Мейірімділік – тәрбие бесігі

Көрнекі сурет. Интернеттен алынды
Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен тәлім-тәрбиеге негізделген отбасылық құндылықтар – адам ғұмырының ажырамас бөлігі. Өкінішке қарай, қазіргі заманда отбасылық құндылықтардың түрлі өзгерістерге ұшырауының салдарынан ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас әлсіреп, арты қайғылы жағдайларға дейін әкеліп соқтыратын жайттар жиі кездесуде. Бұған себеп – ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы мен сеніміне сызат түсіп, әке мен ананың бала тағдырына немқұрайлылық танытуы. Бір жағынан, телефон мен компьютердің жетегіне ерген „Z“ ұрпақтың ата-аналары тіршілік қамымен жүріп үй бетін көрмеуін де маңызды себеп деуге толық негіз бар.
Отбасы – махаббат мен мейірім, сенім мен құрмет ұялаған мемлекет негізі. Баланың өмірге келіп, жеке тұлға болып қалыптасуында отбасының орны ерекше. Ата-ананың берген тәлім-тәрбиесі мен көрсеткен үлгі-өнегесі, танытатын қамқорлығы баланың рухани дүниесінің кемелденуі мен жақсылыққа апарар жол екені белгілі. Жеткілікті бөлінген көңіл мен жақсы тәрбиенің негізінде ұрпақ бойында қалыптасатын сүйіспеншілік, сыйластық, шынайылық, жауапкершілік секілді қасиеттер тағы бар.
Бүгінде отбасылық құндылықтарды сақтау, нығайту – мемлекет алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Қазақта «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай сыйла, он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген тағылымды сөз бар. Әрине, бұл қағида баланы қаршадайынан мейірімге бөлеп, есейгенде жауапкершілікке үйретіп, кейін тең дәрежеде тұлғалық қарым-қатынас жасаудың маңызын айшықтайды.
Шексіз сүйіспеншілік, құрмет, сенім, жауапкершілік және білімге ұмтылыс секілді отбасылық құндылықтар – әр отбасы үшін түрлі қиындықтарды еңсеруге әрі бақытты өмір сүруге көмектесетін негізгі принциптер. Мұндай қағидаларға негізделген жанұя бірліктің мәнін терең ұғынатын, кикілжіңді бірге отырып шешетін және психологиялық тұрғыда сау азаматтарды өсіріп шығарады.
Қазіргі дәуірде болып жатқан нарықтық-экономикалық, саяси-әлеуметтік, идеологиялық өзгерістер қазақ азаматтарының да индивидуалды санасы мен әлеуметтік-психологиялық мінез-құлқына зор ықпалын тигізіп, оның салдары қоғамдық сананың өзгерістерге ұшырауына алып келді.
Жаратқанның адамға берген ең құнды игілігі өмір болса, сол өмірге өкпелеп, өзіне-өзі қол салатындардың әрекеті бардың қадірін бағаламай, бақты басқа тепкенмен бірдей десек, артық айтқандық емес. Өкінішке қарай, заман ағымы ілгері жылжыған сайын өрескел қадамға барушылардың қатары көбейіп, бүгінде әлемдік дәрежедегі әлеуметтік маңызы бар келелі мәселеге айналып отыр.
Жасөспірімдерді суицид жасауға итермелейтін басты себептердің бірі – ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың бұзылуы. Мәселен, суициденттің 40%-ы тек ананың тәрбиесін көргендер және ата-анасы ажырасқандар немесе ата-анасы үнемі ұрысып-керісетіндер. Ал 25%-ы жанұялық жағдайы қалыпты отбасылардан шыққандар. Ғылыми дереккөздерге үңілсек, әкелері ішімдікке бой алдырғандар психологиялық соқы алып, суицид деңгейінің 55%-ын, әулетінде жақсы қарым-қатынас орнатқанымен шектен тыс тыйым мен қатал тәртіпке шыдамаған жасөспірімдер 10%-ды көрсетті.
Соңғы жылдарда әлемде ғана емес, Қазақстанда да өзін өлімге қиятын азаматтар деңгейі артуда. Twitter желісінде жарияланған тізімнен 4-ші орынға тұрақтаған көк байрағымызды көргенде, жағамызды ұстағанымыз рас. 2019 жылғы әлемдік көрсеткіш бойынша бірінші орында – Оңтүстік Африка (23,5 %), екінші орында – Ресей (21,6%), үшінші орында – Оңтүстік Корея (21,2%), төртінші орында – Қазақстан (18,1%), бесінші орында – Украина (17,7%) алғашқы бестікке еніп, көш бастаған.
2022 жылдағы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы суицид көрсеткіші 20-орынды көрсетсе, ал 10-19 жас аралығы бойынша 10-орынға жайғасыпты. 2023 жылғы Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сүйенсек, Қазақстан әлем бойынша 19-орынды көрсеткен. Оның ішінде 155 суицид жасөспірімдер арасында болған.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сай, Қазақстандағы өңірлерде суицидтік жағдай Жамбыл облысында 3%-дан 13%-ға, Алматыда 12%-дан 16%-ға, Қостанайда 6%-дан 8%-ға, Солтүстік Қазақстанда 2%-дан 5%-ға өсіпті. Түркістан облысында да суицидке қатысты 36 оқиға тіркелген. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде 16%-дан 18%-ға дейін, Атырау облысында 8%-дан 14%-ға дейін артып, өз-өзіне қол жұмсау дерегі анықталған.
Ел азаматтарының күйбең тірлік, жетіспеушіліктің салдарынан ғана өздерін өлімге итермелейтін қадамдар жасайды деп тұжырым жасауға әсте болмайды. Себебі, деректерге көз жүгіртсек, экономикасы һәм әл-ауқаты бізден біршама артта қалған мемлекеттердің өзінде адам шошырлық мұндай статистика кездеспейді. Сонда елімізде бұл кеселдің тереңінен тамыр жаюына не себеп? Адам тек тұрмыс тауқыметінен баз кешпейтін секілді…
Аустриялық психиатр-терапевт, талай адамның өмірін араша алып қалған Виктор Франкл логотерапия ілімінде суицид туралы мынадай қорытынды жасайды: «Адам өмірден мән тапқанда ғана өмір сүруге деген құлшынысы артады. Ал мән жоғалған кезде адамды Әзірейілдің ажал тырнағынан ештеңе құтқара алмайды». Мұндай салмақты тұжырым жасаған Виктор Франклдың сөзінің жаны бар. Өйткені Виктор Франклдың Екінші дүниежүзілік соғыста концлагерьде тұтқын болып, өзінің өмірге деген құштарлығының арқасында ғана аман қалып, ғасырға жуық өмір сүргені көп дүниені аңғартады. Аустриялық психиатрдың өмірін сақтап қалған, өзі айтқандай, ол – өмірлік мән мен махаббат.
«Тәжірибеде ата-аналарына қарсылық білдіруге батылдық таныта алмайтын бала қиыншылыққа мойынсұнғыш, сезімге тәуелді болып өседі. Сондай-ақ ананың өктем, мазасыз және тым мейірімді сезімдерінің бір мезгілде қатар келуінен бала өмірге дұрыс бейімделе алмай, бұл көп уақытқа созылған астенизацияны тудырады.
Мінез-құлқында ауытқушылығы бар ата-аналар балаларымен «монолог түріндегі диалогпен» сөйлеседі. Жақындарының баланың ойымен санаспауы суициденттерде «мені түсінбейді», «менімен санаспайды», «мен не айтсам да ұққылары келмейді», «не істесем да жақсы көрмейді, онда маған өмір сүріп не керек», – деген аффектілі-қарсылық мінез-құлықтың қалыптасуына алып келеді. Осы орайда А.Г.Абрумованың ұсынған суициденттердің мінез-құлқының классификациялық формасын атап өткім келеді. Біріншісі, суицидальді мінез-құлық – кез келген ішкі және сыртқы психологиялық жағдайлардың өзін-өзі өлтіруді ойлауға бағыттайтын формасы. Екіншісі, ішкі формалар – суициденттердің ойлары, беталыстары, түпкі ойы және ниеті. Суицидті мінез-құлыққа қиялданып уайымдау түрткі болады, өзінің өлімі туралы айқын көз алдына елестетпейді, тек қана өмірді мойындамаумен шектеледі. Өмірдің мәнін бағаламауын, олардың «өмір сүрудің қажеті жоқ», «өмір сүріп жатқан жоқпын, тек тіршілік етудемін» деген сөздерінен байқауға болады. Үшіншісі, пассивті суицидті ойлар – «өліп қалсам жақсы болар еді», «ұйықтап оянбай қалсам» деген қиялдары арқылы өздерінің өлімі туралы елестету. Бұл ойлар оны суицидке іштей дайын екенін көрсетеді. Төртіншісі, суицидальді түпкі ойлар – суицидальді қимылдың белсенді формасы, өзін-өзі өлтіру үшін орын мен уақытты таңдап, нақты жоспарын құру. Бесіншісі, суицидальді ниет – өзін-өзі өлтіру туралы шешім қабылдау және тікелей суицидальді әрекетке кірісу.
Ал ашықтан-ашық қоқан-лоққы жағдайда суицидті әрекет шартты түрде болуы мүмкін. Әрине, мұнда саналы түрде өмірге қауіпті әрекеттермен айла-амал жасалады. Бұл көбінесе ренжіткен адамды жазалау мақсатында, қоршаған ортасын кек алу және сол арқылы оған қолайсыз жағдай туғызу тәсілі» , – дейді белгілі психолог Меруерт Әділбекова.
Айналаңдағы араласатын жақын жандарға ренжу, жан күйзелісіне шыдай алмау, тығырықтан шығу жолып таппау, қателікке ұрыну, үмітсіздікке бой алдыру, отбасындағы кикілжің, қаржылық мәселе секілді түрлі себептер адам өмірін қиындататыны анық. Дегенмен, қиындық кімде жоқ дейсіз?! Қиындық пен қызықтың қатар жүруі – өмір заңдылығы.
Әлеуметтік педагог Зульфия Мусинаның айтуынша, ата-ана мен балалардың арасында пайда болған сызат тек тұрмыстық кикілжіңдер мен жетіспеушіліктер салдарынан туындап отыр деп кесіп айтуға келмейді. Басты мәселе отбасылық құндылықтарды қоғам болып тәрбиелік құралға айналдыра алмауымыздан екен.
«Жастар – ұлт жанының айнасы, ертеңгі болашағы. Егер халық қоғамдағы мәселелерді шынайы түрде қабылдай алса, онда балалардың да іс-әрекетіне көңіл бөліну қажет. Жастар арасындағы суицид мәселесіне тек ата-ананы немесе оқу орнын жазғыру қателік. Десек те, таңның атысы, күннің батысы күнкөрістің қамымен баласына бір үзім нан тауып берсем деген ата-ананың перзентіне немқұрайлылық танытып, жақын сырласпауы жалғызсыраған жасөспірімдердің теріс жолға түсуіне соқтырып отыр. Сондықтан да қазақ қоғамы балаға да отбасының толыққанды мүшесі ретінде қарап, әрдайым онымен сырласып, ақылдасып, қажет кезінде қолдау көрсетіп отыруы тиіс. Шаңырағындағы шаттық пен мейірімді, ата-ана қолдауын сезінген балалар оғаш қылық көрсетпейді», – дейді әлеуметтік педагог.
Бүгінгі масс-медиа әлі толық қалыптаспаған баланың санасына, психикасына қиратушы күш ретінде әсер етуде. Медиа құралдары арқылы 90 пайыз жағымсыз ақпарат таралуда. Жасыратыны жоқ, бүгінде баланың тәрбиешісі – ата-ана, мұғалім емес, телеарна мен ғаламтор.
«Жастар тәрбиесінің ақсап, отбасы институтының тәрбиелік тұрғыда әлсірей бастауының басты бір себебі – сана экспансиясы. Мәселен, сана экспансиясы бұл – саяси, діни, мәдени экспансия. Ресей ғалымдарының жүргізген зерттеулеріне қарасақ, жасөспірімдер арасында суицидке қатысты сауалнама жүргізгенде, олардың 89 пайызы өзін өлімге қимаған, тек мәселеден құтылғысы келген. Отбасы – сіз бен біз. Отбасы да жас бала секілді. Баланы қалай тәрбиелесек, қоғам да отбасыны солай тәрбиелейді. Экспансияларға бой алдырудың басты себебі – халықтың психологиялық иммунитетінің тым әлсіздігінде» деген дәрігер-психолог Абылайхан Рысдәулеттің пікірін де ескермеу мүмкін емес.
Өрімдей балалардың өмірмен ойнап, түрлі теріс қылықтар көрсетуіне ата-ана қамқорлығының жетіспеуі, депрессия, мектептегі әлімжеттік пен кемсіту түрткі болатынын психологтар дабыл қағып айтуда. Қазіргі таңда жәбірлеудің негізгі бағыты – буллингтің де қаупі өршіп тұр. Ашып айтқанда, буллингтің кең тараған түрі – жасөспірімдердің жеке басын кемсіту әрекеттері. Мәселен, осыдан бір-екі жыл бұрын сыныптастарының келемеждеуінің салдарынан 12 жастағы жеткіншек өз-өзіне қол жұмсаған. Сыныптастары сайыста командаларының бірнеше рет жеңілуіне футбол ойнай алмаған оқушыны жазғырады. Психологиялық қысым мен келемеждеуге ұшыраған бала суицидтік әрекеттен қайтыс болады.
Ата-аналары бөлек тұратын немесе ажырасқан отбасының балалары ерекше қамқорлық пен мейірімді қажет етеді. Бөлек тұру немесе ажырасу салдарынан биологиялық туған ата-анасының бірін жоғалту балалардың құлазуы мен оғаш мінез-құлқын қоса алғанда, олардың бойындағы психикалық ауру белгілерінің даму қаупінің жоғары болатынын көрсетті.
«Қазақстан дамуының жаңа сатысындағы отбасылық-демографиялық және гендерлік саясат» атты Халықаралық ғылыми конференцияда комиссия төрайымы, еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева: «Қазақстан үшін отбасы институты – мемлекеттің маңызды тірегі және отбасы саясаты – ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі», – деген еді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметке жыл сайын ана мен баланы қорғау, отбасының әл-ауқаты саласындағы заңнамалық мүмкіндіктерді жоғарылтау бойынша бірқатар міндеттер алға қойылады.
Қазақта «әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген керемет тәмсіл бар. Өкінішке қарай, нәзік жандыларға күш көрсетіп, өзінің отбасын ойрандайтын ер-азаматтар да жоқ емес. Негізінен отбасындағы келеңсіздіктерді тудыратын негізгі факторлардың қатарына тұрмыстық жетіспеушілік, жұмыссыздық, одан туындайтын материалдық деңгейдің төмендігі, маскүнемдік, нашақорлық сынды әлеуметтік-экономикалық құбылыстар жатады. Ресми деректер елімізде жыл сайын отбасындағы зорлық-зомбылықтан 400-ден астам әйел адам көз жұматынын дәлелдеді. Бұл қайғылы статистиканың соңы жетім бала, ойраны шыққан отбасы, абақтыға тоғытылған ер-азаматтың шарасыз жайына алып келеді. Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда 150 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 70 мыңға жуығы отбасылық әлімжеттілік фактілеріне тиесілі екен.
Қазақстанда отбасылық зорлық-зомбылық құрбанына айналғандар үшін көмек алудың арнайы алгоритмі әзірленген. Мәселен, құрбан болған жан 102 нөміріне хабарласып, тәртіп сақшыларына зорлық көргені туралы ауызша арыз бере алады. Тағы бір амал, «Qamqor.gov.kz» порталы арқылы онлайн-өтінім беруге мүмкіндік бар.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық, моральдық, материалдық көмек көрсетуге бағытталған «Дағдарыс орталықтарына» аналар мен кәмелет жасына толмаған балалар көптеп хабарласады. «Дағдарыс орталықтарының» басты міндеті – ана мен баланың құқығын қорғау.
Өркениет қағидаттарына негізделген кез келген азаматтық қоғамда ана мен бала құқығы, қауіпсіздігі бірінші кезекте қорғалуы шарт. Ұлт келешегі әр отбасында тәрбиеленіп отырған жас ұрпаққа байланысты. Демек, отбасы құндылықтары әрқашан елдің де, биліктің де назарында болуы тиіс. Отбасылық құндылықтарды қатаң сақтаған елде ғана тәртіп пен тәрбие қатар жүреді. Мейір – махаббаттың тәрбие бесігі екенін естен шығармайық.
Дана САДЫРҚАН