ОРТАҚ МҮДДЕ ЖЕҢІСІ
Ұлт-азаттық қозғалыс тарихынан сыр шертетін «Алашия» рисәләсінен ұсынылып отырған төмендегі шағын үзінді ұлттық қайраткерлердің күресін, монархия құлағаннан кейін өткен бүкілресейлік тұңғыш мұсылман съезіндегі пікір қақтығыстарын, қол жеткізген жетістіктерін арқау еткен.
1
Ресей мұсылмандарының Ақпан өзгерісінен кейінгі алғашқы съезінде болашақ мемлекеттік құрылым түрі хақындағы айтыс-тартыс созылып кеткендіктен, арасында басқа мәселелер жайында да әңгіме қозғалды. Сондай сөздің бірі 1917 жылғы төртінші мамырда болды. Бұл күні дүниежүзілік соғысқа империя бұғауынан азат мұсылмандардың көзқарасын айқындап алу мәселесі талқыланды. Ресей бұдан екі жарым жылдан астам ілгеріде, Тақ нық тұрғанда белсене кіріскен, енді Тақ төңкеріліп түскенмен, бұрынғысынша, бірнеше майдан құрып шайқасып жатқан. Осыған қандай көзқарас қалыптасқан?
Уақытша Орталық мұсылман бюросы бұл тақырыпқа да баяндама әзірлеп әкелген болатын. Бюро төрағасы Ахмед Цаликовты тыңдап болғаннан кейін, Қаратаев сұлтан осы тарапта пікір айтпай тұра алмады. Ол съезге байырғы белгілі қайраткер ретінде арнайы шақыру алуына байланысты қатысуда-тын. Сондықтан да, көпшілікті толғандырған мемлекеттік құрылым түрі хақында сабыр сақтап, жастарды тыңдаумен шектелуде еді. Енді, өзі өзекті де зәру деп білген мәселе көтерілгенде, байыз тауып отыра алмады. Мінберден қолын жігерлене сілтей сөйлеп, дүниежүзілік соғыстың мақсатын әшкереледі.
Осында отырған саясатшыларға мәлім, кешегі құлаған өкімет өз ниетін Петроградтағы ағылшын және француз елшілігіне дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан алғашқы жылда-ақ арнайы естелік жазба жолдап білдірген. Күллімұсылман құрылтайының мүшелері ойлансын, патшалықтың озбыр үкіметі әлемдік соғыс біткеннен кейін, өзіне Стамбулды қаратып алуды жоспарлаған!
Қайран орыс әкімшілігі, сарыала оқалы генералитет, саналары жаулап алушылықпен уланған жандаралдар тобыры-ай десейші! Олар өздеріне өздері отаншылдықтың мазмұны іспетті белгілеген сара жолды ешқашан ұмытқан емес. Оны – Константинополь-Стамбулды алып, Айя-Софья жәмиі күмбезінің төбесіне үш жолақ байрақ тігуді – бұдан қырық жыл бұрын генерал Жәңгірханов Сұлтан Шыңғысхан қатысқан орыс-түрік соғысында да орыс офицерлері ашықтан-ашық армандаған екен. Сонда, туысқан ағасының аузынан Қаратаевтың бертінде естігеніндей, жаулап алғыштардың армандарының күлін көкке ұшырған жәйт – өзінен зор шыққанында жатқан. Түрікке тілектес өзге жұрттың соғыс кемелерінің бар қару-жарағын самсатып түрік суларына енгені, сөйтіп орыс әскерлерінің алдарын орап, «отаншылдықтарына» тосқауыл қойғаны олардың арманын елеске айналдырған еді.
Енді жаһандық соғыста ақ патша шонжарлары солармен одақтасып, дүниені бөліп алуға тілек білдіре қойыпты. Орыс төрелері бір кезде қолдары жетпеген қиялдарын енді жүзеге асырмақ! Константинополь қаласын иемденеміз дейді. Босфор бұғазының, Мәрмәр теңізінің батыс жағалауын аламыз дейді. Дарданелл, Оңтүстік Фракияның біраз жерін, тағы басқа аймақты алып Россияға қосамыз дейді. Олардың ондай пиғылдарына Англия келісім берген, Франция да қарсы болмаған. Бірақ олардың да іш есептері бар, тек Россия олардың өз саяси мүдделеріне, басқа аумақтарды өз қоластарына алу ниеттеріне оң көзбен қараса болғаны…
– Мырзалар, басқыншылық ойдағы хұкімет сахнадан кетті, – деп күркіреді Қаратаев, – патша тақтан құлады! Енді не жорық? Уақытша хұкіметтің соғысты жеңісті ақырына дейін жеткіземіз деуінде не мақсат бар? «Константинополь – Россияға тән!» ұранымен соғысуды жалғастыра беруге – бостандықпен қол ұстасып тұрған исі мұсылман қалай көнбек?
Сұрақтарды осылай төпеп-төпеп қойып алды да, оған өзі жауап берді:
– Жә, жетеді! Мұндай жаулап алушылық соғысқа ашық қарсылық білдіретін кез келді!
Қаратаев Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының Петроград кеңесі бүкіл әлем еңбекшілеріне жолдаған үндеуді дұрыс деп біледі. Және осынау үлкен құрылтайда бас қосқан делегаттардың баршасын соны қолдауға шақырады. Мұсылмандар бейбітшілік үшін дауыс беруге тиіс! Ешқандай аннексия[1] мен контрибуция[2] қолданылмайтын бітім орнатылуға тиіс! Мұсылмандар Ресейді азаттық үшін күресу мақсатында қорғауды қажеттілік деп біледі, бірақ оның жаңа жаулаушылық пен басқыншылыққа баруына қарсы, білсін мұны барша жұрт!
Оның ойы социал-демократ, меньшевик Цаликов баяндамасында дәйектеген пікірге сайды. Талқылау барысында соғысты аяғына дейін жеткізуді қолдайтындардың азшылыққа ұшырағаны мәлім болды. Ақыры, күлліресей мұсылман съезінде алғаш қабылданған төртінші мамыр күнгі қарар Ахмед Цалыккаты мырза ұсынғандай, одан Бақытжан сұлтан қолдағандай бағытта, бір ауыздан қабылданды. Бұл бағыт бұдан бір айдан астам уақыт бұрын Петроградта Ахметзаки Валидов мұрындық болып, осы Ахмед Цаликов бірінші боп қол қойған үндеуде нобайланған еді.
Кадеттердің жетінші съезі мінберінен айтқан «соғысты жеңіске жеткенге дейін жүргізуге қолдаушылық» сөзі үшін мұсылман қозғалысының байырғы қайраткері Садри Максудиге сондай қарсылық көрсетілген болатын. Енді мына жалпымұсылман съезінің шешімімен бұл қарсылық мүлдем тегеуірінді көрініс алды. Және, Өтемістің байқауынша, қазақ халқын тура жолға бастайды деп пәлен жылдан бері үміт артып келе жатқан қос көсемнің – Қаратаев пен Бөкейхановтың бұл мәселеде де саяси ұстанымдары үйлеспейтіндігінен осы құрылтайдың көңіл-күйі белгі бергендей болатын.
Қаратаев социал-демократиялық бағытқа көптен оң көзбен қарайтын. Патша тақтан құлағаннан кейінгі жерлестері арасында өзіне қатысты бой көтерген оқиғалардан соң – атап айтқанда, алғаш ұйысқан қазақ азаматтық комитетін қайта құру, сол әрекет арқылы оның басында тұрған өзіне сенімсіздік көрсету мәселесі орын алғаннан кейін – ол социалист-революционерлер құрған Орал облысы азаматтық комитетінің құрамына енді. Сонда қызмет атқарып жүріп, Қаратаев осы жалпымұсылман съезіне келді. Еліне оралғаннан соң, енді көп ұзамай, жұмысшы-шаруа депутаттары кеңестерін құруға араласа бастайды. Сосын одан да солақайланып, тіпті, большевизм құшағына біржолата құлайды…
Ал Бөкейханов бұл күнде Орынборда жаңа үкімет комиссары ретінде, жергілікті жерде – Торғай облысында кадеттер бағытын жүргізуді жүзеге асырып отырған. Ол қазақ бауырларына өз пайымын ақыл етіп айтты. Оларды өз орнын білуге шақырды.
– Біліп қойыңдар, болып тұрған бостандық, теңдік, туысқандық біздің қазақ баласына жоқ жерден аспаннан түсті, – деді Әлихан Бөкейханов. – Бұл жақсылыққа бізді кездестірген – біздің мемлекеттің тұрмыс тарихы, орыс жұртының ерлерінің жүз жыл сарп еткен қызметі. Надан біз түгіл, жалпы орыстың көп жұрты мұжыққа да бүгінгі жәйт аспаннан түскен, ойда жоқ жақсылық. Мұжық болсын, татар болсын, қазақ болсын, ондай жақсылық қадірін әлі күнгі біліп жатқан жоқ.
Тарих сахнасына шыққан озық ойға халықтың ілесе алмай тұрғанын уайымдады.
– Сабасына қарай піспегі болмады, – деп пайымдады ол. – Жұртқа бостандық, теңдік, туысқандық болған соң, жұрт бостандықты бұлданып, өз тізгінін өзі алып, қағушы, соғушы, күзетуші енді өлді деп күшейуі керек еді. Жұрт теңдікті бұлданып, ер-әйел, бай-кедей, мырза-бұқара, төре-қара, ақсақал-жас деп бөлмей, бәрін тең ұстау керек еді. Жұрт бостандықты бұлданып, бір туған ағайын, құда-тамыр, ден қарындас, көрші демей, барша адам баласымен ағайындық, туысқандық жолына тарту керек еді.
Алайда олай болмай тұр деп ойлайтын Әлекеңнің иланымы берік:
– Бостандық, теңдік, туысқандық – он сегізінші ғасырдан бері жарыққа шыққан таза пікір. Мұны майданға салған – Франция жұртының саяси ерлері. Осы үш түрдің бәрі біздің шариғаттан, інжілден, будда оқуынан, Лев Николаевич Толстой философиясынан табылады. Көзі ашық талапты ер ізденсе болды, біледі мұның бәрін. Бұл үш ұраннан бөлек адам баласының бақыт, махаббатына жол жоқ.
Осы реттегі оның берік сенімі мынандай:
– Бостандық, теңдік, туысқандық – қазақ баласына олжа болды.
Қазақ баласына олжа болған бостандық, теңдік, туысқандықты баянды ету үшін ол Уақытша үкімет орынтағына отырысымен, облыстағы билеу тетіктеріне өз пікірлестерін тағайындады. Облыс тұрғындарын әрдайым бірлікке, ынтымаққа шақырды.
Торғай қазақтарының құрылтайынан екі аптадан соң өткен облыстағы орыс шаруалары мен қазақтардың съезінде үкімет саясатын түсіндірді. Соғыстың екі бағытта жүріп жатқанын айтты. Бір бағыт – сыртқы жаумен шайқас болса, екіншісі – құлаған мемлекеттік құрылыстың дұшпандығымен күрес болып табылатынын ескертті.
– Шаруалар мен қазақтар, естеріңізде болсын, – деді, – майданда жауды жеңбейінше, ал тылда, өз үйімізде бейбіт еңбек қалпын қамтамасыз етпейінше – біз жеңіп алған бостандығымызды нығайта алмаймыз. Осыны ұмытпаңдар!
Ортақ міндетті былай тұжырымдады:
– Елде тыныштықты сақтаңдар! Ал майданға азық-түлік жөнелтіңдер!
Нақты тапсырмаларын айтты. Көшпенді қандастарына қарап:
– Қазақтар, мал беріңдер! – деді
Жер емген шаруаларға қарап:
– Орыстар, нан беріңдер! – деді.
Соғыс жүргізіп жатқан демократиялық мемлекеттің Торғай облысындағы әкімі Әлекең:
– Осылай ету арқылы біз жаңа үкіметімізге нақты көмегімізді тигізе аламыз, – деп тұжырды.
Бостандық буына масайған кей үйез қазақтары патшалық тұсында айрылған жерін талап ете бастағанда, оларға басу айтты. Орыспен тату тұруға шақырды. Жер мәселесін құрылтайшы жиналыс шешіп береді деген белгілі уәжді қайталады. Оған дейін жер-суымды қайтарам деп мазасыздық туғызушыларға жаза қолдануға әзір екенін жария етті.
Не керек, Уақытша үкіметтің саясатын Торғай облысында ойдағыдай жүргізді.
Мәскеудегі мұсылман съезінен сәл кейін, Петроградта, 1917 жылғы мамырдың ортасында, кадеттердің сегізінші съезі болды. Жаңа орталық комитет сайланды. Сол құрамға 1908 жылдан Санкт-Петербургтегі «Полярная звезда» масон ложасының мүшесі, масондардың самаралық тобын құрысушы, Самара саяси топтарында, әсіресе социалист-революционерлер ішінде белсеніп көрініп жүрген қайраткер, кадеттер партиясының 1915 жылғы тамызда ұйымдастырылған Самара губерниялық комитетінің мүшесі, земство либералдық қозғалысына қатысушы, батыс майдан земгор басқармасында бұратаналар бөлімін басқарушы болған, Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары Алексей Николаевич, яғни Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов та енгізілген-ді.
Елдегі озық саяси партияның орталық комитетінің мүшесі болып сайлануына оның Дала өлкесіндегі бұратаналар арасында беделі мүлдем жоғары болып тұрғаны да ықпал етуі ғажап емес.
Содан екі ай өткен соң, Орынборда тұңғыш жалпықазақ съезі болғанда, Әлекең өзі орталық комитетінің құрамына сайланған кадеттер жолын қолдап сөйлеп, енді құрылмақ қазақ партиясы ұстануға тиіс бағытты нобайламақ болды. Делегаттардың баршасы ұстанған автономия құру идеясын да ә дегенде қолдай қоймады. Өйткені ол о баста батысшыл және унитарист еді.
Ол ұлттық бағытқа біртіндеп келеді…
2
Жарыссөз барысында федерализм пайдасына мынандай жолау да айтылды:
– Ғаяз мырза айтып тұрған заң шығаратын мекемені бұрын Мемлекеттік Дума десек, енді, бәлкім, парламент дерміз. Оған күллі мұсылман бірігіп бірнеше өкіл ұсынғаннан гөрі, әр мұсылман жұрты өз өкілін енгізгені тиімді болмас па екен?
Тап осы ой басқаша түрде де дамытылды:
– Шынында, кешегі ескі парламентте, бәріміз де көрдік қой, исі түркіге, исі мұсылманға ортақ көрген, баршамызға ортақ деп білген аздаған депутаттарымыз болды емес пе? Бірақ, айтыңыздаршы, сондағы өкілдеріміз – Думадағы мұсылман депутаттары әр мұсылман жұртының мұңын жырта алды ма? Жоқ, әрине!
Сосын сол жоқтың себебі тарқатылды. Өйткені, десті, осынау құрылтайға қатысушылардың әрқайсысына мәлім, бұратаналар өкілдерінің Думадағы саны саусақпен санарлықтай шамалы еді. Әйгілі «3 маусым» төңкерісінен кейін мәселе жылы жабылып, онда барша мұсылман халықтарынан өкілдер болуы ескерілмеген болатын. Соны түзеуге септесу мақсатымен мұсылман фракциясы жанынан бюро құрылып еді, оның да өтімділігі шамалы боп шықты. Себебі, жалпы Дума мүшелерінің саны олардың үнін шығармастай мол-тын. Кез-келген мәселе бойынша солардың дегені боп, дауыстары бұларды емін-еркін басып кететін. Сондықтан да одан сабақ ала білу ләзім.
Осылай пайымдаған федерацияшылдар:
– Мұсылмандардың ортақ мүдделерін айқындап, тиісті орынға мәселе қойып тұратындай етіп, осы сиязды дайындаған бюро тәрізді бір орталық кеңес құру қажет-ақ, бұл жалпы дұрыс идея, – деді, – бірақ ол автономиялық бірліктер жасауға кедергі келтірмеуі керек. Қайта, соның бірден-бір қамқоршысы болуға тиіс. Жаңа Ресей басшыларын сол құрылымға иліктіруі қажет.
Мұның бір-де-біріне илікпеген Ғаяз мырза өз ұсынысын дәйектеудің тағы бір жолы ретінде:
– Еділ бойы татарлары бүкіл Ресей мұсылмандарына жол көрсетпекші. Өз мәдени автономияларын құрып, сөздерінің ақтығын нақты іспен дәлелдемекші, – деді.
Оған патшалықтан кейін бой түзеп жатқан мемлекетте территориялық автономиялардан тұратын федеративтік құрылым болуын жақтаушылар мән бермеді. Кейінірек, Ғаяз мырза ондай әрекетін шынында жасайды, бірақ оған әлі біраз уақыт бар…
Айтыс-тартыс бір аптаға созылды. Унитаристер кейінгі сөздерінде Қазақстанды, Түркістанды, Кавказды мұсылман азаттығының ұлы мұраттарына кедергі келтіретін зиянкестік бағытта тұр деп тұқыртуға тырысты.
– Олардың автономия алуына жол беруге болмайды! – деп, ашық ұрандады.
Бір кезде Қаратаев мырза қазақ елін біріктіруді аңсағанының белгісі ретінде «Қазақстан» деген газеттің шығуына қамқоршы болған еді. Егер сол Дала өлкесі шынымен Қазақстан атанып бөлек шықса, оған башқұрттардың шығыс бөлігі қосылам деп жатса, Түркістан, Кавказ бөлінсе, онда Россия шегіндегі орыс мұхиты ішінде Татарстан жағалары жырымдалған арал тәрізді боп қалмақшы. Мұның астарын съезд делегаттары парықтар ма екен?
Тым болмаса мына жәйтке ой жүгіртсінші: Қазақ даласы мен Түркістан өлкесінде жер көп. Егер олар дербестеніп бөлінсе, олардың ішіне татарлар көшіп бара алмай қалады. Қазақтар мен сарттардың тек өздерін ойламаулары абзал…
Аңғал пайым. Федералистер бірінен бірі аса сөйлеп, ондай пайымдардың тас-талқанын шығарды. Түркістан өлкесінен келген Зәки, Көлбай секілді делегаттармен қатар, байырғы мұсылман қозғалысының қатысушысы ретінде арнайы шақырумен қатысып отырған Серәлі нақты жағдайды әңгімеледі. Олар өлкедегі мұсылман съезі бұл тарапта тап қазіргідей пікірталас тасқыны астында қалғанын, дегенмен сындарлы пайымға бәрі тоқтағанын, осында да солай болуға тиістігін тілге тиек етті.
Әр елдің дербес дамуы арқылы елеулі жетістіктерге жете алу ықтимал. Ал соған автономия мүмкіндік береді. Мұны мойындау жөн. Және бұл ретте ешкімнің де Ресейден мүлдем бөлінеміз демейтінін есте тұту қажет…
Не керек, мемлекеттік құрылым түрі бірінші кезекте сөз болып, съезд залында да, комиссия мәжілістерінде де толассыз талқыланған еді. Ұзақ талқыға түскен осы маңызды мәселе жайында қаулы тек жетінші мамырда қабылданды. Оған дейінгі айтыс-тартысқа Аяз Исқақи де, Жаһанша Досмұхамедов те қайта қайта араласты.
– Жиганша мырза қалай дәлелді сөйлейді, – деді жарыссөз жайында пікірлесушілердің бірі, – заңды кірпішпен қалағандай дәлдеп қойып берді ғой!
Өтеміс осы тақылеттес сөздерге сүйсіне құлақ түрді. Ризашылық лебіздер мінбеден де айтылып жатты. Тоқсан тоғыз ұлыс біріктірілген Ресей сынды жаңа демократиялық мемлекетте нендей сипатты билік болу керек екені хақында осынау лауазымды заң қызметкері өте сауатты пайым келтіріп отыр, өзі неткен қызу…
Қызу да табанды жігітті Әлимардан бей мен Сәлімгерей сұлтан өз алдына, қырымлы Жағыфар Саидахмедов те қолдады. Тағы басқа да делегаттар дербестік жағында екенін танытып жатты.
Негізгі баяндамашы Цаликов екі қағида ұсынған. Олары, оның ойынша, көпұлтты Ресейдің демократиялық болашағын сипаттайтын күллі идеяны нақты тұжырымдай алады. Атап айтқанда, ол парламенттік республика болуы керек. Унитарлық, демократиялық, парламентпен басқарылатын республика тұрпатты жаңа мемлекет. Ал мұсылмандар мәдени-ұлттық автономияны пайдалануға тиіс. Оған елдің конституциясы кепілдік беретін болады. Бір сөзбен, унитарлық Ресей республикасы.
Ал Расулзаде ұсынған және қызу пікірталас барысында қорғаған қағида Ресейдің федерация болып құрылуында еді. Бұл жоба бойынша мұсылман халықтары ұлттық-аумақтық автономия құқығына ие болуға тиіс. Яғни әр ұлттық-территориялық автономия федеративті құрылымның тең құқықты мүшесі, жаңа Ресей Федерациясын құрушы.
Дауысқа екі түрлі пікір қойылды. Бірі – Мәмет Расулзаденің ұлттық-аумақтың автономиялар құру, солардың Ресей федерациясына бірігуі жайындағы ұсынысы. Екіншісі – Ахмед Цаликовтың Ресейді біртұтас унитарлық мемлекет етіп құрып, ішінен ұлттық-мәдени автономиялар жасау, солар арқылы ұлт мүдделерін қорғаумен шұғылдануды көздейтін ұсынысы.
Аса күшті қарсылыққа қарамастан, федерациялық құрылым хақындағы көзқарас жеңді. Оның жеңуіне Жанша Досмұхамедов те елеулі үлес қосты.
Өтеміс дауыс берушілерді санауға тұрған санақшы делегаттармен іштей жарыса санады. Олардың айтқандарын қағазға түсірді. Өз есебімен тура келгенін көрді. Қызық, төрт жүз қырық алты дауыс Расулзадені қолдады, ал екі жүз жетпіс бір дауыс Цаликовке берілді. Сонда, деді ол іштей, бұлардың дербес ел болуды аңсамағаны ма? Дербестік үшін қазіргі өлара сәтте дауыс бермегенде, қай уақытта олай етпек?
Қалай болғанда да, көпшілік жеңді. Енді унитаристер оларға іштей қарсылық қылса да, мұсылман жұрттарының дербес даму жолын таңдауына көндігетін шығар…
Қарар өте сындарлы болды. Екі жақ та ренжімейтіндей, бірақ шындықтың бірінші топтағылар жағында екенін сездіретіндей нұсқада қабылданды. Мұсылман халықтарының мүдделеріне сай келетін мемлекеттік құрылым түрі былай болуға керек: Ресей ұлттық-федеративтік территориялық негізде құрылатын парламенттік демократиялық республика болуға тиіс, ал белгілі террриториясы жоқ халықтар ұлттық-мәдени автономия құрып, соны пайдаланатын болады.
Ұлттық проблемаларды съез ұйғарғандай шешуді жеріне жеткізе апару үшін, Бүкілресейлік орталық мұсылман кеңесі құрылды. Қызығы, ол жайындағы сындарлы баяндаманы Ғаяз мырза Исхаки жасады. Ол алда тұрған міндеттерді айқын тұжырымдап, орталық мұсылман кеңесіне жүктелер міндеттерді тізбеледі. Мәселені ұлттық қарым-қатынастарды шиеленістірмей, өркениетті жолмен шешу қажеттігін және оның оңай еместігін баяндамашы Ғаяз мырза да, кеңеске сайланған азаматтар да жақсы сезінді.
Бұл сайлау съездің соңғы жұмыс күні өтті. Оған дейін күн тәртібіндегі басқа мәселелер қаралды.
Ағарту секциясы жасаған ұсыныс бойынша мәдениет, оқу-ағарту шаруалары жергілікті халықтардың өз қалауымен шешілуі қажет деп ұйғарылды. Бастауыш мектеп жалпыға бірдей және міндетті болуға керек. Балалар өз ана тілінде тегін оқытылуы тиіс. Ал орыс тілі жеке пән ретінде оқытылсын.
Мұсылмандардың Орынбор діни жиналысы қайта құрылғаны жөн деп табылды. Уақытша Діни басқарманы сайлау жайында шешім қабылданды. Съездің соңғы күні, он бірінші мамырда Ішкі Ресей мен Сібір діни істерін басқаратын басқарма сайланды. Бұл мұсылмандардың көпшілігі тұратын аймаққа қатысты болатын. Ал Кавказ мен Қырымда өз діни басқармалары бар-тұғын.
Әйелдер мәселесі бойынша мәселе талқыланғанда, олардың саяси және азаматтық құқтары ерлермен тең болуға тиістігі атап өтілді. Мұндай теңдік көп әйел алушылыққа іс жүзінде тыйым салуға апарады. Татар әйелдері, діни ғұлама Мұса Биги, қазақтан Мәскеуде оқыған Аққағаз қыз Досжанова мұны жан-жақты дәйектеді.
Жұмысшы мәселесін қарағанда – сегіз сағаттық жұмыс күніне, жұмыс берушінің есебінен пенсия тағайындалуына дауыс берілді. Жұмысшыға қатысты заңнаманың сақталуын және жұмысшы еңбегінің жағдайын қадағалайтын, балалар мен жеткіншектерді он алты жасқа толмайынша жұмысқа салмайтын, залалды жұмыстарға әйелдерді жұмсамайтын болу үшін арнайы инспекция енгізу қарастырылды.
Әскери мәселелер де талқыланды. Армия ұлттық негізде құрылуға тиіс, солдаттар шақырылған аумағында қызмет өтеу керек деген қағидалар жасалды.
Құрылтайшы Жиналысқа делегаттар сайлау науқанын қалай өткізу мәселесі де қызу талқыланды. Мұсылмандардың демократиялық блок жасағаны орынды деп табылды. Басқа халықтардың трудовиктерден оңқай тұрмайтын саяси партияларымен келісімге келуге жол беріледі. Дегенмен съезд мынаны айрықша атап өтті: қазіргі таңда орыс емес халықтардың өз өмірлерін өз қалауларынша құруына оң көзбен қарайтын, оларда сондай құқық болуы жолында күресетін тек қана эсерлер партиясы болып тұр, мұны есте тұтқан жөн…
Социалист-революционер Шәкір Мұхамедияров жер жайында баяндама жасаған. Тоғызыншы мамырда бұл орайда съез бірқатар шешім қабылдады. Барлық қазыналық, кабинеттік, монастырьлық, уделдік және жеке иеліктегі жерлер халық қолына еш төлемақысыз өтуге тиіс деп табылды. Жерге деген жеке меншіктік құқ жойылуға тиіс. Жерді сату және сатып алу әрекеттеріне тыйым салынуға тиіс. Осылар жайында шешім қабылдай отырып, съез мұны біржолата түйіп тастау емес екенін мойындады. Аграрлық мәселе түбегейлі шешімін Құрылтайшы Жиналыста табуға тиіс, оған дейін сабыр сақтап, бұрынға тәртіпті сақтай тұрған дұрыс.
Мұнымен мәселе тынбады. Ертеңіне башқұрт делегаттары бұл жайында Орынборда жалпыбашқұрт съезі өткізілгенше, мәселені ашық қалдыра тұратынын мәлімдеді. Қазақтар да мәлімдеме жасады. Қыр өлкесіне, қазақтар тұратын аймақтарға және Түркістанға аграрлық мәселе бойынша шешімдер бірден жүрмейді деген ұйғарымдарын жария етті…
3
Жер-су дауын өркениетті жолмен шешпекке әрекеттенгелі қашан…
Қазақ қайраткерлері 1908 жылы Үшінші Дума заңгерлерімен ақылдаса келе, Ақмола, Торғай, Семей, Орал, Жетісу және Каспий сырты облыстарында жерге орналастыру мекемелерін құру тәртібі туралы заң жобасын жасаған-ды. Отарлаушылардың орталық аудандардан шаруаларды дала өлкесіне көшіріп апарып қоныстандыруына заңды шек қоюға тырысқан. Жергілікті қазақ халқының жер-суын үкімет тарапынан қалауынша тартып ала беруге заңмен тосқауыл қою әрекетін, шаруаларды қазақ жеріне көшіру саясатына қарсылық білдіруін олар сол заң жобасымен көрсеткен еді.
Он шақты жылдан бері Питерде түрлі қызметшілік жұмыстар атқара жүріп, Өтеміс бұл орайда біраз жәйтке қанығып қалған болатын.
Қазақтардың тыныс-тіршілігін заңға түсірген Дала ережесін ІІІ Александр патша 1891 жылғы 25 наурызда бекітті. Ереже күшіне 1893 жылы енгізілді. Содан бергі ширек ғасырға жуық уақыт бойы көшпенді қазақ осы заңмен – Дала низамымен өмір сүріп келді.
Онда қыр түлектерінің өз атамекеніне деген құқының дәрежесін екі негізгі бап айқындап тұрды.
Біріншісі – 119-бап, онда былай делінген: «Көшпелі қоныстар алып жатқан жерлер және сол жер-су аумағына тән нәрсенің бәрі, олардың ішінде орман-тоғайлар да, мемлекеттік меншік деп танылады».
Ал екіншісі – 120-бап. Онда былай делінген: «Көшпелі қоныстар алып жатқан жерлер көшпенділердің мерзімдік шектеусіз, өздерінің әдет-ғұрыптары және осы ереженің шарттары негізінде қоғамдасып пайдалануларына қалдырылады».
Қазақтың байырғы ата қонысы, ата-бабасынан мұра боп қалған жер-суы осынау қазақтың сыртынан жасалған заң тілімен орыс патшалығының жері боп шыға келді. Ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, төсінде аунап-қунап келе жатқан қазақтың ұлы даласы енді Ресей империясының иелігінде болып шықты.
– Онда таңғалатын не бар, – деді Өтеміске жасы үлкен ағалары, – ондай құқықты қазаққа Сперанскийдің Сібір қазақтарына 1822 жылы жасап берген жарғысы белгілеген еді ғой…
Иә, Өтеміс қазір тәп-тәуір хабардар, одан қырық пәленше жыл кейін шығарылаған Уақытша ереже де сондай тәртіпті қуаттаған. Қазақтың олармен келіспеген неше көтерілісі болды, бәрін патша ағзам қан қақсатып басып-жаншыды да, ақыры, «асқан мейірбан кеңшілдігімен» осынау Дала низамын сыйға тартты емес пе…
Дегенмен Дала ережесінде көшпенді қазаққа өзінің қыстауы шегінен жалға жер беру құқы бекітілген емес пе, наразы болатындай, соншалықты не залалы бар еді ол низамның?
Не залалы бар? Жерді жалға беру құқы бекітілген? Мақұл, мына сұраққа жауап іздестіріп көрейік: кімге жалға беруге болады? Ой жүгіртіп қараңыз: тегі орыс азаматтарға! Рас, отыз жылдан аспайтын мерзімге деген шектеуі бар. Не үшін? Зауыт, фабрика, диірмен салу үшін, тағы да солар тәрізді өндіріс орындарын жасақтау үшін.
Оны қазақтардың неге өзі істемейді?
Біріншіден, заң оларды мұндай шаруаға міндеттемейді. Екіншіден, олардың өздеріне кең далада, салқын саумал-самал өтінде сайрандап, жылқы бағып, қымыз ішіп, шалқып көшіп жүру жарасады. Жандарына жағымды сол салттан ажырағылары келмейді…
Яғни жер-суын жалға беру – қазаққа тиімді…
Бірақ қазақтың иелігіндегі жерін жалға беруі тек болыс сиезінің қаулысымен, әрі оны облыстық басқарма бекіткен жағдайда ғана жүзеге асады. Яғни ондайды кәсіп еткендер ілу де шалу.
Сонда қазақ жерін естек[3] тәрізді сатпаса да, заңда көрсетілгендей жалға бермесе де – шөлден бір-ақ шығып жүргені ме? Дала низамы берген құқты кәдеге жаратпады дегенге кім сенер?!
Әйтсе де солай. Құпиялап айтайын, тап сол құқығын пайдаланып шекесі шылқыған қазақты көрмедім. Баяғы алғашқы жарғыдан бері талай жер-су телімі кеніштер ашуға, түрлі кәсіпорындар салуға кетіп жатыр, алайда соған қазақтан рұқсат сұрап, әлде заң бойынша белгілі бір мерзімге жалға алып жүзеге асырып жатыр екен деген сөзді естімеппін…
Демек, әкімшіліктің әрекеттері заңсыз…
Бір қарағанға ғана. Хұкімет көшпенді бодандарын отырықшылыққа шақырып, өркениетке бұрудамын деген дабыратпасынан бір таймайды. Есесіне қазақты мүлдем жер-суынан айыру жолы бұл Ережеде сырт көзге елеусіз ғана тармақшамен көзделген және сол тармақша ең арсыз да қатыгез жолмен жүзеге асырылуда.
Қалай көзделген деймісіз? Низамның 120-бабының бірінші ескертпесіне назар аударыңыз, онда былай делінген: «Көшпенділер үшін артық болып қалуы ықтимал жерлер Жер өңдеу және мемлекеттік дүние-мүлік министрлігінің қарауына түседі». Бірақ мына жер маған көптеу екен дегенді қазақ айтпайды, отар билігі айтады…
Қазақтың таңдаулы жер-су пұшпақтарын әскери-феодалдық жолмен тонауды үкімет тура осы ескертпені заңи негіз ете отырып жүзеге асырды. Оның бұл тараптағы ісі шығыс сатрапияларының үлгісінен де асып кетті. Дұрысында, соларды үлгі ете отырып, Ресей самодержавиелік-помещиктік мемлекеті қазақ жерінің ең жоғарғы меншік иесі және бірден-бір қожайыны болып алды…
4
Серәлі, Бақытжан, Елжан мырзалардың үшеуі бірдей Үшінші Дума жұмысына кірісер-кіріспестен Петрбордан орын теуіп, қазақ пайдасына заң жасау ісімен шұғылданғаны Өтеміске әбден мәлім-тін. Заң жобасын жасаушылар Қазақ елі аумағында жерге орналастыру комиссияларын белгілі тәртіппен тағайындау арқылы атамекенді бей-берекет тонауға кедергі қою мақсатын көздеді. Мұны олар жерге орналастыру хақындағы заң жобасы мен оның түсініктеме жазбасында баян қылды. Дала низамының 120-бабы мен оның бірінші ескертпесін тым еркін түсіндіруді доғаратын, әкімдердің қилы переселен[4] мекемелері арқылы қазақты жерден қуып, қазына қарамағына тартып ала беруіне тыйым салатын мақсат заң тіліне түсірілген-ді.
Сол жоба арқылы, әрине, озбырлықты тоқтата алмағанмен, асқынтпай, ретке келтіру ықтималдығы көрсетілгендей-тін. Билік әрекеті заңдық ретке салынатындай із жасалған еді. Онда, ең бастысы, дала облыстары үшін үйездік жерге орналастыру комиссияларын құру көзделген болатын. Ондай комиссияларға ведомстволардан үш өкілден, қазақ тұрғындары атынан алты өкілден кіргізу жобаланған-ды. Қазақтардың өз орталарынан, болыстық жиындарда іріктелетін кандидаттар съезі үйездік жерге орналастыру комиссияларына кіретін өкілдерін сайлайды деп ұйғарылған еді.
Заң жобасын Мемлекеттік Дума мүшелерінің октябристер мен кадеттерден тұратын едәуір бөлігі қолдады. Сөйтіп, халық өкілдігі болып табылатын заң шығарушы мекеменің қарауына өз жобалары ретінде ұсынды.
Бірақ оған үкімет жанталаса қарсылық білдірді…
5
Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің бас басқарушысы[5] Александр Васильевич Кривошеин бұл лауазымына сол Бақытжандар жасаған заң жобасы ұсынылған 1908 жылдың 21 мамырында бекіген болатын. Ол Санкт-Петербург университетін бітіргеннен соң, құқықтар кандидаты дәрежесімен, еңбек жолын юстиция министрлігінен бастаған. Отыз жасында, 1887 жылы, ішкі істер министрлігіндегі земство бөліміне қызметке алынды. Содан бастап ұдайы жер мәселесіне байланысты қызметтер атқарып келеді. 1904 жылдан Переселен басқармасының бастығы, 1905 жылдың маусымында Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің бас басқарушысының орынбасары, 1906 жылғы 8 маусымнан 1907 жылғы шілденің соңына дейін осы ведомство істерін атқарушы, соның алдында – 6 маусымда ғана Мемлекеттік кеңес мүшелігіне тағайындалған. 1906 жылғы қазаннан бастап қаржы министрінің орынбасары, Дворян және Шаруа жер банктерінің меңгерушісі болған. Ақыры, 1908 жылы князь Васильчиковтың орнына тағайындалды…
Жер саясатын бес саусағындай біледі. Думадағы күллі айтыс-тартыс көз алдында өтті. Столыпиннің шаруа реформасын жүргізудегі оң қолы. Сондықтан да ол қазақ қайраткерлерінің жерге билік жүргізбек пиғылына қатаң да шалт үнмен қарсылық білдірді.
Князь Васильчиков Бірінші Николайдың жақын вельможаларының[6] бірінің немересі екен. Императорлық құқықтану училищесін бітіріп, Новгород губерниясындағы өз имениесіне қоныстаныпты. Әуелі Ескі Русса үйезінің бастығы болып сайланса керек. Онда алты жыл істегеннен кейін Новгород губерниялық дворяндар қауымының жетекшісі лауазымына таңдап сайланған көрінеді. Оны осы қызметке төрт мәрте сайлапты. Сайланымның әр мерзімі үш жылдан екен, сонда жиыны он екі жыл істепті. Одан Псков губернаторы лауазымына тағайындалып, үш жылдай қызмет атқарған. Орыс-жапон соғысы кезінде Қызыл Айқыш қоғамының бас уәкілі ретінде Манчжурияда – Солтүстік-шығыс аймақтағы Приморье және Амур армиялары әрекет еткен жақта қызметте болған. Соғыс қимылдары аяқталғаннан соң қызметті тастап, өз имениесіне оралады. Ауыл шаруашылығымен шұғылдануын жалғастырады. Құс шаруашылығын өнімділігі жөнінен үлгілі етіп ұйымдастыра алыпты. Асыл тұқымды шошқа мен сиыр өсіруді дамытыпты. Ағылшын сәйгүліктерінен тұтас бір табын ұстаған. Оның ит қорасының өзі ересен үлкен екен, не түрлі ит тұқымдарын өсірген көрінеді.
Бірақ үкімет оны өз шаруашылығымен айналысуға ұзақ қалдырмайды, әуелі Қызыл айқыш Бас басқармасының төрағасы, Мемлекеттік Кеңес мүшесі етіп тағайындап, Бірінші Дума қуылғаннан кейін Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің Бас басқарушысы лауазымына көтереді.
Оның мекемесіндегі мәжілістерге Қаратаев сұлтан Екінші Мемлекеттік Думаның депутаты кезінде әлденеше қатысып, қазақ мәселесін көтерген. Өзінің тікелей қабылдауында болған. Қазақтарды отырықшы ету жайындағы, нақты әрекетпен сәйкес келмейтін мәлімдемесін елден бірінші болып естіп, өз пікірін айтқан.
Князь Васильчиков саяси көзқарасы бойынша – орыс ұлтшылы. Бас басқарушылықтан кеткеннен кейін бір жарым жылдай өткенде, Петрборда ұйысқан орыс клубындағы старейшиналар[7] кеңесінің алғашқы төрағасы болып сайланды. Клуб империядағы барша өзге тектілерді қудалау жағында тұратын. Ал Бас басқарушылық лауазымға алғаш келгенінде, қалай екенін, бағыныштыларының алдында ол:
– Аграрлық мәселе мемлекеттің соңғы жарты ғасыр бойы әлде адасушылықпен, әлде жеткілікті ойластырылмай жүргізген саясатының салдарынан туып тұр, – деген ой айтып жіберген екен.
Сол адасушылықты, жалған жолға түскендікті түзету үшін, басқаша айтқанда, жете ойластырылмаған саясат салдарынан тірелген тұйықтан қиналмай шығу үшін жоспарлы заңнамалық жұмыс жүргізу қажеттігін тілге тиек етіпті. «Алайда қазір бірінші Дума тарқатылған, ал екінші Дума әлі шақырылар емес, сондықтан, ондай қызмет уақытша тоқтап тұр», – десе керек.
Орындаушысы тарапынан мұндай сыни көзқарас танытылуы қауырт реформа жүргізу бағытын ұстанған премьер Столыпинге аса ұнамағаны түсінікті. Содан да оны, ақыры, өзіне шын мәнінде үзеңгілес бола білген Кривошеинмен ауыстырып алған ғой.
6
Міне сол Кривошеин бас басқарушылық орынтағына отырған бетте, қазақ мүддесін қорғайтын заң жобасын, түк ойланбай-ақ, күрт кері итерді.
– Соңғы ширек ғасыр бойы дала облыстарының көптеген үйездерінде жердің құндылығы айқындалып, маңызы артты, – деді ол. – Ұлан-ғайыр құнарлы кеңістік бұрын тек көшпенділердің жайылымы ретінде пайдаланылып жүрген. Енді оны егіншілікті дамыту мақсатында өңдеудің тиімділігі анықталды…
Бас басқарушы көз тіккен жерлерде қазақтар бұрыннан-ақ өз қажеттеріне қарай егін егіп, мал жайып жүрген… Алайда оның пайымынша, қазақтардың дала төсінде ерсілі-қарсылы жөңкіліп мал соңында көшіп жүретіні рас, бұл ахуал үкіметтің статистиктер комиссиясы жұмысымен анықталған. Түрлі себептерге байланысты, ең бастысы, экономикалық өмірдің шарттарына орай, даланы жаңаша пайдалану қажеттігі туды. Дала төсінде отырықшы өмірді жандандырудың пайдалы екендігі көрінді. Мәдениеттендірілген, пішен шауып, сүт беретін ірі қара өсірумен шұғылданатын мал шаруашылығы тиімді екені айдан анық болды. Және, әрине, сол мал шаруашылығымен қоса, оның өнімдерін өңдеуді қоса жүргізудің тиімділігі белгілі.
Қазақтарға отырықшылық тұрпатта жер өңдеп, егіс егу шаруашылығына көшуге қолайлы жағдай туып тұр деп санайды екен жаңа бас басқарушы. Оның ойынша, қазақ қауымы үшін патриархтық-тайпалық тұрмыстан, тиісінше – ру алпауыттарынан қол үзетін заман туды. Дәстүрлі қазақ тұрмысын ыдырату пәлсафасын ол осылай тұжырымдады. Қазақтың көшпенді тіршілігін ресейлік қалыпқа түсіру жолын қарапайым адамдарды ру билеушілеріне қарсы қою арқылы ашқысы келді.
Отырықшы тұрмысты кезінде Қаратаевқа: «қазақ халқын тосып тұрған болашақ өмір салты» деп, князь Васильчиков те атаған. Кривошеин осы отырықшы тұрмысқа көшудің басты шарты жер иеленушілік екеніне мән берді. Номадтардың әбден қалыптасқан қауымының ыдырауы нәтижесінде, олар отырықшыланады. Және біртіндеп жерді жеке меншіктік құқпен пайдалану тәсілі пайда болады. Бұған ол сенімді. Десе де бас басқарушы әлденені бүгіп тұрды. Нені?
Бұл кім үшін жасалмақ – міне, нені!
Осынау үдеріс нәтижесінде кім ұтпақ, кім ұтылмақ?
Оны Кривошеин білді. Бірақ ашып айтпады. Дегенмен, қазақ қайраткерлері оны айқын түйсінді…
Жерге жеке меншіктік құқық енгізуден бірінші кезекте орыс помещиктері ұтады!.. Қазақ өміріне өзгеріс әкелмек үкімет, шынтуайтқа келгенде, бұратана бодандарының емес, алпауыт помещиктерінің қамын жеуде!
Ал үкімет қырдағы өзгеріске қырағы көз салып отырды. Бұратана бодандарының бас көтерерлерін қатаң бақылады, адымдарын аштырмады. Жердің құндылығының артуын олар өздерінің бас пайдаларына асырмақшы деп пайымдады.
– Жерді жалға беру мүмкіндігі, оны егіншілікке пайдалану үшін өңдеудің тиімділігі туземдіктердің белсенділігін тудырды! – деп шошынды.
Қауым боп пайдалауға берілген жерлерді бұратаналардың белгілі бір бөлігі іс жүзінде басып алды деп даурықты. Қазақтардың көшпенді тұрмысына деп бөлінген мемлекет жеріне жекелеген дәулетті бұратаналар қожайындық жасайтынды шығарды деп қорытты.
– Олар өз қолдарына қауымдық жердің күллі табысын шоғырландырды. Көп жағдайда олар жер-суын орыс переселендеріне жалға беруде. Общиналық шаруалар қауымы соларға толығымен тәуелді болып барады, олардың жағдайы қазір крепостнойлық ахуалды еске салады.
Бас басқарушы кеңсесінде дәл осындай пайым жасалынды.
Мұндай жекеменшіктік жер иеленушілік үкімет мүддесіне сәйкес емес. Дәлірек айтқанда, Столыпин үкіметі қызғыштай қорып отырған орыс помещиктерінің мүддесіне жауап бермейді. Бас басқарушы Кривошеин мырза бұған сенімді.
– Қауымдасып пайдалану үшін көшпенділерге берілген мемлекеттік жердің белгілі бір бөлігін іс жүзінде бұратана шонжарлары басып алған, бірақ бұл әрекеттері жерді оларға заңи тұрғыда бекітіп беруге құқықтық негіз жасай алмайды, – деді ол.
Оған керегі – қазақ жерін орыс помещиктерінің мүддесіне пайдалану. Қазақ арасынан помещик тұрпатты жер иеленуші шығуына ол, империя жер мекемесінің төрінде отырған чиновник, төзе алмайды. Азиялық көшпенділер арасынан әлдекімнің әлдебір жолмен ұйымдастырушы боп көрінуіне, сөйтіп жер қатынастарын мемлекеттік тұрғыда реттеу мүмкіндігіне ие болуына ол көндіге де, келісе де алмайды.
Дала облыстарындағы мемлекеттік жерлерді пайдалануды реттеу мәселесін қазақ тұрғындарының қолына беруге болмайды, бұған Кривошеиннің сенімі кәміл.
– Қазақ халқының жер-су мұқтаждығын анықтау желеуімен олардың қайраткерлеріне әлдебір мүмкіндік беруді мен мүлдем теріс және өте қауіпті деп есептеймін, – деді ол.
Ал Қаратаев, Лапин, Оразаевтар жасаған жоба бойынша шаруашылыққа қолайлы жерлерге ең алдымен қазақтарды орналастырып, олардан артылатын жерлерге ғана переселендерді қоныстандыру көзделген болатын. Үкімет оған неге қарсы шықпасын…
Сол тұста Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін сотталуына байланысты үш ай түрмеде отыру жазасын өтеп біткен Әлихан Бөкейханов Петербургке келген болатын. Қырдағы жер қатынастары жайында орталық басылымдарға үлкен-үлкен мақалалар берген оқымысты, жұртқа танымал ірі маман.
Мұсылман фракциясы қазақтардың жазып ұсынған заң жобасын соған сараптама жасап пікір айтуы үшін берді.
Кезінде әйгілі Щербина экспедициясында істеген, жерді көшпенділік нормасымен пайдаланудың қазақ үшін пайдалы болмағына өте сенімді Әлекең түбі отырықшылықты мойынсұнтатын заң жобасын білгірлікпен сынап, жарамсыз етеді.
Өтеміс талай естіген: мұндай жағдайда – қазақ жобасына хұкімет қарсы болып тұрғанда, әрі, енді, жер мәселесінің аса ірі білгір маманы, сол қазақтың белгілі бір ғалым мырзасы оны сынға алып тұрғанда – фракция жобаны Дума мәжілісіне одан әрі ұсына беруден тартынады…
7
Сол кезгі көңіл-күй Өтемістің әлі есінде, қазақ заң жобасының Дума талқысына ұсынылмауы Әлиханның теріс пікіріне байланысты болды десетін. Бірақ, ұсына қалған күннің өзінде де оның заңға айналар-айналмасы неғайбыл еді, мұны хұкімет көзқарасымен таныс жұрттың бәрі білетін. Біле тұра, кейбіреулерінің іштері өкініштен қыжылдайтын. Сол қыжыл бұдан үш жыл бұрынғы сиез кезіндегі қазақтардың өзара құрған жеке мәжілістерінде де бой көрсетпей қалмаған. Троицкілік адвокат Жанша Сейдалин сонда біраз сөз айтты.
– Құтлұмұхамед мырза біздің жобаны жақтаудан сіздің отзывтан[8] соң бастартты, Әлихан мырза, – деді салмақпен, – сөйтіп сол уақытта қазақтың жер мүддесін Дума қабырғасында қорғау ісі жалғыз ғана сол себеппен өз-өзінен бітірілді. Одан бері талай уақыт өтті, Әлихан мырза, бүгінгі күн биігінен мүлдем айқын көрінеді, егер сол кездегі Дума мүшелері ұстанған саясаттың ыңғайына қарап әрекет еткенде, біз дайындаған заң жобасының заң болып шығардай реті бар еді. Әттең, жер мәселесінің білгірі деп үміт артқан сіз көшпенділікті сақтаймын деп, іс жүзінде хұкіметтің қазаққа залалды саясатын қолдадыңыз. Жерге орналастыру комитеттеріне қазақтан өкілдер кіргізуді міндеттейтін біздің заң жобамыз қабылданбағандықтан, ал оған, мырза, сіздің қарсылығыңыз да сеп болды, дауласпай-ақ қойыңыз, – қазақ хұкіметтің 1909 жылғы 9 маусым нұсқауы билігінде қыспақта қалды…
Әлихан намыстанды, атып тұрып, ақтала, әрі қарсыластарын сынай сөйледі.
– Бұлт айығып, күн шығар, сонда тірі болсам, Серәлі, Елжандардың заң жобасы законға[9] айналмаған себебі менен бе, жоқ сол уақыттағы саясат һауасынан[10] ба? Көрсетермін! – деді.
Содан кейін ол, Өтемістің ойынша, сыншыларын кемітумен шұғылданды. Алдымен:
– Адам баласы істеп жүрген ұсталықтың ең оңайы – етік тіккен, – деп бір түйді. – Бірақ бұл да кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Оған етікші керек. Ал саясат ісі адам баласы ұстап жүрген ұсталықтарының ішіндегі ең қиыны. Етікке қылатын амал тарамыспен бітеді, ал…
Ол Думаның мұсылман фракциясы арқылы жер-суынан айрылып бара жатқан қазақ пайдасына заң шығармақ әрекетті мазақ қылғандай болды. Ана жылы Ілияс мырзаның электр-баспаханасынан шығарылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңдері» атты кітапшадан Өтеміске әбден таныс мына бір әжуәлі жолдарды соларға арнап айтты:
– Барып келсе Ертістің суын татып, Беріп келсе бір арыз бұтып шатып – Елді алып, Еділді алып есіреді, Ісіп-кеуіп қабарып келе жатып…
Өтеміс ішін тартты. Өзі нарқасқа көріп, сонау 1906 жылғы жазда Выборг қаласына жол тартқан Думаның мұсылман мүшелері қатарында оны да шығарып салғалы қатты құрметтеп жүретін, Бақытжан сұлтанның қатарындағы қазақтың жолбастар серкесі көретін Әлихан ағасы үзеңгілестерін осынша кемсітеді деп ойламаған еді. Бәлки, саяси күрестің шарты солай шығар…
Ол Петрборда өзіне Серәлі мен Елжанның жолығып, Бақытжанмен бірге жасаған заң жобасы жайында әңгімелегенін, өзінің оларға қосылуын сұрағанын айтты. Өзінің қазақ жері хақындағы пікірін жасырмады. Фракция бюросында хатшылық жасап жүрген Әлимардан Топчибашевтің алдында да сол пікірін алға тартқанын, өз сөзін дәлелдеп айтысқанын еске алды:
– Бұл закон жобасы ұтымсыз, саясат жолында бұл болмайтын іс деген едім.
Сол ұйғарымымен Әлихан Самараға кетті. Оған Серәлі мен Елжанның:
– Үмітсіз – шайтан деген, ең бастысы, қазақ қайраткерлері бір ауызды болып, бәріміздің ортақ ойымызды ортаға салайық. Кім біледі, көпшілік депутат біздің жақта тәрізді, мүмкін заңға айналып та қалар, – дегені дәлел сықылды көрінбеген.
Ол осы тұста Қаратаевтың діни мәселедегі көзқарасын да бір қағытып өткен. Өзін болашақсыз заң жобасына жақтас етуге тырысқан Лапин мен Оразаевтың «елде шұбалып ишан жиған Бақытжанды күтіп» Петрборда қалғанын, ал кездескендерінде одан қолдау таппағандарын айтқан. Мұнысы Өтеміске сенімсіздеу көрінді. Әйтсе де Әлиханның сөзі қатты:
– Осы жолы Бақытжан «он бестің» етегіне намаз оқып келген жоқ па еді?
Мұнысы оның үкімет айтатын он бес десятинадан жер алып отыру тәртібін қолдайды дегені болса керек.
– Жолдасы Серәлі мен Елжан «9 июньді»[11] жоқ қыламын деп әдіс қылғанда, Бақытжан бұған намаз оқып еді, енді жаланың бәрін менің мойныма аудармақ.
Айтқысы келіп тұрғаны – жаңа заң жобасында үкіметтің 1909 жылғы 9 маусым күнгі нұсқауындағы қазақ жер-суына мұжықтарды орналастыру тәртібіне қазақ заңгерлерінің Дума арқылы заң қабылдатып тосқауыл қою әрекеті жайында екені анық. Өтеміс біледі, жобаны жасауға дем беруші Бақытжан сұлтан болатын, енді Әлихан, неге екенін, соның тонын теріс айналдырып тұр:
– Бақытжан аға-ау! – деді ол. – Балаларың ержетпей ме, бұл мінезіңді көре тұра балалар қайда жасырынып күн көреді, ұят қайда?
Әлиханның ой-пікірін тыңдай келе, бұрын-соңды естіп-біліп жүргендерін оған қосып саралай келе, Өтеміс басқалар секілді үлкен үміт артып жүретін қазақтың қос серкесінің жол айырығында қалай кетіскендерін де іштей шамалағандай болды.
Ол өзінің баяғы екі жүз адам қатарында Выборг үндеуіне қол қоюына байланысты болған сот үдерісіне орай 1908 жылдың басында Семейде абақтыға жатып шыққаннан кейін, үйіне қайтып келе жатқанында, сондағы бір азаматтың көрсеткен қағазын еске алды.
– Бақытжан Қаратаев пен Серәлі Лапин 1908 жылы «Алаш» атты қауым құрып, қазақты біріктірмек болыпты, қағазда соның жолы баяндалған көрінеді. – Даусынан кекесін аңғарылды. – Марқұм ер Рахмет Алдабекбаласы қағазға үңіліп: «Мұның ішінде сен де бар деп жазып отыр, бұл рас па?» деп сұрады. Мен олардың «Алаш» атты қауымы жайында ештеңе білмейтінімді, өзімнің онда жоқ екенімді айттым. Сол Рахметтің қолында «Алаш» деген жүз сомның тасқа басылған қағазы тұрды…
Түсінікті. Ол Бақытжан сұлтан мен Серәлі мырзаны нәтиже шығара алмаған ісі үшін кінәлап отыр. Бәлкім дұрыс та шығар. Бірақ, ең бастысы – әлдебір әрекет жасап, ел мүддесіне жарамақ іске ынталанып ұмтылуда емес пе?! Өтеміс біледі, Бақытжан сұлтан 1905 жылдың соңында қазақ кадеттері партиясын құрды, шынында, ол да оң нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Алайда, естуінше, сол жылғы қарашада Мәскеудегі земство съезінен кейін Оралға Бәкеңе мейман бола келгендер – іс жүзінде қазақ саяси партиясын құру жайын ақылдасқандар қатарында Әлихан да болған. Бірақ, неге екенін, сол жылғы желтоқсанда Бақытжанның партия ұйыстыру жиынына ол келмеді де, қолдау да көрсетпеді ғой.
Оның мінезін Өтемістің байырғы танысы Рақымжан ана жылы:
– Бұл төрең жүрген жерінде халыққа жақсылық жасаймын деп жария етеді, шын жақсылық жасауға тырысқандарды тұқыртуын да сол қайырымдылығына жатқызып дабыралатады, – деп сипаттаған-ды. – Ол өзінен басқаның бәрін халықтың алдамшысы деп айтуға құмар. Біреу-міреудің өзінен озғанын қаламайды.
Бұлай топшылауын Рақымжан өз басынан кешкен оқиғамен түсіндірді. Өткен ғасырдың соңында ол Омбы аймағындағы қазақ арасында май-сүт зауытын ашумен шұғылданған екен. Бұл қазақты кәсіпкерлікке баулудың, түрлі шаруашылықпен шұғылдануға бағыттаудың нақты қадамы болуға керек еді. Алайда Әлихан баспасөзде үлкен шу көтеріп, «тілмәш әм газет тілшісі Рақымжан Дүйсенбаев әкімшіліктегі таныстықтарын пайдаланып, қазақтың қанын сормақшы» деген байбаламымен жаңа бастаманың аяғынан шалыпты.
– Және сонысымен халықтың қамқоршысы ретіндегі даңқын арттыра түсті, – деп ашына тыржиған-ды Рақымжан. – Атқамінерлерге қара халықтың кәсіп қылғаны керексіз, қара халық заман талабына ыңғайланып тырбанғаннан гөрі, солардың аузына қарап салпақтап жүрсе болды – есептері түгел, оларға сол жеткілікті. Ал әрқашан ақылды көрінгісі келетін Әлихан, шынтуайтқа келгенде, тек сол дәулеттілердің сөзін сөйлейді…
Ойлантарлық жәйт, дегенмен Рақымжан асырыңқырап отыр білем, өйткені оны, Өтемістің ойынша, көзі ашық қайраткер біткен жоғары бағалайтын. Тіпті қазіргі қарсыластары да…
Бұл жәйтті сол 1914 жылғы мұсылман сиезінде Әлиханның өзі де атап айтты:
– Бақытжан маған 1910 жылы «жұрт үшін жалғыз сен қызмет қылдың» деп хат жазған еді, – деп бір түйді. – Жиһанша да: «Бір көргенде сөзіңе риза болып едім» деп хат жазған болатын маған, – деді, айтпақ ойын одан әрі сабақтап. – Енді екеуі де мені теріс көріп қапты. Осынау мұсылман сиязында мені мұқатамын деп, бұлар астықта туған сиырдай былғанды…
Өтемістің естуінше, Бақытжан сұлтанның оған 1910 жылы «жұрт үшін жалғыз сен қызмет қылдың» деп хат жазуы рас, әрі сол хатында білдірген өтінішін Әлихан қабыл алмағандықтан да, араларына бұрындары түскен сызат ұлғая берген тәрізді.
Ал Бәкеңнің Әлекеңе айтқан тілегі мынандай екен: ол «өзінің қазақ халқына көрсетпек үлгісіне» «жұрт үшін жалғыз қызмет қылып жүрген» Әлиханның қолдау көрсетуін сұрапты. Сондағы Бақытжанның қазақ халқына көрсетпек үлгісі – ағайындарымен қала салып, жаңаша тұрмыс салтын орнықтыру, сөйтіп, отырықшылыққа айналудың пайдалы жақтарын насихаттау көрінеді. Әлекең оны қолдамаған, себебі ол қазаққа отырықшы өмір зиян, ол тек ен далада ата-бабаларынша көшпенді қалыпта өмір сүру керек деп есептейді…
Қазір, 1914 жылғы мұсылман съезі ауқымында өтіп жатқан қазақтардың жеке жиынында, Әлекең өзінің сыншыларының берекесіздігін дәлелдеуге кіріскен. Ол алдымен Мемлекеттік Думада қаралатын заң жобаларының дайындалу ретін еске салды. Жобаның екі жақтан ұсынылуы ықтималдығын айтты.
– Бірі хұкімет тарапынан жазылып кіргізіледі, – деді ол, – екіншісі депутаттардан шығуы мүмкін. Депутаттар жазған закон шарты – отыз депутат қол қойса болғаны. Бірнеше депутат жиылып жазып, заң жобасын Думаның қарауына кіргіземін десе, қолды отызға толтыру қиын емес. Қазақша айтқанда, есікте отырып төрдегі тілмашқа таңбаңды сала сал дегенмен бірдей. Депутаттар заң жобасына жолдастық хақы үшін қол қоя салады.
Өтеміс іштей ауыр күрсінді: өзі қатты құрметтейтін қос серкенің бірі өзі мұрындық болып арнайы дайындасқан заң жобасын қолдату үшін түрлі саяси бағыттағы думашылар арасында қаншама мәмілегерлік әңгімелер жүргізді, ал екіншісі оны жәй бір ойынға балап отыр.
Қызық… Алғашқысы ғой – Екінші Думаның жұмысына басынан аяғына дейін қатысты, ең белсенді депутаттың бірі болды, қазақ мұңын Дума мінберінен бар дауыспен жария ете алды. Ал екіншісі Бірінші Думаға сайланғаны болмаса, оның мінберінен қазақ мүддесін қорғамақ түгіл, империя тіршілігіне қатысты бір заңның да талқылауына қатысып үлгерген жоқ.
Сонда құжаттың қаралу жолын қайсысы жақсырақ біледі екен…
– Сондағы мұсылман депутаттары кіргізген қазақ заң жобасына алпыс депутат қол қойған, ішінде Милюков, Гучков бар.
Әлекеңнің жобаға дақпыртпен қол қоя салған сынды немқұрайды атай салған бұл қайраткерлері, әділін айтқанда, қазақ заңгерлерінің ұсынысын түсіністікпен қолдаған болатын. Өтеміс, мәселен, Дума мүшесі, халық бостандығы партиясының басшысы Павел Николаевич Милюковтың бұл жайындағы әрекеті мен пікірін анық біледі. Естіген де, оқыған да. Ол қазақтардан олар үшін артық деп танып, шұрайлы жерлерді кесіп алып жатқан переселен басқармасына қарсылық білдіріп сөйлеген.
– Көшпенді және жартылай көшпенді жұрттан жер телімдерін бөліп алудың сондайлық озбыр және әй-шәйға қарамайтын ожар арсыздықпен жүргізіліп жатқаны сондай, – деген-ді ол ашына сөйлеп, – ғасырлық тұрмыс қалпы бұзылған халықтың ашу-ызасын туғызуда. Сондықтан да мен мұндай тәжірибені дереу доғарып, мәселені заң ауқымына салу жағындамын.
Егер жоба талқылауға ұсынылса, осындай беделді басқа қайраткерлер де әділ сөздерін айтпас па еді. Әттең… Әлекеңнің желеуі басқа сипатта:
– Дума комиссиясында, жиналыстарында заң жобасын қорғау міндеті алдымен қол қойған депутат мойнында. Серәлі мен Елжанның жобасына алдымен Тевкелев қол қойған. Ал Мемлекеттік Думада һәм оның комиссиясында заң жобасын қорғау оңай жұмыс емес. Тевкелев қазақ жерін, қазақ ғұмырын ізденіп оқып-тоқып білген жүйрік емес. Ол закон жобасы тілеген дәлелді қазақ өзі тауып береді деп сенген болар. Ал Серәлі мен Елжан жүкті мұсылман депутаттарына аударып тастап, «елді алып, Еділді алып, есіріп» үйге қайтып, үш жыл тыңқиып жатып, енді «он төртті» «тоғыз» қылып отыр…
1909 жылғы оқиғаны 1914 жылға сүйреп әкеліп отырсың дегені…
Өтеміс сол жылғы әңгімелерге қинала ой жүгіртті. Шындап келгенде, Әлихан ағасы әлденені бүгіп қалып отыр… Құтлұқай мырза Тевкелев басқарған фракция жобаны Серәлі мен Елжан мырзалардың Петрборда болмағанынан емес, ірі жер маманы Әлихан Бөкейхановтың теріс пікір білдіргенінен кейін қорғаудан бастартты…
Алайда Бөкейханов ренішін шын көңілден күйзелген түрмен, одан әрі жайып сала берді:
– Мен себеп болып, жоба заңға айналмаған екен, Госдуманың[12] закон шығаратын кілті менде екен, айтыңдаршы, шырақтарым, үш жылдың ішінде өздерің қайда едіңдер? Жеті тиындық хатпен неге сұрамадыңдар – біздің закон жобамыз қайда жатыр деп?
Содан соң Лапиннің Петроградта тұратынын айтты. Оған «біздің заң жобамыз қайда» деп Тевкелевтен сұрай салу қиын болып па? Петербург мешітіне негіз салғалы шақырылған мұсылман жиналысына Бақытжан да келіп жүр еді ғой, мұсылман депутаттарын сонда көрмеді деймісің?
Осындай сауалдар тастай келіп:
– Сонда «біздің заң жобамыз қайда» деп сұраса болмас па еді?! Соны білу үшін осы мұсылман сиезіне келгені ме? Өстіп те дені сау кісі қалжырай ма екен?! – деді.
Одан ол өзінің сол жылдардың бірінде мұсылман депутаттары алдында қазақ жері туралы доклад қылғанын[13] әңгіме етті. Сосын олардан қазақ заң жобасын законға айналдыратын не үміттерің бар деп сұрағанын, сонда Кавказ депутатының: «Қабылдансын-қабылданбасын, қарауға ұсыну – бұл саясат жолындағы бір әдіс болар-дүр» дегенін айтты.
– Міне, – деп қойды, – жобаның заңға айналарына депутаттардың өздері сенбейтін…
Сосын өзін асқар да астам биікке көтеріп, өзгелерді кемсіте тіл қатқандай көрінді:
– Адасқанда менің етегімнен ұстамадың деп мені кінәлайсыздар. – Жеке мәжіліске қатысушыларға сұстана қарады. – Мен қазаққа қызмет қылғанда соқырға еремін деп уағда беріп пе едім?! Кісі өз басына істеген іске өкінбейтін, көңіліне кір жұқпайтын мінезді болуы шарт…
Өр кескінмен сенімді түрде сөйледі.
Жеке мәжілістің бірнеше бас қосуы бойы талқыланған мәселелерде оның үнемі жалғыз қалып тұрғаны байқалды. Айтыс-тартыстарда қарсыластары қаншама басымдық танытып, мұның қателесіп тұрғанына көз жеткізген сипатта өтсе де, мойымады. Тіпті, әлгіндегідей қарсы шауып отырды.
Қалай болғанда да, Әлекеңнің өз серіктерін адасқанға, одан да асып, соқырға балағанына Өтеміс келісе алмады. Мұндай көзқарастың тамырында қазақы алалық жатыр-ау деп шошына ойлады…
8
Ол содан бері талай мәрте сондай ойға шомған. Нева жағалауында тұрып, небір күйзелісті қиырларды іштей шарлағаны бар…
Теңіздің алып толқыны іспетті елес беретін биік тас тұғыр. Үстінде мінген тұлпары көкке шапшыған салтатты. Құдды алдында ағып жатқан жалпақ өзенді қарғып өтердей. Өр тұлғалы салтаттының мыс мүсініне Өтеміс кейінгі жылдары айрықша ойлана қарайтынды шығарды.
Бұл адам орыс мемлекетінің тыныс-тіршілігін күрт өзгертті. Сан мың жанды ауыр жұмысқа жегіп, теңізге ұласқан мына суды гранит таспен шегендеді. Зәулім де әсем сарайлар тұрғызды. Жағалауды және қаладағы көрікті жерлерді әсем шойын шарбақтармен безендірді. Осы арадан, орыстың ұлы ақынының сөзімен айтқанда, Еуропаға қарайтын терезені ойып ашты. Ғаламат жаңашыл, ескіні жоюшы, жаңаға жол ашушы реформатор болды. Оның бастаған ісін алға апарушы патшайым соқтырған осынау тамаша ескерткішті астанадан орын тепкелі бергі жеті-сегіз жылда Өтеміс әр жылда әлденеше назарлады. Әрдайым таңырқады, сүйсінді, бірақ тап қазіргідей ойға ешқашан берілген жоқ.
Ол қазақ жерін шығысқа сұғынуға мүмкіндік беретін, Азияның оңтүстігіне апаратын есік ретінде санатқа алды. Тек, рас, сол есікті өзі салып үлгермеді. Оның арманын ол сызған жобамен ізбасарлары жүзеге асырды. Әйтсе де алғашқы соқпақты өзі нобайлап берген-ді.
Орыс мемлекетінің тарихын Өтеміс біршама біліп қалған. Әскери-теңіз флотын құруға көп көңіл бөлген, соғыстан соғыс жүргізіп жатқан Бірінші Петр патшаның ақшаға өте мұқтаж болғанын, сол мұқтаждықтан құтылу үшін басып аларлық байлығы бар-ау деген алыс қиырларға жіті көз салып отырғанын оқыған сайын ойлана зерделеуге тырысатын-ды.
Патша Матвей Гагарин деген кісіні Сібірге губернатор етіп қойған екен. Ол шығыста тәп-тәуір жолға қойған сауда-саттық қатынастарының өнімі ретінде, патшаға қытайдың әсем бұйымдарынан, түрлі фарфор ыдыстардан тарту жіберіп тұрыпты. Бірде Дария деген ұлы су бойындағы Эркет деген қалмақ қаласының маңында алтын өндірушілер қонысы барын хабарлапты. Бір қап алтын қиыршығын қоса жіберген көрінеді. Сібірдегі өз шонжар-өкілінің бұл хабарламасы соның алдында Астрахан губернаторы Симоновтан түскен: «Амударияда алтын құмы бар» деген құпия баяндаманы растай түсті. Патша дүр сілкінді. Енді оны әскери экспедиция анықтауға тиіс…
Солтүстік-батыс пен батыстағы соғыстарды жеңіспен аяқтаған соң, патша мемлекетін империя, өзін император етіп жариялады. Мемлекетті және өзінің патша тағындағы абсолютті билігін нығайтудың бұрын-соңды болмаған шараларын жасады. Сосын, империяның қанатын кеңге жаю мақсатына сай, Азияға ашқарақ көз тастады…
Ұлы Петр өзінің менмен, бірбет, озбыр, әміршіл мінезімен шорт кесіп, орыс тарихын орысты ұлықтайтындай етіп жазуды көзі тірісінде-ақ тапсырған-ды.
Жазылған тарихтың орыс ұлылығына қызмет етпейтін беттерін жыртып тастаудың, ондай кітапты, қандай ғұламаның қаламынан шыққанына қарамастан, пеште лаулап жанып жатқан отқа тастап өртеп жіберудің озық үлгісін өзі көрсеткен.
Ол орыс мемлекетінің қоңсы елдерді жаулап алуға құмарлығын орыс патриотизмі деп бағалады. Және империяның жабайыларды мәдениеттендіруге бағытталған өркениеттік рөлін жүзеге асыруы ретінде дәріптеді. Онысын шәкірттері қағылездікпен қағып алып, өте мұқият жалғастырды. Солар қазақ даласына орнатқан тәртіп орыс жерін ұлғайтуға тамаша қызмет етті. Сол тәртіпті одан кейінгілердің еш бұзғылары келмейді, қай-қайсысы да езілгеннің есін жиюына жол бермеу жағында.
9
Императрица Елизавета Петровна берген пәрменге сәйкес, Иван Иванович Неплюев 1742 жылғы көктемде Самарадағы Орынбор комиссиясының командирі болып келді. Комиссияны уақытша басқарып тұрған генерал Соймоновтан әскери жасақтарды және штаб-квартираны, өлкені басқару жөніндегі іс қағаздарын қабылдап алды.
Соның алдында ғана ол Малороссияның бас командирлігінен босатылып, абақтыға қамалыпты. Күллі марапат белгілері, поместьесі тартып алыныпты. Бірақ бұл дұшпандарының астыртын өсек тасу, жала жабу әрекетінің салдарынан болғаны аса көп ұзамай анықталса керек. Ақтығына көзі жеткен Елизавета патшайым оны Орынбор өлкесінің наместнигі етіп жіберген екен. Ондағы генерал тап өзі секілді сенбеушілікке тап болған жерінен енді-енді ақталып келе жатқан-ды, ол соны алмастырған.
Неплюев өлкені он алты жыл басқарып тұрды. Бірінші Петрдің күншуақты Азия қақпасын ашу жайындағы арманын ақиқатқа айналдыру жолында көп жұмыс атқарды. Бұл орайда бүгінгі Думадағы мұсылман фракциясының төрағасы Құтлұмұхамед мырзаның арғы атасы Мәмет Тевкелев екеуінің бірлесіп жүзеге асырған жұмысы орасан зор болды.
Барған бетте Неплюевтің Әбілқайыр ханмен жұлдызы жараспады. Сол бұратана билеушісі басқаратын көшпенді қазақтардың шабуылынан орыс иелігіндегі жерлерді қорғау үшін көптеген қамалдар желісін түзді. Тек 1843 жылы номадтар шабуылынан қорғану мақсатында сегіз қамал, он сегіз редут[14] салдырды. Орынборды ескі орнына қазақтар кейін Жаманқала деп атап кеткен Орск етіп қалдырып, нағыз бас қаланы жаңа жерге сала бастады. Орынбор казак әскерінің әскери құрылысын жолға қойды. Жайық әскерінің құрылымын жақсартты. Империя мүддесіне адал башқұрттардың, шоқындырылған қалмақтардың, басқа да қазақ шекарасына тақау қоныстанғандардың жағдайын жасады.
Неплюевтің ұсынысы бойынша Сенат 1844 жылдың бас кезінде Орынбор губерниясын құру туралы үлкен қаулы қабылдапты. Оған қоса, Мемлекеттік кеңес құпия қарар шығарыпты. Орыс шекарасына үзіліссіз шабуылдарымен, сауда керуендерін тонап, орыс жасақтарын тұтқындауымен мазасыздық туғызып тұрған көшпенділердің Орынборға қараған бөлігі түгел жоқ етілмекші екен. Сол мақсатпен атты казак қосындары қазақ даласына кіреберіс өлкеге шоғырландырыла бастаса керек.
Алайда бұл зұлымдық іске аспай қалады. Елизавета Петрқызы дегенмен, әкесі Петрдің үміт артқан шәкірттерінің бірінің зымиян жоспарын жүзеге асыруына рұқсат етуге батылдық жасай алмаған көрінеді. Халықаралық қоғамдық пікірден, өзіне Орта Азия хандықтарын, Түркияны, Персияны қарсы қойып алу қаупінен сескенсе керек.
Сонда Сенат Неплюевтің сұрауымен бірнеше пәрмен шығарып, Орынборды көпес, шебер және қолөнерші адамдардың қылмысты болғандарын жер аударып қоныстандыратын орынға айналдырады. Орынбор губерниясының қамалдарына қашқындар мен «тегін білмейтін» адамдарды казак қауымдарына қосып орнықтыруға шешім қабылдайды. Сол жылдың шілдесінде, шведтермен соғыстың аяқталуына байланысты, патшайым қылмыскерлерге кешірім жариялайды. Және олардың едәуір бөлігін Орынбор желісіне қоныстандыруға әмір етеді.
Генерал Неплюев Әбілқайыр ханның қарамағындағы жауынгер көшпенділердің шапқыншылығына тосқауыл болатын қамалдар желісін бірнеше жылда-ақ тұрғызды. Оңтүстікке қарай тоғыз қамал мен он сегіз форпост[15] тұрғызылған төменгі Жайық желісі жасалды. Самара өзені бойымен батысқа қарай он қамал мен екі редут салынды. Орыс қоныстарына тезірек қорған болу мақсатымен, өлкеде барлығы жүз он төрт бекініс бой көтерді. Түрлі дәрежедегі қамалдар. Екі ел арасындағы шекара белгілері.
Өйткені бұндай қауіпсіздік шараларын жасамайынша, империяның көздегеніне жету, сауда-саттық пен өнеркәсіпті дамыту мүмкін болмайды деп саналған. Әр сауда керуенін көшпенді қазақтардан қорғау үшін көп күш қажет. Көпестерді жалғыз қазақ қарақшылары ғана емес, олардан аман өткен күнде де, одан әрі қарақалпақтардың, хиуалықтардың, қашқарлықтардың да, басқа да ортаазиялық халықтардың да базбұзарлары торуылдап жүрері кәміл. Керуендердің барлық жол тосқандардан сақтануы үшін, оларға қорған боларлық толып жатқан әскери қосындардың қастарынан табылуы қажет. Олай етудің қиындығы көп, тиімді де емес. Ал бекіністермен нығайтылған желілер салу бұл мәселені оңай шешеді. Әрі ішкі губерниялардан жіберілетін адамдардың тез жерсініп, отырықшы салтымен тұрақтанып қалуына, сөйтіп, жаңа жерлерді отарлауға, әсіресе жаугер көшпенділерден жақсы қорғануға ықпал етері сөзсіз. Осындай пайым болған.
Білетіндердің айтуынша, Неплюев қазақ билеушілерін біріктірмеу мәселесіне айрықша мән берген сияқты. Қамқорлығына бөлей жүріп, қырдағы беделді адамдардың бірі болып табылатын, үлкен бір руды басқаратын Барақ сұлтанды Әбілқайыр ханға қарсы астыртын айдап салған деседі. Сөйтіп, сондай бір қитұрқы тәсілмен, империяның сол өлкедегі көзі боп отырған генерал өзімен дәм-тұзы жараспай бара жатқан қазақ билеушісін өлтіртіпті. Оны дүниеден оздырғанға төрт жыл өткенде Орынборды батыс пен шығыс алыпсатарлары, сан түрлі тауар әкелетін көпес, саудагерлер бас қосатын үлкен жәрмеңке ретінде жариялауға қол жеткізілді. Орынбор түбіндегі Мынанай[16] қазақтардың малды түрлі өнеркәсіп бұйымдарына айырбастайтын орынына айналды. Сауда-саттық жасау мүмкіндіктерін арттыру жолын дамыту арқылы көшпенді халықпен қарым-қатынасты жақсаратындай жағдай жасалып жатты. Ұлы далаға орыс мемлекеттік жүйесінің ықпалы арта түсті…
10
Он алтыншы ғасырда Сібір Ресей бағынысына алынған жаңа жер ретінде әуелі Посольский приказ[17] тәртібімен басқарылды. Сол ғасырдың аяғында оны Қазан сарайының приказы[18] басқарды. Сібір шет аймағының ұлғая түсуіне байланысты, 1637 жылы Сібір приказы[19] құрылды. Сібірді басқарудың күллі тетігі сонда шоғырландырылды. Орыс мемлекетінің құрамына жаңа аумақтарды қосып ала беру ыңғайымен, жаңа үйездер қалыптасып жатты.
Патшалық Сібірді басқарудың әкімшілік орталығын, аймақ көлемінің жылма-жыл арта түсуіне байланысты, сол өлкенің өзінде жасауға тырысты. Тобыл қаласы басты орталыққа айналдырылды. Сібір тұрғындары үшін Тобыл воеводасы[20] алыс батыста тұратын патша тұлғасынан артық қабылданды.
1819 жылдың ерте көктемінде Сібір генерал-губернаторы лауазымымен Үркіт қаласына Михаил Михайлович Сперанский келді. Осында жасаған «Сібір губернияларын басқару мекемелері» мен «Өзге тектілерді басқару жарғысы» император тарапынан бекітілді. Ол Сібірдің негізгі жұртын отырықшы, көшпенді және қаңғып жүргендер деп үш топқа бөлді. Тіршілік салтына қарай жергілікті халықты осылай жаңаша бөлу – оның заң жобасының ерекшелігі еді. Патша соны қуаттады. Бірақ оған патша сонда екі жыл тұрып жұмыс істегеннен кейін ғана Петрборға оралуға рұқсат берді. Оралғаннан соң да онымен оңаша сөйлесуден қашып, сарайда бұрынғы ықпалы қалмағанын сездірді. Бірақ оның жасап берген заңдары патшалықтың қазақ еліне ықпалын арттыра түсті…
Сперанский келгенге дейін, жиырма шақты жыл бойы, қазақ елінің шығысы Сібір генерал-губернаторлығы арқылы басқарылып тұрған. Ол оны екі бірлікке бөлді. Қазақты әуелі орталығы Тобыл, одан Омбы болып, Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы қарады. Сперанский 1822 жылы «Сібір өзге тектілерін[21] басқару туралы жарғы» және «Сібір қазақтары[22] туралы жарғы» дейтін құжаттарды жасады. Сібірдің өзге текті жұртын үш топқа бөлді. Оларды әлеуметтік дамуының ерекшелігіне қарай: көшпенді, қаңғыма және отырықшы деп атады. Көшпендіміз – қазақ, қаңғыма – сақа секілді аңшы жұрт, ал отырықшы – татар болатын.
Сосын қазақ еліне ішкіресей тұрпатындағы болыстық басқару органдары енгізілді. Сол тәртіп жүзеге асырылғаннан бастап, рулық қатынастар ел өмірінен бұрынғы хандық құрылымда атқарған рөлі мен мәнін жоғалта бастады.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демеуші ме еді, содан бері өткен уақыт сол тағдырлы мерзімге тақап та қалды ғой…
Содан да шығар, әлі «қазан бола қоймаған» төре-сұлтан дегенге Рақымжанның жаны қас екен. Олардың өзара қырқысуы халық қамын ойлағандық емес деп, ана жылы Өтеміске біраз әңгіме айтқан-ды. Бақытжан мен Әлиханның араздығын да олардың алыс аталарынан мирас боп қалған ауруға балайтын көрінеді.
– Рас, – деген ол, – мұны мойындау абзал, кісі өлтіріскен екі әулетті татуластыру шаралары кезінде жасалды…
Рахымжан хан тұқымы мен ханға қастандық жасаған жақ арасындағы қарым-қатынас жайында біраз әңгіме айтты. Беделді кісілердің араласуымен олар қыз алысып, қыз беріскен көрінеді. Сөйтіп, туыстық жақындықтарын нықтағандай болса керек. Бірақ қастық түйсік қандарында қалған. Бұған Рақымжан сенімді. Елеусіз түрде болса да, өздері оған мән бермесе де, ғасырлар бойы тұқым қуалап, сақталып келеді. Бұны Әбілқайырдың ұрпағы Бақытжан мен Әбілқайырдың жендеті Барақтың ұрпағы Әлихан екеуінің ара қатынасынан аңғару қиын емес…
Оған келіспей, Өтеміс қанша дауласты…
11
Өтеміске: «Дегенмен, қазақта алауыздық бары рас-ау», – деген ой келді. Естуінше, бұрындары кейбір хандар рулар мен аталар арасындағы дау-дамайды әдейі өршітіп қояды дейтін. «Олар араз болса – билеуге жақсы, төрелік сұрап алдыңа келіп тұрады. Қараның дауын ешқашан түбегейлі шешіп беруге асықпа», – деп, хандар өз тұқымдарына өсиет берген екен деген сөз бар.
Сондай ережені орыс патшалары да басшылыққа алған тәрізді. Сонау Рим заманынан келе жатқан тәсілді – «Бөлшектеп ал да – билей бер!» ережесімен ел басқару тәртібін – әсіресе оқымысты әйел патша Ұлы Екатерина қазаққа қатысты мейлінше ежіктеп қолданған көрінеді.
Екінші Екатерина императрица шығарған пәрмен кезінде құпия болғанмен, бүгінде ашық. Тарихи құжат ретінде орыс мемлекетінің заңнамалық жинақтарында тасқа басылып, ашық жария боп жүр. Өтеміс оны Петрбор императорлық көпшілік кітапханасынан көрген. Заң жинақтарын алдыратын басқа да қалаларда бар шығар. Иә, бар. Әйтеуір Рақымжан ондай кітаптарды Омбыда парақтаған боп шықты. Әлде генерал-губернаторлық басқармасынан, әлде кітапханадан… Иә, қалап жатса, баршаға оқуға болады.
Рақымжан, бірақ, патшалықты қазаққа алалық әкелді деп даттаудан аулақ.
– Бұрынғыға салауат, – дейді ол, – қазіргі таңдағы алауыздықтың тамыры өз арамызға жайлаған. Оны көре тұра, жасыру – күнә. Ал бар кінәні баяғы бір жасырын жарлыққа аудара салу оңай шығар, бірақ ол бүгінгі дертімізді жазбайды.
Ал бүгінгі дертіміз, Рақымжанның бекем иланымына қарағанда, көзі ашық деген азаматтардың ел тағдырын ойлауды да жеке бастарының мүддесіне салып жіберетінінде жатыр.
Осы ретте ол тағы да Әлиханды мінеді. Жиһанша Сейдалиннің қазақ өкілдерінің басын қосып сиез өткізсек деген ұсынысын жерден алып, жерге салғанын айтты. Қазақтың басына түскен ауыр жағдайдың әлдебір қорғану шарасын іздестіруді талап етіп тұрғанына қарамастан, сиез шақыруды құптамай, оның түк те пайдасы жоқ деуі – оқыған қазақ түгіл, қарапайым жұрттың да көңіліне келгенін есіне ызалана түсірді.
Оның басы ашық мәселені қолдамай, оған шабалана қарсыласуының астары неде дей ме? Жалғыз емес, пікірлестерімен, сыбайластарымен бірге қарсы шапты ғой. Рақымжан шүбәсіз сенеді, мұндай әрекеттің астары – бастаманың бөгде біреуде кетіп бара жатқанын оның көре алмауында жатыр. Мәселе өзінің қашанда бас болуы керектігінен туындап тұрғанын, ал Жиһаншаның алға шығуын жақтырмайтынын барша жұрт бірден ұқты. Әрі өзінің тұқыми дұшпанына мұның жақын жүретін жігіт екені оған, әрине, мағлұм-ды. Тағы өзі, сонысына қарамастан:
– Хан баласында қазақтың хақы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын, – дейді.
Өтеміс бұған не дер екен? Қызмет қылуы жалғыз шабу, жалғыз өзі халық қамқоры боп көріну сияқты. Оның жақтастары, әсіресе, газет шығарып отырған Ахмет Байтұрсынов та бас қосу жайында кекесінді сөздер жазды. Оны қалай бағалауға болады? Бұларға қазақтың біріккені емес, өздерінің жеке-дара аты шыққаны керек. Ел мүддесі үшін шырылдаған Жиһанша Сейдалинді олар көре алмай тұр. Рақымжан осылай ойлайды.
Қазақтың көне сөзімен айтқанда, өздерінен асқанды бұл мықтылар батыр дей алмады. Өкінішті, бірақ солай. Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дейді, өшер елдің баласы бірін бірі қатын дейді… Айтсыншы Өтеміс, осы қанатты сөздің мәніне неге бармаймыз? Біз өзімізді өсер елдің азаматымыз деп ойлаймыз емес пе? Ойлаймыз! Ендеше, елді өсірер азаматтарымыз ортақ мүдде дегенде неге біріге кетпейді? Ондай адалдық көрсете алмайтын жанға сенуге бола ма?
Рақымжанның осынау ашынулы сауалдары Өтемістің көкейіне әлсін-әлсін оралады, бірақ дәл жауабын таба алмаған сияқты. 1914 жылғы мұсылман съезі кезінде де осы алауыздық мәселесі бой көтеріп, көне дертті еріксіз еске түсірген еді. Өтеміс терең дем алды.
Оны жеке мәжіліс үстіндегі айтыс-тартыс кезінде делегаттардың өздері ауызға алған-ды. Негізгі мәселе қазақтың жанды жарасына айналған жер мәселесі төңірегінде дамыған. Мәжіліс құрып отырған жұрт ортаға:
– Не шара? – деп, сауал тастаған. – Хұкімет переселениені[23] ешбір тоқтататын емес, сонымен қатар, қазақ пайдасындағы ыңғайлы жер-су телімдерін кесіп алудың шет-шегі көрінбейді.
Олар қазақтың егінге қолайлы барлық жерінен айрылып қалу қаупі шындыққа айналып келе жатқанын қобалжи, толқыныспен әңгіме етті. Сол ретте «Әлихан Бөкейханов пен оның ықпалындағы «Қазақ» газетінің отырықшы өмір нормасынан көшпелі тіршілік нормасының артықтығы туралы пікірлері, біліп айтсын, яки аңғармағандықтан айтсын, қалай болғанда да, қазаққа үлкен залал келтіріп тұрғанын» сөйлеушілердің көбі атап өтті.
– Себебі, – деді Бәкең, – көшпелі нормамен жүрсең, патшалыққа керек болса болды, жеріңді тартып ала береді. Естеріңізде болсын, осы күнгі заңның тәртібі бойынша – көшпелі норма қазаққа жерді уақытша пайдалануға ғана береді. Көшіп-қонатын, мал жаятын жеріңді талассыз тыныш иеленуге жол бермейді.
Мұны заңгерлер ретінде Жиһанша да, Серәлі де қуаттады. Олардың пайымдауынша, Әлихан мен жұртқа көп тарайтын «Қазақ» газетінің көшпенділік норманы мақұлдауы және, сөйте тұра, көшіп-қонып жүретін жерлерді көрсете алмауы олардың переселен пайдасын қорғаштағандай әрекет етіп жүргенінен куәлік етеді. Ойласын отырған жұрт, шұрайлы жерлерді ойдым-ойдым ойып алып, мұғажырлар қоныстануда. Ал шөлге, су тапшы құлазыған далаға ығысуға мәжбүр болған қазақ халқының ұзамай қу тақырда шашырап, бытырап қалу қаупі бар.
– Егерде көшпенді жұртымыз Бөкейханов пенен «Қазақ» газетінің айтқанына еріп, көшпелі қалыпта қала берсе, арты не болмақ?..
Көшпенді өмір салтымен күн кешуді жалғастыра берудің түптің түбінде қайда апарып соғарын және оның қандай апатқа айналарын, әрине, олар болжай алған жоқ. Бірақ соның заман көшінен қалып бара жатқандықтың белгісі екеніне көздері жеткендіктен де, халыққа өз ұсыныстарын тұжырымдап ұсынды.
Ал ұсыныстары мынаған саяды… Өздері қанша ұмтылғанмен, шаруа көші-қонының легін тоқтататындай заң шығара алмады. Сондықтан, әкімшілік ұсынған, заңда бар тәртіпті мойындағаннан басқа лаж жоқ Ендігі қолдан келері – үкіметтің сол 1909 жылғы 9 маусымдағы нұсқауы бойынша отырықшылыққа айналу, тек қазаққа пайдалы болардай тұрпатта айналу…
Ол қалай жүзеге аспақ? Былай… Мұжыққа арналған заңды қазақ тұрмысына қолайлылақ ету үшін, отырықшы болу мақсатымен жер алуға жеке-жеке немесе аз үй боп бармау керек. Өйткені ондайда егін һәм мал шаруашылығын жүргізуге жеткілікті жер тие қоймайды. Сондықтан, кемі бір болыс ел жер-суды бір-ақ кескізіп алған дұрыс.
– Сонда, – десті олар, – көп болып отырықшылыққа айналғанда, қала-қалаларға жан басына берілетұғын он бес десятина қолайлы жерлердің арасында егінге қолайсыз, бірақ мал шаруашылығына жарамды жерлер көп тиеді.
Жеке кеңеске қатысушылардың қорытқан пікірі осыған сайды.
– Жалпы, қазақ халқы тап осы күнде жерге орналасу хақында болсын, дініне төнген қауіп тұрғысында болсын, екіұдай жағдайда тұр. Осы ахуалды бір қалыпқа келтіру үшін хұкіметтен рұқсат алып, осы өздеріміз қатысқан мұсылман сиязы іспетті қазақ жиынын жасау қажет.
Мұндай ойға баршасы бірден құлады.
– Егер қазақ басқосуы бола қалса, бұрын сиязға қарсы болып жүрген, сөйте тұра осы мұсылман сиязына келген Әлихан Бөкейханов та қатысуға тиіс!
Жиһаншаның бұл ұсынысына басқалар да қолдаушылық көрсетті. Жалпы, өзара кеңесу қорытындысында дін, құқық және жер мәселелері хақында алған қаулыларының бәрінде қазақ делегаттар Әлекеңнің көзқарастарына сыни тұрғыдан келді. Оның сот саласындағы пікірін де теріс деп тапты. Қазақ халқы үшін қазақтың әдет-ғұрып заңдары бойынша іс қарау тәртібін сақтау керек дегенін қабыл етпеді. Өйткені, десті олар, біріншіден, оның пікірі ол өкілдік етіп отырған Семей облысындағы қазақтардың діни басқарма керек деп арызданған тілектерінен мүлдем бөлек. Демек, ел мүддесіне қайшы. Екіншіден, қазақ халқы әлдеқашаннан бермен қарай осы күнгі народный сотты ауырлап жүр. Себебі онда осы күнде нақ шынайы әдет-ғұрып салты сақталмайды. Әдет құқығы орнына сотта әлдеқашаннан бері байлыққа сүйенген зорлық билейді. Кейбір ықпалды адамдар ондай сотта қалағанын істеп жүр. Үшіншіден, қазақ халқына осынау бетімен кеткендік ахуалдан құтылу үшін жалғыз-ақ жол қалды – қазаққа шариғат жолын ұстану қажет. Әрі тіршілік ағыны сол жолды нұсқап та тұр. Осылай айта келе:
– Мемлекеттің жалпыазаматтық заңнама бойынша жұрт түсінбейтін тілменен тіркелетін сот ісін халық онша сүйкімді көрмейді, – деп, орыс сотының қазаққа қол емес екенін атай кетті.
Сосын арнайы баппен Әлекеңнің көзқарасына баға бере кетті:
– Төртіншіден, алғашқы қалпын әлдеқашан жоғалтқан әдет құқығын Әлихан Бөкейхановтың қорғаштауы қазақтарды басқа мұсылмандардан ажыратып, дінінен айырып, орыстандыру политикасына[24] муафық[25] болып шығады. Хұкіметтің бұл политикасы 1886 жылғы Түркістан, 1891 жылғы Дала Ережелеріне тоқылған. Бөкейханов миссионерлер политикасына муафық болып табылатын заңды қорғаштап отыр. Бәлки, байқамай солай еткен шығар. Егер біле тұра істесе, басқа бір түрлі оймен бұл модный[26] пікірді бетіне шымылдық қылып тұр. Кеңес оның пікірін осы екі қалыпта да қазақ халқының тіршілік істеріне зарарлы деп табады.
Әрине, жеке кеңес қаулысын Әлекең құлағына да қыстырған жоқ. Ұзамай әлемдік соғыс өрті тұтануы себепті, қазақ съезі де шақырылмады. Қысқасы, одан бергі үш жыл жаһандық соғыстың басталуына байланысты туындаған мәселелерге орай өрбіді.
Осынау күлліресейлік мұсылмандар құрылтайы үстінде Ғаяз Исхақи қазақтарға таққан айыпқа қарағанда, қазақ қайраткерлерінің еуропалық бағдарына өзгеріс ене қоймаған. Оның сөзінде кейбір шындық ұшқындары бар екенін Өтеміс жоққа шығара алмас еді. Дегенмен, алауыздықтың сол келеңсіз ұшқындарын бәрінің кеудесінде лаулаған ұлттық мүдде оты басып кетеріне қатты сенеді. Қазақ қайраткерлері ортақ мақсатты айқындап, сол жолда бас біріктіре алмайды дегенге ешкім де иланбайды…
12
Өтемістің бұл иланымының дұрыстығына революциялық рухта өткен осынау делегаттық жиын және соның ауқымында қазақ өкілдерінің өз мұқтаждықтарын іскерлікпен талқылауы куә болғандай…
Мәскеу съезі бітер қарсаңда, 1917 жылғы 9 мамыр күні, күлліресей мұсылмандары құрылтайына келген қазақ делегаттары өзара жиналыстарына бас қосты. Асадуллаев үйінің мектеп сыныбына арналған бір бөлмесі лық толды. Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстарынан, Бөкей ордасынан, Түркістан өлкесінен сайланған қазақ қауымдары өкілдерінің көпшілігі жиналды.
Кездесу-пікірлесу жиынына мұрындық болған – жалпымұсылман съезі төралқасының мүшесі, оралдық дәрігер Халел Досмұхамедов еді. Қазақтардың жеке мәжілісін сол ашты. Қысқа қырқылған қою сақал-мұртын бір сипап өтті де, отырғандарға дөңгелек көзәйнегі астынан ойлана қарап:
– Құрметті аға-іні, бауырлар, – деді, – өздеріңіз куә боп келесіздер, міне он шақты күнге тақады, жалпымұсылман құрылтайы қызу жұмыс істеп жатыр. Бұл құрылтайға түркістандықтардан басқа баршамыз облыстық сияздарымызда сайландық. Жалпықазақ құрылтайын өткізу дұрыс болмағы осы сияз үстінде қай-қайсымыз үшін де әбден аныққа айналды ғой деймін. Осы жайында ақылдасайық.
Мұсылман съезіндегі қызу айтыс-тартыс, жалпы мұсылман қауымы мүддесі мен қазақ мүддесі, жекелеген делегаттардың қазақ қайраткерлеріне сенбеушілік білдіруі осы жеке кеңесте пікірлесіп алу қажеттігін айқындай түскен. Қазіргі өтпелі кезеңде ортақ мүддені күллі қазақ өкілдері арнайы бас қосып ақылдаспай болмайды. Бұл орайда Түркістан өлкесі мұсылмандары озды. Қазағы, қырғызы, өзбегі, түрікпені, қарақалпағы бар исі түркі жұрттардың көкірегі ояулары ел болашағын бірлесіп талқыласа керек. Және сонау талқылаудың жеңіл өтпегенін осы күндері Мәскеу съезінде жүрген түркістандық делегаттар әңгімесінен естіп-білмегендер жоқ шығар, сірә. Дегенмен Халел осынау кеңестің басы[27] ретінде әр аймақтағы саяси ахуал жа- йында қысқа хабарлар жасалғанын дұрыс көреді…
Түркістан мұсылмандары сиязын ұйымдастыру жұмыстарына белсене қатысқан Көлбай Тоғысов өлке жағдайын әңгімелеп берді. Өлкенің жалпы саяси жағдайы хақында жұрт Зәки Валидовтың мұсылмандардың шыққан тегі және қазіргі Ресей саяси тыныс-тіршілігіндегі орыны жайындағы ғылыми сипатта дайындалған баяндамасынан-ақ біраз хабардар болып қалған-ды. Көлбай революцияның алғашқы айындағы өлке жайын, Ташкенттегі сәуір құрылтайына дейінгі саяси ахуалды, оны жандандыруға Петроградтан барған жігіттердің, олардың арттарынша жеткен Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің қызметтері тигізген ықпалды тілге тиек етті.
Сан тайпалы өлке мұсылмандарының сәуірде өткен бірінші съезі Түркістан милли мәркез шорасы[28] деп аталған ұлттық атқарушы орталық орган сайлағаны белгілі-тін. Оның төрағасы Петроградтан, Думаның мұсылман фракциясы жанындағы бюрода Түркістан өкілі боп істеген қызметінен еліне қайтып оралған, ұстамды, сабырлы ой-пікірімен көп көңілінен шыққан білімді жас қазақ Мұстафа Шоқай екен. Қазір ол жаңадан құрылған үкіметтік ұйымдармен, түрлі саяси партиялармен Ұлттық орталық жұмысын үйлестіру шаруасын жолға қоюмен шұғылданып жүр. Егер жалпықазақ құрылтайын Ташкентте шақырып, мақсат айқындау, күш біріктіру мәселелерін сондағы ұлттық орталықпен бірге талқыласа, ғажап болар еді…
Бөкей ордасынан делегат боп келген, заманында халқына сіңірген еңбегімен аты шыққан әйгілі Мақаш-правительдің[29] кенже ұлы, студент Шафқат Бекмұхамедов Торғай қазақтарының 1917 жылғы сәуірде өткен съезін еске алды.
– Оған басқа облыстардан да қазақ өкілдер қатысқан. Бөкейден барған мен сияз хатшысы болып сайланған едім, – деді ол. – Жиналысымызды татар, башқұрт, казак қауымы азаматтарын былай қойғанда, Түркістанның белгілі өзбек қайраткерлері де келіп құттықтады. Не керек, бәрі оны тұңғыш қазақ құрылтайы ретінде қабылдаған. Бірақ сиязға қатысқандардың басым көпшілігі торғайлықтар, әрі қаралған мәселелердің көбі де солардың өміріне қатысты болған еді. Сондықтан барша делегат жалпықазақ құрылтайын шақыру қажеттігін сонда-ақ көтерген. Сөйтіп, сол күллі қазақтан делегат сайлатып сияз өткізу ісін ұйымдастыру үшін арнайы бюро сайлап, мәселені соған тапсырған болатын. Соны ескерейік…
Осы екі жігіттің сөзін арқау етіп едәуір пікір алысылды. Мұсылман съезінде туындаған жәйттер төңірегінде де көп әңгіме болды. Жұрт осыған дейін болған, өздерін күлліресей мұсылман съезіне сайлаған облыстық съездер жайында пікір алмасысты. Болған съездерде ұқсас мәселерді қарап, талқыға салуда Петрбордағы жиынның, онда сайланған уақытша орталық мұсылман бюросының ұйымдастыру жұмыстары оң ықпалын тигізгенін атап өтті. Ақыры ортақ мәмілеге келісіп, тоғыз тармақтан тұратын қаулы алды.
Қаулыда құрылтайды тамыз айына, Ташкентке шақыру керек деп түйінделді. Әр қазақ болысынан бір өкіл болғанын, оның мүмкіндігінше жаппай және төте, жынысына қарамай, тең құқылық, құпия дауыс беру жолымен сайлануы қажеттігі айтылды.
Мәскеуде оқыған, сиязға Торғай облысынан келген Аққағаздың мұсылман қыз-келіншектер хақындағы ой-пікірін делегаттар ықыласпен тыңдаған-ды, баршасының ойында тұрғандықтан, сол да талқыланбай қалмады. Қаулыда келешек қазақ құрылтайына әр үйезден бір-бір әйел-өкіл келсе орынды болар еді деген тілек тұжырымдалды.
Бағдарламаны мұқият жасап, құрылтайдың барша шаруасын ретке келтіру Торғай облысы съезінде сайланған ұйымдастырушы бюроға жүктелгені жөн деп ұйғарылды. Оған көмекке әр облыстан бір-бірден өкіл бөлінсін, арнайы қаржы жіберу ескерілсін деген баптар қаулыда тиісінше көзделді.
Халелдің съезд аяқталар қарсаңда қазақ-депутаттардың басын құрап, арнайы жиналыс өткізудегі мақсаты діттеген жеріне жеткендей болды. Қаулыны тездетіп рәсімдеп, Орынборға жіберу қамы жасалды…
13
Көзқарасының ұтылыс тапқанына қарамастан, Ғаяз мырзаны делегаттар қатты қадірлейтін. Ол да мемлекеттік құрылым түрі хақындағы ұсынысының өтпегеніне ұнжырғасы түскен жоқ. Көпшілік шешімін қабыл алып, күн тәртібіндегі кезекті баяндамаларды мұқият тыңдауға кірісті.
Өтеміс те оның қазақ қайраткерлері тарапына білдірген бағасына өкпесін тез тарқатты. Өйткені, осынау көрнекті тұлғаның ә дегенде оғаш көрінген пікірінде, шынтуайтында, ортақ мақсат тұрғысындағы ақжүректік жатқанын бағамдағандай болды. Сол себепті, оның айыптауының тым жалаң еместігін ойласымен-ақ, алғашқы реніші әлдеқашан сейіліп кеткен. Байқауынша, съезге қатысушылар оның әр сөзіне мұқият құлақ түрді. Өйткені съезде қаралған басқа мәселелерде де Ғаяз Исхакидің белсенділігін төмендетпегені, көздегені – мұсылман халықтарының ортақ мүддесі екені көзге ұрып тұрды.
Сондықтан да шығар, оның Ресей мұсылмандарының кеңесін – Милли Шуро[30] құру жайындағы баяндамасын барша жұрт ерекше ықыласпен тыңдады. Ғаяз елдегі мұсылман халықтарының іс-әрекеттеріне басшылық жасап, үйлестіріп отыру үшін мұндай ұйымның аса қажет екенін сенімді түрде дәйектеді.
Бұл баяндама съездің соңғы күні – он бірінші мамырда жасалды. Сол күні баяндама бойынша қарар қабылданып, сайлау жүрді. Милли Шуро, яғни Ұлт Кеңесі мүшелері әрбір кезекті жиындарына Мәскеуде бас қосады деп шешілді. Құрамына Ішкі Ресей мен Сібірден, Түркістан мен дала облыстарынан және Қырымнан отыз адам сайланды. Кеңес төрағасы Цаликов болды. Кавказ бен Литвадан келген делегаттар Ұлт Кеңесіне өз өкілдерін сайлауды кейінге қалдырды. Біраз ойласуға пұрсат сұрады. Үйлеріне қайтқаннан соң, сондағы көпшілікпен ақылдасып, шешімдерін артынан хабарламақ.
Кеңес ішінен Атқару комитеті сайланды. Ол қысқаша Икомус[31] деп аталды. Съез сайлаған осынау мұсылмандық Ұлт Кеңесінің аткомы Петроградта орналасады, қызметін жергілікті ұйымдармен және орталық мекемелермен үйлестіре отырып атқарады деп шешілді.
Съезде Жаһаншаһ Досмұхамедов білімдарлығымен, шешендігімен, мемлекеттік көзқарас тұрғысынан сындарлы ойлар айтуымен көзге түскен. Патшалық тұсындағы халық мүддесімен үйлесіп жатқан қызметі хақында Сібір татарлары тарапынан жақсы лебіз білдірілгенде, оның беделі құрылтай үстінде тіпті арта түскен еді. Міне сол Жаһаншаһ, Жанша, Жаһанша Досмұхамедұлы атком мүшесі ғана емес, атком төрағасының орынбасары болып сайланды. Өтеміс бұл таңдауға қатты қуанды. Үзіліске шыққан бетте бірден асқан ризашылық білдіріп, Жаншаның қолын сілке құттықтады.
Ал мұсатком төрағасы лауазымына Ғаяз Исхаки лайық деп табылды. Кәдімгі Аяз Исқақов. Сондай-ақ, аткомға мүшелікке қазақтардан бөкейлік Уәлитхан Танашев пен торғайлық Аққағаз Досжанова, Түркістан өлкесінің делегаттары ретінде башқұрт Зәки Валидов, ноғай Ислам Шагиахмедов, өзбек Убайдулла Ходжаев кірді.
Съезде бірден келесі басқосулар өтетін орындар белгіленді. Екінші съезд – Қазанда, үшіншісі – Ташкентте, төртіншісі Бакуде болады деп ұйғарылды. Оларды шақыру уақыты Милли Шуро мен Икомустың қызметі нәтижесінде, қажеттілік тууына қарай нақтыланады. Осылай шешілді және мұндай тәртіп баршаны қанағаттандырды.
Мінбеге Ғаяз көтерілді. Съездің жұмысын қысқаша қорытындылады. Сосын, басқосуды аяқтар алдында, осынау күлліроссиялық құрылтай осынша күн жұмыс істеген тамаша үйді Москва мұсылмандарына, олар арқылы барша исі мұсылманға сыйлаған атақты мұнай кәсіпкері Шәмси Асадуллаевті еске алып, аруағына арнап құран бағыштауды ұсынды.
Қоңыр дауысты молда құйқаны шымырлатып, аят оқыды. Әлсін-әлсін алланы ұлықтап қойып, аяттан аятқа ауысқан сайын, Ресейдің шартарабынан келіп бас қосқан мұсылман өкілдері өздерінің арман-қиялдарының бірлігін ұға түскендей болды.
Алайда көп ұзамай алдарынан сан тараулы жол шығып, қилы бағытқа бастарын олардың ешқайсысы ә дегенде сезбеген, ойлай да қоймаған…
11.05.2025
[1] бөтен мемлекеттің белгілі-бір аумағын күшпен қосып алу.
[2] басып алынған территориялардағы халықтан мәжбүрлеп қаржы жинау, сондай-ақ, соғыста жеңілген мемлекеттің жеңімпазға төлейтін сомасы.
[3] башқұрт.
[4] қоныс аударту, көшіріп әкеліп орналастыру, мұғажырлық.
[5] Жерге орналастыру және жер өңдеу істерінің Бас басқарушысы – қазіргі ұғым бойынша Ауыл шаруашылығы министрі.
[6] әйгілі және дәулетті, лауазымды ақсүйектердің.
[7] ақсақалдар.
[8] пікірден, сараптан.
[9] заңға.
[10] райынан.
[11] «9 маусымды», үкіметтің 1909 жылы 9 маусымда переселен мекемелері үшін жасаған нұсқаулығының күшін жою хақындағы әрекет жайы сөз боп тұр.
[12] Мемлекеттік Думаның.
[13] баяндама жасағанын.
[14] сыртынан ор қазып, бергі жағына топырақтан белдеу үйген далалық бекініс.
[15] алдыңғы шептегі бекет.
[16] Меновый двор, тауар алмастырып сауда-саттық құратын орын.
[17] Ресей мемлекетінің 1549-1720 жж. сыртқы саясатқа жалпы басшылық жасап тұрған орталық мекемесі.
[18] Ресейдің оңтүстік-шығыс бөлігін басқарған орталық мемлекеттік органдарының бірі.
[19] Ресейдің орталық үкімет мекемесі, Қазан сарайының приказынан бөлініп шыққан.
[20] әскери және әкімшілік міндеттерді бірге атқаратын әскербасы, билеуші.
[21] бұратаналарын.
[22] түпнұсқада «киргиз».
[23] шаруаларды орталық аудандардан көшіріп әкеліп, қазақ жеріне қоныс аудартуды.
[24] саясатына.
[25] жәрдемші, көмекші, қостайтын.
[26] үкіметтік саясаткерлер көбірек қолданатын танымал.
[27] қазақтардың өзара кеңесуіне арналған жеке жиынын басқарушы.
[28] Түркістан орталық ұлттық кеңесі.
[29] Ішкі ордада округ әкімі (правителі), өзге де басқару қызметтерін атқарған, қазақ елі мен орыс мемлекеті арасындағы шекараны нақтылап, атамекенді қорғаудағы ұлағатты істерімен, ағартушылық еңбектерімен, этнографиялық жұмыстарымен ел есінде қалған кісі, 1904 жылы дүние салған.
[30] Ұлт Кеңесі, Бүкілресейлік Орталық мұсылмандар кеңесі.
[31] Икомус құрамына Түркістаннан, ішінде әзірге жеке бірлік ретінде таныла қоймаған Қазақстаннан да өкілдер бар, барлығы он екі адам кірді.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ





