Көп кешікпей, қасында екі үлкен кісісі бар, Алмасты жетектеген Сағын көрінді. Нұргүл жоқ. Бәрінің де жүздері салқын. Қастарынан өткеннен кейін ғана Жұмаш пен Нәзікен олардың соңдарынан ерген. Жүктері де көп еместей. Сағын бір қолымен баланы жетектесе, екінші қолында – шағын ғана дорба. Ұзаққа кетіп бара жатпағандай…
Перронға шыққан соң, өздерінің вагондарының тоқтайтын жерін мөлшерлеп, Сағын қасындағы кісілерді орындыққа жайғастырды да, жүгін де солардың қасына қойып, өзі жүрелеп отырып Алмасты қапсыра құшақтады. Денесі селкілдегендей көрінген.
– Папа, мен анда бармайыншы…
– Әзірге бара тұр, айналайын. Кейін өзім барып алып қайтам…
Сырт жағында тұрған Нәзікен бұл сөздерді анық естіп, өксікке булығып, дауыс шығара жаздады. Оны аңғарған Жұмаш ыммен үніңді шығарма дегенді қатты ескертіп, өзі смартфонына Сағын мен Алмасты түсіріп алған. Мұнымен де шектелмей, осында пойызға мінетіндерді түсіріп жүргендей, олай өтіп, бұлай өтіп, оларды тағы да бірер рет объективке ілді.
Кенет бұлар күтпеген жай болды. Сол пойызға жұрт мінер алдында Алмастың сынып жетекшісі Күлпаш мұғалім асығыс жетті. Бір жағы ыңғайсызданған да кейіпте.
– Алмастай, онда сен жақсы оқы, – деп Сағынның құшағындағы Алмастың қолын ұстады.
– Апай, мен қайтып келем ғой, – деді Алмас.
– Келесің, келесің.
– Менің партама ешкім отырмасын.
– Отырмайды.
Сол Күлпаштың келгенінен кеткені жылдам болды.
–Мен мұнда туыстарымды шығарып салуға келіп едім. Алмастың да жүретіні есіме түсіп, қоштасайын дегенім ғой. Аман бол, Алмастай…
Ол жүгіре басып, кете барды. Тіпті көзіне оралған жасын жасырғысы келгендей де көрінген.
Жұмаш Нәзікенді вагонға кіргізбеді. «Көзге түсіп қаларсың, мәшинемен барып, Бірінші Алматыдан күт» деді де, өзі жұрттың соңын ала вагонға көтерілді. Жолсерікке өзінің бір танысы осы вагонға мінетінін, соны күтетінін айтты.
Расында, әлгінде Нәзікенді вагонға кіргізбегені жөн болған екен. Алмас пен Сағынның әңгімесін тыңдау тіпті өзін де тәнтіректеткен. Баланың: «Папа, мені анда апармасай, мен сендерді сағынам ғой» деген жалынышты даусына Сағынның өксік араласқан даусы қосылғанда, оны жүрегі бар адамның тыңдауы қиын еді. Купе есігінің маңында тұрып естігенде, Жұмаштың өзі де әзер шыдаған. Ал олардың қасындағы үлкен кісінің бірі шыдай алмай, коридорға шығып, ауыр күрсінді. «Құдай-ай!» – деді жүрегі қарс айрылып. Бұдан кейін іштегілер купенің есігін жауып алып, олардың әңгімесін Жұмаш ести алмады. Коридорға шығып, қатты күйзелген үлкен кісімен әңгімелесудің де жөнін таппаған. Қисынға қарағанда, Сағын осы жерден түседі, анау Бірінші Алматыға барғанша бұлармен де тіл қатысып қалар.
Жолсеріктің: «Шығарып салушылар, вагонды босатыңыздар!» деген даусы оның ойын бұзып кетті. Коридордағы үлкен кісі купенің есігін ақырын ашты. Сағын баланы құшақтаған күйі әңгіме айтып отыр. Оған үлкен кісі тіл қатты.
– Шырағым, енді түсесің-ау, Алмас баламыз ауылға барып, әжесінің қасында оқуын жалғастырады. Көп кешікпей келіп қайтарсың…
Сірә, жаңа есік жабықта біраз әңгіме айтылған-ау шамасы, Алмас жылағанын қойып, тек тұнжырап отыр. Сағын тұрғанда да оған жармаса қоймады. Тек қоштасарда ғана Сағынды құшақтап: «Мамама айтсай, мен содан тудым ғой» деді. Тіпті коридорға шықпай, іште қалып қойған. Ал Сағын үлкен кісілермен де ашық қоштаса алмай, Алмасты қатты құшақтап, қысты да булыққан жасын жасырғандай, тез шығып кетті. Үлкен кісілердің бірі: «Әй, құдай-ай, біреуге жүрек бересің, біреуге оның орнына тас бересің» деп күрсінді.
– Сіз де шықпайсыз ба? – деді жолсерік Жұмашқа.
– Менің танысым Бірінші Алматыдан мінетін болған-ау, енді сол жерден түсермін…
– Болмайды! – деді жолсерік.
– Болмағанда, мен енді таксимен де жете алмаймын ғой, сол таксиіңнің ақысын берейін. Пойызың көтерер.
«Таксидің ақысы» деген сөз жолсерікке әсер етті-ау, «болмайды ғой» деді де ары қарай кетті.
Пойыз қозғалды. Купеден атып шыққан Алмас вагон терезесіне ұмтылды. Үлкен кісілер, сірә, бала сыртқа қашпақ болды-ау десе керек, сасқалақтап, оған екеумен жармасып, қайта купеге кіргізбек болып еді. Алмас жалынышты үнмен: «Папама қарайыншы, қашпаймын ғой» – деді. Сонда ғана өз-өздеріне келген үлкен кісілер оны босатқан.
Сағын пойыздың жүруін күтіп тұр екен, Алмастың қалайда терезеге келетінін білгендей, ол көрінісімен қолын бұлғаған. Өкпесі шығар, Алмас қолын бұлғаған жоқ. Бәрібір өзінің даусын папасы естімейтінін аңғарғандай, жай ғана құмығып шыққан дауыспен: «Сен ертерек келсей, папа» дегенін қасында тұрған Жұмаш анық естіді. Вокзал артта қалған соң ғана Алмас ішке кіріп, төменгі орындағы әлі жазылмаған төсекке басып қойып, теріс қарап жатып қалды.
– Бала папасын жақсы көреді екен ғой, – деді Жұмаш ішке кірмей, коридорда қалған үлкен кісіні сөзге тартып.
– Несін айтасың, амалсыз ажырап жатқан жоқ па! – деді үлкен кісі. – Екеуіне де ауыр…
– Өмірде әртүрлі жағдай болады ғой, – деді Жұмаш та бұлардың бұл күйіне ортақтасқандай кейіппен.
– Иә, солай болып тұр, – деді үлкен кісі әңгімені одан әрі созғысы да келмейтіндей, сөйтсе де іштегі шерін сыртқа шығарғанды қалайды-ау. Бала естімесін дегендей, сыбырлап сөйледі. – Азаматқа қиын боп тұр. Өздерінде перзент болмаған соң, мына баланы асырап алған. Асырап алғанда, бір бейбақ, бұлардың бір перзентке зар екенін біліп, жаңа туған шақалағын осылардың есіктерінің алдына, баланың атын, руын, туған күнін жазып, тастап кетеді. Іздегенге – табылғандай, бұларға бала қуанышқа айналады. Енді, міне, сол көк шыбық желкілдеп өсіп, сегізге келгенде, өз жатыры қанамаған қатыгез әйел бұл сенің ойнасыңнан туған балаң, соны саған арнайы әкеп тастаған деп дау шығарды. Тіпті бұл баладан бас тартамыз дегенге дейін баратын көрінеді. Оған бір жағы әке де кінәлі-ау: ол баланы ерекше жақсы көреді. Азамат қазір күйзелісте, аяғы не болары белгісіз. Баланы ауылдағы қызының қолында тұратын аурушаң шешесіне әкетіп барамыз. Мен немере ағасымын. Бір-екі күн үйлерінде болып, көзбен көріп, жүрекпен сезіп дегендей, жағдайды біліп кетіп барамыз. Балаға да қиын. Оған көп нәрсе түсініксіз. Өзі бір сүйкімді, ақылды бала.
– Қиын жағдай екен, – деп Жұмаш үлкен кісінің әңгімесін қоштады. – Ауылдарыңыз алыс па?
– Жаңаарнадан түсеміз. Өзің қайда барасың?
– Бір жолдасымды шығарып салмақ едім, екінші Алматыдан мінбеді. Біріншіден жолығармын. Содан кейін түсіп қалам ғой.
Жолсерік келді.
– Жайғастыңыздар ма? – деді қасындағы үлкен кісіге.
– Жол ұзақ, жайғасамыз ғой, – деді ол.
Жұмаш әлгі келісім бойынша жолсерікке азын-аулақ «такси ақысын» беріп, ол жөніне кетті.
– Расында енді жайғаспайсыздар ма? – деді Жұмаш. – Орындарыңыз төменде ме еді?
– Төменде болғанда, осы бір купе толық біздікі. Бөтен ешкім мазаны алмасын деп, айналайын Сағын төрт орынға да төлепті ғой. Өзінің мына жерден түседі екенсің ғой, ішке кіріп отырсайшы, – деді үлкен кісі.
Өзінің тілегені де сол, әңгімеге арна ашу үшін ол ішке сөйлей кірді.
– Бұл жігіт папасын жақсы көреді екен ғой. Өзінің аты кім?
– Алмас. Өзі алмастай жігіт, әжесінің қасына барып оқымақ.
Әңгіме өз жайында болған соң, Алмас басын көтерді және оған араласты.
– Папам келіп алып кетеді.
– Әрине, – деді үлкен кісі баланың көңілін жықпай.
Осы сәтті пайдаланып, Жұмаш та іш тарта сөйледі.
– Мен журналиспін. Суретке түсіргенді жақсы көрем. Үшеулеріңізді де түсіріп алғым келіп тұр. Және бұл суреттеріңізді салып жіберем. Жай айтты демеңіздер, міне, визиткамды берейін, осында телефондарым да жазылған. Жібермесем, неге өтірік айттың деп маған өкпе білдірулеріңізге болады.
Визиткасын берген соң, үлкен кісілер жайдарылана түсті.
– Алмас-ай, ағаң суретке түсірем дейді ғой, ортамызға отыр, – деді өзіне көбірек ашыла сөйлеген кісі.
Алмас құлықсыздау қозғалды. Біртүрлі осыны ұнатпағандай ма, қалай? Сөйтсе де, үлкендердің айтқанына көніп, екеуінің ортасына жайғасты. Жұмаш оларды әртүрлі қырынан біраз түсірген соң:
– Ал енді мына жігітті жеке түсірсем қайтеді? – деді.
– Әрине, болады, – деп үлкендер тұрып, баланы оңашаландырған.
– Түспеймін, – деді Алмас. Біртүрлі ұнатпай қарады. Тіпті өзіне сенімсіздік білдіргендей ме, қалай…
Осынау ыңғайсыз жағдайдан шығу үшін Жұмаш тез қимылдап, оның қасына отырып та үлгерді.
– Немене, жеке түскің келмей ме, онда екеуміз сельфиге кірейік, – деп оны сол солымен құшақтап, смартфонын бір-екі рет басып та жіберді. Сонда баланың беті өзінің бетіне тиіп кетіп еді, бір ыстық жалын шарпып өткендей сезінген. Бұдан кейін Алмастың да жүзіне жылу кіргендей еді. – Міне, болды!
Жұмаш смартфонның экранынан түсірген суреттерін көрсетіп, үлкен кісілердің көңілдерін біржола жайлаған.
– Ал, енді мен бұл суреттерді қайда жіберемін, – деді ол.
– Біз Шалқияда тұрамыз. Менің атыма салсаң, Бөкеңе де, Алмасқа да берем ғой, – деді өзімен көбірек әңгімелескен кісі. – Кеншілер көшесі, 66 үй, Болсынбаев Нұрғалиға десең, адаспай жетеді.
– Жөн. Суреттерді бір аптаның ар жақ-бер жағында алып қаларсыздар, – деді Жұмаш. – Ал Алмастың әжесі де, ол оқитын мектеп те сол Шалқияда ма?
– Жоқ, олар Қожауылда. Алыс емес, шамалы ғана жер.
Бұдан кейін Жұмаштың көңілі толық орныққан. Алмастың қайда баратыны, қайда оқитыны айқындалды. Суреттерін де түсіріп алды.
Пойыз Бірінші Алматыға келіп тоқтады. Қоштасатын кез келді.
– Жолдарыңыз болсын, ауылдарыңызға аман-есен жетіңіздер, – деді Жұмаш.
Үлкен кісілерден бұрын Алмастың жауабын естіді.
– Ағай, папама айтыңызшы, тезірек келсін.
Жұмаш селк ете қалған. Алмас мұны жай балалықпен айта салды ма, жоқ өзінің Сағынды білетінін жүрегімен сезіп айтты ма?
* * *
Бұлар енді Алмастан көз жазып қалмайтынына қуанған. Баланың онда жағдайы қандай болады – ол белгісіз. Қиыны – оған өздері араласа алмайды. Бәрі Сағын мен Нұргүлге қатысты. Олардың алдағы қадамдары қалай болады? Балаларын неге алысқа жібереді? Бұл қайсысының қалауы? Шынымен-ақ Нұргүл ме? Сегіз жылдай бауыр басқан баласы емес пе? Сол балаға еркектен гөрі әйел-ана жақын болмай ма? Кеше пойыздағы үлкен кісінің «біреуге жүрек бересің, біреуге оның орнына тас бересің» деп Құдайға налығанда, сол тас расында Нұргүлде болғаны ма?
– Енді бұлардың қандай әрекетке баратынын қадағалайық, – деді Жұмаш. –Сірә, менің пайымдауымша, бұлар енді Алмассыз бірге тұра алмайды-ау. Ажырасқанда, бұлар қалай бөлінеді?
– Анық ажырасса, Сағын Алмаспен қалады, – деді Нәзікен.
– Нұргүл ше? Алдымен соған қиын ғой…
– Қиын болғанда, бәрін өзі жасап отыр емес пе? – деді Нәзікен. –Қызғаныштың қызыл итінің құлы болып. Сәби мен әкенің арасындағы жақындықты қызғанады. Бұл –ауру. Қатыгездік ауруы. Өзіне қиын болса да, соған барады.
– Мен Алмастың Сағынға: «Мамама айтсай, мен содан тудым ғой» деген сөзін естідім, – деді Жұмаш. – Кішкентай бала мұндай сөзді қайдан біледі? Сірә, ұрыс-керіс кезінде осындай сөз айтылған-ау…
– Нұргүл оны Алмастан өзі де естіген шығар… Қандай қатыгез…
– Бәрібір мен Нұргүлді аяймын.
– Әрине, өз перзенті болған жақсы ғой. Бірақ баланы сүйе алмаған адамның бақытты болуы қиын-ау. Ал Сағын басқа адам…
Амал жоқ, бұлар Алмастың тағдыры үшін Сағын мен Нұргүл қандай әрекеттерге баратынын қадағалауға мәжбүр. Ал олар тұратын үй бұларға бұрыннан таныс. Сірә, оның ауласын сол үй иелерінен де жақсырақ білетін шығар. Нәзікен тіпті Жұмашпен таныспай тұрған кезде-ақ олардың үйлерінің есігін талай күзеткен. Алмасты серуенге алып шыққандарына алыстан қарар еді. Сол үшін кішкентай дүрбі де пайдаланатын. Кейінірек Алмас яслиге, сонан соң балабақшаға барған кезде тіпті жақыннан көрді. Өздерінің Әлкейі мен Ферузалары дүниеге келген соң да олар осы аулаға келіп демалуды әдетке айналдырған. Сағынның да, Нұргүлдің де балаларын шексіз сүйетінін аңғаратын. Әсіресе Сағынның ықыласы алабөтен. Жұмаш: «Осы біз балаларымызды Сәкеңдей сүйе алмаймыз-ау» деп Нәзікенге шағынғандай да болар еді.
Сырттай да болса, біреудің өмірін бақылаған қиын, әдепке де сыймайды. Алмас үшін ғой бәрі де. Сол бейкүнә жан енді бұл үйге орала ма, жоқ па, оның өмірі қалай жалғасады? Ата-ана мейірімінен біржола айырыла ма? Жұмаш пен Нәзікенді сансыратқан осындай ойлар оларды осы маңға жиі әкеледі. Өздерінен сұрай алмайды, жүріс-тұрыстарынан аңғарудың сәті түсе ме, жоқ па – кім білсін. Бұрын Нұргүл Сағынның көлігіне мінетін. Қазір мінбейді, ерте шығып кетеді. Үйлеріне әрқайсысы жеке-жеке әр кезде, кеш келеді. Бұл үйден ынтымақтың алыстағаны анық.
Әрине, Нәзікенді де талай ой қажап жүргені белгілі-ау, сөйтсе де сыртқа көп шығара қоймайды. Ал Жұмашты бұл беймаза күндердің қажытқаны, күйзелткені бірден аңғарылар еді. Кәдімгідей жүдегендей де кейіпте, күйгелектеніп те кетеді. Тіпті сол Жаңаарқа жаққа барып, Алмастың жайын біліп те қайтпақ болған. Кіммін деп барасың, қалай жолығасың, шыдайық, артын бағайық деген Нәзікеннің сөзі тоқтатқан. Тек баласымен қоштасарда Сағынның келем ғой деген уәдесі көңілден кетпейді. Қашан барады? Жалпы бара ма? Барғанда, қайтып әкеле ме? Әкеле қалғанда, мына үйдің есігі Алмасқа ашыла ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Жұмашты Шалқиядан келген хабар бір сергітіп тастады. Нұрғали ақсақал өзі мол етіп жіберген суреттерді алғанын, рақметін айтып хабарласқан. Алмастың әжесінің қолына барып, оқып жатқанын да айтты. Ол кісі өзінің Алмасқа қатысы барлығын білмейді ғой. Бір жақсысы – енді сол Нұрекеңнің телефоны бар. Аса қажеттілік туа қалса, хабарласуға болар деп, Жұмаштың шамалы көңілі жайғасқандай да еді.
Сол Алмастың тағдыры бұларды біраз адаммен таныстырды, тіпті табыстырды да. Анау яслидегі, балабақшадағы тәрбиешілер де, мектептегі сынып жетекшісі Күлпаш та Нәзікенмен сырлас құрбыдай болып кеткен. Сағындардың үйіндегі жағдайдың бір шетін де Күлпаштан естіген. Сол Күлпаш болмаса, кеше Алмастың жолға шығарын да білмей қалар еді ғой. Және қоштасуға да барғанын айтсайшы! Сонда қолайсыздық тудырар деп өздерімен таныс екенін де аңғартпаған.
Сағынды да кейінірек кеңірек таныды. Жұмаш оның қызмет орнын білгенде, өзімен бірге оқыған Үмбеттің де сол институтта жұмыс істейтіні бірден ойға оралған. Сол бірге оқығандар өздерінің үйлену тойларында сауық-сайран құрса да, Нәзікеннің өзіне дейінгі өмірінен, Алмастан бейхабар. Оны айтып жататын да нәрсе емес, іште қалатын дүние. Сол Үмбеттен біраз себептерді алға тосып, суыртпақтап сұрағанда, білгені – Сағын адамгершілігі жоғары азамат, білгір маман, ізденімпаз ғалым, кандидаттығын жақында қорғаған, докторлығы дайын, әнтек тұйықтығы бар, кейде күйзеліске ұшырайды, оны ешкіммен бөліспейді.
Алмас ауылға кеткеніне арада біраз уақыт өткенде сол курстасы Үмбет хабарласты.
– Сен үнемі сұрайтын Сағын ағай соңғы кезде бір ыңғайсыз жағдайларға ұшырап жүр, – деді.
– Нендей жағдайлар? – деп үрейлене сұрады Жұмаш.
– Ішетінді шығарған-ау. Машинасы соғылған ба, қалай… Әйелдердің арасында гу-гу әңгіме. Ажырасатын болған дей ме… Сәкең баласын алып қашып, шешесіне апарып тастаған дей ме… Басшылар әңгімелессе керек. Біреулері қаттырақ айтса, екіншілері ара түскен дей ме… Әйтеуір ол кісінің жағдайы әжептәуір күрделі.
– Қап! – деп Жұмаш өкініш білдірді. – Үмеке, хабарыңа рақмет.
– Оу, Жұмеке, бұл адамға өзіңнің қандай қатысың бар?
– Жақын бір адамымның қатысы бар еді… Рақмет, Үмеке, – деп Жұмаш телефонын өшірген.
Оның ойына сонау пойыз үстінде Нұрғали ақсақалдың «азамат ішіп кетпесе, жарар еді» деген сөзі сап ете қалды. Сағынның бұрыннан сондай осалдығы болған ба, жоқ үлкен кісілер мұны осында бір-екі күн қасында болғанда аңғарды ма екен? Тіпті кеше Нәзікеннің де Сағын «өзін жоғалтып алады-ау» деп қамыққаны да көңілге оралды. Енді сол адамға қайтіп қол ұшын берерсің? Жұмаштың басы дал.
Бұл хабарды естігенде, Нәзікеннің шошынбай, сабыр сақтағанына да таңданды. Жалпы ол сабырдың адамы, сөйтсе де, бір адамның, өздері үшін аса тағдырлы адамның өмірі астан-кестен болып жатқанда, бұл не қылған сабырлылық, не қылған байсалдылық?!
– Солай болатыны белгілі еді ғой. Адал адамның тағдырына солай жазылған.
– Белгілі болғанда, енді бұл адамның тағдыры қалай болады? – Жұмаш соның шешімі Нәзікеннің қолында тұрғандай сөйледі. – Енді не істеу керек?
– Сірә, біз Сағын ағаға көмектесе алмаспыз. Ал Алмасқа байланысты, ол қорғансыз жағдайда қалғандай әрекетке барғанымыз жөн шығар. Сағын аға қазір дәрменсіз халде. Алмасқа көмектесе алмайды. Сол үшін күйзеледі. Алмастың жағдайы жақсарса, бұл кісі де жақсарады…
Жөн сөз-ау деп ойлады Жұмаш. Сонда не істеу керек? Осы ой оны бір-екі күн қажаған. Ақыры шешімін айтты. Сол Жаңаарна жаққа жүрмек. Жағдайды өз көзімен көреді. Жақындарымен ойласады. Қажет болса… Бұл ойын сыртқа шығарып айта да алмайды. Қайтып алып қайтады?! Оған Сағын қалай қарайды? Туыстары бере ме? Алмастың өзі ере ме? Ереді ғой. Папаңа, Алматыға барасың десе, ереді. Бірақ ондағы жұрт, тіпті құқық қорғау орындары Алмасты өзіне жетектетіп жібере сала ма?
– Арғынбай ағайдың үйіне тоқтаймын, – деді Жұмаш. – Аржағында алыс емес.
Арғынбай ағайы Нәзікенге де жақсы таныс. Үйлеріне талай келген. Жай келмейді. Сый-сыяпатын айтпағанда, аңқылдаған ақ көңілін арқалап келіп, үйлерін қуанышқа толтырып кетеді. Үнемі ауылдарына шақырады. Жол түспей жүр ғой. Енді осы жолы барса, әрине, қарсы алады.
Бастаған ісін қалайда тезірек тындыратын әдетіне басып, Жұмаш екі-үш күн әлетінде Жаңаарнаға жүріп кеткен. Артық мазасын алмайын деп, келетінін де ескертпей, қонаға жетіп, ертең ертелетіп Шалқияға баратынын естіп, Арғынбай ағасы алғашында біраз шала бүлінді. Кездейсоқ танысып, жас айырмашылығына қарамай, жақсы табысқан осы жігітке Арғынбайдың ықыласы бөлек. Алматы үлкен қала, жол көбірек түсіп, Жұмаштың үйіне көбірек тоқтайды. Жаңаарнаға шақырады, жұрттың аудан орталығына жолы түсе бермейді. Енді, міне, жасырынып келгендей болғанына өкпелеудің де жөні бардай-ау. Бірақ сол жақсы көретін адамның түнқаратып айтқан әңгімесін естігенде, сабасына түскен. Бұл әңгіме өзінің де жанын баурап, осы жолы сол Жұмашқа тік тұрып жағдай жасауға бекінген.
Арғынбай ағасы да журналист, өзі үнемі айтатындай, «аудандық деңгейде». Енді сол деңгейде беделі мықты. Бәріне сөзі өтеді. Сол ағасының толық қарауыңдамын дегені, тілектестігі Жұмаштың жанын жылытқан. Біраз нәрсеге үлгеретін түрі бар. «Арекеңнің көкқасқасы» аталып кеткен «ауди» мәшинесі тоқтамайды екен, ауданда ешкім оны тоқтатпайды да екен.
Шалқиядағы Нұрғали ақсақал, әнеугі күні пойызда аңғарғандай, түсініктілі кісі болып шықты. Арғынбай ағасы өздерін оңаша қалдырған соң, Жұмаш әңгіменің шынына көшті.
– Сонда сен Алмастың әкесісің бе? – деді таңданып. – Сонда пойызда өзіңнің тегін еместігіңді сездім-ау…
– Алмастың әкесі – Сағын аға. Өсірді, тәрбиеледі. Ол ғана емес, жанын да қосып отыр. Алмастың жолында Нәзікен де, мен де жанымызды аямаспыз-ау, ал Сағын бәрінен де айрыла ма деймін…
– Айналайын туысқан, сен дұрыс аңғарғансың, – деді Нұрекең ауыр күрсініп. – Әнеугі күні олардың үйінде болғанда, біз біраз нәрсеге қанықтық. Сонда Сағынды аядым. Жасыратын түгі жоқ, азаматтан айрылып қаламыз ба деп қорқам. Өзінен тумаса да, Алмас үшін өзегі өртенгеніне ол айыпты емес қой! Оған қоса кісәпір адамның бұл ойнасыңнан туған соң, жақсы көресің деп кінә тағатыны, әй қайдам, кімді болса да күйретеді ғой…
– Сағын аға қазір ішіп жүр…
– Айттым ғой!
– Соны қайтіп тоқтатамыз?
– Енді не деп болады…
– Алмасты қасына апарсақ…
– Кім біледі. Сонда Алмасты қай жерге апарасың?
Жұмаш үндемеді.
Үнсіздікті Нұрғали ақсақал бұзды.
– Менің аңғарғаным, Алмастың тағдыры алға тосылса, Сағын бәріне де тоқтайды. Бірақ Алмасты қайта ол үйге апарудың жолы жоқ-ау. Мен сол келіннен күдер үзгендеймін…
– Ал менің әлі де үмітім бар, – деді Жұмаш.
– Қалайша?
– Әнеугі күні өзіңіздің көзіңізше Алмастың папасына: «Мамама айтсай, мен содан тудым ғой» деген сөзін естіген жоқсыз ба?
– Естідім ғой…
– Бала жүрегі алдамайды, сол Нұргүлдің де Алмасқа деген егілетін жүрегі бар, бірақ кей әйелдерге тән пендешілік қызғаныш сезім араға қыстырылып кетті емес пе. Тіпті Сағынның Алмасқа деген ерекше сезімінен де күдік іздейді. Нұргүлге басқа біреу ортақтаспайтын бала, ешкім ортақтаспайтын сезім керек. Оның қазір не күйде жүргенін білмейміз…
– Қайдам… – деді Нұрекең күдікті көңілмен.
– Алмастың қазіргі әжесінің қасындағы жағдайы қандай екен? – деді Жұмаш онша үйлесіңкіремеген әңгіменің арнасын өзгертіп.
– Ұлының үйі тұрып, қызының үйінде жүретін шешенің жағдайы қандай болушы еді, – деп Нұрғали ақсақал екіұштылау, күйзелістеу жауап қатты. – Оның үстіне қазір немересін апарып қосса. Одан кейін бүгінге дейін бір отбасының еркесі болған, ішкені алдында, ішпегені артында қала баласының сол үйге көндігуі де қиын-ау. Несін жасырайын, Алматыдан келген күні апарып салғаннан кейін барғаным жоқ. Көңілге бір демеу – Ханшайым қызымыздың ақ пейілділігі, еті тірілігі, сол үйде беделі барлығы.
– Нұрғали аға, мектеп директорын танисыз ба? – деді Жұмаш.
– Танығанда, сол Сағынның сыныптасы, сырлас досы. Тек ауылда қалып қойды, әйтпесе, бұл да бір жерді тесіп шығар еді. Алматыға барғанда, сол Сағынның үйіне түсетін, араларын үзбеген. Нұргүлді де біледі, Алмастың тағдырына қанық. Бүгінгі жағдайдан да хабардар болар. Алмас сол мектепке баратын болған соң да, Сағынның хабарласпауы мүмкін емес қой.
Жұмаш әңгімені одан әрі созбады.
– Онда былай етейікші, аға, – деді ол. – Егер сіздің қолыңыз тисе, сол Қожауылға барайықшы…
– Қолды тигіземіз ғой…
– Сіз Алмас жатқан үйге барып, шешеймен сөйлесіп, жағдаймен қанығыңыз да, одан кейін мектепке келерсіз. Қажеттік туар болса, Алмасты Алматыға алып қайтуды ойластырамыз. Бұл да ең алдымен Сағын ағай үшін қажет.
– Жөн екен.
– Онда кеттік.
– Жүргенде, алдымен шәй ішеміз.
– Асығыспыз ғой, босқа әурелеп…
– Әурелегенде, тамақты қай уақытқа әзірлеуді де үйге ескертейік.
– Алдымен анау жұмысымызды ойлайықшы, аға. Тамақтың бір мәнісі болар.
Шәйді аттап кете алмады. Жұмаштың «аудандық деңгейдегі» журналист ағасын бұл ауыл да біледі екен. Оның «көк қасқасын» танып, соның маңына біраз адам жиналып қалыпты. Ең бастысы – сол ағасының өздерінің әңгімелеріне килікпей, оқшаулпу жүргенін Жұмаш үлкен әдеп, білгендік санаған.
Қожауылда да ол сол қалпынан айнымады. Мектеп директоры ең алдымен сол Арекеңе ұмтылды. Оған да әдемі жауап қатты: «Бұл жолы мен Жұмаш қонағымыздың қарауындамын. Осы азаматтың көңілін тапсаң, ол маған да көрсетілген үлкен құрмет».
– Бұл жолы мен жеке басымның шаруасымен келдім. Мүмкін болса, маған бір сағаттай уақытыңызды бөлсеңіз…
– Толық мүмкіндік бар, – деді Тұрсын директор.
– Жұмаштың жеке басымның шаруасы дегені – кішіпейілділігі, – деді Арекең. – Шын мәнінде ол үлкен азаматтық шаруа, бәрімізге, Тұрсын бауырым, өзіңе де қатысты, ең алдымен өзіңнің досың Сағынның тағдырына қатысты шаруа. Әңгімелеріңе мен араласпаймын, – деп ол бұларды оңаша қалдырды.
– Естуімше, сіз Сағын ағаны жақсы танитын көрінесіз…
– Солай, – деді Тұрсын. –Таныстықтан да жақынырақпыз. Алмасты көргенде, таң қалдым емес пе! Қажеттік туса, оны өз үйіме де ала аламын. Үш баламыз бар, төртіншісіне де орын табылады…
– Бірақ сол Алмастың Сағын ағаның қасында болғаны қажет болып тұр-ау, – деді Жұмаш. – Оны сізге жете түсіндіру үшін алдымен өзімнің басқаға айтпайтын жеке сырымды баяндауға мәжбүрмін.
– Құлағым сізде, – деді Тұрсын.
…Бұған дейін біраз өмір көріп келген Жұмаш пен Нәзікенді тағдыр табыстырды десе де болар еді. Желөкпелеу кезеңде жастар көше кезіп жүргенде бұлар кітапханада отырған. Ұлттық кітапхана олардың екінші үйіндей еді, көп уақыттары сонда өтетін. Күн сайын кезіккен соң, көз де үйреніп, кәдімгі таныстарға айналғандай да еді. Бейсар сөзге жоқ Нәзікен де, жалпы қыздарға жұғымы жоқтау Жұмаш та бір-бірімен еркін әңгімелесіп кетті. Тіпті оның соңы сыр жасырмайтын күйге де жеткен. Бір күні Нәзікен өзінің тұрмыста болғанын да айтып салған. Ақырында өмірдің соққысына ұшырап, кішкентайлы болып, ол басқалардың қолында өсіп жатқанын, енді өз өмірін сырттай болса да, соған бағыштайтынын баяндаған. Жұмаш сол нәрестенің Сағын мен Нұргүлдің қолына қалай көшкенін де естіді. Мұны айтқандағы Нәзікеннің ойы Жұмаштың өзіне деген көңілін суыту еді. Бірақ керісінше болды – оның аяғы бұлардың бас қосуына алып барды. Енді Алмастың тағдырына деген жауапкершілік Жұмашқа ауысқандай еді. Бұдан кейін өздерінің Әлкей мен Ферузалары дүниеге келді.
– Бүгінгі жағдайға осылай жеттік, – деді Жұмаш. – Басын ашып айтатын бір жай: Алмас – Сағынның баласы. Оған біздің бір түйір таласымыз жоқ. Біз тілекшіміз. Сөйтсе де, оның тағдырына бейжай қарап отыра алмаймыз ғой…
Тұрсын Жұмаштың әңгімесін тебіреніп тыңдады. Оған қалай қосыларын білмей аз кідірді.
– Сағын ішкілікке құмар емес еді…
– Алмаспен қайта табысса, оның бәрі қалады ғой.
– Сонда қалай табысады?
– Соны ойласуға келдік.
– Жаңа айттым ғой, қарындасының үйінде, шешесінің қасында жағдай болмаса, Алмасқа менің үйімнен орын табылады.
– Бұл жол емес, – деді Жұмаш. – Ол шешесіне де, қарындасына да ауыр тиеді. Сағынның өзіне де.
– Сонда…
– Алмас Алматыға бару керек. Сағын ағайға жақын жерге.
– Онда апарғанда, бұрынғы үйлерінің есігі жабық сияқты ғой…
– Күннің күнінде сол үйдің есігі ашылады-ау, – деді Жұмаш. – Алмас ашады. Ол үшін Алмас алдымен Алматыға баруы керек…
– Мұны Сағынмен ойласқанымыз жөн болар… Ол Алмасты ауылға жайдан жай жіберіп отырған жоқ қой.
– Дұрыс айтасыз. Соны Сағынға өзіңіз түсіндірсеңіз. Алмасқа Алматыда уақытша тұратын жер табылады. Біздің үйге де сыяды. Мектебіне де алыс емес…
– Бұл қалай болар екен… Мен жалпы олардың, Алмастың да, Сағынның да, Нұргүлдің де сіздердің барлықтарыңызды, Алмасқа ортақтастықтарыңызды білмегенін қалар едім, – деді Тұрсын.
– Өте дұрыс айтасыз. Содан да Сағын ағаймен әңгімеге бара алмай жұргеніміз жоқ емес пе… – деді Жұмаш. – Менің ұсынысым да амалсыздықтан. Бірақ, менің ойымша, Алматыға барған соң, Алмас кешіктірмей сол бұрынғы үйдің есігін ашады, үлкендерді табыстырады. Өткен жолы Сағын ағай Алмастың осы жаққа шығарып салар кезде вагон ішіндегі әңгімеден мен соны ұққам. Алмас «өзін туған мамасы» Нұргүлді іздейді, Нұргүл де баласын іздейді. Олар табыспаса, жүректері жарым, жарым жүрекпен өмір сүру қиын. Бақытты бола алмайды. Біз олады бақытты етуге міндеттіміз, Тұреке…
– Мен Нұргүлге таңмын, – деді Тұрсын тұнжырап. – Олар өте тату, сыйластықта өмір сүрді. Алмас пайда болған соң, тіпті бұрынғыдан да жақындай түскендей еді. Бұрын кішкентайдары жоқта, соған айтарлықтай күйзеліп жүрсе де, бір-бірінің көңілдерін жықпай, қамқорлық көрсетсе, отбасына нәрестенің келгені олардың аңсағаны жүзеге асып, бұлардан бақытты адам жоқтай еді. Енді мынау…
– Жалпы Сағын ағай Нұргүл туралы не дейді?
– Ешнәрсе айтпайды. Жамандаған емес. Өзі сондай адам ғой. Тіпті кінәлі болса да, кінәлағысы келмейді. Кеше сөйлестім. Нұргүлді сұрап едім, еліне барып қайтпаққа жүргелі отыр деді. Сонда өзі үйде жалғыз қалады. Қиын ғой…
Есік ашылды. Абыржыған кейіпте хатшы қыз кіріп, біреудің кіргісі келетінін ыммен түсіндірді.
– Енді күте тұруға бомай ма?! – деп Тұрсын ашу шақырды.
– Көнбейді…
– Алматыдан келген адамдармен сөйлесіп отыр де. Күтсін!
Есік айқара ашылды.
– Күтпеймін! – деді өктем дауыстап кірген бойшаң әйел.
Құдай-ау! Нұргүл ғой мынау!
Тұрсын есінен тана жаздаған. Әзер тіл қатты.
– Нұргүл-ау… сен… қайдан жүрсің…
– Тұрсын! Менің балам қайда?!
– Нұргүл…
– Менің Алмасым қайда, Тұрсын?!
– Енді, осында ғой… Қазір… – Мектеп директоры тілден айрылғандай, хатшы қызға бірнәрсені түсіндірмек болып, қолын ербеңдетіп, ақырында: – Анау екінші сыныптағы Алматыдан келген баланы әкеліңдер, – деді.
Сөйтсе де, хатшы қызбен бірге өзі де жүгіріп шығып кетті. Сірә, Нұргүлмен одан әрі сөйлесуге жүрексінгендей ме, қалай? Алмасты әкеліп беріп, оның кәрін баспақтай көрінген.
Жұмаш та өзіне өзі әрең келген. Нұргүл сол кірген бойындағысындай қаздыйып есікке қарап тіп-тік тұр. Өзіне тіпті назар да аудармайды. Жақыннан алғаш көруі. Тым суық. Бұл адамның бойында жылылыққа орын жоқтай. Көңілді күдік биледі. Ойлар арпалысады. Бұрын естіген сөздер, қазіргі келісі. Оны мұнда алып келген қандай күш? Қатыгездік пе, мейірім бе? Неге Сағын емес, Нұргүл келді? Және Сағынға айтпай, Алмастың қайда екенін анықтап алып, өз қалауымен келген. Әйтпесе, Сағын «Нұргүл бара жатыр» деп хабарлар еді. Нұргүлдің ендігі ойы не? Алмаспен қалай жолығады? Жұмаштың ойын мынау шыбынның ызыңы естілгендей тыныштықты сырттан тыпылдаған аяқ жүрісінің дыбысы бұзды. Сірә, Алмастың жүрісі-ау. Сол екен! «Мама!» – деген бала даусы сұп-суық тыныштықты астан-кестен етіп, дүниені жап-жарық етіп, мейірімге толтырып жібергендей еді. Бойшаң әйел құртақандай баланың құшағына кіріп кеткендей көрінген. «Мама, сен маған келдің бе?» – деді Алмас. «Саған келдім ғой, күнім!» деді Нұргүл. «Папам неге келмеді?» – деді Алмас. «Алмастайды алып кел» деп мені жіберді ғой» – деді Нұргүл. «Мама, мені сен тудың ғой?» – деді Алмас. «Мен, мен тудым, жарығым…» деп аяғының әл-дәрмені құрығандай Нұргүл еденге сылқ етіп отыра кетті. Тұрсын да, хатшы қыз да оны сүйемелдеуге ұмтылды.
Олар әлі құшақтарын жазбаған Нұргүл мен Алмасты қасындағы диванға жайғастырып жатқанда, Жұмаш ақырын жылыстап, ауыз бөлмеге шықты. Хатшы қыз көрінгенде, Тұрсынды шақыртты. Ол да дегбірінен адасқандай күйде екен.
– Мен бұлардың көздеріне түспейін, – деді Жұмаш. – Мен енді бөтен адаммын, Тұрсеке. Кетейін.
Тұрсын да:
– Иә, кетіңіз… – деген аса ауыр сөзді үлкен жылылықпен айтты.
Комментарий (1)
Нұрғали Әшімговорит
07.04.2023в09:00“Тұрсын есінен тана жаздаған. Әзер тіл қатты. – Нұргүл-ау… сен… қайдан жүрсің… – Тұрсын! Менің балам қайда?! – Нұргүл… – Менің Алмасым қайда, Тұрсын?!
…
Бойшаң әйел құртақандай баланың құшағына кіріп кеткендей көрінген. «Мама, сен маған келдің бе?» – деді Алмас. «Саған келдім ғой, күнім!» деді Нұргүл. «Папам неге келмеді?» – деді Алмас. «Алмастайды алып кел» деп мені жіберді ғой» – деді Нұргүл. «Мама, мені сен тудың ғой?» – деді Алмас. «Мен, мен тудым, жарығым…» деп аяғының әл-дәрмені құрығандай Нұргүл еденге сылқ етіп отыра кетті.”
👍👍