Ойылдағы өлген жылан

Серкебай онда педагогикалық институттың үшінші курсында оқитын сүп-сүйкімді жігіт еді. Лекциядан келген соң тамағын ішіп алып, жуынып-шайынатын, иіссу себетін айнаның алдына барып таранып, галстугін түзеп: «Серке, қиқаңдау жетті саған! Апам болса үлкейді. Келін керек. Түсіндің бе, келін!» деп өзін-өзі тәртіпке шақыратын.
– Ыммм… Бүгін көкең кооператив техникумына барады. Бір бухгалтер қызды «мужской» вальспен айналдыра қуып оңаша алып шығады. Мен – математик, ол – бухгалтер. Жаман емес. Хе-хе-хе! – деп бір қояды. Барып биге түседі. Бір қызды сенбіге киноға шақырып келеді. Ертеңіне Сәкең екіойлы. «Бұғалтырым не осы менің. Немді есептетемін оған? Мектептен келе сала шай қайнатып, әйелім қашан келеді деп күтіп отырар жайым жоқ. Бұғалтыры құрысын. Ағаң бүгін педучилищеге барады. Бір қызды сирағынан ұстап қағып түседі. Ол бастауышта, мен «баяндауышта» мұғалімбіз. Құтты болсын! Бөтен емес. Хе-хе-хе! Ал кеттім.
Барады, бір қызды демалысқа киноға шақырып келеді. Ертеңіне Сәкең тағы да екіойлы. Мұғалімі құрысын! Екеуміз бірдей жұрттың миын ашытып жексұрын боп жүргеніміз ғой. Болмайды! Дәдең бүгін культпросветке барады. Бір баянист қызды мұрнынан тартып шығарады. Ол – баянист, мен – домбырашы. Үйді күймен шалқытып отырмаймыз ба! Вот идея! Баянды болғай! Кеттім. Кешегі ойынан Сәкеңнің бүгін жүрегі айниды. «Не деп оттап жүрмін осы? Баянист дедім бе? Баянисі неге құрымайды! Үйді басымызға көтеріп, дауыс салып дабырлап дәлду болып отыра алман. Көзіме көрінбесін! Папаң бүгін мединститутқа барады. Әйелің өзіңмен бірдей жоғары білімді болғаны дұрыс. Тең сөйлескенге не жетсін. Ол бір жерде бас дәрігер, мен бір мектепті басқарамын! Ничего себе! Өмірлі болыңдар! Кеттім!
Сәкеңнің бүгін сөйлесуге зауқы соқпайды. Дәрігері құрысын! Күнде жаралы болып жатырмын ба? Соғыс жоқ қой. «Әкем ауру еді, шешем ауру еді» деп күндіз біреу, түнде біреу қолтықтап алып кетеді екен. Құдай білсін… Тарт бәлеңді! Сөйтіп жүргенде ауылдан ахілеп-уһілеп апасы келді. Өзінің үлкейгенін, тамақ пісіру қиынға түсіп жүргенін айтып шағынды. Кетерде мені оңаша шығарып алып:
– Ал, Телпекжан, мына баланың келіншек алу ойында бар ма? Мен сұрасам жөнін айтпайды. Сен білесің ғой, айтшы маған? – дегені.
– Екі қыз таласып жүр, – дедім жалтарып. – Қай жеңгенін алады. Қашанғы «ничья»түсе берер дейсіз. Біреуі жеңер. Хе-хе-хе!..
– Қиын болған екен. Маған келін керек. Біреуі жеңсін. Өзің бас-көз бол, – деп апасы ауылға жүріп кетті.
Апасы кеткесін Сәкең бір жеті ойланып: «көрінгенге, тәңірім, көз салғаннан сақтай жүр, ғашық болмай біреуге сөз салғаннан сақтай жүр» деген аталы сөз, айтулы мақал шығарып алды да жаңа «препаратты» бірден өзіне қолданды. «Ғашық болмай бір қыздың бетіне қарасам көрерсің енді!» – деп өзіне-өзі ерегесіп жүріп алды. Бұл арада мен жолдастық сөзімді айттым. «Жаңалықты бірден өзіңе қолданба. Медицинада жаңа дәріні әуелі итке қолданады. Біз де сенің жаңа «препаратыңды» итке не ит сияқты біреуге қолданып көрейік. Пайдалы болып жатса өзіңе қолдан», – дедім. Тыңдамады. Содан көп уақыт ән салып ыңылдаумен жүрді. Домбыра тартса мұңды күй еседі. Ән салса сағыныштың сазы бет шарпиды. «Бұраң бел, көкем-ай» деп зарланып отырғаны. «Қасы-көзі қиылып, қай жерде отыр екен-ай». Жас жігіт болашақ жарының қай жерде отырғанын білмей мұңайып жүр. Бір күні теміржол техникумына барып таңдайын қағып келді.
– «Железкіде» бір қыз бар екен. Аты Баян. Баян десе Баян екен. Кеш қалып қойыппын. «Жүріп» кетіпті. Жігітін зар еңіретіп айырып алуға болар еді, сорлатқанда жігіті өзіміздің «қара шайтан» Амантай.
Осылай бір жығылып, бір тұрып қыз таңдап жүргенде Серкенің апасы тағы келді. Бұл жолы қатты келді.
– Жасың биыл жиырма бірде, – деп сөкті ол Серкені. – Әкең он бес жасында отау иесі болды. Онысына өкінген жоқ. Сенің жасыңда бес баласы бар, ауылдың ақыл айтар азаматы еді. Ағайынның арын арлап, намысын қорғайтын. Сенің жүрісің мынау. Ағайынды айтпағанда әке-шешеңе қайырың жоқ…
Кетерде тағы мені оңаша шығарып алды.
– Телпек-ау, шырағым, не боп кеттіңдер?
– Қас қылғандай үш қыздың таласып тұрғаны.
– Бүгін үш қыз, ертең төрт қыз… Солай қыздары қырылысып жүре бере ме? Біреуін алмай ма!
– Қырылыстырып қоймаспыз. Қыз көбейген соң шатақ та көбейері анық. Шатақ көбейген соң өзі үшін-ақ біреуі жеңіп шығады! Хе-хе-хе…
– Қыздарына сәлем айт. Қырылыспасын. Менің балам бәріне жетпейді. Біреуін ғана алады. Қалғаны басқа жерден көрсін. Жұртты жолынан қалдырмасын.
– Айтамын, прәмі беттеріне айтамын!
Апасы қыздарды қарғап кетті. «Бетпақтар, біреуі жеңіп тынбай ма!» Сол күні бір жеріме қарамай Серкебайға ақыл айтуыма тура келді.
– Апаң үлкейіп қалған екен. Үлкен адамға қолғанат керек. Сен қалыңдықты алыстағы «айдан» іздеме. Өзіміздің группаның тым жақсы қыздары бар емес пе. Қазақы, шаруаға икемі бар дегендей…
– Қайдағы қыз?
Серке шоршып түсті.
– Айжамал, Сәбира, Сақып ше?
– Оларды қыз дегенше еркек бала демейсің бе! Біреуінде қыздың қылығы жоқ.
Маған кейігені сонша, Сәкең екі-үш күн сәлемімді алмай жүрді.
Енді бір ай өткенде группамызбен машинаның үстінде әндетіп Ойылға жұмысқа кетіп бара жаттық. Ойыл мен Қиыл өзенінің арасындағы өзектің шөбінен кебен үйеміз. Көңілсіз емеспіз. Ән саламыз, ойын ойнаймыз. Кешке далаға жатамыз. Серке жыланнан жаман қорқады. Сәли мен Аманжол екі жанын, Мұрай екеуміз басы мен аяғын қорғаймыз.
Сәкең болса жатарда:
– Әлгі пәлені маған өткізіп алмаңдар, сақ жатыңдар,– деп жалынады.
– Таң атқанша біз бір-екі жыланға таусыла қоймаспыз, бізді жеп тауыспай саған аттамайды, – дейміз. Көнбейді. Содан біздің әрқайсымызға жеке-жеке «қауырт тапсырма», «тосын тапсырма», «қосымша тапсырма» және «үйге тапсырма» беріп барып ұйықтайды.
Үшінші түні түсте бір жыланмен «жолдастық кездесу» өткізіп, тілін суырып алдық та өзін о дүниеге аттандырдық. Төбенің басында Серкеден басқамыз жиналып жыланды қалпақпен бастырдық. Мен билік алып: «Мына қалпақтың астында асыл тас бар, соны кім алақанмен сипап қандай тас екенін тапса жігітке жартылық, қызға шампан бәйге беріледі», – деп жар салдым.
Әуелі Мұрай, Сәли, Аманжол сипап өтті.
– Магнит тас!
– Мәрмәр тас!
– Шақпақ тас!
– Таппадыңдар, – деп басымды шайқадым. – Қыздар келсін!
Айжамал, Сәбира, Сақып келіп қалпақтың астына қол салды. Қыздарда қашан иман болған? Өп-өтірік:
– Алтын!
– Күміс!
– Жез! – деп өте шықты. Серкеге кезек тиді.
– Бәрің жабылып таба алмадыңдар ғой, ә? Мұрыңдарыңа тастың иісі бармайды екен! Жартылық мына көкеңдікі. Тас мәселесін талдағанда менің қасымда анау-мынау геологың жолда қалар, – деп мәз болып алға ұмтылды. Қалпақтың астына қолын салды да шалқасынан түсті. Сол сәтте Айжамал жыланды таяққа іліп алып Серкені қуа жөнелді. Екеуі қыр асып кетті. Күлкіге көміліп біз қалдық. Бір сағат өткенде екеуі бір-біріне теріс қарап қырдан түсіп келе жатты.
Содан Серкебай өңсіз-түссіз, екі күн үнсіз жүрді. Мылқау адам тәрізді. Көзінде жанар жоқ. Біз күдіктене бастадық. «Бар болғыр, жыланнан қорқып есі ауып кеткеннен сау ма?»
Төртінші күні ертемен тұрып тіл қатты.
– Мен үйленемін!
Біз үрейлене бастадық.
– Дені дұрыс емес! – деді Сәли.
– Есі ауысқан, – деп қысқа қайырды Мұрай.
– Шынымен солай болып қалғаны ма? Мен көрейінші!
Аманжол сұрақ қоя бастады.
– Иә, осында айдалада үйленемісің?
– Айдалада үйленемін!
– Бәрекелді, ақылыңа болайын. Үйленетін қыз бар ма?
– Бар.
– Біздің группаның қызы ма?
– Иә.
– Біздің группада қыз бар ма? «Кілең еркек бала» емес пе еді?
– Біреуі табылды ғой.
– Айжамал емес пе?
– Иә.
– Жыланнан қорқып, есің ауысып кеткен жоқ па?
– Есім дұрыс…
Сол күні айдалада ақ арақпен жұдырығымызды иіскеп зәкөскі қылып Серке мен Айжамалдың үйлену тойын өткіздік. Айжамалдың қойны құтты болды. Ұл туды, қыз туды. Сәкең серілікпен кино қуып таңды атырып, қыз таңдап, осы уақытқа дейін бойдақ жүре берер ме еді, кім білсін. Қазір қосағымен қоса ағарып, үнді шайын үріп ішіп, шалқып-тасып отырғаны сол жылғы Ойылдағы өлген жыланның арқасы екенін бұл өңірде менен басқа ешкім біле бермейді.

Солай болса керек-ті
Мектеп үйі жылынуды қойды да бастық Байтудың басы қатты. Пештерді жанартты. Болмады. Есік-терезелерді бітетті. Болмады. Фундаментті көміп, еденді тығындатты болмады. Ендігі себебін бастықтың өзі де тауып алатын еді, әлгі аузы жеңіл мұғалім Мүтәліп орнынан ұшып тұра келіп:
– Төбенің іргелеріне күл төгу керек, іргені жел үрлеп ашып кеткен ғой, – дегені.
Бастықтың түрі бұзылып кетті. Мына мұғалімнің мұнымен тең сөйлесіп, өз пікірін айтқан «көргенсіздігіне» және бастықтың таба алмағанын тауып кеткен «бұзақылығына» қатты қорланып қалды.
– Ешуақытта төккізбеймін! – деп бастық столды ұрып қалды. – Солай! Шифер тұрғанда іргені желдің үрлеп кетуге қақысы жоқ және бұл сенен гөрі мектепті басқарып отырған маған айқынырақ.
Бастықтың аты – бастық. Соның сөзі – сөз.
– Бастықтың алдында орағытып сөйлеме, не айтқалы тұрғанын қайдан білесің? – деп қанша қақсағаныммен Мүтәліптің миына кірмей-ақ қойды. Завуч болсам бір сәрі, завхоздың сөзін қай мұғалім құлағына ілсін. Бір ауыз сөздің кесірінен бес жүз бала, елу мұғалім, тіпті бастықтың өзі де зәбір көріп жүр. Тек уәдеден қайту қымбатқа түсіп тұр. Өткенде төбенің іргелігін ауызға алып көріп ем, бастық бір түрлі көзбен қарады. Жым болдым. Енді ол тақырыпты қозғауға жүрегім дауаламайды.
Бастық біткеннің мінез-құлқын, іс-әрекетін зерттеп, ғылыми тұрғыдан тиянақты қорытынды шығарған ешкім жоқ. Алайда бастықтар туралы кереғар пікірлер көп-ақ. Бастық атаулыға жөн пікір ұнамай, тек жөнсіздік ұнайтыны несі? Мұны біреулер параноик деген нерв ауруы дейді. Олай болуы мүмкін емес. Сонда бастық біткеннің бәрі ауру болғаны ма? Мұнда бір гәп бар шығар. Жөн сөйлесе бастықтардың орнынан түсіп қалатын ырымы жоқ па екен? Сондықтан амалсыз кері кететін шығар. Өмірінде бір күн де бастық болып көрмеген біз не білейік.
Мектеп іші әңгімесіз болмайды. Жарықтық әйел мұғалімдер он минөттік үзіліс кезінде біреуді біреуге қосып үйлендіріп, сауапқа қалып, біреуді біреуден ажыратып зарлатып, біреуді бастық қойып жоғарылатып, бақ қондырып, біреуді қызметінен босатып сорлатып барып келесі сабаққа кіріп кетер еді. Әңгіме айтпаса әйел байғұстар ішкеппе ауруына ұшырайды деседі ғой. Сосын қайтсін. Әйтеуір әйелдердің өсегіне іліккен адам құр қалмайды. Көбінесе рас болып шығады. Бұл орынды да. Өйткені бастықтардың әйелдері кеңсе жұмысына үйде отырып-ақ араласып, билік айтып отырмай ма?
Сол ұзынқұлақ әйелдердің аузында біздің бастық жүр еді, рас болып шықты. Қай қылығы ұнағанын кім білсін, әйтеуір біздің бастық аудан басшысына ұнады да, бір күнде аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып шыға келді. Бұрын терезесі тең жүріп бейпіл сөйлеп қалған қатар директорлардың барлығы өкініштен өзектері өртеніп, кішірейіп барып кешірім сұрап жатқан көрінеді. Артық сөйлеп бөскендер, әрине, енді жазасын алары хақ. Біздің мектепке директор болып пәлен жердің завучы, түген жердің завинтернаты келеді екен деп өсек қашып жатқанда мені ауданға шақыртты.
– Жаман айтпай жақсы жоқ, мүмкін директор болып ораларсың? – деп мазақтасты әлдекімдер.
– Бұрын көңілінде көлеңке жүрсе завхоздықпен қоштасарсың? – деп ескертті тағы біреулері. Әрине, директорлықтан дәмем жоқ. Өйткені менде әлгі «қатырма қағаз» жоқ. Он жылдықты да осы мектепте сырттай оқып, математикке бір тонна көмір, физикке тамызықтық ағаш, химияның қуына салып жатқан үйінің еденін сырлауға бояу, директорға жалғыз қойдың қозысын сойып беріп «халықаралық» бағамен әрең бітіргенмін. Мені осы завхоздығымда қалдырғанының өзі өсіргенімін бірдей. Кім білген? Баяғы «іргелікке күл төгейік» дегенім есінде қалып жүрмесе…
Бастық мені жақсы қарсы алды. Мен де өз тарапымнан ыстық ілтипат білдіріп жатырмын.
– Сені директор қойғалы отырмын, – деді бастық.
– Қоя көріңіз!
– Әзіл деп ойлама, шын әңгіме!
– Жоғары білімі жоқ адамды директор қоюға заң көтере ме?
– Заң деймісің? Хе-хе-хе… Хе-хе-хе…
Бастықтың онсыз да қысық көздері жұмылып ұзақ күлді.
– Заң дедің бе? Еһе, заң де! – Тағы ұзақ күлкіге көміліп кетті. Сосын күлкісін қойып, қалыпты күйге енді.
– Заң деген менің мына алақанымда! – деп қолын жоғары көтерді. – Заң деген менің өзім. Мен анкетаны қалай толтырсам – заң солай. Ал анкетаны толтырып та қойдық. Сені Шымкенттің педагогикалық институтының төртінші курсында үздік оқып жүр деп толтырдық. Тек бұйрыққа әзірше «уақытша» деген айдар таға тұрамыз. Сен шынымен төртінші курсқа барған жылы «айдарын» машинкамен сыпырып тастаймыз. Түсінікті ме?
– Түсінікті ғой. Бірақ сабақты қалай оқытамын?
– Кәдімгідей оқытасың! Мен қалай оқытсам сен де солай оқытасың. Қандай тексеру болса да тексеруге түсетін мұғалімдер ғой. Директорға сенім көрсетілген. Оның сабағы тексеріле қоймайды. Ол жағынан қорықпа. Тек бастықтармен сөйлесу этикасын меңгеру керек. Егер үстіңнен арыз болып, райкомнен біреу тексеруге барса «сіздікті дұрыс, сіздікі дұрыс», «сіздің көрегендігіңіз», «сіздің қырағылығыңыз», «сіздің арқаңыз» деп алдына түсіп желіп отыру керек. Райисполкомнен барса да сол сияқты мінез көрсетуге міндеттісің. Ал райОНО, ОблОНО-дан барғандарға басқаша сөйлейсің. Олар оқымысты халық. Сонымен қатар, кінәмшіл халық. Оларға артық дәріптеу де ұнамай қалуы мүмкін. Сондықтан оларға «Сіз білесіз ғой», «Бізден гөрі сізге айқынырақ шығар», «Сіз тұрғанда бізге сөйлеу артықтау болады» – деп қою керек. Сосын жақсылап қонақасы беруді ұмытпа. «Әркімнің көңіліне бір аяқ ас»! Карта ойнап ұтыл. Және бастықпен білім таластырма. Ол не айтса да таңырқап қал. Өзіңнің білетінің бастықтың білетінінен әлдеқайда аз екенін аңғарт. Сонда оның сенен жақсы көретін адамы болмайды. Бастыққа жағынудың шексіз көп жолы бар. Бұны да түпсіз терең ғылым деп түсін. Баяғыда бір жігітке осы «ғылымды» үйретіп, кейін ол менен де асып түскен. Сен де сөйтіп жүрерсің.
Бастық езу тартып қойды.
– Қандай бастық болса да сыртынан сөз айтпа. Бір күні болмаса бір күні естіп қойса қиын болады. Арамдық сыртқа шықпай ішіңде «шірісін». Мысалы: бір бастық ауырып қалыпты десе тіпті иттің етінен жек көретін адамың болса да сырт көзге: «Пай-пай, алтын жігіт еді» – деп өп-өтірік күйзел. Қазіргі өсетін жігіт осындай болмақ.
Ал қарамағыңдағы адамдарға ешқашан жөн сөйлеме. Тіпті кері кет. Қаймығып тұратын болсын. Әйтпесе беделің болмайды. Өзің директор бола тұрып жай мұғалімнің сөзін пәтуаға алсаң, немесе «Сенің айтқаныңды да ойланып көрелік» десең, бастық үшін бұл өліммен тең. Жоғарымен жақсы болсаң болды. Төменгінің қолынан келіп-кетер ештеңе жоқ. Қазір райком арыз жазғандарды қудалап, ит қылып жібереді. Сол саған пайда… Жазда Шымкентке барып институтқа сырттай түсіп ал. Жылына отпускной ақшаңа бір сиырдың пұлын қосып апарсаң емтиханнан жұқпай өте бересің. Білім алмайсың, диплом алып шығасың. Саған керегінің өзі білім емес, диплом ғой. Мен де сол институттты сырттай оқып бітірдім. Тек біліммен баға аламын деп ойлама. Бір оқиғаны айтайын. Біз оқып жүрген кезімізде бір жігіт бұрын КазГУ-дың екі курсын оқып тастап кеткен екен. Сол өз күшімен-ақ емтихан тапсырамын деп, старостаның тізіміне жазылмай қойған. Тізімде бұл жігіттің жоқ екенін байқаған мұғалімнің түсі бұзылып кетті.
– Еһе, білгіш жігіт екенсің ғой. Онда мына сұраққа жауап бер. Сонсоң мына сұраққа… Ойхой, сұрақты жаудыртты дейсің. Содан әлгі байғұсты құлатып жіберіп, кейін емтихан алмай қойды. Так что білім алғысы келетіндерді институт мұғалімдері ешуақытта кешірмейді. Абай болу керек!…
Бастық көл-көсір ақыл айтып, біраз конструкциялап, басқару сауатымды ашып шығарып салды. Мен бастықтан қанаттанып шықтым.
Ауылға келген соң тура директордың кабинетіне барып отырдым. «Директор болуыңмен құттықтаймын!» – деп келеке етпек болып келе жатқан кері кеткендердің алдына бұйрықты жая қойып ем, ауыздарын ашып қалды. Енді кейбір менмен қулар да елпектеп тұратын болды. «Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме. Бұрынғы директор Байтудан айнымай қалдым. Кім не айтса да теріске шығарамын. Өзін-өзі адам байқамайды екен. Тіпті көп білетін болып шықтым. Осылай да осылай деп, мәселені шешіп тастаймын. Несін айтасың, Байтудың арқасында дүниені шайқамайын ба!
Жазда Шымкентке барып сырттай физика-математика факультетіне түсіп алдым. Жылда бір сиырым емтихан тапсырып қайтады. Әуелі қара сиыр, сонсоң ала сиыр… Ал соңғы гос тапсырған тарғыл сиырды дана сиыр атадық. Механика теориясынан мүдірмей, оптикадан ойнап өтсе, функциялар теориясы мен екінші дәрежелі дифференциал теңдеулерді қас-қағымда шешіп тастаса, диалектикалық және тарихи материализмді ескі грек философтарындай жатқа соқса, ол сиырды «дана» сиыр демегенде қандай сиыр демексің?
Енді менің де дипломым бар. Қазір жағдайым жақсы. Мектепішілік шара­лар­ды да жүзеге асырдық. Төбенің іргесін бітеп, мектепті ұядай жылытып алдық.
Байту мектеп жылынды ма деп сұрағанда: «Жоқ, әлі азынап тұр, соның бір себебін таба алмай-ақ қойдық» деп жалтарамын. Бастық риза болып қалады. Ау «сіз кеткен соң біз мектепті жақсартып жібердік» дегенді кім жақсы көреді дейсің. Әйтеуір бастықпен тату болудың жолын таптым. Ол мені сыйлайды, мен оны сыйлаймын. Өзінің, жеңгейдің, балаларының туған күнін құр жібермеймін. «Мынау бір скромный сыйлық еді, қабыл алуыңызды өтінемін» деп сызылып тұрғаным. Бастық курортқа жүрерінде ақ жол тілеп кіріп-шығуды да ұмытпаймын.
«Халық ағарту ісінің озық қызметкері» деген құрметті атаққа ұсынуға біздің ауданға биыл үш орын келген екен. Байту біреуіне жиенін, біреуіне балдызын, үшіншісіне мені ұсынып отыр. Сыйламаса бұл не? Берейін десе құда-жекжаты таусылып қалған жоқ. Мені олардан кем көрмегені де. Үстімнен талай арыз болды. Соның бәрін де Байту «негізсіз» деп тапты. Білімімнің жоқтығынан да рахатты көрдім. Өйткені мен тексерушімен білім таластырмаймын. Ал институтты «очно» бітіргендер әдетте білім таластырып столынан айырылып қалып жүр.
Сабақ бергелі жүз процент үлгерім беріп келемін. Кейбір педагогсымақтар: «Білетін бала мен білмейтін баланың шекарасын айырайық, екі қояйық. Екі қоюдың да тәрбиелік мәні бар» деп білгірсінеді. Мен болсам жетпіс процент төрт пен бес, қалғанына үш қойып өте шығамын. Одан зиян көріп жүргенім жоқ. Бала да риза, басшылық та риза. Балаға қойған бағаң – өзіңе қойған бағаң.
Инспектор-методист деген кішігірім бастықтар да мені «жүз процент үлгерім берген шамшырақтар» деген тізімнен қалдырмайды.
Жақында жұрттың бәрінің басына іс түсіп, Байту облыстық оқу бөлімін басқаруға кетіп, кімге жағынарымызды білмей сергелдеңге түсіп жүр едік, бұл да менің пайдама шешілгелі тұр. Кеше екі хат алдым. Бірі облысқа шақыртқан Байтудың хаты, екіншісі райкомның хаты. Екеуі де аудандық оқу бөлімінің бастығы болуымды қиылып сұрайды. «Сенен басқа адам бұл қызметті басқара алмайды» деп екеуі де ашық айтқан. Бастықтардың алдында қолға су құяр баладаймын. Ал басқалардың алдында маңдайға сыймас бір туған данадаймын. Сонда мен өспегенде кім өседі?! Өссем керек-ті.
Солай болса керек-ті.

1983 ж.
Төрежан МӘНДІБАЙ

Пікір қалдыру