Ахмад ФАЙЫЗ,
(Пакистан)
Аударған Жұмекен Нәжімеденов
СҮЙІНШІ!
(Жұмекеннің тәржімасы табылды!)
Жұмекеннің Файз Ахмад Файыздан тәржімелеген бұл жырлары ақынның 2001 жылы «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген жеті томдық таңдамалысына кірмей қалған. Мен таңдамалымен таныса салған бетте ақынның жұбайы Нәсіп апайға телефон шалғанымда ол кісі де абдырап қалды. Сонан кейін бәріміз қолымызға шырақ ұстап, сол кітапты жан-жақтан іздеп, таба алмай қалдық. Арада елу шақты жыл өтіп кеткенде әзер тауып алдым. Жұқа мұқабалы қара кітап көзіме оттай басылды. Бұ кезде ақынның жоқшысы Нәсіп апай да бақиға фәни деп кетіп қалған… Ақынның қызы Айкен қарындасыма телефон шалып, сүйінші сұрадым, жоғымыз – табылды, мұрамыз – түгенделді!
Ұмытпасам мен бұл кітапты 1968-ші жылы оқып едім, ғажап тәржіма. Пакистанның ірі ақынын қазақтың ұлы ақыны қазақша майын тамызып сөйлеткен екен!
Армысың Жұмекеннің Файз Ахмад Файызы! Сені ұлттық руханиятымыздың қасиетті төрі сағына күткелі қашан?!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,
Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
Ол қырсықтан сені құдай құтқарды,
Қайғыны сен жөргегіңнен үйреніп,
Өміріңнің несібесі у болып,
Тұрар еді жүрегіңе түйреліп —
Ол қырсықтан сені құдай құтқарды.
Ол қырсықтан құдай сені құтқарды,
Өкінішің өрттей жалап жаныңды,
Естеліктің уы жайлап қаныңды,
Өз күшігің қабар ед өз қолыңды —
Ол қырсықтан құдай
сені құтқарды…
Ол қырсықтан құдай
сені құтқарды,
Сұлулықтың туы құлап бір ынтық,
Жанарыңды жалған
үміт құбылтып,
Қарар едің, болмағандай
бұрын түк
Ол қырсықтан құдай
сені құтқарды…
Ол уақыттан сені құдай құтқарды,
Жиренер ең өз-өзіңнен, денеңнен,
Жиренер ең сөзге сену дегеннен,
Жазғырумен, жазғырумен
өлер де ең,
Бүгінгіге дейін күйген біреуді,
Дәл бүгінге дейін сүйген біреуді!..
Ол уақыттан сені құдай құтқарды!
КЕМЕЛ ШАҚ
Іздегеніңмен, көп пенде,
Ойшылды таба аласың ба?
Басталудан кеткенде,
аяғына бара аласың ба?
Дүниенің сәулетінен де
азап шегіп, ақыры
тағы бір әуре тілеуге
барар еді-ау батылың!
Көрем деп бәрін алжыдың,
көруге неге ұмтылдың!
Бар күрсіну,— қалдығы,
тұншыққан көп ыңқылдың!
Жылауға кеудең тіліне
уақыт таба аласың ба?
Жаралы жігіттігіңе
уату таба аласың ба?
Құмарлық қайнап бітті ме —
сөзге айналдырсаң-ау бір!
Көкірегіңді түп-түгел
көзге айналдырсаң-ау бір!..
ТҮНГІ ЖЫР
Дел-сал маңай қалғып
кеткен сияқты,
Күңгірт аспан тас төбеден тұр төніп,
Жанары оның жұлдыз-жасқа
тұр толып,
Үп етші, жел,
исі аңқысын бақтардың!
Кел, махаббат, жетші қалқам,
жаңа бір
Көктеменің жұпарынан жаралып!
Әсем гүлдің ғұмыры да қас қағым,
Әсем қыздың ғұмыры да қас қағым,
Саған ашпақ бір сырым бар…
келші енді!
Бір сүю бар, күрсіну бар…
келші енді!
Жалғыздығым жанға батты…
жатпаймын,
Маған батқан саған неғып
батпайды?!
Жүрегімді, ойнайды өлең, түртіп тек,
Гауһар-тамшы үзіледі кірпіктен.
Аспан байғұс, мен секілді, қайғылы,
Сондықтан да түседі әрең ай нұры…
Күрсіну бар, бір сырым бар…
келші енді!
Бір сүю бар, күрсіну бар… келші енді!
ҒАЗАЛ
Ақ жүректі алдаумен
күттіруге болмайды,
Өр рухтың тізесін
бүктіруге болмайды.
Сенің, сенің қайғыңды қуып
салдым құмайтқа,
Ол өзімнің қайғымнан
құтылуым болмайды.
Құй, қарындас, шарапты,
жылытшы бір жымиып,
Сенің бейлің болмаса, шарапта
дәм болмайды.
Көктемінде осы бар гүл
ашылып біткен жоқ,
ашылмаған гүліңді
жасыруың – болмайды.
Шөлiмдi бас, қарындас,
босат мені азаптан!
Сүймеу сені мүмкін бе?
Сені сүймеу — болмайды.
Уақытқа қарсы өсіп қажеті не,
серт түгіл
Кектің өзін кеудеде ұзақ
ұстау болмайды.
Болатыны болсын да, ақынсың
ғой Фаиз-ау,
Ғұмыр бойы бір қызды
сүйіп өту — болмайды.
КҮТУ
Мезгіл өтіп барады.
жоқсың, жоқсың сен әлі,
Сен жоқ жерде қуаныш менде
қайдан болады?
Ойдың қара бұлттары
ақ жанымды жабады.
Сендегі көп қайғының
жаңғырығы мендегі, —
Құдай бізге қайғының өзін
бүтін бермеді.
Сен толқынсың махаббат
теңізінде ойнаған,
Мен бір сорлы жартаспын
тосып тұрған кеудені.
Жалт етесің, кетесің —
құша алмаймын мен сені,
Күлкің бейне кекесін —
көтертпейді еңсені.
Халім менің тым қиын,
қажып біттім, ақылым
жетпей отыр, қайда екен бұл
азаптың ақыры!
Күтіп отыр сені әлі Фаиз
сынды пақырың.
СҰЛУЛЫҚ ПЕН АЖАЛ
Ең бір әсем; әсем гүлге бақтағы
дүниенің сұлулығы тоқтады,
албырт гүлге, күннен өзге өппеген,
түнгі дауыл, жел де батыл етпеген,
таң шығымен тұрған гүлге тазарып,
бағбанның ауды бір күн назары.
Бұл бақшада көп болатын гүл өңі:
Бағбанның жеді көзін біреуі,
өскен гүлді түбiтi боп бар гүлдің,
өскен гүлді үміті боп бар гүлдің,
өскен гүлді дауыл-желге ұрынбай,
Өскен гүлді қайғы-мұңды ұғынбай
кесті бағбан, селт етпеді жүрегі.
Содан бері гүл-бақта ылғи жел түнде,
сол бір гүлден
бір жапырақ желкілдеп,
бағбанға бермейді ұйқы түн сайын,
«тағы мені… мені тағы өлтір» деп…
КҮЙІНІШ
Домбыраның күй төккен
қос ішегі үзіліп,
Салтанатты сарайдың салқын
тартты қызығы.
Ойың, ісің, талабың… бәрі,
бәрі — алдану,
Шарап құйған көзелер
қақ бөлініп қалды әне,
Кәусарыңның су ғұрлым
қасиеті қалмады.
Өлген жанды
көз-жаспен жуғаныңнан не пайда.
Бастан өткен дәуренді
қуғаныңнан не пайда.
Не күтесің сен алдан,
көзің нені көреді,
ашылмайтын есікті қағып
қанша керегі.
Үмітіңнің жұлдызы ағып түсті жетеді!
Қазір саған жауың да
аяушылық етеді.
Уа, мезгілдің мазағына
ұшыраған сабазым,
болсаң қатал жазалы,
тартқыз сен де жазаны!
Ерегісіп тірі бол,
Жеңілгендер әдетте
Кетеді ғой майданда бәрінен де
өжет боп.
ОЙ
Үнсізбін ылғи,
мұңдана
Жүремін неге көмескі?..
Сөзімді менің тыңдама
Пәлендей сорлы емеспін.
Мұң болса қайтед кеудеде?
Қайғы бір ұғым ең ескі.
Қайғырып жүрген әлемде
Екеуміз ғана емеспіз.
Мұңдансам қайтед дәл одан
Көбеймес қайғы жерде бұл.
Құтқармас жұртты «бәледен»
Жақсы өлең жазып бергенім.
Қайғырсын кімдер жаһанда —
Ол қайғы маған батады,
Менімен бірге қашан да
Қайғы-мұң келе жатады.
Меншіктеп алсақ нақ мына
қайғыны барлық? —
Мақұлда.
Жақын ғып болашақты да,
Өзіміз оған жақындап?
Неліктен жақсы бұ ғұмыр
Ақшалы менен ақымаққа?
Кетеді бұған ұғымым,
Бір ақымақ қатын ап та.
Білеміз-ау, күрестің
Ыза төгіп бүгінде
Кан төгерін түбінде;
Біз өлерміз,
Бірақ та,
Қайғы да қалмас тұрақтар!
ИТТЕР
Ол – қаңғыбас шаңына
аунап базардың,
Өз жарасын жалап жазды, тазарды
Тамағы оның – күнде жейтін таяғы,
Байлығы оның – ұрыс-қарғыс баяғы.
Үйі қайда?
Үйі –пішен ығында,
Соның өзін күзетеді ырылдап.
Сүйек таста: таласады, тартады,
Бірін-бірі талайтыны бар тағы.
Иттік деген ұғым үшін қырқысып,
Итаяқтың жұғыны үшін қырқысып,
Қайтеді олар ұятыңды, арыңды?
жетіп жатыр бір алдаса қарынды!
Талау екен, тою екен кенеліп,—
Иттікпенен өмір сүру дегенің…
Ұр оларды: қорлануға үйренсін!
Қу оларды: арлануға үйренсін!
* * *
Қайғылы жол – қара жол
жатыр сұлап жамбастап,
Қара жолға қарасаң:
шегіне жан бармас та,
Қара шарқат төсінде,
ашып тастап иықты,
Дір-дір етіп иығы мұздай
жерге тиіп бір,
Жатыр сұлап арудай
қайғы жаншып тастаған,
Жыртық үйде, түсінде,
қалш-қалш етіп,
Масқара:
Ояна алмай булығып, —
өлген доспен кез болып,
Бұрымы босап, жатқандай
ұмыт қылып өзгені.
ҒАЗАЛ
Түні бойы мен сені күттім,
күттім — келмедің,
Шапағы алтын таңның сол
сені күтті — келмедің.
Бірақ қанша қасірет
шеккізсең де жүрекке,
Сол жүректің баспассың
жалғыз сәтін дір еткен.
Күндіз сүйген жігітті қуғаным
жоқ мен, тіпті,
Тек ол түнде талдардың
арасында ентікті.
Ыңғайына олардың көнбесінші
махаббат,
Менен өзге сүюге
сенбесінші махаббат!
Сенсіз жердің гүлінде,
көктемінде не сән бар,
Жоғалдың сен көзімнен,
дұшпандар, той жасаңдар.
Білсем еді шіркін-ай,
кімдер үзді гүлімді…
Жел байғұстың қанаты
тас төбемде жұлынды.
СЕНІҢ СҰЛУЛЫҒЫҢА
Ақыныңнан бір сәлем
ажарына бетiңнiң!
Сенің көркің дүниені
сұлу еткен секілді.
Атқан таңда, сеніңіз,
ақ жүзіңнің нұры бар,
Батқан күнде, сеніңіз,
бал-жүзіңнің нұры бар.
Әппақ бетің алдымда
айна құсап тұрады:
Галстугімді жөндеп,
саған қарап қырынам.
Мына таудың қойнауы,
сай-саласы бүтін бір
Бұрымыңнан құлаған
көлеңкелер сықылды.
Ақыныңнан бір сәлем
сенің сұлулығыңа,
Сен бар жерде төрт жағым
бірдей менің құбыла.
Қан-күрең боп боялған
саусағыңды қынамен,
Ғұмыр бойы ұстап мен
бір орында тұрар ем!
Менің барлық бақытым:
жанарында уақыттың;
Сенен тапқан бақытым:
қасіретке татып тұр.
Бақыттымын сенімен,
бақыттымын, не керек,
Сен жоқ болсаң бұдан да
болар едім бақытты.
ГИМн
Сын-сағатта үйінен кiм безсе де, Отаным,
Саған еткен қастандық сол болады, Отаным,
Бір ұлыңды даңқ жұтты,
Түрме жұтса біреуін,
Бізді неге сүйініп, алданады Отаным?
Таң құлайды, Отаным! Тән тозады, Отаным
Тамыр жайған еменді гүл бөлейді, Отаным,
Тулап аққан тасқынды кім бөгейді, Отаным!
Қайратыңнан туады қатал аңыз, Отаным,
Шынжырды үзіп, түрмені қопарамыз, Отаным,
Қайда жүрсе әділдік —
жеңіс сонда деседі,
Шұлғау етіп жау туын апарамыз, Отаным.
Қайтарармыз кекті біз,
алармыз-ау есені,
Тек жүректер толғағы намыс тусын, Отаным!
ЖЫРЛА!
Жауыздықтың да орны бар,
Махаббат жәйлі жырлай түс,
Ұялсын қорқақ сорлылар —
Батырлық жәйлі жырлай түс.
Сараң байларға, бір мықты
Кедейлік жәйлі айта түс.
Өтірікшілерге,
Шындықтың
Қуаты жәйлі айта түс…
Құдайдан қорықса — ұйықтасын,
Қорықпайтынды жыр ет бір.
Құдіретімен ұйқастың,
Лүпілін жырла жүректің.
Жырлапсың, Файз, туғалы,
Жәмшид пен Фархад туралы!..
САУДАНЫҢ ІЗІМЕН
Керек пе ойлау, жоқ па әлде
жасыл алқап туралы?
Керек пе ойлау, жоқ па әлде
құс қайғысын тордағы?
Зұлым ойын жаулардың
керек пе ашу, жоқ па, әлде?
Сүйеміз бе сұлуды? —
Сүю оған көп пе, әлде? —
Бұ заманғы сұрақтың ең қиыны, досым-ай,
Көп «дананы» қинап жүр,
дәл осылай, осылай.
Білер ме еді, шіркін-ай,
шуылдаған жұрт қалың
Менің сорлы жырымды қай
басымен ұққанын!
Сүйген жарды жырлау ма,
жырламау ма керегі?
Жазғы бақта самал да
ойға қалып келеді:
ессем бе екен жел болып,
еспесем бе дегелі.
Алқызыл гүл басы ауып
біле алмай тұр:
Қалай да
Өссем бе екен сұлу боп,
өспесем бе деп ойлап.
Жалғыз ғана бұлбұлдар
күміс қоңырау-көмейлі:
Қайран әнім сендерге қор боп
кетті демейді?!
* * *
Маған айтты біреулер:
қайғы атаулының бәрі
байланысты сенімен,
қайғылысың туғалы.
Аяғыңның тысыры,
бұғауыңның сыңғыры
Жырлайтындай бәрі де тек
қасірет туралы.
Бірақ соның барлығын шатыры
мен түрменің,
Оның сызды төрт меңіреу
қабырғасы тыңдады.
Маған айтты біреулер:
Ай толғанда, тасқанда
Жарасады ол-дағы
тас қараңғы аспанға.
Қан кешкенге жанымен,
қан кешкенге киелі,
Қызылдығы шараптың ауру
болып тиеді.
Біздің «данышпандарға»
жердің өзі — жер емес,
Әншейін бір қыңырлық,
берекесіз ерегес!
Құстың әнін орманның қайғысы
деп түсініп,
Шықты тағы бір суайт,
шықты ғой бір «пысығың».
Түсін, Фаиз, әркім өз
шамасынша жырлайды,
Ал, шын ақын дегенде қайғы
болмай тұрмайды!
АВГУСТ, 1952 жыл
Қайда ғана қарама, аңқыл қағып
Аққан бұлақ қанаты жарқылдады.
Сарғыш тартып жапырақ кеткенімен,
Дала жатыр тыныс ап көктемімен.
Сайға құлап көлеңке, шыңдар қарлы
Менсінбей тұрған сынды
бұл жалғанды.
Бір шаттықтан тұтанған
жалынға ақыр
Жүректерде мың шырақ
жанып жатыр.
Шаттан, баурым, бізді де өмір мына
қуанышқа салыпты шомылдыра.
Қойған сынды жылпостар
оқша өтуді,
Залымдық та, түрме де жоқ секілді…
ОЙЫМ МЕНІҢ СЕН ЖӘЙЛІ
Жатсам-тұрсам бар ойым,
Отан — ана, сен жәйлі,
Отаны бар жігітке ез
болуға болмайды.
Әр тасында бір дұға,
әр тасында қасиет,
Назарыңды төмендет,
өту үшін бас иіп.
Азулы итті байлау жөн,
шынжырла тез, сүйт, пенде,
Тас та бірақ байлаулы
лақтырмайсың иттерге.
Бір жігіттің атағы сенің
арқаңда өсіп тұр,
Есесіне: жауларың одан
сайын өшікті.
Жауыз болса кімде-кім,
арсыз болса — сол бүгін
Екеумізге сот құрып көрсетті-ау
ит қорлығын.
Жауыз кетсе — орнына жауыз
келіп жаныштап,
Жүрмін әлі сағынып,
ал мен болсам алыста…
Іш қазандай қайнайды,
терезесі түрменің
Саған шығар жалғыз-ақ
жолым құсап тұр менің…
Кісен үні мезі ғып құлағымды жеп бітті,
Кісен жәйлі сол менде ой дегенің
көп тіпті.
Ойлай берсең жаныңды
еңіретіп барады,
Еңіреген күндермен
өмір өтіп барады!
Баяғыша: тирания болған жоқ
ел арылып,
Отырсақ та түрмеде
біз біргеміз бәрібір.
Темір-тордан, жалыннан
тірі шықсақ егер біз,
Баяғыша, шіркін-ай,
қаусатып бір жеңерміз!
Сондықтан да, Отаным,
өзге түгіл, түбінде
Көрінер-ау жеңіл боп сенен алыс
жүру де.
Қуғын көрсем мейлі мен,
ертеңгі күн, сенемін:
Сонау таудан айналып
менің күнім келеді.
Бұл аспанда әзірге
жұлдызым жоқ жоғары,
Бостандық жоқ қолымда,
ертең кәміл болады.
Отан сүйген жүректің мүмкін
емес солуы,
Отан сүйген жігіттің
мүмкін емес өлуі!
МАХАББАТ ДЕГЕН СӨЗ БҮГІН…
Барлық тілде махаббат
деген бір сөз қатып тұр.
Айтылған сөз дегенің —
атқан оғы уақыттың.
Бұрын күнә «болған сөз»,
айтуынша дананың,
Бүгін бізге бақыт пен сенім,
шаттық болады.
Деседі жұрт: қарт бақсы баққа
келіп алыстан
Боратыпты өлеңін
ақыл айтып данышпан.
Бірақ еріні тәтті одан
Шырын менен Ләйлінің,
Тәтті махаббат шығар —
тәттілігі қайғының.
Сүйіктіңмен бірге өтсе сонша
қысқа-ау түн деген,
Онсыз өткен түн емес,
түрме шығар, үндеме.
Сенің әппақ білегің
ақ толқындай, қоймай кіл,
Оралады, мойныма,
оралады, ойнайды!
Бағбан гүлін қызғанып,
мерген қолы дірілдеп…
Бұлбұл емес бақтағы,
сиқыр болды бүгінде.
Аққан уақыт қалт тұрды,
жалғыз сәтке іркілді,
Көктем келе жатқандай
жасыды қыс бір түрлі.
Солай, Фаиз!
Түрменің қабырғасындағы жыр,
Махаббаттың кәусары
болды бүгін ағылып.
ЕШТЕҢЕ ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ
Бір сынғаны — сынғаны,
Хрусталь сынса;
Айталық:
Өткен күнді бұлданып
Ала алмайсың қайтарып,
Өтірікті ұстап есіңе
Көріп ең ұзақ сен қашан?
Өлген достың несіне
Жыладың –
тірілте алмасаң.
Жоғалды мүмкін жүрегің?
Ішіңнің түкпір-түкпірін
Шараппен жуып жүр едің –
Оныңды енді ұқты кім!
Қайрымсыз тағдыр тындырды
Бергенін баста «құдайдың».
Көзеңді теуіп сындырды,
Шашылды шарап ылайлы.
Сынықта кейбір әлі де
Жұғыны қалған шығар-ау.
Жастық шақ өтсе, әрине,
Ұғымы қалған шығар-ау?
Кедейлік, аштық – әділет боп…
Жүректі құртты-ау, әй, тегі.
Тас түссе ауыр, Әйнектің
Сынығы қалмай қайтеді?!
Қоқымда осы, әуелгі
Асылың, мүмкін, бар шығар?
Құдай екенсің, ал енді
Сол асылыңды аршып ал!
Тысырсыз еніп түнде ұры,
Сыпырып кетті-ау барыңды.
Құтылдың әрең — тірлігің,
Жоғалттың бірақ арыңды.
Бүтіні қымбат шынының, —
Сынды да қалды,
Бәрібір
Шашырады маған сынығы —
Қан ақты, тамырым жарылып.
Шарт сынған сол бір шөлмекті
Қайтадан бүтіндемексің:
Кіміңе сонда сенбексің,
Кім еді сенің көмекшің?
Ақылды жұбата алмайсың,
Сезімді жұбата алсаң да.
Алдандың екен – алдайсың!
Өтірік сөзге тамсанба.
Шыныны жи да іріленіп
Отқа сал, жалын шайқаған —
Не кетсін ұшып күл болып,
Не әйнек болсын қайтадан!
…Армандай қымбат тілек бір,
Сұрасаң мұнда — береді:
Қазынасы үлкен жүректің
Таусылмай әлі келеді.
Күн кешті арсыз ұрлап тек,
Ұрласын бәрін,
Бәрібір
Қалса да теңіз құрғақ боп,
Жартастың қалар жарығы,
Тонауға берсе теңізді,
Тонаушылар, қасықтап
Асылдарын ең ізгі
Тауысар еді сатып та.
Ерлер бар бірақ бұрқанса,
Аман-сау келу қиындау:
Ұрыға сонан бір тамшы
Келеді байлық бұйырмай.
Айтыс та, атыс, шабыста
«Аққа – құдай жақ» содан.
Айнала жеңіс!
Табыстан
Өлмейді екен жақсы адам.
Жаныштап арды біреуі,
Біреуі жағып алтын от:
Бәрі де тірі жүреді
Кәдімгі Шығыс халқы боп.
Шырақтың көтер жарығын,
Батырлар мінсін күшіне —
Күрес бар тағы, тағы бір:
Басқа бір тағдыр үшін ол!
* * *
Бір жаушы жүр аспанда
ашуланшақ, томырық.
Қара жаңбыр осқылап,
жас жуды бұлт өңірін…
шарап іш те, құдайға
не жақпаса соны ұмыт!
Түссін, кәне, Ай жерге
шатырынан жап-жасыл,
Шарап құйсын шалдарың өздері әбден қанғасын.
Қан ойнасын тамырда
жалын болып қып-қызыл!
Бір сұлуды алдыма
ап отырайын жұтқызып!
Сағат, минут, күн мен түн –
теңгерілсін жылдарға…
Берем саған барымды –
ер соңымнан, жүр қарғам!
Шегі қайда қайғының
жете алмассың жарылсаң,
Бірақ бүгін өзіңде,
тек өзіңде бар ынтам!
Демек, менің қайғымды
ызалы ойым тияды;
Жаңа мезгіл қуатын
жаңа ұғымға құяды.
Өзімізді өзіміз ұмытып
тек күн кештік,
Ал, жаулардың жүрегін
жарып құртты күндестік.
Қара жаңбыр төксінші!
Тойып іш те, қалай да
Жатып алып құдайға
не жақпаса соны ойла.
ТҮРМЕДЕГІ КЕШ
Дүние жымып, шұбырған
Құс жолы, кетпей тұра тұр!
Жел құлаққа сыбырлап
«Махаббат, — дейді, — мына түн».
Түрменің өзін түрме ғып
Ағаштар қамап бекiндi.
Барлығын көңілің тұр көріп,
Шығуға жол жоқ… не тірлік!..
Жұлдыздар тамып,—
Топырақ
Бұрқ ете қалар секілді.
Аспанның қара шатырын
Прожектор қиды қайшылап.
Ақырын, жүрек, ақырын
Сүйгенің келмес, қой, шырақ.
Әкеліп тәтті ой нұр-сәуле —
Түрмені де әсем ет дейді.
Келгендер темір құрсаумен,
Кылыштан аман кетпейді.
Сөндірсін шамды мейлі олар,
Ендігі шамың – ой болар.
ТҮРМЕДЕГІ ТАҢ
Түн әлі біткен жоқ.
Ай келіп басыма,
Тіл қатты бір сиқыр
дауыспен ашына:
— Таң атып келеді.
Ұйқылы-ояу боп,
Сайлардан түн өріп
барады-ау баяулап.
Сүйікті сұлудың
бейнесі бұлдырап,
Бір елес, бір елес бұлдырап тұр
бірақ,
Біртіндеп барады көмескі
артып Ай,
Шаршаған сықылды
жарқырай-жарқырай.
Жұлдыздар жоғалып,
қайтадан оянып,
Түн байғұс таңменен
қоштаспай қояды.
Қараңғы, қара ғой ауласы түрменің
Жамандап жатсам мен –
достарым жүр ме еді?!
Таң нұры бірінің
маңдайына ағыла,
Сүйгенін ойлайды біреуі тағы да.
Қоңырау соғылды.
Ауыз үй ақырын
Аяқтың тысырын әкетті сапырып.
Күзетші дауысын қабырға
қағып ап,
Өршітіп барады тағы да… тағы да.
Шошынып оянған жел-байғұс
аңғал бұл,
Түрменің шуылы шошытты
жандарды.
Әр жерден терезе әйнегін
ашып қап,
Әр жерден бір жүрек
ұмтылды ғашыққа.
Кісеннің сыңғыры кісіге
ауыр боп,
Қасірет дегенің кетті ғой дәуірлеп!
Ұйқыдан оятты —
қинады жанымды,
Қуаныш дегенде құдай да
жаңылды:
Қызықтың орнына қайғылы
ту берді,
Күлкінің орнына таусылмас
у берді.
Алыста бір үміт бұлаңдап барады –
Түлкіден айрылған
тазыша қарадық…
* * *
Қалай өмір сүруді молла
үйреткен жоқ маған,
Шүкір бірақ құдайға,
бір күнім жоқ тоқтаған.
Сенің қайғың үшін —
мен кінәлімін Отаным,
Сенің қайғың мені
осы тұтқын еткен, соттаған.
Мені қинауға сен де жалықпадың
Отаным,
Қиналудан мен де сол —
жалықпадым Отаным!
Жоқшылық пен қасірет
қалды бізде тұрақтап,
Аяушылық күтпедік
біз ешкімнен бірақ та.
Қалып па едің, Фаиз-ау,
қалып па едің қалада
Сатылғандар сананы
біледі деп бағалап?!
ЖҰПАР ЕСКЕН ЛЕБІНЕН ДОСЫМ МЕНІҢ…
Маған әтір сыйлаған
бейтаныс келіншекке.
Әтір исі аңқыған қолын созып
түрмеме кіріп келді сол досым,
отыр едім іргеде.
Еркелетті жүректі —
мұқалмасын деді ме,
Сырты бар да іші жоқ —
мұқабасың деді ме?
еркелеттi менi аса,
сасық демі түрменің
әтір исін қосып ап есті шәйпап, түрленіп;
Дүниенің барлығы
қайта жаралғандай боп,
тұтқын – менің тағдырым
қайта қаралғандай боп;
жарқ етті бір қуаныш:
қара шашы, жанары…
әтір исі аңқылдап айналаға тарады.
Майда лебі мейірімнің
сақтап тұрса гүл исін,
Тоғыз қабат тор-бұғау,
сен де сөзсіз құрисың!
Махаббат пен достықтың
жапырағы жап-жасыл,
Зұлымдықтың отына,
сезіп қалдым, жанбасын.
Егер осы келіншек кездессе
егер өзіңе,
Хафиздің жырын айт,
тура қарап көзіне:
«Көз көргеннің — бәрі ескі,
Жатады тек жаңғырып
Махаббаттың әуезі,
достық үні мәңгілік!»
ДҮНИЕДЕ АЙЛА АЗ БА…
Өмірде мына аз ба айла
Азаптау үшін ерлікті.
Деді сот: «Күнәң жаздайғы…-
Көтеріп тұрған жер мықты».
Айыптау деген — түсінік,
Түсінбеу сенің не теңің:
Айыптау үшін кісіні,
Екі ауыз сөз жетеді.
Сенімнің жолы — шын әппақ,
Сен үшін қысқа ол, жарығым.
Жол алдың екен — шыдап бақ,
Алдында дар тұр бәрібір.
Есер мен жауыз жатқаны…
Оларға емес түрме түк.
Түрмеге салып баққаның
Иттікке еткен құрметің.
Жазадан гөрі мазаққа
ұқсайды екен!
Есінеп,
Естіні салды азапқа,
Айыру үшін есінен.
Көз салма жендет қолына,
Ойнатып қылыш мәз болған:
Болмайды сірә оныңда
Бас кесуден өзге арман.
«Үндеме» дейді ой маған,
«Айқайла» дейді жүрегім.
Жендеттің қанмен ойнаған
Келеді көргім түр-өңін…
Телміріп саған қараймын,
Атпаған таңым арайлы!
ЖАЛҒЫЗДЫҚ КЕШІ
Білмедім қалай, мен осы жалғыз
боп қалдым бүгінде,
Құлады көңіл, көз жасы
кірпікте қалды жұғын боп.
Білмедім қалай, жарқ етіп
жоғалдың тағы жай болып,
Қайғылы ой батты
көк бұлтқа дөңгелеп барып
Ай болып.
Махаббатымды жырға
орап әкелгем саған сүйіктім,
Әр сөзі бірақ жырымның
екеумізден де биік тұр.
Жалғызсың, Файз, жолда бұл.
Түнгі елес кетті жайына —
Сенгіш сұр-жігіт сен қалдың,
Қыз кетті сүйген байына?!..
* * *
Кеш болса болды сүйіскен мына
бір топырақ ішінен
Естілді-ау сенің есімің:
Жоқ шығар мұнда қызар түк.
Ал, анау есер жол бермей —
Соқтығып дүйім кісіге
Жарасынан аққан қанымен
барады ізін қызартып.
КҮЗГІ ЖОЛДА
Келемін мен көктемді іздеп
тал ұстап,
Сүйіктімді іздеген бір пішінде,
Шақырамын атын атап дауыстап,
Соның өзін бақыт санап ішімнен.
Уақыт та айыра алмас мені одан,
Сүйген жүрек сүйгенімен
бір соғып.
Күзгі жолға жаутаң-жаутаң
қарап ап,
Ол да мендей аңсап,
тосып жүрсе еді!
Дәл осы бір құпияммен мақтанам,
Құпия емес,
Құпия сыр — жат маған.
Гүлдер солып, сұрланғанда
бұлт төніп,
Сол бір бейне көрінеді жарқырап.
Сондықтан да…
Сондықтан да жұрт мені
Жарқын жырлар жазды
дейді халқына.
КЕЗДЕСУ
I
Ағашындай аурудың бір
Түн біздерден биік тұр ғой.
Жапырағына сол ағаштың
Жұлдызды аспан ұйып тұр ғой.
Жүздеген Ай — көлеңкесі,
Бар жарығын жылап бітті.
Ағашындай аурудың бір
Бізден алыс, жырақ тiптi.
Сарғыш жапырақтар ғана,
Кымбат алтын теңгелерден,
Тамды сенің шашыңа кеп
Шық тамшысы дөңгеленген,
Жүзіне ұйып дір-дір етті —
Жанарыңды мөлдіретті.
II
Осы бір түн сыймай миға,
Мен жасаған шимай-жырлар
Қанды өзен болып ақты.
Көрмеген соң көзім менің,
Адастырды сезімдерім.
Ақ білегің бұлғаңдайды…
Қайғы болса дүниеде,
Ол – осы түн туған қайғы
Теңемейік бекерге алып,
Қайғы бейне метан газы, —
Біз «уһ» десек кетер жанып.
Ағаш мынау, бұтағы оқ
Жүрегімді жүреді еміп —
Әр түн сайын сауығып ап
Жауларыма жіберемін.
III
Дәл екеуміз тұрған жерде,
Аспанда емес бірақ анау,
Ашылып бір алтын қақпа
Бізді жарыққа шығарар-ау.
Шығыс жақтан жаңа дәуір
Келе жатыр күнін алып,
Жазу үшін жараны ауыр
Шат-сәулесін құйып алып.
Жендеттерден басқаларға
Жетуі анық, тиюі анық.
Күңгірт ойлар түнде туған
Асыл ойға таңда айналды.
Дегенмен сол «күңгірт ойға»
Қанбай қалдық, қанбай қалдық…
* * *
Сонша бақыт бердің маған
сен бүгін,
Тағдырымның бергені ме жорта бұл?
Бүгiнiмнiң шаттығына сенгелі,
Ертеңімнің қайғысынан
қорқамын.
* * *
Бұйыра алмай сөзге ендi
таңым атар секілді,
Жүрек бірақ байсалды,
әрі қатал секілді.
Ессіздігім кетті асып шеңберінен
жүз күнгі,
Әрең бағам көңілді асау аттай
тізгіндеп.
Қасіретіме менің тек қараңғылық
жетпеді,
Көз жасыма қан қашан араласып
кеткелі.
Түнгі шырағдандарым
жанып бітуге айналды,
Айрылыса-айрылыса
налып бітуге айналдым.
Таңғы самал ап келді жаңа хабар
қастерлей,
Алып кетті оны өзі асау аттай бас
бермей.
Әзір қалғи тұрыңдар,
жұлдыздарым көктегі —
Қайғы-дағы тұрақсыз: дайын тұр
ол да өткелі.
БҰТАҚТАҒЫ ГҮЛДЕР
Баққа өскен ұрланып, баяғыдай,
Қанды гүлдер тұр жанып баяғыдай,
Шекарамыз секілді баяғыдай,
Мені бірақ көрмейсің баяғыдай.
Дүние — жыртық қап
сынды баяғыдай,
Түк тұрмайды ішіне баяғыдай.
Жалт етті де найзағай болды ғайып,
Орнында уыс күл қалды баяғыдай.
Күл-қоқымнан ұя сап, шаңмен бояп
алданған жұрт, сендерді аядым-ай.
Сыбырлайды сезімім бір сөзді сол:
«Кездеспейміз бүгін тек баяғыдай».
Бәрін шарлап шаршадым,
аяғым-ай,—
Ойша ғана, шарлау ғой баяғыдай.
Маған ай да, жұлдыз да көрінбейді —
Түрме үстінде түнгі аспан баяғыдай.
СЕНІ ҰМЫТПАН ҚАШАН ДА…
Сені ұмытпан қашан да:
Көп жаз өтсін, көп күз кеп,
ризамын тағдырға айрылысу
жоқ бізде!
Ғұмырымды қияр ем бір сен үшін,
Жердегі күллі асылдың ішінен саған
теңін көрмедім.
Сенемін мен, о, сенем:
талап қылса уақыт кеп,
менің азабымды сен көтересің
бақыт деп!
Әлде нендей бір ірі мақсат үшін
мен тіпті
құрбан еттім мен бәрін,—
тұтқын болдым, ентіктім.
Ажал сірә қашады-ау
аянбаған кісіден,
қорқытуға біреуді мен түрмеге
түсіп ем:
өлім ғана қорықты!
Одан өзге жоқ ешкім,
өлім қорыққан жерден
өзім қорқар емеспін.
Махаббатың —
кеудеге орден емес тағатын,
белгісі емес рудың,
Махаббат — қос қанатың
қанаттыға ғұмырдың киындығы
болатын!..
Бәрі — карта ойыны:
ұтылдың ба, қайта ойна,
одан әрі?
Арғысын, мен де қумын, айтам ба?!
АЙЫПТАУ
Сүйіскеніміз үшін айыптайды
мына жұрт,
Айыптауы әсердің –
даңқ болып жұғады.
Адалмыз ғой біз осы?
Адал жүрдік қашан да,
Не өтірік-өсектен,
не қиянат жасаудан.
Менің барлық айыбым:
болатыным тез ғашық,
Ғашық болу сұлуға — айып па екен,
ойлашы!
Жо, жоқ, біздің жүректер
күдіктенгенімен көп,
Ыстық, адал сезімін көрген емес
үнемдеп.
Қатал қолы тағдырдың сүйгендерге
батпайды!
өсегінен қауымның басқа бір сөз
ақтайды!
Сүйгендерге кім қарсы жүре алады
бос қаңғып?
Түрмесі де ғұмырдың
сүйгендерге бостандық.
Фаиз, сүйген жар жәйлі
жырмен жебеп өзіңді,
Жатсаң да тар түрмеде,
күлімсіреп көзің жұм!
О, ШАҢҚАН ҚАЛА!
Жасыл, жасыл!— Сәскенің
жалынында жапырақ,
Жалғыздығын түрменің ұмытам ба
жатып ап?!
Жан ауруы толқын бір:
жармасамын жалына, —
Бір көтеріп тастайды,
батырады тағы да.
Мынау түрме сыртында шаңқан
қалам бар менің,
О, үмітім, дәрменім!
Жол көрсетер кім маған?
Қалай жетем мен саған,
Қол-аяғым бұғауда,
асыл қалам аңсаған?
Мынау түрме сыртында әсем қалам
бар менің,
О, үмітім, дәрменім!
Түрлі қыздар бар онда,
түрлі етектер жолағы…
Шам жақсаңдар, жігіттер,
ұстаңдаршы жоғары:
Орным менің кешікпей сол арада
болады.
Сол қалада бір әппақ
сүйген қызым бар менің,
О, үмітім, дәрменім!
* * *
Келші сәулем, бақ гүлдесін —
алған демің көктем боп,
Келші жылдам, өтінемін,
өтінемін көптен-көп.
Жылы сөз айт мен туралы
түрмедегі ағайын,
Жетсін ол сөз сүйіктіме желмен
көлкіп, молайып!
Сенің демің секілденіп есті самал
мас қылып,
Желпіндірді бұрымыңның
қара бұйра тасқыны.
Тұтқын жанға ауа қиын,
жүрек шаншып барады,
Кісенімді күміс белбеу сықылды
етіп тағамын.
Қапас түрме бір бұрышын көз
жасыммен жылыттым,
Көздің жасы белгісі деп
орындалар үміттің.
Сәулем менен күтіп еді көрсетсін деп
сүйгенін,
Не көрсетем — қойса егер біреу
оған үйленіп?
Файз, енді сен өтетін жалғыз
жол боп — анық бұл –
Түрме менен дар ағаштың
аралығы қалып тұр.
ҚАРАҢҒЫ ЖОЛДА ӨЛЕМІЗ
Этель мен Юлиус Розенбергке
Қасіретің үшін қан кешкен,
азабыңды тең бөліп
Алып едік о баста қорғаушың боп
көне жүз,
Дар астында ешкімнен көрген емен
кем болып,
Қараңғы жолда жауыңа
қарсы тұрып өлеміз.
Күңгірт күнінде түрменің
өмірді қорғап балта тұр,
Лүп етсе самал – келеді
қолаң шашыңның иісі.
Ар үшін болсақ өлетін — ажалымыз да бал татыр,
Жөнелсек деп ек өзіңмен, о,
Отан-ана, сүйісіп,
Кір жуған жердің аспанын
күркіреп келіп жау ап бір,
Тістеніп түскен ек жолға,
түтін жапқанда даланы.
Қайғы мен кектің өзі де болуы керек
сауатты,
Караңғы жолда алысып,
өлуің үшін саналы.
Түскенде жолға, Отаным,
ант етіп саған, шірендік,
Ал сол бір жолдың ақыры
түрмеге келіп тірелді.
Жеңісіміз біздің соғыспен
алынған жеңіс емес түк,
Дәл сонда шығар сорымыз?
Отырсың, құлақ, нені естіп!
Құлаған жоқпыз бірақ біз шағым
айтуға дейін кеп —
түрмеде де отырмыз
мылтығымызды бейімдел.
Өлгендер даңқы салады
тіріні қайрап ерлікке,
Өзіңді сүйген жүректер
бұлқынбай қалай қалады.
Тістеніп түскен ек жолға көзіңнен
қайғы көрдік те,
Жүректі біздің ыс қапты,
түтін жапқанда даланы.
Бірақ жас шыбық үшін біз көп жердің
тоңын жібіттік,
Жас батыр үшін даңқтың
жасадық алғаш адымын.
Өспес деймісің бір емен,
тумас деймісің жігіт бір,
Тоғанды бұзыл бір бұлақ
ақпас деймісің адуын!
* * *
Көп күйбеңнен,
аялаудан құтылармын бір күні,
Қайыршылық, қаяу ойдан
құтылармын бір күні.
Сыйламай-ақ қойсын
Сайтан шарап құйып тозақта,
Ақыл айтқан езбелерден
құтылармын бір күні.
МЕНІҢ ТЕРЕЗЕМ
Тот басқан темір кірестер
әйнекті бөліп-бөліп тұр,
Әр кіресте – қан із,
Әр кіресте — өлік тұр.
Бiр кiресте: түнгі жел дір-дір етіп
сөнеді.
Ай сәулесін, бірінде, үлбіретіп
сөнеді.
Бір кіреске кешкі бұлт
қанатын соғып құлады,
Топшысынан аққан қан бір кірестен
тұр ағып.
Әрбір күн сайын рухтың
сұлулығы мен байлығы
Өрттей боп сөніп барады –
Нөсері құйып қайғының.
Түнгі бұлт бірақ жойылып, —
Таң ата ойдан айығып,
Шыға да келдік түрменің «тентегі»
болып байырғы.
КЕЛ, ТЕЗІРЕК АФРИКАМ МЕНІҢ!
Уа, жет жылдам! —
Барабанның даусы құлағыма
тұр жетіп,
Уа, жет жылдам!
Тулаған қан қызуы жүз градусқа
тұр жетіп.
Уа, кел жылдам, Африкам менің!
Уа, кел жылдам! Басымнан өшірдім
қатер ойларын,
Уа, кел жылдам! Қайғыны
жеңілмеске қоймадым.
Уа, кел жылдам! Ауруды
темір-уыста ұстадым.
Уа, кел жылдам! Күдіктің торларын
жыртып тастадым.
Уа, жет жылдам, Африкам менін!
Балқытып құйып бұғауды —
айбынды қылыш жасадым,
Балшықтай илеп құлыпты —
оқ өтпес сауыт жасадым:
Уа, жет жылдам, Африкам менің!
Найзалар жарқ-жұрқ етеді батпақты
көлдер үстінде,
Төсекке қайта құладым атылып тұра
түстім де.
Қарайып қалған анау бір жауымнан
аққан қан ба едің!
Уа, кел жылдам, Африкам менің!
Сенің далаңды, Африка, жырларым
менің жүр кезіп, —
Ұйқасымен толқын билейді,
Джунглидің үні бар онда.
Ұлыңмын сенің, Африка,
жыр жазғаныммен түрленіп,
Арыстаныңның ашуы айбын болған
маған да.
Уа, кел жылдам, Африкам менің!
Джунглиіңнің дабылымен,
жет жылдам
Арыстанның адымымен,
жет жылдам,
Уа, Африкам менің!
ӘН
Мейлі тиран басқан жер:
көлі шөл боп курасын,
Мейлі тұтқын пақырлар
бостандығын жырласын!
Мейлі ісі жөнсіздің өзі де үнсіз
қалмасын!
Мейлі тиран тағдырын қатал сотқа
жалғасын!
Көзің көрсе өлімді —
өлтірушіден қорықпа!
Мейлі бүкіл қару, күш шықсын
қатар жорыққа!
Кәне, ешкімге көрсетпе көздеріңде
жас барын!
Айқайлаңдар қаттырак
Қорқақтықты таста әрі!
Жендеттердің қолына біздің қан-ақ
жұқсыншы,
Мейлі жаулар қорғасын жеке-қара
бастарын:
Мейлі біздің даусымыз естілсін
тек түрмеден,
Мейлі өшкен от өшсін,
Қайта жанбас, үрлеме!
Тірегіміз бар біздің –
бір дауыс пен бiр дене!
Дауыстаңдар қаттырақ!
Ең соңғы сот тұр алда!
Белгісіз бір шындық тұр —
Бергісіз мың құранға!