МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – МӘДЕНИЕТ АРҚЫЛЫ ОРНЫҒАТЫН ҚҰНДЫЛЫҚ

 

Шерхан ТАЛАПҰЛЫ,

Геральдикалық зерттеулер орталығының» директоры:

– Шерхан Талапұлы, бабаларымыздың дүниета­ны­мында байрақ жай ғана елдің бөгенайлы белгісі емес, еркіндіктің ерекше нышаны болды. Байрақ жығылса – елдің еңсесі түсіп, ал ту тігілсе халықтың рухы көтерілген. Демек, байрақ халықты біріктіруші күш қызметін атқарды. Қазіргі таңда ел бірлігін нығайтуда Мемлекеттік Тудың рөлі қандай деп ойлайсыз? Бір тудың астына жиналған халықтың рухани тұтастығына оның ықпалы бар ма?
– Бабаларымыздың дүниетанымында байрақтың мәні өте терең болғаны рас. Көшпелі дәуірде байрақ төмен түссе, жер қайысқан қолдың айбыны кеміп, рухы жығылғандай қабылданған. Ал керісінше, ту тігіліп, байрақ желбіресе, халықтың еңсесі тіктеліп, жұртты бір мақсатқа жұмылдыратын күшке айналған.
Бұл ұғым бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазақстанның Мемлекеттік Туы – тәуелсіздігіміздің айқын белгісі ғана емес, қоғамды біріктіретін аса маңызды символ.
Қазіргі кезде Көк Туымыз Қазақстанның әлемдік картадағы саяси дербестігін ғана емес, ішкі рухани бірегейлігін айқындайды. Ту – этностық, діни немесе әлеуметтік айырмашылықтарға қарамастан, барлық қазақстандықтарды «бір ел, бір тағдыр» идеясына топтастырады. Спорттық жарыстарда немесе халықаралық мінберлерде тудың көтерілуі халықтың мақтаныш сезімін оятатынын өзіңіз де жақсы білесіз.
Осы тұрғыдан алғанда, бір тудың астына жиналған халықтың рухани тұтастығын қалыптастыруда Мемлекеттік Тудың ықпалы өте зор деп ойлаймын.

– Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді тек ресми рәсімдермен шектемей, оны азаматтарымыздың күнделікті өмір салтына айналдыру үшін қоғамда қандай жүйелі өзгерістер қажет деп ойлайсыз? Бұл үдерісте отбасы, білім беру жүйесі, ақпараттық кеңістік пен мемлекеттің рөлі қандай болуы тиіс?
– Ойыңыз орынды. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету тек салтанатты рәсімдермен немесе ресми жиындармен шектелмеуге тиіс. Ол қоғамның күнделікті мәдениетінің, азаматтық санасының табиғи бөлігіне айналғанда ғана өзінің маңызы арта түседі. Бұл – ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысты талап ететін процесс.
Ең алдымен, бұл мәдениет отбасынан басталады. Баланың рәміздерге деген алғашқы түсінігі мен құрметі үйде қалыптасады. Егер ата-ана Туға, Елтаңбаға, Әнұранға құрметпен қараса, олардың мән-мағынасын түсіндірсе, бала оны ең үлкен құндылық ретінде қабылдайды. Яғни рәміздерге деген құрмет ең әуелі отбасылық тәрбиенің бір бөлігі болуы керек.
Сонымен қатар бұл тәрбие бүгінде балабақшада ерекше көрініс тауып жатқанын да атап өткен жөн. Қазір кішкентай бүлдіршіндердің балабақшада Әнұран айтып, көк Туға қарап қолдарын жүрек тұсына қойып тұрған әсерлі сәттері әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жатады. Сол бейнелерді көргенде бұл құндылықтардың жаңа буынның бойына ерте сіңіп келе жатқанын аңғарамыз. Өзімнің де бес жасар қызым көшеде немесе теледидардан көк Туды көрсе, ерекше қуанып, «Менің Қазақстаным!» деп шаттанады. Осындай шынайы, балалық қуаныштың өзі рәміздердің адамдардың жүрегіне жақын екенін көрсетеді.
Екінші маңызды бағыт – білім беру жүйесі. Мектептер мен жоғары оқу орындарында мемлекеттік рәміздердің тарихи, мәдени және идеологиялық маңызын түсіндіретін мазмұнды жұмыс жүргізу қажет. Рәміздердің пайда болу тарихы, авторлары, олардың астарындағы ұлттық дүниетаным туралы түсінік берілгенде ғана жастардың оған деген көзқарасы тереңдейді.
Үшінші – ақпараттық кеңістіктің ықпалы. Бүгінгі қоғамда медиа мен әлеуметтік желілер қоғамдық сананы қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен цифрлық платформаларда мемлекеттік рәміздердің маңызын түсіндіретін сапалы контент, деректі жобалар, танымдық бағдарламалар көбірек болуға тиіс деп есептейміз. Бұл рәміздердің тек ресми символ емес, елдің рухани коды екенін қоғамға кеңінен жеткізуге көмектеседі.
Ал мемлекет тарапынан бұл бағыттағы саясат жүйелі әрі дәйекті болуы қажет. Рәміздерді пайдалану мәдениетін қалыптастыру, оларды дұрыс қолдану талаптарын түсіндіру, қоғамдық бастамаларды қолдау – осының бәрі азаматтық жауапкершілік мәдениетін нығайтады.
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы қаулысына сәйкес, жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды ғимараттарда, тұрғын үй балкондарында, салтанатты іс-шараларда патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру мақсатында орналастыра алады.
Мемлекет басшысы соңғы Ұлттық құрылтай отырысында мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау керектігін жеткізді.
Көріп тұрғаныңыздай, мемлекет тарапынан шектеу жоқ, ҚР Үкіметінің №873 қаулысында көрсетілген нормаларды сақтай отырып пайдаланса болады.
Рәміздерді креативті индустрияда (дизайн, киім үлгісі, сапалы мерч өнімдері) дұрыс насихаттау арқылы оны трендке айналдыру маңызды. Бірақ түсінің оңып кетуін, жыртылуын, кірленуін және құрмет көрсету орнына қорлауға ұқсап кететін тұстарын ескеру қажет.
Жалпы алғанда, мемлекеттік рәміздерге құрмет – заңмен ғана емес, ең алдымен қоғамдық сана мен мәдениет арқылы орнығатын құндылық. Егер отбасы, мектеп, медиа және мемлекет осы бағытта үйлесімді жұмыс істесе, рәміздерге деген құрмет қоғамның қалыпты өмір салтына айналады.

– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының әрбір элементі ұлттық болмысты, тарихи жадты және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда қандай мағыналық әрі тәрбиелік рөл атқарады? Осы рәміздер арқылы қоғамға қандай құндылықтар мен идеялар жеткізіледі деп ойлайсыз?
– Әрине, Мемлекеттік рәміздер арқылы қоғамға ең алдымен тәуелсіздік, бірлік және ортақ жауапкершілік идеялары жеткізіледі. Өйткені рәміздер – мемлекеттің ресми белгілері ғана емес, халықты ортақ құндылықтардың төңірегіне топтастыратын ең асыл байлығымыз.
Орталық мамандары ҚР Ұлттық Архивінде сақталған 1992 жылғы Мемлекеттік рәміздер конкурсы құжаттарымен жұмыс істеді. «Қыран», «тұлпар», «бөрі», «шаңырақ», «түрлі ою», «күн», «ай», «жұлдыз», «көк аспан» сияқты геральдикалық элементтер мен көк, көгілдір, сары және жасыл түстер қолданылған жобалар саны басым болған. Сол кездегі Мемлекеттік Жалау, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұранға ұсынылған жобаларда көп кездескен геральдикалық элементтер қазіргі мемлекеттік рәміздерде көрініс тапқан.
Кейінгі жылдары ұлттық сананың жаңғыруына байланысты «шаңырақ», «ұлттық ою», «күн», «қыран» «тұлпар» элементтері, «Qazaqstan» жазуы мен «көгілдір», «сары» түстер бейнеленген этно стильдегі шапандар мен заманауи ұлттық киімдер көбейді. Мемлекеттік рәміздерде кездесетін геральдикалық элементтер бейнеленген заманауи киімдерге жастар тарапының сұранысы ұрпақтар сабақтастығының белгісі.
ҚР Мемлекеттік Туы, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы және ҚР Мемлекеттік Гимні тек мемлекеттік рәміздер ғана емес, олар ұлттық тарихи жадыны жаңғыртып, қоғамды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін маңызды рухани-идеологиялық құрал екені сөзсіз.

– Қазіргі қоғамда мемлекеттік рәміздерді пайдалану барысында жиі кездесетін немқұрайлық пен қателіктердің түпкі себептері неде деп ойлайсыз? Бұл жағдай құқықтық сауаттың төмендігіне, тәуелсіздіктің тарихи-рухани мәнін терең түсінбеуге байланысты ма, әлде қоғамдық жауапкершілік мәдениетінің әлсіздігінен туындап отыр ма?
– Қоғамда мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде кездесетін немқұрайлық пен түрлі қателіктердің себебін бір ғана фактормен түсіндіру қиын. Бұл бірнеше мәселенің тоғысынан туындайды деп ойлаймын.
Ең алдымен, құқықтық сауаттың жеткіліксіздігі әсер етеді. Көп жағдайда азаматтар мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін, оларды орналастыру мен қолданудың талаптарын нақты біле бермейді. Соның салдарынан кейде Туды дұрыс ілмеу, Елтаңбаны бей-берекет қолдану немесе рәміздердің бейнесін орынсыз пайдаланатын жағдайлар кездесіп жатады. Мұндайда мәселе көбіне ниетте емес, ақпараттың жетіспеуінде болып жатады.
Екінші себеп – тәуелсіздіктің тарихи-рухани мәнін терең түсінбеу. Рәміздер – тәуелсіздігіміздің белгісі. Егер оның артында қандай тарихи жол, қандай күрес, қандай арман тұрғанын толық сезінсек, оған деген көзқарас та мүлде өзгеше болар еді. Өкінішке қарай, кей азамтаттар соның мәнін терең түсіне бермейді. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен, елдігіміздің белгісі саналар ең үлкен құндылықтарымызды қашан да қастер тұтуды бір сәт естен шығармауға тиіспіз.
Үшінші мәселе – өзіңіз айтқан қоғамдық жауапкершілік мәдениетінің деңгейі. Кейде адамдар рәміздерге құрметті тек ресми талап немесе заң нормасы ретінде қабылдайды. Ал шын мәнінде, бұл – ішкі мәдениет пен азаматтық сананың көрінісі.
Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдаланбауға қатысты жазбалар тез таралып, қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер жазылады. Әлеуметтік желілердегі өзге талқылаулармен салыстырғанда, мемлекеттік рәміздер тақырыбы қолданушыларды ерекше біріктіріп, қоғамның нышандарымызға деген айрықша құрметін айқындай түседі.
Сондықтан бұл мәселенің шешімін де жан-жақты қарау керек. Бір жағынан, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілген жөн. Екінші жағынан, білім беру мен мәдениет саласы арқылы рәміздердің тарихи, рухани маңызы кеңінен насихатталуы қажет. Ең бастысы – қоғамда рәміздерге құрметті сыртқы талап емес, ішкі азаматтық мәдениетке айналдыру. Сонда ғана мемлекеттік рәміздерге деген шынайы құрмет орнығады.
Біз өз тарапымыздан «Менің Қазақстаным» атты патриоттық акция бастап, еліміздің білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімшелерде, спорт федерацияларында және мемлекеттік мекемелерінде жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Ондағы мақсат – патриоттық рух пен ұлттық бірегейлікті нығайту, мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын кеңінен түсіндіру және ел тарихына деген құрметті арттыру.

– «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені» деп ақын Алмас Ахметбекұлы жырлағандай, шығармашылық адамдары мемлекеттік рәміздердің мәні мен қасиетін бүгінгі қоғамға жеткізуде өз миссиясын толық атқарып жүр ме? Қазіргі әдебиет пен өнерде Ту, Елтаңба, Әнұран бейнесі жеткілікті деңгейде көрініс тауып отыр дей аламыз ба?
– Шығармашылық орта өкілдері мемлекеттік рәміздердің мәні мен қасиетін қоғамға жеткізуде белгілі бір деңгейде өз миссиясын атқарып келеді. Әдебиетте, бейнелеу өнерінде, кинематографияда және заманауи дизайнда мемлекеттік рәміздер бейнесі патриоттық идеяны, ұлттық бірегейлікті және тарихи сабақтастықты білдіретін маңызды символ ретінде қолданылып жүр.
Дегенмен қазіргі әдебиет пен өнерде мемлекеттік рәміздердің көркем әрі терең мазмұнда бейнеленуі әлі де жүйелі түрде дамытуды қажет етеді. Бұл бағытта шығармашылық қауымның тарихи-мәдени мағынаны терең түсіндіретін жаңа туындылар арқылы рәміздердің рухани және тәрбиелік әлеуетін кеңінен насихаттауы маңызды. Жастарға түсінікті тілде (мультипликация, цифрлық арт, заманауи музыка) рәміздерді насихаттау ақсап тұр.
Осы мақсатта Геральдикалық зерттеулер орталығы мемлекеттік рәміздер тақырыбында балаларға арналған кітап дайындап, бейнероликтер жасауды қолға алмақ. Аннимациялық мультфильм, комикс дайындау да алдағы мақсаттардың бірі. Бұл – балалар аудиториясына ғана қатысты жобалардың бір парасы.
Егер бұл тақырып шынайы көркемдік деңгейде, терең сезіммен көрініс тапса, қоғамға құрғақ ұраннан әлдеқайда жақсырақ әсер етер еді.
Өнердің басты миссиясы – қоғамның рухани сезімін ояту. Сондықтан мемлекеттік рәміздер тақырыбы шығармашылық адамдар үшін әрқашан өзекті болып қала береді.

Сұхбаттасқан –
Бақыт ТӨЛЕШҚЫЗЫ




ПІКІР ЖАЗУ