Мейрамбектің әндері жаныма нұр құяды

«Құлақтан кіріп бойды алар,

Әсем ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй».

Жаныммен, жүрегіммен сүйетін Абайдың бұл өлеңін менің еске алып отырғаным бекер емес. Осындағы «Көңілге түрлі ой салар» деген өлең жолында үлкен құпия, ашылмаған сыр жатыр. Әлемге әйгілі математик Давид Гильберттің  шешілмеген сұрақтары сияқты көңілдегі ой – әр пенденің өз құпиясы, сыры, сыр-сандығы. Сондықтан да – «Әр кәллада бір қиял».  Қиял деген біздің ауылда да жетіп артылады.

Мейрамбектің әнін жұмыс істеп отырғанда да, жол жүргенде де, қолым босағанда да, жаяу жүріп қыдырғанда да, машинада да тыңдай беремін. Және  оны тыңдаудан жалыққан емеспін. Мейрамбек айтқан әндердің музыкалық иірімдері, темп ритмі, ырғағы – қазақ елінің менталитеті, өмірі, тіпті пәлсафасы десек артық емес. Біз қазір қандай да бір саф дүниеге – брендке қатысты сөз айта қалсақ, «ұлттық» дегенді қосып айтамыз. «Ұлттық кітапхана», «ұлттық театр», «ұлттық оркестр», «ұлттық мұражай» т.т. Осы тұрғыда мен Мейрамбек Бесбаевтың  дауысын, үнін, оның салған әндерін, ешкімге ұқсамайтын тембрін «ұлттық» десем артық болмас.

Қазақ киносы тарландарының бірі Қанымбек Қасымбековті қазіргі оқырман, көрермен көп біле бермес. Өткен ғасырдың 70-80-90 жылдары Каноның (біз Қанымбекті өз ортамызда осылай атайтынбыз) есімі ерекше қадырлі де сыйлы-тұғын. Оның алғашқы жұмысы «Шоқ пен Шер» халықаралық Монте- Карло кинофестивалінде бас бәйге алған-ды. Қанекең – біздің атағы жер жарған режиссер ағамыз еді. Сол кісінің «Қоштасқым келмейді» фильмінде Мейрамбек алғаш көзге түсті. Кино да, ән де бүгінгі тілмен айтқанда «хит» болды. Көгілдір экраннан аталған фильмді асыға күтетін жастар көп. Оның үстіне бұл әнді Мейрамбек  те ұмыта қойған жоқ. Реті келгенде әлі айтады. Әлі күнге той жиында жастардың сүйіп айтатын әні осы – ән. Авторы – әнші, композитор «Голливудта Болливуд» боп жүрген Марат Омаров. Фильмнің де,  режиссердің де табысы – бозбала актер Мейрамбектің осы әнді айтуы. Бозбаланың бойындағы тазалық, албырттық, адалдық, ұяңдық, сезімталдық, сұлулыққа іңкәрлық – бәрі-бәрі осы әнде, осы кейіпкерде бар. Фильм сонысымен құнды, оның ерекшелігі де сонда  жатыр.

Кәусар бұлақтың басындағы мөлдір судай тап-таза. Қыстың күні, аязда   тұншыққан асау өзеннің құлағанындағы атылып барып қатып қалған моншақ мұзындай…

Мейрамбекті өнерге баулыған, тұсауын кесіп, топқа қосқан – Алтекең. Алтынбек Қоразбаев.  Алтынбек Қоразбаев – қазақ өнерінде орны бар, өрнегі бар, өзіндік қол таңбасы өзгелерге ұқсамайтын сазгер. Ол кісінің симфония жазғанын естісем де есімде жоқ. Бірақ, Саркөкемнің «Сағындым Алматымды» әні әр қазақтың жанында, әр әншінің жүрегінде екені рас.

Тоғызға толмаған ойын баласын Жамбылдағы филормония директорына мұғалім апайы алып келеді. Алтекең оған ән салдырып тыңдаған. Тыңдаған да дәл таныған. «Бұлақ көрсең көзін аш». Бұл мәтел – Қоразбаевтың болмысы, өмірлік қағидасы, кредосы.

Ол іргедегі Глинка атындағы музыкалық колледжге Мейрамбекті алып барды. Қас қылғандай, музыкалық колледж қоныстанған Жамбыл қаласында Жамбылдың жанына өмір бойы серік болған домбыра болмай шықты… Абыржитын Алтынбек емес… Баланы қобызға берді. Мейрамбек осылайша өнер өңіріне алғаш қадам басты. Кейін Консерваторияға, артынан Өнер академиясына ауысты.

Менің ол кезде Қазақ Мемлекеттік Театр және Кино институтында, яғни Өнер академиясында ректор кезім. Алып-ұшып Алтекең келген. Қашанда от ала келген кісідей асығыс. Осылай да осылай, «бір балам бар, жақсы әнші, тамаша күйші. Сол бала Консерваторияда қор боп жүр. Баланы осы Институтқа алсаң» деп, қолқа салды. Ол кезде Қоразбаев көкеммен тығыз араласпасақ та, сыйластығым бар. Алдым. Мейрамбектің Өнер академиясында оқуына сөйтіп сеп болғаным бар-ды…

Ғажайып әуен күйсандықтан құлай түскен. Жинақы әрі жанға жайлы. Жағалауға қайта-қайта соғылып, Медеудің   басынан төмен қарай жүгірген толқын тәрізді – ойнақы да ерке.

«Қосамын әнге атыңды

Тосамын әр хатыңды

Сағындым алма бағын

Арайлы Алматымды.

Сағындым аққу үнді,

Сағындым ақ гүлімді.

Алматым, сыйладың сен

Шабытты шаттығымды».

Ғашық жанның алыста жүрген арман-қызға арнауы. Тыныштығын талқан етіп, түн ұйқысын ұрлаған Алматының өзі емес, оның аппақ қызына арналған әсем әуені.

Мейрамбек бұл әнді жалғыз емес, «Музарт» тобымен бірге айтады. Қасында – Кенжебек пен Сәкен.

Бір заманда дәл осындай әнді Совет Одағының елі түгел айтқан еді. Ол – Соловьев Седойдың әні – «Подмосковные вечера» болатын. Бұл ән де ерекше. Түңгі кеште, бақ ішінде қол ұстасқан ғашық жандардың әуезі, әні… Тура солай… Бір әнде – Мәскеу, бір әнде – Алматы.

Талай-талай ғашықтардың, әсіресе, арулардың бойындағы ұяңдық пен  ұялшақтық, үркектік пен тазалық жоғалмаған жақсы кезде туған ән.

Мейрамбек «Сағындым Алматымды» әнін топпен бірге шырқаса да, дауысы ерекше естіледі. Жоғалмайды. Тыңдарман сол үшін де сүйіктісін күтеді, іздейді… асығады… алып ұшады…

Мейрамбек бала кезінен үлкен-үлкен тұлғаларды көріп қалды. Тұлпар болар құлыншақ сәйгүлікпен бір жүрер. Мейрамбек Нұрғиса көкесін көрді. Батасын алды. Қазақтың дүлдүл ақындарымен, талантты әншілерімен аралас құралас болды. Шамасы келгенше ағаларына қамқор болып, қастарынан табылды.

«Көк шыққанға бір қуанып,

Шөп шыққанға бір қуанып.

Өмір өтті ау зырғып ағып, зырғып ағып…

Сарғалдаққа бір қуанып,

Қызғалдаққа бір қуанып,

Өмір өтті ау зырғып ағып, зырғып ағып…».

Бұл – талантты ақын, өмірдің қызығы  мен шыжығын қатар татқан Есенкұл Жақыпбектің өлеңі. Өмірдің қысқа, уақыттың келте екенін мойындаған, бас иген, шарасыздан шарқ ұрып, маңайынан қарманатын тал таппаған ақынның күйзелісі, көңілі… көңіл күйі… мазасы мен азасы… Өмірдің мәні мен мағынасын іздеген Қорқыт баба іспетті мұңаяды ол.

Мейрамбектің дауысы, үні, толғануы, толқуы, тебіреніс толғауы әр пендеге ой салады. Мына қысқа ғұмырда жылтыраған зат емес, дорбалаған ақша емес, адам үшін ең керегі – сыйластық пен махаббат екенін емеурінмен меңзейді. Бұл әуенде сағыныш бар. Алаңсыз өтіп бара жатқан жастығына деген ностальгия бар… Эдвард Григтің «Пер Гюнт» сиютасындағы Сольвейгтің әніндей сазды әуез бар. Мейрамбек әр тыңдарманының қасына кеп құшақтап, бауырына басқандай қимылсыз қалып, мына әуез бітпейінше қозғалғың келмейді. Жо-жоқ, керісінше бұл ән бітпесе екен дейсің. Қоңыр әуен сазына батып ояңғың жоқ. Құдды сонау сәби шақтан анаң салған жай ғана бесік жыры іспетті. Сондықтан да Мейрамбекті Елі жақсы көреді, сыйлайды, төбесіне көтереді.

«Көк аспаннан бара жатыр,

өмірімнің жұлдызы ағып.

Жетем деген арман жолым

Бара жатыр жол да ұзарып,

Жұлдыз неткен мұңлы жарық, мұңлы жарық».

Жо-жоқ… бұл пессимизм емес, керісінше  философиялық оптимизм. Мына қысқа ғұмырда адам үшін ең маңыздысы, ең керегі – маңайыңа нұр шашу, жақсылық жасау, танитын, танымайтын, ойда жоқта кездескен жандарды қуанту, құшақтау, бауырыңа басу. Адам үшін одан басқа не керек?!.

Мейрамбек отыз жыл бойы осылай ән салып келеді. Бүгінде не көп – «жұлдыз» көп. Кеудесіне нан піскен де, көздеріне шаң түскен де жетерлік… Ал Мейрамбек өзгеше. Басқаларға ұқсамайды.

«Дүние қызыл жасылды,

Сан ұрпақ саған бас ұрды.

Толқын да толқын қазақтың,

Топырақ бетін жасырды.

Өткізіп қилы ғасырды,

Ырысың жатқа шашылды.

Тау менен тасқа соқтым мен,

Халқым деп ғазиз басымды…».

Бұл кешегі Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет, Досмамбет, Бұхар жыраулардың жаңғырығы емес пе? Ұрпағына өсиет айтып, болашаққа үңілген дүлдүлдердің  бізге қалдырған өсиеті осы ғой. Кейде маған Мейрамбек сол абыздарды еске салады. Ол сүйікті елін, тыңдарманын, осылай: айқайламай, бақырмай-шақырмай, қоңыр әуен, көңіл әуезімен аялап келе жатқан іспетті. Абыздық жасқа емес, дарынға тән екенін еске түсіргендей…

Содан бері  талай су ақты, қыс өтіп, көктем келіп, талай моншақ еріген… Өзгермеген Мейрамбектің әуезі мен әні ғана… Бала кездегі бір көрініс жадымда қалыпты. Алатаудың бауырында атақты Асы жайлауы бар. Әкем екеуміз бір үйге тоқтағанбыз. Түнде кеш жаттық. Таңертең тыңқылдаған домбыра үні оятқан. Далаға шықсам – үйдегі ата екен. Керегеге арқасын тіреп алып, жай ғана ыңылдап отыр. Қоңыр дауысымен ұйықтап жатқан немересін оятқаны екен. Домбырасы болмаса да, талай әжелер мен аталардың ертегі айтып, немерелерін ұйықтатқанын көргенім бар. Алайда сүйікті немересін әнмен оятқан қарияны көріп, таң  қалғаным рас… Мені де Мейрамбек  дәл солай оятады, ойландырады, таң сібірлеп атқанда шаңырақтан түскен күннің сәулесіндей маңайына жарық  төгеді. Нұрландырады, жаныма нұр құяды. Қоңыр әуен алысқа сілтеп, маңып барады. Қандай ғажап ән! Мейрамбектің дауысы, ұлттық әуез. Қоңыр үн… қоңыр әуен…

Талғат ТЕМЕНОВ,

кинорежиссер,

Қазақстанның Халық артисі, профессор




ПІКІР ЖАЗУ