Нұрбек НҰРЖАН, балалар жазушысы: Баланың шимайы – ең ғажайып шығарма

Қай кезде, қай елде болмасын, әрқашан қиын да күрделі болып саналып келген әрі жауапкершілігі тым ауыр болғандықтан көп адам батылы жетіп қалам тарта бермейтін балалар әдебиетінің қазіргі белді өкілдерінің бірі, жас жазушы Нұрбек Нұржанмен бүгінгі сұхбатымызда біз осы тақырыпты – балалар әдебиетінің жай-күйін қозғамақпыз. Бұл саланың жағдайы қалай, хәлі нешік, дамып жатыр ма, тоқырап қалды ма? Балалардың қазіргі сұранысы қандай? Сұраныс болса ұсыныс та болады дейді, жас оқырмандарға қаламгерлер не ұсынып жүр? Әлде бұл қағида әдебиетке жүрмей ме? Балалар әдебиеті мен балалар контентінің ара қатынасы қандай?.. Осы және басқа сұрақтардың жауабын назарларыңызға ұсынылып отырған сұхбатымыздан табарсыздар деп үміттенеміз.

–   Кез-келген тіршілік иесі болашағын қамдауға ұмтылады. Солардың арасындағы ең саналысы деп есептелетін адамзаттың болашағы – бала, біз оларды келер күннің талабына толық сай келетін, жан-жақты білімді, білікті етіп өсіруіміз керек. Адамзат қауымы соңғы онжылдықтарда техникалық, технологиялық тұрғыдан күрт дамып кетті, «технарлардың» жетістіктеріне шын жүректен қуана қол соғамыз, олардың өнімдерін күнделікті өмірде кеңінен пайдаланып жүрміз. Бұрын сағаттап, тіптен екі-үш күн кезекте тұратын кейбір шаруаларды үйде отырып, қолыңдағы телефонмен-ақ реттей саласың. Жасанды Интеллектінің мүмкіндіктерін ойласаң, таң қалу былай тұрсын, тіптен жаның шошиды! Ал біздің «гуманитарийлар» не тындырды? Әсіресе әдебиетшілер, ақын-жазушылар адамзаттың дамуына қандай үлес қосып жүр? Ертең-ақ орнымызды басар жас ұрпақтың рухани, мәдени, көркемдік сұранысын бүгінгі әдебиет қанағаттандыра ала ма?

  Ғылым қарыштап дамып, тұрмыс жеңілдеп, не қаласақ соны әп-сәтте орындауға мүмкіндік туғызған жаһандану заманында тілектеріміздің көбі жүзеге асып жатқаны рас. Бала күнімде ауылда екі-ақ телеарна жұмыс істейтін. Соның біреуінен ғана мультфильм көрсетіледі. Оның өзі түсте бес-он минут, кешке тағы сол бес минут қана. Сол сәтті асыға күткен балалар кешіксек болды, сыбағамыздан құр қалатындай басқа ойынның бәрін тастап, жарты сағат бұрын көк жәшіктің алдында отыратынбыз. Кейін күні бойы көргенімізді айтып, соны талқылап жүреміз. Қалаға келіп, интернатта оқығанда тәрбиеші апайлар ойын бөлмесінен тағы да сол бес-он минут қана мультфильм көруге рұқсат ететін. Қаншама бала біріміздің үстімізге біріміз мініп, көк жәшікке телміреміз. Алдыңғы қатарда отырғандардың жолы болады. Кейіпкерлердің бейнесі мен бояуы ертегілер әлеміне жетелеп кететін. Түн баласы әлгі көрген анимацияны әрі қарай дамытып, былай болса – қалай болар еді деп өз нұсқамызда дамыта береміз. Оның ішіне ауылдағы, қаладағы таныстарды кейіпкер ғып қосып, қиялымыз шым-шытырық болып жататын. Сол қиялдардың әсерімен альбом дәптеріме көптеп сурет салатынмын, сол суреттердің өзі алғашқы бояулы шығармам болар, кім білсін. Кейін нашар оқысам да дәптеріме шимайлап бірдеңелер жазатын болдым. Бәрі де сағыныштан басталады ғой: туған жер, туған ел, алғашқы әсерлерің… Соның бәрін қайтадан көз алдыңнан өткеру үшін жазасың, асыл сырларыңды ешкімге көрсетпей, өзгелерден жасырасың.  Кейін телефон келді, интернет келді, ал біз есейіп кеттік. Мультфильм қызық болмай қалды, әлде бозбала шақта мультик көріп отыру ерсі көрінді ме екен, білмеймін, әйтеуір көрмейтін болдық. Бұл күндері әке атандым. Әке болудың ең жақсы тұсы – бала кезде тоймай қалған, есейе келе ұялып қарамаған мультфильмдерді балалармен бірге емін-еркін көре алады екенсің. Сырт көзге балаларымды ойнатып отырған сияқты болғаныммен, шын мәнінде өзіме қажет дүниелерді қарап, қанағаттанып отырамын.

Иә, бала күнімізде аңсар болған дүниелерге бүгін оңай қол жеткізіп отырмыз. Әлем алақандай экранға сыйып қалды. Енді содан бас алып көр! Кейде осыған қарап уайымдаймын. Өйткені бүгінде қызығушылықтың бәрі әп-сәтте қанағат табады. Экранды қоссаң болды, не іздесең соны табасың, тілегенің әп-сәтте орындала қалады. Бірақ сол дүниелер рухани сұранысымызды қанағаттандыра ала ма? Мың құбылған алуан түрлі бояудың ар жағында қандай мән жатыр?

Осыны тек ата-ана ғана емес, қоғам, ел болып ойлассақ деймін. Әлеуметтік желідегі ала-құла ақпарат пен даурықпа дүниелерден жас ұрпақты қорғауымыз керек. Өйткені ондағы жақсы-жаман дүниенің бәрі балалардың болмысына әсер етіп, мінезін түзіп жатыр. Ішкі әлемін, жан дүниесін қалыптастыру үшін не керек, нені жолатпаған дұрыс екенін түсінбейтін балалар былай тұрсын, кейде біз – ересектер де оң мен солымызды ажырата алмай, дұрыс пен бұрысты,шатастырып жатамыз.

Бұл жерде үлкен жауапкершілік қажет. Кішкентай қалтафонның пайдасы да бар, зияны да шаш-етектен. Қалай қолдануыңа қарап игілікке де жеткізе алады, орға жығуы да кәдік. Оны қатерлі қарумен салыстыруға болады. Ондай қаруды қалай, кімге, неге қарсы қолданатынын білмейтін жастардың қолына ұстата салғанымыз қаншалықты дұрыс?

Жеткіншектер арасындағы буллинг, суицид секілді дерттер әлеуметтік желі арқылы таралады. Жасанды интеллект бірін-бірі мазақтаудың, кемсітудің, шеттетудің неше түрлі әдіс-тәсілдерін ойлап тауып жүр. Бұл орайда өте абай болған жөн. Балалардың жүрегіне берік қорған соғып, рухани негіз қалап беруіміз керек. Балалардың бойына мейірім мен махаббат сезімін терең сіңіріп, өмірге жауапкершілікпен қарауды, адами құндылықтарды қадір тұтуды үйреткен жөн. Осындай рухани тіректі бойына сіңірген ұрпақ кез-келген технократиялық қысымға төтеп бере алады. Әлеуметтік желіден келетін рухани вирустарға қарсы тұратын иммунитеті қалыптасады.

Осындай рухани антивирусты қайдан табамыз деген сұрақтың жауабы біреу – балалар әдебиетінен табасыз. Әдебиетті бойына сіңіріп өскен ұрпақтан жаман адам шықпайды. Жас терекке құйған судай, баланың бойына ертегі, жыр, әңгіме болып сіңеді.

Балаларыммен бірге мультфильм көретінім өз алдына, түсінсін-түсінбесін, келіншегім екеуміз ертегі, әңгіме оқып береміз. Әке-шешесі не істесе балалар соны қайталайды. Мен кітап оқысам, олар әріп танымаса да кітап ашып, оқыған болады. Қабырғаларға сурет салып, шимайлайды. Үйдегілер ренжиді, мен: «Тимеңдер, олар өлең жазып жатыр, бұл – өнер, қабырғадағы шимай емес – көрме», – деймін. Өйткені өнердің бәрі сол шимай-шатпақтан басталады. Баланың шатпағы – ең ғажайып шығарма.

Өз ойымша, жас ұрпақтың рухани қажетін өтеуге бүгінгі әдебиеттің әлеуеті жетіп-артылады. Тек насихат, жарнама керек, бұл іске бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Өйткені  әдебиет әрқашан алда жүреді. Бүгін жазылған шығарма кем дегенде алдағы ширек ғасыр уақыт бойы оқырманның кәдесіне жарауы мүмкін. Кешегі Жюль Верн, Герберт Уэллс, Айзек Азимов сынды қаламгерлердің қиялынан жаралған дүниелер бүгінде шындыққа айналып, ғылымда да, өмірде де қолданыс тауып отыр.

Адамның қиялы жеткен жерге қолы да жетеді. Ал қиялы ең ұшқыр жандар – балалар. Біз, ересектер, оларды Кобо Абэнің «Жәшігіне» қамап, Кафканың «Құбылуымен» шектеп тастамай, қиялына қанат бітірудің жолдарын іздеуіміз керек. Жасампаздықтың бастауында қашан да қиял мен әдебиет тұрады.

– Қазір цифрлық заман. Адам баласы мың жылдан бері оқып келе жатқан кәдуілгі кітапты смартфон алмастырды. Көп адам кітаптың компьютерлік нұсқасын оқиды. Үлкен кісілер кітаптағы жазуды көзім көрмейді, компьютерден әріптерін үлкейтіп оқимын, маған сол тиімді дейді. Адамдардың арасындағы күнделікті қарым-қатынас әлеуметтік желілерге біржола көшіп кеткендей. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2021 жылы 6 жастан бастап 15 жасқа дейінгі балалардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдаланушылар арасындағы үлесі 89,5 пайыз құраған екен. Осы орайда балалар контенті туралы не айтар едің?

   Қазір балаларға арналған алуан түрлі бағдарламалар, YouTube арналары, электронды ертегілер шығып жатыр. Алайда олардың көбі шетелдік контенттің көлеңкесінде қалып қояды. «Маша мен Аюдан» артық дүние жасап шығарсақ өз балаларымызбен қоса шетел балалары да қызыға қарамас  па еді. Асыл мұра — халқымыздың көл-көсір ауыз әдебиетінде ұлттық кейіпкерлер толып жүр. Ұқсата алсақ кәнеки! Бірақ бізде ынта жоқ, ынталыны қолдау мардымсыз, қаржы тапшылығы тағы бар. Сондықтан өзгенің қаңсығын таңсық көріп отыра береміз.

Бүйтіп жүре берсек көркемдікке деген сұранысын шетелдік контенттен тапқан ұрпағымыз сырт келбеті қазақ болғанмен, ішкі болмысы беймәлім «клон» болып шықпасына кім кепілдік бере алады? Осыған алаңдаймын. Кітаптардың оқылымы азайып, оқырман атаулының басым көпшілігі электронды форматқа көшкен заманда қол қусырып отыра беруге болмайды. Заманға сай балалар әдебиетін дамыту керек. Өйткені кітаптың орны бөлек. Кітаптың иісі де, салмағы да, парақтарының сыбдыры да — бәрі де ерекше ләззат сыйлайды. Өз басым көркем шығарманы нағыз кітаптан ғана оқу керек деп есептеймін. Біріншіден, көзге пайдалы, екіншіден, кітап – зат, үйде орны бар, қайталап оқуға, бөлісуге ыңғайлы. Осы ойлардың негізінде «Нүкебайдың арман кітабы» атты роман жазғанмын. Алғашында шағын әңгіме еді, кейін хикаятқа, сосын романға айналды. Онда бүгінгі дәуір бейнесі – балалар мен кітаптың арасындағы алшақтық, виртуалды әлемнің басымдығы суреттеледі. Оқиға желісі қысқаша былай: қала ортасындағы ескі кітапхананың жертөлесінде орналасқан құпия есік жазғы демалыста іштері пысып жүрген 10–12 жастағы үш баланың назарын аударады. Үшеуінің арасындағы тентектеуі түсі суық кітапханашы Қайнаш апайдың үстелінен жертөленің кілтін ұрлап алып, екі досымен бірге әлгі есікті ашады. Сөйтіп олар ертегіге ұқсас, сиқырлы әлемге тап болады. Мұнда сөрелерде әлемдегі барлық балалардың арман-қиял кітаптары жинақталған.

Алайда, Нүкебай есімді баланың кітабы орнында болмай шығады. Балалар оның сырын анықтауға кірісіп, Кітап патшалығына тап болады. Бұл әлемде алып кітап үйлер, парақтардың арасында жүрген кейіпкерлер өмір сүреді. Қанатты әріптер оларға жол сілтейді. Балалар Робинзон Крузо, Хоббиттер, Қожа сияқты кейіпкерлермен кездеседі. Бірақ көп ұзамай арман-қиял кітабын виртуалды қарақшылар ұрлап кеткенін біледі.

Бұл қарақшылардың мақсаты – балалардың кітап оқымай, тек ойын мен экранға телміріп, мейірімсіз боп өсуіне қол жеткізу. Виртуалды әлемнің әміршісі мен кітап патшалығының жемқор билеушілері ауыз жаласқан. Кейіпкерлерді құлдыққа салып, кітаптарды құртып жатыр. Балалар шынайы дүниеде руханият пен кітапты қорғау үшін күресуге бел байлайды.

Бұл шығарма арқылы мен балалар әлеміне саяхат жасап, оларды рухани зұлматтан қорғауды мақсат тұттым. Романның ең әділ сыншысы – қалың оқырман болмақ.

–   Сонымен, бізде қазір қалыптасқан балалар контенті бар ма, жоқ па? Бар болса оның балаларды тартуы қай деңгейде? Контенттің жазбаша, ауызша (еститін), бейнелі (көретін) түрлері бар. Демек бір жасар сәбиден бастап он сегізге толмаған жасөспірімге дейінгі балалардың әр тобына арналған контенттер болуы керек қой. Ал егер ондай контент әлі қалыптаспаған болса не істейміз? Және оны кім істеуі керек? Жеке адам ба, қоғамдық ұйымдар ма, тұтас қоғамның өзі ме, мемлекеттік органдар ма? Осы жайындағы ойларыңды ортаға салсаң?

   Бүгінгі апақ-сапақ заманда балалардың ойын жан-жаққа бұрып әкететін TikTok пен Инстаграм тәрізді жеңіл-желпі, қызылды-жасылды дүниелер көбейген шақта балаларға кітап оқыту, қызықтыру, сұранысын қанағаттандыру қиындап барады. Егер балаларға тайм-менеджментті үйретіп, уақытты тиімді пайдалануды, жақсы мен жаманды, пайдалы мен зияндыны саралай білуді меңгертсек, олар өздігінен бағыт таба алар еді. Бірақ мәселе тек уақытты жоспарлауда ғана ма? Мүмкін олардың қиялын қанағаттандыратын, қызығушылығын оятатын туындылар аз шығар? Балалар кітап оқымайды, қызықпайды деп ренжу қаншалықты әділетті? Бәлкім оларды қызықтыра алмай жүрген шығармыз? Бұл сұрақтың жауабын сіз бен біз – бәріміз ойлануымыз керек.

Қаламгер – заманнан да, ғылымнан да озық жүруі тиіс. Шүкір, елімізде балаларға арналған шығармалар жазылып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, бұл тым аз, әрі жазылған дүниелердің насихаты, жарнамасы кемшін. Шығарманы тек жазып қою жеткіліксіз. Тіл үйренген кезде тек сөз жаттап қоймаймыз ғой – газет оқимыз, фильм көреміз, ән тыңдаймыз, ойын ойнаймыз. Сол сияқты әдеби туындыларды да жан-жақты насихаттау қажет: әнмен, мультфильммен, кино арқылы экранға шығару, ойындар жасау, тіпті кейіпкерлерге арнап арнайы парк немесе көрме ұйымдастыру керек шығар. Ойыншықтарын, мүсіндерін шығарып, балалар үшін қаһарманға айналдыруымыз керек.

Қазақ әдебиетінде балаларға лайықты қаһарман кейіпкерлер бар. Бірақ, өкінішке қарай, біз оларды нағыз қаһарман ете алмадық. Бұл бағыттағы жұмыс – жалғыз жазушының емес, әдеби агенттіктердің, киностудиялардың, телеарналардың, жарнама агенттіктерінің бірлескен еңбегін қажет етеді. Ал жазушының жалғыз уайымы болу керек, ол – жазу.

–   Сені балалар жазушысы деп білеміз. Ал балалар әдебиетінің қиын екенін қолына қалам ұстаған талапкерлердің бәрі біледі. Бұл салаға қалай келдің? Қазір осы тақырыпқа қалам тартып жүрген әріптестеріңнен кімдерді атай аласың?

–   Жазушы жанр таңдамайды, керісінше – жанр жазушыны таңдайды деген тұжырым бар. Балалар әдебиетіне алдыма қандай да бір мақсат қойғандықтан келген жоқпын. Балалық шағымдағы қиял, арман мен аңсар жол көрсеткен болар. Бала кезімнен аспандағы бұлттарға, ұшқан құсқа, әр мезгілдің өзіндік мінезіне қызыға қарайтынмын. Бұлттарға телміріп, жан-жануарлардың немесе адамдардың бейнесін елестетуші едім. Бәлкім сол қияли бала ой-санамда әлі де өмір сүрген шығар.

Бала күнімде жазғы демалыста лагерьге барғанымда ата-әжемді қатты сағынып, бұлттан олардың бейнесін көріп жұбанғаным есімде. Осындай сезімдер мені әдебиетке жетеледі.

Кейде көшеде көрген бір адамның бойынан болашақ кейіпкеріңнің бейнесін көріп, ішкі әлеміңнің бір сапарына шақырылғандай күй кешесің. Алғашында бұл қиялилығым өлеңмен өрілді. 4-сыныпта жүргенімде алғаш рет әңгіме жазғаным есімде – үштік баға алғанмын (мәселе бағасында емес, қайта-қайта сол бағытқа орала беруімде). Демек, бұл жанр мені өзі тапқан шығар.

Балалар әдебиетіне бет бұруымның басты себебі – жанымда әлі де сол кішкентай Нұрбек өмір сүріп жатқандығы болса керек. Кейіпкерлерім – төрт құбыласы түгел, ерке балалар емес. Олар – жетім, тағдыр тәлкегіне ұшыраған, күрескер һәм қорғансыз балалар. Мұндай кейіпкерлер шынайы өмірде де бар.

Көптеген мықты жазушылардың өміріне қарасақ, олардың көбі – теперіш көрген, тағдырлы, бала күнінен ауыр сынаққа түскен жандар. Әдебиетке келу – Жаратушының таңдауы. Қоғамда ешкім ешкімді тыңдамайтын, жанын түсінбейтін заманда қалам – жалғыз сырлас. Сол сырды ақ парақ қана көтере алады. Осылай туған туындылар – «Менің атым Қожа», «Жабайы алма», «Балалық шаққа саяхат», «Оливер Твист», «Гекльберри Финннің бастан кешкендері» – бәрі де автордың бала күнгі жүрек сыры. Олар өз оқырманын уақытында, кез келген ғасырда таба алады. Нағыз өнер – уақыттың маягы. Ал біз соған жарық болуға тиіспіз.

Бүгінде балаларға арнап жазып жүрген қаламгерлер аз емес. Айталық: Ділдәр Мамырбаева, Арасанбай Естенов, Нұрдәулет Ақыш, Толымбек Әбдірайым, Әбділдабек Салықбай, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Саят Қамшыгер, Есболат Айдабосын, Әлібек Байбол, Елдос Тоқтарбай, Зәуре Төрехан т.б… Олардың әрбірінің кейіпкерлері анимацияға сұранып тұр. Сол кейіпкерлерді негізге алып ойындар жасап, әлемге ұсынсақ, балалардың да қызығушылығы арта түсер еді.

Себебі өнердің өзі – ізгілік пен зұлымдықтың шайқасы. Біз сол шайқаста ізгілік жағының жауынгері болуға тиіспіз. Ал ұрпақ үшін алдыңғы шепте болу – біздің парызымыз.

–   Қазақ «өнер алды – қызыл тіл» дейді. Өнердің ойын түріндегі нұсқалары мен әннің негізін сөз құрайды. Яғни кино, театр, ән дегеннің бәрі әдебиеттен бастау алады. Әдебиетсіз олар да жоқ. Бірақ қазіргі әндерді тыңдап, киноларды көрсең, театрға бара қалсаң сол шығармалардың авторлары әдебиеттің не екенін білмейді-ау деген күдігің оянады. Соның салдарынан өнер жайдақтанып, тайыздап бара жатыр. Бұл, әсіресе, балаларға арналған «өнер туындыларынан» анық байқалады. Енді қайтпек керек?

   Ең төте жол – әдебиетті кең көлемде насихаттау, жарнамалау және оқыту. Өнердің дәмін сезінбеген, татпағандардан шыққан дүние жасанды, жансыз, мәнсіз болып келеді. Кез келген әнде де, кинода да, театр қойылымында да автордың жан сәулесі, энергиясы сезіліп тұруы керек. Оның өмір жолы, елінен, халқынан, қоғамнан сіңіргені – барлығы сол туындыдан анық көрініс тапса дейсің.

Ал егер талғамсыз, арзан дүниелерге елітіп, соны жаппай тұтынатын болсақ, онда өнердің қадірі қайда қалмақ? Бұл күндері базарда тұрған киімнің арасынан оригиналы мен жасандысын ажырата алмай қаласың. Өнерде де солай – шынайы туындылар арзанқол жылтырақтардың арасында жұтылып, жоғалып барады. Оны танитын, саралайтын, талдайтын жандар да азайып кетті. Ән өнерін алайық. Қазіргі таңда көбінесе мағынасыз, даңғаза дүниелер алға шықты, тыңдай сала ұмытып кетесің. Әрине, көңіл көтеру үшін ондайлар да керек шығар, бірақ сондай әндер жалпыхалықтық деңгейде айналымда жүрсе, халықтың талғамы құлдырап бара жатыр-ау деп қынжыласың. Тойға барғым келмейді. Баратын жалғыз себебім – туыстармен жүздесу. Қазіргі тойларда не әдеп, не мәдениет қалмады – дарақы, жасанды, көркемдіктен жұрдай. Қазақы дәстүр мен мәдениеттің қазіргі мүшкіл халін көру – өте ауыр.

Киноны алып қарасақ, комедия жанры көш бастап тұр. Иә, күлкі керек, бірақ терең ой салып, күлдіре алатын комедия өте сирек. Шынайы комедия – ең күрделі жанр, ол хас өнер иесінің қолынан ғана келеді. Бүгінгі кино туындыларының көпшілігіне қарап отырып, «бұған қалай күлдік?» деп өзіміз таң қаламыз. Міне, бұл – талғамның төмендеуі.

Театр – жаным сүйетін өнердің бірі. Бірақ соңғы жылдары сирек барып жүрмін. Соңғы рет осыдан бір жыл бұрын барғанмын. Бірнеше қойылымды көріп, көңілім қалды. Актерлар кейіпкерлердің өмірін сүріп емес, рөлін ойнап тұрғандай әсер қалдырды. Кейіпкер сахнада өмір сүруі керек қой.

Бірақ не десек те, қазіргі жасалып жатқан жұмыстар мен еңбектер бәсеке туғызады, ал бәсеке бар жерде өнер де, өсу де болады. Сол үшін әрбір өнер иесі өз өнерімен ұйықтап, оянуы керек. Ол үшін ең алдымен жағдай жасалу керек. Қазіргі таңда елімізде талантымен танылып жүрген адамдардың басым көпшілігі екі-үш жұмысты қатар атқарып жүр. Сонда олар қалай хас өнер тудырмақ?

Балаларға арналған жеңіл, бірақ тәлім-тәрбиелік мәні бар әндер көбірек орындалса екен дейсің. Өкінішке қарай, бұл бағытта да әлеммен бәсекелесе алмай жатырмыз. Бүгінгі балалар шөлдеген күйі өзгенің өнерімен сусындауда. Ал шын мәнінде, олар өзіміздің өнерімізбен өсіп-жетілуі тиіс еді. Иә, жобалар жоқ емес, бар. Бірақ өте аз. Қанша көп болса да аздық етеді. Өйткені балалар контенті – тұтас бір әлем. Әр жас ерекшелігіне арналған бөлек-бөлек арна қажет. Мыңдаған YouTube каналы, миллиондаған мультфильм керек.

–   Кейде болашақ түгелімен «технарлардың» қолына көшіп кеткен жоқ па деп күмәнданамын. Әйтеуір, қазір кітап оқитындардан бейнебаян көрушілер көп екеніне ешкім дау айта қоймас. Олай болса жас ұрпақтың эстетикалық өміртанымын қалыптастыруды өнердің көріністі түрлерінің қолына біржола өткізе салсақ қайтеді?

–   Емори университеті (АҚШ) ғалымдарының 2013 жылғы зерттеуі бойынша, көркем роман оқығаннан кейін адамның миындағы нейрондық байланыстардың артқаны байқалған. «Кітап оқу — адам миында ұзақ мерзімді нейробиологиялық өзгерістер туғызады. Бұл — ойлау, сезіну, елестету қабілеттерін дамытады» (Journal of Brain Connectivity, 2013 ж.) – дейді. Ал бейнебаяндарға келсек, Калифорния университетінің 2010 жылғы зерттеуінде былай делінеді: «Жарық, қозғалыс, дыбыс — мида дайын күйінде қабылданады. Сондықтан бейнематериалдар елестетуге, логикалық пайымдауға көп мүмкіндік қалдырмайды». Демек, бейнекөріністерге адамның уақытын шектеулі мөлшерде арнаған жөн. Тұлға ретінде қалыптасу үшін балаға ең алдымен кітап оқу қажет. Себебі оқу — қиял мен ойды дамытатын, рухани-танымдық қабілеттерді арттыратын ең тиімді жол. Құран Кәрімнің көктен түскен алғашқы аяты  «Оқы!» деп басталуы жай ғана сәйкестік емес. Осы аят – адамзат баласына бағытталған рухани әрі ғылыми даму жолының бастауы. Сондықтан оқу мен ізденуді тоқтатпау керек. Баланың ғана емес, бүкіл қоғамның кемелденуі – кітап оқуға деген сүйіспеншіліктен басталады.

–   Әлде көркем сөздің қадірі қашып, ақын-жазушылардың тарих сахнасын босататын уақыты шынымен келгені ме? Олай болса осы бір ауыр да ащы шындықты мойындасақ қайтеді? Күніміз өткенін біле тұрсақ та «намысқа тырысып», кванттық жылдамдықпен зымырап бара жатқан заманның соңынан кәрі мәстегімізді текіректетіп тепеңдей бергеніміз қалай болар екен? Аттыға еремін деп таңы айырылған жаяудан қай жеріміз артық? Кейде осындай пессимистік сұрақтар ойға оралады…

   Иә, ондай ойлар қалам ұстаған кез келген адамды мазалайтын болар. Бұл да уақыттың сынағы. Жылдамдық пен тұтынушылық үстемдік құрған мына заманда көркем сөзбен «уақыт ұрлау» кейбіреулерге артық, архаикалық әрекеттей көрінетін шығар. Бұрынғыдай кітапқа үңіліп, тебіреніп отыратындар некен-саяқ екені рас. Сол үшін өзімізден сұраймыз: «Біз не үшін жазамыз? Біздің сөз кімге керек?» Бірақ дәл осы сәтте адамның рухани әлеміне қатысты бір ақиқат еске түседі: адам — тек тән ғана емес, адам — рух. Тәнді тойғызатын зат — азық, ал рухты тойдыратын — сөз. Ғасырлар бойы небір зұлмат замандарда да әдебиет өлмеген, тіпті тірі қалудың соңғы үмітіне айналған.  Сондықтан да бұл кезеңді ақын-жазушының сахнадан кететін уақыты деп емес, керісінше, әдебиеттің қайта туатын, жаңа формаға өтетін кезеңі деп түсіну керек шығар.

Менің ойымша, әр өнерпаз үшін өнер өзімен бірге туады, өзімен бірге өледі. Жер бетінде ең соңғы оқырман қалып, ол өзің болып шықсаң да жазуың керек. Жазушы – қоғамның ар-ожданы. Қалам – аманат. Ал біз аманатқа қиянат жасамайтын халықпыз. Өз басым кім үшін жазамын: халық үшін бе, ұрпақ үшін бе, руханият үшін бе – білмеймін. Әркімнің өз таңдауы, өз жолы бар. Меніңше, жазушының мақсаты біреулерді тәрбиелеу де, өмірді өзгерту де емес, өзің үшін жазып, өзіңді танып, өзің арқылы әлемді тану болса керек. Жазу – киелі де кепиетті дұға. Мүмкін заман бізді шаң қаптырып, қарыштап алға басып бара жатқандай көрінер. Бірақ руханият – жарыс емес, ол – бағыт һәм жол. Жазушы – сол  қасиетті жолға түскен жолаушы, қаламын аса қылып, ешқайда бұрылмастан, ештеңеге алаңдамастан алға қарай жүре беруі керек.

 Сұхбатты жүргізген – Нұрлан ҚАМИ




ПІКІР ЖАЗУ