НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАС

НАР ЖОЛЫНДА ЖҮК ҚАЛМАС

(Әбділдабек Салықбайдың «Наркескен» хикаятын оқығаннан кейінгі толғаныс)

Ақын-жазушылардың арасындағы аз ғана достарымның бірі әрі бірегейі, үш жас кіші інім, ішкі мәдениеті өте жоғары, зиялы қауым өкілдерінің эталоны деуге тұрарлық, кішіпейіл, халқына, отанға деген сүйіспеншілігін бәз біреулер секілді жалпақ дүниеге жар салып емес, тып-тыныш жүріп маңдай терімен, ақ-адал еңбегімен білдіруді мұрат тұтқан сарабдал жазушы Әбділдабек Салықбай да, мінеки, алпыстың асуына көтерілді. Атаулы межеге бос жеткен жоқ, талай-талай бел-белесті артына қалдырған сайын арқасындағы жүгі ауырлай берді, иығындағы қоржыны тола түсті.
Осыдан он екі жыл бұрын Әбділдабектің «Түн түнегіндегі екеу» деп аталатын жинағы жарыққа шығып, Жазушылар одағында талқыланған, баяндаманы мен жасап едім. Досымыздың жазушылық шеберлігі, әдебиетке қосқан үлесі туралы пікірімізді білдіріп, алған әсерімізді, түйген ойларымызды ортаға салдық. Енді оны қайталамай-ақ қояйық, жазушының содан бері істеген жұмысының, тындырған еңбегінің, жазған шығармаларының арасындағы ең бір шоқтығы биігі – «Жұлдыз» журналының 2021 жылғы 3-4 сандарында жарияланған «Наркескен» атты хикаятына шама-шарқымызша шолу жасап көрейік.
Жиырмасыншы ғасыр адамзат тарихындағы ең ауыр, ең күрделі, ең қиын кезең болды – екі бірдей жаһандық соғыстың өзі неге тұрады! Солардың біріншісі төрт бірдей алып империяның (Ресей, Герман, Осман, Австро-Венгрия) ыдырауына әкеп соқтырса, майдан даласында және соғыстың зардабынан қаза тапқандардың саны алғаш рет ондаған миллионмен (17 млн.) есептелді. Жеке адамдар былай тұрсын, тұтас елдер мен халықтардың тағдыры талқандалып жатты. Адам баласы ондай қасіретті бұған дейін ешқашан басынан кешкен емес. Екінші Дүниежүзілік соғыстың салдары одан да сорақы – жарақат алғандар мен мүгедектерді қоспағанда тек қаза тапқандардың саны ғана 55 млн. деп саналады. Жаратқан Жалғыздың жер бетіндегі орынбасары, он сегіз мың ғаламдағы сан миллиард тіршілік иелерінің ең асылы – адамның қаны өзен боп ақты, мүбәрак тәні парша-парша боп талқандалды, қанша боздақ қыршынынан қиылды, қанша бала жетім, қанша әйел жесір қалды, қанша ана құлынынан айырылып қара жамылды – санап тауысу мүмкін емес. Дүн-дүниеде жапа шекпеген халық, бүліншілікке ұшырамаған ел қалмады.
Мұқым адамзатқа алапат ауыртпалық әкелген жиырмасыншы ғасыр әсіресе қазақ халқына айрықша қаһарын төкті. Жер-жаһанды дүрліктірген әлгі екі соғысқа 1921 және 1932-жылдары бәлшебектер қолдан жасаған екі бірдей аштықты қосыңыз, 28-жылғы зорлықпен ұжымдастыру, соның зардабы ретінде елден ауа көшіп, шетел асу, 37-нің қуғын-сүргіні тағы бар, 54-жылы тың игеруді сылтауратып, елімізге миллиондаған келімсекті әкеліп төкті – салдарынан өз жерімізде, өз отанымызда жүріп-ақ аз ұлттардың қатарынан бір-ақ шықтық. Біз сөйтіп сол бір зұлмат кезеңде жер бетінен біржола жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған халықпыз. Ғасыр басталғаннан бері он бес жыл өткен соң – әйгілі 16-жылдан бастап жүзжылдықтың аяқталуына он бес жыл қалғанша – 86-ның желтоқсанына дейін созылған жетпіс жыл бойы басымыздан сор, жонымыздан таяқ арылмады. Бәленің бәрін ақ патшадан көруші едік, оның ізін басқан бәлшебектердің зұлымдығы одан да асып түсті – жарқын болашаққа жеткіземіз деген уәдемен алдаусыратып жүріп бас-аяғы он-он бес жылдың ішінде халқымыздың тең жартысынан астамын қырып салды. Қайратына мініп, айбатын жиып, намысын жанып қарсы шыққан ерлерді атты, асты, жер аударды, бас көтергеннің бәрін жоқ қылып жіберді. Біртіндеп жер тозып, ел азып, ұлтымыздың сапасы төмендей бастады, ерлердің орнын ездер басты, иттің орнына шошқа үретін болды. «Басқа салса баспақшы» деген, байғұс халық оған да көнді, көнбегенде қайда барады, бассыз дене оң-солын қалай ажыратсын! Сөйтіп бір кездегі арда халық, батыр халық, мәрт халық бейшара халге түсіп, бейбақтың тірлігіне көшті, біртіндеп монтаны күн кешуге біржола көндігіп кетті. Өзіміз де, өзгелер де солай ойлап, солай пайымдап, солай түйіндеп қойғанбыз.
Сөйтсек, қателесіппіз, көндікпепті! «Бектер кетсе, бел қалар, ерлер кетсе, ел қалар», орнында бар оңалатыны рас болып шықты; сәбеттік идеологияға уланып, көз алдымыздағыны көрмейтін, көрсек те танымайтын, танысақ та түсінбейтін күйге жеткенімізбен бойдағы қанымыз, арғы тегіміз, асыл сүйегіміз алдаған жоқ – кеше ғана әкелерімізді атып, ағаларымызды қамап, туыстарымызды жер аударып, қалғанымызды аштан қырғанын көре тұра ел шетіне жау келгенде аламан жарыстың дүбірін алдын-ала сезіп, делебесі қозып, тыпыршып бір орында тұра алмаған хас тұлпардай жұлқынған еркек кіндік қана емес, тұлымдымыз бен бұрымдымыз да өз еркімен майданға аттанып, халқымыздың өрендері азат елдің ұланы болуға ғана лайықты екенін күллі әлемге паш етті! Жан бар жерде қаза бар, өлім – өмірдің заңды жалғасы екенін жадынан бір сәт те шығармаған кемеңгер халқымыздың ұл-қыздары қан майданда ерліктің сан қилы үлгісін көрсетіп, ажалдың өзінен де үстем түсті. Шығыс қыздарының арасынан жарқырап шыққан қос жұлдыз – Әлия мен Мәншүкті, ерлердің арасынан ерекше көзге түсіп, Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған Талғатты айтпағанның өзінде тек ресми мойындалып, ерліктері Батыр атағына лайық деп танылған қаһармандарымыздың ұзын саны жүзге жетіп жығылады.
Ал танылмағаны қанша? Әдейі танымай қойғандары ше? Соғыс кезінде-ақ аты аңызға айналған, әскери тактиканың теңдесі жоқ шебері Бауыржан Момышұлы, фашистердің ылаңды ордасы – Рейхстагқа алғаш ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев, украин халқының өзі «гулял по Украине Вася-казах» деп әнге қосқан Қасым Қайсенов, үш жүз рет әскери тапсырмамен ұшып, жауынгерлік міндетін абыроймен орындаған ерлігі елеусіз қалған Хиуаз Доспанова кімнің жолын кесіп, кімнің ала жібін аттады екен? Не жазып қалды олар, кінәсі қанша? Туып-өскен жерінен мыңдаған шақырым шалғайда жатқан орыстың жерін қорғап, өмірінде көрмек түгіл атын да естімеген неміске қарсы соғысып жүргені бекер болғаны ма? Неге аталмайды олар, неге олардың жасаған ерлігін басқалар иемденіп кетеді, біреудің ерлігін бөгденің ұрлағаны қалай?
Ондай да болады екен, бірақ мәселе жекелеген адамдарда емес, билеуші ұлттың жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясатында, ұстанған бағытында, сол бағытқа баршаны жұмылдыруға қызмет ететін саяси құрал – идеологияда болып шықты. Билеуші ұлт – орыс, қанша батыр болса да басқа ұлттың өкілі ешқашан орыстан асып түспеуге тиіс; ерлігін жасасын, басын бәйгеге тігіп, кеудесін оққа тоссын, батырлығын көрсетсін, бәрібір оған тиесілі атақты, марапатты, сыйлықты орысқа береді. Барша құрметке тек орыс қана лайықты. Соғыста да, бейбіт өмірде де осы саясат жүргізілді, мемлекеттің ұстанған бағыты осы, оған қарсы шығу өз көріңді өзің қазғанмен бірдей. Ондай қадамға баратын есерсоқ табыла қоймас!
Тағы да қателесіппіз – табылды. Есерсоқ емес, есті азамат, ел басшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, исі адамзат баласына өлшеусіз қасірет әкеліп, зар еңіреткен жиырмасыншы ғасырдың жиырмасыншы жылдары туған елдің азаттығы үшін арыстандай алысып, жолбарыстай жұлысқан, халқының болашағы үшін қойнындағы қатыны мен бауырындағы баласын тәрк етіп, ғазиз жанынан баз кешкен алаш ардагерлерінің заңды ізбасары, сол күрескерлердің рухани ұрпағы, еркіндік пен теңдік үшін күресті жаңа заманға сай жаңаша жүргізуді таңдаған қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшенов.
Әбділдабек Салықбайдың елім деп еңіреп өткен есіл ер, қасиетті жеріміздің бір пұшпағын да жатқа бермеймін деп қылышынан қан тамған Кремльдің өзімен тайталасудан тайынбаған арда азамат туралы хикаяты: «Ой-хоой, дүния-ай!.. Ақыр түбі осылай боларын баяғыда-а-а-а біліп еді. Білген соң қай құқайға да дайын болатын», – деген сөйлемдермен басталады. Демек кейіпкеріміз – қысылтаяң сәтте, қапияда тап берген қаскүнемге дереу тойтарыс беруден тайсалмайтын темір жүйкелі, туабітті батырлығына қоса қитұрқыға толы, көбінесе астыртын, «кілемнің астында» өткізілетін текетірес атаулының қай-қайсысына да төтеп беруге сақадай сай, саяси күресті саналы түрде таңдап алған сайыпқыранның өзі. Бірақ оны сәбет өкіметіне ашық қарсы шыққан оппозиционер немесе оның саясатын, осы қоғамдық құрылысты іштей қабылдамаса да сыртқа сыр алдырмайтын «андерграундтың» өкілі дей алмаймыз, жазушының сипаттауы бойынша, «өзінің адалдығына, ісінің ақтығына, қызметтес, қанаттас жолдастарының адамгершілігіне, түптеп келгенде үкімет пен партияның әділдігіне сенетін» кәдуілгі сәбеттік адам, орталықтың идеяларын нақты өмірге енгізу жолында ерінбей еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкер.
Осы жерде аздап аялдауға тура келіп тұр – сол бір сұрқай кезеңдегі толып жатқан қиындықтарды бастан кешіп, көзімен көрген аға буынға емес, тәуелсіздік дәуірінде туып-өсіп, еркін өмір сүріп жатқан жастарымызға арнап «үкімет пен партияның әділдігіне» сәл-пәл түсіндірме бере кетейік. Бәлшебектердің сұрқиялығын қараңыз, олар өздерінің адамзатқа қарсы арамза саясатын жүргізетін басты құралы – сәбеттік идеологияны моральдық құндылықтармен ұштастыра құрған болатын. Бейне бір адам бойындағы жақсылық атаулының бәрі осы идеологиядан бастау алатындай көрінетін. Жалғандық пен шындықтың ара-жігін ажыратып алу мүмкін емес еді. Осындай әщадылық пен кісәпірліктің салдарынан отансүйгіштік, патриоттық сезімдер мен ұлыдержавалық шовинизм біртұтас бірігіп кетті, талай адам соған шынымен иланып қалды, жарқын болашаққа тек орыс болсаң ғана жете аласың деп ойлайтын болды, сөйтіп өз қағынан өзі жеріген құландай туған тілінен, ділінен, салт-дәстүрінен бас тартып, «түрі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» жаңа орысқа айналып шыға келді. Сол бейбақтардың бүгінгі сарқыншақтары мен олардың өздерінен де асып түскен ұрпақтары әлі де солай ойлайды. Адамгершілік мұраттарға кім қарсы шығады? Болашақтан үміттенбейтін, сенім артпайтын адам жоқ, «үмітсіз шайтан», ал сәбет өкіметі берісі өз азаматтарын, әрісі бүкіл адамзатты жер бетіндегі жұмаққа – коммунизмге бастап апармақ, ондай сәулелі саясатқа қайтіп қарсы тұрмақсың? Жақсылықтың бәрі келешектің несібесінде, сол бір атты күнді жақындата түсу керек, ондай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған нұрлы заманға өзіміз жетпесек те балаларымыз, немере-шөберелеріміз жетеді, ұрпағының бақытты болуынан кім аянатын еді? Сөйтіп жалаң қолмен от көсеушілер шықты, өзінің мүгедек болып қалғаны түк емес, денсаулық деген не тәйірі, болашақ игіліктер үшін шалынған кезекті бір құрбандық қана. Билік басындағылар боранда ығып кеткен малды құтқару үшін бар күшін салып, техниканы түгел жұмылдырады, бірақ малшының өзін құтқару ойларына кіріп-шықпайды. Сөйтіп адами құндылықтарды аспандата насихаттаудан алдына ешкімді түсірмеген алпауыт елде адамның өзі құнсызданып кетті. Қазақ атамыз «адамның басы – Алланың добы» деуші еді, олар Жаратушы иемізден де асып түсті.
Осындай әрі тартып, бері жығатын жымысқы заманда әлгі алпауыт елдің бір бөлігінің, одақтас республикалардың бірінің заң шығарушы органын басқарып отырған адам биліктің шынайы келбетін, ішкі ойын, түпкі мақсатын аңғармауы мүмкін бе? Аңғарған күнде не істей алады, өзі де сол билікке қызмет етіп, «бір терінің пұшпағын илеп» жүрген жоқ па? Түлкі заманды тазы боп шалғаннан басқа не келеді қолынан? Күндердің күнінде ақырып теңдік сұрайтын кез де туар, әзірше қанатымен су сепкен қарлығаштай шамасы жеткенше туған халқына титімдей де болса жақсылық жасауға тырыса береді де. Сөйтіп жүргенде Сәбет Одағы компартиясының ХХ құрылтайы өткізіліп, көзі ашылғандай болған. Бекер емексіпті, ол да жай ғана көз алдау, билік қолына тигенше көзсіз батыр болып көрінудің амалы, жүздеп-мыңдап саналатын жазықсыз құрбандардың телегей-теңіз боп аққан, күні кеше өзі де тобығынан кешіп жүрген мүбәрак қанын өлген көсемге жаға салудан басқа ештеңе емес екен.
Қырықтың қырқасына енді шыққан, туған еліне, халқына қайтсем жақсылық жасаймын деп талпынған жап-жас басшының орталық биліктен әділдік іздеген аңғал көңілі іркіттей іріп, жүрегі суып сала береді. Сәбеттік билік деген де патшалық кезеңдегі отаршылықтың жаңа тұрпаты екенін ұғынып, жаны түршігеді. Қалай қарсы тұруға болады бұған?
Бұл сұрақтың жауабын кейіпкердің өзімен бірге іздегеніңіз дұрыс, бұл үшін аталмыш хикаятты мұқият оқып шықсаңыз жетіп жатыр. Қызықтың көкесі енді басталады – шығармаға тереңдеп бойлаған сайын бір емес, бірінен-бірі туындап, андыздап шыға келген бәлен сұраққа тап боласыз. Жер шарының үштен бірін алып жатқан құрылықтың алтыдан бір бөлігіне жайылған алып мемлекетті бірге басқарып, тізе қоса бірге жұмыс істеп жүрген басшылардың өзара тартысының себебі не өзі? Не жетпейді оларға? Тақ таласы ма бұл, бақ таласы ма? Әлде ел ағалары деп жүргеніміздің бәрі шамасы жетсе бірін-бірі талап жеуден тайынбайтын шөлмек құтыдағы бүйілер ғана ма? Көкіректі тырнап, көкейді тескен бұл сауалдардың жауабын да хикаяттан табасыз, шынайы адамдық пен мінәйі пендешіліктің не екенін ұғынып, қыр-сырына қанығасыз. Үстем ұлттың озбырлығына көнбей, халқының намысы үшін, келер ұрпақтың келешегі, болашақтың несібесі үшін басындағы бағы мен астындағы тағын да бәйгеге тіккен асыл азаматтың жан-жүрегінің құпиясын жарқырата ашып, қалың оқырманға ұсынған қаламгердің азаматтығына тәнті боласыз.
Не көрмеген қазақпыз! Кейде тұтас халықтың, іргелі елдің тағдыры бір адамның шешіміне, лауазымды тұлғаның қайраткерлігіне, ата-баба өсиетіне адалдығына, келер ұрпақтың алдындағы жауапкершілікті сезіне білуіне, түптеп келгенде табанының бүріне байланысты болатынын пайымдап, халқымыздың еншісіне жазылған рухани батырлықтың үзіліп барып қайта жалғанғанына шүкіршілік етіп, құдайға тәуба дейміз.
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі бәле көрсең
Сонда да күдер үзбе бір Алладан», – деп өмірлік ұстанымын әнге қосқан халқымыз «жыласаң, тағы ұрамынның» керімен бірінен соң бірі кезектесіп қыр соңынан қалмаған нәубеттерден кейін енді ғана ес жиып, етегін қымтап, еңсесін түзеген кезде – өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында тағы бір ауыр соққыға ұшырады. Еліміздегі әдеби-мәдени өмір атаулының жалғыз-ақ айнасы – көзі ашық азаматтар бір санын да жіберместен оқуға тырысатын нағыз ұлт газеті – «Қазақ әдебиетін» жабу туралы мәселе көтеріліп, республика компартиясының орталық комитетінде арнайы мәселе қаралды. Жарты әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған алапат күш – КСРО компартиясының жергілікті бөлімшесінің ұйғарымына қарсы тұрар атан жілікті, бетон жүректі азаматтар табыла қояр ма екен?
Табылды. Тағы да сол Жұмабек Тәшеновтің бір ауыз қолдаған сөзінен қуат алып, ширығып шыға келген бас редактор, майдангер ақын Сырбай Мәуленов те, қазақи дүние атаулының қай-қайсысын да жақтап шығуға әрқашан дайын тұратын Сәбит Мұқанов та, партизан ақын Жұмағали Сайын да, газеттің жабылмауына тілектес өзге жігіттер де партия басшыларының қаһарынан қаймықпастан қасқая қарсы тұрып, халқымыздың рухани шөлін басар кәусар бұлағына айналған бірден-бір басылымды ақыры қорғап қалды. Хикаяттан үзінді келтірейік.
«Қазақтың мүддесі үшін күресерде үнемі осындай жұдырықтай жұмылған ынтымақ көрсетсек қой, – деп ойлады Жұмекең.– Әттең, кейде ұлттық мүдде мен ру-тайпалық мүддені, тіпті ат төбеліндей аз ғана топтың қамын жиі-жиі шатастырып ала береміз-ау. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алмайтынымыз да содан болса керек… Әйтпесе, жыршылар айтқандай «Кімнен таяқ жегендей Біздің қазақ баласы, Алдырып жүрген дұшпанға Ауызының аласы…» емес пе?!»
Ауызының аласы… Алауыздық… Қай елдің де, қай халықтың да түбіне жетпей тынбайтын қатерлі дерт қой бұл! Ең болмағанда, ел ағалары осыдан аман болса кәнеки. Орталықтан жіберілген эмиссарларды қойшы, олардың ойы белгілі, ең болмағанда, өзімізден шыққан екі басшы – Исмаил Юсуповпен де, елдің бәріне ет-бауыры елжіреп тұратын Дінмұхаммед Қонаевпен де тілтабысып, тізе қосып жұмыс істей алмағанына кім кінәлі? Біреуі әрі жүгіріп, бері жүгіріп, ақыры оңтүстік өлкенің шұрайлы жерлерін көрші республикаға қосып тынды, екіншісі қазақты орыс қыла алмай жанталасып жүр. Әлде келешектің кілті шынымен орыстың қолында деп ойлай ма? Әйтеуір орталықтағылар не десе де басын шұлғып қойып жүре береді. Орталықтың мүддесінен өз елінің, өз халқының мүддесі жоғары тұруы керек емес пе! Ал оның істеп жүргені мынау…
60-жылдардың бас кезінде кешегі одақтастары – бүгінгі бақталастарын түгел қызметтен қуып, біржола күшіне мінген Хрущев өзімбілемдікке салынып, жеке билік жүргізуге көше бастаған. Өзгенің иелігіне көз алартып, Қазақстанның жерінің көптігіне назаланып, шетінен жырымдап көрші елдерге үлестірмек болған. Өзіне салса, еліміздің оңтүстігін Өзбекстанға беріп, Маңғыстауды түрікпенге теліп, солтүстіктегі бес облысты Ресейге қосып алар еді, бұған да Тәшенов жол бермей қойды. Хикаятта осы жәйттердің қай-қайсысы да айтылады, әсіресе соңғысына қатысты Кремльде өткен тартыстың жай-жапсары тәптіштей баяндалып, сұлу суреттелген. Үзінді келтірейік.
«– Никита Сергеевич! Егер КСРО Жоғарғы Кеңесі әр республиканың жерін жергілікті органдардың келісімінсіз шеше берсе, КСРО-ның және ұлт республикаларының Конституциясын мүлдем жою керек! Өйткені ол Конституциялардың баптарында әр ұлт республикасы өзінің тарихи жеріне, ондағы байлығын өз меншігім деп пайдалануға, тіпті, одақтан шығуға құқығы бар деп жазылған. Республиканың келісімінсіз, шекарасын өзгертуге ешкімнің, ешбір органның, тіпті Саяси Бюроның да, Жоғарғы Советтің де хақысы жоқ!
Қонаев Тәшеновке бұрылып:
– Жұмабек Ахметович, қатты кетпеңіз, сабыр сақтаңыз! – деді орысшалап. «Қызым, саған айтам, келінім сен де тыңда!» деген емеурін жатқандай. Оны екеуі де елең қылған жоқ.
– Жолдас, Тәшенов, есіңізде болсын! Егер бар мәселе Конституцияға тіреліп тұрса, оны өзгерте саламыз! Қолда тұрған нәрсе!
– Өзгерте алмайсыз, Никита Сергеевич!
– Неге?! Сен не деп тұрсың? Менің құзіретіме шәк келтіргің келе ме?!– Хрущев тағы да қызарақтап, алқымы ісіп, қаны басына теуіп шыға келді.
– Никита Сергеевич! Сіз БҰҰ-ның мәжілісінде де, биылғы қарашада Мәскеуде өткен дүние жүзі жұмысшы және коммунистік партиялары өкілдерінің мәжілісінде де «ұлт республикаларының құқығын күннен-күнге кеңейтіп келеміз, кеңейте де бермекпіз» деп мәлімдедіңіз! Өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығасыз ба?
– Сен менің сөзіме жармаспа, Тәшенов!
– Ал өз сөзіңізді өзіңіз мансұқтап, Конституциямен санаспасаңыз, онда біз БҰҰ-ның Халықаралық ұйымдарына, Гаагадағы Халықаралық соттарға шағым беруден тайынбаймыз! – деді Жұмабек Ахметұлы қасарысып. Туа бітті қайсар жанның ештеңеден тайынбайтыны бүкіл болмысынан байқалып тұр еді».
Міне, батылдық! Міне, тапқырлық! Ел басқарған адам осындай болса керек-ті, осылай ұтқыр сөйлеп, есірік басшыны өз сөзімен тығырыққа тіресе керек-ті! Ал екі арыстанның арпалысына тірі куә болған Қонаев қайтеді? Тағы да хикаятқа жүгінеміз.
«Былай шыға бере шартпа-шұрт мінезді екі тентектің арасынан аман қалғанына қуанған биязы мінезді Қонаев:
– Әй, Жұмеке-ай, жүрек жұтқан көзсіз батырсың-ау, еш қаймықпай қарсы шаптың! Есемізді де жібермедің, – деп сүйсінгенде Жұмекең жайбарақат қана:
– Елдің мүддесін қорғау үшін қандай қияметке болса да дайынмын,– деп, қонақ үйге қарай тарта берді. Кенет тоқтап, өкшелеп келе жатқан жолдасына қарап:
– Әлгінде «есеміз» деп қалдыңыз! Әй, Димеке-ай, екеуміз бірлесе қимылдасақ, ешқашан ешкімге есемізді жібермес едік қой! Бірақ ондай қайда-а-а…
Жұмекең ырқынан тыс күрсініп жіберді.
– Иә, оның рас! Бұл туралы талай рет өзара айтыстық та, тартыстық та ғой! Екеуміздің мінезіміз де, көзқарасымыз да, жұмыс тәсіліміз де екі бөлек болып шықты емес пе,– деді Димекең де қамығып.
– Енді мүлдем екіге бөлінетін болдық. Көп ұзамай Хрущев Сізге хабарласып, мені орнымнан алып таста дейді.
– Алып таста десе, алмағанда қайда барамыз? Бас амандығына тәуба дейсің. Басқа амал бар ма?
Барлық мәселенің беті ашылған соң екеуі елге екі бөлек қайтты. Арада екі апта өтпей, Тәшеновтің мәселесі майшаммен қаралды».
Бір елдің екі басшысы, екі өміртаным, екі түрлі ұстаным. Бірі ел мүддесі үшін жанып тұрған отқа түсуге дайын, екіншісі жоғарыдағы басшының айтқанын екі етпей орындап, елін де, жерін де саудаға салудан шімірікпейді. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Қайсысын жақтаймыз, қайсысын даттаймыз? Кім қымбат бізге – алты күндік бура ма, алпыс күндік атан ба? Әлде ешкімді жақтамай да даттамай, жайына қалдырып, бәрі болашақтың еншісінде, уақыт кім-кімді де орнына қойып береді, ақырын күтейік деп отыра береміз бе?
Автор ондай самарқаулыққа бой алдырмапты. Төрелігін де айтпайды, бас кейіпкерге іш тартатыны ап-анық аңғарылып тұрса да ақырғы сөзді оқырманның өзіне қалдырыпты.
«Жұмекең Саяси Бюроның жабық мәжілісін өткізіп, өзін орнынан алған Димаш Ахметұлына қарап, ішінен: «Қалай дегенмен, Хрущевке қарсы шықпағаның ақыл болды, Димеке! Егер сен де қарсыласқанда, екеумізді бірдей алып тастап, қазаққа мүлдем жаны ашымас біреуді орталықтан әкеп қонжита салар еді. Сонда онсыз да құлағынан қиқу кетпей жүрген қазақ қайтіп күн көрмек!?» деп күрсінді».
Міне, осы абзацтан кейін Қонаевқа ішің жылып, оны да түсіне бастағандай боласың. Орталықтағылардың алдында мәймөңкелеп жүргені қорқақтық та, орнынан түсіп қаламын ба деп жалбақтау да емес, әріден ойлағандық екен-ау! Шынымен оның орнына Ресейдің бір пұшпағын билеп тұрған әлдекімді әкеліп отырғыза салса, не болар еді? 86-жылы Қонаевты қызметтен босатып, орнына қайдағы бір Колбинді әкеліп қойған Горбачевтің түпкі ойы, көздегені не екенін кім тап басып айта алады қазір?
Хикаят лирикалық шегіністерге құрылған, сюжет желісі өткенді еске алу түрінде тарқатылады. Кейіпкердің халыққа тигізген шарапаты, 1958 жылы Мәскеуде қазақ халқының өнері мен мәдениетінің онкүндігін өткізуі, бірнеше өнерпазға КСРО халық артисі атағын әперуі, жүзден астам ақын-жазушыға Алматыдан пәтер бергізуі, т.б. еңбектері де атап өтілген. Автордың мұқият дайындалғаны, көп ізденгені байқалып тұр. Жұмабек Тәшенов секілді ұлт жанашыры туралы жазу үшін ондай дайындықсыз болмайды, әрине. Кремльдегі басшылардың өзара қырқысы, кімнің қай топқа кіргені, қандай бағытты ұстанғаны, кейінгі тағдыры – бәрі қамтылған. Жазушының шеберлігі сол – қым-қуыт тағдырларды қызықтап, әрқайсысын жеке-жеке қуалап кетпей, шығарманың композициясын тас-түйін жинақтап, бас кейіпкер тұлғасының төңірегіне тығыз топтастыра білген.
Жалпы, бізде саяси тақырыпқа жазылған көркем шығарма аз, тіптен жоқтың қасы. Сондықтан да өз басым Әбділдабек Салықбайдың «Наркескен» хикаятын осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылған шығарма деп бағалауға әбден болады деп есептеймін.

Нұрлан ҚАМИ

Пікір қалдыру