МІРЖАҚЫПТЫҢ ОРАЛУЫ

/Хикаят-сапарнама/

 КЕЛДIҢ БЕ, ӘКЕ, КИЕЛIМ

(Алғы сөз орнына)

Жан әке, мен сенiң өмiрiңнiң жалғасындай болып күңiренiп артыңда қалғанымда, тура жиырма жаста екенмiн. Шешемiз Ғaйнижамал екеумiз тағдырдың талай қатыгездiгiне шыдап бақтық. Бiр сенiң заман алдындағы адалдығың мен ақтығыңды, күнәсiз пәктiгiңдi «халық жауы» деген жаладан көз жеткiзе дәлелдеп ақтау үшiн Құдайым бiздi ажал шеңгелiнен әрдайым аман алып қалған шығар деймiн. Тәубе соған да! Қырқыншы жылдың қыркүйегiнде анамнан айырылған соң, әкешiм-ау, жалғыз қызың елу жылдай өмiрiн iштей өксiкпен өткiздi ғой. Жұптасқан жұбайым бар, базарым – балаларым бар, сонда да, беу, дүние-ай, iшкенiм – iркiт, құсқаным запыран болды. Күнде таңертең төсектен менiмен бiрге өмiр мен өлiм тәжiкелесiп қатар тұрып, киiнiп жататындай. Маған жарық сәуле сыйлаған әкешiм, халқына бақыт сыйлаған Мiржақып сол әдейi жасалған түнек­қапаста «қара құзғын» болып мәңгiлiкке жата бермек пе? Қамын ойлап, құрбаны болған халқың қайда? «Оян, қазақтың» бебеулеген жаралы да зарлы үнi жетпедi ме екен құлағына? Жо-жоқ! Олай деуден аулақпын. Iргелi елдермен төбе түйiстiрген жұртыңды әлем таныды. Өзiңнiң мәңгiлiк мұратыңа айналған «Егемен болмай – ел болмастың» шапағаты әр үйдiң шаңырағынан нұр төгiлттi. Қуан, әке, осы үшiн! Сенiң ақ адал есiмiңнiң кешеуiлдеп ақталғанына халқың – қазағың кiнәлi емес, шер мен наладан шеңбер құруға өлердей құштар қызыл империя кiнәлi едi. Сол айбынды одақтың өзiнен-өзi оты сөнiп, шаңырағы ортасына опырылып түсудiң аз-ақ алдында – 1988 жылдың 4 қарашасында мәңгiлiкке ақталдың, әке! Қазағың қазiр көзiн ашып, басын көтерiп, жаппай оянып жатыр, әке!

Егемендiгiнiң еркiн бiр белгiсiндей ерен оқиға да осы тұста – 1992 жылғы 1-18 қыркүйек аралығында болғанын қалай мақтан етпеймiн. Торғай облысынан жасақталған арнаулы экспедиция мүшелерi: алматылық ғалым Марат Әбсеметов, республикалық «Егемен Қазақстан» газетiнiң осы облыстағы меншiктi тiлшiсi Қайсар Әлiм, Жанкелдин аудандық Жастар iсi жөнiндегi комитеттiң төрағасы Айдар Талпақов, милиция капитаны Серiк Асқаров, Арқалық автобус паркiнiң жүргiзушiлерi Кеңесбай Меркин және Хамит Райымханов Карель жерiндегi қабiрiңнен сүйегіңді аманаттап алып, туған топырағыңа мәңгiлiк табыстады. Киелiсiнiң қайтып келгенiне туған елiң балаша қуанды. Әкешiм, ендi сен кiндiк қаның тамған жерде тыныстап жатқаныңмен, өшпейтiн өмiрiңнiң рухы ұрпақтарыңның ой-санасында жаңғырып жатыр. Жалғыз қызың ендi сексенге келсе де, өмiрге ғашық жас бала тәрiздi. Ғұмыр сүргiм келедi, өмiр неткен сұлу! Қазағым, қайран жұртым, өмiрдiң тәттiсi де, мәндiсi де алдымызда тұр емес пе?! Ендеше, қазiр оянған халыққа опынбастай ойлану тән-ау!

…Әке, 1995 жылдың 8 қазанында Қызбел өңiрiнде 110 жылдық тойың дүркiреп өттi. Көк күмбездi кесенең мен мұрағатты мұражайың ашылды. Естен кетпес қуаныштың басы-қасында балаларымды, немерелерімдi ертiп өзiм де болдым.

Табытыңның мәрмәрмен өрiлген қақпағындағы: «Бiрлiк жоқ, алты ауызды халықпыз ғой, қатардан сол себептi қалыппыз ғой…» – деген өсиет сөзiң өн бойымды шымырлатып, еңiреп жiбергенде, халқым басу айтқан… Әкешiм, мен сенiң өзiңмен қоса сөзiңдi сағынғаннан жылағам.

«Халқымды қатардан қалдырмаймын» деп жаққан жүрегiңнiң шырағы сөнбейтiнiне кәмiл сенемiн.

 Гүлнәр Мiржақыпқызы Дулатова,

Алматы, 1996 жыл

І тарау

ОРТАҒА ОРАЛУ

 Мiржақып Дулатұлының аруағына бағыштаймын.

Автор

 ГҮЛНӘР АПАЙДЫҢ АРМАНЫ

Мiржақып Дулатұлы ақталды. Ақ түйенiң қарны жарылды. «Халық жауы» деген қара күйе аппақ ардың бетiнен шындықтың қырғышымен мәңгiлiкке қырылып тасталды. Сөйтiп, қазақтың бiртуар асыл азаматы рухани ортамызға сағын­дыртып оралды. Қомпиып қалдық, көзге жас тiрелдi, жүрек атойлады…

Жатсам-тұрсам бiр ой менi түртпектей бередi… «Сарықопаның сағынышты сыңсуы, Қоңыраулының қоңыр әуен ағысы, Қызбелдiң қызықтыра қол бұлғаған шыңдары, қайсыбiрiн айтарсың, барша сұлулық атаулының мекенi – осы туған өңiрдiң бiр аталас перзенттерi екенсiңдер. Ендеше, Мiржақып туралы келешекке хат жазып қалдыру сенiң парызың емес пе?» деп бiр әлеуеттi үн құлақ түбiнде күндiз-түнi сарнайды да тұрады. Бебеулейдi берекемдi қашыра, бара-бара айбарлы үннен, шыққан күннен ұялып, бетiмдi басатын болдым. Мiржақыптың қабырғада iлулi тұрған суретiне әлдеқалай көзiм түсiп кеткенде бойым шымырлап, «Не бiтiрiп отырмын осы?» деп сабырсызданамын.

Осындай түңiлу, шымырқану үстiнде бiр күнi – 1990 жылдың 3 қаңтарында Қостанайдан Мiржақыптың Алматыдағы қызы Гүлнәр апайға хат жаздым… Былай дегенiм есiмде: «…Апай, ендiгi менiң ойым – нағашымның туған жерiн, жастық шағын, бiлiм алған ортасын, азамат болып қалыптасқан тұсын, қазiргi бар туған-туыстарын бейнелеп, сипаттайтын танымдық маңызы бар хикаят жазу. Ол үшiн бiраз дерек жинақталғанға да ұқсайды. Бергiсi Бөпежан апаймен де (Дулаттың екiншi баласы Қонысбайдың қызы – Қ.Ә.) сөйлестiм. Ол кiсi қуатты жүрiп жатыр. Өзi 77‑де, шалы Шалабай 84‑те. Қостанайдың iргесiндегi «Краснопартизан» деген кеңшарда тұрады… Баспасөзден әкеңiз туралы естелiктерiңiздi оқып жатырмыз ғой, дегенмен де қысқа да болса нұсқа өз қолыңызбен жазылған мөлтек сырларыңызды тiзiп берсеңiз екен. Әкеңiз жайлы не бiлесiз? Бәрiн-бәрiн рет-ретiмен, хронологиялық жүйемен… сосын қолыңыздағы суреттердiң бiр-бiрден көшiрмесiн әзiрлетсеңiз екен. Әкеге байланысты тағы қандай мұра көздерi бар (киiм-кешек, күнделiктi тұрмыстық дүниелер т.б.) – бәрiн ескерсеңiз…».

Ал елеңдеп хабар-ошар күтейiн астана жақтан. Сарсытып барып санама салмақ салғандай болған хат араға алты ай салып үздiктiрiп жеттi-ау, әйтеуiр. Ашып жiберiп құныға оқысам, Гүлнәр Мiржақыпқызы былай дептi:

«Қадiрлi Қайсар жиенiм! Хатыңды алдым, дер кезiнде жауап жазуға мұршам келмедi, 20 маусымнан берi ауруханадамын. Шынымды айтсам, шаршап, титықтап қалсам керек. Ендi-ендi денсаулық қалыптасуда. Өзiңдi көрген деген қандай жақсы, естiгеннен көргенге не жетсiн. Ниетiң – кiтап жазу деген мәселе менi қуантады… Өзiңе Тәңiрiм қуат берсiн!

Бұл күнде жасымның ұлғайғаны бар, денсаулығымның мұқалған кезi, мұршамды келтiрмеуi қынжылтады. Өткен сұрапыл жылдар жаншып, айтар ойыңды, iшкi сырыңды уақытында шығара алмай келудiң зиянын байқаймын. Әттең, жiгер-қайратым барында, сүйiктi ақылгөйiм Әбенiм (Гүлнәр апайдың жұбайы – Қ.Ә.) жанымда жүргенде, осы қызықты, ендi туып отырған шуақты күндерiм сол кезде болсайшы. Бұл тек қиял ғой, ендi жалғыз өзiме күш түскен соң, амал қанша, қолға қалам алудың кезегi келiп отыр. «Жұлдыздың» 6‑санында менiң естелiгiм басылып шықты, оқып таныс. Көп нәрсенi, Мiржақып нағашың туралы «Бота апамның әңгiмесi» деп, жазып шықтым. Естiгенiм әлi бiткен жоқ, кейін жеке кiтап болып басылады.

Әбен жездең бiзге нағыз жанымен берiлген, көп жайды бiлiсiп-түсiнiсiп кеткен еді. Папамның «Бақытсыз Жамалын» қолына түсiрiп алғанда, бұл нағыз қиын-қыстау заман-ды. Әкемдi және өз басымды сыйлайтын, шығармаларымен таныс болатын, жоғары баға берiп, мақтаныш тұтатын абзал жан едi ғой. Әттең, бұл күндi көре алмай кеттi. Бар деректердi менiң естелiгiмнен аларсың, қазiр жазып жатырмын, «Ана тiлi» газетiне үлкен материал даярлап жатырмын.

Үлкен жаңалық! Папамның еңбегiмен айналысып жүрген ғылыми қызметкер, Академияның Әдебиет және өнер институтының талапкерi Марат Әбсеметов үлкен жұмыс тындырып қайтты. Ол Бел. Бал. (Беломор-Балтық. – Қ.Ә.) каналы бойындағы үш-төрт қалада болды.

Ғылым академиясы Сосновец стансасындағы кiсiлерге алғысын жолдады. Ондағылар үлкен құрметпен папамның есiмiн көшелерiне бермекшi. Жақында бәрiмiз бас қосатын шығармыз. Пiкiрлесу, танысу, ел-жұртпен кездесу – алдағы мақсат, соған жетейiк. Үй iшiңе, ел-жұртыңа дұғай сәлем!

 

Сәлеммен, Гүлнәр апаң Мiржақыпқызы Дулатова,

Алматы, 2 шiлде, 1990 жыл».

 ІІ тарау

КАРЕЛИЯ БАҒЫТЫМЕН

М. Дулатұлының ҚАБІРІ ТАБЫЛДЫ

 Алыстағы Карелия жерінде

Сталиндiк қуғын-­сүргiннiң құрбаны болған қазақ ақыны және ғалымы Мiржақып Дулатұлының қайда жерленгенi көптен берi белгiсiз болып келген едi. Бұл құпия Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерi М. Әбсеметовтiң көп еңбектенуi арқасында жуырда ашылған. Оның өтiнiшi бо­йынша Карель АССР-iнiң Сосновец поселкелiк Советiнiң атқару комитетi бауырлас Қазақстанның көрнектi мәдениет қайраткерi жерленген жердi анықтау үшiн комиссия құрды. Байырғы тұрғындардың айтуынша, ол Сосновец поселкесiне жақын маңдағы ескi зиратта жерленген. М. Дулатұлы 1930 жылы жазықсыз сотталған болатын, ату жазасы кейiннен он жыл түрмеде отырумен ауыстырылды. Ол жазасын Соловкиде және Ақ теңiз – Балтық каналының құрылысында өтедi, фельдшер мiндетiн атқарып, лазаретте жұмыс iстедi. Ақын 1935 жылғы қазан айының 5‑iнде қайтыс болды. Лазарет қызметкерлерiнiң және жергiлiктi тұрғындардың талап етуi бойынша, лагерь басшылығы оны «ерiктiлер» зиратына апарып жерлеуге рұқсат еттi. М. Дулатұлы Қазақ ССР Жоғарғы Соты сот коллегиясының қаулысымен 1988 жылы толық ақталды, сот оның iсiн мұқият қарап шығып, одан қылмыс құрамын таба алмады.

ҚазТАГ («Социалистiк Қазақстан» газетi,

№172, 26.07.1990 ж.)

  1. Азаматты ардақ тұту – парыз

Қасiреттiң де қуанышқа айналар кездерi болады. Бүгiн ардақты ағамыз Мiржақыптың қабiрi табылыпты деген хабарды естiгенiмде, соқыр көзiмнен қуаныш жасы бұрқ ете қалды да, «Жасаған-ай, туған топырағына жеткiзу керек» дедiм өзiме-өзiм бұйырып. Жоқ, бұл тек өзiме ғана арналған бұйрық емес, ғасыр­мен құрдас қария басымды осы заманның, ескiше айтқанда, абызы санағандықтан, бәрі-бәрiне арнаған аталық кеңесiм едi. Бәрiне де амалсыз шүкiршiлiк етiп, ұлы Шекспир айтқандай, «қасiретiмiздi тәкаппарлыққа айналдырған» жұртпыз ғой.

Халық ұғымында адам жерден жаралады да, қайтадан жер қойнына оралады деген түсiнiк бар. Мәңгiлiкке аттанар тумаларымыздың сүйегiн қабiрге түсiргенде, «Жер-Ана саған аманат!» – деп, бiр-бiр уыс топырақ тастаймыз. Халқымыздың осы сөзiнде қаншама дана дәстүр жатыр. Сол дәстүрдi ұрпаққа мирас еткен жұртымыз Абылай ханды мезгiл, жол жағдайы көтермегендiктен уақытша жер қойнына тапсырып, келер жыл Түркiстанға апарып, Ахмет Ясауи мавзолейiне жерлеген. Бөкей хан сүйегi де, Арқаның атақты Аққошқары да осындай әдiспен Түркiстанға жеткiзiлген. Абайдың ұлы Әбдiрахман мәйiтi де уақытша Жетiсу жерiне аманатқа тапсырылып, келер жылы Шыңғыс топырағында тыным тапқан-ды.

Мұндай дәстүр Еуропа халықтарында да бар. Венаның қалалық зиратында бүкiл атақты композиторларға ескерткiш қойылған. Солардың iшiнде тек Шуберт қана Венада қайтыс болған екен, ал қалғандарының сүйектерi мұнда кейiннен жерленiп, бастарына мәрмәрдан биiк белгi орнатылған. Атақты Герцен сүйегi де Лондоннан Ресейге жеткiзiлгенi мәлiм.

Жариялылық пен жаңару кезеңi арқасында рухани мұралары туған халқының игiлiгiне айналған асыл ағалардың сүйектерiнiң де туған топырағында тыным табуына түгел ұжым қосалық. Мен «Ағалар рухына» атты бiр өлеңiмде:

…Беймәлiм әзiр қабiрлерiңе арнап,

Көңiлiмiзден аппақ гүл қойдық… –

деген едiм. Ендi көңiлiмiзден ғана емес, пәк қолдарымызбен де асыл ағалардың қабiрiне аппақ гүл қоятын болайықшы!

«Жарты жаңқаң қалғанша» барыңды туған халқыңа арнаған, сүйiктi аға, жаңадан құндақталмақшы топырағың торқа болғай, рухыңа бас идiк.

 Әбу Сәрсенбаев,

Қазақ КСР-інің Халық жазушысы

* * *

Мiржақыптың жазушылық, ақындық және қайраткерлiк қызметiн былай қойғанда, ол – ұлы адам. Қатыгез уақыттың ерте құрбаны болып кеттi. Ол өз халқының бойындағы салбөкселiк, марғаулық және тоғышарлық кемшiлiктердi баса айтты. Ғасыр басында ұйықтап жатқан ұлтына: «Оян, қазақ!» деп ұран тастауының өзi неге тұрады. Бiз қазақтың ондай перзенттерiнiң аруағына үнемi табынып өтуiмiз керек. Ал алыптар тобының көбiнiң сүйегi қай жерде қалғанын бiлмеймiз. Бұл өкiнiштi. Әнебiр жылы Шәкәрiмнiң мәйiтi табылғанын сыбырлап қана айтатынбыз. М. Дулатұлының зираты сақталса, оны уақыттың салмағынан өшiп кетпей тұрғанда iздеп, басы-қасында жүргендерге рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Аяулы азаматтың сүйегiн туған жер қойнауына әкелiп, бүкiл рәсiммен жерлеу – мiндет. Ол туралы екi сөз болуы мүмкiн емес. Бұл – тiрiлерге аманат.

Егер Мiржақып денесiн қайта жерлеудi жер бетiндегi жақсы елдердiң үлкен салт-дәстүрiне сай iске асыратын болса, онда тiптi басына өз қаражатыммен барып, әкелiсiп қайтуға дайынмын.

 Сафуан Шаймерденов,

жазушы

* * *

Сонау аласапыран кезеңнiң оқиғалары бiздiң буынның жанын түршiктiредi. Ашаршылық пен репрессия тұсында сүйегi шашылып, елеусiз қалған қаншама қиын тағдырлы жандар бар. Олардың бәрiн Зерде кiтабына тiркеп, ел есiнде мәңгi қалдыруға жағдай жасау – ұрпақ парызы.

Менiң нағашымның жатқан орны табылып, азын-аулақ басына белгi орнатылғаны қатты тебiренттi. Қай уақытта болса да, мейiрбан адамдар бар екен. Ендi Академия мен Жазу­шылар одағы қолдан келген мүмкiндiктердi жасайтын шығар деген ойдамын.

 Ерлан Сатыбалдиев, аудармашы

 («Социалистiк Қазақстан» газетi, №172, 26.07. 1990 ж.)

Міржақыптың мүрдесі елге қашан әкелінеді? Қазақ бiткен Мiржақыбын мақтағанда жерге түспей қояды. Егемен ел болайық, iргемiз сөгiлмесiн, келiмсектердi тежейiк, тiлiмiз бен дiнiмiздi, дiлiмiздi тот баспасын деп, сонау алды-артымыз болжаусыз алмағайып заманда-ақ әулиелiк танытқан данагөйдiң ақылына ендi ғана шындап жүгiнiп отырғандаймыз. Туған Торғайы былтыр Ахаң мен Жақаңа дүркiретiп ас бердi, мұражай ашты, ескерткiш орнатты. Сөйтiп, ел қос арыс алдындағы мың парызының бiр парызын өтегендей едi…

Мiржақыпқа халқы өмiрлiк қарыздар. Оның мәнiсi көп сөздi көтермейдi, бар сыры Алашқа аян. Ол – Мiржақып Дулатұлының қиыр Карелияның Сосновец поселкесiнен осыдан екi жыл бұрын табылған зиратында жатқан мүрдесiн кiндiк қаны тамған жерi Жанкелдин ауданының «Қызбел» кеңшарына әкелiп, арулап қайта жерлеу дегiмiз келедi. Бұл ғибратты iс әу баста жап-жақсы қолға алынғандай едi, қазiр аяғы сұйылып бара жатқандай. Айтамыз да қоямыз, сөйлеймiз де созамыз, құрдымға сiңген судай жым-жылас. Мұның жа­йын облыс, аудан басшыларынан сұрастырсақ, олар да мардымды ештеңе айта алмайды. Ендi не iстеу керек? Бiздiңше, М. Дулатұлының мүрдесiн елiне әкелiп қайта жерлеу жөнiнде Үкiмет тарапынан арнаулы ұйымдастыру комиссиясын құрған жөн секiлдi. Әйтпесе сөзбұйданың шегi көрiнер емес.

Ағайын, Мiржақып қабiрiнiң табылғанына, мiне, екi жылдан асып барады екен. Содан берi баяғыдай марғау қалыппен жүргенiмiз елдiгiмiзге жараса ма? Парыз дегенiңiз дабырасыз, жүрек әмiрiмен өтелмейтiн бе едi? Сол күн қашан туар екен?

Қайсар Әлім,

«Егемен Қазақстанның» тiлшiсi («Егемен Қазақстан» №168, 23.07.1992 ж.)

 СОСНОВЕЦ САПАРЫ

Оқиға қарсаңында Міржақып мәйітін әкелуге аттандық.

Бұл iссапардың демеушiсi – Кооперация және кәсiпкерлiк қызметкерлерi кәсiподағының Торғай облыстық кеңесi.

Қарт Торғай бүгiн Мiржақыптай асыл ұлының алдындағы парызын орындауға ең шешушi қадам жасағандай. Сонау Карелия жерiнде алпыс жылға жуық уақыттан берi жат топырақта жатқан Мiржақып Дулатұлының мәйiтiн Жанкелдин ауданындағы өзiнiң есiмiмен аталатын кеңшарға әкелiп жерлеу үшiн, арнаулы делегация алыс сапарға аттанды. Бұл мәртебелi де ұзақ жолға белдi бекем буғандарды Торғайда жүрген Гүлнәр апай Мiржақыпқызы да шығарып салды. Өзi баруға денсаулығының жарамағанына қатты қиналып, терең күрсiнiп қалды. Мiржақыптың қабiрi жатқан Сосновец кентiне Алматыдан апайдың ұлдары мен кинооператор да ұшып шықпақшы.

Цинктелген табыт тиелген машина межелi жерге келiп жеткенше, түрлi ұйымдастыру жұмысымен айналысу үшiн, мiржақыптанушы белгiлi ғалым, 1990 жылы қабiрдi ашып көрiп, мүрденi танып қайтқан Марат Әбсеметов екеумiз Арқалықтан ұшақпен жөнелдiк. Сәтiн салса, кейiн әлгi көлiкпен қайтамыз. Бұл сапарды Тәңiрiм қолдасын!..

Қайсар Әлiм,

«Егемен Қазақстанның» тiлшiсi, Торғай облысы

Редакциядан: Торғай облысындағы тiлшiмiздiң iссапарына қол ұшын берiп, демеушiлiк жасаған, үлкен азаматтық пейiл көрсеткен Кооперация және кәсiпкерлiк қызметкерлерi кәсiподағы Торғай облыстық кеңесiнiң төрағасы Мұхаметжан Тұралинге редакция атынан рахметiмiздi айтамыз.

(«Егемен Қазақстан» газетi,

№201, 02.09.1992 ж.)

 ОҚИҒА ОРТАСЫНДА

 Міржақып мәйітін әкеле жатырмыз

Бұл iссапардың демеушiсi – Кооперация және кәсiпкерлiк қызметкерлерi кәсiподағының Торғай облыстық кеңесi.

Санкт-Петербург (телефон арқылы алынды). Айналып кетейiн, Карелия жерi! 57 жыл бойы бауырыңда қысып жатқан Мiржақыбымызды туған топырағына аманаттау үшiн келiп жүрмiз өзiңе. Аңқылдақ та бауырмал халқыңа мың да бiр алғыс айтамыз осы рақымы үшiн.

…Қабiрдi ашып, Торғайдан әдейi жасап әкелген табытқа сүйектi салу рәсiмiне арналған митингi болды. Онда Сосновец поселкелiк Кеңесiнiң төрайымы С. Фролова, кенттiң байырғы тұрғындары Т. Кондратьева мен К. Стенникова, мiржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов, Мiржақыптың жиенi, жазушы Ерлан Сатыбалдиев сөз сөйлеп, бұл оқиғаны екi ел арасындағы мәңгiлiкке жалғасатын достықтың жарқын мысалы деп бағалады. Қазақ халқы карельдiктердiң бұл қызметiн ешқашан ұмытпайды.

Бейiт басына еңбек ардагерлерi, поселке тұрғындары, мектеп мұғалiмдерi мен оқушылары көптеп жиналды. Олар қолдарына кезектесiп күрек алып, қазақтың ұлы перзентi алдындағы соңғы парыздарын өтедi. Мiне, екi метр тереңдiктен табыт қақпағы көрiндi… Бойым қалтырап қоя бердi. Алмағайып бiр сезiмнен жүрек алқынды, тыныс тарылды. Көзiм мұнартып, батылым жетпей, дәлдеп қарай алсамшы табытқа…

Тәуекел. Ашылды табыт. Е, аруақ, рухыңа бас идiк.

Осынау тарихи оқиға кезiнде Алматыдан арнайы келген «Қазақтелефильм» студиясының режиссерi, Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Мiржақып жайлы «Оян, қазақ!» атты деректi фильм түсiрушi Халила Омаров, Мiржақыптың туған жерi Жанкелдин ауданынан алты тәулiкте Сосновецке келiп жеткен жiгiттер: аудан жастарының жетекшiсi Айдар Талпақов, милиция капитаны Серiк Асқаров, Арқалық автобус паркiнiң жүргiзушiлерi Кеңесбай Меркин мен Хамит Райымханов болды. Қазақтың ардақты перзентi, бiр кездерi газетiмiздiң бастауында тұрған Мiржақыптың сүйегiн елге әкелiп жерлеу оқиғасы күллi қазақ халқының, сондай-ақ оқиғаның басы-қасында жүрген «Егемен Қазақстан» журналистерiнiң де мәртебесiн өсiредi деп есептеймiн. Сәрсенбiнiң сәтiнде, 9 қыркүйекте табыт тиелген көлiк Торғайды бетке алып шықты.

Жол амандығын берсе, Мiржақыптың сүйегi туған топырағы – Жанкелдин ауданындағы өзiнiң есiмiмен аталатын кеңшарға арулап қойылады.

…Торғайда жатқан Гүлнәр апай не күйде екен?

 Қайсар Әлім,

«Егемен Қазақстанның» арнаулы тiлшiсi

(«Егемен Қазақстан» газетi.

№209. 11.09.1992 ж.)

 Қостанайлықтар Мiржақып рухына бас идi

Кеше Мiржақып мәйiтiн әкеле жатқан делегация Қостанай қаласына соқты. Оның мүшелерiн облыс орталығы қоғамдық ұйымдарының өкiлдерi қарсы алды. Облыстық «Қостанай таңы» редакциясының, телерадиокомпанияның журналистерi мен «Қазақ тiлi» қалалық ұйымының белсендiлерiмен болған жылы жүздi кездесуде осы тарихи сапарға қатысушылар өз ойларын бөлiсiп, көптеген сұрақтарға жауап бердi. Кездесудiң соңынан Мiржақып табыты салынған мәшине қасына ескерткiш суретке түстiк.

Ендiгi соңғы бекет – Торғай облысы, Жанкелдин ауданының Мiржақып Дулатұлы атындағы кеңшары.

Қайсар Әлім,

«Егемен Қазақстанның» арнаулы тiлшiсi

(«Егемен Қазақстан» газетi, №213, 16.09.1992 ж.)

  КҮНДЕЛIК БЕТТЕРIНЕН

(қысқаша)

 1 қыркүйек, 1992 жыл.

…Иә, сәт сапар басталды! Белгiлi мiржақыптанушы ғалым Марат Әбсеметов екеумiз қиырдағы Карелия жерiне Мiржақып атамыздың сүйегiн әкелу үшiн ұшақпен Арқалықтан түнгi сағат 2‑ден 15 минут кеткенде ұшып шықтық. 15 сағат 50 минутта ұшатын Мәскеу көлiгi кешiктi.

Торғай қаласында Гүлнәр апай жатыр. 24 тамызда келген едi. Ертең 2 қыркүйекте Торғайдан РАФ көлігімен төрт жiгiт шықпақ. Бiз оларды, Алла қаласа, Сосновецте күтемiз.

Осы сапар жөнiнде «Егемен Қазақстанға» телефон арқылы хабар бердiм. Стенографисткамыз Рысжан Нұрсапақызы «Ағай, аман барып, сау қайтыңыздар» деп тiлектестiгiн бiлдiрдi. Мен оған осы оқиғаның барысы туралы жүрген жерiмнен хабар жеткізіп тұратынымды ескерттiм.

«Еңбекшi Қазақстанда» iстеген М. Дулатұлы нағашымның жолымен тағдыр менi сол кiсiнiң тума газетi «Егемен Қазақстан» шаңырағына әкелiптi. Ендi өзiн жоқтап үлкен мақсатпен жолға шығып бара жатырмыз. Бұл оқиға күллi журналистiк ғұмырымның, бәлкiм, биiк белесiне айналар-ау!..

Е, Алла, жар болсын де!

 2 қыркүйек, 1992 жыл.

Орал арқылы Мәскеуге түнгi сағат 4‑тен 15 минут кеткенде келiп қондық. Кешкi 18 сағат 22 минутта Петрозаводскiге пойызға билет алдық.

Мараттың айтқандарынан: Мiржақып Дулатұлы тақырыбына қаршадайынан дайындық жасаған секiлдi. Ауылындағы бiр қарияның әңгiмесiн магнитофон таспасына жазып алыпты. Кейiн әлгi таспаларды 10‑сынып бiтiрген соң ойнатып көрсе, М.Д. жайлы әңгiмелер, оның жыршы аузымен айтылған еңбектерi сайрап ала жөнеледi… Гүлнәр апайдың өзi: «Жассың, келешегiң бар, бұл үйде болғаныңды ешкiмге тiс жарып айтпа» дептi Марат әлгi бiр қорап таспаларын тыңдатқанда. Зәрезап болған жүрек-ай десеңшi! Ғалымдардың кейбiрi Марат Мiржақып туралы диссертацияның тақырыбын белгiлегенде олқысыныпты… Марат – Ағыбай бабаның тұяғы…

…Мiне, осы жолдар Мәскеудiң Ярослав темiржол вокзалының алдындағы тас ернеудiң үстiнде жазылып отыр. Жүрер алдында есiме Торғайдағы Гүлнәр апаймен телефон арқылы сөйлескенiм түседi: «Марат екеуiң алдын ала бара беретiн болдыңдар», – дедi апай тоқетерiн айтып. Сөйтті де, тұтқаны Маратқа бердi. «Аға, – дедi ол арғы жақтан аңқылдап, – аға, қазiр түскi 2.30‑да Арқалыққа ұшып жетемiн, менi күтiңiз, Мәскеуге бiрге ұшамыз…». Апай және бiр нығарлап: «Қарыз алсаң да даяр отыр, кейiн бiр жөнi болар», – дедi.

…Иә, десейшi-ау. Бұл сапарға iштей әзiрлiк көптен жасалып жатқандай ғой. Осыдан екi жыл бұрын Марат Сосновецтегi М. Дулатұлының қабiрiн ашып көрiп, мүрденiң анық-қанығына көз жеткiзгеннен кейiн, түбi бiр елге әкеле қалса басы-қасында болармын-ау деген тәттi тiлек ойға маза бермей жүрген. Ендi соның сәтi түсетiндей…

 3 қыркүйек, 1992 жыл.

Сосновецке түстiк. Бейне бiр өтiп кетердей, жарты сағат ерте жиналып, перронға барып тұрдық. Бiз пойыздан түскенде күн ұясына батып, төңiрек қараңғылана бастады.

Бiз кезiнде Маратқа Мiржақып iзiн көрсетiп, қабiрiн ашқанда басы-қасында болған Клавдия Михайловна Стенникованың үйiне келдiк. Ақжарқын кiсi екен, етжеңдi, сары, жетпiске келген, жергiлiктi мейманхананың меңгерушiсi. Шайын қойып, барын алдымызға тосып, жiк-жапар болды. Шайға қандырған соң мейманхана кiлтiн берiп, үйiнен шығарып салды.

Жақсылап жайғастық, төрт кереует екен. Барлық жағдай бар. Марат Мiржақып, Ағыбай аталары туралы көп ғибратты әңгiме айтты. Бөлме төрiне Мiржақыптың өзiмiз ала келген үлкейтiлген суретiн қойдық.

«Ертең қайтарда мәшине әйнегiне iлiп қоямыз», – дедi серiгiм…

 4 қыркүйек, 1992 жыл.

Мiне, сонымен Сосновецтiң алғашқы таңын қарсы алдық. Қоңырсалқын, ылғалды, ашық таң. Мейманхана ауласында, көршiлес үйлер маңында бау-бақша бар екен. Картоп сабағы бүрiсiп, суықтан ерте солыпты. Жидек жайқалып тұр. Сәбiз, қызылша – бәрi бар.

Тоғыз сағат қырық бес минутта Сосновец стансасының темiржолынан 50 метрдей жерде орман iшiндегi зираттан Мiржақып қабiрiн барып көрдiк… Күн жарқырап тұрды. Ауа тынық, таза. Бiр кездерi дәл осындай жағдайда Мiржақып та стансада жүрдi ғой. Елден жырақта, жаны күйзелiп жүрдi ғой. Оның дүние салғанынан 57 жыл өткеннен кейiн қабiрiн iздеп ұрпақтары келерiн сездi дейсiң бе?! Қазақтың данышпаны жүрген жерде болу, бiр жағынан, мақтаныш сезiмiн туғызса, екiншi жағынан, аяныш халге түсiредi, егiлдiредi жан-жүректi. Беу, қилы заман-ай!

Сосновец поселкелiк кеңесiнiң төрайымы Фролова Светлана Васильевнамен кездесiп әңгiмелестiк. Ол республикалық «Северный курьер» газетiнiң Беломор ауданы бойынша меншiктi тiлшiсi Волковамен жүздестiрiп, мәлiметтер алмасуымызға жағдай туғызатын болды.

Поселкелiк кеңестен шыққан соң, Выг өзенiнiң жағасына барып, Мiржақыптың көзiмен табиғатты тамашаладық. Кең арналы, арғы бетi қалың жынысты орман, оң жағында Беломор-Балтық каналының өзенмен қиылысында бұрын Мiржақыптардың лазаретi тұрған дөң, яғни бекет бар екен. Одан әрi каналдың бiр бұлағы орап ағады. Сол жерде ғой әлгi тұтқындарды ататын көпiр… Канал бойымен ағысты екпiнмен май дақтары теңбiл-теңбiл болып жөңкiлiп жатыр. Выгтың суы қоңыр, қанқызылдау, үрейлi екен. Қолыммен көсiп алып көрдiм.

Сосновец стансасының негiзiн (1887 жылы) қалағандар ұрпағының бiрi Ильин Дмитрий Федорович екен. Соның қазiргi тұратын үйiне бардық. Ол үйде Ғайнижамал мен Әлiбек Мiржақыпқа келiп, бiр ай тұрған ғой.

Кешкiсiн Выгтың жағасына тағы бардық. Бұл жолы жаңбыр сiркiреп, аспан алаторланып түнерiп тұрды. Мiржақып көңiлi де алай-түлей болған сәттерде осылайша мұңданған шығар…

Клавдия Михайловнаның үйiнде қонақтар отыр екен. Олармен де шамалап дастархандас болдық. Бiздiң жайымызды бiлген соң, бұл iсiмiзге сүйiспеншiлiк бiлдiрдi. Мұнымызды бауырмалдықтың белгiсi деп бағалады. Кiм бiлсiн бұл шаруаның қалай орындаларын? Бүгiн Торғайға – Гүлнәр апайға, Жақан Қосабаевқа (аудан әкiмi) екi жеделхат жөнелттiк, аман-сау жеткенiмiздi айтып. Көлiктi Жақан сәрсенбiде (02.09.92 ж.) Торғайдан аттандырамын деп едi. Шықты ма екен, сол жағы беймәлiм.

Сосновец түнi жиырма бiр сағат жиырма минутта түстi. Көзге түртсе көргiсiз қараңғы түн, үрейлi түн. Мiржақып осындай түнде туған жерiн ойлап, аласұрған шығар… Сосновецте тұтқындарға арнап тiлашарлар жасады, өлеңдерiн жазды, сағынышты сәлем хатын жолдады ауылына. Соның бiразы Гүлнәр апайдың қолында бар екен.

 5 қыркүйек, 1992 жыл.

Таңертең жаңбыр жауып тұрды. Сыртта 20 минуттай бой жаздым. Сағат он кезiнде жиналып, Беломор қаласына автобуспен 40 минуттай жүрiп бардық. Жағалай орман.

Бiздi республикалық «Северный курьер» газетiнiң Беломор ауданы бойынша меншiктi тiлшiсi Наталья Волкова пошта аялдамасынан қарсы алды. Ол алдымен көркемөнер мектебiне алып келдi. Тамашаладық.

Өлкелiк мұражайды көрдiк. Онда Мiржақыптың төрт суретi бар екен: Мелейко. Вит. Бронославович (ленинградтық кинорежиссер) «Канал имени Сталина» деректi хроникасын шығарғанда сол суреттердi пайдаланыпты.

Мен мұражайға «Чернобыль қаһарманы» кiтабымды табыс еттiм.

«Беломор мұражайына. Мiржақып Дулатұлының туысы Қайсар Әлiмнен ескерткiш» деп жаздым қолтаңбаны. Марат мұражайға мыналарды тапсырды: «Мiржақып Дулатұлының шығармалары», «Авторефераты» және бiрнеше құжат көшiрмелерi.

Мұражай қызметкерлерiне Қазақстан туралы, Мiржақып Дулатұлы жайлы қызықты әңгiмелеп бердiк. «Бiздiң ең озық ойлы адамдарымыз осында айдауда жүрдi, – дедiк. – Тағдырдың жазуы солай болды. Бiз байланысымызды үзбеуiмiз керек. Қиын дипломатияны жалғастыра берген жөн».

Соловкиде М. Дулатұлы төрт дәптер түрiкше-қазақша-орысша лагерь сөздiктерiн жасаған. Соның бiр дәптерi Лондоннан табылыпты.

…Сосновецке қайтарда мотоспортшылар мiнген мәшинемен келдiк. Түстен кейiн күн ашылып, Марат менi М. Дулатұлы тұрған лазареттiң орнына алып барды. Iргесi ғана қалыпты, ағашы шiрiген, жерден жарты метрдей биiкте. Үстiне көтерiлiп, суретке түстiм. Бөренелерi әбден мүжiлiп, бой-бойы үгiлiп, қабықтары қалған екен.

Лазареттен әрi айналып, төмпешiкке көтерiлгенiмiзде, соны нұсқап Марат: «Осы жерге тұтқындарды топырлатып көмiптi», – дедi.

Тасжолмен, кеспелтек плиталар төселген жолмен әрi өрлеп, 14‑шлюз арнасына асыла салынған ағаш көпiрдi тамашаладық. Төменгi қойнауындағы баракты өртегенде, одан қашып сол көпiрдiң үстiнен құлап өлгендердi таңғы сағат 5‑те көрген Мiржақыптың жүрегi ауырған ғой. Көпiрдiң ұзындығы 90 метр екен, әдейi адымдап өлшедiм. Канал арнасы жақпар тастар, дәрi тескен үңгiрлерi көзге бадырайып тұр, қолмен қашап, қайламен шауып, ұсатып, арнаны ұлғайтқандарын аңғару қиын емес. Суы қандай: қап-қара ма, қоңыр қызыл ма? Айырып болмайды. Бiр кезде Мiржақыптың көзiне түскен қайғылы қатпар арна әлi күнге түсi суық, үрейдi алардай көңiлсiз, күңгiрт екен. Анадайдан 14‑шлюздiң кеспелтек пiшiнi көрiнедi. Одан сол жақта, маңдай төрден Беломор-Балтық каналының сүлбесi зораяды.

К.М. Стенникова 1925 жылы туған, Сосновецке 1941 жылы келген. 1991 жылы «Канал имени Сталина» түсiрiлгенде, осы кiсi Серегиндi және басқаларды ертiп барып, Мiржақып қабiрiн көрсетiптi. Осы кiсi «Келесi жылы келiп, Мiржақыптың сүйегiн әкетемiн» деген Марат уақытында көрiнбеген соң, оған: «Неге үнсiз жатырсыңдар, айныдыңдар ма?» – деп хат жазыпты. «Бәтiр-ау, сүйектi танығанымыздан айныды ма екен деп ойладым», – дейдi шай үстiнде Стенникова сол қобалжыған сәттерiнен хабар берiп.

Сосновец поселкелiк кеңесiнен көшiрiлген құжат: от 8.06.1990, № 283.

Исполком Сосновецкого поселкового Совета народных депутатов по запросу научного сотрудника Института литературы и искусства им. М. О. Ауэзова АН Казахской ССР Абсеметова М. О. составила комиссию для определения места захоронения казахского деятеля культуры и науки Мир-­Якуба Дулатова, репрессированного в 30‑е годы по ст. 58 и скончавшегося в Сосновецком лазарете 5 октября 1935 года. Акт смерти № 533 подписан З. Ф. Бударной – зав. Сосновецким лазаретом, И. Я. Облакевичем – ст. лекпомом и М. В. Аристовой – дежурной по лазарету. Реабилитирован в 1988 году. Комиссия в составе:

  1. Фролова С. В., председатель исполкома.
  2. Исаков Б. В., депутат Сосновецкого поссовета.
  3. Соколова М. И., старожил, пенсионер.
  4. Серегин Н. Ф., старожил, пенсионер.
  5. Ильин Д. Ф., старожил, пенсионер.
  6. Стенникова К. М., старожил, пенсионер.
  7. Куорти А. О., старожил, пенсионер.

После тщательного обследования места захоронения в поселке Сосновец и заслушав воспоминания старожилов пришли к заключению:

– могила М. Дулатова, умершего 5 октября 1935 года находится на старом кладбище. На месте захоронения стоит обелиск, сваренный из кусков металла с металлической шишкой и звездой.

Пред. Исполкома Сосновецкого поссовета народных депутатов С. Ф. Фролова (қолы).

…Мiне, Сосновецте Марат екеумiз үшiншi түн түнегелi отырмыз. Торғайдан шығатын көлiк қашан келер екен? Шықты ма екен өзi? Гүлнәр апай Торғайда қалай жүр екен? Марат аттанарда дауыс қылып жылап қалған екен… Не ол кiсiнiң Алматыдағы балаларынан хабар жоқ. Марат екеумiзге салса, қорап-жәшiк жасаттырып, пойызбен алып қайтар едiк мүрденi… Көлiктiң бiр хабары болмай, ондай тәуекелге бару оңай ма? Кеше Арқалыққа – Алтынға Сосновецтен хат жазып жiбердiм. Мiржақып нағашыма ұқсап, елге алыс қиырдан сәлем жолдадым. Екi түрлi сәлем-ау…

 6 қыркүйек, 1992 жыл.

Выг өзенiнiң жағасына барып, ертеңгiлiк бой жазу жаттығуын жасадым. Бойға қан жүгiрген сайын сезiм сергiп, ой жеңiлейiп, сонау алыс жылдарға санамен саяхат жасағандаймын. Мiржақып та осынау таңғы күңгiрт аспанға қарап қойып, бәлкiм, елiн, жерiн аңсаған шығар… Выгтың кең қолтықты айдынына көз салғанда, өзiнiң Қоңыраулысы есiне түскен шығар. Выгтың жағасын көмкерген жасыл орман – қанша сұлу, әсем болғанымен, Сарықопаның қамысына қайдан жетушi едi. Орманды ауа дейсiң-ау, Қызбел төсiнiң алуан шөп, гүлдi жұпар ауасы неден кем?!

…Беломор-Балтық каналының тарихынан: «Канал 1 жыл 7 айда 1933 жылы салынып бiткен», – дедi мейманханада көршiлес жатқан мәскеулiк ғалым Сергей Степанович Кирьяков. Ұзындығы – 227 шақырым, енi – 46 метр, тереңдiгi – 4 метр. 19 шлюзi бар. Канал тек тұтқындардың қол күшiмен салыныпты. Оның құрылысына «халық жауы» атанған керемет инженерлер, iскерлер қатысқан. Негiзгi құрал – қайла, арба… Бұл канал Сосновецтен бiр жарым шақырымдай жерде екен.

…Ұлылар тыныстаған ауамен көкiрек шайғанымның өзiне мәз болып жүрiп жатырмын Сосновецте. Бөлмеде жазу жазып отырып қалсам, «Мiржақыптың ауасын жұтайыншы» деп аулаға ытқып шыққанымды да кейде аңдамай қалатындаймын…

 7 қыркүйек, 1992 жыл.

Бұл күнi көршi жатқан Сергей Степановичпен, оның әйелi Валентинамен бiрге Беломор-Балтық каналын мәшинемен барып көрдiм. Кәдiмгi өзiмiздiң ауылдағы Қоңыраулыдай ернеулi, жалпақтығы да соған ұқсас: ернеуiнен тас жақпар текшеленiп көрiнедi. Бiр жағалауына ағаш егiлген, сонымен қапталдас бетон, тасжол төселген. Маңайы қалың жынысты тоғай. 15‑шлюзде болдым. Оның басқару пультiне көтерiлiп, төменге көз салдым. Бәрi алақандағыдай көрiнедi. «Бұдан кеменiң өткенiн көрсеңiз ғой», – дедi басқарушы қыз. Олар әбден сиреген, бiр тәулiкте үшеуi ғана өткен. Бұрын ше, қаздай тiзiлiп өтетiн көрiнедi…

Т е л е ф о н о г р а м м а. П. Сосновец 07.09.1992 г. Принята в 11 час. 15 мин. Фроловой для Абсеметова.

Съемочная группа вылетела из Алма-Аты 7 сентября. Расчитываем прибыть в Сосновец 9‑го. Дождитесь нас. Ерлан. Приняла: Инспектор Сосновецкого пос. Совета Т.Ф. Фомина.

Осы жеделхат Марат екеумiз Алматыға Ерланға телефон заказын берiп, Сосновец поселкесiнiң төрағасы С. Фролованың бөлмесiнде отырғанда қолымызға тидi.

Алматымен сөйлесе алмай зарығып отырғанда қолымызға осындай жақсы хабар тидi. Демек, көлiк те Торғайдан шыққан ғой дестiк. Айтуларына қарағанда, сәрсенбiде, 2 қыркүйекте аттандыру керек едi. Апай сол көлiк шыққан соң, Алматыдағы балаларына хабар берген ғой. Мына жеделхат содан соң салынғаны байқалады. Әйтеуiр, көңiл жайланды. Марат екеумiз «көлiкке не болды?» деп абыржып жүр едiк. Ендi бiрiмiздi-бiрiмiз құшақтап, қуанысып қалдық…

Мiне, осы жолдарды қағазға түсiрiп отырғанда Торғайдан шыққан мәшине «Сосновец, қайдасың?» деп, зуылдап келедi-ау. Е, дәурен, өмiрде осындай да ғажайып құбылыс болады екен. Сол тарихи оқиғаның ортасында жүремiз деп кiм ойлаған? Торғайдан мәшине келiп, Мiржақыптың мүрдесiн әкетедi дегенге бұған дейiн бiреу-­мiреудi сендiрiп көрiңiзшi. Алдымен келiп алсын да мәшине. Әйтеуiр, тарихи оқиғаға жақындап келемiз ғой… Сәтi түссiн. Бұдан соң Сосновецтегi орта мектептiң оқушыларымен, мұғалiмдерiмен кездестiк. Жүздесудi мектеп директоры Людмила Борисовна Кудрявая ұйымдастырды.

Карелия жерiн бiле түссек деген ынта-ықыласта шек жоқ. Киоскi көрсек, ернеуiне асылып, Мiржақып жатқан осы жер жайлы танымдық бiрдеңе болар ма екен деп, көз сүзiп, сұрастыра бастаймыз. Құрқол да емеспiз, әрине. С. В. Фролова бiздiң бұл таңсықтығымызды басқысы келгендей, үйiне жүгiрiп барып, бiр құшақ кiтап әкеп бердi: «Өзiме де керек едi бұлар, – дедi әрқайсысына қысқаша түсiнiк жасап үлгерiп. – Кеткенше қарап, қажеттерiңмен танысыңыздар».

…Күнделiгiме «Отбасыңды осылай сағындың ба?» деп жазып қойдым да, ойға берiлдiм… Мiржақыптың сағынышын өз сағынышыммен салыстырып, өлшеп, безбендей бастаған секiлдiмiн… Мен де тап қазiр Мiржақыптың сағынышындай iңкәрлiгiмдi тежей алмай, зайыбым Алтынымды, балаларым Арай мен Әсетiмдi, Баубегiм мен Гауһарымды, кенжем Алауымды әкелiк әлемнiң әдемi әлдиiне бөлей бердiм. О, тоба! Сағынатын жандарым аман-сау болсын…

 8 қыркүйек, 1992 жыл.

Кешкi 21 сағат 08 минутта пойыздан Ерлан келер ме екен деп стансаға Марат екеумiз барсақ, РАФ мәшинесі алдымыздан шыға келдi. Одан Торғайдың жiгiттерi түсiп келе жатыр: Айдар Талпақов – Жанкелдин аудандық Жастар iсi жөнiндегi комитеттiң төрағасы; Серiк Асқаров – аудандық iшкi iстер бөлiмiнiң қызметкерi; Кеңесбай Меркин – Арқалық автобус паркiнiң жүргiзушiсi; Хамит Райымханов – осы парктiң жүргiзушiсi.

Жiгiттер 3 қыркүйекте сағат 14‑те шыққан екен. Жолға бес күн қонып, алтыншы күн дегенде Сосновецке жетiптi. Арып-ашыққан, жол шаршатқан жүздерi межелi жерге жетiп жығылған соң, жадырап жүре бергендей. Бұған дейiн бiр-бiрiмiздi танымасақ та, жанұшыра құшақтасып жатырмыз.

Жiгiттердiң жүрiп өткен маршруты, қысқаша айтқанда, былай едi:

3.09.92. Торғай қаласы – Шилi – Толыбай (Ақтөбе oблысы) – Урожайное – Хромтау – Ақтөбе.

4.09.92. Қобда – Жымпиты – Орал – Куйбышев.

5.09.92. Самара – Ульяновск – Чебоксары.

6.09.92. Горький – Иваново – Ярославль.

7.09.93. Рыбинск – Череповец – Тихвинь.

8.09.92. Новоладога – Лед. Поле – Оленец – Петрозаводск – Медвежьегорск – Сегежа – Сосновец.

 9 қыркүйек, 1992 жыл.

Бұл күн өте тығыз шаруалы болды. Қол тимегендiгi сондай, осы жолдардың өзiн кештеу түсiрiп отырмын. Борис келiп (Клавдия Михайловнаның күйеу баласы), Ерлан Сатыбалдиев пен Халила Омаровтың Алматыдан жеткенiн хабарлады. Ерланмен таныстым, нағашым ғой. Ол «Егемен Қазақстанда» Мiржақыптың мүрдесiн әкелуге аттанғанымыз жайлы мақаланың шыққанын айтты. Демек, бұл – оқиғаның барысымен күллi Қазақстан құлақтанып жатыр деген сөз.

Ерланмен бүгiн қабiрдi қазып, сүйектi әкететiн күн туралы мақаланы Алматыға, редакцияға қалай жеткiзу жөнiнде ақылдастым. Ол менiң қолжазбамды ертең таңертең Санкт-Петербургтен телефакс арқылы жiбермек болды.

Қабiр басына 9 сағат 40 минутта жиналдық. Адам көп. Кинорежиссер Халила үздiксiз түсiрiп жатыр. Митинг болды… Екi метр тереңдiктен қабiрдiң тақтай қақпағы көрiндi. Ашылды…

…14 сағат 39 минутта Сосновецтен 23–19 ТГА нөмiрлi РАФ мәшинесiмен Торғайды бетке ұстадық. Бiз – алтаумыз, табытта Мiржақыптың сүйегi жатыр… Қош, Сосновец, қош!..

 10 қыркүйек, 1992 жыл.

Петрозаводск. Таңғы жетiнiң кезiнде ояндым. Тез киiнiп, жiгiттер тұрғанша вокзалға барып, билетiмдi тапсырып келдiм. Осы мәшинемен Калинин қаласына (қазiргi Тверь) барып қалуға бекiндiм. Жол аяғына дейiн тұтас жүруге денсаулық шыдамаса да, бiрауық Мiржақып мүрдесi салынған мәшинемен жүре тұрайыншы деген ой да тәттi арманды оятады.

 11 қыркүйек, 1992 жыл.

Сағат 6. Тверьге келдiк. Жiгiттер елдi бетке ұстап жүрiп кеттi. Ақ РАФ темiржолдан баяу қозғала бердi… Iшiндегi табытта Мiржақыптың мәйiтi бар… «Ақ жол болсын!» деп, сапарластарыма тiлек айтып қоямын өз-өзiмнен күбiрлеп. Бiз Қостанайда кездесуге уәделестiк. Мен Мәскеуден ұшақпен ұшып бармақпын. Жол ұзақ, шыдамайтын болдым да, осыған пәтуаласқанбыз.

…Тверьден Мәскеуге автобуспен келiп, Быково әуежайынан кешкiлiк Қостанай ұшағына отырдым.

 1214 қыркүйек, 1992 жыл.

Қостанайда Мiржақып мәйiтiн әкеле жатқандарды күтiп, үш күн жаттым. Көшеге шыға қалсам болды, «Егемен Қазақстан» газетiнен құлақтанып үлгерген жұрт «Қайырлы болсын, аталарыңның сүйегiн елге әкеле жатыр екенсiңдер!» – деп, тiлектестiгiн бiлдiрiп, әр нәрсенi қызыға сұрайды. Жергiлiктi телерадио арналарынан да Сосновец сапарынан оралушылардың Қостанайға аялдайтыны айтылып, қалың ел елеңдесiп отырды. Осының өзiнен-ақ халықтың аяулы Мiржақыбына деген алабөтен ықыласы аңғарылады. Кезiнде Ерi елiн жоқтап арыстанша арпалысса, ендi елi Ерiнiң сол еңбегiн қалай өтерiн бiлмей аласұрғандай едi…

 15 қыркүйек, 1992 жыл.

Сағат 15. Облыстық «Қостанай таңы» газетiнiң редакциясында қалаға түнге салым келiп жеткен жiгiттердiң басын қосып, кездесу өткiздiк. Менiң 22 жыл маңдай терiмдi төккен шығармашылық ұжымым осы оқиғаның ортасында жүргенiмдi мақтан тұтатынын байқатады. Кездесудi газет редакторы Салық Молдахметов жүргiзiп отырды. Журналистер Ермекбай Хасенов, Жұмағали Арғынбаев, Назира Жәрiмбетова және басқалар өздерiн толғантқан жайлардан толық мәлiмет алды. Газет редакторының орынбасары Сәлiм Меңдiбаев экспедиция мүшелерiнiң жарқын iсiне ризашылығын бiлдiрдi. Қалалық «Қазақ тiлi» ұйымының төрағасы Сағындық Орынтаев, педагогика институтының оқытушысы Қалмақан Жақыпов та хош көңiлмен пiкiр айтып, халықтық мүддеге орай атқарылған iске елжiредi, елдiктiң абыройын асырған бұл оқиғаны жоғары бағалады. Кездесуден соң сыртқа шығып, ақ РАФ-ты ортаға алып суретке түстiк. Қостанайда аз-кем аялдаған Мiржақып бiр кезде шәкiртi Бейiмбет Майлин негiзiн қалаған облыстық газеттiң алдында өшпес рухымен мiнәжат етiп тұрғандай едi…

…Жiгiттер алыс жолдан шаршап келе жатқандықтан, Қостанайда түнеп, дамылдауды қалады… Бiздiң тобымызға осы оқиға барысын «Егемен Қазақстаннан» оқып, бiлiп отырған ақын Серiк Тұрғынбекұлы Астанадан ұшақпен жетiп қосылған едi.

 1617 қыркүйек, 1992 жыл.

Сағат 16. М. Дулатұлы атындағы қауымдастыққа келiп жеттiк. Ойпаңнан қыратқа көтерiлгенiмiзде, алдымыздан мәшинелi, жаяулы қарсы алушылар көрiндi. Тоқтадық. Көңiл толқулы. Алдымыздан Гүлнәр апайдың өзi шығыпты. Мiржақыптың туысы көнекөз Бәйеке Жұмабаев та бар. Сосновецте қабiрдi ашуға қатысқан Мiржақыптың жиенi Ерлан Сатыбалдиев пен кинорежиссер Халила Омаров та осында жүр… Бәрi мәре-сәре болып, бiздi қуана құшақтап жатыр.

Жерлеудi ұйымдастырушылардың ұйғарымымен, мәйiттi жер қойнына екi күннен соң, жұмада табыстау келiсiлдi.

 18 қыркүйек, 1992 жыл.

Мiржақып Дулатұлының мүрдесiн ақыреттеп арулап, киiзге орап, сыртынан кiлеммен қапталдап, биiк тақта үстiне көлденең қойды.

«Әкемнiң артында қалған жалғыз тұяғы едiм, ол асылым барлық қазақтың мақтанышы едi», – деп Гүлнәр апай күңiренiп, көзiнiң жасын бұлағанда жан шыдамайды, қабырғаң қайысады…

Қаралы жиында он адам сөз сөйледi. Оның қайсыбiрiн тiзейiн… Ауылдық кеңестiң төрағасы Кенжеғали Бекмағамбетовтің сiлтеуiмен азалы лебiздер айтылды…

…Қабiршiлер: Ерәдiлов Қабиден, Әбiлдин Айдархан, Қазыкенов Қуандық, Мұратов Айтуар, Таутабаев Бауыржан, Аппазов Рамазан.

…Киiзге орап, кiлеммен қапталдап киiз үйден сүйектi алып шыққандар: Бекмағанбетов Бораншы, Шақамбаев Мұстафа, Әменов Хамит, Жарасбаев Ерден, Шақалақов Дүйсенбай, Шайланов Қабдырахман, Есжанов Атымтай.

…Карелиядан марқұмның бiз әкелген дене топырағын қабiрге аудан әкiмiнiң орынбасары Сұлташ Оспанов салды.

…Туған топырағын қабiрге салғандар: Ерәдiлов Қабиден, Көшеков Базар, Дайыров Сәрiнжiп, Бекмағанбетов Бораншы.

…Торғай мешiтiнiң имамы Шоқан Алланың аятын оқыды.

Қабiр басы… Сыңсып жылау, жоқтау, бас ию. Ауыл күңiренiп кеттi. Жел күшейдi, құм боран тұрды, дүние астан-кестен. Мiржақыпты Табиғат-Ана шашын жұлып жоқтап, дауыс қылып ескерiп-елеп жатқандай…

Туған жерде бiр төмпешiк пайда болды. Мiржақып ендi ғана мәңгiлiк тыншығандай. Қасиеттi туған топырақ-ай, торқадай есiлiп, жайлы тие гөр жамбасына марқұмның!

Арқалық – Мәскеу – Петрозаводск – Сосновец –

Беломор – Қостанай – Бидайық – Арқалық.

1–18 қыркүйек, 1992 жыл

  IІІ тарау

ҚАРАЛЫ ҚАЙТА ЖЕРЛЕУ

АТА РУХЫНА АДАЛДЫҚ

 Құдай-ау, бұл өңiм бе?

1992 жылғы қыркүйектiң алғашқы он сегiз күнiнде он екi мың шақырымға «еңку-еңку жер шалып» дегендей, Алаш баласының алақанына салған асыл ұлы Мiржақыптың мәйiтiн сонау Карелиядан әкеп, кiндiк қаны тамған жер-бесiгiне қайта бөлегеннен соң, тым-тырыс жатып алғаныма қысылатын да едiм. Иә, бұл бiр оқырмандар алдында ақталу, сылтау iздеу немесе жауапкершiлiктен жалтару емес едi, сенсеңiз, әрұдай күй кешкенім имандай шыным едi. Журналистiк осы ғұмырымда iссапардан оралысымен iле қолыма қалам ұстай алмай, ақ қағаздан жерiнiп, мең-зең күйде: «Бұл өзi қандай iс болды?» деп бiр ысынып, бiр суып, төбем көкке жетiп, алмағайып сезiмге бөгiп жүрiп алдым емес пе? Құй сенiңiз, сенбеңiз, сондай сезiм әлдиiне бөлеген тағдырыма разымын.

Қазiргi түйгенiм: ендi қайталанбайтын осындай оқиғадан соң қайта қыбырлап ояну, өзiңше түлеу, сабаңа түсу үшiн де уақыт керек екен. Мiне, сол шекарадан ендi өте бастадым ба деймiн…

…Қалай болып едi өзi? Тамыздың iшiнде мiржақыптанушы, алматылық ғалым Марат Әбсеметұлын Торғай қаласында кездестiрiп, жүрiсiнiң мән-жайын бiлгенiмде, «бұл iс кiмге де болса арман-ау» деп бойым ысып, жүрегiм бұлқынып кеткен едi. Содан бертiнде Торғайға Мiржақыптың қызы Гүлнәр өтiптi дегендi естiп, ойым онға бөлiнiп, сол жаққа құлағымды тiгiп, тәттi қиялға берiлетiнмiн… Қиырдағы Карелияның Сосновец поселкесiндегi ескi зираттан 1990 жылы маусымда Мiржақыптың қабiрiн тапқан әлгi Марат едi ғой. Содан берi екi жылдан астам уақыт өтсе де, «мәйiттi әкелiп елiне жерлейiкшi» деп ықылас танытқандар қатары саусақпен санарлықтай болатын. 1991 жылы дүркiреп өткен Ахаң мен Жақаңның тойында Гүлнәр апай ғана мiнберден шырылдап жатқаны есiмде. Кейiн «Егемен Қазақстан» газетi «Мiржақыптың мүрдесi елге қашан әкелiнедi?» деп қоғамдық пiкiрдiң дауылын өршiтуге дем бергенi мәлiм. Содан берi қарай жел оңынан тұрып, шөп басы қыбырлай бастаған сияқты. Ендi апай мен ғалымның келiп жатқаны да тегiн болмағаны-ау!

Әгәрки, Торғай жақтан алыс сапарға экспедиция шыға қалса даяр тұрайын деп, облыс басшыларының қолдауымен демеушiлер тауып, өзiмше қамданғаным мұндай жақсы болар ма, Гүлнәр апайдың: «Нағашыңның бұл мiндетiне өзiң де аралас, сауабы тиедi», – деген ақылынан кейiн жолға асығыс жиналдым.

…Қыркүйектiң дәл 1‑i күнi Марат екеумiз Арқалықтан Мәскеудi бетке алып ұштық. Бiзден кейiнiрек РАФ мәшинесiмен жолға шығатын төрт адам Сосновецке келiп жеткенше ондағы түрлi даярлық, ұйымдастыру жұмыстарымен айналыспақ ойымыз бар. Ұшақ жерден бауырын көтердi. Қасымдағы Марат iнiмдi иығыммен түртiп:

– Құдай-ау, бұл өңiм бе, әлде түсiм бе? – деймiн бiр үлкен оқиғаның жалына жармасқанымды ендi ғана сезгендей. Ол ой құшағында екен…

Бутыркадан Сосновецке дейiн

Мәскеуден кешқұрым мiнген пойызымыз ертеңгiсiн түс әлетiнде Карель Республикасының астанасы Петрозаводскiге кiдiрiсiмен, Мурманск бағытын бетке ұстағалы тұрған екiншiсiне ат ауыстырғандай отыра қойдық. Көлiгiмiз орнынан лықси қозғалғанда Марат:

– Ендi тұтқындарды баяғыда жаппай жөңкiле айдаған жолына түсемiз, – деп менi сергектiкке шақырғандай болды.

Қос қапталдан жарысқан қою орманды үңги түсiп тартып келемiз. Күн көзiнiң жетiспейтiндiгiнен бе, бiрте-бiрте шырша-қайың селдiрленiп, алаңқайлардан жарқабақты-­жартасты дөң-төбелер көзге шалына бастады. Мүктi тастардың қожыр-қожыр теңбiлдерi ақ тарихтың бетiне әдейi баттастырып жаққан күйелеш таңбадай сескендiредi. Ендi солар iзiнше айдын-алқа көлдерге ұласқанда нiлдей көк бояуымен көңiлдi өсiрiп, балаша мәз қылады.

Бұл жолдың бойымен осыдан алпыс жылдай бұрын, мүмкiн, одан да ертерек болар, қазақтың талай боздақтары өткен шығар. Кеше Мәскеуде Бутырка түрмесiн сыртынан қарап, оның тас камераларында кiмдердiң шаш ағартқанын әңгiме етiскен едiк. Мiржақып Бутыркаға 1929 жылдың маусым айында түсiп, сонда ақырғы жазасы кесiлгенше алдымен атуға бұйырылып, содан он жылға тартылғанша отырған екен. Сол азап көрiнен 1931 жылдың ақпанында шығып, Соловки лагерiне айдалған ғой. Сонда осы жалғыз темiржолмен жүрмей қайттi дейсiң.

Бутырка түрмесiнде онымен бiрге Татарстанның халық суретшiсi Бақи Орманшы отырғанын тарихи құжаттардан бiлемiз. Ал Сосновецте татар жазушысы Махмұт Будайли мен қазақ қайраткерi Мырзағазы Есболовтың Мiржақыпты өз қолдарынан жерлегенiне де естелiктерiнен қанықпыз. Сол ардақты азаматтар да көз сүзбедi дейсiз бе мына бiз телмiрген табиғатқа.

Петрозаводскiден шығысымен, купедегi картадан құмырсқадай құжынаған станса бiткендi көшiрiп алып едiм, соларды түстеп, оқыған-тоқығанымыз бойынша әрқайсысын жыға тануға талпынып бағамыз. Мiне, Медвежьегорск стансасы. Алдымыздан Мiржақып шыға келетiндей көзiмiз бұлдырап қоя бердi. Мұнда ол 1934 жылдың басында фельдшерлердiң орталық курсында оқыған. ГУЛАГ-тің Карель бөлiмшесiнiң астанасы атанған тұтқындардың бұл апанында талай қазақ атпалдары да мүжiлген шығар, кiм бiлген?!

Кешкi сағат 19‑да Майгуба стансасында 19 минут аялдадық. Қайран Мағжанның жаралы жылдарын жұтқан қаралы жер деп тепкiлегiң келсе де, жердi-елдi тiлдеп даттауға дәтiң жетпейдi. Жер емес, оның елi емес, қызыл жалаулы кеңестiң қанқұйлы саясатына лағынет айту жарасар. Бiрақ та сен, Майгуба, Мағжанның отты жырларын жадыңда сақтап қалғаныңмен де ыстықсың-ау. Әр ағашың қазақ өлеңiнiң бiр-бiр жолындай ма, буынындай ма едi?..

Бәтiр-ау, бұл жол Мiржақыптың зайыбы Ғайнижамал мен ұлы Әлiбектi де Сосновецке (1934 ж.) тәттi қиялмен тербеп әкеп, қауыштырып, көрiстiргенi қайда?! Арада ай өткен соң, әттең-ай, сол ыстық құшақтарды ажыратып, көздерiнен улы жасты сорғалатып, бөлiп әкеткен де осы жол едiң-ау. Белiң үзiлгiр, темiржол, арманды арманға жалғап, iзiнше шорт кескенiң қалай? Талай қазақ баласын тарыдай шашып тастадың-ау маңайыңа. Әне, дөңкиген мүктi тастар – Мiржақыптың, Мағжанның және тағы басқа арыстардың берiш болып қатып қалған жүрегi дерсiң.

Бутырка түрмесiн көрiп, Мәскеуден Сосновецке дейiнгi темiржолмен шайқалақтаған жолаушының ойына нелер келiп, нелер кетпес?!

– Сосновецке таядық, – дедi жолсерiк ескертiп.

Бiз қалбалақтап тез жиналдық. Мiржақыптың қабiрi жатқан поселке үстiн қою қараңғылық тұмшалай бастапты. Жерге түскенде баяғыда Мiржақыптың бетiн өпкен жұмсақ жел «Ғұламаның елiнен келдiңдер ме?» дегендей аймалап қоя бердi…

 Қабiр басындағы ой

Сосновец стансасының темiржолынан елу метрдей жердегi орман iшiнде ескi зират бар екен, сондағы Мiржақып қабiрiнiң қасында тұрмыз. Марат аруаққа Құран бағыштады. Қойылған белгi маңайындағылардың ешқайсысына ұқсамайды, тым ерекше екен. Лагерь мұнарасы iспеттес айқұш-ұйқыш темiр белдiктердiң ұшар басындағы шарға бес жұлдыз бекiтiлiптi. Көнекөздердiң айтуынша, бастапқыда мұсылмандық ғадетiмен ай бейнеленбек екен, онысын кейбiреулер артық көрiп, «коммунисше» кеткен ғой. Және қабiр белгiсi құбыла жаққа қаратып қойған мәйiттiң дәл бас жағына орнатылуының өзi (карельдерде аяқ жағына қояды) осыдан екi жыл бұрын Марат пен Нұрлан Сатыбалдиевтiң көзiнше қазып, ашқан табытта Дулатұлының сүйегi жатқандығына да бұлтартпас дәлел болса керек.

Зират маңын асықпай аралап, ондағы ескерткiш белгiлердi сараптап қарап, шым-шытырық ойға берiлдiм. Бұған дейiн Мараттың аузынан естiгендерiм бар, осында келгелi поселке тұрғындарынан тартқан сыр-естелiк және көп, ойға тамызық жетiп жатыр едi.

Бiрiншiден, Марат Әбсеметұлы мұнда жел айдаған қаңбақтай кездейсоқ келе салмаған. Академик Д.С. Лихачевтiң шақыруымен сталиндiк қуғын-сүргiн титықтатқан бұрынғы тұтқындар жиналған Соловки форумына қатысқан ол Л. Кижло, И. Русинов және басқалардан Мiржақып туралы әңгiмелер естидi. Олардың айтқандары қолындағы 1935 жылдың 5 қазанында Сосновецте толтырылған Мiржақыптың өлiмi туралы №533 актiнiң мәлiметтерiмен сайма-сай келiп тұрған болатын. Ал Сосновецте қабiрдi дөп басып көрсетiп, ешқандай күмәнсiз дәлелдермен негiздеп берген адамдардың бiразымен өзiм де бұған дейiн жолығып, сөйлескен едiм.

Мiржақыптың қабiрiн 57 жыл бойына мәпелеп күтушiнiң бiрi Мария Ивановна Соколовамен тiлдескенiмдi қалай ғана ұмытармын. Оның шешесi көзiн жұмарда қызын қасына шақырып алып: «Ескi зиратта қазақтың фельдшерi жатыр, менi соның қасына қойыңдар. Қос қабiрдi бөле-жармай күтерсiң», – деп өсиет айтыпты. Ана парызын адал ақтаған Соколова қабiрдi екiншi рет ашып, Торғайдан әкелген табытқа мәйiттi салып жатқанда көзiнiң жасын көл етiп, егiле жылағанда сай-сүйегiмiз сырқыраған. Немесе қаусаған шал Д.Ф. Ильиннiң ағаштан шауып өрген екi қабат ескi үйiне барып, бiр кезде Мiржақыптың әйел-баласымен үшеуi бiр ай тұрған бөлмеге бас сұғуымыз – ерiккендiктен емес едi. Бұған Мiржақыптың Сосновецтен әйелiне жолдаған хаттарындағы сол күндердi сағынышпен еске алып, үйдi айналсоқтап шықпай қоятыны жайлы үздiге жазғандары (хат Гүлнәр апайдың қолында) да дәлел болса керек-тi.

Үйiнiң төрiне шыққан бiздi тамаққа тойдырып болып: «Қарындарың ашады, мейманханаға картоп ала кетiңдершi» деп жалынатын зейнеткер К.М. Стенниковадан естiгенiмiз – өз алдына бiр сала әңгiме. Ол кiсi де ертеден «қазақ дәрiгерi Давлетов» дегеннiң қабiрiн бiлiп өскенiн айтады. Гүлнәр апайдың қолында осы Сосновецтен жiберiлген бiр құжат бар.

Онда Мiржақып көз жұмған соң елiне қайтарылған алпыс заттың тiзiмi келтiрiлген. Соның iшiнде төменгi алмалы-салмалы тiсiнiң бiр үлгiсi де қоса жiберiлген ғой. Табыттан бас сүйектi көтерiп алғанда, шынында да, төменгiсi протез екендiгiне көзiм жеткен едi.

Мiржақыптың Сосновецте ғана емес, күллi Карелия аймағындағы тұтқындар арасында беделдi, ғұлама, бiлгiр, әр ұлттың тiлiн таба бiлген iрi саясаткер екендiгiн бейнелейтiн құжаттарды аудан орталығы Беломорскiдегi мұражайдан көрiп, атамызды соны бiр қырынан танығандай болдық. Санкт-Петербургтiк кинорежиссер В.Б. Мелейко «Сталин атындағы канал» кинохроникасын түсiру барысында тапқан төрт кадрды мұражай қорына сыйлаған екен. Оның бәрi де бiзге бұрыннан таныс көрiнiстер болғанымен, Мiржақыптың жүрген ортасындағы кесек тұлға-бiтiмiн өзге сипатынан паш етуiмен құнды едi. Әлгi режиссер сонымен бiрге өз әрiптестерiнен Мiржақыптың ақжелең киiп, фельдшерлiк мiндетiн өтеп тұрған сәтiн бейнелейтiн кадрдың бар екендiгiн де естiптi. Оны iздестiрiп табу, сөйтiп, ұлы өмiрдiң ақтаңдақ тұсын байыту, әрине, келешектiң iсi ғой.

…Мiржақып жүрек демiкпесiнен қайтыс болды… Көзбен көрген лазаретте емделiп жатқан тұтқындарды айуандықпен атып, азаптап өртегенiнен шошып ояныпты. Сұмдыққа нәзiк те аурушаң жүрегi шыдамады. Оның ұлы жүрегi тек «халқым, елiм» деп соғатын, сыздайтын. Ол осындай қиырда жүрiп-ақ әр адамды ұлтына, нәсiлiне қарап алаламастан, сөзiмен, жүрегiмен емдедi. Дәрiгерлiк қызметiндегi ғажап емi әркiмдi көрегендiкке, бiрлiкке, мейiрiмдiлiкке үндеген шырайлы сөзi болды. Халық оның бiрауыз лебiзiне тәк тұратын, оны ішiрткiдей қабылдап, тұмардай тағатын мойнына. Сондықтан да оның қабiрiне өз тұрғыластары көз қиығын салып жүрдi. Қабiрiнiң өзi соңында қалғандарға әсер, күш берiп, болашаққа үмiттендiрiп отырды. Оны бiлетiндер немесе олардың ұрпақтары Мiржақып қабiрiне әлi күнге тағзым етiп, аруағына табынады екен. Осыны көзiмiз көрдi.

Есiме кешегi бiр кездесу сәтi түстi. Онда Сосновец поселкелiк кеңесiнiң төрайымы С.Ф. Фролова бiзге М. Дулатұлының ескi зиратта жерленгенiн растайтын арнаулы комиссияның ресми құжатын көрсеткен едi.

…Мiржақыптың қабiрi өзгелерiнен ерен, бөлек нобайымен дараланып, көңiлдi бiртүрлi мұң торлайды…

 Пойыз дүрсiлi

Ертелi-кеш күн-түн демей құлаққа пойыз дүрсiлi тынымсыз келiп жатады. Пойыздар Сосновецтi баса-көктеп Қиырға, Қиыр Шығыстан батысқа жөңкiлiп жатыр. Бұрын да солай болған шығар, қазiр де сонысынан жаңылмағандай. Осыдан елу жетi жыл бұрын Мiржақыптың құлағына жеткен пойыз дүрсiлi ендi менiң жүрек қылымды шертiп жатқандай. Саған не жорық, әншейiн дүрсiл емес пе дерсiз. Жо-жоқ. Сол дүрсiлге Мiржақыпша құлақ қойғым келедi.

…Дүрсiл оның сағынышын еселей түседi. Елден хабар әкелдi ме екен? Әлде тағы бiр тұтқынның аяқ-қолын матап домалатып тастап кетер ме? Кешегiдей едi-ау, сол дүрсiлдiң: «Ғайнижамалың мен Әлiбегiң келдi», – деп сүйiншi сұрағаны… Сағынады, аңсайды сол дүрсiлдi елжiреп. Жастыққа басы тигенде тағы бiр құрама өттi бiлем, төңiректi өзiндiк ырғақты дүрсiлiмен тербеп оятып, маңайына әлдилей жан бiтiрiп бiрте­бiрте алыстай бердi. Әне, соның сәт санап әлсiрей үзiлген, тұншыққан дүрсiлiнен жаны шошып, денесi түршiктi. Себебi сол дүрсiлмен бiрге қасында бiр ай болған аяулылары көзден тасаланып, шермендi жүректердi жалғаған сүйiспеншiлiктiң асыл тiнiн әне-мiне үзердей, жанды қинай түсiп ұзап бара жатқан-ды. Оларды қауыштырарда тәттi дүрсiл ең, әкеткенде құрғыр-ай, ащы дүрсiлге ұластың ғой. Сол ащы да қатыгез дүрсiл Мiржақыптың өмiрiндегi ең жақұттарын ұрлап кетуiмен қорқынышты едi…

Ендi несi қалды? Сол дүрсiл бұған елден де хабар әкелмейтiн болды, мұның хабарын елге де жеткiзбейтiн болды… Сөйтiп, Мiржақып үшiн пойыз дүрсiлi әбден құрып, құлағынан мәңгiлiкке өшкен… Тағдырға не шара?! Сол дүрсiл бiрақ оның қабiрiн елу жетi жыл бойы темiржолдың iргесiнен елу метрдей жерде тербетiп жатыпты.

Ендi сәтi түссе, сол дүрсiлден безiнiп, елiне, туған жерiне жамбасы тиiп, мәңгiлiкте, шын мәнiсiндегi мәңгiлiкте тыныш жатар…

Мiржақыптың туған жерiне пойыз жолы әлi тартыла қойған жоқ. Туған жерiнiң жүрек лүпiлi – дүрсiлi ғана тербетiп, мәпелейдi оны. Азапты дүрсiлдi оның ұрпақтарына ендi естiрте көрмесiн. Сенiң қайғы-зарыңды, мұң-налаңды, алты Алаштың баласы-ау, бiр Мiржақыбың нардай көтере бiлдi ғой. Соны ұмытпағайсың.

…Көрпемдi тарс тұмшалап жатсам да, құлағыма пойыз дүрсiлi жетедi.

Мiржақыпша елеңдей түсемiн… сенiммен, үмiтпен елеңдеймiн.

 Тұманды жарған күн

Таң. Выг өзенi тұманға тұншығып тұр екен. Ағаш басын көкмұнар шалып, ауыр сұлбасын өзен арнасына малып-малып алғысы келгендей жөңкiлiп, тұтаса көшкен қалың тұман табиғат ажарына кiр-қожалақ қолын қасақана салып, оның жалынан жабысып, айырылар емес.

Мен бой жазу жаттығуын жасап болғанша тұман үдей түсiп, тiптi қоюланып кетiптi. Выгтың айдынды кең қолтығының садақтай иiлiп барып күрт солға қисайып кететiн тұсы, қарсы жағалаудағы тұтасқан орман бойы, әрiрек қапталындағы Ақтеңiз-­Балтық каналының 14‑шлюзiнiң еңсесi, одан берiректегi көпiр пошымы, тiптi қолсозым жердегi дөң-қырат, мұның қолтығында жасырынып, төбесi ғана қылтиып тұрған ГЭС-тiң зорайған бейнесi көзге әрең-мәрең шалынады. Тұман сiресiп, нығыздалып, қою түтiндей шұбатыла сұстанып, маңайына көңiлсiздiк пен көзсiздiктi үйiрiп, сәт санап билiгiн бекiте түстi осылай…

…Бiр сәт қарасам, әлгi тұман селдiреп, өзен аңғарынан үрке қашып, кейiн серпiлiп, ағаш бастарындағы жезтырнағын босатып, әуелей көтерiлiп, демi бiткендей божырап, тоз-тоз түтiлiп, қойны-қонышын үрлеген желден сұсы қашып, дiрдектеп, ауаға сiңiп, сейiлiп бара жатыр екен. Сол-ақ екен, өзен бойы, аймағы аршыған жұмыртқадай аппақтанып, бозамығы сәулеленiп, жылтырай бастады. Мен ендi ерiксiз күн мен тұманның аспандағы (көкжиектегi десем дұрыс болар) тайталасына, бәсекесiне, күресiне арашашы болуға бекiнiп алған екенмiн. Бұған, әрине, едәуiр уақыт та керек болды.

…Е, сәт, үмiтiмдi демей гөр! Төменнен табаны тайған тұманның жоғары ыдыраған сайын әл-дәрменi, қуаты құрып, абдырап, сұрқы қашып, тiптi күннiң күш ала қоймаған әлсiз қызуымен таласарлық қауқары қалмағанын сезiп тұрмын. Күндi қызуы көтерiлiп, бұла күштенбей тұрғанда-ақ тұсап-матап тастайыншы дегенiмен, ойы жүзеге аспай, санын соғып қалды. Қайта өзi құрдымға терең батып кете барды. Күн, әне, сызатын ашты, әлеуеттi жарығымен Тұманды тескiледi.

Алабажақ селдiр матаның арғы жағынан жарық сәуле түсiргенде қандай сурет көрiнушi едi, дәл сондай болып Тұманның берекесiз бейнесi көрiндi.

Тұман ыдырап, күн жарқ еттi! Сонау көктен «Оян, қазақ!» жасыны сорғалап түскендей болды:

Көзiңдi аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткiзбей қараңғыда бекер жасты!..

немесе:

Адасып қараңғыда сорлы қазақ,

Ай тумай, күн һәм шықпай, тұр таң атпай?!

Оянған қазақтың алтын күнi мәңгiлiкке жарқырай берсiн!

 Отбасын осылай сағынды-ау…

– Үйден, Алматыдан шыққаныма айдан асып барады, – деп Марат iнiшегiм күрсiнгенде көкiрегi қарс айырылып, төсегiнде төрт бүктетiлiп қалады. – Балаларымды сағындым, аға! Келiнiңiздi де, шынымды айтсам…

Маратқа, сағыныштың сағымында күнде ерiп, күйзелiңкiреп бара жатқан iнiшегiме ойлы көзбен қараймын да, «Мiржақып та осылай отбасын сағынған шығар» деп, қиялға берiлемiн… Отбасын сағынып, сарғайып күн кешкенi анық қой оның. Сағыныш өртiн қалай басты екен? Жар махаббатын, бала иiсiн аңсаған асыл жүрек қайтiп қана сабасына түсе алды екен?

Бiздiң мына сағынышымыз ертең басылатын, сонысымен тәттi сезiмге бөлей түсетiн сәттiк аңсау, армандау секiлдi болып көрiнедi маған. Ал өмiр бойы сағынып өтуге белдi бекем буған адамның сағынышынан артық жан азабы жоқ шығар, түге. Ондай сағыныш – ерлiктiң белгiсi де.

– Менi келiнiңiз Мiржақыптан қызғанады, – дейдi Марат дөңбекшiп. – Иә, солай. Қазiр ойланып отырсам, ғылым қуып, отбасын ұмытатын кездерiм көп екен. Мен, расында да, Мiржақыпқа ғашықпын ғой…

Мiне, Марат осы сәт маған нағыз сағына бiлетiн ыстық жүректi адам болып көрiнедi.

Сағыныш сағынышты түртедi екен. Үстел үстiндегi Мiржақыптың суретiнен көз айыра алсамшы… Мiржақыптың шаш қойысынан аса бiр талғампаздық аңғарылады. Сол жақ шекесiнен оңға жарып қайырған екен. Қасы қою да, сұйық та емес. Тiке қараған мейiрiмдi көзiнен iшкi сезiмнiң шиыршық атқаны байқалады. Көзқарасынан әлдебiр паңдықтың, тәкаппарлықтың нышаны аңғарылады. Ернi толық, әдемi сызылған… Мiржақыптың жылы жүзiнен бөлменiң шырайы кiргендей. Бұл сурет бірер күннен соң, сәтiн салса, елге қайтатын мәшинемiздiң маңдайшасына iлiнбекшi…

Сағынышты iркуге болмайды. Марат маған Мiржақыптың төл жазуын көрсеткенде қайран қалдым. Хат 1914 жылы Орынборда жазылған екен. Қаламұшпен көрiктi етiп, сұлу жазыпты. Әрiптерi таза, мөлдiреп, әсем тiзiлiп түскен. Ойлары да анық, қарапайым. Өмiрбаянын баяндапты. Мұғалiмдерi жайлы айтады. Бiр жерiнде М. Тоқтабаевтың аты-жөнi келтiрiлiптi.

Ұлы адамның қай мiнезiне, қарекетiне, бәрi-бәрiсiне таңдана, сағынышпен қарағанның несi айып? Ұлылық сонысымен де құдiреттi ғой. Дәл осындай маржан жазулар амандығын, арманын, ыстық тiлек-сағынышын арқалап, осы Сосновецтен елге де талай жөнелген кездерi болды ғой.

Әкесiнiң көп хаттары Гүлнәр апайдың қолында сақтаулы. Соларды көрген сайын қыз жүрегi егiлмейдi дейсiң бе? Сағыныш деген сол, әне, шексiз бiр әлем. Гүлнәр апай сағына бiлгендiктен де көз майын тауысып, әкесi жайлы кiтап жазып жүр. Оның үзiндiлерiмен танысып та үлгердiк. Қазiр есептеп отырсам, Гүлнәр апайдың Торғай қаласында жатқанына да он жетi күн болыпты. Мараттың айтуынша, жай жатпаған көрiнедi. Әкесi жайлы бастаған кiтабын көңiлдiң күшi, жүректiң үнi, көздiң жасы дегендей, әрi жылжытып жатса керек. Әкеге тартқан бiртуар мiнездiң қарымы қуантар түбi. Соған сенейiкшi.

…Мен де тап қазiр Мiржақыптың сағынышындай iңкәрлiгiмдi тежей алмай елге, түу алыс Арқалықтағы отбасыма Сосновецтен амандығымды айтып, хат жаза бастадым…

 Жүректесiң, Карелия!

Келем деген, көрем деген жер ме едi бұл. Дәм жазған екен, жетi күн болдық өзiңде. Торғайдан шыққан мәшине келiп жеткенше бiр тыным таппай, Сосновецтiң Мiржақыпқа қатысты жерлерiн араладық. Тойымсыз көңiл мүлде тояттауды қойды, бәрiн, кез келген құбылысты Мiржақыпша көрiп, сезгiң келедi. Поселкенi орай аққан Выгтың айдынына төнiп, оның қызыл қоңыр суынан өзгеше бiр сыр ұғуға талпынамын… Айдынға ұласатын ГЭС-тiң каналы бойымен буырқанған толқын лекидi. Таза емес, бетiнде күн сәулесiмен мың құлпырған дақ-теңбiлдерi бар. Кешегi тұтқындардың суша аққан қанынан шiмiркенген Выг мына заманның экологиялық зардабынан май iшiп, жүрегi айнып, лоқсып жатқандай ма? Әрегiрек көз салсам, қалың жынысты тоғай көкпеңбек боп мұнартып, сол белден асып түссе Ақтеңiз – Балтық каналының төбесiнен топ еткiземiн деп жетелейтiндей.

Каналды тұңғыш көруiм ғой. Оған жеткенiмше, жолай жақпар тастардың бойын қуалап, үңiрейген үңгiрлерден үрейiм ұшып, баяғыда Мiржақыптардың қайламен қашап, қаппен тасып салған каналына да iлiктiм-ау. О, Тәңiрiм, канал дегенiмiз – бiздiң ауылды сипай ағатын Қоңыраулы дерсiң. Енi де шамалас, тек мұның тереңдiгi өзеннен әлдеқайда таяз болып шықты. Бiздiкiнiң жақтауы құлама жар болып келсе, каналдікi тайпақтау, тастан қашалғаны көрiнiп тұр. Қолында қайласы, алдында арбасы бар Мiржақып канал қазып жатқанда өзi шомылған Қоңыраулысын еске алмады деймiсiң. Сол дана баланың есiнде қалған Қоңыраулы, бүгiнгi күйiң нешiк? Буылтық-буылтық бөгеуден арының азайып, қаһарыңа мiнiп таси алмай, арнаң ортайып бiр жүдесең, кәрiстердiң жағаңа талғамай салған бау-бақшасынан аққан улы зәрден суың ластанып жатқаның, әне. Жұрт жаппай ынтығып тартатын темекi қорабының сыртына Ақтеңiз-Балтық каналының суретi салынғанын Мiржақыптардан бастап бiз де көрiп келемiз ғой. Насихаттың күшiне не жетсiн. Сондағы каналың осы ма?! Ендi ғой менiң еркiме жiберсе, айналайын Қоңыраулыны бүгiнгi бiр темекiнiң безендiруiне себеп етер едiм-ау!

Каналдан қайтарда баяғы тұтқындар қарғып, қойша қырылып өлетiн тоғыз көпiрден өттiм. Ұзындығы тоқсан метр тұзақ көпiрi әлi күнге қанды қақпандай жүрек қариды. Есiме Беломорск қаласында болғанымызда республикалық «Северный курьер» газетiнiң меншiктi тiлшiсi Н. Волкова айтқан, зәренi алар мына әңгiме сап ете қалғаны. Каналдың Ақтеңiзге құяр сағасындағы шлюздi қайта жөндеу кезiнде экскаватордың шөмiшiне адам сүйектерi толып шыққан ғой. Сонымен қоса құжаттар да iлiксе керек, солардың iшiнен Махмұт тектес есiм бе, әлде тегi, әйтеуiр шығыс халықтарының ныспысын айғақтайтын дәлел қағаздар бар екен. Көмусiз қалған ол қандай қандасымыз екен? Жалпы, Сосновецтiң кез келген жерiн тереңiрек түртсе, сүйек шықырлайтынын екiнiң бiрi бiледi бұл жерде. Соғыс тұсында аэродром салу кезiнде де қаншама мүрденi тып-типыл етiп тегiстеген. Н.Ф. Серегин қарттың өз аузынан естiдiк, картоп қазып жатқанда он екi адамның сүйегi iлiккен ғой күрегiне.

Тұтқындардың сүйегiмен ойнаған солақай саясаттың түпкi көздегенi орындалып, канал бiр жыл жетi айда iске қосылды. Күре су жолының Ақтеңiзге қосылуынан сол кезде халық шаруашылығына қисапсыз пайда келгенiн пайымдаймыз. Бiрақ өзектi өртейтiн тұспалымыз және жоқ емес. 1966 жылы А. Солженицын «Архипелаг ГУЛАГ»-ті аяқтаған соң, Ұлы Ақтеңiз каналына әдейi барып, жайын көрмек болады ғой. Сонда сегiз сағат iшiнде өздiгiнен жүретiн бiр баржа ғана өтiптi каналмен. Бұған таңғалған жазушы: «Елiмiзге қасқалдақтың қанынан бетер керек болған, Ұлы канал, мына қимылсыз күйiңе не жорық» деп, бiр жағы мысқылдап, бiр жағы әжуалап, қатты налыса керек. Сол қыбырсыздыққа сол жолы бiз де таңырқадық. Кемелер шабан өтедi екен, таситын жүктерi жоқ дей ме, қайдам. Асарлап салынған каналдың күйкi тiрлiгi осындай. Соның бар ғой, суына көз салсам, қан ағып жатқандай шошынам, жағасындағы жақпар тастарды тұтқындардың сүйегi ме деп қалам…

Соқыр, таяз саясат не iстетпейдi. Соның басты иелерiнiң бiрi Кировтің де Сосновецтегi ескерткiшiнiң жетiсiп тұрмағанын көрдiк. Басында шәпкесi, үстiнде шинелi, оң қолында шиырлап ұстаған газетi бар «жалынды революционер-шешеннiң» сол қолына шұрқ тесiк еркек сандалын iлiп кетiптi, онысы желмен шайқалып салбырап тұр. Мiне, мазақ, орынды мазақ. Халық қаһарына iлiккен саясаткердiң қазiргi сықпыты осы. Жаңа тұрмысты уағыздап, ұрандатқан «жалындының» Мiржақыптай талай боздақтың өмiрiн қиғанын тарих, сiрә, кешiрмес.

Елде көлiк келгенше қарап жатпадық. Екi жарым мыңдай халқы бар шағын Сосновецтiң экономикалық-әлеуметтiк ахуалына тереңiрек бойлағың келедi. Бастапқы байлығы ағаш екендiгi бөренеден қиыстырған үйлерiнен, текшелеп жиған қайың­отынынан байқалады. Тағы бiр несiбесi балық десек те, дүкендерiнен соның бiр қалбырын көре алмай дал болдық. Етi, сүтi, қант, наны удай, сыртқа еккен картобы үшiн кезектесiп күзет қойған ашқұрсақтау ел екен. Әйтеуiр, орманның қып-қызыл жидегiн нәпақа қылып, жексенбi күндерi отбасымен өре көшiп терiп, онысын шетелге бұлдап, Финляндияға тауарға айырбастап, қажеттерiн шығаратын жанкештi еңбекқор адамдарын көрдiк. Өз жерiнде Карель деген аты бар да, үлесi шамалы, тiлi де бiздегiдей шырайы ашылмаған ел екен, бiр ғажабы, адамдары қазақы мiнез дерсiң. Мiржақыптың мүрдесiн әкетуге қимайтындай… әйтсе де осы iске етене араласып, тайлы-таяғымен жөңкiлiп жүрдi.

Тек жатпай, мұнда талай кездесулер өткiздiк. Орта мектептегi жүздесуге поселкелiк кеңестiң төрайымы С.Ф. Фролова бастап барды. Марат әрiден қозғап, қазақтың тарихын желiлеп таратып, зиялыларымыздың орыс интеллигенциясымен арақатынасын безбендеп, Мiржақыптың сан қырлы еңбегiне тоқталып, мұнда келуiмiздiң мәнiсiн айтқанда шәкiрт пен ұстаз бiткен мейiрленiп тыңдады әңгiменi. Сыртқа шығып бара жатқанда, бiр оқушының «Ей, сен бiлесiң бе, бiз осындай Сосновецте тұрып жатыр екенбiз ғой» дегенiн естiдiм. Бұл кездесуден бiр түйгенiм – мұндағы жас ұрпақ әлi де болса өз өлкесiнiң тарихын, кезiнде осында атақты тұтқындар өмiр сүргенiн жөндi бiле бермейдi екен. Байқаймын, жүздесулерге қатысқан мұғалiмдер де осындай ой түйiп, өз қызметтерiндегi осал буынға сын көзбен қарағандай жетiлiп, шыңдалып қалғанын сездiм.

Бұл жүздесуден көп нәрсе ұтқанымызды ендi шамалаймын. Бiрiншiден, бұрынғы орталықтың әмiрiнсiз қазақ, карель халқын жақындастыра түскендеймiз. Екiншiден, адамгершiлiк, рухани, мәдени өркениет үлгiсiнде достық пейiл еселенгендей едi. Мың сөзден бiр iс артық, ендеше, Мiржақып қабiрiн осыншама жыл мәпелеп күткен халықтың өнегесiнен айналмассың ба? Үшiншiден, Мараттың «Балалар, әкелерiңнен Сосновецте кiмдердiң тұрғандығын сұрап қалыңдар» деуiнiң өзi үлкен сабақ iспеттi едi.

Мен кездесу соңында мектеп директорына Торғай облысындағы «Қызбел» кеңшарында жабдықталған М. Дулатұлы мұражайының мекенжайын жазып қалдырдым.

Сегiзiншi қыркүйектiң кешiнде төрт жiгiтiмiз Торғайдан алтыншы тәулiк дегенде аман-сау жетiп, мәре-сәре болып қауыштық.

…Тоғызыншы қыркүйек. 9 сағат 40 минут. Зират маңы қарақұрым халық. Мен қазылып жатқан Мiржақыптың қабiрiне қобалжи қарап, бүгiн Ерлан арқылы Санкт-Петербургтен «Егемен Қазақстанның» редакциясына телефакспен берiлетiн мақаламды асығыс сүйкей бастадым.

 Мұнымен парыз өтелмес

Құдайдың қолдауы да, қазақтың асыл ұлы Мiржақып Дулатұлына туған топырағы бұйырып, оның мәйiтi 1992 жылдың 18 қыркүйегiнде Жанкелдин ауданындағы өз есiмiмен аталатын кеңшар орталығына қайта жерлендi. «Жаза гөр топырақты елден, Алла!» деп жалбарынғанындай, аузына бұл сөздi Құдай салды ма екен, арманы орындалды. «Әкемнiң сүйегiн көзiмнiң тiрiсiнде елге әкеп жерлесем» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Гүлнәр апай парызын өтеп, уһ деп демiн алғандай. Жалпы, бұл оқиғаның сәттi түйiнделгенiне халық сүйiнiп жүр. Сыртта қалған ұлының сүйегiн егемен елiнiң арқасында ғана әкеле алған мемлекеттiң бұл қадамы да құптарлық. Әйтпесе бұрын қайда қалыпты? Бұл – бiле-бiлгенге адамгершiлiктiң жарқын өнегесi, ежелден бауырмалдықты, қайырымдылықты, мейiрiмдiлiктi ту еткен атам қазақтың байырғы дәстүрiнен жаңылмағанының нышаны.

Мiржақыптың бейiтi қазiр төмпешiк болып қана шағын парк iшiнде жатыр. Ауданның кейбiр басшыларының айтуынша, басына белгi-тас қойып, қарайта салмақшы. Мұның қисыны қалай болар екен? Ел арасында мұны қомсынушылық байқалады. Мiржақыпқа зәулiм кесене тұрғызуды орынды санайды. Күнi ертең бұл жерге заманымыздың заңғар ойшылына, қазақ мемлекеттiгi үшiн күрескен қайраткерiне тағзым ету үшiн жер-жаһаннан небiр игi жақсылардың жиналары сөзсiз ғой. Сонда қысылмайтындай болуымыз керек қой. Iрi, кесек нәрсеге ұсақ есеп жүрмес болар. Кейде той-томалақты қолдан балалатып, шашылып-төгiлгенде дархандығымызға құрық болсайшы сол. Ал тарихи, әдеби, мәдени тағылымы теңдессiз рухани мұрамыздың осындай мәңгiлiк өлшемiнен қаржы аяп, үнемшiл бола қалғымыз келедi. Турасын айтсақ, өсер елдiң мiнезiне жат қылыққа бой ұрмағанымыз жөн-ау. Тiптi кесене үшiн арнаулы қор ашсақ та, ертең бетiмiз қызарып, ұялмау жағын қарастырайық.

Мiржақыптың туғанына 110 жыл толуына орай Марат Әбсеметұлы мұрындық болып, Дулатұлының бес томдық таңдамалысын, бiр томдық хаттары мен естелiктерiн, түрлi құжаттарын әзiрлеп шығармақ екен. Осы талпынысқа көп болып көмектесейiк. Қазiр мiржақыптану ғылымы қалыптасу үстiнде. Тәңiрiм оның бiр басына бәрiн үйiп-төгiптi-ау. Мiржақып – ақын, жазушы, публицист, фольклоршы, этнограф, педагог­математик, тарихшы, лингвист, философ, сазгер, саяси қайраткер, дәрiгер. Ол – теолог, яғни дiн iлiмiн зерттеушi, сол саланың теориясын жасаушы. Демек, осының өзiнен-ақ аңғарылып тұрғанындай, оның қаншама асыл мұралары әлi бiр жүйеге түсiрiлмей, шашыраңқы жүр. Бiзге беймәлiм еңбектерi де жеткiлiктi шығар. Шетелдерде Мiржақыптың мұралары ғылыми өрiстiң алтын дiңгегiне айналған, соның негiзiнде диссертациялар қорғалыпты. Жоғары оқу орындарында оның iлiмдерi бойынша арнаулы лекциялар курсы жүргiзiледi екен. Бiздiң ендi жерге қарап отыруымыз жараспас.

Қалауын тапсақ, Мiржақып рухын қастерлеудiң жолы көп. Астанадан да, Арқалықтан да келiстiрiп ескерткiш сомдап тұрғызсақ, қандай жарасымды болар едi. Совхозда салынып жатқан мұражайын жай қалқита салмай, сырт көздiң сынына татырлықтай қылып, талғаммен жасақтаған жөн. Онда қойылатын жәдiгерлердi сұрыптауға да жүрдiм-бардым қарамау керек.

Жәдiгер демекшi, бiз әлi мұражайдың баға жетпес осы қазыналарына зерек қарай алмай келемiз… Оларды қабылдап алу, тапсырушымен шартқа отыру, қорда сенiмдi сақталуына кепiлдiк беру жағына салақпыз. Баяғы қазақшылықпен «алдым, бердiмнен» әрiге аспаймыз. Ал мұның аяғы опық жегiзiп жатады.

Осымен үлкен бiр iс тындырылды деп жағаны жайлауға жiберуге тағы болмайтын сияқты. Қай парыздың да мiнсiз өтелмегi оңай емес. Соңғы кезде жамиғатқа жағар бiр жаңалық тарап жүр ел арасында. Жүсiпбек Аймауытов пен Ғазымбек Бiрiмжановтың мүрдесi Мәскеудiң Новодевичьево зиратына жерленiптi дейдi. Сол рас болса, несiне үнсiз жатырмыз?.. Қараңызшы, анау туысқан қырғыз жаққа. Ақаев, Айтматов ортақ қорымнан сталиндiк қуғын-сүргiннiң құрбаны болып кеткен әкелерiнiң мәйiтiн тауып, ақ жуып, арулап қойды емес пе? Өркениеттi елдiң қасиетi осыдан-ақ танылар. Елдiктiң, азаматтықтың белгiсi өшпес өсегiмен, дәлелсiз дауымен емес, мұнтаздай iсiмен көрiнерi аян.

Мiржақып Дулатұлы «Еңбекшi қазақ» (қазiргi «Егемен Қазақстан») газетiнде жауапты редактордың әдеби көмекшiсi болып қызмет етiп жүрген кезiнде, 1928 жылдың 29 желтоқсанында тұтқындалыпты. Ендеше, өзiмiздiң әрiптесiмiзге деген iлтипатымызды есте сақтау жоралғысын босағамыздан бастасақ, артық болмас. Мiржақыптар уығын қаласқан қара шаңырақтың қанатының астында жүру – бiз үшiн әрi мақтаныш, әрi сес, әрi өтелмес парыз iспеттi-ау! Сол ұлылардың шапағаты тие берсiн деймiз де!

«Бақытсыз Жамалдың» трагедиясын жырлаған қайран Мiржақып. Өзгенің бақытын құтайтамын деп, күллi қазақтың мұңын шағамын деп, бүгiнгi елдiктiң туын желбiретемiн деп, «халық жауы» атанып қиыр шетке айдалып кетiп едiң, бақытсыз мұңлық күйiн кешiп едiң. Сол жаланың күйiгi, мiне, көрген түстей өттi де кеттi… Аруағыңа табындым!

 Арқалық – Сосновец – Арқалық

 

 

 

 

Қайсар ӘЛІМ




ПІКІР ЖАЗУ