Нұрғали Рахаев. ҚАЗАҚТЫҢ АБЫЗДАРЫ

…1961 жылғы Ақмола пленумында Ташеневтен оңбай соққы алған Орталық Комитеттің әпербақан хатшысы Н.С.Хрущев ілік іздеуге көшеді. Өз дегенімен жүргізуге машықтанған Мәскеудің қалайда сынықтан сылтау іздейтін арам пиғылын сезген Жұмабек Алматыға келген соң, ештеңе болмағандай жұмысына қызу кіріскен. Жаманат хабар айтатын қара вертушканы ұмытқан қауырт күннің бірінде:
– Бауыржан Момышұлы қабылдау бөлмеңізге келді! – деді хатшысы қарулы жанкештілер мекемені басып алғандай үрейленіп.
– Ойбай-ау, батырды күткізіп қойғандарың не? Тез арада кіргізіңдер! – деп өзі де шыдамай алдынан шыққан.
– Ассалаумағалейкум, Бауке!
– Уағалейкумассалам…
– Бауке-ау, телефон арқылы бір ауыз хабар берсеңіз машина жіберетін едім ғой, – деп мұрты ширатылған, сырықтай батырдың алдына түсіп бәйек болды.
– Оқасы жоқ, әзірге жүріп-тұруымда еш кінарат жоқ.
– Сәлем беру жасы кіші ініден, айып етпеңіз арнайы кіріп шығу ойымда бар болатын, жұмысы құрғыр мұрша келтірер емес.
Бауыржан жайғасқан соң Жұмабек те төрдегі өз орнына емес, шақырып алдыра алмайтын сыйлы қонағының қарсысындағы орындыққа отырды.
– Жұмыс барысы дұрыс па?
– Рахмет, аға! Бәрі дұрыс…
Бауыржан отты көзінен жылы шуақ төгіп, бір мезгіл қалың мұртын сипап отырды да:
– Мәскеу жағың қалай? Тыныш па пока? – деді.
– Рахмет аға! Әзірге тым-тырыс… – деді Жұмабек те тілеулес ағасының әріден ойлағанына разы болып.
– Да…а…а… Ал, бура мен нармаядан туған балқоспағым, келудегі мақсатым екеу – біріншісі: жерді бұтарлаудан аман алып қалған Ташеннің баласына алғыс айту!
– Менің кішкентай еңбегімді дабырайта бағалап, әдейілеп келгеніңіз үшін рахмет, Бауке!
– Жоқ! Бұл сен айтқандай «никакой» кішкентай нәрсе емес. Алып орманның өзі кеуірттің бір талынан күлге айналады, алапат соғыстың өрті кеудемсоқ бастықтың аңдамай айтқан бір ауыз сөзінен тұтанып кетеді. Ал, осы жолы сен қарсы тұрмағанда… Құдай бетін әрмен қылсын, ойлаудың өзі қорқынышты!
– Рахмет! Бұл сөзіңізге алып қосарым жоқ, Бауке!
– Еріксіз түскен ылдидан, еркіңмен шығар өр артық, қорлықпен өткен өмірден көсіліп жатар көр артық! Ұлтарақтай жер үшін ұланғайыр даланың төсінде майдан ашып, атажұртты сақтап қалған баба-қазақтың қасиетті рухы жебеген батырымның жеңісі баянды болсын! Тікен гүлін қорғайды, ара балын қорғайды, жаман малын қорғайды, жақсы арын қорғайды, батыр жерін қорғайды. Сенің бұл ерлігің қазақтың тарихында қалатын ерлік!
– Рахмет аға! Өз көшесінде жаман ит те жолбарыс, өз үйімізде басынғаны жаныма батып кетті.
– Тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кірер, ал Мәскеудің гүрзі балғасына төтеп берген саған күллі қазағың, барша Алаш арыстарының рухы разы деп білем! Бейбіт заманда отарлау саясатын ұстанған Мәскеудің «конторский крысалары» әлі талай пәлені ойлап табады, ендігі кезекте соған абай болу керек! Көп сыйлансаң борышың көбейеді, шерлі өлмейді борышты өледі деген бар. Солай екен, ермін деп жүргендер орындай алмайтын істі азамат ретінде атқара білдің! Ал, елдік намысты құлқыны мен креслосына айырбастап жіберген ездер жоғары эшалонда да, сенің жаныңда да жетіп артылады.
– Білем, білем, Бауке! Хрущевтің де солақай саясатына сондай құлмінез, тобыр саналы бастықтар оңтайлы боп тұр ғой қазір.
– Ханнан бағы таярда – дұшпаны сырттан көбейіп, жанашыр досы аз қалар, биден бағы таярда – үлгілі сөзден айрылып, әркімнің мінін қазбалар дегендей, әулекі жалтыр бас Америкада Кеңестер Одағының абыройын айрандай төгіп, енді одақтас республикалардың арасына сызат түсірмек… Мұндай пиғыл соноу дегенерат Бірінші Петрден, тіпті одан да әріден жалғасып келе жатқан Ресейдің ағайын арасына «от салу» әдісі.
– Түйені көпір астына жасыра алмайтын секілді, даңғайыр жерді етекпен қалай жабарсың?! Көздеріне шіре болған жерімізге көз сұғын қадағандар жетерлік. Айтқаныңыз шындық сөз.
– Міржақыптың «оян қазағын», Мағжанның күллі қазақ жастарына қарата айтылған «жастарға сенемін» деген дабылын өзің секілді бөрітек қазақ қақпаса, қалғандары мүкамал… Екінші айтайын дегенім өнер адамдары мен ақын жазушыларға қаланың ортасынан үй алып беріпсің.
– Ә…ә… 121 пәтер ме айтып отырғаныңыз? Ой, Бауке-ау, пәтермен қамтамасыз ету біздің міндетіміз емес пе?
– Осы уақытқа дейін берсе есек тағалап жүрді ме сенен бұрынғылар? Немесе тентіреп жүрген қазақ интеллигенциясын көрмей қалды ма?
– Маған дейін де беріліп жатты ғой, – деп сыпайылаған Жұмабектің даусын:
– Жоқ! – деген Бауыржанның от алған ұшақтай гүр ете қалған зор үні көміп кетті де, бөлмені жарып жібере жаздады. Батырдың бетің бар, жүзің бар демей кесіп айтатын турашылдығы мен шыншылдығына тәнті Жұмабек те сөзін бөлмей тыңдауын жалғастырды.
– Бұл «ұлтшылдық» ұранының қаһарына ұшырап кетем бе деген қазағына жаны ашымас жағымпаздардың әсіре сақтығы ғана. Қазақтың Шәкен Аймановтай, Құрманбек, Қалибек, Манарбек, Қапан, Бибігүл, Шарадай өнер коррифейлерінің үйсіз жүргені не деген сұмдық! Жағдайы жоқ таланттан қандай өнер, қандай шедевр талап етесің бұдан соң?!
– Ой, аға, арнайы келіп мерейімді бір өсіріп тастадыңыз-ау!..
– А, как же! Дәл мынадай ақжарылқап хабарды ести тұрып келмеуге бола ма? Қазағыңа жаның ашып, басыңды бәйгеге тіккен азаматтығың үшін алғыстан басқа айтарым жоқ!
– Рахмет, Бауке, рахмет!.. Енді өзіңіздің шаруаларыңыз қалай? Қандай да бір жәрдем керек болса мен дайынмын, ағасы?!
– Айтар ой, жазатын материал ұланғайыр, тек уақыт деген жетпей жатады кейде. Қазағымның күйі келіспей жатқанда, қара басымды күйттеп қайтейін? Айтарым да, іште тұнған шерлерім де мол, оны кейінгі бір кездесудің олжасына қалдырайын. Ал, әзірге қош! Честь имею!
Осы кездесуден кейін көп өтпей солақай саясаттың сойылын соққан мәскеулік шовинистердің дегені болып Жұмабек Ташеневті Шымкент қаласына жұмысқа ауыстырып бір-ақ тыншиды.
…Оңтүстіктің ақпейіл жұрты бейбіт күнде алаш жерін бөлшектеуден қорғап қалған ағеділ ұлын жатырқамай, керісінше қуана қабылдады. Бойына қарапайымдылық ұрығы себілген Жұмабек мансапты мақсұт тұтпайтын арда ұл екендігін және бір дәлелдеп, тектіліктің төрінен көрінді. Мансапты атасынан қалған мұрадай көретін базбіреулер секілді аурухананың төсегіне таңылмай, Шымқалаға келе сала жұмысқа кірісіп кетті. Облыстық атқару комитетіне орынбасарлық қызметке тағайындалса да, талай мәселенің оң шешілуіне себепкер болды, елдің алғысына бөленді. Атқару комитеттің төрағасы Захан Ескендіров те ұлтының тағдыры таразыға түсер сәтте мансабы түгілі өзін де құрбандыққа шалудан тайынбаған ер азаматты ерекше қадірлеп алдын кеспеді, қолын қақпады. Зейнетке шыққан Жұмабекті қаракөл ғылыми зерттеу мекемесіне орналасып, жұмыс істеуіне де ықпал етті.
Жұмабектің әлі есінде: Қазақстан басшылығына Хрущевтің тікелей ұсынысымен Бірінші хатшылыққа келген Исмайыл Юсупов сөзі майда, пиғылы дүдәмал өзбек ағайындарға беріп жіберген Жетісайдың айналасындағы үш ауданды кері қайтарып алған кезде, қуанышы қойнына сыймай дереу Қонаевқа телефон шалып, игі ісіне ортақтасқан:
– Димеке, құтты болсын! Баяғы «кукурузниктің» дүрбелеңінде сіз де менің кебімді киіп, жұмыстан шеттетілгенде Маңғыстаудан да, мына үш ауданнан да айырылғандай екенбіз! – деген амандықтан соң. Қашанда бір қалыпты салмақты мінезінен айнымайтын Димекең:
– Саған рахмет, Жұмабек! – деді. – Бұл оқиғада да сенің көрегендігің атап өтуге тұрарлық. Маңғыстауды сақтап қалуда өзің Мәскеуге шапқылап жүріп жұмысқа қабылдаған Шахмардан Есеновің жарады! «Түрікпен гамбитіндегі» оның еңбегі айрықша. Мәскеулік партократ ғалымсымақтарды дәйекті фактілерімен тұқыртып, дәлелді ғылыми тұжырымдарын алдарына тосып тұқитты да, түрікпен аннексиясынан Маңғыстауды қорғап қалды.
– Рахмет, Димеке! Қалай болғанда да қазақтың жері қазаққа ғана қымбат, қазаққа ғана қастерлі.
– Уақытың бар ма біраз сұхбат құруға?
– Ойбай-ау, сіздің әңгімеңізді тыңдауға уақыт таппағанда?!
– Өзіңнің хабарың бар, Сталиннің нұсқауымен Мирзоянның орнына 1938 жылы Қазақстанға басшы боп Николай Скворцов сайланды. Ә дегеннен кадр саясатын қолға алған ол бірінші аптада Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы 34 жасар Нұртас Оңдасыновты Совнарком етіп тағайындады. Бұл тағайындау қазақтың маңдайына бақ, тағдырына ырыс боп келді. Қазақ елінің тұтастығы мен одақтас республика болып құрылуына Әлихан бастаған Алаш арыстары қандай еңбек сіңірсе, сол игі істі жалғастыруда Қазақ Үкіметін 13 жыл басқарған Оңдасыновтың та еңбегі атап өтуге тұрарлық. Оңдасынов пен Скворцов адал да, іскер азаматтар ретінде тарихшыларымыз тарапынан әділ бағасын ала алмай келеді.
– Менің білетінім Нұрекең өз ұлтын сүйіп қана қоймай, соғыс жылдарында күндіз-түні дамыл таппай қызмет істеген қайраткер. Қазақ кадрларын жетілдіріп, керек десең Мәскеулік комиссиялар қатысқан жиналыстарды да қазақша жүргізетінін естігенде аң-таң қалғам.
– Дұрыс айтасың! Қазағым дегенде ішкен асын жерге қоятын! Атақты архитектор Шусевке өтініш жасап Қазақ Ұлттық Академия ғимаратын салдыруы, Ауыр өнеркәсіп министрі Тевосянға сөзін өткізіп Теміртау металлургия комбинатын өмірге әкелуінің өзі тарихи оқиға. Министрге «тауы» сіздікі, «темірі» менікі деп жүріп «Теміртау» атауын бергенімді мақтаныш тұтамын дейтін. Қазақ Мемлекеттік консерваториясы, Шет тілдер институты, Дене тәрбиесі институты, Шымкент технология институты, Қарағанды, Семей медицина институттары мен облыс орталықтарындағы педагогикалық жоғары оқу орындарының ашылуы тікелей Оңдасынов ағамыздың араласуымен іске асты.
– Қыздар педагогика институтының ашылуына да себепкер болмады ма?
– Болғанда қандай! Кеңес Одағының ешбірінде жоқ қыздар институтын ашып тұрып: «Ел болам десең бесігіңді түзе, бесікті түзеймін десең әйелдің халін түзе!» деген сөзі әлі күнге жадымда. Ал, 1944 жылы Мәскеуге хат жазып жүріп, студенттердің тамағын, киім-кешегі мен төсек орнын, оқу-жазу құралдары мен дәрігерлік көмек шығындарын мемлекет есебінен қаржыландыруы нағыз қыз балаға деген әкелік қамқорлық емес пе?!
– Сөз бен істің қабысуы деп осыны айтса керек-ті! Димеке, менің бір түсінбей жүргенім, нағыз кемеліне келген шағында Мәскеуге оқуға жіберілгені несі?
– Иә, 1951 жылғы Сталиндік репрессияның екінші толқыны бұл кісіні де шарпып, елуге жақындағанда жоғары партия мектебіне оқуға жіберіледі. Небір адал азаматтар нақақ сотталып кетіп жатқанда, қудалаудың жеңіл түрі шарпығанына қуану да керек шығар, бәлкім. Тек 1954-жылы ғана іскер басшыны Брежнев қайта шақыртып алды.
– Ол кісімен аз күн болса да қызметтес болғанымды мақтан тұтамын. Мен келген жылы Гурьевке ауысып кетті. Ол жақта да іскерлігімен көзге түскені елдің жадында.
– Талантты адам қайда да талантты! Атырау алқабындағы тұзды жерге жеміс ағашын егуге ұйтқы болды, теңіз жағасындағы ұлу қабыршағын құстарға жем ретінде пайдалануды Кеңестер Одағында алғаш іске асырған да Нұрекең болатын.
– Мұнай мен қиыршық тастың қоспасынан асфльт та жасап шығармады ма?
– Онысы да бар, ең негізгісі Маңғыстаудың ұлутасынан жасалған құрылыс кірпіштері! Әлемдік стандартқа сай «ұлутастың» одақты шарлап кетуі Нұрекеңнің ерен еңбегінің арқасы. Халқына қаншама пайдалы іс атқарса да, қаншама өскінді тәрбиелеп жетілдірсе де мен істеп едім деп бұлдамайтын, көкірек қақпайтын, міндет қып кергімейтін. Бүкіл өмірі мен жүрген жолы мектеп деуге татырлық, мінезге бай ғұламадан менің де үйренгенім көп.
– Меніңше сіздің де Үкімет басына келуіңізге Нұрекең себеп болған секілді…
– Иә… Орталық Комитеттен бір-ақ шығуымның төркінін түсінбей дал боп жүргем – арадан бірнеше жыл өткесін ғана Нұртас ағаның себепкер болғанын өзінен емес, ұзынқұлақтан естідім. Өзің ойлашы, Шығыс Қазақстандағы рудник басшысын сарт еткізіп Совнаркомның орынбасары етіп тағайындау кімнің қолынан келе қоюы мүмкін?! Бұған әрине, Оңдасыновтай нартәуекелшіл адамның жүрек жұтқан батылдығы керек. Ол кісінің мемлекет басшылығында жүргенде сәулесі барларға сәулесі түспегені жоқ. Адам тани білудегі сергек сезімталдығы мен керемет алғырлығына осы күнге дейін таң қаламын. Сәтбаев, Құбашев, Букетов, Әуезовтерге сүрінгенде сүйеніш, құлағанда таяныш болды.
– Дұрыс айтасыз, бастаған істі аяқтамай тынбайтын қажырлы, табиғатынан жаңалыққа құштар жан екеніне қызмет барысында мен де талай куә болғам.
– Жұмабек, сен Сасбұқаев Әділ деген азаматты танисың ба?
– Әрине, танимын! Оны неге сұрадыңыз, Димеке?
– Бұл әрине, екеуміздің ортамызда ғана қалатын әңгіме, әрі саған бүкпесіз сенетіндіктен шетін сырдан хабардар етпекпін. Уақыт сәті келгенде өздерің арқылы ел де құлақтанар…
– Сеніміңізге рахмет, Димеке!
– Сен кеткен соң Хрущевтің қырына мен де ілігіп, Министрлер Кеңесіне ауысқанымнан хабарың бар. Бірінші хатшылыққа тағайындалған Исмайыл Юсупов өзіндік пікірі жоқ, үнемі бұра тартып отыратын кертартпа жан болатын. Хрущевке жағымпазданған «ләббайшылдығы» нәтижесінде Оңтүстіктің шұрайлы үш ауданын өзбек ағайындарға беріп алдық. Бұл бәріміздің де шымбайымызға батып, іштен тынған күйі не істесек екен деп жүргенбіз. Жаратқан біз жағында екен, көп ұзамай Хрущев орнынан кетті де, Брежнев Орталық Комитетке Бас хатшы боп сайланды. Өзің білесің, Ұлттық Академия кезінен Брежневпен сыйластығым да, сәлемім де түзу болатын.
– Иә, ағалы-інілідей сыйластықта болғаныңыздан хабарым бар…
– Бірақ сенің қызба мінезіңнен қатты тайсақтайтын, оны өзің де сезетін боларсың?
– Ой, Димаш аға, бір оталсам тоқтай алмай, өршеленіп кететін Құдай берген мінезді өзгерту қиын екен…
– Ноқтасы сыпырылған асаудай қызуқандылығың ұстап, қызметтік этиканы сақтамай, регламенттен шығып кеткен кездеріңде, «тыныштандыр» дегендей Брежнев маған қарайтын. Есіңде болар?..
– Есімде, есімде… Сіздің қындағы қылыштай, қалыптан танбайтын сабырлы қалпыңызды көріп, талай рет сабама түскенімді неге ұмытайын!..
– Әр жиыннан шыққан сайын, «Ташенев мені ажалымнан бұрын инфаркт қып өлтіретін шығар» дейтін…
Осы тұста өткен күндері еске түсті ме, екеуі де рахаттана күліп алды.
– Ал, енді негізгі айтайын дегенім айырылып қалған аудандарды қайтаруға астыртын үлкен еңбек сіңірген адам, Шымкент облысының екінші хатшысы – Әділ Сасбұқаев. Облыстың бірінші хатшысы Ливенцовқа білдірмей, өзбекке өтіп кеткен үш ауданның картасын, жергілікті халықтың санын, ауыл-ауылдың орналасуы мен жерінің сызбаларын дәлме-дәл анықтап, қажетті мәліметтерді маған жеткізіп беруде бұл азамат орасан жұмыс атқарғанын айтпасам арыма сын. Ал, Мәскеуге – Орталық Комитетке берілетін есебімнің аргументтері мүлтіксіз, әрі қатесіз болуы, үш ауданның тағдырын шешетін. Осы тапсырманы тыңғылықты, әрі тиянақты етіп орындаған Сасбұқаевқа үш ауданның халқы қарыздар десем артық айтпағаным.
– Бірінші рет өзіңізден естіп тұрмын.
– Жария қылуға мүлдем болмайтын құпия ғой бұл…
– Түсіндім, Димеке! Екі елдің арасына сызат түсіретін алмағайып тірлікті айғай-шусыз бітіру, екінің қолынан келе бермейтін шаруа, Әділдің бұнысы азаматтық болған екен! Әрине бұ бастаманы көтерген өзіңіз екенін айтпау ақиқаттан аттағандық болар еді. Әр істі сабырға жеңдіре отырып жеңіске жететін мінезіңізге тәнтімін, Димеке!
– Жеткен жетістігіміз, алған биігіміз елдің игілігіне айналып жатса одан асқан марапат, одан биік мәртебе бар ма?! Бәріміз де пендеміз, шайтан емеспіз, уақыт өтер… көш қозғалар… заман өзгерер… қоғам да, өмір де бір мағзұмда тұра бермес, сол кезде елдің іргесін сақтап қалған Әділ Сасбұқаев секілді азаматтардың ерлікке бергісіз еңбектері еленер, тіпті аңызға айналып, қазағының сүйіспеншілігіне бөленер. Ал, сенің қазақ жерінің тұтастығын сақтаудағы жанқияр принципшілдігің, жанкешті табандылығың майданда «таран» жасағанмен пара-пар, ол аз десең Алаш арыстарының аманатына деген адалдығың.
– Ойпыр-ай, Димеке, мені ертегідегі батырлардан да асырып жібердіңіз ғой тегі!
– Ешқандай әсірелеуі жоқ шындықты айтып тұрмын. Ал, жақсы онда! Лайым да қазағымды кенейі түгел, тәуменсіз күндерге ертерек жеткеріп, Алла ісімізді қайырлы қылғай!
– Айтқаныңыз келсін, Димаш аға! Сау болыңыз!
Ағасының «қайырлы қылғай» деген тілегі ертеректе оқыған Шығыс шайырларының әңгімесімен үндесе кетті:
«…Есте жоқ ерте замандардың бірінде Сахара елінде көңіліне күдік ұялағыш, шыдамсыздау бір патша өмір сүріпті. Патшаның бас уәзірі ақылды, әрі асқан сабырлы жан екен. Уәзірі қуанышты іс болса да, қайғылы жағдай болса да: «Ақыры қайырлы болсын!» – дейді екен. Бір сөзді күнде ести берген патша уәзірінің әлгі сөзінен жалыға бастапты.
Бір күні патшаның көңіл ауаны төмендеу болып отырғанда бас уәзірі тағы да:
– Ісіңіз қайырлы болсын мәртебелі, патшам! – дейді. Көңіл хошы болмай отырған патша:
– Осы сөзіңнен-ақ мезі боп кеттім! – деп сол қолын уәзіріне қарай сілтеп қалғанда, жанында тұрған жасауылдың семсеріне қағыс тиіп, кішкентай саусағын кесіп алады.
– Сенің кесіріңнен саусағымнан айырылдым, – деп уәзірін зынданға тастайды.
…Күндер өте береді. Еріккен патша нөкерлерімен ну орманда әрі серуендеп, әрі аң аулап жүріп, ойда-жоқта жабайы адамдардың қолына түсіп қалады. Бұл тайпадағылар адам етін жейтін каннибалдар екен. Өздерінің жазылмаған заңы бойынша қолға түскен құрбандарын шешіндіріп тексереді екен де, дене мүшесінің кемдігі болса, ол адамды жеуге жарамайды деп босатып жібереді екен. Тайпа көсемі бір саусағы жоқ патшаны кемтар санап, басына азаттық береді.
Бостандыққа шыққан патша арып-ашып еліне әзер жетеді. Патшалығын жалғастырған алғашқы күні: «Тез арада бас уәзірді әкеліңдер!» – дейді. Зынданнан алып келген уәзіріне:
– Сенің «қайырлы болсын» деген сөзің, шынында да менің ақырымды оңдап, жабайыларға жем болудан сақтап қалды, – деп оқиғаны бастан аяқ баяндап береді.
Патшасын мұқият тыңдап алған бас уәзір:
– Мәртебелі, патша ағзам! Менің айтқан «қайырлы болсын» деген ниетім сізге ғана емес, маған да шапағатын тигізді, – дейді.
– Саған қалай шапағатын тигізеді?
– Егерде сіз менің сөзіме ашуланып саусағыңызды кесіп алмағанда, мені де аңға ертіп апарар едіңіз, сөйтіп дене мүшесі сау екеуміз де жабайыларға жем болар едік. Қайырлы болғаны осы, – деген екен…»
«…Сол жолы Қонаев та сабырсыздық танытып, Хрущевтің кәріне іліккенде не болар еді? Димаш ағаның салмақты мінезінің арқасында баба аманаттаған Алаш жерінің тұтастығын сақтауды Хақ Тағала осылай қайырлы еткен екен-ау!..»
«Алмауыт» хикаятынан үзінді.

Пікір қалдыру