ОРМАН ҮНІ

Ауыл шетіндегі ағаштан қиып салынған еңселі үй – менің үйім. Күн сайын таңертең үйден шығып, орманға тартамын. Бұл менің жүрегіммен қалап алған кәсібім, жанымның қалауы, табиғатпен етене байланысымды тереңдете түсудің бірден-бір амалы. Орманға жақындап келіп, қасқа жорғадан түстім де тізгінін ердің алдыңғы қасына іле салдым. Есті жануар алысқа ұзамайды. Орманға сұғынып кірген сайын, небір дыбыстар күшейе түсті. Жаз аяқталып қалса да орманның сұлу келбетіне сызат түсе қоймаған. Аяқ астына қалықтап түсіп жатқан жапырақтар жолыма төселген кілем дерлік. Бейне бір орман маған құрмет көрсетіп, «төрлет, ұлым, төр сенікі» деп қошеметтеп тұрғандай. Әлі көтеріле қоймаған күннің алтын сәулесі орманды ешқашан түгел тінте алған емес. Неге дейсіз бе? Өйткені орман ит тұмсығы өтпейтін қалың, сондықтан түп-тамырына дейін күн шапағына шомыла алмайды. Бірақ оған бола орман тіршілігі өкіне қоймайды. Өзара күбірлесіп, сыбырласып мәз болады да тұрады. Мұнда келсем, жаныма тыныштық пен жайлылық қатар келіп қонақтайды. Кей кездерде үйдегі өлі тыныштық еңсемді езіп жіберуші еді. Мұнда тыныштық жібектей есіліп, жүрегіме нұр құйғандай ғажайып әсер береді. Орман – құстардың мекені. Қалыңына бойлай берсең уілдеп, гуілдеген, шаңқылдап, саңқылдаған алуан түрлі құстардың сайрауық әнін тыңдайсың. Әнші құстар құйқылжыта әуендеткенде құлақтың емес, жүректің қақпасын ашып тамсана тыңдау, еліте құлақ салу сүйікті дағдым. Ондайда қанатты әншілердің концертін тамашалау үшін үйеңкінің түбіне жамбастап жата кетуге дайын тұрамын. Бүкіл тірлік күйіп кетсе де сол қалпымда көсіле түсіп жата беруге дайынмын. Табиғаттың өзі ән салып тұрғанда күйкі тірлікке қор болып жүрген жүрегімнің есігін, көңілімнің терезесін шалқалай ашып, рахаттана тыңдау жаныма ләззат сыйлайды. Міне, бүгін де сарғыш-қызыл реңге бояна бастаған орман патшалығының жүрек тұсындамын. Тіршілік атаулы жаңа таңды тойлағандай өзара қиқуласып мәз-мейрам. Адамдар «бақыт деген не?» деп бас қатырады. Табиғатқа көз салсам, оның жауабы тіл ұшында тұрғандай әсер қалдырады. Бақыт – батар күнді күлімдей шығарып салып, ақ таңды аппақ үмітпен қарсы алу. Бақыттың менің жүрегімдегі анықтамасы осындай. Ол, әлдекімдер айтқандай, қол созсаң жетпейтін, жеткізсе бір сәтте ғайып болатын сағым емес. Жаныңа жақын ардақтыларың қасыңда болса, жұмысыңды сүйіп орындасаң сол да бақыт. Оңашада ой ағысына құлаш ұрып, өзімше ойшыл болып кететінім бар. Оған да себепкер – осынау сырлы табиғат, бар тіршілікті бауырына басқан орман-ананың сұлу көркі. Орманшы мамандығын таңдағанымды мақтан тұтып, абыроймен атқарып келе жатқаныма биыл он жылдың жүзі толады екен. Тұңғышым Елжас биыл тоғызға келеді, інісі Жалғас жеті жаста. Екеуі де менен айнымайтын қияли, әсершіл балақайлар. Кенет әудем жерде әр шөптің басын бір жұлып, жайылып жүрген жорғам құлағын қайшылап, осқырынып қалды. Мұнысы бөгде біреулерді көргендегі әдеті. Дереу құлағымды түрдім. Орман әнінен бөлек бір жат дыбыс естіледі. Таң атар-атпаста ағаш кесіп жүрген нендей арам пиғылды кәззаптар бұлар? Жүгіріп барып жорғама міндім де дыбысты бетке алып, тартып кеттім. Жақындағанда байқадым: бет-аузын тұмшалап алған үш-төрт еркек өзара тіл де қатыспай, дәніккен қарақшылардай ыммен ғана түсініседі екен. Райлары суық, сәл сескеніп қалсам да «ауылды жерде ешкім қару жұмсай қоймас» деген аңғал ниетпен аттан секіріп түсіп, қастарына бардым.
– Таңмен таласып ағаш кесіп жатырсыңдар. Кімсіңдер? Рұқсаттарың бар ма?
Жауап орнына қақ шекеме әлдене сарт ете қалды. Жапырағын үзуге қимай, аялап жүрген орман сұлулары қаскүнем пенделердің қолынан ажал құшып, сұлап жатыр. Есімнен танып бара жатып «мейірімнен жұрдай мәңгүрттер» деп ойлауға ғана шамам келді. Аз жаттым ба, көп жаттым ба – ол жағын ажырата алмадым, есімді жисам етпетімнен түсе құлаған екенмін. Шалқалай беріп, көзімді аштым да сиреп қалған ағаштардың арасынан жарқырай түскен күн нұры қарықтырып, қайтадан жұма қойдым. Маңдайыма тиген соққыдан басым дыңылдап барады, бетімді сипап едім, қатып қалған қанның дағын байқадым. Жорғам аулақтау жерде маған үрке қарап, қалшиып қалған. Қасиетіңнен айналайын текті жануарым, қолды болмай, жанымда қалған екенсің ғой! Табиғаттың қас жауларына керегі тек ағаштар ғана болғаны ма? Менімен бірге күңірене құлаған теректердің қарасы көрінбеді. Орнымнан тұрмақ болғам, біраз уақыт еңбектей қозғалып, әрең бой тіктедім. Айнала жым-жырт, жым-жылас. Бейне бір ешкім бұл жерде заңсыз ағаш кесіп, орманды ойрандамағандай. Кескен ағаштарын түгел жинап әкетіпті. Тәлтіректеп жүріп, төңіректі шолғам, трактордың ізі баттиып көзге ұрып тұр. Әбден басынған екен зымияндар! Басынбай қайтсін! Ұшы-қиыры жоқ орман алқабына бір-екі орманшы ғана бармыз. Аз-маз жалақыға құлшынып келіп жатқан ешкім жоқ. Елдің бәрі мен сияқты табиғатқа табынып, оның әнін сағына бермейді. Шетел киноларындағыдай шұғыл әрекет етіп, жинала қалатындай байланыс құралымыз да жоқ, техникадан да адамыз. Сенеріміз, сүйенеріміз – астымыздағы атымыз, таянышымыз – орманға деген махаббатымыз. Хаттама толтырудан басқа қолынан түк келмейтін қауқарсыз орманшыдан кім тайсалсын? Ер-тоқымға бөктерілген сөмкемді алып, картадан оқиға орнын көрсетіп, залал келген өңірді сипаттап жаза бастадым. Жорғам басын иығыма салып, тылсым тыныштыққа елтіп, мүлги қалған. Қорқаулар бұзған орман тіршілігі қайтадан өз күйін ойнай бастады. Тек кесілген ағаштардан қалған томарлар ғана қатыгез адамның қолынан қасірет шегіп, үнсіз шер төгіп тұр. Олар енді ешқашан бойлап өсе алмайды, күн көзіне таласып, сонау биікке ұмтыла алмайды. Біртіндеп шіри бастайды да мүжіліп-мүжіліп жоқ болады. Бұл жерде самсаған үйеңкі болғанын, көрікті қайыңдар сап түзегенін тек мен, орманшы ғана есімде сақтармын. Атыма мініп, жөней бергенде бұрылып қарап едім, оталған ағаштардың жетім түбірлері бүк түсіп жылап жатқан жас баладай көрініп кетті.
Ішім қан жылап, басым мең-зең болып, ауылға келдім. Қорасына қарай бүлкектеуден жаңылмайтын жорғам қақпаға дейін өзі әкелді, тізгінді бос ұстап қана отырдым. Аттан ақырын сырғып түсіп, үйге кірдім. Алдымнан шыққан апам баж ете қалды.
– Таң атпай орманға жүгіріп едің. Енді не болды?! Бетіңде сау жерің қалмапты ғой!
– Апа, салқын су мен дәке берсеңіз болды.
– Тәртіп сақшыларына барып, арыз таста. Сойқан салғандарды тапсын, жазаласын.
– Апа, оларды ешкім таба алмайды. Өйткені мен олардың түрін көрген жоқпын. Тіпті дауыстарын да естімеппін. Маңдайдан салып қалғанда есімнен танып құладым. Есімді жисам, іздерін суытыпты, кескен ағаштарын жинап әкеткен. Кімнен көремін? Одан да басымды таңуға көмектесіңіз.
Апам бір жағы орман ұрыларын қарғап, екінші жағынан мені есіркеп, басымды дәкемен мықтап таңып берді. Көзім кеңірек ашылып, жарық дүниеге толық қарай бастадым.
– Бас кеңсеге барып, хаттамамды өткізейін.
– Заң орнына баруды ұмытпа! Осылай орман аралап кісікиіктеніп жүре берсең, өлігіңе құзғындар тояттар. – Соңымнан айғай салған апамның сөзін елең қылмай, жорғамды суардым да ер-тоқымын қайтадан салып, бас кеңсеге тарттым. Түрімде сау-тамтық қалмаса керек, ондағылар жын көргендей шу ете қалысты.
– Жау алыстан келген болар, – десті.
– Білмедім, ештеңені зерделеп үлгермедім.
– Ұйымдасқан сыбайлас жемқорлар шығар, – деді әріптесім Бақан.
– Рұқсат етілмеген жерден ағаш кесу үшін де жемқор болу керек пе? Асыра сілтемеші, – дедім езу тартқан болып.
– Жұмысқа шықпа. Тырп етпей үйде жат. Онсыз да еңбегіңіз сіңіп жүрген жігітсіз, –деп Қызырбек жаны ашып.
– Үйде қамалып жатсам, одан бетер ауру болармын. Одан да жұмысқа келе берейін, – дедім өтініп. Миым аузыма түскендей болып, басым солқылдап бара жатқанын ойламауға тырыстым. Біраз кеңесіп отырған соң әркім өз жөніне тарай бастады. Сол сәт санамда бір ой жарқ етті.
– Әй, жігіттер, біз орманшымыз ғой. Біздің басты міндетіміз орманды, ондағы тіршілік атаулыны қорғау, бақылау, есеп жүргізу. Солай емес пе?
– Айдан анық нәрсені несіне қайталап тұрсың? Өзіңше жаңалық ашқандай болмашы! – деп қыжыртты Бақан.
– Сіз шынымен басыңызды қатты ұрып алған сияқтысыз. Үйіңізге барып, тынықсаңыз қайтеді? – деп қамқорсыды Қызырбек.
– Ауданда бай-қуатты азаматтар бар емес пе. Солардың демеушілік көмек көрсетуін өтініп, мекемелеріне ресми хат жазайық. Қолымызға қару, астымызға тым болмағанда велосипед алып берсін. Орманға кіретін жерлерге бақылау камераларын орнатайық. Сонда ісіміз алға баспай ма?
– Бұны жоғары жақ қамтамасыз ету керек. Қай кәсіпкерге барып көз сүземіз? – деп Бақан бірден кері тартып шыға келді.
– Сұрап көрейік. «Жыламаған балаға емшек жоқ». – Жастықтың жалыны ма, әлде менің сөзімнен желік бітті ме, Қызырбек мені дереу қостай кетті.
– Ендеше, бастайық. Қызырбек, сен жассың. Компьютерді жақсы меңгергенсің. Мен хаттың мәтінін айтып отырайын. Сен жаза бер.
Аядай кеңседе тыныштық орнады. Мемлекеттік мәселені шешіп отырғандай байсалды түрге еніп, мәжіліс құрып ұзақтау отырып қалдық. Қызырбек дайын болған хат мәтінін дауыстап оқи бастады. Хат былай аяқталады:
– «…Табиғат – біздің анамыз. Аяулы анамызды көзіміздің қарашығындай қорғауымыз керек. Бұл үшін тек жүректегі сүйіспеншілік аздық етеді. Біз, осы өңірдің орманшылары, қолымызға керекті жабдықтар тисе осы алқапты бұрынғыдан да жайқалта түсуге ант етеміз!»
– Пай-пай, не деген әсерлі сөздер! Әкім оқып, көзіне жас алып жүрмесін, – деп кекетті Бақан.
– Кинодағыдай сөйлеп кеткен жоқпыз ба? Мүмкін сәл-пәл әлсіретіп, қарапайым сөзбен жеткізу керек шығар, – деп екі ойлы болып қалды Қызырбек.
– Сөз сүйектен өтеді. Осындай өткір, отты сөз ғана жетесіне жетеді олардың.
Хат мәтінін екі мекемеге жолдадық. Бұл ісімізден аудандық бөлім хабарсыз еді. «Хат жаздым қайран болса» деп үшеуміздің жазған өтініш-зарымызға құлақ асар тірі пенде табыла қояр деген үмітіміз де аз. Күн артынан күн өтіп, тіпті хат туралы ұмытып та кеткенбіз. Ана дүниеге аттанып кете жаздаған сол күнгі оқиғадан кейін жалғыз-жарым орман адақтамайтын болдық. Мен көбіне Қызырбекті ілестіріп аламын. Ауылдан кетпей қалған аз ғана жастардың бірі осы Қызырбек. Екеуміз атымызды желдіртіп, қатар келеміз. Шығыстан тұрған желдің әсерінен орман іші у да шу.
– Аға, сізге айтсам ба екен, күлкі қылмайсыз ба? – деп қибыжықтады Қызырбек.
– Айт күмілжімей. «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң мәкүрік» деген. Сөзіңді ірікпе.
– Мәкүрік деген немене?
– Қазақтың мәтелін қазаққа түсіндірейін бе енді? – деп қасымда жуас торысымен қатарласып келе жатқан Қызырбекке жақтырмай қарадым.
– Мағынасын түсінемін ғой. Әлгі сөзді айтамын.
– Тіліңнің ұшына келгенді тежемей айт енді.
– Бұрын орманды анау өзен жағасына дейін аралап жүре беретінмін. Сонда табиғаттан түрлі дыбыстар естіп, таң қалушы едім. Соны Бақан ағаға айтқым келіп, «орманға кірсем, оркестр ойнайды» деп едім, ішек-сілесі қатып күлсін.
Жас жігіттің мына сөзіне балаша қуандым. Орманның мұңын, оның күн сайын сыбырлап қана айтар сырын мен ғана естімейді екенмін. Қойнындағы тіршілікті түгендемей қамқорлығына алған орман-ананың шырқай салған әнін жүрегімен тыңдайтын өзімдей тағы бір жан табылғанына риза болып, ат үстінен Қызырбекті арқасынан қақтым.
– Сенімен бұрын жақын сөйлеспеген соң көп нәрсені білмей келіппін. Енді байқасам, екеуміз рухани егіз сияқтымыз. Жарайсың, орман әнін түсінеді екенсің. Кеттік анау алаңқайға. Табиғат-шебердің қолымен жасалған дөп-дөңгелек алаңқайға барып, сәл тыныстайық.
Екеуміз шоқыта жөнелдік. Алдымыздан күзгі салқын самал есіп, маңайымыздағы ғажап иістерге елтіп, мың құбылған алуан түске тәнті болып, алаңқайға жетіп келдік. Аттарды жібере сала, қалың өскен шалғынға бауырымызды төсеп жата кеттік.
– Өзге қатарластарың секілді қалаға кетпеуіңнің себебін енді түсіндім. Табиғат–бесікте тербеліп жүре бермексің ғой, – дедім әзілдеп. Қалжыңыма қабақ түйген түр көрсетпеген Қызырбек шалғынды жастанып шіреніп жатыр.
– Мен қалада тұра алмаймын. Мынадай таза ауа, сан түрлі құстарды панасына алған орман-тоғайдың желмен қосыла салған әуенін сағынып бітермін.
– Апама жездем сай дегендей болдық, – деп ақтарыла күлдім. Шын сырласын тапқан азаматтың шынайы күлкісі еді бұл.
– Мақал-мәтелді көп айтасыз. Соған қарағанда, кітапты көп оқитын сияқтысыз, – деді Қызырбек маған қарай жамбастай жылжып.
– Ұзақ кешті теледидар алдында өткізбеймін. Оралханның «Қар қызын» осымен жетінші рет оқып жатырмын. Шіркін, Орағаң!
– Мен ғаламтордан қазіргі ақындардың өлеңдерін оқимын. Кешелі бері оқығаным – ақын Ғалым Қалибекұлының «Қара Ертіс» поэмасы. Міне, нағыз ақын!
– Ғаламтордан кітап оқу дегенді сенен үйрену керек екен. Ал, тұрайық, тірлігімізді жалғастырайық.
Үсті-басымызды қағып, атымызға мініп, жалғыз аяқ соқпақпен аяңдай отырып орманның өзенмен түйісер тұсына дейін тінтіп шықтық. Қайтар жолда серуендеп шыққан ауыл балаларын кері қайтардық. Қалың орманға ішкерілеп енсе адасып кетулері ғажап емес. Ауданнан тым шалғай орналасқан бұл өлкеде құтқару қызметіне жүгінген адам болған емес. Сондықтан балаларды адасып кетпей тұрғанда үйлеріңе қайтыңдар деп қуып жібердік. Қызырбек ат үстінде ыңылдап әндетіп келеді. Байқасам, Сәкеннің «Тау ішіндесі».
– Менің сүйікті әнім.
Орманда келе жатып «Тау ішіндені» айтқан жараса ма өзі? – деп құлшынды Қызырбек.
– Сендей өнерлі жігітке бәрі жарасады, – деп қостадым оны. Сәлден соң Қызырбек тамағын кенеп алып, тағы бір әнді шырқай жөнелді. Сөйлегенде күмбірлеп тұратын дауысы ән салғанда тіпті құбыла түседі екен. Кең тынысты қоңыр үн құлағыма майдай жағып, көңіліме сезім өрнектерін салғандай.
– Бәрекелді! Жігіттің төресі екенсің ғой. Сендей жігітке қыздардың бәрі ғашық шығар, – деп бағасын арттыра түстім.
– «Әнің жақсы» деп ғашық болған қызды көрмедім. Бірақ «қиялисың» деп кінәлаған бойжеткен болған, – деп Қызырбек жүзі нұрлана түсіп, тебініп қалды.
– Қызырбек, үйге жүр, апамның дастарханынан дәм тат. Өзің бойдақсың. Іздейтін келіншегің де жоқ, – деп үйге шақырдым. Ауылға келсек, қалаға қыдырыстап кеткен әйелім қос ұлымды алып, таксиден түсіп жатыр. Аттан секіріп түстім де екі қошақаныма құшағымды жая ұмтылдым.
– Балапандарым, қалай демалдыңдар қалада? – деп екеуін беттерінен алма-кезек сүйдім.
– Әке, қаланың үйі кішкентай, бірақ биік болады екен, – деді тұңғышым.
– Қалада жалған тоғайлар өседі, түнде қып-қызыл болып жанады, – деді кішкентайым аузын бұртитып.
– Саған ше, қала ұнады ма? – деп келіншегімді иығынан құшақтадым.
– Қайтқанша асықтық. Апам мен әкем «төркіндеп ұзағырақ жат» деп қолқалаған соң, тағы бір аптаға әрең қалдық. Қапырық ауа, шаң-тозаң, у-шу.
Әйелім қала сапарынан алған әсерін қысқаша баяндап, апаммен амандасып, үйге кіріп кетті.
– Жеңгеңнің қолынан дәм тататын болдың, – деп жымидым Қызырбекке.
«Балалы үй базар» деген. Елжас пен Жалғастың жаңалық айтып, үйді бастарына көтергені сонша, оларды қызықтап апам екеуімізде ес қалмады. Он күннің ішінде кәдімгідей сағынысып қалыппыз.
– Кейін балалар өссе, қалаға қайтіп бой үйретеміз? – деді әйелім ақырын ғана.
– Апама жақпайтын тақырыпты қозғама. Сол кезде көреміз, – дедім баяу ғана.
– Мен жоқта көзің ағып кете жаздапты ғой, – деп келіншегім еркелей қарады.
– Сенің қалаға кеткеніңді пайдаланып, таяққа жықты ғой оңбағандар! – Мен де мұңымды шаққан болып, сағынғанымды астарлап білдіріп жатырмын.
– Содан кейін жалғыз жүрмейтін болдық. Орманды екеулеп аралаймыз, – деп Қызырбек те әңгімеге араласты.
Көңілді отырып тамақ ішкен соң Қызырбекті ауланың сыртына дейін шығарып салдым. Батып бара жатқан күнге қарап тұрып, анам: «Құдайға тәуба, бұл кешті де амандығымен қарсы алдық», – деп шүкіршілік етті. Мен де ертеңгі таңнан іштей жақсылық әкелуін тіледім.
Ертеңгі күн күткенімдей ақ қауырсын жаңалық әкелудің орнына құлаққа түрпідей тиер тұрпайы сөзден басталды.
– Маған ескертпей тіленшілік жасауға ақылдарың қалай жетті? – деп ызбарланды бастық.
Қызырбек күлімсіреп, мен жөткірінген болып, Бақан міз бақпай отыра бердік.
– Жоғарыға арыз жазып, істеп жүрген бар жұмысымды жоққа шығардыңдар! – деп бастық тағы түйілгенде шарт ете қалдым.
– Арыз емес, ұсыныс-хат жаздық. Өмірімізді қатерге тігіп, қашанғы орманды жаяу аралаймыз? Ең керекті жабдықтарды алуға қаржылай көмектесуді ғана сұрадық. Оның несі айып?
– Сені таң сәріден тұрып, орманға безіп кетеді дейді жұрт. Сонда шалынып құлаған боларсың. Әйтпесе жердің астына кіріп кеткендей ұшты-күйлі жоғалған ол не қылған ұрылар?
– Басеке, онсыз да жарытымсыз жалақыға жұмыс істейміз. Енді сізге намысымызды таптатып, сөз естір жайымыз жоқ. Әрі Тұрсын өтірік айтатын адам емес.
Қызырбек бастап, Бақан қолдап, екеуі де жақтасқанда айызым қанып, бастыққа сынай қарап отыра бердім. Ол бізден мұндай ұйымшылдық күтпесе керек, кәдімгідей аңтарылып қалды.
– Сол күнгі оқиға қалай болғаны жайында хаттама жазылған, сенбесеңіз соны қараңыз, – дедім салқын дауыспен.
– Жұмыс кезінде жарақат алғаны үшін Тұрсын ағаға қаржылай қолдау көрсетуге міндеттісіз заң бойынша, – деп Қызырбек кітапты текке оқымайтындығын байқатты.
– Сол оқиға болған жерде бейнебақылау камералары тұрғанда мұндай сойқанға жол берілмес еді.
Бақанның сөзі бастықпен тәжікелесуімізге қойылған нүкте болды. Бастық жоғарыдан келген қоңырауларға жұмсақ үнмен жауап беруге кірісті. Біз шығып бара жатқанда телефоны тағы шылдырлады. Сөйтсек, аймақтың алпауыт кәсіпкері Жәнібек бізбен жүздеспек ниеті барын айтыпты. Бастықты ортаға алып, жеңіл көлікпен жетіп бардық. Қанша жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан Жәнібек сөзді қысқа қайырды:
– Хаттарыңызбен таныстым. Дұрыс жазғансыздар. Кешеден бері кәсіпкерлерді ортақ іске жұмылуға үндеп жатырмын. Нәтиже жоқ емес. Он шақты кәсіпкер жиылып, тізімдегі заттарды алып беруге келістік. Әлде ақшасын ұстатсақ, өздеріңіз сатып аласыздар ма?
– Ақшасын алайық, – деді бастық жылдамдатып.
– Заттай берсеңіз, – дестік үшеуміз бір кісідей.
Ақыры Қызырбек ғаламторға кіріп, жақсы делінген бақылау камералары мен рацияларды таңдап алды. Ақылдасып отырып, өзге жоғымызды да түгендедік. Қалаға арнайы тапсырыс беріп, он күн шамасында жеткізілетінін айтқан Жәнібекке көзім тоймай қарай бердім. Сырт көзге қабағы қатулы, тәкаппар көрінетін егде жастағы қимылы ширақ азамат нағыз табиғат жанашыры екен.
– Орманды, жалпы табиғатты бүгін қорғамасақ, ертең балаларымыз тақыр жерде ойнайтын болады. – Жәнібек менің ойымды оқып қойғандай, саңқ етті.
– Ақ шаң қауып дейсіз ғой, – деп Қызырбек оның сөзін жалғай түсті.
– Иә, тура солай.
– «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бар, – дедім мен де үнсіз қалмайын деп.
– «Бір тал кессең, он тал ек» деген де бар. Бізде көшет отырғызу ісі мүлде қолға алынбай келеді. Ол үшін қыруар ақша қажет. Жылына екі мәрте көшет отырғызсақ, орманды сақтап қалудың бірден-бір жолы сол болар еді, – деді Бақан көп сөйлемейтін, сөйлесе тауып айтатын тура мінезіне басып.
– Бұл – болашақтың ісі, жігіттер, – деп жақауратты бастық.
– Күз келе жатыр. Кәсіпкерлерден қайта-қайта ақша жинай беру ұят болар. Келесі көктемде ақылдасайық ол шаруаны, – деген Жәнібек сөз біттіге сайып, орнынан тұрды. Бәріміз соңынан еріп, қос қабатты зәулім дүкеннен шыға бердік. Бастықтан өзгеміздің қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр.
– Неге ақшаны алмадыңдар? Мен жеп қояды деп қорықтыңдар ма? – деді бастық көлікке отырып жатып.
– Жоқ, – деді Бақан. – Сонша затты сатып алып, қаладан тасымалдап жеткізу, оны құрғызу қиямет-қайымның шаруасы. Сіз де шаршайсыз, бекер әуреленбесін дедік.
Бақанның сөзін мақұлдап, бас изесіп, кеңсеге келдік. Көлеңкеде қаңтарулы тұрған атымызға мініп, Қызырбек екеуміз орманға бет алдық.
– Менің момын торым көп мінілмей, семіріп кететін болды-ау. Бұйырса, енді мотоциклмен жүреміз, – деді Қызырбек арсалаңдап.
– Жүргізуші куәлігің бар ма? – дедім оның аптығын баспақ болып.
– Менде бәрі бар, аға, куәлік те, туған жерге деген сүйіспеншілік те, еңбекке құмар жүрегім де бар.
– Асқақтап сөйлейсің, бір күні ақынға айналып кетер ме екенсің, – деп әзілдедім.
– Аға, біз ат мінбей, мотоциклмен келсек, орманның әні үзіліп кетпей ме? – Ол кәдімгідей қауіптенгендей, жан-жағына аса сақтықпен құлақ түрді.
– Орман-ана баласы қандай кейіпте келсе де құшағын жайып қарсы алады. Оған күмәнсіз сенемін.
– Мотоциклмен құйғытып, қолымызға рация ұстап, неше түрлі өсімдікті фотоаппаратпен суретке түсіріп жүрсек қандай тамаша болар еді! – Қызырбек кәсіпкерлер орнататын жақсылыққа көңілі алаулап, алға қарай ұмсына түсті.
– Қара бақайымызға дейін заманауи техникамен жабдықтаса ұрылар да аяқтарын аңдап басатын болады, – деп мен де көңілді райымды бұдан ары ірке бергім келмей, шаттана сөйледім. Саққұлақ орман қуанышты даусымызды жұлып алып, бір-біріне сыр етіп күбірлеп тұрды. Орманда шынымен де ғажайып үн бар. Тек соны тыңдай білетін жүрек керек. Орманда тылсым сыр бар, оны түсінетін ыстық көңіл керек.

 

Жеңісбек КӨКЕНОВ




ПІКІР ЖАЗУ