МЕНІҢ ТОЙЫМ БОЛҒАН ЖОҚ…

КЕЛЕСТІҢ  ЫСТЫҚ  ТОПЫРАҒЫ-АЙ!

Қызғалдағын теріп сонау белестің,

Оңтүстіктің шаңына аунап мен өстім.

Алып кеттім аттанарда әскерге,

Жалғыз уыс топырағын Келестің.

 

Сол топырақ бойтұмар боп байланды,

Өз көзімен көрді қырғын майданды.

Сол топырақ қызыл қанға малынып,

Балшыққа да мың сан рет айналды.

 

Сол топырақ шапшып алға адырдан,

Анам болып талай шықты алдымнан…

Бойтұмарым – жалғыз уыс топырақ,

Көк қапшығым қағылғанда – болды нан.

 

Ұғымы пәс, діндәр адам емеспін,

Табиғатпен тату-тәтті тел өстім.

Туған жерге мені әкелген жетелеп,

Жалғыз уыс топырағы Келестің!

 

МЕНІҢ ТОЙЫМ БОЛҒАН ЖОҚ

 

Менің тойым болған жоқ,

Болмайды да,

Өмірден жарсыз өттім,

 Сол қайғы ма.

Шабыттанып, шарқ ұрып анда-санда,

Бір желпініп аламын жыр жазам да.

 

Есік тойым болмапты есейгенде,

Бесік тойым өтіпті бір заманда…

 

Менің тойым болған жоқ дүрілдеген

Қосағымның білмеймін түсін де мен.

Үкілі көрпе-жастық қыбыр етпей,

Шымылдығым әлі тұр түрілмеген.

 

Мұрты бар жайсаң жігіт болғанменен,

Неке үйіне барғам жоқ «Волгаменен».

Мақсатым, бала-шағам, байлығым боп,

Жүрегім болашаққа жолдады өлең.

 

Қапелімде бұлт шалса қабағымды,

Жүрегіме жанимын қаламымды.

Сағындырып жазамын өлеңімді,

Сағындырып сүйемін қарағымды.

 

ЕСІМДЕ ЖОҚ…

Тал түбінде күттім кімді?

Білмеймін…

Зеңгір көкті кезеді Ай.

Есімде жоқ кімдерменен кездестім?

Ой, жігіттік кезең-ай!

 

Есімде жоқ,

қабылдап ед біздері,

Қай сквер, қай мекен?

Жанарыма қадалған

Сол кездегі «мерген» көздер қайда екен?

Қазір, міне, қадалмайды сол көздер,

Ішке бүгіп өз сырын.

Бір ғанибет екен-ау,

Қыз-келіншек тастап өтсе көз қырын.

 

АУЫЛЫМ МЕНІҢ БЕЛДЕ ЕДІ…

Шаңға аунаған бүлдіршіндер дәл бүгін,

Таныс та емес, жат та емес.

Бір кездегі тәтті тағам қайранмын

Қазір неге тәтті емес?

 

Осы бүгін міндетім деп білемін;

Ізет жасау ағалық.

Бір кездегі орамалдар қып-қызыл –

Кетіпті ғой ағарып…

 

Елге оралдым.

Түстім, міне, көліктен,

Адамдарға көз тастаймын жағалай.

Бірге өскен құрдастарым қайдасың?

Қызықсың-ау, заман-ай!

 

ӘДЕТ

Мен әскерден оралғанда, обал-ай,

Болып еді мынадай бір салт пайда:

Ә дегендед ақ төсеке жоламай,

Жатып жүрдім қатқыл, сарғыш тақтайға.

 

Төңірегім кетті неге тарылып,

Неменеге таңсық емес ақ жайма?

Армиялық «подъемды» сағынып,

Түнеп жүрдім скверге, вокзалға.

 

Айдаланы кеттім кезіп, құм жұтып,

Ойлағам жоқ ошақ қасын, бас қамын.

Ақша тапсам өз қалтамды ұмытып,

Мүгедектің қалпағына тастадым.

 

Шақырады жасыл жайлау, құз биік…

Тек далада, тек далада – керегім.

Креслоға отырып ап ызданып,

Жыр жазуды үйрене алмай келемін.

 

МҮШЕЛТОЙ ТУРАЛЫ

Өмірім бұрқырап өтті ғой,

Ашыған қымыздай сабада.

Күндерім –  телеграф сымдары,

Жылдарым – ыздиған бағана.

 

Сымдарды байлап, сүрінбей

Албырт ойларым зулайды.

– Ей, жас ұрпақ, тыңдаңдар, мені – деп,

Жүрегім тулайды.

Қызынып,

Аңғармай, қалыппын…

Бұл өмір тым тәтті, ал, енді.

Білмеймін,

Өткен күндердің –

Нешеуін өрт шалды?

Нешеуі бал еді?

 

Сұм соғыс салды ғой әлекті,

Ол күндер қиын-ды.

Мені елуге жетсін деп,

Он сегіз жасар майдангер

Қыршынынан қиылды.

 

Біршама жырдан қол үзіп ем,

Ауырдым.

Көңіліме туды үрей.

Жақсы өлең жазсам елу жол,

Мен үшін сол – қуаныш, юбилей!

***

Ораламын жастық шақтың жұртына

Киіз үйге енсем – сол.

Сәбидей ғып көтеріп тұр шаңырақты

Сексен уық – сексен қол.

 

Жұмыртқадай ақ отауда дүрілдеп,

Малшылармен басымызды қосамыз.

Сырлы уықтың арасында газеттер,

Керегеде – қосауыз.

 

Шаңырақтан сығалаған жұлдыздар,

Бір табақ құрт іспетті.

Ақ сазандай қыз білегі ойнайды

Күрпілдетіп піспекті.

***

Қар аппақ.

Тал аппақ.

Дала аппақ.

Маялар жұмыртқа.

Мұржалар мамырлап боздайды,

Көгілдір ымыртта.

 

Күн қызыл етегін жиды әне,

Дүниенің сөнгендей көз-шамы.

Көгілдір ымырыттың жүзінде сусиды

Боз тұман – боз шәлі.

***

Уақыт,

Уақыт,

Уақыт,

Ұршықтай ызғып тұр.

Тынымсыз күйгелек көңіл-ай,

Алсайшы мызғып бір.

Сарала жұп-жуас күз келіп,

Алады жаз демін.

Берерің болса бер, өмір,

Уақытым аз менің!

 

Шіркін, албырт шақтар-ай,

Көп еді-ау қуаныш, әлегің…

Әжімге сүңгіген жастықты

Суырып алмақшы қане, кім?!

 

Итеріп тастайды архипке

Уақыт жылдарды сырғытып.

Жас ұрпақ – қалың, қол армия

Кезекті тұр күтіп.

 

Азалы уақыт жетсе егер,

Сынады қыранның қанаты.

Өмірдің салты сол –

Той – думан,

Жар сүю,

Жалақы…

Нелер бір тетікті армандап,

Күтеміз әрдайым біз жеңіс.

Өмірдің салты сол –

Ойлану,

Тебіреніс,

Ізденіс.

 

Сөйлейді тарих боп, тас болып,

Бүгін де, кеше де.

Уақыт қолынан  өтеді

Әлеумен толқыны нешеме!

АТШЫ, ТАҢЫМ

Терезеге қараймын кеп телміре,

Осындайда сезіледі таң көркі…

Палата ақ, керует ақ, жастық ақ

Тек қап-қара жан дерті.

 

Бар қуаныш, бар тіршілік, бар қызық

Әлдеқайда сытылды.

Сықырлаған он бес темір керует

О да сырқат сықылды.

 

Ауыл қызы елестейді көзіме,

Көйлек киген бүрмелі…

Бейтаныс көз күлімдейді әйнектен,

Сұйылған шақ достарымның дүрмегі.

 

Бауырмал қол айран созса бір шөлмек,

Көңіл шіркін қалады ғой көп өсіп.

Терезеге қадаламын мұңайып

Жалт қараймын сықырласа көк есік…

Тоқаш БЕРДИЯРОВ

 

 

 

 




ПІКІР ЖАЗУ