Мінуәр ӘКІМХАН . АҚ ЖАҢБЫР

Жасымнан жақсы таныс
(Қасым Аманжоловқа)

Жалт етіп, ерте өмірден өткеніңмен,
Танылған ақын едің өктем үнмен.
Кешегі қан сапырған сұм соғыста,
Батырсың батыл басып өртте кірген

Түстің де ерте көзге дара сондай,
Шаң жұтты талай даңғой жанаса алмай.
Дүбірлі жыр жарыста жүйрік болдың,
Озып келген алдына қара салмай.

Серпіліп сүйсінердей жан-күй нағыз,
Іздесек ізіңізден аңқиды аңыз.
Жарқырап көкірегіңді жарып шыққан,
Айналды өшпес әнге Дариға-қыз.

Замана мың құбылған міншіл кезде,
Болмадың әсте әуес жылтыр сөзге.
Ылдидан шапса бүгін төске озатын,
Өзіңдей көрінбей жүр дүлдүл көзге.

Жасымнан жақсы таныс жырың маған,
Кезім аз, отты ойыңа жылынбаған.
Азулы, өр мінезді ақынсың сен,
Ығына мықтылардың жығылмаған.

Сездірген мөлдірлігін жыр сабаты,
Жан едің ақыл-ойлы бір саналы.
Ізбасар ақын інің Мұқағали,
Өзіңді өлеңдегі пір санады.
Құштарлық сездірмей-ақ жүлделерге,
Айтулы ақын болдың жүзген өрге.

Көкірегіңнен төгілген кестелі ойлар,
Құбылыс боп енді ғой жыр-өнерге.

Жарқылдап ұшқыр ойың көз арбаған,
Қашанда Қасым аға, озар бағаң!
Қан майданда жазылған өлеңіңе,
Риза боп ұлы Ғабит сөз арнаған.

Тастасам жолыңа өткен көз қиығын,
Тартыпсың талай мәрте сөз күйігін.
Дауылдардың өтіне ұрынсаң да,
Ақынсың сақтап қалған өз биігін.

Білсем де өміріңнің көбін зерттеп,
Бір кірбің бар орнаған көңілге ептеп.
Осынау Алматыда әлі күнге,
Ағатай, атың да жоқ, не бір мектеп.

Тұлпарсың өрге шапқан бір жығылмай,
Тұрсын ба, сен дегенде жыр құйылмай.
Алайда өзің жүрген Алматыдан,
Кең көше атыңа әзір тұр бұйырмай.

Сен бүгін бет бұрсаң да ғасырға алыс,
Демеймін, даусыңдағы өр басылды ағыс.
Қаншама жылдар өтсін бұл қазаққа,
Боласың азулы ақын Қасым таныс!
* * *
Қайдасың, сен хабарсыз кеттің мүлдем,
Шынымен болғаны ма серттің бір кем?
Жас бейнең жарқыраған еске түссе,
Жарады көкіректі өткір бір дем.

Айналған жан болған соң қимасыма,
Қашанда жүрсе деуші ем кіл қасымда.
Әлде сен қаласың ба мәңгілікке,
Жетерлік сағыныш боп бір басыма.

Қайтемін сендік сырды бүгіп күшпен,
Сөзімнен не шығады күйіп-піскен?
Әлде бір жай отыма ең, жақын келіп,
Үкілі үмітімді қиып түскен.

Көнбейтін көрінсең де күшке құсым,
Кіреді жиі-жиі түске жүзің.
Әйтеуір бір білерім мен өлгенше,
Өшпейді жүрегіме түскен ізің.

* * *
Аялдамай аяқ-қолын жылжытып,
Бара жатыр үстімдегі жыл бітіп.
Алыс жатқан ауылдағы жан досым,
Отырсың ба, менен жаңа жыр күтіп.

Жеткенімде жетпіс деген жасқа әрең,
Саған арнап жаза алам ба жақсы өлең.
Өзің үшін өрнектесем өзгеше,
Мені танып қалар ма екен басқа әлем!

* * *
Тірліктің жуымаған қайғы-мұзы,
Сен едің ауылымның арлы қызы.
Сездірген сезімімнің жұмсақ үнмен,
Кеудеңнің түкпірінде қалды ма ізі?

Дегем жоқ үміт отын сөндірмегей,
Сол үшін жылдар өтіп сездің бе өгей?

Жеткізе алмадым ба ойымды анық?
Кезінде кеудемдегі сөздің кедей.
Бақ құсы болсаң да ұзап кеткен мейлің,
Тап келген тағдырыма кектенбеймін.
Анығы өмірімнің сапарына,
Бір сендік сағынышты ерткендеймін.

Үстімен жол шеккенде сағым қырдың,
Көз салмай өткенім жоқ жылғаларға.
Сен мені неге бұлай сағындырдың,
Зар қылып осыншалық бір хабарға.

Жоқсың ғой іздесем де көз талдырып,
Таусылып бара жатыр тағат – шыдам.
Жетсін деп құлағыңа сөз жаңғырып,
Сен басқан жолды кейде қарап шығам.

Жаралған тұла бойы тазалықтан,
Жан едің жанарына тұнған арың.
Кеткендей болар едім жасарып қан,
Жетсе егер құлағыма бір хабарың.

Білемін сұрғылт суық қалдың тауда,
Бола ма өзгермейтін сол тұрағың?
Бір сендік ойды келіп қайғы ұрлауда,
Орныңды немен енді толтырамын!

Дала дидары

Жаурайды қатты демек жер,
Дегендей жауған қар мына.
Жапырағын төкті теректер,
Қыс жақындап қалды ма?

Даланы кезіп, жел гулеп,
Қатая түсті түнгі ызғар.
Долы боран демде үрлеп,
Көмілді қарға сұр құздар.

Қос өкпеден мұз қысып,
Тарылтты өзен тынысын.
Тырнағы құстың түсті үсіп,
Шығармай қалды-ау, дыбысын.

Араласпайды көп жұртпен,
Қатал қыста шал-шабыр.
Жерде әжім жоқ тіптен,
Қарасаң да қанша бір.

Ерттеп мінді құла атын,
Дегендей інім көр бізді.
Танытпақ сөйтіп қуатын,
Өріске қойын өргізді.

* * *

Ақ жаңбыр ақтарылсын, құйсын, жаусын,
Тау суы жердің кірін жусын-барсын.
Көңіл де көтеріліп қалар деймін,
Естісек көк аспаннан құстың даусын.

Көп жауса жер гүлдейді жаңбыр аса,
Арналы бұлақ тасып, шапқыласа.
Көктемнің төрт түлікті көбейткені,
Қозы-лақ енесіне жамыраса.

Ақ жаңбыр өте шықса, қырға төгіп,
Алады қатпарларын құмда сөгіп.
Даланың етек жеңі, кең жайылып,
Кетеді керемет бір нұрға бөгіп.

* * *

Сен десем жазылмады жырым қашан,
Өкінбен ойлап уақыт шығындасам.
Өзіңді көріп көңілім алабұртқан,
Кезімде көз тоқтатар шымыр-жасаң.

Дегендей көңіліңнің сыйын ұқтыр,
Есімде қарағаның қиылып бір.
Сондағы айтылмаған арман-үміт,
Түбіне көкірегімнің жиылып тұр.

Тұрғанда сағынышым самсап өрттей,
Өзіңді жүру қиын аңсап өтпей.
Алайда өкінішім ұлғаяды-ау,
Бұл жырым назарыңа қалса жетпей.

Жанымды жалынға орап өпкен демің,
Шықпады көкейімнен көптен менің.
Жасырман жаулап алсаң бар ынтамды,
Сен бәлкім сағындырған көктем бе едің?

Жан едің көңілі таза, кең де керім,
Білемін мені өзгеден кем демедің.
Шаттықты шапағатты көктем болсаң,
Кеудемді нұрға толтыр кел де менің.

Екеуміз танысқанбыз
(Зейнолла Серікқалиұлына)

I-жыр
Бұл күнде болсаңдағы жоқ қасымда,
Сағынып, өзіңді іздеу тоқтасын ба?
Екеуміз танысқанбыз әлі есімде,
Аяулы Әбу ақын отбасында.

Бұл өзі 65-тің күзінде еді,
Жақын тартты ақ жарқын жүзің мені.
Болсақ та мен ауылда, сен қалада,
Хат-хабар арамыздан үзілмеді.

Асып-тасып тұрмаған тіпті ақылы,
Өзіңнің емес едім түк жақыны.
Ерінбей еңбек еткен – дедің сонда,
Талайлар болды елінің мықты ақыны.

Есімде мақтамадың мені бірден,
Жөн – дедің ең әуелі нені білген.
Сөйттің де сөз соңында жазған жырың,
Дегенсің таза болсын дені кірден.

Қолыма тигендей бір хат бағалы,
Келемін бұл сөзді еске сақтап әлі.
Ағатай осы ойыңнан кетті елестеп,
Әбудің жыр жарысқа баптағаны.

Сөзіңде жатқанымен қанша растың,
Демеймін көп бөгетті аршып астым.
Діттеген үмітіңді үзбейін деп,
Шабыттың тұлпарына қамшы бастым.

Мақпал нұр жанарыңа ұйып тұнған,
Жаныңның тазалығын жиі ұқтырған.
Қабілет қарымыңда, қайратың да,
Кісі едің талайлардан биік тұрған.

Пікір қалдыру