Мен сұлулық көремін айдан ғана 

Бақытжан РАИСОВА

Менің жолым

Бесігімді тербеттім бір қолдағы,
Жырымды халық дейтін пір қолдады.
Еселеп мен байлыққа батқаным жоқ,
Есесіне жүрегім құл болмады.
Еңкейіп мен атқардым адал істі,
Бас көтертпей тұрса да алаң ішкі.
Азаттығы әркімнің кісенделмей,
Еркімен өмір сүйген адам күшті.
Ояндым домбыраның күмбірінен,
Жайылды қарсы алдымнан түрлі кілем.
 Жер-Ананың гүлдерін жиып өстім
Байланған Ай мен Күнге кіндігінен.
Алдынан сабақ алдым ғұламаның,
Ақанның сертке тақтым қыран-әнін. 
Жыр әкесі Қадырдан дәріс тыңдап,
Сүлейлерін пір тұттым Сыр-ананың.
Мағжанның мұңы маған батты жаман,
Үміттің шатқалынан ат құлаған.
Бабамның көрген зорлық-қорлығынан
Қобыздай күңіреніп жатты далам…
Сағынышы кие боп Төлегеннің,
Жыраулар әлеміне терең ендім.
Өлеңнің алтын соқпақ керуенінде
 Көгерермін өзім де көнерермін…
Жұмақтың кілтін сақтап табанымда,
Жүріп өттім ақ жолын ананың да.
Әлемнің жарығының сыйы шығар
Бір түйір бұлт қалмаса қабағымда. 

Сенсация 

Біреу ішінде өлген бе,
Улы өтірік газынан,
Жоғалып сақтаған қазынам,
Ал менде – құр желдік азынау…
Ішінен іріген біреуді
Жалмады тоқшылық обыры,
Ішіп-жеп тұратын көзі ұры,
Уыста ұстаған өмірі…
Қабірсіз, кебінсіз рас енді өлгені,
Мен оған жан сала алмадым,
Шын еді оны іздеп барғаным,
Барсакелмеске шығарып салғаным.
Ішіне жын ба екен, 
Кірген кім, Ібіліс?
Досым ба, туысым, әлде бір қарау ма-ай,
Қу боқтан жер үсті қойды ғой тазармай,
Өлеңім өрістен қайтты ма,
Тіріге жоқтау жаза алмай?
Алдымен мейірім бір түнде жоғалды!
Басталды мұраны бөлісу,
Көздерін аларту, жақ сынып керісу,
Тек іші өлгенге 
Қайдағы көрісу?
Аяныш таяныш болмады,
Сынасу, санасу, көре алмау,
Санамен сағынып, сене алмау,
Тым құрса, Құдай алдында
Жан-тәнімен тұтас өле алмау… 

Жұмақ

Кері итеріп не оздырып уақытты,
Жан өмірге келгенімен бақытты.
Ұлы өнерді сата алмайтын ешқашан
Төксе дағы алтын, гауһар, жақұтты.
Өмір қатал, зар шегеді шерменде,
Мен жұмаққа барсам дейді өлгенде.
Жылап тұрып, жұмақ санар тірлікті, 
Күллі өмірдің әділеті бар менде.
Таң атпаса қара жерге құлап түн,
Несі қызық күресі жоқ жұмақтың.
Қобыз сарын қосылмаса не болар,
Қаңбағына мұң оралған қыраттың.
Сыңсып өскен жүзімнен дәм татарсың,
Өне бойы тәтті ұйқыға батарсың.
Жұмақтан да жалығарсың бір күні
Бақпен бірге келмесе егер қатар сын.
Мың-миллион раушан гүлдің жамалы,
Көкжал толқын күнде сүйген жағаны.
Бұл фәниді жұмақ демей не дейсің,
Күнәдан пәк сәби есік қағады.
Көк төрінде қатар жүзген күн, айы,
Қыран ойы, шексіз және қиялы,
Бір ғұмырға бір жұлдыздан келетін
Маған жайлы осы дүние жұмағы.
* * * 
Мен сұлулық көремін айдан ғана,
Су тиеді бетіме ардан ғана,
Күн астында көлгірсіп жүргендердің
Өмір сүрдім дегені – алдау ғана…
Еркіндікті көремін туған ойдан,
Ащы шындық самайдан сорғалаған.
Барымталап жүргендер кісі сөзін
Бақ іздеген бейбақ қой айдаладан.
Шын күлкіден іздеймін тамашаны,
Мысқылға да мұңдылық жарасады.
Күнә жасап жүрмін деп қаймыға ма,
«Алып» деп мақтайтындар аласаны.
Қорқамын хақын сұрап қыса ма деп,
Қоғамда у ішкізер күшәлә көп.
Алтын табақ ішінде отырғандар
Көрде де кесек алтын құса ма деп…
Пайдаға айырбастап парасатты,
«Әділ сот» жалпақ жұртқа жала сатты.
Шекпенді кәсіп ашып не қылады
Аузынан ақ май тегін, қаласа ақты.
Ізгілікті танимын бармағынан,
Қуға алдандым, қорықпай қармағынан.
Саты жасап, мансапқа жеткендердің 
Ұяты ұя салды-ау ар жағынан…
Түршігем түпке жалған жете ме деп,
Кер жалқау қолын жайып өте ме деп.
Түйткілін бар ғаламның білген қасқа
Түйреуіш жасай алмай кете ме деп.
Аспан – Құдірет
Аспан бәрін де естиді, көреді,
Бәріне жауап береді себебі.
Құдірет – аспанның сол өзі,
Көретін көгілдір көзі – өзі.
Жаудырап тұрады, жұлдыздар – шырағы,
Ғаламда жоқ енді аспандай қырағы.
Жер үсті балағат, қарғысқа толады,
Аспан естиді, ұят болады.
Бұлттардың бауыры тас болып қатады,
Қарағай басына жай түсіп жатады.
Аспанның бір аты – жаңғырық,
 Қылығың жоғалып кетпейді қаңғырып.
Аспанға қарайсың, ол саған қарайды,
Бақыт деп білмейсің шуақ пен арайды.
Аспанның бір аты – жарықтық,
Бір уыс жан нұрын далаға алып шық,
Қаралап біреуді, залымдық еткенің,
Алалап біреуді абырой төккенің.
Перзенті болсам да топырақ-торқаның,
Мен көктің көп білген есінен қорқамын.
Аспан бәрін де біліп жатады,
Жаңғырып, зар қылып бір күні үн қатады.
Аспанның жүзі ойнап көзімде, сөзімде
Бұл менің шабытқа бөленген кезім бе?

Асыл сөз

Жүзжылдықтар асыл сөзге сүйенді,
Сөз көтерді сан мыңжылдық мерейді.
Тіршілігің әрекетке тірелді
Сөзге сеніп көр енді.
Ар ұялар іс көбейді бұл күнде
Кітапхана айналды әсем көрмеге,
Сан ғасырлар дамыған сөз шіркінге
Дым түсінбей жер түбінен өрмеле.
Көкіректің көркі болған абыз сөз,
Әулиенің көмейінен саулаған.
Демосфеннен қалған көне жарыссөз
Керек болмай қараң қалған ой-додам.
Әлішердің толғанысы – кереңге,
Ғазал жетпес кеще ақылға кешігіп.
Абай сөзі сүйрегенмен тереңге,
Алам кейде майшамды да өшіріп…
Гёте, Гейне – шамшырағы танымның,
Ақыл қосқан нұрлы аспанның өзіне.
Жүрек сезсе мәнін ұлы сарынның
Бар сәулесі түсетұғын көзіңе.
Көкбөрідей ұлып қалса сөз жетім,
Айрылады адамдар Күн-басынан.
Таяу келмей заманақыр кезге тым
Орағытып өтейікші қасынан… 

Табиғат та – бір кісі

Мынау бақтарда
Қобыздар сарын ойнап жатқанда,
Сәукелесінің жапырақ етегіне сүрініп,
Қайыңға көңлім тоқтауда.
Не деген ұлылық,
Төгіліп жатқан сұлулық.
Анау аспанда
Найзағайлар мүйіздесіп жатқанда,
Көк көңілі сел боп аққанда,
Жаңбырдан шыт көйлек киіп жүгіріп,
Еліктей жосып аққанда.
Тасады бірге көңілім,
Шексіз мейірім.
Сонау тауларда 
Қанаты қыранға айналған.
Шым батып асқақ ойларға,
Жанарым шыңдарға сүйініп,
Кезігіп тұрамын таңдарға.
Ғажайып алыптық-
Тау деген жарықтық.
Әнеу бір тасыған дария толқыны,
Күллі төңкеріс, өзгерістердің төркіні.
Тереңде жүзген тұншығып,
Мұздаған ойдың өртімін.
Не деген пейіл жайылған,
Айырған сары уайымнан.
Осынау дархан далада
Тұлпарлар бауырынан жараған.
Кие жарық жылдамдығымен тараған.
Елбесіп-селбесіп, сәулелесіп күн көрген.
Аяулы боп жаралған аядан…
Ғажап жан байлығының үлгісі,
Табиғат та – ұлы боп туған бір кісі.
* * * 
Құдайға табынған қоғамда Құдайсыз
Періште көтере алмайтын ауыр салмақпен
Жайнамаз үстіне құлайсыз.
Жұлдыздар найзағай отымен қосылып жылайды,
Ал сіз үнсіз жылайсыз…
Ізгілік аптығы басылмай,
Қанатын қағады қағбаның тасындай.
Еріндер езуге айналып күледі
Өтірік айтқанын жасырмай.
Шеті-шегі жоқ айырбас алаңы,
Ұту не ұтылу сауданың амалы.
Жер енді басқаша ойлайтын болады.
Бір ғана дәруіш қоңырау қағады:
Су, ауа, топырақ сатылар,
Бақа мен шаян да жарамды, хақы бар.
Әлемнің ақшасы, бақшасы тозаң боп шашылар, 
Саудаға түссе егер ақыл, ар.

Жаз

Қара жер, қара суды ішіп-жеген,
Мөлдіреп шие даңқын түсірмеген.
Қызыл шырын үрпінен жаз гүлдеген
Келе жаттым жұмақтың ішінде мен.
Тал басында жамырап жасыл шырақ,
Күн үстіне құяды асыл шуақ.
Ақ пен көгі алмасқан кереметтен
Мен отырмын адамға ақыл сұрап.
Ақша бұлттың көгілдір жайлауында,
Өмір жатты отты күн қайнауында.
Ақ жауынның іңірлік ықыласы – 
Қылаң шөптің көрініп қаулауында.
Бөртіп бүгін көгорай түйнектері,
Оймақ ерін ойыпты жидектері.
Бусанған ана жаздың бауырында
Барады балпаң басып үйректері…
Мұнда жоқ көк бет дауыл, құйын ізі,
Қарақат – сұлулықтың тамшы жүзі.
Таңғалып жапыраққа отырғанда
Бас жарып шықты жерден нұр уызы.
Шымырлап кәусар тұма қайдан шығар,
Бұлбұлдар ақ қанатын жайған шығар.
Жаз қызығын термелеп торғай отыр
Ер жетіп жусан қырда қалған шығар… 

Пікір қалдыру