Отбасы – шағын мемлекет. Бұл қағида бізге кеңестік кезеңнен мәлім. «Әке, ана, бала» үштағаны, олардың отбасындағы қарым-қатынасы адамзат тарихының ең бастапқы сәтінен маңызды болып келеді.
Соңғы дәуірдегі алма-кезек алмасқан, идеологиялық-әлеуметтік тұрғыда бір-біріне қарама-қайшы формациялар екпінімен отбасы құндылықтарына деген көзқарастың да сан мәрте өзгергенін тарих жақсы біледі.
Бақташылық-терімшілік деп аталатын дәуірде матриархат салтанат құрды. Отбасының да, қоғамның да басында әйел тұрды. Әйелдің айтқаны заң болды, әйел басқарды, әйел биледі.
Соғыс, ауыр еңбек процестерінің іске қосылуымен біртіндеп әлеуметтік-отбасылық қарым-қатынас патриархаттық сипат алды. Жасыратыны жоқ, сол процесс әлі күнге дейін жалғасуда. Мемлекет басында да, отбасында да негізгі басшылық еркектің қолында.
Алайда соңғы дәуірдегі демократиялық өзгерістерге орай, гендерлік саясат, яғни отбасындағы теңдік қағидасы атқа мінді. Әлемдік-қауымдастық құрамына дербес те тәуелсіз мемлекет болып қосылған Қазақстан да одан сырт қала алмайтын.
Біздегі гендерлік саясат саласындағы негізгі заң актісі – 2009 жылғы Қазақстан Республикасының «Ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндігі мен тең құқылығына мемлекеттік кепілдік туралы» Заңы. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда гендерлік саясатты жүзеге асыру барысында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.
Алдымен ерлер мен әйелдердің еңбектегі, бизнестегі, саясат пен мемлекеттік басқарудағы тең құқылығына айрықша назар аударылды. Қазіргі Қазақстанда гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың біртұтас жүйесі, ауқымды құқықтық базасы қалыптасты.
Соңғы кезде Қазақстан әйелдердің жағдайы мен құқығына байланысты бірнеше халықаралық келісімді радификациялап, соған қосылды. Қазақстанда оның қалай орындалып жатқанын осы мақала барысында айтамыз.
Қазір Қазақстан парламентінің төменгі палатасының 27 пайызы әйелдерден тұрады. Соңғы он жылда бұл көрсеткіш он пайызға өскен көрінеді. Бұл туралы Қазақстан ұлттық экономика вице-министрі Мәдина Әбілқасымова ресми түрде мәлімдеді.
Жергілікті өкілетті орындардағы әйелдердің үлесі 22 пайыз. Ең бастысы, мемлекеттік қызметтегі әйелдер үлесінің өсімі байқалады. Қазір еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің 56 пайызы әйелдер. Тұтастай алғанда, басқарудың орта буынындағы қызметкерлердің 15 пайызы әйелдерді құрап отыр.
Қазіргі нарық билеген заманда тіршіліктің негізгі қайнар көзі – шағын және орта бизнес, әрі бұл сала мемлекеттік кірістің қомақты бөлігін құрайды. Яғни, ел экономикасын нығайтудың басты тетігі деген сөз.
Адамзат психологиясында біреу мойындамайтын, біреу мойындайтын бір қағида бар. Ол – әйелдің еркектен гөрі сергектігіне байланысты. Қазіргі тіршіліктің негізгі көзіне айналып отырған орта және кіші бизнестегі әйелдердің үлесі қанша дегенге келейік. Қазір бұл саладағы әйелдер үлесі Қазақстан Республикасы бойынша 50 пайызды құрайды. Оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерін басқаратындардың 44 пайызы әйелдер.
Бүгінгі таңда отбасының бюджеті, яғни табысы елеулі рөл атқарады. Қымбатшылық етектен тартқан кезеңде оның маңызы айтпаса да белгілі. Соған қарамастан, Қазақстанда әйел мен еркек арасындағы жалақы мөлшеріне байланысты гендерлік айырма әлі де болса сақталуда. Әлем бойынша бұл көрсеткіш 23 пайыз болса, өкінішке орай Қазақстанда 33 пайыз.
Мамандар оған салалық және кәсіби сегрегация, жалақы төленбейтін, үйде отырып істейтін жұмыс және әйелдердің еңбекке формальды емес тұрғыда қатысуының жоғары деңгейі әсер ететін көрінеді. Жасыратыны жоқ, біздің елімізде әйелдер негізінде өнімділігі төмен, жалақысы аз салаларда жұмыс істейді.
Бұл да болса, отбасы және гендерлік саясатқа байланысты олқылық болып отыр.
Ал, енді, мемлекет тарапынан бұл кемшіліктерді жоюға байланысты қандай шаралар жасалып жатыр дегенге келейік. Біздің еліміз қабылдаған отбасын, халықты әлеуметтік қорғау шараларының арқасында әйелдерді экономикалық қызметке тарту көрсеткіші артты.
Оның үстіне қарапайым халықты әлеуметтік тұрғыда қорғаудың оңтайлы шаралары белгіленуде. Мәселен, жас нәрестесін бастапқы 3 жылда бағып үйінде отырған әйелдің жұмыс орны заң бойынша сақталады. 1 жасқа дейінгі нәрестесі үшін 40 пайыздық жәрдемақы төленеді. Оған әр туған балаға төленетін жәрдемақыны қосу керек.
Бала күтіміндегі әйелдердің зейнетақылық сақтандыру жүйесіндегі төлемі жасалынып тұрады. Ал баласы 3 жасқа келгеннен кейін әйел еш алаңсыз бұрынғы жұмысына шыға алады.
Отбасына байланысты негізгі өлшемнің бірі – демография. Әлбетте, қазақ «бір қой егіз тапса, бір түп жусан айыр шығады» деген принцип ұстанған халық. Оның үстіне өткен тарихтан қалған демографиялық шығымымыз да үлкен.
Үстіміздегі жылы жер шарындағы адам саны 8 миллиардтан асты. Бұл дегеніңіз, өте қомақты сан. Соған байланысты әлемнің әр қиырында мемлекеттегі демографиялық ахуал жан-жақты талқылануда. Әрине, жері үлкен, табиғи ресурстары мол, халқы аз қазақ үшін мұндай проблема жоқ. Сондықтан мемлекет бала туу, оның санына байланысты прогрессивті саясат ұстанады. Оны біз республикада жүргізіліп жатқан әлеуметтік реформалар барысынан да көріп-біліп отырмыз.
Отбасы туралы әңгіме көтерілген кезде есте ұстайтын бір мәселе бар. Атап айтқанда, жер шарындағы халықтың өсімі қатты алаңдатып отырған мемлекеттер де бар. Мәселен, планетадағы адам саны 8 миллиардқа жеткен кезде Үндістанның халқы саны жағыннан қытайларды басып озды. Қазір әлемдегі халқы ең көп ел де осы Үндістан.
Көзі қарақты оқырман Үндістан мемлекетінің жағрапиялық жағдайын жақсы біледі. Үнділердің өз еліндегі демографиялық жағдайы үшін алаңдайтын реті де бар. Себебі, халық көп, жер мен материалдық ресурстар тапшы. Ал оның ақыры – әлбетте, аштық.
Өткен жылы Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымы алдағы уақыттағы планетадағы азық тапшылығына байланысты дабыл көтерді.
Ұйымның деректеріне қарағанда, таяудағы болашақта ондай қатер де бар. Мәселен, халқы тым қатты өсім беріп отырған Африканың Судан, Кения сияқты мемлекеттерінде қазірдің өзінде аштық нышаны байқалуда.
Бұған дейін планетадағы жаппай аштық ықтималдылығы туралы әңгіме көтерілген жоқ. Ал сонда Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау Ұйымының соңғы дабылына қалай қарау керек?
Ғалымдар алдыңғы жылы Жер планетасының өз тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігін есептеп шығарды. Олардың айтуынша, Жер жарықтық бас-аяғы 14 миллиард адамды ғана асырай алады екен. Ал одан артық адам саны аштыққа ұрындырмақ.
Әлемдік отбасылық-демографиялық салада бұл мәселе де ашық көтеріле бастады. Өткен жылы 8 миллиардқа жеткен адамзаттың қатерлі 14 миллиардтық деңгейге жетуі үшін де онша көп уақыт қажет емес көрінеді.
Оны былай қисындар едік: орыс ғалымдарының жазуы бойынша, Пушкин заманында Жер шарындағы адамдардың саны 1 миллиардқа жетер-жетпес болған көрінеді. Содан бері тарихи тұрғыда, уақыт пен кеңістік тұрғысында алып қарастырғанда бәлендей көп уақыт та өте қойған жоқ. Ғаламдық өлшемде «қас-қағымдық» сәт деп бағамдауға болатын уақыттан бері адамзат саны 8 есе өскен!
Әрине, бұл жерде біз математикалық прогрессия заңдылығын қаперге ұстауға тиістіміз. Бүгінгі 8 миллиардтық меже мен ықтимал қатері бар 14 миллиардтық деңгей арасындағы айырма да онша үлкен емес екен.
Міне, адамзатты күтіп тұрған, бетін аулақ қылсын, бір қатердің ықимал нұсқасы да осы.
Басқа мемлекеттер бала тууды, отбасын өсіруді тежеп жатқанда, бұл мәселе Қазақстанда мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Жыл сайын әлеуметтік салаға байланысты жүргізіліп жатқан реформалар осының айғағы.
Демографияға байланысты тұста тағы да бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Отбасының игілігі – тоқшылық пен азық-түлікке байланысты. Әлемнің көптеген мемлекеттеріндегідей емес, бізде, әсіресе, материалдық ресурс жеткілікті. Дегенмен, демографияға қатысты тұста айта кетер бір ахуал – елдегі су тапшылығы.
Әлемдегі жетекші астықты державалардың бірі саналатын елде су тапшылығы бар. бұған дейін белгіленген халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағдарламаларының көбі біз күткендей нәтиже бермей отыр.
Осы факторлардың бәрі жеме-жемге келгенде, ұлттық демографияға, отбасына, елде гендерлік саясаттың қарқынды жүргізілуіне әсер етпек.
Жасыратыны жоқ, елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі актуальды қалпында қалып отыр. Қазақстанда қабылданған гендерлік саясаттың жаңа консепциясы әйелдерге қатысты, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудың бірнеше жүйелі шараларын қарастырады. Ішкі істер органдары мен еліміздің Бас прокуратурасы әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсетудің жүйелі шараларын қарастырды.
Оның нәтижесі де жоқ емес.
Өткен жылы Қазақстан қоғамдық даму институты мен Орталық отбасы институтын зерттеу институты еліміздің әр аймағынан жиналған 1200 адамның қатысуымен елдегі гендерлік саясат проблемаларына байланысты сұрақ-сауал жүргізді.
«Қазақстан қоғамдық даму институты» басқармасы төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова әйелдер мен ерлердің қоғамдық-саяси қызмет саласындағы тең құқығы мен мүмкіндігін жүзеге асырудың тиімді жолдарын іздестіруде зерттеушілердің біраз жұмыс жүргізгенін атап көрсетті.
Бұқаралық сауалнамаға Қазақстанның әр аймағынан 18-ден асқан 1200 респондент қатысты.
Зерттеушілер отбасы құндылықтарына байланысты көптеген мәселелерді ортаға салды.
Отбасын зерттеу орталығы институтының жетекшісі Ольга Николаева Қазақстанда бұл мәселе бойынша біраз нәтиженің барын айта келіп, проблемалардың да жеткілікті екенін жасырмады.
Николаева ханымның айтуынша, елде әлі де әйелдерді орта деңгейлік қызметтен асырмауға байланысты қалыптасқан стереотип бар көрінеді. Ал ондай жүйе әйелдердің саяси және экономикалық мүмкіндіктерін тежейді.
Николаева ханымның айтуынша, ресми немесе азаматтық некедегі әйелдердің 10 пайызы әлі де болса экономикалық тұрғыда күйеулеріне тәуелді көрінеді.
Соған қарамастан, бұқаралық сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандық әйелдердің 47,3 пайызы өз бизнесін, кәсібін ашуға ниетті. Алайда ол үшін 64,7 пайыздық қаржы тапшылығы, 33 пайыздық тәжірибе мен білімнің жоқтығы, сондай-ақ өз кәсібін ашуға деген үрей 22,4 пайыз кедергі келтіреді екен.
Оған қоса, отбасын зерттеу Орталығының жетекшісі тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, азаматтардың 5 пайызы тұрмыстық зорлыққа ұшырайды екен.
Әрине, осының бәрі елдегі отбасылық құндылықтар мен гендерлік саясат мәселесінің нақты ақиқатын ашып беретін көрсеткіштер. Зерттеушілердің айтуынша, әсіресе, қазақ қоғамында әйелге байланысты қолданылып отырған зорлық-зомбылықтың ең көне де консервативті – қыз алып қашу тенденциясы айқын байқалады.
Шығыс халықтарына тән осы бір жабайы әрекеттің әлі де болса көрініс табуы қынжылтады. Тіпті қоғамда қыз алып қашуды ұлттық дәстүр, қала берді ерлік санайтын көзқарастар да байқалып отыр.
Сауалнама барысында сұрау салынған респонденттердің 23,6 пайызы әйелді күштеп алып қашу мәселесіне бейтараптықпен, тіпті оңтайлы қарайтындарын айтқан.
Сұрау салынғандардың 54 пайызы ғана мұндайда ұрланған қыз құқық қорғау органдарына жүгінуге тиісті деген ұстанымда. Ал азаматтардың 11,7 пайызы тас түскен жеріне ауыр, келіп қалған қыздың төркініне қайта оралуы дұрыс емес деп есептейтін көрінеді. Ал азаматтардың 18,4 пайызы қыз өзін ұрлаған жігітті қаламаса, кетіп қалсын, бірақ ол туралы құқық қорғау орындарына хабарламасын деп есептейді.
Зерттеушілердің пайымдауынша, еліміздегі азаматтардың 5 пайызы өмірінде бір мәрте болса да сексуалды мәжбүрлеуге ұшырайды екен. Ал ондай әйелдердің саны ерлерге қарағанда 10 есе көп.
Жиын барысында Николаева ханым «аталмыш проблемаға қарсы нақты шаралардың заңмен қадағалануы кемшін» деп атап көрсетті.
Сондай-ақ елімізде тұрғындардың репродуктивті денсаулығын қамтамасыз етуге байланысты да проблемалар баршылық. Мәселен, кәсіби кадрлар, әсіресе акушер-гинекологтар жетіспейді. Соның салдарынан әлі де болса балалар өліміне жол берілуде.
Ал бұл – орны толмас күнә.
Қоғам әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа, шабуылға байланысты өтініштерді жан-жақты қарап, қоғамдық тәртіпті бұзушыларды жауапкершілікке тартуды қалайды.
Іс жүзінде Қазақстанда гендерлік проблемаларды шешу мәселесі жан-жақты қарастырылады. Бұл орайда біздің ел ЮНИФЕМ, ОБСЕ, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым, ПРООН сияқты халықаралық бірлестіктермен тізе қосып жұмыс істеуде.
Қазір Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық дамудың мемлекеттік бағдарламалары мен барлық деңгейдегі бюджеттерді жасау процесіне гендерлік көзқарас енгізуге айтарлықтай көңіл бөлінуде. Отбасы және гендерлік саясатты жүзеге асырудың әлеуметтік жобасы бойынша Ұлттық комиссия ЮНИФЕМ ұйымымен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар жүргізуде.
Денсаулық сақтау, еңбек қатынастары саласындағы мәселелер ырғағымен шешілуде. Біздің еліміз гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында нақты қадамдар жасай алып отыр. Өйткені, гендерлік саясаттың өзі бәрінен бұрын мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады.
Әйелдердің саяси және қоғамдық өмірге араласуы тұрғысында да оңтайлы шаруалар жасалынуда. Әрі бұл мәселе гендерлік теңдіктің мемлекеттік гендерлік стратегиясында көрініс тапқан.
Әйелдер мен ерлердің тең құқығы мен тең мүмкіндігі туралы заңда саяси институттардағы, еңбек қатынастары мен басқа да саладағы әр жыныстың ең кемі 30 пайыздық қатысуы қарастырылған.
Қазақстан Республикасының гендерлік саясатын жүзеге асыруда барлық экономикалық-әлеуметтік, мәдени-азаматтық және саяси тең құқылық жыныс айырмасына қарамай қадағалануда.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері гендерлік саясатты жүзеге асыруда айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бәрінен бұрын ол әйелдер потенциалының дамуына бағытталған, басқару ісіндегі тең құқылық мәселелерінде айқын байқалады.
Қазақстандағы гендерлік саясаттың басты ерекшелігінің бірі – мемлекеттің гендерлік даму саласындағы первентивті және алдыңғы қатарлы шаралар белгілей білуінде.
Қазір біздің еліміз адам құқығын қорғау жөніндегі 20-дан астам келісімдер мен конвенциялардың қатысушысы болып табылады. Оның ішінде: жыныстардың тең құқылығы, әйелдер мен балалар құқығының қорғалуы бар.
Қазақстанда үкімет қаулысымен республикадағы әйелдердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты ұлттық жоспар белгіленді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ата Заңының 33 бабына сәйкес азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуға тең құқығы мен мүмкіндігі бар.
Барлық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында жалақы төлеудегі гендерлік айырманы кезең бойынша төмендету шаралары қарастырылған. Соған сәйкес әйелдердің орташа жалақысын 80 пайызға дейін көтеру көзделіп отыр.
Тағы да бір қуанарлығы, соңғы кезде елімізде Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясы, Қазақстан кәсіпкер әйелдерінің одағы, әйелдердің республикалық кеңесі, Даму мен Бейімделудің әйелдер ассоциацясы сияқты беделді ұйымдар жұмыс істеуде. Олар тұрғындармен кеңес өткізіп, ақыл-кеңестерін беріп тұрады. Осылайша, әйелдер арасындағы бизнес мәдениеті мен кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыруға байланысты ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Өмірзақ МҰҚАЙ