Мыңжылдықтарды сөйлеткен сахаба

Человек должен быть полем, что кормит всех,
ветром, что веет повсюду, деревом, где на ветвях
сотни плодов, морем, где тысячи волн встают на дыбы,
где бури идут – одна на смену другой.
Человек должен быть как море – Не знать никаких границ!
(Түрік ақыны Бедри Рахми Эюбоглу, 1913-1975)

Ықылымдардың, есте жоқ ерте дәуір­лердің тылсым жұм­ба­ғын, құмығың­қы дауысын, жаңғыры­ғын, сырын мейір-ілтипатпен, кең өріс­ті тұңғиық терең бі­лім­дарлықпен үздік деректермен дә­й­ек­теп, түбегейлі тү­сіндірген, көне қып­шақ тіліндегі жаз­ба ескерткіштерін, кос­­могониялық, геометриялық, зоо­мор­­фтық, өсімдік тұрпаттас ою-өрнектердің яки халықтың көркемдік-фәлсафалық дәстүрлерін, металл қорыту тәсілдері мен өрнектеу өнерін, қазақтың эпикалық аңыздарының тарихи негіздерін саралаған қайсар рухты көріпкел көреген оқымысты академик Әлкей Хақанұлы Марғұлан еді.
Жер-жиһанға мәшһүр ғұлама 1960 жылы Мәскеуде Дүниежүзілік Шығыстанушылардың ХХV Конгресінде «Орталық Қазақстанның қола дәуіріндегі ескерткіштері», 1967 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында Шығыстану зерттеушілерінің ХХVІІ Конгресінде «Қазақстанның ислам діні туғанға дейін архитектурасы», 1964 жылы археологтар мен этнографтардың Халықаралық VІІІ Конгресінде «Қазақтың киіз үйі және оның құрал-жабдықтары», 1968 жылы Токио қаласында антропологиялық және этнографиялық ғылымдардың VІІІ Конгресінде «Қазақтың зергерлік өнері», 1970 жылы Түркияның Анкара қаласында Түркі мемлекеттерінің тарихын зерттеушілердің Конгресінде «Қорқыт Ата жайындағы қазақ аңыздары» деген тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасап, Қазақ Елінің абыройын асқақтатты.
Біртуар тұлғаның ғылыми-әдеби, мәдени шығармашылығын байыптасақ, ол – Аттилатанушы, Қорқыттанушы, Эпостанушы, Тұлғатанушы, Абай­танушы, жыраулық, сал-серілік, саятшылық, құсбегілік өнердің білгірі, ұлт фольклоры үлгілерінің жинаушысы, аудармашы, Шоқантанушы, Манастанушы, қазақ археологиясының атасы, Ұлы Даланың тілеуқоры һәм тамыршысы, танытқышы.
Бұл орайда Батыр Бауыржанның «Сізді Құдай ғылым үшін жаратқан» «Сіздің еңбектеріңіз тарихи мөлшерде кең өрісті» (27.06.1964 жыл), Шапық Шокиннің «Тұтас бір ғылыми мектептің негізін қалаған», ұлт қайраткері Ілияс Омаровтың «Сіз әрбір сапардан қайтқанда халыққа, тарихқа сәлемдеме ретінде көптеген бағалы ғылыми деректер алып қайтасыз» (10.06.1964 жыл), кемеңгер тарихшы Ермұхан Бекмахановтың «Советтер Елінің қай архивіне барсам да, менің алдымда Марғұлан болып кеткенін көремін» деулері Ә.Марғұланның жанкешті қаһармандық еңбегіне, арлы, намысты болмысына, ұлтқа деген ардақты қызметіне бағыштаған қымбат сипаттамалар.
Академик Ә.Х.Марғұланның шығармашылық өмірбаянынан сыр толғап, ұлы кісінің өмір жолынан деректерді сөйлетелік. Шідертіде 1910-1915 жылдарда әкесінің туысқандары ұйымдастырған ауыл мектебінде оқып, араб тілін жетік меңгерген, Орта Азия, қыпшақ, шағатай әдебиеті мен қазақ фольклорынан толық білім алған, Қисық тауының басына шығып, Абай өлеңдерін жаттаған. Қоянды жәрмеңкесінен сатып алынған Қазанда шыққан кітаптарды ықыласпен зердесіне тоқыған. 1916 жылы бір тау-кен инженеріне ілесіп Екатеринбург қаласына орыс мектебінде оқу үшін әрі Ірбіт темір жолы құрылысына жұмыс істеу үшін келгенімен, империалистік соғыс өртінің тұтануына байланысты елге оралады. 1917-1919 жылдарда ауылында жекеменшік орыс мектебі ашылса да, бастауыш білім ала алмайды. 1919 жылы Павлодарда 3 айлық педагогикалық курста оқып, 1921 жылы қыс айларында ауылда ұстаздық етеді. 1921-1925 жылдарда Семей халық ағарту мектебінде (педтехникумда) оқиды. Оған Мұхтар Әуезов әдебиеттен дәріс оқыған, достасады, бір үйде бірге тұрады. «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетіне (редакторы Жүсіпбек Аймауытов) мақалалар жариялайды.
Мұхтар Әуезовтің кеңесімен 1925 жылы Ленинградтағы Герцен атындағы Педагогика институтында тыңдаушы, 1926 ж. Шығыстану институты мен Ленинград университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінде, Өнер тарихы институтында студент атанады, көкірек кенішін байытады.
Білім қазынасының кілті тілдердің сырын егжей-тегжейлі жетік үйренуді мақсат еткен Ә.Х.Марғұлан түркітану семинары бойынша анадолы түркілерінің байырғы тілі, түрік тілі грамматикасының ғылыми негіздері, түрік әдебиетінің тарихы, түрік диалектологиясы, түркітануға кіріспе, тіл біліміне кіріспе, парсы лирикасы, неміс тілі, жалпы стенография, Шығыстың аграрлық құрылысы пәндерін тыңғылықты оқып үйренген.
Ә.Х.Марғұланның жазуынша, Орта Азияның тарихы мен археологиясынан академик В,.В.Бартольд, үнді фольклоры мен өнерінен академик С.Ф.Ольденбург, арабтанудан академик Ю.Н.Крачковский, Орта Азия әдебиеті мен жазу тарихынан академик А.Н.Самойлович, иран әдебиетінен Е.Э.Бертельс, сондай-ақ академиктер Б.Я.Владимирцев, Н.Я.Марр, И.И.Мещанинов, В.В.Струве, В.Л.Щерба, А.Р.Якубовский, А.С.Пушкин және М.Ю.Лермонтов поэзиясы бойынша профессор Сиповский, Б.В.Томашевский, Б.М.Эйхенбаум, Оксман, В.Шкловский, Баклановтар терең біліммен сусындатады. Біздер 2-курстың өзінде ғалым сезіндік деп жазады.
1931-1934 жылдарда Мемлекеттік Академияның Материалдық мәдениет тарихы институтында аспирантурада оқыған. Себепкер – ұстазы академик В.В.Бартольд көрінеді. Сол бір ғылым қуған жылдардағы Ә.Х.Марғұланның интеллектуалдық әлеуетінің қандай екендігіне мына бір мысалды ортаға салайық: «І Петр патшаның 1718 жылы Тәуке ханға баратын елшілігі» дейтін тақырыпта В.В.Бартольдқа аспиранттық емтихан тапсырған. Мұның алдында Ә.Х.Марғұлан оған Шәкәрімнің шежіресін орысшаға аударып берген-ді.
Ә.Х.Марғұлан аспирантурада А.Н.Бернштам, С.П.Толстов, К.В. Сальниковтармен бірге оқыған. 1926-1928 жылдарда СССР ҒА-ның Қазақстан мен Алтайдың этнографиялық экспедицияларында практикант әрі ғылыми қызметкер ретінде қатынасқан. 1926 жылдың мамыр-шілде айларында профессор Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған антропологиялық экспедиция құрамында Адай елінде болған. Сонымен қатар академик А.Б.Ферсманның ұйымдастыруымен құрылған СССР ҒА Қазақстандық комиссиясының құрамында болған. Және де А.Ю.Якубовский мен С.Ф.Ольденбургтің ұйымдастыруымен Шығыс Түркістанға, 1931-1932 жылдарда С.И.Руденко мен А.А.Миллердің жетекшілігімен, 1932 жылы Н.И.Репников бастамасымен Ладога көліне әзірленген.
1932-1935 жылдарда Шығыстану институтында көне түркі және қазақ тілінен сабақтар жүргізген.
Академик Шапих Шокиннің жазуынша, Ә.Х.Марғұлан 1930 жылы Орта Азия университетінде қызмет еткен. 1933 жылдан бастап РСФСР Халық Комиссариатының қаулысымен (1937 жылғы 11 желтоқсан, № 777) Мемлекеттік Географиялық қоғамның толық мүшелігіне қабылданған.
1936-1938 жж. СССР ҒА Мәскеудегі тарихи деректер зерттеу институтында кандидаттық диссертация жазады. 1938 жылы СССР ҒА Президиумы Қазақстандық филиалға аға ғылыми қызметкер ретінде жолдама береді.
Ә.Х.Марғұлан әлемге әйгілі ғұламалар шоғырланған, кітапханалары, мұражайлары бай шаһарда 1925 жылдан бастап 1938 жылға дейін мағыналы ғұмыр кешеді. Кемеңгерлік асыл кеңестерін, ой толғауларын, ұлы идеяларын, майталмандардың даналықты тәжірибелерін болмысына сіңіреді. «Бір ақылды адаммен сөйлесу – бір айлық кітап оқуға тұрарлық» дейтін қытай қағидаты бар. Әңгімешіл Әлекең айтатын-ды: Бірде 1933 жылы С.Ф.Ольденбургтің 70 жылдығына орай ғылыми конференция болған-ды. Бұған оншақты француздың жүйрік ойшыл ғалымдары қатынасты. Сонда А.В.Луначарский академик С.Ф.Ольденбургтің шығармашылық ғылыми өмірбаяны жайында француз тілінде бір сағаттай шабыттанып, жосылта сөйледі. «Шынайы шешендік осы екен ғой» деп тамсандық.
Құйынды ақын В.Маяковскийді әлденеше рет елтіп тыңдадым. Ол:
Петроградские дамы,
Вы меня не узнаете
Я Вам не Пушкин –
деп, асқақтап сөйлейтін.
Алексей дейтін Ақмоланың ақын жігітімен бірге оқыдым. Өлеңді жүйрік жазатын. С.Есенинге таныстырам деп жүргенде дүниеден көшті.
Сұлтанмахмұтты жалынды, өткір, лапылдаған от секілді дейтін. Екеуара шер тарқатып, арғы-бергіні қопарып әңгімелескен едік. Мәшһүр Жүсіпке отыз шақты хат жазғанмын, ол жарықтықты «Молдеке» деп атайтынмын.
Әлкей Хақанұлы теңіздей толқып, шежіретану, деректану, тұлғатану, жер-су атауларының шығу төркініне, ғажайып халық жырларына, әфсаналарға, этнолингвистикаға, жырауларға, сал-серілерге, әңгімеші-жыршыларға қатысты қызықты оқиғаларды, жайларды, мәліметтерді түйдек-түйдегімен келістіре баяндап, жеткізетін-ді. Кейбір есте қалғандарын жаңғыртайын: 1) Қазақ ханы Тәуекелдің немересі, Ондан сұлтанның баласы Оразмұхаммедтің күміс сандығы жайында, қазақ прозасының тарихы турасында, Сілеті өзенінің тарихы жөнінде айтқандары. (1980 жыл, 5 сәуір)
2) Мұхтар Әуезовпен бірге Ленинград қаласында өнер, мәдениет, ғылым қайраткерлерінің ортасында тағылым мен білім алуы. (1980 жыл, 24 тамыз)
3) Садуақас Шорманов пен Имантай Сәтбаевтың Омбыда «Киргизская национальная школада» оқығаны және Шоқан Уәлихановтың пәтерінде тұрғаны.
4) 1865 жылы Болат Ғұбайдуллин Николай патшаның алдында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын жырлауы хақында.
5) Күйші Тәттімбет шөптің жайқалғанына, судың дәміне қарап ат тұяғының астындағы жердің қазынасын айыра алған. Өзен түбінен қой терісімен алтын сүзген.
Қызыл Империя заманында ұлт тарихына байланысты мұндай жаңалықты пікірлер танымыңды кеңейтері сөзсіз.
Ұлт абызы, ойшыл Әлкей Хақанұлымен терренкурда әлденеше рет сұхбаттасып, кейде ғасыр ғұламаларының өмірінен сыр шертуші еді. Табиғаты, мінезі, пейілі оғаш пікірден мінсіз періштедей таза, әдепті, сұңқардай сақ, мәдениетті, текті, терең жаратылған жан еді. Сталиндік қуғын-сүргіннің зымияндық зұлымдықтарын көрсе де тіс жармаушы еді. Мен де ол кезде бейхабармын.Тып-тыныш табиғаты тамылжыған өзен жағасында аяңдап келе жатқанда, сәл-пәл аялдап, ешкім жоқ болса да, жан-жағына сүзіле қарап, «Мағжан түптің түбінде ақталады, жазу өнерінің шыңына шыққан жампоз, қолтаңбасы да аса көркем еді». Оның «Ер Олжабай» деген жыры бар. Қайда екенін Халидадан сұрауым керек еді деді де, әңгімесін шұғыл басқа жаққа аударды…
Ұлы жұртымыз тәуелсіздікке қолы жетті. Алаш арыстарының мұрасы ұлт игілігіне асты.
Бүгінгі таңда Мағжан Жұмабаев пен Әлкей Марғұланның қарым-қатынасы қаншалықты дәрежеде болғаны беймәлім. 2018 жылы Мағжан Жұмабаев энциклопедиясында (Бас редакторы Жарасбай Сүлейменов) М.Жұмабаев абақтыға қамалғанда Ә.Марғұлан оған тамақ жеткізіп, сонымен қатар ақынның жары Зылиқаға да жәрдемдескен. Ұлы ақын 2-ші рет ұсталғанда: «Маған досым әрі жанашырым Әлкей Марғұланов келіп тұрды», ол «шизофрениямен ауырып, психологиялық ауруханаға түскенін» тергеушілерге айтады. 1937 жылғы тергеу істерінде Марғұлановты «Өлді» деп жазғызған. (315-бет)


Осы бір дерек-мәліметті әрі қарай тереңдетіп, түсіндіру үшін Мағжанмен медреседе сабақтас, араб, орыс, татар тілдеріне жүйрік, өнерге де бейім (гармон тартуға) Жұмабаева Зылиқаның (1894-1989) хаттарына үңілейік, жан сырларына ортақтасайық:

№ 1
«Сәлем хат

Құрметті інім! Бүгінгі күн сізге арнап осы хатты жазып отырмын. Таяуда Қызылжар қаласына бір жақыныңның үйіне барып, сол үйде «Қазақ әдебиеті» газетінің подшипкасынан 1958-жылы сіздің академик болғаныңызды және тірі екеніңізді біліп, қуанышым қойныма сыймады.
Құрметті інім! Бақытыңның ашылғанына қуанғаным сондай, сенің жас күніңдегі азапты күндерің есіме түсіп бір жылап алдым. Міне, алдымда… Тамара екеуіңізді Қара теңіздің жағасында отырып түскен суретіңіз алдымда жатыр. Жылжыған өмірдей толқыған Қара теңіздің асау тасқындары сендердің отырған тастарыңды келіп ұрып жатыр. Сен дамылсыз зырлап бара жатқан өмірдің артынан көз жібергендей, болашаққа өкінгендей алдыңа қарап отырсың. Сені бір көруге ынтызармын. Бірақ, оған мұршам да жоқ… Жоқ. Қош, сау бол.
Бажекенің «Ботакөзі» – әйелі Зылиқа ханым.
Адресім: Северо-Казахстанская обл., Конюховский район, ст.Кара-Гуга, ул.Карла Маркса, 11. Жумабаевой Зулейха».
19.06.59

№2

«Құрметті Әлкей!
Жазған хатыңызды алдым. Бұл күнде заман өзгерді. Адамға адамның көзқарасы да мүлдем өзгерді. Сондықтан хатыма жауап келер деп ойлаған жоқ едім. Ал сіздің бір жапырақ хатыңызды алғанымда көзімнен төгілген моншақ жасқа ие бола алмадым. Бірақ, бұл менің бірінші жылауым емес қой. Сонау шалғайда қалған күндерде өзіңмен бірге жылағам, әлі де жылаудамын. Жылап-жылап көз жасым да құрыды. Жасты сүртетін … орамалдар да шіріді. Амал қанша, тағдырдың ісі солай. Біреу мәңгі жыласа, біреулер жартылай жылайды.
Қазір сіздің академик болып, бақытты тұрмысқа ие болғаныңызды газет беттерінен көріп шексіз қуанамын… Бірақ, тым үлкен бақытқа ие болған адам өткендегісін түгелдей ұмытады ғой. Сіз де бұдан 30 жыл бұрын көрген азапты күндеріңізді ұмытқан сияқтысыз. Өйткені, хатыңыз өте салқын жазылған.
…Әйелім мен қызым көмектеседі деп жазыпсыз. Ол өте жақсы. Маған көмектесетін адам түгіл албасты да жоқ. Жынынан айырылған бақсыдай сарнап жалғыз қалдым. Осы күнде сіздің баяғыдағы Ленинградта сырқат болып жатқан күндеріңіз де есіме түседі. Туған бауырымдай көріп, сонда күнара сізге барып тұрушы едім. Енді мен сияқты күңіренген, қуарған кемпірге… халыңыз қалай деп ешкім назарын аудармайды. Алайда, сіздің бақытыңызға бақыт жамала берсе екен деп тілеудемін. Хатыңыздың аяғында уақытты көңілмен қуанышты өткізуге тілектеспін депсіз. Бірақ, сол қуаныш қайдан келер екен деп зарығып күткеніме жыл өтті. Әлі көрінбейді.
Қош, сау болыңыз! Сәлеммен Зылиқа.
Ескерту: Сіздің профессор Форелдің атындағы ауруханада жатқандығы туралы анықтамасы менде жатыр… Егер менен қорықсаңыз, хатты Жалтыров Сабыркейдің атына жазыңыз. Бірақ, менен қорқатын ешнәрсе жоқ. Жазалы кісі өз жазасын алып кеткен.
Келіннің аты кім, қызыңның аты кім? Оны неге хабарламағансың?
Адрес: Северо-Казахстанская обл., Конюховский район, ст.Кара-Гуга, ул.Карла Маркса, 11. Жалтырову С.

№ 3

«Здравствуй, Алкей!
Ты помнишь, Алкей, когда ты находился в тюрьме в Ленинграде, Магжан из лагеря писал письмо (1934 г.) мне, где он говорил, чтобы во чтобы-то не было я помогла тебе, что ты явлеяшься его хорошим другом. После этого слова Магжана я несмотря на все предпологаемое ужасы со стороны НКВД, не боясь всякой напасти со стороны НКВД в дни его свирепствования, ходила к тебе, не раз передало передачу с бельем, твоя родная тетя, когда ты вышел из тюрьмы, то ходила к тете в общежитие, также с передачей. Через некоторое время ты попал в больницу, Туда попал потому что после смерти Кирова и после твоего выхода из тюрьмы тебе все время мерещились призрак из НКВД – красночапошники. Тебе казалось, что она всюду преследовали за тобою, по этому ты хотел зарезаться и попал в больницу. Оттуда тебя отправили в сумасшедший дом Фореля, где тебе стало еще хуже. Это было 7.VІІІ.34 г. При всех этих для тебя несчастных и неприятных обстоятельствах я вопреки всем ужасам ходила к тебе и носила передачи. Не раз я видала как твои «Коллеги» по сумасшедшему дому дрались и ругались, выли волком, ревели львами, пищали змеямами. Несмотря на все эти ужасы я часто ходила к тебе. Ходила не потому, что ты мне родня, а просто человек – казах, страдающий в дали от родины. После этого ты приехал к нам в Петропавловск. Мы с Магжаном встретили дорогого гостя, ты находился у нас довольно порядочное время. Потом ты съездил в Караганду, откуда скоро вернулся и побыв у нас несколько дней, поехал к себе на родину – в Баян-аул, исчез бесследно…
Но теперь?.. Теперь ты Великий Человек, Академик!». 1959 жыл. (ҚР Мемлекеттік архиві, Қор 2415, Тізбе 1. Іс 586).
Мағжан мен Марғұланның қасіретті тағдыры, зобалаң заманының сұмдық-сұрқиялылығы бұл хаттарда айқын көрініс тапқан.
Мұрағаттанушы Амантай Сатаев (1933-2003) күнделігінде 1967 жылдың 15-ші маусымында қарт журналист Жайық Бектұровтың шаңырағында Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков, академик Әлкей Марғұлан бас қосып, Алаш идеясымен қаруланған, кеңестік идеология дәуірінде атын атауға болмайтын мыңжылдықтардың тұлғасы хақында ой-пікірлер туындатыпты. Ол былайша өрілген: «Әйгілі ақынымыз М. … күйді жанындай сүйетін. Әсіресе, «Екі жиренді» көзінен жас алып тыңдаушы еді. Мен ол кісіге «Екі жиренді» бірнеше рет айтып бергенім бар. Кәне, Жайық, домбыраң бар ма?».
Сонан соң әңгіме желісі «стилист» суреткер Жүсіпбек Аймауытовқа ауысып, қайтадан Жайық Бектұров Мағжан Жұмабаев жайындағы жазбасын тебіреніп оқып, «Ақынның Ақан туралы жазған бір әсерлі жеріне келгенде Әлкей көзіне жас алып, тұнжырап кетті. Ақан туралы жазған осы очеркін Мағжан Жұмабаев маған өз үйінде оқыған еді – деп еске алды Әлімхан Ермеков». (Амантай Сатаев. Төл тарихымыздың тұнығынан. Алматы, «Қайнар», 2009. 203-204 беттер).
Бірде Мағжанның сыршыл поэзиясы мен Тұран жұртының даңқты тарихын жетік, кемел білетін кемеңгерлігіне ынтызар Ә.Х.Марғұлан деректанушы, жазушы Жайық Бектұровқа: «Мағжан Карелия, Мурман жақта, қысы суық, жазы салқын, жері сызат, тіпті тоң аймақта жүрді ғой. Аяғына сыз өтер деп Ленинградта жүргенімде аяғымдағы галошымды Мағжанға жұбайы Зылиқадан беріп жібердім» деген. («Тағдыры қиын талант» 1961-1986 жылдар)
Әзиз Әлкей Хақанұлының өлшеусіз мейірімі мен пейілінің, көркем мінезі мен әдептілігінің белгісі ғой. «Шынында, жақсылық деген қазына» (Хадис).
Академик Ә.Х.Марғұланның Қорқыт Атаға қатысты көл-көсір ой-толғауларына Тұран даласының дарабоз ақыны Мағжанның «Қорқыт» поэмасының («Шолпан» журналы, 1922 жыл, №2-3) символикалық-фәлсафалық сипаттары себепкер болған болар…
Академик Шапиқ Шөкин (1912-2003) Әлкей Марғұланмен 1930 жылдан бері тонның ішкі бауындай жақын болса да «әрбір қимыл-әрекетін терең ойланып, ақылмен жасайтын табанды кісінің» тағдыр тәлкегін көргендігінен, азап шеккендігінен, «Мағжан Жұмабаевтың пікірлес те айрылмас досы» болғандығынан мүлде бейхабар оған 1972 жылы Сарыағаш шипажайында көңілденіп, басынан өткен шер-қайғыны тарқатыпты және де ешкімнің құлағына жетпеуді, өз ішіңе мұқият сақтауды өтінеді. Осы бір сырдың, оқиғаның жайын Шапиық Шақаұлы (Шөкин) былайша мазмұндайды: «Ол Ленинградта аспирантурада оқып жүрген кезде, Киров өлтірілгеннен кейін 1934 жылы қамауға алынып, бірнеше ай түрмеде отырады. Оны ауыр азапқа салады, мәселен, табаны мен алақанынан шапаттап ұрып, сосын пәлен сағат бойы зорлап тұрғызып қояды. Бір күні осындай айуандықпен жасалған азап пен қорлықтан әбден титықтаған Әлекең өзін-өзі өлтірмек болады, тамағын орып жібереді (тегі, пышағы өтпейтін секілді), абырой болғанда, абақтылас серіктері оны көріп қалып, ойға алғанын ақырына дейін орындатпайды. Түрме дәрігері оны ажалдан әрең-әрең аман алып қалады».
Негізінде, Ә.Х.Марғұлан басындағы қасіретті, азапты айлар 1934 жылдың жазынан бастап 1935 жылдың сәуіріне дейін жалғасқан.
Қара құйынға қарсы ұшқан сайыпқырандай Ә.Х.Марғұлан кемеңгер суреткер, Тұран Елінің мақтанышы Мағжанмен шүйіркелескісі келеді. Ә.Х.Марғұланның жан сырын, көкейкесті ой-арманын ғылым сардары Шапиқ Шөкин әрі қарай былайша сабақтастырады: 1935 жылы оны түрмеден босатқаннан кейін, НКВД-нің оны сыртынан бақылауы мен ізіне түсіп аңдуы күшейе түседі. Оны өзі де жақсы біледі, соған қарамастан, өте хауіпті бір тәуекелге бел байлайды – (Мағжанмен кездескісі келеді, сол кезде ол Петропавлда (Қызылжар) тұратын, педагогикалық техникумда жұмыс істейтін – сөзтану теориясы пәнінен сабақ беретін).
Достыққа адалдығы, Мағжанды жан-тәнімен жақсы көріп, оған берілгендігі сондай, ол төбесінен төніп тұрған қауіп-қатерге, арадағы шыңырауға қарамайды.
1935 жылы шілденің екінші жартысында Петропавлда қой шаруашылығы совхоздары трестінің басқарушысы болып істеп жүрген менің ағам Риза Әлекеңнен телеграмма алды, онда Әлекең келетінін хабарлапты, бірақ қашан келетіні нақты көрсетілмепті. Ағай әрі туысын, әрі бала күндегі досын қарсы алуға шынымен әзірлене бастайды. Тап сол уақытта мен жазғы каникулда жүргенмін.
Арада бірнеше күн өтті, Әлекең келмеді, басқа біреудің үйіне тоқтағанына күмәніміз болмай қалды. Бір күні Әлекең шамадансыз, ешбір нәрсесіз өзі келді. Риза одан заттарының қайда екенін сұрады, ол бұдан екі күн бұрын келгенін, Мағжанның үйіне тоқтағанын айтты. Ағам, оған, әрине, өкпе-назын білдірді, Әлекең «Мен үшін сенен гөрі Мағжанның өкпесі ауырырақ, онымен емін-еркін отырып, армансыз бір сөйлесіп шер тарқатпақшы болдым, көп мәселелер жөнінен кеңесіп, пікір алыспақшы едім, шын мәнінде мен мұнда сол үшін келдім» деді.
«Бір күнін ол бізбен бірге өткізді. Қаладан кетерде ол маған Мағжанға бару тірліктің тікенекті тар жолынан өту үшін біздің қанша қиындық көріп, сергелдеңге түсетінімізді білдірді».
Бұдан соң ағасы Риза Шақаұлының естелігін келтіреді: «Бір аптадан кейін мен ол кісіге бардым. Басы үлкен, жазық маңдайлы, нығыз денелі, орта бойлы дембелше екен, өз жасынан үлкенірек көрінеді (ол кезде 42 жаста болатын). Осы уақытқа дейін ол менің көзіме тап сол қалпында елестейді. Мені жылы жүзбен жақсы қарсы алды, өзімен салыстырғанда, әлдеқайда жас екеніме (айырмашылығымыз 19 жас), жай-күйіміздің өзгеше екеніне қарамастан, менімен тең адамша сөйлесті, маған кәдімгідей ықылас білдіріп, сөзге шақырып, ашылып емін-еркін ынта қойды. Тірлік жолында кездескен қатерлі кездер мен шұғыл бұрылыстарды көбірек сұрады. Мен бәрін тәптіштеп айтып бердім, бірақ имандай шыным, мұндай үлкен кісімен байсалды әңгімеге әзір емес едім, сол себепті біраз қысылып та қалдым. Ол маған сәт сапар тілеп, көп жақсы сөздер айтты, әсіресе, білім қоймасы – көркем әдебиетті көбірек оқуымды баса айтты, ол кісінің шын мәдениетті, ізгі парасат иесі болуына көмектеседі дегенді есіме салды. Қоштасарда маған өзінің кітабын жылы сөздер жазып сыйлады, онда ақынның «Батыр Баян» атты атақты поэмасы бар еді. Бір өкінішті, қынжыларлық жәйт, (енді тіпті айтуға ұят нәрсе деуге де болады) мен оны 1937 жылы Абайдың, Сұлтанмахмұт пен Жүсіпбектің, қазақтың басқа да ұлы жазушыларының туындыларымен бірге жойып жібердім, сонда ол кітаптардың менде болуы – менің «онша сенімді еместігіме, советке қарсы іс-әрекетке бейім екендігіме» айқын дәлел болады деп қорықтым». (Әлкей Марғұлан туралы естеліктер. – Алматы, «Білім», 2004. 54-55 беттер.)
Әлкей Марғұланның «Ілияс Жансүгіров туралы ойда қалғандарым» дейтін естелігін филология ғылымдарының докторы, жазушы Мырзабек Дүйсенов (1928-1988) жазып алған. Әлкей Марғұлан: «Ілияспен көп әңгімелестім. Ат, бәйге ат, тұлпар туралы сөз еттік. Өзі де оны жақсы білетін кісі еді. Әр жерде жүреді деді ме, менен де біраз жайларды сұрады. Құлагер атты, Ақанның жәйін зерттеп жүр екен. Жер аттарын, оқиғаның жәйін, Құлагерді кім, қалай өлтіргенін, бәрін айттым. Ақанның далада өліп жатқан Құлагер аттың қасында, тұлпардың тұмсығын иіскеп жылап отырғанын орыстың саяхатшысы Львович деген кісінің суретке түсіргенін айтқанымда, Ілияс «шіркін-ай!» деп сүйсініп отырды.
Құлагер тарихынан басқа 1865 жылғы Мұсаның асындағы Саурықтың Құлабестісі алпыс аттың алдында дара келген. Оны да сипаттап айтып бердім. Қазақта бәйге-тұлпар аттың көп шығатын жері қайсы дегенде, – Сарысу, Ақтау, Қуандық, Қарқаралы, Баянауыл, – дедім. Олардың аттары сом етті, мойыны ұзын, кеудесі алаңқы келетінін айттым. Ал Маңқыстау аттары көбіне әскери аттар, тұқымы басқарақ.
Тұлпар атының қайдан келгенін «Дала уалаяты» газетінен оқып көр деп айттым». (М.Дүйсенов. Ілияс Жансүгіров. – Алматы, «Ғылым», 1965. 211-бет.).
1981 жылдың 2 қазанында Қазақстанның Россияға қосылуының 250 жылдығына орай Алматыда өткен Бүкілодақтық ғылыми-теориялық конференцияға Башқұртстаннан келген профессор Р.Г.Кузеев академик Әлкей Марғұланға Мағжан Жұмабаевтың «Ғалия» медресесінде бірге оқыған курстасы, Башқұрт халық ақыны Сәйфи Құдаштың «Ардақты Әлкей-жан!» деп басталатын өлеңмен жазған хаты мен бір банка балды табыс еткен-ді.
Сәйфи Құдаштың хатын толғаныспен оқыған Әлекең:
– Қарт ақынның бұл хаты мен балын – туысқандық пен достықтың рәмізі деп түсінуіміз керек, – деді.
Әлекең мен Сәйфи Құдаштың өзара хат жазысқанына 30 жылдай уақыт өткен екен.
1950 жылы Әлекең Уфа қаласына Шоқан Уәлихановтың Башқұрт халқының тарихы мен мәдениеті жөніндегі ғылыми еңбектерінің қолжазбасын іздеуге барғанда Сәйфи Құдашпен талай рет кездесіп тұрған. Сонда Сәйфи Құдаш Әлекеңе «Айқап» журналының шығарушысы Мұхаметжан Сералин мен қаламгерлер Спандияр Көбеев, Бейімбет Майлин және татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің шығармашылығы хақында баяндаған.
Сәйфи Құдаштың Әлекеңе жазған хаты мынадай:
Ардақты Әлкей-жан!
Бал жібердім саған, Әлкей,
Бал кібік тілек білән.
Туысқаным – қазағымды,
Жаратқан жүрәк білән,
Чәй ічіңіз әлі баллап,
Парлашып тәмләп кінә.
Туғанлықның һәм дослықтың
Ғәмләрін ғәмләп кінә!..
Сәйфи Құдаш. 25 сенбярь, 1981 жыл. Уфа.
Ал мұны Ғафу Қайырбеков былайша тәржімалаған:
Бал жібердім саған, Әлкей,
Балдан тәтті тілекпенен.
Туысқаным – қазағымды,
Сүйген абзал жүрекпенен.
Шай ішкейсің бал қосып бір,
Терлеп қана, дәмдеп қана
Туысқандық һәм достықтың,
Қасиетін сәндеп қана.
Сәйфи Құдаш. 25 сенбярь, 1981 жыл. Уфа.
– Жақсы еңбек жасаған дұрыс, жарқын ойлар кестесін құраған жөн. Халық та, ғылым да, өзің де риза боласың. Мәселен, Ақан серінің Шоқанды жоқтауында «40 темірдің қылауын қосқан» өнерпаз жеті жұрттың тіліне, жеті өнердің сырына жетік Шоқанның қолынан алтын шыққан. Білімің о да халықтың бөлінбес бір бөлшегі ғой, ең алдымен, кісілік шынайы ғалымға тән қасиет. Ол мейлінше мәдениетті, жүрегі, жаны таза, өзі әділ, өзі турашыл, халық мүддесін жоғары қоятын жан болу керек. Ғылым шырағын қолыңа ұстауға белді бекем бусаң, бар ойың оқу-білімге аусын, жаратылыстың құпия жұмбағын ашуға қажыр-қайратыңды, намыс-жігеріңді сарқа пайдалан. Өз басыма келетін болсам, білім алуды ең алғаш Ленинградтан бастадым. Оған дейін Семейде география қоғамының кітапханасында жақсы еңбектендім. Ол жерде ойға шомып, өнер кеңістігінде, білім теңізінде жүзіп М.Әуезов отыратын еді. Жан-жақты білім алу үшін тіл білу керек, Тіл білсең әр елдің, әр дәуірдің сырына, шежіресіне, тарихына молынан қанығасың. Небір таңғажайып құбылыстарға жолығасың, сұлулық дүниесіне енесің. Сөйтіп, сен өнер биігіне, ғылымның мұзарт шыңдарына өрмелейсің. Адамға білімнің көптігі жоқ. Жігітке жеті өнер де аз деп халық шын айтады. Айталық, атақты геолог Қ.Сәтпаев Томск политехникалық институтында оқып жүрген кезінде «Шығыс әдебиеті» дейтін үйірмеде баяндама жасап, белсене қатысқан, – деп Әлекең сыр толғаушы еді.
1. Академик Ә.Х.Марғұлан мыңжылдықтардың айнасындай, айғағындай «Орталық Қазақстандағы Бегазы – Дәндібай мәдениеті» атты қабырғалы зерттеуінде (1979) екінші мыңжылдықтың соңы мен 1-ші мыңжылдықтың басындағы Ұлы дала тайпаларының шомбал тастардан құрастырылған дөңгелек қоршауларын, көне қоныс-тұрақтарын, жерлеу кешендерін, ғұрыптық орындарын, тас мүсіндерін, жартас пен үңгірдегі суреттерін, ғибадатханаларын, тау-кен ошақтарын, қыстақтарын (халық тілінде «Ескі қыстау – елдің құты» дейтін қағидат бар), суару жүйелерін, өндірістік құрылыстарын, тас қашайтын орындарын, қолөнер шеберханаларын, тоспа-бөгеттерін, сол бір тарихи-мәдени дәуірдің ою-өрнек өнерін археология, этнография, өнертану, тарихи-геологиялық, физикалық-географиялық, гармониялық, бейнелеушілік заңдылықтар тұрғысынан байсалдылықпен, тереңдікпен, патриоттық рухпен зерделенген. Даналықтың сыр сандығындай ғұлама тарихи-методологиялық әдістер мен жүйелерді ең басты ұстаным еткен. Ол Орта Азияның көне тарихының білгірі В.В.Бартольдтың Сырдария бойы мен Қаратау арасындағы кеңістік мәдениеттің гүлденіп-көркейген ошағы дейтін жанды, тиянақты тұжырымын мойындаған да, әрі қарай І Петрдің Ф.Скибин мен М.Трошинді Тобольскіден Солтүстік және Орталық Қазақстан арқылы Түркістанға Тәуке ханға жұмсаған. (Messerschmidt D. G. Forschungsreise durch Sibirien. 1720–1727. Teil 1. Berlin, 1962; Teil 2. Berlin, 1964; Teil 3. Berlin, 1966; Teil 4. Berlin, 1968; Радлов В. В. Сибирские древности, т. 1, вып. 1. Спб., 1888; ЛО ААН, ф. 21, оп. 1, д. 5; Gmelin I. G. Reise durch Sibirien von dem Jahre 1733 bis 1743. Götlingen, 1751; Silvers J. Briefe aus Sibirien. Spb., 1796.)
2. Ұлы Дала төсіндегі қазыналы қорғандар жайында ХVІІ ғасырда поляк қайраткері Юрий Крижанич мәлімдеген. (Ремезов С. Чертежная книга Сибири, составленная в 1701 г. (Чертеж Тобольской земли до Казачьей орды. Чертеж земли всей безводной и малопроходной каменной степи). Спб., 1882. «Сибирский вестник». Спб., 1922, ч. XVIII, с. 56.) Оның айтуынша, көне заманғы жұрттардың қазына-байлықтың көзі іспетті некропольдарды саудагерлер қопарып-ұрлап, олжаларын Тобольскіде сатқан.
3. Орталық және Солтүстік-Шығыс Қазақстанның археологиясы мен этнографиясы жөніндегі мәліметтерді жинақтаған швед білімпазы Ф.Страленберг (1676-1747 жж.) екен. (Stralenberg. Nord- und Ostliche Theil von Europa und Asia. Stockholm, 1730, s. 50.) Академик Ә.Х.Марғұланның жазуынша, ол 1711 жылы Тобольскіге келген. 12 жыл бойы жергілікті халықтардың географиясымен, тарихымен, этнографикасымен айналысқан. Ол керемет суретші болған. Бірқатар археологиялық нысандарды, бағзыдағы тас құрылыстарды, кеніштерді, тас бәдіздегі, жартастағы суреттер мен жазуларды қағазға түсірген. Ол Есілдің жоғарғы жағы мен Тобыл арасындағы (нақты айтқанда Ұлытау мен Торғай даласы арасындағы) ғажайып жәдігерлерді өзге жерлерде табу мүмкін емес деп ескерткен.
Хан заманында Орталық Қазақстан территориясындағы орасан бай толық қалпында сақталған ескерткіштерге (мыс балқытатын пештерге, тастан өрілген құрылыстарға) Г.Ф.Миллер ерекше ықылас аударған.
4. Сонан соң ХVІІІ ғасырдың 2-ші жартысында екінші академиялық экспедицияның қызметкерлері И.П.Фальк, Х.Барданес, И.Г.Георги, П.С.Паллас, П.И.Рычков және т.с.с. Сондай-ақ офицер-саяхатшылардың Волошанин, Н.Рычков, И.Андреев, Безносиков, Алтайдағы Колыван зауытының қызметкерлері Бурнашов, Снегиров, Поспелов және басқалардың жазбаларында деректер келтірілген. Осынау даңқты аймақтың археологиясы хақында қызықты мағлұматтарды Гавердовский, Г.Гене, Б.Ф.Герман, И.П.Шангин, Г.И.Спасский, И.Н.Потанин, Х.Моррен, Г.Розе, В.Ледебург, Гельмерсон ұсынады. (Маргулан А. Х., Акишев К. А., Кадырбаев М. К., Оразбаев А. М. Древняя культура Центрального Казахстана. Алма-Ата, 1966, с. 19-20.
5. Там же, с. 17-26.
6. Броневский С. Б. Записки о киргиз-кайсаках Средней Орды. – «Отечественные записки», 1830, с. 41-43; Дело об открытии Каркаралинского и Кокчетавского окружных приказов, 1824. – ЦГА КазССР, ф. 338, оп. 1, д. 336; Дело о празднике «байга» между Каркаралинским и Кокчетавским округами, 1826. – ЦГА КазССР, ф. 338, оп.1, д. 412.)
ХІХ ғасырдың 1-ші жартысында қола дәуіріндегі қорғандар мен қорымдар, ғұрыптық жерлеу кешендері, ел көсеміне арнайы тұрғызылған обалар жыртқыштықпен тоналған. Олар саудагерлер, өндірісшілер, патша шенеуніктері мен офицерлері. Алтын мен күмістен жасалған бұйымдар жекелеген дүниеқоңыздардың қолында кетті.
Ал кейбіреулерін, әсіресе, Қарқаралы мен Кенттің таулы аймақтарындағы көне заманның көзіндей тас қорғандардан табылған металдан құйылған заттарын Румянцев мұражайына білімдар С.Б.Броневский өткізіп отырған. Шенеунік Дарта мен Қарқаралы округтік приказының хатшысы А.И.Бахиров те жанашырлықпен қызыға айналысқан-ды. Сол дәуірде бұл қорғандар бүтін сақталған. Интеллектуалдық дәрежесі жоғары Дартоның, Бахиревтің, Фроловтың ыждаһаттылығымен қорғандардан табылған мыс құралдар (балта, қайла, қанжар, пышақ дегендей) 1868 жылы Қазақ жеріне ұлы кінәз Владимир Александровичтің келу құрметіне орай көрмеге қойылған. Әсіресе, Бегазы – Дәндібай мәдениетінің жауһарлары көрермендердің көңіл тербеткен. Экспонаттарды Петербург университетінің профессоры Ф.К.Кесслер мен Омбы кадет корпусының оқытушысы Н.П.Буланже фотоға түсірген.
Қола дәуірінің қымбат мүліктерін А.И.Шренк жинақтаған. Ол 1840-1843 жылдарда Орталық Қазақстанды барынша шарлаған, яғни Қызылжардан бастап Шудың төменгі сағасына дейін. Ол өзінің коллекциясының мұқабасына бұл асыл бұйымдар Орталық Қазақстанға тиесілі деп жазған-ды.
Академик Ә.Х.Марғұланның жазуынша, ХІХ ғасырдың 2-ші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өлкетанушалар, көрнекті оқымыстылар Н.М.Ядринцев, Г.Н.Потанин, С.Н.Гуляев, В.В.Радлов, Н.Я.Коншин археологиялық ескерткіштер туралы есеп-қисап жүргізіп, мәліметтер қалдырды.
Орталық Қазақстанның археологиясын зерттеуде геологтар мен жаратылыстанушылар П.Л.Драверт, Қ.И.Сәтбаев, В.А.Селевин, А.В.Мухля, А.Н.Формозов, Ю.А.Орлов, Г.Н.Щерба өлшеусіз үлес қосқан.
Қола дәуірінде Орталық Қазақстанның байырғы қоныстанушылары өзен бойларында, тау беткейлерінде, сулы, шалғынды өңірлерді таңдап, жайлап, бақташылықпен, отырықшылықпен түбегейлі шұғылданды. Сонымен қатар руда өндіріп, тас құралдар (қайла, балға, қалып, темір бұйымдар, уатқыштар, опырғыштар, қашаулар, бұрағыштар, бұрғылар, кескіштер, қырғыштар, қолшапқылар) жасап яғни өңдеу техникасы жетіліп, металл балқыту және оны әшекейлеу өнерімен айналысты. Су көздерін ұтымды пайдаланып (қар суы мен жаңбыр суын), тоған, жайылма, көлтабан жасады. Бұл орайда археолог Ә.Х.Марғұлан Әулие Қызылтаудағы Қорғантас, Алтын-Қазғандағы, Түндіктегі, Керегетастағы, Жетім-Шоқыдағы, Қушоқыдағы, Алтынсудағы, Сорқұдықтағы, Милықұдықтағы ғаламат плотиналарды тізіп атайды, әрқайсысына дәйекті сипаттама береді. Сол заман бейнетқорларының көптеген құдық қазу жұмыстарын жүйелі жүргізгенін байыптайды.
Көне жұрттар су мен отын қоры мол бай өңірді білгірлікпен танып, қыстауларын ықтасынға жайғастырды әрі желдің бағытын да ескерді. «Ескі қыстау – елдің құты» екендігін ғасырлар тұңғиығында көреген түйсікпен түсінген-ді. Бабаларымыздың «қотанға» соншалықты терең мән беруі де қола дәуірінде-ақ мәлім болған. Малдарын ит-құстан сақтап қорғау үшін ауылдың қотаны тұрақтармен яки жартылай жер үйлермен, немесе киіз үйлермен дөңгелене қоршалған, арқанмен оралып байланыстырылған. Баспананың ішінде металл балқытатын тас пеш те, көрік те, ұстахана да орнатылған. Шаруа-кәсіпке ыңғайлы, орайлы, тезек төселген жабық құрылыс-жайлар, қоралар салынған. Және де құрылыс техникасын жүргізгенде тамбур, интерьер (үйдің не бөлменің ішкі кіреберіс көрінісі), баспалдақ болған.
Елді мекеннің шетінде, төбенің басында гранит плиталарынан құрастырылған рулық қауымдастықтың сыйыну, табыну рәсімдерін өткізетін құрылыс болған.
Жаңа тас (неолит) дәуірінде мал шаруашылығы, жылқыны қолға үйрету мен міну, қой бағу тәсілдері, отырықшылық, металлургия, үй-ішілік жиһаз-бұйым туындату өнері өркен жайған. Ірі және ұсақ қара малдарды құрмалдыққа шалу көрініс тапқан. Ерте қола дәуірінде тіпті итті де пайдаланған. Кейінгі қола дәуірінде жерлеу кешендерінде қой, жылқы, түйе, жеткіншектер дүниеден озса қозы мен бота, бір дорба асықпен бірге жер қойнына тапсыру ғұрпы болған-ды.
Қола дәуірінде бие сүтін пайдаланған. Шеген дейтін қышқыл да болған. Қымыз құйылған торсықты бұзылмау үшін шұңқыр қазып орналастырған.
Қола дәуірінде дала тайпаларының ортасында байсалды әлеуметтік қатынастар қалыптасты: қоғамдық малды бағу мен сақтау, кен орындарын іздеп табу мен шеберлікпен пайдалану, өндіріс саласындағы материалдық игіліктерді өндіруші ерлердің мәртебесі айқындалып, әке тұлғасының айбарланып, патриарх, ақсақал дәрежесіне көтерілуі, патша қорғандары мен сақ көсемдерінің қорғандарының болуы. Мұның негізінде ата-бабалар рухының асқақтап жоғарылауы, религиялық, магиялық ұғым-түсініктердің, табынушылықтың Орталық Қазақстанның тайпаларында әр түрлі деңгейде нақтылы көрініс табуы: табиғат күштерін дәріптеп әсірелеу, Күннің шығуын ардақтау, биік те айбарлы менгирлер (үш-төрт метрлік өрнекті суреттермен әшекейленген тас стеллалар) мен ғаламат жерлеу кешендерін тұрғызу, тасаттыққа шалған хайуанаттардың бастарын көкке қарату, аспан шырақтарына және отқа сыйыну, найзағай түскен жерді қасиетті деп тану.
Академик Ә.Х.Марғұлан неолит, энеолит дәуірлеріндегі менгирлерді төрт топқа саралайды да, сабақтасып жалғасуын, саяжолдарын (аллеясын) тапқырлықпен анықтап, сипат-ерекшеліктерін көрсетеді, келісті сөйлетеді: Қорғантас, Қанаттас, Қалақтас, Қалпақтас, Қойтас, Қалыптас, Самалатас, Сымтас, Серектас, Шақпақтас, Бағанатас, Қазтас. Бұлардың ішінде жекеленгендер бар: Сымтас, Серектас, Қалыптас, Бағанатас, Қызтас. Мінеки, көркемдік көзқарастан, терең танымнан туындаған шынайы суретті атаулар.
Қойтастардың дене мүшелерінің шынайылығына, нақтылығына, көркемдігіне айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ жылқының басының құрылымы мен геометриялығына зейін аударады. Түйенің басы, өркеші, аюдың түр-тұлғасы да айқын бедерленген.
Ғұн қорғандарының, ежелгі құрылыс техникасы мен өнерінің архитектуралық шешімі, жаңа идеяларға, шеберлік өрнектерге байлығы, кемел де келісті геометриялық өрнектілік пен мәнерлілік, күрделі сюжеттер мен қисынды композиция, ою-өрнек өнеріндегі тапқырлық, әшекейлі жәдігерлер (алқа, сақина, көзді білезік, шолпы, қазан, ыдыс, аяқ-табақ, сауыт, көзе-құмыра, масақты қола жебе, тас үтік) қандай керемет, әсерлі, көркем!
Тау өзені Мыңбасай алқабындағы Атасу қонысында 15 мың шаршы метр аумақтан 35 тұрғын үй мен қалалар табылған.
1 үйде мыс рудасын қорытатын 1 шеберхана, 2 күлшұңқыр, үй көлемі 13х12 м. 2 мәдени қабат ортасында өрт ізі бар қабат. Солтүстік-шығыс бұрышында 3 жертөле бар, олар дәліз арқылы жалғасқан. Жаппаның тіреуші ретінде ағаш бағандар жасалынған: бұлар әрі үйді 2 бөлмеге бөлетін қабырға болған; 1 бөлмеде адамдар, екіншісінде мал ұсталған.
Адамдар бөлмесінің едені құмды балшықпен тапталған, сыланған.
Үйдің солтүстік-шығыс бүйірінде гранит тақталардан құралған ұзындығы 4 метр, көлденеңі 1 метр ошақ. Ошақтың 1 тармағы үйді жылытқан, екіншісінде тамақ әзірленген, үшіншісі руда қорту пеші. Ошақта 5 кг мыс құймасы, мыс шлагы және қыш ожаулар мен шөміштердің сынықтары, құю қалыбы, руданы бөлшектейтін тас құралдар, балғалар, келісаптар, тоқпақшалар, дәнүккіштер, керамикалық заттарды тегістейтін қалақтар, тас кетпендер, геометриялық өрнектермен безендірілген ыдыстар.
Мыңжылдықтардың көзіндей сан сипатты ескерткіштерде Орталық Қазақстандағы саналы саңлақ қауымның табиғат пен қоғамға деген даналық пен көркемдік көзқарасы, рухани болмысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырым-нанымы толық бейнеленген…

* * *
Қазақстан Тарихи Ескерткіштер қорғау қоғамының Президиумы академик Әлкей Хақанұлының Ұлы Дала өркениетін жаңалықтармен байытқан патриоттық ұлы еңбегін былайша өрнектепті: «Сарыарқаның сағым сырын халқымызға ұғындыруға» ерекше қызмет еттіңіз. «Қорқыт дададай көнтерлі, Асан атадай арманшыл, Бұқардай отаншыл, Шоқандай дана болдыңыз». Сөйтіп осы бір айтулы киелі ұжым таза лебізін жеткізіпті.
Бұл жерде мыңдаған жылдар бойы көмілген адамзаттың тарихи, мәдени өмірінің куәліктерін тінтіп-тірілткен, қан жүгірткен сұңғыла археологтың ғылыми жаңалықтарын шынайы әрі әділетті бағалау деген сөз. Сөз жоқ, ұшан-теңіз байтақ абат даламыздың, қасиетті жеріміздің топырақ астындағы құндылықтарын тауып-танумен қатар, рухани тарихымыздағы тарланбоздарды да, атап айтқанда, ел ішіндегі дарынды өнерпаздарды, зергерлерді, ұсталарды, ертекшілерді, шежірешілерді, жыршыларды айрықша насихаттайды. Мәселен, «Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрын жырау Сеңгірбаев – зергер, оюшы, сәулетші болған. Әкесімен екеуі мылтық, семсер, білезік, жүзік жасаған. (Маргулан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. Том 1. Алма-Ата, «Өнер», 1986. с.220)
Қазақтың атақты халық ақындарының талайымен Әлекең сұхбаттасқан. Солардың бірегейі – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның халық ақыны Омар Шипин (1879-1963). Ел абызы, ақсақалы Омар Шипин текті, өнерлі тұқымнан шыққан. Оның әкесі Шипа (Шымболат) – ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің жанында жүрген. Ел арасында мынадай аңызға бергісіз қызық дерек бар: «…Шағын ата Алтыбаста Жәнібек қарттың Шымболат деген ұлы болды. Ол арыстан боп ақыратын, бұлбұл болып сайрайтын, жылан болып ысқыратын, қысқасы талай аң мен талай құстың, жан-жануар, мақлұқаттың үніне еліктегіш (имитатор) еді. Осы өнерімен Ұлытау мен Кішітау, Ара мен Аман төңірегіне атағы шықты. Бұл қауесет Ыбырай Алтынсариннің құлағына шалынып, содан былай Шымболатты өз жанынан тастамапты. Туысынан табиғи дарыны мол Шымболат жайдары мінез, жақсы өнері мен орыс жігіттеріне де қадірлі, дос-жаран болыпты. Олар еркелетіп Шымболатты «Шип», «Шипка» дейді екен. Оған себеп, Шымболат сөздері мірдің оғындай, байлар мен атқамінерлерге тікенекше қадалатын. Содан былай ауылда да, қалада да «Шип» атынып кетті. Ал, қазақтар оны «Шипа» десті».
Осындай мың қырлы, мың сырлы дәуір перзентінің ұрпағымен дос болуы көп жайды аңғартады.
(«Коммунизм жолы», 1959, 21 январь, № 15)
Қазақ ССР-нің 3-ші сайланған Жоғарғы Советінің депутаты, халық ақыны Омар Шипин 1954 жылы 5 желтоқсанда Әлкей Марғұланға мынадай хат жазған: «Әлікей үй ішің аман ба? Күзді күні сенің шақыруыңа баралмаған себебім. Поез белетін Саюз писателі алдырып қойғандықтан жолдастардан қала алмадым. Шырағым, ескі дос едің қонағасымды ішпей кетті деп өкпелемеңіз. 2) Саған тапсыратын жұмысым мынау. Абай көшесі 67 үйде Хакимжанова Мариям бар. Оған бір өлеңді қатасы болса көріп қарап бер деп сол жолы беріп едім. Хабар болмаған соң хат салдым. Оғанда хат қайтарған жоқ. Өлеңнің аты Жангелдин, соны алып маған жібер!
3) Плотерский көшесі 12 үйде Бекішов Әбдірахман бар оған Жангелдиннің іште жүргендегі өмір тарихы орысша болғандықтан союз писателдегі Есмағанбетов Әнуарға айтып жоғарыда айтылған Бекішов Әбдірахманға бергізіп едім. Қазақша аударып беруге жібермеген соң, оған да қолынан берген Әнуарға да хат салдым. Хабар жоқ. Сталин де, Ворошилов те хатыма хат қайтарып еді. Ол хат қайтармайтын кемеңгер болып кеткен білем. Осы екі тапсырманы алып, менің әдіресіме жібер. Академия Наукте қандай жаңалық бар. Хат жазушы атаң Шипин Омар. Тез орында». (Қор 2415, тізбе 1, іс 638)

* * *
Академик Ә.Х.Марғұланның «Қазақ халқының қолөнері» дейтін үш томдық еңбегі (1986, 1987, 1994 жылдар, орыс тілінде) – халықтың көркем шығармашылығының энциклопедиясы. Задында, халықтың дәстүрлі өнері – терең тамырлы, мәдени-әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты, толыққанды, сан сипатты киелі құбылыс. Себебі, ұлы қауымның мыңжылдық тәжірибесі, көзқарасы, көркем ойы, қанатты қиялы, көркем ісі, рухани тіршілігі, танымы, тарихы, дәстүрі, салт-санасы, әдет-жосығы, шаруашылық-тұрмысы сан қырлылығымен, әр алуандығымен айна-қатесіз бедерленген. Бұрынғы бабаларымыздың (яғни халық ұсталарының, шеберлерінің) металдан, ағаштан, сүйектен, киізден, теріден жасалған сұлулығы мен мәнерлілігі көз сүйіндірерлік асыл бұйымдардың сыр-сипаты, қадір-қасиеті мейлінше мейірбандықпен тексеріледі. Қазақ қолөнерінің бастауы, тек төркіні сақ, ғұн, үйсін дәуірлерінен басталатындығын нақты айғақ-мысалдармен тұздықтап отырады.
Академик Ә.Х.Марғұланның ой-тұжырымдары мен пайымдауларында ұлттық, этнографиялық, тарихи, археологиялық, этимологиялық, тарихи, фольклорлық деректемелер бір-бірімен жалғасып, сабақтасып, толықтырылып, бір бүтін ойды, мағынаны, көркейтіп жеткізеді, сөйтіп, белгілі бір ой-түйіннің мағнауи қуатын толық сөйлетеді. Және де зерттеу нысанына айналған тақырыптың тарихнамасынан бастайды.
Мысалы, қазақтың тұрмыс-тіршілігін, тұрақ-жайын, ат әбзелдерін, зергерлік зат-нәрселерін ХV-ХVІ ғасырларда тұңғыш рет жазған бұхар тарихшысы Фазлаллах Рузбихан екен. Бұдан кейін ХVІІІ-ХІХ ғғ. зерттеушілердің еңбектерінде, сондай-ақ 1845 жылы құрылған Орыс географиялық қоғамы. Бұл ретте қазақтардың тұрмысы мен мәдениеті турасында академик Ә.Х.Марғұлан П.И.Лерх, П.В.Маковецкий, Н.М.Ядринцев, Е.П.Ковалевский, А.И.Якоби, Э.Ю.Петри, П.П.Свиньин, Г.И.Спасский, А.Янушкевич, С.Большой, С.Б.Броневский, М.И.Минаев, И.Ф.Русанов, П.Медведский, Д.Львович (Иванов), Г.Н.Потанин және т.с.с. еңбектерінде бағалы мағлұматтар барын ескертеді.
Мәселен, шығыстанушы И.Клапрот 1816 жылы қазақтың халық мейрамы мен әдет-ғұрпын суреттеген. Суретшілер Е.Корнеев пен Орловскийдің, П.Свиньиннің альбомдарын атаған. 1847-1854 жылдарда Қазақстан мен Сібір өлкесін ағылшын суретшісі Томас Аткинсон аралап, қазақ аулының сұлу көріністерін, импровизатор-жыршыларын, тұтынған заттарын, киіз үйдің құрал-жабдықтарын шынайы суреттеп көрсеткен.
Автор қазақ өмірін бейнелеуде Шоқан Уәлихановтың, Т.Г.Шевченконың, Эрмитаж суретшісі П.Ф.Борелдің суреттерінің мазмұны мен шеберлігіне ден қояды. Ұлтымыздың көркем бұйымдарын жинақтау мен насихаттауда Г.Н.Потаниннің еңбегі де елеулі. Ол өзінің жинаған ою-өрнектерін өнер тарихшысы әрі сыншысы В.В.Стасовқа және Омбы мен Том музейлеріне тапсырған. Қазақтың қолөнерін В.Н.Белослюдов пен алтайлық суретші Г.Гуркин зерт­теген. Екеуі де Густав Зеленскийдің «Қазақ» поэмасын иллюстрациялаған.
Семей облысы бойынша түсірілген фотолар мен этнографиялық көріністерден құрастырылған генерал В.А.Полторацкийдің альбомы 1876 жылы Петербургте өткізілген шығыстанушылардың 3 конгресінде көрмеге қойылған. Сондай-ақ қазақ халық шығармашылығының қызықты материалдары Э.Э.Ухтомскийдің «Путешествие государя императора Николая на восток (1890-1891)» кітабында (Спб., 1897) жарияланған.
Қазақ халық қолөнерінің жауһар жәдігерлері ғылыми және әдеби-көркем журналдарда басылған. Ісіне адал, мұқият Ә.Марғұлан мынадай басылымдарды атайды: «Русский художественный листок», «Нива», «Всемирная иллюстрация», «Живописная Россия», «Народы России», «Воскресный досуг», «Известия общества любителей естествознания, антропологии и этнографии при Московском университете», «Природа и люди», «Сибирский вестник». Бұларға қоса Торғай, Ақмола, Семей облыстарының газетттері.
Қазақ қолөнерінің жаратындылары 1865 жылы Петербургте, 1867 жылы Мәскеу университетінде ұйымдастырылған көрмелерге қойылған.
«В 1865 году по случаю приезда в Казахстан великого князя Владимира, старшего сына царя Александра ІІ, была организована степными округами Сибирского ведомства показательная выставка казахской промысловой культуры. Среди их экспонатов юрти акмолинца Нурмагамбета Сагнаева и атбасарца Мейрама Джанайдарова. На этой выставке преподавателем Омского кадетского корпуса Н.Буланже сделано 50 фотографии экспонатов.
Большую часть экспонатов, всего около ста, составили дары султана Чингиса Валиханова. (Маргулан А.Х. Казахское народное прикладное искусство. т.1. Алма-Ата, «Өнер», 1986. С.17-18). Бұл мәлімет В.Воиновтың «Народный киргизский праздник по случаю прибытия в Сибирь Великого князя Владимира Александровича» дейтін мақаласынан («Современная летопись», 1868, №24) алынған. Ә.Х.Марғұланның келесі томы былайша аталған: Жүз шақты экспонаттар Шыңғыс Уәлихановқа тиесілі.
Академик Ә.Х.Марғұлан 1876 жылы Петербургте Шығыстанушылардың ІІІ Конгресінде қазақ халқының көркем бұйымдары көрсетілгенін баяндайды. Конгрестің президенті шығыстанушы В.В.Григорьев Омбылық суретші М.С.Знаменский арқылы Шыңғыс Уәлихановтан Хан Абылай тұтынған заттарын (алтын тәж, білте мылтық, пик, қанжар, кісе белбеу) және арғы атасы Шыңғыс ханның да. П.И.Лерхтың сипаттамасына жүгінсек, Омбыдан Петербургке 400-дей таңғажайып бұйымдар жеткізілген.
1878 жылы Парижде өткен Халықаралық этнографиялық конгресте, 1882 жылы Мәскеуде болған Бүкілресейлік, 1888 жылы Екатеринбургте, 1890 жылы Ташкент пен Қазанда ұйымдастырылған көрмелерде қазақ қолөнерінің үздік үлгілері, ұлтымыздың ұлы дәрежелі қасиеттерін жинақтаған асыл бұйымдардың сән-сәулеті таныстырылған.
Әсіресе, Г.Н.Потанин мен суретші Г.Гуркин Том университетінде 1907, 1909, 1910 жылдарда этнографиялық көрмелер ұйымдастырып, қазақтың халық өнеріне жанашырлық танытқан.
Өнертанушы, мәдениеттанушы, деректанушы Ә.Х.Марғұланның «Қазақ халқының қолөнері» атты іргелі, күрделі еңбегінде қазақтың тұрмыс-тіршілігіне, шаруа-кәсібіне, көркем көшіне, ұлттық киім-кешегіне, әсем әшекейлі бұйымдарына, мәдени-тарихи дәстүрлерінің кемел келістігіне қатысты суреттеулер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Қосай» жырлары мен аңыз-ертегілерінде, тәмсілдерінде бар екенін қадап айтады.
Ол қазақтың халық өнерінің табиғатын талдау барысында Хакім Абайдың «шеберлік», «ісмерлік», «өнерпаздық» деген ұғымдардың мәнісін қалай пайымдайтынына ой көзімен үңіледі.
Әрбір құбылыстың, әрбір нәрсенің себебін, тегін, төркінін, тамырын, түбірін, тарихын тану – оқымысты Ә.Х.Марғұланның сүйікті тәсілі. Осы реттен келгенде ғұн және түркі жұрттарының ең бір киелі, қасиетті тотемдерін әңгімелейді, этимологиясын түсіндіреді.
Айталық, оғыз және қыпшақ заманында сыйыну мақсатында пайда болған «тұлпартас», «көк-бөрі» (кейін «көкпарға» ауысқан), «Қыз-бөрі» (кейін «қыз қуу» аталған), «Аққу», «ошақ», «бұғы», «бұқа», «күйме», «тәж» және т.с.с.
Қыпшақтар мен өзге де тайпалардың тұрмысы мен мәдениетінің тарихын толғағанда ІХ-ХІV ғасырлардағы ортаазиялық, араб-парсы дереккөздеріне, Плана Карпини, Вильгельм Рубрук еңбектеріндегі мәліметтерге жүгінеді.
Жинақтай айтқанда, ерте, ерте, ертедегі сақ, ғұн, үйсін, түркі, оғыз, қыпшақ, қарлұқ, қараханид дәуірлеріндегі көркем, салтанатты жәдігерлер, мінсіз-мүліктер – зерттеудің арқауы.
«Ел қазынасы, ер қазынасы, тіл қазынасы – ескі сөз» дейтін қағидат бар. Ендеше осынау кесек еңбекте «Байсақал» дейтін сөз-ұғымға, атауға мынадай түсініктеме берілген. Байсақал – ел құрмет тұтатын есті, абыройлы жан. Сұлу аттың үстінде жүргенде оны нөкерлері ардақтап ұлықтайды. Атының ер-тұрман әбзелдері меруерттермен әшекейленіп, алтындатылған. (Герман Б.Ф. Извлечение из описания экспедиции в Киргизскую степь. – «Вестник Европы», 1816, № 17).
Ұлтымыздың интеллектуалдық-шығармашылық табиғи тегеуірін-қуаты, көрегендік, талғампаздық, көркемдік қабілеті, дүниетанымы қазақтың қолөнерінде айқын, айшықты таңбаланған. Сандаған ою-өрнектің түрлері (қошқар мүйіз, бұғы мүйіз, жұлдыз гүл, жұлдыз өрнек, күмбез, лашын қанат, тырна гүл, қазтамақ гүл, гүлбадам, шәугім гүл, сірге гүл), киіз үй құрал-жабдықтарының атаулары, тоқымашылық, кестешілік кілем түрлері (орда кілем, қалы кілем), қыз жасаулары (шолпы, сәукеле, білезік, жүзік, сақина, қамзол, алқа, қапсырма), ыдыс-аяқтар, қару-жарақтар (селебе, семсер, сапы, қанжар, бұйда пышақ) барынша толық сипатталған. Бұлардағы түр-түс, бояулар байлығы мен көркем келісімі, магиялық, гармониялық, фәлсафалық қырлары мен сырлары, симметриялық, пропорциялық өлшемдестігі, жүйелілік сипаты ғылыми-теориялық деңгейде баяндалған.

Академик Әлкей Марғұлан хаттары

Ғасыр ғұламасы Әлкей Марғұлан Ташкент және Бұхара аймағын мекенде­ген қазақтардың халық шығармашылығы үлгілерін ыждаһатпен жинаушы, жариялаушы әрі зерделеуші Қыдырәлі Саттаровқа (1941-2011) 1970-1972 жылдарда жазған адамгершілік толғауындай, ізгілік сабақтарындай түнұсқа хаттары менің архивімде сақтаулы еді. Қыдырәлі ағамен шығармашылық байланысты болғандықтан және Әлекеңнің қасында жүргендіктен өзіне жазған хаттарын маған сеніп берген шығар деп ойлаймын. Осы орайда филология ғылымдарының докторы, профессор, педагог Қыдырәлі Саттаровтың ғылыми-шығармашылық мұрасы және өмірбаяны жөнінде бір-екі ауыз сөз айтқан дұрыс болар. Ол Өзбекстанның Жоғары Шыршық жерінде туып, 1960 жылы Ташкенттегі әскери музыка мектебін тәмамдаған. 1963-1967 жылдарда Ташкенттің Низами атындағы Мемлекеттік педагогика институтын бітіріп, осы оқу орнында ұстаздық қызметпен шұғылданған, фольклорлық экспедициялар ұйымдастырған, қазақ халқының ауыз әдебиеті нұсқаларын жинау әдістемесінің ғылыми негіздері бойынша еңбектер жазған.
Профессор Қыдырәлі Саттаров «Күлдіргі әңгімелер» (1987), «Ғажайып бақ. Қазақ балалар фольклоры» (1987), «Ақылдың көзі» (1990), «Рухани мұра. Ташкент қазақтарының мақал-мәтелдері» (2005), «Қазақтың халық жұмбақтары» (1994), «Қазақтың теріс өлеңдері – жылау-жоқтау» (1996) дейтін жинақтардағы материалдарды ел аузынан жинақтап, жүйеге түсіріп, құрастырып, алғы сөзін жазып жариялады. Сондай-ақ «Фархад – Шырын» эпосын Әбдәзім Ахметовтің орындалуынан, «Едіге батыр» жырын жырау Болатбек Ердәулетовтің орындауынан, «Қарасай – Қази» жырын жырау Атаубай Мамбетовтың жырлауы негізінде, Бармақ пен Кенжеқожа айтысын халық ақыны Тәжімұрат Жұманұлының орындауы бойынша хатқа түсірген профессор Қыдырәлі Саттаров болатын-ды. Интеллектуалдық деңгейі, ғылыми-шығармашылық әлеуеті жоғары академик Әлкей Марғұланның бұл хаттарында фольклортану ғылымына, ұлт мәдениетіне, қолжазба мұраға, Қорқыт Ата әңгімелеріне қатысты келелі кеңестері бүгінгі таңда да көкейкесті күйінде.

№ 1
Қыдырәлі жолдас!

«Қазақ әдебиетінде» Сіздің мақалаңызды көріп, Ташкент төңірегіне, Сыр-Дария облысына шыққан экспедицияның жұмысы туралы жазғаныңызға қатты разы болдым. Ондай экспедицияны келешекте де шығарып тұру керек. Одан ғылымға келетін пайда өлшеусіз зор. Бір кезде Диваев те осындай экспедициямен жүріп, артына байтақ мағлұмат қалдырған. Сіздердің жүрген аудандарыңыз ескілікті қолжазба жинау жағынан аса қызықты. Оған ілгеріде де қатты көңіл қою керек. Сіз бізбен Сары-ағашта кездестіңіз бе, жоқ па? Сіздің мақалаңызда менің баса көңіл аударғаным үш нәрсе:
1) ауыз әңгімелер туралы
2) Бұдабай ақынның қолжазбалары
3) Ибрахим Жақыпұлының қолжазбалары.
Менің сізден сұрайын дегенім, Қорқыт туралы аңыз-әңгіме кездестірген жоқсыңдар ма? Қорқыт әңгімесі Бұдабай ақын мен Жақып қарияның жазуларында болуға тиісті еді. Осы екі кісінің қолжазбаларын қадағалап оқып көріңізші, онда Қорқыт туралы бірер сөз болуға тиісті.

Жақып қария (Сіргелі қаласында тұратын) тірі ме? Егер тірі болса, ол кісіге әдейі іздеп барып Қорқыт туралы айтқанын жазып маған жібергейсіз. Қорқыт туралы тағы кімдер біледі екен, сұрастырып (ел ішінде) байқағайсың. Студенттерге де тапсырма беріңіз, олар да естігенін жинап маған жіберіп отырсын. Экспедицияға шыққаныңызда қазақ өнерінің ескі өрнектеріне де тесіле көз салып, фотоға түсіртіп отырыңыз. Осылар туралы маған жазып тұрсаңыз тіпті жақсы болады.
Сәлеммен: акад. Әлкей Марғұлан.
16-ноябрь, 1970 ж.
№ 2
Ардақты Қыдырәлі!

Алматыдан көп сәлем. Жіберген кітабыңды (Құтадғу білік) алдым. Зор алғыс айтамын. Ілгеріде де әдебиет пен өнерден осы тәрізді кітап шығатын болса ұмытпағайсың. Осы жақын арада «Шоқан және Манас» деген бір кітап шықпақшы, оны өзіңе жіберемін.
Қыдырәлі, шырақ, саған жітік тапсыратын бір өтінішім бар. Бір профессордың өтініші бойынша Қорқыт туралы бір анықтама жазуым керек еді. Ол үшін түркмен тіліндегі материалдар жетпей тұр. Олар Алматыда жоқ, Ташкенттің Навои атындағы публик кітапханасында бар. Сен бір күн сонда отырып, маған керек материалды бірер күннің ішінде жазып жіберсең зор қуанышта болар едім. Қорқыт туралы ол материалдар Ашхабадта түркмен тілінде шыққан «Совет әдебиеті» деген журналда. Қарайтының бір ғана осы түркмен тілінде шыққан «Совет әдебиеті», 1945 № 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10; 1946 ж. № 1, 2, 5. Осы айтылған нөмірлерде Қорқытқа байланысты мақалалардың атын, авторын өзінің болған қалпында жазып жіберуіңді сұраймын. Және кешіктірмей, тез қолға алуыңызды өтінемін.
Келінді, өзіңді түсіп келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, әдемі, бахытты, жарқын өмір тілеймін.
Сәлеммен: Әлкей Марғұлан.
20-декабрь, 1971 ж.

№ 3
Сүйікті Қыдырәлі!

Көп ағалық сәлем. Жіберген сәлемдемең келді. Сансыз алғыс айтамын. Бір ескертетін нәрсе Қорқыт туралы деректерді көшіріп әуре болма. Оны тек қай журналда қандай мақала жазылғанын, оның жылын, нөмірін көрсетіп, библиография түрінде (список статей о Коркуте) жібер. Қорқыт туралы библиография өзімде толық. Маған керегі Түрікмен журналында оның ішінде «Совет әдебиеті» журналының 1945-1946 жылдарында Қорқыт туралы жазылған деректер, мақалалар керек болып отыр. Соны ғана жібер, ол деректер «Совет әдебиеті» журналының 1945 ж, № 1-10 нөмірлерінде және 1946 ж. № 1-2, 5 нөмірлерінде болу керек. Бұл деректер сырт байқауымша, «Деде Қорқыт кітабі»-нің түркменше аудармасы болуға тиіс. Маған осыны анықтап берсең болғаны. Егер аудармадан басқа мақалалар болса, олардың мазмұны жайында қысқа-қысқа анықтау (аннотация) берсең жетіп жатыр. Бірақ бүкіл поэманы көшіріп әуре болма. Маған тек мазмұнынан хабар берсең болады. Бұған көп болса бір күннен артық отырып керегі жоқ. Тек тізімін жібер.
Түркімен тілінен басқа қарақалпақ, өзбек тілінде жоқ па екен. Оны кітапхананың библиография бөлімінен сұрап білерсің.
Бұл мәліметтер маған бір атақты ғалымның сұрағына жауап ретінде керек болып отыр. Сондықтан кешіктірмей бір-екі күн ішінде жібергейсің. Әрқашан жақсылық тілеуші ағаң Әлкей Марғұлан.
12 январь, 1972 ж.

* * *
Ел ішіндегі тарихтан сыр толғайтын қазыналы қарттарға Ә.Х. Марғұланның құрметі ерекше еді. Осы ретте әдеби-мәдени, тарихи, шежірелік деректерге бай «Алаңқай батыр», «Білімдар» (Ораз-Мухаммед), «Ер Қосай», «Қазақ Сауран айналғанда», «Тобанияз» сияқты тарихи дастандар мен толғаулар шығарған және «Сырым би Хиуа хандығына қалай барған», «Кіші жүз шежіресі», «Адай шежіресі», «Қарақалпақ шежіресі» дейтін зертеулер жазған Өмірзақ Қолбаевтың шығармашылығы хақында былайша тебіренеді: «Өмірзақ Қалбаев – белгілі қазақ ақыны. Оның көптеген жырлары Батыс Қазақстан мен Орта Азия жерінде кеңінен таралған. Ол тарихи тақырыпқа көптеген толғаулармен қатар тарихи мақалалар да жазды. Қазақ ақындары туралы көптеген тың материалдар берді. Мысал үшін айтсақ, «Қалнияз ақын» атты мақаласы («Қазақ әдебиеті» газеті, 9 шілде, 1982 жыл.) әдебиет зерттеушілерге құнды деректер берді. Өмірзақтың архивінде әлі де тың материалдар көп.
Өмірзақ Қалбаевтың «Алаңқай батыр» атты поэмасын баспаға дайындадық. «Алаңқай батыр» – Батыс Қазақстанда кең тараған ертегі. Сондай-ақ әртүрлі варианты бар. Қазақ фольклорының асыл мұрасының бірі. Алаңқай батырды кезінде қазақтың талай ақындары жырлаған болатын. Алайда әйгілі Сабыр, Құдайберген сынды ақын-жыраулардың Алаңқай батыр туралы жырлары біздің заманымызға жетпей қалды.
Өмірзақ Қалбаев қазақ халқының осы асыл мұрасын үлкен дастан етіп, қызыл тілмен жырлап шыққан. Бұл поэманың бір маңызды жері Еділ патша туралы жырланады. Ғұн патшасы Еділдің образында оның әділ басқарушысы болғаны айтылады. Поэманың жалпы мазмұны өзі аттас ертегінің бір вариантына жақын келеді.
Өмірзақ Қалбаевтың бұл еңбегін кітап етіп шығару игілікті іс. Академик Әлкей Марғұлан».

АБАЙ ЖӘНЕ МАРҒҰЛАН

Академик Әлкей Марғұлан ұлы суреткер академик-жазушы Мұхтар Әуезовке еріп, 1924 жылы Шыңғыстауда болғанында ұшан-теңіз әсерге бөленіп, қызықты әңгімелер естіп, Абай туып-өскен өрелі жұрттың «үлкені де, кішісі де ойға батқан, тұңғиық, өзгеше тыңдаушылардың алдында «данышпан қариялары шалқыған ойларын тебіренте салмақпен құйылтып ой қозғап, толғаулармен, термелермен адамды еріксіз өзіне тартып, кейде сөз арасында атақты ойшылдардан мысал келтіріп отыратынын» тебірене жазады.
Өнер, білім биігіне ұмтылған өрен жүйрік кесек ой мен кестелі сөздің нағыз шеберлеріне тәнті болған екен-ау! Әлкей Марғұлан Шыңғыстаудың асқақ әншілерінің өнерпаздық өнегесін, шеберлік қырларын былайша сипаттайды: «Адамның жан-күйінен шығатын сұлу үнді ойға бөлеп, тамылжыған әдемі қоңыр дауыспен домбыраға қосып, әнмен философиялық ойларды айтып жеткізгендей болатын. Мекайл, Ісрайл, Жебрайлдардың үнінен кейде еуропалық музыканың сәулетті ырғақтары шығатын. Ең ақыры науша жасөспірімдердің өзі Байрон, Гете, Лермонтовсыз сөйлемейді, ойнап жүріп олардың қазақша аудармасын өлеңдетіп жырлайды» деп ерекше сүйсінеді.
«Қазақ әдебиеті» газетінің 1963 жылдың 16 тамызындағы санында жарияланған «Абай қолжазбасы» дейтін мақаласында Абай мен Шоқан өміріне қатысты жазба деректермен 1927 жылдан бастап шұғылдандым дейді.
Әлкей Марғұлан 1868 жылы түсірілген Абайдың фотосының тарихы туралы былайша әңгімелейді: Россия Императоры Александр ІІ-нің баласы князь Владимир бастап қасында академик Мейндорф және граф, контр-адмирал, генерал, дәрігер, хатшы, сақшылар, оққағарлар, аспазшылар, аңшылар бар тастүйін топ Батыс Сібір аймағын толық көріп-білу мақсатында Омбыға келеді. Бұл салтанаттың жоғары дәрежеде өтуіне Батыс Сібір губернаторының құпия кеңесшісі Тұрлыбек Көшенов, Ақмола, Көкшетау, Атбасар, Қарқаралы дуандарының азуын айға білеген сұлтандары Ыбырай Жайықбаев, Мұса Зілқараұлы, Шалғымбай Бралин, Жантөре Жанайұлы ат салысады. Және бұл тойдың ішінде Шыңғыс Уәлиханов, Жүсіп Алшынбаев, Мұсатай Тәттімбетов те болған. Патшазаданың құрметіне елу төрт киіз үй тігіліп, үш мың адам жиналып, үш мың жылқы сойылып, сегіз мың қой сойылып, салтанатты той өтеді. Князьдің тойында журналист Владимир Войнов және білгір, тәжірибелі фотографтар Кесслер мен Буланже болған. Академик Әлкей Марғұланның көрсетуінше, сахара елінің түкпір-түкпірінен жиналған ақындардың, әншілердің, күйшілердің тобын Кесслер киіз үйдің сыртқы жақ іргесінде түсіргендерін «Певцы и музыканты» деп атаған. Бұлардың ішінде скрипкада ойнаған Жаяу Мұса бар. Сондай-ақ «Қазақтың болыс-билері», «Көкшетау аймағының сұлтандары, билері», «Ақмола қазақтарының өкілдері» түсірілген. Ал Кесслердің «Депутация Киргиз Семипалатинской области» дейтін топтың ішінде Абайдың суреті бар. Жас ойшылдың келбетін соншалықты жан-тәнімен тебірене қабылдаған көркемдік көзқарасы кемел Әлкей Марғұлан: «Оның байсалды маңғаз түрінен білімнің, ойдың, сезімнің, сұлулықтың аңқыған күшті лебі көрінеді». Немесе: «…Абайдың жаратылыс тұлғасында еш мін жоқ, мүлтіксіз мөлдір ғажайып бір құйып жасаған сұлу мүсін тәрізді». Оқымысты Абайдың ойшылдық, ақындық рухы жарқын көрініс тапқан терең, тұңғиық көзқарасы мен келешекті де болжағыш қасиетін, «сұлулықтың көркемдік бейнесі» ретінде пайымдай отырып, «ақылға ұйытқы болған саңлақ маңдайы, (Білімдар Әбдірахман Сағдидің «Абайдың суретте көрінген маңдайы – өлеңдерінде көрінген маңдайының өзі. Абайдың маңдайында ойшылдық пен толқындаушылық бірлеседі» деген үздік пікірі бар), ботаның көзіндей қабағы жаудыраған әдемі көздер, сызыла біткен қанатты қастары…» деп сипаттайды. Тіпті Абайдың ішігіндегі «тізбектеп қадаған жұмыр түймелеріне» дейін қызықтап, мұның халқымыздың киім кию мәдениетіндегі әшекейлеу екендігін айтады (Әлкей Марғұлан. Шығармалары. т.14. Алматы, 2012. 228-231 беттер).
1938 жылы Санкт-Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттейтін мұрағаттан Құнанбайдың, Абайдың, Ғабитханның 1865-1866 жылдарда жазылған хаттарын (Ф.5.№13, лл. 50-51) таптым дейді Әлкей Хақанұлы. Солардың ішінде «Абай шығармаларының төрт тізбегін таптым. Олар: Бірінші – князь Кудашевтың тізбегі, екінші – Садуақас Мұсаұлының тізбегі, үшінші – Г.Н.Потанинның жинағы, төртінші – Н.Я.Коншиннің жинағы. Бұлардың ішіндегі ең ертеректе жазылғаны Г.Н.Потанинның жинағы, бұл 1884 жылы жазылған. Абай шығармаларының топталмай, жеке-жеке шығып жүрген кезі. Г.Н.Потанинның өтініші бойынша, бұл өлеңдер тобын Абай өз қолымен жазып, конвертте «Из Чингизской волости от А.К.» деген. «Он мың беттік! бұл мұрағатты мен әлі толық зерттеп жеткенім де жоқ» деп те көрсетіпті.
Төрт тізбектің ішіндегі бағалысы, жүйеленген, «маржандай тізілген көркемінің бірі» – Садуақас Мұсаұлынікі (1897 жыл, 18 октябрь). Бір ескертерлік нәрсе, бұл қолжазба Мәшһүр Жүсіптен көшірілген тәрізді. Негізінде, Садуақас Мұсаұлы Петербургке 1897 жылы сапарлағанда Петербург университетінің профессоры, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы, профессор П.М.Мелиоранскийге сыйлаған. Сонан соң бұл жәдігер Салтыков-Щедрин атындағы кітапхананың шығыс тілдерінің маманы, академик А.Н.Самойлович (1880-1938) қорында сақтаулы. (ГПБ, ф.671. №94).
Саңлақ Садуақас Мұсаұлының дәптерінен дәлме-дәл көшірілген нұсқасын 1897 жылы орыстың зиялы оқымыстысы, жылқытанушы, журналисі В.А.Кудашев Петербургтің география қоғамының кітапханасына тапсырған. Ол осы күнге дейін сол қоғамның мұрағатында сақтаулы тұр. В.А.Кудашев «Перевод киргизских песен и легенд» (Архив госуд.Геогр.Общ.разряд №53 оп.І, №107, лл. 50-85).
В.А.Кудашевтің 145 беттік қолжазбасы «О положении современных киргиз: Стихотворения А.К.» және «А.Қ.ұғлұның қазақ елінің үшбу замандағы ахуалдарына мұнасып (толғау) шығырларынден» деп аталған. Және бұл жинақ Россия Географиялық қоғамының «Записки Геогр.общества» журналының 1900 жылғы №9 нөмірінде жарық көрмекші екен. Әрбір шаруаға мұқият қарайтын ғұламалардың кеңесінен кейін, География қоғамының басшысы П.П.Семенов – Тяньшанский академик В.В.Радловтың шәкірті, Петербург университетінің профессоры, түркітанушы П.М.Мелиоранскийге (1868-1906) 1901 жылдың 16 ақпанында хат жазып, мәтіннің сапалы болуына мән беруін өтінеді. Қазақ тілін зерттеуші және араб, парсы, татар тілдерінің білгірі П.М.Мелиоранский аталмыш қолжазба мұраның тілін, көркемдік мазмұнын, стильдік ерекшелігін, фонетикалық эвфониясын келісті екендігін мәлімдейді.
Түптеп келгенде, академик Ә.Марғұланның көрсетуінше, бұл айтулы қымбат қолжазбалар (Абайдың Халиуллаға жазған хаты және «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының варианттары) Петербург университетінің профессоры, түркітанушы И.Н.Березин (1818-1886) арқылы түскен. И.Н.Березин үш томдық «Түрік хрестоматиясы» (Қазан; СПб., 1857-1890), «Петербург кітапханасында сақтаулы түрік-татар қолжазбаларының сипаттамасы» (1846) және Рашид-ад-Дин, Қадырғали Жалаири, Әбілғазы еңбектерінің орысша аудармалары топтастырылған «Шығыс тарихшыларының кітапханасы» (1849-1854) атты зерттеулердің авторы. Бұл жазбаларды хаттап жинақтаған Омбы Кадет корпусының оқытушысы, И.Н.Березиннің мұраттасы, қазақ тілінің білгірі Н.Ф.Костылецкий.
Академик Ә.Марғұлан Абайдың қоғамдық-саяси ой-пікіріне қатысты 1876-1878 жылдарда орыс-түрік соғысы тұсында жазылған ашық хатының (УГИАЛ ф.1282, оп.1. №807) мазмұнын былайша түсіндіреді: қазақ халқын орыс әскеріне ат, киіз үй және тағы да түрліше көмек көрсетуге шақырады. Ендігі кезекте хаттың мәтінін тауып, жариялау, зерделеу абзал.
Әлкей Марғұланның Абайдың інісі Халиулла (1848-1870) жайындағы деректері: Ғабитхан молдадан арабша оқып, Шығыс әдебиетімен танысуы, 1858-1866 жылдарда Омбы Кадет корпусында оқып, офицер (корнет) дәрежесіне ие болуы, осы жылдарда орыс тіліне «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дастандарын аударады. Сондай-ақ Кеңгірбай би, Қараменде би, Құнанбай тәрізді білгіштердің айтуынан «Жеті Жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» дейтін ескі билік-кесім ережелерін орыс оқымыстыларына таныстырмақшы болғаны, Мәскеуде әскери мектепте екі жыл оқуы айтылған. Сонымен қатар 1866 жылдың 4 ақпанында Ғабитқан молда хатының мәтінін де ұсынған. Құнанбайдың Халиуллаға жазған хатындағы (1865 жыл, 8 ноябрь) мына бір тілегі: «Әр қайсымызға тауриқ, хидаят, шәрифләрімізді берсін!». Яғни әр қайсымызға ұстамдылық, әдемі үлгімен өсу, көру, жақсы үлгі алу, адалдық, асыл өмірді тілеу берсін дегені. Білгір, шешен, ойшыл Құнанбайдың адамның рухани жетілуіне, тұйғындай түлеуіне керек шарттар осы екендігін бажайлап байыптайды.
Жинақтай айтқанда, ХІХ ғасырдың ішіндегі Абай қолжазбаларының тағдыры мен тарихына қатысты академик Әлкей Марғұланның ғылыми ізденістерінің сорабы осындай.

Серік НЕГИМОВ

Жалғасы бар.

Пікір қалдыру