Меккесі жырдың Жидебай…

ЖЫРҰЙЫҚ

«Қарайсың Қарауылдан Жидебайға,

Бергендей күнде сəлем ұлы Абайға».

Қасым

Жерұйық емес, жырұйық,

Жидебай зият мекенім.

Асылдың көзі тұңғиық,

Айналып қалай өтемін?

 

Жиделі Байсын дейтіндей

Жер құты және жыр құты.

Қырымнан толғап, еркіндей,

Қансонар салған бүркіті.

 

Көкала бұлттан сыр ашып,

Көңілін күңгірт делбеді.

Бейуақпен ақын мұңдасып,

Бесігін жырдың тербеді.

 

Жидебай жалқын арайы

Жар болып жанға жабыққан,

Ашылып алтын сарайы,

Аныққа көшкен танықтан.

 

Әз сәлем жолдап алғыға,

Жырғады жырды Жидебай.

Өзегін өртер зарды да

Өлеңмен өрді ұлы Абай.

 

Қамығып қапа дертімен,

Қазағым десе, қайғы ойлап.

Алапат жүрек өртімен

Жалындап жанып, жайды айдап.

 

Күн кешті солай мұңды Абай,

Дидарын көрген тәңірдің.

Меккесі жырдың Жидебай,

Тәу етіп саған, табындым.

 

Кіндігі қазақ жырының

Кесілген жері – Жидебай.

Өркенін ана тілінің

Өсірген жері – Жидебай.

 

Желбіреп туы рухымның,

Жидебай-Мекке құламай,

Киесі болып жұртымның

Жасай бер мәңгі, жыр Абай!

БАҚЫТ ТУРАЛЫ ЖЫР

Жарым-ау, сен – бақытты, мен – бақытты,

Бұдан асқан рахат жоқ жанға, тіпті.

Құрбыларға айтар ем: бақыт сыйла,

Одан басқа бермеңдер жарға түк те.

 

Бақыт болса…

Дүниенің бар байлығы,

Өмірдің жылтыраған жайраңдығы –

Қажеті не, достарым, сондықтан да,

Тек бақыт керектігін ойлан бүгін.

 

Ойлан бүгін, ертең де, аргүні де,

Мүмкіндік бар күні де, тар күні де.

Жарыңа бақыт сыйлар құдірет бар,

Туған жердің хош иіс әр гүлінде.

 

Күлкіңде де, биязы сөзіңде де,

Адалдықпен нұрланған көзіңде де,

Жарыңа бақыт сыйлар құдірет бар

Балаңды бауырыңа алған кезіңде де.

 

Шын бақыттан мен кейде мұң табамын,

Мағынасыз мастыққа мін тағамын.

Салқын түнде оралып сағынышпен,

Бақыт, бәлкім, көрпесін қымтағаның.

 

Айта алман сыпайы бол, сөкпе деп те,

Бақытты болар мүмкін өкпелеп те.

Тәйір-ай, қымбат мүлік емес қой ол,

Бақыт үшін сондайлық көп керек пе?

 

Көп керек, бақыт үшін, аз да керек.

Бақыт бізді бөлер-ау сазға бөлек.

Бақытқа батырлық та, батылдық та,

Бақытқа нәзіктік пен наз да керек.

 

Солай, жаным, бақыттың нарқы қымбат,

Бақытқа жете алмайсың ар шығындап.

Базаршыдан бақытты таба алмайсың,

Барсаң да уыс-уыс алтыныңды ап.

 

Бақыттан арзан да жоқ, қымбат та жоқ.

Бақыт жайын білмеспіз жырлап та көп.

Жігіттер, өзің – бақыт, жарың – бақыт,

Айтам тек Бақытыңды құрметте деп!

ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ДЕРТ

Жүз жыл болды.

Жан досымды көрмедім.

Неге бұлай?

Өзімді өзім тергедім.

Жүз жыл бойы жан досымды ұмыттым,

Жүз жыл бойғы жалғыздыққа өлмедім.

Жар жалғыздық жапырағын жайды да,

Доссыз өтті қуаныш та, қайғы да,

Қалды қайда хош көңілдер сеніскен,

Дос жүректер семсер серттен тайды ма?

Солай ма еді?

Оңай ма еді сертіміз?

Сөнгені ме лапылдаған өртіміз?

Дауа таппай дуасынан достықтың

Жан шері боп қоздай ма енді дертіміз?

Жүз жыл бойы көріспеу де оңай ма,

Сері сезім суымай ма қалай да?

Кеуде соққан күндер қайда, көкем-ау,

«Мен достыққа адалмын» – деп алайда!?

Жалғыз күлдім.

Жалғыз жүрдім.

Жалғыз-ақ

Жар салыппын дүниеге жалбырап.

Жалғыз өзім қарсылаппын, құдай-ау,

Атқан талай ақ таңдарды албырап.

Арадағы – айыпты ма қашықтық?

Асқақ күйді неге сонша жасыттық?

Алдымыздан асқар-асқар белестер

Көрінгенде – жалғыз шауып асықтық.

Уағдаласқан достық қайда?

Дос қайда?

Құдай мені күнәһарға қоспай ма?

Құз басынан құлдыратып, құлатып,

Шырқыратып шыңырауға тастай ма?

Қалт еткізбей бағып тұрған Жаратқан

Қандай жаза бұйырса да – сауаптан.

Даңғаза мен дарақыға алданып,

Қия бассам Достық деген Дарақтан!

Жүз жыл солай жан досымды көрмедім.

Жүрегімді жүкпен ауыр теңдедім.

Жүз жыл бойғы дертім болған сол достың

Маған деген мейіріне шөлдедім.

Көрмедім-ау…

Шөлдедім-ау…

Зарықтым!..

Күйін кештім құмда қалған балықтың.

Жүз жыл бойы дертім болса, дариға-ай,

Мен достыққа адал болып қалыппын…

ЖЕР

Жер үстінде жаралып мен келемін,

Жер жебеді – жойылып өлмегенім.

Әзірейіл әкелсе суық хабар,

Жер-бесікте мәңгілік тербелемін.

 

Жер бетінде жоқ сірә, көрмегенім,

Ерлегенім, бәрі есте, өрлегенім.

Жерден кетсем, ақ табан шұбырынды,

Қаратаудан қан жұтып сенделемін.

 

Қазағымды сақтаған жер киесі,

Қасиеті, Жер-Ана тәрбиесі.

Алатау мен Алтайдың, Сары Арқаның,

Алқап Тәңір, болғанмын мәңгі иесі.

 

Қойнау-қолат, шұраты, жердің түгі,

Туып-өскен жерменен елдің күні.

Жерден қымбат не бар-ау дүниеде,

Арзандаған заманда ердің құны.

 

Әрбір тасы, жаңқасы ағашының,

Қарашығы қазақтың баласының.

Қарашықтан тайса нұр не болады,

Көрер ме көз өмірдің қарасынын?

 

Қарашығын көзімнің сатам дейді,

Байлығына белшеден батам дейді.

Өңкей сатқын, көрсоқыр, көрдемшелер

Киемді ұрлап, қызықтап жатам дейді.

 

Мұны да бір мұғжиза, белгі деші,

Жерім кетсе, елім де өлді деші.

Жерге қоса тілің мен ділің өшсе,

Қазағымның қалады енді несі?

 

Заман өтіп құлынды бие сатар,

Шыққан екен залымдар кие сатар.

Қара жерді құтайтпай сатқандарды

Қара жердің құтқармай киесі атар!..

ТАЛҚЫ

Айтайын адалымды не де болса,

Бұл заман ұнамайды маған онша.

Қораны қоқыс ойлар қобырсытқан,

Жалп етер шам-шырағың жана қалса.

 

Ырықсыз ит-ырғылжың, дау мен дамай,

Ылыққан боқ жемеде әуре адам-ай!

Тұншыққан тымырсықта тыныс таппай,

Түнекті жарып шығар сәулем қалай?

 

Басқаға бағынышты барқадарым,

Аңдулы аңысым да, әр қадамым.

Өзекке түскен құртты  елеместен,

Өзеуреп езген жұрт-ай малталарын!

 

Жатқан бір жалпақ ауыл ғалам деген,

Ауылда ақтылы қой бағам деп ем.

Баққаным қысыр сөз бен өсек қана,

Кем болды, кеберсіді санам неден?

 

Бусанып бұрқырады буым іштен,

Жусады ірілігім ібілістен.

Қазағым қазақ болмай, мазақ болса,

Азап пен күйініштің уын ішкем.

 

Жанымда теңіздейін сапырылған,

Арылар бола ма күн ғапыл мұңнан?

Үмітің бар ма сірә жарылқанар

Ұлыңнан жат боп туған жатырыңнан?!

 

Қарғаша қанағат қып барға ғана,

Торласа қалың тұман арман – ада.

…Тағдырды түлкі бұлаң алдан ора,

Талқыны талқан қылып, алға қара!

КӨРДІМ…

Бүгін мәре – биіктегі билік-төр,

Сумаңдаған сүйрік тілге сыйлық бер.

Бәйгелерде болып алған шаппай-кер

Жампозсынған, жараусынған «жүйріктер».

 

Қорқытқаннан қойынына тас тығып,

Қорасында Құлагердей хас күлік.

Бағып тұрар Батыраштың балтасы,

Өрлей шапса бастан ұрар қас қылып.

 

Таң қалмадық – тұғыр озса тұлпардан,

Тал қармадық – қиып түссе қылтаңнан.

Әкімдерім олжалардан қағылмас,

Әккілерім одаларды шырқарман.

 

Шынның жүзін бұлт басқандай бұл күні,

Қыр басынан қырт асқандай, біртүрлі.

Ай бетінен айғыздалған алапес,

Күн бетінен көрдім көлгір күлкіні…

 

КИІК ҚЫРЫЛҒАН

«Бетпақдала таралымындағы киіктердің 132329 өлі денесі жойылды…»                                    

  Газет хабары

Көшкендей құтым ұйықты қырдан,

Көмейге қапа, күйік тығылған.

Ай менен күннің аманында мына

Албаты нәубет: киік қырылған?!

 

Өкінішімнің өртін құшамын,

Сары сақарада көлкіген сағым.

Елестетем көзге еркін де ерке

Ақбөкендердің жөңкілген шағын.

 

Қырында киік ойнаған еді,

Қызығына қазақ тоймаған еді.

Адам атадан бері ақбөкендерім

Ата мекенін жайлаған еді.

 

Даламның кие, көркіндей еді,

Бозбала киген бөркіндей еді.

Арқаның төрі – киік жайлауы,

Бетпақтың шөлі – төркіндей еді.

 

Сұлулықты сүю сертім деп едім,

Беліме садақ беркінбеп едім.

Сары жазықта сағымдай аққан

Киік нөпірлі толқын көремін.

 

Динозаврлардың бел құрдасындай,

Қазағым үшін төл жыр басындай.

Киіктің лағы – лағыл тазалық,

Көзімнен аққан мөлдір жасымдай.

 

Ағады бүгін көзімнен жасым,

Алапат көрдім өзімнен басым.

Ескен самалдай еркін киікті

Еңседен басты бір зіл қорғасын.

 

Бағзыдан бергі табиғат төлі,

Бақиға кетер жамиғат шері.

Жасындай ағып жайлауға жетпей,

Жезкиіктерім дамылдап па еді?!

 

Құралай салқын тоңғағы ма екен,

Жолында әлем орнады бөтен.

Сұқ көздерден бе екен,

Сырт көздерден бе екен,

Кесір қырсыққа болмады бекем.

 

Жерімнің азды желегі неге?

Кеудеден төлін тебеді неге?

Қазаққа тағы қасірет жүктеп,

Киік қырылғанның себебі неде?

 

Тоя бір жеген шөбінен бе екен,

Тосыннан соққан желінен бе екен.

Атырабыма зәһарын жайған

Айдаһар аран лебінен бе екен?!

 

Киіктің неден қазасы, көкем,

Қазаққа қатқыл назасы ма екен?

Жерұйығымызды мансұқ еткенге

Жаратушының жазасы ма екен?

 

Ұлан даламыз уланды неден,

Жан-жүрегіміз мұңданды неден?

Ақбөкенімді адыра қылып,

Бұлдырап көзім буланды неден?

 

Көкте шақырайған от күні ме екен?

Көбік ауыздардың көптігі ме екен?

Судан да таза, сүттен де ақ-мыс,

Протон, әлде гептилі ме екен?

 

Ауадан, судан, топырақтан ба?

Шаң қауып қалған тапырақтан ба?

Сауысқан екеш сауысқан құрлы

Сақтығын білмес шоқырақтан ба?

 

Қырылып жатыр киігім неге?

Таппаймыз оның тыйымын  неге?

Жанына жалау жануарын жоқтап,

Жетімсірейді ұйығым неге?

 

Үзілді күдер ұйықты қырдан,

Кеудеме шерлі күйік тығылған.

Құралайларым, кешіре көрші,

Күйіктің аты – киік қырылған…

МЕШІТТІ ҒАЛАМ

Мешітті ғалам туған үй,

Мекенім едің тал бесік.

Ертегі назды думан күй,

Еркелеп өстік ән кешіп.

 

Талқанның дәмі – таңдайда,

Аласыз көңіл алқаған.

Алақан табы – маңдайда,

Қамқор қол қаққан арқадан.

 

Айналып мені толғанар,

Айқабақ жандар мол еді-ау.

Бауырға бүйрек жалғанар,

Бағзының жолы сол еді-ау.

 

Жанардың төгіп жаңбырын,

Өңімдей бейбіт ажармен.

Балалық дәурен бал күнін,

Бақтым мен ыстық назармен.

 

Көмейді талай күйдірдім,

Кептелген тамшы жасыммен.

Жанымнан мейір идірдім,

Жүректе жанған жасынмен.

 

Бұйырып бақыт аздаған,

Періште пәки күйімде.

Мейірім ғана маздаған,

Мешітті ғалам үйімде.

 

Қасиет тұтар қағбамдай,

Дарытып дарқан иман, ар,

Атырды десем ақ таңдай,

Аллам да маған иланар.

 

Мен туған құтты қара орман:

Мешітті менің ғаламым,

Өшпейтін жарық – санамнан,

Ұшында тілдің – кәләмім.

 

Балалық өтті, бас білдік,

Барқадар таптық алаңға.

Үзілді бырт-бырт жас кіндік,

Байланған сонау ғаламға.

 

Алдынан сол бір баланың,

Ашады дүние аранын.

Мешітті менің ғаламым,

Мен сені қайдан табамын?!

Мен сені қайдан табамын…

 

* * *

Бұлқынып аққан бір бұлақ,

Болашақ жаққа асыққан.

Көңілден көктем нұр құлап,

Бойда бір жігер тасытқан.

 

Өртеңге қаулап гүлдейтін,

Өлеңім үшін өріс кең.

Талайлы жерде жебейтін,

Тастама мені, періштем!

 

Өрімін өзім өргесін,

Өмірге жоқ қой наразы.

Ақиқат жолы ерге – сын,

Иманым болар таразы…

Қорғанбек АМАНЖОЛ




ПІКІР ЖАЗУ