Айтылып отырған екі мәселе бір бірімен аса байланысты. Гендер мәселесінде біз ер мен әйелдің қалыптасуын қарастырамыз: ол олардың қоғамдағы, отбасындағы рөлі.
Ерлер, әйелдер мәселесі – бұл қоғамдағы ер мен әйелдің жағдайына көңіл қою, қоғам өмірінің барлық саласында әйел мен ерлердің теңдігіне қол жеткізу, ұлттық және ұлтаралық мәселелерді шешу, саяси, әлеуметтік қайшылықтар мен шиеленістердің алдын алу.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан әйелдері еліміздің болашағы» атты республикалық форумда сөйлеген сөзінде: «Бүгінгі қоғамда қыз бала, әйел ананың рөлі күннен күнге артуда: біріншіден, әйелдердің қоғамда, отбасында орны ерекше, әлеуметтік-экономикалық қатынас жүйесінде халықаралық құқықтары, міндеттері, мүдделері айқындалған тұлға. Екіншіден, саяси күштің объектісі, қозғаушы күші. Үшіншіден, жалпы қоғамда, өндірісте, басқару мекемелерінде, отбасында ерекше нақтыланған орны бар» деп атап өтті.
Сонымен қатар, еліміздегі саяси үдерістерге әйел қауымының қатысуын жандандыра түсу, олардың экономикалық істерге араласуын қолдау, отбасын, соның ішінде аналар мен балаларды қорғау қажеттігі жөнінде мазмұнды баяндама жасай отырып: «Әйелдер жағдайы кез-келген мемлекеттегі демократияның барометрі, ондағы адам құқықтарын құрметтеудің көрсеткіші. Сондықтан да біз үшін бұл тұрғыдан жинақталған әлемдік тәжірибенің бағасы зор, жоғарыда келтірген міндеттерді шешуді біз осы тәжірибе аясында жүргізетін боламыз» – деген пікірін білдірді Елбасы Н.Ә. Назарбаев.
Демек, мыңдаған жылдық тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар қазақ халқының гендерлік тәрбие туралы педагогикалық ойларын жинақтаудың бүгінгі таңда маңызы ерекше.
Бұл мәселе XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басындағы ойшылдар әйелдер қозғалысын ер адамдармен бірдей азаматтық және саяси құқыққа тең дәрежеде қол жеткізу мәселелерін шешу ретінде қарастырды. Әйелдер қозғалысы – моральдік құндылықтар мен нормалары, саяси міндеттері, мақсаты бар, түрлі әлеуметтік топтардың біріккен іс-әрекеттері болып табылады.
Әйелдер мәселесінің мәні жынысқа қатысты емес теңдік принципін жүзеге асыру болып саналады. Біріншіден, теңдік – қоғамдағы біркелкі әлеуметтік жағдай. Тағы бір маңызды категория қоғамда ер адамдармен бірдей өмірдің барлық саласында әйелдердің де араласуын меңзейтін философиялық- әлеуметтік түсінік «теңдік» болып табылады. Алайда теңдік дегенді де дұрыс түсіну керек, ол әр халықтың менталитетіне байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Мақала жазуға халқымыздың қыз баланы ізгі қасиеттерге, яғни парасаттылық, имандылық, ақылдылық, іскерлік, адамгершілікке тәрбиелеу туралы тарихи асыл мұра қалдырған ұлы ойшылдарымыз Ибн Сина, әл-Фараби, Әбу Райхан Бируни, көне түркі жазуымен жазған ескерткіш «Орхон – Енисей» жазуларынан бастап, Омар Хаям рубаяттары, Қорқыт, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Жүгінеки, Қыдырғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Дулати, т.б. шығармалары негіз болды.
Есімі мен өсиеті ғасырлар бойы халық аузынан түспей келе жатқан Қорқыт ата жырларында отбасы тәрбиесі мәселесі, ондағы әке мен бала, аға мен іні, қалыңдық пен күйеу, ер мен әйел арасындағы сүйіспеншілік, бірі үшін бірі жан беруге әзірлік өте көркем суреттелген. Қорқыттың қыз бала мен ұл бала тәрбиесіне байланысты айтқан сөздеріне көңіл қойсақ: «Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. Жақсы ана үшін бала екі көздің сыңары. Қыз анадан көрмейінше өнеге алмас, ұл атадан көрмейінше сапар шекпес».
Қорқыт өзінің жанын жегідей жеген ой- сезімдерін қобыз арқылы күймен, поэзиялық көркем тілмен баяндайды. Ол эпос үлгісіндегі поэзиялық мұра терінде бізге жетті. Мұнда Сыр бойын мекендеген көшпелі тайпалардың тұрмысы мен әдет – ғұрпын, діни наным – сенімдерін бейнелейтін, мәліметтер көптеп кездеседі. Олар тәлім тәрбиелік жағынан аса қызықты дерек болып табылады. Мәселен, «анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым көрмеген ұл жаман» менмен, тәкәппар адамды тәңірі сүймейді. Ақылсыз балаға ата дәулетінен қайран жоқ, қонағы жоқ қараша үйден құлазыған түз артық.
Әйелдің төрт түрі болады: оның бірі ниеті қара әйел, екіншісі – ынсапсыз әйел, үшіншісі-үйдің құты болған әйел, төртіншісі-кесір әйел… деп келетін Қорқыттың нақыл сөздері өз мәнін күні бүгінге дейін жоймай келеді.
От басының құты тірегі болған әйел даладан бір қонақ келсе, үйінде еті болмаса да сусын беріп бар дәмін алдына қояды. Сыйлап аттандырып салады. Бұл Айша мен Фатимадан бата алған әйелдер. Хан ием, мұндай әйелдер мыңдап өссе де көп емес, бәлкім аз. Сіздің ошағыңызға сондай әйел кез болсын.
Одан кейінгісі – ынсапсыз, қанағатсыз әйел. Сондай әйел таңертең төсегінен тұрып, беті-қолын жумастан тоғыз тоқаштың бәрін аудастырып ең тәуірін таңдап жейді аузын томпайтады, бір шелек айранды басына көтеріп қарынды қампитады, сонан соң маңдайын сабалап жылай бастайды, Қараң қалғыр осы күйге мен қайдан душар болдым бір күн қарным тойып ас ішпедім жүзіме күлкі келмеді аяғыма ілген башпағым болмады бетімнен перде түспеді. Ерім өліп басқа білеуге тисем бағым ашылар еді; сол үмітімнің өшпесін дейді. Хан ием ондай мың болса өніп өнбесін, сіздің ошағыңызға кез бола көрмесін.
Одан соңғысы салақ әйел дейміз. Ондай әйел төсегінен тұрған соң беті қолын жуады үйдің ол шеті мен бұл шетін қарайды да «…күбіні абыл-құбыл пісіріп көрпе төсегін жинайды Содан соң ауыл кезіп түс қайта үйіне оралады. Келсе үйі ұрланған, қазан аяғын ит жалап бие бұзау сүйкеліп, үйдің қорада байлаулы қалғар сиыры мөңірейді. Келе сала әйел көршілеріне барып шаптығады. Ау қыздарым-ау… Уа, адамзат туған жігіт желеңдерім қайда едіңдер? Үйім құлап қалыпты, түнде қайда жатамыз? Мені ерігіп жүр дейсіңдер ме? Зәру жұмыс болған соң кетіп едім ғой. Үйіме неге көз салмайсыңдар? Көрші ақысы тәңір ақысы деген қайда?»- деп безек қағады. Хан ием, ондай ошағыңызға кез болмасын.
Ең соңғысы-адам тілін алмайтын кесір (қырсық) әйел. Үйге түзден бір ұятты әйел келіп, ері оған: «Орныңнан тұрып, нан әкел, желік, қонағың да жесін» десе, әйелі еріне: не сандалып отырсың үйіңнің әлдеқашан қу молаға айналғанын білмейсің бе? Үйде ұн жоқ, диірменге кеткен түйе қайтқан жоқ, оның не әкелері белгісіз. Дастарханымды жемесе берерім жоқ,- деп бармағын көрсететеді. Еріне сырт беріп, дастарханды кісі алдына лақтырып тастайды. Ондай әйелге мың сөз айтсаң, соның бәріне де жауап қатады, бірақ ерінің айтқанын құлаққа иілмейді. Ондай әйелді Нұх пайғамбардың қөз жасынан пайда болғандар дейміз. Хан ием, сізді Алла осындай әйелден сақтасын, ондай әйел сіздің ошағыңызға кез болмасын.
Жыраудың ғибрат сөздерінің тәрбие берерлік өнегесі зор. Қаншама заман өтсе де, тәрбие негізі әйелдерге байланысты ой-пікірлерінің тәрбие берерлік өнегесі зор. Тарихи болмысы ғаламға мәлім Қорқыт атаның нақыл, ғибраты аңыз болған сөздерді күллі адамзатқа мәңгілік өмір іздеген игі тілегімен бірге халқымыздың ежелгі, тарихын, әдет ғұрпын, байырғы тәлім тәрбие жолдарын танытатын рухани қазына.
Түркі жұртында, Отырарда дүниеге келген ғұлама ғалым Әбу Насыр әл –Фарабидің (870-950) ғылыми ой толғаныстарына толы салалы трактаттарында «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат», «Бақытқа жетудің жолдары», «Риторика» (шешендік өнер негіздері) «Қайрымды қала тұрғындарының қөзқарастары туралы трактат» т.б. оның педагогикалық, психологиялық, дидактикалық және ой-пікірлері баяндалған. Бұларда оқыту әдісінің ұғынықты, дәйекті, жүйелі, көрнекі болуы, сондай –ақ дағды, әдет, қабілет, икем, мінез, бақыт т.б. тәлім – тәрбиелік, ұғымдарға түсінік беріледі, көз жеткізу, иландыру, мойынсұндыру, тәрізді әдіс тәсілдерге талдау жасайды. Мәселен, Фараби «Үйрету дегеніміз – халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз. Тәрбиелеу дегеніміз- халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз. Үйрету дегеніміз – тек сөзбен іске асырылады, ал тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына іс-әрекет жасау дағдысы сіңіріледі» – дейді.
Тәрбие мәселесіне жан-жақты мән беріп, адамгершілік мәселесін бірінші орынға қойды. Оқытудың дидактикалық жолын терең талдай отырып еңбек пен дене тәрбиесі әр адамның дербес ерекшеліктері мен имандылық әдеп дағдыларын жетілдіру барысында дамитындығына ерекше назар аударды. «Қайырымды қала тұрғындары» атты шығармасында әр түрлі қөзқарастар мен пікірлерді талдап «келісім жасаушы топ әйелдерден» екендігін, олардың жарастырушылық орнын атаумен қатар, «…адамдар жөніндегі байланыстырушы» дәнекер-адамгершілік, сондықтан адамзат санатына жататындар бір-бірімен тату – тұруға тиіс», дейді. Адамдардың өзін-өзі тежеп, сабырлық пен көнбістік көрсетіп, нәпсісін тия білуі адамшылық парызы деген тұжырым жасайды. Сондай-ақ ар намысты сақтап, ешкімге ашуланбай, ешкімді жәбірлемей қарым-қатынас жасау әділет толы, шынайы адамгершілікке тән қасиет. Оның өркен жаюы туыстасу дәстүріне де байланысты, « … бір тайпаның ерлері екінші тайпаның әйелдерімен некелеседі, ал екінші тайпаның ерлері бірінші тайпаның әйелдерімен неке қиысады, ал мұның атын «өзара туыстасу»», деген сөз дей келіп, адам біреуінің көмегін біреуі қажет етпей қоймайды, сондықтан адамгершілікке негізделген татулық, жарасымдылық, келісе білушілік бақытқа жеткізеді. Бұл қайырымдылық. Білімділікке жету тәрбиенің ұлы күші екендігін қайсарлықпен дәлелдеген дана бабамыз, рухани өнер білім таратып, адамзатты ілгері бастыруды ниет етіп, имандылық пен адамгершіліктің баянды болуы жолында күресіп, адамгершілік жайлы тарихи тағылымдары заманнан заман өтсе де ұмытылмай болашақ ұрпағымен үндесе толысып, өркен жаюын тоқтатқан емес.
Мұнан кейінгі ірі орта ғасыр ойшылдарының бірі Жүсіп Баласағұни болды. Оның «Құтты білік» атты шығармасы бақытқа жету ғылымы, дегенді білдіреді. Баласағұнидың моральдік – этикалық, психологиялық қағидалары ибн Сина мен әл – Фараби ілімдерімен сабақтасып жатады. Аталмыш дастанда адамдары тәрбиелеу – мемлекет көздейтін негізгі шаралардың бірі. Зұлымдық – барып тұрған әлеуметтік ауру, оны оқу- тәрбие ісі арқылы ғана қояға болады. Адамдардың жақсы қылықтары мен қасиеттерін тәрбиелеп жетілдіре берсе қоғамда да, мемлекет те жақсара түседі дейтін ағартушылық идея аңғарыларды. Дастаннан әлем төрт түрлі элементтерден (жер, су, ауа, от) құралған, бұлардың пропорциялық теңдегі дүниедегі заттарды бір- бірімен үйлестіріп тұрады дейтін тұжырымға ұқсас жайттар көптеп кездеседі.
Данышпан ақын Ж. Баласағүн өз заманындағы биік дәрежеге – хас-хаджиб атағына ие болып, «Құтадғу білік» (1069ж) сынды дидактикалық еңбегінде өзі өмір сүрген уақыт деңгейінен тәрбие-тәлім мәселесін талдаған. Әлемге әйгілі кітап – Әділет, Бақыт, Ақыл, Қанағат – деп аталатын төрт қасиетін 6600 тармақтан тұратын, 72 тараулық дастанда келістіре толғаған. Кейіпкерлердің кеңесі арқылы баяндалатын ғибарат, өсиет, өмір сүру ережелері, тәлімдік бағдардың тәрбиелік сипаты көңілге қонымды айтылған.
Зейін аудара қарасақ, бұл еңбекте төрт ұғым, төрт асыл қасиет өзара сұхбаттасып, пікір алысады: бірі – әділ (әділет), екіншісі – Дәулет (Бақыт), үшіншісі – Ақыл, төртіншісі – Қанағат. Шығарма авторы бұлардың әрқайсысына жеке-жеке ат қойып, олардың өзара пікірлескен әңгімесі орайында толғанып, ой топшылауын баяндайды.
Атап айтқанда: Әділге – Күнтуды Елік деген ат беріп, хан орнында толғандырады. Дәулетке (Бақытқа) – Айталды деген ат беріп уәзірдің орнында сөйлетеді. Қанағатқа – Одғұрмыш деген ат қойып, уәзірдің туысы, ағасы ретінде сөйлетеді. Олардың арасындағы әңгіме сұрақ пен жауап, пікірлесу, толғаныс түрінде жырланады. Қоғамдағы әлеуметтік топтардың адамгершілік сипаты әдеп қағидасы қандай болуы керектігі жөнінде өз заманы тұрғысынан пәтуәлі пікірлер айтылған. Мәселен, осылардың ішінде ер адамның қандай әйел алуы жөнінде сөз еткенде ерлі-зайыптылардың өз теңі болуын айта келіп, таңдау да төрт белгілі нысана етіп көрсетеді. Байлық, сұлулық, асыл тектілік және ақылдылық, Егерде ақылдылықты көздесең жақсы қасиеттердің бәрін де табасың, тек тектілікпен шектелсең өміріңді қор етуің мүмкін, өйткені ақылсыз текті зәрлі, ызғарлы болады да бабын табамын деп жүріп қор боласың.
Ал байлық қуып, малдың буына піскенді ғана көздесең ондайлардың тілі ұзын келеді де байлықтың құлы боласың, сұлулыққа табынсаң ол шырайымен құдіреттеніп ел жұртқа күлкі етіп, өмірің өксікпен өтеді. Сол себепті жаны нәзік, мінезі жұмсақ, ақылды жұбай таңдасаң бақытқа кенелесің деп кеңес береді.
Есті, нәзік жар іздегін бекзада.
Кездестірсең ақылды ізгі адамды,
Ей, ізгі ер, үйлен қойып алаңды.
Жібек мінез- қыз келіншек шырыны,
Біле білсең «әйел көркі-қылығы!
Ақылды әйел, ізде-іздесең сен егер,
Есті болса, төрт құбылаң теңелер.
Ежелден келе жатқан халықтың тәлімді мұндай өнегесі жақсы қыздың ержетуі, өсу ата-анаға және оның тәрибесіне байланысты.
Сондықтан қызға үлгі көрсетерлік ізгілікті тәрбиеші ал, әдеп үйрет, көз алдыңнан таса қылма, мықтап күзет, мезгілі жеткенде тұрмысқа бер, қыз баланың барлық талабын орындауды қостап, бірақ тізгіндеп ұстауды міндеттейді.
Өзіміз көріп отырғандай орта ғасыр ойшылдары қыздар мен ұлдар тәрбиесіндегі ерекшеліктерді анық байқаған, қызды ана болудан басқа ынтымақ бірлік ордасы деп таныса, ұлдар болашақ әке және елін жерін қорғайтын тұлға ретінде сипаттайды.
Жалпы ортағасыр ойшылдарның гендерлік мәселе туралы пікірлерін төмендегі кестеден көруге болады.
1-кесте. Орта ғасыр ойшылдарының еңбектеріндегі гендерлік тәрбие туралы ойлардың даму тарихы
Ал ұл мен қыз тәрбиесі олардың ер, әйел болып қалыптасуларының мазмұны десек артық болмас. Әйел ол – отанасы, ер – отағасы болуға тәрбиеленуі қажет. Әйел қанша басшы болса да ол үй адамы, ер адам қашанда түз адамы. Үйдің үй болуы үй адамына тікелей байланысты. Сол себептен де біз жастарды отбасын құруға арнайы даярлауымыз керек, деп ойлаймын. Бұл тұрғыда көптеген зерттеулер де жазылып, ұсыныстар да берілген. Алайда, отбасын құрып, оны бұзып, ажырасып жатқандар бойынша келтірілген статистика адам шошырлық.
Елiмiзде 2002 жылдың 1 шiлдесiнде қабылданған «Неке және отбасы туралы» заңы қайтадан өзгертіліп, толықтырылған. Онда, «Отбасы – некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүлiктiк және мүлiктiк емес жеке құқықтар мен мiндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиiстi адамдар тобы», – деп анықтама берiледi. Сондай-ақ, 9-тарауда «Бала құқықтары» (8 бап) мәселесі жеке қарастырылған. Заңның 10-шы тарауы «Ата-аналардың құқықтары мен мiндеттерiне» арналған онда өзi өмiрге әкелген баласының алдындағы мiндеттерi мен құқықтары заң негізінде сипатталған. Айта кететін нәрсе, ата-аналар мен балалардың құқықтары мен мiндеттерiнiң тең екендiгi, балалары 18 жасқа және некеге тұрғанда жауапкершілік балалардың өздеріне берілетіндігі нақтыланған. Сонымен қатар, 62-бап ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, бiлiм беру туралы мiндеттері де баяндалған.
Отбасы мәселесі, некелік-отбасылық қарым-қатынастар, жастарды отбасылық өмірге даярлау – біздің қоғамымыздың бірден-бір ең басты мәселесі болып табылады. Рухани өмірдің кедейленуі, отбасына, некеге байланысты халықтық салт-дәстүрлерді ұмыту тұрақсыз некенің пайда болуына әкеліп соғуда. Жоғарыда айтып өткендей, статистика бойынша Қазақстан Республикасында орташа есеппен әрбір үшінші неке бұзылады екен. Ажырасушылар көбінесе жас отбасыларына тән.
Бұрынғы ата-бабаларымыз өмір сүрген кезеңде ажырасу мәселе қоғамдық мәселе болған, сол себептен өте аз болды. Мұның себебі, халық некеге мәңгілік деп қараған.
Педагогикалық ойдың даму тарихында отбасы мәселелері Батыс және Шығыс елдері философтары, әлеуметтанушылары, педагогтары, психологтары және тағы басқа ғалымдардың зерттеу нысанасы болды.
Адам баласы қандай да болмасын тәрбие түрлерінің негізгі мазмұнын, бағытын отбасынан алатыны анық. Отбасы кішкене мемлекет деген ұғым бар. Бұл кішкене мемлекеттің негізгі қызметі – осы мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, саяси, жағдайын реттестіріп отыру. Салауатты отбасы – өркениетті қоғамның талабы. Ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрлер мен ізгі қасиеттер тек отбасында ғана дамып, байытыла түседі. Адамды өзара түсіністікке алып келетін шынайы да тұрақты сүйіспеншілік тек отбасында қалыптасады. Тәрбиенің бастапқы әліппесін отбасында алып, онда ізгіліктің, адамгершілік тәрбиенің негізі қалыптасады. Демек, өмірге ұрпақ әкеліп, оны қоғамдық ортаға сай, ақылды, парасатты, адамгершілікті, имандылық қасиетін бойына сіңірген тұлға ретінде тәрбиелеу ең алдымен отбасының міндеті. Бүгінгі студент ертеңгі ата-ана, ол бала тәрбиесінде алдымен бала, сонан соң қоғам алдында жауапты екенін түсінгені дұрыс. Ғалымдар отбасы тәрбиесін, тәрбие бағыттарының бірі ретінде қарастырады, осыған орай мен отбасы барлық тәрбиенің ошағы деп айтар едім. Ата-ана қыз, ұл тәрбиесін бөліп қарастырады және ол дұрыс та алайда ана, әке болуға тәрбиелеу мүлдем басқа талаптарды қажет етеді. Сол себептен де ата-ана, мектеп, жоғары мектеп қоғам болып жастарды отбасылық өмірге, жауапкершілікке тәрбиелеуіміз қажет.
Ата-аналар тарапынан өзіндік үлгі көрсетулері ана-әке, ата-апа тәрбиесін жүргізуі, мектеп ата-ана берген дұрыс тәрбиені жетілдіруі, түзетуі қажет, жоғары мектеп арнайы курстар негізінде теориялық білім бергендері дұрыс деген ойдамын.
Жастардың отбасылық өмірін қалыптастырудағы психологиялық-педагогикалық негіздерін айқындап, қарастыру үшін оның ғылыми әдебиеттерде кездесетін қайнар көздерін, түп нәтижелерін айқындауға назар аударылды. Осыған байланысты философиялық, әлеуметтік, педагогикалық тұрғыдан отбасының мәні мен құрылымы анықтамасы ашып көрсетіледі.
Философиялық энциклопедиялық сөздікте «отбасы» ер мен әйелдің, ата-ана мен баланың тұрмыстық моральдық қарым-қатынасы өзара байланысқан некелік, қандық-туыстық (тектік) негізде құрылған шағын топ,- деп анықтама берілген.
Педагогикалық сөздікте – «отбасы» некелік туыстық негізде байланысқан тұрмыстық, материалдық жауапкершілікте құрылған адамдардың шағын әлеуметтік тобы.
Әлеуметтік энциклопедиялық сөздікте – «отбасы» жұбайлар, ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынас міндеттерін әлеуметтік нормалар, тәртіп үлгісі, ережелерімен реттейтін әлеуметтік институт деп көрсеткен.
Қазақ педагогикалық энциклопедия сөздігінде отбасы тәрбиесіне нақты төмендегідей анықтама береді: «Отбасы тәрбиесі – туысқандық қарым-қатынастар мен тұрмыс жайттары балаға үздіксіз ықпал етуші тәрбиелік күш болып табылады».
Сонымен отбасы:
— өзара туысқандық қатынасы бар, әр түрлі жастағы және әр түрлі құқылы адамдардан біріккен ұжым;
— отбасын ерлі-зайыптылық, ата-аналық, балалардың ата-аналарына, ересектердің кішілерге және бір-біріне деген қарым-қатынас жасау міндеттері байланыстырып тұрады;
— ата-аналар мен балалар бір-бірінен бірі отбасын басқарумен, екіншілері сол отбасында тәрбиеленумен ерекшеленеді;
— отбасы өмірі әр түрлі материалдық және рухани үрдістермен сипатталады, деп тұжырым жасай аламыз.
Отбасы күрделі жүйе, оның тұрақтылығы ел тұрақтылығы, оған бірнеше факторлар әсер етеді: құқық, дін, қоғамдық пікір, психология, саясат, мәдениет, экономика және т.б.
Қорыта айтар болсам, қазақ халқының мыңдаған жылдық тарихы дамуының өн бойында қыздар тәрбиесіне мән беріп, оған құрметпен қараған. Тасқа қашалып, жазылған V-VII ғасырларда Орхон-Енисей жазулары ежелгі мекендерден табылған археологиялық деректер, ұрпақтан-ұрпаққа ауызша жеткен халықтық туындының бәрі бала тәрбиесіне көңіл бөлген. Бұл тәрбие тарихының тереңде жатқанының айғағы. Халқымызға әйгілі болған ғұламалардың еңбектеріндегі гендерлік мәселелер оқу-тәрбие үдерісіне ендіріліп, кеңінен зерттелуі тиіс және ол ұрпақ сабақтастығын сақтауға және тәрбиені жетілдіруге өзіндік ықпал етеді.
Бүгінгі таңда отбасы тәрбиесін жақсарту, ондағы бала мен ата-аналар қарым-қатынасының мәселесі мемлекеттік тұрғыда маңызды орынға көтеріліп отыр. Жастарға ұлттық тәрбие беру және оларды бүгінгі заман талаптарына сай тәрбиелеу – қоғам алдында тұрған үлкен міндет.
Отбасы – өмір университеті, онда адам ең алғаш рет ізгілік сабағын алады, оның бойында мейірбандық, еңбексүйгіш, әділеттілік қасиеттері қалыптасады, жақынына, туған-туысқандарына қайырымдылығы, махаббат сезімі артады, яғни оның келешегінің адамгершілік, азаматтық позициясының негізі қаланады. Отбасының тұрақты болуы үшін ерлі-зайыптылардың өзара түсінушілігі, бір-бірін толықтыра түсу маңызды рөлге ие екені баршаға мәлім. Олай болса, ұлдарымыз, қыздарымыз әлеуметтік статусқа ие болып, шайқалмас отбасын құруға әрқайсымыз үлес қосуымыз қажет.