Бұл даланың әр төбесі, әр белесі ертегі,
Бір төбесін басып қалсаң, бір ертегі шертеді.
* * *
Жер астынан құлақ етіп қияқты,
Менің ата-бабаларым тыңдап жатқан сияқты.
Мұхтар ШАХАНОВ
Жол басы
Түркістанға келген сайын әрі-сәрі күй кешетін әдетім. Мұнда келгенде уақыт шекарасы әп-сәтте шегініп кетеді де, бір сәт аспан мен жердің, тау мен даланың арасында адасып қалғандай әсерге бөленесің. Шіліңгір шілдеде жер бетінен қолсозым биікке көтерілген сарғыш сағым қашықтық пен биіктік шымылдығын біржола сыпырып тастайтыны қызық.
Бұл жолы жүрдек пойыздан таң қараңғылығында түскенмін. Кәдімгі… иә, кәдімгі, әлде – тұман, әлде – түтінге бөккен Түркістан ә дегеннен өзіме таныс та, бейтаныс секілді көрініп кеткені. Таныс болатыны – Түркістан менің балалық, жастық шағымның ізі қалған қала. Бейтаныс дейтінім – араға он бес жыл салып қайта келгенде Түркістан шахары алып құрылыс алаңына айналып кеткен еді.
«Евразия» деп аталар су жаңа қонақүйдің алдында темекімді бұрқыратып отырмын. Бір кездері өзім талай рет келген, сыраханасын сағалап, шарапханасын шайқаған орталық алаң. Сонадай жерде дөңкиіп Әзірет Сұлтан кесенесі көрінеді. Егер осы кесене болмаса, мына түрлі-түсті гирлянділермен безендіріліп, шам оттары көз қарықтырған орталық алаңды танымай да қалғандай екем. Иә, осы кесене болмаса…
Менде тұрған не бар, бүкіл әлем Түркістанды осы кесене арқылы танитыны қызық.
Ес біліп, етек жапқалы мен үшін Әзірет Сұлтан кесенесінің орны қашан да бөлек-тін. Маған дейін жеті баласын жер қойнына тапсырған әкеміз сонау бір жылдары мені қасиетті орынға алып келіпті. Бір өгіздің құнын беріп, шырақшыдан бата алыпты. Шырақшы жарықтық қырық құрақ матадан тұратын кеудеше тіккізіп, кеудеме тоғыз түрлі қоңырау тағыпты. Әкей де пәле, өн бойы қоңырауға толы «әулие баланы» көтеріп базарға кіргенде, базар қауымы баланың қойын-қонышын тиын-тебенге толтырып тастайды екен.
«Балаңызды жыл сайын әкеліп тұрыңыз, өмір жасы ұзақ болады» десе керек мешіт имамы. Осы дәстүрді кейінгі кезге дейін ұстанып, әулиенің басына апта сайын болмаса да, ай аралатып барып тұрдым. Сосын… Батыс пен шығыстың екі арасында өмір ағысына ілесіп кете бардық. Арлы-берлі өткенде батыстан-шығысқа, шығыстан батысқа тартқан пойыз терезесінен немесе жүрдек машина әйнегінен сығалай қарап қойып, Әзірет Сұлтан кесенесіне білген дұғамызды бағыштап өте беруді дағдыға айналдырдық.
Сонау биікте дөңкиіп тұрған алып кесенеге қараймын келіп, қараймын. Кесененің мен отырған солтүстік бетінде – су жаңа Бас қақпа. Сосын кесенені кейінгі, сексенінші жылдары салынған алып қорған қоршап тұр. Бәлкім, көрер көзден тасалап тұрған шығар. Орталық алаңның шет-шетінде түйелер мен жылқылардың сұлбасы қарауытады. Жансыз, воско материалынан жасалған түйелер. Менің Сейсен Мұхтарұлы ағамның сонау бала күнде жазылған өлеңі болушы еді. «Бұйра құм… Бұйра құм… Түйелер көтеріп сирағын…» деп басталатын секілді еді. Ал мына түйелер мен жаққа мойындарын да бұрмайды, сирақтарын да көтермейді. Ал бұйра құм… Күндердің күнінде судың сатылатынына сенсем де, жерінің үштен екісі құмды аймақтан тұратын қазақ жерінде құм сатылады дегенге сенбей-ақ келіп едім…. Осылай кете берсе, енді біраз жылдан соң Сейсен ағамның бұйра құмын құрылыс алаңдарынан ғана ұшырататын шығармыз. «Жылтыраққа неге әуеспіз осы» деп айтқым келеді. Не болып кетті өзі? Әлде мен де мына жасарып, жаңғырып жатқан Түркістанды сырт көзден, келім-кетушіден қызғана бастағаным ба?..
Қызғанса несі бар? Жеме-жемге келгенде мен де өзімді түркістандықпын деп айта аламын. Туған жерім бүгінде Қызылорда облысына жатады демесең, болса – болмаса, осы жерден тиіп тұр. Ана Сығанақ, бүгінгі Сунақ-Атаның төбесі біздің ата бейітіміз. Онда менің әкем және туыстарым жатыр. Сосын… Жастау күніміз. Сол баяғы сағым көшкен сары дала. Бұлыңдап сағым ұшқан, бұраңдап құйын қашқан сары дала. Сары даланың ежелгі тұрғыны иір мойын сары атан құмшық төбенің биігінен айналаға аңтарыла қарайды. Айналаға аңтарыла қарайтын жалғыз ол емес, дала төсін жырып аққан дарияның жарқабағынан жүз отыз жылдық тарихы бар Ақтас мешіті шығыс жаққа мойнын созады.
Бала күнімізде осы мешіттің ұшар басына көтеріліп шығыс жаққа ұзақ-ұзақ қараушы едік. Үлкендердің айтуына сенсек, бір кездері биіктігі жиырма бес метрлік ғимараттың ұшар басына шығып, шығыс жаққа көз жіберген адам көгілдір аспан астынан көкпеңбек күмбезді көреді екен. Екі арасы ең кемі қырық шақырым. Ол кездері ауа таза болды ма, әлде бабаларымыз көреген бе екен, сол кездері қырық шақырым жердегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің көрініп тұрғаны анық.
Жалғыз Ақтас мешіті емес, бұл ғимараттың төбесін Арыстанбап пен Оқшы атаның мазарынан да көруге болады деседі. Беремін десе Аллаһ Тағаланың құдіретінде шек жоқ қой, одан қалды құбылаға бет қойып, қаһабаға ниет еткен игі мұсылман қауымы шын тілесе Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көре алады екен.
Аспан мен жердің, тау мен даланың шекарасында асқақтап тұрған алып кесене. Кесене… Мешіт… Ақсарай… Пантеон… Орта Азияда кең тараған сәулет өнері туындыларындағы ерекшеліктерді сақтай отырып қайталанбас өнер туындысы дәрежесіне көтерген орта ғасырлық шеберлердің басты жетістігі де осы әр алуан мақсаттағы бірнеше ғимаратты біртұтас кешен дәрежесіне көтеруінде жатыр деседі.
Бір қызығы, осы бір күрделі шешім кешенге сырттай қарағанда байқала қоймайтынын сәулетшілер ертеден байқаған. Төбесіне шығып немесе дәл түбіне келіп қарамасаң, Бұхара мен Самархандағы көп кесене, медреселердің бірі секілді. Құрылымдық жағынан әлемде теңдесі жоқ тұтас ғимарат дүниеге қалай келді деп бас қатыратын жөніміз бар.
Жолсоқты болып қатты шаршаған екенмін, қанша ұйқтағаным есімде жоқ. Таңғы асты апыл-ғұпыл ішіп тысқа шығайын. Аяқтың асты жылтырап жатыр. Газон шөбіне да шық тұрыпты. Алғашында алаңға су сепкен болар деп ойлағанмын. Табан астындағы су түнге қарай сіркіреп өткен жаңбырдың ізі екенін білген соң, жүрегім жылып сала бергені. Тек… желтоқсан айында жауған жауынды не жақсылыққа, не жамандыққа жоруды білмей далмын…
Түске жақын жаңадан құрылып жатқан Түркістан облысы жазушыларының су жаңа басшысы Әлібек Шегебай келді. Жолсапар мақсатын айқындап алған соң, сапарды әулиеден бастауды жөн көріп, далаға шығайық. Орталық алаңның алды қаптаған машина. Қаптаған полиция. Әлдебір құпия жаттығу жұмыстары жүріп жатыр. Қол созым жердегі машинамызға жете алмай қор болайық. «Айналып өтіңіздер» дейді. Ал айналма жол – Яссауи кесенесін айналып өтеді. Адамның жолы болайын десе қандай оңай, бір кездері өзімнің табан ізім қалған кесенені айналып жүргеніме шүкіршілік етемін.
Қай кезде хабарласып қойғанын кім білсін, алдымыздан кесене директорының орынбасары мен Мұрат есімді реставратор жігіт күтіп тұр екен. «Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздік мақсатында Хан сарайға кіруге рұқсат жоқ. Сонша жерден ат терлетіп келген сіздер секілді қадірменді қонақтарға болмаса…» – деді директордың орынбасары оңтүстік өлкенің халқына тән жұмсақ дауыспен.
Әзірет Сұлтанға келген сайын жөндеу жұмыстарының үстінен түсемін. Бұл жолғы реставрация жұмыстары «Хандар сарайында» жүргізіліп жатыр екен. Ыбырсып жатқан ғимараттың кіре беріс аузында алтын тақ тұр. Өзім бұрын көрмеген жәдігер. Кәдімгі алтын тақ. Ертең қалпына келтіру жұмыстары біткен соң, бұл тақтың маңайынан жүргізбейді. Ендеше… «болмасаң да, ұқсап бақ»… алтын тақта қонжиып отырып… суретке түсіп алсам қайтеді?.. «Алтын тақтың иесі – «қасқа жолды» Қасым хан. Сызбасын Ираннан әкелдік, осы тұрысында қаз-қалпында жасалған», – дейді реставратор бауырым. Тақтың жақтауларындағы металдың мелхиор екенін танып тұрмын, сыртқы қаптамасы, болса – болмаса, Тәшкеннің помбарқыты. Өзі хандық құрған кезінде қазақтың санын бір миллионнан, әскер санын үш жүз мыңнан асырған Қасымхан көкем мелхиорды қайтсін, алтынмен аптап, күміспен күптеген айдынды да, айбынды тақта отырған болар деп шамалаймын. Ал Әлібек екеумізге бәрібір, шыртылдатып суретке түскенге мәзбіз.
Тас текпішектерді құлдап жоғарыға көтеріле бердік. Әзірет сұлтан комплексінің архитектуралық ғажайыбы тек төбесіне шыққан сәтте ғана байқалатынын бұрыннан білемін.
Түркістанның жүрегі
Ғасырлар бойы көшпенділер мәдениетінің алтын бесігі болған, сол мәдениеттің ең соңғы белгілерін кешеден бүгінге жеткізген Ұлы далада не көп – тарихи ескерткіштер мен жәдігер тамдар көп. Олардың қайсысы кесене, қайсысы асар екенін қаймана қазақтың көпшілігі ажырата бермейді. Оны айтасыз-ау, дала төсіндегі мұнара-маяктар мен қарауыл төбелерді кесенеге балап, тәу етіп жүрген замандастарымызды көзіміз көрді. Иә, сегіз ғасырдан бері жер бетіндегі мұсылман қауымының көзайымына айналған бұл ғимараттың өз тағдыры, өз тарихы бар
Сәулет стилі, айшық өрнегі, салыну тәсілі жағынан Орта Азияда теңдессіз ғимарат (М.Е.Массон, Н.Н.Веселовский) саналатын Құл Қожа Ахмет Яссауидің жәдігер тамы жөнінде де жаңылыс пікірлер болған. Біреулер оны кесене десе, біреулер мешітке, біреулер хан сарайына балаған.
«Ахмет Яссауи ескерткіші мешіт болуы мүмкін емес, оның мавзолей екендігіне дау жоқ, егер ол мешіт болса оның маңдайы құбылаға қарап тұрар еді, ал бұл ескерткіштің маңдайы түстіктен шығысқа қарайды, әуелгі жобасынан 30 градусқа бұрыс», – деп жазды академик М.Е.Массон. (1)
Шын мәнінде Яссауи ескерткіші архитектуралық құрылысы жағынан әлемде теңдесі жоқ кешен, оның құрамына кіретіңдер – діни орталық; мешіт, әулиенің кесенесі, салтанатты хан сарайы, Үлкен және Кіші Ақсарай; кітапхана, астрономиялық маңызы бар қазандық, одан қалды ерекше Қорым – Пантеон. Осынау көптеген қажеттілікке арналып салынған күмбезді бөлмелердің өзара үйлесімі ескерткіштің жеке-жеке мешіт, не кесене ғана емес, біртұтас мемориалды кешен екенін айғақтайды.
Мынау – хан сарайдың мұнарасы. Мынау – кітапхананың мұнарасы. Кешеннің бүйіріндегі блоктар Қазандық бөлмесін айнала қоршап, күмбезді негізінен мызғытпай ұстап тұрған тіреу іспеттес. Қабырғалардың қалың қалануы ғимараттың берік тұруын көздегендік. Ғимаратты әр түрлі бөлмелерге, құжыраларға бөлгенде, олардың әр қайсысының салмағын тек өзіне салуға негізделген. Шатырдың төбесі кейде айқаса құрылып, кейде айқын доға ретінде салынуы да сәулет өнерінің заңдылықтарын сақтауды көздегендік. Қожа Ахмет Яссауи кешенінде тұңғыш рет қолданылған бұл әдіс кейіннен Орта Азия мен Қазақстанның сәулет ескерткіштерінде кеңінен қолданылды.
Ескерткіш құрылысындағы осынау тамаша шешім жөнінде жазушы Дүкенбай Досжанов сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары-ақ жазған болатын, «Бас ұста Мәулен Убайдуллаға тапсырылған зәулім құрылыстың жалпы жобасы төмендегіше еді, бас күмбездің диаметрі қырық бір кезге (бір кез 80 сантиметрге тең) тең болуы керек, осыған сәйкес барша құрылыстың ішкі бөлмелері, тіреулері бас күмбезге тепе-тең түсетіндей етіп өрілуі шарт. Шағын бөлмелерді бөліп тұратын қабырға, жұмырлап өрілген тіреу, жақтаулар өздеріне орасан зор салмақ түсіреді. Орталық күмбездің салмағы әлгілерге тепе-тең бөлінген, әрбір материалдың қарама-қарсы әсер ету қасиеті, қысым күші, салмақ заңы математикалық жолмен есептелген. Қолданылған құрылыс затының қарама-қарсы әсер ету қасиетін арттыру арқылы тіреулерді, жақтауларды жұқартқанмен олардың беріктігі азаймаған…»
Басқаны былай қойғанда, Ұлы даладағы қайталанбас ескерткішті әлемнің көп кереметтерінің ішінен ерекшелендіріп тұру үшін осы ғажайып шешімнің өзі-ақ жетіп артылар еді. Дегенмен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің кереметі бір мұнымен шектелмейді.
Мұны Ұлкен Ақсарай мен Кіші Ақсарайға кірген сәтте ғана сезінуге болады. Кесенеге күннің қай мезгілінде кірмеңіз, оның әр түрлі мақсатқа арналып салынған отыз бес бөлмесіне жарықтың бір деңгейде түсіп тұрғанын байқар едіңіз. Күмбез бен қалпақ кенересін қуалай салынған дөңгелек төр көздер күн сәулесін өзіне тартып, қай кезде болмасын нұрлы сәуле шашып тұрады. Сол сәуле күмбез астындағы көгілдір қабырғаларға шағылысып, құбылып, құлпырып көрінеді. «Алғаш кеші кірген кісінің көзіне ескерткіш іші нұрлана балқып, аяқ басқан сәл дыбысқа жаңғырып, сан құбылған нұр сәулелер көңілге өшпестей нұр қалдырады» (Д.Досжанов).
Бірегей кешен өзінің безендірілуі жөнінен де бейнелеу өнерінің қайталанбас туындысы іспеттес. Атап айтқанда, үй қабырғасының төменгі жағын бедерлі көгілдір қыштармен қаптап, аласа кенере жасалған. Одан жоғарырақ беті өсімдік өрнегімен әшекейленген ақ, көк айшықты жиек көмкерулер. Кесененің сыртқа қараған бұрыштары үш ширек мөлшерінде әшекейлі діңгектермен түйінделген. Бәрінен де Қазандық бөлменің салтанаты асып түседі, еңсесі биік, заңғар күмбезден салбырап тұрған асыл сталактит бөлме ішін ай жарығына бөленіп тұрғандай әсер қалдырады, ай жарығына шағылысқан ала көлеңке аппақ қабырғаларға түскенде төңірегің тылсым тыныштыққа тұнып, айнала сән-салғанатқа толып сала береді.
Мешіттің іші де өте сәнді әшекейленген. Қабырғаларына айнала көк және жасыл көк жыланкөз жалатқан алты қырлы күйген қыштан кенере тартылған. Күлгін көк түсті құбыла жақ қабырғасына қашап әшекейленген михраб орнатылған. Мешітке ерекше көрік беріп тұрған да сол. Ол жартылай шеңбер кейпіндегі үлкен қуыс, төбесін үшкілдеп өріп, бетіне аппақ тас шыбықпен бетіне Құран сүрелерін оюлап жазған. Михрабтың әшекейлерін Ақсақ Темір заманында қейбір сәулет өнері элементтерін ерекше әсемдеу үшін жалатылған алтынның әр жерде жалт-жұлт еткен қалдығы көзге түседі. Ескерткіштің ірге бөлегі бес бұрыш жұлдызша түрінде қашалып жасалған тас қақпалармен көмкеріші, арасы түрлі-түсті майоликамен дәнекерленген. Қабырғалардың негізгі бөлігі кілем тәрізді күйдірілген құмыра сазбен қапталып, қыш сияқты құйма шаршылармен безендірілген. Отыз бес құжырадан тұратын ғимараттың әрбір бөлмесін суреттеу үшін бір-бір кітап жазып шығу керек боларын сезіп отырған боларсыз. Сондықтан да шын асылдың дәмін тамшыдан да білуге болады деген оймен осы ғажайып суретті дүниеге әкелген шебердің аты-жөнін айта кететін уақыт жеткен секілді. Зәулім күмбездің кенересіне, әшекей қаптағыштардың астына араб әрпімен жазылған жазуларды оқысақ, ескерткішті салған зергер ұсталардың атын білеміз. Қабырғаларға әшекей жүргізген құрылысшы-сәулетші шираздық Хожа Хасан, ал төрдегі Яссауи қабырының үстіндегі саусақтың саласындай сай-сай етіп өрілген артқы күмбезге жапсырылған алты бұрышты әшекей қыштың астында осы ғимараттың бас зергері Шәмші Әбділ Бахабтың есімі өрнектелген.
Кешен құрамына кіретін Қазандық бөлмеде зергерлік өнердің, қолданбалы өнердің тағы бір керемет туындысы бар. Ол Ленинград Эрмитажынан туған жерге қайтып оралған асыл жәдігер Алып Қазан.
Қазан бүйірінде есімдік кейпіндегі өрнектер мен араб әріптерімен оюлап құйған жазулар бар. Жоғарғы қабатында «мерейің ұстем болсын» деген сөз жазылған. Қазанды 1399 жылы тебриздік ұста Абдул Әзиз ибн Шарафуддин арнайы құйған. Алып қазанның салмағы екі тонна, оған алпыс шелек су сияды. Ленинградқа әкетілгенге дейін осы қазанда қайнатылған суды қасиетті су ретінде келушілерге таратып беретін болған.
Бүгінде ұлы ғимаратты көруге келген туристер мен дін жолындағы мұсылман қауымы алдымен осы Қазанның басына жиналады. Осы жерде қазанның бір кездері аспан денелерінің қозғалысын бақылап, жыл мезгілдері мен күн мезгілдерін айқындап отыратын астрономиялық көрсеткіш рөлін атқарғаны жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер айтылады. Ал енді әлем ғажайыптарының бірі саналатын Әзірет Сұлтанның ғайыптан тайып бүгінгі күнге аман жетуінің өзін ғажайып құбылыс демеске амал жоқ.
2
Иә, әуелі Қарахан дәуірінде (он екінші ғасыр) тұрғызылып, оның қираған іргесіне он төртінші ғасырдың аяқ шенінде Ақсақ Темірдің бұйрығымен дүниеге келген күмбездің өз тарихы, өз тағдыры бар. Ескерткіш алғаш рет 1872 жылы ғана жөндеуден өткізілді, онда да жергілікті дін жанашырларының көмегімен айналасы мен іші көң-қоқыстан тазартылды. 1982 жылы шатыры жөнделді, үйдің айналасына тас төгілді, қабырғасының опырылған жерлері жамалды. Жөндеу кезінде ежелгі қыштың орнына осы заманғы кәдімгі кірпіш пайдаланылды, қаптауларын сынырып тастап, әктелген ішкі қабырғалар бұрынғы бейнесінен айрылып, тұттай жалаңаштанып қалды.
1884 жылы ескерткішті жөндеуге патша ақшасымен 15мың сом қаржы бөлінді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу ташкенттік Зәкір ұстаға тапсырылды. Зәкір ұста бедерлі қаптағыштар көнерді деген сылтаумен оларды сыпырып тастап, орнына еуропалық құрылыста қолданатын шикі балшықтан жасалған сұр қаптағыш жапсырды. Ал сыпырылып алынған бояуы өшпес жасыл көк жыланкөз жалатқан алты қырлы кенерелердің қайда кеткенін ешкім де білмейді. Қазіргі кіре беріс қабырғадағы түсі пәс, сұрықсыз әшекейлер сол Зәкір ұстадан қалған. Осы кезде көптеген әшекей жазулар сыртқа әктелді, біржола өшіп көрінбей қалды. Кейбір ғалымдар ғимарат қабырғасынан діни ұғымымызға қайшы келетін жазулар тауып безектеп жүрсе, ол да сол жылдардағы көкірегі соқыр жандардың қолтаңбасы ма деп ойлаймыз. Осының бәрі жергілікті халықтың наразылығын тудырды, абырой болғанда патшы үкіметі тарапынан бөлінген қаржы таусылып, орталық күмбездің астындағы көз тартқан көне әшекейлер аман қалды. Иә, өзінің бес жүз елу жылдық тарихында Қожа Ахмет Яссауи ғимаратының көрмеген құқайы жоқ.
1864 жылы Түркістанға қоқандықтар Ақмешіт, орыстар Перовский атаған қаладан келіп жеткен Веревкин отряды 1500 адамдық горнизонды оп-оңай бас идіруіне де осы Әзірет Сұлтан кесенесінің әсері болған. Айналасы үш шақырымдық шағын қорғанмен қоршалған цитадельге зеңбіректерін тіреп қойып, халықты қасиетті кесенені қиратамыз деп қоқан-лоқы жасаған. Бірнеше рет оқ атылып, кесенеге залал келгенін көрген ақсақалдар қаланы орыстарға беруге шешім қабылдайды. Бұл оқиға жөнінде ел аузында әр алуан әңгіме бар. 1912 жылы жарық көрген А. Х. Добросмысовтың «Города Сыр-даринской обасти» деп аталар кітабында бұл оқиға былай баяндалады:
«Перовский фортынан 1864 жылдың мамырында шыққан отряд алғашында Созақ бекінісіне қарай жылжып, оны басып алуы керек еді, бірақ Н. А. Веревкин ондағы гонизонны бекіністі тастап кеткенін білген соң, Түркістан қаласына қарай беттеді. Қарашық өзененің арғы бетінде бекінген қоқандықтарды сегізінші маусым күні, 20ден 300 сажын аумақта қаланы қоршап тұрған бақтан ығыстырып шыққан соң, Н.А.Веревкин өз отрядын бекініске қойып, қорғанның айналасын зерттеу мен шабуыл майданының бағытын айқындауға кіріскен.
Түркістан жан-жағынан айнала қоршауы үш верст болатын биік қорғанмен қоршалған болатын. Қорғанның солтүстік-шығыс бетінде айналасы 350 сажындық цитатель, оның ортасында Қожа-Ахмет-Яссауи-Әзірет-Сұлтанның үлкен мешіті орналасқан. Қала горнизоны қорғаныс жұмыстарына жұмылдырылған қарулы тұрғындарды қоспағанда шамамен 1500 адамнан тұратын.
9 маусымда қоқандықтар зеңбіректер мен фальконеттерден қатты оқ жаудырды. Бұл күні бір қатардағы жауынгер өлді. 10 маусым күні батареялар сапқа қойылып, тікелей көздеп ату арқылы қабырғалардың тістерін қиратып, аспалы оқтар арқылы бекіністің ішіне от қойды. 12 маусым күні шабуыл одан әрмен жалғасты, дегенмен қаланы қорғаушылар қайта-қайта қарсы шауып шабуылды үзіп тастап отырды. Қарсыластар үлкен шығынға ұшырады. Шабуылшылардың қала қорғанына тым жақын келгенінен сескенген қала бегі Мырза Дәулет үлкен шығынға ұшырай отырып өзіне берілген 330 адаммен қала қоршауын бұзып шығып Ташкент жолы арқылы тайып тұрды. Мұны көрген қала тұрғындары 12 маусым күні таңғы сағат 8-де қаланың берілетіндігін айтып елшілер жіберді, ал сағат 10-ға таман орыс әскерлері қалаға келіп кірді. Бекіністен 4 зеңбірек, 20 фальконет, 17 ауыр және 100-ден аса жеңіл мылтықтар және 200 пұт оқдәрі қоры қолға түсті. Қоршау укезіндегі біздің шығындарымыз төмендегідей: бас штабтың капитаны Александр Николаевич Каховский және 4 төменгі шенді офицерлер қаза тапты, 24 адам жараланып, ішінде бір офицері бар 9 адам контузия алды. Бекіністің алғашқы коменданты болып Иқан шайқасы кезінде солқылдақтық танытқан Николай Павлович Жемчужников тағайындалды. М.Г.Черняевтің жазуы бойынша Түркістанды жаулап алу қазынаға 234000 рубльге түсті.» (1)
Иә, осылай. Түркістанды жаулап алу қазынаға 234000 рубльге түсіпті. Сол кездің бағасымен есептегенде екі жүз мың қой немесе жиырма мың жылқының құны. Туыстарын Қожа Ахмет пантеонына жерлеу үшін қазақ байларының садақаға үйірлі жылқы, мыңғырған қой айдап әкелгенін айтар болсақ, орыстар үшін қаланың оншалық қымбатқа түспегенін көрер едік. Есесіне 10 маусым күні түнге қарай орнатылған зеңбірек батареялары тіке көздеп атып қорған қабырғаларының тістерін қаққан, қабырғадан асыра атып цитадель ішін өртке ораған.
«Осы кезде қалаға 120 сауытты әскерімен Орта жүздің ханы Абылайдың шөбересі, Кенесары Қасымовтың ұлы Созақ және Шолақ горнизондарының билеушісі Садық сұлтан келіп кірді. 11 маусымда қорғанға шабуыл басталды. Осы кезде қорғанушылар қорғаннан шығып, үш рет қарсы шабуыл жасады. Орыс отрядынан 3 адам өліп, 16 адам жараланды, 9 адам контузия алды, өлгендердің ішінде 1 офицер бар» (2)
«Қорғаушылар өз жастығын алып өлді» дегенді жұбаныш еткеніміз болмаса, соғыс жағдайында Түркістан секілді стратегиялық, идеологиялық маңызы бар нысан орыстар үшін оншалық қымбатқа түспегеніне тағы да көз жеткізер едік.
Не көрмеген Түркістан… Сол Түркістандағы жаны сірі ғимарат… Бәрінен де Қоқан билігі кезінде қару-жарақ қоймасына айналған кесене-мешітте 200 пұт оқ-дәрі қоры сақталып тұрғанын ойласаң… «Жаман айтпай, жақсы жоқ,», жазатайым тіктеп тиген снаряд ғимарат ішіндегі оқдәрі қоймасына түсіп жарылса, Орта Азияда теңдессіз саналатын жәдігердің күлі көкке ұшпас па еді?.. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі 1868 жылдан 1874 жылға дейін тұрақты түрде орыс әскерлерінің қару-жарақ қоймасы ретінде пайдаланылды. Осы аралықта ғимараттың қандай өзгерістерге ұшырағаны, қаншама құнды жәдігерлерінің қолды болғаны бір Аллаға ғана аян.
Жаратқан өзі сақтасын!..
Көрмеген құқайы жоқ кесене. Көрмеген құқайы жоқ бекініс-қорған. Көрмеген құқайы жоқ қорымхана-пантеон. Не көрмеген Түркістан… Сол Түркістандағы жаны сірі ғимарат… Бәрінен де Қоқан билігі кезінде қару-жарақ қоймасына айналған кесене-мешітте 200 пұт оқ-дәрі қоры сақталып тұрғанын ойласаң… «Жаман айтпай, жақсы жоқ,», жазатайым тіктеп тиген снаряд ғимарат ішіндегі оқдәрі қоймасына түсіп жарылса, Орта Азияда теңдессіз саналатын жәдігердің күлі көкке ұшпас па еді?.. Жаратқан өзі сақтасын!..
Қаланы басып алған кезде кесенені қоқандықтардың әскери мақсатта пайдаланғанын көрген орыстар да қалыспады. Ғимарат 1868 жылдан 1874 жылға дейінгі аралықта тұрақты түрде орыс әскерлерінің қоймасы ретінде пайдаланылды. Осы аралықта кесененің қандай өзгерістерге ұшырағаны, қаншама құнды жәдігерлерінің бір қолды болғаны бір Аллаға ғана аян.
Аумалы-төкпелі арғы-бергі замандарды былай қойғанда, күні кеше ғана, өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдарында көне бекініс-қорған – цитадельді қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз деген сылтаумен қорған ішіндегі пантеонда жерленген жүздеген мәйіттер қорған сыртындағы күлтөбеге шығарылып тасталғанын көзіміз көрді.
Бәрінен де әлем мұсылмандары арасында «Екінші Мекке» атанған үлкен дін орталығының отызыншы жылдары дінге қарсы жүргізілген науқаннан қалай аман қалғаны түсініксіз. Басқаны былай қойғанда Христиан дінінің інжу-маржаны Христос Құтқарушының Храмын аямаған атеистер Азия мұсылмандарын өзіне магниттей тартып, көзге шыққан сүйелдей болған кешенді жер бетінен біржола құртып жіберуге күш салғаны анық. Бәлкім көршілес Өзбекстанда басмашылар, өзімізде Созақ көтерілісі, Тама көтерілісі дүмпіп тұрған өлкенің рухани астанасын қиратып салуға дәттері жетпеді ме екен?.. Түптің-түбінде бәрі де Жаратқан Жаппар Иенің қолында ғой.
Сексен бесінші жылдың көктемінде кешенде болып, кино түсіру жұмыстарын жүргізгеніміз бар. Сол жолы кесене қабырғаларындағы айқұш-ұйқыш бейсуат жазуларды көріп жағамызды ұстадық. Бұл «тарихта қалуды» көздеген пысықтардың қолтаңбасы еді. Алпысқа жуық қызметкері, он адамдық күзеті бар кешендегі мына жағдайға төзе алмай басшыларға бардым. Сол жолы мұражай директоры (өзі философия ғылымының қандидаты екен); «Мұнда жатқандар бай мен бағландар, яғни тап жаулары, сені мен менің бабамыздың аяғы бұл төңірекке жетпеген ғой» дегенді айтқан болатын. Қазаққа тән ұшқыр (бәлкім, ұшқары шығар) белсенділіктің, Абай айтқандай мәселенің байыбына бармай, «үлкендердің алдында шыбындап бас шұлғудың» дәлелі еді бұл.
Тоқсаныншы жылдың басында Ленинград қаласына жолым түсті. Алғашқы күні-ақ Эрмитажға кеші, мұражай директорының қабылдауында болып, Түркістаннан әкелінген қазандықтың жайын сұрастырып жатырмын. Байқаймын, оншалық қызығушылық танытпаса да, қасиетті жәдігердің жәй-күйін біші-ақ тұр. Қасыма мұражай қызметкерін қосып алып, мұражайдың төменгі қабатына түсейін. Жиналыс өткізетін орынға ұқсайтын абажадай үлкен бөлме ыбырсып жатыр. Бұрышта дөңкиіп тұрған алып қазаннан басқа жәдігер көрінбейді. «Таныса беріңіз», – деген мұражай қызметкері өз жөніне кеткен соң, аяғымды санап басып Қазанның жанына тақадым, Қазан жайлы аңызға бергісіз әңгімелер жадымда, жүрегім лүпілдеп барады. Аяғымның ұшынан тұрып, мойнымды созып ішіне үңілем. Қазан. Кәдімгі қазан. Бәлкім кәдімгі емес шығар. Абажадай бөлменің ішінде жалғыз өзім. Мұндай ойдың қайдан келгенін қайдам, жалма-жан аяқ киімімді шешіп, Қазанның ішіне түсейін. Мынауым күпірлік екенін де сезем. «Бұдан кейін көремін бе, жоқ па, өзімнің төл қазаным емес пе?» деп жұбатқан болам өзімді. Содан мұражай қызметкерінен сөгіс естігенге дейін Қазанның ішінде отыра беріппін ғой.
Алматыға қайтқан соң теледидардан арнайы хабар жасап, оған жазушы Әбіш Кекілбайды шақырып, (ағамыз ол кезде республикалық тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамын басқаратын), Қазанның жай-күйін баяндап бердім. Ағаны «Қазақ жерінің шырақшысы емессіз бе… – деп көтермелеп қойып, – Егер сұрауы келіссе, өзімізге қайтарып алу қиындыққа түспейтін секілді», – дегенді айтуды да ұмытқам жоқ. Мына әңгіме ағаның құлағына майдай жаққанын сезіп тұрмын, Айтып-айтпай не керек, Әбіш аға бастап, түркістандық азаматтар қостап, сол қасиетті Қазан көп ұзамай туған елге оралды ғой
Арада оншақты жыл өткенде қасиетті мекенде жөндеу жұмыстары қайтадан жанданды. Осынау аса жауапты міндет тағы да шет елдік құрылысшыларға сеніп тапсырылды. Иә, мұсылман елінің құрылысшыларына тансырылды. Сенім деген жақсы ғой қашанда. Нәтижесі не болды дейсіз бе? Ғажайып құрылыстың сыртқы қаптамалары жоғалып кетті, бетонмен қапталған тұғыры ыза тартып, ауа тазартқыш қондырғылары істен шықты.
Сол жөндеу жұмыстары бүгін де жалғасып жатыр. Осындайда «өзгеге сен, өзің де қапы қалма» деген нақыл сөзді естен шығармасақ екен…
Қала. Шіліңгір шілдеде аптап ыстығы миды шағатын, қою шаңы қолқаны қабатын оңтүстік өнірдегі кәдімгі қала. Жәй қала емес қасиетті Түркістан, қасиетті болатыны мұнда мұсылман қауымының пірі Қожа Ахмет Яссауи жерленген.
Көгілдір аспандай төңкеріліп түскен алып күмбездің нақ ортасында ақшыл, жасыл түсті теңбіл ячма тасымен қапталған қарапайым құлпытас тұр. Адам бұл дүниеде қалай өмір сүрсе, ол дүниеде де солай өмір сүреді деген сенім бар. Адамның өзі қандай болса, оның бейіті де сондай болады деседі. Рас та шығар. Қожа Ахмет бабамыз қандай қарапайым, кеңқолтық болса, оның мұражайы да сондай кеңқолтық. Замана желі үскірген қиын-қыстау кездері зұлмат атаулыға төтеп беріп келе жатқаны да содан болар.
Кеңқолтық қазақ даласындағы бір кесененің тарихы осындай.
* * *
Ертеңіне қорғанның жаңадан салынған Бас қақпасынан өтіп Әзірет Сұлтанға қайта келдік. Аспан түстес күмбездің кенерелерінен күн сәулесі құйылып түседі. Қазандықтың үстімен бірнеше кептер ұшып өтті де Орталық күмбездің кенересіне барып қонды. Құ-лық… Құ-лық…
– Мыналарды көрдің бе? – деймін Әлібек ақынға қарап.
– Қалай еді?.. Иә, бала күнімізде есімде қалған бір өлең «Зікір салғанда кептерлер…» деп басталушы еді…
Мына екінші Мекке атанған қасиетті орыннан Алла Тағаланың аты естілмеген, зікір үні шықпаған жылдар да болыпты. Жаңағы кептерлердің зікір салған кездері сол кез шығар. Әулиелі орынның мал қораға айналған кезін көрмесек те, Әзірет Сұлтан кесенесінің төбесінде құжынап жүрген кептерлерді көзіміз көрді. Ол кезде мына қабырғалар сатал-сатал құс нәжісіне толып тұратын. Бүгінгі ағайынның зікір салатын кептерлерді түгелдей жойып жібермей, белгілі бір шектеу ұстап тұрса да өзі білсін…
Бәрінен де әлем мұсылмандары арасында «Екінші Мекке» атанған үлкен дін орталығының отызыншы жылдары дінге қарсы жүргізілген науқаннан қалай аман қалғаны түсініксіз. Басқаны былай қойғанда Христиан дінінің інжу-маржаны Христос Құтқарушының Храмын аямаған атеистер Азия мұсылмандарын өзіне магниттей тартып, көзге шыққан сүйелдей болған кешенді жер бетінен біржола құртып жіберуге күш салғаны анық. Бәлкім көршілес Өзбекстанда басмашылар, өзімізде Созақ көтерілісі, Тама көтерілісі дүмпіп тұрған өлкенің рухани астанасын қиратып салуға дәттері жетпеді ме екен?.. Түптің-түбінде бәрі де Жаратқан Жаппар Иенің қолында ғой.
Сексен бесінші жылдың көктемінде кешенде болып, кино түсіру жұмыстарын жүргізгеніміз бар. Сол жолы кесене қабырғаларындағы айқұш-ұйқыш бейсуат жазуларды көріп жағамызды ұстадық. Бұл «тарихта қалуды» көздеген пысықтардың қолтаңбасы еді. Алпысқа жуық қызметкері, он адамдық күзеті бар кешендегі мына жағдайға төзе алмай басшыларға бардым. Сол жолы мұражай директоры (өзі философия ғылымының қандидаты екен); «Мұнда жатқандар бай мен бағландар, яғни тап жаулары, сені мен менің бабамыздың аяғы бұл төңірекке жетпеген ғой» дегенді айтқан болатын. Қазаққа тән ұшқыр (бәлкім, ұшқары шығар) белсенділіктің, Абай айтқандай мәселенің байыбына бармай, «Үлкендердің алдында шыбындап бас шұлғудың» айқын дәлелі еді бұл.
Кеңқолтық қазақ даласындағы бір кесененің тарихы осындай.
Асылдың сынығы
Түнімен кіріпігім ілінсе-ші. Ойымнан оныншы маусым күні тіке көздеп атқан зеңбірек оғынан қирандыға айналған қорған қабырғалары мен іші-сырты отқа оранған цитадель кетсе-ші.
Таң ата стол үстінде жайрап жатқан конспектілерімді жайып тастап отырдым. «Не деген кеңқолтық халық едік?» деп ойлаймын ғой баяғы.
«Осы кезде қалаға 120 сауытты әскерімен Садық сұлтан келіп кірді. 11 маусымда қорғанға шабуыл басталды. Осы кезде қорғанушылар қорғаннан шығып, үш рет қарсы шабуыл жасады. Орыс отрядынан 3 адам өліп, 16 адам жараланды, 9 адам контузия алды, өлгендердің ішінде 1 офицер бар» (2)
«Қорғаушылар өз жастығын алып өлді» Иә, Садық сұлтан… Орта жүздің ханы Абылайдың шөбересі, Кенесары Қасымовтың ұлы, Созақ және Шолақ горнизондарының билеушісі Садық сұлтан. Асылдың сынығы. Ендеше Садық сұлтанның Түркістанға келген сапары жайлы архив материалдарын бір қарап шығуым керек.
Түске жақын тысқа шығып қарсы беттегі екі қабат көне ғимараттың алдына келіп тоқтағанбыз.
– Аруақ аттаған оңбас… – деді Әлібек бауырым.
– Қайдағы аруақ?..
– Мына ғимаратта Әбдікерім Манапов отырады.
Әлібектің мына көне ғимаратқа бастап келу себебі енді түсінікті болды. Белгілі айтыс ақыны Әбдікеріммен талай рет дастархан болғанмын. Ақпа-төк ақындығын былай қойғанда төбесінің тесігі бар ойы орнықты, ақылман жігіт. Манап Көкеновтің тегін адам емес екенін білем. Ендеше аттап өткеніміз шетін.
Ішке кірдік. Кіре берісте «Рұқсат жоқ» деген жазу бадырайып тұр. Неге рұқсат жоқ?.. Әбдікерім інімді көру үшін арнайы пропуск жаздыруым керек екен.
– Сіз кімсіз?.. – дейді бұжыр қара жігіт жолымды кес-кестеп.
– Мен Манап Көкенов деген қожамын, інім… Ал өзің кім боласың?..
Қаймана қазақты қайдам, оңтүстік өлкеде Манап ақынның өзін көрмесе де, түр-түсін теледидардан немесе суреттен көрмеген адам сирек. Күзетші жігіт қожа тұқымы екен. Түсінді. Сол түсіністіктің арқасында мәре-сәре болып ақын бауырымның біз үшін арнайы тапсырыспен дайындатқан түскі асын ішіп отырдық.
Әбдікерім біртума айтыс ақыны Манап Көкеновтің ұлы, көненің көзі, асылдың сынығы. Бір сөзбен айтқанда, «тегін таз» емес. Бүгінгідей әулие мен әнбие көбейіп кеткен заманда кімнің кім екенін қайдан білейін, ал суырып салма ақын Манап көкемнің тегін адам емес екені рас. Ел ішінде мың адамның ішінен сыртқы келбетімен де, парасат-пайымымен де ерекшеленіп тұратын арқалы ақын жайлы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Сондай әңгімелердің бірі мынау:
…Ұмытпасам, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары өзіміздің Жаңақорғанда аудандық қызыл отаудың меңгерушісі болып жұмыс істейтін ақын бірер күн малшы аралап, өлеңін айтып, аунап-қунап жатқан соң ауылына қайтып келе жатады. Жолшыбай ай дала, жапан түзде тезек теріп жүрген жалғыз келіншекке ұшырасып қалады. Қалың жиде арасынан шыға келген ақбоз атты, ақ шапанды, қасы да, шашы да, өзі аққудай аппақ адамды (Мәкең альбинос болатын) көрген келіншек Мәкеңнің алдына тізерлеп отыра кетеді ғой. Мәселенің байыбына барған Мәкең алақанын жайып жіберіп: «Тілегенің бала ғой. Бір бала бердім ала ғой» деп бата беріпті де, жиде арасына сіңіп кете барыпты. Арада бірер жыл өткен соң, тағы бір кезекті малшының үйінде өлең айтып отырса, есіктен сығалаған бір келіншек дастарханның етегіне етпеттеп құлай кетіпті., «Қыдыр ата…. «Қыдыр ата осы…» – деп ағыл-тегіл жылай береді дейді. Отырғандар аң-таң болады. Сөйтсе, баяғы тоғай ішіндегі кездесуден кейін көптен бері бала сүйе алмай, бір перзенттке зар болып жүрген келіншек аман-есен босанып жас сәбилі болса керек…
Тоғай ішіндегі кездесуді көзіміз көрген жоқ. Біздікі «естіген құлақта жазық жоқтың» кебі. Сыртқы келбетін, ағыл-тегіл ақындығын былай қойғанда, Мәкең қолы ашық, сал-сері адам болатын. Біздің жақта Мәкеңе қатысты мұндай әңгімелер көп. Жетпісінші жылдары Манап ақынның жанына көбірек ергендердің бірі өзіммін. Ғажайып адам еді… Ғажайып дегенді шын мағынасында айтып отырмын. Егер мына өмірде мистика деген ұғымның бар екені рас болса, сол сөз Мәкеңе бағышталып айтылған болар деп ойлаймын.
– Қожеке, әумин деп жіберіңіз, – деймін ғой ақын бауырыма қарап.
– Өзіңіз… Өзіңіз… – деді Әбдікерім сыпайылық танытып.
– Әкең өлсін, әкеңнің көзін көрген өлмесін… – деймін қуланып. – Біздер қасиетті қожаға қол беруге жарап жатсақ болғаны…
Ақын да, бала да бір деген рас. Әбдікерім інім арқаланып, одан-бұдан әңгіме қозғады. Мен білетін бауырым айтқыш. Пайдаланып қалудың сәті түсіп тұрғанын сеземін.
– Қожалар туралы айтамыз ба, төрелер туралы айтамыз ба?
Менің манадан бері әңгімемнен Түркістан қорғанысы жайлы білгім келіп отырғанын сезіп қалған бауырым бетіме қадала қарап отырды да:
– Онда қожаға да, төреге де ортақ бір әңгіме айтып берейін. Өзім жазсам ба деп жүр едім… – Бір жымиып алып, әңгімесін сабақтап әкетті. – Садық төре деймісіз? Орыстар жақындап қалған кезде сол Садық төре Созақ бекінісін тастап Түркістанды қорғауға келеді. Қала қорғанысын қалпына келтіріп, орыстарға қатты қарсылық көрсетеді. Шайқас қызып жатады. Оқ болса қардай жауып бет қаратпай тұрады. Бір кезде қараса, қорғанның ұшар басында қолындағы көк туын желбіретіп жалғыз адам тұр дейді. Атылған оқтың бірде-бірі дарымайды дейді. Жалаудың парша-паршасы шықса да тұрған орнынан тапжылмаған жаңағы батыр Садық төренің өзі екен. Келесі күнгі шайқаста сол батыр қорғаушылардың көзіне шалына қоймапты. Соғыс біткен соң, қала қорғаушылары батырдың жанына жиналыпты. «Бүгін қорған басынан көрінбедіңіз, батыр?» дейді көпшілік. «Кеше жанымда қорғап-қорғаштап пірім тұрды. Ал бүгін жанымда пірім болған жоқ. Батырға да жан керек» депті батыр. Садық сұлтан – төре, жанындағы пірі – қожа. Бұрындары, төрелер де қаралар да пірге, яғни қожаға қол беретін болған ғой…
Әңгіме мына тұсқа келгенде: «Апырмай-ай, қожасы түскір қолға түсе бермейді, өзі – қожа, өзі – ақын Манап көкемнің ақын баласына қол бере салсам қайтеді» деп ойлаймын ғой баяғы.
– Жаңағы айтқан әңгімеңнің идеясын маған сат… – деймін ғой қарап отырмай.
– Сатқаны қалай?..
– Кәдімгідей… Идея сатылатын заман ғой… Оның үстіне қожаның алдына құр қол баруға болмайтынын білеміз ғой…
– Қап!.. Өзім жазсам ба деп жүр едім, Секең ағамыз сұраған соң амал нешік… Ал Садық төре пәле ғой, пәле…
Өзінің тарихтағы тиісті орнын ала алмай келе жатқан жолы ауыр Садық сұлтанның пәле екенін өзім де білем ғой.
Мен білетін Садық сұлтан
Асылдың сынығы Садық төренің көзсіз батырлығына да, Әбдікерім бауыр айтқандай пірге сыйынғанына да сенемін. Дегенмен, Ақмешіттен шыққан орыс әскерлері Қоқан қорғаны Созаққа жақындап қалғанда, қорғанды тастап Түркістанға көмекке келген Садық төренің жанында ерекше дайындықтан өткен, мұздай сауыт киінген жүз жиырма жасағы болғанын да білемін. Кәдімгі орыс жазбаларында милиция деп аталатын жасақ. Орыс жазбаларында айтылғандай, арнайы дайындықтан өткені де, мұздай сауыт киінгені де рас. Бүгінгі тілмен айтқанда, қазынадан, яғни Қоқан хандығы тарапынан кесімді жалақы алатын жалдамалы әскер.
Ал жалдамалы жауынгердің әр бірі соғыс жағдайында бейбіт халықтың ішінен мобилизацияланған он әскерге оп-оңай төтеп беретіні тарихта сан мәрте дәлелденген жәйт. Жалдамалы әскердің тиімділігін Шыңғысхан мен Темірлан, Әз Заһир Бейбарыс пен Жалаңтөс баһадүр әскери өнер тарихына алтын әріптермен жазып кетті. Сол жалдамалы әскерді Құдаяр хан да, Қыпшақ Әлімқұл молда да ұстады. Бұған бес жүз жалдамалы жанкештілерін ертіп Сібір хандығын жаулап алатын қан шелек Ермакты қоссаңыз, жеме-жемге келгенде соғыс өнерінің табиғатынан қанқұмар болып туған адамдардың үйреншікті кәсібі, бүгінгі тілмен айтқанда, бизнесі болғанына көз жеткізесіз.
Ал мен білетін Садық төре… Жауып тұрған оққа кеудесін тосқан кезінде бәлкім арнайы дайындықтан өткен әскеріне, бәлкім, сауытына сенген шығар. Бірақ, «қырық күн қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөздің де жаны бар-ау…
Бәлкім, пірі, бәлкім, сауыты, бәлкім, Жаратқан Алла аман сақтады, Сұлтан Садықтың қалың жауға жалғыз қарсы шапқан көзсіз ерлігі мен борап тұрған оқтан талай мәрте аман шыққаны жөнінде орыс жылнамалары да жазады:
«1964 жылы орыстардың Түркістанға беттеп, қаланы қоршағанын естіген Сұлтан Садық Созақты тастап, өз милициясымен Қаратауды асып Түркістанға беттеді. Түркістанға келе халықтың еңсесі түсіп кеткенін; қаланы қорғауға ешкімнің де құлқы жоқ екенін, орыстардың жер асты жолын қазып, қала қорғанының астына оқ-дәрі қойып жарып жіберуге дайындалып жатқанын көрген сұлтан түнге қарай сыртқа шығып, жер асты жолын жарып жібереді… «Түркістан берілген соң, Сұлтан Садық Шымкентке шегінді. Шымкентке келген Әлімқұл Садықты өзіне қажетті адам ретінде қабылдап, бұрынғы Пансат атағын өзіне қалдырды.
Ақбұлақ түбінде болған шайқаста Әлімқұл Сұлтан Садықты жаяу әскер басшылығына тағайындап, капитан Мейердің отрядына шабуыл жасауды бұйырды.
Қолына жалауын алған Садық орыстарға қарсы шабуылға шықты. Орыстар жаяу әскерді әбден жақындатып алып барып жаппай залп беріп оқты қардай боратты. Қоқан әскерінің бір тобы баудай түсті де қалғандары жата-жата қалысты. Адамдары бастарын да көтере алмай жатқанда, Садық болса орнынан тұрып, қолындағы туын желбіретіп қарсы шабуылға шығуға шақырумен болды. Садыққа қарсы бораған оқтың бірде-бірі дарымады, ал қолындағы жалау бірнеше жерден пәрше-пәрше болып жыртылды.
Әскердің рухын көтермек болып басын өлімге тіккен жалғыз сенімді адамынан айрылып қалудан қорыққан Әлімқұл Сұлтан Садықты шұғыл шақыртып алды. Сұлтан Садық шегінген соң, жаяу әскер де орындарынан тұрып қауіпсіз орынға қарай қозғалды…» (3)
Иә, Сұлтан Садық, аты аңызға айналған сол баяғы Садық төре… Сау басын саудаға салып, сергелдеңге түскен көп серінің бірі емес, әкесі Кенесары секілді қазаққа берешегі барын сезінген төре ұрпағының бұдан арғы тағдыры қалай болды дейсіз бе?..
«Кенесары ханның екі әйелі болды; қыздай алған әйелі Күнімжан ханшадан Жафар, Тайшық, және Ахмет, әмеңгерлік жолмен алған екінші әйелі Жағым-Ханымнан бес бала: Омар, Оспан, Әбубәкір, Садық және Жығай туады… Әкелерін жер қойнына тапсырған соң балалары Шу өзенінің бойын, Қаратаудың етегін Түркістан қаласына дейінгі аралықты жайлап, Қоқан хандығына бағынып тұрды. Әкесі өлгенде Садық он жастағы бала екен. Кенесары балалары аналарының үйретуімен білім алып, ер жеткен соң, Тайшық, Садық, Ахмет үшеуі Қоқан ханына қызметке тұрып, Пайсат Басы – (Жүзбасыдан жоғары) атағын алады.
1860 жылы Тайшық, Садық, Ахмет сұлтандар Қанағатша армиясының құрамында Ұзынағаш шайқасына қатысады. Осы шайқаста Қанағатша подполковник Колпаковский әскерінен жеңіліс тапқаны белгілі…
Үйге оралған соң сұлтандар қабырғаларымен кеңеседі; Ұзынағаштағы жеңіліс Қоқан хандығының түкке тұрғысыз екенін көрсетеді. Тайшық пен Ахмет көп ұзамай Сырдария аудандарын жаулап алатыны белгілі болған Ресей жағына шығуға бел байлайды.
Сұлтан Садық болса бауырларының пікірімен келіспей: «Мен өз аталарымның жүрген жолынан тайып орыстарға бармаймын. Егер орыстар Қоқанды алса, Бұқара жағына шығамын, егер Бұхараны алса, басқа бір мұсылман еліне барамын. Олар көп. Қалайда әкемнің жолынан таймаймын» дейді.
Өз шешімін осылай білдірген Сұлтан Садық Түркістанда қалады, ал Тайшық пен Ахмет өз ұлыстарымен 1861 жылы Сырдарияның төменгі ағысындағы Перовскіге келіп өздерінің Ресейге бағыныштығын білдірді. 1862 жылы Қоқан бекінісі Жаңақорғанды алуға қатысып, осы Қызметтері үшін орыстар тарапынан заурядь-хорунжий атағын алады.
Екі сұлтан да өздерінің орыстарға адалдығын таныта білді; Тайшық сұлтан Ресей шекарасын қорғап қаза тапты, ал Сұлтан Ахмет 1867 жылы қызметі өсіп, Шымкент уезі бастығының кіші көмекшісі дәрежесіне дейін көтеріліп, осы қызметте 1887 жылға дейін отырды.
Тайшық пен Ахмет орысқа бағыныштылығын білдірген соң, Сұлтан Садық Қоқанның Созақ бекінісінің билеушісі және орыс шекарасындағы әскердің басшысы болып тағайындалды…»
(2)
Бұл енді ел аузындағы ауызекі әңгіме емес, орыс жылнамаларында жазылған жәйт екенін айтқанымда, өз әңгімесі мен орыс жылнамашыларының жазбалары бір жерден түйіскеніне Әбдікерімнің екі езуі екі құлағына жетіп мәз болсын. «Тұқым ғой, тұқым…» деді сосын басын қайта-қайта шайқап. Ақын інімнің айтқыш екенін білем, әңгіме енді қызып келе жатқанда… телефоны түскір… Телефонмен алысқан ініміз бізді қорғанның қалпына келтірілген бас қақпасына дейін шығарып салып қоштасты.
– Ертең сенбілік… Арғы күні мереке… Елбасының туған күні… Одан арғы күні… Әйтпесе, жата-жастана әңгіме соғатын едік, – деді қоштасарда.
Бұл зымырап бара жатқан уақыт дегенді қойсаңшы. Күні кеше ғана алдымызда құрақ ұшып тұратын, өлеңмен сөйлеп, өлеңмен көңілімізді көтеретін жап-жас бауыр ел ағасы қарияға айналыпты. Сөздері де салмақта, салиқалы.
Бұл тұқым дегенді қойсаңшы!..
Иқан қасіреті
Түркістаннан басталған
Бүгін желтоқсанның бірі. Әбдікәрім бауырым біріншіі президент күнін тойлау үшін орталыққа кетті де, Әлібек Шегебай, Мәди Ибрагимов үшеуміз Иқанға жол тарттық.
Жекелеген адамдар секілді кез-келген үлкенді-кішілі елді мекендердің де өз тағдыры болады. Бұрылыс-бұралаңы мол сол тағдырдың жұлдызды жарқын шақтары болатыны секілді сол елді мекендердің де қиын-қыстау шақтарды бастан кешетіні бар. Түркістанның жанындағы елеусіз ғана елді мекен, көне Шымкент трактінің бойына орналасқан Иқан қыстағы үшін сондай бір қиын да қасіретті күндер деп 1864 жылдың 1-7 желтоқсанын айтар едік.
Ауыл әкімдігінің заңгері Толқын Каримов ауыл ақсақалы Айнидин Абубакировтың үйіне бастап келген. Толқын бауыр «Біздің ауылдың білгіші» деп аузының суы құрып мақтаған ақсақал сексеннің төртеуіне келген. Жолдасы қайтыс болып шаршаңқырап жүргені болмаса, ақсақал тың көрінеді. Толқынның ақсақалды соншама мақтайтын да жөні бар екен. Жады мықты. Абайдың өлеңдерін жатқа айтады. Стол тартпасынан қалың дәптер шығарып, өлең оқыды. Даусы жағымды, бірақ акценті қатты.
Кейбір сөздерін ұқпай қалып отырғанымды сезсе керек:
– Біздің аталарымыз ана жоғары жақтан келген қыпшақтар екен… – деп ақталып жатыр.
Таң қалғаным жоқ. Түркістан мен Сайран маңында Ташкент, Шыршық жақтан келген қыпшақтар көп. Ал сол қыпшақтардың ең қалың орналасқан жері – Фергана. Кәдімгі әліп таңбалы, Ойбас ұранды қыпшақтар бүгінгі өзбек пен қырғыз ішінде Әндіжан мен Ош, Өзгент пен Жалалабатты мекендейді. «Өзбектің құрамындағы қыпшақпыз» немесе «қырғыздың құрамындағы қыпшақпыз», – деп бөскенде жарылып кете жаздайды. Аталары қаншама жылдар күнкөрісін жалдамалы әскер құрамында айырған елдің ұрпағы емес пе, бұра тартатын кездері де жоқ емес.
Бір таң қалғаным, Айнидин ақсақалдың акценті. Өзбек пен қырғыз өіміздің қазақтар секілді түркі тілдестер ішінде қыпшақ диалектісінде сөйлейтін елдердің қатарына қосылады.
– Ауыл ортасындағы тепеге соқтыңыздар ма? – деді ақсақал бетіме сыр тарта қарап.
– Қандай тепе?
– Төбені айтады, ана Бабалық төбені айтады, аға… – деп, Толқын бауыр түсіндіріп жатыр.
Өзбек ауылдарында үлкендеріне қарағанда жастарының қазақшасы тым жақсы екенін байқап ішім жылиды. Айнидин ақсақал тағы да өлең оқыды. Өлеңдер өзбекше. Толқынның көмегімен қазақшаға аударып жазып алып отырмын. Шамамен алғанда былай:
Иқандағы төбеміз,
Суы кемшін, жер тастақ.
Ұмыта алмай келеміз,
Тарихы да тым ұзақ.
Төбені халық істеген,
Қолмен тасып топырақ.
Шыға қалсаң үстіне,
Көрінеді атырап.
Елді бірлік болмаса,
Болар ма еді төбеміз.
Егер төбе болмаса,
Болар ма еді халқымыз.
Көрген қайран қалады,
Мәрттігіне халықтың.
Төбе – халық тағдыры.
Шежіресі тарихтың.
Ақсақалдың ақыл-есі орнында. Нағыз кейіпкер болатын адам. Ырзалығымызды білдіріп жатырмыз. Көңілденген ақсақалды машинаға салып алып төбеге тарттық.
– Түркістаннан әскер шықты дегенді естіген ел осы тепеге қашып тығылған ғой… – деді ақсақал.
Төбе. Кәдімгі ана шеті мен мына шеті атшаптырым төбе. Төбе басына шыққанымызда түтінге бөккен Түркістан қаласының сұлбасы көрініп тұрды. Ендеше, біз тұрған жер қарауыл төбе болғаны. Төбенің орта тұсындағы су айдайтын кранның жанына келіп отырдық.
– Бұрындары бұл жерде суы өз бетімен ағатын атпақұдық болған. Ертеректе халық сол суды пайдаланып жүзім егуші еді. Былайша айтқанда, ескі қорғанның орны. Кейіннен халық ортасына топырақ тасып төбеге айналдырған, – деді Айнидин ақсақал. – Осы төбе басында қырық бесінші жылға дейін үйлер болды. Содан кейін жүзімдікке айналды.
Иә, айналасы атшаптырым ғана аймақты алып жатқан мына төбе бір кездері Иқан қыстағының ортасындағы цитадель-қорған. Тұтас құрылықты екіге бөліп тұрған Ұлы Қытай қорғаны немесе Мәскеу Кремлі емес, әрине. Алмағайып заманда барымта, сырымтаны кәсіп еткен қанды қол қарақшылардан уақытша болса да қорғай алатын бекініс-қорған. Қазақ жеріндегі үлкен-кішілігі қақпа санымен есептелетін, уақыт өте топырақ қорғаны жермен-жексен болып төбеге айналып кеткен Сыр бойындағы алып қорғандардың бірі емес, Қоқан хандығы кезінде тұрғызылған мұндай қорғаныс орындары Сыр бойында аттап басқан сайын ұшырасады.
– Орыс жазбаларында «Иқанға жүз, әлде төрт жүз бұзақы-шайка келіп, Шымкент трактісін торуылдап жүр екен» деп жазылады. – деймін ақсақалды одан әрі әңгімеге тартып. – Түркістан коменданты есаул Серовтың казактарын Иқанға осы бұзақы-шайканы жою үшін жіберсе керек…
– Әкеміз: «Орыстар Иқанға емес, ана он шақырым жердегі Тышанақ қорғанына келді», – деп отыратын. Ал жаңағы бұзақылар Қарнақтан келген деседі… Қарнақ бізбен салыстырғанда, көлемі де үлкен, діни сенімдері де жоғары қыстақ қой. Келсе келген де шығар… Ит біліп пе, ана Әлімқұл қыпшақтың алдын-ала жіберген барлаушылары болса да өзі білсін…
– Халық Әлімқұл қыпшақ туралы не айтушы еді?
– Бұрындары айтып отырушы еді… Онша жақсы сөз емес, әрине… Қазіргі балалар есаул Серовың мен Әлімқұл молдаңды қайдан білсін…
Иә, солай. Бүгінгі балалар түгілі жер ортасынан асқан өзіміз де қыпшақ Әлімқұлдан гөрі есаул Серов жайлы мағлұматтарға көбірек қанығып өстік емес пе?
– Иқан шайқасы туралы не білесіз, ақсақал?
– Не білгені қалай?.. Әкеден балаға өтіп, айтыла-айтыла жауыр болған әңгіме ғой…
– Шайқас болған жерді көрсете аласыз ба?
– Әрине көрсетем… Шайқас екі жерде болған… Сол жерге орыстар қойған ескертіштің орны соңғы жылдарға дейін көрініп жатты. Кәттә обелиск еді… Әкеміз патша заманында басында орыстың қарауыл әскері тұрғанын айтып отырушы еді… Кейіннен кірпішіне дейін тасып әкетті ғой. Қазір орнына үй салынып кетті. Ал қару-жарақтардың сынығын арық-жаптардың ішінен беріге дейін тауып алып жүрдік.
Бір кездері қорған болған төбені айналып өтіп қостабан қара жолға түстік. Қара жол бір кездегі Шымкент трактінің ізі. Әлімқұл бастаған әскер бұл жерге Шымкент жақтан Серов әскері Түркістан жағынан келіп, осы жерде түйіскен.
Шайқас орнында отырмыз. Айналасы бірнеше үй орнындай ашық алаңқай. Айналасы ығы-жығы үйлер. Түркістан маңында тоқымдай жер қат болып тұрған заманда…
– Осы… Осы жер… – деді Айнидин ақсақал.
Ашық алаңқай. Неге ашық алаңқай?.. Осы ашық алңқайда жүздеген адамның сүйегі жатқанын ойлап, теріс айнала бердім. Көп ұзамай қызара байыған шартабақ күн үйлердің тасасына барып тығылып еді, айналаны алакөлеңке қаумалап алды. Анадай жерде мақта зауыты ағараңдап тұр. Бір кездері мына жерде болған қанды қырғыннан қалған белгі осы.
Иқан шайқасы жайлы алыпқашты әңгіме көп. Орыс жазбалары осынау тарихи шайқасты өз тұрғысынан жазады. Өзбек ағайындардың да ішке бүгіп жүрген өз түйткілдері бар. Осыны білгендіктен іштей дайындалып келгенмін. Әлденеге тартыншақтап отырған қарияны сөзге тарту үшін арыдан-беріден қозғап әңгіме бастадым.
Иқан шайқасы жайлы көп жазылды. Орыстар да, өзбек ағайындар да жазды. Тарих сабағы іспеттес бұл оқиға жайлы жазбаған өзіміздің қазақтар. 1912 жылы жарық көрген А. Х. Добросмысовтың «Города Сыр-даринской области» деп аталар кітабында бұл оқиға былай баяндалады:
«Түркістанды алардан бірер күн бұрын Жетісу жақтан келген келесі бір отряд Қоқан қамалы Әулиеатаны алды. Артынша екі отряд біріктіріліп, 2 қазанда Ташкентке шабуыл жасады. Халқы мол, қорғанысы берік қаланы ала алмай Шымкентке шегінген отряд қосымша күш күтіп жатты. Осы алдыңғы отрядты күшейту мақсатында сол кездегі Сырдария әскери сызығындағы басты бекініс Перовскіден есаул Серов басқарған Орал казак жүздігі жіберілді. Бұлар Ақмешіт бекінісіне шабуыл кезінде әбден шыныққан таңдаулы жүздік болатын Казактарға сол кездегі ең жетілдірілген қару – дүм жағынан оқталатын штыкты жаяу әскер мылтықтары берілді. Бірауыз зеңбіректермен күшейтілді. 1 желтоқсан күні Серов Түркістан қаласына келіп кірді.
Бұл кезде Түркістанның айналасынан тыныштық қашқан. Ташкент түбіндегі жеңілістен кейін дұшпан Шымкент төңірегінде, күш жинап жатыр екен, тіптен Түркістан маңында қарулы тонаушылар өріп жүр, демек Шымкент трактісінің бойындағы пошта тасымалына қауіп төніп тұр, сондай-ақ сол кездегі Қоқан билеушісі Әлімқұл Ташкентті тастап, ішкі жақтағы әлдебір халық толқуын басу үшін аттанып кетіпті, ел ішінде орыстарға деген сенімсіздік бар, жергілікті халық әлде бір өзгерістерді күтетін секілді деген алыпқашты сөз тарады.
Ұзына бойы 150 шақырымдық Шымкент трактімен жүретін көліктердің қауіпсіздігін сақтау үшін Түркістан маңында пайда болған бірнеше жүз адамдық қарақшы-шайканың анық-қанығын біліп, мүмкіндік болса біржола жою үшін арнайы отряд жасақталды. Кейіннен белгілі болғандай бізге келіп жеткен лақап сөздердің шындығы тіптен де басқаша болып шықты. Кейіннен түсіндірілгендей, Әлімқұл күтпеген жерден батыл шешім қабылдап, Қоқанға аттанамын деген желеумен алдымен оңтүстікке қарай беттейді де, былай шыға әскердің бетін солтүстікке қарай бұрады. Шымкентті орағытып өтіп, бекінісі әлсіз, жергілікті тұрғындары өзіне көмекке келуге дайын Түркістанға қарай бет алады. Жолшыбай қырғыз түземдіктердің жекелеген постыларын оп-оңай басып ала отырып, 4 желтоқсан күні Иқанға келіп жетеді. Біз бұл жөнінен тіптен хабарсыз едік оның үстіне дала да кең ғой…» (1)
Ашық алаңқайдың шетінде алқақотан бүрісіп отырмыз. Кешке қарай қуалай соққан суық желден өн бойым тоңазып сала бергені. Көп ұзамай алаңқайды қоршалай орналасқан үйлердің терезелерінен алғашқы шам жарығы сығалады. Анадай жерде дөңкиіп бір кездегі қала қорғаны – көне төмпешік қарауытады.
Бүгін төртінші желтоқсан. Осыдан аттай жүз елу бес жыл бұрын, дәл осы түні қала қорғанының қақпасын айқара ашып тастаған төрт жүз шаңырақ иқандықтар болашақ жеңіс тойын тойлап жатқан. Түнге қарай мына алаңқайда мыңдаған алау оттар лапылдап тұрған. Түн ортасын аударып Түркістанға күтпеген жерден лап беруді жоспарлаған Әлімқұл молда Әмірләшкердің шатырының алдында қалың әскер күні ертең қасиетті Түркістанда таң намазын оқитындарын ойлап, қуаныштары қойындарына сыймай арлы-берлі шапқылап жүрген… Мына жалған дүниеде қай пенденің қай ойлағаны болып жатыр, бәрі-бәрі бір Алланың қолында ғой… Сосын не болды дейсіз бе?..
– Әкемнің айтуына қарағанда, түнге қарай Әлімқұл бастаған қоқандық қыпшақтар Иқанның болысы Ермұхамедтің үйіне жиналыпты… – деді Айниддин ақсақал. – Әкелеріміз қадірменді қонақтарға арнайы пеште кәттә-кәтта екі таба нан пісіріп ұсынған. «Бірін өзім аламын, бірін Қоқанның ханына алып барамын» депті Әлімқұл молда…
Менің білуімше, ол кезде Қоқанның ханы Сұлтан Сағитхан кішкентай бала. Ана бір жылы қыпшақтар мен төрелер арасындағы бітпес даудан аузы күйген хан тұқымы биліктен бас тартқан шақта базарда отырған насыбайшыны хан тағына отырғызған Әлімқұл болса жақында өз қолымен хан тағына отырғызған Сағитханның атынан билік жүргізетін регент-өкіл. Шығыс Түркістан мен Арал теңізінің екі арасында шексіз билік жүргізген көкеміз өзі таққа отырғызып қойған кішкентай баланы нан беріп алдағысы келсе де өзі білсін?..
– Жап-жақсы басталған істің аяғы сұйылып кетеді. Болыстың үйіндегі жиынның ішінде Ибн Ямин атты орыс тыңшысы болған. Сол сатқын түн ішінде Түркістанға хабар айтып, Әлімқұлдың жасырын жоспарын жайып салған ғой… Кейіннен сол Яминді патшаның өзі қабылдапты, көп-көп сыйлықтар беріпті… Бала күнімізде ауылдың үлкен кісілері сол сатқынды боқтап отырушы еді…
Бұдан ары не болды дейсіз бе? Өзіміз жоғарыда айтқан «Туркестанский край» Сборник материалов для историй его завоевания» кітабында бұл оқиға былай баяндалады:
«Түркістанның Иқан бетінде ұзын саны 100-ден 400 адам аралығындағы бұзақы-шайканы жою үшін Түркістан коменданты құрамында 2 обер-офицер, 5 урядник, 98 казак әскері, 4 артиллерист, фельдшер, фургитат және түйелі төрт қырғыз бар отряд жіберді. Бұдан басқа жүздікке таулы жерде қолданылатын зеңбірек, казактарға екі комплект патрон (120), зеңбірекке 42 заряд оқ-дәрі берілді.
Түс ауа жолға шыққан отряд жолшыбай ұшырасқан Түркістан мен Шымкент аралығындағы орыс постыларынан сәтін салып қашып шыққан, ішінде жараланғандары да бар қырғыздардан Иқанның арғы жағында дұшпан бар екенін, олардың саны белгісіз екенін естіп біледі. Есаул Серов бұл хабарды қала коментантына хабарлап, бұрынғы бұйрықтың өз күшінде қалатынын естіген соң сапарын одан әрі Иқанға қарай жалғастыра берді.
Түс ауып сағат төртке таяп қалған; отряд биікте жатқан Иқанға жақындағанда айналаны қараңғылық басты. Әр жер-әр жеріне топтанып сексеуіл өскен тегіс жазықпен Иқанға жақындап келген отряд айналадағы қалың отты көреді. Серов отрядты тоқтатып, жолбасшы қырғызды оттың жағдайын білуге жұмсайды. Тез оралған Ахмет қырғыз «дұшпанның көлдегі қамыстан да көп» екенін жеткізеді. Алыстағы отты көріп, дұшпанның күші әлдеқайда көп екенін білген есаул Серов сәл кейінге шегініп, өзі ертерек байқап келе жатқан ескі арықтың жанына келіп тоқтады. Түйелердің жүгін асығыс түсірген казактар арықтың айналасын азық түлік пен мал азығы салынған қаптармен бекітіп, тұсалған аттарды ортаға алып өздері арқаптар мен аттардың ортасына жайғасты. Бұл кезде қоқандықтар шабуылға көшкен. Олардың атты отряды бұларды орағытып келіп, жым-жырт үнсіздікпен» жақындап келді де, айқайға басып лап қойды. Оралдықтар тобы шабуылды дәлдеп атылған мылтық және бір ауыз зеңбіректің картечь оғымен қарсы алды.
Кұтпеген қарсылықтан көп шығынға ұшыраған дұшпан асығыс кейін шегінді. Артынша күштерін қайта жиған қоқандықтар «Аллалап» қайта ұмтылды. Бұл жолы да мылтық оғы мен бір ауыздың картечі олардың қарқынын су сепкендей басып, кейін шегінуге мәжбүр етті. Осылайша бірнеше рет жасалған қысым сәтсіздікке ұшырады. Қоқандықтардың қытты шығынға ұшарағаны айқын еді, енді олар жақын жерге бекініп, лаулатып от жаға бастады. Атуға да болатын еді, бірақ әрбір оқты үнемдеу қажет болды.
Дұшпан қайтадан шабуылға шықпағанмен, отрядтың жағдайы мүлдем мүшкіл еді. Түн ішінде шегінер жер жоқ, бар үміт Түркістаннан келер көмекте болатын. Осыны түсінген казактар арықтың айналасын өлген аттардың денесімен, қаптармен бекітіп қорғанысқа дайындалды.
Енді қоқандықтар зеңбіректер мен алысқа атылатын гранаметтерден оқ жаудырды. Алғашқы гранаталардан кейін-ақ үш ат өлді, сәтіне орай адамдар аман. Демалыс жөнінде ойлауға қайдан мұрша болсын, түн қараңғылығын пайдаланған қоқандықтар отрядқа байқаусызда жақындауға күш салды. Шетсіз-шексіз дала төсінде көз бен құлағына сеніп үйренген әккі казактар қараңғылықтан жеткен әрбір сыбдырды дөп басып, әрбір шабуылдың алдын алып отырды. Зеңбірек пен мылтық оқтары айналаны тітіркендірген қорқынышты түн казактардың рухын түсіре алмады. Қоршаудағы казактардың ішінде соғыс жағдайына жетік, кәнігі жауынгерлер көп еді; бірі әскер қатарында он бес жылдан астам болып, Севостополь шайқасына қатысқан, Ақмешітті жаулап алу кезінде қоқандықтармен бетпе-бет шайқасып үйренген, көпшілігі әскери ордендермен де наградталған…» (3)
Байқап отырған боларсыз, әскерге еріксіз алынған қарапайым рекруттар емес, кәдімгі жалдамалы әскер. Патша қазынасынан кесімді жалақы алатын жалдамалы казактар. Он мың әскермен шұғыл жеткен Әлімқұл Әмірләшкерлің не ойлағанын кім білсін, соғыстың негізінен Сұлтан Садықтың жалдамалы әскері мен жалдамалы казак жасағы арасында өткені байқалып-ақ тұр емес пе?
Бұдан ары не болды дейсіз бе?
«…Азапты түн артта қалып таң атады. Әбір оқты үнемдеу қажеттігін түсінген казактар енді ара-қашықтықты сақтап, шабуылға шыққандардың ішінен бай киімділері мен бастықтарын таңдап ата бастайды. Алдымен ақбоз атпен атойлап шапқан Әлімқұлдың астындағы атына оқ тиеді. Сұлтан Садық бастаған сауыттылар да тойтарыс табады. Екі жақтан да шығын молайып. қанды қасап басталады.
Көп ұзамай тыңшылардан Әлімқұл әскерінің он мыңнан асатынын естіп-білген қала коментанты Серов әскеріне: «Он шақырым жердегі Тышанақ қамалына тығылып, Әлімұл әскерін өткізіп жіберіңдер» деген хабар жібереді. Бірақ хабар кешігіп қалған еді… Көп ұзамай түркістандағылар дүркін-дүркін атылған орыс қаруының, орыс зеңбіректерінің даусын естіп, әскердің қоршауда қалғанын, жанталаса қарсыласып жатқанын біледі…»
– Біз тұрған тұс орыс әскерімен алғашқы шайқас болған жер. Біраз орыс әскері осы жерде қырылады. Ал шейіт болған мұсылмандарда ісәп жоқ… – деді Айнидин ақсақал сақалын тарамдап қойып. – Біссі-міллә, құран бағыштап жіберелік… Қырғын соғыс ауылдың ана тұсында болған…
Тағы да Шымкент трактінің көне сүрлеуін қуалай жүріп ауылдың екінші тұсына жетіп тоқтадық. Ығы-жығы үйлердің арасымен тартылған көне арықтың сұлбасы байқалады. Енді ауылды кесіп өтетін Иқан судың көпірінен өтіп, алқам-салқам көне мешіттің алдында тұрмыз.
– Мына мешіт кейіннен салынды, – деді Айнидин ақсақал. – Бұрындары осы мешітте шәйіт болған туыстарға құран бағыштап тұрушы едік… Біс-сі-міллә деп жіберелік…
Бір кездегі көне мешіт – бүгіндегі жүгері қоймасы. Біз отырған жердігі көне арықтың сұлбасы – бір кездегі Серов отряды бекінген өзекше шұңқырдың орны.
– Ұзын саны қанша екенін кім білсін, орыстардың екінші қырылған жері осы, – деді қария құран бағыштап болған соң. – Ал қырылған мұсылмандардың саны мыңнан асады деседі.
Бұдан ары не болды дейсіз бе?
«…Бұл кезде Түркістанда тұрған орыс горнизонының жағдайы да тіптен қиын еді. Горнизонда 2/2 рота әскер, бірнеше зеңбірек қана қалған, оның үстіне бағынғанына жарты жыл ғана уақыт өткен қала тұрғындарына сену де қиын болатын.
Келесі күні, яғни 5 желтоқсанда таңғы сағат 11-де қаладан екі жеңіл зеңбірегі бар 152 жаяу әскер шықты. Әскер бастығына егер қарсыластардың қарулы күші басым болған жағдайда, қалаға қарай қайта шегіну тапсырылды. Төрт верст жер жүрген соң отрядтың шабуылға шыққан қоқандықтардың қалың отряды көрінді. Олар жоғарыдағы бұйрыққа мойын ұсынып кейін шегінген орыс отрядын қала қорғанына дейін қуып тастады. Отряд қалаға кешкі 6 сағат шамасында келіп жетті. Қала түні бойы қорқыныш дабылы басылмады. Мұндағылардың Иқан беттегі жүздіктің қиын жағдайда екенін біле тұра ах ұрғаннан басқа амалы да жоқ еді… Түркістаннан көмекке келген әскерді қалаға қайта қуып тыққан соң, қоршаудағы казактардың берілмесін сезген Әлімқұл қайта шабуылға шығады. Бұл жолы қоршаудағы казактар қарсыластарының арбаларға қамыс пен жыңғыл тиеп алып, соның тасасымен жақындай бастағанын байқайды.
Көп ұзамай қараңғылық түсті де, сан жағынан басым қарсыласы осы қараңғылықты пайдаланып бір шоғыр ержүрек казактарды басып-жаншып өтуі мүмкін екені белгілі болды. Казактар болса қорқыныш құшағында айналадағы тырс еткен дыбысқа құлақ түріп тың тыңдап жатыр. Екі күннен бері тамақ та, су да ішпеген, ал демалыс жайлы ойлауға мұрша жоқ, оқ-дәрі де таусылуға айналған. Есаул Серов қалаға кісі жіберіп хабар беруге бел буып, еріктілерді шақыртады. Бел буып шыққан казактар Андрей Борисов, Павел Мизинов пен қырғыз Ахмет жолға аттанды. Оларға қысқа тондарының сыртынан мылтықтарын асып алды, офицерлер револьверлерін ұсынды. Қоқандықтардың тосқауылына ұшыраған олар көп ұзамай қайтып оралды. Бірақ олар алған беттерінен қайтпай, көп ұзамай Борисов пен Ахмет казак Аким Черновпен бірге қоршаудың екінші бетіне беттеп, айнала қойылған бекеттер мен лаулап жанған от жарығының ара-арасымен қоршаудан шығып үлгерді.
6 желтоқсан күні күтпеген жерден қоқандықтар Түркістаннан Иқанға қарай шегінді де, түскі сағат бірге қарай қоршаудағыларға 207 жаяу әскер, екі зеңбірегі бар 10 казак екінші мәрте көмекке жіберілді.
Бұл кезде қоршаудағы казактардың жағдайы әбден қиындаған еді. Қалаға жіберілген шапқыншылардан болса-болмаса хабар жоқ. Бұларды қаладан келетін көмек қана құтқара алатынын бәрі де сезген.
Ағарып таң да атты-ау. Алыстан қарсыластар лагері, жақын маңнан қамыс пен жыңғыл артқан ауыр арбалардың сұлбасы көрінді. Қарсыластардың бұларды осы арбаларды тасалап, жылжып келіп бас салатыны түсінікті еді. Казак оқтарынан жалаңаш шапаннан қорғаныш таба алмаған қоқандықтар енді қорғаныш үшін қамыс артқан арбаларды пайдаланатыны анық болған…»
Бұдан ары не болды дейсіз бе?
«…Бұдан ары отрядтың жағдайы біржола тығырыққа тірелген. Шапандары қоқандықтарды казак оғынан сақтай алмаса, арбаның тасасында қауіпсіз еді. Дегенмен, келер көмектен күдер үзе қоймаған есаул Серов қарсыластарын келіссөзге шақыру арқылы ең соңғы шайқас алдында уақытты соза түсуге бел буды.
Казактарға өз ойын айтқан жүздік командирі алға суырылып шықты да, келіссөзге келгісі келетінін білдірді. Келіссөз бастала есаул Серов сөйлесуге Әлімқұлды шақыруды талап етті. Әлімқұл өзінің билеуші екенін, тек патшамен ғана сөйлесетінін айтып, Серовтің өзіне келуін, ондай жағдайда ең тиімді жағдайлар жасалатынын, сыйлықтар берілетінін айтты.
Осы арада казактар қоқандықтар қорғаныш арбаны Серовқа қарай жылжытып келе жатқанын, сырт жақтан үш қоқандықтың жақындап қалғанын байқап қалды. «Жоғары мәртебелім, тез кетіңіз, қазаір атамыз» деп айқайлаған казактар ата бастады. Аз да болса екі сағатқа созылған келіссөз өз нәтижесін берген. Дегенмен, Түркістан беттен келетін көмектің белгісіндей тырс еткен дыбыс жоқ…
Сағат 7-ге таман жан беріп, жан алысқан шайқас қайта қызды. Ашынып алған қоқандықтар үш жақтан лап қойды. Жан қысылғанда қажетті көмек болса әлі жоқ.
Бұған дейін көп шығынға ұшырай қоймаған отряд тіптен қиын жағдайға тап болды. Сағат бірге таман аттардың бәрі қырылып бітті, 37 адам өлді, жараланғандар одан да көп, қоқандықтардың қолма-қол айқасқысы келген төрт шабуылының беті қайтты, егер Түркістаннан келетін көмек таңертең шыққан болса, келетін уақыты баяғыда өтіп кеткен. Көмектің келмесіне көздері жеткен, бұдан ары әбден жақындап қалған қарсыластарын мылтық оғымен ұстап тұра алмасын білген жаужүректер қалаға қарай жау қоршауын жарып өтуге бел буды. Оның үстіне қыстың қысқа күнінде түнге қалса, 16 верст жердегі қалаға күндіз өтпесе түнге қарай жақындап келген дұшпанды көздеп ату мүмкін еместігін де түсінген.
Аман қалған жалғыз зеңбіректі жерге көміп, басы артық мылтықтарын сындырып тастаған бір шоғыр жанкешті үйінділердің арасынан атып шығып «Уралап» алға ұмтылғанын көрген қоқандықтар естен танып қала жаздаған. Артынша олардың өздері күткен жүздеген адам емес небәрі оншақты ғана екенін де көрген бойда бір шоғыр жанкештінің соңынан айқайды салып ұмтылған… Дәлдеп атқан мылтық оғы қоқандықтарды жақындатпай тұрды. Енді өз сарбаздарын атқа қондырған қоқандықтар оларды орағытып өтіп, шегініп бара жатқан оралдықтарды бір-бірлеп оққа байлап ата бастаған. Жекелеген сауыттылары кей-кейде казактардың ортасына қарай жарып өтіп қырғын салған. Ішінде өлгендері де бар, мылтық оғынан жалтарып кетіп бірнеше казакты жаралап тастағандары да бар. Ара-арасында найза лақтырғандары да болды. Сондай найзаның бірі казак П. Мизановтың сол иығына барып қадалған. Ал ол болса орнынан атып тұрып иығындағы найзасымен бірге жолдастарына келіп қосылды. Иығында шошайған найзаны жолдастары жұлып тастады. Әбден шаршаған, қансыраған жауынгерлердің қайсы бірі құлап түскен сәтте қоқандықтар тобынан бөлініп шыққан салт аттылар дәрменсіз сорлыға қарай тап берген. Жеткен бойда өзінің батырлығының дәлелі ретінде бастықтарына апарып, сыйақы алу үшін асығыс-үсігіс басын кесе бастады. Оралдықтар да қарап қалған жоқ, тіктеп атқан мылтық оғынан талай қоқандық жер құшып жатты. Мына жағдайды көріп, жанындағы жаралы жолдастарына қол ұшын бере алмайтынына, көп ұзамай өзінің де солардың кебін киетінін, өлім ауылы жақын қалғанын сезінген казактардың жүректері шымырлай ауырған. Қансырап барып құлап түскенн жолдастарына қарайлай алмай шегінгендердің жағдайы сәт сайын қиындай түскен.
«Қош бол, досым» деп, құлап жатқан казакқа қарай шапқылап келе жатқан қоқандыққа қарай оқ атып қойып, құшағындағы винтовкасын бұрынғыдан да қаттырақ қыса түскен күйі шегіне берген. Бір сағат өткен. Тағы бірі. Жауынгерлер саны азая берген,азая берген, ұзаған сайын жаралалыр да көбейген. Ішінде екі жерден, үш жерден жарақат алса да құламай, жолдастарына сүйеніп келе жатқандары да бар. Аштық деген, шаршау деген ұмытылған, тек алға жылжу керек, болмаса, өз жастығын ала кетуі керек. Уақыт өткен сайын алға жылжу қиындай берген, үш сағат бойы шегінген казактер 8 верст қана жерге жылжыған. Қыстың күні ұясына қарай құлап барады, ал алда әлі де 8 шақырым жер бар. Бәрі де шаршап-шалдыққан, бәрі де қанға боялған, егер адасқан оқтың бірі аяғынан жаралар болса, одан арғы жағдайының қандай болатынын бәрі де түсінген.
Бір казак құлап түскен сәтте жанындағы өз жолдасы соңғы күшін жинап, қолындағы қаруын дұшпанның қолына түспеу үшін ортасынан қақ бөліп сындырып тастап жатты. Оралдықтардың ізінде қан қасап, сынған мылтықтар жайрап жатты. Сондай құрбандықтың бірі жүзбасы Абрамичев болды. Алдымен бір қолына, артынан бүйіріне оқ тиген ол екі аяғына бірдей оқ тиіп құлап түскенге дейін алға қарай жылжи берген. Соңғы рет «Тезірек басымды кесіңдер, бұдан ары жүре алмаймын» деп айқайлап барып құлап түскен.
Оның түбіне жеткен қоқандықтардың назарын аударған үстіндегі офицер пальтосы мен папахасы болды.
Ол оқ тиіп құлап түскен сәтте жанынан өтіп бара жатқан Серов пен казактардың қоштасуы «Христос үшін бізді кешіре көр» деген сөз болды. Абрамичев алдымен қолдарымен жер тіреп барып, басымен жер сүзе құлады. «Біз алысқа ұзамай жатып жанына тобымен жеткен қоқандықтар өлікті біздің көз алдымызда одан әрмен кескілеп жатты. Арада екі минут өткенде Абрамичевтің офицер пальтосын киіп алған қоқандық бізге қарай шапқылап келе жатты. Кейіннен өліктерді жинап алар кезімізде оның мәйітін әрең таныдық, онда қан-қан болған қалтасының қалдықтарынан таныдық.
Сағат 4-ке таман қараңғылық қоюлана бастады. Тірі қалғандар соңғы күштерін жинап жүріп келеді. Кенет мылтық даусы естілді де, қала беттегі қоқандықтар жан-жаққа шашырай қашты да, жарты верст жердегі төбешіктің басынан бізге қарай жүгіріп келе жатқан солдаттар көрінді.
Казактардың қуанышын айтып жеткізу мүмкін емес!
Үстерінен ауыр жүк сыпырылып түскендей болған; бәрі жерге құлап түсіп құшақтасып, сүйісіп жатты. Тірі қалғандарды санап шыққанда көргеніміз: екі офицердің бірі өліп, бірі тірі қалған, жүздіктің тағы бір офицері кеудесінің жоғары тұсынан жараланып, басынан контузия алған, пальтосын 8 тұстан оқ тесіп кетіпті. 5 урядниктің 4-еуі өліп, 1-еуі жараланған, 98 казактың 50-і өлген, 38-і жараланған, 4 артиллерист, фельдшер жарақат алған, фуристат пен жолбасшы қырғыз өлген, тірі қалғандардың бәрі 5-6 жерден жарақат алған. Көмектің дер кезінде келгені анық, әбден әлсіргене казактарды арбағы тиеп кешкі сағат 7-де лазареттке жеткізді, ол жерден тірі шықпағандары да көп ұзамай жер қойнына берілді…» (2)
Бұдан әрі не болды дейсіз бе?
– Мына жерде қырылған адамда ісәп жоқ… – деді Айнидин ақсақал күрсініп қойып. – Әкелеріміз осында қырылғандардың мәйітін орыстар үш күн бойы жинады деп айтып отыратын. Ал мұсылмандардың мәйіті қайда қалғанын ешкім білмейді…
Мен өзі тоңғақпын. Мына өзекше арықтың маңында болған қанды қасапты ойласам… Бүрісіп отырған Айнидин қарияны да аяймын. Бірдеңе айтқысы келеді, бірақ айта алмайды. Не айтқысы келді екен?..
– Айеке, тоңып кеттім… Сіз де шаршаған шығарсыз, ертең емес, арғы күні осы жерде жолықсақ қайтеді?
– Иә, иә, осы жерде емес, біздің үйде жолықсақ та болады. Жата-жастана отырып әңгімелесеміз…
Қуанып кетейін. Қарияның ашылып айта алмай отырған сырына іштей қанықпын. Саясат жайлап алған заман. Өзім де іштей де сырттай дайындалып алудан кет әрі емеспін.
Батыстан Шығысқа тартқан күретамыр автожолмен Түркістанға қарай ызғытып келеміз. Әлде, тұман, әлде түтін тұмшалап алған Түркістанға да қыс келіп қалғанын қарашы…
Иә, мен өзі тоңғақпын. Қайта-қайта айнаға қарап келе жатқан рульдегі Мәди бауырымның қыстың күні қырауда қаңғып жүрген Әлібек екеумізді аяп келе жатқанын сеземін.
– Секе, сіз осы Иқанды айналдырып алдыңыз ғой…
– Мәселе Иқанда емес. Әлімқұл молда туралы жазғым келіп жүр.
Иә, Әлімқұл молда… Кәдімгі Қыпшақ Әлімқұл молда Хасанби Әмірләшкер туралы жазғым келеді. (3) Өйткені ол менің… иә, алысым емесі анық.
Өтеген ағамның шындығы
Сол күні түнімен отырып қағаз ақтарайын. Иә, Әлімқұл көкем жайлы жазғым келеді. Бұл үшін тарихшы Өтеген Әбдіраман ағаммен ақылдасуым қажет екенін де білемін. Кәдімгі өзім секілді арты қоныс таппайтын Өтеген ағам. Өткенде «Самарқанға кетіп барамын» деп телефон шалған. Алдында ғана үйіне арнайы іздеп барғанмын. «Қоқанның соңғы ханы қыпшақ Әлімқұл Әмірләшкер» атты кітабын аттай қалап алғанмын. Сол кітапты жайып тастап отырмын.
«2004 жылы Қазақстан теміржолдарының 100 жылдығына орай оның тарихына арналған 5 томдық жинақ құрастырдым. Негізгі мақсатым Орынбор-Ташкент теміржолының медициналық мекемелерінің тарихын зерттеу болатын. Әскери ведомстволық мекемелердің санатына жататын Орынбор-Ташкент темір жолының тарихына қатысты мұрағаттар жолды салуға кіріскен өткен ғасырдың басынан бастап «Совершенно секретно» деп аталатын фондыда сақтаулы екендігіне көзім жетті.
Өзбекстан Республикасы мемлекеттік мұрағатының директоры Еркін Абдуллаев деген жетпістен асқан кісі ол деректерді қарап шығу үшін Өзбекстан Республикасы мұрағат басқармасының арнайы рұқсаты керек екендігін түсіндірді. Ол үшін Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшілігіне хабарласуым керек екен де, елшіліктегілер менің өтінішім бойынша Өзбекстан Республикасының тиісті мекемелерінен рүқсат алуы керек екен. Жарты жыл бойы Өзбекстанға әлденеше рет барумен, елшілік қызметкерлерінің араласуымен керекті құжаттарға қолым әрең жетті.
Қазақ елінің тарихына қатысты талай жылдар бойы буулы жатқан мұрағаттарға қолым жеткен соң, мұрағат директоры марқүм Еркін Абдуллаевқа қазақтың, өзбектің шапанын жабумен, қызметкерлерінің көңілін табумен 5 томдық жинақ құрастырған болатынмын. Сол жолғы жинаққа енбей қалған медицина тарихына қатысы жоқ деректердің бір парасы осы жолғы жинаққа еніп отырған қыпшақ Әлімқұл молда Әмірләшкер туралы деректер.
Кеңестік заманда өзбектер қазақ деп мұның ерлігіне мән бермеген. Дегенмен Қоқан ханы ретінде тарихтарынан өшіріп тастай алмаған. Бір деректерде дәл осы Әлімқұл Қоқанды билеп түрған кезінде Ақмешітті билеген қоқанның өкілдерін тағайындағаны жөнінде де деректерде бар болып шықты. Әлімқұл Хасанбийдің аты Өзбекстанның көп томды тарихи жинақтарында, Қоқан хандығы жөнінде Кеңестік дәуірде қорғалған ғылыми диссертацияларда аталады.
«Өзбекстандағы қазақ қауымдастығының төрағасы, Ташкенттегі Сіргелі-4 ықшамауданы Қыпшақ махалласының хакімі полковник Әбиболла Оразовпен таныстым…» деп жазады Өтеген. «Қазақ даласын ашаршылық жайлаған өткен ғасырдың отызыншы жылдары бір қауым ел Сыр бойынан үдере көшіп, Өзбекстанға өтеді. Ол заманда Ташкент қаласының сырты болып саналатын, бүгінде Зеңгі ата аталатын ауданның аумағына барып қоныстанады. Аштықтан құтылып, аман қалған қазақтар қауымдасып «Қыпшақ көшесі» деген көше түзіп, «Қазақ елі» деген атқа ие болады, қыз алып, қыз берісіп, құда-жекжат болып өсіп-өніп түрып жатады. Еті тірі әкем сол бір қауым елдің ішіндегі бас көтерерлердің бірі екен. Мен 1942 жылы туылыппын. Әскери міндетімді өтеп қайтқан соң, Өзбекстанның милициясына қызметке тұрдым. Кейінірек «Қыпшақ» көшесінің ауқымы үлғайып, «Қыпшақ махалласы» атанды, зейнеткерлікке шыққан мені өздеріне хакім сайлады.
Бастапқыда шағын «Қыпшақ көшесі» аталған көшенің бүгінгі ұзындығы 7 шақырымға жеткен. Бұрын жергілікті халықтың малы жайылып, егін өсіретін жерлері бүгінде адам танымастай өзгерген.
Көшенің екі жақ бетіне «Қыпшақ көшесі» деген көрсеткіш тақта ілген болатын. Соны біреулер соңғы кезде алып тастапты. Түбінде өзбектер бұл көшенің «Қыпшақ көшесі» деген атауын өзгертпек-ау, – дейді хакім Әбиболла Әшірматұлы.
«Мемлекет өзбектікі, олар өз көшелерін қалай атаймыз десе еркі. Сіздің бұл күдігіңіз түбінде ойлағаныңыздай болып шығуы әбден мүмкін. Бұл жайдың алдын алудың бір ғана жолы 1863-1864 жылдары Қоқан хандығының соңғы ханы болған, осы Ташкент қаласын жаулаушылардан азат етемін деп жанын пида еткен қыпшақ Әлімқұл Хасанбидің атымен ататуға әрекет жасап бағу керек. Ол үшін Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековке «Қыпшақ махалласы» түрғындары және өз атыңыздан хат жазыңыз» деп, Зауытбек.Тұрысбековке жазар хатының сұлбасын қолына ұстатып кеттім.
Оған да біраз уақыт өтті. Қолға алған осы жинағым жарыққа шығып, елдің қолына тисе, сол мәселенің не болып жатқанын біліп қайту, ары қарай қозғау да ойымда бар…» (2)
Менің Өтеген ағам пәле. Бір істі қолына алса, түбіне жетпей қоймайды. Ендеше телефон шалу қажет.
– Иқанда жүрмін деймісің, әй!.. Бірдеңе шығатын түрі бар ма?
– Не шығаруым керек?..
– Ана орыстар қойған обелискінің орнына Әлімқұлға арнаған ескерткіш орнату керек… Саған тапсырма сол!..
Айтуға оңай. Ал тапсырма ауыр. Орыстар шығыстан да батсытан қысып келген шақта Шымкентті қорғап көзге түскен, жау қолынан тазарту үшін Түркістанға суыт жеткен, артынан Ташкентті қорғап шейіт болған Әлімқұл көкем Иқан шайқасынан соң иқандықтарды зар жылатып, жаяу-жалпы Ташкентке айдап әкетпеуші ме еді. Бүгінгі әңгіме үстінде Айнидин көкемнің көкейінде осы ой тұрмады деп айта аласыз ба? Болған-біткен оқиғаны бала күннен санасына сіңіріп өскен иқандықтардың көкейін тескен де осы өкпе екенін сезбей не болыпты
– Ташкент жаққа жүріп кетсем деп отырмын, – деймін Өтеген ағама.
– Тәшкенді қайтесің… Әлімқұлдың туыстары ана Әндіжан мен Жалалабат жақта ғой… Одан да ана молла Қалыбай Момбековтің дастанын бір қарап шыққайсың. Қанша дегенмен, Әлімқұлдың жанында жүріп Иқан шайқасын көзімен көрген адам ғой…
Иқан шайқасын жазу оңайға түсетін түрі жоқ. Орыстардың өз шындығы, қоқандық қыпшақтардың өз шындығы, иқандықтардың өз шындығы бар.
«…1864 жылдың 8 желтоқсанында жазған рапортында Есаул Серов оралдық жолдастары, патшаның сенімді қызметшілері жайлы: «Мен олардың бірде-бірін ерекше бөліп айта алмаймын. Олар мыңдаған дұшпанның ортасына түскеніне, қатты суықтан қалтырап-тоңғанына қарамай, үстеріндегі соңғы киімдерін лақтырып тастап, соңдарына қанды із қалдырып алға ұмтылған бір шоғыр ержүрек қорғаушылар еді» деп жазады. (2)
Иә, «бір шоғыр ержүрек қорғаушылар…» деп жазады. Апырмай-ай, деймін ғой, елі мен жерінен, бала-шағасынан безген бір шоғыр жалдамалы әскер кімді қорғады, неге қорғады?.. Неге қорғады?.. Бұл жағы беймәлім.
Бұдан әрі не болды дейсіз бе?
«…Император Иқан шайқасына қатысушыларды жомарттықпен наградтады: Есаул Серов жоғары шен мен 4 дәрежелі әулие Георгий орденін иеленді, урядник Александр Железнов хорунжи шенін иеленді, казак Павел Мизиновқа жүзбасы шені қайтарылды, жалпы тірі қалғандардың бәрі Әскери ордендермен нагарадталды… Сол кездегі Қоқан хандығының билеушісі Әлімқұлдың шұғыл түрде Ташкенттен шығып, Шымкентті орағытып өтіп, 5 желтоқсан күні Түркістанға жасаған шабуылы жеңіс әкелмеді. Қатарында 10 мың адамы бар қоқан әскері күтпеген жерден орал жүздігіне ұшырасып қалып, уақыттарын өлтіріп алды. Бұл жағдай Түркістан горнизонының дайындалып үлгеруіне мүмкіндік берді. Қисапсыз шығынға ұшырап кейін қайтқан олардың әскерінің арасында ашық даланың өзінде әлденеше көп қарсыласқа төтеп берген бір топ шоғыр «кәпірлердің» батырлығы мен батылдығы жайлы хабарлар тарап жатты…» (3)
Иқан шайқасында ғайыптан тайып тірі қалған алты адамды Ұлы мәртебелі патша ағзамның өзі қабылдап, қыруар сыйақы беріпті. Ішінде өзіміздің қандасымыз да бар. Өзіміздің Орал қаласы мен Түркістан қаласындағы шіркеуде жылма-жыл Иқан шайқасының батырларына арналып жыл сайын діни литоргия өткізіліп тұрған.
Иә, патша ағзам сыйақыны тірі қалғандарына берген. Ал ажал құшқандары бір шұңқырдың ішінде үстін қамыспен жапқан бауырластар бейітінде жатыр… Бұл – ары-берісі оншақты жылда Кіндік Азияны түгелге жуық жаулап алған орыс басқыншыларының шындығы. Бұл саясат дегенді қойсаңшы!.. «Мыңнан астам мұсылман қауымы қырылған. Қай жерге жерленгенін ешкім білмейді… Құран бағыштап жіберейік…» – дейді Айнидин ақсақал. «Қай жерде жерленгенін ешкім білмейді…» Өйткені Иқандағы қырғынның ертеңіне Әлімқұл көкем ауылдың кәрі мен жасын, бала-шағасын тік көтеріп Ташкентке алып кеткен. Құран бағыштайтын жерде еңселі мешіт үйі тұр. Жүгері сақтайтын қоймаға айналып кеткен мешіт… Бұл енді иқандықтардың шындығы. Ал ес білгелі аттан түспей отыз төрт жасында Ташкентті қорғау кезінде қапияда қаза тапқан Қыпшақ Әлімқұлдың да өз шындығы бар екені анық. Қазір мені қызықтыратыны – Иқан қыстағын мекендейтін ел-жұрттың көкейіндегі шындық еді…
Иқандықтар шындығы
Қанды қырғын… Қанды қасап… Отыздан жаңа асқан кезінде тарих сахнасына шыққан Әлімқұл көкемнен кеткен қателік… Бәлкім, қателік емес шығар…
Ойымнан Өтеген ағамның «Қалыбай ақынның дастанын оқып шық» деген сөздері кетпейді. Иә, иә, бәрінен де сол шайқастың басы-қасында болған Қалыбай ақынның дастанында шындық басымдау көрінген. Иә, шайқастан соң Әлімқұл молла иқандықтарды жинап алып:
«Тәубе қылмай өткендер,
Тозаққа барып тұрақтар.
Мұхаммедке үмбет бол,
Жаныңа жүк жоқ болар.
Кәпірлік пайда бермейді,
Жақсы адам сөзді аңдайды.
Мұхаммедке үмбет бол,
Танығын Жаббар Құдайды.
Кәпірлермен сұхбаттасқан,
Тәубе қылғын тіліңе.
Көзім жетті менің де,
Өлсеңдер жайың тозақта.
Ұрыспай отырғандарың,
Басқа дінге кіргендерің.
Кәпірдің діні жарамас,
Тас атыңдар бір-біріңе.
Менің тілімді алмасаңдар,
Сөзімді қабыл қылмасаңдар.
Басыңа қырғын салармын.
Біріңді қоспай біріңе,
Дінің болса мұсылман,
Менің ергін тіліме.
Сиынғын кәміл піріңе, –
деп, молла Әлімқұл жақсыларды ұялтып, жамандарды қорқытады. Сондағы барлық иқандық кәрі-жастың жиылып, Молла Әлімқұлға қарап айтқан сөзі:
Молла Әлімқұл бегіміз,
Айтарға көп сөзіміз.
Қандай амал болады,
Бұл жақта қалса жеріміз.
Күн болса мынау ызғырық,
Қариялар мен балалар.
Жолда жүріп қар жауса,
Үй табылмас паналар.
Арыз айтып тұр алдыңда,
Жесір қатын, жетім ұл.
Көзден аққан жасына,
Тақсыр өзің рақым қыл.
Бұл уақытта бармаймыз,
Қырсаң да бізді бұл жақта.
Айтып тұрған арыз бұл.
.
Бұдан ары не болды дейсіз бе? Қалыбай көкем айтады:
Арыз айтқан адамды,
Әлімқұл байла деген соң,
Жасауылдар байлады.
Неге айттың бұған арыз деп.
Құдай-а саған не жаздық,
Сорымыз біздің қайнады.
Азаншыдай шулатып,
Еркек-бала, қыз-қатын,
Біреуін қоймай Әлімқұл,
Ташкентке қарай айдады…
Иә, осылай, осылай болған. Қазақ хандығына қарасты соңғы қала Түркістаннан айрылғанына көзі жеткен Қыпшақ Әлімқұл иқандық елді Ташкентке қарай әкеткен. Ол кездері Садық сұлтан айтқандай, «мұсылман елдері көп». Жарты әлемді билеп тұрған ағылшынның қол астындағы ауған еліне, Ресеймен бәсекелес түрік еліне арқа сүйеген шығар. Бұл енді Әлімқұлдың шындығы. Ал иқандықтар болса…
Бүлік салды Құдайым,
Иқандықтың еліне.
Иқандық сарттар жылайды,
Мінәжат қылып Құдайға,
Молла Әлімқұл алмасын.
Деп пе Құдай басында,
Иқаннан тұқым қалмасын.
Біз айырылдық жер-судан,
Еш пенде біздей болмасын.
Бізге түскен бұл сауданы,
Пендеге Құдай салмасын.
Біз өлсек жолда кебін жоқ.
Қашан заман түзелгенше,
Жер-суды енді көрмек жоқ.
Жат жерде жүріп өлерміз,
Тірі болсақ бір күн келерміз,
Құлан да жерін ұмытпас.
Шүберекке жанды байладым.
Қайдасың сауық, сайраным,
Кәпірде қалды Шымкент, Сайрамым.
Қайдасың елім, байрағым?.. –
деп, ел-жұртын тастап аңырап кете барады…
Ел басына күн туған алмағайып замандағы шындық шекарасын табу оңай емесін сеземін. Ендеше, он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан Әлімқұл молда Әмірләшкер Хасанбидің өмірбаянына шолу жасай кеткен артық болмас деп ойлаймын ғой баяғы…
Әлімқұлдың шындығы
Иә, Әлімқұл молданың есімі төңірегінде кереғар пікірлер көп. Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылына дейін қазақ пен өзбек, одан қалды сарттарға ортақ болған Ташкент халқының саясат тұрғысынан алғанда Қыпшақ Әлімқұлға өкпесі қара қазандай болуы заңды да шығар. Ал саясат ауруымен ауырмаған өзбек ғалымы Зиявутдин Ильхомовтың сөзімен айтқанда… менің Әлімқұл көкем…
«… XIX ғасырдың 50-60 жылдары әулетаралық қырқыс пен патшалық Ресей басқыншылығы нәтижесінде Қоқан хандығы саяси дағдарысқа тап болды. Хандық әлсіреп, сыртқы қатер күшейген жағдайда, шиеленіскен түйінді шешуге қабілетті күшті тұлғаға өте-мөте қажеттілік туды. Әлімқұл Әмірлашкер осындай тарихи тұлға бола білді.
Ол өзіне жауыққан жекелеген этникалық топтардың мүддесін білдірген ықпалды саяси күштер тарапынан қатты қарсылық көргеніне қарамастан, ірі мемлекеттік қайраткер, талантты қолбасшы бола отырып, тақ үшін күрделі айқас жағдайында жоғары лауазымдарға жетті, іс жүзінде ханға айналды. Мемлекет басқаруды қолға алған Әлімқұл Әмірлашкер өзінің саяси қызметінде күрделі мәселелерді шешуге мәжбүр болды… Бұл кезде отыздан енді асқан жігіт бір жағынан өмірлік тәжірибенің аздығынан, екінші жағынан сол заманның қайшылықтары салдарынан кей тұста қателіктерге де ұрынды…» (2)
Әлімқұл молда тарапынан жіберілген қателіктерді Иьхомов жазбалары ғана емес, Ресей архивынан алынған жәдігерлерден дее кездестіруге болады. Сол қателіктердің бірі – 1864 жылғы 14-16 маусымда Шымкент үшін болған шайқас. Черняев пен Веревкин жұмсаған капитан Мейер бастаған жасақ Шымкентке шабуыл жасайды. Алайда, олар қорғанушы әскердің кескілескен қарсылығы салдарынан Шымкентті бірден басып ала алмайды. Қалаға Әлімқұл Әмірлашкердің өзі бастаған Қоқан әскері көмекке келеді. 1864 жылы 14-16 маусымда болған ұрыста орыстар жеңіліске ұшырайды.
Қалыптасқан жағдайды ескеруге мәжбүр болған Черняев Әлімқұлға бітімге келуге шақырған елші жібереді. Оған жауабында Әлімқұл бұрын басып алынған бүкіл аумақты толық қайтаруды, сондай-ақ Ресей басқыншылығынан келген залалдардың өтеміне 200 мың алтын ақша талап етеді.
«Молла Әлімқұл, Зачуйский отрядының бастығына. 1864 жыл. Әскерін алып Алматыдан Әулиеатаға келген орыс бастығына. Бұрын Ақ патша мен Қоқан ханы жақсы достықта болып еді, соңғы кезде оларды бір-бірімен араздықта ұстағысы келетін адамдар пайда болды. Мұны байқаған біздің жас ханымыз, Ақ патшаның әскері Әулиеата мен Түркістанды алғанын естіп, болған оқиғаның себебін білу үшін өз горнизоны мен атты әскерін бастап не себеппен келгенін, неге келгенін білу үшін Шымкентке келді. Сіздердің отрядтарыңызға төрт бастығын жіберіп, үш күн бойы қоршауда ұстап тұрды. Қоршаудағылар бізге хат жіберіп, өздерінің соғысуға келмегендерін айтқан соң, Ақ патша мен хан арасындағы достық қарым-қатынасты үзбеу үшін оларды босатып жіберді.
Бірақ біз бүгін сіздердің тағы да Әулиеатаға келгендеріңізді көріп, не себепті келгендеріңізді, қан төгу үшін бе, әлде басқа себебі бар ма, білу үшін осы хатты жіберіп отырмыз. Екі жақтан да қан төгілмеуі үшін келісімге келсек дейміз. Егер сіздерге қантөгіс қажет болса, бізбен соғысқыларыңыз келсе, кімнің күшті екенін байқап көруге болады…» Молда Әлімқұл.
Қол қойылған: Мөр басылған.
Орыс мұрағатынан алынған құжат. Орыс әскерінің басшылығы бұрынғы басып алған қалаларын қайтарамыз деп міндеттеме алғаннан кейін Әлімқұл Әмірлашкер басқыншыларға Шымкент маңынан кетулеріне мүмкіндік берді. Ал саясаттың майын езіп ішкен Черняев болса қыпшақ Әлімқұл кетісімен уәдеден тайып Шымкентке қайтып оралып қаланы басып алады.
«Әлімқұл өз әскерінің 2 мың адамнан астамын Ташкент пен Шымкенттің қорғаныс қуатын күшейту үшін қалдырды. Оларға егер патша әскері Шымкентке, Бұқара әмірінің жасағы Ташкентке шабуыл жасай қалған ретте тойтарыс беру міндеті қойылды. Әлімқұл Әмірлашкердің өзі негізгі қолымен Қоқанға қайта оралды…» – деп жазады орыс тарихшылары.
Қателік пе?.. Әрине, қателік… Бәлкім, қателік емес шығар?.. Бір жағынан қысып тұрған мұздай қаруланған орыс әскері. Бір жағынан мұсылмандар арасында атам заманнан бері келе жатқан алты ауыз алауыздық.
Сібір арқылы Жетісуды алған, орыс патшасына ант берген Кіші жүз жері арқылы Ақмешітті алған орыс қысымынан ең болмаса Шымкент пен Ташкентті сақтап қалғысы келген көкемнің Арал мен Шығыс Түркістан арасындағы ары-берісі бес мың шақырымдық жерде сенделіп жүргенін ойласам… Ендеше, алмағайып заманда ғұмыр кешкен Әлімқұл көкемнің де бір білгені бар шығар деп ойлаймын ғой баяғы.
Оның аты жөні – Қыпшақ Әлімқұл Әмірләшкер Хасанби… Күрделі де қарама-қайшылыққа толы тұлға… Тағдыры ауыз екі әңгіменің аясына сыймайтын болғасын сол күні қонақүйге келісімен жол сөмкемнен алдын-ала дайындап алған конспектілерімді қайта бір қарап шығуды ойлағам.
«Өзбек тарихшылары ұлты қазақ Әлімқұл Хасанбидің осы кезеңдегі Түркістан мен Шымкентті қорғаған жанкешті еңбегін елемеуге тырысып бақты. Оның басты себебі Қоқанның соңғы ханы Әлімқұлды олардың өздері де жаулаушы ретінде санады» деп жазыпты Өтеген ағам. «Бес саусақ бірдей емес, Ташкентті қорғап шейіт болған батырдың атын біржола жойып жіберу қалайша оп-оңай болсын…» Соңынан менің Ағайдар досым аударған Зиявуддин Ильхомов атты тарихшының зерттеу еңбегін ұсыныпты.
«…Әлімқұл Хасанби 1831 жылы Әндіжан өңірінің Қарасу ауылында дүниеге келген. Әндіжандағы Ақмешіт медресесін бітірген соң, ол елуінші жылдары Миллябек ханның қарауында қызмет етіп, өзін талантты әскербасы ретінде көрсете білді. Әлімқұлға, басқа да қайраткерлерге қыпшақтар жұртына арқа сүйеген Миллябек қайысқан қол жинай алды. Сөйтіп, 1858 жылы Құдаяр хан жасағының тас-талқанын шығарып, Қоқанды иеленеді. Құдаяр Бұқараға қашып тығылады. Құдаяр хан билік басына келген (1853 жыл) соң 20 мыңнан астам қыпшақ қырғынға ұшыраған еді. Саяси қуғын-сүргіннің өршуі халықты аяусыз қанаумен қабат жүрді. Өз бастарының ықпалын күйттеген тәкаппар бектер орталық биліктің нығая түсуіне қарсыласып бақты…
Құдаяр ханның билеп-төстеуіне халық наразылығы арта түскенінің бір көрінісі – сол тұста Қүдайберген ибн-Бәйіт Баһадүр билеген Ташкент хакімдігінде халық көтерілісінің бұрқ ете қалуы болды.
Көтерілген халықты басуға Құдаяр хан інісі Миллябек ханды аттандырды. Ол қарсылықты басып-жанши алды. Ал, Қоқанға оралған соң, ол ханға әкімшіліктің беделден жұрдай болған әкімқараларын биліктен тайдыруды және салық саясатын жұмсартуды ұсынды.
Миллябек ханның саяси абыройы артты. Алайда, сарай құйтырқылығы салдарынан Қоқаннан кетіп тынды. Хан тағын тартып алуға бекінген Миллябек хан жағына Әлімқұл нақ осы кезде шықты. Миллябек хан билігі тұсында Әлімұл өзінің адалдығымен, батырлығымен және әскербасшылық қарымымен сарайда үлкен лауазымдарға жетті.Атап айтқанда, ол Шымған ауданының хакімі болды.
Миллябек хан билік басына келген соң мемлекет ісін жөнге келтірумен қатар, әскери реформа жасауға да кіріседі. Мақсаты патшалық Ресейдің басқыншылық пиғылы өрістеп тұрған жағдайда Қоқан әскерлерінің жауынгерлік даярлығын арттыра түсу болатын. Бұл іске Әлімқұл белсене араласады.
1863 жылы 25 ақпанда Миллябек хан билікке ұмтылған бір топ бүлікшілер қолынан қаза табады да, келесі күні Шамұрад хан болып жарияланады. Бұрынғы ханның талай жақтасы дарға асылады. Әлімқұлдың өміріне де қатер төнеді. Билік үшін тыюсыз бақталастықтың аяғы мемлекет басына қауіп келтіретінін түсінген ол бүлікшілермен күресуге қол жинауға кіріседі.
Бұл алауыздық өршіп тұрған кезең еді. 1863 жылы мамырда Бұқара әмірінен қолдау алған Құдаяр хан қайтадан таққа отырады. Хан тағына одан басқа Қоқан хандарының үш тұқымы үмітті-тін. Ресей басқыншылығына қарсы күш жұмылдыруға мүмкіндік бермей, мемлекетті әлсіретіп отырған қатерлі қарекетті тыю үшін 1863 жылы 9 маусымда Миллябек ханның ұлы Сайдхан сүлтан Қоқанды басып алып, Қоқан ханы болып жарияланды. Әлімқүлға Әмірлашкер атағын берген де сол.
Әлімқұл Әмірлашкер бейресми билеуші-регент дәрежесін алғаннан кейін құрылған үкіметті нығайту, сондай-ақ Қоқан хандығын күшейту мақсатында әскери және қаржы ісін жөнге келтіруге, халықты топтастыруға бағытталған батыл шараларды іске асыруға кіріседі.
Әлімқұл Әмірлашкер сол бір күрделі кезеңде бір-бірімен қырқысқан ру-тайпаларды ұйыстыруға, өзара алауыздықты тоқтатуға ұмтылып, тайпа көсемдерінің өкіметке қарсы бұрын жасаған қылмыстарына кешірім жариялады. Сонымен қатар, халықты сыртқы жаумен ортақ күреске тізе қосып бірігуге шақырған ұран тастады. Экономика және салық саясатын жөнге салумен қатар, бұл шара да хандықтағы саяси ахуалды түрақтандыруға септігін тигізді.
Әлімқұл Әмірлашкер өз елін Ресей империясы отарға айналдыру қаупінен қамсыздандыру үшін пәрменді көмек сұрап Англияға, Түркияға, Қытайға және Ауғанстанға елшілер аттандырады. Өкінішке қарай, тек Түркия ғана бұл өтінішке мойын бұрады. Бірақ нақты әскери қолдау көрсете алмайды. Сыртқы көмектен қайран болмағандықтан, Әлімқұл Әмірлашкер ішкі әскери әлеуетті нығайтуға күш салады. Осы мақсатта ол бірқатар әскери реформа жүргізеді. Артиллерияны қолдану іс-амалын, олардың жаяу әскер мен бөлімшелерінің даярлығына талапты қатайтады. Әлімқүлдың саяси тірліктерінің бәрі бірдей ойдағыдай шыға берген жоқ. Бірқатар қателіктерге де ұрынды. Хандықта түрлі күштердің билікке таласы жойыла қоймады, бірқатар тайпалардың көсемдері мен әскербасылары көңілтолмастық білдірді. Бірақ тұтас алғанда халық оны қолдады. XIX ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында хандықта ішкі саяси ахуалдың тұрақтануы осының айқын көрінісі еді. Әлімқұл Әмірлашкер мемлекет басқару мәселелерімен жете айналысты. Патшалық Ресейдің хандыққа әскери баса-көктеп кіруі де кеңейе түсті.
Атап айтқанда, полковник М.Черняев жасағы 1864 жылы 1 мамырда Верныйдан шығып, қарсыласқан Қоқан әскерін ығыстыра отырып, 4 маусымда ұрыспен Әулиеатаны алды. Полковник Веревкиннің жасағы 22 мамырда Перовск фортынан шығып, Түркістан қаласына қарай беттеп, көп ұзамай қаланы қоршады.
Әмірлашкер Әлімқұлдың құсбегі Мирзо Ахмадтың басшылығымен Түркістанда қалдырған әскері орыс басқыншыларына табанды қарсыласты. Әлімқұл Әмірлашкер қорғанушыларға көмекке қосымша күш жіберді, бірақ әскербасылардың ішкі алауыздығы мен шамшылдығы салдарынан ол жасақтар Түркістан қаласын қорғауға қатыспады. Нәтижесінде 12 маусымда қала басқыншылар қолына көшті.
Ал Ташкент үшін ағашқы шайқас 1865 жылы 9 мамырда болды. Ресей әскербасылары оп-оңай жеңіске жетеміз деп ойлады. Бірақ әскери реформа кезінде күшейтілген артиллерия патша әскеріне қатты соққы берді. Әлімқұл ханның ұшқыр басқару шеберлігі көрініп тұрды. Кескілескен шайқас нәтижесінде басқыншылар шегініп, қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Әмірлашкер артиллерияны жаңа шепке шығаруға әмір етті. Осы кезде әскербасы жанына снаряд түсіп, оны өлімші етіп жаралады. Әлімқұлдың қазасы Ташкент қорғанысы ісіне қатты соққы болып тиді. Әлімқұл Әмірлашкер Ташкенттің Шайхантәуір зиратына жерленді.
Өмірінің соңғы кезінде ол 33-34 жас шамасында ғана еді. Ол әлі жас болатын, бірақ Қоқан хандығы ғана емес, күллі Орта Азия мен Қазақстанның саяси өміріне елеулі із қалдырып кетті.
Бірақ тұтас алғанда оның іс-әрекеті халыққа қызмет етуге арналды. Атап айтқанда, жас билеуші Қоқан қоғамын саяси тұрақтандыруда, хандықтың халықаралық беделін нығайтуда және оның жауынгерлік қабілетін арттыруда елеулі қызмет атқарды. Сол жылдары әлемнің жетекші елдерімен тең дипломатиялық қатынас орнатуы, қыпшақ Әлімқұлдың Орта Азияның мұсылман халықтарының болашақ қамы үшін жасаған мемлекетаралық, дипломатиялық зор еңбегі еді.
Әлімқұл Әмірлашкер Қоқан мемлекетін басқару жүйесін жетілдіруге, түрлі саяси күштерді біріктіруге, патшалықтың аумақты басып алу қатеріне ұтымды қарсы тұру бірыңғай майданын құруға белсене күш салды. Әмірлашкер хандықтың қорғаныс әулетін жұмылдыруға айрықша мән берді. Әлімқүл Әмірлашкер ірі әскербасы ретінде де даңққа бөленді. Оның қас шеберлігін патша армиясының кәсіби офицерлері мойындады.
Шымкент, Ташкент қалаларын қорғау кезінде шайқастарға басшылық жасап, ол тәуелсіздікті қорғаудың өнегесі, жатжұрттық басқыншыларға қарсы ерлік күрестің үлгісі бола білді. Қыпшақ жұртынан шыққан Әлімқұл Әмірлашкердің өмірі мен қызметіне көз жүгіртіп, оны көрнекті мемлекет қайраткері ретінде еске алу өзбек және қазақ халықтарының өткен ортақ тарихына ғылыми көзқарасты байыта түсіп қана қоймай, жастарға жоғары отаншылдық, өз еліне шексіз сүйіспеншілік рухын сіңіруге, жас ұрпақты бүкіл күш-жігерін тәуелсіз Қазақстан мен Өзбекстанның гүлдене беруі ісіне қалтқысыз арнауға қызмет ететін болады» (Зиявутдин ИЛЬХОМОВ. «Қоқанның соңғы ханы қыпшақ Әлімқұл Хасанбидің Орта Азияны жаулаушыларға қарсы күрестегі орны») (3) Қыпшақ тарихын зерделей зерттеп келе жатқан Зияуддинге, Өтеген мен Ағайдарға қосып-аларым жоқ.
Осы жолдарды жазған кезімде өзім жата-жастана оқыған «Қазақия қалай отарланды?» атты деректі публицистикалық толғау кітабының авторы Бекен Қайратұлы бауырыма да қосып-аларым жоқ. Тек қана бүгінде бүкіл дүние көз тігіп отырған Орталық Азия тарихы жайлы аса құнды кітаптың көпшілік назарынан тыс қалып келе жатқанын айтқым келеді.
Черняев шындығы
Зымияндық саясат ұстанған патшалық Ресейдің экспедициялық әскери корпусының басшысы, генерал Черняевтің оңтүстік өңірді жаулап алу кезінде қандай айла-тәсіл қолданғаны архив деректерінен белгілі. Солардың бір парасы Қоқан хандығы тарапынан тағайындалған лауазым иелері – датқаларға қатысты.
Қоқан хандығы тұсында оңтүстік өңірде билік жүргізген тұлғаларды «датқа» деп атағаны белгілі. Өлкеге Ресей биілігі орнаған тұста ел арасындағы датқалар билігі сол қалпында сақталуда болатын. Бірақ кезінде қоқан-хиуа хандарына бағынған датқалар орыс билігін сырттай мойындаған болып, іштей қарсылық танытуда еді.
Оны отарлаушылар жақсы білді. Сөйте түра, олар қазақтар ара-сындағы датқалар үстемдігін мойындамасқа амалы жоқ еді. Орыстар уақыт өте келе, ел ішіндегі датқалар билігін әлсіретуді көздеді. Ол үшін өте қүпия жоспарлар түзілді, датқалардың жеке өмірі зерттелді.
Ташкент архивінен шымкенттік тарихшы-ғалым Д.Даниярбеков алған мына бір деректе: генерал Черняев жергілікті халықтың көсемдеріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы араздастырып, датқаларды бір-біріне айдап салып, көздеген мақсатына қол жеткізгені жайлы Петербордағы Соғыс министрі Борисовке есеп беріп отырған.
Черняев құпия хабарламада төмендегідей ақпар жіберген: «Аса мәртебелі Соғыс министрі. Өзіңізге, алдындағы хабарламаларда жазғанымдай, бұрын Қоқан хандығы тұсында, оңтүстік өңірді билегендер Байзақ, Сапақ, Шоқай датқалар бізге азық-түлікпен, аттармен, сарбаздармен көмектесті.
Байзақ датқаның өзі бізге көмекке 1000 сарбаз бөлді, басшысы – өзінің ұлы. Бұл кісілерге патша ағзамның келісіміне орай, сіздің бұйрығыңызбен берілген офицерлік шен, майор атағын оқалы киімдермен, сый-сыяпатпен қоса бердім. Осы офицерлік атаққа, берілген сыйлықтарға бұл кісілер риза болды. Иелігіндегі жерлерін бала-шағаларымен мәңгілік пайдалану жөніндегі куәлік құжаттарды да бердім…» (4)
Қазақ даласын оңтүстік арқылы жаулап ала алмаған соң, Сібір арқылы «Екінші линия» атанған Ертіс өзенін бойлап келіп бағындырған орыстардың осындай саясат жүргізбеске амалы да жоқ еді. Бір кездегі Алтын орданың сынығы Кіндік Азияның Қоқан, Хиуа, Бұхара, Қазақ хандығы болып бөлініп, өзара қырқысып жатқан кезі. Оның үстіне қазақ даласына орыстармен қатар көршілес қытайлар мен қоқандықтар, алыстағы ағылшындар мен түріктердің көз тігіп отырғаны тағы бар. Әсіресе, Арал мен Шығыс Түркістанның аралығын түгелдей жаулап алған Қоқан хандығының тырнағы қаттырақ батқан Жетісу мен Сыр бойының халқы екіге жарылып бір бөлігі ашық та, жасырын түрде орыстар билігін қолдаған уақыт. Сол екіге жарылған халықтың ішіндегі ең ықпалдылары – ел билеуші датқалардың да екі жақты саясат ұстанғаны белгілі.
«Бұл кісілердің арасындағы Батырбек датқа мен үшін өте құпия тұлға. Ислам дініне, салт-дәстүріне өте берік. Орыстарды «жатдінділер» дейді. Басқа датқаларға қарағанда Оңтүстік өңірде, халық арасында атақ-абыройы өте зор, бұларды өзге датқалар да ашық мойындайды. Оңтүстік өңір Батырбек датқаның ықпалында болған. Өз қаражатына жергілікті халық үшін, өңірдің бірнеше елді-мекендерінде, Самарқандтан құрылысшылар, күйдірілген кірпіштер алдыртып, зәулім, сәулетті мешіттер (біздіңше, храм) мен медреселер (школа) салдыртқан. Бұлар қазір халыққа қызмет жасауда. Школда жас түземдіктер ислам дінінде білім алуда. Бірнеше шақырым каналдар, көптеген су қоймаларын (тоған) салдыртқан, талдар еккізіп, жергілікті халықты ауыл-ауыл (село) етіп орнықтырып, тамдар салдыртқызып, халықтың тұрақты отыруына жағдай жасаған. Жергілікті халық каналдарды пайдаланып, бидай, тары, жугері, т.б. азық-түліктерін егіп, дайындап алуда. Бұрынғыдай Иран, Қоқан, Самарқанд саудагерлерінен қымбат бағаға азық-туліктерін сатып алмайды. Осы еңбегі үшін оңтустік өңір халқы Батырбек датқаны қатты қадірлейді.
Батырбек датқа жөнінде барлық ақпаратты замандастары Байзақ, Шоқай, Сапақтардан біліп алған соң, екінші рет ол кісіні өзіме тағы да шақырып сөйлестім. Бірінші кездесуімізде әңгімеге ротмистр Ш. Уәлиханов қатысқан болатын. Екінші кездесуімізге ротмистр қатысқан жоқ, ол маған ренжіп экспедициядан кетіп қалған. Ротмистрдің маған ренжіп кетуіне, естуімше, Батырбек датқаның тікелей қатысы бар, себебі екеуі оңаша кездескен, ротмистрді жатдінділерге көмектесіп жүрсің деп кінәлаған, өз халқыңа қарсы соғысып жрсің деп айыптаған көрінеді. Осыларға шыдамаған ротмистр Ш.Уәлиханов экспедициядан кетті.
Батырбек датца кездесуге баласы, тағы да 4-5 кісімен келді. Ешнәрсе сездірмейді. Бағынған пішін көрсетеді. Бірақ сенбепмін. Өте айлакер, ұстамды, шебер саясаткер, бәрін бейбіт жолмен шешуді қалайды. Сарбаздарға азық-түлік беремін деп алдында уәде бергенімен, дәлелді себептер айтып, ешқайсысын орындаған жоқ. Ашық жазалайын десем, халықтың толқуынан қауіптенемін. Өз билігіндегі халықты, алдын ала біздің экспедиция әскерлері жүретін жол бойынан, ұрыс болатын жерлерден алысқа көшіріп жіберген.
Әулиеата бекінісін алу кезінде біздің экспедиция құрамы біраз шығынға ұшырадық. Шымкент бекінісін алуда шығынға жол бермес үшін, бекініс басшысынан (гарнизон) бекіністі бейбіт жолмен беруді талап етіп, келіссөзге датқаларды жіберу үшін Байзақ, Шоқай, Сапақ, Батырбек датцаларды шақырттым. Бұл шақыруыма тек Байзақ датқа баласымен келді, ол Әулиеата бекінісіне жақын тұратын. Қалған үш датқалар кездесуге келмеді. Хабаршыларын жіберіп, дәлелді себептер айтыпты. Бұл датцалардың мекендері бізден алыста болатын. Уақыт тығыз болғандықтан, Шымкент бекінісінің басшысына ультиматумды жеткізуді Байзақ датқаға тапсырдым. Шымкент бекінісін ұрыссыз берсін, әйтпесе қырғын болады деп ескерттім. Байзақ барудан бас тартты, бара салысымен Қоқан әскербасылары мені кәпірлерге сатылдың деп өлтіреді деп ашық айтты. Мен Байзаққа: «Қорықпаңыз, сізді өлтірмейді, сіз патша ағзамның әскери экспедициялық корпусының өкілі ретінде, дипломат болып бара жатырсыз» деп түсіндірдім. «Қасыңызда тілмаш, екі кіші офицерлер болады» дедім. Байзақтың бармасқа амалы жоқ еді, қатын-баласы, ауылдары Әулиеатаға жақын орналасқандықтан, менің бақылауымда болатын» (4)
Иә, кәдімгі Байзақ датқа. Көршілес қырғыздармен екі арада достық қарым-қатынас орнатқан, сонау Аралдағы Жанқожа, Сырым батырлар секілді Қоқан хандығының зорлық-зомбылығына қарсы көтеріліс ұйымдастыратын Байзақ датқа. Өзінің екі оттың арасында қалғанын білген батырдың өз басын өлімге байлайтын кезі осы. Әлімқұл болса, сол баласымен бірге елшілікке келген батырды зеңбіректің оқпанына байлап, ал баласын босатып қоя беріпті.
«Байзақ датқаның келіссөзден тірі қайтпайтынын білдім, сол үшін де орыс офицерлерін қасына қоспадым, татар тілмаш пен екі татар унтер-офицерлерін қостым, барлығы мұсылмандар ғой (магометиандар). Қоқан әскербасылардың датқаларға деген ашу-ызасын алдын ала біліп отырдым, орыстарға көмектескендері үшін оларды аямайтын еді.
Менің мақсатым, келіссөзге барлық датцаларды жібертіп, көздерін Қоқан әскери басшылығының қолымен жойып, жергілікті халықты көсемсіз қалдыру еді. Бірақ Байзақтан басқалары дәлелді себептер айтып, келмей қалды. Бірақ көздеген мақсатыма аз да болса қол жеткіздім.
Байзақ датқаны қасындағы нөкерлерімен қоса өлтірген, тек Байзақтың баласы аман қашып шыққан. Байзақтың өлімін өз мақсатыма пайдаландым, оның өліміне Сапақ, Шоқай, Батырбек датқалар кінәлі, өздері бірге келіссөзге бармады. Байзақты жалғыз жіберді деп жергілікті сенімді адамдар арқылы сыбыс тараттым. Бұл құпия әрекетім өз жемісін беріп жатыр. Қазір маған келіп жатқан астыртын мәліметтер бойынша, Байзақтың кейбір туыстары басқа датқалардың туыстарымен араз болуда. Бірақ бүл сыбысқа ру, тайпа ақсақалдары, халық сенбейтін көрінеді. Менің әрекетімнің ісі дейтін көрінеді. Датқалардың кезінде ұсақ-түйек араздасуы болғанымен, бір-бірлерін сатпайтындығына, өлімге қимайтынына ақсақалдар, халық сенімді.
«Байзақты қасындағы нөкерлерімен бірге тұтқындап, өлтірді» деген хабарды аман келген баласынан естіп, Шымкент бекінісін алуға аттандық. Жергілікті сарбаздарды, халықты Байзақтың өлімі үшін қоқандыцтардан кек алуға үгіттедім. Бекініске жақындап, әскери бекініс басшысынан бейбіт берілулерін талап еттім, олар жауап ретінде біздерге оқ атты. Мен бекіністі зеңбірекпен атқылауға бұйрық бердім. 2000 қырғыз-қайсақ сарбаздарын ұрысқа қостым, өзіміздің орыс солдаттарын ұрысқа жібергенім жоқ. Бекіністі 7 күннен соң алдық, қырғыз-қайсақ сарбаздарынан 300-дей сарбаз аман қалды. Бекініс ішіндегі халык, көп қырылған, санау мүмкін емес. Жинап, көмдірдім. Бейбіт халықтың көп қырылғанына біздер емес, қоқандық әскери басшылық пен датқалар кінәлі, бейбіт келісімге келмеген деп тағы да сыбыс тараттым. Қанша әдіс-айла жасағанымызбен, жергілікті халық «осы зорлық-зомбылықты, қырғынды кәпірлер, жатдінділер жасауда, бұлар мұсылмандардың қас жауы» деп түсінеді. Бізге сенбейді…(4)
Саясаткер Черняев: «2000 қырғыз-қайсақ сарбаздарын ұрысқа қостым, өзіміздің орыс солдаттарын ұрысқа жібергенім жоқ» деп жазады… «Қырғыз-қайсақ сарбаздарынан 300-дей сарбаз аман қалды» деп жазады.
Салдақы саясаттың құрбаны болған қыршын көкелерім-ай…
Сондықтан оңтүстік өңірдің көсемдері Шоқай, Сапақ, Батырбек датқалар арқылы әрекет етуіміз керек. Алдында Шоқай, Сапақ, тірі кезінде Байзақ датқаларға офицерлік атақтар, (майор) басқа да сый-сияпат жасадық, олар риза. Батырбек дапқа ол кезде бұл сыйлықтардан бірден бас тартты. Батырбек ақылды, көреген тұлға, бәрін ой таразысынан өткізіп, елінің Ресейдің қарамағына өткендігін уақыт өте өзі де түсінеді. Бірден болмаса да, біртіндеп мойындайды. Батырбек цазір 70~тен асқан, ары кетсе 10-15 жыл өмір сүрер, діндері, салт-дәстүрлері, мешіт-медреселері бұрынғыдай қалулары қажет, араласпауымыз керек. Иелігіндегі бар жерлерді мәңгілік өзіңіздің, ұрпақтарыңыздың иелігінде деп куәландіріп беруіміз керек. Барлык, мұсылман мемлекеттеріне барып келуіне еркіндік беруіміз керек, Мекке мен Мединеге де.
Батырбек датқаға басқа датқаларға қарағанда өзгеше сыйлық тартуымыз керек. Бәсекелес датқаларды араздастыру үшін. Мәртебелі соғыс министрі, сіз патша ағзамға менің өтінішімді жеткізіп, Батырбектің өзіне полковник шенін бергіздіріп, арнайы мундир тіккізіп, қылыш (есімі жазылған) жасаттырып жіберсеңіздер екен. Батырбек бұл атақтарды, сыйлықтыь бәрібір қабылдамайды. Бірақ халық арасына патша ағзам мен соғыс министрі Батырбекті ерекше еңбегі үшін осындай атақ сыйлықтармен марапаттады деп сөз таратамын. Бәрібір ол атақ пен сыйлықтар Батырбектің өзі қайтыс болған соң балаларының еншісінде болады ғой. Жергілікті халықтың көсемдеріне түрлі дәрежедегі атақтар мен сыйлықтар жасау арқылы араздастырып, біртіндеп өзімізге тәуелді етеміз…» (4) (Ана тілі газеті. 18 Тамыз, 2010).
Байзақ датқаны серіктерімен бірге зеңбірекке байлап қойып атқан Әлімқұлдың қылығын жас әміршінің кезекті қателіктерінің бірі ретінде қабылдау қажет пе деген сұраққа патша генералының соғыс министріне жазған осы хатының өзі-ақ жауап беріп тұрған жоқ па? Кәдімгі алдау, арбау. Түптеп келгенде, аса ауқымды саясат ойыны. Бес саусақ бірдей емес қой. Қоқан хандығының қолшоқпарлары болған датқаларға келсек, осыдан бірер жыл бұрын Батырбек датқаның ұрпақтары асын беріп, ғылыми конференция өткізгені белгілі.
Айтып-айтпай не керек, бәріне уақыттың өзі төреші ғой. Бұл енді басқа бір өзекті әңгіменің желісі.
Сахабалар мен сағаналар
1
Көзімді тырнап ашып, төсекте арлы-берлі аунақшып аз жатқан соң, орнымнан тұрып дәретханаға кірдім. Қолжуғыштың тұтқасын арлы-берлі қозғаймын келіп қозғаймын… мұздай-ау мұздай. Кеше түнде кезекшіден әрең деп сұрап алған шәй ысытатын тефальды қосып, жылы суға жуынып-шайынған соң далаға шықтым.
Рульде Әлібектің өзі отыр. Осы жолы жоқшы ретінде Сүткентте туған Әлібектен гөрі Түркістанның тумасы Мәди бауырдың қолайлы екенін ойлап, іштей қынжылып та қоям. Өйткені бүгінгі күннің жүгі ауыр. Бабтардың бабы Арыстанбабтың басына барып тәу етуіміз керек.
Әлде түтін, әлде тұманға бөккен Түркістанның қолтума… қолдан жасалған дегенім ғой… түйелері мен жылқыларын артқа тастап, шығысқа қарай тартып келеміз. Түркістаннан шыға бере кептеліске ұрындық. Қалың түйе, түйе болғанда кәдімгі бір түсті, бір өркеш аруаналар сирақтары сереңдеп, машина сигналына елеңдеп күре жолды жолды кесіп өтіп жатыр, өтіп жатыр. Кептеліс. Кәдімгі түйе кептеліс. Басыңа осындайда «әттеген-ай, дәл қазір менің орнымда экзотика іздеген шет елдік туристер болса ғой…» деген ой келеді екен.
Бұл туристік кластер дегенді қойсаңшы! Соңғы жылдары көршілес өзбек ағайындармен арада екі елге ортақ туристік кластер жобасы жүзеге асырыла бастағанын ойласам, ішім жылып қалады. Өйткені бізбен салыстырғанда Самарқан мен Хиуа, Ташкент пен Бұхарадағы тарихи жәдігерлердің күтімі де, жарнамасы жақсы. Менікі «күріштің арқасында күрмек су ішедінің» кері емес, қолда бардың қадірін білмей келген уақыттың олқысын толтырсақ деген ниет қой.
Шығыс пен Батыстың арасындағы сауда қатынасын былай қойғанда, сол туристер үшін салынып жатқан Батыс Қытай – Батыс Еуропа күретамыр тас жолы. Өзім ай сайын болмаса да тоқсан аралатып өтіп жүрген үйреншікті жол. Жол бойы тарихи ескерткіштерге толы. Алматыдан шыға Баласағұн мен Ақыртас, көне Тараз бен Түркістан, Отырар мен Сауран, Сығанақ пен Оқшы ата, Бестам, Ақмешіттен өткен соң Қорқыт ата мен Байқоңыр, Жетіасар, Сырлытам мен Шірік Рабат… Ең қызығы, осы ескерткіштердің бәрі Батыс пен Шығыстың арасын жалғап тұрған екі жарым мың шақырымдық күтімі жақсы күрежолдың бойында орналасқан. Таңертеңгілік асты Самақаннан, түскі асты Шымқаладан ішіп, кешқұрым Түркістанға жетіп жығылатын туристерді ойлаймын ғой баяғы…
Ал әзірге… Сол баяғы көне қорғандардың орнында қалған төбелер. Әне, артымызда Арыс-Түркістан каналының арнасы қалып барады. Одан ары – сексен алтының көктемінде дарияның төменгі ағысындағы елді қырып кете жаздаған Бөген су қоймасы. Мынау – Найманарық. Тоқсан тоғыздың көктемінде Темірлан мен Шәуілдірдің халқын топан судың астында қалдырған Найманарық. Арықтың жағасында Қажымұқан көкеме тұрғызылған кесене бар. Кешір, көке, келесі жолы соғамын, ал бүгін бабтардың бабы Арыстанбабқа жетуіміз керек…
Арыстанбабтың да төбесі көрінді. Өзіміз әдетте арлы-берлі өткенде жол жиегіне кідіріп, асығыс құран бағыштап өте шығатын Арыстанбаб… Жөн білетін бала ғой, Әлібек жол жиегінде асқақтап тұрған Арыстанбаб кесенесінен өтіп, жол шетінде қаңтарулы тұрған машиналардың арасына сыналап кіріп тоқтады.
– Дәрет алайық, аға…
– Таңертең алғанмын…
Әлібек құманын көтеріп дәретханаға кеткен соң, машина күзетіп қалған мен айналама қарамаймын ба. Қаптаған асхана. Қаптаған тойхана. Көк шатырлы, қызыл шатырлы еңселі үйлер. Жол шетінде көздері жылтырап бес-алты әйел отыр. Менің өздері жаққа қарайлай бергенімді байқаған сары қарын бәйбіше жаныма келді.
– Машина сіздікі ме?..
– Жоқ… ана баланікі…
– Алматыдан келесіздер ме?.. Мен де Алматыданмын… Тастақта тұрам…
– Мұнда… Мұнда неғып жүрсіз?..
– Тәу етіп жүрмін… Мұнда да үйім бар… Қона-жатып, қонақ болып кетіңіздер… – дейді жік-жапар болып.
Ара-арасында машинаның номеріне қарап қояды.
Дәретін алып тазаланған Әлібек келді жанымызға. Біз секілді шал-шауқанды қайтсін, байқаймын, жол шетінде көздері жылтырап отырған келіншектердің көзі Әлібекте. Ендеше, қона-жатып кететін жер бұл емес…
2
Темір қоршауды жағалап келіп, бас қақпаға кірдік. Кезекке тұрып билет алдық. Арыстанбаб кесенесіне апарар тротуар жолдың екі беті қаптаған сувенир-киоскілері. Сақина, моншақ, шашбау. Әр алуан машина брелоктары. Сақина-білезіктің неше атасын жайып тастаған жас жігіттің жанында кісі қарасы мол. Машина қадірін білетін Әлібек ақын бірнеше брелок сатып алып, біреуін маған берді. Алдым. Түркістанға барған соң: «Жолға шыққанда ата-баба аруағы қорғап-қоршап жүрсін» деп, бірнеше күннен бері табанынан тозып қызмет жасап жүрген Мәди бауырыма беремін. Өмірі машина жүргізіп көрмеген жазған басым, сақина, білезік, шолпы, шашбау жағын жағалаймын ғой баяғы.
Былғары баулы білезіктің бетінде бадырайып тұрған «Арыстанбаб» деген жазу көзге жылы ұшырады. Бірнеше дайын білезік сатып алған соң, бетіме қажетті жазуларды қолма-қол жазып беретін киоскіге келдім. Оп-оңай. Өзің жақсы көретін адамның атын атайсың. Айтқан есімді компьютерге салған соң, білезіктің бетіне көшіреді. Осындай білезікті өзімді осы жолсапарға жақсы тілекпен шығарып салған Жазушылар одағындағы аруаққа сенетін ақын арулардың бірінің қолына әспеттеп тақсам ғой…
Кесенеге келдік. Ана бір жылдары айналасының шаңы шығып кесененің күтімі тәуір. Айналасы қарақұрым адам. Кесененің кірер аузында келген-кеткен кісілерге құрдай жорғалап қызмет етіп жүрген шырақшылардың саны едәуір. Әдетте Түркістанға, Түркістандағы Әзірет Сұлтанға тәу ете келген адам алдымен Арыстанбабтың басына соғуы шарт. Өйткені Арыстанбаб Қожа Ахмет Яссауиден де, тіптен соңғы пайғамбар Ғалейкім Саламнан да үлкен. Дін-исламның жолы мен жөнін білетін ғұлама шайхы емеспін ғой, жас жағынан үлкен екенін айтып отырмын. Жасы үлкенін сыйлайтын қазақ ата баласымыз ғой.
Алдымен кесененің алдындағы тас құдықтан су іштік, тәу етіп жүрген қариялармен суретке түстік. Кесенеге кіріп құран бағыштап, садақа мезіретін жасаған соң, астында әулиенің қасиетті мәйіті жатқан сағананың жанындағы орындыққа жайғасып отырып, ойға батамын ғой баяғы…
Жарықтық Арыстанбаб бабаның пайғамбар емесін білемін, әрине. Тіптен сахаба да емес. Санаулы пайғамбарларды қайдам, жүз жиырма төрт мың сахабаның қай-қайсынан да жолы да, жасы да үлкен екенін де білем. «Сайрамда бар сансыз баб… Түркістанда түмен баб… Бабтардың бабы – Арыстанбаб…» дегенді бала күннен құлаққа құйып өскен елдің ұрпағымыз. Иә, иә, «Арыстанбабтың Қожа Ахмет Яссауиден жолы үлкен» дегенде естіп өскен елдің баласымыз.
Арыстанбаб… Алла тағаланың қалауымен Жәбірейіл пайғамбар Мұхаммед Ғалейкім Саламның жүрегіне ұялатқан Құран-кәрімның қасиетті сөздері жерге түспей тұрып дүниеге келген феномен… иә, иә, феномен… Осыны өзімнің мұғжизашы ақын ағам, Арыстанбаб бабамен аян арқылы байланысып тұратын аяншы Бақтыбай ағама айтқанымда: «Арыстанбабтың рухы жеті рет жер бетіне келген… Соңғы рет Хиросимада атом бомбасы жарылғанда келді» деген болатын. «Бабаның рухы адамдарға Құран-кәрімнің келетінін сезуі мүмкін бе?..» деп сұраймын. «Негізгі кітап неге ол жерде тұрады?.. Құранды Алла тағала неге Лаухул Махфузда сақтайды. Адамдар құранды өртеп, дінді кетіріп тастаса да, сол қалпы жібере алады қайтадан… Өзгереді бәрі, ал Құран өзгермейді… Лаухул Махфузда Құран өлмейді ғой. Дін – бұл соңғы да, бірінші де дін. Бұл дін жойылмайтын дін болғандықтан, бұл кітап Лаухул Махфузда сақталады. Өте биік дәрежеде тазалықта сақталып жеткізілген деген сөз. Алла өз сөзін тек қана Лаухул Махфуз арқылы жібереді сендерге…» деген еді аяншы ақын. «Сонда Арыстанбаб баба Лаухул Махфузден хабардар болған ғой. Әлде, тікелей Алламен сөйлесті ме екен?..» «Тікелей Алламен сөйлесу деген не?» «Аян… Мен, Аян. мен… Менен бұрын Аллаға менің рухым жылап барып жүр…» (1)
Міне, солай. Өз басым аяншы да, шайхы да, тіптен машайық та емеспін. Ал қажылыққа алты рет барған, төбесінде тесігі, жүрегінде иманы бар Бақтыбай ағам бірдеңе біледі.
Дін-исламда «пірге қол беру» деген ұғым бар. Ақсақ Темірдің пірі жарықтық Қожа Ахмет болса, Қожа Ахметтің пірі Әбу Ханифа деседі. Ал Әбу Ханифаның пірі… Осыдан Алматыға барған соң, өзім бала күннен бауырында келе жатқан Бақтыбай ағама қол бере салсам қайтеді деп ойлаймын ғой баяғы…
Әлібек ақынның пірі Құрбан атаның кесенесіне кіріп, құран бағыштадық. Жанында сырт келбеті Құрбан ата кесенесіне келіңкірейтін, одан сәл шағындау тағы бір кесене тұр. Су жаңа болмағанмен, жақын арада тұрғызылғаны байқалады. Өзімнің «Өзаға» атанған Өзбекәлі ағамның кесенесі. Алматы атқару комитетінде жүргенде Алматының айналасын кесенелер мен мұражайларға толтырып тастайтын Өзбекәлі Жәнібеков. Кіре берістегі көрсеткіш тақтаға өмірбаянын тізіп жазыпты. «Қоғам қайраткері…» «Мемлекет қайраткері…» Сосын… «Жоғары білімді…» Иә, жоғары білімді. Діни мәртебе бойынша Көкілташ медресесін бітірген адам жоғары білімды болып есептеледі. Көкілташта өзбектің классик жазушысы Садриддин Айни мен өзіміздің Тұрмағамбет ақын оқыған. Жоғары партия мектебінде оқыған, Мәскеуге, орысқа бағынып тұрған заманда қазақтың ұлттық қолөнері мен ұлттық ою-өрнектерін жарыққа шығаруға бел шешіп кіріскен ағамыз да жоғары білімді.
Өз үйімізге келгендей «Өзаға» сағанасының жанындағы су жаңа көрпеше төсекке құйрық басып, малдасты құрып отырмыз. Кесене ішінің безіндірілуі ұғымтал ойдан, ұсынықты қолдан шыққаны байқалып-ақ тұр. Қазақы ой-өрнектермен көмкерілген көрпеше төсек, құрақ жастық. Сырт жағымызда ұядай ғана демалыс бөлмесі. Ұйып қалған аяқты созып жіберіпғ шалқалай жатып ойға батамын ғой баяғы.
Өз өмірін қазақтың ұлттық құндылықтарына арнаған ағамызға деген өкпем де жоқ емес. Сексенінші жылдары Қожа Ахмет Яссауи кесененсіне жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде қорған ішіндегі біраз мәйіттердің сүйегі трактормен сүріліп, төбе бесындағы Күлтөбеге шығып қалғанын ойлаймын. Сол кезде кесене маңы – ұлт ардақтыларының пантеоны, ал Өзағам болса сол жылдары мәдениет министрі болып қызмет жасайтын еді-ау…
Далаға шықтық. Айналамыз қаптаған құлпытас. Иә, Арыстанбаб қорымы да пантеон. Ардақтыларын Яссауи кесенесінің басына жерлеу үшін жүздеген, мыңдаған шақырым жол жүріп жеткен аталарымыз дүние-мүлкін аяп қалмағанынан хабардармын. Ал мына Арыстанбаб қорымына жамбас тигізудің қандай шарттары барын білгім келеді.
Не біліп жатырмыз!..
Қалай дегенде де өзінің Құрбан атасы мен Арыстанбаб бабасының жанынан мәңгілік орын тепкен Өзбекәлі ағамның да бір білгені бар шығар…
Ер Қоян сахаба
Таң ата Әлібек пен Мәди келді.
– Тапсырма бар ма, аға? – дейді Мәди бауыр. – Бүгінгі жоспар қалай?
– Иқанға… Иқанға барсақ қайтеді?..
– Иқанды айналдырып алдыңыз ғой, аға…
– Иқан болғанда, соғыс орны емес, Жүсіп атаның басына барсақ деп едім…
– Үкашаның жолы үлкен ғой, аға…
Жол. Тағы да жол. Әр әулиенің өз орны, өз мәртебесі бар. Ендеше Түркістан жәдігерлерінің ішінде ең шалғайда орналасқан Қаратаудың етегіндегі Үкаша қорымына жол тартамыз.
Қаратау маңындағы әулиелі орындардың ішінде Үкаша сахабаның жарнамасы жақсы. Шалғайда болса да қысы-жазы адам аяғы арылмайды. Менің білуімше, мұның екі себебі бар. Бірінші себеп – Үкаша әулие мүміндер тарапынан мойындалған жүз жиырма төрт мың сахабаның ішінде соңғы пайғамбардың көзі тірісінде ғұмыр кешкен, аты шариғатта та, тарихатта да айтылатын санаулы сахабалардың бірі болса, екінші себеп – әулиенің басындағы адамдарды магниттей тартқан әйгілі құдық.
Күтімі жақсы асфальт жол биікке қарай бастады да, көп ұзамай туу алыстан қарауытқан Қаратау жоталары менмұндалады. Кезекті жотаға көтерілген соң сол жағымыздан күн сәулесіне малынған еңселі әсем кесене-ғимарат жарқ ете түскен.
– Ер Қоян… – деді рульде келе жатқан Мәди бауырым. – Үкашаға тәу етпес бұрын Ер Қоян әулиенің басына барып мінәжат ету керек…
Қараймын келіп, қараймын. Бұрындары өзім талай рет өткен мына жол таныс. Ал қызыл кірпіштен тұрғызылған су жаңа кесене ше?.. Кесенеден биіктеу жерде жападан жалғыз шошайған шағын үй, одан әріректе шағын мешіт тұр.
Сол шағын үйден тысқа шығып, біз жаққа алақанын күнқағарына апарып бір сәт қарап қалған қария жанымызға келді. Мына әулиелі орынның шырақшысы. Бір қарағаннан түр-түсі өзіме таныс секілді көрінген қарияны алға салып кесененің ішіне ендік. Салт бойынша ақ матамен жабылған ұзынша сағананы алақанмен сипап мінәжат еттік, қария құран оқыды, дәстүр бойынша сағана басындағы ақжаймаға садақа тастадық. Осы арада мына қарияны бір жерден көрдім-ау деген ой мыйымнан кетсе-ші. Ендеше, әңгімеге тартып көрсем қайтеді.
– Ақсақал, мен көрген сағаналардың ұзына көлемі әр түрлі… – деймін кесененің ұзына бойына көлбей түсіп жатқан сағананы көрсетіп.
– Жаулары Ер Қоянды таң намазын оқып тұрған кезінде абайсызда арт жағынан келіп бауыздаған. Басын кесіп жатқан кезде шапшып аққан қан мына төменге қарай құлдиламай ма… Әу баста әулиені жерлеуге келгендер сол қасиетті қанның үстін топырақпен жауып, айналасын таспен қалаған. Ал сағана сол тас қоршаудың орнына тұрғызылған….
Е, бәсе, дауыс таныс. Ә дегеннен көзіме жылы ұшыраған қарияны далаға, күн көзіне шыққан соң ғана жыға таниын. Ана бір жылдары Бетпақдаладан қайтар жолда Үкаша құдығының басында өзім теледидарға түсірген шырақшы жігіт. Аты-жөнін есіме түсіре алмай тұрғаным… Амангелді екен. Өзінің де мені шырамытып тұрғанын айтып қауқылдап қалды. Сол сол екен әңгімеміз жарасып жүре берсін. Төмендегі Серт ауылында тұратын Амангелді қария соңғы жылдары осы Ер Қоянның басын қарайды. Ана жалғыз үй де, есік алдындағы машина да өзінікі. Машинамен ауылға барып азық-түлік әкеледі. Мына ғимарат та, ана мешіт те кейінгі жылдары салынған.
Үкашамен салыстырғанда Ер Қоян сахабаның статусы, яғни мәртебесі төмендеу екенін білем ғой. Осыны айтқанымда, Амангелдінің қабағына кірбің ұялағанын сезем.
– Төмен деп кім айтты?.. Біле білсең, Ер Қоян Үкаша атаның ең сенімді серігі болған… Қапияда қаза тапқан Үкаша сахабаны жерлеп, жаназасын шығарған да сол. Артынан өзі де жау қолынан мерт болған Ер Қоянның денесін жолдасы Құттықожа сахаба осы жерге, яғни Үкаша құдығының түстік жағындағы мына тегістікке серіктерімен қоса жерлеп, үстін таспен қалаған. Үкаша сахабаның көзі тірісінде оны іздеп келушілер алдымен Ер Қоянға жолығып, алдынан өтіп, соның ризашылығынан соң ғана сахабаның алдына барады екен…
– Оққағары десейші…
– Оққағары емес, пірі болған… Ал Ер Қоянның пірі Құттықожа әулие…
Иә, солай. Үкашаны Ер Қоян жерлейді. Ер Қоянды Құттықожа сахаба жерлейді. Артыңда іздеушің болғанға не жетсін!
Бала күнде өзіміз басына талай барған Құттықожа әулие өзіміздің Жаңақорғанда жатыр. Сахабаны кәпірлер ұстап алып, денесін шауып, бөлшектеп қорлаған деседі. Тағы да бас… Тағы да денесін басынан бөліп, бөлшектеу… Жетінші ғасырда да, жиырмасыншы ғасырда да осылай болған. Жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылы Кейкі батырдың денесін кетпенмен шауып бөлшектеп, басын орыстарға сыйға тартқан. Қайдан келген, қалай келген дәстүр?..
«Қызыл әулие» атанған Құттықожа жарықтықтың бір аяғы Жайылмада жерленген. Қалған денесі Өгіз мүйіс тауы етегіндегі қазіргі Құттықожа ауылының солтүстік-шығысындағы бұлақ басында. Бала күнімізде жан-жағын таспен бастырған ұзынша топырақ үйіндісіне қарап « мұндай да алып адам болады екен-ау деп таң қалушы едік. Басына кесене көтеріліп, сағана тұрғызылғаны кейіннен ғой.
Иә, ештен кеш жақсы, артыңда іздеушің болғанға не жетсін!..
Амангелді ақсақал айтады:
«…Кәпірлер Ер Қоян сахабаны бірнеше серіктерімен бірге ұстап алып:
–Құбыла қайда? – деп сұрайды. Олар:
– Құбыла мына жақта… – деп, батысты көрсетеді. Ашуланған кәпірлер:
– Құбыла батыста емес, шығыста десеңдер, аман қаласыңдар, – деп мазақтайды.
– Жоқ, бұл жерден қарағанда құбыла еш уақытта шығыста болған емес… Құбыла – батыста, міне, мына тұста… – деп, барлығы батысты көрсетеді.
– Ендеше бастарыңды біздің құбыламызға қаратып шабамыз – деп, ерегіскен кәпірлер Ер Қоян мен серіктерінің басын шығысқа қаратып шабады. Шабылған жансыз бастар бірінен соң бірі құбыла жаққа, батысқа қарап аунап түседі. Сонда жау әскерлері бұл кереметке таң қалып, мына жанды-жансыз бастардан қорыққаны соншалық алды-артына қарамай қашқан екен. Бұл қайғылы хабарды есіткен Құттыкожа сахаба жасағымен келіп, Ер Қоян мен оның серіктерінің денесін тау етегіндегі мына тегістікке жерлейді. (4)
Шабылған бастар… Жәй бастар емес, денесінен бөлінген соң да ақыл-есінен айрылмаған бастар… Батыстағы христиандар дін жолында өз жақынын отқа өртеп, дарға асыпты. Азиядағы мұсылмандар өз жақынын қазыққа отырғызып, ат құйрығына байлапты. Қыпшақ Әлімқұл көкем өз жақыны Байзақ датқаны зеңбіректің аузына байлап атыпты… Адам өлтірудің осындай мың сан тәсілін біле тұра адамның басын денесінен бөлшектеу дәстүрі қайдан келді?..
Өз заманында жарты әлемді билеген дін-ислам әлемінің тас-талқанын шығарған, өзі де мұсылман Ақсақ Темірдің діндестерінің бастарын денесінен бөліп… бір жерге үйіп… зәулім пирамида тұрғызуына не себеп?.. Жетішәрде мұсылман туыстардың бастарын шауып, қала қорғанына іліп қойған, өзі де соңғы пайғамбар ұрпағы Уәлихан қожаның не білгені бар?.. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының басын кесіп кәпірге берген туысты, Кейкі батырдың басын денесінен бөліп кәпірлерге сыйға тартқан ағайынды қайтеміз?..
Апырмай-ау, деймін ғой, осының бәрі дін жолында… «Алла – біреу, Мұхаммед – оның Елшісі» екенін білетін ағайынның қолымен жасалса қайтеміз?!.
Үкаша сахаба
Жолайрыққа келдік. Бір жол – Үкаша сахабаның құдығына, екінші жол – әулиенің денесі жатқан сағанаға апарады. Құдықта – басы, яғни мыйы мен ақылы, сағанада – денесі, яғни жүрегі жатыр деседі. Мұсылмандық шартына қатысты алауыздықтың негізі: ақылдың ұясы – Бас бірінші ме, иманның ұясы – Жүрек бірінші ме деген сұрақтан бастау алатынын білем. Маған салса екеуі де бірінші, бірақ әулиенің басы жатқан құдық басында бұрын да болғандықтан, бұл жолы денесі жатқан сағанадан бастауды жөн көріп тұрмын.
Әулиенің басына тұрғызылған кесенеге апарар жол бойындағы ашық алаңқайдағы орындыққа жайғасып, темекіні бұрқыратып отырмын. Салт-дәстүр бойынша қолдарына құман ұстаған екі серігім арнайы орынға барып дәрет алған соң жаныма келді.
– Сіз ше, аға?.. – деді Әлібек бауырым бетіме қарап.
– Таңертең дәрет алып шыққанмын…
Күніне бес уақыт дәрет алу керек екенін білемін. Бес уақыт дәрет алып, бес уақыт намазға жығыла алмай жүрген мен секілді бейбаққа жұмақтың есігі тарс жабық шығар-ау. Жаратқан алланың кеңшілігі мол дейді ғой, ей, Раббым, өзің кешір!
Ағаш арасындағы жалғызая қ тас жолды қуалай қабырғанаға беттеп келміз. Қаптаған құлпытас. Қаптаған төбешік. Әулие кесенесінің маңына жерленгендер саны әжептеуір. Кәдімгі шағын пантеон. Ақтық сапарға аттанған соң, жатын жерінің жайлы, топырағының торқадай жұмсақ болғанын кім жек көрсін. Ал жан денеден бөлініп көкке ұшқан соң, адам денесі қайтадан топыраққа айналатынын қайттік?.. Апырмай-ай, деймін ғой, осындайда астанадағы жаңа пантеонға жерленетін ардақтылардың мстатус-мәртебесін белгілей алмай бас қатырған депутат бауырлар еріксізеске түседі екен…
Кесенеге кірдік. Шырақшы бауыр құран оқыды. Тиесілі садақамызды беріп борышымыздан құтылған соң, сағананың ақшыл матасын сипалап, тәу еттік. Бәрі де діни салт бойынша, діни дәстүр бойынша. Осындайда «өлі ырза болмай, тірі байымайды» дегенді айтқан да қазақ атам баласы екені еске түседі.
Үсты аппақ матамен әспеттеп жабылған ұзын сағана. Көл болып аққан қанның үстіне тұрғызылған белгі. Мен көрген сағаналардың ішіндегі ең үлкені Үкаша сахабанікі болар. Ұзындығы жиырма екі метрден асады деседі. Демек, жарықтықтың сахабалар ішіндегі статус-мәртебесі солай болғаны.
Соңғы пайғамбардың көзін көрген, сенімді серігі болған Үкаша сахаба. Үкаша дүниеге келмей тұрып атасына аян түсіпті. «Көп ұзамай дүниеге жаңа пайғамбар келеді, менің ең үлкен арманым, сол Расул Аллаһты көріп, қасиетті нұрына бөлене алмай бара жатқаным… Соңғы пайғамбардың келгенін көрген көзі тірі бақытты ұрпағымның Аллаһтың құлы ретінде Жаратқанның жердігі елшісіне ақ-адал қызмет еткенін қалаймын» деп жазып кетіпті… Күндердің күнінде Мұхамед ғалейкум саламның алдына ерекше жаратылған жас жігіт келеді. Қойнынан шығарып тұт ағашынан жасалған орама қағаз ұсынады. Ораманы жазып, хатты оқыған кезде хаттағы «Соңғы пайғамбардың екі жаурынында айналасына нұр шашып тұратын екі мөрі болады. Бірінде «Ләйлә-һа илла-Алла», екіншісінде «Мұхамед Расул-Алла» деген жазу болады» дегенді естігендер көз жастарына ерік беріп, еңіреп жылай берген деседі. Сол күннен бастап, ерекше жаратылған Үкаша соңғы пайғамбардың ақ-адал серігіне, ең сенімді оққағарына, әскербасына айналады. Жарты әлемге билік жүргізіп тұрған Дешті-қыпшақ даласын жаулап алуға жіберілген әскердің бас қолбасшысы болады.
Денесіне атса – оқ, шапса – қылыш өтпейтін батырдың ең әлсіз тұсы таң намазының кезі екенін біліп алған дұшпандар таңалакеуімде келіп… Бар зейіні құранда, ынты-зары құбыла жақта тұрған сахабаның артынан жасырынып келіп… басын кесіп жіберіпті. О, тоба, жарықтық әулиенің жерге домалап түскен басы батыс бетке, яғни құбылаға қарай қаша жөнелсе керек. Екі қырқадан аса бергенде қара жер қақ айрылып, құдық пайда болады. Домалап келген бас сол құдыққа түсіп жоғалып кетеді… Соңынан құдыққа түскендер жер астында құбылаға қарай ағып жатқан арна суды көреді…
Бас… Тағы да бас. Бұдан арғы әңгімені көпшілік жақсы білсе керек. Құдыққа түскен бас жер астымен Меккеден барып бір-ақ шығады. Сол жақта арулап жерленеді. Бүгінде Мекке жақта Үкаша сахабаның бейіті бар екенінен де хабардармын. Ал құдық… Келген-кеткен адам бас түскен құдыққа тәу етеді. Саумалап арқан тастайды. Күнәсіз болсаң – шелегің толып шығады. Ал біз секілді күнәкар пенделердің…
Мана бір әлде бұл құбылыстың жәйін Амангелді құрдастан сұрап алғанмын. «Ана бір жылы құдықты күні бойы тазаладық. Сізге өтірік, маған шын, ішінен бес жүзден астам шелек шықты…» деген еді ол. «Шелекке судың әр түрлі ілінетін себебін білмейсіз бе?..» «Қайдан білейін… Бәрі де Жаратқанның қолында ғой… Кейбір білетін қулардан құдыққа саумалап түсірген шелек ортан белге жеткенде жіпті құдықтың қабырғасына қарай шайқап жіберсе, шелек құдықтың түбіне аунап түседі дегенді естиміз. Аунап түскен ыдысқа судың молырақ ілінетіні рас та болар…»
Оңтүстікке қарай сұғынып тұрған тау қырқасын кесіп өтіп ашық алаңқайға келдік. Алаңқайда қаңтарылып тұрған көлік көп. Бұрындары келгенімді тау басындағы құдыққа апарар жалғызаяқ сүрлеу жолмен көтерілгенім есімде. Енді сол сүрлеуді қуалай төселген тақтай жолмен жоғарыға көтеріле бердік. Қанша дегенмен тау етегі емес пе, ауада дымқыл сыз бар. Күн аязына қарамай құдық басы ығы-жығы адам. Бастырманың астында кезек тосып отырғандардың өңінен қобалжу байқалады. О, тоба; әйелінің немесе күйеуінің алдында тастаған шелегі бос шығып жатса… қобалжымай қайтсін-ай… Жаратқан өзі кешірсін, бұл пәниде күнәкар емес пенде жоқ… менің де жүрегім суылдайды. Бізге қарағанда еркіндеу жүретін сезімнің адамы, Әлібек ақын келген беттен қырқа басына өрмелеп кеткен, енді сонау биіктен Бетпақдалаға көз салып тұр.
Қаратаудың қырқасына көтерілсең, қарсы алдыңда шетсіз-шексіз көсіліп Бетпақдала жатады. Қазақ елінің ең үлкен пантеонына айналып кеткен Бетпақдала. Осы жерде Қаратаудың биігімен көш жолы өткен. Сол көш жолын қуалай шығысқа қарай жүре берсең, алдыңнан Баба Түкті Шашты Әзіз бабаның кесенесіне, батысқа қарай жүре берсең, Құттықожа сахабаның кесенесіне жетесің… Қазақ жеріне дінді қылыштың жүзімен емес, рухтың күшімен әкелген қасиетті әулие, сахабалар…
Жанымызға құдықтың шырақшысы Серік аттасым келіп сәлем берді. Келім-кетім кісінің көбі өзіміздің Ұзынағаштан шыққан әулие, қапияда қаза болған Қыдырәлі балдыздың жолын ұстайтындар екенін айтып жатыр. Кәдімгі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Ата жолы» салтын ұстанып, жанына «аққаулары» мен «сұңқарларын» ертіп киелі қазақ жерін шыр айналған аяншы Қыдырәлі… Менің «Сол кездері Қыдырәліні туризм министрі етіп тағайындай салу керек еді» деген сөзіме «менеджер ғой, менеджер» деп бас шұлғыды.
Кезегіміз де жетті-ау. Кіре берістегі орындыққа жайласып отырып, құдыққа шелек салғандардың бетіне жәутеңдей қараймын. Әзірге шелегі бос шыққан адам жоқ. Ал шыққан суды азсынғандар құдықтың аузын күзеткен әскери киімді жас жігітке садақа ұсынады. Біздің келісімізден хабардар болса да өзі білсін, жас жігітім мен жаққа бір, садақа ұсынған келіншекке бір қарап қойып отыр. Ендеше міндеттен тезірек құтылып, мына балаға бостандық беру керек болар. Шелек байланған қауғаға бірінші болып қол созған Мәди бауырым болды. Құдықтан шыққан жарты шелек суға мәз болып, пластмасса ыдысқы құйып жатқан кезде теріс айналып кетейін. Ойымнан жолшыбай Амангелді құрдас айтқан әңгіме шықса-шы…
Төмендегі Серт ауылынан құдыққа екі жігіт келіпті. Өздері ішіп алса керек, жіппен саумалап құдыққа түседі де, қайта шыға алмай қалады. Ауылдастары ертеңіне спелеологтар шақырып, сүйектерін алып шығыпты. Құдықтың бір шетінде үй орнындай су айдыны, бір шетінде үлкен үңгір бар екен. Жігіттердің сүйегі сол үңгірдің ішінен табылыпты. Мына әңгімеден кейін адам сүйегі табылған құдықтың суын ішіп көріңіз…
Мен білетін Қаратауда мұндай құдықтар мен үңгірлер көп. Жастау күнімізде тау жаққа бара қалсақ, сондай құдықтардың басын айалдыратын едік. Үлкендердің «ішінде ат басындай алтын бар» деген сөзіне елігіп, тас қараңғы құдықтың түбіне үңілеміз келіп, үңілеміз ғой. «Алтынды үйірлі жылан күзетіп жатыр» деген сөзден кейін жүрегі түскір…
– Ата, сіздің кезегіңіз… – дейді сары қарын бәйбіше.
«Ата, қайдағы ата!»
Аяғы түскір ұйып қалыпты. Ақсаңдай басып құдыққа барайын. «Біссіміллә» деп қойып шелек тастайын. Бірер кесе ғана демесең, шелегім бос шықпады әйтеуір. Шүкір… Шүкір… Үйде келіндер бар дегендей, бұл жерде Мәди мен Әлібектің несібесіне бұйырған судың мөлшерін айтып жатпаймын…
Серік құрдаспен қимай қоштастық. «Келіп… келіп тұрыңыздар… Көктемге қарай келсеңіздер, шелек суға толып шығады…» деді құрақ ұшып.
Күнәкар емес пенде жоқ, әрине, шелек суға толатын көктемге қарай келемін. Оның үстіне… «Сұйық өзіне түскен қысымды жан-жаққа өзгертпей жеткізеді» деп айтылатын Паскаль заңын да білем ғой…
Қыстың қысқа күні таудан асқаны сол; тау баурайының көлеңкесі қоюланып, айналаны қараңғылық торлады. Жол бойы манағы бір қоңылтақсу сезімінен арыла алсам-шы. Қол созым жердегі Жылаған атаның үңгіріне жете алмай қайтқанымды ойласам… «Жылаған ата» үңгірі қазақ жеріндегі өзім табанымнан тозып іздеп жүрген «ғажайып тұнған жердің» бірегейі. Иә, өзіміз секілді күнәкарлар жанына келгенде сарқырап ағып жатқан бұлағының суы сап тиылатын жәдігер…
«Жылаған ата» үңгірінің де құпиясы сол баяғы Паскаль заңына барып тірелетінін, оның үстіне осындай ғажайып үңгірлер жайлы өзім секілді қазақ жерінен құпия іздеп жүрген Сапарбай Парманұл бауырдың жазып қойғанын ойлап жұбатамын өзімді.
Жүсіп ата сахаба
1
Бүгін тағы да Иқанға, Иқандағы Жүсіп атаның басына жол тарттық. Алдымен өзімізге тонның ішкі бауындай болып қалған Айнидин ақсақалдың үйіне соқтық. Жолшыбай Жүсіп ата жайлы әңгіменің ұштығын шығарамын ғой баяғы.
– Менің діни сауатым онша емес қой… – деді ақсақал. – Бұл жағына келгенде ана Ирисул Аббазов болмаса…
Қас пен көздің арасында Ирисулы түскірді қайдан ғана табайын, өзім де көзім де үйреніп қалған Айнидинге құлақ түремін.
– Ирисулдың айтуына қарағанда, Абдулла Шуури есімді жігіт Бағдаттан Қожа Ахмет Иасауидің шәкірт болу мақсатында Иасы қаласына келеді. Шежіре бойынша, Абдулла Шуури ата жағынан Әзіреті Омардың, ана жағынан Әзіреті Әлидің ұрпағы екен. Көп ұзамай Қожа Ахмет Иасауидің туған қарындасы Бибі Хусройға үйленеді. Арадан бір жыл өтіп, ұл бала туылады, атын Жүсіп деп кояды. Жүсіп нағашысы Иасауиден тағылым алып, әулиенің шәкірті болады. Жүсіптің зеректігі мен бойындағы қасиетін таныған Ахмет Иасауи оны өзінің қамкорлығына алады – дейді Айнидин ақсақал.
Иә, «қамқорлығына алады» дейді. Бір қарағанда «өз туысын қамқорлығына алмағанда қайтсін-ай» деп ойлайсың ғой баяғы… Тек… қаймана қазаққа мына әңгіменің түп-тамырын танудың қиындау екенін түсінемін. Абдулла Шуури ата жағынан Әзіреті Омардың, ана жағынан Әзіреті Әлидің ұрпағы екен. Ал Әзіреті Әлі соңғы пайғамбардың туған күйеу баласы. Сол Абдолла көп ұзамай Әзіреті Сұлтанның туған қарындасына үйленеді. Мұхамед Ғалейкум Салам өзінің немере ағасы Әбубәкір жарықтықтың қызына үйленеді… Сонда Абдолла Шуури дін-мұсылман әлеміндегі екінші халиф Әбубәкірдің де күйеу баласы болып шықпай ма?..
Не болып кетті өзі?..
Машинамызды қақпа аузына қалдырып, атшаптырым жерді алып жатқан қабірстанның орта тұсында дөңкиіп тұрған кесенеге жаяулап бардық. Жолшыбай қабірстан ішіндегі бейіттерге назар салып келемін. Бейіт атаулы ескі. Арыстанбабпен, Әзіреті Сұлтанмен салыстырғанда, мұнда кесене-мазар атымен жоқ. Анда-мұнда шошайған құлпытастардың өзі ескі. Апырмай-ай деймін ғой, Алматы мен Астананың халқы Ұлттық пантеон немесе Кеңсай түгілі, қала маңындағы үлкенді-кішілі қорымдардан орын ала алмай сабылып жүргенде, жақын-жұрағатымызды қасиетті Әзірет Сұлтан болмаса да, сол әулиенің жанындағы қасиетті Жүсіп атаның жанына әкеліп жерлей бермейміз ме деп ойлаймын ғой баяғы…
Осындайда ойға түседі, менің атам (әкем) мың тоғыз жүз елу сегізінші жылы қайтыс болып, өзінің өсиеті бойынша ауылдың жанындағы көне қорған Сунақ ата-Сығанақтың төбесіне жерленеді. Бейітті қазып жатқанда жер астынан көне көзе мен құмыра шығыпты. Арада екі жыл өткенде кешегі, бүгінгі қазақ жеріндегі ең үлкен мемлекеттік құрылым болған Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақ қаласының қорған-үйінділеріне арнайы төлқұжат беріліп, мемлекет қарамағына алынады, бұдан ары жерлеу жұмыстарына тиым салынады. Сол Сығанақтың басында менің атамның ғана емес, жүздеген туыстарымның да мәйіті жатыр. Мен де жерінің шекарасын кесене-мазар тұрғызып белгілейтін қазақ ата баласымын ғой, күні кеше өмір сүрген хандары мен батыр-бағландарының бейітін іздеп сенделіп жүргенін туыстарымды түсіне алмаймын.
Қорым… Қорымхана… Мақұл дүниеде сайқал саясаттың ауанымен ғұмыр кешкен адамдар бақұл дүниеге аттанған соң да сол саясаттың аясынан шыға алмағаны өкінішті, әрине. Жұмаққа бару мен тамұққа бару бір мәртебе болса, күні кешеге дейін мына дүниедегі дәрежесі биік төрелер мен қожалар өз қорымханаларын қаралардан қорғаштап ұстады. Кеше деймін ау, осы жақын арада Алматының жанындағы қорымына жерленген отандасының мәйітін қайта қазып алуды талап еткен ағайынның не білгені бар?.. Мәртебе… Иә, мәртебе…
Жүсіп атаның кесенесінің де өз мәртебесі бар. Қожа Ахмет Яссауи ғимаратынан гөрі Арыстанбаб кесенесіне ұқсайды. Кәдімгі кішірейтілген көшірме. Қаптама кірпіштерінің оңа бастаған бояуына қарағанда, құрылыс екі кезеңде тұрғызылған.
– Мына ауызғы бөлме бұрындары төбесі ашық намазхана болыпты. Кейіннен төбесін жауып, үстіне күмбез орнатқан ғой… – дейді Айнидин ақсақал. – Кісі жерлеу рәсімі кезінде намаз қазір де осы жерде оқылады…
Намазхананы кесіп өтіп қабірхана бөлмесіне ендік. Ұзынша бөлмесінің ішінде қаз-қатар жатқан сағаналардың ұзын саны сегіз.
– Бұлардың кімдікі екенін айта аласыз ба?
– Мынау – Жүсіп атанікі… Ал қалғандарын білмедім.
Жүсіп ата жайлы деректерді қарап шыққаным бар. Қабірхана бөлмесінде он кісінің қабірі бар делінетін, қазіргі менің көріп тұрғаным сегіз қабір ғана. Жүсіп ата кесенесіне ата-бабасынан шырақшы болып келе жатқан Ишанов Сабыриддин: «Әкемнің айтуынша, олар мына кісілердікі: сол жақтан біріншісі – Сабыр ата, екіншісі – Құрбан ата, үшіншісі – Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), төртіншісі – Жүсіп атаның өзінікі, бесіншісі – Ибраһим ата, алтыншысы – Әбдіжалил ата, жетіншісі – Асан ата, сегізіншісі – Әбді Әзіз ата» деп анықтама берсе, тағы бір деректе «Жүсіп атадан басқасы сенімсіз» дейді. Қалай болғанда да бұл адамдардың Жүсіп атаның не ұрпақтары, не шәкірттері екендігі анық.
Түркістандық Сайдалым Жолдас Нұршиддиннің отбасылық мұрағатында сақталған көне құжаттардың арасынан Жүсіп ата туралы деректер табылған. Оның басқа дерек көздерінен ерекшелігі, мұнда Әзіреті Иасауи Түркістанның әкімі ретінде сипатталады. Заты асыл, батасы қабыл Жүсіп ата Иқан ауылына мутасадди етіп жіберіледі. Иқан халқы сол кездері бағбаншылықта, әсіресе жүзім өсіруде үлкен тәжірибеге ие еді. Әзіреті Иасауи ауылға конақ болып келгенде, оны Жүсіп ата үлкен жолдың бойында он екі түрлі (бір деректе қырық түрлі) жүзіммен күтіп алады. Сонда Әзіреті Иасауи бата беріп, дән риза болып, осы жүзім түрлерін Иасы каласында да өсіріп беруді өтініпті. Жүсіп ата әулиелік дәрежеге жеткен кісі екен. Аса зерек әрі білімдар Жүсіп атаны жергілікті халық көзі тірісінде-ақ әулие тұтқан екен. Бүгінде жергілікті халықтар сол дәстүрді жалғастырып, Жүсіп ата кесенесі алдында жыл сайын Аллаға тасаттық береді, мал сояды, ас дайындап, Алладан жаңбыр тілейді екен. Бүгінгі таңда да осы дәстүр жалғастығын тауып келеді.
Он екінші ғасырда өмір сүрген Жүсіп ата жайлы тарихи деректер жоқтың қасы, тек ел аузындағы аңыз-әңгімелер ғана азды-көпті мағлұмат бере алады. Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп те атайды, бұл «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Ол Ахмет Иасауидің замандасы, шәкірті, әрі қолдаушы серігі, ХІ-ХІІ ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлға. Тағы бір аңызда ол Қожа Ахмет Иасауидің жиені болып айтылады. Ел аузындағы аңызға қарағанда, оның ең бір ірі кереметі – тоқсан тоғыз мың машайықты бастап келген Шам қаласының билеушісін Сырдария өзенінен бір шыбықтың күшімен өткізіп алғандығы. Атаның сүйегі 1997-2000 жылдары Москвадагы Герасимов атындағы антропологиялық лабораторияда зерттеліп, бет-бейнесі араб, парсы, тәжікке өте ұқсас болып шыққандығы, ірі дін өкілі болғаны және жергілікті жердің тұрғыны еместігі расталған. Қабірі басына салынған кесене он екінші ғасырда тұрғызылғаны дәлелденген. (5)
* * *
Менің бір сезгенім, Жүсіп әулие мен Әзірет Сұлтан арасындағы әңгімелерде ортақ жүйе мол. Соның бір парасы мынау. Қазақ жеріндегі сахабалар мен әулие-әнбиелерге қатысты аңыз, әңгімелердің көпшілігі түйе жарықтыққа байланысты болып келеді. Сонау Қостанайдың Әулиекөлінде қасиетті Марал ишанның түйесіне орнатылған ескерткіш те бар. Қаратаудағы Қарабура әулие де, Қожа Ахмет Иасауи әулие де ара-тұра таңғы намазды түйеге отырып, аспанға ұшып Меккеге барып оқитын болған деседі. Бірде Әзірет Сұлтан әулие түскі намазға келмей қалады. «Неге келмедіңіз, жарықтық?» деген сұраққа: «Меккеге барып оқыдым» деп жауап берсе керек. Дәл осындай әңгіме Жүсіп әулиеге байланысты да айтылады.
«Бірде Әзіреті Иасауимен бірге намазға әзірлік жасап жатқан Хакім ата дәрет суына ұстазынан бұрын қол созады. Әзіреті Иасауи үндемейді. Күндердің бір күнінде Хакім атаны түйеге мінгізіп, «Тоқтаған жерде түсесің» деп жолға аттандырады. Хакім ата қаншама «шөк» десе де, түйе тоқтамай Амудария мен Сырдарияны кешіп өтіп, Хорезмде тоқтапты. Сол араға тұрақтап қалған екен.
Әзіреті Иасауи шәкірт-мүридтерін жинап, Хакім ата екеуінің арасында болған уақиғаны баяндап, өзінен ағаттық кеткенін айтыпты: «Хакімді алып келу ісін қайсың атқара аласың?» деп сұрайды. Ешкімнен жауап болмайды. Сонда Жүсіп ата ортадан шығып, Әзіреті Иасауи кереметімен үй үстіне көтеріледі. Кенет үй ақ түйеге айналады да, Жүсіп ата: «Мен әкелемін!» деп жолға шығуға рұхсат сұрайды. Ризашылығын берген Әзіреті Иасауи Жүсіп атаны сапарға аттандырып жатып: «Хакім атаның колын артына байлап әкел» деп тапсырады. Жүсіп ата сапар кезінде оның қолын бос қойып, Түркістанға кіреберісте ғана байлапты. Әйтсе де Әзіреті Иасауи олардың бұл әрекетін біліп, Жүсіп атаға: «Сіз де айыпты іс етіпсіз» дейді. Ұстазының көрегендігіне таң қалған Жүсіп ата оның айтқанына мойын ұсынып, үш дүремен жазаланыпты» (5)
Иә, әулиелер жайлы аңыздардың көпшілігі түйе жарықтықпен байланысты болып келеді. Түйе болғанда, ұшатын түйелер. Сол түйелердің көпшілігі Мекке-Мәдинаға қарай ұшады. Ел арасында Мұхамед Ғалейкүм Салам айтты десетін: «Адамның пайғамбары – мен, жан-жануардың пайғамбары – түйе» деген сөз бар.
Ойсылқара ұрпағының жерінің үштен екісі шөлді, шөлейт аймаққа жататын қазақ жерін жатсынбағанын ойлап ішім жылиды.
Алланың аты, адамның хаты
1
Осы менің жолым ауыр. Жолсапардың алғашқы күнін әскери-сынақ жұмыстарына байланысты қонақүй маңындағы көлік тұрағында қамалып қалған машинамызға жете алмай өткіздік. Екінші күні бүкіл қала халқы сенбілікке шықты. Үшінші күні Яссауи университетінде ғылыми конференция өтті. Иә, Түркістан халқы Бірінші президент күні деп аталатын үлкен мерекеге дайындалып жатыр.
Осындай абыр-сабырдың арасында жақын маңдағы нысандарды аралап шыққан соң, Қаратау етегіндегі Қарнақ елді мекеніне жол тарттық. Жолбасшымыз – Әлібек. Рульде – Мәди бауырым.
– Екі күнді Иқанда құрттық. Жер түбіндегі Қарнақтан не іздеп барамыз? – дейді ғой Мәди бауырым. – Одан да Жылаған атаға бару керек еді…
– Атамды… Атамды іздеп барамын…
Менің әзіл-шыны аралас сөйлей беретініме бойы үйреніп қалған Мәди бауыр машинаны ызғытып келеді. Жолшыбай қасиетті, киелі орындардың бірде-біріне кідіргеніміз жоқ. Өйткені бұл сапардың орны мен үшін ерекше. Иә, мен атамды, ол дүниелік болып кеткен атамның көзін көрген Қарнақты іздеп келемін. Ал Қарнақтағы Кісенбай атам оқыған медресені ойласам, өз-өзімнен елгізіп, ойым сан-саққа жүгіреді… Қалай болып еді өзі?…
… Өз басым үшінші сыныптан бастап редакцияларға хат жаза бастадым. Әу баста оқушы дәптерінің бір бетінің ең төбесіне бадырайтып тұрып «Редакцияға хат» деп жазып қоямын. Көп ұзамай жіберген өлеңің немесс мақалаң газет бетінде жарқ ете түседі немесе редакциядан жауап хат келеді.
Сондай хатты менің атам да жазады деп кім ойлапты. Ол кездері атамыз Кісенбей молданы танымайтын адам аз. «Жаназаны Кісекең шығарады» деген сөзді естіген ел жаназа шығатын үйге қарай шұбырады. Менің өз атамның да, дәу атамның да жаназасын ғана емес, құранын да шығарған сол Кісенбей атам. Ол жылдары «құран шығару» «жаназа шығарудан» да маңызды болды-ау деп ойлаймын. Құран шығаратын адам жаназа шыққан үйде бірнеше күн қона-түстене жатып көз майын тауысып құран аударады. Сауап жағын қайдан білейін, оңай жұмыс емес, әйтеуір…
Ес біліп, оң, солымды танып қалған кезім, аудандық «Өскен Өңір» газетінің бетінен атамның «Редакцияға хат» деген мақаласын оқығанда, таңданысымда шек болса-шы. Көлдей мақаланың толық мәтінін айтып уақыт оздырмай, ұзын-ырғағын айтқанда, мақаланың мазмұны мынандай: Менің атам діннен бас тартады… Бас тартқанда, мәйітті бірнеше күн үйде ұстайтын, келім-кетімге ас та төк дастархан жаятын, бір-бірімен жарысып басына мазар тұрғызатын діннен бас тартады. «Өлік шыққан үйде үш күнге дейін дастархан жаюға болмайды, ал енді алыстан келген туыстар көрші-қолаңның үйінде күтілуі керек» деп жазғаны есімде қалыпты. Иә, діннен бас тартады. Осы мақаланы оқып бергенімде Кісекеңді пайғамбардан кем көрмейтін әжем жарықтық «Алжып қалған шығар?..» деп бас шайқағаны, аудандық кеңестің депутаты болып жүрген анам байғұс: «Қамап… қамап тастаған ғой…» деп күрсінгені есімде.
Күндер өте мәселенің мән-жайына қаныққан секілді едім. Кәдімгі замана желі. Мұртты көсемнен қалған «ызғырықтың» да, Хрущевпен келген «жылымықтың» да беті қайтқан алпыс төрт-алпыс бесінші жылдар… Сол «жылымық» кезінде темір жолдан шалғайда, дарияның арғы бетінен, Қызылқұмның шетінен «Үш молданың мешіті» атанған діни орталық ашқан атамның басына бұлт үйірген замана желі…
Жетпісінші жылдары жер шетіндегі алдымен Торғайға, одан соң Қостанайға студенттік отряд құрамында барып жүрген кезімде менің «Шиелінің қыпшағы» екенімді сұрап білген ауыл ақсақалы алдымен Досбол көкемді, сосын Кісенбай атамды ауызға алып еді-ау. «Кісенбай молда тірі ме?» – деп сұрағаны есімде. Иә, жетпісінші жылдар. Гагарин ғарышқа ұшып, Армстронг айға қонақ болатын уақыт. Мекің атамекенім ары-берісі бес жүз шақырым Торғайға жету үшін төрт облыстың жерін басып, екі рет пойыз ауыстырып екі мың шақырым жер жүретін уақыт. Сол жылдардың өлшемімен қарасақ, өзіміз атын кітаптан ғана білетін Қостанай қайда, біздің Шиелі қайда?.. Бұл уақыт дегенді қойсаңшы. Арада ширек ғасыр ғана уақыт өтіпті. Бүгінде алыстағы ағайынның амандығын сұрайтын жады мықты ақсақалдардың бірде-бірі арамызда жоқ. Солардың бірі болып менің Кісенбай атам да өмірден озды.
Ал замана желі… әлі де соғып тұр…
Иә, мен атамды іздеп келемін. Атам болғанда, сол атам оқыған атақты Қарнақ медресесін іздеп келемін.
2
Біз келгенде Қарнақта мереке қызып жатқан. Көше бойы арлы-берлі ағылған адам. Алдымен орталық мешітке соқтық. Темір қоршаудың есігінде құлып тұр. Орталық алаңдағы медресе үйін оңай таптық. Мұнда да құлып. Темір қоршауды айналсоқтап жүрміз. Сыры кетсе де, сыны кетпеген кәдімгі шығыс үлгісіндегі әсем ғимарат. Маңдайшасына «коммуналдық-қазыналық кәсіпорын» деп бадырайтып жазып қойыпты. Әлібек қалта телефонын шығарып, әлдекімге телефон соқты. «Бүгін мереке. Келе алмайды» дейді кібіртіктей сөйлеп. «Қалай келе алмайды?..» Коммуналдық кәсіпорынның қожайыны Абдрасулмен енді өзім сөйлесейін. Сөйлескенде Алматыдан ат сабылтып арнайы келгенімді айтамын ғой баяғы. «Бара алмаймын. Бүгін мереке. Оның үстіне демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат жоқ» «Коммуналдық-қазыналық кәсіпорынның басшысы болса, қалай келе алмайды?.. дейді ішкі ойым.
Алаңның шетіндегі автобус аялдамасында үш шал шуақтап отыр. Кеңес дәуірінде өмір сүрген өзім секілді шалдардың сөзден бұрын қағазға сенетінін білем ғой, жеке куәлігім мен жолсапар куәлігін көрсетіп жатырмын. Әңгімеміз түзеліп сала берсін.
– Мұнда неғып отырсыздар?.. Мешітке бармайсыздар ма? – деймін шалдарды жазғыра сөйлеп.
– Жаңа мешіт салып жатырмыз. Адамдар сол жақта…
– Бастық қайсың?..
– Бастық анау… – деді мыж-мыжы шыққан қария бір шетте отырған өзім секілді жастау қарияны қолымен нұсқап.
– Бастық болғанда, медресенің бастығын сұрап тұрмын, ақсақал… Үйінде ме екен?..
– Үлкен бастық – Абдрасул… Мына жігіттің туысы… Бүгін құда шақыруға дайындалып жатыр деп естіп едік…
– Сол Абрасулың мұсылман ба өзі?..
– Сен екеумізден гөрі мұсылмандау…
Бітті!.. Мұсылман екені рас болса, ар жағы оңай. Жастау шалды машинаға отырғызып алып үлкен бастықтың үйіне тартайық. Әй-шәй жоқ, «құдайы қонақпыз!» деп үйіне баса-көктеп кіріп барайық. Алдымен шәй келсін. Артынша түннен қалған суық ет келсін. Тамаққа сылқия тойып алған соң, Абдрасулдың шетелдік су жаңа машинасына отырып, медресеге қарай тартайық.
– Бір кездері осы жерде азық-түлік дүкені болды… – деді Абдрасул құлыпты ашып жатып. – Ауылдың балдары сол дүкеннің жанынан қусаң кетпейтін…
Медресенің кіре берісі – ағаш колонналармен бекітілген бастырмаға көтерілдік.
– Түнге қарай осы жерде отырып арақ ішетін, атасына нәлеттер… Алдымен облыс әкіміне, сосын президенттің өзіне хат жазып дүкенді жаптырдым-ау әйтеуір…
Менің мешіт ауласындағы бастырманың ағаш колонналарына қарайлай бергенімді байқаған Абдрасул:
– Өзіміздің тұт ағашынан жасалған… Менің білуімше… жүз елу жылдай болып қалар… – деді колонналардың бірін алақанымен сипалап қойып. – Көрдің бе, екі тұт ағашын бір-біріне жалғап, ортасын клеймен бекіткен. Аманшылық болса, әлі де жүз жыл тұрады жарықтық…
Иә, осыдан жүз елу жыл бұрын тұрғызылған мына колонналар менің Кісенбай атамның көзін көргені анық. Атамның мына көне бастырманың астындағы тұт ағашынан жасалған колоннаның жанында намаз оқып отырғанын көз алдыма келтіремін ғой баяғы… Ендеше колоннаны құшақтап тұрып суретке түсіп алмасам болмайды.
– Жөндеу керек еді… Қаржы жоқ… – дейді жолбасшымыз бетімізге жалтақтай қарап.
Байқаймын, дөңгелек күмбезіндегі ою-өрнектердің сыры кете бастағаны болмаса, ғимараттың күтімі жақсы. Жол бойы қабағы бір ашылмай, өз-өзінен күйіп-піскен Абрасул бұл кезде кәнігі мұражай сақтаушысына айналып сала берсін. Әрбір жәдігердің жанына тоқтап, жеке-жеке тәптіштей таныстырып келеді. Қыш құмыралар… Мыс құмыралар… Мынау – қол диірмен… Мынау – май айдайтын қондырғы… Қазақ жеріндегі жәдігерлерді былай қойғанда, Мәскеудің Эрмитажынан бастап, теңіздің арғы бетіндегі атақты мұражайлардың біразын көзбен көрген адамды таң қалдыру оңай емес, әрине.
Тек… иә, иә, өркениет ауылынан алыста жатқан шағын ғана Қарнақ ауылында мына қымбат жәдігерлердің сақталып қалғанына таң қалмасқа амал жоқ. Қазақ жерін алдымен ақ патша заманында «қара архелоогтар» тонады. Бұдан ары кеңес дәуіріндегі зорлық-зомбылықты былай қойғанда, күні кешегі өтпелі кезеңде қаншама қымбат жәдігердің қолды болып кеткенін көзіміз көрді. Мана бір әлде бізді мұражайға жолатқысы келмей шыр-пыры шыққан Абдрасулды түсінетін сияқтымын.
Мұражай ішіне кіре бере оң жақ бұрыштағы «Шілдехана» деген жазуға көзім түскені. Құран шығару, ас беру болса бір сәрі, бір кездері Орта Азияға атағы шыққан діни орталықта той тойлап, шілдехана өткізуге кімнің дәті барды екен?..
Жазудың жанында айналасын тақтаймен бекіткен төрт бұрыш тесік үңірейіп тұр. Сол тесік арқылы баспалдақты құлдап жер астына түсе бердік. Жер асты дегенмен, ұзынша бөлменің іші жап-жарық. Е, бәсе!.. Бұдан арғысы маған таныс. Бір қарағанда, Түркістанның аспан айналып жерге түсетін шіліңгір шілдесінде аптап ыстықтан бой тасалайтын орын шығар деп ойлап қалуға әбден болады. Мына «шілдехана» атанған жер асты бөлмесі шілдеде ыстықтан тығылатын демалыс бөлмесі емес – кәдімгі қылует. Қылует болғанда, Әзірет Сұлтан қылуетінің кішірейтілген нұсқасы. Сонау кеңестік дәуірде Түркістандағы қылуетке талай мәрте түскенмін. Еденіне төселген текеметтің үстінде жантайып талай жатқанмын. Пайғамбар жасына жеткен Қожа Ахмет жарықтық жер астындағы қылуетке түсіп, Аллаға тәубе келтірген. Алла тағаланың қолдауымен өзінің діни жазбалары – «хикметтерін» қағазға түсірген. Ендеше… бабадан қалған үлгі бойынша Қарнақ медресесіне ілім мен білім іздеп келген тәліптерді мына қылуетке түсіріп, тәубеге келтірудің де өз жөн-жобасы бары анық.
Сыртта шілде емес, желтоқсан айы. «Шілдехана» аталған жер асты бөлмесінен салқын сыз еседі. Жан-жағымнан сығып тұрған сызды қабырғаларға қараймын келіп, қараймын. Дәл қазір өзім отырған мына жерде менің Кісенбай атам да талай мәрте отырған шығар-ау… Түнге қарай мына жер асты үңгірін тастай қараңғылық басады. Сол кезде мына сұп-сұр суық қабырғалар адам қамайтын зынданның қабырғаларына айналады. Оқуға енжар қараған немесе оқу тәртібін бұзған шәкіртті осы жерге әкеліп қамайды. У-шудан аулақ оңашады құран аяттарын жаттатады. Оқуға «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деген шартпен берілген балақанның бұдан арғы жай-күйін айтып жатпаймын…
Ал менің Кісенбай атам… Иә, иә, кеңес дәуірінде дарияның арғы бетінен мешіт ашатын, артынан «діннен бездім» деп редакцияға хат жазатын атамның бір кездері атағы жер жарған Қарнақ медресесіне оқуға келуінің де өз тарихы бар.
Қоқан хандығы кезінде де, патша заманында да дала халқына білім беру ісі қатаң бақылауда ұсталды. Ол кездері датқалық тарапынан немесе ояздық тарапынан оқуға бала алудың арнайы тәртібі, тиісті мөлшері белгіленген. Азды-көпті сауаты барлар балаларын жаппай оқуға беріп жатқанда, қараңғы халық көзінің ағы менен қарасындай балапанын жат жерге жіберуге қимай, оқуға кедей-кепшіктің балалары ілінген кездер де көп болыпты. Сондай жарлы жерден шыққан Кісенбай атам оқуға бара жатқанда анасы байғұс: «Ол жақта дуаның оқуын оқытады дейді, егер елге жады болып оралсаң, ақ сүтімді кешпеймін» деп жылапты ғой. «Жанымдағы балалар дуалау мен жадылау әдістерін тез-ақ үйренді. Ал мен сыртта жүріп анамның сол сөзін бір сәт есімнен шығарған емеспін…» дейді екен атамыз.
Ал менің ойымнан атамның хаты кетпейді. Еліміз тәуелсіздік алып, ойымыз он саққа, санамыз сан саққа жүгірген жылдары атамның сол бір хатының мән-мазмұнына аздап болса да қаныққандай едім. Тұрмағамбет ақын Тәшкендегі Көкілташты бітірсе. Әлімқұл молда Хасанби қыпшақ Әндіжандағы Ақмешіт медресесінде, Кісенбай молда Түркістандағы Қарнақ медресесінде оқыған. «Не ексең, соны орарсың» дегенді айтқан қазақ атамның да бір білгені бар шығар…
Ұбап-шұбап тысқа шығайық. Медресе ғимаратына жанамалай салынған ұзыннан-ұзақ көне құрылыс; бір кездері оқу сыныптары болған бөлек-бөлек бөлмелерді аралап шықтық. Ең шеткі бөлменің есігінде қара құлып тұр. Абдрасул қалтасын арлы-берлі ақтарып есіктің кілтін таппады.
– Кілт… Кілт қайда?.. – деді манадан бері жанымызда үнсіз еріп жүрген ұлына қарап.
– Жоқ… Кілт үйде қалып кетіпті…
– Тез барып кел!..
– Кітаптарға ылғал тиген екен… Кептіруге қойып едім…
Төбесінің тесігі бар жігіттің сырт адамдарға кітапхана қоймасын ашқысы келмей тұрғанын сеземін. Өйткені мына есіктің арғы жағы кітапхана. Сонда деймін-ау, «Отырар кітапханасы» қайда?.. Қожа Ахмет Яссауи комплексінің кітапхана бөлмесі неге бос тұр?.. Бұл теледидер мен интернеті түскірді қойсаңшы! Интернеттен көненің көзін жинау – инвестиция салудың ең тиімді жолы, оның ішінде ұзақ мерзімді жолы екенін оқып алған бала… Шындап келгенде мына құлыптаулы есіктің арғы жағындағы кітаптардың құндылығын анықтауға білім деңгейім жетпейтінін былай қойғанда, оған құлқым да, ниетім де жоқ. Өйткені қазақ жеріндегі кезінде қолдан шығып кеткен тарихи жәдігерлерін шет елдердің мұражайларынан тамашалап, санадан шығарып алған рухани құндылықтарын шет елдердің мұрағаттарынан іздеп жүрген пенделердің бірі болсам қайтейін!..
Түске жақын Абрасулмен қоштастық. Орысша қоштастық.
– Менің мамандығым шахтер ғой… Шахталарды құрттық… Әкеден қалған әдет бойынша жүзім өсіріп жатырмын… Өзімдікі өзіме жетеді. Тек… Осы медресені әкем жақсы көретін еді… Көрінгеннің қолында кете ме деп қорқамын… – деді құрдасым.
Мен көрген Қарнақ медресесінің шырақшысы орысшаға ағып тұр. Арнайы діни білімі болмаса да, әке аманатымен дінге қатысы бар мекеменің жоғын жоқтаған Абдрасулдың да бір білгені бар шығар. «Тістегеннің тісінде» кетпеудің бұдан басқа амалы да жоқ екенін сеземін.
Соңғы жылдары онсыз да өзара әртүрлі діни мазғаптарға, тіптен бар-ау діни секталарға бөлініп, анда-санда іштей де, тыстай өзара қырқысып қалатын дін мұсылман қауымының бұдан арғы жағдайы қалай болады деп уайым жеймін ғой баяғы.
Зікірия жоқшы
1
Түнге қарай Бақтыбай ағам телефон шалды.
– Әй, тазарып қалдың ба? – дейді. – Арыстанбабқа қашан барасың?..
– Жолшыбай соққанбыз… Асығыстау болды. Сенің Құрбан атаң мен Өзбекәлі ағаңа құран бағыштадық. Сығанаққа, Оқшы атаға бардым. Саған еріп келуім керек еді. Пірге қол беретін кез де жақындап қалды-ау деймін… Тіптен ана күні Манап көкемнің баласына қол беріп қоя жаздадым… Өлеңді қойған секілді… Түбі қожа емес пе, пір болуға жарап қалыпты…
– Әзілді қойсаңшы… Егер пірге қол бергің келсе… Зікірияға бер… Ескіше де, жаңаша да ағып тұр… – деп күлді ағамыз.
Бахаң менің саяхат-сапар кезінде жаныма жоқшы ертетін әдетім барын біледі. Неше күннен бері Зікірия бауырым есіме түспегенін қарашы.
Елге танымал азамат, тарихшы Зікірия Жандарбекті ертеден танимын. Университет қабырғасында бізден бірер курс төмен оқыған, бұрыннан тарих, әсіресе Сыр бойының тарихына қатысты түйткілді ойлардың жауабын іздеп жүретін ініміз. Түркістан қаласының брендіне айналып кеткен бауырымыздың соңғы жылдары тарихтың идеологиялық жағына көбірек мән беріп жүргенінен де хабардармын. Соның ішінде Қожа Ахмет Яссаһи ілімінің қыры мен сырын жетік білетіні анық.
Бұл уақыт дегенді қойсаңшы. Зікірияны осыдан аттай отыз бес жыл бұрын әулиенің басына әкеліп теледидарға түсіргенмін. Ол кезде ақ көйлекке қызыл галстук байлап, кала-кала шалбардың етегімен асфальтты сыпырып жүретін бауырымыз… Дөңгелентіп қойған шоқша сақалы өзіне тым жарасып тұр. Баста – бөрік, аяқта – мәсі демесең, осы тұрысында атасы Ыбырай Атынсариннен ауса-шы. Ыбырай демекші, Зікірия да университетте сабақ береді. Сабаққа китель киіп баратын Ыбырай атамыз да үйде бөрік пен мәсі киіп жүрген деседі ғой.
Сұқпат алудың сәті келгеніне қуанып құймақұлақ бауырымды әңгімеге тартамын ғой баяғы.
– Осы Түркістанның «Екінші Мекке» атану себебін айтып берсең қайтеді?
Күнбе-күн студенттердің алдында лекция оқып, әбден төселген ұстаз емес пе, тамағын бір кенеп алып, әңгіме арқауын ағытты дейсің. Жазып үлгере алмасымды ойлап диктафонды қостым.
– Бұл өзі ұзақ әңгіме. Біз Түркістанның қасиетті саналуын Әзірет Сұлтанмен байланыстырып жүрміз ғой. Бірақ қаланың киелі, қасиетті атануы Қожа Ахмет Яссауи бабамыздан көп бұрын басталғанынан хабарымыз жоқ… Қазіргі күні жинақталған тарихи деректер бұл жердің көне дәуірлерден бері киелі мекен аталып келгендігін көрсетеді. Тәңірлік діннің келген, түркі халықтарының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің қалыптасқан жері осы жер болу ықтималдығы басым… Зоорастризм дінінің негізгі кітабы болып табылатын «Авестада» бұрын «Канха» атанған Сырдария өзенінің жағасын мекендеген халықты ирандықтар «қангар», қытайлықтар «кангюй» деп атады. Ал Сыр бойын мекендеген халықты түркілердің «қаңлы» деп атағанын бәріміз де білеміз. Жалпы тарих ғылымы түркілердің шыққан жері осы Сыр бойы, Алатау мен Қаратау болғандығын айтады. Оғыз қаған аңызының түркілер арасында тараған нұсқасында Оғыз қағанның астанасы «Қырық қақпалы Қарашық» қаласы екендігі айтылады. Бүгінде Қарашық өзенінің бойына орналасқан Түркістан «Қырық қақпалы Қарашық» атанған… Ал мұсылман дінінің таралуына келсек, бұл енді тым әріден, тіптен бар-ау соңғы пайғамбардың тірі кезінен келе жатқан тарих. Түркістан төңірегінде жерленген сахабалардың ішінде Расул Аллаһтың көзін көрген, өнегесін алған серіктерінің де көптеп ұшырасуы өсының дәлелі. Жарықтық Арыстанбап бабамыз, ана Ер Қоян мен Үкаша, ана Құттықожа әулие… Олардың қай-қайсысы да дін жолында құрбан болғандар. Бәрі де Түркістанның төңірегінде жатыр…
– Әдетте халқының саны екі жүз мыңға жетпейтін Түркістанды Түркі әлемінің астанасы деп жүрміз. Он сегіз миллион халқы бар Стамбул, төрт жарым миллион халқы бар Ташкент қалалары неге осылай аталмайды?
– Бірден тереңге бармай тұра тұрсақ қайтеді, Секе… Экономика бірінші ме, саясат бірінші ме деп қызылкеңірдек болып дауласып жатамыз. Меніңше, қазақ секілді тәуелсіздік жолына жаңа түскен халық үшін идеология бірінші орында тұруы керек. Бұл жөнінен мен Түркістанды еліміздің идеологиялық астанасы деп атар едім…
– Бәлкім, рухани астанасы шығар?
– Басқыншылық дегеніміз тек қарумен немесе ақшаның күшімен емес, діни сенім арқылы да келетінін ұмытпайық. Соңғы кездері христиандық, буддалық ағымдарды айтпай-ақ, Ислам атын жамылған діни бағыттарды ұстанушылар қазақтың бар рухани, мәдени дәстүрлерін жоққан шығарғысы келетіні байқалады. Қазақтың беташар, сәлем салу, аруақтарға дұға жасау сияқты дәстүрлері Исламға жат, мәжусилік дәстүр ретінде мансұқталуда. Меніңше, мұны да басқыншылықтың бір түрі деп қабылдауымыз қажет…
Зікірия бауырым күнде қолға түсе бермейді, бұдан ары көңілде жүрген күдікті ойлардың жауабын тосып, сұрақты жаудыртамын ғой баяғы.
– Бұл бірер сағаттық әңгіме емес қой, Секе… Кітап та жазып жүрмін. Лекция да оқимын. Құйма құлақ табылса де…
Сонымен Түркістанның жоқшысы айтқан әңгіменің ұзын-ырғасы мынандай:
«Түркілер Исламды схоластика ретінде емес, ақыл таразысына салып, дұрыстығын жүрекпен мойындап барып қабылдаған. Мұны Түркістан жеріне алғаш ислам дінінің келу тарихына назар салған адам бірден байқайды. Ислам дінін түркі билеушілері Хорасан жерінде Омеяйдтар билігіне қарсы күрескен шиаларға жәрдемге барған кезінде қабылдап, Түркістан жеріндегі Түркі-ислам мемлекеттерін тарих сахнасына шығарды. Түркінің көне дәуірлерден қалыптасқан осы тарихи жады түбі түркіден шыққан Абу Ханифа мен Имам Матуридидің ақылға негізделген бағытын қалыптастыруға негіз болды…»
Абу Ханифа мен Имам Матуридиді білмедім, ал Құранды да, пайғамбар Расул Аллаһтың ғұмырнамасын да оқығанмын. Ана бір жылдары Виктория Порохова ханымның орысша аудармасы бойынша Құран-кәрімнің үзінділерін қазақшаға аударып, Түркістан газетіне ұсынғаным бар. Сол кезде өзімнің қасиетті кітапты түйсінуге ақылымның да, қабілетімнің де жетпейтінін біржола мойындап қойған секілді едім. Бәлкім, дайындығым жетпеген шығар…
– Соңғы кездері өзіміздің діни ғұламаларымыз «біз араб емеспіз» дегенді айтатын болды. «Біз Абу Ханифа масғабынанбыз» дегенді айтып жүрген мен секілді діни сауатсыздарға осы жағын түсіндіріп берсең қайтеді…
«Жалпы, мұны түсіну үшін алдымен ақылдың адамзат қоғамы тарихындағы орны мен оның дінмен сабақтастығын түсініп алу керек. Имам Матуриди: «Ақылға салып ойланар болсақ, ғаламды жоқ болып кету үшін жаралған деп ойлау хикмет тұрғысынан дұрыс емес. Ақылдың бір бөлшегін қалыптастырған ғаламды хикметтен тыс, негізсіз немесе жөн-жосықсыз жаралған деп айтудың өзі артық. Дәлелденген бір айғақ – әлемнің жоқ болу үшін емес, үздіксіз өмір сүруі үшін жаратылғандығын көрсетер» дейді. Демек, ақыл осы жаратылыстың құрамдас бөлігі және осы жаратылған әлемді жоқ болудан сақтап қала алатын басты құрал. Өйткені, «Әлемнің негізі түрлі табиғаттар мен бір-біріне қарсы жаратылыстардан құралғандықтан, олардың бірлесуге тиістілерін бір жерге топтастырып, айырылуға тиістілерін ажыратуда сол ақылды басшылыққа алған жаратылыс иесі бар: Ол хикмет иелері «кіші әлем» деп атаған жаратылыс иесі – адам баласы» дейді.
Бұл жерде ол әлемнің жаратылуында адам баласының орны қандай болғандығын айқындап тұр. Адам баласы әлемнің жаратылысында ерекше, өзге табиғи жаратылыстарға ықпалын жүргізіп, басқара алатын ақыл иесі ретінде көрінеді. Ал, осы таным қазақ халқы санасының тереңінен орын алған және қазақ халқының ойшылдары еңбектерінде кеңінен жырланған тақырып. Мысалы, Абай атамыздың мына өлеңіндегі жолдар бұған толык дәлел бола алады: «Әуелде бір суық мұз ақыл-зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек, Тоқталылық, талапты шыдамдылық, Бұл қайратттан шығады, білсең керек…» Ал, Шәкәрім қажы болса, Абайдың бүл ойын одан ары тереңдете түседі. «Ақыл деген өдшеусіз бір жарық нұр, Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр. Тағдырдың қиын, сырлы сиқырымен, Жан тәнге, ақыл жанға матаулы тұр…»
Атам қазақтың көне діни танымында да ақылға баса мән берілгенін көруге болады. Мысалы, «Адамдар Тәңірден келген құттың идеясына сәйкес әрекет етсе, өмірі жаксарар және бұл құтпен хан болар. Ақыл да Тәңірінің берген бір құты. Қағандар адамдарға басшылық жасағанда ақылды қолданар болса, қоғам жақсарады. Ақылды қолданбаса, қоғам жоқ болар…» Тоныкөк ескерткішінде «Одан кейін Көк Тәңірісі ақыл бергендіктен мен оны қаған қылдым» деген сөздер ақылға түркілер көне дәуірден-ақ мән бергенін көруге болады.
Қожа Ахмет Йасауидің тарих сахнасына шыққан кезеңі Ислам әлемінің рухани токырауға түсіп, өзара ішкі кақтығыстардың белең алған, соны сезген сырткы күштердің Ислам жерлеріне жорықтарының басталған кезеңі болатын. Біз оны сол кезеңдердегі Батыста крестшілер жорығы, қарақытайлардың Ислам әлемінің шығысындағы Қарахандық мемлекеттерді толығымен тізе бүктіруі осы тоқыраумен байланысты болды. Мұсылман қоғамының бүлай азғындауын Қожа Ахмет Иасауи өз хикметтерінде былайша сипаттайды: Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті. Күннен күн бетер деген хадис жетті. Пайғамбар айтқандары келіп жетті, Бұл дүниені қараңғылық басты достар.
Міне, осылай ол өз дәуірінің рухани ахуалына бағасын берді. Баға беріп коймай, ол осы тығырықтан шығудың жолын іздеді және ол жолды тапты да. Ол жол – Исламға Иманды қайтарып беру еді. Ол бар өмірін осы мақсатты іске асыру үшін жұмсады. Ол үшін Қожа Ахмет Йасауиге қыруар білімді игеру қажеттігі туды. Ол өзіне дейінгі бар ілімді игерді және сол жиған ілімдері ішінен Абу Ханифаның рухани мұрасы мен Имам Матуридидің ақидасына баса мән беріп, сол екі ғұламадан қалған Иман, Ислам жолын толығымен қалпына келтірді.
Тариқат – мұсылман дінін қабылдаған халықтардың Исламның негізгі бес парызын қабыл етіп, қалған діни жол-жоралғыны сопылык жол – рухани таным негізінде қалыптастыра отырып, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен әр халықтың өзінің табиғи ерекшелігіне қарай қалыптасқан салт-дәстүріне беру деп айтса болады.
Қожа Ахмет Иасауиге дейін сопылық жеке тұлғалардың немесе белгілі шайхтардың айналасына шоғырланған топтың рухани жетілу тәжірибесі болса, Йасауи оны жалпы қоғамның иман-сеніміне айналдыра білді. Иасауи өз тариқатын калыптастырғанда, алдымен Исламның рухани негіздеріне баса мән берді. Соларға арқа сүйеді. Бұл Йасауи жолындағы халықтың иман-сенімінің Исламдық негіздерден айнымауының кепілі болды. Көп жағдайда Йасауи жолындағы халықтың иманының беріктігі жағынан өзге халықтарға үлгі болатын дәрежеде еді.
Қоғамдық қатынастарды реттеуді Қожа Ахмет Йасауи толығымен түркінің көнеден келе жатқан салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына берді. Себебі, түркінің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінің өзі Алла Тағаланың бұл халыққа берген нығметі болатын. Оның сақталуын Йасауи тариқаттың басты шарты деп білді. Біз Йасауидің тариқат жолына мұндай қатаң талап қойғанын мәдениеті Йасауи жолы негізінде қалыптасқан қазақ халқының мәдениетіндегі исламдық шариғат жолынан өзгешелігіне қарап көруімізге болады. Мысалы, бір ғана некелік катынастардағы ерекшеліктердің өзі шариғат пен түркілік дәстүр арасында каншалықты айырмашылық барлығын дәлелдейді. Араб қоғамында қалыптасқан шариғатта некелік қатынас эндогамдық сипатта, ал қазақтарда некелік қатынас экзогамдық сипатта. Қазақтардың дәстүрінде жеті атаға дейінгі некелік қатынасқа түскендер үшін өлім жазасы белгіленген. Ал, арабтарда немере ағайындылар арасындағы некелік қатынас – Пайғамбар сүннеті. Бұл Қожа Ахмет Йасауидің түркілік дәстүрге қаншалықты мән бергенін көрсетеді. Осы түркілердің осы салт-дәстүлік ерекшеліктерін Иасауи өзінің бізге дейін жетпеген «Фатава-и танбих» – «Пәтуалар көрсеткіші» атты кітабында негіздеп жазды деген ойдамыз. Ол кітап туралы кейінгі ғасырларда жазылған шығармалардан оқи аламыз. Міне, осы айтылғандарды жинақтап көретін болсақ, онда Исламның бес парызын негізге алып, сопылық жолдың жалпы заңдылықтарына бағына отырып, әр халықтың ерекшелігіне орай, исламдық рухани негіздерді қалыптастырып, өзіне тән әдет-ғұрып, салт-дәстүрін колдануға мүмкіндік беретін жолды тариқат деп атайтынын көруімізге болады. Қожа Ахмет Иасауи осылай түркінің ислам дініндегі жолын, шеңберін айқындап берді. Бұл жолдан-шеңберден тыс түркі баласы үшін ислам діні болғанымен, түркі мәдениеті жоқ болатын. Сол себепті, Ясауиді кезінде Алишер Новаи сияқты ғұлама «Түркі жүртының құбыласы» деп атады. Өзге ғалымдар Йасауиге «Құтуб ал-Ақтаб» деген ат берді. Ол да «түркі жүртының Темірказығы» дегенді білдіретін.
Қожа Ахмет Йасауидің сопылық жолды тариқат дәрежесіне көтеруі, түркілердің Исламдағы жолын ай-қындап беруі өзге халықтарға да өздерінің рухани-мәдени, кұкықтық тәуелсіздігін камтамасыз ететін сопылық тариқаттарды қалыптастыруына мүмкіндік берді. Сопылық тариқаттар белгілі бір халықтың рухани-мәдени болмысы мен көне дәуірден келе жатқан салт-дәстүрлеріне негізделді. Осылай тариқаттар арасындағы ерекшеліктер қалыптасты. Бір тариқат пен екінші тариқат арасындағы ерекшеліктің болуы заңдылық деп танылды және мойындалды.
Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі ол халыққа Тәңір тарапынан берілген нығметі. Міне, осы Тәңірдің берген бұл сыйы VШ ғасырдың екінші жартысында түркілердің Исламды қабылдауынан кейін көмескілене бастаса, X ғасырдың екінші жартысында араб дәстүршілдігі негізгі айқындаушы рухани күшке айналған тұста түркінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тілі мүлде қолданыстан шығып қалған болатын. Оны қайта тірілткен Қожа Ахмет Йасауи болды. Ол Исламның негізігі иманға қатысты бес парызын алып, қоғамдық қатынасты реттеуді толығымен түркінің көне әдет-ғұрып, салт-дәстүріне берді. Демек, қазақ халқында қоғамдық қатынастарды реттеу үшін қолданылып келген шариғат үкімдері ретінде көнеден келе жатқан түркінің салт-дэстүрі болғандығына көзіміз жетеді. Бұл қазақ халқының салт-дэстүрі мен әдет-ғұрпы қазақ халқының діні мен діни танымымен тығыз байланыста болып, қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізі болған Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жолы негізінде қайта калыптасып, киелілік сипатқа ие болғандағын көрсетеді. Иасауи жолы – түркінің рухани, мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жасалған, оның рухани қажеттіліктерін толық қамтитын Аллаға ұластыратын жол. Қазірге дейінгі қазақ халқының дәстүрлі діни танымы осы Йасауи жолы негізінде қалыптасып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалыптастыруға негіз болды. Басқаша айтқанда, Йасауи жолы ислам дінінің түркілер арасындағы өмір сүру формасы еді…» (2)
Қазақтың дәстүрлі дінінің негіздерін үзбей зерттеп жүрген Зікірияны түсінемін, әрине. Бүгінде атам заманнан алты ауыз мұсылман қауымы ішінен ауызбірлік кетіп тұр. Сол алауыздық өз ішімізден де байқалады.. Қайтпек керек?.. Түркістан облысының ашылып, Түркістан қаласының түркі әлемінің рухани, идеологиялық астанасына айналуы осы алауыздықты ауыздықтай алса игі!..
2
Бүгінде республикалық деңгейдегі Хожа Ахмет Яссауи комплексіне жиырма төрт тарихи жәдігерлер қарайды. Солардың бірі – Қызылорда облысының аумағындағы Сауран қамалы. Кәдімгі үлкен жолдың бойында өткен-кеткеннің көз жауын алған қамал орны. Соңғы кездері кино түсірушілердің назарына ілініп, қазба жұмыстары мен реставрация қатар жүргізіле бастаған нысанға жұрттың қызығушылығы басым.
Алдымен Сауранға соқтық. Сауран болғанда – Жаңа Сауран. Кәдімгі арлы-берлі өткендер пойыз терезесінен көзін сатып қарайтын Сауран қаласының орны. Үлкен тарихтың куәгері Ескі Сауран құм ішінде қалған.
Сауранды соңғы кезде археологтар мен киношылар айналдырып жүргенін білем. Кино қажеттілігі үшін бұрынғы қала қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген, қала кәдімгідей туристік орталыққа ұқсап қалыпты. Соңғы жылдары жүргізілген қазба жұмыстарының орнын аралап келеміз. Бір кездері өзіміз арлы-берлі өткенде арнайы тоқтап, жата-жастана дем алатын орын. Мынау – қазандық. Мынау – кәріз. Мынау – құдық.
– Біздің жігіттер пәле, – дейді Зікірия – Ескі медресенің орнын дәл тауып қазғандарын көрмейсің бе?.. Сауатты қолдан шыққан жұмыс…
Жаңадан қазылған медресенің орны атшаптырым жерді алып жатыр. Мынау – оқу корпусы. Мынау – жатақхана. Қазып алынған жер қабаттары қаланың бірнеше рет өртенгенін айқындап тұр.
– Осы жерде қыпшақ Бердібекті өлтірген… – дейді Зікіріия. – Кім өлтіргенін білесің бе?.. Ұлықбек… Ұлықбектің өзі…
Өлтірген… Өлген… Өртеген… Байзақты – Әлімқұл, Бердібекті – Ұлықбек… Басқа емес, бірін-бірі, туысқанын туысқаны, жақынын жақыны өлтірген… Бітпейтін әңгімеге құлқым жоқ.
* * *
Иә, Түркістан сапары соңына таяп келеді. Осы жерде Түркістан хикаяттарын үйреншікті журналистік тілмен «алған әсер ұшан-теңіз» деген сыңайда аяқтай салуға болар еді. Бірақ көңілі түскір қоңылтақсып, жүрегі түскір әлденеге алаңдай беретіні несі?..
Кешкісін жазу столының басында қағаздарымды жайып тастап ұзақ отырдым. Өзім біршама жақсы білемін деп ойлайтын Түркістан жайлы жаздың оңай еместігін мойындап та қойғам. Өйткені Түркістан хикаяттарының көпшілігі – діни наным, танымдармен байланысты болып келеді. Сол әңгімелердің көпшілігі адамзат өркениетінің бір тармағы араб мәдениетінің алтын дәуірі – орта ғасырлардан бастау алады. Сол дәуірде дүниеге келген жазбалардың көпшілігі құдіреті күшті Алла тағаланың атын ауызға ала отырып басталады. Ал Алланың атын ауызға алудың соңында жауапкершілік жататынын да сеземін.
Сөмкемнен конспектілерімді шығарып, арлы-берлі аударыстырып отырмын. Мына… иә, мына жазуларды осыдан ширек ғасыр бұрын қағазға түсірген екенмін.
«…Аяғынан тік тұрып, алты қырдан арғыны көретін дәрежеге жеткен күннен санасы әртүрлі діндермен уланған пенделерді мұсылманшылық жолына салу оңайға түспегені анық. Әлемдегі ең жас, ең өркениетті дін жолын алғаш ұстанған араб тайпалыры болса дін саясатын жүргізуде ғылымның күшін, қаламның ұшын да кеңінен пайдаланды. Қылыштың күші, найзаның ұшы жетпеген жерлерге құдіреті күшті Алланың атын адамның хаты жеткізді.
Сегізінші ғасырда Үндістан мен Мессопатамияны, Кавказ бен Сирияны, Палестина мен Солтүстік Африканы бағындырған, Гибралтар бүғазынан өтіп Пиреней түбегіне дейін барған арабтар Орта және Кіндік Азияға жаулаушы емес, дін таратушы мисионерлер ретінде келіпті.
Төрт ата найманның түп бастауында тұрған Төлегатай мен араб миссионері Қылышты қожаның бейіті Сырдария өзенінің бойында қатар жерленуі бекерден-бекер емес шығар. Көпшілік қауым жақсы білетін Бабай Түкті Шашты Әзіз жайлы аңызда араб миссионерлерінің қазақ жерінің бір пұшпағын бейбіт түрде алғаны жайлы айтылады.
Аңызға сенсек, қолындағы қылышын тәңір тұтқан жауынгер қыпшақтарды қасиетті бабамыз қарудың күшімен емес, білімнің (бәлкім рухының) күшімен бағындырған көрінеді. Аңыз бойынша қасиетті Шашты Әзіз баба тау болып үйілген сексеуілге от қойғызып, өзі соның ішінен аман шыққан деседі. Бағзы заманда болған оқиғаны көзімізбен көрмегендіктен, қып-қызыл шоқтың ішінен аман шыққан қасиетті адамның алдында тізе бүккен қыпшақтардың тілін кәлимаға келтірген ғылым мен білімнің күші шығар деп ойлаймыз ғой баяғы…
Кешеден бүгінге жеткен осынау сұлу аңыз Куба мен Гаити аралдарын ашқан Христофор Колумб сапарын, Жаңа Гвинея аралдарын ашқан Миклуха Маклай саяхатын еске түсіреді. Өркениет алдында бас иген ақ жүрек адал инктер мен папуас тайпалары еріксіз ойға оралады. Бірақ та Орта және Кіндік Азияны мекендеген бұл тайпалар инктер мен папуастарға мүлдем ұқсамайтын. Оңтүстікте – сақтар мен массагеттердің, шығыста – қаңлылар мен ғұндардың, үйсіндер мен қыпшақтардың көне мәдениетін бойына сіңірген жауынгер Көк Түріктің тікелей ұрпағы еді олар. Оның үстіне араб миссионерлерінің Түркістан сапары мен испандық Колумбтың Америка саяхатының арасын жеті ғасыр, Маклайдың Австралия сапарының арасын он бір ғасыр уақыт бөліп жатқан-ды.
Осылайша араб миссионерлерінің келуімен ұлы далада өркениеттің алтын дәуірі басталып, ол бес ғасырға Шыңғысхан жорығына дейін созылды, Бүгінгі Қазақстан аумағындағы үлкенді-кішілі қалалардың біразының негізі сол кезде қаланып, қазірге дейін сақталып қалған тарихи ескерткіштердің көпшілігі сол кезеңде бой көтерді, әлемдік ғылым мен мәдениетті жаңа сатыға көтерген ұлы жаңалықтар сол кезеңде дүниеге келді. Щыңғысхан ұрпағын төре тұқымы деп тәу еткен аңқаулау аталарымыздың Самарқан мен Қоқаннан арабтар әулеті – қожаларды арнайы алдырып, алдына мал салып, басына үй тігетін кезі осы.
Саясат пен саяхат қашан да егіз. Ол кезеңде білім жетілдіріп, ғылым қуудың бірден-бір жолы – жиһанкездік еді. Жаңа елдер мен жаңа жерлерді көзбен көріп, сирек кітаптарды қолмен ұстау үшін ғалымдар дәруішке айналып, дүние кезуге мәжбүр болды. 977 жылы «Патшалық жол қатынасы» атты кітапты жазған Ибн Хаукаль, әлемдегі алғашқы қарта сызушылардың бірі Әл Идриси, Әл Омари, бертіндегі Ибн Батутталар ең алдымен жиһан кезген саяхатшылар еді.
Орта және Кіндік Азияны зерттеген араб тілді ғалымдардың ішінде саяхатшы ретінде ерекше із қалдырған – Махмұд Әбіл Хусейн ибн Мұхаммед Қашқари болды. «Мен түрік ауылдары мен далаларының әр бірін адымдап жүріп аралап шықтым. Көптеген жылдар бойы түрік, оғыз, қырғыз қалаларып, ауылдарын, бекеттерін кезіп, олардың тілдерінің сөздігін жасадым» деп жазды Махмұд Қашқари.
«…Нәтижесінде Қашқари Қаспийдің шығыс жағалауынан бастап Лобнор көлінің ендігіне дейінгі Іле өзені бойлығынан Қашқарияның оңтүстік шекарасына дейінгі аралықтағы аса үлкен аумақты зерттеп, Орта және Кіндік Азияның бір бөлігін аудандастыруды жүзеге асырды, түрік ұлыстары мен тайпаларының орналасу шкқарасын үлкен нақтылықпен айқындап берді. Қашқари құрастырған «Түрік тілдерінің сөздігі» түрік тайпалары жайындағы мәлімет мен көне ақпараттардың, көптеген таулар, өзендер, көлдер, елдер мен мемлекеттер аттарының басын құрайды. Онда Тянь-Шань мен Жетісу өте нақтылықпен бейнеленеді; ол Ыстықкөл, Баласағұн таулары (Қырғыз қыраты), Алтай алқабы мен Іле өзенін атап өтеді. Ол жоғары Нарын алқабында болып, Шатыркөл мен Шыжың (Сонкөл) көлдерін ауызға алады. Қашқари Маңғыстау түбегімен де таныс. Оның жазбаларында бұл атау тұңғыш ұшырасады» (И.П.Магидович, В.И.Магидович. «Географиялық ашулар жөніндегі очерктер»).
Осы жерде ерекше ескеретін жәйт, ғылыми зерттеулерін араб тілінде қағазға түсірген Махмұд Қашқари да, Ибн Мұса Әл Хорезми, Әбунәсір Әл Фараби, Әбу Әли Ибн Сина, Әбу Райхан Әл Бируни; Әбілхасан Рудаки, Әбілқасым Фирдауси де Кіндік Азияның өз перзенттері еді. Олар Ибн Хаукаль мен Махмұд Қашқари секілді жаңа жерлер мен жаңа елдерді ашпаса да, ұлы даланы мекендеген ұлыстардың даналық мәйегін, рухани дәйегін тапты, адамдарды Анық пен Танықтың ара жігін ажыратар Ақиқат жолына қарай бастады. Сол сол-ақ екен, Алланың аты, адамның хатынан басталатын сол Шындық рухани жиханкезге айналып, жер бетін шарлап, әлемді кезіп жөнелді…»
Иә, ширек ғасыр бұрын, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қағазға түскен жазбалар. Арадағы ширек ғасырда не өзгерді?.. Ғасырлар бойы өзара қырқысып келе жатқан мұсылман қауымы өзгерді ме?..
Рухани жиханкезге айналған сол Шындық шіркін жер бетін шарлап, шар-лап келіп менің Түркістаныма келіп тірелгенін қайтейін!..
Серік БАЙХОНОВ