«МЕН – БЕЛАРУСЬ ХАЛҚЫНАН ШЫҚҚАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЖАЗУШЫМЫН»

            «Жұлдыз» журналының редакциясы өзге елдердегі және өз еліміздегі басқа тілде жазатын ақын-жазушылармен қарым-қатынас орнатып, шығармаларын жариялап тұруды қолға алып отыр. Бұл бағыттағы алғашқы қадамымызды өзіміздің әріптесіміз, Қазақстан Жазушылар одағының орыс тілінде шығарылатын басылымы — «Простор» журналы Бас редакторының орынбасары, Қазақстанның халық жазушысы Л.К.Шашковамен сұхбат жүргізіп, өлеңдерін жариялаудан бастамақпыз.

          — Достық… Күнделікті қолданыста әркім пайдалана беретін кәдуілгі көп сөздің бірі. Адамдардың, белгілі бір топтардың, халықтардың, ұлттардың, елдердің, мемлекеттердің арасындағы табиғи, саяси, әлеуметтік қарым-қатынасты білдіретін қарапайым ұғым. Сонымен қатар, осы бір ғана сөздің бойына қанша мағына сыйып тұр! Жаныңды жылытып, жүрегіңе нұр құятын, көңіліңе шуақ сеуіп, көкірегіңді кеңіте түсетін қасиетті түсінік… Осы ұғымды өзіңіз қалай бағалайсыз, Любовь Константиновна? Күнделікті өмірде достық қалай көрініс береді?

— Тәуелсіз мемлекеттердің, қаламгерлер қоғамдастықтарының арасында достық пен ынтымақтастық келісім-шарт арқылы жүргізілетіні түсінікті, әрине. Ал күнделікті өмірдегі достыққа келгенде өз басым ең алдымен адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен қайырымдылықты атар едім. Бақытыма орай, тағдыр мені ылғи жайсаң жандарға жолықтырды, солардың ізгі ниет, ақ пейілі маған әлі күнге дейін жөн сілтеп, жол нұсқап тұрғандай. Қазақстанға алғаш рет сонау 1971 жылы қазан айында Свердловск қаласынан келгенмін, қасымда күйеуім, қолымда бір жасар қызымыз бар. Келген себебіміз: күйеуімнің жеңгесінің Теміртаудағы бір бөлмелі пәтері бос тұр екен. Қарағанды теміржол вокзалынан түстік, алдымызда не күтіп тұрғанын білмейміз. Жолға шықтық — шетсіз-шексіз дала, азынаған жел, шаң борап тұр…

Күйеуім Карметкомбинатқа жұмысқа орналасты, бала бақшадан сәбиімізге орын табылды, екі жылдан кейін пәтер беретін болды, ал мен – теміржол институтының екі курсын тәмамдаған, журналист болуды армандайтын жиырма жасар келіншек – не істерімді білмей абдырап қалдым. Бірақ Теміртау мені жатсынған жоқ, бірден бауырына басты! Казметаллургстрой трестіндегі «Строитель» («Құрылысшы») деп аталатын көп тиражды газетке орналаспақ болғам, партком төрағасының орынбасары Клара Агеевна Меркулова қамқор адам екен. Құрылыс техникумының кешкі бөлімінде оқуымды жалғастыруға кеңес беріп, Карметкомбинаттың салқын прокат цехының құрылысындағы радиогазетті жүргізуді ұсынды. Бәрі содан басталып, біртіндеп жалғаса берді – «Құрылысшыдан» («Строитель») кейін «Теміртау жұмысшысы» («Темиртауский рабочий») газетіне орналастым, «Магнит» әдеби бірлестігіне мүше болдым, «Жан жылуы» («Жар души своей») деп аталатын ұжымдық жинақта өлеңдерім жарияланды, жас жазушылардың алғашқы республикалық кеңесіне қатыстым, Республика комсомолының орталық комитеті ұйымдастырған «Жігер» жастар фестивалінің лауреаты атандым, «Қазақстан Магниткасы құрылысындағы бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын үйлестіру» тақырыбына арналған дипломымды Қаз МУ-да қорғадым…

— Алдыңыздан даңғыл жол ашылған екен ғой!

— Олай деуге болмас, қиындықтан көз ашпадық: қыс бойы құтырынған боран мен ақырған аяз, балам жиі ауырады, салынып жатқан цехтың әйдік ғимаратында өзіңді қыбырлаған құмырсқадай сезінесің – бірақ айналамызда ылғи ізгі адамдар болды! Комсомолық құрылыста да, трестің өзінде де, қалада да ылғи жақсы адамдар; ата-анам да көмек қолын созды, баламды алып кетіп үш жыл бақты, сөйтіп оқуымды бітіріп алдым. Үйіміздің бұрышын айнала бергенде, келесі көшеде көрме залы орналасқан, дәл қасында аудандық кітапхана бар, Анастасия Цветаеваның «Есімдегілерін» содан таптым, кітап дүкенінен Межелайтистің кітабын алдым, графикасын Красаускас салған, ғажайып басылым! Кейінірек Олжас Сүлейменовтің қызыл және қара түспен безендірілген қатырма мұқабалы  әйгілі «Аз и Я» зерттеуін де сол дүкеннен алғанмын. Көрме залында Евгений Сидоркинді аштым – өзім, ешкімнің көмегінсіз! Терезеден даладағы қарлы боранның ызғары сезіліп тұрған бөлмедегі жылы төсекте бұйығып жатқан ана мен бала бейнеленген «Бесік жыры» картинасының әсерінен көпке дейін айыға алмай жүрдім… Чюрленистің суреттерінің тұпнұсқасын да алғаш рет сол жерден көрдім. Көрме залының қызметкері әлемге де, өнерге де көзқарасы мүлдем ерекше өнертанушы Рина Мещерякова болатын. Сол бір аяулы жанның көмегімен Литва суретшілерінің көрмесі туралы «Құрылысшы» газетінде сезімге толы репортажым жарияланды. «Магнит» әдеби бірлестігіне ертіп апарып, соғыс ардагері Григорий Федорович Григориадимен таныстырған да сол. Қара теңіз үшін шайқаста аяғынан айырылған майдангер ақын поэзиялық сауатымды ашып, Ахматованың, Мандельштамның, Гумилевтің, Цветаеваның кітаптарын берді, әйелі Лидия Федоровнаның қолынан шай ішетінбіз.

Трест инженері Валентина Федоровна Филатова интеллектуал-комсомолдардың бірі болатын, «алпысыншы жылғылардың» қатарынан, ол кісіден де көп нәрсе үйрендім. Теміртауда Неміс театры жұмыс істеп тұрды, Металлургтар сарайында қойылған Музыкалық комедия театрының спектакльдері туралы жазатынмын. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген артистер концерт қояды, солармен сұхбат жүргіземін. Содан бері өнер және мәдениет қайраткерлері туралы жазғанды ұнатамын, шығармашылықтың табиғаты бірдей ғой. Өзің де шығармашылықтың қиналысын бастан кешіп, ләззатын сезінгендіктен өзгелердің осы сезімдерге бөленуін түсінесің әрі қуанышқа бөленесің.

          — Дегенмен, Любовь Константиновна, шалғайда жатқан шағын қаладан астанаға келіп, шығармашылық өкілдерімен араласып кету қай кезде де оңай болмаса керек. Әлде сексенінші жылдары жағдай басқаша ма еді?

           — Білесіз бе, күндердің күнінде әркімнің де басы үйдің төбесіне тіреледі, сөйтіп шешуші сәтке тап боласың: тізеңді бүгіп, басың салбырап, төменшіктеп қала бересің бе әлде басыңмен төбені тесіп өтесің бе? Ал мен тұрмысқа ерте шығыппын, баланы ерте туыппын, жауапкершілік атаулыны тым ерте мойныма іліппін. Жас қой мынау деп ешкім маңдайымнан сипамапты. Бәлкім поэзияға бет бұруым жауапкершіліктен қашқаным шығар. 1981 жылы университетті бітірдім, «Күнбағыс піскенде» («Пора подсолнухов») деп аталатын алғашқы жыр жинағымның қолжазбасы сол кезде дайын болды. Деңгейі биік шығармашылық ортаны аңсай бастадым, журналистиканың да неғұрлым жоғары деңгейіне өтуім керектігін ұқтым. Сөйтіп керек кезінде керекті жерге тап болдым: Алматыда жап-жас ақын-жазушылар – Лидия Степанова, Қайрат Бақбергенов, Бақыт Қайырбеков, Вячеслав Киктенко, Ерлан Сатыбалдиев тәрізді Әдебиет институтын бітірген түлектердің тұтас шоғыры пайда болды, ол кезде мұнда Надежда Чернова, Валерий Михайлов, Александр Шмидт, Анатолий Загородний еңбек етіп жүрген, кейінірек оларға Вера Галактионова қосылды, ал Валерий Антонов, Руфь Тамарина, Инна Потахина, Татьяна Фроловская, Виктор Бадиков бұрыннан осында. Олжас та бар. Тағы басқа қаншама есімді атауға болады! Шығармашылық жолымның басталуы осы бір қуатты толқынмен тұспа-тұс келді, бұл жайында Саша Шмидт кезінде «Просторда» былай деп жазған: «Әр ұрпақты Уақыт теңізінің толқынына теңеуге болады. Толқынның да түр-түрі бар, кейбіреуі көзге ілінбейді. Енді біреулері, Александр Сергеевич Пушкиннің ертегісінде айтылғандай, «Шашырайды бос жағаға соғылып, / Шуылдасып сан мың толқын — ұшқары үн. / Сәлден кейін сіңіп кетер сорығып, / Сауыттардың астындағы күш-қарым… / Отыз үш батыр, алған демі от-жалын!..» Біздің ұрпақ шығармашылық әлеміне солай келген».

Бәлкім менің толқыным солардың арасындағы ең әлсізі, ең ұсағы шығар, бірақ мен де осы ұрпақтың өкілімін. Қайрат Бақбергеновтің жол сілтеуімен алты жыл Қазақ радиосының әдебиет редакциясында қызмет еттім, Татьяна Леонидовна Фроловскаяның ұсынуымен «Жазушы» баспасында төрт жыл жұмыс істедім, он жылдан астам уақыт бойы Эдуард Ғалиұлы Жылқыбаевпен бірге «Казахстанская правда» газетінде мәдениет жөніндегі шолушы болдым. Алдымнан жаңа кеңістік ашылды!

       — Яғни жас адамның қаламгер ретінде қалыптасуына септігін тигізетін жазушылар достығы басталды ғой? Ол кезде бүкіл Кеңес Одағындағы, тіптен шет елдердегі азды-көпті танымал қаламгерлердің бәрінің дерлік шығармашылығымен таныс едік. Жазушылар ұйымдарының арасында әжептәуір тығыз қарым-қатынас орнатылған, өзара делегация алмасып тұрады, шығармашылық тұлғалар мен мәдениеттің басқа салаларындағы қайраткерлер жиі-жиі сапарға шығады…

 — Бұл орайда, маған қатысты бір түйткіл бар — мен Беларусьта туып-өсіп, Ресейде оқығанмын, сондықтан қазақ әдебиеті мен мәдениетін онша жақсы білмейтінмін. Алматыға келіп осы салалардағы қайраткерлердің арасына күмп ете түстім. Жазушылар одағының жұмысын сырттай бақылап қоймай, бірден араласып кеттім. Қазақ жазушыларының, суретшілерінің, артистерінің шығармашылығына дендеп енуіме Қазақ радиосында олар туралы ауқымды хабарлар жасауым, кейіннен «Жазушы» баспасында кітаптарын редакциялауым көмектесті. Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасының радиодан оқылуын ұйымдастырдым, Тахауи Ақтановтың «Шырағың сөнбесін», Сәкен Жүнісовтің «Заманай мен Аманай» романдары бойынша радиоқойылым дайындадым, Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерінің Ярослав Смеляков аударған орыс тіліндегі нұсқасы туралы хабар жүргіздім. «Алматыда жаздыгүні ақын боп / Жүру деген оңай емес, бауырым. / Ішпейсің бе – кете алмайсың жақын боп, / Бәрі сенен аулақ салар ауылын!» деген төрт жолды Смеляков сол кезде жазған. Пушкиннің «Евгений Онегинін» аударған Қуандық Шаңғытбаевпен достасып кеттім, оның осы еңбегі туралы сұхбат жүргізгенмін. Екі-үш өлеңін аудардым. Кейінірек «Жазушы» баспасынан Ерлан Сатыбалдиевтың аудармасымен Сатыбалды Нарымбетовтің «Созақтан шыққан Гамлет» деп аталатын хикаяттар жинағын шығардым, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жаңаша аудармасын жасауға Фарида Жанұзақова республикамыздағы ең дарынды аудармашыларды тартты. Иранбек Оразбаевтың «Мұрагерін» белгілі ақын Александр Межиров аударды, Олжас Сүлейменовтің «Қаңтардан сәуірге дейін» деп аталатын жинағы да менің қолымнан өтті…

«Қаламгер» кафесінде көптеген жазушылармен бейресми әңгімелесе беретінбіз, олардың арасында Морис Симашко, Дулат Исабеков, Сәтімжан Санбаев, Асқар Сүлейменов, Геннадий Толмачев, Геннадий Кругляков, Роллан Сейсенбаев секілді болашақ классиктер болды. Қазақ радиосына орналасарда әдеби редакцияның бас редакторы Төлепберген Әбенұлы Тобағабылов қазақ жазушыларынан кімді білесің деп сұрағанда еш қымсынбастан Сырбай Мәуленовті, Ғафу Қайырбековті, Қасым Қайсеновті айттым, өйткені оларды Жазушылар одағынан күн сайын көретінмін.

Өзіңіз айтқандай, сол кездегі Кеңес Одағының құрамындағы бауырлас республикалардың жазушылар ұйымдарының арасында тығыз байланыс орнатылған болатын. Шығармашылық онкүндіктер, конференциялар, фестивальдар өткізіледі, жазушылар өзара делегация алмасады. Сол мәдени шаралар туралы жазғанда Қазақстан жазушылар одағының хатшылары Дмитрий Снегинмен, Сайын Мұратбековпен, Әкім Таразимен пікір алмасушы едім. Мәскеуде жас жазушылардың кеңесі өткізіліп, Асқар Егеубаев, Ұлықбек Есдәулетов, Ольга Шиленко тәрізді ақындармен бірге барудың сәті түсті. Жазушылар одағы Әдебиетті насихаттау бюросының ұйымдастыруымен сапарға шығатынбыз. Бір жолы еліміздің оңтүстік-шығыс шекарасын күзететін Панфилов-Жаркент заставасына, одан әрі Алтынкөл шекара әскеріне барудың сәті түсті. Сол жолы өмірден ерте өткен талантты ақын Жұматай Жақыпбаевпен танысып, достасып кеттік. Қазақстанның халық жазушысы Ахметжан ака Аширимен достығымыз үзілген емес, ол арқылы Пәтигүл Мақсатовамен достастым, өлеңдерін аудардым.

Сөйтіп достық байланыстар жолға қойылды, соның бәрі «Казправда» газетінің редакциясындағы жұмысыммен ұштасып жатты. Газетте, кейін «Простор» журналында қызмет еткен жылдары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Иван Щеголихин, Гүлфайруз Исмаилова, Еркеғали Рахмадиев, Айман Мұсақожаева, Рубен Андриасян, Жәния Әубәкірова, Ерболат Төлепбай, Зейнеп Түсіпова, Павел Шорохов, Раушан Иманжүсіп, Анатолий Молодов, Дариға Тінәлина,  Ирина Лебсак тәрізді тұлғалармен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен қанша рет кездесіп, сұхбаттастық!.. Олардың бәрі менің сүйікті кейіпкерлерім. Ұлттық мәдениеттің қаймағы. Сол абзал адамдар туралы қаншама очерк жазып, сұхбат жүргіздім, сол материалдардан түзілген «От-жалынның шырақшылары» («Хранители огня»), «Өмір сүре береміз» («Предполагаем жить»), «Өзің туралы айтшы» («Расскажи мне о себе») тәрізді эсселер мен деректі проза жанрындағы кітаптарым жарық көрді, тағы сондай екі кітабым басылмақ.

Кеңестік кезде әр елдердегі жазушылар одақтарының арасындағы байланысқа мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп келді. Оның бәрі сол кездегі саясат пен мемлекеттік идеологияға сәйкес жүргізілгені түсінікті. Дегенмен ақын-жазушылардың өзара қарым-қатынасы, бір-бірінің шығармашылығына қызығуы ешкімнің нұсқауынсыз, ішкі сұраныс арқылы туындап, өрбіп жататын. Сол жылдарды сағынбайсыз ба? Қалай ойлайсыз, сол байланыстарды қайтадан қалпына келтіруге бола ма?

 — Білесіз бе, сағынуға мұршам болып жүрген жоқ. Ойлап тұрсам, тоқсаныншы жылдардың бір бөлігін ғана Жазушылар Одағынан тыс өткізіппін, басқа уақыттың бәрінде бас алмай жұмыс істедім. 2003 жылы Валерий Михайлов «Простор» журналына қызметке шақырды, біздің ұрпақ үшін бұл басылым әдеби-көркем талаптардың биік үлгісі ғана емес, сонымен қатар, үлкен әдеби әлеммен байланысқа түсудің, Иван Петрович Шухов басқарған кезден бері орыс тілді әдеби-мәдени ортаға қосылудың дәстүрлі баспалдағы болатын. Жаңа ғасырда да журналымыз Ресейдегі «Сибирские огни», «Томские Афины», Орынборда шығатын «Гостиный двор», «Наш современник», «Нева», «Юность», Беларусьтағы «Полымя» және «Нёман» журналдарымен белсенді қарым-қатынас орнатты. Өкінішке қарай, қазір адамдардың бір-біріне ықыласы саябыр тартқан кезде өмір сүріп жатырмыз, өзгелердің шығармасын оқымайтын жазушылар пайда болды. Өзара байланысты ұйымдастырып, бағыт-бағдар беріп отыратын ешкім жоқ, әлгіндей салғырттыққа қарсы тұрып, баршамыз бірдей шалдыққан осы бір селсоқтықты сыпырып тастасақ қой, шіркін! Бірін-бірі жат санаудың сіресіп қалған қалың мұзын талқандау үшін мұзжарғыш кемедей қиындықты қақ жарып келе жатқан тұлғалар, Құдайға шүкір, әлі де бар. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігі көтерген бастаманы «Литературная газетаның» редакциясы (Юрий Поляков, Максим  Замшев) мен Қазақстан жазушылар Одағы, «Жібек жолы» баспасы (Бақытжан Қанапиянов) іліп әкетіп, 2016 жылдан бастап «Қазақстан-Ресей» альманахы шығарыла бастады, оны құрастырушылардың арасында Қайрат Бақбергенов, Светлана Ананьева және мен бармын. Содан бері альманахтың төрт томы жарық көріп, екі елдің 200-ден астам жазушысының туындылары қазақ және орыс тілдерінде жарияланды. Олардың арасында Мәскеуде өткізілген кездесуге қатысқан, жасы қырыққа толмаған авторлар да бар.

2021 жылы «Қазақстан – Беларусь» альманахын шығардық. Екі елдің жазушылар одақтарының арасындағы көп жылдық ынтымақтастықтың нәтижесі осы болды. Алесь Карлюкевич басқаратын Беларусь жазушылар одағы Беларусь жазуы күнін, халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін, «Қаламгер және уақыт» халықаралық конференциясын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Жазушы, журналист, әдебиеттанушы, өлкетанушы Алесь Карлюкевичтің қазіргі әдеби үрдістегі ерекше құбылыс деуге тұрарлық «Братэрства» деп аталатын кітабы бар. Оны «бауырластық, одақ» деп аударуға болады. Әлемдік қатынас жолдарының тоғысқан торабында орналасқан Беларусьта тұратын автордың әр жылдары жазған мақалаларында, жүргізген сұхбаттарында бұл күндері өзара қырқысудан көз ашпаған ғаламшарымыздағы алуан түрлі адамдарды қалай, не арқылы біріктіре аламыз деген сұрақ қойылады. Оның жауабын адами және әдеби байланыстарды қалпына келтіруге ұмтылған сұхбаттастарымен бірге іздейді. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын Карлюкевичтің бастамасымен Беларусьта пайда болған «братырства» — «бауырластық» бұл күндері жиырмаға жуық елді қамтиды. Солардың арасында Қазақстан да бар.

2019 жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай Республика президентінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы тұңғыш рет Азия жазушыларының кеңесін өткізді. Абай бұған қуанған болар еді, қазіргі тілмен айтқанда, ол да өзара байланыстар мен шығармашылық көкжиегін кеңейте түсуді жақтаған ғой. Бұл форум, ең алдымен, «Қазақстан мәдениеті – бүкіл әлемде» жобасы бойынша нақты нәтижелер беруге тиіс еді. Ковид індеті шығып, локдаунмен шектеліп қалмағанымызда Азия елдері жазушыларының арасында ауқымды аудармашылық қозғалыс басталар еді, форум аясында қаламгерлердің өзара және қоғамдық байланыстары жолға қойылады, біз үшін бұл өте маңызды. «Аударма, — дейтін марқұм Герольд Бельгер, – әрқашан екіжақты қозғалыс, демек әрекет екі жақтан да жасалуға тиіс!» Жақсы іс жалғасын табар деп сенгіміз келеді.

        Сіз — Қазақстанның халық жазушысысыз, осындай абыройлы атаққа ие болғаныңызды біз де мақтан тұтамыз. Бірақ Сізді беларусь халқының өкілі, Беларусь жазушысы дегенді бір жерден оқып қалдым. Меніңше, Сіз – беларусь халқынан шыққан, орыс тілінде жазатын қазақ ақынысыз. Бұл жайында өзіңіз не ойлайсыз?

 — 1990 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандым, әлі де өзімді сол аса ауқымды шығармашылық одақтың мүшесі ретінде сезінгім келеді. Мен беларусь халқынан шыққан, орыс тілінде жазатын қазақстандық жазушымын. Алпысқа толуыма орай «Еркін самғар қос қанат» («Два вольных крыла») деп аталатын, аудармаларым да енгізілген үлкен жыр жинағым басылып шықты. Қос қанат дегенім – екі отаным – Қазақстан мен Беларусь. Екі ел, екі халық жан жылуын бірдей төгіп, мейіріміне бөлеп, бауырына басып келе жатқан телқозымын ғой. Бойымдағы барым мен сөзімдегі нәрім осы екі халықтан сіңген. Абайдың туғанына 160 жыл толуына орай Қазақстан жазушылары мен мәдениет қайраткерлерінің үлкен делегациясы Ресей-Беларусь-Литва маршрутымен сапарға шықтық. Әуелі Мәскеудегі Одақтар Үйінің Колонналы залында концерт қойылып, кейін бұл Минск мен Вильнюстегі кездесулерге ұласты. Сол жолы Беларусь жазушылар одағында Мұрат Мұхтарұлы Әуезов мені беларусь халқынан шыққан қазақстандық ақын әрі журналист деп таныстырды. Бұл мен үшін зор құрмет болды, жерлестерім маған бұрынғыдан да жылыұшырай қарай бастады. Жалпы, Беларусь елінде Мұхтар Әуезовті айырықша құрмет тұтады: Минскі қаласында бір көше мен мектепке Әуезовтің аты берілген, жаңа ғасырда «Абай жолы» роман-эпопеясы мен Абайдың өлеңдер жинағы беларусь тіліне аударылды, бұған Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшілігі мен Мұрат Мұхтарұлы басқарған Мұхтар Әуезов қорының септігі тиді. Абайдың лирикалық өлеңдерін түгелдей беларусь тіліне аударып шыққан Микола Метлицкий мен сол өлеңдерді корей тіліне аударған Бён Хак және Алесь Карлюкевич халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. Микола Метлицкий менің «Алтын түсті көгорай» («Луг золотой») деп аталатын жыр кітабымды да аударған, мен оның бір топ өлеңін өзімнің «Еркін самғар қос қанат» («Два вольных крыла») жиғаныма енгіздім. Аудару барысында туған тілімнің әсем оралымдарына сүйсініп, талай тебіренгенмін. Содан кейін оны Минскідегі ең жақын адамым деп санайтын болдым. Чернобыль аймағында дүниеге келген оның жырларында туған өлкесінің қасиеті мен қасіреті мәңгілікке таңбаланған, ал өзі жетпіске жетпей өмірден өтті. Есімі жүрегімде жазылып қалған ондай адамды ешқашан ұмытпаймын.

Жаратқан Иеміз мені сондай ізгі адамдарға жолықтырды. Осы орайда өзімнің әдебиеттегі анам — Руфь Тамаринаға айырықша тоқталмақпын. Екінші Дүниежүзілік соғыстың алдында Әдебиет институтын тәмамдаған ол сұм соғыс баудай түсірген ұрпақтың республикамыздағы көрнекті де беделді өкілі болатын. Руфь қазақстандық қаламгерлерге Мәскеу әдеби мектебі талаптарының биігінен қарайтын. Он бес жасар Надежда Чернованың талантын алғаш танып, Бақытжан Қанапияновтың тұңғыш кітабына ақ батасын берді, Евгений Курдаков, Александр Шмидт, Орынбай Жанайдаров, Геннадий Доронин секілді жас дарындарға қолдау көрсетті, жас жазушылардың тұңғыш республикалық кеңесінде поэзиялық семинар өткізіп, өлеңдері газеттерде, «Простор» журналында жарық көруіне жол ашты. Еліміздің әр облысынан келген жастарды үйіне шақырып, әдеби ақыл-кеңес беретін, қолынан тамақ ішіп, қонып қалушы едік, Алматының қақ ортасындағы шағындау пәтері өзіндік бір Шығармашылық үйге айналып кетті. Бізге арнап «Қыздарым менің – үмітім менің» деп беташар өлең жазды. Өзінің шығармашылық жолын «өмірлік сыбағамнан қағылыппын, онда тұрған не бар!» — деп қорытындылап еді. Дерексіз, жөнсіз саяси айып тағылып, 25 жылға сотталды, Степлагта 8 жыл отырып шықты, «Кеңгір дәптері» («Кенгирская тетрадь»), «Жаңа жыл түні» («Новогодняя ночь») поэмаларында, «Тасқындағы жаңқа» («Щепкой — в  потоке») деп аталатын деректі хикаятында сол жылдарды аяусыз әшкереледі. 90-шы жылдары Томскіде тұратын ұлына кеткен, көп ұзамай Қазақстанға ризашылық ретінде сол жақта басылған аударма кітабын салып жіберіпті. Оған Мағжан Жұмабаевтың, Сырбай Мәуленовтің, Қалима Өтеғалиеваның, Дихан Әбілевтің, Мұзафар Әлімбаевтың, Ақұштап Бақтыгерееваның, Нұтфолла Шәкеновтің, Ибрагим Исаевтың өлеңдерінің аудармасы енген… Руфь Тамаринаны лагерьдегілер «Мейірімді Рута» («Добрая Рута») деп атапты.

Жақында ғана арамыздан кеткен Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Ортайұлы Таразимен 90-шы жылдардың ортасында «Казахстанская правда» газетінде істеп жүргенімде танысқанмын, әдеби өмірдің арнасы шегірен былғарыдай тарыла бастаған кез. Мен оның елімізді жегі құрттай жей бастаған жемқорлық пен алмағайып заманға тап болған алтын бесік — ауылдың аянышты жағдайы, не нәрсеге де бейімделгіш жылпостар мен пысықайлардың «жылтыңдамай тыныш жүр» дейтін мәңгілік пәлсапасы жөнінде, сондай келеңсіздіктерге тайсалмай қарсы шыққан Тельман Жанұзақов немесе Нұрмұхан Жантөрин тәрізді тұлғалардың айғай-шусыз жасаған ерлігі жайында, бір кездері жаңа бастаған жас жазушының алдында «кітапты сыншы бағалайды, бірақ кітап та сыншыға баға береді» деген естен кетпес сөзді айтқан Мұхтар Омарханұлы Әуезов туралы әңгімелесу туралы ұсынысын қуана қабыл алдым. Бір күні Әкім Ортайұлы өлең жазып жүрсің бе деп сұрады. «Қайдағы өлең, бәрібір ешқайда басылмайды!» «Жинағыңды дайындай бер, Астана қаласында «Аударма» деп аталатын жаңа баспа ашылды». Сөйтіп 2000 жылы «Үш кітаптан үзінді» деп аталатын өлеңдер жинағым жарық көрді. Әдебиетке солай қайта оралғанмын. Пекиндегі православие діні миссиясында 14 жыл жұмыс істеген Иакинф әкей туралы кезінде Шоқан Уәлихановтан оқығанмын, шын аты Никита Бичурин екенін де білетінмін, бірақ оның еңбектерімен Әкім Тарази арқылы таныстым. Таразидың айтуынша, Бартольд та, Радлов та, Гумилев те, олардан басқа евразиятанушы этнографтар да сол кісінің «шинелінен», дұрысы, шекпенінінен шығыпты. Өле-өлгенше кедейліктің қамытынан құтыла алмай, тіптен аты-жөні де белгісіз болып келген осы ғалымның артында қалған мұрасы қазақтардың тарихи мәліметтер арқылы мемлекет құрушы ұлт ретінде өзін-өзі тануы тұрғысынан өлшеусіз маңызды екендігі туралы әңгімелей келіп, оған АЛҒЫСТАН басқа айтарымыз жоқ дейтін. Рухым басылып, жаным жүдеп жүргенде жылы сөзін аямай, қысылғанда қол ұшын берген аяулы Әкім Таразиға осы сөзді мен де айтпақпын, ал оның өмірлік серігі болған жазушы, драматург Роза Мұқанованың қайғысына ортақпын.

Сол тоқсаныншы жылдары пиджагының түймелерін түгел тағып, әскери әдетпен сымдай тартылып жүретін, гвардиялық Панфилов дивизиясында қызмет етіп, артиллерия майоры шеніне дейін көтерілген, Бауыржан Момышұлының досы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, аты аңызға айналған Баукеңнің өзі бүкіл архивін, жазу кітапшаларын түгелдей мұраға қалдырған  Дмитрий Федорович Снегинді қалай айтпайын! Кенет Дмитрий Федоровичтың «Пелым мен оның тұрғындары» («Пелым и его обитатели») деп аталатын кітабы жарық көрді, тұнып тұрған фантасмагория, бұрынғы Верный бекінісіндегі тұрмыс-тіршілік пен әдебиет саласындағы көрген-білгеніне мүлдем ұқсамайтын өмірді сипаттаған. Екеуміз суретші Хлудов, ақын Павел Васильев, майданда жүргенде жауап алған энкэвэдэ тергеушілері туралы, Ақын мен сонау отызыншы жылдары Васильевтің өлеңдерін бірге оқыған достары жайында сырласатынбыз… Дмитрий Снегиннің орыс поэзиясының көшбасшысы Пушкин мен соғыс кезінде Пушкин тауларын қалай азат еткендері туралы «Әдеттен тыс жақындық» («Странные сближения») деп аталатын эссесі мен «Абайға еліктеуден туған сонеттері» («Абаевский венок сонетов»), жан жары Александра Яковлевна дүние салғанда жазған, біздің газетте жарияланған азалы өлеңі көкейімде мәңгі сақталып қалды. Осындай сенім білдіріп, жүрегінің түбіндегі құпиясын бөліскен, шығармашылық сырларын жайып салған Дмитрий Федоровичқа да мың алғыс!

Құдайға шүкір, жаныма жақын адамдар әлі де баршылық, өмірде ондай адамдардың болғанынан маңызды не бар өзі! Өлеңіне адам жанын, рухын өзек еткен Валерий Михайловпен анда-санда әңгімелесіп тұрамыз. Поэзиясы соншалықты жаныма жақын, өлеңдерін оқығанда ештеңе жазғым келмей қалады. Кітабын ашсам болды, бірер сағат бойы бұл өмірден мүлдем қол үземін. Жанымыз бір сияқты… Кітапты құрастыруы таң қаларлық – өлеңдері бір-бірінен туындап, балалап жатқандай, табиғи түзілген, сонысымен әсерлі… Надежда Чернова ше? Оның шығармашылық қарымынан өзгелер қуат алады. Таяуда ғана Иран-Ғайыптың екі поэмасы мен Ұлықбек Есдәулеттің жиырма шақты өлеңін аударды. Сарқылмас қабілетті, бір нәрсенің бірнеше нұсқасын жасаудан еш жалықпайды. Поэтикалық сөздік қоры мол, кез-келген құбылысты, сезімді, ойды бейнелейтін сөздер мен ұғымдарды дәл табудың қас шебері… «Аяз бен шөп» («Мороз-трава»), «Дала Вавилоны» («Степной Вавилон»), «Жердің шетіндегі бір түкпір» («Кудыкины горы»), «Тұман кешіп самғаған» («Летящие в тумане»), «Тіршілік көріністері» («Картины бытия»), «Итмұрын гүлдегенде» («Когда зацветает шиповник»), «Аңсарымның самалы» («Ветер желаний») тәрізді прозалық шығармалары мен эсселерінде қарапайым халық жиі қолданатын сөздер молынан келтірілген… Осындай ақынның, прозаиктің, аудармашының шын қадіріне әлі де жете алмай жүрміз! Қазір денсаулығы нашарлап кеткеніне қарамастан роман жазып жатыр. Ара-тұра телефон шалып: «Надежда…» деп тілдескеннің өзі неге тұрады! Екеуміз жас кезімізден араласамыз, бір-біріміздің шығармашылығымызды ұнатамыз, әр жарияланым, әр кітап, «Просторда» басылған әр өлең біз үшін үлкен оқиға. Сол достығымыз әлі жалғасып келе жатқанының өзі бір бақыт…

— Қалай ойлайсыз, «Простор» мен «Жұлдыз» — егіз журнал десек, өз арамыздағы достыққа, шығармашылық байланысқа көңіліңіз тола ма? Бұл жайында не айтасыз?

 — «Просторда» аударма әдебиет, әсіресе қазақ жазушыларының шығармалары жиі жарияланып тұрады. Соңғы жаңалықтарға ғана тоқталайын: Адольф Арцишевский аударған, отыз жылдан бері қозғаусыз жатқан Қалихан Ысқақовтың «Ақсу – жер жәннаты» романы, Бауыржан Жақыптың «Дегелең дауысы», Иран-Ғайыптың «Кемеден қашқан көртышқандар» поэмалары мен Ұлықбек Есдәулеттің 70 жасқа толуы құрметіне аударылған өлеңдері, сіздің «Хан Мөде» хикаятыңыз. Бұл тізімді әлі де жалғастыра беруге болады. Қазақстанға жер аударылып, біраз жыл Павлодар мен Көкшетауда тұрған Анастасия Цветаеваның «Кәрілік пен жастық» деп аталатын хикаяты Жанна Байтемірованың аудармасымен «Жұлдызда» жарияланды, Фархат Тамендаровтың «Қиял қуғандар» хикаятын өзіңіз бастан-аяқ редакциялап, іс жүзінде қайта аударып шықтыңыз. Сондай-ақ Алесь Карлюкевичтің қазақ-беларусь әдеби байланыстары туралы мақаласы мен Абайды аударған Микола Метлицкийдің өлеңдері басылды. Осындай жарияланымдар көбейе түссе оқырманның қызығушылығы да арта бермек. Руфь Тамарина «лагерлік» прозасында: «Қиналған кезде қол ұшын берген жандардың алдындағы қарызымды бір ғана жолмен – ізгі істер үздіксіз жалғаса беруі үшін өзгелерге көмектесу арқылы ғана өтей алатынымды ұқтым» деп жазған. Осы ұстанымнан айнымасақ болды.

Ал біздің журналдарымыздың арасындағы достық байланыс, ең алдымен, әдебиетке қызмет етіп, кейінгі жастарға үлгі болары хақ. Мысалы, жақында Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Қасымхан Бегманов пен Орыс әдебиеті жөніндегі кеңестің ұйымдастыруымен Ұлттық кітапханада Ақсұңқар Ақынбаба аударған Анна Ахматованың кітабының тұсаукесері өткізілді. Жақсы іс осылай жалғасын табады.

-Сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет. Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз.

            Сұхбатты жүргізген  Нұрлан Қами.




ПІКІР ЖАЗУ