырысып.
Біраз-біраз тамақтанысып, анау-мынау әңгімелер айтқансып отырысты.
– Сіз ішпесеңіз, мен де ішпей-ақ қояйын, – деген. Сотыңыз.
Хұсниыңыз дастарқанға қарап, қайтадан таңырқаған.
– Рақмет, ағай, – деп, отырыстың аяқталуын тілегендей ыңғай танытты.
– Мен кім болса соған дәл осылай құрмет көрсете бермеймін, – деді сотыңыз аузын да ақ орамалмен қытайларша, әдеппен, әдіптей сүртіп, өте-мөте мәймөңке, мінәйі дауыспен мәнерлей сөйлеп. – Өзіңізді көргеннен-ақ ойым кетті. Еркімнен тыс еліттім. Өзімді-өзім бағындыра алмадым. Сіз туралы тәптіштеп зерттедім. Құпия түрде. Бәрін білем. Жақсы жерден шыққасыз. Күйеуіңіз бар. Өзі де, қызметі де жаман емес. Қатты қызғанады. Атқаратын жұмысына байланысты қадағалап, бақылай алмайды. Сізді. Бала-шағаларыңыз бар. Мен де отбасылы адаммын. Сізден бір мүшелдей үлкенмін. Қатты сүйіп қалдым, жаным. Сот болып істеудің қиындықтары көп. Ақылдысыз. Түсінесіз. Жан баласына білдірмей, бір адамға сездірмей, бірге боп тұрамыз. Ну, енді, ең құрығанда екі-үш айда бір рет. Осы жерде… Жарай ма? Келістік қой, жаным…
Хұсни орнынан бір тұрды, бір отырды.
– Жоқ, ағай! Мен ондай әйел емеспін, олай ете алмаймын, – деді жылы жымиысынан жаңыла алмайтын әдетімен. Алайда, абыржығаны айқын аңғарылып.
Ішінен күбірлеуге кірісті. Мінәжат жасағандай-ақ. Жаратқанға жалынды. «Иә, Жаратқан, тиым жасай гөр. Тиылайықшы. Тән… Тән… Тән кесірінен…»
– Тоқтаңыз, асықпаңыз, – деді аудандық соттың төрағасы тершіген биік маңдайын мамық-мақпал орамалмен бипаздай сүртіп. – Асықпаңызшы, айналайын.
– Жұмысым көп еді, ағай, кешіріңіз.
– Жұмыс бәрібір бітпейді. Қаласаңыз, қызықтырақ қызметке, биігірек лауазымға көтереміз. Асығудың қажеті жоқ. Неге бірден бас тартасыз? Қоя тұрыңыз. Бірден бас таратпаңыз. Жақсылап ойланыңыз. Мына кешеннің ішін аралап шығайық, – деді ханымыңыздың қолын аялай сипап.
Сыртқы бассейннің тұсына жеткенде, қолтықтады.
– Шомыламыз ба? – деді. Сот.
– Ойбай! Жоқ, ағай, шомылмаймын! – деп шоршыды. Хұсни.
Бәрін көріп болып, Хұснидың сүйрік саусақтарын жинай уыстап, ертегідегідей ерекше диван-креслоға отырғызды. Кенет еңкейіп, қапсыра қауырт құшақтап, қадала сүйіп үлгерген. Хұсниыңыз қалай болғанын білмей де қалған. Үстіңгі ернінің үстіндегі меңі қатты ашығандай абыржыды. Аузын әлсін-әлсін сүрткіштеді.
Диван-креслоның жанындағы жазық төсекке сүйреледі. Айналып-үйіріліп, айналдыруға кірісті. Өлердегі сөздерін төкпелеп, өзін-өзі жоғалта бастаған. Екпіні ерен еді. Сотыңыздың.
– Ағай! Сәл тоқтай тұрсаңызшы, – деді даусы бұзылған Хұсни. Сотыңыз сасқалақтай кідірді. Хұсниыңыз жинақталып алды. Бұл кісі алыстағы ауданның әкіміндей емес, аса қарулырақ сияқты. Айла керек-дүр. Деп ойлады көркем келіншек.
– Не болды, жаным?! Шыдай алмаймын енді! – деді сот.
– Бүгін біртүрлімін. Денсаулығым да онша емес, түсінесіз ғой, – деді назын зорлап шақырып, зорға күлімсіреп.
– Жарайды онда, – деді сот. – Онда… Бұл бірінші жолығыста жай ғана, тыныш қана қата-а-ар жатайықшы. Шын айтам. Тиіспеймін. Тек тамағыңыздан иіскеймін.
– Бопты, ағай.
– Бұл жолы сіздіңше болсын. Ал, келесіде… Біздіңше. Уәделестік қой?
– Көрерміз, ағай. Ойланайық.
– Ойланыңыз мейлі,ойланбаңыз мейлі, басқаша болады!
Хұсни ханымыңыз сол жолы тек тезірек құтылып, сол бір жұмбақ жұмақтан жылдамырақ шықпақты ғана көбірек көздеген еді.
Сотыңыз содан соң талай мәрте ұсыныс жасады. Бірте-бірте шақыруын қойып, ұялы телефон арқылы қытай стилімен сыпайы ғана, елжірей сөйлесуге көшті. Мейрамдарда құттықтап қояды. Әлдекімдерден әртүрлі сый-сияпаттар жібереді.
Ал, Парламент палатасының депутаты ше? Бұл тұлғаңыздың қалайша, қандай жолдармен халық қалаулылары қатарына қосылып жөнелгенін жұртшылық жап-жақсы біледі. Тым-тым биік, аса жоғарғы өкілетті органыңызға өткендердің бәрі дерлік бай-бағландар деседі. Бизнесмендер. Мәселенки. Ірі-ірі, іргелі-іргелі, самсаулы салалардың жемсаулы жойқындары. Экономикалық-әлеуметтік, тендерлік саясаттың саңлақтары. Олигархиялық оғландар. Оларды айтасыз, жергілікті дейтұғын облыстық, қала берді қалалық һәм аудандық мәслихаттарыңыздың да көпшілігіндегі депутатарыңыздың кімдер екендігіне, мақсат-мүдделері мен ындын-ықыластары қай-қандай маңайлар мен не-нендей төңіректерден табылатынына таңырқайтындар шамалы. Бүгінде. Қалың-қара бұқараңыз да бай-бағландарға, бұлғақтаулы буржуазияға жаратпай-жақтырмай қараушылық психологиясынан бірте-біртелеп арылып келе жатыпты. Құй иланыңыздар, құй иланбаңыздар, құрметті сайлаушылар, Парламент палаталарындағы және мәслихаттардағы қалаулыларыңызға қарап отырып, саналарыңыздың соншалықты сапаланғанын бағамдамау мүлде мүмкін еместей. Білімпаздардың болжауынша, ұлттық буржуазияңыз күрт күшеймесе, ұлтыңыз һәм көркеймес. Сол себептерден де кегжең күйдегілерге кедей-кепшіктеріңіздің, бұлғаң буржуазияға бұқара-пролетариаттың бағзыдағы, біржақты көзқарастарымен баға беруге болмайды-ау, сірә.
Осылай да осылай ой қорытып отырысатын. Жартылай жекеменшік, жртылай мемлекеттік мекемедегілер. Сондай күндердің бірінде бұлардың ұжымына кәтта бір депутат келіп, кездесу өткізеді деген ақпарат алқыныспен, асығып жеткен.
Парламентіңіздің палатасында отырғанда аса салмақты да салиқалы сезілер бір депутатыңыз, яки халқыңыздың қалаулысы каникулға шыққан. Алдымен абыройы асқақ, ахуалы нық бизнесінің табысы мен шабысынан шаң-тозаң арылтқан. Уәлаятыңыздың шалғай елді мекендерін аралаған. Аудандардан оралып, сауналанған. Ш. шаһарында. Араға үйлесімді үзіліс салмақ мақсатта жасырындау санаторийде құпиялау қонақ боп тұрған. Сонсоң, әрине, облыстың орталығына оралып, тал бойында бір мін жоқ, тәлпіш-тотайлығын еркелігімен перделеп, білдірмей-ақ бұлаңдайтын ойпаңбел ойнасын ойнақтатқан.
Енді, мінекиіңіз, мына мекемедегі бірінші басшы әйелдің орынбасарына, яки Хұсни ханымыңызға ұрлана қарап, ұрындана қадалады. Қадала қалатындарға еті әбден әдеттенген әдеміңіз, бәрібір, ыңғайсызданады, әрине.
Кездесуді уәлаят басындағы басшылардың бірі жап-жақсы, жайлы жүргізіп отырды. Парламент депутаты каникулда жүріп-ақ тыным таппағанын, талай аудандар мен ауылдарда, кенттер мен қалаларда елмен және электоратпен ұшырасқанын, жергілікті жағдайларды, толағай табыстарды да, кейбір кемшіліктерді де жетік білетінін баян етті. Парламент палатасы бұл жылы былтырғыдан екі еседей артық заңдар қабылдапты. Жекешелендірмектің екінші кезеңіне байланысты кейбір заңдарға жаңадан өзгертулер мен толықтырулар ендіру туралы тікелей өзі оншақты нақты-нақты ұсыныстар жасапты. Олардың көпшілігі қолдау табатынына бек сенімді екен.
Жүздесу жарқын жүзді жағдайда аяқталған. Бірінші басшы әйелді өңір басшысы шұғыл шақыртқандықтан, Парламент депутаты мен оның жанындағы кісілерді мейрамханаға апарып, шәй бермек шаруасы Хұсни ханымыңызға бұйырған.
Шәй ішу аса шырайлы, өте-мөте мәдениетті деңгейде өткерілген. Халық қалаулысы әзіл-күлкінің кені көрінеді. Әсіресе, әр елдің еркектері мен ұрғашылары өзгешеліктерін өрнектейтін анекдоттардың таусылмас қорын мол қармапты. Бәрін айналдырып әкеліп, төсек мәселесіне тірейтініне дейін өзіне жарасатындай. Ұғынықты сөйлейтін, ұтымды пікірлер түйіндейтін, ұсқын жағы һәм ұнамды депутатыңыз мекеменің келіншектерін көңілді күлкіге көміп қоштасты. Елеусіз ғана емеурінмен телефон алмасты.
Ертеңіне түске таман Хұсниыңыздың телефоны төтеншелеу түрде қоңыраулатып қоя берген. Мәжіліс депутаты екен. Алдымен анекдот айтыңқырады. Күлдірді. Ол. Күлді. Бұл.
– Күлкіңізге қайранданғандар қанша болды екен? Осы отызға жақындаңқыраған жасыңызда?! – деді. Депутатыңыз. Күрсініп.
– Жүздеп-мыңдап саналар, — деді. Хұсниыңыз. Үніне әуен үстеп.
– Күлімсіреген кейпіңіз… Түнімен түсіме кірді, – деді. Ол.
– Ұйықтай алмай шықтым деуіңіз керек еді, – деді. Бұл.
– Ұтылдым! Айып ретінде шәйға шақырамын. Тап қазір күлімсірегеніңізді көргім келеді. Қонақ үйге келіңізші!
«Шәй-шәй-шәй. Шәй-шәй-шәй!» Деді ішінен. Хұсни.
– Рақмет, бара алмаймын, – деді сыртынан.
– Неге? Әлде мейманхана көрмегем, қорқамын дегіңіз келе ме?
– Жо-оқ, көргем. Қорықпаймын.
– Е, онда жүдә жақсы!
– Сіз жатқан қонақ үйде ұйымдастырылған бір семинарға, екі-үш «дөңгелек үстелге» қатысқаным бар. Іссапарларда қонамыз ғой. Өзге қалаларда.
– Иә-иә! Қазір қонақ үйден қорқатын, күдікпен қарайтын заман емес қой! Небір симпозиумдар мен форумдар, конгрестер өтіп жатады. Келіңіз, сіз бен біз бір семинар жасап жіберейік.
– Екі адаммен семинар болмайды ғой, аға. Кездесу немесе келіссөз десеңіз, жөні басқа.
– Тағы да ұтылдым! Екі де нөл. Қонақ үйді қаламасаңыз, басқалай бір жерде шәй ішейік. Каникулымыздың аз ғана күндері қалды. Өзіңізді бір көрмей, кете алмаспын. Астанаға.
Хұсниыңыз ойланыңқырады. Сомерсет Моэмнің «Театр» дейтін романындағы аса сұлу, асқан дарынды актриса Джулияның соңынан қалмастан, шұбап жүретіндер, көз салатындар, сөз салатындар аз емес-ті. Сондай, «ғашық болушылардың» көбейе түскені актрисаға айтарлықтай-ақ ұнайтын. Моэміңіздің мәнерлеуі солай. Кей-кей реттерде қызығушылар мен сұқтанушылар болыңқырамай қалса, әлгі актрисаңыз өзін өте-мөте жайсыз сезініп, көңіл-күйі жүдеңкірей бастайтын. Сахнадағы сомдайтын рөлдері де солғындап сала беретін.
«Мен актриса емеспін… Сонда да сол сұлудың сезінуіндегі бәзбір бұралаңдар біз секілділерге де тән емес пе екен осы?! Масқара-а-а…» Деді. Ішінен. Ханымыңыз.
– Неге үндемей қалдыңыз, Хұсни ханым? – деді депутат.
– Кешіріңіз, аға! Ойға түсіп кетіппін. Жоғарғы жақтан шұғыл тапсырма бар еді.
– Білемін. Сіздерде шаруалар шаш-етектен. Өте ауыр. Бәрібір, түскі тамақ, аздап үзіліс керек қой. Мен сізді қонақ үйдің бөлмесінде емес, бірінші қабаттағы «Гауһартас» мейрамханасында күтемін. Шәй ішесіз де, қайтасыз. Менің де жолығатын кісілерім көп. Келмеймін десеңіз, қатты ашуланам.
Парламент депутаты әлдебір министрліктің майда-шүйделеу өкіліне өктемсігендей мәніспен мағлұмдаған. Шәйға шақыруының өзін.
Бармасқа лажы жоқ. Сомерсет Моэмнің «Театрындағы» атақты актриса-дағы депутаттармен, даңқты дарындармен бірге тамақтанып, сұхбаттасқанды теріс көре қоймайтын. Актриса емес. Бұл. Алайда, Астанадан жеткен Парламент депутатының арнайы назар жыққаны, анау айтқандай, ұнамсыз да емес-ау. Деді. Ішіндегі бір күбір.
Хұсниыңыз шаңқанбоз мейманхананың астындағы аппақ маңдайшасына алтынсары түстес әріптермен «Гауһартас» деп жазылған мейрамханаға таксилетіп, тез жеткен. Дастарқан жайнап тұрыпты. Халық қалаулысы жайнаңдап отырыпты. Хұсниыңыз-дағы жайраңдай кіріп-ақ еді.
– Ішеміз! – деді депутатыңыз күрт өзгеріп, бұйрықты дауыспен нығыздай нығарлап.
– Жұмыс уақытысында ішпейміз, ағай, – деді Хұсни ханым.
– Жоқ, ішесің! – деді «сенге» көшіп. – Өзі Канаданың қымбат вискиінен ұзақтау сімірді. Екі-үш түйір мөлдір мұз бокал ішінде дөңгелей сықырлады. – Ішпей көрші осыдан! Қызметіңнен қуыласың! Мұндағы басшылардың бәрі менің уысымда.
Парламент депутаты бокалдың белінен жоғарылау вискиді ұстатты. Хұсниыңыздың қолына.
– Аппақ қып ап тастайсың, аппағым!
– Аппақ ала алмаймын, ағай. Аздап көрейін.
Бір жұтты да, дастарқанға қайта қойды. Хұсни ханым. Халық қалаулысы қарауытты, әлде күреңітті.
– Кіммен отырғаныңды түйсінесің бе? Түйсігің түзу ме? – деп, қылғына сөйлеп, тағы бір бокалды қылғытты.
– Сіздей жоғары мәртебелі депутат қайраткермен дастарқандас болу кез-келген пендеге бұйыра бермес. Түйсігіміз бар. Төбеміз тесік, аға.
– Міне-міне, мұның жө-ө-өн, көркем келіншек! – деді депутатыңыз. – шынымен-ақ әсем жаратылған жақұт екенсің, жан-ным! Жөндеп ішкін мына вискиді.
– Аға, алғаным осы енді, – деп наздана күліп, қиыла қарады.
Хұсниыңыздың осынау қылығы халықтың қалаулысын талдырып түсіре жаздаған.
– Сендей сұлу Астанада жоқ, Қазақстанды қайдам! – деді депутат. – Сен енді менікісің! Күйеуің бар ма, жоқ па; көңілдестерің көп пе, аз ба; шаруам шамалы. Сені жекшелендіріп аламын. Жекшелендірудің екінші кезеңін жетілдіру туралы толықтыруларға сені де кіргіземін. Біліп қойғын, қалқатайым! Қазір қонақ үйдің бесінші қабатындағы люкске көтерілесің!
– Жоқ, аға, – деп жымиысынан жаңылмады. Ханым.
– Қызметіңнен қуылып, далада қаласың! Барасың! Бөлмеге…
– Мейліңіз, қайда қусаңыз да – қалауыңыз. Халық қалаулысы ретінде қолыңыздан келеді. Бірақ, бара алмаймын.
– Менімен ойнамағын, қалқатай! Талайлардың тайраңдаған ойындарын осып тастағам!
– Ойнамаймын, аға, – деп кісі өлтіретіндей күлімсіреуін сыйлады Хұсниыңыз. – Шынымды айтамын.
– Мазақтап отырсың ба?! – деді депутатыңыз әзілкештігі де, анекдот айтқыштығы да айдалаға қаңғып кеткендей.
– Қойыңыз. Ашуыңызды басыңыз. Мен қайтайын. Түскі үзіліс уақыты бітті, аға.
– Тоқ екенсің! Тойған екенсің сен әбден! Темір Феликстің тұжырымын білесің бе? Дзержинскийдің? Көп оқитыныңды айтып еді біреулер.
– Білемін, – деді Хұсниыңыз. – «Адамда ешқандай мән-мағына жоқ. Оның кім екенін байқау үшін аштықтың азабын тартқыз. Ашыққанда адамдар өзінің қара басы үшін өз туысын жей бастайды. Шындықтың түп-төркіні, міне, осында. Спинозаның философиясы – бос сандырақ!» деген. Дзержинскийіңіз.
– Білгір екенсің! Неге ғана ділгір екенсің?! Білер болсам, Астанаға алып кетуден тайынбас едім…
– Сол темір Феликсіңіз сияқты тағы бір қатыгез тұлға «Жеке адамдар түгілім, мемлекетті де, ұлтты да өлімтіктендіріп жіберуге болады» деп көкігенін білетін шығарсыз?
– Виктимизацияны білемін ғой. Хабарым бар. Там-тұмдап. Оны неліктен сұрадың? Депутаттан емтихан алмақпысың? Жүрсеңші біздің бөлмеге, бар сынағыңа да, барлық сұрағыңа да дайынмын.
– Гюстав Флобердің депутаттарға берген мінездемесін ойға түсіріңізші, аға.
– Әдебиеттен хабарым жоқ, айналайын.
– Флобер депутаттардың озбырлығы мен опасыздығы туралы әдеби дүниесінде емес, саяси мақаласында жазған ғой.
– Сен сонда не демекшісің?! Бізді… Мені озбыр, опасыз деп отырсың ба-а-а-а?
– Сабыр етіңіз, аға! – деді сұлу келіншек сыңғырлай күліп, халық қалаулысын жымиысымен-ақ жылуарландыра өзгертіп жіберіп. – Ол ғасырлар мен ол депутаттар қайда, біздің ғасыр мен қазіргі қалаулылар қайда? Жер мен көктей емес пе?!
Парламент депутаты сабасына түсіңкіреді. Еркінен тыс, зарыға қарап, бірнеше минөтін заялады. Шыдамы қайта шытынап:
– Астанаға шақыртам! – деп, орнынан ұшып түрегелген. Тік тұрған күйі жарты бокал вискиін тағы төңкерген.
– Несі бар, аға! «ЭКСПО-2017» келе жатқан жоқ па? – деген Хұсни ханым нақышқа толы назына жаз шуағын дарытып. – Барып та қалармыз. Бұйыртса.
– Е, бәсе! Сөйтсей, сұлу келіншек! Телефоныңа тыныштық болмас! Парламенттің партасынан хат жазам енді. Мына біздің махаббат лапылдайды партадан! Қош, аман бол, көргенше!
Тап сол айларда телефонына да, өзіне де тыным таптырмайтындар жетіп-артылатын.
Хұсниыңыздың бірінші басшысы алпысыңызға қарата қадамдаған, алайда, іштей шегіншектеп, жастау көрінгісі келетін, бірақ, шылым шегетін, даусы қарлығыңқырап шығатын, қараторы қатынтұғын. Оқта-текте мекемеде құдайы тамақ беріп, Құран оқытатын. Көбінесе демеушілер арқылы ұйымдастыратын. Бір бейсенбіде имам шақырмақты Хұсниыңызға жүктеген. Сәлдесін сәл-пәл жұпынылау қабаттаған, ақ шапанының омырауындағы оюлары онша оқыраймаған имамның қырағаты жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекеменің жастарына да, жасамыстарына да жағымды естілген. Тебірендірген. Толқытқан. Жиырма минөттей мәністеген уағызы һәм құлақтарға құйқылжып құйылған. Уағызының орта тұсында тәмсіл келтірген.
Бір кісінің тоғыз ұлы мен жалғыз қызы бар екен. Ұрпақ жалғастырады деп ұлдарын қатты жақсы көріпті. Жылдар жылжып, айлар аунап, күндер сусып, жаңағы кісі қартайып, ақтық сапарға аттаныпты. Ана жайда сауабы мен күнәсі безбенделмекке таразыға тартылады. Күнәсі қаттырақ басып кетеді. Жаратушы Иеміздің жаны ашып: «Перзенттерің сауап жағына әлдебір зат қоссыншы, салмағы басса, жұмаққа жіберемін», дейді. Марқұм тоғыз ұлының бірі болмаса бірі келер-ау деп, алаңдайды-ай. Алақтайды-ай. Сөйтсе, жалғыз қызы жанұшыра жүгіріп келе жатыр екен. Қолында желбіреген жібек орамалы. Сол орамалды сауап жағына қоя бастайды. «Жеп-жеңіл үлбіректе не салмақ бар?! Тозақта шыжғырылатын болдым-ау!» деп шыжкөбектенеді шал. Орамал таразыға қалай салынды, сол заматта сауап жағы бірден басып кетеді. Жаппар Иеміз: «Ей, күнәһар пенде, сені құтқарған жібек орамалдың өзі емес, жалғыз қызыңның әкеге деген ақ тілегі мен пәк сүйіспеншілігі» деп, жұмақ есігін айқара ашыпты.
Жаңадан салынған мешіт имамының өзі де, сөзі де ұжымға ұнаған. Әсіресе, бірінші басшы бөлекше ризаланып, оншақты жыл бұрын қайтыс болған куйеуін есіне алып, жарты сағаттай жылаған. Бұдан былайғы құдайыларға тек осы имам жігітті алдырмақты аманаттаған. Қарамағындағыларға.
– Осындай имамды таңдап-тауып шақырған саған алғыс жариялаймын! – деген бірінші басшы. Хұсни ханымға.
Имам Хұсниыңыздан он жас үлкен екен. Бір апта өтер-өтпесте ұялы телефонмен тілдесіп тұрыпты. Сыпайы түрде сәлемдесуден бастады. Қырағаттай қалжың тастады. «Бес жас – бел құрдас, он жас – о да құрдас» деген мәтелді мәністеді. Өткен бейсенбіде тәптіштеген тәмсілін ойға оралтып: «Тоғыз ұл бір төбе, жалғыз қыз бір төбе боп шыққандай, арпа ішінде бір бидай екенсің; Тоқсан адам бір бөлек, Хұсни ханым ең ерек екен», деді. «Әлемді құтқаратын әдеміліктің өзі екенсің», деді. «Қызғалдақтай құлпырып, ақ жүзіңе нұр тұнып тұратын тазалықтың тектісі екенсің», деді. Айтпағаны азтұғын. Теңемеген таңғажайыбы жоқтұғын.
Ұзын сөздің қысқасы, Хұсниыңызды екеуден-екеу ғана, оңаша кездесуге шақырған. Имамыңыз. Қырағаты құйқылжып.
Жылы жымиыспен жаһанды жеңетін әдетінен жаңыла жаздады. Алғаш рет. Тілі тұтықты. Тамағы құрғады. Ханымыңыздың. Ұялы телефонының тежеліс түймесін қалай басқанын білмеді.
Басқасы – басқа. Тап осынау тараптардан, мынау мешіттеріңіз бен имам-молдалар жақтарынан мұндай-мұндайларды күтпеген еді. Хұсниыңыз. Ханымыңыз.
Таңдайын тақылдата таңырқады. Самайын ысқылып ұзақ отырды. Ұялы телефон қайтадан қоңыраулатты. Имам екен. Тежеліс түймесін тағы басып тастады.
Таңғалып жүрді. Әр күн сайын бесін намазы бітер уақытта имам телефон соғады. Хұсниыңыз көтермейді.
Имамыңыздан екі-үш жыл бұрын екі бірдей полковниктің ғаламат ғашық болғаны бар еді. Оларды да қысқаша ғана хроникалай кетейікші.
Бірінші полковник қырық үштер шамасындатұғын. Ш. шаһарының шеткері шағынындағы бір беткейді тұтас алып жатқан, сырты сұсты, ішкі жағы жұмбақ көрінетін арнайы мекеменің бастығы екен. Ондай-ондай мекемелердің азық-түлік жөніндегі тендерлерін ұтып алатындар табыстың телегей теңізінде жүзер. Пайданы күреп табар. Ең негізгі тауар саналатын етіңіздің ең төменгі сұрпын апарар-дағы, аса қымбат түрімен қағаз-құжат толтырар. Балық, колбаса, жұмыртқа… Тағысын-тағылар. Тендершілер де, арнайы мекеменің майлы жіліктерін иеленушілер де иектесе итінісер.
Әнекиіңіз. Бірінші полковнигіңіздің мырзалығы нендей-нендей гәп пен кепке негізделгенін сездіңіздер. Хұсниыңызға бірден батпаған. Беттей алмаған. Сұлулықтың сұсынан сескенген. Сондықтан шығар, сұлуыңыздың сенімді құрбыларымен тіл табысыңқыраған. Менттің аты мент қой. Үш келіншекті үйіріп алып, кафеге апарған. Шешен сөйлейді екен. Бірінші полковник. Ескі көздердің есті сөздерін еріндерін шүйіре шертіп жөнелгенде ше, келіншектеріңіздің ауыздары ашылып қалатын. «Үш қыздың ортасында үлпілдеп өскен жалғыз ұлмын», дейді. Өз мекемесінің өмірінен қорқынышты оқиғаларды үстін-үстін үйіп-төккенде ше, үш келіншек үрпиісе қалтырап қоя беретін.
Көп созбай-ақ ұжымды түгел шақырып, тойға бергісіз отырыс жасады. Одан кейін де демеушілік көрсетті. Жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекеменің жұмыстан тыс тыныс-тіршілігіндегі әлжуаздау әрекеттерге берекет кірер көріністер көбейген. Іс-шараларының реңдері шырайлана түскен.
Бірінші полковниктің тарапынан жасалатын осынау қам-қарекеттердің бар-баршасы дерлік Хұсниыңыз үшін еді. Мұның бәрін аңдамайтындай, аңғармайтындай адам емес шығар ханымыңыз. Бастапқыда байқамаған болды. Бірте-берте таңырқай бастады. Қиналыстарға буылды. Қорқынышы да жоқ емес-ті. Сыр білдірмеген сыңай танытты. «Түбі тыныш аяқталар ма екен-ей?..» Десетіндер аз емес-ті.
Үйреншікті үш келіншекпен бірге Хұсниыңызды да шақыруды шығарды. Қалай қиылып қолқалаудыүйреткен. Үшеуге. Бірінші полковнигіңіз бірінші ретте пәлендей ештеңе дей қоймаған. Екінші ретте екеуден-екеу қалудың жолын тапқан. Қалай болғанын Хұсниыңыз-дағы байқастап үлгермеген. Полковник үшеуді шығарып салып, ойқастай келіп, кенет тізерлеген. «Түсімде күнде көремін». Деді. «Таңертең оянғаннан бастап, түнде ұйқыға жатқанша көз алдымнан бір секөнт кетпейсіз». Деді. «Сізсіз күн көре алмаймын. Отбасылымын. Балалы-шағалымын.» Деді. «Сіздің де солай екеніңізді, бәрін-бәрін білемін». Деді. «Түсінемін. Өте қиын». Деді. «Бірақ, мен біржолата бел будым». Деді. «Ажырасуға әзірмін». Деді. «Бөлек үй-жайда отырамын, бала-шағаммен бірге бөлініп шығамын десеңіз, қаланың қай жерінен қаласаңыз, сол жерінен жеке үй әперемін». Деді.
Деді де деді-ай…
Үшінші мәртеде осы айтқандарын еселей, есіле жырлаған. Ескілердің есті сөздерімен дәйектеп дәлелдеген. Осы күнгі адуын ақындардың жырларынан үзінділерді үздіге оқыған. Бағзыда да болған. Ғашықтық. Ашық. Бүгінде де бар. Бес әйелге дейін алғандар. Жабық. Жасырын.
Жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемеге жәрдемдесуі жалғасқан. Бірінші басшыдан бастап, бүкіл ұжым шерміші жоқ шермендені шеккі көрмейтін. Күн аралатып келетін. Тесіле телміріп қарамақтан жалықпайтын. Хұсниыңыз кейде қызметінен соң салондарда шаш боятып, қас тергізіп, саусақ сәндетіп отырса да, тез тауып ала қоятын. Менттің аты мент те. Баса-көктеп кіріп барып, қыз-қырқындармен қызғын тіл табысып, Хұсниыңыздан көз алмастан ұрлана қарағыштайтын.
Біржарым жылдай уақыт өткенде, бірінші полковник қызметінен түсіп, күрт күйреген. Күтпеген жерден. Табан астынан.
Үйреншікті үш келіншектің ең сенімдісін оңаша шақырған. Танымай қалған. Әлгі әйел. Қатты қорқып кеткен. Ұсқынынан. Түр-тұрпатынан. Жайнаңдап тұратын жанарлары мұнарланған. Жарқыл жалыны сөнген. Үнсіз-тілсіз ұзақ отырған. Әлденуақта әл-дәрменсіз күйде күрсініске көміліп, көз жасын көлдеткен.
– Болды… Бітті бәрі… Мен енді Хұсни ханымға лайық емеспін! Айтып барғаын, – дейді пора-порасы шығып. – Бәрібір, ұмытпаймын. Ана жайда да-а-а-а…
Таусыла талмаураған полиция полковнигінің аянышты ахуалын айтып отырып, сенімді келіншектің өзі де өкіріп қоя берген.
Екінші полковнигіңіз біріншісінен бетер, жас балаша айналшықтаған.
Бірінші полковнигіңізден де гөрі шынайылығын шын сезінген. Хұсни ханымыңыздың өзі де.
Алып денелі десантшы. Бұрынғы. Бәрі байқалып, білініп тұратын. Қандай десантшы болғаны. Мінезінің бірбеткейлеу екені. Өтірік көлгірси алмайтыны. Алдамшылықты кешіре бермейтіні. Ойына келген пікірді дәл сол күйінде ақтарып айта салатыны. Арты не болар деп алаңдамайтыны.
Қырық төртінде қызарақтап отырып, бала ғашыққа қалай айналғанын, не істеп, не қойып жүргенін мүлде білмейтіндей күй кешулі екенін ашық мойындаған. Анық айтқан. Жасандылығы жоқ, кім-кімге де көбінесе күлімсіреп қарайтын, жымиысты жаратылысымен жарылқайтын, өзге ешбір жанда жоқ үн-әуенімен жылуарлық дарытатын Хұсни ханымыңызға қатты құлағанын жеткізді. Өзі сияқтылардың аз болмауы һәм бек бәлкімдігін де болжалдап, күдік-күмәнін жайып салды.
– Мен десантшымын, – деді полковник. – Бірақ, бұл жолғы жүрегімнің түбінен қайнап пайда болған сезіміме келгенде, сіздің нәзікеш жан-дүниеңізге ғана бағынамын. Қанша күт десеңіз де, күтемін. Өзім азаптанып, қиналсам да, сізді қинамақ емеспін. Еркіңізге еріксіз салмақ салмаймын. Күтем…
Бұл-дағы бірінші полковник сияқты Хұсниыңыздың ұжымын көктем мен жазда тауға тасыды, табиғатқа сейілдетті.
Ауған соғысының адам төзгісіз азаптарына қақталған. Қатқылданбаған сонда да. Ажалдың апандарынан Құдайдың құдіретімен ғана құтылып отырған. Екен дә-ә-ә.
Хұсниыңыз үшін отқа датүсетіні, оққа да байланбаққа баратыны білініп тұратын.
Екі жылдай уақыт есінен танған екінші полковнигіңіз де ешқашан естен шығармайтынын мағлұмдап, көрінбей кетті.
Хұсни ханымыңыздың ойына Оскар Уайльдтың орала беретіні бартұғын. Сүйіктісі Сомерсет Моэмнен кейінгі орындағы Оскар ғой ол. Ағылшынның атағы жер жарып, аспан күркіреткен жазушысы. Ақын. Пәлсапашы. Әлемдік деңгейдегі әйдік. Эстетизмнің ерені. Теорияның тереңі. Өнер атаулының тұтас-түгеліне, оның ішінде, әсіресе әдебиетіңізге мораліңіздің мұқым-мүлде жат екендігін жалықпай дәлелдеп өткен. Әңгімелер мен поэмаларды, өлеңдерді өкірткен. Очерктер мен мақалаларды мыңғыртқан. Пьесалары да жетерлік. Алайда, жалғыз ғана роман жаратқан. «Дориан Грейдің портреті» дейтін сол романы аяусыз сынға ұшырап, жаппай қарсылыққа душар болған. Өнердегі һәм өмірдегі қарабайырлықтарға, қоғамдағы қасаңдықтарға қасарыса қарсы шыққан қаламгеріңіз екі жылға сотталған. Дос-жарандары түгелдей теріс айналған. Сонда да сол Оскарыңыз Созақтан шыққан Сүлейменов Асқарыңыз секілді сұлулықты, өнер мен махаббатты бөлекше бейнелемектен бас тартпаған.
Өзінше ғана өрнектемектен шегінбеген. Шідерленбеген.
Жар дегенде жалғыз романы жаһан елдерінің басым көпшілігіне миллиондаған данамен тараған талантыңыз махаббат дейтұғын ешқашан шешілмейтін жұмбағыңыз хақында бүй деген-ай: «Аса күшті ынтызарлық не өлтіріп, не өліп тыншиды. Тайыз махаббат өміршең де өлермен. Терең махаббат өз қуатының асып-төгілуінен мерт болады».
Хұсниыңыз осындай таңданысқа толы, талас тудырарлықтай талай да талай тұжырымдарды іштей ғана күбірлеп күрсінетін.
Күлімсіреуін тез таппаққа тырысатын.
Жартылай жекеменшік, жартылай мемлекеттік мекемеде ақын-жазушылармен жүздесу жиірек өтетін. Ондай кездесулердің бастамашысы өзітұғын. Әдебиетіңіздің әдіпті әңгімесін қозғағысы келіп, тыңдамаққа құмартып, қалам иелерімен пікірлеспекке асығатын шақтарында шыдамсыздана тыпыршып кететіні растұғын.
Бірінші басшы апайлары көзілдірігін қолына алып, мұқияттап сүртеді. Кілдіреген көздерін сәл-пәл уқалайды. Хұсниыңызды бірінші мәрте көрген кісідей қарайды-ай. Сонсоң барып:
– Жарайды. Жазушылар мен ақындардан пайда да жоқ, зиян да жоқ. Алдап-сулап абайламаса және болмайтын категория ғой оларың. Менсіз өткізе бересіңдер, – дейді.
Ақындарыңыздың арасынан, әсіресе әсершілдеу біреуінің бір жыл бойы, ай сайын жыр арнағаны да қызық болған. Ұялы телефонға туындыларын қимайтынын мәлімдеп, ақ параққа өз қолымен жазып, Хұсниыңыздың өзіне тікелей табыс ететін еді. Сүйрік саусақтарын уыстай ұстап, өлең жазылған қағазды ұстатып, кілт бұрылатын. Тапырақтап, есікке қарата асығатын. Айына бір рет. Жаңа ай көрінген күннің ертеңіне. Міндетті түрде.
Шын ғашықпын дейтұғын шайырыңыздың жырлары шамамен мына төмендегіше болып келер еді:
«Өзіңізді тұра алмас бір көрмесе; Жата алмайтын түнімен жыр термесе. Өтіп жатқан күлкісіз күндер неше… Ол – менмін…»
«Сағыну деген сөзді түсінгенім; Жабығу екен, аппақ құсым менің! Ай туғанда армандап, аялаймын; Ұсынам да жүремін түсімде гүл…»
«Түсіме емес, өңіме кірермісіз; Жанымда еріп гүл бақта жүрермісіз?! Мойыныма асылып асылымдай; Сықылықтап, сыңғырлап күлермісіз…»
«Елдің, білем, сөз қылар жүз құлағы; Махаббатқа тамсанар біздің әлі. Тағы, міне, ай туды жаңаланып; Асық еткен сезімге күз кінәлі…»
«Ақ пердесін тезірек таң түрер ме; Таусылмас жыр, сізге айтар әңгімем де. Мені өлтіріп тастары анық сезім; Сіз, алайда, қаласыз мәңгі менде…»
Хұсни ханымыңыз ойға бір салып қараса тағы, бұл ақыныңыздың-дағы махаббат хақындағы түйсіктері мен түйіндері әлеміңіздің әйдігі Оскар Уайльдқа келіңкірейді екен.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ӘДЕБИЕТШІ ӘЙЕЛ, ХҰСНИ ХАНЫМ ҺӘМ КОМПОЗИТОР
Хұсниыңызды бір кездері бұл пәниіңізге қайта оралтқан әуелі Жаратушы Жаппар ие, сонсоң Әдебиетші әйел һәм көркем әдебиет екенін біліңкірейсіз, қадірдан оқырман. Әуелгіде Әдебиетші әйелмен, кейіннен кейіпкерімізбен уәделескеніміздей, кейбір құпияларды қозғамай-ақ, қазбай-ақ, «Хұсни ханымның хроникасы» дейтұғын хикаятымыздың соңына да тақап қалыппыз.
– Әпкем келетін болды, – деді Хұсниыңыз қиыла қарап, наздана күліп, еркелей сөйлеп. – Әдебиетші әйел. Сіздіңше. Анамыздай көретін әпкеміз. Біздіңше. Кейіпкеріңіз ретіндегі біз бен авторымыз ретіндегі сіздің қорытынды кездесуімізге әдейілеп шақырдым, ағай.
Қорытынды кездесуіміз. Деді ме? Деді ғой, деді. Хұсни ханымыңыз. Көңіліміз кенет құлазып қоя берді. Десек ше? Біз-дағы. Оқырмандарымыз күдікке бой алдырар, әрине. Ой талдырар, әлбетте. Белгілі ғой. Ойпырай, оқырмандардан бұрын біз бұлыңғырландық-ау. Бұдан былай қарата кездеспейміз. Дегені ме? Хұсниыңыздың? Ол-дағы бек бәлкім.
Әдебиетші әйелді көріп, қайран қалдық. Өзгеріпті. Өңденіпті. Жүрісі жылдамданған. Шыныққан. Ширығыпты. Әдеміленіпті. Ауруханадағы күйінен тіп-тіктенген. Сергек те желгек, елгезек.
Құшақтай алды. Біз-дағы тартынбадық. Қайта-қайта сүйістік. Хұсниыңыз аз ғана уақыт аң-таңдана қараған.
Үшеуміз мәре-сәрелестік. «Мейрам» мейрамханасының оңашалау бөлмесінде едік. Даяшы қыздар зыр жүгіріседі. Сусындасып алғаннан кейінгі Әдебиетші әйел мен Хұсни ханымыңыздың бір-біріне аяласа қарасып, бар-барша сырларын көздерімен ұғынысқан, үнсіздене үйлескен мезетінде құлағымызға әлдебір дауыс келді.
Әуелгіде кімдікі екенін ажырата алмағанбыз. Бірсін-бірсін білінген. Әдебиетші әйелдікі екен.
«Аңғалдығыңыз басымырақ. Шығармаларыңыздан да сезіледі. Жатыры баяғыда-ақ алынып тасталған, енді екі емшегі бірдей сүйегіне дейін сылынып кесілген келіншек көркем дүниеге кейіпкер боп жарыта ма?! Пәнер тақтай секілдіәйел оқырманды да тартпас…»
Ауруханада айтқаны еді. Бұл сөздер. Сонда ғой, біздің басымызға біреу бігіз сұққылағандай буынғанымыз. Қылғынып қиналғанымыз.
Сонда ғой, «Сіздің стиліңізге келіңкірейді» деп, «Қазақстанды қайдам, Ш. шаһарындағы ең-ең-ең ерекше сұлу келіншек сол!» деп, «Мүмкін болса, іздеп тапқайсыз. Кейіпкер еткейсіз» деп, осы Хұсни ханымыңызды ұсынғаны.
– Маған да бір атақты композитор ғашық болды десем, сенесіздер ме, сенбейсіздер ме?
Әдебиетші әйел осыны айтып, бөдене сорпаға бас қойған. Хұсниыңыз бізге, біз оған қарағанбыз. Әпкесі мөлдіреген дәмді сорпаның ішінен қылтиып көрінген қанатты жіп-жіңішке бармағымен және сорайған, ұзын тырнақты сұқ саусағымен қысып ұстап, ілесе шыққан құстың омырауынан сүйсіне тістеген.
– Неге сенбейміз? Сенгенде қандай! – дедік біз. Ыстық сорпаның алдында коньягіңіздің үрімкесін көтеріп. – Мынаны махаббат дейтұғын мәңгілік шешілмейтін ұлы жұмбақ үшін алып қоялықшы. Сонсоң айтып бересіз.
– Біз алғаш Алматыдағы бір академиктің тойында таныстық. Бір-бірімізді ұнатып қалдық. Телефон алмастық. WhatsApp-пен хат жазысатынға айналдық. Жастардан да өтіп кеттік-ау. Міне, бәрі сақтаулы. Оқиыншы.
«Саусақтарды қысқаным; Талдырмашты құшқаным. Қайтейін-ай, қайтейін; Қолыңнан тек ұстадым. Қара шашта қар еріп; Еріндерде бал еріп, Сағынышты тасытты; Жүрек саған асықты. Аңсар ауып кетеді; Дауыл соғып өтеді. Көз алдымда Талдырмаш. Қашан қолым жетеді?!»
– Деп қаншама өлең арнады. Өзі композитор, аздаған ақындығы да бар. Мен де шынымды жасыра алмай, жауап жазамын.
«Сіз маған Тәңірдің берген сыйы секілді сезілесіз. Жүрегімдегі қатып қалған мұзды бұрын әндеріңізбен ерітуші едім. Өзіңізді көріп, мейірбандығыңызға елтідім. Қалай болғанын білмеймін. Мұндай күйді бастан кешпеген едім…»
«Талдырмашым! Қандай сиқыр торлаған?! Мұндай сезім болмаған. Түсінбеймін өзімді; Көрсетсеңші жол маған… Ұйықтасам түсімнен, оянсам есімнен кетпейсің. Мен саған бірден үш ән арнап шығардым, жаным!»
«Өміріме сіз енгелі тағдырымның аязы сынып, ызғары қайтқандай сезінетінім неліктен екен?! Маған арнаған әндеріңіз ел арасында ерекше шырқала бастады. Шынымен-ақ ғажайып туындылар екен…»
«Шәмші ағамыз өлеңді өте мықты өрнектейтін еді. Алайда, бірде-бір әнінің сөзін өзі жазбаған. Кейде әнімнің сөзін де өзім жазғым келеді де, Қалдаяқовты ойлап, қоя-қоям… Ол кісі шынайы махаббаттың Эвересіне көтеріле алмадым деп өкінген ғой. Ал, мен… Шыққан сияқтымын. Ол – сенсің, Талдырмашым менің!»
«Түсімде аспандағы жарқыраған шоқ жұлдыздың арасынан сізді көрдім. Шығармашылықтың шыңына шығарыңызға жорыдым… Кейде еркелегім келеді. Өзіңізге…»
«Еркелеші, Талдырмашым! Еркелетейінші! Мен сені жаныммен де, тәніммен де өлердей, адам айтқысыз сүйемін. Зерлі зейін зеріктірмес; Еліктірер, еріктірмес. Секунд сайын сүйсең-дағы; Бал татиды, жеріттірмес… Кездесейікші…»
– Кездестік те. Екі-үш рет қыдырдық та. Кафеде, мейрамханада бірге отырдық. Күндердің күнінде композитор қонақ үйге апарды. Алматыдағы аса салтанатты мейманханатұғын. Бармасқа амал қалмаған. Жүрегім алғаш сулады-ай. Артынша тастүйнектеніп, қатты да қалды-ау.
«Өкінбейсіз бе?» Дедім. Мен. «Неге өкінуім керек? Жаныммен де, тәніммен де сүйемін сені!» Деді. Ол. «Жан мен тән туралы Әл-Фараби мен Абайдың не дегенін білесіз бе?» Дедім. Мен. «Абай «ақыл мен жан – мен өзім» деген. Ал, Әл-Фарабиді білмедім». Деді. Ол. «Әл-Фараби жан мен тәнді қарсы қойған. Жанды тән бұзады, жанның кемелдігі мен ізгілігі оның тәннен азат етілуінде деген». Дедім. Мен. «Пәлсапаны қоя тұрайықшы, Талдырмашым! Келші құшағыма!» Деді. Ол. Мейманхананың жиырма жетінші қабатынан Көктөбе жаққа қарап. «Композиторым! Маған үш ән арнағаныңыз рас қой?» Дедім. Мен. «Иә-иә! Рас-рас! Сол үш ән – күллі шығармашылығымның шарықтау шегі! Шырқау шыңы!» Деді. Ол. «Онда маған да, үш әніңізге де ризасыз ғой?» Дедім. Мен. «Риза болғанда қандай?! Өмір бойы! Мәңгілік!» Деді. Ол.
Ол шешіне бастады. «Келші бері, – деді даусы дірілдеп. – Жан-тәніммен сүйем ғой сені!»
Асыға-аптыға құшақтады. Еріндерімді жеке-жеке, сонсоң қосып сүйді. «Қарғын» романындағыдай.
«Композиторым! Сіз жан-тәніңізбен сүйесіз бе?» Дедім. Мен. «Иә-иә! Жаныммен және тәніммен!» Деді. Ол. «Ал, мен тек жаныммен ғана сүйемін. Менде тән жоқ…» Дедім. Мен. Үнім төтенше бөтеншеленіп шықса керек. Композитор кенет кідірген. Біртүрлі қараған. Мен ақырындап қана шешіне бастадым. Асықпадым. Қызғылтым кофтамды сыпырып алды. Ол. Шыдай алмай. Омырауымдағы қып-қызыл бюстгалтерімді өзім шештім. Оның астындағы жасанды емшектерімді сақыр-сұқыр еткізіп білегіме іліп, қолыма алғанымда, композиторымның көздері шарасынан шыға жаздағанын байқамаған болдым. Кіндігімнен төмен жақтағы жұп-жұқа, жасыл гүлді лыпамды сыпырып түсірдім де, бұлтиыңқырап көрінетін жасанды бөксемді шешіп, жинақтай бүктемелеп, қос креслоның төр жақтағысына тастадым. Әрине, пәнер болдым да қалдым ғой сонда… Пәнер тақтай…
Пауза ауыр соққан. Хұсни ханымға да. Бізге де.
– Әне, біздің ғашықтығымыздың бас-аяғы осы ғана, – деп, Әдебиетші әйел түк болмағандай, жайбарақат жымиды. Жарты үрімке коньякті «Хұсни ханымның хроникасы» хикаяты үшін көтеруге ұсыныс жасады.
– Рақмет, айналайын, – дедік біз. – Хроникаға себепкер болған сізсіз. Әрине, Хұсни ханымның жөні бөлек, жосығы ерек-дүр.
– Сонымен, менің сүйікті сіңлім, сіздің хроникаңыздың кейіпкері кім боп шықты?
– Ол жағын оқырмандардың өздері таразылап алар, – дедік біз.
– Ал, автор не демек? Білмекке құқымыз бен қақымыз бар шығар? – деді Әдебиетші әйел.
– Тәні де, жаны да сұлу. Көркемнің көркемі. Кейіпкеріміз.
– Абай айтқан жан қуаты мен Әл-Фараби меңзеген жарық ғажайыбын аша алдыңыз ба?
– Аша алмадым… Жұмбақ күйінде қалды…
– Менің сіңліме ғашық болғандар көп пе екен? Әлде құмартатындар басым ба?
– Білуіңіз бек бәлкім, – дедік біз Әдебиетші әйелге. – Мынадай аңыз айтыладығой. Бағзы заманда шығыстың бір елінде жас патша таққа отыра салысымен-ақ өз патшалығын әділ басқармақ мақсатты көздеп, кемеңгер кеңесшілерін, ақылман данагөйлерін алдына шақырады. «Кітаптарға шыққан күллі әлемнің ақыл-ой қазынасын жинап әкелесіңдер, мен оларды оқып, елімнің қалай өмір сүретінін білетін боламын», дейді. Ақылгөйлері алыс-алыс сапарларға аттанып, отыз жылдан соң оралады. Бес мың кітап тиеген түйелі керуенмен. «Мінекиіңіз, алдияр тақсыр, адамның тарихы мен тағдыры тұтас қамтылған қазына», деседі кемеңгерлер. Алайда, патша мемлекеттік маңызды істерден мойын бұра алмайды. Ақылгөйлеріне кітаптарыдың санын азайтып әкелуді тапсырады. Он бес жыл өткенде бес жүз кітап тиелген керуен келіп жетеді. «Ұлы әміршіміз, дүние жүзінің даналықтары осы кітаптарда», деседі ғұламалар. Патша үшін кітап саны әлі де тым көптұғын. Кеңесші кемеңгерлерін тағы да қайтарады. Он жылдан соң олар небәрі елу кітап әкеледі.Бірақ, елдің билеушісі әбден әлсіреп, қартайғандықтан: «Ей, данагөйлерім, сендер мен білмекке құмартқан ақыл-ойдың бәрін, адамзатқа аса тән білім-біліктің баршасын бір ғана кітапқа сыйғызып алып келіңдер», дейді. Кемеңгерлер бес жыл өткенде өздері де қажып-қалжырап, жалғыз ғана жинақпен жүгінісіпті. Әттең-ай, әттең, әмірші һәм өлім аузында жатқандықтан, әлгі жалқы кітапты ұстамаққа да шамасы жоқ еді… Дейді аңыз.
– Бұл тәмсіліңізбен нендей гәпті тұспалдайсыз? – деді Әдебиетші әйел.
– Сіз ұсынған біздің бас кейіпкерімізге мыңдаған еркек ғашық болды. Біз пақырыңыз азайта-азайта, кеміте-кеміте солардың бір ғана пайызын хроникалап үлгердік. Ұсындық. Оқырмандарға.
– Осының өзін оқи ма, оқуға мұршалары келмей ме, мынадай қым-қуыттанған, құмарлықпен уыттанған заманда? Құныққан қоғамда. Демексіз бе? – деді Әдебиетші әйел.
– Бәрін бізден әлдеқайда жақсы білесіз, – дедік біз.
– Шын ғашық болғандары бар, құмартқандары қаншама. Бас кейіпкеріңіз бірде-біреуіне көнбейді. Бірақ, бәрібір, оқырмандарыңыз сенбейді, – деді Әдебиетші әйел. Әлемді түгел кекеткендей күлкімен. – Солай емес пе, аға?
Біз шып-шып терлейік дедік-ау. Әдебиетші әйел тықсырып барады-ай.
– Авторды біраз қинадық. Енді кейіпкеріне назар жығалық,– деді ол. – Хұсни ханым, сен жазушы ағаңа айтқандарыңның көбісін әуелім маған сыр қылып шерткенсің. Әнебір сот туралы әңгімелегенде дірілдеп-қалтырағаныңа дейін көз алдымда. Сонда ше, ішкі күбіріңде не деп едің? Еске түсірші.
– Ыңғайсыз ғой, әпке! Жазушы ағайға біршама хроникалағамын.
– Сол сот шәй ішпекке ғана шақырып, кенет, күтпеген жерден анандай апанға апарғанда не күйге түсіп едің? Ішіңнен не деп едің? Сол жері әсерлі еді… Есіңе түсірші, Хұснижан! Ағайыңа айта алдың ба сол детальді?
– Қоймадыңыз ғой, әпке. Дәл сол соттың алдында неге екенін қайдам, тектілік туралы ойлағаным рас. Себебі, сот кісінің де бойынан тектілікті аңғарыңқырағам. Ертедегі данышпандар жанның тән кесірі арқылы кесепатқа ұшырайтынын көбірек ескертіп кеткен ғой, әпке. Ішімнен күбірледім: «Иә, Жаратқан, тиым жасай гөр. Тиылайықшы. Тән кесірінен аман шығара гөр. Тәнім кесірлі емес еді ғой. Жанның жетілуі мына кісіде де бар сияқты сезіліп еді… Көп еркектің көзсіз ермекке айналған әулекі әдетіне еріп жүрген шығар… Тиымсыз тән де тойымсыз. Тиым бере гөр, Жаратқан…» деген сияқтымын. Іштей.
– Міне, аға. Әл-Фараби де әдет туралы әдіптеп беріп кеткен еді ғой. Қайырымды қаланың тұрғындары турасындағы туындысында. Әрекеттердің жиі қайталана беруінен қатпарланатын қылықтар әдетке айналатынын айтқан. Жат әрекеттер жиіленіп, әулекі әдетке әбден айналып алса, қалаңызды, қала берді, қоғамыңызды қалжыратар. Қалжыратпақ түгілім, қанжылатар. Деген.
– Сонда сіз нені тұспалдап отырсыз?
– Сұлу әйел көрсе, сұқтанып, соңына түсушілік. Көркем қызды байқаса, өздерінің жасына да, басына да қарамай, тұзақ құрмақ қылықтар мен құлықтар. Қайткенде де қол жеткізбекке, иемденбекке, иеленбекке итінушілік. Дегендеріне жетпекке итпектену. Әрекет-әдеттері жүзеленбесе, жүз жыл бойы кектену… Менікі тұспал емес, турасынан турап тартпақ боп кетті-ау, аға?!
– Әлгі бір әзірдегі әзілді сауалыңызға өзіңіз жауап бергендейсіз ғой, – дедік біз Әдебиетші әйелге.
– Хұснижан! Басқаларды былай қойғанда, осы саған қанша имам «ғашық» боп еді? – деді ол.
– Санамаппын, әпке. Біреуін ағайға да айттым-ау, – деп күлімсіреді Хұсни ханымыңыз. Ұялыс таба қызарыңқырап.
– Көрдіңіз бе?! Имамдарыңыз һәм жан қуаттарынан айнып, тән кесіріне жеңдіріп, құмарлыққа құрбан боп жатыпты, – деді Әдебиетші әйел. – Мына қоғамыңыз қайда барады сонда? Осыны жаздыңыз ба? Хроникаңызда? Сіңлім сырын ашты ма? Бұл жағынан?
– Сіңліңізді кейіпкерлікке ұсынарда өзіңіз әлсін-әлсін сақтандырғансыз. Көп құпиясын қазбаламадық. Сізге уәде бергендіктен.
– Бұлғаңдаңқырап бағасыз-ау, аға! Бәрібір, білдіресіз. Сездіресіз. Сіз. Оқырмандарыңызға. Бас кейіпкеріңіз Хұсни ханымның өмірі де өзіндік арпалысқа толы екенін.
– Сездіре алсақ кәнеки, айналайын қарындасым.
– Хұсниыңыздың кемшіліктерін де байқатқан боларсыз? Оқырмандарға.
– Қайдам. Қандай кемшіліктер? Біз байқамаған сияқтымыз.
– Қойыңызшы, аға! Алла тағаламыз адами затыңызды асқан махаббатпен, көркем мінезді етіп жаратқандықтан, сіздің бас кейіпкеріңіз кісі баласының бетіне күлімсіремей қарай алмайды. Хадисте де өзгелерге жымиып қара, күлімдеп жүр демей ме?
– Апырай-а-а-а?! – деп әзілдей, рақаттана күлдік. Біз.
– Жаратылысынан-ақ рухани жылуарлық дарыған адамда, данышпан Әл-Фараби меңзегендей, іс-әрекеттердегі ізгіліктер де, тектіліктен тайдырмақшылар алдындағы тартыныс та – күллі мінез-құлық, ерік-жігер де – бәрі әуелгі әуез-уыз сапасына байланысты болмақ-дүр. Сол себептен де менің сіңлім, сіздің бас кейіпкеріңіз шынымен-ақ ғашық болатындардың, тән кесірінен ғана туындайтын құмарлық құрсауына бой алдыратындардың, телефонына тыным бермейтіндердің, қарсы алдында тесіле телміріп отырып алатындардың, шәй ішпекке шақыратындардың, тағысын-тағылардың күллісімен керісіп, баршасымен майдандасып жүре алмайды емес пе?! Осыны түсінер ме оқырмандарыңыз? Міне, аға, менің қаупім осында.
– Бұл уайымыңызды бұрын да білдіргенсіз. Біреу түсінер, екеу ұғынбас. Амал қанша, айналайын.
– Бүгінгі және ертеңгі оқырмандарыңыздың көркем шығармалар хақындағы ой-қиялдары көрікті боларынан үміт үзбейік, аға. Алайда, айналып келгенде «авторымыз кімді жазғанға» барып тірелер. «Кейіпкеріңіздің прототипі кім-дүр?» Дейтіндерге қалай жауап берер едіңіз? – деді Әдебиетші әйел.
– Прототипі – өзі. Өзі де, өзгелер де өзгеріссіз өрнек тапқан. Дейміз, – дедік біз.
Әдебиетші әйел ойланыңқырап қалды. Отырысымыз соңына жақындай бастағандай. Хұсни екеуі сыртқа шығып, қайта оралған. Ш. шаһарына ғана тән алтынсары, шуақты күзтұғын.
– Қалай ойлайсыз, аға, – деді Әдебиетші әйел сырттағы сұхбаттарын іште жалғастырғандай. – Ой-саналары мен жан-жүректері толығымен тәннің кесірлі құмарлығынан ада-күде арылған адамдар бола ма екен осы? Бар ма екен?
– Болған. Данышпандардан. Хакімдерден. Сопылардың сопыларынан… Бар шығар. Неғыпты сонша…
– Абай хакіміңіз һәм тән сұлулығын, ләззатты, ғашықтықты, махаббатты қызықтаудан кенде емес қой? Өмірінде де, өнерінде де, өлеңінде де…
– Қамшы салдырмайсыз-ау, қарындасым. Алайда, Абай жан мен тәнді жарастыра жырламап па еді? Махаббатты да қайдан, кімнен бастау алдырары аян-дүр. Сұрақты сынамаққа қоясыз-ау, сірә?
– Аға, ардагерлер деп аталатын айрықша категория бар емес пе? Солардың қатарынан қаншамаларының «ғашықтықтарын» білдіргенін баяндаса, бас кейіпкеріңіз хақында тағы бір хроника-хикаят мәністер едіңіз. Айта алмапты ғой сізге.
– Небір жұмбақтар қап қойды ғой, қарындасым.
– Аға, осы Ш. шаһары қайырымды қалалар қатарына жата ма? Әл-Фараби данышпанның тұрғысынан қарағанда?
– Жатпайды деп санайсыз ба?
Әдебиетші әйел жауап қатпады.
– Алпыс тоғызыншы, алтынсары автобусқа мінейікші, ағай! – деді Хұсниыңыз.
Біздің бас кейіпкеріміз бұл күні бұрынғы кездесулердегіден сәл-пәл басқашалау секілді сезілді. Жылуарлы, ылғи да күлімсіреп тұратын жүзінде жұқалтаң ғана мұң кіреукесі қылаңытатындай.
– Алпыс тоғызыншы, алтынсары автобуспен қайтсақ дейді. Кейіпкеріміз. Қалай қарайсыз? – дедік біз Әдебиетші әйелге.
– Қарсылық жоқ. Студенттік, жастық шақты еске алайық біз-дағы, – деді Әдебиетші әйел.
Біз Хұсни ханымыңызға қарадық:
– Қорытынды кездесуіміз. Деп едіңіз. Бұдан былай…
– Кейіпкеріңіз ретінде шығар,– деді Әдебиетші әйел ортаға киіп кетіп. Темір көлікке ентелей еніп.
– Иә, солай ғой, ағай! – деді Хұсни ханым автобусқа мінгеннен кейін. – Қазір соңғы аялдамаға дейін барсаңызшы. Бізбен бірге. Әңгімелесіп. Қимай тұрмыз. Сізді. Қайтарда ойланы-ы-ып ораласыз. Оңаша-а-а-а…
– Сөйтіңіз, аға! – деді Әдебиетші әйел.
«Соңғы аялдама, – дедік. Біз. Күбірлеп.Күлімсірегендей күйде. Сияқтанып. – Ақырғы аялдама…»
Алтынсары күзіңіздің Ш. шаһарындағы шуағы бөлектеу, шұғыласы еректеу еді. Автобустағылар қызыға да қуана қарағандайтұғын. Хұсни ханымыңызға. Әлде Әдебиетші әйелге. Таласа да тармаса орын босатысқан. Жастар жағы. Жайраңдасып.
Әдебиетші әйел мен Хұсни ханымыңыз қатар, келесі жалғыз адамдық орындыққа біз отырдық. Бірталайға дейін үнсіздендік. Үшеуіміз.
Кенет көңілдендік. Біз. Әлеміңізге мәшһүр Маркестің соңғы туындысы қалай тауыс-тәмам етілуші еді. Кейіпкер шалы, бәлкім өзі, ақырғы аялдамасында да өзіне-өзі әзілдеп, өзін-өзі әжуалап, «сен жүзге жетесің» дейтін. Күн шуағына қыздырынып. Біздің бас кейіпкеріміздің ең-ең-ең сүйікті қаламгері Сомерсет Моэм ше? Өзінің жазушылық жолын жиыра жинақтап, қорытындылай келе, ақырында ақиқат пен сұлулық және мейірім туралы ой қоздатады-ай. Мейірімді бәр-бәрінен биік қояды. Тіпті махаббаттан да. Себебі мәңгілік жұмбағыңыз саналатын махаббаттың өзі де көбінесе уақытқа тәуелді-міс. Ал, шын мейірім, шынайы мейірбандық бар-баршасынан бостан болады-мыс. Айтпақшы, Әл-Фарабиіңіз де қайырымдылық қасиетті қалықтата қанат қақтырып, көкке көтереді емес пе?!
– Аға! – деді Әдебиетші әйел бізге бұрылыңқырап. – Алыста қалған балалық шақтарымды еске түсіріп келемін. Еуропа елдерінің бәзбіреулерінде «балалық шақпен аса көп ауыратындар сырқаты» дейтұғын диагноз бар көрінеді. Ондайларды арнайы емдейді екен. Қоғамдық пікір де онша жақтырмайды деседі. Ал, кейбір жұрттарда «бала боп қалу» қасиетіне мейірбандықпен, жанашырлықпен, қайырымдылықпен қарап, айрықша артық бағалап, тіпті әулие тұтатын сыңайлы.
– Мұны неліктен тәптіштедіңіз? – деп, ықыластана күлдік. Біз.
– Мына автобуста баладайын таза күліп отырғандар басым екен, – деді. Ол.
– Шынымен-ақ! – деп шаттанды Хұсни ханым сәл бұрынырақтағы мұң кіреукесінен мүлде арылғысы келгендей күйде. – Ш. шаһары шынында да мейірімді адамдарға толып кеткендей ғой өзі?!
Ақырында ақырындап ақырғы аялдамаға да жетіппіз.
– Автобусымыз осылайша, оқта-текте тоқтап қойып, жүре берсе… Жүре берсе … Жүре берсе … Деп едім, – деді Әдебиетші әйел.
– Мен де, – деді Хұсни ханымыңыз. Омырауын жауып кеткен қап-қара, қап-қалың шашын жиыра, жинай уыстап. Иығынан асыра артқа тастап.
Ақжарқынданған адамдардың ең соңынан түстік. Автобустың радиосынан Шәмшінің «Қайықтасы», одан кейін Шопеннің «Күзгі вальсі» қалықтаған. Мұңайыса, қимастықпен құлақ қойысқанбыз.
Екеуі екі жағымыздан жақындап, екі бетімізден бір мезетте сүйіскен. Аз ғана сәт кідіріскен. Қоштасқанбыз.
Автобустан қарағанбыз. Біз. Әдебиетші әйел мен Хұсни ханымыңыз қайырымды қалаңыздың қалың коттедждер қаптаған қапталына қарата баяу аяңдап бара жатқан.
Кенет екеуі бірдей бұрылған. Қол бұлғасып тұрысқан. Көпке дейін.